Мұрағат: 09.08.2018


Жұбан молда кім?

Күні: , 2 724 рет оқылды

Тасқала  ауданының  аумағында  Оян деген ауыл  бар.  Оның  тұрғындары,  негізінен,  жалпақ  Нарыннан кезінде  еріксіз  көшірілген он  екі  ата  байұлы  құрамына  кіретін рулардың  ұрпақтары.  Ұлы сүргін  көш  екі  кезеңде болған  ғой.  Өткен ғасырдың  жиырмасыншы  жылдарының  орта  шені  мен  елуінші  жылдардың  бас  кезі  екендігін  ресми  құжаттар  да,  ауызша айтылатын  әңгімелер  де  растайды.  Біздің жастау кезімізде ауылда жетпіс-сексен жастағы қариялар бар­шылық еді. Солардың аузынан Жұбан молда туралы естіп қа­лып жүрдік. Олардың ішінде Жұбан молданы көре қалғанда­ры да ұшырасатын. Жұбан молданы ғұлама дін қайраткері, пе­рі ұстаған әулие деп зор ілти­- пат, үлкен құрметпен әңгімелей­тін еді ауыл ақсақалдары. Мол­да дегендерінен гөрі, «пері ұста­ған» деген сөздер бізге өте қат­ты әсер ететін. Құлағымыз естігенмен, көңіліміз сеніңкірмейтін. Себебі атеистік ұғымдағы жас­­тар едік. Десек те, Жұбан молда­ның қасиетті кісі болғанына шү­бә келтіруге дәтіміз бармайтын. Әл­дебір беймәлім күш сенімсіздігімізді сенімге жеңдіруге әсер етіп тұрғандай  болатын-ды. Жұбан молда туралы осынау мақаланы жазуыма түрткі бол­­ған белгілі журналист Қазыбек Құт­тымұратұлы ініміз екенін ар­найы айтып өткім келеді. Қазы­бек ініміз бесқасқа руының ше­жіресін жинап, зерттеп-зерделеп, баспаға дайындау үстінде. Жұбан молда туралы тірнек­- теп жинаған деректерімен бө­-ліскені үшін оған ағалық және әріптестік алғысымды білдіре­мін. Ақ Жайық атырабындағы  бес­­қасқалар өздерінің түп ата­сы Ер Жүсіп есімді кісі деп біле­- ді. Ол Ұлы жүзден келген делі­неді. Ер Жүсіп қалың беріштің белгілі биі, байы Құлкеш ата­­ның бір баласы есебінде жүр­ген деп айтылады. Ертеректе де елде есепсіз адам болмаған ғой. Әй­теуір, бір руға теліну керек екен. Біз бесқасқа беріш атанып жү­ріппіз. Бірақ таңба­мыз (\\) бөлек. Демек, жеке ру дәрежесіне жетіппіз. Бесқасқа бес ата делінеді: Айт­­бай, Қараша, Байсейіт, Бай­қошқар, Кешубай. Атырау жақ­тағы кейбір ағайындар сәл-пәл өзгешелеу айтады. Әйтеуір, не­гізі дұрыс. Ауызша айтылып жү­ріп, кейіннен қағазға түсірілген шежірені жүз пайыз дұрыс деп айта алмасақ керек. Жасыратыны жоқ, әркім өзі естігенді жөн санап, өзгенікін қате деп жата­ды. Иә, бұл орайда «Айттым – болды, кестім – үзілдіге» баруға болмайтын сияқты. Жұбан молданың арғы тегіне келсек: Айтбайдан Құрманбай, Дауылбай, Қауымбай, Бөрібай, Тасболат, Төлей. Құрманбай­дан Базарбай, Есет, Әсірбек, Шы­ман. Базарбайдан Жүрдібек, одан Жұбан. Мұрағат құжатта­рында Айтбайұлы Құрманбай батыр деп көрсетіледі. Құрман­бай батырдың бел баласы Әсір­бек 1811 жылы Бөкей сұлтан­ды Кіші жүздің ханы етіп сай­лауды сұраған беріш руының игі жақсыларының тізімінде бо­лып, құжатқа қолын қойыпты. Де­мек, бесқасқалар өз орта­сын­да үлкен беделге ие, сыйлы адамдар болғанға ұқсайды. Жұбан молданың әкесі Жүр­дібек Базарбайұлы ірі дін қай­раткері болыпты. Қай жерде, кім­нен оқығаны белгісіз. Алғаш перілерді оқумен бағындырған Жүрдібек молда екен. Перілер Жұ­банға әкесі Жүрдібектен ауыс­­қан делінеді. Жүрдібек Базар­байұлының бертініректе, Жәң­гір хан тұсында беріш руы бес­қасқа бөлімінің бас молдасы болғаны архивтен табылып отыр. Еділ мен Жайықтың арасын­дағы бос жатқан жерді иеле­нуді қазақтар көптен бері ой­- ластырса керек. 1799-1800 жыл­дары байұлының бір топ игі жақсысы құм Нарынның ішінен қоныс қарап, ұзағырақ жү­ріп қалады. Азық-түлік түйе­лер­ге артулы болады. Сол ке­зеңнен хабар беретін бір жазбада осы топтың ішінде араб-парсы елдерінде білім алған ғұ­ламалар болыпты делінеді. Бі­рақ кімдер екені айтылмайды. Бұл жерде айтылып отырған Жүрдібек молда болуы мүм­кін деп пайымдауға негіз бар. Со­дан, қоныс қараушылар құм ішін­дегі бір үйге тап келеді. Ие­сіз өлкедегі бұл кімнің үйі бол­ды екен деп таңқалысады. Жолаушылар перілер үйіне тап бол­ғандарын кейінірек біледі. Перілер басшысы бір кісіні сырт­қа алдап алып шығып, со­­йып жеп, үсті-басы қан-қан болып келіп, ұзыннан түсіп жа­тып, ұйқыға кетеді. Зәресі ұш­қан жұрт Жүрдібек молдаға қа­райды. Ол жолдастарын сабырға шақырып, дұға оқуға кірісе­ді. Перілер де арпалысып баға­ды. Ақыры Жүрдібек молда же­ңіп, перілердің үлкендері ажал құшып, олардың балаларын қор­жынына салып алыпты. Ертегі сияқты, яғни мифтік әңгімелерге ұқсайды. Перілер адам сияқ­ты үйленеді, ұрпақ өсіреді, уа­қыты келгенде өледі дегенді ес­тігенбіз. Ал шайтан Құдайдан қар­ғыс алуы себепті өлмейді, мәңгілік қорлықта болады де­генді де естіп өстік. Замана көші алға жылжыған сайын таным көкжиегі кеңейе түсті. Қапталдас әлем (парал­лель­ный мир) барын енді-енді біліп жатырмыз. Адамзатпен қа­тарлас басқа бір тіршілік иеле­рі өз заңдары бойынша өмір сү­­ріп жатқанын қазіргі жетілген ғылым жоққа шығармайды. Де­мек, пері болған, қазір де бар. Адамдардың тұрмыс-тіршілігі өз­геріске ұшырауына бай­ланыс­ты перілер қашықтап кеткен сияқ­ты. Жұбан кіндіктен жалғыз сияқты. Ол алғашқыда әкесі, үлкен молда Жүрдібек Базарбайұлы­- нан оқыпты. Жұбан молда 1833 жылы Бекетай құмында дүниеге ке­лген. 1923 жылы өмірден өтсе керек. Жұбан атаның Бисекен есімді баласының зайыбы Шә­рипа әжей бертініректе қайтыс болды. Сол кісі «Атамыз 90 жас­қа таяп өмірден озды» деп отыратын көрінеді. Осы Шәрипа ұзақ жыл бойына Жұбан ата шаңырағы астында ғұмыр кешіп, кереметі көп қарияны бағып-қағып, ас-ауқатын дайындаған екен. Әрине, перілер Шәрипа­ға көрінбеген. Бірақ Жұбан ата­ның перілерге зекіп ұрысқанын, түр­лі тапсырма бергенін Шәри­па  үнемі  естіп-біліп  жүріпті. Жұбан молда Башқұртстан­дағы Стерлітамақ шаһарында оқы­ған. Сол замандарда Татар­- стан мен Башқұртстан діни оқу­дың ордасы болғаны белгілі. Жұбан молда көрнекті дін қайраткері Ахон хазірет Қисмет­толламен қатар оқыпты. Cол кез­дегі медреселер дінмен қатар математика, астрономия, медицина, ветеринария т.б. ілімдер­ді оқытса керек. Жұбан ата айтулы емші бол­ған. Адамдарды, жануарларды ем­дегенде алды­на қара салма­- ған. Көріпкелді­гі де болыпты. Табиғи апаттар­ды күні бұрын біліп, халықты хабардар етіп отырғанын құ­жаттар растайды. Стер­літамақта алған білімінің нә­ти­жесі  болса  керек  мұнысы. Жұбан молданың шәкірттері аз болмаған сыңайлы. Олар кү­ні кеше дерлік 1976, 1993 жыл­дарға дейін өмір сүрген. Үше­уі­не қысқаша тоқталғанды жөн санадық. Атырау облысының Иса­тай ауданында Қайыр молда Жақияұлы (1882-1972 ж.ж.) ғұмыр кешті. Батыс Қазақстан облысының Тайпақ ауданында өмір сүрген әулие емші және сынықшы Арыстан Жұмалыұлы (1890-1976 ж.ж.) да Жұбан мол­даның шәкірті. Батыс Қа­зақ­стан облысының Жаңақала ауданын­дағы Пятимар ауылында ғұмыр кешкен Мерғали молда Құба­шев­ті (1906-1993 ж.ж.) жерлес­те­рі ұмытпақ емес. Осылардың қай-қайсы да Жұбан молданың телегей-теңіз білімі мен қасиет­терінен сусындаған ірі дін қай­раткерлері болыпты. Қазірде осы молдаларды көрген, жүздес­кен, тілдескен, емделген адам­дар баршылық. Осы аталған мол­далар пері ұстамаған. Бірақ Жұ­бан молда құзыретіндегі пері­лерді көрген. Яғни перілер кө­рінген. Бұл молдалардың оқ­уы перілерді көре алатындай дең­гейде болған екен. Жұбан мол­да шәкірттеріне «Сендер пері ұс­тай алмассыңдар, олар сендер­ге көрініп, келіп-кетіп жүрер, зияндарын тигізбес. Мына аят­ты оқысаңдар, жөндеріне кетер»  деп, құпия аятты үйреткен екен деген әңгімелер айтылады ел арасында. Жұбан молда Бекетай құмын­да перілеріне үй және мешіт салдырыпты. Әкесі Жүрдібек мол­да қарамағындағы перілерді мұсылман дініне кіргізген екен. Жұбан молданың перілерді қа­лайша ұстағаны бізге беймәлім. Халық арасында айламен ұста­ған деген әңгіме сақталған. Перілер бүкіл шаруаны тындырып отырған. Жұбан молда адамдар ғана атқаруға тиісті жұмысқа пе­рілерді жақындатпаған. Яғни адам­дар мен перілердің арасы­на шектеу-шекара қойып отырған. Жұбан молда пері ұстағандық­тан, аты аңызға айналып кет­кен. Басқа қасиеттері көп ай­тылмай, перілерге қатысты әңгі­мелер ел  арасына  кең  тараған. «Екінші ұстаз» атанған әл-Фараби бабамыздың «Жындар, олардың елі және әдет-ғұрпы» атты ғылыми трактаты болға­ны белгілі. Мұсылман перілер өз­дерінен білімі асқан ғұлама адамдарға ұйып, шәкірт болады екен. Табиғатта төрт әлем бар делінеді: адамзат әлемі, жындар әлемі, періште әлемі, шайтан әлемі. Бұлар Құраннан белгілі. Жұбан молда перілер­ді айламен бағынды­рыпты дедік. «Қа­лай­ша?» деген сұрақ туындайды. Пе­- рілер тапсырылған жұмысты тез бітіріп тастап, бос қарап отыра алмай, Жұбан молданы мазалай береді екен. Әсіресе, түнге қарай жасайтын жұмыс талап ететін болса керек. Содан, Жұ­бан молда перілерге құмнан арқан есуге бұйрық береді. Перілер іске құлшына кіріседі. Алайда құмнан арқан есіле ме? Тағы жұмыс сұрайды қожа­йын­нан. Енді Жұбан молда құдық­тан елекпен су тасуға жұмсай­ды перілерді. Олар қанша әре­кеттенсе де, құдықтың суы ор­таймай, бұрынғы қалпын сақ­тай­ды. Перілер діңкелеп шарша­ғаннан  талып  жығылады  екен. Қазіргі кезде Жұбан атаны көр­­ген адамдар өмірде жоқ. Жұ­бан молдамен араласқан адам­- дардың ұрпақтары өмір сүріп жатыр. Олардың жадында қа­сиет­ті қария туралы әңгіме­лер сақталып қалған. Өз басым Жұ­бан молданы көре қалған ауыл ақсақалының әңгімесін жастау кезімде естіген едім. Оян ауылында ғұмыр кешкен Есәлі­ұлы Ниғметолла деген ата­мыз болды. Жасы сол кездер­- де сексенге жақындап қалған еді. Демек, ол кісі 1890 жыл ша­ма­сын­да дүниеге келген болып шы­ғады. Нарын құмын мекенде­ген бесқасқалар бірін-бірі туыс тұтып, аралас-құралас болған. Жұбан ата 1923 жылы қайтыс болған дедік. Олай болса, Ниғ­ме­толла атамыз отыз жастан асқан жігіт ағасы емес пе? Бес­қасқалардың Нарыннан бері­рек­тегі қатқылға 1925-1926 жылдар­­да көшіріле бастағаны белгілі. Демек, Есәліұлы Ниғметол­ла атамыз Жұбан молда жайын жақсы білген деп айта аламыз. Ол кісі Жұбан молданы алғаш рет 11-12 жасында көргенін әңгіме етке­ні бар. Әкесі Есәлі Жұбан мол­дамен жасы құралыптас болса керек. Әрі ағайын. Содан Есәлі қасына туыстас екі-үш жігітті ертіп, Жаңақазан базарына са­парға шығады. Есейіп қалған ба­ласы Ниғметолланы ел танысын, жер көрсін деген оймен  ала шығады бірге атына мінгестіріп. Ересектер жол бойы Жұ­бан молданың ерекше қасиет­те­рін әңгіме етеді. Олар әлде­кімдер, әлденелер туралы бала ұғымына түсініксіздеу бағытта тіл  атысады. Жұбан молданың кө­мекшілерін әңгіме қылады. Бір шағылға шыққанда Жұбан ата­ның  қонысы   көзге  шалынады. «Анау молданың үйі, сәл-пәл қиыстау тұрғаны – атаңның ме­шіті» дейді әкесі Ниғметолла­- ға. Сосын: «Нығанжан, бізден қа­шық кетпе, әлденені сезіп-бай­қасаң, сескенбе, өзіңді салмақ­ты ұста» – дейді әкесі. Қоныс тө­ңірегінен ешкім көрінбейді. Аттарынан түсіп, мамаағашқа байлап, жолаушылар үйге таяған­да іштен қапсағай бойлы қара кісі шығады. Қабағы қалың, тү­сі суық, бетінде шешек дағы бар жасы ұлғайған адам екен. «Жұ­бан атаң осы, дауысыңды қат­ты шығарып сәлем бер», – дейді Ниғметоллаға әкесі. Жұбан молда ет-жақын туыстарын жылы қарсы алып, үйге бастайды. Таяп келгенде есік өзінен-өзі ашы­лып кетеді. Жұбан молда күбір етіп, табалдырықтан бірінші бо­лып аттайды. Ниғметолланы қо­ныс­тың іші-сыртындағы таза­лық таң қалдырады. «Жылан жала­ған­дай» деп осындайды айтатын болар. Келген кісілер сырт киім­де­рін шешіп, жуынып-шайын­ған­ша қонақ бөлмеде дастар­қан жайылып, тағамдар қойы­лып үлгер­ген екен. Үйде Жұбан атаның кемпірінен басқа ешкім көрінбейді. Жұбан молда аз сөз­ді, тұйық адам екен. Қонақтар да еркінсінбей, нақпа-нақ тіл қа­тысып отырады. Бала Ниғме­тол­ла үй ішінде осы отырған­­дар­дан басқа әлдекім, әлдене­лердің де жүріп-тұрғанын сезе­ді. Әкесінің «сескенбе» деген сө­зін есін­де ұстап, дастарқандағы дәм­нен алып отыра береді. Түн­делетіп табақ тартылады. Жұ­бан молда мүжілген сүйектерді алдына жинап, кенеп қалтаға са­лып отырады. Жатарда Жұбан молда қонақтарын өзі бастап сыртқа шығарып келеді. «Түнде сыртқа шығатындарың болса, маған дыбыс беріңдер. Баланы ортаға жатқызыңдар» – дейді үй иесі. Сосын сыртқа шығып, шы­лапшын толы құм әкеліп, аяқ жақ­қа төгіп, тегістеп тастайды. Бала Ниғметолла әлденеге еле­гізіп, біразға дейін ұйықтай ал­майды. Өңі ме, түсі ме, біл­мейді: келесі бөлмеде біреулер дау­ласып, бірдеңеге таласып жатқандай. Әлдекімдер аяқ жақ­­тан ұйықтап жатқандарға, әсіре­се, бұған үңіле қарап тұрған­дай болады. Таңертең шар­шаң­қырап оянса, үлкендер кү­біркүбір сөйлесіп, киініп жатыр екен. Сол арада Жұбан молда келіп, өзі түнде төккен құмға мұқият үңіле бастайды. Ниғме­-толла мойнын созып қараса, тегістелген құмның үстіне бо­таның ізі түсіп қалған екен. Ке­йінірек сұрастырып білсе, Жұ­бан молданың пері ұстайты­­нын қорқады деп балаларға айтпай­тын  үрдіс  болған  екен. Жоғарыда хабардар етке­ні­міздей, Жұбан молданың пері ұстағаны көбірек айтылады да, басқа қырлары елеусіз қа­лып отыратыны шындық. Жұбан мол­да кім? Ол – қажы, көпшілік­­- ті имандылыққа тәрбиелеген тұлға, көрнекті ұстаз, көріпкел, емші, қоғам ісіне араласқан қай­раткер, халық болып қалып­тасуымызға, ұлт болып ұюы­мыз­ға ерен еңбек сіңірген да­налардың заңды жалғасы. Мұ­рағат құжаттары арасынан «Жұ­бан молда Жүрдібекұлы» деген жазба табылғанын екі­нің бірі бі­ле бермейді. Жұбан молда тағы екі адаммен бірлесіп, Бөкейлік­тің тарихы мен рулар шежіре­сін жазыпты. Ел аузында Жұбан молданың Жаңақа­ла ауданының правителі – әкімі болған Бақыт­керей Құлманов төренің ұрлан­ған ақшасын құпия оқу­мен қа­лай тауып бергені күні бүгінге дейін аңыз болып айтылып келеді. Мұндай таңқа­ларлық жайттар өте көп. Жа­за беруге мақа­ла  көлемі  кө­термейді. Жұбан молда сияқты киелі кісінің сұраусыз, ескерусіз қа­луы мүмкін бе? Жоқ, мүмкін емес! Әрідегілерді айтпай-ақ қоя­лық. Соңғы бес-он жылдың бедерінде Жұбан молда аты құм астынан табылған алтын­дай жарқырай түсіп, көпшілік назарын өзіне аудара баста­ды. Алыс-жақындағы ұрпақта­- ры, яғни бесқасқа руының азамат-азаматшалары ата басына барып зиярат етуді дағдыға ай­­- налдыруда. Ағымдағы жыл­дың мамыр айының сегізінші жұл­­дызында 50 шақты адам Беке­- тай құмындағы Жұбан ата­ның көне қонысына сапар шектік. Сол жерде түнедік. Бұл өзі үш-төрт ай бұрын ойласты­рылған шара болатын. Батыс Қазақстан облысы­ның тобын Бекетайдан 1952 жылы, яғни ба­ла кезінде еріксіз табаны тайған қазіргі ел ағасы, Ақ­жа­­йық ау­данының құрметті  аза­маты Нәсіпқали Қайырқо­мов баста­са, Атырау облысын­дағы аға­йындарға Ахметжан Бима­ғам­- бетов ініміз жолбас­шы болып  келді. Жұбан атаның перілерге сал­­ғызған деген үйі мен мешіті­нің орны сақталған. Сары саздан құйылған кірпіш тастар құм ара­сынан анық көрініп жатыр. Үйі мен мешітінің арасы 50-60 метрдей ғана жер. Ал мәңгілік жай тапқан жері 100 метрдей қашықтықта. Құмды жер тегіс болмайды. Шағылдар, ойпаң тұстар, айнатақырлар, ашықтар алмасып отырады. Жұбан ата жерленген тұс үйінен көрін­бей­ді екен. Биік шағылдың тасасында жатыр. 8 бен 80 жастың ара­лығындағы қалың топ Жұ­- бан ата басына барып, зия­рат еттік. Екі-үш білікті адам алға озып, құм ішін күңіренте ке­зек­тесіп дұға оқыды. Әйел­дер жағы темір қоршауға ақтық байлап жатты. Жұбан молда басында кесене неме­- се мазар жоқ. Ертедегі бел­гі, мүмкін, тозып, жермен-жек­сен болған шығар. Темір шар­бақтың маңдайша­сына «Жұ­бан ата» деп жазыл­ған қара­тас тақта бекі­тілген. Көне құлпытас сынып, екіге бөлінген. Араб графикасымен жа­зылған мәтінді Қазыбек ініміз оқып берді. Бір өкінішті­сі, Жұ­бан атаның аты-жөні құл­­пы­­тас­тың сынуы­на бай­­ланысты өшіп қа­лыпты.  Белгі қой­ған  ба­ласы Әбдіхалық-Халық есі­мі жазылған. Ғасырға жуық уа­қыт болған құлпытастың кө­не­руі  та­би­ғи  заңдылық  қой. Содан, арнайы алып барған қойларымызды сойып, ас бердік. Мұндайда әңгіме тиегі ағы­тылатыны белгілі. Әркім өз ес­тіп-білгендерін айтып жатты. Түп атамыз Ер Жүсіп екеніне бәрі­- міз бас идік. Бес атаның орны­на алты атамыз дегендер де болды. Мүмкін, жас кездерінде ше­тінеп кеткен аталарымыз бол­­са, болған шығар. Ұрпағы та­раған бесеуі екені анық. Жұбан молда тек бесқасқа руы­ның қалаулысы ғана емес, дін жолын мақұлдаған барша жұрт­қа ортақ тұлға екені дау­сыз. Сондықтан біз бөлшекте­ну­ден, бөлінуден аулақпыз. Бұған дәлел оралдық белгілі кәсіпкер Мұрат Орынбайұлы Жәкібаев­тың Жұбан ата басына түнек үйін тұрғызуы дер едік. Сондай-ақ Жаңақала ауданында құрылған бейресми өлкетанушылар ода­ғы мүшелерінің Жұбан молда есімін ұлықтаудағы белсенді қызметін қалайша айтпай кете аламыз?! Халқымызда «Тас түскен же­ріне ауыр» деген сөз бар. Алысжақыннан арнайы келген аға­йындарды қабылдау, орналас­тыру, жағдай туғызу, яғни ұйым­­дастыру шараларын биік дең­гейде жүзеге асырғандары үшін Ақболат, Данияр інілеріміз бен басқа да жанашыр азаматтар­ға  алғыс  білдіреміз. Иә, Жұбан ата басындағы үл­кен жиында көп әңгіме айтылып, алуан пікір білдіріл­- ді. Қасиеті қалың елді мойын­датқан, зиярат етушілер қатары жылдан-жылға еселеп артып келе жатқан Жұбан молданың мәңгілік мекеніне аруақ-атағы­на сай мазар тұрғызуға пәтуа­ластық. Қаржы жинау мәселесі­не келістік. Атыраулық ағайын­дар бұл істі бастап та кетіпті. Тағы бір басты мәселе – Жұбан молда зи­ратын киелі жерлер тізіміне енгізу. Осы бағытта жұ­мыстану алқалы жиында бір­ауыздан мақұлданды. «Рухани жаң­ғыру нақты іспен көрінсе, өміршең болады» деген ой тұр­ды көкейімізде. Қасиетті ата­ның зираты Жаңақазан ауылы­нан 75, Жаңақала кентінен 140, Орал қаласынан 400 шақырым­дай жерде.

Айтқали  НӘРІКОВ, ақын, Қазақстан   Жазушылар  одағының  мүшесі


Қаланы жатсынбаған құлын

Күні: , 495 рет оқылды

Тобылғы торы биенің дәл неше жаста екенін ешкім де дөп басып айта алмайтын. Сақа биеден талай құлын өрбігені кәміл. Бүгінде сіңірі шыққан төрт аяқтың ортасында салбыраған мес қарыны ғана қалып, кепиеті кеткен. Үйірдің соңынан ілбіп басып, үнемі артта қалатын болды. Кешкі апақ-сапақта толғақ қысып, іштегі құлыны теріс келіп, жанын әбден қинады. Көзі аларып, танауы делдиіп, кеңсірігі шығыңқы құс тұмсығымен жер иіскеп, байыз  таппай  жүр. Құлағын жымырып, жел жақты бетке алып, басы салбырай ілбіп келеді. Әлсін-әлсін іші солқылдап, толғағы қысқан сәтте көзі қарауытқан соң аялдап алатыны болмаса, бағытты ажырататындай есі де қалмаған сыңайлы. Шапқылаған құлындарының артынан ілескен үйір көрінбей кеткен. Алыстан біресе көрініп, біресе жоғалған жарыққа жетсем, адамдар жәрдем көрсетер деп ойлады ма, кәрі жануар солай қарай бұрылды. Іштегі құлынмен бірге қиналcа да, бір түп жусанды тістеп жұлып, аузына ілінгенін талмағандай болды. Құдды бір мың ине қадағандай болған іштегі шаншу содан басылатындай. Қазтабан тұяқтары бірнеше есе ауырлап кеткендей, көтертпейді. Көз ұшындағы жалғыз жарық жеткізбеді. Суалған жағы селтиіп, бір шөкім кекілі ұйпаланған тобылғы торы теңселіп тұрды да, сылқ  етіп  құлады. *   *   * Күні бойы жатқан қара құлын буын-буыны қалтырап, тәлтіректей тұрды. Түнгі суыққа бойы тоңазып, жартылай кепкен кіндігі салбырап, енесінің жансыз денесінен тәй-тәй басып ұзай берді. Үстінен түспеген шаранасы қатпар-қатпар боп қатқан жетім құлынды даланың шыбын-шір- кейі мазалады… Кеше түнде көрініп жүрген жарық бүгін жақындай түсті. Әрі-беріден соң тырсылдаған дыбысы да күшейе берді. Трактордың әлсіз жарығына қараң-құраң етіп көрінген кішке-не нәрсенің не екеніне көзі жет- пеген Серік кабинадан қарғып түсті. Қасына жетіп барғанда ға-на құлын екенін ажыратты. Кө- зі мөлтілдеп, дір-дір еткен құлыншақтың әбден әлсірегені не қорқып тұрғаны белгісіз. Құлын- ды көнетоз пәлтеге орап алып көтергенде оның салмағын да сезбеді. Ауа райының ашық-жа- рығын пайдаланып, бірнеше күн шөп шапқан олар ауылға бармай, қосқа түнеп жүрген. Сауса- ғын құшырлана емген құлыншақтың мына ашқұрсақ жағдайына шыдамаған Серік түнделетіп  ауылға  қарай  тартты.   *   *   * Қара құлын бөтелкедегі жұмыртқа қосылған сиырдың сүтімен өсті. Үйден ұзамайды. Аулада асыр салып ойнақтап, шыққан адамды бағып жүреді. Серік ауылдағы, көрші ауылдағы жылқысы бар адамдарға хабарласып, құлын бар деп сұрау салып шықты. Полицей арқылы хабарландыру да берді. Жан баласы іздемеді. Жетім құлынның өмірде барын сүйегі сайда қалған тобылғы торы мен Серіктен басқа ешкім білмейтіндей. Серіктің демалысы аяқталып, қаладағы жұмысына кетті. Жетім құлын қозы-лақ пен екі-үш бұзаудың ортасында өсіп жатты. …Күздің қара суығында құдық басына бір үйір жылқы келді. Құйрық-жалы төгілген қара айғыр астауға үймелеген үйірді сырттай бақылап тұр. Бұл уақытта құлыншақ үйдің жанында тауық қуалап жүрген. Құдық басындағы қараларды көріп, жүрегі аузына тығылды. Қорыққанынан көзін төңкере қарап, состиып тұрып қалды. Өзі құралпы құлындарды көргенде барып бұлардың не екенін ұғынғандай. Тұла бойын әлдебір сезім кернеп барады. Дік-дік секіріп басып, жақындай түсті. Шешесі тобылғы торынікіндей таныс иіс мұрнын қытықтағанда алғаш рет құлын даусы шұрқырай шықты. Еріксіз құлдыраңдай шапты. Зау-лап келіп, оқшау тұрған қара айғырға тақалып тоқтады. Қара айғыр мұның үлбіреген жібек жалынан, шолтиған құйрығынан иіскеді де, арқырай кісінеп жіберді. Жүрегі ұша жаздаған құлын үйірге қарай қашты. Мама биелер танаулары делдиіп, оқырана қарсы алды. Әр биеге бір жетіп барып, түсініксіз күйде жүрген құлын биыл іш тастаған шабдарға тақалып қалды. Шетте тұрған қысыр шабдар қара құлынды қуалап жүріп талады. Әлденеден ала алмаған өші бардай  шұрқырата  талады… Жон арқасының етін, құйым-шағының терісін шабдар бие жұлған жетім құлынды қыстай тайөгіздер мүйіздеп шықты. Же-тім құлын жылқы көрсе, қашатын болды. Бір күні ауыл арасына кірген саяқтарға жолығып, мұны тағы да талады. Үстіне артылып,  аяусыз тепкіледі. Алдыңғы аяғының екі буыны шығып кеткен құлын әзер қашып, аулаға кіріп құлады. Мұны естіген Серік сол күні ауылға жетіп, құлынды қалаға тиеп кетті. *   *   * Серік Шотановтың жанұясы Оралда жеке ауласы бар жер үй-де тұрады. Кезінде қаланың шеті болған бұл шағынауданда қазір шаһардың жаңа алаңы, биік үйлері мен басты ғимараттары салынды. Солардың арасында өсіп жатқан қара құлын қаланың шуына, ағылған көлікке әбден үйренген. Шаһарды мекен еткен жетім құлынды жуырда көріп келдім. Адамдардың мейіріміне малынып өскен ерке құлыншақ қазір тай болған. Өзін әлі күнге жылқыша ұстауды білмейтін ол тай жасына жетсе де, бойы қортық боп булығып өсіп келеді. Кейде жалы күдірейіп, сес көрсетіп келіп, киіміңді тістелейді. – Үйдегілердің «Қалада жылқы ұстай алмайсың» дегенін тыңдамай, алып кеттім. Аяғының шыққан буынын сынықшыға салдырдық. Жазда алдымен аула ішінде, біртіндеп көшеге шығып жайыла бастады. Көршілер ауласын арамшөптен тазартып мәз. Күзде үш-төрт көше әрі асып жайылып жүрді. Ысқырғанымнан танып, жетіп келеді. Бір күні жұмыстан жай келіп, таба алмай қалдым. Көршім жолдың бойында екі жігіт ұстап тұрғанын көрдім деді. Ол кезде тығыншықтай болып семірген еді. Ұрлап кетті-ау деп полицияға хабарластық. Олар көшедегі камералармен қарап отырып, қай жерде жүргенін хабарлады. Үйлердің қуысына кіріп кетіп, қайтар жолын таба алмай жүр екен. Ысқырғанмын, тасадан шауып шықты, – деп  күледі  Серік. Серік қала мектебінде алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі болып қызмет етеді. Зайыбы Айгүл екеуі үш перзент тәрбиелеп отыр. Балаларының алды Әліп тай мінуге жарап қалған. Баланың мінгені тайға да ұнайтын сияқты. Біресе жер табандап тұрып алады, біресе асыр салып ойнақтайды. «Тайға әбден бауыр басып қалдық, мүмкіндігіміз жеткенше қалада  өсіре береміз»  – дейді  олар.

Нұрлыбек   РАХМАНОВ, Орал   қаласы


Жаз мезгіліндегі судағы қауіпсіздік

Күні: , 1 073 рет оқылды

Жазатайым оқиғалардың көбі сумен байланысты. Олардың басым көпшілігі — қарапайым қауіпсіздік шаралары елемегендіктен орын алуда. Су айдындарында қарапайым суға батып кетуге болады. Белгісіз су айдындарында суға түсу ауыр жарақаттар мен қолайсыздыққа әкелуі мүмкін: су түбінде жарақат алуыныз немесе затқа. Ең жиі себептері – тырысулар. Егер сіздің бір аяғыңыз ауырып онсыз жүсіп шығамын деп ойласаныз бұл қателік. Әрине тәжірибелі жүзуші аяқсыз немесе қолсыз жүзе алады, дегенмен тырысу күшті және кенеттен пайда болатын ауру. Адам су жұтуы мүмкін содан кейін бата бастайды. Тырысулар көбіне салқын суда пайда болады. Су түбіне соқтығысу және су түбіндегі затқа соғысу адамдардың суға кетуінің бірден-бір себептері. Үрейде суға батудың себебі болуы мүмкін. Мысалы адам ұзақ жерге жүзіп кетті, астындағы тереңдңктен қорықып үрейленуі мүмкін. Көбіне тәжірибесіз жүзушілірде болуы мүмкін. Судағы қауіптер – субұрылыстары және ағыс адамның суға батуына себеп болады. Ағыс өздігінен себеп болмайды, бірақ адамды жағадан алыс жерге алып кетуі мүмкін. Сонымен қатар тұншығуыңыз мүмкін қатты толқындыда ұмытпаған жөн. Суға батудың ең бірінші себебі – алкоголь.  Мас адам белгісіз жерде суға сүңгиді, салқын суда ұзақ болады, алысқа жүзіп кетеді т.с.с.  Жазғы мезгілде суда өзін ұстау ережелері. Қоршау белгісінен әрі жүзуге Тыйым салынған орындарда суға түсуге Балаларды қараусыз қалдыруға Суда түсерде камераны, допты, тақтайшаны қолдануға Суға ойнауға Жалған дабыл беруге Өтіп бара жатырған катерге, қайыққа жақын жүзуге Көпірден, айлақтан, қайықтан, катерден суға секіруге Тамақ ішкен бойда суға түсуге Суға мас күйде түсуге Таныс емес жерге сүңуге Тыйым салынады. Ұмытпаныз, өмір Сізде біреу- өзіңіздің ақылсыздығыңыздан оны жоғалтып керек емес!

Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті Төтенше жағдайларды жою бөлімі


Аудандық аумағында «Судағы қауіпсіздік» рейдтер жүргізілуде

Күні: , 723 рет оқылды

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданында 2018 жылдың мамыр айынан бастап «Суға түсу маусымы»  кезіндегі қауіпсіздік шараларын арттыру мақсатында рейдтік шаралар жүргізілуде. Сондай-ақ Ақжайық ауданы аумағында су айдындарында №6 Жедел құтқару жасағы қызметкерлері күн сайын потрулдік жұмыстар жүргізеді. Рейдтер жыл бойы аудан аумағындағы су қоймаларында жүргізілуде. Сонымен қатар, ауыл тұрғындар арасында, мектеп жанындағы жазғы демалыс лагерлерінде, «Атамекен» лагері және «Жас қыран» шатырлы лагерлерінде  дәрістер өткізіліп, лагерлердегі балалар және қызметкерлер арасында  адамдардың суға шомыла білмеуі, судағы қауіпсіздік ережелері шараларын орындауы, орны толмас қайғы мен өкінішке айналмас үшін судағы қауіпсіздік ережелерінің талаптарын қатаң түрінде сақтау туралы ұсыныс берілді. Рейдтік жұмыстар жүргізу барысында аудан аумағындағы су айдындарды қарап, суда шомылып жатқан адамдарға суда қауіпсіздік бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, су жағасында байқалған кәмелетке толмаған балалардың ата-аналарына ескертілді, су айдындарында кездескен адамдарға және ауыл тұрғындарына түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жадынамалар таратылуда. Ауыл тұрғындар  арасында суда қауіпсіздік мағынасы бойынша дәрістер мен жиындар өткізілуде. Дәрістерде: жаз кезінде қауіпсіздік, суда шомылу кезінде қауіпсіздік ережелердің талаптарын сақтау, адамды судан қалай құтқару, жарақат алған адамға алғашқы медициналық көмек көрсету және т.б. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдарымен су айдындары жағаларында «Суға түсуге болмайды» атты тиым салу белгілері орнатылған. Аудан тұрғындары мен демалушылар қауіпсіздік шаралары бойынша атқарылып жатырған жұмыстарға немқұрайлы қарайды. Сол себептен аудан аумағында жыл сайын суға бату оқиғалары орын алып тұрады. Есте сақтаңыздар! Судағы апаттан қорғанудың ең сенімді жолы-суда шомылу ережелері мен қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау.     А. Сабыргалиев, Ақжайық ауданы ТЖБ аға инженері азаматтық қорғау аға лейтенанты              

Өркендеудің күретамыры

Күні: , 757 рет оқылды

12  тамыз   –  Құрылысшылар күні  

 Тамылжыған тамыз айының екінші жексенбісі – құрыш қолды құрылысшылардың төл мерекесі.  «Егер құрылыс саласында жұмыс қызу болса, демек, мемлекеттің экономикасына қарқынды даму тән» деген түсінік бар. Мәселеге осы  тұрғыдан келгенде, кең байтақ Қазақстанның қалаларына қоса, бүгіндері аудан-ауылдарында да салынып жатқан нысандар баршылық. Жалпы, құрылыс секторы өркендеудің күретамыры іспетті. Өйткені елді мекен атаулының көркейіп, гүлденуі, жаңарып-жаңғыруы осы салаға тікелей байланысты.

Кәсіби мереке қарсаңын­да облыстық құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әлібек Анта­зиев осы бағытта өңірде атқары­лып жатқан ауқымы кең, маңызы зор істерді атап өткен еді. – Жыл өткен сайын пайдалану­-ға беретін үйлердің аумағы ұл­ғайып келеді. Мәселен, 2017 жы­лы барлық қаржыландыру көз­дерінен бөлінген қаражатқа жос­­парланған 287,1 мың шаршы метр­дің орнына 392,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ауылдық жерлерде 10  көп қабатты (1426 пәтер) және 113 бір пәтерлі үй иелеріне тапсырылды. Инженерлік-комму­никациялық желілер мен үй құ­ры­лысына ұлттық қор мен рес­публикалық бюджеттен бөліне­тін қаражат жыл санап артып ке­ле отырғанын айта кетсем деймін. Нәтижесінде облыстағы тұр­ғын үйге мұқтаж мыңдаған тұр­ғын мен  жас отбасы жаңа пәтер­лерге қоныстануда. Биыл «Нұр­лы жер» тұрғын үй құрылысы бағ­дарламасын жүзеге асыру шең­берінде облыстағы тұрғын үй мен инженерлік-коммуникация­лық ин­фрақұрылым құрылысы үшін 16,8 млрд. теңге бөлінді. Оның ішінде 13,2 млрд. теңге ауылдық жерлердегі 17 көппәтерлік (2760 пәтер) және 88 тұрғын үйдің, сонымен қатар апатты жағдайда сү­рілген үйлердің тұрғындарына арналған 4 көппәтерлік тұрғын үйдің құрылысына бағытталса, 3,56 млрд. теңге 25 инженерлік-коммуникациялық желілер құры­лысына бөлініп отыр. Биыл әлеу­меттік нысандардың құрылысы үшін 2,5 млрд. теңге қарастырыл­ған. Білім беру саласында да құ­рылыс қарқын алды. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын жү­зе­ге асыру шеңберінде Деркөл ауы­лындағы 600 орындық мектеп пен Зеленов ауданының Дариян ауылындағы 100 балаға ар­налған интернаты бар 300 орын­дық мектеп оқушылары мен бүл­діршіндерге есігін айқара ашты. Бұлармен қоса биыл «Сарытау» ықшамауданындағы 900 орын­дық мектеп пен Теректі ауданын­да­ғы Сарыөмір ауылындағы 48 орынға арналған сауықтыру лагері пайдалануға берілмек, – дей­ді  Әлібек  Сайынұлы. Құрылысшылардың ауыр қыз­меті қоршаған ортаны қорғау саласынан да шет қалған емес. Мәселен, Теректі ауданының Орал – Шалқар каналындағы қалқыма­лы-насосты стансасы бар тоған іске қосылды. Ал елді мекендер­ді таза ауыз сумен қамтамасыз ету­ге бағытталған «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша сумен жаб­дықтау нысандарын салуға 4 млрд. теңге бөлініп отыр.  2018 жылы облыстағы 11 ауданда 22 сумен жабдықтау нысанының құрылы­­сы мен жаңартып-жаңғырту жұмыс­­тарын аяқтау жоспарланған. Яғни жыл соңына дейін 198 елді мекен орталықтандырылған су­мен  қамтылмақ.

Ясипа   РАБАЕВА, «Орал   өңірі»


Ұрылар айылын жияр емес

Күні: , 810 рет оқылды

Орал қаласында қоғамдық көліктегі қалта ұрлығы азаймай тұр. Өткен жеті айда қоғамдық орындарда жасалған 828 қылмыстың 115-і  қалтаға қол сұққан ұрлықшылардың қылмысы болып отыр.  Бұл ақпаратты БҚО ІІД ЖПБ бастығының орынбасары, поли-ция подполковнигі Кенжебек Құспаев жолаушылар тасымалын ұйымдастыратын  мекемелердің басшылары мен БАҚ өкілдерінің басын  қосқан  брифингте  мәлім  етті. – Бүгінде біз үшін өзекті мәсе-ле көшедегі, әсіресе, қоғамдық көліктегі қалта ұрлығы болып отыр. Бұл мәселе  жүйелі түрде көтері-ліп келеді. Алайда автобустар-дағы қалта ұрлығы азаймай тұр. БАҚ өкілдері арқылы тұрғындар- ға көліктегі қауіпсіздік шарала-рын ұмытпауды, өз заттарына мұқият болу қажеттігін жеткізсек дейміз. Жаз мезгілінде, әсіресе, қыркүйектен бастап автобустарға жолаушылардың  сыймай қалып жатқанын көреміз. Тап осы ке-зең қалта ұрылары үшін өте «қолайлы» болып отыр. Бүгінде полиция қызметкерлері қалта ұр-лығына қатысты 31 қылмыстың бетін ашты. Десек те, қылмыстың бұл түрін  ашып, дәлелдеу өте қиын. Біріншіден, зардап шеккен-дер қалтасындағы затының ұрланғанын әлде жоғалтып алғанын білмей қалып жатады. Көп уақыт өткеннен кейін ғана полицияның көмегіне жүгінеді. Ал бұндай жағ-дайда қылмыстың ізін суытпай ашу мүмкін емес. Сондай-ақ  қалта ұрлығында куәгер болмайды. Сол үшін дәлелдеу де өте қиын. Бүгінгі басқосуда жолаушылар тасымалымен айналысатын мекеме бас- шыларынан, мүмкіндік болса, автобустарға бейнебақылау камераларын орнатуды сұраймыз. Бұл, біріншіден, тұрғындарға ескерту, қылмыстың алдын алу үшін қажет болса, камераны көрген ұрылар да суыққол сұғанақтығын азайтар еді. Екіншіден, қалта ұрлығы бола қалған жағдайда қылмыскердің кім екенін әшкерелеуге де  мүмкіндік берер еді. Яғни бұл заттай дәлел болмақ, –  дейді  Кенжебек  Сүйеужанұлы. Сонымен қатар Кенжебек Құспаевтың айтуынша, LED экраны бар №2 маршруттарға қалта ұр-лығының қалай орын алатынын баяндайтын бейнеролик көрсету жоспарда тұр. Басқосуда осы мә- селе аталмыш маршрутты қадағалайтын мекеме басшылығымен пысықталды. Тағы бір өзекті мә- селе автобустағы ұрыны ұстауға қатысты болды. Автобуста қалтаға түсіп жатқан  ұрыны ұстаған жағдайда кондуктор мен көлік жүргізуші бейтарап қалмауы керек. Мұндай жағдайда автобусты тоқтатып, есіктерді ешкімді шығармастан кілттеп, 102 нөміріне қоңырау шалу шарт. Жыл жарым бұрын көлік жүргізушісі осылайша бір автобус ішінде екінші рет ұрлық жасамақшы болған  ұрыны ұстаған екен. Өз сөзінде спикер қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және қылмысты ашуға қатысқан азаматтар ақшалай немесе құнды заттармен марапатталатынын айтып өтті. Осы мақсатта биыл облыстық бюджеттен 4 млн. теңге шамасында қаражат бөлінген. Ал ынталандыру сыйлығының мөлшері 10 айлық есептік көрсеткіштен  аспауы  керек. Облыста жол-көлік оқиғасы салдарынан қаза табатындардың саны артып отырғанын айтқан Кенжебек Сүйеужанұлының сөзінше, биыл 58 адамның өмірі жол бойында қиылған. Жалпы 169 жол-көлік оқиғасы болып, 188 адам жарақат алған. Осындай қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында  8-10 тамыз аралы-ғында республика аумағында «Қауіпсіз жол» профилактикалық  шарасы өтуде. Өңірде де өтетін бұл шара барысында полиция қызметкерлері  барлық көлікті, соның ішінде қоғамдық көліктер жүргізушілерінің құжаттарын, көліктің техникалық даярлығын да тексеретін  болады. Басқосудан соң жол-патрульдік полиция батальонінің жеке құрамы маршрутта жүрген автобустарға қалта ұрлығының алдын алуға бағытталған жадынамалар ілді.

Ясипа  РАБАЕВА, «Орал  өңірі»

  Александр НИКОЛАЕВ, «Оралтехсервис» ЖШС өкілі: – Жолаушылар тасымалы қазір аянышты жағдайда. Мәселен, билет құнын 60-тан 80 теңгеге көтергенде  солярка 95 теңге болатын. Қазір ол 188 теңге тұрады. Қосалқы бөлшектер де күрт қымбаттап кетті. Автобустар ескір-ген, жөндейтін қаражат жоқ. Субсидия бөлінбейді және жолақы бағасын да өсірмейді. Егер демеуқаржы болып, жолақы көтерілсе, маршруттарға жаңа авто- бустар шығып, бақылау камералары да орнатылар еді.

Шөп сұйық, шаруа алаңдаулы…

Күні: , 483 рет оқылды

Басқа  өндірісі  жоқ  қыр  қазағының  басты  шаруасы –  төрт  түлік  малының  қамы.  Әсіресе,  биылғыдай  қуаңшылық  жылы  мал  азығын  жинап  алуды  ойлаған  шаруаның  мазасы  жоқ.   Өткен жылы да осындай кепті киген жаңақа­лалық­тар биыл да қай­талап келген қуаңшылыққа төтеп беру үшін жұмыла жұмыстануда. Қазіргі болжам бойынша ау­дан­да қыстатылатын төрт түлікке 132,3 мың тонна мал азығы дайында­луы керек. Өткен жылдан 19,11 мың тонна шөп қалғ­анын ескерсек, биыл кемі 113,19 мың тонна табиғи мал азығы жи­налуы қажет. Қыстың қамын жазда жасап үй­ренген жаңақалалықтар биылғы­дай қуаңшылық жылы да қол қу­сырып әрекетсіз отырған жоқ. Бар мүмкіндікті пайдалануда. – Жаздай жауын жоқ. Қырдың шөбі сұйық, құмның шөбі де өспей қалды.  Су түскен көлдіктерден де жылдағы өнім алынбай отыр. Өткен жылы осы мезгілде ау­дан бойынша бір гектардан алынған орташа өнім 5,1 центнер болса, биыл 3,8 цент­нер болып отыр, – дейді аудан­дық ауыл шаруашылығы бөлімін­де­гілер. Осы бөлім берген мәліметке тоқ­талып көрейік. Аудан бойынша күні бүгінге дейін 168,3 мың гектардың шөбі орылыпты. Одан 64,65 мың тонна мал азығы жиналған. 3,32 мың тонна ғана кемдігін ескерме­сек, өт­кен жылғы осы кезеңдегідей деу­ге болады. Бұл арада бір ескеретін жай – өткен жылы шөп дайындауға 126 орақ қатысса, биыл 173 орақ қаты­сып отыр. Яғни, орақ саны 47-ге артқан. Бұл науқанға мән берудің көрінісі. Округтер бойынша тоқтала кетсек, биыл Жаңақала,  Жаңақазан ауыл­­дық округтері өткен жылғы осы кездегіден көбірек шөп да­йында­са, Жаңажол, Қызылоба, С. Меңде­шев, Пятимар округтері аздау да­йындаған. Десе де биылғы орақ науқаны Жаңажол, Жаңақала округтерінде қарқындырақ та, қалған округтер­де  бір  деңгейде. Биылғы дайындалған мал азы­ғының көлемі бойынша айтсақ, қыс­қа керек шөптің 49,8 пайызы, ал өткен жылдан қалған шөпті қоссақ, 63,2 пайызы дайындал­ды. Өткен жылғы деңгейде. Дегенмен, әлі де жауын жоқтығы құм шөбі көтерілмей қала ма деген күдік туғызады. Бір шүкірлігі – биыл дала өрті аз, шегіртке жайылған жоқ. Ол да бол­са, «жығылған үстіне жұдырық­тан» аман сақтауда. Тағы бір айта кететін жай – биыл тұрғындарға сатылатын шөп бағасы аспандап барады. Өткен жылы 300 килограмдық тайлан­ған шөп бағасы 2,5-3 мың теңге­ден басталса, биыл 4-4,5  мың тең­геден түспей тұр. Қысқа  қарай қымбаттай түсетіні де даусыз. Бұл аудан, округ орталықтарында тұ­ратын халықтың мал ұстауын қиындата түсетіні анық. Қуаңшылық, шабындықтың өнім­­сіздігі шөптің өзіндік құнын қым­баттатып отырған шығар. Дегенмен, халықтың қысылғанын пай­даланып, шөп дайындаушылар мал азығының бағасын ас­пан­дата бер­мей, елге қарайлас­са, бұл іске әкім­діктер де ұйтқы болса, жөн болар еді.

Өмірзақ   АҚБАСОВ, Жаңақала   ауданы


Күре жолдың бойына камералар орнатылмақ

Күні: , 427 рет оқылды

Сейсенбі күні өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифингте Бөрлі ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде айтылды. Аталмыш ауданның аумағында Қарашығанақ мұнай-газ конденсат кен орны орналасқандығы мәлім. Донор аудан биылғы бірінші жартыжылдықта республикалық бюд-жетке 59 млрд. 926 млн. 110 мың теңге, облыстық бюджетке 15 млрд. 819 млн. 325 мың теңге қаражат құйды. Инвестициялар  көлемі –67,3 млрд.  теңге, ал өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1 трлн. 27 млрд. 244 млн. теңгені құрады. Брифингке қатысқан Бөрлі ауданының әкімі Санжар Әлиевтің мәліметінше, «Конденсат» АҚ 2016 жылдың желтоқсан айында индустрияландыру картасы бойынша «К5 экологиялық сыныптағы мотор отындарын өндіру» жобасын жүзеге асырған. Сол уақыттан бастап қосымша 43 жаңа жұмыс орны ашылып, 9,2 млрд. теңгені құрайтын 62,6 мың тонна өнім өндіріліпті. «RT Alliance» жауапкершілігі шектеулі серік-тестігі «Сұйық азот өндіру бойынша зауыт» жобасын жүзеге асыруда. Бұл жоба кәсіпкерлікті қолдаудың аймақтық картасына енгізілген. Инвестициялар көлемі 1 млн. АҚШ долларын құрайтын зауытты іске қосу 2018 жылдың тамыз айына жоспарланған. Бұнымен қоса, ауданда 11 ірі, 4739 шағын және орта бизнес субъек-тісі тіркеліпті. Орта және шағын бизнес субъектілері өндірген өнім, орындалған жұмыс көлемі 189 млрд. 359 млн. теңгені құраған. Ауданда ауыл шаруашылығы саласы жақсы дамыған. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін 61 шағын  цех  бар. – Ауданның ауыл шаруашылығы құрылымдарын қолдау мақсатында «Қарашығанақ» несие серіктестігі арқылы «Кәсіпкер» бағдарламасы бойынша 165 млн. 628 мың теңгеге несие беруді жоспарлаудамыз. Қазіргі уақытта бұл қаражаттың 40%-ы игерілді. Ағымдағы жылы жалпы сомасы 7 млрд. 300 млн. теңгені құрайтын  үш инвестициялық  жоба  жүзеге  асырылуда. «Атамекен» шағын бағдарламасы аясында аудан бойынша жалпы құны 302 476 500 теңге болатын  10  жоба іске асырылуда. Ең ірі жобаның бірі – Ақсайдағы «Наурыз» саябағы аудан кәсіпкерлерінің қаражаты есебінен абаттандырылуда, – деді Санжар  Әлиев. Әкімнің сөзінше, биыл «ҚПО б. в.» инвестициясының есебінен Ақсай қаласындағы 120 пәтерлі үйдің, сонымен бірге Кеңтүбек және Пугачев ауылдарында жаңа үйлердің құрылысы аяқталды. Жеке тұрғын үй құрылысына қала маңынан 1100 учаске берілмек. «Қарашығанақ-1» шағынауданында тоғыз қабатты екі үйдің құрылысы жоспарлануда. Ақсай тұрғындарын мазалайтын мәселенің бірі – қаладан үш шақырым жерде орналасқан қалдықтар полигонының жануы. 1986 жылы салынған полигон алаңы санитарлық ережелерге сәйкес келмейді, қалдықтар сұрыпталмайды. Аудан әкімі Санжар Әлиев қалдықтарды ешкім жағып жатпағанын ескертті. Полигонның санитарлық жағдайына жа-уапты «Горкомхоз» кәсіпорны қазіргі уақытта мүлдем тұра- лаған. Соған байланысты конкурстық рәсімдер жүргізіліп, полигон алаңын күтімге алып, қалдықтарды өңдейтін кәсіпорын анықталуда. Бықсыған қалдықты өшіру үшін биыл су құйылмайды. Дымқыл әсерінен орга-никалық заттардың жануы күшейгендіктен, оның орнына топырақ себілмек. Сондай-ақ жаңа полигонды салуға техникалық-экономикалық негіздеме дайындалуда. Соңғы жылдары Орал – Ақсай бағытында жол-көлік апаты көбейді. Тұрғындар әлеуметтік желілер арқылы соған алаңдайтынын жиі жазады. Брифингте аудан әкімі Санжар Әлиевтен жолаушылар  таcымалы қауіпсіздігіне қатысты қандай шаралар қолға алынғанын  сұрадық. – Елбасының тапсырмасы бойынша келесі жылы Орал – Бөрлі – РФ бағытындағы аутожол күрделі жөнделеді. Аудан аумағындағы 804 шақы-рым жолдың 41,9%-ы  асфальтталған, қалған бөлігіне күрделі жөндеу қажет. Жуырда Ақсай – Жымпиты тас жолының (53-68) 15 шақырым бөлігін жөндеу аяқталады. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалуда. Жол қауіпсіздігіне де назар аударып жатырмыз. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Ақсай – Бөрлі бағытындағы және қала маңындағы айналма жолдар бойына «ақылды» камералар қою жоспарлануда. Ақсай мен Орал бағыты бойынша жолаушылар тасымалына қатысты конкурстық рәсімдерді өткізуге облыстық жолау- шылар көлігі басқармасы жауапты. Дегенмен, қоғамдық көліктер қозғалысын жол полициясы және көлік инспекциясы қызметкерлері қадағалауда. Бұдан біздің тарап та тыс қалмайды. Ақ- сайда жолаушы тасымалымен айналысатын жеті мекеме бар. Соның ішінде бесеуінің қызметі са- пасыз. Мәселен, кейбірінің қарауында 20 шағын автобус болса, басқасында екі есе аз. Тұрғындар көлікті бір сағат бойы күтіп қалады. Әрбір маршрут бағытын тексеріп, уақытын межелеп, соған қатысты құжат дайындап, облыстық мәслихаттың талқылауына ұсынамыз. Мәслихат әлеуметтік санат есебіне жатқызуды қабылдаса, жолаушылар тасымалдайтын мекемелерді субсидиялау мәселесін қарастырамыз. Содан кейін жолаушы тасымалдаушы-ларға талап қоя аламыз, – деді әкім. Күні бүгінге Бөрлі ауданында 11-сыныпқа дейінгі мектеп оқушылары бюджет есебінен тегін тамақпен қамтылып келді. Алдағы оқу жылында ҚР заңнамаларына сәйкес арнайы әлеуметтік санатқа жататын отбасы балаларынан басқа, 5-11-сынып оқушыларына тегін ыстық тамақ берілмейді. Аудан әкімі азық-түлік алудан үнем-делетін қаржы Ақсай қаласында салынған жаңа балабақшаны күтіп-ұстауға, аудандағы мектептерге  компьютерлер сатып алып беруге, ауылдық округтерге кең жолақты интернет желісін тартуға жұмсалатындығын айтты. Бөрлі ауданында жалпы білім беретін 25 мектеп  бар. Оның ішінде үшеуі орыс тілінде, он алтысы  аралас, алтауы қазақ тілінде сабақ  береді.   Нұртай  АЛТАЙҰЛЫ, «Орал  өңірі»

«Zelenov triathlon-2018»

Күні: , 2 638 рет оқылды

Зеленов ауданында бұқаралық спорт пен салауатты өмір салтын  насихаттау мақсатында қолға алынған спорттық шаралардың бірі жуырда Жанбарса (Январцев) ауылында «Zelenov triathlon-2018» деген атаумен ұйымдастырылды.

Триатлон жарысына қатысу-шылардың қарасы көп болды. Әсіресе, жастардың құлшынысы қуантты. Жарысқа қатысушылар алдымен суда, сосын велосипедпен, одан кейін жаяу жарысты. Олар әр түрлі жас ерекшеліктері бойынша сынға түсті. Айта кетсек, 18-29 жас аралығындағы жігіттер арасынан Нұркен Қасымов үздік деп танылса, қыздар арасында Ләззат Төлепбергенова жеңімпаз атанды. Ал 30-39 жас аралығындағы триатлоншылар арасынан  Сәбира Қадырова мен Виталий Бырко, 40-49 жастағылардан Надежда Голубенко мен Асхат Шахаров үздік деп танылды. Сондай-ақ додада 50 жастан жоғары триатлоншылар да бақтарын сынаған болатын. Бұл бәсекеде  әйелдер арасынан Нұрсәуле Оразаева мен ерлер арасында Сергей Щербань бас жүлдені  қанжығаларына  байлады. Жарыс соңында барлық  жеңімпаз-жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар мен медальдар табысталды.   Түгелбай БИСЕН, Зеленов ауданы

Жазылған жайттан неге нәтиже жоқ?..

Күні: , 49 рет оқылды

«Орал өңірі» газетінің биылғы 19 сәуірдегі  №43 санында «Аялдамалардың аянышты күйі немесе желге ұшқан миллиондар» атты мақала жарыққа шыққан болатын. Бұл материалда Зашаған кентінде қойылған су жаңа аялдамалардың сапасыз салынуынан жаппай қирап жатқандығы жазылған-ды. Мақала авторы ретінде мен нақты фактілерге негізделіп, орынды мәселе көтерген материалды «Сонымен тұрғындар сапасыз аялдама орнатқан әкімдік пен кәсіпкерге ренжісе, жергілікті билік халық­ты кінәлайды. Қалай болғанда да,  6 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсалған аялдамалардың қазіргі жа­йы аянышты. Көпшілік қазына қаржысына салынған әрбір құрылыстың сапалы жүргізілгенін, халыққа пайдасы тигенін қалайды. Сондықтан кепілдемелік міндеттемелері болса,  аялдама орнатқан мердігер мекеме олқылықты жөндеуі  керек. Ал кент әкімдігі құзырлы құрылым  ретінде сол міндеттің  орындалуына  мүдделі  болуы  шарт» деп түйіндеген болатынмын. Міне, сол кезден бері төрт айға жуық уақыт өтсе де, аялдама орнатқан мердігер мекеме тарапынан немесе жергілікті әкімдік тарапынан еш қозғалыс байқалмайды. Керісінше, сол кездегі бүтін аялдамалар қирап, алдыңғыларының аянышты күйіне жетті. Жадыраған жаз өтіп, жауын-шашыны мол күздің келуіне де көп уақыт қалған жоқ. Жаңбыр мен жел­ден, қар мен бораннан қорғамаса, ол аялдамалар­дың кімге не үшін керегі бар?   Нұрбек   ОРАЗАЕВ, «Орал өңірі»

БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика