Мұрағат: 28.08.2018


Жастарға салынған инвестиция – келешектің берік іргетасы

Күні: , 46 рет оқылды

«Елбасының  бес  әлеуметтік  бастамасы»  үндеуінде студенттерді  жатақханамен  қамту   жайы  көтерілгені мәлім.  Осыған  орай,  облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов  Орал қаласындағы  колледждердің  оқу  кешенін  көрді.

Қаладағы Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледжінде 900-ден астам студент оқиды. БҚМК директорының міндетін атқарушы Гүлмира Алмағамбетованың айтуынша, студенттерге алты мамандық бойынша 77 педагог білім береді. Педагог мамандар ел ішінде ғана емес, Англия, Испания, Финляндияға барып, біліктілігін арттыру курстарына қатысып тұрады.

Қазіргі уақытта қазақ-фин қос білім беру жүйесі бойынша диплом алу үшін 21 оқыту­шы «Болашақ» оқу орталығынан ағылшын ті­лін үйренуде. Ба­тыс Қазақстан жоғары меди­циналық кол­леджі – халықаралық білім стандартына сай «Медбике ісінің қолданбалы бакалав­ры» бойынша білім беретін алты кол­ледждің бірі. Биыл колледжге түсуге Астана мен Ал­маты қалаларынан және Қызылорда, Аты­рау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарынан кел­ген талапкерлерден өтініш түс­кен. Бір орынға тоғыз талапкерден келеді. Жыл са­йын колледж түлектерінің 80 пайыздан ас­тамы жұмысқа орналасады. Оның ішін­де, көбісі аудан-ауылдарға барады екен. Жә­не медицина саласы бойынша ЖОО-лар­да білім алуды жалғастырады. Гүлмира Ал­ма­ғамбетова білім ордасының ғимараты 1982 жылы са­лынғанын айтты. Ғимараттың шатыры әбден ескірген. Шатырын жөн­деуге арналған құны 88 млн. теңгелік жоба­лық-сметалық құ­жаттама мемлекеттік са­рап­тамадан өтуде. Облыс әкімі Алтай Көл­гінов күрделі жөн­деу­ге келесі жылы мін­дет­ті түрде қаражат бөлінетінін айтып, са­ла басшысына тапсырма берді. Және студенттерді медициналық ұйымдарға жиі жі­беріп, дуалды оқытумен ұш­тастыруға те­рең көңіл бөлу қажеттігін айтты. Айта ке­терлігі, Елбасының бес әлеумет­тік баста­ма­сы ауқымында келесі жылдан бастап жоға­- ры медициналық колледж жанынан 500 студентке арналған жатақхананың құрылы­сы жүргізіледі. Облыс әкімі Алтай Көлгі­нов БҚМК базасымен көрші орналасқан «Орал «Мақсат» медициналық колледжі» же­ке мекемесіне барды. Бұл білім ордасында 760 студент білім алады. Студенттерге 45 педагог дәріс береді. Колледж басшысы Мақ­сот Берген оқу орны жанынан қосымша ғи­марат салмақ ойы бар екенін айтып, басқа да жоба-жоспарларымен  таныстырды. Сондай-ақ облыс әкімі Алтай Сейдірұлы Ж. Досмұхамедов атындағы педагогикалық кол­ледждің ғимаратын аралады. Колледж ди­ректоры Светлана Бахишеваның ай­туын­ша, мұнда 1980 студент білім алады. Олар­ға 88 мұғалім сабақ береді. Колледж жанында 300-ден астам студентке арналған жатақхана бар. Жатақханада әлеуметтік жағдайы төмен студенттер тұрады. Студенттердің интернет­-ті тегін пайдалануы үшін wi-fi жүйесі қосыл­ған және кинозал ашылған. Бөлме іші мен дәліз бойы жөнделіп, жаңғыртылған. Кол­ледж ауласына көше жаттығуларына арнал­ған жаңа спорт жабдықтары қойылыпты. Де­не тәрбиесі пәнінің мұғалімдерін де дайындайтын білім ордасына арнайы спортзал керек-ақ. Жас спортшылар жаттығу үшін бас­қа колледждердің иелігіндегі ғимараттар жал­ға алынған. Педагогикалық колледж музыка мамандарына да білім береді. Өнерге баулитын хор және би ұжымдары бар. Колледж ғимаратында мәдени шараларды өткізетін акт залы жоқ. Светлана Бахишева кітапхана базасын кеңейту мәселесі де толғандыра­тынын айтты. Облыс әкімі Алтай Көлгінов колледжде та­лапкерлер үшін онлайн құжат қабылдау жү­йесін дамыту және студенттердің ағылшын тілін жоғары дәрежеде меңгертуге көңіл бө­лу қажеттігін, бұл бағытта колледж бас­шы­лығына жұмысты күшейтуді тапсырды. Ай­та кетейік, Ж. Досмұхамедов атындағы педа­гогикалық колледж – өңірімізде 100 жылдан астам уақыт сапалы мамандар даярлап келе жатқан  іргелі  оқу  орындарының  бірі.   Нұртай   ТЕКЕБАЕВ, «Орал  өңірі»

Қоғамдық кеңестердің өкілеттігі нақтыланбақ

Күні: , 75 рет оқылды

Жыл өткен сайын қоғамдық кеңестердің рөлі артып келеді. Билік пен бұқараның арасын жалғап, қарапайым халықтың талап-тілегін жоғары жаққа жеткізіп жүрген бұл институт қоғам мен биліктің өзара іс-қимылының жаңа формасы болып табылып отыр.

Маңызы  зор  институт Қоғамдық кеңестердің қызметі арқылы қоғам мен мемлекет арасында кері байланыс тетігі қалыптасып, қоғамдық бақылау-дың күшейгені, мемқұрылымдар қызметінің ашықтығы артқаны белгілі. Мәселен, 2016 жылғы жер реформасына қатысты мәселе бойынша еліміздің түкпір-түкпіріндегі қоғамдық кеңестер белсене қызмет етті. БҚО қоғамдық кеңесі бір айда кеңейтілген бес отырыс өткізіп, оған 300-ден астам адам қатысқаны есімізде. Сол жиындарда 120-ға жуық адам бұл бағытта өз ой-пікірлерін білдірді. Нәтижесінде жер реформасы бойынша республикалық комиссияға 72 ұсыныс жолданды. Бүгінде әр түрлі деңгейдегі әкімдер мен мәслихат хатшылары бір жыл ішіндегі жұмыс нәтижелері туралы қоғамдық кеңеске есеп береді. Маңызды мәселелер бойынша қоғамдық кеңес мүшелері өз көзқарастарын білдіруден тыс қалып жүрген жоқ. Соған байланысты мемлекеттік құрылымдардың қызметтері жетілдіруде. Жалпы, қоғамдық кеңестер арқылы еліміздің әрбір азаматы мемқұрылымдардың қызметіне қоғамдық негізде үн қоса алады. Яғни мемлекеттік құрылымдардың қандай да бір шешімдерді қабылдауына ықпал етеді. Соған орай азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік-құқықтық актілердің (НҚА) жобаларын талқылау бойынша БҚО қоғамдық кеңесінің 80 отырысы өтті. Ол жиындарда 337 НҚА жобасы талқыланды. Кеңес мүшелері әрбір НҚА жобасына өз пікірлері мен ұсыныстарын беріп, өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Сарапшылар мұндай өзгеріс-толықтыруларға оң баға беріп, бұл демократиялық үдерістің шынайы сипат алғанының бір көрінісі екенін айтуда. Өзгеріс пен толықтыру демекші, 2015 жылдың 2 қарашасында қабылданған «Қоғамдық кеңестер туралы» заңның да нормаларын жетілдіретін уақыт келгені анық. Екі жылдан астам уақыт ішінде қоғамдық кеңестер үлкенді-кішілі билік құрылымдарының жұмысын біраз ширатып, шенеуніктерді бюрократиялық әдеттерден арылуға жол ашып, сөйтіп қазақстандық қоғамның ашықтығын, жариялығын өрістете түскені хақ. Енді қоғамдық кеңестердің өкілеттілігін нақтылап кеңейту, олардың материалдық-техникалық әлеуетін қалыптасты-ру қажеттілігі туындап отыр. Өткен сенбі күні болған БҚО қоғамдық кеңестерінің І мәжілісінде осы мәселе кеңінен сөз болды.   «Кеңес  құрамында мемқызметшілердің  болғаны  дұрыс» – Елбасымыз «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында қоғамдық кеңестер құрылған еді. Жалпы, кез келген дамыған елде мемлекеттік саясаттың өрістеуіне азаматтық қоғам өкілдері белсене қатысаты-ны белгілі. Сол себепті азаматтық қоғам мемлекетті басқарудың негізі болып табылады. Орталық, жергілікті атқарушы билік тарапынан қабылданған кез келген шешімді мемқызметшілер жүзеге асырады. Осы мемқызметшілерді азаматтық қоғам өкілдері бақылап, олардың атқарған қызметтеріне мониторинг жасап отырса, онда қоғам жүйелі дамитынын, әділеттік орнайтынын дүниежүзілік тәжірибе көрсетуде. Соған сәйкес Елбасымыздың тапсырмасымен республикамыздың түкпір-түкпірінде қоғамдық кеңестер құрылып, табысты еңбек етуде. Облысымыздағы 14 қоғамдық кеңес құрамында 360-қа жуық мүше бар. Олардың 77 пайызы – азаматтық қоғам өкілдері. Қоғамдық кеңестер біраз тәжірибе жинақтады, енді олардың өкілеттілігін нақтылау, кеңейту қажеттілігі туындауда. Соған орай заңға тиісті өзгертулер мен толықтырулар енгізу қолға алынуда. Бұл – уақыт талабы, – деді жиында алғаш болып сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов. Ал ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Мирболат Нұртазиннің сөзіне қарағанда, қоғамдық кеңестердің құрылуы – бұл мемлекеттің халық алдында есеп беруін қалыптастыру жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асырудың бір бағыты. «Заңға сәйкес қоғамдық кеңестер мониторинг формасында қоғамдық бақылау жүргізуге, тыңдау өткізуге мүдделерді қорғау бойынша экспертиза және мемқұрылымдардың есебін тыңдауға құқылы, – деді Мирболат Сүйеуұлы. – Біздің департаменттің негізгі қызметінің бірі болып көрсетілетін мемқызметтің сапасына бақылау жасау болып табылады. Сол себепті бұл бағытта облыстық және аудандық қоғамдық кеңестер деңгейінде шешімін табуы тиіс мәселелер бар. Осыған байланысты мемқұрылымдардың мемлекеттік қызмет көрсету бойынша қызметтеріне кешенді қоғамдық бақылау жүргізу ұсынылады». БҚО қоғамдық кеңесінің, БҚО кәсіподақтар орталығының төра-ғасы Ербол Салықов облыстағы қоғамдық кеңестердің қызметі мен ҚР «Қоғамдық кеңестер туралы» заңына өзгерістер мен толықты-рулар енгізу туралы» заң жобасының тұжырымдамасын баяндады. – Заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселе аудандық, қалалық және об- лыстық қоғамдық кеңестердің төралқа отырыстарында талқыланып, ұсынылған 11 бапқа өзгерту мен толықтыру енгізу туралы ұсыныстар ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне  жіберілді. Cоның ішінде заңның 1-тарау, 4-бап, 1-тармақты «Қоғамдық негіздегі қызметі; Кеңсе, интернет, байланыс, канцелярлық жаб-дықтармен қамтамасыз ету, экспертиза жүргізу жергілікті бюджет тарапынан қаржыландырылады. Сонымен қатар қоғамдық кеңестің жұмыс үдерісін толыққанды ат-қару үшін  кеңес хатшысының штаттық бірлігі жергілікті бюджет есебінен қамтамасыз етіледі» деген бағытта және 3-тараудың, 12-бабы, 3-бөлікпен «Қазақстан Республикасының заңнамасында қаражат лимиті шегінде қоғамдық кеңестің аппаратының құрылымын бекітеді және оны ұстауға әрі материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етуге арналған шы-ғыстарды айқындайды. Қоғамдық кеңес аппараты қызметшілерінің штат саны лимиті үш адамнан кем емес болып белгіленеді» деген толықтырулар ұсынылды. Заң жобасына ұсынылғандар ішінде «Қоғамдық кеңестер» (ҚК) түсінігін нақтылау, оның құра-мындағы және ҚК құру бойынша жұмыс тобының құрамындағы мемлекеттік құрылым мен азаматтық қоғам өкілдерінің үйлесімді мөл-шерін өзгерту, мүшелердің сандық құрамын бекіту бар. Осы жерде айта кетейін, кейде қоғамдық кеңес мүшелерінің құрамына мемқызметшілерді енгізудің қанша-лықты қажеттілігі бар деген де мәселе туындап қалып жатады. Мен өзім мемқызметшілердің болғанын дұрыс деп санаймын. Сондай-ақ заң жобасында ҚК қалыптастыру тетіктерін жетілдіру, оны қалыптастыру жөніндегі жұмыс тобының басшыларын сайлау, құрамын ротация-лау, ҚК құрамының өкілеттілігін тоқтату да қарастырылған. ҚК мү-шелерінің құқықтары мен міндеттеріне қатысты ҚК кейбір өкілеттіктерін нақтылау және кеңейту, ҚК қызметін материалдық-техникалық қамтамасыз ету және қаржыландыру мәселелерін шешу де күн тәртібінде тұрған мәселе, – деді Ербол Ғұмарұлы. Жиын барысында сөз алған облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі, «Ақ отау» қоғамдық бір-лестігінің төрайымы Алтынай Исқалиеваның айтуынша,  кезінде «Қоғамдық кеңестер туралы» заң шық-қанда қоғамдық ұйым өкілдері қуанышпен қабылдады. Себебі бұл институт қарапайым халықтың үнін жоғары жаққа жетуіне үлес қосатынына үміт артты. Сол сенім ақталуда. Қоғамдық кеңестер диалог алаңына айналып келе жатыр. Десек те, қоғам бір орында тұрмайды. Соған сәйкес аталмыш заңды да жетілдіретін уақыт жетті. Орал қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі, облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин қоғамдық кеңестерді дамытуға қатысты заң жобасы тұжырымдамасын өте орынды мәселе деп санайтынын баяндады. «Бұған қоса өзі қоғамдық кеңестің мүшесі бола тұра, оның жиналыстары мен жұмыстарына белсенді араласпайтын ҚК мүшелерінің өкілеттілігін күні бұрын тоқтату да күн тәртібінде өткір тұрған шаруа деп есептеймін, – деді Бауыржан Файзоллаұлы. – Өйткені, кейбір мүшелердің салғырттығы айналып келгенде қоғамдық кеңестің халық арасындағы, билік алдындағы беделі мен имиджіне кері әсер етеді. Сондықтан өз басым осы мәселе тұжырымдамада орынды ескерілген деп ойлаймын». ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қолдауымен өткен мәжілісте Зеленов аудандық қоғамдық кеңесінің төрайымы Любовь Шмарина, Жәнібек аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Бекет Әліпқалиев сөз сөйлеп, ой-пікірлерін ортаға салды. Жиын соңында мәлімделгендей, БҚО-дағы қоғамдық кеңестердің есептері қаперге алынып, аталмыш заң жобасын талқылау барысындағы айтылған ұсыныс-пікірлер жинақталып, ҚР Қоғамдық даму министрлігі жанындағы жұмыс тобына жолданатын болды.   Сәкен   ӘБІЛХАЛЫҚОВ, «Орал   өңірі»

Балалы үй – бақыттың ұясындай немесе бедеулік пен белсіздік неге белең алды?

Күні: , 39 рет оқылды

«Бір қозы артық туса, бір түп жусан артық өседі» деп ұғынған қазақ «Әр  бала  өз  ырысымен  келеді»  деп,  көп  балалы болудан  қашпаған. Бойына бала бітсе, үрікпеген. «Балалы үй – базар, баласыз үй – мазар»  дегені балалы үйді бақыттың  ұясына балағаны еді. Жас отауға «Тал бесігің тербетілсін» деген  ақ бата  осы  мақсатта  айтылады. Қазақ  баласы  болмауды  бақытсыздық  санаған. Байбөрі  атамыз  бен  Аналық анамыздың  бар  байлығын  бір  бала  үшін  тәрк  етіп, сыйынар  әулие  іздеп, ел кезіп кетуі осының бір мысалы  емес  пе?!

Баланы, әрине,  ерлі-зайыпты  болғандар  тілейді.  Өкінішке  орай, кейбір отбасында нәресте үні естілмей жатады. Неге? «Ұлым белсіз, келінім  бедеу болмасын» деген әр ата-ананың  тілегі  неге  қабыл  болмайды?  Талдап  көрейік.  Алдымен  бедеулік  төркініне  ой  жүгіртсек.   Бедеулік  неден  болады? Бедеулік – жас әйелдің бала кө-тере алмау дерті. Бедеуліктің өзі екі түрлі болады екен. Біріншісі – туа біткен бедеулік, екіншісі – түрлі себептерден жүре пайда болған бедеулік. Іштен туа біткен бедеулік – әйелдік ағзаларының жетілмей тууы, қандай да бір кемістігі болуы. Оған ешкімді кінәлі санауға болмайды. Алла солай жаратса, адам не істей алады?! Анадан сау туып, жүре пайда болған бедеуліктің бірнеше себебі болады: түрлі ауруға шалдығуы, қатты салқын тиюі, салауатты өмір салтын ұстанбауы, басқа да жағдайлар. Репродуктолог-эмбриолог мамандардың айтуынша, жүре пайда болған бедеуліктің бірінші және көп кездесетін түрі жасанды түсік жасатудан болады екен. Оның көбірек қауіптісі – әлі тұрмыс құрмаған жас қыздардың ойнақтап жүріп, от басып жасататын түсіктері. Олар сөзден қашып, жасырын, заңсыз түсік жасатады. Оны көбіне маман емес, адамдар жасайды да, толық  дәрігерлік шараларды атқармайды. Оның ақыры жас ана бала көтеру қабілетінен айырылып, бақытсыздыққа душар болады. Бұл бақытсыздыққа ата-ананың да үлесі бар. Өйткені, біріншіден, қыз баланың оң жақта отырып жүкті болуы – тәрбиеміздің айқын ақауы. Екіншіден, болары болып, бояуы сіңген жағдайда ақылға жүгінбей, қызының алғы өмірін емес, өзінің жалған намысын ойлап, түсік жасауға жол беруі. Сөйтіп қызы да, өздері де кешірілмес күнә жасайды. Бедеуліктің тағы бір себебі  әйел ағзаларына қатты салқын тиіп, қабынулардан болады екен. Бұдан бөтен жеке бас гигиенасын сақтамау, құрсақ айналасындағы түрлі аурулардан уақтылы емделмеу, басқа да көптеген фактор бедеулікке ұшыратады. Әлемдік ақпараттарға жүгінсек, бедеуліктің көбеюіне экологиялық факторлар, тамақтану үрдісінің өз- геруі, қазіргі тағам құрамында химиялық қоспалардың көптігі, мик-ротолқынды пештер, компьютерлер мен ұялы телефондардың күнделікті тұрмысқа көбірек енуі де әсер етіп, ауруды асқындыра түседі екен. Сондай-ақ қазіргі жас әйелдердің материалдық, мансаптық құндылық-тарды алдыңғы қатарға қоюы да бедеулікке ұрынудың бір кепілі. Өйткені олар осы мақсатта нағыз балалы болар жасында бала көтеруді болдырмаудың түрлі медициналық тәсілдерін жасайды. Оның соңы да кейде бедеулікке ұласады. Әйелдің бақыты бай болу, басшы болу, жақсы тұрмыс кешу емес, ана болу екенін ешкім естен шығармаса дейміз. Өмірде құрсағын жарып шық-қан сәбиіне 62 тамыры түгел исініп, омырауын сорғызып, жүзінен мейі-рімін төгіп отырған анадан асатын бақытты жан бар ма? Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бұдан бес жыл бұрынғы есебінде әлемде 50 миллионға жуық әйел бедеулік дертіне ұшы-раған делінген. Содан бергі уақыт мерзімі ішінде бұл көрсеткіштің көбейе түскені даусыз.   Белсіздік  қандай  дерт? Жас отауда сәби іңгәсінің естілмеуіне әйел ғана кінәлі болмайды. Әйелі бедеуліктен аман болса, онда ерінің белсіз болғаны. Белсіздік – ер адам ұрығының сәби көтертуге жарамсыздығы. Өкінішке орай, жас отауда бала болмаса, бірден әйелін айыпты етеміз. Бұл – ата-бабамыздан келе жатқан еркектік менмендік, өпіремдік, еркекті әйелден жоғары ұстаудың көрінісі. Расында да, шаңырақта сәби өрбімесе, алдымен әйел өзін кінәлі санап, емделу үшін дәрігерге жүгінеді. Дәрігер әйелден ақау таппай, ерін тексеруге шақырса, оның бара қоюы екіталай. Тіпті әйелінің өтінішіне құлақ аспай, екінші әйел алуды көздейтіндер де бар. Сөзіміз дәлелді болу үшін мысал келтірейік. Осы аудандағы жоғары білімді бір азамат «үріп ауызға салғандай» бір қызға ғашық болып, үйленді. Балалары болмады. Өзін кінәлі сезінбеген жігіт кешегі ғашық болып қосылған жарынан айырылысып, екінші рет үйленді. Бәрібір балалары болмады. Ал бірінші әйелі басқадан бала көтеріп, өзінің кінәлі емесіне көз жеткізді. Оқыған, көзі ашық азамат осылай еткенде, түсінігі жоқ еркектерге не дейсіз? Қазіргі ақпараттарға сүйенсек, әйелдің бедеулігі мен еркектің белсіздігі саны қарайлас көрінеді. Қазақстанда да азаматтардың белсіздігі көбейген. Сондықтан бала-лы болмаған ерлі-зайыпты кінәні екеуінен де іздеуі керек. Одан келетін зиян жоқ. Бұған да мысал жетерлік. Бір жас отбасында біраз жыл сәби болмады. Әуелі әйелі, сосын ері тексерілді, қажетті ем-дом алды. Бір-бірін кінәлаған жоқ, дәрігердің кеңесін тыңдады. Ұзақ күттіріп, «ақ түйенің қарны жарылды». Ұрпақ өрбіп, ұл да, қыз да сүйді. Қазір олар ата-әже болып отыр. «Сабыр түбі – сары алтын» деген осы емес пе?!   Белсіздік  неден  болады? Көбіне жұқпалы аурулардан уақтылы емделмеуден болады. Жастықта адам неге ұрынбайды? Сақ-танбаған, жеңіл жүріске түскен еркек те, әйел де жыныстық жұқпалы ауруларға жиі ұрынады. Және одан емделіп, толық сауықпайды. Белгілі хирург Серік Сүлейменов ағамыз айтқан бір әңгіме есімде. – Бірде бір бозбала ұяла кірді. Тексеріп қарасам, гонорея жұқтырыпты. Ем жазып бердім. Соңынан қарасам, 5-6 бала кетіп барады екен. Күдіктеніп қалдым. Белгілі уақыттан кейін әлгі бозбаланы шақырып алып, тексерсем, толық сауықпаған. Неге десем, мен берген дәріні 5-6 бала бөліп ішіпті. Өйткені бәрі бір әйелден жұқтырған ғой. Бәрін шақырып алып, емдеп сауықтырып, ол аурудың зиянын ұқтырып жібердім, – деген еді. Үлкен жүректі, білікті дәрігер ғой, байқады, жастар саулығына немқұрайлы қарамады. Дәрігер-дің бәрі ондай емес қой.   «Балалы  үй  –  базар» Бұрын қазақтың қай үйіне кірсең де, қара домалақтар өріп жүретін. Орта есеппен әр үйде 5-6 бала болды ғой. Қазір ше? Әр отбасында орта есеппен 2-3 бала ғана. Неге? Әйелі әлсіз, еркегі қауқарсыз ба? Жоқ. Шектеу көп. Балалы болудан қашады. «Жас кезімізде балабасты болып отырмай, қатарымызбен қызық көрейік. Тұрмысымызды түзеп, шетелде демалып… Бала табу қайда қашар дейсіз?» дейді. Қате түсінік. Дер кезінде балалы болуды репродуктолог-мамандар мақұл көреді. Мамандардың пікірінше, отбасы балалы болуды 35 жасқа дейін жоспарлағаны дұрыс екен. Өйткені жас ұлғайғасын денсаулығы мықты нәрестенің туу мүмкіндігі кеми береді. Екіншіден, ұзақ мерзімде бала тумағасын құрсақтың қан айналымы нашарлап, түрлі дертке ұшырау ықтималдығы көбейеді. Қорытып айтқанда, балалы отбасы – бақытты отбасы. Алдымен, балалы болудан қашпау керек. Жасында бейнетін көргенмен, үлкей-генде солардың рахатын көреді, көп баласы көп отбасы болып, ортасында қаздай қалқып жүреді. Екіншіден, бедеулік пен белсіздікке ұрынғандар оны қасіретке айналдырмай, дер кезінде емделгендері дұрыс. Әйелдің бақыты – ана болу, ер-кектің бақыты әке болу емес пе?! Тал бесіктеріңіз көбірек тербелсін, ағайын!   Өмірзақ   АҚБАСОВ, Жаңақала   ауданы

Күніне 10 000 қадам жаса!

Күні: , 46 рет оқылды

Сенбі күні Орал қалалық мәдени және демалыс саябағында «Денсаулық жолы» акциясы шеңберінде «Денсаулық кепілі! – Будь здоров – Be healthy» ұранымен сау әдеттер марафоны кең ауқымда өтті.

Шараны облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы қалалық медициналық ұйымдарымен бірлесіп ұйымдас-тырды. Марафонды бастап, сөз сөйлеген облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Жайдар Құрманов, облыстық салауатты өмір салты орта-лығының директоры Зияда Молдағалиева және «Бәйтерек» ҚБ өкілі Светлана Постнова халықты өмір салтын ұстануға шақырды. – Бұл марафон денсаулық сақтау министрлігінен бастау алған болатын. Оған облыстағы денсаулық сақтау мекемелері қолдау білдіріп, осы іс-шараны ұйымдастырдық. Негізінен, халықтың назарын әр адамның денсаулығына өзі жауапты екеніне, салауатты өмір салтын ұстану қажеттігіне, дене қозғалысын реттеп, жаяу жүруге аударғымыз ке-леді. Әрине, мұндай бағыттағы шаралар алдағы уақыттарда да жалғасатын болады, – деді Жайдар Бисенбайұлы. Жаймашуақ табиғат аясында өткен шарада ме-дицина қызметкерлері халыққа күн сайын көп мөлшерде таза су ішудің және әр адам мүмкінді-гінше 10 мың қадамға дейін жаяу жүрудің пайдасы, тұзды шамадан тыс пайдаланудың денсаулыққа зияны жөнінде көрініс қойды. Осылайша тұрғындарға күн сайын белсенді қимылдауды, дәрумен-ге бай көкөністерді мол тұты-нуды насихаттады. Сондай-ақ емханалар қызметкерлері саябаққа келушілердің қан қысымын өлшеулеріне, салмағы мен бойының өлшемін білуге мүмкіндік жасады. Медицина қызметкерлері би-леген флешмобқа саябақтағы демалушылар да белсенді қатысты. Мүмкіндігі шектеулі жандар да бұл қызықты шарадан тыс қалма-ды. Сондай-ақ ақ желеңділердің  физикалық белсенділікті артты-ратын спорттық ойындары қызықты әрі тартысты өтті. Нәтижесінде жеңімпаз командалар ма-рапатталды. Ал шараны өткізуге «Мирлан», «Өнім» базарлары мен «Исаев» ЖК демеушілік көрсетті. Зияда Молдағалиева айтып өткендей,  «Денсаулық жолы» акциясы елімізде он жылдан астам уақыттан бері өтіп келеді. Маусым айында басталып,  тамызда аяқталатын марафон аясында барлық дәрігерлерді қамтыған мобильді топ шалғай аудандарға шығып, тұрғындарды қабылдаған болатын.  Екі ай көлемінде өткен медици-налық іс-шаралар  осы марафонмен түйінделді.   Ясипа   РАБАЕВА, «Орал   өңірі»

«Қазір бізге бөлінбейтін біртұтас қазақ керек»

Күні: , 48 рет оқылды

Өткен жұма күні «Нұр Отан» партиясының ғимаратында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ақын, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының иегері Ақұштап Бақтыгереевамен кездесу өтті.

«Нұр отан» бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, «Жас Отан» жастар қанатының белсенділері қатысқан жиында алдымен сөз алған облыстық тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Гүлнәр Әлжанова  еліміздегі жетекші партияның ақынмен кездестіріп, өлеңдерінің рухани бай-лығына сусындатқан  шарасына ризашылығын білдірді. Сондай-ақ ақын өлеңдерінің елді, туған жерді сүюге үндейтін, жастарға, әсіресе, қыз балаларға арналған өлең-дерін ерекше атап өтті. Өз кезегінде ақын Ақұштап Бақтыгереева егеменді еліміздің саясатын жүргізіп отырған пар-тияның жұмысының бір қанатында жүрген жастарға арнаған ұла-ғатты ойларын ортаға салды. «Рухани жаңғыру барысында бір кездері үзіліп қалған құндылықтарды  қай-тадан жалғау – бүгінгі ұрпақтың міндеті»  – деді. – Күні ертең шетелге де барар-сыңдар, сіздер үшін Еуропада тұрған  да жақсы шығар. Бірақ кім-кімге болсын жұтатын ауа да, берілген өмір де біреу. Бізді шетелмен жақындататын – білім мен мәдениет. Ал мәдениет атамыздың қанында, анамыздың сүтінде бар. Бүгінде «үлкеннің алдынан кесіп өтпе, бір-біріңмен сәлемдес, бауырмал бол» деген ұлағатты сөздерді жоғалтып алдық. Міне, осыны сендер үйрету керексіңдер. Ең алдымен бауырмалдық қажет. Біздің қазақ ұлтына «Біз – бір қаннанбыз» деген нәрсе жетпей жатыр. Осылай айтылмай жатқандықтан,  қазақ қазаққа пышақ салады, бір-бірінің үйін тонайды немесе малын  ұрлайды. Осындай келеңсіз жайттармен күресу қажет. Руға бөлінудің қажеті жоқ, ру үйленгенде, сыйласуға ғана керек. Ал қазір бізге бөлінбейтін біртұтас қазақ керек, – деді ақын. Кездесуге келгендердің сауалына ақын аналық жүрегімен, терең мағыналы өлең шумақтары- мен жауап қатты. Шараға қатысушылар да ақынға ақ жарма тілектерін айтып, естелік сыйлықтарын  табыс  етті.   Айна   ИМАШЕВА

Президент жүлдесін сарапқа салды

Күні: , 37 рет оқылды

Жуырда «Ақжайық» ФК стадионында Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жүлдесі үшін облыстық VI халық спорты ойындарының ашылу салтанаты болып, төрт күн бойы тартысты дода өткен еді.

Еліміз бойынша төрт жылда бір рет өтетін жарыс биыл өңірімізде алтыншы рет ұйымдастырыл- ды. Он екі аудан мен Орал қа-ласының құрама командалары спорттың 13 түрінен сынға түсті. Биылғы доданың бір ерекшелігі ойындар бағдарламасына спорт-тық бағдарлау және Street Workout спорт түрлерінің енуі болды. Жарыстың ашылу салтанатына сап түзеген спортшыларға облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов  лебізін  білдірді. – Спорт мерекесі – әрқашанда халқымызды, соның ішінде жас-тарымызды бір арнаға біріктіреді әрі денсаулығымыздың кепілі. Соңғы жылдары салауатты өмір салтын ұстануды насихаттау бағытында өңірімізде спорттық шаралар жиі өткізіліп келеді. Еліміздің Тұңғыш Президентінің жүлдесіне арналған  жарыста ең мықты деген команданың жеңіске жетуін тілейміз. Республикалық жарыста облыс намысын қор-ғайтын командаға артылатын жүк те ауыр. Сол додаға қатысатын спортшыларымыздың жеңіспен оралуына тілекшіміз, – деді облыс әкімінің  орынбасары. Жарыстың бас төрешісі Тұрарбек Алтынбекұлының айтуынша, жарысқа қатысушы он үш коман- да құрамында 1400-ге жуық спортшы болды. Ойындар қаладағы 15 спортзал мен стадиондарда тартысты өтті. Ерлер мен әйелдер командаларының волейболы, шағын футбол, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, жазғы президенттік көпсайыс, асық ату, жағажай волей- болы, воркаут, стритбол, спорттық бағдарлау және гір спортынан сынға түскен спортшылар- дың ойынына 125 төреші қазылық етті. Білекті де жүректі спортшылар өз ауданының намысын қолдан бермеуге тырысты. Мә- селен,  асық атудан І орынды Бөрлі ауданы командасы жеңіп алса, ІІ орынды ақжайық-тықтар иеленіп, үздік үштікті Сырым ауданының спортшылары түйіндеді. Ал воркаут спортынан Орал қаласының спортшылары үздік шығып, І орын иеленді. Өзге жүлделі орындарды Ақжайық пен Бөрлі аудандары өзара бөлісті. Қазақ күресінен бөрлілік палуандар ешкімге дес бермесе, Сырым мен Ақжайықтың спортшылары тұғырдың екінші-үшінші сатысынан көрінді. Жалпы, төрт күндік жарыста 269 ұпаймен Бөрлі ауданының командасы І орынды иеленіп, Елбасы жүлдесін ұтып алды. Енді олар қыркүйек айының 21-25-і аралығында Ақтау қаласында өте-тін республикалық халық спорты ойындарына қатысатын болады. Ал ІІ орынды 261 ұпай жинаған оралдық спортшылар алса, үшінші орын Ақжайық ауданына (223 ұпай) бұйырды.   Ясипа   РАБАЕВА, «Орал   өңірі»

«Сары құрлық» додасында байдаркашыларымыздың бағы жана ма?

Күні: , 34 рет оқылды

Тамыздың 18-інде Индонезияда XVIII жазғы Азия ойындары басталғаны белгілі. Дүбірлі бәсекеде ел намысын қорғауға аттанған ұлттық құрама сапындағы 400-ден астам спортшының оны – батысқазақстандық.

Жалпы, Азия ойындарында Ақ Жайық атырабының спортшылары жақсы өнер көрсетіп, ортақ жеңіске өз үлестерін қосып келеді. Мәселен, 2014 жылғы Инчхондағы Азия ойындарында оралдықтар 2 алтын және 1 қола медаль еншіледі. Биыл да сол биіктіктен төмендемесе  екен  дейміз. Индонезиядан Андрей Дергунов, Алексей Ергучев (байдарка мен каноэ есу) сынды спорт-шыларымыздан ел алтын күтеді. Сондай-ақ жерлестеріміз академиялық есуден (Григорий Феклистов, Евгений Тацей), жеңіл атлетикадан (Георгий Шейко), садақ атудан (Алина Ілиясова), көгалдағы хоккейден (Д. Хайрушева, Э. Өтегенова, В. Ляпина) қоржынға жүлде салады деген үміт бар. Спортшыларымыз үшін биылғы жылдың ең басты додасы болып саналатын Азиаданың алғашқы күні қазақстандықтар бір алтын, бір күміс және екі қола медальға қол жеткізгені белгілі. «Алтынды» семсерлесуші Дмитрий Алексанин иеленді. Көптен күткен екінші алтын медаль құраманың қоржынына 23 тамызда түсті. Велоспорттан Алексей Луценко 150 шақырымдық топтық жарыста мәре сызығын бірінші болып кесті. Алексей келесі күні тағы да топ жарды. Бұл жолы ол велоспорттан жекелей сында 40 шақырымдық қашықтықта жеңімпаз атанды. 25-26 тамызда джиу-джиутсудан қос алтын бұйырды. Дархан Нортаев (62 келі) пен Руслан Исраилов (77 келі) Азия чемпиондары атанды. Кеше 6-алтын медаль түсті. Каратэші Гузалия Ғафурова 68 келі салмақта қарсыласының бәрінен басым екенін дәлелдеді. Отандастарымыз жазғы Азия ойындарында да, негізінен, боксшыларға үлкен сенім артатыны анық. Осыдан төрт жыл бұрын,  яғни 2014 жылы Оңтүстік Кореяда өткен Азиадада Қазақстан бокс-шылары 6 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте бірінші орын алған болатын. Рингке енді шығып жатқан боксшыларымыз байрақты бәсекенің көркін қыздыра түсері анық. Әзірге бокстан 51 келіде әйелдер арасында сынға түскен Назым Қызайбай, ерлерден 59 келідегі Асланбек Шымбергенов ширек финалға жолдама алып отыр. «Сары құрлық» додасында бүгінгі таңда ел спортшылары 6 алтын, 8 күміс және 28 қола ме-дальмен жалпы есепте 11-орында келе  жатыр. Мәди   ЫҚЫЛАС

Жырдың шамын маздатқан Жанғали

Күні: , 113 рет оқылды

Ауылға беттегенде көңілің елегізіп, алыстан ескен сағыныш лебі күшейе бастайды. Сапарға бірге шыққан ақын Айтқали Нәріков, М. Өтемісов атындағы БҚМУ-да дәріс берген ұстазым, ғалым Зейнолла Мүтиев, айтыс өнерінің дүлдүлі Мұрадым Мирланов Жанғали Мырзалиевтің 70 жылдығына байланысты «Жыр-дың шамын маздатып…» облыстық ғылыми-шығармашылық конференциясына қатысуды өтінген ұйымдастырушылардың сөзін жерге тастамай, белгіленген күні бәрі де көлікке отырды. Ақынның ауылына жеткенше сарша дала алабына көз тіге отырып, аумалы-төкпелі мінезді Жанғали тағдырының ауыр болғаны да әңгіме өзегіне айналды. Бақ жұлдызым көз жетпес шығандасың, Сезімі бар сезімнен сыр аңдасын. Туған жердің қойнында жүр ғой біреу Таныта алмай туысқа шығармасын, – деп жазған ақын шығармашылығынан әлеміш бояу, аспандай, асқақтай жырлауды аса байқай бер-мейсің. Қарапайым болмысымен шеңберге сыймай кеткен шайырды тануға туған өлкесінде шуақты шара ұйымдастырылатынын ауылдастары да болжай қоймаған шығар. Ақобаға кіреберіс жолда қонақтарды қош алу рәсімі ұйымдастырылып, келгендерге дәстүрге сай ақ дәм ұсынылды. Өнердің қасиетін бір кісідей жетік білетін қадірменді ақсақал Мұрат Мұханбетқалиевтің үйінде дастарқан жайылды. Дастарқан басында Мұрат ақсақал Жанғали жөнінде  әңгімеледі. Ауылдастары ақынды «Жәнекеш» деп біліпті. Қадеш есімді ағасы болған. Ақобада 8-сыныпқа дейін білім алған. Аудан орталығында қазақ орта мектебін бітірген. 1967 жылы кеңестік армия қатарына алынып, Түркіменстанда әскери міндетін өтейді. ҚазМУ-дың журналистика факультетіне оқуға түскен. Бірақ түрлі себеппен оқуын аяқтамаған. Жәнібек аудандық баспаханасының меңгерушісі, «Октябрь туы» газетінің тілшісі қызметін  атқарған. Тағдырдың қиын соқпағына түсіп, жұмыссыз жүргенде Жанғали ақын Жәнібек ауданын басқарған Шыныбай Шарафутдиновтің қамқорлығын көріп, 1990 жылдардың басында редакция жанындағы радио хабарына қызметке алынғаны да айтылды. Жанғалидың жаны таза адам болғанын, бірақ бірбеткей мінезінен теперіш көргенін әңгімелеген Мұрат ақсақал да аталы сөз айтудан қара жаяу емес. Аудандағы маңдайы озық көркем-өнерпаздардың бірі болды. Өнер десе, ішкен асын жерге қоятын көңілі жаз, сөзі асыл, аузы дуалы адам. 1988 жылы Қаратөбе ауданында өткен облыстық ақындар айтысында үшінші орын алған. Біз барған күннің ертеңіне Ақоба ауылдық мәдениет үйінде облыстық ғылыми шығармашылық конференция басталды. Конференция алдында «Белгісіз солдат» монументіне гүл шоқтары қойылды. Ақынға арналған көрме таныстырылды. Бүлдіршіндер өлеңдерін оқыды. Кейін Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР мәдениет қайрат-кері, ақын Айтқали Нәріков пен Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов Жанғали Мырзалиевтің «Асау» атты тұңғыш кітабының тұсаукесер рәсімін жасап, лентаны қиды.  Орал қаласын-дағы «Полиграфсервис» баспасынан шыққан кітапқа ақынның өлең-дері мен әңгімелері енген. – Ақындар поэзияға лек-лек болып келеді. Жанғали Мырзалиев ҚазМУ-да оқыған жылдары қазақ поэзиясын аспандатқан талантты жастармен тең құлындай тебісіп, жарыса жыр жазды, жатақхананы күңірентіп, өлең оқыды. Алматы көшелерінде дүлдүлдермен бірге жүрді. Дегенмен Жанғали тағдыры өзгеше өрбіді. Әдеби ортадан алыстап, елге оралуға мәжбүр болды. Мырзалиев Алматыда қалғанда қазақтың аса көрнекті ақыны болып қалыптасар еді. Оған мына өлеңдері куә. Таланты гүлденіп, дами бастағанда тағдыр теперішін көрді. Тұма талант бастауында буырқанған күш, поэзия дауылының лебі есіп тұрғанын аңғаруға болады. «Әттеген-айы» –  соны леп өріс алып кете алмады. Уақыт өте Жанғали жоқтаушылары табылып, туған ауылында облыстық деңгейде конференция ұйымдастырылып жатыр. Бұл – кез келген ақынның маңдайына бұйырмайтын бақ. Жанға-лиды жүзбе-жүз көре алмадым. Бірақ өлеңдеріміз республикалық, облыстық газеттерде аракідік басылып жүрді. Белгілі ақын Жанғали Набиуллиннің бірде: «Жәнібек ауданынан бір мықты ақын шықты. Аты – Жанғали, фамилиясы – Мырзалиев» деп аттасы туралы жылы жымиып, пікір айтқаны есімде. Кейін Жанғали шығармашылығынан көз жазып қалдым.  Міне, Ақобада ақын рухымен қауышып отырмыз, – деді ақын Айтқали Нәріков. Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ақынның ауылдастары мен жергілікті кәсіпкерлер бірлесіп,  «Асау» өлеңдер жинағының 200-ден астам таралыммен шығуына демеушілік танытуы ынтымақтың зор үлгісі екенін, биыл Жанғали шығармашылығына мерзімді баспасөз беттерінде зерттеу еңбектері жарияланып жатқанын айтты. Кейін ақынмен бірге қызмет еткен әріптесі, өнерде де, өмірде де сүйеніші болған досы, жерлесіміз, ақын, журналист, күйші, Астанадан сәлем жолдаған ҚР Ұлттық музейі имидждік-ақпарат қызметінің басшысы Дәулеткерей Құсайыновтың бейнежазбасы көрсетілді. Конференцияда М. Өтемісов атындағы БҚМУ филология факультетінің деканы, филология ғы-лымдарының кандидаты, доцент Зейнолла Мүтиев «Жанғали Мырзалиев ақындығы  хақында бірер сөз  немесе «Еркіндікті аңсаған, еркіндікке ғашық ақын» тақырыбында баяндама жасады. – «Асау» кітабы қолыма тигенде екі-үш сағатта жаппай оқып шықтым. Оқып шықтым да, таң қалдым. Жанғали Мырзалиев жай ақын емес, мықты лирик ақын екен. Таң  қалдым  дегенім, қалайша осылай классикалық үдеріспен өрнек салған,  өлең табиғатын жете мең-герген ақынды, таза да мөлдір, шынайы сөз иесін қалайша құпия ұстап келгенбіз? Көркем әдебиетте, әдебиеттануда өнерсүйер қауым қазақтың тағы бір талантты ақы-нын жоғалта жаздаған-ау деген ойға қалдым. Жанғалидың көңіл күй жырларының негізгі ілмегі – қарапайымдылық. Ақын өзін бірде қызу, бірде байсалды ұстап, тізгінді тең тартып, әсіреқызылдыққа ұрына бермейді. Айтарын екшеп, оқырманына ой салып, байыппен жетелеп, өзімен бірге ертіп отырады. Жанғали  Мырзалиев  өзінің көркем бейнесін өзі жазып қалдырған ақын санатына жатады. Оның лирикалық «мені» кейде оны қаhармандық «менге» де итермелеп, жетелеп жөнеледі. Ақын шығармашылығында «Сым  жолдарға  торғайлар үтір болып ілініп»,  «Бұтақ  қолын  жылытып  күн нұрына алған соң, талпынады теректер сәбидей боп аспанға», «Ақын болу оңайға түспесе де, Адам  болу одан да қиынырақ», «Қарғаға ұқсап жайды жерге қанатын, Бар әлемді бүркейтіндей қара түн», «Өмір деген жалақымен өлшенсе, адамдықтың құны да көк тиындық» деген қазақ өлеңінің інжу-маржа-ны болып төгілген авторлық тіркестері өте мол, – деді доцент. Айта кетейік, Зейнолла Мүтиев бірер жыл бұрын халық ақыны Халима Өтеғалиеваның 125 жылдығына байланысты Жәнібек ауданында өткен ғылыми шығармашылық  конференцияға  қатысқан еді. Шырайлы шарада халықаралық, республикалық ақындар айтысының жеңімпазы Мұрадым Мирланов арнау өлеңнен шашу шашты, БҚМУ филология факультетінің  студенті, жас ақын Төрехан Насиев өлеңін оқыды, ақобалық әуесқой композитор Алтынбек Қаресов Жанғалидың екі өлеңіне шығарған ав- торлық әнін шырқады. Конферен-цияның қадірлі меймандары –  ақын Айтқали Нәріков пен ғалым Зейнолла Мүтиевке Жәнібек ауданының әкімі Азамат Сафималиев атынан дәстүрге сай шапан жабылды. Нұртай  ТЕКЕБАЕВ, Ақоба  ауылы, Жәнібек ауданы  

БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика