Мұрағат: 23.08.2018


Мейірім мерекесі

Күні: , 722 рет оқылды

Күллі мұсылман қауымы асыға күткен Құрбан айт мейрамының басталғанына бүгін үшінші күн. Бұл үш күндік  мерекеде исі мұсылман әлеумет Алла тағаланың разылығы үшін құрбан шалып, мейірім-шапағатына бөленуге тырысады. Осыған орай Құрбан айттың алғашқы күні Орал қаласындағы орталық мешітте айт намазы оқылды.

Таңсәріден Алла үйіне ағыл-ған жамағаттың қарасы тым көп болды. Намазға келген ағайынға ҚМДБ-ның  БҚО бойынша өкіл имамы Еркебұлан Қарақұлов тағылымды уағыз айтты. – Мұсылман адам айт күні құрбандық шалу арқылы Аллаға деген ақ ниетін паш етеді. Құран Кәрімнің «Хаж» сүресі 37-аятында «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалықтар» делінген. Әсілінде, «құрбан» сөзі «жақындау» деген ұғымды білдіреді. Жағдайы бар, әрі жолаушы емес мұсылманға құрбандық шалу – уәжіп, яғни мұсылмандық міндет. Ал мүмкіндігі жоқ адамдарға Алла тағала мұндай міндет жүктемеген. Мереке күні көрші мен туысқанға айттап барып, үлкеннің алғысы мен батасын алу – сонау заманнан келе жатқан мұсылмандық дәстүріміз, — деді өкіл имам. Бұдан кейін жамағатпен айт намазы оқылды. Намаздан соң жиылған жұртшылыққа мешіт алдында тегін бауырсақ пен көже берілді. Есенжол  ЕЛЕКЕНОВ, «Орал  өңірі»

Халық әртісімен кездесті

Күні: , 722 рет оқылды

Кеше  облыс  әкімі  Алтай Көлгінов  ҚР  Халық  әртісі, мемлекеттік  сыйлықтың лауреаты  Ескендір Хасанғалиевпен  кездесті.

Кездесуде қазіргі өнер са­ласының даму бола­ша­ғы мен мәдениет қайрат­керлерінің қоғамдық өмірдегі рө­лі туралы мәселелер талқылан­ды. Сондай-ақ 23-24 тамыз аралы­ғында өтетін Х халықаралық «Атамекен» ән фестивалінің дайын­дық барысы жөнінде сөз қозғал­ды. Кездесуде сөз алған өңір басшысы Е. Хасанғалиев әндерін орын­даушылар байқауының сәтті өтуіне тілегін білдірді.   Облыс  әкімдігінің  баспасөз  қызметі

Жайыққа балық жіберді

Күні: , 488 рет оқылды

Көктемде  Жайық   өзені  көтеріліп,  Зеленов   ауданына  қарасты  Янайкин  ауылы  маңындағы  сай-салаға  су  толады.  Сумен  бірге  сайларға  балық   келетіні  де   белгілі.

Жаз соңына қарай сайлар­дағы су азайып, қарайған ба­лықтың қырылу қаупі күше­йеді. Соны ескерген Янайкин ауылдық округінің әкімі Исатай Мұғалбаев ауыл аза­маттарын жинап, сай-сала­дағы балықтарды аулап, Жа­йыққа жіберуді қолға алды. Балық құтқару шарасы өт­кен бір күн ішінде ауыл ма­- ңындағы сайда тұншыққалы жатқан 50 келідей балық суға жіберілді. Тіршілік иесіне де­ген осындай қамқорлық ша­ралары әлі де жалғасатын болады.   Түгелбай БИСЕН, Зеленов ауданы

Дәндi дақылдардың жартысы жиналды

Күні: , 486 рет оқылды

Биыл  облыс  бойынша 284,9  мың  гектарға  дәнді дақылдар  егілген болатын. Облыстық  ауыл шаруашылығы  басқармасы ұсынған  тамыз айының 22-сі күнгі  мәлімет  бойынша  соның 140  мың  гектары  немесе  дәнді  дақылдар  егісінің  58 пайызынан  өнім  жиналған. Оның  ішінде  күздік  дақылдар 56  мың  940 гектарды,  жаздық дақылдар  83  мың  140  гектарды  құрайды.  Жалпы, нәпақасын  жерден табатын диқан  қауымы егін  орағын орталап  қалды.

Қазір орта есеппен алғанда, әр гектардан 7,8 центнерден өнім алынып, 109,2 мың тонна бидай бастырылды. Мамандар биылғы құрғақшылыққа қарамастан, егін-нің шығымдылығы жаман емес екенін айтады. Өйткені қуаңшылық аймағында тәуекелді егіншілікпен айналысатын батысқазақстандық  диқандар үшін егіннің әр гектарынан 8-9 центнерден өнім алу – шүкіршілік етуге тұратын жағдай. Әрине, бір қарағанда өткен жылғы түсімнен екі есеге кеміп кеткендей көрінеді. Өйткені 2017  жылы 244,7 мың гектар егістік алқабынан 368 мың тонна дәнді дақыл жиналды. Онда әр гектардан түсім 15,1 центнерден келді. Бірақ мұның Ақ Жайық өңіріндегі соңғы 25 жылдағы дәнді дақылдар шығымдылы-ғының ең жоғары көрсеткіші бол-ғанын ескеру керек. – Бүгінде егін шаруашылығы жақсы дамыған Зеленов ауданында дәнді дақылдар егістігінің әр гектарынан 10,2 центнерден, Теректі ауданында 4,4 центнерден, Шыңғырлауда 14,4 центнерден, Тасқала ауданында 5,8 центнерден астық алынуда. Дәнді дақылдарды жинау ауа райы қолайлы болып тұрса, тамыз айының аяғы мен қыркүйек айының бірінші онкүндігінде аяқталмақ. Биылғы құрғақшылыққа байланысты егіс-тіктің күйіп кеткен 44 мың гектары есептен шығарылды. Есептен шығарылған егіс алқабының аумағы егістің 15,4 пайызын ғана құрайды. Биылғы аптап ыстықты ескерсек, бұл соншалықты көп емес, – деді аталмыш басқарманың бөлім басшысы Қуанышқали Есімов. Диқан қауымы қауырт қимылдап, жерден тапқан ырыздығын жауын-шашынға ұрындырмай, жи- нап алуға асығулы. Әлі алда 538 мың гектар жерге егілген күнбағыс, мақсары, қыша сықылды майлы дақылдарды жинау науқаны тұр. Биыл жаздың басында жаңбыр жаумағанмен, шілденің екінші онкүндігінде облыс аумағына жауын-шашын мол түсіп, майлы дақылдардың өсіп-жетілуіне қолайлы жағдай жасалды. Сондықтан шаруалар майлы дақылдардан мол өнім алуға үмітті.   Гүлбаршын   ӘЖІГЕРЕЕВА, «Орал   өңірі»  

Анасын сағынғандар оқитын кітап

Күні: , 728 рет оқылды

КСРО тұсында «біз 60-шы жылдарданбыз» (бұл сөздің авторы бәлкім Евтушенко, бәлкім Рождественский болар) деген танымал тіркес төрге шықты. Классикалық негізі бар қазақ әдебиеті осы жылдардан бастап қайта өрлеу дәуірін бастан кешті десе болады. Күй тілімен айтқанда кіл бір қосбасарлар мен ақжелеңдер туып, шедеврлер шеруі салтанат құрды. Міне, сол жылдары ұлт әдебиетіне ағаларымызды былай қойғанда бір тұстан Фариза, бір тұстан Марфуға, бір тұстан Қанипа, бір тұстан Күләш, енді бір тұстан Ақұштап келіп, Жарасқанның жаз- ғанындай, ақбұлақтардай шапқылап, енесіне жамыраған қозы-лақтай сүйсіндіріп, жылдар жылжи келе әрқайсысы бір-бір ағысқа, арнаға айналды. Ақұштапқа деген оқырман махаббаты «Ақжайық-тың ақ шағаласы» деген теңеумен түрленді. Сөйтіп осынау аламанның ішінен оның да ақындық сапары, Айбергеновше айтқанда, арман сапары басталды. Сол күндерден бастап ұлт поэзиясында Ақұштап Бақтыгереева да өз өрнегін салды. Кілең бір аршылған жұмыртқадай ақ қанатты, ақжал толқын жырлар жаныңның бір нәзік қылын шертті. Әлдебір күрделілікке ие жасан-дылыққа ұрынбаған өлеңдер өртеңге шыққан гүлдей болып үл- біреп, ел көңіліне тез ұялап жат-ты. Себебі оның таңғы шықтай кірпияз, кіршіксіз лирикасы халық шығармашылығымен, мәңгілік мағынасынан ажырамас халық мақамымен қабысып жатқандығынан еді. Небәрі 30 жасында қазақ поэзиясында құбылыс жасаған Төлеген Айбергеновтің осы тұста ғой, Ақұштапқа, Марфуғаларға жалын жыр арнайтыны. Талантты тану үшін де талант керек. Талантты тай кезінен тап басып таныған, сағынышты поэзияның бір жанрына айналдырып жіберген Айбергеновтің тамсанып жыр жазуындай бар екен. Ақжайықтың ақ шағаласы сол күннен бастап-ақ қанаты шолпы суға қанбайтұғын шағаладай шарықтап келеді. Егер мықты болмаса, Мұқағали Фаризаға мұң шаға ма, Төлеген Ақұштапқа назданып сыр аша ма? Бірін-бірі көтерген осындай жүйріктердің арқасында ұлт поэзиясы бүгінде кемерінен ас-қан жоқ па? Әлгінде айтылған ару ақындарымызбен қатар Ақұштап-пен «ауырған» ақын сіңлілерінің де қатары көбейе бастады. Бүгінде де сол биігінен қол бұлғайтын ақынның «Ана сыры» атты кітабын бас алмай оқып отырмын. Белгілі сендік аттан жаңылмасым, Атыңды жырға қостым сағынғасын. Көк тас та жып-жылы боп көрінді,  апа, Бетіне сенің бейнең салынғасын. Ақ айдын айырбас боп тас қалаға, Тұрсам да жанға жайлы баспанада. Парлатып көздің жасын Жайыққа ұшқан Мен, апа, секілдімін ақ шағала. Әркімнің де өз архиві болар. Әсіресе, шығармашылық адамында. Менің де архивімде түрлі жағдайларға байланысты қарапайым, тұлғалы адамдардың тебіреніске толы хаттары, ілтипаты, лебізі бар. Бірақ солардың бір-де-бірі де шешемнің жазған хатындай бола қоймайды десем, сол кісілердің қайсысы да келісер деп ойлаймын. Шешем бастауыш сыныптардың мұғалімі болды. Жазуы маржандай еді. Студенттік жылдарда көп хат жазды. Кейбір хаттары арнайы посылкамен ке-летін. Сол хаттардың көшіп-қонып, пәтер азабын тартып жүрген ұзақ жылдарда жоғалып кетуі күні бүгінге дейін өзегімді өртейді. Бірақ әр жолы санамда сайрап тұр. Өмірдің бұлағай кездерінде сол хаттар маған ерекше күш-жігер, рух береді. Ақынның мына бір жыр жолдары сол бір қап алтынға да айырбастамайтын анамның хаттарын еріксіз есіме түсіріп, көңілімді босатты. Жан сырымдай жағдайды айтқызып отырған да ақын жырының қасиет-құдіреті. Анаға бұл дүниеден ана дүниеге жазылған хаттар. «Әріп білмес оқымыстысына» жазған хаттары. Анасын сағынғандар оқитын кітап екен бұл. Сағыныш деген де бір жанр ғой. Ал  шын суреткер сағындырып жаза алатыны және ақиқат.  Осы бір жазылу формасы мүлдем бөлек хаттар сіздің ойыңызды әр қияға тартады. Себебі әрбір өлең әлдебір күрделілікке ұрындырмай, өмірдің өзінен өріледі. Ананың анаға сыры, жүрек жыры. «Күнде шықты ата-анадай елжіреп» (Абай) де- мекші, сені бәрібір анаңнан артық ешкім түсінбейді. Тіпті бауыр да, бәрі де уақытша. Олардың да өз тірлігі, өмірі бар.  Бір сыныптасым бар. Өнерден алыс адам, тіпті мұрнына исі бара қоймайды деуге де болады. Сол дос «Құдайдың құдіреті, ешқашан ән салған адам емеспін. Ал енді бар ғой Шәмшінің «Ана туралы жыры» айтылған жерде қалай қосылып кеткенімді білмеймін, тіпті тынысым ашылып,кәдімгідей жеңілдеп қаламын» дейді. Ақұштап ақынның ақиқаты да әркімді еріксіз өз ішкі әлеміне үңілдіреді. Өнердің негізгі миссия-сы да адамдармен сырласу, пікірлесу ғой. Ал мына кітаптағы сыр-дың ұшы-қиырына жетпейсің. Әр бетті ашқан сайын өмірдің ашыл-маған не өзіңе таныс, бейтаныс қыр-сырымен бетпе-бет келіп, нұрланып бара жатасың.  Бақилық болса да, қасыңда отырса да анасын кім сағынбайды дейсіз, анасына есейіп кетсе де кім еркелемейді дейсіз? Тіпті ертеректе атышулы қылмыскердің түрмеде отырып анасына жазған сағыныш хатын, Ә. Бөкейханның әңгімесіндегі соқыр балаға не арманың бар де-генде көзім ашылса, анамды бір көрсем болды деп армандайтыны бар емес пе?! Міне, бұл кітап та сол адамзаттың асылы ана алдында бәріміздің де бас иетінімізге тағы бір мәрте иландырады.  Ақынның ағыстары – нұрлы ағыс. Оның жазуында аналардың бәрі ақын тәрізді көрініп кетеді. Сәт сайын сені иіріміне тарта береді, өлеңдері өмірдің өзінен өрілген соң ба, көңіліңде тез жатталып, «адамдар-дың тағдыры, анасын сағынуы қандай ұқсас» деген пікірге ден қойғызып, өз ойыңдағы өмір көріністерімен ұштасып жатады. Бұл ақынның автопортреті. Ана деген ұлы ұғымның көп мағынасының бірі, сірә, ең бастысы мейірім болса керек. Қазіргі жаһандану заманында сол мейірімнің жет-пей  жатуы керек болса, ғаламдық проблемаға айналды. Ана мен баланың көз жасын сүрте алмай дәрменсіз отырған елдер де бар. Бүгінде әдеби зерттеулер нәтижесінде белгілі болғанындай, ең демократиялық ел, алпауыт Америкаңызда аналар туралы туынды көп оқылатын көрінеді. Адам құқықтары айрықша қор-ғалады дейтін елдің өзінде мейірімге зәрулік бар деген сөз ғой. Бұл кітапты да сол мейірімге қойылған ескерткіш деуге болады. Күләш Ахметова айтқандай, «оның анасына арнаған өлең-жырларының әрқайсысында асыл тастай қыз тағдырының қырлары ашылады». Ақжайықтың ақ шаға-ласы Ақұштап Бақтыгереева бүгінде Алаштың «амазонкасы» атанды деуге де болады. Алаш аты аталған жерде ақиқат та оның баламасындай көрінетіні рас. Міне, сол рухты жырдың шоғын үрлеп, сөзді семсер етіп ұстанған ақынның азаматтық болмыс-бітімін жоғары ұстап, ұлттың жоғын жоқтап, мұңын мұңдап қайраткер-лік жолда жүргені де жақсы мәлім. Бүгінде түңілу, торығу басым болып жататын, Құдайдың өзін «құрдасындай» қағытатын қағынған өлеңсымақтарға («Құ-дайдың өзіне көп сұрақ қоятын адам баласы алдымен өзіне сұрақ қоюы керек» – Әбіш.) ақынның азаматтық, арлы поэзиясынан келтіретін нақты мысал жеткілікті. Ол надандықтың исі шыққан жерден қашып жүретін, даналық-тың исі шыққан жерден шалқып, тасып  шығатын  ақын.  Оқиық: Ақ сөйлеп, адал күлетіндермен, Шындықты жақтап жүретіндермен, Сыйластық  сырын  білетіндермен Танысқым келеді менің. Жаманға жағынбайтындармен, Жоқтыққа тарылмайтындармен, Арманнан арылмайтындармен Танысқым келеді менің. Жанары мөлдірегендермен, Жүрегі елжірегендермен, Үмітке сендіре білгендермен Достасқым келеді менің. Мұң-қайғы жеңбейтіндермен, Өсекке сенбейтіндермен, Наданға ермейтіндермен – Бас қосқым келеді менің. Бұл оның өлең-өнердегі өмір-лік ұстанымы, позициясы. Осы ұстанымнан ешқашан танған емес, жалтақ жыр жазған емес.  Бүгінде батыр көп заман. Соның ішінде псевдопатриоттар да баршылық. «Патриотизм – алаяқтардың жамылғысы» деген екен бір данышпан. Бұл тұрғыдан келгенде оның парасатты поэзиясы сол псевдопатриоттар-популистерге арналғандай болады да тұрады.  Оның өлеңдері неге оқылымды? Ол өнердегі егіз стихия қуану мен қайғырудың бағын жандырады. Қолымызға алып, құнығып оқы-ған «Ана сыры» кітабының әр жолынан кезігетін осынау егіз стихиялар сізді тереңге тартады да отырады. Егер режиссері табылса, кітаптағы кейбір өлеңдердің өзі  бір спектакльге сұранып, соның жүгін көтеріп-ақ тұр. Осындайда бір заманда жыр кітаптары негізінде поэтикалық драманың ба-ғын ашқан Райымбек Сейтметов еске түседі. Райымбек дегенде оның жан досы Қадыр Мырза Әлі есімі де қоса аталады. Ал енді «Ана сырындағы» ұлт тұлғалары-ның болмысын биік бедерлеген туындылардың өзі бір төбе десем, қазақтың Қадырына арналған «Көк дөненнің кісінеуі» атты баллада іспеттес жырдың бітімі бөлек жатыр. Өлең емес-ау, кәдімгі картина, сурет, мөлдір мұңды реквием дейікші. Оқиық: Көрсін деп елдің сыйын ақын аға, Ақынды сүймесе олай шақыра ма? Оюмен жабулаған көк дөненді Мүтәлі алып шықты сахнаға. Бір нәрсе мынау жылқы түсінеді, Сезім бар онда жоқ кей кісідегі. Тізгінді Қадыр ақын ұстағанда, Көк дөнен ышқынып кеп кісінеді. Халыққа кісінеді толып тұрған, Ақыннан кеткісі кеп болып құрбан. Көк дөнен кісінеді ақынды аяп, Шал кезде шаба алмайтын жолықтырған. Көк дөнен залға келген айдаладан, Тұрғандай жауап күтіп, айналадан. – Құйғытып, атқа шабар дәуреніңде, Бұл қазақ ат мінгізсе қайда болған? Бұйыру бақытым ғой ақын ұлға, Болар ең өзің ием, жақыным да. Ал сізде төрт ай ғана ғұмыр қалған. Мен сорлы кетем кімнің тақымында? Көк дөнен сахнадан кісінеді. Сезді екен жануардың іші нені? Заманда адамды-адам ұқпай жүрген, Тәйір-ай, жылқыны кім түсінеді?.. Ақында аз болады сайраңдар күн, Шын бақыт табады ақын, ойдан бәлкім. Асылды жоғалтқан соң, жоқтау айтып, Кешігіп жүресің-ау, қайран халқым! Өлеңнің өміршеңдігі, тартымдылығы, құдіреті сонда сіздің көңіл күйіңізді тап басқаннан бұрын, ойыңызға ой қосып, шартарапты шарлатады. Осы Қадыр ағаның 75 жылды-ғында оралдық фотосуретші Рафхат Халелов ғажап сурет түсірді. Қадыр ақын Сырым бабасы ес-керткішінің тұғырына маңдайын сүйеп, қаратасты сүйіп, ағыл-тегіл жылап тұр. Санаулы айлардан соң бабасының жанына барып, өзі де ескерткішке айналатынын, сол күндердің сұмдық сұрапылын жүрегіне жиып жүрген Ақұштап ақын қандай алапат жырға айнал-дырған. Осы өлең бүгінгі Қадыр ақынға қойылған ескерткішпен бірге биіктеп тұрған жоқ па?! Кі- таптағы Мұхит бабамыздың, Мұқағалидың, Елбасының, т. б. болмысын ашуда ақын іргелі ізденістерге бой ұрып, тұлғатану сала-сында үлкен рухани олжа салып кетеді. Буырқаныстар. Тербелістер. Серпілістер. Сілкіністер. Қарама-қайшылықтар. Ақын дарынының биік өлшемін көрсететін осынау стихиялық сұрапылдар (С. Ақсұңқарұлы айтқандай, стихи сөзінің сол түрлі стихиядан тұратыны рас болар) сізді дамылсыз жетелейді де отырады, теңіз толқындарындай бір келіп, бір кетіп жатады. Жалпы, дарынды адамның ойын-да қоғамдық процестердің бәрі сүзгіден өтіп жатады. Әлгінде айт-қанымыздай, оған қарама-қайшы-лықтар да тән. Ал енді елді, жерді сүюге келгенде, Отанын аялауда ақын сол азаматтық биігінде қа-шанда жарқырап көрінеді. Сол көңіл күйін де былай бедерлейді.   Есілдің бойын бөлеген нұрға, Еңсесі биік жас қала Бөленіп жатыр әсем ән-жырға Елбасы салған Астана. Шомылтып бүгін ұрпағын азат Еркіндік таңның нұрына, Тағдырын сеніп тапсырды қазақ Нұрсұлтан атты ұлына. Егемен алған Даланың көркін Танытып тегіс басқаға, Әлемге құшақ жаяды еркін Елбасы салған Астана!   Тұлғаға, Елбасына құрмет – елге құрмет. Бүгінде өзі де сол құрмет биігіне көтерілген Алаштың бір айымы Ақұштап ақынға қандай құрмет көрсетілсе де жарасып тұр. Қали   СӘРСЕНБАЙ, Қазақстанның  еңбек  сіңірген  қайраткері («Егемен  Қазақстан» №154, 15 тамыз 2018 ж.)

Жат ағымның жетегінде кеткендер соқыр сенімнің құрбанына айналуда

Күні: , 280 рет оқылды

Ел тәуелсіздігін алғаннан  кейін жерлестеріміздің  дінге ден  қоюы күрт артты.  Әрине,  мемлекет дінге  қарсы  емес, діншілдікке шектеу қоймайды. Десе де, ақ-қарасын айыратын  діни  сауаты  болмай тұрып, әлемде  етек алған  теріс, дәстүрлі  емес  жат діни  ағымдарға  көзсіз еру,  соншалықты сенудің соңы жақсылыққа  апармайтындығын  өмір  көрсетті.  Оның   залалы,  жүректерді  жаралаған  зардабы, өкініші  аз  емес.

«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген дана-лық сөз бар. Осы қағиданы ескермеген қоғам алдын алмаған-дықтан, саны көбейген жат пиғылдылардың ел тыныштығын бұзу әрекеттерін болдырмау үшін күресуде. «Батпандап кірген ау-ру мысқылдап шығады» демекші, кемшілігіміздің орнын толтыру, теріс ағымға ілескендерді қойдыру оңай болып отырған жоқ. Неге мұндай жағдайға келдік? Облыстан шалғай жатқан ауданда теріс діни ағым қай-дан пайда болды? Бұл сұрақ ұрпағының ертеңіне алаңдаған қай адамды да ойландырары хақ. Демек, осы сұраққа жауап іздеп көрелік.   Діни  сауаттылық  жетіспеді Бұл басты себеп деуге болады. Бұрын аудан ішінде діни оқуы терең, тіпті оқуының күш-тілігімен пері ұстаған Жұбан сияқты адамдар болғаны анық. Одақ құрамында болған ұзақ мерзім қазақты діннен бездірді. Мектептерде «Құдай жоқ» деп оқытып, діни сауатты  молдаларды қудалады, діни мұраларды жойды. Қысқасы, «Құдайдан безген, өлерде иманын айта алмайтын, күнәһарлығы мол» адамдар тәрбиеленді. Сөйте тұра, бәрібір бір құдіретті күштің барын білетін үлкендер жағы жүрегіне иман- дылық ұялатты, сырты сыр білдірмесе де, іштей дінін құрметтегені анық-ты. Одақ ыдырады, еркіндік алған мемлекет халықтың дінін ұстануына еркіндік берді. Өйт- кені Құдайдан қорқу, имандылық, обал-сауап, адалдық, күнәһарлық жасамау, басқа да адами қасиеттерді бүгінгі ұрпақ бойына сіңіруде діннің көмегі қажет еді. Тап осы кезеңде діни са-уатты адамдар ауданда жоқтың қасы болды. Рас, қай ауылда да Құран оқып, өлгеннің жаназасын шығаратын молдалар болды. Бірақ олар Құ- ранның аят, сүрелерін жаттағанмен, оның не туралы екенін өздері жөнді түсінбейтіндер еді. Бұл радикалды идеологияның аса ықпалды жұмыс жасауына жол ашты. «Аңқау елге арамза молда» деген, теріс діни ағым ұстанушылар тәрбиесі тоқырап, не істерін білмей жүрген көзсіз  жастардың санасын тез улап алды.  Діни сауаты жоқ жастар жедел радикалданып, жат ниетке бой алдырды. Жаңақалаға теріс діни ағым қайдан келді? Әрине, сырттан келді. Теолог мамандардың айтуынша, шетелмен, соның ішінде радикалды идеологиясы өрістеп тұрған елдермен араласы бар Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарына маусымдық жұмысқа барған жастар санасын улап келді. Алдымен олар өз отбасын, сосын ағайын-туыстарын еліктірген. Сөйтіп, олардың қатары елеусіз көбейген. Және олар сондай ұйым-дармен байланыста болған. Біздің қателігіміз – басында мұны елемедік. Елегенде, олармен жұмыс жүргізетін молдаларымыздың діни сауаты жоға-рыдағыдай болды. Сөйтіп, өрттің өршуіне жол беріп алдық.   Асқынған  ауру  алмай  қоймайды Бізде де солай болды. Сақал қойып, балағын кескендер, бет-жүзін қалдырмай қара жамылған қыз-келіншектер көбейді. Өздері ешкімге ұрына қоймаса да, жалдарына қол апартпайтын адуын мінез, асқан ұйымшылдықтары барын байқатты. Жап-жас жандардың беттерін тұмшалап, қара көйлек киюі – салтымызда жоқ, дәстүрімізге қайшы нәрсе. Бұл біздің сана-сезімімізбен үндеспейді, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік талаптарына  сай келмейді. Рас, қазақ әйелі кимешек киген, бірақ бетін тұмшалап, қара киім кимеген. Нағыз мұсылмандық қауға са-қал қойып, балағын кесіп, бет тұмшалап, қара киім киюмен емес, ішкі жан дүниесі, иманды істерінен танылғаны абзал емес пе? Теріс діни ағымға ергендер мұнымен шектелмей, қыздарын мектепке де осындай киіммен жіберіп, нәрестелеріне жоспарлы екпе жасатудан бас тартты.Аудан жағдайында мектепке діни атрибуттағы киіммен барған бір қыз бала болды. Жүргізілген түсіндіру жұмыстары нәтижесінде ол мектеп формасын киюге көнді. Ал жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында жасалатын жоспарлы екпеге биылдың өзінде аудан бойынша 23 отбасы 40 нәрестені әкелмей отыр. Ол нәрестелердің ертеңгі өмірлерінің өкінішті болмауына кім кепіл? Тағы бір аңғарғанымыз – теріс діни ағымға қосылған әйел адамдарда ерік болмайды, ар-намысты ұмытады, көнбіске айналады, ер-кектердің айтқанын екі етпейді. Екінші, үшінші әйел етіп алса да, «талақ» деп тастаса да, көнеді. Бұған бір мысал, осы ағымдағы ауылдың бір мүгедек жігітіне әріптестері екі рет әйел әкеліп берді. Өзі тамақтануға, киінуге, дәретке отыруға мүмкіндігі келмейтін мүгедек жанның жұбай-лық өмірге де жағдайы жоқ-ты. Соны біле тұра, әйелдікке келуі  оның еріксіздігін көрсетпей ме? Екі әйелі де тұрақтамады. Мұның бәрі біздің елдің салтына, дәстүріне, заңына қайшы әрекеттер екенін аталған адамдар түсінсе дейміз.   Жат пиғылдылар жазаға тартылды Қазір әлемнің қанша мемлеке-тінде қазақстандық жастар білім алуда? Қаншама жас жұмыс жа- сап жүр? Олардың қаншасы теріс идеологияның ықпалына бас иді? Теріс діни ағымды таратушылар-дың бір жолы солар емесіне кім куә болады? Бұрын террористік топтардың лаңкестік істерін теледидардан көріп, басылымдардан оқып, жанымыз түршігетін. Енді солардың арасында қазақстандықтардың аз еместігін еститін болдық. «Еститін» дейміз-ау, көзіміз көре бастады. Өйткені олар өз ауылымыздан шығып отыр. Сирияға аттанған ауылдастарымыз ұсталып, сотталды. Оның бірі арбаға таңылған мүгедек екенін естігенде қалай таңданбайсың?! Кешегі Ұлы Отан соғысында-ғыдай ел басына күн туса, сол мүгедек жан Отанын қорғауға құлшынып, соғысқа сұранар ма еді? Олай болса, «нағыз патриот» дер едік. Сирияға барып кімді қорғайды, кім үшін, не үшін өмірін қимақ? Теріс үгіттің құрбаны боларын өзі біле ме екен? «Тек жүрсең, тоқ жүресің» дейді қазақ. Тек жүре алмай, лаңкестік жасамақ болған теріс ағымдағы жерлестеріміздің бір тобы ұсталып, сотталып кетті. Қалай қын-жылмайсың?! Айдың-күннің аманында өз еліне қастық ойлап, не естерінен адасты? Бала – бауыр еті, олардың ата-анасы «аһ» ұрып, асыраушысынан айырылған отбасы – әйел, бала-шағасы опынып қалды? Кімге пайда, кімге зиян? Нағыз қызықты өмір кешер ша-ғында уақытын қапаста өткізу өкі-нішті емес пе?! «Адасқанның айыбы жоқ, қай-тып үйірін тапқасын» дейді қазақ. Енді мәселенің екінші бетінен келейікші. «Сүрінбейтін тұяқ жоқ». Біз бүкіл қоғам болып соларға «адасқандарын» ұғындыра алдық па? Мақсатымыз – жазалау емес, ұғындырып райларынан қайтару, қатарымызға қайта қосу ғой. Бұл жұмыс қалай жүргізіліп жатыр? Нәтижесі қандай? Қазір ауданда бір теолог тұ-рақты қызмет істейді. Жыл ішінде облыстан теологтар, басқа да тиісті ұйымдар өкілдері дүркін-дүркін келіп, жүйелі жұмыстар жүргізуде. «Адасқандар» – өз бауырларымыз. Сондықтан оларға ел ішінде бөтен ниет қалыптасқан жоқ. Қажет болса, қолдау көрсетуге де дайын.Осындай жоспарлы жұмыстар жүргізу нәтижесінде аудандағы «теріс діни ағымдағылар» тізі-міндегілер саны біраз азайды. Олардың біразы дәстүрлі  дін жолына түссе,  кейбірі дін жолын ұстанудан бас тартыпты. Бұл ай-тылғандар аз да болса, көңілге медеу. Тұрақтылық – басты байлығымыз. Әуелден аштықтан тыныш-тықты тәуір көрген халықпыз. Бө- лініп, бөріге жем болмай, бірлесіп берекемізді сақтағанға не жетсін?! Адасқандарды айыптай бермей, дұрыс жолға түсуіне жәрдемдессек, ұтарымыз аз болмайды. Алдымен адаспайық, ағайын! Адассақ, дұрыс жол табуға ты-рысайық! Өмірзақ   АҚБАСОВ, Жаңақала   ауданы

Көне таpихқа бай Көнеккеткен

Күні: , 728 рет оқылды

Елбасының «Қазақстанның  киелі жерлерінің  географиясы» атты  бағдарламасы  бойынша  өлкетану  жұмыстарын жандандыру  Ақжайық ауданында  басты  назарда ұсталуда.  Аудандық  тарихи-танымдық  экспедиция  өткен  уақытта  біраз тәжірибе  жинақталды. Экспедиция  биыл  да  біраз ауқымды істі  жоспарлады. Ал биылғы  алғашқы  сапар Көнеккеткен  ауылдық  округіне  арналды.

Әрине, бұл Көнеккеткенге бірінші сапар емес. Өт-кен жазда мұнда көне эпиграфикалық ескерткіштерді зерттеу қолға алынған-ды. Республикаға белгілі журналист Қазы-бек Құттымұратұлына 8 құлпытасты оқытудың өзі зерттеушілерді іске одан әрі жігерлендірді. Көне жазуды оқи алады деген жандармен хабарласып, Бөкей ордасы тарихи мұражай-кешенінің бөлім меңгерушісі Гүлмару Самиғоллақызына 21 құлпытасты оқыту және 24 құлпытасты фотоға түсіріп, зерттеуге дайындау атқарылды. Ізденіс жалғасуда. Толық оқылған құлпытастардың ішінде, мысалы, ерекше көзге түскенінің бірі – Өтеген Ерубайұлынікі. Оның моласы Қойбас қорымында. Ол Үкі би заманында би, старшын болған екен. Осы кісі туралы әлі де тың деректер жиналуда. Мектепте биыл өлкетану мұражайының ашылуы да жас ұрпақтың толымды тәрбиесі үшін қарымды бір қадам болды. Мұнда, мысалы, «Құлпытастар – кешегінің куәсі, бүгінгінің иманы» айдарымен материалдар толықтырылуда. Ата-жұрттың рухын асқақтату, ұл-қызға туған топырақтың қадір-қасиетін тереңірек ұғындыруға ұмтылыс деген осы емес пе?! Ауыл азаматтары, мұғалімдер экспедициямен ынтымақта ауыл-дан алты шақырымдай жерде орналасқан Қойбас қорымына да назар аударып келеді. Профессор М. Вяткиннің «Сырым батыр» де-ген еңбегінде айтылғандай, Қойбас би Исатаймен, Жәңгір ханмен тұстас ел билігіне араласқан. «Сондай-ақ Әйтімбет қорымы да терең зерделеуді қажет етеді», – дейді олар. Бұл қорымда елуден астам құлпытас бар. Мұнда қазақ тарихында өзіндік орны бар тұлғалар да, сәулет өнерінің үздік туындысы саналатын әдемі ескерткіштер де көп. Экспедиция мүшелері округтің Кеңсуат ауылы іргесіндегі Шеңберсай қабағында орналасқан Шалқар – Қарасу болыстық мектебінің орнында болды. Мұнда И. Қашқынбаев, М. Жолдыбаев, Д. Асанов сынды ақжайықтық Батыс Алашорда қайраткерлері білім алған. – Бүгінде кірпіштерінің сынығы ғана қалған, аумағы атшаптырым білім ордасына маңдай тірегенде алашшылар рухымен тілдескен-дей күй кештік. Сол жердің ерек-ше аурасының әсері ме, әлде өзім көңіл ауанына берілдім бе, білмеймін, бүгіннен бір ғасыр бұрын Алаштың ақ туын желбіреткен сол боздақтардың бала күнгі іздерін мектеп ауласынан іздей бердім. Болашақта бұл жерге ескерткіш орнату жөнінде тұрғын-дар бастама көтеріпті. Сөз жоқ, құптарлық сауапты іс болар еді.  Ауыл-елдің өткенді білуі келе-шекке берік көпір қалайды. Со-нымен бірге Кіші Қарасу, Қайлау, Қызыл Ақырап, Қамыстыкөл т.б. қорымдарда болдық. Бұларда арабша таңбаланған жүздеген қадау-қадау құлпытас пен кезін-де зәулім етіп саз балшықтан тұрғызылған қабырүсті бөліктері-нің бүгінгі үйінділерінен көненің күмбірі жаңғырғандай сезімде болдық. Аталған орындар күні бүгін де, әрине, көнеккеткендік- тер үшін қастерлі саналады. Есімдері бүгінге аңыз-әңгіме бо-лып жеткен әулиелерге, белгілі діни ағартушыларға, халық емші-леріне жергілікті тұрғындар зия-рат етеді, басына ақтық байлап, түнейді, құрбандық шалады. Батырлардың, рубасыларының ерлік жорықтары мен халқына жасаған қамқорлығы жастар арасында, мектептегі тәрбие сағаттарында жиі әңгімеленеді. Жас ұрпақтың атамекен шежіресінен білімінің толығуы бүгіндегі ақпа-раттық агрессиядан қорғану, рухани дағдарыстан ада болу деген сөз, – дейді экспедиция құра-мындағы журналистика ардагері, өлкетанушы  Бақтығали  Қоспаев. Аты аңызға айналған Әйтімбет (Әйтімбет Қаратайұлы), Әліп ба-тырлар, аруақты Қаймош ата мен Қайлау баба, Қожабек, Керей есімді әулиелер жайында деректер де осы сапар барысында олардың күнделігіне түсті. Қайлау қорымы мен Тайлан құдығы, Нарөлген жә-не Жезбұға атауларына қатысты әңгімелер жазып алынды. Соның бәрі келер күндердегі арнайы жинаққа  енгізілетін  болады.   Бекем   БЕКҰЛЫ Ақжайық   ауданы

«Ізгі істер әлемі»

Күні: , 272 рет оқылды

Оралдағы мектептен тыс жұмыс орталығында «Мектепке жол» акциясы «Ізгі істер әлемі» атты ұранмен өтті. Шараға  ерекше оқытуды қажет ететін балалар мен олардың ата-аналары шақырылды.

Орталықта он жылдың көлемінде инклюзивті тәрбие жүйесі қалыптасқан. Осы уақыт аралығында түрлі үйірмеде 100-дің үстінде ерекше оқытуды қажет ететін оқушылар өз бойларындағы шығармашылығын шыңдап келеді. Сондай дарынды балалардың  бірі – Шыңғыс Сапиев. Ол БҚО бойынша 100 дарынды балалар қатарында. Есімі «Дарынды балалар» кітабына енген. Облыс әкімі Алтай Көлгіновтің қабылдауында болып, бала арманымен бөлісіп, ірі кәсіпкер, мультимиллиардер болсам деген ойларын жеткізгені барды. Бүгінде кішкентай мульти-миллиардер өз ісін бастап кетті. Шыңғыс «Тұрақты даму үшін экологиялық білім бойынша бала-лар бизнес-жобалары» байқауына қатысып, демеушілерден 150 000 теңге ақшалай қолдау сыйлығын иеленді. Сол қолдау ақшасына сыныптастарына өзі жасаған мас-сажды жилет, шарлар сыйлады. Одан артылған ақшасына ұлттық ойындарды дамыту бағытын-дағы өз бизнесіне салып, киіз үй нақышында асықтарға арналған қоржындар жасауда. Аталған ша-раға жиналған қауым Шыңғыстың қоржындарын көріп, байғазысын берді. Сонымен қатар өзге бала-қайлар да өз өнерлерімен бөлісті. Акцияға «Веселая идея» дүкені-нің директоры, жеке кәсіпкер А. Ищенко, «Мир образования» дүкенінің директоры Ш. Нутфул-лин, «Еуразия» банкі, жеке кәсіпкер М. Кульшириналар қолдау көрсетіп, қажетті оқу-құралдары мен тәттілерін ұл-қыздарға сыйға тартты.   Гүлнәр   ШӘҢГЕРЕЙ, Орал   қаласы

Жол апатынан қаза болғандар саны 61,5 пайызға артқан

Күні: , 47 рет оқылды

Кеше облыс әкімінің орын­ба­сары Ғаби­долла Оспанқұловтың төрағалығымен об­лыс әкімдігі жанындағы құқық­бұ­зу­шы­лықтың алдын алу жөніндегі ведомство­ара­лық  комиссия­ның  кезекті  отырысы  өтті.

Жиында құқықбұзушылықтың алдын алу бо­йынша 2017-2019 жыл­дар­ға арналған кешенді жоспардың орындалу барысы пысықталды.«Өзің­нен баста!» жобасын іске асыру бойынша облыстық ІІД жергілікті полиция қызметі және жер­гілікті атқарушы органдардың өзара іс-қимылы жөніндегі мәлімдемелері тың­далып, 2018 жыл­-ғы алты ай қорытындысы бойынша бөтен­нің мүлкін ұрлау, соның ішінде мал ұрлығы­ның алдын алу бойынша қабылдан­ған шара­лар мен кәмелет­ке толмағандардың жазғы демалысын ұйымдастыру жәйттері жан-жақ­ты әңгімеленді. Сондай-ақ облыс аумағында жол-көлік оқиға­ла­рының алдын алу бойынша қабылданған шара­лар туралы бүгінгі таңдағы өзекті мәселелер қаралды. – Соңғы уақытта полиция қыз­ме­тіне жалпы қоғам, сондай-ақ мемлекет басшылығы тара­- пынан үлкен мән берілуде. Өйткені елімізде қа­­лып­тасып отырған қылмыстық ах­уал соған итер­- мелейді. Құқық қор­ғау – қашан да алғашқы ке­зекте тұра­тын қоғамдық қызмет. Бүгінгі оты­­- рысқа облысымыздағы барлық ау­данның әкім­дері селекторлық ре­жимде қатысып отыр. Осын­- дай ке­ңестерде құқық қорғау саласына қа­тыс­ты қоғам тарапынан көтеріле­тін бірде-бір мә­- селе назардан тыс қалмауы тиіс. Сон­дықтан бұл жиын­ның маңызы аса жо­ғары екенін ес­- ­те­ріңіз­ге сала кетейін, – деді облыс әкімінің орынбаса­ры Ғабидолла Аб­доллаұлы  жиынға  кіріспе  сөзінде. Облыстық жергі­лікті полиция қыз­ме­тінің басшысы Манарбек Ғабдул­­лин­нің баяндауын­ша, елі­­мізде құқық­­бұзушылық­тың ал­дын алудың 2017-2019 жылдарға арналған ке­шенді жоспары қо­ғам­дық қауіпсіздікті арт­тыру бойынша тап­сыр­маларды іске асыруға бағыт­талған. 2018 жыл­ғы алты айдың қорытын­дысы бойынша қабылданған шаралар­дың нәтиже­сін­де қоғамдық орын­дарда, көшелерде құ­қықтық тәртіпті және аза­маттардың қауіпсіздігін қамта­ма­сыз ету, отбасы-тұрмыстық қа­рым-қатынас­- тар саласын­да­ғы, мас күйде жасалатын құқық­бұзу­шылық­­тар­дың, кәмелетке толмаған­дар ара­­сын­дағы құ­қықбұзушылықтар­дың ал­дын алу бо­йынша жос­парланған нысанды ин­ди­ка­тор­лар­дың  орын­да­луына  қол  жеткізілген. Облыстағы жол-көлік оқиғаларының саны 20,5 пайызға, олардың салдарынан жарақат алған­дар санының 27,2 пайызға төмендегенімен, қа­за болғандар саны 61,5 пайызға өскен. – Жол-көлік оқиғалары салдарынан қаза бол­ғандар санының өсуінің негізгі себептері респуб­ликалық жә­­не облыстық маңызы бар жол­дар­­дағы қозғалыстың көбеюі болса, мұндай оқиға­лардың бірден-бір басты себебі – жол қозғалы­сына қатысушылардың жеке тәртіпсіздігі және жол жүру ережелеріне сал­ғырт қарауы салда­ры­нан орын алады. Жол-көлік оқиғаларының салдарынан қаза тапқандар санының өсуіне Ақ­жайық, Зеленов, Сырым, Қазталов, Тасқала, Шың­ғырлау және Орал қаласы тарапынан жол бе­­- ріліп отыр. Бүгінгі таңда бұл бағыт­тағы жұмыс­тар – жергілікті полиция қызметі басшылығының қатаң бақы­лауында тұрған мәселелердің бірі, – деді  Манарбек  Серікқалиұлы. Жиын барысында өңірдегі  тиісті  басқармалар­ға  құқықбұзушылықтың  алдын алу  ағытындағы  жұмыстарды  жоғары  деңгейде  өткізу  қажеттігі  жөнінде  тапсырмалар  берілді.   Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ, «Орал  өңірі»

«Алыстан арбалағанша…»

Күні: , 53 рет оқылды

Отандық  медицина  саласына  жарты  ғасырға   жуық  ғұмы­рын  арнаған  ҚР еңбек  сі­ңірген  дәрігері,  бақандай  17  жыл  (1980-1997 жылдары)  Батыс  Қазақстан  облысының  денсаулық  сақтау  басқармасын басқарған  Бақтығали  Ахметов 78  жасқа  қараған  шағында жанарының  сыр  бере  баста­ғанын  айтады.  Облыстық  клиникалық  аурухананың  дәрігерлері  оң  көзіне  ақ  түскенін  (катаракта)  анықтап,  күрделі  отаны  Ресейдің  Орынбор  қаласында орналасқан  академик  С. Н. Федоров  атындағы  «Көз  микрохирургиясы»  орталығына  барып жасатуға  кеңес  береді.

Ақпан айында Орын­бор­дағы орталыққа барып, оң жақ көзіне ота жасатқан Бақтығали Ахметұлы екі күн ішінде алдын ала ме­дициналық тексерістен өту үшін 12 мың ресей рублін, ал ота үшін 33 мың рубль қаржысын жұмсайды. Оған жолақы мен қонақүй шығынын қосыңыз.   – Денсаулықтың ең қымбат бай­лық екені айтпаса да түсінік­ті ғой, алайда отадан кейін кө­зімнің көруі жақсармады. Орта­лықтан шығарда өзіме ота жа­саған дәрігер емес, екі жас ма­ман тексеріп көріп, «бәрі жақ­сы» деп қорытынды жазып бер­ді. Осы саланы бүге-шүгесіне де­йін білетіндіктен, негізгі маман­дығым хирург болғандықтан, бұл жағдай менің көңіліме қаяу салды. «О заманда бұ заман, отаны жасаған дәрігердің науқас­ты толық тексеруден өткізбей, жібере салғаны қайткені?» де­ген сұрақ сол күйі көкейімде жауапсыз кетті. Елге қайтып оралған соң да оң көзімдегі тұ­ман сейілмеді. Біраз уақыт өткен соң жазылып кетер деп тағы бірнеше ай жүрдім. Ота жаса­ған дәрігерге хабарласқаным­- да жуырда Оралға іссапармен келетін орталықтың дәрігерле­ріне жолығуымды сұрады. Бардым. Олар да «Ешқандай ауытқу жоқ, бәрі дұрыс» деп көзге тамызатын екі-үш дәрі жазып берді. Әйткенмен, жағдайым бұ­дан кейін де жақсармады. Келесі жолы келгенде орынборлық көз дәрігерлеріне тағы қаралдым. Бұл жолы ауырып жүрген оң кө­зім жайына қалды, «Сізге сол көзіңізді емдету керек. Орын­бор­ға келіңіз, ота жасаймыз» де­ген жауап естідім. Ашуым кел­ді. Сыбап жібере жаздадым. «Сот­қа беремін» деп шу көтерген соң ғана дәрігерлер орталықпен хабарласып, бір-бірімен кеңесіп, жүгіре бастады. Қайтадан Орын­борға келуімді өтініп, көзімнің саулығын егжей-тегжейлі тексеруге уәде берді, – дейді ақсақал. Сканер қондырғысы арқылы науқасты қайта тексеруден өт­кізген орынборлық дәрігерлер бұл жолы оған торшадағы егде жасқа байланысты дистрофия­лық өзгерістер деген диагноз қояды. Оны емдеу үшін әрқайсысы 26 мың рубльге бағаланатын үш ек­пе алу қажет екенін айтады. – Екпе жасатуға келгендер көп екен. Кілең Ақтөбе, Атырау, Маң­ғыстау, Қызылорда облыстарынан келген қазақтар. Екпе егетін бөлменің есігін күзетіп, 3-4 сағат отырдық. Кезекте тұрғандардың шеті мен шегі жоқ. Дамылдайтын отырғыш та қойылмаған. Емде­лушілердің біреуі тоғыз рет, енді бірі осымен 17-ші рет екпе жа­сат­қалы келіп отырғанын айтты. Олардан «Екпеден кейін өзгеріс бар ма?» деп сұрасам, кілең «Жағ­дайым нашарлап та кеткен жоқ, жақсара да қоймады» деген жа­уапты естимін. Әр екпе 130-140 мың, бір ота орта есеппен 500 мың теңге тұ­ратынын қаперге алсақ, қазақ­- стан­дықтардың көрші елдің қа­зынасына миллиондап емес, мил­лиардтап ақша құйып жатқа­нын аңғару қиын емес. Өз басымнан өткесін айтып отырмын, орын­борлық дәрігерлер жасаған ем- домды біздің жергілікті дәрігер­лер де жасай алады. Ол үшін біздің емдеу мекемелері зама­науи медициналық құрал-жаб­дық­тармен қамтамасыз етілуі керек, – дейді тәжірибелі хирург. Бұл, әрине, мыңнан бір мысал болуы да мүмкін. «Әркімдікі өзі­не ай көрінер көзіне» деуден де аулақпыз. Бірақ шетел аспай-ақ, өз елімізде глаукома мен ката­ракта дертінен құлан-таза сауы­ғып жатқандар көп. Орынборлық дәрігерлер емдеуден бас тартқан бір құрбымның жуырда астана­лық ақ халаттылардың көмегі­мен көзәйнек тағудан біржола құтыл­ғандығының куәсі болдым. «Тал­ғамға талас жоқ», дейтұрғанмен, қалтаңызды қағатын шетелдік дәрігерлердің мықтылығына көз­сіз сене бермей, бір мезет «Алыс­тан арбалағанша, жақыннан дорбала» деген қағидаға беріктік танытып, отандық дәрігерлерге де сенім артып көрген абзалырақ па деген ой келеді. Сіздің не алып-қосарыңыз  бар,  оқырман?   Динара   ӘЛПЕЙІСОВА, «Орал өңірі»

БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика