Мұрағат: 02.08.2018


«Аяз би» – қазақтың бүкіл ұрпағын тәрбиелеген ертегі»

Күні: , 749 рет оқылды

«Дарын» қосымша  білім  беру  орталығында  өңірі­міздегі  мектеп  директорларының  «Өсу  векторы»  жазғы  лагері  өтуде.  Сейсенбі  күні  кешкілік  табиғат  аясына  жиналған  дала-қаладағы  білім  ошақтарының  басшылары  ақын  Ақұштап  Бақтыгерееваның  әсерлі  әңгімесін  тыңдады.

Кездесуде өзі көрген мектеп директорларын үл­гі ететіндігін тілге тиек ет­кен ақын бүгінгі­дей рейтинг қу­ған заман­да жас ұрпақ тәрбиесін ең бі­рінші орынға қою қа­жеттігін  баса айтты. «Менің түсінігімдегі мектеп ди­ректоры басқа болатын. Ол кез­де заман басқа еді. Сол кез­- дерден қалған ди­ректор Ма­риям Ма­майқызы Абдушеваны біле­сіз­дер. Ол кісі бір ғана  Оралдағы С. Сейфуллин атындағы №11 мектеп-интернаттан  қаншама шәкірт тәрбиелеп, бүгіндері аңыз­ға айналды. Өйткені олар өзін ойламай, ең бірінші орын­ға ұрпақ тәрбиесін қойған ұс­таздар еді. №11 мектеп ол кезде соғыстан әкесі кел­меген, мүгедек боп оралғандар­дың ұл-қызын оқы­та­- тын. Біздер сон­да оқыдық. Сонда олар бізді анамыздай маңда­йы­мыз­дан си­пап, қарнымыз аш­- ­са, тамағы­мызды түгендеп жү­ретін. Мен көрген академик Зейнолла Ғабдолов: «Ұстаз болу  – өзінің уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау» деп еді. Сондық­тан да қазақ дала­сы­ның иесі мен киесі болар келер ұр­пақ­қа «Әр қазақ – менің жалғызым» деп қарасаңдар деймін. Өкініш­- ке орай, қазір қоғам­да байлық пен ақша үстемдік етіп тұр. Бұ­рын надан деп санаған әже­ле­- ріміз бізді қазақтың «Ұр, тоқпақ», «Ер Төстік», «Аяз би» ертегілерімен сусындатып еді. Сол ерте­гі­лердің өзі тұнып тұрған тәлім-тәрбие. Бір ғана «Аяз бидің» өзі – қазақтың бүкіл ұр­пағын тәрбие­леген  ертегі. Мектеп директоры болу – мұғалімдердің сағатын санап, баға түгендеу емес. Ең басты орында ұрпақ тәрбиесі тұру керек. Кешегі ауылдан келген қыз ағаштың тү­біне неліктен өз нәрестесін тастап кетті?.. Мектеп қабырғасы­на балапанын қорғаймын деп, жы­ланның аузына түсіп жат­қан қарлығаштың, баласын тіс­теп бара жатқан мысықтың суретін іліп қою керек. Бәлкім, ойланар. Адамның ең жақыны – ана. Сондықтан тәрбие сағаттарында ананы сүю, ананы сыйлау тура­лы көп айтылуы керек.  Аналық ақылым сол», – деп сөзін са­бақтаған ақын өзінің бала­лық шағы, Қа­дыр ақын туралы тағылымды ес­телік, ғибратты әң­гімелер айтып, өлеңдерін  оқыды. Рухани кеште қоғамдағы ке­леңсіз көріністер де ақын назарынан тыс қалған жоқ. Жасыл же­- лек жанында жаға­лай отырып, ақын әңгімесін тыңдаған мектеп басшылары сауалдарын қо­йып, ой-пікірлерін ортаға салды. Кешкі самалмен поэзия әлеміне бойлаған ұстаздар қауымы сипаты бөлек, әсерлі кешке ризашы­лықтарын білдірді.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»

      Анаргүл  ҚАРЖАУОВА, дарынды  балаларға  арналған  мамандандырылған  №8  облыстық  мектептің директоры,  Орал  қаласы: – Ең біріншіден, «Өсу векто­ры» атты мектеп директор­ларына арналған жазғы мек­тепті ұйым­дастырған облыс­тық білім басқармасына ри­зашылығымды білдіремін. Шы­нымен де керемет өтуде. Ақұштап ақынмен кез­де­суден алған әсерім тіпті бөлек. Ол кісінің өлеңдерінің өзі өске­лең ұрпақ үшін тәрбие. Біздің мектепте поэзия сағаттары, ру­ха­ни құндылықта­ры­мызды наси­хат­­тау­- ға бағыт­тал­ған тәрбие са­ғаттары жиі өтеді. Ақын­ның әсерлі әңгі­ме­сінен көкейге түйген ойларым бар. Бүгінгі кеш маған рухани әсер сыйлады. Мен өзімнің сүйікті ақыныма  тек  денсаулық  тілеймін!   Мерует  ЕРМЕНТАЕВА, «Жайық»  негізгі  білім  беретін  мектептің  директоры,  Ақжайық ауданы: – Облыстық білім басқар­масының ұйымдастыруымен өткен жазғы лагерьдің мек­теп басшыларының бір-бірімен іс-тәжірибе алмасып, дамуына ықпалы зор. Жазғы мектеп жоспарында түр­лі кез­де­сулер ұйымдастырылған. Соның бірі, белгілі ақын апамыз Ақұштап Бақтыгереева­мен кездестік. Бұл өзі – біз үшін ұмытылмас сәттердің бі­рі. Кездесуде қоғам­дағы бала тәрбиесі, ана тағылы­- мы, отба­сы туралы өзекті  ойлар ай­­тыл­ды. Жалпы,  тәрбие мектептен, ата-анадан бастау алатыны белгі­- лі. Өлеңге, адамдыққа, мейірім­ділікке шөлдеген қоғамға осындай кездесулер қажет. Керемет кештен  әдемі  әсер  алдым.

«Арманы үндес еді Ақ Жайықпен»

Күні: , 825 рет оқылды

Кеше Орал қаласының іргесіндегі Подстепный ауылындағы саябақта көрнекті қаламгер, Абай  атындағы  мемлекеттік  сыйлықтың  лауреаты Хамза Есенжановтың туғанына 110 жыл толуына орай жазушының ескерткіш-мүсіні ашылды.

  Қазақтың көрнекті жазушысы,  Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері, «Құрмет белгісі» және Еңбек Қызыл Ту ордендерінің иегері, жазушы Хамза Есенжанов Шалқар көлінің жағасындағы шағын ауылда 1908 жылдың 25 желтоқсанында дүниеге келген. Туған ауылынан алғашқы 7 жылдық білім алған. Кейін Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік техникумын, Абай атындағы Қазақтың пе- дагогикалық институтын, Ленинградтағы Мемлекеттік өнертану институтының аспирантурасын бітірген. 1932-1937 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқар-масының жауапты хатшысы, КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалы әдебиет пен фольклор секторының меңгерушісі қызмет- терін атқарған. 1937 жылдан Қазақ мемлекеттік филармониясының, кейін Қазақ опера және балет театрының директоры қызметін атқара жүріп, Қазақ педагогикалық институтында орыс әдебиеті тарихынан дәріс оқиды. ХХ ғасырдың отызыншы жылдары республикалық басылымдарда қаламгердің «Өлеңтінің жағасында», «Қызыл құмақ»,  «Күшке-күш» сияқты әңгімелері мен «Жер шарында» атты пьесасы жарияланды. 1938 жылы жалған саяси айып тағылып, 20 жылға жуық уақыт сталиндік қуғын-сүргіннің зардабын тартты. Елге оралған соң, 1956 жылдан өнімді шығармашылық жолын баста- ды. Жазушының басты шығармасы «Ақ Жайық» трилогиясы болып табылады. — Жазушының жоқтаушылары көп күткен бұл шара егемендіктің, елдіктің арқасында іске асуда. Хамза Есенжанов – қазақтың ұлы жазушыларының бірі. Ол кеңестік дәуірде өмірге келгеніне кінәлі емес. Соның бәрін ажыратып білетін уақыт келеді. Қазір бізде әдебиет пен өнер қалғып ба- рып, қайта оянып жатыр. Бұл ескерткіш 100 жылдығында, тіпті өзінің тірі кезінде қойылса да болатын еді. Бірақ «ештен кеш жақсы» деген де бар ғой, шүкір делік. Халық санасында ұлы тұлғаларының есімдері қайта жаңғыруда. Хамза ағаның айдаудан келгенде көзін көрдім. Ал-матыда көрші тұрдық. София апай бүкіл өміріне сүйеніш болғанын көрдік. «Сор болды-ау отыз жеті мынау елге, Далада ару қаңғып, жылады ер де. Өзіңді пірдей тұтқан дәрігер қыз, Қартайды, еріп жүріп лагерьде» деп өлең арнап, жыр жаздым. София апай Хамза аға сотталып, айдауда болғанда бірге жүрді. Ол да Мағжан Жұмабаевпен қандас, текті жердің қызы еді. Халықтың мұңын жазған жазушы халыққа жау бола ма? Қазақ халқы басынан не кешті, неге олай болды деген сауал жастарды ойлантуы тиіс. Салтанатты шараға кішкентай балалар келіп тұр. Аталарыңның ісі сіздерге аманат. Қазаққа қызмет еткен қаламгердің мүсініне дақ түсірмеңдер, осы жерді аялаңдар. Саналылардың, ойлылардың келе- тін орны болғай, – деді шарада  тебірене сөйлеген  «Алаш» халық-аралық әдеби сыйлығының иегері, ақын Ақұштап Бақтыгереева. Мүсіннің ашылу салтанатында сөз алған Теректі ауданының әкімі Кәрім Жақыпов, жазушы жайлы зерттеп, жинақ шығарған тарихшы ғалым Сайлау Сүлейменов қаламгер туралы ой тер- беп, жерлестерін мүсіннің ашылуымен құттықтады. Мүсінді  ашу құрметі Хамза Есенжановтың жиені Сауя Виленқызы мен ақын Ақұштап Бақ-тыгерееваға берілді. Мұнан соң шара өңірдің зия-лы қауым өкілдерімен өткен жазушы Хамза Есенжановтың 110 жылдығына арналған «Ақжайық тарихын жырлаған қаламгер» атты дөңгелек үстелге ұласты.  

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»


Нан табар жұмыстан қашанғы арланамыз?

Күні: , 893 рет оқылды

Сірә, жер бетінде дәулетті болғысы келмейтін адам жоқ шығар. Қазіргі заманғы көп адамның түсінігінде барлық бақыттың кілті байлықта. Жасөспірімдерді айтпағанның өзінде, балабақшаға барып жүрген кішкентай бүлдіршіннен өскенде кім боласың деп сұрап көріңізші. Олар да барлық ойыншық пен тәттіні сатып алу үшін бай болғысы келеді. Ал, осы бай болудың жолы қандай? Қалағаныңа қиналмай қол жеткізу үшін қандай мамандық иесі болуың керек? Болашағы зор кәсіпті дөп басып қалай тани аламыз?

  Заңгер және экономист – бұл соңғы онжылдықтағы Қазақстандағы ең «сәнді» мамандықтар. Жастар жағының әлі де аталмыш мамандық иесі болуға деген талпынысы басым. Одан кейінгі орындарда қаржыгер, есепші, мұнай-газ саласы және инженер-энергетик  мамандықтары  тұр. Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің «Студенттер кон- тингентін қалыптастыру және мансап» орталығының директоры Ізімғали Жұбантаевтың айтуынша, биыл оқу орнына құжат тапсырған талапкерлердің таң-дауы негізінен электр энергети- касы, құрылыс және ақпараттық жүйелер  мамандықтарына  түскен. – «Елбасының бес әлеуметтік бастамасына» сәйкес биыл жыл сайынғы білім гранттарына қо-сымша 11 мың гранттың бөлінгені, оған қоса жергілікті бюджет есебінен өңірде сұранысқа ие мамандықтарға тағы да грант-тардың қарастырылғаны облыс жастарының техникалық мамандықтарға қызығушылығының артуына әсер етіп отыр. Талап-керлердің ҰБТ және КТ тапсыру үшін бейіндік пәндерді таңдау кезінде физика және математикаға басымдық беруі де қуантар-лық жағдай, – дейді құжат қабылдау  комиссиясының  жетекшісі. Жас талапкер Нұрдәулет Зәкәрияның назары ауған мамандықтар тізімінде машина жасау, қоршаған ортаны қорғау және өмір тіршілігінің қауіпсіздігі, құрылыс материалдарын, бұйымдары мен конструкцияларын өндіру, сонымен қатар аспап жасау маман-дықтары бар екен. – Құжат тапсырмас бұрын, ата-анаммен ақылдасып, қазіргі нақты сұранысқа ие мамандықтар туралы ақпарат жинақтадым. Төрт мамандық бойынша бағымды сынап көрмекпін. Ең ірі мұнай-газ кен орындары орналасқан батыс аймақта техникалық ма-мандықтарға сұраныс арта түс-песе, кемімейді деп ойлаймын. Оның үстіне, озық технологияға негізделген аспап жасау, тиімділігі жоғары құрылыс материалдары мен бұйымдарын шығару арқылы болашақта ел экономикасының өркендеуіне үлес қосқым келеді, – дейді талабы таудай қазақ баласы. Әйткенмен, «Кім болам?» деген аса күрделі сұраққа жауап іздеп, университет пен колледжді бетке алған абитуриенттердің бәрі бірдей Нұрдәулет сияқты заман талабын сезініп үлгерген жоқ. Тіпті, жоғары оқу орнын бітіріп, қолына күректей дипломын ал-ған жастардың біразының өз мамандығы бойынша қызмет істеуге құлқы жоқ. Өйткені, біразы кезінде «Ата-анама салмақ түсір- мей, тегін оқып шықсам бол-ды» деген желеумен «жаны қа-ламайтын» мамандыққа оқуға түскен. Немесе қызылды-жасылды қаланың өмірін ауылдың қоңыр тіршілігіне ауыстырғысы келмей- ді. Нәтижесінде, агрономның дипломын сандыққа салып қойып, сатушы болып жұмыс жасайды. Бұл бір ғана мысал. Ал өмірде екі қолға бір күрек таппай жүргендер жетіп артылады. «Халықты жұмыспен қамту орталығы» мамандарының мәлімдеуінше, мұғалімдер мен дәрігерлерді айтпағанның өзінде отан-дық нарықта механик, слесарь, дәнекерлеуші, жүк көлігі және арнайы транспорт жүргізушісі, құрылғылар операторы, электр монтаждаушы сынды мамандық иелері тапшы. Сондай-ақ елімізде интернет кеңістіктің мүмкін-діктерін арттыру бағытындағы ІТ мамандар, онлайн-сатылым жүйесіндегі маркетологтар, жеке адамның PR маманы, SMM, онлайн-ұстаз, биохимия, нанотехнология, роботтық техника және жасанды интеллект саласының мамандары  аса  қажет. Тек облыс қана емес, ел ау-мағындағы барлық бос жұмыс орындары туралы мәлімет Бірыңғай электронды еңбек биржасында топтастырылған. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылған www.enbek.kz порталы жұмыс іздеушілер мен жұ-мыс берушілерді, сондай-ақ мем- лекеттік жұмыспен қамту меке-мелері, жұмыспен қамтудың жеке агенттіктері мен жұмысқа орна- ласу бойынша интернет-алаңдар-ды біріктірген. Порталға 34 жұ-мыспен қамту жеке агенттіктері, бес БАҚ пен жұмыс іздеу бойынша төрт сайт кірген: hipo.kz, market.kz, rabota.nur.kz, zarplata.kz. Ал-ғашқы бір айдың ішінде www.enbek.kz сайтына 50 мыңнан астам түйіндеме мен 30 мыңнан астам бос орын туралы ұсыныс түскен  екен. – Бірыңғай электронды еңбек биржасындағы бос жұмыс орын-дары туралы мәлімет барлық адамға қолжетімді. Ғаламторға қосылған компьютер немесе ұялы телефон арқылы жүйеден өзіне қажетті жұмысты тауып, түйіндемесін лезде жөнелте ала-ды. Барлық қызмет электронды сипатта болғандықтан, тараптар арасында байланыс орнату әл-деқайда жеңіл. Жұмыс іздеушіге ғана емес, жұмыс берушіге де тиімді. Яғни енді жұмыс берушілер бос орындар туралы хабарламаны электронды түрде қалды- ра алады. Құжатта қойылған талапқа сай түйіндемелер оған бірден (автоматты түрде) жіберіледі. Жүйенің аясында болашақ жұмысшымен кездесудің уақытын да белгілеуге болады, – дейді қалалық «Халықты жұмыспен қамту орталығы» директорының орынбасары Айнұр Қазмұханова. Жалпы, жыл басынан бері 154 оралдық аталмыш порталдың көмегі-мен тұрақты жұмысқа орналасқан. Қазір аутокөлік электригі сағатына 15-20 мың теңге табыс тапса, тас қалаушының орташа жалақысы айына 150-200 мың, мейрамхана аспазының айлығы 300 мың теңгеге дейін жетеді. Той-томалаққа шашыңды әдемілеп, бетіңді бояйтын визажист ма-мандар сағатына 10-30 мың табыс тапса, шағын үйдің ішкі әрлеу жұмыстарына сылақшылар 100 мың  теңгеден  кем  сұрамайды. Байқағаныңыздай, еңбек еткісі келген адамға жұмыс табылады. «Бұл іс менің қолымнан келмейді» деп кері тартудың да қажеті жоқ. Осы орайда қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстары көмекке келеді. Мұндағы мамандықтар тізімі өңір нарығының сұранысы-на сараптама мен талдаулар жүргізу арқылы халықты жұмыс-пен қамту мәселелері жөніндегі өңірлік комиссиямен айқындалып,  бекітіледі. – Жұмыс берушілер тарапынан токарь, фрезерлеуші, КИПиА электригі, бала күтуші, тәрбиеші, кондитер, наубайшы, тауарды қабылдаушыларға нақты сұраныс бар. Жыл басынан бері 172 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстарына жолданды. Мамандығына байланысты оқу мерзімі 1-6 ай. Зейнет жасына толмаған барлық азаматтар тегін оқи алады. Бағдарлама қатысушыларына 16 759 теңге көлемінде шәкіртақы төленеді. Мәселен, былтыр ал-пысты алқымдаған жігіт ағасы қазандық операторы мамандығын оқып, тұрақты жұмысқа ор-наласты, – дейді Орал қаласының «Халықты жұмыспен қамту орталығының» сектор меңгерушісі Нұржан  Аткешов. Мақаланы оқыған жанға диплом керексіз, жоғары білім қадірсіз болып көрінуі мүмкін. Айтпағымыз, қазақ жастары университет немесе колледжде оқыса да, сұранысқа ие мамандық алып шықпайынша, еңбек нарығында ойып тұрып орын ала алмайды. Болашақ мамандық таңдауда «жеті рет өлшеп, бір рет кескен» адам ғана ұтады.   Дерек: Бүгінде Орал қаласында 1792 адам жұмыссыз ретінде тіркеуде тұр. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған, сонымен қатар «Аймақтарды дамыту» бағдарламалары аясында жыл басынан бері орталыққа жұмыс іздей келген 4025 оралдықтың 2548-і жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған. Соның ішінде 719 адам қоғамдық жұмысқа, 339 адам «Жастар практикасына», 72 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жолданған. Ал 1223 адам жұмыс берушілердің өтінімдеріне сәйкес тұрақты жұмысқа орналасқан. Жұмыссыз ретінде есепке алынған 23 оралдық азамат шағын несие алып, жеке кәсібін ашқан.   Боямасыз өмір Автобуста келе жатып, қарсы орындықтарға жайғасқан екі бозбаланың әңгімесін құлағым шалды. Шамасы, абитуриенттер болса керек. Көлік ішіндегі қапырықтан маңдайы шып-шып терлеген қараторы бозбала ағасының кеңесімен аутокөлік жөндеуші (автомеханик) мамандығын таңдағандығын, бала кезінен көлік құрастырушы болуды армандайтынын айтқанда, қасындағы сұңғақ бойлы, бұйра шашты бала қарқылдап күліп жіберді. «Өмір бойы тырнақтарың кір-кір, үсті-басың май-май болып, жұрттың көлігін жөндеп жүрмексің бе? Колледждің оқуы не тәйірі?! Мен университеттің ақылы бөлімінде оқысам да, заңгер болып шығам. Кейін ақшасы көп жұмысқа кіргенде, қымбат көлігімді жөндеп беретін болдың ғой», – деді кекесінмен. Жүзінен «Сен адам болмайсың» дегендей, өркөкіректік айқын аңғарылып тұрды. Нан табар «қара жұмыстан» арланатын, керісінше баласын бастық болуға тәрбиелейтін қазіргі қазақ қоғамының шынайы көрінісі көңілге  кірбің салады. Өкінішті-ақ…

Энергетикалық сусын еліртпесін!

Күні: , 457 рет оқылды

Қазіргі аптап ыстықта дүкен  сөрелерінен шөл  басатын сусынның  түр-түрін  кездестіруге  болады.  Солардың ішіндегі  энергетикалық сусындардың  түсі де, безендірілуі  де ерекше. Мұны сынаққа  дайындалған студенттер мен  ұзақ  жол­ға  шыққан  аутокөлік жүргізу­шілері жиі тұтынады. Бір сөзбен айтқанда,  бұл  сусын шаршаса да,  өзін  сергек сезінуі  керек  адамдарға арналады. Алайда  құмарланып ішкен сусынның  құрамында адамның  ұйқысын  шайдай  ашатын  не  бар?  Соны  ойландық па?!

Энергетикалық сусынға құмартқандардың қатары күн санап артып келеді. Әсіресе, желік қуған жас­тардың арасында бірден екі құтыдан сіміріп салу сәнге ай­налған. Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының  маманы Ләззат Қожагелдинаның ай­туынша, бұл сусындарды жиі тұтыну орталық жүйке жүйесінің бұзылуына әкеліп соғады. – Энергетикалық сусындарды қолдануға қарсымын. Өйткені оның құрамында кофеин, саха­-роза, таурин, этиль спирті шамадан тыс көп. Кофеин психология­лық ынталандыру әсерін күшей­тіп, жүрек қағысын жиілетеді жә­не қан қысымын жоғарылатады. Оны үнемі тұтынған кезде гастрит, асқазанның ойық жарасы, артериялық гипертензия, ұй­қысыздық, ашуланшақтық пайда болады. Энергетикалық сусынның құрамындағы ынталандырғыш­тар маңызды ағзаларды зорлықпен жұмыс істеуге мәжбүрлейді. Бірнеше сағат өз күшін жұмсаған ағ­за мүшелері әлсіреп, нәтижесін­- де аурумен күресу қабілетінен айырылады. Энергетикалық сусындар шаршағанды басады, күш-қуатты арттырады, яғни ағзаны энер­гиямен қамтамасыз етеді де­ген түсінік қате. Сусында еш­қан­дай қуат жоқ, ол тек қуатты молайтады. Яғни, біз өз энергия қорымызды пайдаланамыз, қысқаша айтқанда, энергияны өзі­мізден қарызға ала тұрамыз. Алайда ерте ме, кеш пе бұл қа­рыз­ды шаршағандық, ұйқысыз­- дық, ашушаңдық түріндегі пайызбен қайтаруға тура келеді. Сонымен қатар адам ағзасы кофеин­- ге тез бейімделгіш. Сондай-ақ сахароза, глюкоза қан құрамында­ғы қант деңгейінің және дене сал­- мағының артуына (семіздік, қант диабетіне) ықпал етеді. Ал қыш­қылдың әсерінен тістің қызыл ие­гі әлсіреп, тіс эмалі бүлінеді. Қыш­қылды жиі тұтыну гастритпен жә­не асқазан жарасымен ауыратын науқастарға өте зиян. Таурин – алкогольмен және оның басқа құрамымен қосылса, жүйкені тоздырып, елес тудырады. Этиль спирті адамның ойлауына мүм­кіндік бермей, есте сақтау қабіле­тін төмендетеді. Созылмалы гас­трит, бауыр церрозы, жүрек, бүйрек майының дистрофиясы секілді ауруларға әкеліп соқтырады, –  дейді  Ләззат Матниязқызы. Маманның айтуынша, жеткіншектер құмарлана ішетін сусын­-ның құрамындағы дәрумендер мультидәруменді кешенді алмас­тыра алмайды. Жүрегі ауыратын адамдарға оны тұтынуға мүлдем болмайды. Адамдардың, соның ішінде жастардың тез ашулан­ғыштығы, жүйке жүйесі аурула­- рына шалдығуының бір себебі осындай сусындарды пайдала­ну­дың салдарынан екен. Энергетикалық сусынды бір рет ішкен адам оны қайта ішуге құ­мартып тұратынын Азамат есімді қала тұрғыны былайша түсіндірген еді. – Ұзақ жолда көлік жүргізіп ке­ле жатқанда ұйқы басып, «Red bull»-ды  ішуге мәжбүр болдым. Сол сапарымда сусынды ішуге тәбетім ашылып, төрт күн қа­тарынан тұтындым. Үйге жеткен соң екі күн түнде ұйықтай алмай қиналғаным әлі есімде. Ғаламтор­дан энергетикалық  сусынның зияны туралы оқып білсем де,  дүкен сөрелерінен көрсем, тәбе­тім тартып кетеді. Сосын анда-санда аз мөлшерде ішіп жүре­мін, – дейді ол. Әттеген-айы, бұл сусындар­дың құтысында тек артықшылықтары ту­ралы ғана, яғни көңіл күйді кө­- тере­тіндігі, белсенділікті арттыратын­ды­ғы анық, көрнекі жазылған. Ал зияндылығы туралы ақпарат өте ұсақ әріптермен берілген. Мұ­қият қарасақ, қорқыныш, ұйқы­сыздық, үрейлену, ашуланшақ­- тық, жүректің қатты соғысы сын­ды кесел­дер­дің тууына себеп­кер болатынын оқуға болады. Дүниежүзілік денсаулық сақ­тау ұйымы балалар арасындағы жүрек-қан тамырлары сырқат­тары мен жүйке жүйесінің бұзы­луын, асқазан-ішек ауруларын бол­дыр­маудың бір жолы – энергетика­лық сусындарды шектеу екенін айт­қан. Кейбір дерек көздеріне сүйенсек, еліміздегі 15 жастан ас­- қан жасөспірімдердің 45 пайызы газдалған сусын ішеді екен. Оның ішінде синтетикалық кофеин, таурин, көмірқышқыл газынан тұратын энергетикалық су­сындарды тұтынатындары да бар. Ал синтетикалық жолмен алын­ған кофеиннің зияны көп. Энергетикалық сусынның бір құты­сын­да синтетикалық жолмен алын­ған кофеин 3-4 есеге жоғары. Одан кейін синтетикалық затта­р­- дың көп болуы зат алмасуды бұзады. Мамандардың сөзінше, жас­тайынан энергетикалық сусынды жиі ішетін жандардың ағза клеткалары ластанып, ас қорыту жүйесінде қалдықтар жиналады екен. Зат алмасу үрдісі бұзылып, бауыр мен бүйрек жұмысы нашарлайды. Ғаламтордағы Wiki­- pedia сайтының мәліметіне сүйен­сек, энергетикалық сусын­дар­дың адам өліміне әкеліп соқтыр­ған алғашқы дерегі 2009 жыл­дың қазанында тіркеліпті. Пенза қаласының студенті сусынды шектен тыс пайдаланғанның ке­сірінен көз жұмған. Сондай-ақ ир­ландиялық бір спортшы үш құты энергетикалық сусын ішкеннен кейін табан астында баскетбол алаңында жан тапсырыпты. Ал Швецияда энергетикалық сусын мен алкогольді араластырып пайдаланған үш адам би ала­ңында көз жұмған. Тіпті, ресейлік мамандар бұл сусындардың жастар арасында инсульттің кө­беюіне ықпал етіп отырғанын айтып, дабыл қағуда. Жуырда Калифорниядағы америка­лық кардиологтар энергетика­лық су­- сындардың зияндылы­ғын дәлел­деген. Яғни олар Трэвис әуебазасының әскери қызмет­кер­леріне тәжірибе жасаған. Кардиологтар зерттеуге қатысқан еріктілерді екі топқа бөліп, бі­ріншісіне тек энергетикалық сусындар, екіншісіне құрамында кофеин бар сусын берген. Энер­гетикалық сусын ішкен­дерде QT интервалының 10 миллисекунд­қа ұзарғаны байқалған. Бұл жү­рек қағысының аралығындағы үзіліс. Сусынды неғұрлым көп ішкен сайын  адам өміріне соғұр­лым қауіп төндіретіні дәлел­денген. Сондықтан дамыған елдер­дің көбінде бұл сусындарды сатуға тұтастай немесе жартылай тыйым салынған. Мысалы, Фран­ция, Дания және Норвегияда энергетикалық сусындарды сатуға ресми түрде рұқсат етілмеген, тек  оның құрамындағы заттар жүйке жүйесін ынталанды­- ру үшін дәрі ретінде дәріханаларда сатылатын көрінеді. Ал кейбір елдерде жасөспірімдер­ге сатуға болмайтын заң қабыл­данған. Қызылды, жасылды сусын­дар­дың адам денсаулығына зиян­дылығын қанша айтсақ та, артық емес. Нәтижесінде жастары­мыз спортпен айналысу арқылы күш жинап, шұбат, қымыз, айран секілді ұлттық нәрімізбен су­сындаса дейміз. Гүлсезім   БИЯШЕВА, Орал өңірі

Қайтадан қоқып қалған

Күні: , 576 рет оқылды

Биылғы 24 шілдеде жарық көрген «Орал өңірі» газетінің  №84  санында  «Базардың  бүгінгі  «ажары» атты мақала жарияланды. Аталған мақалада Орал қаласының Әбубәкір Кердері және Фрунзе көшелерінің қиылысындағы орталық базар маңының тазалығы сынға алынған еді. Базардағы қоқыс алаңы бірнеше күн бойы тазаланбай, нәтижесінде айналасына жағымсыз иіс тарап, тұрғындардың мазасын алған болатын. Сауда орнындағы сұрықсыз көріністі суретке түсіріп, сол күйі әлеуметтік желілерде де таратқанбыз. Санаулы күндер ішінде «Орал өңірінің» фейсбуктегі парақшасынан 4694 желі қолданушысы оқып, олардың тарапынан ашулы пікірлер оқтай жауды. Кейінгі оқиғалардың құмына көміліп, санадан ұмыт болмай тұрған шақта солардың арасындағы бірнеше пікірді газет оқырмандарының назарына ұсынып, мақала нәтижесін хабарлауды жөн көрдік.

Шынар  ШӘРІПОВА: – Орал қаласындағы «Мирлан» базарының маңында шіріген жеміс-жидектердің иісі қатты шығады. Тазалық жоқ. Адамның денсаулығына зиян. Сол маңнан өтсең, иіс жүргізбейді. Қала халқы қалай жүр? Ауру деген осыдан тарамай ма? Ауылда ондай күл-қоқыс жоқ. Әркім өз айналасын тазалап отырады.   Алтынбек  КЕНЖЕҒОЖИН: – Әкім қарамай-ақ, өзіміз таза ұстасақ та болатын еді ғой. Заңда жүйе болмаса, адамда ми болмаса, не қайыр, не үміт?!.   Жаннат ТАНАБАЕВА: – Тек базардың айналасы емес, қаладағы көптеген көшелер осындай жағдайда…   Бақыт ЖҰБАНЫШАЛИЕВА: – Базар әкімшілігі сатушылардан тұрған орны үшін ақша жинайды. Сол ақшаға қоқыс салатын дұрыс орын дайындап, базар айналасын абаттандырып, сатушыға жағдай жасауы тиіс деп ойлаймын. Мақаламызға арқау болған, базар маңына мықтап қоныс тепкен күл-қоқыс мәселесі бойынша тиісті мекемелерден де таяныш іздедік. Бүгінде редакциямызға Орал қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәдениет Танауовтан және Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары Асхат Шадьяровтан ресми жауаптар келді. Үшбу хаттарды еш өзгертусіз, үтір-нүктесімен оқырман назарына ұсынамыз.                       Саудагерлерден де кінә бар Мақаланы дайындау барысында базардың «ажары» талайдың көңілінде жүрген түйткілді мәселе екенін аңғардық. Ал азық-түлік саудаланатын, адам ең көп шоғырланатын жердің эпидемиологиялық тұрғыдан ескерусіз нысан болып табылатыны көңілді көншітпейді. Сондықтан бұл мәселеге жүрдім-бардым қарамай, бет қатталып жатқан уақытта базарға арнайы барып, жағдайды тағы да бағамдадық. Базардың алабөтен «аурасы» мұрын шіркінді бір «қытықтап» алғаны рас. Ауаны тегін жұтқанға риза болып жүрген заманда тұрғындар бұл мәселенің таяуда шешілетініне сеніңкіремесе керек. Дегенмен, нәтиже жаман емес. Құзырлы мекемелер сөздерінде тұрып, күл-қоқыс орнын трактормен көзімізше тазалап жатты. Қоқыс дәл бұрынғыдай тау болып үйіліп жатпағанымен, жылан жалағандай тазалықты да көре алмадық. Өйткені, саудагерлер іріген-шіріген тағам қалдықтарын жерге төгуін тоқтатар емес. Аюдың апанындай алапат қоқыс жәшігінің бос тұрғанын көзге ілмегендері қалай? Кінәні тек әкімдік тарапынан іздеудің қажеті жоқ. Саудагерлердің өздері де жеке бас мәдениетін көтерсе игі. Бүгінде мәдениетті саудагер тұрмақ, сыпайы сатушының өзімен жылап көріскендейсің… Айым  ТӨЛЕУҒАЛИ, «Орал  өңірі»

Бір үзім нан

Күні: , 21 рет оқылды

Марқұм Нұрбике әжем нанды  қадірлеуді, қасиеті мен обалын үнемі  естен  шығармауды жиі айтып отырушы еді. Ойын баласы болған соң, ол сөздерге мән бермей, қо-лымыздағы нанға сары майды жағып, қантты қытырлата бір тістеп, ойынымызды жалғастыра беруші  едік. Жылдар жылжып, шыбықты «ерттеп» мініп, жалаң аяқ май топырақты жарық-жарық табаны-мызбен бұрқылдата шауып жүре-тін біздер де ержеттік, есейдік.  Оңды, солымызға көз жүгіртіп, өткенді ой елегінен өткізіп, саралайтын  дәрежеге  жеттік. Сон-дай кездердің бірінде марқұм әжем  айтқан мына бір әңгіме  есіме жиі оралатын. Сонау ашаршылық аждаһасы  жалаңдаған 30-жылдардың орта кезі болса керек. Әжем қосағымен үдере көшкендерге ілесіп, Орынбордың Елек ауылына  әупірімдеп жетеді.  Әжемнің әңгімесінің сыңайынан байқағаным, орынборлық ағайындар өте бауырмал, өзгені  жатсынбайтын, бақша егіп, мал өсіруге ынталы халық бопты. Бірақ осындай  ауқатты, бауырмал өлкеде тұрса да, ата мен әжемді туған, өскен жері Оралдың Қаратөбе өңірі сағындырып, еріксіз тарта берсе керек. Сөйтіп, елге деген сағыныш мұрсат берместен, күндердің бір күнінде өгізді арбаға жегіп, азын-шоғын заттарын тиеп алып, 103 жастағы анасын, балаларын ілес-тіріп, туған жерге қарай маңдай  түзейді. Жолға шығуын шыққанымен, жүре келе бойларын қорқыныш билей бастайды. Күндіз аяң жүріспен көп  алысқа  ұзай  алмайды. Ал  кеш  түсіп,  қараңғылық  қоюланғанда,  жол  торыған  ұрылардан  да  қауіптеніп,  біраз  әбігерге  түседі. Атам 103 жастағы анасын қанарға салып алып, арқалап жүрсе, әжем өгізді жетектеп, балаларына қарайлап, әйтеуір, бір қарасынға  келіп,  бастарын  тірейді. Келген ауылдың  жадау тірлігі сыртынан-ақ  көзге  ұрып  тұрады. Бірақ орыс ағайындар обалы  қайсы,  өбектей шауып, қолдағы барларын ұзақ жолдан шаршаған жолаушылардың алдарына тосып,  бәйек  болуда. Бір сәтте үй иесінің жанары  кіреберістегі босаға жақтауына сүйей қойылған қанарға ауып, оның ішіндегі қимылдаған заттың не нәрсе екендігін сұрамасы бар ма?! Сонда қайран атам: «Айналайындар-ай, қанардағы не зат дедің-ау, ол зат емес, менің туған шешем ғой. Жасы үлкейген, 103 жаста. Анамды тастамай, елге қарай көшіп бара жатқан жайым бар. Адам баласы жасы ұлғайған сайын шөге береді екен. Денеміз туған жер топырағында қалсын деген мақсат қой біздердікі», — депті. Осы сөзді естісімен, ауылдың тайлы-таяғы қалмай, шулап,  атамның анасын қанардан шығарып, құрметтеген көрінеді. Орыс ағайындар қолдағы барларын атам мен әжеме ұстатып, ертеңгісін жолдарына ақ жол тілеп, шығарып салыпты.  Міне, арып-ашып, туған өлкесіне  табан тіреген  атам мен әжем бүгінде өмірде жоқ. Бәрі де марқұм болған, туған жердің топырағында мәңгі- лік ұйқы құшағында. * * * Иә, әжемнің  осы айтқан әңгі-месі көңіл түкпірінде сақталып қалыпты. «Аштықта жеген құйқаның дәмі кетпес» дегендей, ашаршылық заманда бір үзім нанды бөле жеп, 103 жастағы кәрі анасын қанарға салып арқалап, елге жеткен сол заманның адамдары неткен жосын жан- дар  еді?! Ал қазіргі «қой үстіне бозтор-ғай жұмыртқалаған» заманда кәрі ата-анасын қариялар үйіне өткізіп, бір үзім нанды бөле жемек түгілі, дастарқанын жаюға ерінетіндер мен балаларын тастап жүре беретін еркектерді, көкек  аналарды  көбірек көретін болдық. Қайран, «заман-ай» деген осы болғаны  ма?!

Мүсірбек   АЙТАШЕВ,

Сырым   ауданы


Табан астында тапталмаса екен

Күні: , 1 931 рет оқылды

Қайырғали Мастенұлы Дүйсенбеев – ауылымыздың өткен тарихы жөнінде өске- лең ұрпаққа айтары мол қарияларымыздың бірі. Аталары 1930-1931 жылдары Жаңақала жері-нен кеңестік саясат салдарынан Новенький ауылына қоныс аударып, осы жерді мекендеп қал- ған.  Қайрақаң  осы ауылда 1950 жылы дүниеге келіп, сол кездегі көнекөз қариялардан естігендері мен көргендерін жадында түйіп өсіпті. Қазіргі Деркөл өзені арна-сы толық, суы таза болғандықтан болар, Дәрікөл деп аталған, кейін өзге ұлт өкілдерінің келіп қоныстануына орай өзгергендігін айтады.  Сонау төңкеріс жылдарына дейін шағын, екі ғана көшеде ағаштан қиып салынған үйлер мен қойма сарайлар (амбарлар) болған, жел диірмені жұмыс істепті. Ауылдағы ауқатты адамдар жолаушыларды қондырып, ат-көліктерін тынықтыратын орынжайлар (постоялый двор) ұстапты. Ол үйлердің бірен-сараны әлі де сақталған. Сол үйлерді көруге барғанымызда, революцияға дейін діни мектеп болған үйдің (Церковная приходская школа) кейін мектеп болғанын өзінің де сол мектепте білім алғанын айтты. 1919 жылдың жазында, Орал қаласында орныққан жаңа өкіметті қорғау жолында осы ауыл ішінде Чапаев дивизиясы мен ақ гвардияшылар арасында үлкен қанды шайқастар болған. Соның айғағындай болып ауыл-дан шеткері қазылған қорғаныс шептері (окоптар) мен бірі ауылдың іргесінде, екіншісі ішінде қаза тапқандарды жерлеген екі бірдей бауырластар зираты сақталып қалған. Онда кем дегенде 30-40 адамнан жерленген, бірінің басында крест белгісі болғандықтан, қасындағы арық күні кешеге дейін крест (крестовая) арығы деп аталып келіпті.  Ең  өкініштісі,  сол марқұмдар  жерленген  бауырластар  зираты адам мен малдың аяғына  тапталып,  ашық-шашық  жатыр. Сол қырғын шайқастарда жел диірмені бақылау бекеті қызметін атқарып, зеңбірек оқтарынан қираған, Қайрақаң өзінің де аталары Ұлы Отан соғысы кезінде өзге жерде қалғанын айтып: «Ал мынау  қызыл  әскер-лерге біздің жерден топырақ бұйырғандықтан, христиан және мұсылман дін өкілдерін шақырып, келесі жылы ғасырлық тарихы бар бұл оқиға аталып өтіліп, Құран бағышталса, бастарына белгі қойылып, аумағы қоршалса, өз көмегімді қо-лымнан келгенше мен де берер едім» –  деп  өз  ойын  білдірді. Тағы да сол Қайырғали ағамыздың айтуынша, құлпытастары араб әрпімен жазылған ауыл- дан 20-30 шақырым жерде ескі қорымдар бар екен. Халық  «скиф қорғаны» деп атайтын  ескі  қорғандардың  орындары  бар.  Кеңестік теріс саясаттың кесірінен, қолдан жасалған аш-тыққа ұшыраған ауыл адамдары қысқы кезеңде өлгендердің мүрделерін ауылдағы қоймаларда сақтап, жаз шыға теміржол бойына жерлеген. Ол орындар да ескерусіз жатыр. Дәрілік өсімдіктер жинап, аяқ-қол, буын сырқырағанда жағатын дәрілер жасап, көнеден келе жатқан сүлік салу әдісін пайдаланып жүрген, ортамызда тілмаш болып отырған (Қайырғали ағайдың құлағы естіңкіремейді), түр-әлпеті өзге ұлт өкілі екенін білдіретін зайыбы Галия Ғарифуллақызын әңгімеге тарттық. Қайырғали ағай: «Бұлардың ата-бабалары Салауат Юлаевтың бастауымен біздің жерге келгендер, кейін осы Тасқала ауданында тұрақтап қалған башқұрттардың ұрпақтары» деп, ол кісі туралы да мағлұмат бере кетті. Жеңгеміз дәрі жасауға негізінен бұлақ суын пайдала-натын көрінеді, бұлақ ауылдан өте қашық  еместігіне  де  тоқталды. Біздің  қолымызға  қалам  алдырған  анау  жоғарыда  жазылған  бауырластар  зиратының  қа- зіргі  жағдайы. Аяқ  асты  болып жатқан ол  жерді  қоршау  керек. Марқұмдардың  басына  ескерткіш  белгі  қойылса,  тіпті  жақсы  болар  еді. Ол  ауылымыздың  тарихы  ғой. Ал  өткенді, тарихты  қадірлеу  ұрпақ  үшін  керек. Ауыл тарихын дәріптеу, келер ұрпаққа жеткізу, тарихи баға беру көпшілікпен атқарылатын жұмыстар болғандықтан, қолымыздағы бар жәдігерлерімізді жинақтап, естіген-көргендеріміз-ді ортаға салып отырсақ, нұр үстіне  нұр  болар  еді.

 Марат  ҚҰРМАНҒАЛИЕВ,

Новенький  орта  мектебінің   мұғалімі,

Зеленов  ауданы


Азиададан алтын күтеміз

Күні: , 3 151 рет оқылды

Индонезияда  өтетін  жазғы  Азия  ойындарында  Батыс Қазақстаннан  қос  бірдей  ескекші  ел  намысын  қорғайды.

 Белгілі ескекші, байдаркадан Қазақстан ұлт­тық құрамасының аға бапкері, еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Александр Акунишниковтің айтуынша, төрт жылда бір рет өтетін айтулы додада Алексей Дергунов пен Андрей Ергучев бақ сынамақ. Олардың екеуінің тәжірибесі жетеді, әсіресе, А. Дергунов бұған дейін үш олимпиадаға қатысса, А. Ергучев бұдан екі жыл бұрын Риодағы додада айдынға шыққан бо­латын. Ең бастысы, бұдан төрт жыл бұрын оңтүстік­кореялық Инчхон қаласында өткен Азия ойын­дарында қос ескекші де топ жарып, чемпион атан­ған еді, яғни олар жеңістің дәмін біледі. Қазіргі кезде Алексей мен Андрей Қазақстан ұлт­тық құрамасы сапында Азия ойындарына барын­- ша дайындалуда. Олар 1 мың метрлік қашықтықта екі кісілік және 500 метрден төрт адамдық бай­- даркада сынға түспекші. «Осыған дейін Беларусь елінің Брест қаласын­да әзірлендік. Спортшылар үшін барлық жағдай жасалды. Қазір Болгария астанасы Софиядамыз. Азия ойындары алдындағы қорытынды жиын өтіп жатқандықтан, шеберлігімізді ұш­тай түсудеміз. Қазақстандық ес­кекшілер алдағы жауапты сында жо­ғары орындардан көріну үшін барын салатын болады», – деді Александр Акунишников. «Арық айтып, семіз шығуды» көз­дейтін бапкер «алтын» деп айта қойған жоқ. Дегенмен, 18 та­- мызда Жакарта қала­сында басталатын жазғы Азия ойындарында ескекшілеріміз­ден алтын  жүлде  күтетініміз  анық. Айта кетейік, Орал қаласында туып-өсіп, спорт­тық жолын бастаған А. Акунишниковтің өзі 1986 жылы КСРО құрамасы сапында қазақстандықтар арасында тұңғыш рет әлем чемпионы атанған бо­- ла­тын. Бүгінде өз ізбасарларын дайындап жүрген ол алдағы  жылы  60  жастың  асуына  шықпақ.   Ғайса  БӘЙМЕН  

Жаңа ойыншы жаңалық әкелер ме екен?

Күні: , 1 607 рет оқылды

«Ақжайық»  командасына  тағы  бір  украи­налық  ойыншы  алынды.

«Ақжайық» футбол клубының баспасөз қызметі­нен түскен мәліметке қарағанда, жартылай қор­- ғаушы Амбросий Чачуамен келісімшартқа қол қо­йылды. А. Чачуа 1994 жылы 2 сәуірде дүниеге келген. Футболмен 2007 жылы Ровноның «Верес» клубы құ­рамында айналыса бастаған. 2011 жылы «Карпаты» (Львов) клубының жас­тар, келесі маусымда қосалқы құрамында ойна­- ды. 2013 жылы негізгі құрамға ауысып, содан бе­рі  90-нан  астам  матч  өткізді. Сонымен қатар А. Чачуа Украинаның 19 және 21 жасқа дейінгі құрамаларында өнер көрсетті. Ол алдағы ойындарда орта тұсты бекіте түсуі тиіс. Бұған  дейін Оралда аз ғана уақыт болған ивуар­лық  шабуылшы  Идрисса  Куяте  командадан  кетті. Айта кетейік, жуырда «Ақжайық» команда­сы­ның тізгінін ұстаған украиналық маман Сергей Зайцев дәл сол «Карпаты» клубынан келген бола­тын. Ал биылғы маусым басталған­нан бері оралдық клуб құ­рамында украиналық легионер­лер, қақ­пашы Ев­гений Боровик, сондай-ақ Сергей Басов, Андрей Ткачук және Игорь Худо­бяктар  ойнап  келеді. Батысқазақстандықтар ХХІ тур кездесуін 4 та­мыз күні Талдықорғанда жергілікті «Жетісу» ко­­- ман­дасымен  өткізеді.

Елжан ЕРАЛЫ


ДСДРО 2017 жылдың қорытындысы бойынша медициналық ұйымдардың рейтингін жариялады

Күні: , 24 рет оқылды

ДСДРО ішкі және сыртқы аудит нәтижелері, сондай-ақ 2017 жыл бойынша пациенттердің пікірлері негізінде ТМККК шеңберінде медициналық көмек көрсететін республикалық, облыстық және қалалық деңгейлердегі медициналық ұйымдарды рейтингтік бағалау қорытындысын шығарды. Медициналық ұйымдар мен ғылыми орталықтардың жыл сайынғы рейтингі 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» Мемлекеттік бағдарламасында қарастырылған және денсаулық сақтау саласындағы қазақстандық ұйымдар қызметінің ашықтығын және бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Рейтингті есептеу үшін индикаторлар ретінде көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасы саласындағы 50 жуық ең маңызды көрсеткіштер іріктеліп алынды. 2017 жылғы қорытындысы бойынша рейтингті ДСДРО пациентке бағытталған көрсеткіштерге анағұрлым сезімтал болған әдістемені қайта қарағаннан кейін а.ж. маусым айында есептеген. Әдістеменің  жаңа редакциясында ұйымның бейініне байланысты бірқатар жаңа индикаторлар  енгізілген: медициналық ақпараттық жүйеніқолдану, дәрігердің 1 мөлшерлемелік орташа айлық ақысының өңір экономикасындағы  орташа айлық  жалақыға арақатынасы, байқау кеңесінің болуы, медицина персоналының еңбек жағдайларына қанағаттанушылық деңгейі, халықаралық  және ұлттық аккредиттеудің болуы (ҒЗИ, ҒО үшін),  egov платформасы арқылы дәрігердің қабылдауына электронды түрде жазылу мүмкіндігі және басқалар. Сондай-ақ, рейтингтің балдық жүйесі екі бағыт: клиникалық қызмет және менеджмент деңгейі бойынша 1-ден 5-ке дейін жұлдыздар беруге  ауыстырылды. Менеджмент көрсеткіштері бойынша сараланған  17 ғылыми-зерттеу институттарының, ұлттық орталықтардың (бұда әрі – ҒЗИ/ҰО) 3-уі, медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін 168 медициналық ұйымның 5-уі ең жоғары 5 жұлдыз алды. Ересектерге арналған  170 қалалық стационар, ересектерге арналған  32 облыстық стационар, балаларға арналған 13 облыстық стационар және балаларға арналған 15 қалалық стационар, сондай-ақ 25 қалалық және 17 облыстық маңызы бар перзентханалар мен перинаталды орталықтар арасында бірде-бір ұйымең жоғарғы рейтинг алған жоқ. Клиникалық көрсеткіштер бойынша жүргізілген бағалау нәтижелері бойынша ең жоғарғы көрсеткіштері бар санатқа – 5 жұлдыз –97 қалалық ересектер стационары, 9 облыстық ересектер стационары, 3 — облыстық балалар стационары, 2 — ҒЗИ/ҰОкірді. МСАК ұйымдарының ішінде 8 медициналық ұйым ең үлкен нәтижеге қол жеткізді. Оның ішінде облыстық тері-венерологиялық диспасер мен наркологиялық диспансерлер бар. Сондай-ақ, клиникалық қызметі бойынша 5 жұлдызға 17 облыстық перинаталды орталықтың 6-уы қол жеткізді, соның ішінде  Батыс Қазақстан облысының әкімдігі Денсаулық сақтау басқармасының «Облыстық перинаталдық орталығы» ШЖҚ МКК-да бар. Сонымен қатар қалалық №1, 2, 5 емханалар менеджмент деңгейі бойынша бес жұлдызға ие болған. Айта кетейік, қалалық №4 емхана екі көрсеткіш бойынша да ең жоғары көрсеткішке ие болды. Қазіргі уақытта Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры «Халықтық бақылау» мобильдік қосымшасын іске қосты, онда әрбір пациенттің ТМККК шеңберінде көрсеткен қызметі үшінмедициналық ұйымға өз бағасын қоюға мүмкіндігі бар. Осылайша, объективті көрсеткіштер негізінде жасалатын ДСДРО-ныңжыл сайынғы рейтингіне қосымша «Халықтық бақылау» мобильдік қосымшасы жыл бойы пациенттермен кері байланыс жасаудың  жылдам әдісі болып табылады. ДСДРО-ның медициналық ұйымдар рейтингі – бұл медициналық ұйымдарды қызмет көрсету сапасын үздіксіз жоғарылатуға ынталандыру. тұтынушыларды ақпараттандыру арқылы сондай-ақ, ол пациенттердің саналы түрде дәрігерді немесе медициналық ұйымды таңдауына мүмкіндік береді. Экономикалық Ынтымақтастық және Даму Ұйымының (ЭЫДҰ) ҚР денсаулық сақтау жүйесі туралы 2018 жылғы есебіндехалықаралық сарапшылар қызмет ДСДРО жүргізетін медициналық ұйымдарды рейтингтік бағалауды тұтынушыларды хабардар ету және медициналық ұйымдар қызметінің айқындығын арттыруқұралы ретінде жоғары бағалады және қолдады.

БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика