Мұрағат: 17.08.2018


Қыс қаһарынан қаймықпау үшін

Күні: , 2 059 рет оқылды

Кеше облыс әкімі Алтай Көлгіновтің төрағалығымен алдағы жылыту маусымына дайындықты пысықтаған  жиын өтті. Оған жылыту нысандарының жұмысына тікелей жауапты кәсіпорын, сондай-ақ өңірдегі өзге де іргелі мекемелер мен басқармалардың басшылары қатысты.

– Биыл біз жердің астымен өтетін барлық күретамыр жылу құбырларын жөндеу жұмыста-рын аяқтауды жоспарладық. Келесі жылға жердің бетімен өтетін жылу жолдарын жөндеу жұмыс-тары күтіп тұр. Осылайша біз жылыту маусымының қалыпты жағдайда өтуін барынша қамтамасыз ететін боламыз. Естеріңізде болса, осыдан екі жыл бұрын 16 желтоқсан күні 38 градус аязда Әбілқайыр хан даңғылы бойындағы жылу желілері істен шығып, көп қабатты бір-неше үйге жылусыз қалу қаупі төнген еді. Бүгінгі таңда қаланың осы бөлігіндегі жылыту жүйелерін жөндеу жұмыстары басталды. Осы жиында аталмыш бағытта қандай істер тындырылды және қандай мәселелер бар, сондай-ақ жұмысты аяқтау мерзімдері туралы пысықтайтын боламыз, – деді облыс әкімі Алтай Көлгінов жиынға кіріспе сөзінде. Жиын барысында облыстық энергетика және тұрғын үй-ком-муналдық шаруашылығы бас-қармасының басшысы Рүстем Закариннің баяндағанындай, 2018-2019 жылдарға арналған жы-лыту маусымына дайындық жұ-мыстары барлық коммуналдық кәсіпорындар мен әлеуметтік нысандарда уақтылы басталған. Өңірдегі әлеуметтік нысандарды жылытуға 3800 тонна қатты отын, 728 тонна сұйық отын қажет деп жоспарланса, бүгінгі таңда 2048 тонна көмір (жос-пардың 54 пайызы) және 158 тонна (жоспардың 22 пайызы) сұйық отын мекемелерге жет-кізілген. 388 денсаулық сақтау нысанының 367-сі, яғни 95 пайызы жылыту маусымына дайын. Биыл бұл салаға қатысты 21 нысанды күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған болса, бүгінде соның жетеуінде жөндеу жұмыстары аяқталған. Қалған нысандардағы жұмыстар та-мыз, қыркүйек айларына дейін созылмақ. 638 білім нысанының 601-і немесе 94 пайызы, 387 мәдениет нысанының 373-і, яғни 96 пайызы жылыту маусымына дайын. Облыс бойынша жылу жүйелерінің 40 шақырымын жөндеу және қайта құру жоспарланған. Оның 11,5 шақырымы Орал қаласына, ал 28,8 шақыры-мы Ақсай қаласына тиесілі. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жылу жабдықтарын қай-та құру бойынша жалпы құны  2 млрд. теңгені құрайтын бес жо- ба жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда аталмыш бағдарлама бо-йынша қолға алынған жұмыстар Орал қаласы бойынша 57, ал Ақсай қаласы бойынша 55 па-йызға орындалған. «Батыс су арнасы» кәсіпорны 224,3 млн. теңгенің жұмыстарын жүргізуді, соның ішінде магистральды және кварталаралық су өткізу желілерінің 4,4 шақырымына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарласа, бүгінде соның 2,3 шақырымын немесе 52 пайызын аяқтаған. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Орал қаласында 1 млрд. теңге қаражатқа жалпы ұзындығы 10 шақырымды құрайтын су өткізу желілерін қайта құру жұмыс- тары жүзеге асырылуда. Биыл 100 млн. теңгеге соның 1,5 шақырымы қайта құрудан өтпек. Бұл бағыттағы жұмыстар бел-гіленген кестеге сай жүргізілуде. Осы орайда облыс әкімі Алтай Сейдірұлы осы жазда Шолохов көшесі бойындағы кәріз жүйесінде апатты жағдай орын алғанда осы маңдағы шағынауданның екі апта бойына сусыз отырғанын еске салып, бұл аумақта қажетті жаңғырту жұмыстарын жүргізу үшін жоба-лық-сметалық құжаттарды даяр-лауға тапсырма берілгенін, оның бүгінгі таңда қандай деңгейде орындалғанын пысықтап, жұ-мысты жеделдетуді тапсырды. Сондай-ақ облыс әкімі барлық 12 аудан бойынша су жүргізу жұмыстары жолға қойылып, екі жылдың ішінде 2 мың шақырым су құбыры жүргізілгенін, бұл бағыттағы жұмыстар аудан ор-талықтарын қосқанда 110 елді мекен мен ауылды қамтығанын, алайда облыс орталығының ір-гесіндегі Вителки ауылына әлі күнге дейін сапалы су құбыры жеткізілмегенін айтып, қазіргі таңда осы бағытта қандай жұ-мыстар атқарылып жатқанын сұрады. Бұл сұраққа қатысты облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев аталмыш бағытқа бюджеттен 400 млн. теңге бө-лінетінін және су құбырын тарту жұмыстарының 2019 жылы бас-талатынын мәлімдеді. «Батыс Қазақстан электр желі-лерін тарату компаниясы» АҚ жылыту маусымына дайындық жұмыстарына 242,5 млн. теңге қаражат қарастырған. Аталмыш қаражат ұзындығы 3 мың шақырымды құрайтын электр желі-лерін жөндеуге бағытталған. Сонымен қатар бірнеше қосалқы стансада жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда жоспарланған жөндеу жұмыстары-ның 80 пайызы орындалған. Газ-бен қамту жұмыстары да кестеге сай атқарылып келеді. «Жайықжылуқуат» АҚ бас директоры Мұрат Бәйменов бүгінгі таңда жылу-электр орталығындағы  жөндеу жұмыстары 72 пайызға орындалғанын мәлім-деді. Мекемедегі жөндеу жұ-мыстарының барысы туралы егжей-тегжейлі баяндаған ол аталмыш кәсіпорын меншігіндегі қазандықтардың 80 пайызы ал-дағы жылыту маусымына дайын екенін айтып өтті. Жиын барысында онлайн режимде аудандардағы жылыту маусымына дайындық жұмыста-ры да пысықталды. Облыс әкімі жылыту маусымына қатысты жоспарланған жұмыстардың жү-зеге асырылуы жіті қадағалауда болатынын айтты.   Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ, «Орал  өңірі»  

Сәбиіңіз балабақшаны жатырқамасын десеңіз…

Күні: , 1 364 рет оқылды

Орал қалалық білім беру бөлімінің мәліметіне сүйенсек, шаһарымызда 50 мемлекеттік, 43 жеке балабақша мен 28 шағын орталық бар. Бүгінде балабақша кезегіне қабылдау жүріп жатыр. Балабақшаға барарда бала бейімделу кезеңінен өтетіні белгілі. Бірі тамақтан бас тартса, енді бірі жиі науқастанады немесе балабақшаға барғысы келмей жылайды. Балдырғанды  балабақшаға  қалай тез  бейімдеуге  болады?  Ол  үшін ата-ана  нені  қаперге алуы керек?

Орал қалалық №1 «Айгөлек» балабақшасының психологы Мөлдір Ыбраева бүлдіршіннің балабақшаға бейімделуі үш түрге бөлінетінін айтады. Егер балабақшаға алғаш келген бала бір-екі апта ішінде мінез-құлқы қалыпқа келіп, тәбеті жақсарып, балалармен бірден ойнап кетсе, ол жеңіл бейімделгені. Ал орташа ауырлық бейімделуде баланың мінез-құлқы бір ай көлемінде  тұрақталады. Он күнге дейін аурушаң болып, ата-анасынан қалған сайын жылайды.  Ауыр бейімделуде  бала екі айдан алты айға дейін  бейтаныс жерге бөгде адамдардың арасына сіңісіп кете алмай, белгіленген күн тәртібіне үйрене алмай біраз қиналады. Жиі науқастанады, анасын іздеп жылай береді. Балалармен ойнағысы келмей, ойыншықтарын  шашып, тамақ ішуден бас тартады екен. – Екі-үш жастағылардың бөбекжайға бейімделуі шын мәнінде күрделі құбылыс. Сондықтан балабақшаға бірден топ етіп апарып тастағаннан гөрі, ата-ана перзентін психологиялық тұрғыдан алдын ала дайындау керек. Мысалы, сәбиді балабақша маңындағы әткеншектерге апарып серуендетуден бастаған жөн. Сосын оған дәл осы бөбекжайға баратынын және онда көп ойыншықтардың болатынын құлаққағыс жасаған абзал. Бүлдіршінге балабақшаның не үшін керек екенін, сәбилердің онда не үшін баратынын түсіндіріп, ата-анасының күні бойы жұмыста болатынын айтқан да, сірә, артықтық етпес. Балбөбекке үйде жүргенде өз бетімен қолын жуып, сүртуді, киімін  ауыстыруды, тамақ ішкенде қасықты дұрыс ұстауды, әжетханаға сұрануды үйретудің де маңызы зор. Анасы алдын ала балабақшаның ас мәзірімен танысып, үйде соны пісіріп беріп, бөбегін балабақшаның дастарқан мәзіріне дағдыландыра бергені дұрыс.  Өйткені кей бала балабақшадағы  ботқаларды жемей, қиғылық салады.  Перзентін балабақшаға тастайтын кезде ата-анасы қобалжып, уайымдаса, баланың қорқынышы ұлғая бастай- ды. Қоштасуды созбай, балаға ұнайтын қоштасу рәсімін ойлап  тапқан жөн. Сондай-ақ балабақшаға әкеліп, көрінбей  қашып кетсеңіз, баланың сенімі жоғалады. Баланың көзінше ешқашан балабақша туралы жағымсыз пікір айтпау керек. Әсіресе, «Тамағыңды ішпесең, балабақшаға апарып тастаймын», «Балабақ- шада сені тамақ жеуге жақсылап үйретеді» немесе «Апайыңа айтып қоямын», «Дәрігерді шақырамын» деген сөздермен қорқытпаңыз. Аталмыш сөздер балаға психологиялық соққы болады. Сондай-ақ ұл-қызының көзінше ата-анасы жанжалдаспағаны ләзім. «Балалы үйдің ұрлығы жатпайды» дегендей, кей бала балабақшаға келгенде әкесінің анасына айтқан сөздерін, үйде болған жағдайлардың барлығын баяндап береді. Құрдастарымен ойнап кеткенше, көңіл күйлері болмай, жыламсырап жүреді. Сондай кезде тәрбиешілер баланың көңілін  аулау үшін «Көйлегің сондай керемет екен! Кім алып берді?», «Шашыңды күшті етіп кім өрді?» деп алдарқатып жатады. Ата-анасының көңіл күйі көтеріңкі болса, балабақшадағы бөбектердің де күні алаңсыз өтеді, –  дейді  психолог Мөлдір Тілекбайқызы. Гүлсезім   БИЯШЕВА, «Орал өңірі»  

Шаршы кілемнің шаңын қаққан екі күн

Күні: , 1 918 рет оқылды

Асқар Тастайұлы Шайхиев 1963 жылы қазіргі Сырым ауданына қарасты Қызылтаң ауылында өмірге келген. Самбомен 1976 жылдан бастап айналысқан. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері. Асқар Шайхиев 1988 жылы Жапонияда әлем кубогының иегері,  ал 1989 жылы  АҚШ-та өткен дүниежүзілік  додада әлем чемпионы атанды.  Бапкері – Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Батыр Қуанышев.   15-16 тамыз күндері Орал қаласындағы Теннис орталығында самбодан әлем чемпионы, әлем кубогының иегері, даңқты палуан Асқар Шайхиевті еске алуға арналған самбо және әскери самбодан халықаралық жарыс өтті. Дүбірлі додаға Ресей, Армения, Грузия және еліміздің Ақтөбе, Ақмола, Атырау, Түркістан, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан облыстарынан, сондай-ақ біздің өңірден,Астана, Шымкент қалаларынан 200-ге жуық палуан қатысты. Олар тоғыз салмақ дәрежесі бойынша бақ сынады. Жарыстың ашылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов, ҚР Самбо федерациясының жауапты хатшысы Қаймен Есендияров, Сидней олимпиадасының чемпионы,  елімізге  еңбегі сіңген спорт шебері Ермахан Ибраи-мов, самбодан әлемнің үш дүркін чемпионы Алмаз Сүлейменов, БҚО самбо және әскери самбо федерациясының президенті Талғат Шайхиев, самбодан ҚР-на еңбегі сіңген жаттықтырушы Михаил Шепетюк және марқұм-ның жұбайы Аягөз Мәжикенқызы арнайы келді. – Асқар Тастайұлын еске алуға арналған жарыстар өңірімізде жыл сайын өткізіліп тұрады. Боз- кілемдегі жеңістері арқылы еліміздің абыройын аспандатқан жерлесімізді ешқашан ұмытпай, есімін жас ұрпақтың жадын-да жаңғырта беру қажет. Осы спорт түрімен жастар көптеп айна- лысып, Асқар Шайхиев сияқты облысы-мыздың, жалпы еліміздің намысын қорғап, үлкен жетістіктерге жетеді деп сенемін. Барлық спортшыға сәт-тілік тілеймін, – деді шарада облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов. Сайысқа келген палуандардың ешқайсысын осал деуге келмейді. Алып денелі армениялық Едик Петросян Еуропа чемпионы, бір өзі бір көлікті сүйреп кетердей қауқары бар ресейлік Рустем Арсыланов Еуропа чемпионы, шауып бара жатқан жылқыны құйрығынан тартып, тоқтатардай, нән өгізді мүйізінен бұрап, сұлатардай көрінген грузиялық палуандар Бека Бердзенишвали Еуропа және әлем чемпионы болса, Киорги Кобойдзе де дүниежүзінің чемпионы. Жарысты тамашалауға келген көрермендер жүлделі орындар «Осылардан ауыспайды-ау?!.» деп топшылағанды. Бірақ, талабымен тау қопарып, тас жарардай біздің спорт-шыларымыз ешқайсысынан қай-мыққан жоқ. Жарыстың алғашқы күні 74 пен 82 келі салмақ аралығындағы спортшылар белдесті. Боз кі-лемде бір-бірін алып та, шалып та жыққан палуандар жүлделі орыннан көрінуге тырысып бақты. Екінші күні көрерменнің асыға  күткен финалдық  жолдамалары сарапқа салынды. 57 келі салмақта Орал қаласының палуаны Болатбек Райымқұлов армениялық Григорь Мктрянмен күресті. Басында жеңіліп жатқан жерлесіміз жанкүйерлердің қолдауымен ауырту әдісі арқылы жеңісті қар- сыласының қолынан жұлып  алды. – Армениялық қарсыласымнан осыған дейін әлем чемпионатын-да үш рет ұтылған болатынмын. Бүгін, міне, өз жерімізде өтіп жатқан жарыста намысты қолдан бермеуге тырыстым, – дейді Бо-латбек Райымқұлов. Қалған салмақ дәрежесіндегі палуандардың белдесуі де өте тартысты өрбіді. Әсіресе, бас жүлдеге автокөлік тігілген түйе палуандар «шайқасын» жұрт тағатсыздана күтті. Соңғы белдесуде 110 келілік облысымыздың палуаны  Олжас Сүлейменов өзіне қарсылас шақ келтірмеген 165 келілік  ресейлік спортшы Рустем Арсылановпен белдесіп, бас жүлдені бермеуге барынша тырысып бақты. Салмақ дәрежесінде айтарлықтай басымдық болғанымен, Олжас «олжалы» болады деген болжамдар айтылған-тұғын. Алғашында ресейлік түйе палуанға кәдімгідей қарсылық танытып, екі аяғын «аспаннан келтіруге» шақ қалғанда, Олжастың жеңетініне жұрт сенді. Алайда дереу «есін» жинап алған Рустем Арсыланов айқын басымдықпен  жеңіске  жетті. – Белдесу өте тартысты өтті.  Қарсыласым әлі жас, болашағы алда. Мұндай белдесуде салмақ пен бой сөзсіз әсер етеді, – деді  самбодан әлем чемпионы, әлем кубогінің   иегері Асқар Шайхиевті еске алуға арналған халықаралық жарыстың түйе палуаны Рустем Арсыланов. Екі күнге созылған жарыс нәтижесінде 52 салмақта  Ерасыл Бақыт, 57 келі салмақта Болатбек Райымқұлов, 62 келіде Тоқтар Умуталиев, 68 келіде Серікбай Нығмет  (барлығы Оралдан), 74 келіде атыраулық Қуаныш Қарабасов, 82 келіде Еркебұлан Қалеш (Орал), 90 келі салмақта армениялық Едик Петросян, 100 келіде түркістандық Нишанбай Құдайбергенов І орын алды. Жеңімпаздарға 50 мың теңгелік сертификат, диплом және медаль берілді. Ал түйе палуан атанған ресейлік Рустем Арсылановқа «Лада гранта» автокөлігінің  кілті  табысталды.   Есенжол   САНСЫЗБАЙҰЛЫ, «Орал   өңірі»

Баланы қыдырту қанша тұрады?

Күні: , 1 371 рет оқылды

Жазғы каникулдың аяқта­луына да санаулы күн қалды. Әрбір ата-ана ұл-қызының  дема­лысты жарқын сәттермен есте қаларлықтай етіп өткізгенін қа­лайды. Олардың біразы жазғы демалыс лагерьлерінде, тағы біразы ауылдағы ата-әжесіне барса, тіпті кейбіреулері шет елдерге шығып демалуда. Бұған қоса, ата-аналар жазғы демалыста балаларын саябаққа, ойын-сауық орталықтарына апа­­рып, қыдыртып жатады. «Баланы қыдырту қанша тұрады екен?» деген сұрақпен Орал қалалық мәдениет және демалыс саябағына жол тарттық. Біз  барған кез – жұмыс күні, әрі түс­ке дейінгі уақыт болғандық­тан, адам қарасы аз болды. Балаларымен саябақта қыдырып жүр­ген Баршагүл Ғалым екі ба­ла­ны қыдырту қалтаға кәдімгі­дей сал­мақ салатындығын ай­тып қалды. Соған қарамастан, пер­зент­терінің көңілін табуға тырысатын ол бүгін кіші ұлға  ерекше көңіл бөліпті. – Кіші балам ағаш ат  әткен­шегіне отырды – 350 теңге,  орман экспресі мен автодром аттракционына екі бала үшін 1600 теңге жұмсадық. Екеуі саябақ­қа кіре сала, 300 теңгеге  тәтті мақта, 600 теңгеге попкорн ал­ғызды. 2000 теңгеге қайыққа мініп қайттық. Балалар керемет әсер алды. Кенже ұлым 300 теңгеге ойын автоматтарында ойнады. Одан шығып, экска­ва­торға отырды. Оған екі рет отырып, 1000 теңге жұмсадық. 8 минуты 500 теңге тұрады екен. Бала үшін қызық, негізі. Бір-екі айналдыратын машиналар 500 теңгеден екен, оның түр-түрі­не мінем деп, үшеуіне мініп, айналып келді. Оған 1500 теңге шы­ғардық. Сөйтіп, саябаққа кі­реркірместен-ақ, 5-6 мың теңгені жоқ қылдық, – дейді күле сөй­леген жас ана. Саябақты аралап жүріп, бай­қағанымыз – аттракциондар­дың бағасы бір қарамаға қалта­ға қонымды көрінеді. Әйтсе де, кей баланың бір аттракционға бір емес, бірнеше рет мінетінін ескерсек немесе бір үйдің екі-үш баласы бірге қыдырса, біраз қымбатқа шығары  анық. Әсіре­се, бір айналдырып, зыр айналдырып шығаратын машиналарға сұ­ра­ныс жоғары көрінді. 3-6 жас аралығындағы кішкентай баланың машинаның қасынан кетпей, жер теуіп тұрғанын байқап қалдық. Біз жоғарыдағы кейіпкеріміз Баршагүлден екі баланы қыдыр­ту­ға қанша ақша жұмсағандығын сұрадық. – Баланың қиялы шексіз ғой. Олар осы жерге келсе, ертегі әле­міне енгендей, бәрін көргісі келеді. Бірақ ол мүмкін емес қой. Кей кездері таза ауада серуендеп,  жай балмұздақ жеп, бір-екі ат­- тракционға отырғызып, кері қай­-тамыз. Бүгін оларды  әдейі  арнап алып шыққасын көп шектемеуге тырыстық.  Екеуі жердегі  кемер­мен (катамаран) қыдырды. Бір адамға 5 минуты –  500 теңге, екеуіне – 1000 теңге, шолу шең­беріне үшеумізге 1200 теңге төледік. Екеуіне спиральді кар­- топқа – 400, жарты литр екі  шы­рынға 400 тең­ге жұмсадық. Одан көпірден өтіп, 1500 теңге тө­- леп, велосипед тептік. Сөйтіп, балалар қуанып, олар қуанғанға мен қуанып келе жатқан жайымыз бар. Жаз мезгі­лінде осылай саябаққа алып шы­ғып, қы­дырып тұрамыз. Оралда бала апаратын басқа жер жоқ қой.  Қайтар жолда қызым қолына аквагримм жасатты. Оған 600 тең­- ге төледік. Бұған қоса, балмұз­­дақ пен бәліш алып бердім. Екі баланы қыдыртуға шамамен 15 мың теңгеге жуық ақша жойдым, – дейді  Баршагүл  Ға­лым. Шынымен де, Оралда бала қы­дыртатын жерлер саусақпен са­нарлық. Сондықтан да тұрғын­дардың дені қалалық саябақта қыдырғанды жөн көреді. Иә, Оралдағы орталық сая­бақта баланың қалауы­на қажет дүниенің бәрі бар. Ең бастысы, балаңызға шексіз қуа­ныш сый­лайтын қаражатыңыз мол болса, болғаны. Сіз балаңызды қайда, қалай қыдыртып жүрсіз? Ой бөлісейік, ағайын!   Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ, «Орал өңірі»

Қапшағайдағы «Aqjaıyq»

Күні: , 1 272 рет оқылды

Алматы облысының аумағындағы таңғажайып табиғатымен талайды тамсандыр- ған Қапшағай жасанды су қоймасының жағасында «AQJAIYQ»  демалыс орны ашылды. Белгілі кәсіпкер, танымал меценат Құндыз Нұповтың тікелей атсалысуымен ашылған аталмыш демалыс орны еліміздегі туризмнің дамуына қосылған сүбелі  үлес екендігі шүбәсіз.  «AQJAIYQ»  де- малыс орнының ашылу салтанатына жезтаңдай, күміс көмей әнші, Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов, еңбек ардагері Жақсылық Зәкіров, әнші-сазгер Гүлнәр Даукенова және Ресейден құрметті қонақтар келіп  қатысқан. Іші-сырты келісті киіз үйлер, шатырлар және күнге қыздырынатын ағаш жатындармен  қамтамасыз етілген демалыс орны демалушыларға мәдени-танымдық бағытта туристік қызмет көрсетпек. Дәл осы жағажайда поэзия және ән кештері ұйымдастырылмақ. – «Катэк»  ЖШС-ның   бас  директоры  Құндыз Нұпов – алыста жүрсе де, туған жерін дәріптеуді ұмытпайтын азамат. Ол кісі үнемі өз қызметкерлерінің жағдайын ойлап жүреді. Осы ашылған демалыс орнында «Катэк» компаниясының қызметкерлері тегін демалмақ. Жастардың тойын жасап беріп, мәрттігімен танылып жүрген азаматтың елге деген ыстық ықыласынан туған идея демалушыларға ұмытылмастай әсер сый-лайтындығына сенімдімін. Ал келер жылы осы «AQJAIYQ» демалыс кешенінің аума-ғында адам баласына жыл он екі ай бойы жанға жәйлі барлық жағдайы жасалған көпқабатты қонақүй бой көтермек. Бұл сәулетті ғимараттың күні бүгін іргетасы құйылып, табаны тартулы,  – дейді танымал әнші-сазгер  Донеділ Қажымов. Өз  тілшіміз  

БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика