Мұрағат: 20.08.2018


Ұлттық ойындар ұлықталды

Күні: , 1 325 рет оқылды

Сенбі  күні  «Ақжайық»  стадионында  спортшылардың кәсіби  мерекесіне орай  салтанатты  жиын  өтті.  Шараға облыс  әкімінің орынбасары  Ғабидолла  Оспанқұлов  және спорт  саласының  ардагерлері  мен  спортшылар  қатысты.

– Биыл облыс әкімінің білім алып, өмірден өз орнын табуға талпынған жастарға арнап 100 гранты бөлінген болатын. Соның ішінде спорт саласы да бар. Жастарымыздың спорт саласының маманы болуға өте жоғары ынта білдіріп отырғандары қуантуда. Олардың  спорттың жүйелі түрде дамуына өз үлестерін қосатындары сөзсіз. Бүгінде спортшыла-рымыз көптеген жетістікке жетуде. Индонезияда өтіп жатқан Азия ойындарында жерлестеріміз спорттың алты түрінен сынға түсуде. Олардың жеңіспен оралу-ларына тілекшіміз. Осы салада қызмет етіп жүрген барлық спортшыларды мерекелерімен құттық-таймын! Жеңісті күндеріміз көп болсын! – деді шарада сөйлеген Ғабидолла  Оспанқұлов. Мұнан соң Ғабидолла Абдолла-ұлы ел спортына лайықты үлес қосып жүрген бір топ сала маманына облыс әкімінің, ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің алғысхаттарын  табыстады. Сонымен қатар спортшылардың жетістіктерін елге бірінші болып жеткізіп жүрген «Жайық Пресс» медиахолдингі мен облыстық «Ақжайық» және қалалық «ТДК-42» телеарналарына облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының алғысхаттары мен сыйлықтары  табыс  етілді. «Мен неліктен спортты жақсы көремін?» және «Мен ұнататын спорт түрі» тақырыптарына шығарма жазу мен сурет салу байқауында жүлделі орындарға ие болған бірқатар мектеп оқушылары  да марапатталды. – Облысымыздың каратэ құрама командасы осы күнге дейін жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Кәмила Жоламанова Жапонияда өткен Азия чемпионатында қола медаль алса, Түр- кияда өткен халықаралық турнирде бірқатар шәкіртіміз чемпион атанды. 2020 жылы Жапония- ның  астанасы – Токиода өтетін олимпиадада топ жарсақ деген үміттеміз.  Барлық спортшыларды бүгінгі мерекелерімен құттықтаймын! – деді каратэден БҚО бойын-ша аға жаттықтырушы Ринат  Мерғалиев. Салтанатты шараға арнап тігілген ақ шаңқан киіз үйлерде қала тұрғындарына бауырсақ пен көже ұсынылды. Қазақ күресі, асық ату, арқан тарту, алтыбақан тебу секіл- ді ұлттық ойындар да назардан тыс қалмады.   Есенжол   ЕЛЕКЕНОВ, «Орал   өңірі»

Бағбан келін

Күні: , 588 рет оқылды

Мен Ләззат Шағатай әріптесіммен осыдан төрт жыл бұрын «Орал өңірі» газетінің редакциясына қызметке орналасқан кезде таныстым. Кейін араласа келе, өзімнен он шақты жас кіші қарын-дасымның жақсы қадір-қасиеті аз еместігіне көзім жетті. Ол өте еңбекқор жан. Қай шаруаға кіріссе де, үйіріп алып кетеді. Оралдың «Кең дала» шағынауданында тұратын Ләззат көктем шыға қазан-ошағын сайлап, жаз бойына сонда күнделікті  тамағын дайындап, отқа нан көмеді. Үйден тәтті торттар пісіруді, бүлдіршіндер киімі мен қуыршақ тігуді де шебер меңгерген. Түрлі түсті моншақтардан әдемі гүл өру де қолынан келеді. Бір сөзбен айтқанда, он саусағы-нан  өнер тамған  жан. Отағасы Арман екеуі шаңырақ құрған соң жер телімін алып, маңдай термен үй де салып алды. Аядай ғана ауласын бас-аяғы 1-2 жылда жеміс ағаштары мен гүлзарларға толтырды. Жеміс ағаштарының көбін жанында жүрген жомарт жандар берсе, кейбірін базардан сатып алды. Шағын ғана аулаға егілген алма, сары өрік, қара өрік, шие ағашта-ры, құлпынай мен таңқурай көп ұзамай жемісін бере бастады. – Бау-бақша баптау маған қанмен берілді десем, артық айтқандық болмас. Атам Шағатай ұстаздық қызметпен қатар барлық балаларын бағбандыққа баулыды. Тайпақ ауданына қарасты Қарауылтөбе ауылынан он шақырым жерде «Шағатай бақшасы» деп аталып кеткен жер бар. Атырау өңірінде тұратын нағашыларым да бау-бақша егумен мықтап айналысты. Бала кезімізде қыдырып барғанда ауласы жайқалған гүлге, жеміс-жидекке көмкеріліп тұратын. Бала күнімізде әке-шешеміз алты ай жаз бойына бағбандықпен шұғылданғандығын көріп өстік. Сонау тоқырау заманында бау-бақша біздің отбасымыздың табыс көзіне айналды. Біздің үй жаз бойына бау-бақша баптап, қауын-қарбыз сатып, бақша өнімдерінен 500 шақты банкі жауып, қыста саудалап, пайда табатын. Жазғы демалыста қыдыру дегенді білмеуші едік. Ерте көктемнен қара күзге дейін бақшада еңбек ететінбіз. Содан болар, гүл көрсем, терек көрсем болды, қасынан оңайлықпен кете алмаймын. Мектеп бітіріп қалаға келгенде «Бау-бақша салатын шағын ауласы бар, жер үйім болса екен» деуші едім. Биыл отасқанымызға небәрі бес жыл болса да, шап-шағын ғана жер үйі-міздің ауласы тал-терекпен жайнап тұр. Жалпы, алақан жайып, біреуден көмек күтетін немесе біреудің «нанына» ортақтаса кететін жандардың қатарынан емеспін. Не нәрсеге болсын тер төгіп, еңбек еткенді жаным қалайтыны рас, – деді Ләззат. Өткен жыл Ләззат үшін қуанышқа толы болды. Тәп-тәтті қылығымен ата-анасын қуантып жүрген қызы Аяжанның соңынан Жантөре есімді ұлы дүниеге келді. Бала күтімімен отырса да, ол еңбектен қол үзген жоқ. Ке-лінінің еңбекқорлығын көріп-біліп жүрген қайын атасы бала-келіні мен немерелеріне арнап саяжай алып берді. Жақында кейіпкеріміздің қаланың түбіндегі «Бортау» жақтағы саяжайына бардық. – Жылда ерте көктемде үй ауласындағы аядай жерге гүл  мен бау-бақша егетінмін. Адамда арман біткен бе? Сол кезде «Ауласы кең саяжайым болса, ішін жеміс-жидекке толтырар едім» деуші едім. Ол тілегім де орындалды. Саяжайда алманың, өріктің, шие мен жүзімнің, құлпынай мен таңқурайдың бірнеше түрі бар. Сонымен қатар қияр, қызанақ, тәтті бұрыш секілді бақша дақылдарын ектік.  Тіпті, саяжайдың бұрынғы қожайыны лимон ағашының бір түрін де өсіріп қойыпты. Өзім бала күтімімен отырғандықтан, уақытымның көп бөлігін саяжайда өткіземін. Аулада шағын үй, монша, сарай салынған. Піскен жеміс-жидектерден тосап қайнатып, салат жасаймын. Қысқы мезгілге де мол қор жинап алдым. Дастарқанымыздан артылғанын сатып та жатырмын. Ең бастысы, ұл-қызымның табиғи таза өнім тұтынатындығы қуантады. «Бау-бақша егіп қайтесің? Керегің базар мен дүкен сөрелерінде толып тұр ғой» деп ақыл айтатындар да аз емес. «Еңбекпен келген нан тәтті» дегендей, адал термен тапқан ризықтың орны бөлек. Саф ауамен тыныстап, саяжайдағы әр тал гүлді, бау-бақшаны баптағаннан рахаттанып, жаныма ләззат аламын. Бұл жерде тіпті ұялы байланыс та жоқ. Қаланың күнделікті қым-қуыт қайнаған тірлігінен бір сәтке болса да қол үзіп, табиғаттың аясында жүргенге жететін ештеңе  жоқ! –  дейді Ләззат. Әріптесіміздің саяжайында піскен құлпынай мен таңқурайды, дәмі тіл үйіретін алмасы мен өрігін ұжым болып, тапсырыспен алдыра бастадық. Уылжып піскен жемістердің бағасы да тиімді, әрі қажет десең, те- гін жеткізіп те береді.  Бәлкім, сіз де құр қалмассыз, оқырман…     Темірғали Ишпанов, зейнеткер: – …Бүгінде  жас күнімдегі бейнеттің зейнетін көріп отырған жанмын. Өзім ауылдық жерде тұрсам да, қаладағы бала-келінімнің, немерелерімнің болашағын ойлап, олардың үйіне жақын маңнан 2 миллион  теңгеге саяжай алып бердім. Келінім Ләззаттың еңбек-қорлығын, оқсатымдылығын байқап жүрген мен үшін бұл көптен ойда жүрген арман еді. Біз кеңестік дәуірдің ұрпағымыз, тәтті нанның еңбекпен келетінін бала кезден ұғып өстік. Санамызға сіңген сол дәстүрді бүгінде бала-келінім жалғап, немерелеріме де үйретіп жүргеніне көзім сүйсініп, жаным жадырайды. Сонымен қатар дәруменге толы табиғи таза өнімдер денсаулыққа пайдалы, әрі қалтаңды қақпайды. Сол себепті қа-зақтың үлкен-кішісі жер игеру мәдениетін меңгеріп, туған жерді аялап, бау-бақша баптауға біржола ден қойса деймін.   Нұрбек   ОРАЗАЕВ, «Орал өңірі»

Сiз шопоголиксiз бе?

Күні: , 1 036 рет оқылды

Қаламыздағы  кез  келген  сауда  орталығына  бас  сұқсаңыз,  қай-қайсысынан  да  көптеген жеңілдік пен  жаппай  сатылымдарды  байқауға  болады.  Дәл  осындай  сауда нысандарын  аралағанды  жандары  қалайтын  сатып  алушылардың қатары көбейіп келеді. Олар бір затқа қызықса, әйтеуір, соны қалайда алуға тырысады. Тіпті қаржысы болмаса, несие  картасы  арқылы қол  жеткізеді.  Ұнатқан заты ұсақ-түйек болса да, соны алу үшін қой,  қой  емес-ау,  тай беруге  әзір  тұратын  жандарды  ғылымда  «Шопоголик »  деп  атайды.

Медицина мамандары шопоголизмді психологиялық дерт деп есептесе, енді біреулер әдет деп түсінді-реді. Десек те, мұндай «дертке» негізінен нәзік жандылар шалдығады екен. Бірде қаламыздағы  «Атриум» сауда орталығында жүріп, «Odji»  дүңгіршегіне ендік. Жан-жақтан құйылған тұтынушылар киім-кешектерді арлы-берлі ұстап қарап, шашып тастапты. Тұтынушылардың арасынан өңі келісті орта жастағы келіншек көзімізге түсті. Ол үйіліп жатқан киімдердің арасынан өзіне қажетті өлшемді, пішінді ерекше қырағылықпен тез іріктеп алды. Тіпті оған қараңғы жерде қара мысықты тап десеңіз, табатындай көрінді. Көйлек-көншекті құшағына толтырып алып, кассадағы кезекке бізден кейін тұра қалды. Кезегіміз келгенше бір-екі ауыз әңгімесін де айтып үлгерді. – Бір нәрсеге қатты ренжісем, сауда орталықтарын аралап кететін әдетім бар. Өзіме ұнайтын заттарды алсам, жаным тынышталады. Аптасына 50-70 мың теңгедей ақша жоятын болдым. Шамадан тыс сауда жасайтынымды жолдасым байқап, ескерту айтты. Сондықтан жаңа киімдерімді оған байқатпай тығып қоятынды шығардым, – деді кассаға жақындай бере кассирге кредит картасын берген ол. Осылайша бірнеше шопоголикпен тілдесу арқылы оларға тән ортақ мінезді бағамдадық. Тауар- дың жарнамасы шопоголиктерге қатты әсер етеді екен. Олар сол затты тұтынып көруді аңсайды. Уақытының көп бөлігін дүкен ара-лауға, сәнді киімдер мен аксессуарлар алуға жұмсағанды ұнатады. Қолдары қалт етсе, сән әлеміндегі соңғы жаңалықтарды оқиды. Соңғы үлгідегі киімдерді алуға ақырғы тиындарын еш ойланбастан жұмсай салады екен. Бірде танысым өзіне күнделікті киетін ыңғайлы аяқ киім іздеп жүргенін айтып, бірге таңдасуымды өтінді. Екеуміз «Еуразия» даңғылындағы «Сити центр» сауда ор-талығына барып, «Kari» дүңгіршегіне келдік. Танысым өзіне ұнаған аяқ киімді тез таңдады. Жанымызға сатушы-кеңесші келіп, «Тамаша таңдау! Енді осы аяқ киімге қоса тағы бір зат алсаңыз, үшінші затыңызды тегін аласыз!» деп жымиды. Танысым бұл ұсынысты құп көріп, өзіне сөмке таңдай бастады. «Үшінші зат тегін!» деген сөздің оған әсер еткені сонша, өзіне қажет емес сөмкені ала жаздады. Маркетолог Юлия Денисованың мәлімдеуінше, тауардың өтуі үшін сатушылар тарапынан түрлі тәсілдер қолданылады екен. Мәселен, сауда орталықтарындағы бутиктерде жанға жайлы әуен ойнап, жағымды жұпар иісі аңқып тұратынын байқаған шы-ғарсыз. Мұның барлығы сатып алушыны еліктірудің амалы болса керек. Музыканың әсерінен адам өзін жайлы сезініп, жаңа заттарды сатып алғысы келіп тұрады екен. Олар өз қаржысын бақылап, белгілі бір мақсатқа ғана жұмсай алмайды. Шопоголизм ауруын 1915 жылы немістің танымал психиатры Эмиль Крепелин анықтаған. Ол нашақорлар есірткіге қалай тәуелді болса, шопоголиктердің де саудадан дәл солай ләззат алатындарын байқаған. Дүкенге бір ғана зат алмақ мақсатпен барып, сөмкеңізді қампайтып шығатын кездеріңіз болып тұратын шығар. Мұның басты себебі – тойымсыздық пен көрсеқызарлық. Маңдай теріңізбен тапқан қаржының бір бөлігін жан азығына да жұмсау қажеттілігін қаперіңізден шығармағаныңыз абзал.   P.S: Смарт-телефондарды ойлап тапқан әлемге әйгілі Стив Джобс «Не киемін?» деп ойлануға уақыт жұмсамау үшін ғұмыр бойы қара жейде, көк джинсымен өткен. Есесіне, артында адамзат өмірін түбегейлі өзгерткен ақыл-ой мұрасын қалдырды. Тұңғыш рет «Facebook» әлеуметтік желісін іске қос- қан Марк Цукерберг те шопого-ликтердің қатарынан емес. Үнемі көкшіл жейдемен жүретін Маркты сараң деп айтуға да болмайды.  Марк пен оның әйелі Присцилла Фейсбук акциясының 90 пайызын қайырымдылыққа аударған. Яғни, Фейсбуктан түсетін қаражаттың барлығы дерлік қоғамдық қорларға түсіп отырады. «Duty Free» бажсыз сауда дүкендер желісін ойлап тапқан тағы бір америкалық данышпан Чарльз Финидің жалпы байлығы 2 млрд. долларға жетеді.  Бір қызығы, Чарльз жалдамалы пәтерде тұрып, арзан дәмханалардан тамақтанды. Швейцариялық сағат алатын шамасы болса да, ол 15 доллардың сағатын қанағат тұтады.  Есесіне, Чарльз Фини – әлем бойынша қайырымдылыққа ең көп қаржы аударған адам. Ондай болмақ қайда деп қорсынсаңыз, Қазақстаннан, өзіміздің Орал топырағынан шыққан саяхатшы Динара Болаттың өмір салтына зер салып көріңізші. Ол қаражатын қымбат киімдер мен мейрамханаларға жұмсаудың орнына, бір сөмкемен әлемнің түкпір-түкпірін аралап жүр. Өз отандастарына да саяхатшы Динара ақша үнемдеу мен таным көкжиегін кеңейтуді үйретіп-ақ келеді. Көрсеқызарлықты тежей білген осындай тұлғалардың ғұмыры бізге өнеге болсайшы.

Айым  ТӨЛЕУҒАЛИ, «Орал  өңірі»


«Шапалақ» пен «Дәрумендер» ұнады

Күні: , 799 рет оқылды

Өткен жұма күні «Жас ұрпақ» жасөспірімдердің әлеуметтік даму орталығы және «Гүлдәурен» балалар аула клубы спорт күніне орай «Біздің таңдауымыз – салауатты өмір салты» атты шара ұйымдастырды. Орал қалалық мәдениет және демалыс саябағында өткен шараға саябақта серуендеушілер қатысты.

Ертегі кейіпкерлері өткізген «Шапалақ», «Дәрумендер» атты ойындарға, «Жағымды-Жағымсыз» сауал ойынына қатысқан бүлдіршіндер адамгершілік қасиеттерге байланысты сұрақтарға жауап берді. Кәмила Қожаниязова барлық ойында белсенділік танытып, «Үздік балапан» атанды. – «Жас ұрпақтағы» аға-әпкелерім жаздың ортасында біз тұратын үйдің маңында көңілді ойындар ұйымдастырды. Оған сіңлім екеуміз қатыстық. Ал бүгін саябақта қызықты шара ұйымдастырылатынын білдік. Сондықтан анамыздан бізді саябаққа алып келуін өтіндік. Өйткені тапқырлық ойындары бізге қатты ұнайды, – дейді тоғыз жасар Кәмила. Балдырғандармен қатар ересектер де «Көңілді мәре» спорттық ойынына қаты-сып, бой сергітті. Сондай-ақ «Гүлдәурен» аула клубының тәрбиеленушілері демалу-шыларға арнап ән мен биден шашу шашты. – Бүгінгі акцияны жастарға денсаулықтың қаншалықты маңызды екенін ұқтыру, салауатты өмір салтын насихаттау мақ-сатында ұйымдастырдық. Шараға облыстық балалар үйінің жасөспірімдері де белсенді қатысты, – дейді аталған орталық әдіскері Гаухар Асаупова. Шара соңында белсенді қатысушыларға сый-сияпат  табыс  етілді.   Айым ТӨЛЕУҒАЛИ, «Орал өңірі»

Садақ ату бізге жат па екен?!

Күні: , 604 рет оқылды

Қазақ халқына садақ ату өнері жат емес. Ата-бабамыз адырнасын аңыратып, садақпен жауға қарсы тұрған, аң атқан, бір сөзбен айтқанда, көшпенділердің иығынан садағы түспеген. Ал  қазіргі уақытта садақ ату мергендік спортының бір түрі саналады. Бүгінде әлемнің 140 елінде садақ ату спорты жолға қойылған. Бізде садақ ату бұрыннан бар деп кеуде соққанымызбен, спорттың бұл түрі еліміздің жеті өңірінде ғана жолға қойылған. Садақшылары мықты саналатын Оңтүстік Кәріс елінде садақ ату мектеп бағдарламасы бойынша оқытылады екен. Жастар жағы садақ ату спортына аса бір құмарта қоймайды дегенімізбен де, соңғы жылдары спорттың «королі» саналатын бұл түріне бет бұра бастағанға ұқсайды.

Осы спорт түрінен Орал қаласында төрт бөлімше: облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінде, олимпиада резервтерін даярлау ор-талығында, №4 балалар мен жас-өспірімдер спорт мектебінде, облыстық спортқа дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында жұмыс істейді. Осы бөлімшелерде небары 150 жас садақ атумен шұғылданады. Аталмыш үйірмеде қазіргі таңда алты жаттықтырушы жас садақшылармен жұмыстанады. Облыстың ересектер құрамасының аға жаттықтырушысы Виталий Шкоковтың айтуынша, садақтың өзі техникалық ерекшеліктеріне қа- рай екіге бөлінеді. Біріншісі – классикалық, екіншісі, блоктық садақ делінеді. Садақтан өтетін жарыстар жыл мезгілдеріне қарай ашық (жазғы) және жабық алаңда (қысқы) өткізіледі. – Қазіргі уақытта еліміз бойынша оңтүстікқазақстандықтар, талдықорғандықтар садақ ату спортымен дендеп шұғылдануда. Біздің садақшыларымыз да осал емес. Садақ ату – бұл жазғы олимпиадалық спорт түрі. 2000, 2004, 2008, 2012 жылдардағы Олимпиада ойындарына батысқазақстандық спортшы қыздар осы спорт түрінен қатысты. Өткен жылғы көктемде Шымкент қаласында өткен жастар ойынында жерлестеріміз жалпыкомандалық есепте 3-орынға шықты. Сол жылғы ел чемпионаты шілде айында Оралда  өтті. Онда ерлер және әйелдер командаларынан жеті спортшы жүлделі 3-орын алды, – деді Виталий Шкоков. Жалпы өңіріміздегі 17 садақшының еліміздің құрама командасының сапына енуі көп жайтты аңғартса керек. Сонымен қатар Ақ Жайық өңірінен түлеп ұшқан халықаралық, республи- калық дәрежедегі спорт шеберлері көптеп саналады. – «Биылдың өзінде Әлихан Мұстафин, Алина Ілиясова, Артем Костин, Владимир Сорокин, Шамиль Сагубудинов және өзгелері чемпион атанды. Сондай-ақ Константин Солодовни- ков, Анастасия Баннова күміс жүлдегер атанды, – дейді  Виталий  Александрович. Аға жаттықтырушының айтуынша, оралдық мергендер Алина Ілиясова, Константин Солодовни- ков еліміздің құрамасы сапында Индонезияда 18 тамыз – 2 қыркүйек аралығында өтетін Азия ойындарына қатысып, бақ сынауда. Ал Әлихан Мұстафин қазан айында Бразилиядағы Рио-де-Жанейро қаласында өтетін жастар олимпиадалық ойындарына қатысады. Бастысы, спорттың бұл түрімен айналысу тегін жүргізіледі, өйткені оған бюджеттен қаржы бөлінеді. Негізі садақ ату шыдамдылығы мол, көп қозғала бермейтін салмақты ұл-қыздарға лайықты. Жаттықтырушылардың айтуынша, спортшылар күніне 3-4 сағат тізе бүкпей, бір орында нысанадан көз алмай тұрады. Сол себепті садақшы болғысы келетін ұл-қыздарға шыдамдылық, жүйке мықтылығы, өткір көз және қуатты қол аса қажет. Өйткені садақ ату – көп күшті қажет ететін, соңғы жебеге дейін жалғасатын жарыс.  Бұл спортқа балалар 10-11 жастан бастап қабылданады. Спортпен айналысатындарға жас жағынан ешқандай шектеу қойылмайды. Бүгінде өңірде садақ атушылар арасынан 10, 20-30 жастағылармен қатар 40 жастағы жігіт ағаларын да  көресіз. – Офтальмолог дәрігерлер біздің садақшыларды үнемі тексеріп тұрады. Олардың айтуынша, садақ атушылардың көздері өткірлене түседі. Өйткені нысаналар түрлі түсті, әрі түрлі 30, 50, 70, 90 метр сықылды қашықтықтықтарға қойылады, – дейді Виталий Александрович. Оның  айтуынша, садақ атумен айналысатын спортшының өзіне ғана лайықталған садағы болады. Садаққа тапсырыс берілгенде спортшының бойы, қолының ұзындығы ескеріледі, сондықтан садақшылар бір-бірінің құрал-жабдығын  пайдаланбайды. – Күн жылы мезгілде арнайы жасақталған садақ ату алаңында жаттығамыз. Облыста спорттың бұл түріне жабық зал жасалмаған. Сондықтан қыстыгүні №9  орта мектептің ғимаратын паналаймыз. Биыл спортқа дарынды балаларға арналған мектеп-интернат құрылысы бой көтереді. Ал ал- дағы жылы садақ атушыларға жабық зал құрылысы салынады, –  деді  Виталий  Шкоков.   Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА, «Орал өңірі»

Елімізде халықаралық музыкалық байқау басталады

Күні: , 456 рет оқылды

23 қыркүйектен бастап «Хабар» телеарнасында «Топжарған» музыкалық байқауыэфирге шығады. Аталмыш шоу бұған дейін АҚШ («The Four: Battle for Stardom»), Ресей («Успех») және өзге мемлекеттерде көрермен тарапынан жақсы қабылданды. Жобаны израилдікArmoza Formats компаниясы жасаған. «Топжарған» — бұл жұлдыз болуға лайықты төрт қатысушы бірден анықталатын жалғыз музыкалық шоу, яғни, байқаудың  финалистері алғашқы кезеңде белгілі болады. Алайда бұдан жобаның қызығы азаймайды, керісінше финалистер әр шығарылым сайын жаңадан келгендердің алдында өзінің жобаға лайық екенін дәлелдеуі керек. Ереже бойынша шоуға келген жаңа қатысушылар финалистерді жекпе-жекке шақырып, музыка алаңында күресуге құқы бар. Ал жаңа қатысушылардың арасынан кімнің талабы жоғары екенін қазылар шешеді. Музыкалық сайыстан соң залдағы көрермендер дауыс беріп, әншілердің тағдыры шешіледі. «Қазақстанда өзге музыкалық жобаларға ұқсамайтын жаңа шоудың пайда болғанын қуанышпен хабарлаймыз. Біздің аудиториямыз қашанда жаңа таланттардың бағын ашатын бағдарламаларды қызығушылықпен тамашалайды, сондықтан бұл жобаны да лайықты бағалайды және осы байқау арқылы жаңа жұлдыздар жанады деген  үміттеміз», — дейді «Хабар» Агенттігінің Басқарма Төрағасы Алан Әжібаев. Жобаның қазылар алқасының құрамында Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева, композитор әрі продюсер Ринат Гайсин, жас рэппер Baller бар. Шоуды әнші Кәмшат Жолдыбаева жүргізеді. Байқауға қатысу үшін www.khabar.kz. сайтында өтінімдер қабылдануда. Біздің хештектеріміз :#topjargan #khabartopjargan #топжарган #хабартопжарган     Қосымша ақпарат алу үшін төмендегі мекен жай бойынша хабарласыңыз promo@khabar.kz, 8 (7172) 757 553   www.khabar.kz| facebook.com/ KhabarTV | vk.com/ KhabarTV | twitter.com/KhabarTV |  Instagram.com. KhabarTV

БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика