Мұрағат: 16.08.2018


Құрылыс қарқынды, сапа қанағаттандырады

Күні: , 1 760 рет оқылды

Сейсенбі  күні  облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов  Орал шаһа­рындағы  бірқатар  құрылыс  нысандарын  аралап, олардың  салыну  қарқынымен  танысты.  Өңір  басшысы  алдымен  Сарытау  шағынауданындағы  жаңа  мектепке  қатысты  құрылыс   жұмыстарына  назар  аударды.

 Айта кетейік, Орал қаласы­ның Зашаған кентіне қарасты Сарытау шағынауданындағы 900 орындық мектеп құрылысына  Ұлттық қордан 1 888,144 млн. тең­ге бө­лінген болатын. Бүгінде құ­рылыс жұмыстарын «Жиенбай» ЖШС жүргізуде. Мердігер ком­пания басшысы Александр Қара­- ғойшиннің айтуынша, мектеп 27 қыркүйек күні пайдалануға беріледі. Облыс әкімі құрылыс­- ты уақытында әрі сапалы аяқ­тау­ды  тапсырды. – Бұл мектептің құрылысын бастаған мердігер жауапсыздық танытқандықтан, соттың шеші­-мімен оның жұмысын тоқтат­тық. Қайта конкурс жариялау арқылы құрылысты жалғас­ты­ратын жаңа мердігерді анықта­дық. Бүгінде жұмыс қарқыны жаман емес. Алдағы айдың со­ңында құрылыс толығымен аяқ­талып, мектеп оқушыларды қа­былдайтын болады. Осы шағын­ауданның балалары алысқа сабылмай өз мектептерінде білім алады. Сонымен қатар Зеленов ауданында 300 орындық мек­теп және 100 орындық интер­нат, Ақжайық ауданының ең шалғай елді мекені – Шабдаржап ауылында 200 орындық мектеп салынды. Бөкей ордасы ауданы­ның орталығындағы мектеп жа­нынан 100 орындық интернат бой көтерді. Сондай-ақ елді ме­кендердегі шағын жинақты мектептерді интерактивті кабинетпен қамту жұмыстары қарқын­ды жүргізілуде. Мұның барлы­ғы алыс аудан-ауылдардағы ба­­ла­лардың алаңсыз, сапалы білім алуы үшін жасалып жатқан жұ­мыстар, – деді облыс әкімі. Жалпы, бүгінгі таңда Орал қа­ласында 50 мектеп жұмыс жасаса, соның төртеуі соңғы бес жыл ішінде пайдалануға беріл­ді. Соңғы жылдары Зашаған кентінде тұрғын үйлердің көптеп салынуы себепті халық саны күрт көбеюде. Күні бүгінге де­йін кент аумағында төрт мектеп қалыпты жұмыс жасауда. №10, 47, 30, 20 мектептерде 6896 оқушы білім алады. Алғашқы аталған екі мектепте оқушылар үш ауысыммен  оқиды. Қалалық құрылыс бөлімі берген мәліметке сүйенсек, алда­ғы уақытта бұл ауданнан 75, 80, 90, 130 пәтерлі 37 көп қабатты тұрғын үй бой көтереді. Сол себепті кенттегі тұрғындар саны жыл санап арта бермек. Сарытау шағынауданындағы №50 мектептің құрылысы аяқ­та­лып, пайдалануға берілген соң 0-11-сынып аралығындағы 31 сынып ашылып, 648 оқушы бі­лім алмақ. Сондай-ақ мектеп жанынан әрқайсысы 50 бүлдір­шін­ді қамтитын үш шағын ор­та­лық жұмыс жасамақ. Мектеп­те  74  жаңа жұмыс орны ашылады. Осы аумақтағы №10 мектептен ижаңа мектепке 592 оқушы ауыс­пақ.   Спорттың  бұқаралығы  артады  Қала маңындағы Деркөл кентінде спорт­­­қа дарынды балаларға арналған маман­дан­дырылған облыстық мектеп-интернаты салынып жатқаны белгілі. Облыс әкімі осы құрылыс басында болып, жұмыс барысын көрді. Аталған спорт кешенінің құрылысын Сергей Потиченко жетекшілік ететін «Альтаир» ЖШС жүргізуде. Мектеп 250 спортшы­ға есептелген болса, жанында 150 балаға арналған интернат салынбақ. Кешенде жал­пы дайындық залы, күрес залы мен волейбол, баскетбол, гандбол ойындарына арналған үш зал болады. Спорт мектебінде 7-11-сынып аралығындағы дарынды бала­лар қабылданады деп күтілуде. Әр сыныпта 24 жас спортшы білім алмақ. Мердігер компания басшысы С. Потиченко құрылыс жоспарға сай уақтылы жүргізіліп, қар­- жының игеріліп жатқа­нын, мерзімінен бұрын аяқталуы ықтималдығын айтты. Содан кейін об­- лыс әкі­мі 6-шағынаудан­да­­ғы Қонаев көшесі бо­йын­дағы спорт және ба­лалар ойынына арналған ке­шеннің жұмысымен та­нысты. Аталған кеше­н­нің құрылысына жер­гі­­лікті бюджеттен 48 мил­- ­лион теңгеге жуық қа­ражат  қарастырылған. Жалпы, өңір тұрғын­да­­рын бұқаралық спорт­­қа жұмылдыру мақса­тында соңғы жылдары спорт нысаны мен ала­­ңы көптеп са­лы­ну­да. Өткен жыл­­дың өзін­де ша­һарда жергілікті бюджеттен бө­- лінген 353,4 миллион теңге қа­ражатқа 10 көпбе­йін­ді спорт жә­не балалар ойын алаңдарының құ­- рылыста­ры бастал­ды. Сонымен қа­тар «Самұрық Қазына Траст» АҚ ар­қылы жеті, «Street Workout» феде­рациясының қолдауымен үш спорт ала­ңы салынуда. Бұл нысандар пайда­ла­нылуға берілген жағдайда 12 мыңнан ас­там тұрғынның спортпен  айналысуына  жағдай  жасалады.      Жол  жөндеуге 7,5  миллиард  теңге  Биылғы жылы облыс орталығындағы бірқатар көше жолдары жөндеуден өту­де. Өңір басшысы М. Мәметова көшесін­дегі автокөлік жолын күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Жалпы құ­- ны 581,7 миллион тең­ге­ні құрайтын жобаны «ҚПО б. в.» компаниясы қаржыландыруда. Жол құрылысы жұ­мыс­тарын «Nursat» және «Бірлік» ЖШС-лары жүргізуде. Сәуір айында бастал­ған жұмыстар қараша айында толықтай аяқ­та­луы керек. Бү­гінгі таң­да Құрманғазы көше­сі­нен Петровский көше­сіне дейінгі ара­лыққа тас жол төсеу жұмыста­ры жүргі­зі­лу­де. Жөн­­деу жұмыс­тарының 75 пайызы орын­далған. – Биылғы жөн­деуден өтеді деп жоспарланған қашықтығы 50 шақырым­ды құрайтын 37 көшенің бүгінгі таңда 11-і толықтай жөнделді. Ал 20 кө­ше­нің жо­лын жөндеу жалғасып, жұмыстың 70 пайыздан астамы бітті. Қалған ал­ты көше құрылысының құжаттары дайындалып, байқау жарияланды. Ол кө­ше­лерді жөндеу жұмыстары биылғы жы­лы басталып, келер жылы жалғасады. Біз тұрған М. Мәметова көшесіндегі жол жөндеу жұмыстары да аяқтала келді. Қыркүйек айының басында көше пайда­лануға берілетін болады, – деді облыс­тық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшы­сы  Қайрат  Мұқамбетқалиев. Жалпы, биыл қаланың 50 көшесі күр­делі, орташа және қайта жөндеуден өт­пек. Бұл жұмыстарға шамамен 7,5 млрд. теңге қаржы қарастырылған. Ең алдымен, қаланың орталық және қозғалыс қар­қыны жоғары күретамыр кө­шелері, сон­дай-ақ қоғамдық көлік жүре­тін жолдар қамтылуда. Сонымен қатар ағымдағы жы­лы шаһардағы 23 әлеумет­тік  нысанға қа­тынайтын  жолдар  жөнделуде.   Төрт  жұлдызды  «Hilton»  қонақүйі  Биыл Оралда «GrandHotel­Ser­vice» ЖШС сегіз қабатты замана­уи қонақүй құрылысы жобасын іске асыруда. Жұмыс сапары ба­рысында облыс әкімі Алтай Көл­гінов қонақүйдің құрылысымен танысты. Облыс орталығындағы «Ақжа­йық» қонақүйінің орнына екі жыл ішінде жаңа халықаралық дең­гейдегі 8200 шаршы метрлік қо­нақүй бой көтермек. «Hilton» атауымен салынатын қонақүйдің  жанында ауданы 4200 шаршы метрді құрайтын бизнес орталы­-ғы ғимараты болады. Жаңа қо­нақ­үй халықаралық франшиза бойынша іске қосылмақ. Халық­аралық франшиза бойынша ашы­латын қонақүй ондағы көрсеті­летін қызмет сапасының тұрақ­ты және қатаң бақылауда бола­тындығымен, сервистің жоғары деңгейімен, қала және облыс мәртебесін көтеруімен, бөлме­лердің әлемдік стандартқа сай болуымен ерекшеленеді. Шетел­дік мамандармен қонақүй қыз­мет­керлерін оқыту жоспарланған. Төрт жұлдызды қонақүйде 125 бөлме, оның ішінде 92 стандартты, 10 люкс класс, бір пре­зиденттік, 20 апартамент және өз­гесі болады. Ғимарат сегіз қа­бат­ты. Онда 70 орындық мей­рамхана, үш конференц-залы, ко­фе-брейк залы, орыс моншасы, түрік хамамы, фитнес-зал, екі қауыз, жер асты және жер үсті паркинг және өзге де қажетті қызмет көрсету орындарынан тұрады. Қазіргі уақытта бұрынғы қо­нақүйдің ең төменгі қабатын бұ­зу жұмыстары жүргізілуде. Жоба­ның жалпы құны 12 миллион АҚШ долларын құрайды. Қонақүйдің құрылысы осы жылдың төртін­- ші тоқсанында басталып, 2020 жылы  аяқталады  деп  күтілуде.   Жылу  құбырлары  жаңартылды  Ағымдағы жылы шаһардағы тұрғын үйлерді жылу­мен қамтитын төрт бағыттағы жылу магистралі жа­ңартылып жатыр. Облыс әкімі Астана және Қонаев мөлтек аудандарындағы жылу құбырларын қайта жөн­деу  жұмысының  барысымен  де  танысты. Ұзындығы 1,176 шақырым, 530, 426, 325 диаметр­лі құбырларды қалпына келтіруге 347 миллион теңге­-ден астам қаражат жұмсалуда. Биылғы жылдың шілде айынан бастап «Астанаинжстрой» ЖШС атқарып жат­қан құрылыс келер жылы толықтай аяқталуы керек. – Ағымдағы жылы «Нұрлы жол» бағдарламасымен Орал қаласындағы №2, №7 жылу магистральда­рын жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жақында №4, №8 магистральдарды жөндеу жұмыстары басталды. Мердігер компания құрылыс жұмыстарын сапалы әрі уақтылы атқаруда. Жөндеу жұмыстары жылыту мерзімі басталғанға дейін толықтай аяқталады, – деді «Жайық Жылу Қуат» АҚ  бас  директоры  Мұрат  Байменов. Сондай-ақ биыл инфрақұрылымды дамытудың  2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекет­тік бағдарламасы аясында мердігер «Уральскводстрой» АҚ облыс орталығында жалпы ұзындығы 2629,5 метр құрайтын қос жылу магистралін қалпына келтіруде. Жобаның жалпы құны 1,2 млрд. теңге. Қазір 106 тұрғын үй мен сегіз әлеуметтік нысанды қамтитын №8 жылу магистралін қалпына келтіру жұмыстары аяқтала келді. Нәтижесінде жалпы құны 1,9 млрд. теңгені құрай­- тын ұзындығы 4,9 метр төрт жылу магистралі жаңар­тылып, 255 тұрғын үй мен 35 әлеуметтік нысан қамтылмақ.   «7-20-25»  бағдарламасының  «қос  қарлығашы»  Оралдың солтүстік-шығыс бө­лігінде елімізде жүзеге асырыла бастаған «7-20-25» бағдар­лама­сымен жаңа шағынаудан бой кө­термек. Облыс әкімі іргетасы енді құйылған қос көп қабатты тұр­ғын үйдің  құрылысын  көрді. Тыңнан бой көтеретін жаңа ау­данда 27 көп қабатты үйлер салынады деп күтілуде. Бүгінгі таң­- да жеті тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып, екі үйдің іргетасы құйылуда. – Облыс орталығындағы халық саны жыл санап артып келеді. Елбасымыздың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» Үндеуінде айтылған «7-20-25» бағдарлама­сын жүзеге асыру мақсатында бой көтере бастаған шағынаудан­да бір­неше көп қабатты тұрғын үй салынады. Бүгінде барлық ин­фрақұрылымы тартылып, екі көп қабатты үйдің құрылысы басталды. Сондай-ақ бұл ауданнан мектеп, балабақша, аурухана, спорт кешендері секілді әлеуметтік ны­сандар бой көтеріп, абаттанды­ру жұмыстарын жүргізетін боламыз. Ал қаланың батыс жағында Ақ­жайық шағынауданына «Нұрлы жол» бағдарламасымен инже­нер­лік желілер тартылуда. Ақжа­йық ауданының жалпы аумағы 450 гектарды құраса, біз тұрған қаланың солтүстік-шығыс бөлігін­дегі жаңа ауданның көлемі 180 гектарды құрайтын болады. Екі шағынауданның құрылысы толық­­тай аяқталған жағдайда өңірі­­міз­дің 70 мың тұрғынын баспанамен қамтимыз. Облыс бойынша тұрғын үйге сұраныс азаймай тұр. Бүгінгі таңда Орал қаласын­да 19 мың, облыс бойынша 22 мың тұрғын үй кезегінде тұр. Осы баспанаға деген қажеттіліктерді мемлекеттік бағдарламалар ар­қы­лы және мемлекеттік жеке әріп­тестіктің күшімен қамтамасыз етуіміз қажет, – деген облыс әкімі Алтай Көлгінов жаңа тұрғын үй­дің алғашқы іргетасын құюға ат­салысты. Орташа есеппен биыл 3,6 мың тұрғын баспанамен қамтылатын болады. 9 қабатты, 104 пәтерлі бі­рінші үйдің құрылысын «СКФ Отделстрой» ЖШС жүргізуде. Тұр­ғын үйдің құрылысына респуб­ликалық және жергілікті бюджеттен 1,7 миллиард теңге қарас­тырылған. Екі үйдің де құрылысы келер жылы толықтай аяқталады деп күтілуде. Жалпы, қаладағы салынып жатқан №1, 43, 46-дақ және сол­түстік-шығыс мөлтек ауданында­ғы №1, №2 мекенжайында көп қабатты тұрғын үйлер «7-20-25» бағдарламасы арқылы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшыларына беріледі. Ал №39, 41, 44, 45-дақтағы тұрғын үйлер ха­лық­тың әлеуметтік қолдауды қа­жетсінетін бөлігіне арналып са­лынуда. Орташа есеппен биыл 3,6 мың тұрғын баспанамен қам­тылатын болады.  

Нұрбек   ОРАЗАЕВ, «Орал   өңірі»


Өңірдегі ет экспортының әлеуеті жоғары

Күні: , 1 729 рет оқылды

Облыс әкімінің баспасөз қызметі ұсынған мәлімет бойынша соңғы төрт жыл ішінде өңірімізден шамамен 8000 тонна сиыр және 720 тонна қой еті экспортталған.

Біздің облыс ет экспорт-тауда еліміз бойынша алдыңғы лекте. Батыс Қазақстан облысы Ресей, Армения, Иран, Тәжікстан секілді шет мемлекеттерге ірі қара мен қой етін тірілей және мұздатылған күйде  экспорттауда. Облыс аумағынан шет елдерге жөнелтілген еттің басым бөлігі қажетті құралдармен жабдықталған 11 бордақылау алаңында дайындалады. Облыстың 8 ауданында 15 мыңға жуық ірі қара және ұсақ мал өсіріледі. Ақ-жайық ауданында 1500 бас малды бордақылауға арналған алаңның құрылысы жалғасуда. Сондай-ақ Зеленов және Теректі аудандарында 3000-5000 бас ірі қара малын бордақылау алаңдарын салу  жоспарлануда. – Өткен жылы 2000 тонна сиыр етін және 90 тонна қой етін экспорттау жоспарланса, бұл ме- же 86,8 пайызға орындалды. Экспорттаушы кәсіпорындардың қатарында «Батыс Марқа Ламб» ЖШС, «Зира ЕТ» ЖШС, «Кублей» ЖШС-лар бар. Шет мемлекеттер-ге 1,8 тонна сиыр еті мен ет өнімдері, 505 тоннадан астам немесе 5,6 есе артық қой еті жөнелтілді. Бұл еліміз бойынша ең жақсы көрсеткіштердің бірі. Биылғы жылы 2 мың тонна сиыр етін, 180 тонна қой етін экспорттау жоспарланып отыр. Күні бүгінгі көрсеткіш бойынша сиыр етін экспорттау жоспары 53,3 пайызға орындалды. Сонымен қатар барлығы 338,2 тонна қой еті жөнелтілген болса, соның ішінен 231,5 тонна марқа еті Иран Ислам Республикасына экспортталды, –  деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Есенғалиев. Мал шаруашылығы өнімдерін өндіретін және экспорттайтын ірі кәсіпорындардың қатарында сиыр және қой еттері мен ет өнімдерін өндіретін «Кублей» ЖШС, марқа етін дайындайтын «Зира ЕТ» ЖШС, ірі қара малын тірілей және еттей жөнелтуге бейімделген «Гитинов», «Дәурен», «Ерсайын» секілді шаруа қожалықтарын  атап  өтуге болады. Экспорттаушы елдердің қатарын ұлғайту мақсатында «Кублей» ЖШС Қытайға ет жөнелтуге өтініш берген болатын. Өткен жылдың мамыр айында Қытайдан келген сарапшылар Батыс Қазақстан ет комбинатының жұмысымен танысып, жоғары баға берді. Қазіргі уақытта бұл бағытта жұмыс жалғасуда.

Нұрбек   ҚАБЫЛ, «Орал   өңірі»


Қырдағы қызу еңбекті қадағалады

Күні: , 1 609 рет оқылды

Сейсенбі  күні  облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов  Зеленов  ауданында  болып,  бірқатар  шаруа  қожалықтарының  тыныс-тіршілігімен  танысты.

«Баптай білсең, жер жомарт» деген халқымыздың даналығын жете түсінген зеленовтықтар жер­­- дің жомарттығын мүмкінді­гін­ше пайдаланып келеді. Әр­тараптан­дыру бойынша атқарыл­ған жұ­мыстардың нәтиже­сін­де ауданда­ғы егіс көлемі 235,9 мың гектарға жетті. Оның ішінде дәнді дақыл­дар 143,9 мың га, майлы дақыл­дар 31,7 мың га, мал азығы дақы­лы 56,9 мың га, бау-бақша өнім­дері  3,4  мың  га  құрайды. Қазіргі таңда орақ түскен 52 157 гектардан 62 884 тонна дән­ді дақыл жиналды. Күздік бидай­дың өнімділігі 14,7 центнер болса, шабылып жатқан жаздық би­дайдың өнімділігі гектарына 7,4 центнерді құрап отыр. Өңір басшысы алдымен ау­данда ең бірінші болып егінге орақ салған Железнов ауылдық округіндегі «Авангард» ЖШС-ға келді. Серіктестік басшысы Сер­гей Ихсановтың айтуынша, бүгінгі таңда 110 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Ауыл шаруашылығы дақылдарын әр­та­раптандыру бағытында биыл мемлекеттен 55 млн. теңге де­меуқаржы алған. Серіктестіктің иелігінде 21 052 гектар егіс ал­қабы бар. Оның 5712 гектары күздік, 3816 гектары – жаздық бидай, 1458 гектары – арпа, 222 гектары – бұршақ, 414 гектары – судан шөбі, ал өзгесі – күнбағыс алқабы. – Өткен жылдары күздік бидайдың өнімділігі жақсы болды. Бұл дақылдың түсімі биыл да жаман емес. Таяу күндері күз­дік бидайды себе бастаймыз. Егіс көлемін жылдағыдан 30 па­йызға ұлғайтуды көздеп отырмыз. Биыл майлы дақылдардан жылдағыдан мол өнім жинаймыз деген үміт бар. Жиым-терім жұмысы аяқталы­сымен Теректі ауданындағы май зауытына тап­сырамыз деп жос­парлап қойдық. Биыл 3600 гек­тарға майлы дақылдар ексек, осы бағыт­тағы егістік көлемін алда­ғы уақытта 8000 гектар­ға ұлғайт­пақшымыз, – деді Сергей Ихсанов. Ауданда майлы дақылдар мен күздік бидайдың егістік көле­мін арттыру қажеттігіне тоқталған Ал­- тай Сейдірұлы жаңғырту­дан ке­йін қайта іске қосылған «Терек­ті май зауыты» диқандар үшін үл­кен  мүмкіндік екенін атап өтті. – Жиылған өнімді өткізер орын іздеп сабылмайсыз. Шикізатқа сұ­раныс бар, сондықтан мүмкін­дік­ті тиімді пайдаланған ұта­ды. Ауыл шаруашылығына жаңа технологияны кеңірек енгізу керек. Ол үшін мемлекет барлық жағдай туғызып отыр. Майлы да­қыл мен күздік бидайдың егіс кө­лемін ұлғайтып, одан жақсы өнім алуға өңіріміздің ауа райы да қо­лайлы. Қазіргі таңда өңірі­міз өзі­мізге қажетті мал азығын толы­ғымен өтей алады. Былтыр елі­мізден экспортқа шығарылған ет­тің тең жартысы біздің облысы­мыздан жөнелтілді. Сұраныс әлі де бар. Қытай мен Ресейге ет шы­ғаруға болады. Иран мен Тәжік­стан, Ауғанстанға дейін ет­ті экс­порттауға мүмкіндік бар. Жыл сайын ет экспорттау нарығы ке­ңейіп келеді, – деген облыс әкі­мі сондай-ақ суармалы жер кө­лемін арттыруды, істен шық­қан ирригациялық құрылымдарды қал­­пына келтіруді қолға алуды тапсырды. – Өңірде ирригацияны қалпы­на келтіру жұмыстары қарқын алып келеді. 180 шақырымдық Ки­ров – Шежін каналы жөнде­лу­де. Ол жұмыстар күзде толығы­мен аяқталады. Жәнібекте Әбділ­- ман – Соркөл каналы, Сы­рым ау­­данында Қо­соба суландыру жү­-йесі жасалды. Шо­лақаңқаты, Те­- ректіде Жайық­тан 40 шақырым жерге дейін су соратын құрыл­ғы орнатылды. Жаңақаладағы су қақпалары қалпына келтірілу­де. Осы Зеленов ауданына қарасты Переметный ауылы маңындағы дамбаны жа­садық. Жоспарлау­шылар қате­лесіп, су жырып кеткенімен, осы күні ауыл маңы суға толып тұр. Жергілікті жұрт пайдасын көріп отыр, – деді облыс әкімі. Кездесу барысында шаруалар өздерін толғандырған жол мә­селесін ортаға салды. Қай ел­ге бар­- са да, көлденең келетін бұл сұ­рақтың біртіндеп шеші­мін таба­тындығын айтқан Алтай Сей­дір­ұлы: – Өңірдегі жол мәселесін ең жоғары деңгейде көтердік. Биыл Хан ордасына дейінгі 336 ша­қы­рым жолдың құрылысы басталады. Үш жылда бітіру көзделіп отыр. Орынборға қарай бара­тын 144 шақырым жол бар. Бар­лығының жобалық-сметалық құ­жаттамаларын жасауымыз ке­рек. Бұл  мақсаттың өзіне 600 миллион­дай қаржы бөлініп отыр. Бір сөзбен айтар болсақ, сең қоз­ғалды. Таяу жылдары барлық ау­­дан орталықтарына барар жолдарды жөндеуді көздеп отыр­мыз, – деді. Зеленовтық шаруалардың жағ­дайымен танысып, мәселелері­не қаныққан облыс әкімі кадр мә­селесіне көбірек көңіл бөліп, жа­ңа технологиялар мен ғылым жетістіктерін ауыл шаруашы­лы­ғына енгізу қажеттігін де қадап айтты.

Түгелбай   БИСЕН, Зеленов   ауданы


Шәкәрім мұрасымен танысты

Күні: , 1 933 рет оқылды

Зеленов ауданының Дариян  ауылдық кітапханасында көрнекті ақын, философ  Шәкәрім  Құдай-бердіұлының 160 жылдығына орайластырылған танымдық шара ұйымдастырылды. Ауылдың  орта-лық саябағында өткен шараға ауыл тұрғындары белсенді қатысты. Акция барысында кітапханашы Любовь Ивашкова  жиналған-дарға Шәкәрім Құдайбердіұлының  өмірі  мен  шығармашылығы  жайында жан-жақты  мағлұмат  беріп, ауыл тұрғындарын арнайы дайындалған көрмемен таныстырды. Қазақ ойшылы туралы мәліметке қаныққан оқырмандар кітап көрмесіне қойыл- ған оқулықтармен танысып, пікірлерін білдіріп, библиографиялық шолудан алған  әсерлерімен  бөлісті.  Гүлжан  АЯЗБАЕВА, Зеленов  ауданы

Ауыл өз бюджетін қалай игеруде?

Күні: , 427 рет оқылды

Бұл сұрақ қаржы саласынан хабары бар адамдардың көкейінде жүр.  Ортақ өгізден оңаша бұзауды артық санаған халықпыз ғой. Бұрын ел басқаруда дарындылық, іс атқаруда қарымдылық таныта алмаған кейбір ауылдық округ басшылары  «Ортақ бюджет құлаш сермеуге мүмкіндік бермейді. Қаржы билігі қолға тисе…» дейтін. Тиді. Үкімет жаппай болмаса да, ішінара ауылдық округтердің бюджетін есептеп, онымен жұмыс жасау билігін өз қолдарына берді. Одан бері де алты ай өтті. Оның нәтижесі қандай? Кім не оқсатты? Талдап көрейік.   Жаңақала ауданы бойынша да бес ауылдық округтің бюджеті ауыл әкімінің  құзырына  берілді. Әрине, бюджет кіріс пен шы-ғыстан тұрады. Кіріс дегеніміз қаржының қоржынын томпайта- тын түсімдер  де,  шығыс – сол  қаржының орынды жұмсалып,  игерілуі. Түсімдерден бастайық. Әрине, түсім өздігінен келіп, қаржы қазанына құйылмайды. Жерлес- теріміздің төлеуге тиісті салықтарын айттырмай, мерзімді кезең ішінде өздері әкеліп тө- лей қоюы екіталай. Ондай өр-кениет мәдениетіне жете қойғанымыз жоқ. Сондықтан ауыл әкімі аппараты салық жинауда жүйелі жұмыс жасауға мәжбүр. «Өзім дегенде өгіздей күші бар» деген. Бюджеті өздеріне берілген бес округтің төртеуі түсім жоспарын артығымен орындады. Субвенцияны (трансфертті) қоспағанда, алты ай ішінде Жаңақала ауылдық округі 11 342 мың теңге, Жаңажол округі 245 мың теңге, Жаңақазан 280 мың теңге, Көпжасар 245 мың теңге, Мәстексай 280 мың теңге түсім түсіруі керек  еді. Мәстексай ауылдық округі 1 399,9 мың теңге түсім түсіріп, жоспарын 499,96 пайызға, Жаңақазан округі түсім жоспарын 382,9 пайызға, Жаңажол округі 281 пайызға, Көпжасар округі 225,3 пайызға орындады. Өкінішке орай, аудан орталығы саналатын Жаңақала округі 6 548,1 мың теңге түсім түсіріп, жоспарын 57,7 пайызға ғана орындады. Яғни 4 793,9 мың  теңге  түсім  түспей  отыр. Талдап айтсақ, бұл округте 6 498 мың теңге табыс салығы жиналуы керек еді, жиналғаны 1 201,9 мың теңге немесе 18,5 пайызы ғана. Жеке тұлғалардан көлік құралдарына салынатын салықтан түсім де 4 844 мың теңге орнына 4 617,5 мың теңге болып, 95,3 пайызға орындалды. Бір ғана осы округте түсім аз жиналуынан бес округ бойынша түсуге тиісті 12 392 мың теңге түсім жоспары 10 260,7 мың теңге болып, 82,8 пайызға орын-далды. – Бұл жұмысты мықтап қолға алып отырмыз. Жыл соңына дейін олқылығымыздың  орнын толтырмыз, –  дейді Жаңақала ауылдық округінің әкімі Абзал Ахметов. Иә, бұл жұмыс шұғыл жандануы тиіс. Өйткені ол жиналмай отырған қаржы округте атқарылуы тиісті қаншама жұмысқа қолбайлау болады. Бұл үлкен кемшілік саналады. Енді ауыл бюджеттерінің игерілуіне тоқталайық. Қаржы жұмсау билігі қолдарына тиген бес ауылдық округтің әкімі биылғы жылдың бірінші тамызына дейін игерілуі тиіс 87 115 мың тең- ге бюджет қаржысының 68 227,5 мың теңгесін, яғни 78,3 пайызын игерді. Неге? Берілген қаржы неге уақтылы  игерілмеді? Ең көп игерілмеген қаржы Мәстексай ауылдық округінде. Бұл ауылдық округте бөлінген 16 859 мың теңге қаржының 58,5  пайызы (9 854,5 мың теңге) ғана игеріліп, 7 004,5 мың теңге игерілмей отыр. – Бұл – өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша бөлінген қаржы. Жаңа үлгідегі спорт ала- ңын салуымыз керек еді. Құ-жаттардан қателік тапқан камералдық бақылау жарияланған конкурсымызды екі рет тоқтат-ты. Есепшіміздің тәжірибесі аз-дығы да жеделдігімізді тежеді.Сөйтіп, конкурс кеш өтіп, жұмыс кеш басталды. Істелінбеген жұмысқа қaржы аудара алмай-мыз. Алдыңғы айларда қаралған қаржы игерілмеген есебінде тұр. Қазір жұмыс жүруде. Жыл соңына дейін игеріледі, – дейді Мәстексай ауылдық округінің әкімі  Сәуле  Мұхамбетжанова. Бұл әңгімені алты айлық бюджетін 70,2 пайызға орындап отырған Жаңажол ауылдық ок-ругі әкімінен де естідік. – Игерілмеген 6 318,2 мың теңге қаржы бізде де өңірлерді дамыту бағдарламасынікі. Оның 3 500 мың теңгесі – үнемделген қаржы, оны сессия шешімімен аудандық  бюджетке  қайтару  керек. Конкурс жеңімпазы «СтартСтройСервиз» ЖШС жұмысты уақтылы бастағанмен, уақтылы аяқтамай отыр. Бітпеген іске қаржы аударып, заң бұза ал-маймыз. 2500 мың теңге содан игерілмей тұр, – дейді ауыл  әкімі  Асылан  Оразалиев. Қаралған бюджетін 82,8 пайызға орындап отырған Жаңа-қала ауылдық округінің әкімі Абзал Ахметов те игерілмеген 5 097,8 мың теңге қаржының ауылды абаттандыруға бөлін-генін, жоғарыдағы  себептерден жұмыстың кешеуілдеп басталғанын, игерілетінін айтады. Өз бюджетін өздері билейтін аудандағы бес ауылдық округтің салыстырмалы түрде жұмысы тә-уірі – Жаңақазан ауылдық округі (әкімі – Сәкен Ғұбашев). Бұл округ жартыжылдық түсім жоспарын 382,9 пайызға, бюджет қаржысын игеруді 99,1 пайызға орындап отыр.  Одан кейін Көпжасар ауыл- дық округі тұр. Ол түсімді 225,3 пайызға, қаржы игеру жоспарын 96  пайызға  орындаған. Жалпы, бюджетке түсім түсіру де іскерлік. Бұл бағытта Мәстексай ауылдық округінің әкімі Сәуле Мұхамбетжанованың ал-ғырлығын  айтпасқа  болмайды. – Алты айда 280 мың теңге орнына 1 399,9 мың түсім  есеп-ке алынды. Одан кейін де 500 мың теңге түсім жинадық. Түсім көбірек түссе, өзімізге жақсы, біраз жоспарымызды жүзеге асыра- мыз. Биыл түскен түсім есебінен құлаған үйлердің орнын тегістеп,  басқа да халыққа қажетті шаруа-ларымызды жасаудамыз, – дейді Сәуле Мұхамбетжанова. Жоғарыда талдап көрсеттік, бес округтің Жаңақаладан басқасы табыс табуға икемді екен. Құптарлық іс. Дегенмен, бюджеттік қаржыны уақтылы игеруде сыл-бырлық бар. «Конкурсты камералдық бақылау өткізбеді, жұ-мыс кеш басталды» деген себепті сылтау емес. Конкурсты уақтылы, сауатты өткізу, жоспар-ланған бюджет қаржысын мақ-сатты, уақтылы игеру – елді дамытудың кепілі. Елбасы Жол- дауында атап көрсеткен мақсат та осы.  Сондықтан қаржы билігі қолдарына тиген ауыл- дық округтердің басшылары жұ-мыстарын жандандыра түсулері қажет.   Өмірзақ   АҚБАСОВ, Жаңақала   ауданы

Дәрігер тапшылығы жойылған аудан

Күні: , 382 рет оқылды

Шыңғырлау ауданында былтыр жалпы аумағы 3162 шаршы метрді  құрайтын  39  тұрғын  үй  пайдалануға  берілсе,  жуық  арада  үш  қабатты  45  пәтерлік үйдің  және  төрт  ауылда  екі  пәтерлік 10 үйдің  құрылысы  басталмақ. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте  Шыңғырлау  ауданының  әкімі  Альберт  Есәлиев  баяндады.

  Осыдан  біразырақ күн бұрын Ақшат ауылына таза су келді және қос ауылдың халқы жыл соңына дейін сапалы ауыз суға қол жеткізбек. Келер жылы тағы төрт елді мекенге су құбырын тарту жұмыстары атқарылмақ. Нәтижесінде ауданның таза ауыз сумен қамтылу деңгейі 97 пайызды құрамақ. От жағып, күл шығарып келген Ақсуат ауылын көгілдір отынға қосу арқылы аудан халқы толықтай табиғи газбен қамтамасыз етілді. Альберт Темірболатұлының айтуынша, қазіргі таңда «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жаңадан бой көтеретін «Атамекен» шағынауданына су, газ, электр жарығы сияқты инженерлік желілердің жобалық құжаттамаларын дайындауға қажетті қаражат бөлінген. Шыңғырлау ауылындағы теміржол бекетін абаттандыру жұмыстары ағымдағы жылдың қазан айында аяқталмақ. Бұған қоса аудан орталығында сегіз көше жөнделіп, жалпы ұзындығы 2 мың метрден асатын жаяу жүргіншілер жолы пайдалануға берілген. Жұрттың арқасына аяздай батып келген облыстық маңызы бар Шыңғырлау – Ақшат – Сегізсай күрежолын күрделі жөндеу мә-селесі  де оң шешімін тауып келеді. – Ауданның коммуналдық меншігіндегі ғимараттарды бәсекелестік ортаға беру жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар иесіз газ құбырларының құжаттарын жасақтап, бәсекелестік ортаға шығаруды қолға ал-дық. Жеке инвестициялар есебінен аудан орталығында жаңа дәріхана, екі мал сою пункті, Ақтау округінде мал кешені салынды. Аудан кәсіпкерлері несиелер алып, ша-руашылығын кеңейтуде, мал басын асылдандыру жұмыстары да қарқынды. Жаңадан іс бастап, түрлі бағытта кәсіпкерлікті қолға алған тұрғындар да мемлекеттік бағдарла-малардың қолдауын айқын сезініп отыр, – дейді Альберт Есәлиев. Жыл басынан бері аудан бойынша 21 шаруа қожалығы ашылып, оларға жалпы көлемі 15 гектар жер бөлінген. Кәсібін өрістетіп отырған тағы 18 шаруа қожалығына қосымша 16 мың гектар жер телімдері берілген. Шың-ғырлаулық шаруалар биыл 12 мың гектарға егін егіп, күздік бидайдың әр гектарынан шамамен 19 центнер өнім алуда. Аудан басшысының мәлімдеуінше, мүйізді ірі қара малының саны өткен жылмен салыстырғанда 16 пайызға көбейген. Агроөнеркәсіпті кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы 120 бас ірі қара аналық сатып алынған. – Аудандағы 14 ауыл шаруашылығы кооперативінде 94 бас асыл тұқымды бұқа мен 2762 бас тауарлы аналық бағылуда. Шілде айында «Шыңғырлау-Агро» модульді мал сою пункті іске қосылды. Ендігі кезекте аталмыш мал сою пунктінің негізінде бордақылау алаңдары жасақталмақ. Сонымен қатар ақ- төбелік «Актеп» ЖШС-дан 400 бастан астам ангус сиырын сатып алу бойынша келіссөздер жүргізілуде, – дейді аудан басшысы. Өнімнің сапасы сауатты жүргізілген ветеринарлық жұмыстардың нәтижесіне де байланысты екені белгілі. Алты округ орталығында ветеринариялық пункт, оған қажетті мамандар мәселесі оңтайлы шешілсе, жуық арада қалған екі округте де ветеринариялық пункт ашу көзделген. Шыңғырлау –  облыс бойынша дәрігерлерді баспанамен қамту және қайта оқыту арқылы маман тапшылығы мәселесін шешіп отырған бірден-бір аудан. Цифрландыру аясындағы жаңалықтарды да жатырқамай, ауруханаға электронды тіркеу жүйесін енгізіп, дәрігерге жазылу k-vrachu мобильдік қосымшасы ар-қылы жүзеге асуда. Халықпен кері байланыс орнатуда да сандық технологияның көмегіне жүгініп отырған аудан басшылығы әлеуметтік желілердегі ресми парақшалар арқылы тұрғындардың талап-тілектерін қабылдайды. Instagram желісіндегі «Халықтық бақылау» жобасы шешімін күткен мәселелерді анық-тауға, нақты іс-шаралардың іске асуына мұрындық болып отыр.

Динара   ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, «Орал  өңірі»


Ақ Жайықтан Астанаға азық-түлік керуені аттанды

Күні: , 384 рет оқылды

Тамыздың  18-19-ы  күндері  жылдағы  дәстүрге  сай Астана  қаласында  ауыл  шаруашылығы  өнімдерінің  жәрмеңкесі  өтпек.  Соған  орай кеше өңірімізден 120  тонна  ауыл  шаруашылығы  өнімдерін  тиеген   керуен  Астанаға  аттанды.  Бас қаланың тұрғындарына арналған жәрмеңкеде батысқазақстандық тауар өндірушілер 32 тон-на жылқы және сиыр етін, 10 тонна қалбырдағы өнімді, 16 тонна балық және шұжық өнімдерін, 10 тонна ұн мен макарон өнімдерін, сондай-ақ бір тонна өсімдік майы, 10 тонна балық, 2,3 мың литр  квас, шырын секілді сусындар мен 1 тонна кондитерлік өнімдер ұсынбақ. Жәрмеңкеде күтілетін орташа баға бойын-ша сиыр етінің бір келісі 1400, жылқы еті 1600, ет және шұжық өнімдері 1500, балық 700 теңгеден, ал сусындардың литрі шамамен 110 теңге, өсімдік майы 370 теңге, кондитерлік өнімдердің келісі 300-1500 теңге  аралығында  саудаланбақ. – 2017  жылы Қаратөбе ауылдық округінің аумағынан  жер телімін алып, ауысы-мына 30 бас мал соятын қасапхана ашқан едік.  Қазір Елбасының тапсырмасына орай ірі қара мен қой етін экспортқа шығару бағытында жұмыстанудамыз. Өткен аптада көршілес Ресейге 3 тонна марқа бағланның етін өткіздік. Жылдағы дәстүр бойынша Астана қаласында өтетін жәрмеңкеге өзіміздің қасапханада сойылған мал етін алып бару үшін мұздатқышы бар жүк көліктерімен жолға шықтық. Үш тоннадай етті саудаламақпыз, – дейді «Қоржын» шаруа қожалығының жетекшісі Құсайын  Мұқанов. Жәрмеңке Астана қаласындағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы  көше бо-йындағы «Қазақстан» спорт кешенінің (Мұңайтпасов, 9)  тұрақ  алаңында  өтетін  болады. Батыс Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, былтыр облыс бойынша 1736,5 тонна ет шетелге экспортталған. Биыл  2000 тонна сиыр еті мен 180 тонна қой етін экспорттау жоспарланған. Ет өнімдерін өңіріміздегі «Кублей» ЖШС, «Зира ЕТ» ЖШС, «Гитинов» ШҚ, «Дәурен» ШҚ, «Ерсайын» ШҚ секілді ірі кәсіпорындар бүгінгі таңда  Ресейге, Арменияға, Иранға және Қырғызстанға  жөнелтуде.   Гүлсезім   БИЯШЕВА, «Орал   өңірі»  

Ауыл маңындағы алты үй көгілдір отынға зәру

Күні: , 489 рет оқылды

Бөкей  ордасы  ауданындағы  Бисен  ауылына  көгілдір  отын  құбыры 2011  жылы  тартылған.  Бірақ  ауылдың  оңтүстік  бетінде  орталықтан  бір  шақырымнан  астам  қашықтықта  орналасқан  Құрманғазы  елді  мекені  газбен  қамтылмай  қалыпты.  Құрманғазы  қыстағы аталып  кеткен  мұнда  алты  үй  бар.  Солардың  біріне  қоныстанғанына  15  жылдан астам  уақыт  өткен,  ауыл  шаруашылығы  саласында  еңбек  етіп,  зейнетке  шыққан  ақсақал Қайырболат  Өтегенов  «Орал  өңірі»  газетінің  редакциясына  «…Атқа  жемді  кім  салар?»  деген  тақырыпта  хат  жолдады.  Редакцияның  кіріс  құжатына  биылғы  тамыздың  2-сі  күні  тіркелген  №38  хатта  қария  осы  мәселемен  «Әр  есікке  барғанын,  бірақ  шешімін  таппай жүргенін»  баяндайды,  2011  жылы  жобалау  құжатына  белгіленгенімен,  баспанасына  газ құбыры  тартылмағанын  және  «Тегін  істеп  бер  деп  отырғаным  жоқ,  өз  ақшама  жасата алмай  отырмын»  деп  жазыпты.

Кейін редакцияға аяқтай келген Қайырболат Өтегенов хатта жазылған жайды кеңінен баяндады. Бисен ауылына газ құбыры желісін «Әлия Сервис» ЖШС тартқан. Сол кезде ауыл тұрғындары «Бисен газ» кооперативін құрып, үйлерге газ өткізу үшін қаражат жинаған. – 2011 жылы кооператив басшысы Ерболат Сапашев пен жобалау ісімен айналысатын орыс жігіті келіп, газ тарту құны сәл қымбатқа шығатынын айтты. Біз келістік. Бірақ жобаға елді мекен-дегі алты үй енбей қалды. Бірнеше жыл қатарынан осы мәселені көтерумен келемін. Аудан, ауыл басшыларына бірнеше мәрте айтып, күдер үздім, – деді Қайырболат Өтегенов. Ақсақалдың айтуынша, ауылдың солтүстік бетінде 200-400 метр қашықтықта орналасқан үй- лердің бәріне көгілдір отын жеткізілген. Бір қызығы, 2014 жылы  Бисен ауылына  ауыз су құбыры тартылған кезде, елді мекендегі үш үй сумен қамтылады да, олардың шаңырағынан 200 метрдей жерде қоңсы отырғандардың баспанасына су құбыры жеткізілмейді. Мердігер бұл үй иелеріне «жобалау құжатына кіргізілмей қалған» деп түсіндіреді. Жетім қозыдай тағы да бөлектеніп қалғандарына Қайырболат ақсақал әлі күнге ауыл әкімдігіне өкпелі. Қайырболат Өтегенов аудан әкімдігінен қайран болмаған соң, биылғы ақпан айында облыс әкімі Алтай Көлгіновтің Орал қаласында тұрғындарға есеп беру жиынына қатысып, кейін әкімнің қабылдауына жазылып, баспана-сына жетпеген газ-су мәселесін көтереді. Облыс әкімі Алтай Көлгінов аудан басшылығына оған көмектесу керектігі жөнінде тапсырма берген. Көп уақыт өтпей Қ. Өтегеновке облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаевтың атынан наурыздың екісі күні ЖТ-Ө-416 шығыс нөмірімен жолданған хат келеді. Сөзбе-сөз келтірсек, хатта: «Бисенде ауылішілік газ құбырларын өткізу 2010 жылы басталды. Мемлекеттік мекемелер ғимараттарына газ өткізу бюджет есебінен орындалды. Жеке тұрғын үй секторына газ жүргізу жұмысының шығыны тұрғындардың есебінен жүргізілді. Ол үшін ауыл тұрғындары «Бисен газ» кооперaтивін құрып, Бисен ауылының шегінде орналасқан үйлерге газ өткізу жобаларын жасатып, ауылішілік газ құбырларының құрылысын жүзеге асырды. 1990 жылы жасалған Бисен ауылының бас жобасы бойынша Құрманғазы қыстағы елді мекен шегінің сыртында орналасқан. Кезінде жобалау-сметалық құжаттамасын жасау және құрылыс жұмыстарының бағасы ауыл орталығынан жоғары болатыны түсіндірілгенде, қыстақ тұрғындары келісім бермей, мердігер Бисен ауылындағы жұмысын тоқтатты» деп жазылған. Хатта Бөкей ордасы әкімдігі алдағы уақытта ауданда газ құбырын жүргізіп жатқан мердігер арқылы Құрманғазы қыстағына төмен бағамен газ тартуға келіссөз жүргізетіні жөнінде хабарланған. Қайырболат Өтегенов алдын ала түсінік жұмыстары дұрыс ұйымдастырылмағанын, газ құбырын жобалау және тартуға қатысты белгіленген бағаға қарсылық танытпағандарын айтты. Тіпті оның көршісі Нұрлан Төлепов 2011 жылы 27 сәуірде газ құбыры жобасына алдын ала 8700 теңге төлеген, әрі мөр соқтырылған түбіртек әлі күнге қолында. Бисенге газ жүргізген мердігер «Әлия Сервис» ЖШС-ның директоры Әнуар Мардановпен телефон арқылы хабарласқанымызда, ол жоба бойынша ауылішілік газ желісін толық тартқанын айтты. Аудан әкімдігі келісімімен 2015 жылы серіктестік қызметкерлері тағы барып, ауыл айналасында көгілдір отын бармаған үйлерге газ құбырын тартқан. Бірақ мердігерге Құрманғазы қыстағы туралы мәселені ешкім көтермеген. «Бисен газ» кооперативін басқарған, қазіргі уақытта Бисен ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Ерболат Сапашев «Инженерпроектсервис» ЖШС жобалау құжаттамасын жасағанын айтты. Ерболат Сапашев жобаны жасаушы серіктестік өкілімен бірге үйлерді аралай жүріп, Қайырболат Өтегеновпен жолыққанын растады. «Инженер-проектсервис» маманы газ тарту құны қымбат болатынын түсіндіргенімен, кейін Құрманғазыны жобаға енгізбеген. Жалпы, ауыл әкімдігі немесе кооператив мүшелері қыстақ тұрғындарымен жиын жасағаны жөнінде ешқандай хаттама жоқ. Облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаевтың хатынан кейін аудан басшылығы құрғақ уәде- мен шығарып сала берген соң, жақында қария Оралға келіп, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлейменнің қабылдауында болып, мән-жайды түсіндіреді. Серік Кенжебекұлы бұл мәселені қадағалауға алғанын айтқан. Бөкей ордасы ауданы әкімінің орынбасары Рүстем Зұлқашев бұл мәселе Құрманғазы тұрғындарының салғырттығынан болды деп есептейді. – Қыстаққа газ тарту құны бірнеше есе қымбатқа түскесін, тұрғындар келісім бермеген. Содан мердігер ауылішілік құбырларды тартумен ғана айналысқан. Су құбыры Құрманғазыдағы үш үйге ғана тартылғаны рас. Ал қалған үйлер неге қамтылмағаны түсініксіз. Су желісін жобалау құжат-тамасында мүлдем көрсетілмеген. Таяуда «БатысАлмасГаз» ЖШС ның басшысы Тұрарбек Төлешевпен бірге тұрғындармен жолықтым. Мердігер шамамен қыстақ-қа орта қысымдағы газ желісін апару үшін 6 млн. теңгеге жуық қаражат керек екенін айты. Оның үстіне, үйлерге кіргізетін төмен қысымдағы газды тарту шығыны бөлек есептеледі. Тұрғындар барлық шығынды ортақ көтеріп алуы тиіс. Ауыл әкімі  олармен жиын өткізіп, хаттама толтырып, қорытындысы жөнінде хабарын береді. Ауыл орталығының шегі-нен тыс орналасқан елді мекенге бюджет есебінен газ құбыры тартылмайды. Және онда әлеуметтік нысандар жоқ, – деді Рүстем  Мүлкайұлы. Бисендіктер «Алты ауыл» деп атап кеткен қыстақ тұрғындары қыс бойы қидың ғана қызуын сезінуде. Құрманғазыдағы екі саман үй мүлдем ескірген. Ауылдағы ағайынның түсіне де кірмейтін мөлшерде шарықтап сала берген газ құрылысы есебінің ширегіне ескі баспананың құнын екі еселетсе де татымайды. «Бармаған жері, баспаған тауы» қалмаған ақсақал дағдарып отыр. Бұған қыстақ тұрғындарының уақтылы ширақ қимылдамауы және олардың талап-мүддесін ескеруде ауыл әкімдігі мамандарының кезінде бейғамдық танытқаны себеп болса керек…

Нұртай   ТЕКЕБАЕВ, «Орал  өңірі», Бөкей  ордасы  ауданы


Ақ Жайықтан Меккеге аттанды

Күні: , 1 610 рет оқылды

Облыстық  орталық  мешітте қажыларды  қасиетті  қала – Меккеге  шығарып  салу рәсімі  өтті.

  Орал орталық мешітінің наиб имамы Самат қажы Қанатқалиұлы сапарға аттанушыларға қажылық- тың асыл дініміздегі мән-маңызы туралы баяндап, көкейкесті сұрақтарына жауап берді. Соны- мен қатар қасиетті сапарларына сәттілік тілеп, қажылықты өтеу  кезінде  қазақ жерінің болашағы үшін дұға жасауларын тіледі. Мұсылман қауымы үшін ислам-ның бес парызының бірі қажы-лыққа бару болса, осы жылы қа- сиетті орынға құлшылық етуге Батыс Қазақстан облысынан 20 азамат аттанады. Олардың қа- тарында  «Қызыл мешіттің» наиб имамы Серік Мұстафин, Шыңғырлау аудандық мешітінің бас има- мы  Ерденбек  Ихсанов  та  бар. Облыстық орталық мешіттің наиб имамы Самат Әлібаев бар-лық болашақ қажыларға тілегін айтып, батасын берді.   Нұрлан   САМАТҰЛЫ, ҚМДБ-ның  БҚО  бойынша баспасөз  хатшысы

Велошабандоздарға сыйлық келді

Күні: , 1 060 рет оқылды

Астанадағы  А. Винокуров  атындағы  спортты  қолдау  және  дамыту  жө­ніндегі  қоғамдық  қордан  Ақжайық  ауданындағы  велоспорт үйірмесіне  сыйлық   келді.

Биылғы 30 сәуірде Атырау қа­ласында Олимпиада чемпио­ны Александр Винокуров­тың «BikeRide» алғашқы қайырымдылық жо­­басы аясында вело­шеру өткені мә­­лім. Ақжайық ауданы­ның орталығы – Ча­паевтағы велоспорт үйірмесінің жетекшісі Аслан Нұрымов өзінің бірнеше шәкіртімен аталмыш шарада Алек­сандр Винокуровпен кездескен болатын. Олимпиада чемпионы Чапаевта­ғы аталған үйірменің тынысы жайында егжей-тегжейлі сұрап, Асланның ізденісіне, 12-13 жас­тағы 24 шә­кіртінің талабына аса риза болған еді. Міне, таяуда А. Нұрымов пен оның шәкірт­тері зор қуанышқа кенелді. А. Винокуров атындағы спорты қол­дау жә­не дамыту жөніндегі қо­­ғам­дық қоры­нан Чапаевтағы балауса велошабондоз­дарға арнайы велокиім-кешек, ве­ло­құрал-жабдықтар сыйға келді. Айта кетейік, үйірмедегі Орынбай Берік, Қошай Сағжан – 2016, 2017 жыл­дары облыс жастары арасында өткен  маутинбайк жарыстарының жүлде­гер­­лері. О. Берік – Оралдың ашық бірін­шілігінің жеңімпазы. Жас велошабон­доздар үйірмесі БҚО аудандары бо­йынша тек Ақжайық ауданында жұмыс істеуде.

Бекем  БЕКҰЛЫ, Ақжайық  ауданы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика