Мұрағат: 11.08.2018


«Олқылықтар уақтылы түзетілуі ТИІС»

Күні: , 2 209 рет оқылды

Жұмыс  сапарымен  Тасқала  ауданына  табан  тіреген облыс  әкімінің  орынбасары  Бағдат  Азбаев  жаңадан  салынып  жатқан  құрылыс  нысандарын аралап,  атқарылған  жұмыс­тарға  өз  бағасын  берді.   Ауданға қарасты Қазақстан ауылдық округінің Атамекен, Алмалы және Қалмақ­шабын ауылдарының су құ­­быр­ла­рын қайта құру нысаны биыл қол­ға алынған болатын. Құрылыс жұ­мы­сына «Газ­строй» ЖШС жауапты. Іс барысымен жіті танысқан Бағдат Ора­залдыұлы өткен қателік­терді қай­таламай, қыс мезгілінде туындай­тын қиындықтардың  алдын  алуды тапсырды. Мұнан соң облыс әкімінің орынбасары Амангелді ауылының су құ­бырын қайта жаб­дық­тау нысанында болды. Өткен жылы аталмыш бағдарлама аясында қолға алынған ны­санға биыл өзгерістер жасалған. Жалпы құны 291 млн. 200 мың тең­ге­ні құрайтын жұ­мыстың бас мерді­гері – «Құрылысгаз» ЖШС. – Мемлекеттік жобалардың жүзе­ге асуы қатаң бақылауда болуы шарт. Жауапкер­шілі­гі­не алған жұмысты мердігер уақытында әрі сапа­лы жасауы керек. Бір байқаға­ным, өңі­рімізде су айдайтын мұна­ралар салынған­мен, көпке шыда­май­­ды. Бұның өзі жұмыстың «қа­лай болса, солай» жасалғандығын­да. Амангелді ауылының су құбыры нысаны төмен жерде орналасқан. Осы арадан көп алыс емес биік жер бар, мұнараны сол жерге орнат­қан­да судың қуаты да жақсырақ болар еді. Дегенмен, жоба құрар кезде қателік кеткенін байқап тұрмыз. Ал мердігерлер жұмысы көңіл қуан­тар­лық, – деді өз сөзінде облыс әкі­мі­нің  орынбасары  Бағдат  Азбаев. Ал Тасқала ауылындағы әкімші­лік ғима­раттың құрылысына осы жылға деп бөлінген 30 млн. 165 мың теңге қаражат бүгінде толықтай игерілген.  «Алатау – Альдан – Агро» ЖШС-ның жұмысы сырт көзге қар­қынды кө­рі­неді. Алайда жоспар­лан­ған уақытынан ке­ші­гіп  жатқан  құрылыс  жұмысына  баға  бе­ру қиын. «Нұрлы жер» бағдарлама­сы­мен биыл екі нысанның құ­рылы­сы бас­талған болатын. Со­ның бірі – аудан орталығында салынып жат­қан үш қабат­ты көп пәтерлі екі тұр­ғын үй. Инже­нерлік желілері қоса са­лына­тын ныса­ның құрылы­сы­на биыл­ғы жылға бө­лін­ген 107 090 000 тең­ге маусым ая­ғын­да толықтай иге­ріл­ген. Бас мерді­гер «Аль­таир» ЖШС қа­ражат бол­­са, құрылысты аяқ­тап  бе­ре­ті­нін  айтады. Бағдат Оразалдыұлы Тасқала ауылы­ның солтүстік жағында бір қабатты, бір пәтерлі, үш бөлме­л­і арендалық-комму­нал­дық жеті тұрғын үйдің құрылыс қарқыны­на на­зар аударды. «КДР» ЖШС-ның жауап­кер­­ші­лі­гіндегі құры­лыс жұмысы қарқын­ды болға­­нымен, қыр­күйек айында тапсы­рылады де­ген  жоспар  жүзеге  аспай  қалуы  мүмкін. Облыс әкімінің орынбасары аудан көлемінде жүзеге асып жатқан мемлекеттік бағдар­ла­малардың оң нәтижесін көргенін тілге тиек етті. Жұмыс барысында кеткен қателік­терді тү­зеп, уа­қытында қолға алса, жұмыс нәтижелі  бола­тындығын  қадап  айтты.

Әсемгүл   БЕКЕШЕВА, Тасқала   ауданы


Бензин бағасы арзандап, дизель отыны қымбаттауда

Күні: , 1 475 рет оқылды

  Қазір жиын-терім науқанының нағыз қызған шағы. Жаздың әр күнін тиімді пайдалануды мұрат тұтқан шаруалар қызу еңбекке кірісіп те кетті. Алайда облыста дизель отынына бағаның қымбаттығы жұмысқа қол­байлау болып тұр. Маусым айын­да 4,71 пайызға, шілдеде 6,25 пайызға өскен дизель отынының бағасы та­мыз айында тағы 1,42 пайызға қым­бат­таған. Маусым айында ди­зель отынының бір литрі­нің на­­рықтағы бағасы орташа есеппен 159 тең­гені құраса, күні бүгін 187-195 теңге аралы­ғын­да  са­ты­луда. Тамыздың тоғызында өңірлік комму­никациялар алаңында өт­кен бри­фингте Табиғи моно­- полиялар­­ды реттеу, бәсекелес­тікті жә­не тұтынушылар құқық­та­рын қорғау комитетінің Ба­- тыс Қа­зақстан облысы бойын­ша департаменті басшысының мін­детін атқарушы Нұрбол Ис­- лямовтың мәлімде­уінше, баға­ның қымбаттауына көтер­ме са­тып алу бағасының өсуі мен еліміздегі дизель отынын өнді­руші зауыттардың аталған отын­ды жеткіліксіз өндіруі ықпал етіп отыр. Облыстың сұйық отынға деген ай сайынғы қажеттігі өткен жылы шамамен 20-30 мың литрді құраса, биыл­ғы сұраныс та осы деңгейде. Жа­нармай бекеттері­не дизель отынына тапшылық жоқ, тек баға ырыққа көнбей тұр. Де­-партамент мамандары сұйық отын бағасының қымбаттау се­бептерін зерттеп жатыр. Жанар­май жеткізушілерге монополия­­ға қарсы заң талаптарын бұзу­ға жол бермеу туралы ескерту  хаттар  жолданған. Облыста АИ-92 және АИ-95 бензинінің бағасы тұрақты, тіп­ті кейбір жанармай бекеттерін­де арзандаған. Нақ­ты­рақ айт­сақ, АИ-92-нің бір литрінің ба­ға­сы 158,18 теңгеден 151,64 тең­геге дейін түскен. Ал АИ-95 176,64-тен 174,73 теңгеге  дейін  арзандаған.

«Абай мұрасы – халық мұрасы»

Күні: , 4 964 рет оқылды

Кеше  шаһардағы  Абай  алаңында  қазақтың  ұлы ақыны  Абай  Құнанбаевтың  туғанына  173  жыл  толуына орай  «Абай  мұрасы  –  халық  мұрасы»  атты  акция  өтті. Ұлы ақынның ескерт­кі­шінің алдына жиналған шара қонақтары мен оқушылар алдымен «Абай – мә­дениет пен әдебиеттің асқар шыңы» атты кітап көрмесі мен инсталляцияны тамашалады. Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақұштап Бақтыге­реева мен ақын Айтқали Нә­ріков ұлы тұлғаның ескерткішіне  гүл  шоғын  қойды. – Абайдың жазып кеткен қара сөздері, өлеңдері әлі күнге де­йін мән-мазмұнын жоғалт­қан жоқ. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Абайды таныту ар­қылы біз Қа­зақ­станды әлемге танытамыз, қазақ халқын танытамыз. Абай біздің ұлттық ұранымыз болуға тиіс» деген болатын. Бұндай ша­- ралардың ақын­ның шығарма­ларын насихаттауда зор рөл ат­қарары сөзсіз, – деді жиында сөз алған облыстық мәдениет басқармасының бас­тығы Қадыр­болат Мұсағалиев. Ал осынау күн­­мен құттықтап, лебі­зін білдір­ген ақын Ақұштап Бақтыгереева ұлы Абайдың даныш­пандық пен даналыққа толы әр­бір сөзі адам­­затты адамгерші­лікке, әрбір  өле­ңі елдік пен ерлікке жетелей­тіндігін  атап  өтті. Шараны ұйымдастыру­шы­лар­­дың бірі «Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Нұрғали Жолдасқа­лиев­тің айтуынша, акция аясын­да жастар арасында «Абай сал­ған дара жол» атты квест ұйым­дастырылған болса, ақынның мол мұрасы әлеуметтік желілерде «Абайды таны» хештегімен бей­некөріністер  арқылы тарауда. Шара барысында қаладағы мектеп оқушылары, яғни кітап­ханалардың белсенді оқырман­дары ұлы ақынның өлеңдері мен қара сөздерін нақышына келтіре орындап, әндерін шырқады. Олардың арасынан үздіктер анық­­талып, қатысушылар алғыс­хаттармен  марапатталды.

Ясипа   РАБАЕВА, «Орал   өңірі» 


Жаңа ТӨЛЕМ ЖҮЙЕСІ сенімді ақтай ма?

Күні: , 1 552 рет оқылды

 

 Алдағы  дүйсенбіден  бастап Оралда  қалаішілік  қоғамдық көліктерде  жолақы  төлеудің  электронды  жүйесі  іске қосылмақ.  Картамен  жолақы төлеу  жүйесі, ең  алдымен,  №5, №7  және  №39 автобустарда енгізіледі.  Қыркүйек  айының соңына  дейін  электронды билет  жүйесін  қаладағы  барлық бағыттағы  қоғамдық  көліктерде енгізу  көзделуде. 

Бейсенбі күні өңір­лік ком­муникациялар ала­ңында өткен брифинг­те Орал қалалық әкімдігінің жолаушылар көлігі және авто­мобиль жолдары бөлі­мінің бас­шысы Қайрат Мұхамбетқа­лиев­тің айтуынша, «Круглоозерный – Орал» бағытында қа­ты­найтын №51 автобуста қанатқақты жо­ба ретінде сынақтан өткен элек­трон­ды билет жүйесінің «дәс­­түрлі» қолма-қол төлем жүйе­сінен артық тұстары көп көрі­неді. Біріншіден, жолақы төлеу­ге жұмса­латын уақыт үнемде­леді, екіншіден, жолаушы қал­тасын ұсақ тиын-тебеннен «та­залайды» және ірі ақшаны уақ­таймын деп әбі­герге түспейді. Әрі кондуктор мен жолаушы­лар арасында болатын кикіл­жіңдер кемиді деп күтілуде. Сондай-ақ жобаны ұсыну­шы­лар электронды билет жүйесі тасы­малдаушылар табысының ашықтығын қамтамасыз етумен қатар, қоғамдық көліктердегі ұрлықтың алдын алуға сеп  боларына  сенімді. «Қазтранссервис» ЖШС жар­на­ма бөлімінің менеджері Мөл­дір Бекееваның мәлімде­уінше, 10 мың дана төлем картасы саттыққа шығады. Электронды карталар мен білезіктерді ав­тобустардағы компания өкілде­рінен және сауда нүктелерінен сатып алуға болады. Бағасы – 400 теңге. Жолаушылар картаны сатып алу арқылы бір рет тегін жол жүру мүмкіндігіне ие болады. Ал 2000 және одан да көп ақшаға толтыру барысында әр пайдаланудан түскен 5 теңге картаға бонус ретінде жинала бермек. Электронды жол жүру картасы kaspi.kz қосымшасы мен терминалдары арқылы тол­тырылады. Орал қаласы әкім­дігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының атап өткеніндей, кондукторлар жолақыны қол­ма-қол ақшамен қабылдай береді. Тек арнайы құрылғы­ның көмегімен электронды үлгідегі билет береді. Естеріңізде болса, өткен жыл­дың қараша айында Орал қаласында жолақы төлеу­дің SMSBUS деп аталатын электронды жүйесін енгізу қолға алынған болатын. Ол кезде жобаға жауапты компания өкілдері автобустарға арнайы құрал орнатудың, жолаушылар үшін төлем карталарын сатып алып, оған тұрақты түр­де қаржы салып отырудың қажеті жоқтығын, төлем құ­ралы ретінде әр азаматтың қолындағы дербес ұялы телефоны ғана қолданылатынын айтқан еді. Әрбір қоғамдық көлікке SMS арқылы төлем жасауды түсіндіретін жазбаша ақпарат парағы жапсырылып, ерік­­тілер жаңа төлем жүйесін насихаттайтын флешмобтар да ұйымдастырған-тұғын. Әйткенмен, SMSBUS жүйесін қолдаушылар да, қолданушылар да көп болмады. Тек жолаушылар ғана емес, тасымалдаушылар тарапынан да  қолдау таппаған электронды жү­йе арқылы барлық автобустарды қоса алғанда, небәрі 5 мың тран­- закция ғана жасалған. Күнделік­ті қоғамдық көлік қызметін мың­да­ған адамның тұтынатындығын ескерсек, тоғыз айда 5000 рет қолданылған SMSBUS-ты енгізу қаншалықты тиімді  болды? Әрине, жаңаға таңырқай да, то­сырқай да қарайтынымыз жасырын емес. Көзі қарақты оқырман Астана мен Алматы қалаларын­да «Оңай» төлем картасын енгізу жолаушыларды біраз әуре-сарсаңға салғанынан хабардар. Бірнеше күнге қонаққа барғанда өзіміз де астаналық қоғамдық көліктерде қолма-қол төлемнің жоқтығынан «Оңай» картасын сатып  алуға  мәжбүр  болғанбыз. Электронды билет жүйесінің тиім­ді-тиімсіз тұстарын уақыт ен­шісіне қалдырғымыз-ақ келгені­мен, күнделікті автобусқа сығы­лы­сып әрең сыятын жолаушының жайын жазбай қала алмадық. «За­- шаған» бағбандар серіктестігіне қатынайтын №3 автобустың жа­уынды-шашынды мезгілде аял­да­- маларға жетпей, тас жолдың бо­йынан түсіріп кететіні немесе қыс мезгілінде кешкі сағат жетіден кейін қызмет көрсетпейтіні, Зашаған кентіне бір қауым елді таситын №7 автобустың аузы-мұр­ны лық толып, тіпті жолаушы­лар­дың сыймай қалатыны, көлігін те­лефонмен сөйлесіп отырып құ­йындатып айдайтын жүргізу­ші­лер мен лас салондар мәселесі ше­шілмей тұрғанда, «Электрон­ды жүйе сенімді ақтайды» деп ке­сіп  айту  қиындау секілді…   Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, «Орал өңірі»

Аян САКОШЕВ: «Ақжайық жастары»деген бренд қалыптастырғымыз келеді

Күні: , 789 рет оқылды

– Аян Қажимерұлы, алдымен өңір жастары соңғы жылдары қолға алған тың бастамалар ту-ралы баяндап өтсеңіз? – Былтыр Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бағытында «Болашаққа бағдар: жастардың жетістік жолы» деген тақырыпта Батыс Қа-зақстан облысы жастарының үлкен форумы өтті. Нәтижесінде өңірдегі белсенді жастардың «Елім менің» коалициясы құрылды. Бү- гінгі таңда «Елім менің» коалициясы «Ұлттық қазына» атауымен жастарға тәрбие беру, ұлттық дәс-түрді насихаттау мақсатында түрлі жұмыстар атқаруда. Бұдан бөлек «Гүлдене бер, туған ел!» деген ұранмен экологиялық шаралар, сенбіліктер ұйымдастырумен айналысып келеді. Соңғы статисти-калық мәліметке сүйенсек, облысымызда 136 мыңдай жас бар екен. Олардың жасы 14 пен 29 жас аралығын қамтиды. Облыс жастарының 50,7 пайызы ауылда, 49,3 пайызы қалада тұрады. 30 мыңнан астам жас жоғарғы оқу орын-дарында, 19 мың жас колледждерде оқып жүр. Жастардың 89 мыңға жуығы экономикалық жағынан белсенді санатқа жатады. Яғни, олар кәсіпкерлікпен немесе өзге де жұмыстармен ай-налысып, ел экономикасына пайда келтіріп жүргендер. 89 жастар ұйымы тіркелген болса, олардың 30-ы ғана белсенді жұмыс жасауда. Өңіріміздегі жастар ресурс-тық орталықтары, жоғары оқу орындарындағы, колледждердегі өзін-өзі басқару ұйымдары, бір сөзбен айтқанда, барлық жастар ұйымдары «Ақжайық жастары» деген ортақ бренд аясында жұмыс жасап келеді. Яғни олар белсенді жастардың біріккен командасы. Фейсбук, инстаграм әлеуметтік желілеріне және БҚО жастарының арнайы сайтына кіру арқылы Ақжайық жастары айналысып жатқан жұмыстармен жан-жақты танысуға болады. – Табиғатқа жанашырлық та-ныту, мұз астындағы балыққа ауа жіберу, қайраңда қалған балықтарды суы мол өзен-көлдерге жеткізу, көктемде қара торғайға ұя жасау секілді қарапайым да сауабы мол игі-лікті істерге, сондай-ақ жасы ұлғайған қарттардың үйлерін тазалау, әктеу, қысты күндері ауласындағы қарын аршып беру сияқты қайырымдылық бағытындағы бастамаларға тұ-рақты түрде қатысып жүретін жастар ұйымдарын атай ала-сыз ба? – Облыстық жастар ресурстық орталығының бастамасымен қол-ға алынған «100 нақты көмек» жобасының жүзеге асырылып келе жатқанына биыл үшінші жыл. Аталмыш жоба аясында іске қосылған «Мейірім» дүкендер желісінің жұмысын айрықша атап өтуге болады. Мұнда хабарландыру арқылы ерікті түрде жи-налған киім-кешек, өзге де тұтыну заттары мұқтаж жандарға тегін таратылады. «Жас Отан» жастар қанатының «Ардагерлерді ардақтайық!» атты жобасы бар. Атал-мыш жастар ұйымының барлық оқу орындарындағы және әр түрлі мекемелердегі бөлімдері қол көмегіне мұқтаж ардагерлерге тұрақты түрде көмектеседі. Олар қыста да, жазда да жалғызбасты қариялардың үй шаруашылығы жұмыстарына қолғабыс етеді. Со-нымен қатар студенттердің басын қосатын «Студенттер альянсы» ұйымы өздерінің «Қамқор» акция-сы арқылы мүмкіндіктері шектеулі, көмекке мұқтаж жандарға қолұшын созады. Сұрағыңыздың бағытына орай осы айдың 29-ында жастардың DD Records шығармашылық тобы өздерінің қайырымдылық концертін ұйымдастыратынын да айта  кетуге  болады. – Өңірде жастар қылмысы жалпы қылмыс санының қанша пайызын құрайды? Оның ішін-де ауылдан келген және қалада өскен жастардың үлес салмағы қандай? Мұндай келеңсіздіктің алдын алу бағытында қандай шаралар атқарылады? – 2016 жылы өңіріміз бойынша тіркелген барлық қылмыстардың саны 13 мыңға жетсе, оның 2700-і жастардың қолымен жасалған. Ал 2017 жылы барлығы 12 мың қыл-мыс тіркелсе, соның 2400-ін жастар жасаған. Қазіргі таңда студент-тік арнайы жасақтар ішкі істер департаменті, жергілікті полиция қызметкерлерімен бірлесе жұмыс жасайды. Олар рейд, түсіндірме жұмыстарын атқарады. Сонымен қатар құқықбұзушылыққа нөлдік төзімділік аясында «Жастар бақы-лауы» жобасы жүзеге асуда. Мы-салы мектеп оқушылары, колледж студенттері арасында жасы кіші-лерге әлімжеттік көрсетіп, олар-дан ақша жинау деген бар. Осы жағдай туралы жастардан поли-ция қызметкерлері келіп сұрайтын болса, әдетте олар бұл жайында тіс жармайды. Ал мұндай жұмыстарға белсенді жастарды араластыру анағұрлым жақсы нәтиже береді. Бұдан бөлек, жастарды қылмыс жолынан қайтару үшін үлгі ретінде әр түрлі бейнеролик-тер түсіріп, әлеуметтік желілер арқылы  таратып  отырамыз. – Президентіміз жастарға әрдайым зор үміт артады. Бүгінгі қазақстандық қоғамды дамы- тудың маңызды тетігіне айналып отырған Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, сон- дай-ақ жыл сайынғы Жолдау-ларында көрсетілетін өзекті жобаларды жүзеге асыруда өңір жастары тарапынан қандай істер атқарылуда? Атап айтқанда, өнер, білім-ғылым, төртінші өнеркәсіптік револю-ция, цифрландыру секілді за-манауи жобаларды іске асыру жұмыстарына жастардың араласуы туралы не айтар едіңіз? – Қазіргі таңда қаржылық жағдайы түзеле бастаған жас кәсіпкерлердің белсенділіктері жоғары. Олардың басын қосу мақсатында «Бастау» коворкинг орталығы жұмыс жасайды. Алдағы уақытта осы жерден төртінші өнеркәсіптік революцияға бағытталған «стартап» орталық ашқымыз келеді. Әсіресе, инновация, инженерия бағытындағы баста-малар болса, жастар және оқушылар сарайына келіп алғашқы қадамдарын жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Бүгінде жастар интернеттің мүмкіндіктерін пайдалана отырып, жаңа форматтағы кәсіп-керлікке көше бастады. Мұндай кәсіпкерлер аталмыш орталықта да бар. Олар оқуларын IT ма-мандығы бойынша бітірген, 3D графика бағытында өз кәсіптерін ашып алғандар. Яғни ғимарат, құрылыс нысандарының зама-науи үлгідегі 3D дизайнын жасаумен айналысады. Мысалы, Махамбет Өтемісов атындағы БҚМУ-ды бітірген түлектер «сакралды Қазақстан» тізіміне енген екі нысанның 3D картасын об-лыстық тарихи-өлкетану музейінің тапсырысы бойынша жасап шықты. – Аян Қажимерұлы, өзіңіз басшылық ететін басқарманың алға қойған мақcаттары, бола-шақ жоспарлары туралы әңгімелесеңіз? – Жастардың өзін-өзі дамытуына жағдай жасау – біздің бас-қарманың негізгі міндеттерінің бірі. Жастар саясатын дамытудың барлық басым бағыттары жазылған жол картасы бойынша жұ- мыс жасаймыз. Мұнда ең маңыз-ды деген негізгі төрт бағыт көрсетілген. Біріншісі – жастарды са- палы әрі қолжетімді біліммен қамту. Екіншісі – жастардың бос уақытын жүйелі ұйымдастыру болса, үшінші бағыты жұмыспен қамту және жұмысқа орналастыру мәселелерін шешу. Жұмыссыз-дық – қазіргі жастар арасындағы өзекті мәселелердің бірі. Бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастыру, осы бағыттағы хабарландыруларды, арнайы мемлекеттік бағдарламаларды жастардың көп шоғырланатын жерін-де оларға ұғынықты түрде түсіндіру мәселелерімен айналысамыз. Төртінші бағыт – жеке және кәсіби дамуға жағдай жасау. Бүгінгі таңда мен жас мамандарды, жас отбасыларды қолдауға бағытталған «Ақжайық баспана» атты жаңа жобаны іске қосуға күш салудамыз. Бұл жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік алған жағдайда үйсіз жастар пәтер жалдауға жұмсайтын ақшаларын төлеп тұратындай етіп, жеңілдетілген несиемен алғашқы жарнасыз баспанаға ие болу мәселелері шешілмек. Қазіргі кезде осы жоба бойынша министрліктердің келісімін алу жұмыстары жүріп жатыр.

Сұхбаттасқан Нұртас   НАБИОЛЛАҰЛЫ, «Орал  өңірі»


Дәурен САҒЫНҒАЛИЕВ, ҚР Білім беру саласының үздігі: “Мұғалім болып та үлкен жетістікке жетуге болады”

Күні: , 4 439 рет оқылды

Ол сәби  кезінен  бастап  ертеңгісін  қоңырау үнінен оянатын.  Өйткені  мектеп  оның  үйінен  таяқ  тастам  жерде  орналасқан еді.  Сыңғырлаған  қоңырау  үні, балалар­дың   шат күлкісі  оны  бала  кезінен  алыс армандарға  жетелейтін. Ол  болашақ  мамандығының қоңырау  үнімен  байланысты  болатынын  сол  кезде сезбеген  де  шығар?! «Қазақстан Республикасы білім беру саласының үздігі» атанған ең жас педагог, «Тоғыз толғаныс» атты кітаптың авторы Дәурен Сағынғалиевтен заңгерліктен педагогика саласына неліктен бет бұрғанын сұрадық. — Негізінен, нағашы жұртымыз  Батыс өңіріне белгілі педагогтар еді. Мұғалімдікке келерде өзім оқып жатқан негізгі  заң қызметі  мамандығынан  бас тарттым. Өйткені қоғам қаржыгер мен заң- герден гөрі, заманауи, интеллектуалды қарым-қабілеті жоғары, пайым-парасатымен санаға сілкініс жасай алатын, жаһандық  білімді енгізе отырып, ұлттың мектепте қалыптасатындығын дәлелдей алатын мұғалімге мұқтаж. Сон-дықтан да өз қалауыммен ұстаздыққа бет бұрдым. Оралдағы облыстық дарынды балаларға  арналған мамандандырылған мектеп-интернатты  тәмамдадым. Нәсіпқали Дәулетұлы, Серікқали Шарабасов сынды ел ағаларының батасын алдым. “Ардан туған адам арманшыл келеді. Адам баласы туғаннан өлгенше армандайды, кейде ол  арманға жеткенін де сезбей қалады” деп жатады ғой. Армандадым, өз арманыма жеткендей де болдым. Бірақ әлі атқаратын жұмыс көп. Аз-мұз жетістікке жеткенім, адамдық жолында қалыптасуым         бізді есейткен орта мен Батыс Қазақстан педагогикасының еселі жетістігі деп есептеймін, – дейді не бары 25 жасар педагог. Дәурен – Теректі ауданына қарасты Ақжайық ауылының тумасы. Ол қазір Алматы қаласындағы М. Мақатаев атындағы №140 гимназияда “Қазақстан тарихы”, “Дүниежүзі тарихы”, “Адам. Қоғам. Құқық”  пәндерінен сабақ береді. Шәкірттері жыл сайын ұлттық бірыңғай тестілеуде 137, 138, 139 балл жинап, өзі беретін пәндерден мүмкін болған 100 балды еншілеп, дараланып жүрген ұстаздың алға қойған мақсаты да айқын. Жас ұстаз шәкірт тәрбиелеуде бағыт-бағдар беріп, тәжірибесімен бөлісіп жүретін көшбасшы, мектептің директоры Сәния Тілеубайдың еңбегі зор деп есептейді. Білім жаһандық, тәрбие ұлттық болуы тиіс деп есептейтін жас педагогтің білім саласында жиі өзгеріп, сынға ұшырап жататын реформалар мен педагогтарға қатысты айтар өз пікірі бар. – Білім саласындағы реформалар асығыс жүзеге асырылғаннан кейін кемшіліктер орын алып жататыны рас. Негізі, кез келген реформа бірінші кезекте ұлттық бағытқа негізделуі тиіс деп ойлаймын. Біз өзге мемлекеттердің жүйесін  енгізіп жатамыз. Менің ойымша, халықпен ашық талқылау жүргізіп, қазіргі мұғалімдердің, оқушылардың мүмкіндігін ескере отырып, халықаралық зерттеулерді талқыға сала отырып, талдау жасап, салыстырмалы түрде жұмыс жасаса, реформа нәтижелі болар еді. Дегенмен бүкіл реформаға тұтастай қарсы шығуға болмайды, оның қолдайтын тұстары да жетерлік. Осы тұста өзіміз, жалпы мұғалімдер азаматтық белсенділік танытпаймыз да, “тырнақ астынан кір іздегендей” сыңай танытамыз. Кез келген реформа шынайы түрде жүзеге асуы үшін мұғалімдердің білімі таласқа түсуі керек. Ал педагогика саласында бәсекелестік жоқ. Мысалы, қытай халқында «Жүз мұғалім болса, жүз түрлі әдіс бар» деп айтады. Реформалардың қарқынды жүзеге асуы үшін мұғалімдер де білім берудегі әдіс-тәсілдерді жетілдіруі керек. Осы тұрғыда өзіме сын көзбен қараймын.  Талай рет аудан-     ауылдарды араладым. Сонда өзі мұғалім болып, “Мамандығым – мақтанышым” деп жүріп, ұстаз деген есімге нұқсан келтіретін мамандарды көргенде көңілім құлазып қайтқан сәттер болды. Өйткені ұрпақ тәрбиесінде  ұлтқа деген сүйіспеншілік ұстаз берген білім-өнегемен қалыптасады деп  ойлаймын, — дейді Дәурен. Өткен жылдың соңында Дәурен Сағынғалиевтің «Тоғыз толғаныс» атты  кітабы жарық  көрді. Мұқабасы ақ түске боялып, кітаптың аты алтын түспен жазылған. Оның да өз сыры бар. Бұл арқылы кейіпкеріміз «Бала  деген – ақ парақ, оған қандай қаламмен жазсаңыз, болашағы да сондай болады» деген ойды жеткізгісі келіпті. Кітапта Дәурен өзінің балалық шақтан бүгінге дейінгі өмірінің білімге ұмтылған жарқын тұстарын Сұлтан атты кейіпкер арқылы суреттейді. Бала күнінен алдына мақсат қо­йып, Мұқағали Мақатаевтың 380 өлеңін жатқа білген, республикалық ғылыми зерттеуден грант иегері атанған ізденімпаз кейіп-керіміздің кей жағдайда қамыққан кездері де ашық жазылған. Сонымен қатар  кітапта ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырған сәтте түйген ойы, Алаш қайраткерлері дәріптеген идеялар автордың назарынан тыс қалмаған.  Халықтың ұлы болуды негізгі мақсаты еткен жас педагог мұғалім болып жүріп те, қоғамда жоғары жетістікке жетіп, абырой-атаққа бөленуге болады деп есептейді. – Жақсы болдық па, жасанды болдық па, бағасын беретін білім майданында баптаған шәкірттерім. “Тебінгіден тер, қабырғадан қар жаудырған” әр күніміз естелік боп қалады. Әр шәкір-тімнің болашағына даңғыл жол салуға үлес қосқаным үшін кей кездері өзімді бақытты санаймын. Әр кез мен ұстаз деген ардақты атқа дақ түсірмеуім керек деп өз-өзімді жиі қайраймын. Алдымызда арайлап атқан ақ таңдар… Жаңа оқу жылы… Жаңа бастамалар, жаңа мүмкіндіктер күтіп тұр. Қазақ елінің болашағына серпін беретін, арманына сене білетін кезекті шәкірттерімізді баптап шығаруымыз керек, – дейді сөзі мірдің оғындай, мақсаты айқын жас педагог.

 Гүлжамал   ЖОЛДЫҒАЛИҚЫЗЫ, «Орал   өңірі»


Жеті университетті «жаулаған» жампоз

Күні: , 5 936 рет оқылды

Орал қаласындағы  физика-математикалық  бағыттағы Назарбаев зияткерлік мектебінің биылғы түлегі  Шымболат  Тінәлиев  бірден жеті университеттің  білім грантына қол жеткізген екен. Оның бесеуі  Американың  атағынан  ат  үркетін  іргелі  жоғары оқу орындары болса, алтыншысы – Финляндияның  атақты  Альта университеті  және  соңғысы – Астана қаласындағы  Назарбаев зияткерлік университеті. «Білімсіз қалар жырақта, білімді жетер мұратқа» демекші, азуын айға білеген АҚШ-тың Вирджиния, Бостон, Темпл, Квинепек және Мичиган университеттері мен білім-ғылымның озық үлгісімен әлемге танылған Финляндияның Альта университетінің білім гранттарына ие болған Шымболат Тінәлиев 5-сыныптан бастап шетелде білім алуды армандаған екен. Ол үшін ағылшын тілін жетік меңгеруі керек екенін ұғынған Шымболат тіл үйренуге шындап ден қояды. Еңбегі еш кетпей, 7-сыныпқа көшкен жылы Орал қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев зияткерлік мектебінің емтиханынан сүрінбей өтіп, оқуға қабылданады. Міне, осы сәттен бастап арманшыл баланың өмірінде ең қызықты да әсерлі, маңызды да жауапты өзгерістер басталады. Дәрістердің мазмұнды бағдарламасы, қызықты жо-балардың таныстырылымы (презентациясы), жинақталған жаңа білім, шетелдік ғалымдармен, зор жетістікке жеткен тұлғалармен танысу – осының барлығы Шым-болаттың білім-ғылымға деген қызығушылығын бұрынғыдан бетер арттыра түседі. 8-сыныпта мектептегі роботтехника үйірмесіне алғаш бас сұққан оның балаң көңілін жаңа технология мен жасанды интеллект әлемі бірден бау-рап алады. Білімін жетілдіру барысында білген-түйгенін өзгелермен бөлісуді мақсат тұтқан ол ағылшын және орыс тіліндегі мәліметтерді Уикипедия ашық энциклопедия-сына қазақшаға аударып орналастырумен айналысады. Астана, Алматы, Сочи, Қазан, Нью-Дели, Гонконг, Лондон қалаларындағы халықаралық білім сайыстарында бақ сынай жүріп, 2014, 2016 және 2017 жылдары мектеп командасы құрамында республикалық роботтехника олимпиадасының үш дүркін жеңімпазы атанды. 12-сыныпта оқып жүргенде «Кім болам?» деген жауапты таңдау жасау кезінде де өзінің ынта-ықыласы ауған роботтехника саласынан тым ұзай қоймады. — 2015 жылы мектептің атынан АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында «Dezing Chinking» жазғы курсын оқыдым. Жер-жаһандағы жоғары технологиялар индус-триясының орталығы, «Amazon», «Apple», «Google», «Microsoft», «Oracle» сықылды әлемдік дең-гейдегі ең ірі технологиялық компаниялардың кеңселері орналасқан Кремний алқабында, Стэнфорд және Берклий университеттерінде болдым. Адамның ой-қиялы мен еңбегінің жемісін өз көзіммен көріп, мотивация алдым, таным көкжиегім кеңейді. Сол сапардан оралған соң өзіме «Қайтсем де, АҚШ-та білім аламын!» деп мақсат қойдым. Шетелдік университеттерге құжат тапсыру бірнеше кезеңнен тұрады. Халықаралық емтихандар нәтижесіне қоса, ағылшын тілін меңгеру деңгейің және эссе мазмұны бағаланады. «Common Application» атты бірегей база арқылы АҚШ-тың бірнеше университетіне құжат тапсырып, қабылдау емтихандарынан өттім. Биылғы наурыз-сәуір айларында АҚШ университеттерінен шақырулар келе бастады. Бесеуі де іргелі, әлемге танымал жоғары оқу орындары. Бірақ менің таңдауым АҚШ-тың Шарлотсвилл қаласындағы Вирджиния мемлекеттік университетінің электр энергетикасы мамандығына түсті. Ағылшын тілін меңгеру деңгейім жеткілікті болғандықтан, бірден университеттің бірінші курсына қабылдандым. АҚШ-тың үшінші президенті Томас Джефферсон негізін қалаған университет ЮНЕСКО-ның мәдени мұралары тізіміне енген, — деді бізбен әңгіме барысында әлемнің іргелі университетін тәнті қылған қазақтың бозбаласы. Ағылшын тілін өз ана тіліндей жетік меңгерген Мирболаттың Шымболаты ХХІ ғасырда ағылшын тілін білу қажеттілік екенін айтады. «Ағылшын тілін білсең, кез келген ақпаратқа қолжетімділік мыңдаған есе арта түседі. Қажет мәліметті орыс немесе қазақ тіліндегі аудармасы арқылы емес, тікелей ала аласың», – дейді ол. Ақпан айында мектептегі ұстаздарының кеңесімен ғаламтор арқылы Финляндияның Альта универитетінің емтихандарын тап-сырған Шымболаттың бұл жолы да айы оңынан туады. Араға бірер ай салып, Астана қаласындағы Назарбаев университетінің грантына ие болғаны туралы тағы бір сүйінші хабар келіп жетеді. – Ең алдымен, білім берген, бағыт-бағдар көрсеткен Оралдағы физика-математикалық Назарбаев зият-керлік мектебінің әкімшілігі мен  ұстаздарыма, соның ішінде физика, математика және ағылшын тілі кафедраларының мұғалімдеріне алғыс айтамын. Шетелдік университеттерді, болашақ мамандықты таңдауыма және құжаттарымды рәсімдеуге үлкен қолдау көрсеткен кәсіби бағдарлаушым Нариман Ешмұхамбетовке ерекше ризашылығымды білдіргім келеді, – дейді Шымболат. «Бүгін өзгелер жасағысы келмегенді жаса, ертең өзгелер сүре алмаған өмірді сүресің» («Делай сегодня то, что другие не могут, завтра будешь жить так, как другие не могут») деген ұстанымға берік бозбала үшін әр сағат, әр күн өте қадірлі. Ол – «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде еріктілер қозғалысының, көптеген қайырымдылық жобаның қатысу-шысы, ағылшын тіліндегі театр үйірмесінің белді мүшесі. Ол футбол ойнағанды, би билегенді жақсы көреді. «Барселона» футбол клубының жанкүйері. Сүйікті жазушылары – Мұхтар Әуезов пен Қасым Қайсенов. Болашақ 5-10-15 жылға жоспар құрып, мақсатына жету жолында табандылық танытып жүрген Шымболат Тінәлиевтің басты арманы – шетелде алған білімін Отанының қажетіне жарату, ұлтының мақтан тұтар ұлына айналу.   Шолпан  ҚАДЫРОВА, облыстық  білім  басқармасының  басшысы, 2012-2017  жылдар  аралығында  Орал  қаласындағы Назарбаев  зияткерлік  мектебінің  директоры: – Шымболат Тінәлиев  Назарбаев зияткерлік мектебіне 7-сыныпта келді. Ол өз ойын ашық айтып, жатық сөйлеуімен және өз пікірін ұғынықты жеткізуімен, жалпы, жан-жақтылығымен көзге түсті. Алдына мақсат қойып, сол мақсатқа жету жолында үнемі ізденіп жүретін жас.  Аты да өзіне сай қойылған. Шымболат десе, Шымболат! Мектеп қабырғасында оның роботтехникаға  қызығушылығы ерен болды. Көптеген шет елде (Гонконг, Үндістан, Ресей, АҚШ т.б)  болып, халықаралық білім додаларында бақ сынады. Шымболат қоғамдық шараларға белсенді қатысып, достарына ылғи қамқор болып жүретін. Шымболаттың 7 бірдей білім ордасына түсуі – оның қажырлы  ізденісі мен еселі еңбегінің жемісі. Таңдауды өзі жасайды. Дегенмен мен шәкірттерімді әлемнің ең  мықты білім ордаларынан білім  алуды негізгі мұрат-мақсат тұтуға бағыттадым. Сондықтан да Шымболаттың АҚШ-тың  Вирджиния штатындағы үздік университеттен  білім алып, елімізге қайта оралатынына сенемін. Ол еліміздің өркендеп дамуына үлес қосатын мықты маман, қайраткер азамат  болып оралады әлі. Шәкіртім Шымболатқа ақ жол, сәтті сапар және толағай табыс тілеймін!

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, «Орал өңірі»


Тайваньдықтарды тамсандырды

Күні: , 759 рет оқылды

Дәулеткерей  атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі  Тайвань аралында жуырда ғана өткен халықаралық фестивальдың лауреаты атанды.

Өнерпаздардың жарқырай көрінуінде ұжымның көркемдік жетекшісі және бас дирижері, «Құрмет» орденінің иегері, композитор Еркін Нұрымбетовтің еңбегі зор. Тайваньда жыл сайын фольклорлық бағытта өтетін халықаралық фестивальға биыл 24 мемлекеттен өнер ұжымдары келіпті. Біздің облыстан барған Дәулеткерей атындағы оркестр шағын құраммен  қатысқан. – Фестивальға қатысу үшін келісім ақпан айынан бері жүргізілді. Сапарға дайындалғанда қаржы мәселесі туындады. Тай-ваньға жету үшін үш мәрте көлік ауыстырдық. Аламанға баруды ҚР еңбек сіңірген қайраткері, дирижер Дәурен Ғылымов ұсынған еді. Бұл бастаманы Ғ. Құр-манғалиев атындағы облыстық филармонияның директоры Асхат Қажығалиев бірден қолдап, облыс әкімі Алтай Көлгіновке хат жолдадық. Алтай Сейдірұлы іс-сапар шығынын өтеу мәселесін тікелей өз қадағалауына алды, – деді Еркін Нұрымбетов. Оның сөзінше, Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрін- де 50 өнерпаз бар. Бірақ шағын құрамда халықаралық фестивальдар мен республикалық байқаулардың лауреаты атанған, яғни сайдың тасындай іріктелген 10-15 адам өнер көрсеткен. Ялан қаласының саябағында өткен фестивальда әрбір өнерпаз ұлттық саз аспабында ойнай білуге және халық әнін шырқауға тиіс болған.  Екі апта ішінде Дәулет-керей ансамблі он бес мәрте концерт өткізген. Басқа елден келген өнер топтарында 45 адамға дейін болыпты. Олардың көбі би ұжымы екен. Шағын құраммен қатысқан біздің өнерпаздар концерттік бағдарламаларында бірде-бір нөмірді қайталамастан, қазақтың ән-күйлерін және танымал композиторлардың туындыларын әуелеткен. Және Тайвань әнін орындаған бірден-бір ұжым болған. Еркін Нұрымбетовтің айтуынша, байқауды ұйымдастырушылар ән нотасының транскрипциясын алдын ала ағылшын тілінде жолдаған. Интернет арқылы ән-нің түпнұсқасы табылып, әнші Айбар Қайырханов оның дұрыс шырқалуын ыждаһаттылықпен үйренген. Оркестр Тайвань әнін орындағанда жергілікті халық зор қошеметпен қарсы алған. Олар оркестр мүшелерінің ұлттық саз аспаптарына, киім ерекшелігіне таңданыспен қарап, қазақ күйінің алуан әуенге қанық екеніне сүйсінген. Өнер ұжымын қолдағаны үшін шараны ұйымдастырушылар облыс әкімі Алтай Көлгіновке алғысхат жолдаған. Биылғы жыл оркестр үшін жемісті болды. Астана қаласында тұңғыш аталып өткен Дом- быра күнінде ұйымдастырылған «Серпер» халықаралық фестивалінде де Дәулеткерей атында- ғы қазақ халық аспаптары оркестрі лауреат атанған еді. Арайлым  БЕКҚАЛИЕВА

Минералды суының баламасы жоқ «Ақжайық» шипажайы қашан «сауығады»?

Күні: , 82 рет оқылды

Соңғы жылдары тым жиілеп кеткен жүрек-қан тамырлары дерттеріне ем-домын ұсынатын санаулы емдеу-сауықтыру нысандарының бірі әрі бірегейі  «Ақжайық» шипажайы десек, қателеспейміз.  Бірақ Кеңес дәуірінде атағы дүрілдеп тұрған шипажайдың қазіргі кескін-келбеті солғындау, ондағы сервистік қызмет көрсету деңгейі әлі де болса, жетілдіре түсуді қажет ететінін көріп қайттық.

«Жыртық» жол, қураған  тал-терек… Теректі ауданының аумағында, Жайық өзені жағасындағы тұмса табиғаты тамсандыратын мүйісте орын тепкен демалыс орнына жетудің өзі қиямет-қайым. Оған жету үшін Оралдан шыққан күре жолмен «су төгілмес жорға-дай тайпалатып келіп», Барбастау ауылы тұсынан Бұқар бетіндегі күре жолға түскенде алдыңыздан көріксіз пейзаж атойлайды. Жол жиегіндегі қураған, ұзынды-қысқалы, қатқан қайыстай тал-теректердің иір-иір бұтақтары «Не жазып едік, бұл  қалай болды?» деп көкке қарап қол жайып, дауыс салып тұрғандай… Қарап отырып, санаңызды көңілсіз ойлар иектейді. Бұл көрініс одан әрі шипажайға бастайтын жеті шақырымдық жол-ға шыққанда да жан-жағыңыздан қаумалап, үстіңізден төне түседі. Оған қоса, осы жеті шақырымдық кірме «жыртық» жолдың  ойқыш-ойқыш ойықтары мен ішек-қар-ныңызды «селкілдететін» шоқалақтары әншейінде елеусіз жа-ныңыздың қадірін есіңізге салып, Жасаған Иеге «сақтай көр» деп жалбарынтады екен. Мұндай міскін жағдайды түзеуге келмейді деуге болмас. Еліміз-дің өзге өңірлерінен шипажайға шипа іздеп келетін азаматтардан ұят-тағы… Солардың тиын-тебені есебінен түсетін салықтан да аудан қазынасы толыға түспейтін бе еді? Жол сапасын қадағалауды, жол жиегіндегі ағаштардың қурағанын кесіп, «күзеуді» тиісті мекемелер ұмытқаны қалай? Әлде бұл жаққа қаржы бөлінбей ме? Әсілі, «Ақжайық» өңіріміздің маң-дайына басқан жалғыз шипажайы ғана емес, басқа облыстардан демалуға келетіндерге облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы-нан хабар беретін орын екенін естен шығармалық.   Кеңестік  стильді сақтап  қалған… Шипажайдың ауласы жасыл желекке толы, әдемі гүлзарлары көңіл қуантады. «Театр киім ілгіштен басталады» демекші, бас корпустағы қабылдау орны, ресепшн орны сырт көзге қораш-тау, өткен қоғамдық формацияда қалып қойған, яғни колхоз кең-сесіндегі кассирдің бөлмесін еске салады. Демалыс орнының қақпа-сы, яғни атауы жазылған құрылым да кеңестік стильде жасалып, сол күйі сақталған. Бүгінде шипажайда  жергілікті тұрғындармен қатар Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарынан келген 181 адам демалуда. Мұнда жылына 3 мыңнан аса демалушыға қызмет көрсетіледі. Медбике боп жұмыс істегеніне 30 жылға жуықтаған Әлия Нысанғалиева бір күнде 180 адамды 8 ваннаға ми-нералды суға түсуге қабылдайды. «Қалай үлгересіз?» дейміз таң қалып, «Үлгереміз», — дейді ол қысқа қайырып. «Минералды суға шомылу қан айналымын реттейді, одан зат алмасу үрдісі түзеледі, қан қысымын және қандағы қант мөлшерін қалыпқа түсіреді. Содан демалушылардың көңіл күйлері жақсарады», – деп тәптіштей түсіндірді ол. Ванналар ескі, тат басқан, сұрықсыз. Суасты массажының сыйымдылығы да, әйелдер ауруларына қолданылатын және ішек жолдарын тазалайтын құрал-жабдықтар да сондай сүреңсіз күйде. «Суымыз йод-бромды, сондықтан ваннаның эмалін жеп тастайды. Бұларды 30 жылдан бері пайдаланып келеміз», – деп ақтала сөйлегендей болды медбике. Емдеу үрдістері жүргізілетін корпус дәлізінің бір шетіндегі орынжайдың жағдайы адам шошырлықтай. Бұл орынның үстіңгі қабатында  үлкен сыйымдылықтарда минералды су жылытылады да, астыңғы қабаттағы осы орыннан ванналарға құбырлар арқылы  жөнелтіледі. Үстіңгі қабаттағы әрқайсысы төрт тонналық үш  сыйымдылықтың зіл батпандай салмағынан бұл бөлменің төбесі опырыла жаздап, сансыз тіреудің арқасында «шықпа, жаным, шықпамен» тұр. Жақында  бір сыйымдылық ыдыс жарылып, астыңғы қабат суға кете жаздаған. Сонда қызметкерлер жан алып, жан беріскендей боп, апатты жағдайды жойғанын өз көздерімен көрген емделушілер ұжымға, әсіресе, қазандық операторы Алтай Өркеновке ақжарма алғыстарын білдіріпті. Бұл орынға әлі жөндеу жасалмай, жамап-жасқап қойған. «Келешекте ғимаратқа жалғап жаңа құрылыс салып, мына  сыйымдылықтарды сонда көшіру жоспарланып отыр», – деді аталмыш шипажай директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары  Бауыржан  Имашев. Емдік дене шынықтыру кабинетінің жаттықтырушы-нұсқаушысы Мәнсия Хайрушева терапевт-дәрігердің нұсқауымен емделушілерге таңертеңгілік, тыныс алу, буын, омыртқа, көз жаттығуларын жасатады. Ал глау-кома, инсульт, инфаркт алған  жандармен арнайы бөлек жаттығу өткізеді. Мұндағы жаттығу залы 20 адамға лайықталған, өте тар әрі жөндеуді қажет етеді. Ал жабдықтары ескірген, мысалға, жүгіру жолағы жабдығының «ғұмыры» 15 жылдан асқан. Сондай-ақ физиокабинеттің де құрал-жабдықтары кеңестік заманнан қалған «жәдігерлер»  тәрізді  көрінді. – Осындағы 14 түрлі аппараттың 85 пайызы ескі. Негізінен, олар хондроз, салқын тиген ауруларды емдеуге қолданылады, – деді физиокабинеттің медбикесі Меруерт Мәженова. Сондай-ақ парафинмен және балшықпен емдеу бөлімінің бөлмелері де айналуға келмейді,  жабдықтары да тозған. Ондағы кабиналардың арасы мал қорасындағыдай тақтайлармен бөлінген, емдік балшық және парафин салып қыздыратын қазандар ескі. «Балшық Әлжан  сордан әкелінеді. Күніге 110 адамды қабылдаудамыз. Парафинді қоғамдық орында тамақ пісіруге арналған қазанда жылытамыз», – деді шипажай ашылғаннан бері жұмыс істейтін медбике Қарыл-ғаш Байғалиева. Өмірінің 42 жылын дәрігерлік-ке арнаған Уағади Нығметов шипажайда дәрігер-реабилитолог болып қызмет істейді. Оның ай-туынша, емдеу корпусы мен емделушілер жататын ғимараттың арасы 250 метрдей қашық. Әсіресе, қыстыгүні егде адам-дарға қатынау қиын. Өзге шипажайлардағыдай емделушілер ем алуға сыртқа шықпай, іштен қатынаса, құба-құп. Емдеу корпусында емдік шаралардан кейін жатып демалатын орын жоқ. Бұл да емделушілерге өзіндік қиындықтар  тудыратыны  кәміл. Сондай-ақ емдік шаралар түрлерін де молайту кезек күттірмейді. Мұнда тек мия тамыры ғана фитошай ретінде ұсынылады. Бұрын болған оттегі коктейлін  беру жағы қарастырылғаны ләзім. Тыныс жолы ауруларымен сыр-қаттанып келетіндерге тұзды шахта қызметі көрсетілсе, бөлмелердегі ескі жиһаз жаңаланса деген демалушылардың тілек-талабы орынды деп білеміз.   Жаңғырту  жұмыстары кімнің  есебінен  жүреді?  «Ақжайық шипажайы» ЖШС-ның директоры болып қызметке кіріскеніне екі айдан асқан Альберт Сафуллинге жолығып, демалыс-сауықтыру орнындағы түйткілді мәселелерді шешу бағытындағы жоба-жоспары жайында әңгімелестік. – Жақында Қарағанды облы-сынан хабарласып, 100 адамды орналастыруға келісімшарт жасау ұсынылды. Биыл БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы ар- қылы қосымша 311 адамды қабылдайтын болдық. Мұның алдында ғана осы басқарма  арқылы 783 адам демалатын болып келісілген. Сондықтан, өкінішке орай, қарағандылықтарды осы маусым- да қабылдай алмайтынымызды айттық. Бүгінде жолдамаларымыздың сатылымы жақсы, бірде-бір бос орын жоқ. «Ақжайық» шипажайының қақпасын, сырттағы шипажай атауы жазылған құрылымды, қабылдау орындарын жаңарту, ауладағы субұрқақтарды жөндеп, іске қосуды ойлап отырғанбыз. Алайда шипажайдың жер астынан минералды суды айдайтын мұнарасы, ванналарға су беріп тұрған қон- дырғылары, су жинайтын үлкен ыдыстар бар, солардың жайын білмек үшін арнайы мамандар- ды шақыртып, қараттық. Мамандар негізгі құрал-жабдықтардың тозғандығын, тез арада күрделі жөндеу қажеттігін айтып, тиісті актілер жасады. Бірақ күрделі жөндеу жұмыстарына бірден кірі- сіп кете алмаймыз. Алдағы уақытта қолданыстағы бес және үш қабатты ғимараттардың арасын қосып, жаңа емдеу корпусын саламыз. Оның жобалық-сметалық құжаттары  қайта дайындалып, қазір сараптамадан өтуде. Бәрі жақсы болса, алдағы 2019 жылы жаңа ғимарат салынады. Сондықтан әзірге ескі емдеу корпусын жаңалау, жаңа жабдықтар алу тиімсіз. Бірақ жаңа ғимарат салады екенбіз деп жұмысты қаңтарып қоймаймыз, құрылтайшылардың келісімін ала отырып, тиісті жөндеу жұмыстарын жасаймыз. Ертең «қыстың көзі қырауда» шипажайдың жұмысы тоқтап қалмауы үшін тиіс-ті жұмыстар жүргізіліп жатыр, – деді ол. Аталмыш шипажайдың құрылтайшылары – БҚО әкімдігі, ҚР Кәсіподақтар федерациясы және үш жеке тұлға. Жалпы жаңғырту, жөндеу жұмыстары шипажайдың өз есебінен жүргізілуі тиіс. Жыл аяғына дейін демалушылар қатары үзілмейтін болса, жөндеу жұмыстарын жүргізуге, жабдықтарды ауыстыруға қаржылық мүмкіндік болады. Ал жаңа ғимарат салу жұмыстарына жолдама сатудан түскен қаржы-қаражат жетпейді, сондықтан оған Кәсіподақтар федерациясы қаржы бөледі немесе олай болмаған жағдайда даму инсти-туттары арқылы несиелік қаржы алуға көмегін береді деп күтілуде. Өйткені облыс әкімдігі шипажай акцияларындағы өз үлесін Кәсіподақтар федерациясына сенімді басқаруға берген. Қалай болғанда да, елімізде баламасы жоқ минералды суы бар шипажайды  қайта түлету, жаңартып-жаңғырту қажеттігі анық.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА, «Орал өңірі»


Имам ақсақалға қарайды, ақсақал сақалын сипайды

Күні: , 2 275 рет оқылды

Өмір  бар  жерде  өлім  бар.   Фәниден  бақиға көшкен  пенденің жаназа  намазына  қатысып,  ақтық  сапарына  шығарып  салу – әр мұсылманның  азаматтық   міндеті.

Жуырда аяқ астынан туысымыздың дәм-тұзы таусылып, апыл-ғұпыл ауылға жиналдық. …Әдеттегі көрініс. Қаралы үй­дің алды қарақұрым адам, үй ішінен әлсін-әлсін естілетін әйел­­- дердің азалы дауысы төбе құй­қаңды  шымырлатады. Көп кешікпей, марқұмның де­несін есік алдына алып шы­ғып, ауыл имамы еркектер жа­ғын жаназа намазына тұруға шақырды. Таздың селдіріндей аз ғана адам иық тірестіре сап түзегені болмаса, қалған қалың нөпір халық сыртынан «тама­шалауды»  мақұл  көрді. Жаназа намазы оқылып біткен соң, саптағы жамағат тұрған жеріне жайланып жайғаса бастады. Әдептен озбай, «Әр елдің салты басқа» деген қағидамен біз де тізе бүктік. Бастапқыда имам Құран бағыштайды екен деп, ештеңеден секем ала қой­ған жоқпыз. Бірақ әне отырмыз, міне отырмыз, ешкімде тырс­ еткен үн жоқ. Бұрын-соңды қан­ша жаназаға қатысып жүрсек те, мұндай жағдаймен кездесіп көрмеген соң, алақ-жұлақ жан-жағымызға қарай бастадық. Артымызда иіріліп тұрған ел-жұрт та «ләм» деп тіл қатып, «мим» деп міз бағар емес. Әрі-беріден соң құйрық басып отырған аз ғана топ алдындағы кебіндеулі сүйекті ұмытып, хал-жай сұрасып, өзара қауқылдаса бас­тады. Бұл пенделік дегенді қой­саңшы, қағытпа қалжың, қы­­сыр әңгіме қаралы жиында да қымсынбай, еркін қыдыра бе­ретінін көрдік. Осылай әрі-сә­рі күй кешіп отырғанда қо­лы­на дорба ұстаған әлдебір жі­гіт аға­сы жағалай түйнектел­­ген шүберек үлестіре бастады. Еншімізге тиген біре­уін қол орамал екен деп жалма-жан қал­­тамызға сүңгіте беріп ек, жанымызда отырған ақсақал «Түйі­нін шешіп қой» деді сыбырлап. «Мұнда да бір гәп бар екен» деп түйінін шешіп, қырты­сын жаза бергенімізде ішінен елу­лік тиындар домалап түсті. Осы кезде бағанадан тұнжырап отырған имамға  да  тіл  бітті: – Негізі, жаназа намазы­нан соң марқұмды осылай қаңтарып қойып, тойда отырғандай жайланып отырысымыз дұрыс емес, ағайын. Тірі пенденің өлі алдындағы соңғы парызы мен соңғы құрметін шариғатқа қай­шы келмейтіндей, лайықты өт­керуіміз керек. Дінімізде мә­йіт­ті жер қойнына тапсыруға асы­ғуды бұйырады. Пайғамбары­мыз (с.ғ.с.) хадистерінде уақы­ты кірген намазды оқуға, қа­рыз­ды қайтаруға, мәйітті жерлеуге және бойжеткен қызын тұр­мыс­қа беруге асығу керекті­гін өсиет еткен. Шүберек тарату деген де марқұмға екі дүниеде пайда бермейтін нәрсе. Үлес­тірілген 100-150 теңгеден осы тұрған қауым байып кете қой­майды. Одан да сол ақшаны мұртын бұзбай, өлген адамның аты­нан жетім-жесірге, мүмін-міс­кінге садақа қып тарататын болса, әлдеқайда сауабы мол болар еді. Қаралы жиынға, азалы үйге келіп тұрып, дүнеуи, тұрмыстық әңгімелер айтып, әзіл-қалжыңға жол бергеніміз де мұсылмандығымызға сын. Ер­те ме, кеш пе, бұл күн бізге де туады. Сол себепті өлімнен ғибрат алып, ішкі есебімізді тү­гендеп қойсақ, сол бәрінен пай­далы болмақ. Осыны, ауыл ақса­қалдары, бізден бұрын сіздер айтсаңыздар, халық сөздеріңіз­­ге ұйып, уәждеріңізге тоқтар еді… Ақсақалдар үнсіз бас изе­сіп, таздың басындай жылтыр ие­гін сипаған болды. Сонымен, хош, әйтеуір, марқұмды ақтық сапарына аттандырғалы көлік­ке отырып,  көш  түзедік. Зират басына жеткен бойда жерлеуге жеткен азаматтар қауым басын аралап, «Анау пә­лен ғой, мынау түген ғой» деп, өлілерді түгендеуге көшті. Енді кейбірі екі-үштен бас құрап алып, жырқ-жырқ күліп, тіпті темекі шегуді де арсынбайтын секілді. Имам тағы шариғат шартынан аспауға шақырар деп үміттене қарап едік, оның онсыз да шаруасы аз көрінбеді. Ақсақалдар болса, «Сақалымызды бұлдай береміз бе?» деп, азды-көп абыройын ойлайтындай. «Бұл күнде кім сөз түсінеді дейсің?» дегендей немқұрайлық, самарқаулық бар сияқты. Сүйекті жерлеп болып, дәм­ханаға келдік. Марқұмның асын­да бұрынғыдай үстелдің бе­лін қайыстыратын аста-төк дас­тар­қан жоқ, ҚМДБ бекіткен санау­лы тағам түрлері ғана. Бұл да болса, оң өзгеріс екен деп көңілімізді бір қомдап қойдық. Демек, жақсылыққа ұмтылсақ, білгенге құлақ ассақ, артықтан арылу, жағымсыздың жолын ке­су  қолымыздан  келеді  екен. Тіршілікте сыйласқанның жө­ні бөлек, дегенмен көзден кетті, көңілден өшті демей, ақтық сапарға да шариғат жолынан ат­тамай, лайықты аттандыра білсек, азаматтық борышымыздың өтелгені сол емес пе? Көңілге кірбің түсіретін әлгіндей жайт­тар терең тамыр салып, дәс­түрімізге сіңісті болып кетпесе екен дейсің. Сіз қандай ой қосасыз,  қымбатты  оқырман? «Имам Алау ад-Дин  Касани  әл-Ханафи (р.а.) Алла елшісінің (с.ғ.с): «Мәйіттеріңді жерлеуге асығыңдар. Мәйіт  жақсы кісі болса, жақсы­лығына жылдам жеткізіңдер, ал жаман кісі бол­са, тозақ иелері бізден алыс болсын», – дегенін  жеткізген.»

Рауан  СӘБИТҰЛЫ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика