Мұрағат: 25.08.2018


Ақ Жайық төріндегі «Атамекен»

Күні: , 91 рет оқылды

Кеше  Хадиша  Бөкеева  атындағы  облыстық  қазақ  драма театрында  Қазақстанның  Халық  әртісі,  Мемлекеттік  сыйлықтың  лауреаты,  әнші-композитор  Ескендір Хасанғалиевтің  әндерін  орындаушылардың  оныншы  халықаралық «Атамекен»  ән  фестивалі  мәреге  жетті.  Бұл  байқауда  биыл  30-ға  жуық  үміткер  бақ  сынады.

Аталмыш ән байқауы облыс әкімінің қолдауымен облыс­тық мәдениет, архивтер жә­не құжаттама басқармасының ұйым­­­дастыруымен өңірімізде 2000 жыл­дан бері өткі­зі­ліп келеді. Биыл талантты жастар үшін шы­мылдығын оныншы рет ашқан өнер додасын­да өнерпаздар екі кезең бойын­ша Ескендір Хасанғалиевтің ән­де­рін шыр­қады. Үміткерлер еліміз­дің әр өңірі­нен, сондай-ақ Ресей Фе­дерация­сының Астрахань облысынан келген. Фестиваль қазақ ән өнерінің да­муы­на айтулы үлес қосып жүрген ком­-­позитор Ескендір Хасанғалиевтің шы­ғармашылы­ғын келер ұрпаққа на­си­хаттап, эстра­да әлеміне жаңа есім­дер қосу мақ­са­тында ұйымдасты­рылып келеді. Бай­қауға 17-32 жас аралығындағы өнер саласы бойынша ресми атақ алмаған үміткерлер қатысты. Қазылар алқасы­ның құра­мында композитор Ескендір Хасан­ға­лиев, ҚР еңбек сіңірген қайратке­рі, Чайковский атындағы Алматы му­зыкалық колледжінің директо­ры Біржан Хасанғалиев, сондай-ақ «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегерлері Ма­рат Сарбөпеев пен Жаскелең Ғай­сағалиев, халықаралық, респуб­лика­лық байқаулардың лауреаты, I халық­аралық «Атамекен» ән фес­ти­валінің бірінші орын иегері Таңат Жексен­баев болды. – Қадірлі кеш, менің жерлестерім! Бүгінгі шараға қатысып, қолдау біл­діргендеріңізге өте ризамын. «Ата­мекен» ән фестивалі Ақ Жайық өңі­рін­де оныншы рет өтіп отыр. Бұл бай­қау бұрын екі жылда бір рет өткізіл­се, енді облыс әкімінің қолдауымен жыл сайын ұйымдастырылатын бо­лады. Соған сәйкес мен де жылдан-жылға жасарып, жаңа әндер жазуға ниеттімін. Сіздермен жиі қауышуға да мүмкіндік туатын болды. Байқау ба­рысында өнерімен өрге жүзер жас­тар­дың легін көрдік. Еліміздің түк­пір-түкпірінен келген жас әншілер­дің өнерін тамашалағанда, ізімізден өнер сүйер ұрпақтың өсіп келе жа­т­қанына қуандық. Үміткерлер бі­рінен-бірі өткен әдемі, дауыстары да ерекше болды. Бірақ қазылар ал­қасы­мен бірлесе отырып, жүзден жүй­рік­ті таңдауға тырыстық, – деді  кеш иесі Ескендір  Хасанғалиев. Қазылар алқасының шешімімен халықаралық  «Атамекен» фестивалі­нің бас жүлдесін Алматы қаласы­нан келген Бекзат Абитов (750 мың теңге) жеңіп алды. Ал I орынға  Түркіс­тан облысының Шымкент қаласынан келген «Сарын» тобының жігіттері (500 мың теңге) лайық деп танылса, II орын оралдық Дамир Сатыбаев және атыраулық Мұратбек Жұма­шевқа (250 мың теңге) бұйырды.  III дә­­режелі дипломды атыраулық Ержан Мырзахметов, тараздық Фариза Дос­болова, сондай-ақ шығысқазақстан­дық Нұрбол Черубаев (200 мың тең­ге) иеленді. Өзге қатысушылар алғыс­хаттармен  марапатталды. – Халықаралық «Атамекен» ән фес­тивалінің қонақтары мен қатысушы­ларына алғысымды білдіремін. Он  се­гіз жыл тарих үшін аз уақыт шығар, бірақ  ән байқауының жүйелі  өтуіне орай өңірімізде ән сүйер ұрпақ қа­лыптасты. Өнер десе, ішкен асын жер­ге қоятын жастарымыз көбейді. Ән әлеміндегі жаңа дарындарға мүмкін­дік ашатын осындай фестивальді өткізу біз үшін үлкен абырой. Елба­сының «Рухани жаңғыру» бағдар­ла­масындағы  басым бағыт ол – «Ту­ған жер». Өңірімізде өмірге келіп, өскен жеріне қамқорлығын көрсе­тіп жүрген азаматтар жетерлік. Қазақ өнерін әлемдік дәрежеге көтеру үл­­кен еңбекті, білім-білікті және тәжі­ри­бені талап етеді. Ол үшін өнерпаз­дарымыздың қабілет-қарымы, шебер­лігі ең алдымен өзіміздің сахнада жетілуі керек. Ал бізде өнер мектебі мен кәсіби мамандар бар.   Алдағы уа­қыт­та Ескендір ағамыз  мерейлі жас­қа то­ла берсін деп тілеймін! Байқау­дың барлық қатысушы­ларын өнер­дегі жаңа жеңіс-жетістіктерімен құт­тықтай­мын! – деді фести­вальдің жабылу сал­танатында облыс әкімі  Ал­тай   Көл­гінов. Дүбірлі ән додасы жеңімпаздар­дың гала-концертіне ұласты. Әсіре­се, «Ауылды аңсау», «Ауылым-әнім», «Атамекен», «Гүл сезім», «Әдемі-ау», «Ескірмеген махаббат», «Сағындым сені», «Келші, келші, балашым!» әнде­рін әуелеткен байқау әншілеріне көрермендер   де  қосыла  шырқады.     Диана  ЖИЕНӘЛИЕВА, Ресейдің  Астрахань  облысынан  келген  қатысушы: – Астрахань облысы Воло­дар ауданының Алтынжар ауы­лындағы Құрманғазы Сағырбаев атындағы аймақтық мәдени ор­­талықта қызмет істеймін. Бұл байқаудың өтетіндігі туралы бір ай бұрын естідім. «Атамекен» ха­лықаралық фестиваліне бірін­ші рет қатысып тұрмын. Алғашқыда қатты қобалжыға­ным рас. Ескендір ағамыздың «Келші, келші, балашым!» әнін бала күнімнен  жақсы көретін едім. Бай­қауда сол әнді орындап шықтым. Қатысушылардың барлығы өте дарынды екен. Барлығымен тез тіл табысып кеттік. Бір-біріміздің телефон нөмірлерімізді жазып ал­дық. Болашақта осындай халықаралық кон­курстар өте­тін  болса,  бір-бірімізге  хабарлайтын  боламыз.     Бекзат  АБИТОВ,биылғы  байқаудың бас  жүлде  иегері, (Алматы  қаласынан): – Құрманғазы атындағы қа­­­зақ ұлттық консерваториясының 4-курс студентімін. «Атамекен» ән фестивалі туралы бұрын ес­тіп жүретінмін. Бұл жолы қаты­суға ниет білдіріп, өнерімді көр­сеттім. Өнерде жүрген жастар­дың  танылуына мол  мүмкін­дік беретін байқау деп есептеймін. Жыл сайын ұйым­­дас­тырылатынына қуаныштымын. Оралға бірінші рет ке­ліп тұрмын. Та­би­ғаты керемет екен. Халқы да қонақ­жай. Өте жақсы қарсылап алды. Маған бұл сапа­рым  ерекше  әсер  қал­дырды.             Гүлсезім  ҚУАНЫШҚАЛИЕВА, Ақсай қаласынан келген қатысушы: – Ақсай  қаласындағы мәде­ниет үйінде әнші болып қызмет атқарамын. М. Өтемісов атында­ғы БҚМУ-да вокал мамандығы бойынша 3-курста оқып жүрмін. Бұл конкурсты көрермен ретін­- де жиі тамашалап жүрдім. Бұл жо­лы өзім қатысып, бағымды сынағым келді. Байқау өте керемет өтті. Қатысушылардың барлығы өте талантты жандар. Осы бағыттағы өнер байқаулары жиі ұйымдастырылса  деп  тілеймін.   Гүлсезім   БИЯШЕВА, «Орал   өңірі»

Жеті кyнде трактор құрастырған «конструктор»

Күні: , 79 рет оқылды

Бұлдырты ауылдық округіне қарасты Көгеріс ауылында Мереке Меңжанов деген досым бар. Мереке досым бұрын ауданның орталығы Жымпитыда тұратын еді. Кәсібі де бар еді. Оның құлпытас жасайтын цехы Сырым, Қаратөбе, тіпті Орал қаласының өзінен тапсырыстар алатын. Ол санаулы жылдың ішінде Жымпитыдағы «Сырым» қонақүйінің де жұмысын жандандырды. Бұл қонақүйге Самара – Шымкент халықаралық аутомагистралінің жолаушылары тұрақты тоқтайды. Осылай тым жақсы келе жатқан Мереке былтыр аяқ астынан Көгеріске көшіп кетті. Оған себеп – ауылға деген махаббат еді.

Мереке қазір Жымпи-тыдағы кәсібіне жа-уапты адамдарды белгілеп қойды, өзі басшылықты ауылда жатып-ақ жүргізеді. Ол ауылда да қарап жатқан жоқ, мал бордақылаумен айналысуда. Өзінің сөзіне қарағанда, бордақылаудың екі маусымын да сәтті өткізген. Мерекенің ауылы Көгеріс жылдан-жылға жаңарып, жанданып келеді. Ауыл халқы түгелдей шаруашылыққа бет бұрды. Бұлдырты ауылдық округінің әкімі Ерлан Мақашевтың айтуынша, өткен маусымда алақандай ауылда 11 аула бордақылауға ірі қара қойған. Содан да болар, көгеріс-тіктер үй салудан гөрі, қора салуға бейім болып кетіпті. Қора деп отырғанымыз, ауыл шаруашылығы саласының тілімен айтқанда, мал бордақылау алаңдары ғой енді. Тұрғындар бұл алаңдарды заманауи құрылыс материалдарынан сапалы қылып тұрғызуда. Мәселен, Мереке қоражайының төбесіне жарық өткізетін поликарбонат жабынын пайдаланған. Мереке бір-екі жыл бұрын  Қазақстанның оңтүстік өңірлеріндегі шаруалардан тәжірибе алмасып келген еді. Жарық түскен малдың тезірек қоң жи-найтынын ол сол кезде естіді. Ен-ді бұл тәжірибені өзі қолдануда. Мерекенің қоражайы тегістей бейнебақылау режимінде тұр.   * * * Кеше досымның үйіне айттап бардым. Ауылдың тұрғыны Ербол Исинжоловтың қолдан трактор құрастырғанын сол үйде отырып естідім. Естігесін, көргің келеді ғой. Ойымды Мерекеге айтып едім, ол Ерболды түстің кезінде ғана көргенін, түстен кейін шабындықта боламын деп айтқанын айтты. Санжар деген бауырымыздың кө-лігімен шабындыққа қарай шық-тық сосын. Алтыапан шабындығы Көгеріс ауылынан 4-5 шақырымдай жерде екен. Жолай ауылдың тұрғындары өз күшімен салған бөгетті көрдік. Жаздың аяғы болса да, бөгеттің табанында әлі кәдімгідей су бар. Бөгеттен әрі жүрдік. Далалық жол бізді Ерболдың шабындығынан бір шығарды. Ерақаң өзі қырықтың үстіндегі азамат екен. Еркебұлан деген інісі екеуі күннің межесін орындап, шөпті шауып болып, арбаға тиеп қойыпты. Тұрқы аздап үнді киноларындағы машиналарға ма, әлде «УАЗ-ға» ұқсай ма екен, әйтеуір, бір көлік арбаны сүйреп, ауылға кетейін деп дайындалып тұр. Сөйтсек, Ерболдың қолдан құрастырған тракторы осы екен. Арманындағы көлікті құрастыру туралы ой Ерболды бала кезден мазалаған. Өзіне ұнайтын ойыншықты өзі жасап алып жүрген бала Ербол арманын күндердің бір күнінде жүзеге асыратынына сенімді еді. Осы сенім үлкейген сайын арта түсіпті. Кейде ол қонақтықтардағы ас пен шайдың арасындағы уақыттарда замандастарына қолдан көлік құрастыру туралы ойын айтып көретін. Бірақ бұл ойды қолдаған ешкім болған жоқ, керісінше, күлкі тудырып жүрді. Ербол ойланды, ойын пісірді. Өзінің не құрастыратынын, ол үшін не керек екендігін білді. Қажетті құрал мен жабдықты, қосалқы бөлшектерді ел аралап жинады, кейбірін сұрап, кейбірін сатып алды. Сөйтіп, биыл 7 күннің ішінде өзінің тракторын құрастырып шығарды. Әуелі қолдан көліктің қаңқасын құрастырды. Оған «Жигулидің» артқы белтемірін, түсінікті қы-лып айтқанда, «мостысын» орнат-ты. Бұл көліктің қозғалтқыш мо-торы болып күнінде шопандар құдықтан су соруға пайдаланған ЗИД моторы бекітілді. Мотор жаңағы «Жигулидің» қозғалтқыш коробкасына қосылды. Көлік «Жигули» сияқты бес деңгейлі жылдамдықпен қозғалатын болды. Бірақ сағатына 60 шақырымды жүру Ерболға керек емес еді. Сол себепті ол көлігіне жаңа шкив тақты. Жаңа шкив агрегаттардың, яғни шөп шабатын орақ пен тырнауыштың шабындықтың бе-тінде үзіліс қалдырмай, қалыпты жұмыс жасауына мүмкіндік берді. Айтпақшы, Ерақаң тырнауышты көлігіне лайықтап өзі жасап алды. Ал, кеңес кезіндегі өгізге арналған 1, 2 метрлік орақ жаңа көлікке керемет үйлесіп кетті. Көліктің алдына «Жигулидің», ал артына «ГАЗельдің» дөңгелегі тағылды. Қазір Көгерісте жасалған трактор шабындықта шөп шауып, шапқан шөпті ауылға тасып, «бұрқыратып» жүр. Ерақаң келесі жылы тракторына лайықтап шөп тайлағыш жасап алмақ. Шаңсорғыштың моторынан жем жаратын аппарат жасап жүрген Ерболдың басында идея деген жететін сияқты. Ербол аға бізбен әңгімесінде тракторының еңбек өнімділігіне көңілі толатынын айтты. Мәселен, трактор өзі шауып, өзі жинап, күніне бес буманың шамасында шөп дайындайды. Адам күші тек техниканы басқаруға ғана кетеді. Қыруар жұмысты бір өзі жасайтын трактордың күнге жағатын бензині 5 литрге де жетпейді. Қазір Ербол аға екі аулаға да жететін шөп қорын дайындап болып қалды. Мал азығын дайындау жұмыстары бірер аптада толық аяқталмақ. Сөзіміздің басында, Мерекенің Көгеріске көшіп келуіне ауылға деген махаббаты себеп болды дедік қой. Сөзіміз – сөз. Өйткені, Көгерісте Мерекенің жанұясы сияқты ауылға қаладан көшіп келген басқа да жас жанұялар бар. Олар ауылға көшіп келіп, отағалары шаруашылыққа ден қойып, балалары ауыл мектебінің оқушысы санын толтырып, оң үрдіске бастама болуда. Жергілікті ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі салып жатқан Көгеріс ауылдық клубының да есігі айқара ашылар күн таяу сияқты. Көсегесі көгеріп келе жатқан Көгеріс туралы әлі жаза жатармыз. Әзірге осы!   Бауыржан   ШИРМЕДИНҰЛЫ, Сырым   ауданы

Мәрт мінезді Азамат

Күні: , 75 рет оқылды

Қазақтың  танымында  «Сегіз  қырлы, бір  сырлы»  деген   әдемі  ұғым  бар. Әдетте  біз  оны  көбінесе  он  саусағынан өнері  тамған,  күміс  көмей  әнші-жыршы,  күйші,  өнерпаздарға  қарата  айтамыз.  Алайда  күнделікті  аралас-құралас адамдарымыздың  арасында  осындай  жандар  кездесіп  жатады.  Өз  басым  осы  жасыма  дейін  жаны  жайсаң  талай  ағаға  іні  болдым.  Бүгін  өзім  де  көп  ініге  ағамын. Әр адамның тағдыры тү­сірілмеген кино, қойыл­маған спектакль, оқыл­маған кітап сияқты. Көңіл түкпі­ріне ұялаған сыр пернесін ба­сып қалсаң, әсерлі әңгіменің тие­гі ағытыла жөнеледі. Ал сол әң­гіме­нің астарында адам тағды­ры. «Ол өзінің тағдыр жолында қан­дай қиындық көрді? Қандай қызыққа жолықты? Қандай жетіс­тікке жетті?» деген сан сауалдың жауабын да табасың. Ендігі әңгіме ағалық ізеті мен сыйластығы үзілмеген мәрт мі­нез­ді азамат Бақтықожа Сала­хат­динұлы Ізмұхамбетов туралы бол­мақ. Мәрт мінез, жалпы, адамның өзінің бітім-болмысына, бойын­дағы қасиеті мен табиғатына қа­рап айтылған ұғым ғой. Текті, бекзада адам жомарт көңіл келеді. Міне, Бақтықожа осы тектілікті, бекзадалықты, жомарттықты, ілім­паздық пен мәрттікті  бойына сі­ңірген азамат десем, артық айт­қаным емес. Осы қасиеттердің бәрі, шын мәнінде, Бақтықожа­ның бойынан табылатын нағыз сегіз қырлы, бір сырлы азамат. Ол өлеңнен өрнек өріп, десте­лей берсе, ақын болар еді. Дом­-бырасын жата-жастанып, әуеле­тіп ән салса, әнші де болар еді. Бірақ ол ән мен өлеңді жанына серік етті де, мүлде басқа саланы таңдады. Өмірден өз жолын тапты. Өз басым Бәкеңді біраз уақыт­тан бері білемін. Әсіресе, Бәкең­нің іскерлігі қай салада болма­- сын, байқалып тұрады. Қарапа­йым ауыл баласының арман қуып, жоғары оқу орны Уфа мұнай инс­титутын тау-кен инженері ма­­ман­дығы бойынша бітіріп, техни­ка ғылымдарының докторы бо­луы көп нәрсені аңғартса керек. Ол осы мамандық қыр-сыры­ның тереңіне сүң­гіп, майын жілікше шаққан мамандардың бірі де бі­регейі десек болады. Бақтықожаның атасы Уфадағы Ғалия медресесін оқып тауысқан көзі ашық, көкірегі ояу азамат екен. Айтқан ақылын, көрсеткен ілімін қағып алатын бала Бақты­қожа атасының тәрбиесін көріп өседі.  Мектепте  де  үздік  оқиды. Алтыншы сыныпта ізінен ер­ген інісіне арнап алғашқы өле­ңін жазады. Ол өлең «Қазақстан пио­нері» газетінде жарияланады. Ата-тегіне тартқан қайсар бала қаршадай кезінен намысқа ты­- рысып, сабақты үздік оқып, қа­тарының алды болуға ұмтылды. 1966 жылы орта мектепті күміс медальға тәмамдаған соң ата-ана­сына қолғабыс болып, ерте  еңбекке араласты. 1971 жылы ата­сы Салахатдиннің жолын қуып,  Уфа қаласына жол тартты. Мақ­са­ты мұнай институтына түсу еді, өз қалауынша таукен инженері мамандығын таңдап, бұл оқу орнын да ойдағыдай аяқтайды. Жасыратыны жоқ, ол кезде қазақ ба­лаларынан шыққан инженер мамандар саусақпен санарлықтай болатын. Оқуға түстім деп ата-ана­ның мойнына бар жүкті арта са­лу Бақтықожадай саналы ұл үшін сын болатын. Сондықтан ол оқу мен жұмысты қатар алып жүр­ді. 1971-1972 жылдары Ембі бұр­ғы­лау бірлестігінде бұрғылау­шы­- ның көмекшісі, кейін бұрғы­лау­шы болып еңбек жолын бас­тай­ды. Әрі қарай бір кездегі арманшыл бала Бақтықожаның бү­гін­де мемлекет қайраткеріне де­йінгі жүріп өткен дара, дана Бә­кеңе айналған тарау өмір жол­дары басталады. Ол 1972-1973 жылдары Қазақ геология­лық бар­лау ғылыми-зерттеу мұнай инс­титутында (ҚазГБҒМИ) бұрғылау технологиясы зерт­хана­­сының аға инженері, 1973-1978 жылдары «Қазмұ­найгазбарлау» басқарма­сы­ның аға инженері, техникалық нормалау және еңбекті ғылыми ұйымдастыру жасағының басты­ғы. Одан әрі 1978-1983 жылдары ҚазГБҒМИ зертхана меңгеруші­сі, бөлім меңгерушісі, директор­дың ғылыми жұмыстар бойын­ша  орынбасары  болды. 1983-1987 жылдары Йемен­де, Аден қаласында Кеңес мұнай барлау экспедициясының аға инженері қызметінде болды. Бақты­қо­жа Салахатдинұлының сол кезде атқарған жемісті еңбегі үшін КСРО-ның Йемен ХДР-дағы ел­шілігінің Алтын кітабына есімі жазылған (1985 ж.). 1987-1991 жылдары ҚГБҒМИ зерт­хана меңгерушісі, Атырау тә­жірибе-әдістеме экспедиция­сы­ның бас технологі, бастығы болды. Тәуелсіздігіміздің алғаш­қы жылдарында, елі­мізде ин­женер кадр мамандар тапшы қиын уа­қыт­тарда, яғни 1991-1993 жылда­ры Бәкең Қазақ­стан Республи­касының Геология және жер қой­науын қорғау ми­нистрлігінде бө­лім бастығы, одан әрі мұнай және газ басқарма­сының бастығы қыз­меттерін зор абыроймен атқа­рып, мұнай өнді­рісі саласының дамуына  зор  үлес қосты. Ол уа­қытта қиындық өте көп болды, эко­номика ырғақты жұмыс істе­меді, қалыптасқан жү­йенің бәрі өзгерді, сондықтан мем­лекеттің алдында көп мәсе­ле тұрды. Сол кездерде Елбасы­мыз елге инвестиция тартуға тап­- сырма берді. Қар­жы-қаражаттың жеткіліксіздігі, не­гізгі қорлардың тозуы жағдайын­­да Қазақстан өз кен орындарын толыққанды иге­ре алмады. Алғашқы кезде шетел­дік ин­вестицияларды тарту мәсе­лесі оңай болмады. Батыстың іс­кер әлемінде Қазақстан туралы еш ақпарат болмауынан жағдай күр­делі күйде тұрды. Елімізге мұ­найгаз саласына алғашқы инвестор­лардың келуі осындай қиын да жа­уапты кезеңдерден өткен бо­латын. Бүгінде Қазақстанда әлем­нің аса ірі мұнай компанияла­ры­ның біразы жұмыс істейді. 1993 жылы Түркия мен Қазақстан арасында алғаш рет «Қазақтүрік­мұнай» бірлескен кәсіпорнын құ­ру туралы келісім жасалды. Бақ­тықожа мұнай-газ саласында жи­ған білімі мен тәжірибесінің ар­қа­сында 1993-2003 жылдар ара­лығында «Қазақтүрікмұнай» бір­лескен кәсіпорнының бас дирек­торы, «ҚазМұнайГаз» ҰК ЖАҚ БК үлестерді бақылау жөніндегі атқарушы директоры, «ҚазМұнай­Теңіз» теңіз мұнай компаниясы­ның бас директоры, «ҚазМұнай­Газ» ҰК ЖАҚ БК үлестерді басқа­ру жөніндегі басқарушы дирек­торы қызметтерін атқарып, 2003-2007 жылдар аралығында Қазақ­стан Республикасының Энергетика және минералдық ресурстар бірінші вице-министрі, министрі қызметтерін атқарды. 2007-2012 жылдары Батыс Қа­зақстан облысының әкімі болды. Батыс Қазақстан облысында 2011 жылдың көктемінде бұрын-соң­ды болмаған жойқын су тасқы­ны болды. Өңір халқы сол кезде облыс әкімі қызметіндегі Бақты­қожа Салахатдинұлының үлкен ұйым­дастырушылық қабілеті мен жанкешті еңбегін ризашылықпен еске алады. Сондай ауыр күндер­де, қиын сәтте көптеген компа­- ния мен кәсіпорындардың, мемлекеттік ұйымдардың ұжым­да­-рын бір кісідей жұмылды­рып,  Елбасы тапсырмасын абыроймен атқарып, бас-аяғы бірнеше айдың ішінде зардап шеккендердің үй­лерін түгелдей жаңалап берді. Облыста асыл тұқымды мал шар­уашылығын дамыту мен қайта өң­деуге айрықша көңіл бөлді. Сонымен қатар облыстың елді мекендеріне түгелге жуық «көгілдір отын» жеткізілді.  Батыс Қазақ­стан облысындағы «Қарашығанақ – Орал» газ құбыры құрылысы жобасын Елбасы Ақ Жайық өңіріне сапары кезінде ұсынған екен. Бү­гінде облыс түгелге жуық газдан­дырылған. Бұл – өз жұмысына аса жауапкершілікпен қарайтын, жанжақты ұйымдастырушылық қабі­летімен ерекшеленетін Бәкеңе  тән  қасиет. 2012 жылғы қаңтар – 2012 жыл­ғы тамыз аралығында V сайлан­ған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қа­зақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары, көп ұзамай Атырау об­лысы­­ның әкімі лауазымына таға­йындалды (2012 ж. тамыз – 2016 ж. нау­рыз). Бақтықожа Салахатдинұлы өзі­нің туған өлкесі Атырау облы­сындағы әкімдік міндетіне бел шеше кірісіп, шешімін таппаған көптеген ауқымды жұмысты ат­қарды. Ол келген кездері Атырау облысында азық-түлік проблемасы күрделі болатын, бәрі сырт­тан Өзбекстан, Ресейден жә­не көрші облыстардан тасымалданатын. Картопты Павлодар мен Пәкістаннан сатып алды. Жергілікті сүт, жұмыртқа өнімдері жоқ болды. Көкөністер мен бақша өнім­­дері мәселесін шешті. Көкө­ніс қалбырлайтын зауыт салы­- нып,  іске  қосылды. Атырауда 50-ден аса дәрі түр­лерін шығаратын фармацевтика фабрикасы бой көтерді. Кейін же­ңіл өнеркәсіп, балық өнеркә­сі­бін дамыту жолға қойылды. Заманауи өндірістің ең соңғы үл­- гісі – алғаш рет ыдыста бекіре тұқымдас балықтар өсіру қолға алынды. Үй салу комбинаттары (ҮСК) құрылды. Бақтықожа Сала­хат­динұлының Елбасы тапсыр­маларына әр кез сергек қарап, өңірде энергетикалық тәуелсіз­дік, азық-түлік қауіпсіздігі секілді ұтымды инвестициялық және әлеуметтік жобаларды іске асы­руға бел шеше кірісіп кететіні сүйсіндіреді. 2016 жылғы 24 наурыз – 2016 жылғы 21 маусым аралығында VI сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы лауазымын абыроймен атқарды. Бәкең өзіне сеніп тап­сырылған қай қызметте де үл­кен ұйымдастырушылық қабіле­ті­мен ерекшелене білді. Ол – елі­міздің әлеуметтік-экономи­калық дамуына қомақты үлес қосып жүрген мемлекет және қоғам қай­раткері. Қазіргі кезде Бақтықожа Сала­хатдинұлы 2016 жылғы 21 мау­сымнан бастап еліміздегі ең бе­- делді ұйымдардың бірі – Қазақ­стан Республикасы «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғам­дық бірлестігі орталық кеңесі­нің төрағасы және 22 маусымнан бастап VI сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжі­лі­сінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі лауазымда­рын  қатар  атқарып  келеді. Бақтықожа Салахатдинұлы – таразының екі басын тең ұстап, келешегі кемел жастар алдында да, өмірден білгені мен түйгені мол қариялар алдында да пары­зын адал өтеп жүрген кемел қай­- раткер. Оның бойындағы ең асыл қасиеттерінің бірі де бірегейі – еңбекқорлығы. Ол – көңілі түс­кен адамға көл болып, астын­да­ғы атын түсіп беретін аңқылда­­ған ақкөңіл, жаны жайсаң азамат. Бойына мәрттік, кеңпейіл­-ділік, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету сынды  көптеген жақсы қасиетті жинаған. Сонымен қа­тар шындықты сүйетін, әділет­сіз­дікке төзбейтін тура мінезімен де ерекшеленеді. Осы қасиетте­рі оның азаматтық  тұлғасын ай­шықтай түседі. Парламент қа­бырғасында Бақтықожа Салахат­дин­ұлының бастамасымен «Газ және газбен жабдықтауға қатыс­ты» заңға енгізілген толықты­ру­­- лар мен өзгертулерді Мәжіліс депутаттары бірінші оқылымда мақұлдап, Сенат депутаттары­ның қарауына  жолдады. Бәкең «Нұр Отан» пар­тия­сы­ның мүшесі ретінде ел-жұртпен жиі жүздесіп тұрады. Оның қа­был­дауына рес­публикамыз­дың түкпір-түкпірі­нен келген аза­маттар өз ризашы­лық­тарын білді­ріп шығып жата­- ды. Мына заманда адамзатқа жет­пейтіні адамгер­шілік пен мейі­рім, жылы сөз ғана екенін Бәкең жан-жүрегімен түсінеді. Алдына келген адамның көңілін тауып, жұбата бі­ле­ді. Сол үшін де оның қабылдауы­на келген жұртшылық көтеріңкі кө­ңіл күймен қайтып жатады. Бақтықожа Салахатдинұлы­ның бүгінгі шыққан биігі –  өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге. Жүрегінің та­- залығы мен інілік ілтипат, кең пейілі үшін біз оны қадірлейміз, мақтан  етеміз.   Абай   ТАСБОЛАТОВ, ҚР  Парламенті  Мәжілісінің  депутаты, генерал-лейтенант

Атамекеніне тарту жасады

Күні: , 68 рет оқылды

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының «Атамекен» кіші бағдарламасы аясында Қаратөбе ауданында биылғы жылы 40 әлеуметтік жобаны іске асыру жоспарланған болатын. Ізгі істің барлығы елжанды жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен жүзеге асып келеді.

Жомарт жүрек азаматтардың бірі, жеке кәсіпкер Нұржан Хасанов өзінің әкесі, белгілі өлкетанушы, Қазақстанның құрметті жур-налисі, Қаратөбе ауданының құрметті азаматы Қайыржан Хасановтың кіндік қаны тамған туған жері Саралжын ауылдық округіне қарасты Сәуле елді мекеніндегі мектеп ауласына балалар ойын қалашығын салып берді. Хасановтар әулеті ауыл мектебіне осыған дейін де жан-жақты бағытта қолдау танытып келген болатын. – Бұл ауыл ең алғаш құрылған-да менің үлкен атам Төлеген Иманғазиев осы мектепте ұстаз- дық қызмет атқарған. Әкем Қайыржан Хасанов осы жердің топырағында дүниеге келді. Әкем- мен бірге бұл ауылға бірнеше мәрте келгенмін. Сондықтан Сәуле ауылы маған әр кез ыстық. Бұл жоба көптен ойымда жүрген еді. Әкеміздің көзі тірісінде жүзеге асырып үлгермей қалдық. Дегенмен осы қуанышты бүгін сіздер көріп отырсыздар. Мұның бәрі балалардың шат күлкісі үшін жасалып отыр. Жобаны жүзеге асыру барысында ауыл тұрғындарының да көп көмегі тиді. Сіздерге сол үшін алғысымды білдіремін, – деді жеке кәсіпкер. Балалар ойын алаңының салтанатты ашылуында аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан ауыл балаларына зор қуаныш сыйлаған жеке кәсіпкер Нұржан Қайыржанұлына ауыл тұрғында-ры атынан рақмет айтып, аудан әкімінің  алғысхатын  табыстады. Ойын алаңының құрылысына 1 млн. 600 мың теңге жұмсалған. 60 шаршы метр аумақты алып жатқан алаңда сырғанақтар, әткеншектер және керме сынды қондырғылармен қоса арнайы құм  төселген  жер  де  бар. Салтанатты шара барысында жазушы Қайыржан Хасановтың «Рухани жаңарған Қаратөбе» атты кітабы таныстырылды. Бұл – қаламгердің өмірден өтер шағында ауданның 90 жылдық мерейтойына арнап жазған соңғы кітаптарының бірі. Аталмыш шараларға қаламгердің жары Ырысты Кәкімқызы арнайы қатысып, өмірлік жолдасы туралы тағы-лымды естеліктерімен бөлісті. Сонымен қатар Нұржан Хасанов «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында «1-сынып оқушыларына  ұранымен  мектеп  табалдырығын аттағалы отырған оқушыларға оқу-құралдар салынған сөмкелерді сыйға тартты. – Бүгін ауыл халқы үлкен қуанышқа кенеліп отыр. Өз перзенттеріміз туған жерін ұмытпай, ба-лаларға үлкен сый жасап отыр. «Елдің қуанышы – халықтың қуанышы, Баланың қуанышы – ананың қуанышы» дегендей, балала-рымыз үшін қатты қуанып отырмыз. Осындай бейбітшілік заманда сәби күлкісінен артық ештеңе жоқ. Балдырғандарға қуаныш сыйлап отырған Нұржан баламызға алғыс білдіремін, – дейді Сәуле ауылының тұрғыны Қымбат  Бердіғалиева.   Ажаргүл   ӘЛИЕВА, Қаратөбе   ауданы

Әлжансордың орнын сипап қалмайық…

Күні: , 57 рет оқылды

Біз бүгін тілге тиек қылғалы отырған тақырыпты «Енді сорға сенбілік ұйымдастырамыз ба?..» деген атаумен өткен жылы газетіміздің 15 тамызда шыққан санында да көтергенбіз. Ол мақала  былай басталған екен:    «Біздің бүгінгі сөз еткелі отырған мәселеміз – тура «Алтынның қолда барда қадірі жоқтығының» кері. Әлқисса, Теректі ауданына қарасты Шалқар ауылдық округі-нің аумағындағы Әлжансордың емдік қасиеті, оның балшығының құрамы, тіпті аталу тарихы туралы да үлкенді-кішілі газеттер- де соңғы жылдары біраз жазылды. Сол себепті үшбу тақырыпты біз тап қазір қаузамаймыз. Бүгінгі әңгімеміз тұзға түсу мәде-ниеті  хақында…». Иә, біз үшбу тақырыпқа биыл қайтадан оралуға мәжбүрміз. Өйткені осыдан 15-20 күн бұрын Әлжансорға әдейілеп барғанбыз. «Бақсақ, бақа екен» демекші, сор басындағы былтырғы қоқыс биылғының қасында «айналайын» екен… Атам қазақ, негізі, сордың, яғни тұзды балшықтың ағзадағы жел-құзға, буын ауруларына, соның ішінде ойнамалы буын дерті мен сүйек сынығына ем екендігін әлімсақтан білген. (Ал бүгінгі дәрігерлер тұз ваннасы адам ағзасындағы зат алмасу үдерісін де жақсартатынын тілге тиек етіп жүр). Сол себепті қазекең 15 шілде мен 15 тамыз аралығын «Тұз айы» деп атап, тұзға түсуге, яғни тұз ваннасын қабылдауға ұмтылған. Аумағы ат шаптырымдай ойпаңда орналасқан тұзды көлге таянғаннан-ақ сордың бетін шиыр- лаған аутокөлік іздерінен басыңыз айналғандай болады. Бұл тасынғандық па, әлде балшығы талай дертке дауа қасиетті жерді басынғандық па, ол жағын өзіңіз бағамдарсыз. Сірә, ақылдары-ның жеткені осы болса керек, кейбір қазақтар Әлжансордың нағыз балшығына дейін ауто-көлікпен таяп барып, тұзға түсуді әдетке айналдырыпты. Тура осындай көріністі өткен жылы да көргенбіз. Ал, негізі, күн ыстықта сордың тақыр жерімен жаяу жүріп, табаныңнан ыстық өткізіп барып, шипалы балшыққа жеткеннің өзі ем. Себебі, біріншіден, табаннан өткен ыстық бүкіл денеге тарап, суықты, жел-құзды шығарады. Екіншіден, сіз әудемжер әрі ыстық, әрі тұзды топырақты жалаң аяқ басып бару арқылы ағзаңызды тұз ваннасын қабыл-дауға ақырындап, яки баппен бейімдейсіз. Ал енді сордың үстін аутокөлікпен шиырлау бізге барып тұрған оспадарлықтай көрінді. Тұзға түсушілердің дені діттеген жеріне дейін қолына таяқ ұстап барады да, үстіндегі лыпасын соған іліп қояды. Ал жағаға қайтарында әлгі шаншулы таяқ сол жерде сол күйі қалады. Аз-кем уақыттан кейін әлгі таяқ желдің немесе тұзды балшыққа батып тұрған түбі шірудің, тағы да басқа факторлардың әсерімен құлап, жаяу келе жатқан біреудің аяғына немесе тұз ваннасын қабылдап жатқан әлдекімнің ағзасына кіріп кетіп, жарақаттауы әбден кәдік. Міне, көп адам осыны ескере бермейді. Тағы бір байқағанымыз, жағалауда да және сордың нағыз бетінде де шашылып жатқан полиэтилен пакеттер мен пластик құтылар ырғын. Бұл – жалпы жердің (топырақтың) құнарына қоса, тұз-дың (сордың) шипалық қасиетін кемітетін жайт. Өйткені әлгіндей ыдыстардың шіруі бірнеше он-даған, тіпті жүздеген жылға созылып, шіріген сайын олардан бөлінетін зиянды заттардың залалы үдей түсетін көрінеді. Полиэтилен пакеттер мен пластик құ-тыларға қоса, жағалауда немесе сордың бетінде қалдырылған тіз-киім (ішкиім) мен сүйретпе аяқ киім де аз емес. Есесіне, біз аумағы ат шаптырымдай бүкіл сордың жағалауынан былтыр да, биыл да бір ғана қоқыс контейнерін көрдік. Егер сордың жағалауына контейнерлер жиірек қойылса, шашылып жатқан қоқыс атаулы азаяр ма еді… Әлжансордан таяқ тастам жерде Бөгет деген шағын көл бар. Бұрындары бұл көлдің суы таза һәм тұщы болған екен. Сондықтан да осы көлдің суын ХVІІІ-ХІХ ғасырларда сол маңның қазақ- тары бау-бақша суаруға пайдаланған көрінеді. Ал бүгінгінің қазақ-тары әуелі тұзға түсіп, сосын үстіндегі сордың балшығын үшбу көлге шомылып кетіріп, Бөгеттің суын теңіздің суынан бетер ащы қылып жіберген. Бұған қоса Бөгеттің жағалауы азық-түліктің қалдығы мен арақ-шараптың бө-телкесінен аяқ алып жүргісіз. Бұл көргенсіздікті де біз фотоға түсіріп, көптің назарына ұсынып отырмыз. Өткен жылы уытты ішімдіктің шөлмектері нағыз сордың жағалауынан әріректе еді, ал ағымдағы жылы тұздың маңынан арақ-шарап пен сыра-пыраның құтысы жиі көзге ша-лынды. Бұл да керікетушіліктің бір келеңсіз көрінісі, ащы мысалы ғой… Әлжансорға өзіміздің өңірдің тұрғындарына қоса, Ресейдің Ба-тыс Қазақстан облысымен ше- каралас Самара, Саратов сықылды губернияларынан да дертіне дауа іздеген жандар жиі келеді. Сордың маңындағы Дуана ауылының тұрғындары тіпті тілге тиек, әңгімеге өзек болып отыр- ған тұзға түсу үшін Башқұртстан мен Татарстаннан да келушілер бар екендігін айтады. Ендеше, өзгелер «алты айшылық» жерден келіп жатқан қасиетті жерді, ең алдымен, өзіміз қадірлейік, әлеумет! Әйтпесе, даладағы-қаладағы үлкен-кішіміз жиналып, сорға сенбілік жасауға тура келетін түрі бар… Несін айтасыз, киелі жерде бықып жатқан қоқыс біткен бір керуеннің бірнеше түйесіне жүк болардай. Осыншама келеңсіздікті өз көзімізбен көріп тұрып, «Апырым-ай, егер Әлжансор Қазақстанның киелі жерле-рінің ресми тізіміне іліккенде мұндай жағдай орын алар ма еді, алмас па еді?…» деген ойға еріксіз берілдік. Осы сауалмен былтыр Батыс Қазақстан облысының киелі жерлерінің тізімін жасауға өз ынта-ықыластарымен атсалысқан танымал журналист Қазыбек Құттымұратұлы мен өлкетанушы, тарих магистрі Айболат Құрымбаевқа хабарласқанбыз. Бұл екі бауыры-мыз Әлжансорды Қазақстанның қасиетті жерлерінің тізіміне БҚО мәдениет, құжаттама және архивтер басқармасы арқылы ұсын-ғандығын, бірақ не себепті екен-дігі белгісіз, аталмыш нысанның әлгі тізімге енбей қалғандығын, сондықтан таяуда қайтадан ұсы-натындықтарын алға тартты. Қайыр-қош, «Игіліктің ерте-кеші жоқ» демекші, қолға алған шар-уаның биыл реті келсін, сәті түссін делік. Әлжансордың емдік-шипалық қасиеті әлімсақтан әмбеге аян. Тіпті Мәскеудегі курортология және физиотерапия ғылыми зерттеу институтына қарасты гидрогеологиялық партияның КСРО ке- зінде-ақ «Әлжансордың санитарлық-бактериологиялық параметрлері орталық курортология және физиотерапия ҒЗИ талаптарына толық сәйкес келеді. Аталмыш сордың балшығы жоғары минералды орта сульфитті балшық санатына жатады» деген байламынан хабардармыз. «Егемен Қазақстан» газетінің биылғы 27 шілде күнгі нөмірінде (№141) аталмыш басылы- мының Батыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Қазыбек Құттымұратұлының «Шипалы балшық шарапатын қашан көреміз?» атты мақаласы жарық көрді. Осы материалында автор 2017 жылы география ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Қажымұрат Ахмеденовтің жетекшілігімен ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізіліп, Аралсор, Әлжансор, Индер және Хакисор сықылды шипалы (минералды) су көздері мен тұзды көлдердің ғылыми сараптамалық сипаттамасы түзілгенін айта келіп, отандық ғалымдардың «Әлжансордың бал-шығы өте жұмсақ, майда болып ке-леді. Балшықтың ылғалсақтағыш қасиеті бальнеологиялық  құндылығын арттыра түседі. Біз зерттеген тұзды көлдердің ішінде физикалық-химиялық көрсеткіштері жағынан ең озығы – осы  Әлжансордың балшығы» деген тұжырымын  келтіреді. Көрдіңіз бе, біз қолда бар қандай «алтынның» қадірін  білмей  жүрміз?!.   P.S. Осы  материалды жазуға  дайындық барысында  біз Әлжансорға  қатысты біраз  кісінің  ой-пікірін білдік. Олар айтқан талап-тілектің көпшілігі жоғарыда  берілген үш  пікірде  қамтылды. Сонымен  қатар  «Сорды айналдыра  мал кірмейтіндей  етіп,  темір шарбақпен  қоршау керек»  деген  ұсыныс та  айтылды.  Кейбір кісілер  «Ақыры  сорды қоршағаннан  кейін тұзға түсу  үшін  кіруді  ақылы қылған  дұрыс.  Жұрт қасиетті  жердің  қадірін білсін,  әрі  түскен  ақшаны сордың  айналасын абаттандыруға жұмсайық»  деді.  Тіпті қызды-қыздымен  «Сорға дейін  асфальт  жол  салу керек!»  деген  ұран  да көтерілді.  Салқын  ақылға  салып  көрсек, көкейдегі  көрікті  көп ойды жүзеге асырудың тетігі  «Мемлекет – жеке  серіктестік» формуласына  барып тірелетін  тәрізді…   Кәрима  ҚЫДЫРНИЯЗКЕЛІНІ, еңбек ардагері, «Батыр ана»,  Дуана  ауылының  тұрғыны: – Келер жылы 80-ге толатын мен осы Дуана ауылында жарық дүниеге көрінген адаммын. Әл-жансордың қадір-қасиетін бала кезімізден естіп-біліп, көзімізбен көріп, әрі жыл аралатып, тұзға түсіп, шипасын өмір бойы сезініп келеміз. Онсыз да аумағы ат шап-тырымдай Әлжансордың тұзға түсетін аумағының өзі осыдан біраз жыл бұрын ғана ауқымды  еді. Өкінішке орай, жыл өткен сайын тұздың айдыны тарылып барады. Бұған басты себеп адамдардың қасиетті жерге салдыр-салақ қарауы деп білемін. Бұрын-дары тұзға түскен кісілер алды-артын жинап, соңына қоқыс қалдырмай, тап-тұйнақтай ғылып кететін. Ал соңғы жылдары сордың маңына қоса, тұздың үсті ыбырсыған қоқысқа толы. Оның үстіне жүк көліктерінің сордың балшығын тасып әкетіп жатқанын да көріп жүрміз. Алда-жалда жағдай осылай бе-тімен кете берсе, таяу жылдары Әлжансордың орнын сипап қаларымыз шүбәсіз…   Бақтығали   АХМЕТОВ, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері, Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының 1980-1996  жылдардағы  басшысы: – Тұзға түсудің біраз ауру-сырқауға ем екендігін ресми медицина жоққа шығармайды. Мысалы, буын ау-руларына, сынған сүйектің тез бітуіне немесе сынықтың сырқырап мазалауын доғаруға, ағзадағы суықтан арылуға тұз ваннасының  айтулы көмегі бар. Бұған қоса бөріткен, теміреткі, экзема секілді тері ауруларының құрғақ кезінде тұзға түссе, шипасы болады. Сөйте тұра, тұзға ұзақ түсудің кері әсері барлығын, яғни денсаулыққа зиянзалалын тигізетіндігін де естен шығармау керек. Ал енді қан қысымы жоғары, жүрегі, өкпесі, бауыры мен бүйрегі сыр берген немесе асқазанында жарасы бар, сондай-ақ аяғының тамырлары білеуленіп шығып кеткен, яғни варикозға шалдыққан адамдардың тұзға түсуден тартынғаны жөн. Жалпы, өз басым тұзға түсу маусымында сордың басында, ең болмаса, уақытша медициналық бекет жасақтау керек деп са-наймын. Өйткені сорға келген әрбір адамның тұзға түспес бұрын және түсіп шыққаннан кейін, ең болмаса, қан қысымын өлшеп, жүрек қағысын тыңдап, жалпы жағдайын қадағалаған еш артықтық қылмайды. Оның үстіне әлгіндей медициналық бекеттер қажет жағдайда «Жедел жәрдемнің» де міндетін атқара береді. Түсінген адамға осының өзі – медициналық туризмді дамытуға едәуір ықпал ететін жайт. Облыс аумағындағы бірді-екілі емдеу мекемелерінің Әлжансордан балшық алатындығынан мен де хабардармын. Олар, әрине, сордың балшығын ізгі ниет, игі миссия – адам емдеу үшін алады. Балшықпен ем-дом жасайтын шипажай Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында да бар. Бірақ Жаңақорғандағы шипажай-дың бір ерекшелігі – олар емдік мақсатта пайдаланылған балшықты арнайы жасақталған бригада арқылы сорға апарып, қайтадан төгеді, яғни өз ортасына қосады. Осылайша табиғи ортасына «оралған» пайдаланылған балшық қажетті химиялық реак- цияларға түсіп, алты айдан кейін өзінің емдік-шипалық қасиетіне қайтадан ие болады. Міне, Әл- жансордан балшық алатын біздің облыстағы медициналық мекемелер осы факторды міндетті түрде  ескеруі  тиіс!   Сабырбек  МУСИН, Шалқар ауылдық округінің әкімі: – Тұз ваннасын қабылдау маусымында ауылдық округтің әкімшілігі қоғамдық жұмысқа тартылған жергілікті тұрғындар арқылы сор басында айына екі рет сенбілік ұйымдастырады. Биыл жол бойына сордың бағытын нұсқайтын сілтемелер орнаттық. Бір ғана күл-қоқыс жәшігі аздық ететіндіктен, сордың айналасына келер жылы 4 қоқыс контейнерін және полиэтилен қалдықта- рын салатын 2 арнайы жәшік қоймақпыз. Сонымен қатар тұзға түсуге жыл сайын келетін ел- жұрттың сұрауы бойынша сордың жағасына отырғыштар мен сусеберлер (душ), сондай-ақ әр- меніректен дәретханалар орнат-пақ ойымыз бар. Орайы келіп тұрғанда айтпағым, қарапайым тазалық талаптарын, санитарлық-гигиеналық және экологиялық мәдениетті тұзға келген үлкен-кіші жаппай орындауға дағдыланғаны жөн. Сайып келгенде, әрбіріміздің жауапкершілігімізден сырт көз сүйсінетіндей ортақ мәдениет қа- лыптасады.  

Ерте қамданған көп істі еңсереді

Күні: , 46 рет оқылды

Сәрсенбі  күні  кешкілік облыс  әкімі  Алтай Көлгінов пен  қала  әкімі  Мұрат Мұқаев  шаһардағы  жол  жөндеу  мен  құрылыс  жұмыстарының  қарқынымен  танысты.

Биыл көлік көп жүре­тін Шо­лохов – Проф­союзный көшелері ара­лы­ғындағы Штыбы көше­сі­нің жолы күрделі жөндеу­ден өтуде. Аталған жолды салу жұ­мыс­тарына «ҚПО б.в.» есе­бінен 344 миллион теңгеге жуық қаржы қарастырылған. Ұзын­дығы бір шақырымнан аса­тын жол құрылысы жұ­­мыс­та­рын Жанна Кенжина жетекшілік ететін «ДСК Прио­ритет» ЖШС жүр­­гізуде. Жол салу жұмыстары мамыр айында  басталған. – Көкшетау – Проф­союзный көшелері аралығына төсел­ген жолдың ені 6,5 метр болса, Шолохов көшесіне шығатын ба­ғыттағы жолдың ені 9 метрді құрайды. Бұл жерде көше­нің осы бөлі­гінде кө­лік ағымы­ның көп­ті­гі ескерілді. Сонымен қатар жолдың екі қапталына ұзын­­дығы екі шақырым­ды құ­райтын жаяу жүр­гіншілер жолы салы­нуда. Жол са­- лу жұмыста­рын қа­ра­­ша айында аяқ­тауға тиіс болатын­быз. Дегенмен, жұ­мысты осы қарқын­мен жүр­­гізсек, алда­ғы қыркүйек айында толықтай бі­тіреміз, – деді мер­дігер ком­па­нияның құры­лыс инженері  Вера  Елизарова. Сондай-ақ Екінші жұмысшы ша­ғынауданында Гастелло, Чуйков және Көкшетау көшелерінің жолдары күрделі жөндеуден өтуде. Бұл жұмыстарды «Ақсай Бизнес Строй» ЖШС жүргізуде. – Көкшетау көшесінің екі ша­қырымына күрделі жөндеу жүр­гізудеміз. Жолдың ені 7 метрді құрайды. Бүгін жол­дың екі жа­нына тротуар төсеуді то­лық­ аяқ­тадық. Негізгі жолдың да бі­рін­ші қатқыл қабатын төсеп бо­ла келдік. Жақын күндері екінші қа­бат асфальт төселеді. Аяқталуы қараша айына жоспарланған жол құрылысын 1-қыркүйек­ке дейін толықтай бітіреміз. Бұл көшелер­дің бойында №4 және №16 мек­- тептер орналасқан. Сондықтан оқу жылы басталмас бұ­рын құ­­рылыс жұмысын аяқтауды көздеп отырмыз, – дейді мердігер ком­панияның  басшысы  Анвар Агаев. – Осы кезге дейін Екінші жү­мысшы шағынауданын­да қат­қыл жол төселген бір ға­на көше бо­- ла­тын. Биылғы жылы осы маң­дағы бес көше күрделі жөн­деуден өтуде. Өткен жылы осы ау­даннан су жаңа мектеп салы­нып, пайдалануға берілді. Енді осы әлеуметтік нысандардың кі­ре­берісіне жолдар салынуда. Мердігер компаниялар жолды сапа­­лы әрі уақтылы жасауы қажет. Бұл төңіректегі қалған көшелерге де жобалау құжаттары жасақта­лып, жақын жылдары жөндеу­ден өтуі керек. Құрылыс жұмыс­тары уақтылы аяқталуы үшін өт­кен жылы құжат жасақтау, қар­жы бөлу, мердігерді анықтау жұ­мыстарын ерте қолға алдық. Со­ның нәтижесінде жаздың жайма­шуақ күндерінде жол салу-жөн­деу жұмыс­тары атқарылуда. Биыл да осы жүйемен жұмыс жасауымыз керек,  –  деді  облыс  әкімі. Иә, ерте қамданған көп істі еңсереді. Сонымен қатар облыс әкімі Құр­манғалиев көшесі бойында­­ғы мемлекеттік – жеке серіктестік арқылы салынып жатқан бес қа­батты 90 пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс  барысымен  танысты. Бұл мекенжайда бұрын 1956 жы­­лы салынған екі қабат­­ты сегіз пәтерлі үй болған. Тозығы жеткен тұрғын үй өткен жылдың жел­тоқ­сан айында сүрілген. Бұрын­- ғы тұрғындар то­лығымен басқа мекенжайға кө­ші­ріл­ген. Олар бес қабатты үйдің құрылысы аяқ­- талған соң су жаңа пәтерлерге қоныс­танатын болады. Қалған 80-нен астам пәтер «Тұрғын үй құ­- ­рылыс жинақ банкі» арқылы елі­мізде жүзеге асы­рыла бастаған «7-20-25» бағдар­ламасымен бе­­ріл­­мек. Құрылыс жұмыстарын  жүр­гізіп жатқан «Орал Полимер» ЖШС маманда­рының айтуынша, тұрғын үй құ­рылысы келер жыл­дың жазында толықтай аяқталмақ. Айта кетейік, жыл соңына де­йін Орал қаласының Құрманға­зы, Кердері, Еуразия, Скороба­- гатов, Некрасов, Ружейников кө­шелерінде орналас­қан 13 тозы­ғы жеткен үйді сүру жоспарла­нуда. Соңғы жылдары Орал шаһа­рында тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануына бағыттал­ған саябақтар мен тынымбақ­тар, спорт алаңдары мен бала­лардың ойын қалашықтары көп­теп салынуда. Бүгінгі таңда об­лыс ор­талығында ашық аспан ая­сындағы 60-қа жуық демалыс ор­ны болса, жақын күндері олардың  саны  артпақ. Еуразия көшесі бойында ор­наласқан №36 М. Ықсанов атын­дағы мектептің жанынан жаңа ты­- нымбақ салынуда. Көпқабатты тұр­ғын үйлер шоғырланып, халық тығыз қоныстанған аулаға ты­- ным­бақты Елбасымыздың «Руха­ни жаңғыру» бағдарламасы ая­сында жеке кәсіпкер, «Автоком­бинат» ЖШС басшысы Игорь Го­лоухов  өз қаражаты есебінен са­луда. Құны 43 миллион теңгені құрайтын тынымбақта бала­лар­дың ойын қалашығы, жат­ты­ғу құрылғылары орнатылмақ. Бұған қоса алаң жасыл желекпен көм­керіліп, айнала тал-теректер отыр­ғызыл­мақ. Тынымбақта балалар үшін қауіпсіз төсеніш төсеп, жа­рық­тандыру да қолға алынған. Мердігердің туған жерге тартуы Қала күні мерекесінде пайдала­­нуға  берілмек. Тынымбақтың құрылысын көр­ген облыс әкімі өңір кәсіпкері­не мәрттігі үшін зор алғысын білді­- ріп,    жемісті  еңбек  тіледі.   Нұрбек  ОРАЗАЕВ, «Орал  өңірі»

БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика