Мұрағат: 28.07.2018


«Ғасыр жасаған қос басылым»

Күні: , 88 рет оқылды

Кеше  дәл  осындай  атаумен  облыстық  тарихи-өлкетану  музейінде  Ақ Жайық  атырабының  айнасы  «Орал  өңірі»  мен  «Приуралье»  газеттерінің шыға  бастағандығына 101  жыл  толуына  орай  көрме  ашылды.

Шарада аталмыш музей директорының орынбасары Ажар Берікқалиқызы қос басылымның мерейтойымен құттықтап, жылы лебізін  арнады.

Сосын «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Рауан Сәбитов сөз алып, екінші ғасырға аяқ басып отырған басылымдардың тарихы тереңде  екендігін  айтты.

– Бүгінгі көрме Жайық жұртына, қала қонақтарына облыстық қос газеттің бай тарихынан мол мағлұмат беру үшін ұйымдастырылды. Көрмеге қаламгер аға-әпкелерімізден тәбәрік болып қалған бұйымдар әр жылдардағы газет тігінділері және қуғын-сүргінге ұшыраған журналистерге қатысты құжаттар қойылған. Біз өз тарапымыздан музей басшылығы мен қызметкерлеріне алғысымызды білдіреміз. Барлығыңыз қош келдіңіздер, – деген Рауан Сәбитұлы Қазақстанның құрметті журналисі, тыл және еңбек ардагері Ғилаж Наурзин ақсақалмен бірге көрме лентасын қиды.

Көрмеде газет саласына зор үлес қосқан ардагер журналистердің ұстаған блокнот-қаламсаптары мен фотоаппараттарына қоса, басқа да бұйымдары қойылған. Сондай-ақ қоғам қайраткерлері, ұлт жанашырлары «Қазақ-стан», «Екпінді құрылыс», «Қызыл ту», «Еңбекші қазақ» тағы да басқа газеттерде жауапты қызметтер атқарған Ғұмар Қараш, Елеусін Бұйрин, Ахмет Мәметов, Шайхы Жантілеуов, Сәтбек Иманқұлов, Ыдырыс Мұстамбаев, Рахым Сүгіров, Ізбай Қошанов, Елжас Бекенов, Әбдірахман Байділдин, Медеш Оралдиев, Ғабдолғазиз Мұсағалиев сынды асыл азаматтар жөнінде ақпарат берілді. Сол кезде шыққан газеттер көрмеге келгендердің қызығушылығын оятса керек, әлгі газеттерді қайта-қайта парақтаумен болды.

«Орал өңірі» мен «Приуралье» газеттері редакцияларының ғимараттан ғимаратқа көшіп-қонып жүрген кездері және «Жайық Престің» бүгінгі жетістігі де айтылды  бұл  шарада.

– Бүгінгі жастар үшін бұл тарихи жаңалық болып есептеледі. Жасыратын ештеңесі жоқ, көп адамдар газеттердің шығу тарихын біле бермейді. Сондықтан осы ашылып жатқан көрме жастарымызға сабақ болуы тиіс. Өйткені мұнда газеттің шығу тарихымен қоса, қос басылымда  кімдер қызмет жасағанына дейін біраз мәлімет бар. Газеттің тарихы – елдің тарихы, сондықтан студенттер мен оқушылар осы көрмемен танысулары тиіс. 101 жылда облыстың басынан өткен барлық жаңалықтарды тек осы газеттер арқылы ғана біле алады, – дейді 1972 жылдан бастап 2002 жылға дейін «Орал өңірінде» қызмет атқарған Мәжит  Қайырғалиев.

Айта кетейік, көрме бір ай бойы жұмыс істейді. Газеттердің тарихымен танысу үшін бұл сіздерге берілген зор мүмкіндік. Қалыс  қалмаңыз,  ағайын!

Есенжол  ЕЛЕКЕНОВ,

«Орал  өңірі»


Облыстық газеттерге – 101 жыл

Күні: , 136 рет оқылды

Қадыр  Мырза Әли  атындағы мәдениет  және өнер  орталығында «Орал  өңірі» және  «Приуралье» газеттерінің жарық  көре бастағанына 101 жыл  толуына арналған  мерекелік  шара  өтті.

Шара басталған сәтте жиналғандар назарына «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттері туралы бейнебаян ұсынылды. Ескі газеттер ұстап, сахнаға шыққан алты бас редактордың басылымның өткен ғасырдың өздері басқарған жыл-дарындағы жай-күйі туралы монологтары көрерменді сол кезеңге жетелегендей әсер қалдырды. Бастауында Ғұмар Қараш, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Нұғыман Манаев, Мұстафа Көкебаев, Халел Есенбаев сынды өз заманының озық ойлы тұлғалары тұрған, ғасырдан астам тарихында қилы заманның аумалы-төкпелі өткелдерінен сүрінбей өтіп, өзінің 101-ші белесін бағындырып отырған қос газетті облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов құттықтап, бір топ журналиске ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі атынан марапат табыстады. «Приуралье» газетінің бөлім редакторы Лучия Курарару, облыстық радионың редакторы Әуес Орнаева «ҚР Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісіне ие болды. Министрліктің Құрмет грамотасымен «Орал өңірі» газетінің бөлім редакторы Нұрбек Оразаев, «Aqjaiyq» телеарнасының жүйе әкімгері Александр Пяткин марапатталды.

– 1917 жылы Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы ауылында «Ұран» газеті дүниеге келді. Қос басылымның бастауы Алаш қайраткерлерінің идеологиялық тұрғыда бірігіп, Алаш мемлекетінің қазығын қаққан кезеңмен сәйкес келеді. Газет сол заманның тәбәрігі ретінде бүгінгі күнге дейін сақталып келді. 101 жылдың ішінде қаншама ғұлама-қайраткерлеріміз, еліміздің көптеген ақын-жазушылары осы газеттердің редакциясында еңбек етті. Қадыр ақынның ең алғашқы өлеңі «Орал өңірінде» жарық көрген. Талай алмағайып заманды бастан өткерген газеттер Тәуелсіздік кезеңіне де жетті. Қос басылымның ұжымы жылдар шежіресін жазып, ел қуанышын бөлісіп, әрі қайғымұңын жеткізіп, өңір жаңалықтарын үзбей жариялап келеді. Тәуелсіз Қазақстанның әр қадамынан халықты хабардар етуде. Басылымдарымыз ғұмырлы болсын! – деді облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла  Оспанқұлов.

«Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директоры Рауан Сәбитов Ақ Жайық өңіріндегі ақпарат саласының басты бағдаршамы болып жүрген «Орал өңірі» және «Приуралье» басылымдарының ұжымын бүгінгі мерекемен құттықтап, бір топ қызметкерді алғысхат және қаржылай сыйақылармен  марапаттады.

– Өткен ғасырда «Ұраннан» бастау алып, тұтас бір аймақтың жылнамасына айналған, өңірдің ғана емес, еліміздің және әлемдегі ақпараттарды сараптап, халық пен биліктің арасына алтын көпір болып келе жатқан қос басылымның 101 жылдығы құтты болсын! 101 жылдық – сүйікті басылымдардың екінші ғасырға аяқ басуы. Күні бүгінге дейін қос газеттің  47 мыңдай нөмірі жарық көріпті.

Әр нөмірінде аға буынның қаншама қажыр-қайраты, азап-мехнаты мен табандылығы, жанкештілігі, талайлы тағдыры жатыр. Сондықтан мұндай мерекені жыл сайын атап өтсек те, ешқандай артықтығы жоқ. Сол саңлақтар салған сара жолды әріптестеріміз абыроймен жалғастырып келеді. Ендеше, төл мереке құтты болсын! Қалам қуатының қасиетін аманат деп біліп, әрдайым халыққа адал қызмет  ете берулеріңізді тілек қыламын! –  деді  Рауан  Сәбитұлы.

Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының артистері егемендіктің елең-алаңындағы қиын-қыстау кезеңдегі «Орал өңірі» газетінің өмірінен сыр шертетін көріністі, қойылымды шынайы бейнелеп берді. Нұрсұлтан Мықтыбайдың «Ол – журналист…» монологы да бүгінгі таңда үлкен жүкті арқалап жүрген қаламгерлердің бет-бейнесін ашып, ішкі толғанысын  жеткізе  білді.

Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау заманында «Орал өңірі» газетінің редакциясына басшылық жасап, жабылудан аман алып қалған, бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан қадірменді ақсақал, ардагер-журналист Мәжит Қайырғалиевтің иығына шапан жабылып, құрмет көрсетілді. Сонымен қатар «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің қазіргі бас редакторлары Бауыржан Ғұбайдуллин мен Роза Сыйықова да ақжарма тілектерін жолдады. Қадыр орталығындағы шараға арнайы келіп, ақ батасын берген қос газеттің төл құрдасы – 101 жастағы Қамида Бәлтеменқызы Несіпова әжеге лайықты сый-құрмет көрсетілді. Айта кетейік, ұйымдастырушылар алқасы кейуананы тауып беруге жанашырлықпен көмектескен Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиевке  бек  риза.

Батыстың байрағындай бір  басылым,

Ол біздің газет «Орал өңірі» еді.

Өзіміздің сүйікті «Приуралье»

Газет қой оқылымды ол үнемі.

Екі бірдей газетті білесіздер,

Тарихтың куәгері болып еді.

Осы газет Абдолла, Қасымның да

Жігерін оқ секілді жонып еді.

Қос газетім Жайықтың көгіндегі

Қос қанатты қырандай көрінеді, – деп жыр төккен сырымдық  әріптесіміз, республикаға танымал айтыскер ақын Бауыржан Ширмединұлы қос басылымға әдемі тілек өрбітсе, жас әншілер Жасқайрат Валиуллиев, Құдайберген Сұлтаниязов, Жұлдыз Мамедова, Аманжол Сатқанбаевтар әсем әннен шашу шашты.

P.S.

Осы орайда мерекелік кештің өз деңгейінде өтуіне қолдау көрсетіп, қолұшын созған Мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиевке, Х. Бөкеева атындағы  облыстық қазақ драма театрының директоры Қуаныш Амандықовқа, облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мирболат Ерсаевқа, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қуанышбек Мұханғалиевке, Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры  Бауыржан  Халиоллаға  ерекше алғысымызды  білдіргіміз  келеді!

Нұртай  АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


Елбасы тапсырмалары Үкіметтің тұрақты назарында

Күні: , 57 рет оқылды

Бейсенбі күні өңірімізге жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев облыс активімен жобалық басқару жүйесі мәселелері бойынша кездесу өткізді.

Мемлекет басшысы мамыр айында өңірімізге жұмыс сапарымен келгенінде Үкімет басшысына республикалық маңызы бар жолдарды күрделі жөндеуден өткізу, ішкі нарыққа мұнай өнімдерін жеткізуді арттыру үшін қажетті шикізат көлемімен қамтамасыз ету, сонымен қатар қорғаныс-өнеркәсіптік кешен бойынша бірқатар тапсырма жүктегені мәлім. Осыған орай, Премьер-министрдің орынбасары Ерболат Досаев бейнеконференциялық байланыс арқылы Үкімет қабылдап жатқан шаралар жөнінде мәлімдеді. Үкімет басшысы орынбасарының айтуынша, қазіргі күнде Қазталов, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарының Орал қаласымен қатынасын дамыту үшін көлік жолдарына күрделі жөндеу жүргізу бағыты бойынша «Чапаев – Жалпақтал – Қазталов» автожолының учаскесінде ұзындығы 35 шақырымдық жөндеу жұмыстары басталды. Бұл жұмыстарға республикалық бюджет есебінен 1 млрд. теңге бөлінген. Жалпы ұзындығы 245 шақырымды құрайтын «Қазталов – Жәнібек – РФ шекарасы» және «Өнеге – Бисен – Сайқын» жолдары бойынша жобалаушы мекеме айқындалып, жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Келер жылы 144 шақырымды құрайтын «Подстепный – Федоров – РФ шекарасы» автожолын қайта жаңарту  жұмыстары  басталмақ.

Сонымен қатар Үкімет басшысының орынбасары Е. Досаев «Конденсат» АҚ-ны ішкі нарықтарға мұнай өнімдерін жеткізуді арттыру үшін қажетті шикізатпен қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды. 2018 жылдың маусым айында ҚР Энергетика министрлігі «Конденсат» АҚ мұнай өңдеу зауытын магистральды мұнай құбырлары мен теміржол арқылы қазақстандық өндірушілердің мұнайын тасымалдау үшін арнайы кестеге қосты. Соған сәйкес, осы жылдың шілде айына 15 мың тонна көлемінде сынамалық квота бекітілген. Мемлекет басшысының қорғаныс-өнеркәсіптік кешен бойынша тапсырмаларын орындау мақсатында «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ, «Зенит» Орал зауыты» АҚ және «Гидроприбор» ҒЗИ» АҚ-ны мемлекеттік қорғаныс тапсырыстарымен қамтамасыз ету үшін Үкіметте аталған кәсіпорындардың басшылары-мен төрт кеңес өткізілген. Бүгінгі таңда проблемалық мәселелер қаралып, оны шешу бойынша нақты шаралар қабылданғанын атап өткен Ерболат Досаев: «Мемлекет басшысының барлық тапсырмалары Үкіметтің тұрақты бақылауында», – деп түйіндеді сөзін.

Өңірде агроөнеркәсіпті дамытуда нәтижелі жұмыстар бар екендігін атап өткен ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева, дейтұрғанмен, өсімдік шаруашылығын әртараптандыру ісі ілгерілемей тұрғандығын айтты.

– Экспорт көлемі өткен жылмен салыстырғанда 49,6 пайызға артқандығы қуантады. Бірақ агроөнеркәсіп шикізатының экспорты төмендеп отыр. Сондықтан агроөнеркәсіптің қандай өнімдерін шетке шығаруға болатындығына көңіл бөлу қажет, – деді Гүлмира  Исаева.

Бұдан әрі жиында өнеркәсіп, сауда, көлік және логистика, білім беру, денсаулық, туризм салалары мен жаппай кәсіпкерлікті дамыту, технологиялық жаңарту және цифрландыру, инвестициялар тарту және өнімді жұмыспен қамту мәселелері егжей-тегжейлі талқыланды.

900 жаңа жұмыс орны ашылмақ

Басқосуда облыс әкімі Алтай Көлгінов өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында жасалған жұмыстар туралы баяндады.

– Елбасы тапсырмаларын орындау мақсатында өңірімізде 2017 жылдан бастап жобалық кеңсе ашылып, 11 бағыт бойынша жұмыс бастады. Оның 7-еуі салалық, 4-еуі қосымша. Ағымдағы жылдың алғашқы тоқсаны қорытындысына сәйкес, 3 бағыт бойынша өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда едәуір өсім тіркелген. Атап айтқанда, индустрияландыру саласында 20 пайызға, агроөнеркәсіп кешенінде – 16, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында 6 пайызға өсім бар. Алты айдың қорытындысында көлік және логистика саласына құйылған инвестиция көлемі 1,7 есеге, денсаулық саласында 1,6 есеге өсіп, сауда саласында – 43, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында – 35, туризм саласында – 18, отынэнергетика кешенінде 3 пайызға артқан. Облысты индустрияландыру бағытында жалпы құны 35 млрд. теңгені құрайтын және 900 жаңа жұмыс орнын құруды көздейтін 10 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Қазірдің өзінде қуаты жылына 500 мың шаршы метр сэндвич-панель жасауға жететін зауыт іске қосылды. Жылдық қуаты 100 мың тонна электр кабельдерін шығаратын зауыт ағымдағы жыл соңына дейін іске қосылады. Сонымен қатар қуаты 20 мың тоннаны құрайтын химиялық өнімдер өндіретін зауыт салынуда. Аталмыш өндіріс ошақтарының қай-қайсысы да импорт алмастыру бағытын басымдыққа алмақ. Ал агроөнеркәсіп кешенінде жалпы құны 10,4 млрд. теңгені құрайтын 4 инвестициялық жоба жүзеге асып, нәтижесінде 180 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Олардың 2-еуі іске қосылды. Мал өнімдерін қалдықсыз өңдейтін зауыт пен макарон фабрикасы өз өнімдерін қазірдің өзінде Ресей, Ауғанстан, Армения, Түркіменстан елдеріне жөнелтуде, – деді Алтай Сейдірұлы.

Жиында онлайн байланыс арқылы сөз алған ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов Бөкей ордасы тарихи-мәдени музей кешенін және балалар-жасөспірімдер туризмін дамытуды қолға алу қажеттігін атап өтті. Аталмыш екі бағытта туризм дамыған жағдайда 30 мың адамға дейін туристер ағынын қалыптастыруға  жол  ашылмақ.

Өңірімізде білім беру саласын цифрландыру бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқандығын мәлімдеген ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев электронды журнал енгізу және мектептерде wi-fi желісін орнату, жеке мектептер ашу мәселесіне ерекше назар аудару қажеттігін айтты.

– Біздің облыс егін шаруашылығында тәуекелі жоғары аймаққа жатады. Биылғы құбылмалы ауа райы да осыны көрсетті. Жауын-шашын кешігіп жауды. Соған қарамастан, біз саланы әртараптандыру, егіс алқаптарын ұлғайту бағытында біркелкі жұмыстар атқарудамыз.  Өткен жылы егіс алқабы 480 мың гектарды құраса, биыл ол 515 мың гектарға жетті. Сонымен қатар ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесе отырып, ірі шетелдік инвесторлармен әріптестік байланыс орнатудамыз. Мәселен, таяуда ғана Ұлыбританияға барып, ет өңдеумен айналысатын «Dunbia» компаниясымен келіссөздер жүргіздік. Экспорт туралы айтар болсам, 2017 жылы республикадағы ірі қара малы экспортының 50 пайызы біздің облыстың үлесінде. Бұл көрсеткіштерді төмендетпей, ұлғайту турасында жұмыстар атқарылуда. Туризмге тоқтала кетсек, жібі түзу жол болмайынша, туризмді дамыту туралы әңгіме айту қиын.

Сол себепті Елбасымыздың өзі облысқа келген сапарында жолдарды күрделі жөндеуге тапсырма берді. Ол біз үшін өте мықты қолдау болып тұр. Туристерді тарту үшін Оралдағы әуежайдың терминалын күрделі жөндеуді жоспарлаудамыз. Бөкей ордасы ауданында кіші авиацияны дамыту мақсатында шағын әуе айлағы салынады. Оның техникалық-экономикалық негіздемесі жасақталуда. Жеке инвесторлар есебінен қонақүйлер бой көтермек. Жұмыс орындарын құру турасында түйткілді тұстар бар.

Министрліктер жоспар жасаған уақытта көп жағдайда жергілікті әкімдіктермен ақылдасып, мұндағы қалыптасқан ахуалды ескере бермейді. Сондықтан алдағы уақытта екі тарап өзара қарым-қатынасты одан әрі ширата түсуі қажет деп есептеймін. «Смарт сити» жобасы аясында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігімен бірлескен жоспарымыз бар. Соған сәйкес, 2020 жылға қарай облыстың 100 елді мекенін кең жолақты интернет байланысымен қамту көзделуде, –  деді  А. Көлгінов.

Талқылау барысында кәсіпкерлікті дамыту және отандық тауар өндірушілер мен қызмет көрсе-тушілерді қолдау мәселелері бойынша өлкетанушы Ж. Ақбай және «Зенит» АҚ директоры В. Валиев  пікір  білдірді.

Кездесу соңында ҚР Премьер-министрі Б. Сағынтаев Мемлекет басшысының Қазақстанның экономикалық өсімінің жаңа моделін құру жөніндегі міндеттерін тиімді шешу үшін дамудың 12 бағыты бойынша өсімнің мақсатты индикаторларын кешенді іске асыру қажеттігін атап өтті. Осы мақсатта отандық кәсіпорындардың, қызметтер мен тауарлардың дамуы мен жетілуіне баса назар аудару қажеттігі, бұл өз кезегінде жергілікті мамандарды қарқынды даярлау мен оқытуды талап ететіндігі де Үкімет басшысының назарынан тыс қалмады.

– Өңірлердегі барлық компаниялардың өздерін дамытуға мүмкіндіктері бар. Біздің ірі сатып алушыларға, әсіресе, мұнай-газ саласына қажетті кез келген өнімді шығара алатын даярланған мамандарымыз бар. Мемлекет басшысының сапары барысында алға қойған барлық мәселе біртіндеп шешіліп келеді. Бюджеттік өзгерістерді талап ететін мәселелер келесі жылдың бюджетінде қарастырылып, жоспарлы түрде шешіледі. 2021 жылдан бастап кем дегенде 5-5,5% өсім қарқынына қол жеткізу керек, ал осы жылды кем дегенде 4% көрсеткішпен аяқтау қажет. Ең бастысы, қолының ебі бар азаматтарға бағыт беріп, жол көрсетуіміз қажет. Ел экономикасы өскен сайын халықтың әл-ауқаты да жақсара береді. Біздің жұмыстарымыз да осыған негізделген, – деді жиынды түйіндеген  Бақытжан  Сағынтаев.

Үкімет басшысы аймақта атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»


Ақ Жайықтағы айшықты істер ел игілігіне қызмет етеді

Күні: , 99 рет оқылды

Бейсенбі  күні  Батыс Қазақстан  облысына  жұмыс  сапарымен келген Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев алдымен Қарашығанақ мұнай-газ конденсат кен орнында болып, Қарашығанақтың қазынасын игеру барысымен  танысып, «ҚПО б.в.» компаниясының  бас  директоры  Эдвин  Бломмен  кездесті.

Үкімет басшысының қатысуымен өткен басқосуда аймақтың әлеуметтік-экономикалық саласының дамуындағы компанияның алатын рөлі талқыланды. Кәсіпорынның негізгі нәтижелері туралы баяндаған Эдвин Блом облыс әкімдігімен және еліміздегі өкілетті құрылымдармен тығыз байланыс жасап келеміз деді. Компания өнеркәсіптік қауіпсіздік, еңбекті және қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне ерекше назар аудара отырып, тұрақты жақсы өндірістік көрсеткіштерге қол жеткізуде. Жергілікті тауар өндірушілерге қолдау көрсету де компанияның негізгі басымдықтарының бірі болып отыр. Бүгінде консорциум акционерлері Қарашығанақ кен орнын игеруге 23 млрд. доллардан астам инвестиция салған болса, Қазақстан бюджетіне түсетін тікелей төлем 16 млрд. доллардан асқан.

– Қарашығанақ секілді ірі жобалар Қазақстан экономикасы үшін өте маңызды. Сондықтан да жергілікті тауар өндірушілерге қолдау көрсету қажет. Компанияда кен орнына шет елден келген мамандардан білім алатын жергілікті кадрлар жұмыс жасайды. ҚПО-да пайдаланылатын жергілікті тауарлар мен қызметтердің үлесі көп болғаны жөн, – деп атап өтті өз сөзінде Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев.

Эдвин Блом өндірісті кезең-кезеңмен цифрландыру жоспары жөнінде де баяндады. Бұл мақсатта Жол картасы жасалатын болады. Алғашқы кезеңде оның анықтамасы мен ең ықтимал идеялары іріктелетін болады. Бүгінде ол үшін жүзден астам ұсыныс қарастырылған. Эдвин Бломның сөзінше, Жол картасын дайындау 2018 жылдың үшінші тоқсанына болжанып отыр. Ал екінші кезеңде Жол картасы жүзеге асырылмақшы.

– ҚПО аумақтағы әлеуметтік жобаларды белсенді қолдап отыратынын атап өткім келеді. 2018-2022 жылдарға арналған әлеуметтік инвестициялар 30 млн. долларға дейін арттырылды. Мердігерлердің барлығы – жер-гілікті компаниялар. Жалпы, 1998 жылдан бері ҚПО компаниясы 350 млн. доллардан астам әлеуметтік инвестиция бөлді. ҚПО – Батыс Қазақстан облысындағы тұрғындарды жұмыспен қамтып отырған ірі компания, сондай-ақ қазақстандық мазмұндағы даму бағдарламаларын табысты енгізген еліміздегі алғашқы кә-сіпорындардың бірі. Бұл ҚПО-дан 6,7 млрд. доллардың тапсырысын алып, Қарашығанақ кен орнын игеруге 4400 кәсіпорынның атсалысуына мүмкіндік берді, – деді Эдвин Блом мырза.

Қазір компанияда облыстың 4000-нан астам адамы жұмыс істесе, мердігер ұйымдарда 15 000-нан астам жұмысшы бар. Қызметкерлердің басым бөлігі – қазақстандықтар. Кәсіпорында қызметкерлердің біліктілігін арттырып, сәйкесінше куәліктер алуына мүмкіндіктер  қарастырылған.

Өз сөзінде кадр мәселесі маңызды екенін атап өткен Премьер-министр кәсіби мамандарды даярлау және оқыту үшін ҚПО компаниясына арнап арнайы колледж салуды немесе қазіргі оқу орнының базасынан ашу жөніндегі тілегін білдірді. Сондай-ақ Үкімет басшысы кен орнының жұмысымен танысып, өндіріс нысандарын  аралады.

Үкімет басшысы барған келесі нысан «Конденсат» АҚ болды. Бұл компания 1992 жылы Қарашығанақ газ-кен орнының құбылмалы газ конденсатын қайта өңдеу үшін құрылды. 2017 жылы тамыз айында жылына 850 мың тоннаға дейін шикізат өңдейтін мұнай өңдеу зауытының жобасы жүзеге асырылып, еліміздегі мұнай өңдейтін ірі зауыттардың қатарына енді. Биылғы маусым айында жылына 200 мың тонна K5 экологиялық санаттағы дизель отынын өндіретін жоба жүзеге  асырылды.

*  *  *

Өңірімізге жұмыс сапарымен келген Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев «Орал – Тасқала – РФ шекарасы» және «Қазталов – Жәнібек – Бөкей ордасы» автожолдары құрылысының барысымен  танысты.

Қазталов, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандары өкілдерімен кездесу кезінде Мемлекет басшысының облыстың дамуына, автомобиль жолдарының жай-күйіне және елдің өңіраралық, аймақішілік жұмылуына ерекше көңіл  бөліп  отырғанын  атап  өтті.

– Елбасы бұл өңірге жұмыс сапары барысында шалғайдағы Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандарына жол салу жөнінде тапсырма берген еді. Президент сол сапардан оралысымен Астана әуежайында сол аудандарға тас жол салу керектігін айтқан болатын. Ертесіне жолға қатысты бірнеше кездесу өтті. Бұл бағыттағы жұмыстарды Елбасы өзінің қатаң бақылауына алып отыр. Бөлінген қаражатты мақсатты пайдаланып, сапалы  жол салынуы керек, – деді Бақытжан Әбдірұлы.

Айта кетейік, облыстағы автожолдарды жөндеу үшін 2014-2017 жылдары 24,9 млрд. теңге бөлінген. Соның нәтижесінде барлығы 453 шақырым жол жөнделіп, облыс орталығынан Қаратөбе, Шыңғырлау және Жаңақала аудандарының орталықтарына тас жол түсті. Жергілікті жолдардың жай-күйін түбегейлі жақсарту үшін Елбасы биыл Батыс Қазақстан облысына жасаған сапары аясында қосымша қаражат бөлуді тапсырған болатын. Осылайша, 23,9 млрд. теңге бөлінді, оның 11 млрд. теңгесі Тасқала ауданына,  1,7 млрд. теңгесі Қазталов ауданына бағытталды.

Алдағы үш жылда жергілікті бюджеттен қоса қаржыландырумен республикалық бюджеттен 18 млрд. теңге көлемінде трансферттер қарастырылған. Жалпы көлемі 36 млрд. теңгені құрайды. Нәтижесінде 700 шақырымнан астам автожол жөнделмек.

ҚР Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Р. Скляр облыс автожолдарының ұзындығы 6496 шақырымды құрайтынын, жыл соңына дейін алты лот бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу үшін тендер  өткізілетінін  хабарлады.

2014 жылмен салыстырғанда жергілікті маңыздағы автожол-дардың жағдайы төрт пайызға жақсарған. Жалпы, 2025 жылға қарай жергілікті маңыздағы автожолдардың 75 пайызын жақсарту жоспарланып отыр. Инвестициялар және даму министрлігіне «Қазавтожол» АҚ-мен және облыс әкімдігімен бірлесе отырып, барлық жол учаскелерінде жоспарланған жұмыстардың сапалы әрі уақтылы орындалуын бақылауда ұстау тапсырылды.

«Орал – Тасқала – РФ шекарасы» жолы 100 шақырымды құрайды, оның 27 шақырымы былтыр аяқталды. Биыл жөндеу жұмыстарына 9,5 млрд. теңге бөлінді. Облыс әкімінің орынбасары Миржан Сатқановтың айтуынша, құрылыс аяқталғаннан кейін осы жолмен тәулігіне 7,5 мың автокөлік өтеді.

Кездесу барысында жергілікті жұртшылық атынан сөйлеген Бөкей ордасы ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Иманбай Машутов облыста республикалық және жергілікті маңыздағы автожолдарды жөндеудің ауқымды жұмысы  басталғанын  атап  өтті.

– Көптеген жыл бойы жол азабын көріп жүрген бөкейордалықтар үшін аудан орталығына дейін тас жолдың салынатындығы үлкен қуаныш болды. Осы уақытқа дейін аудан тұрғындарына көктем, күз мезгілдерінде облыс орталығына қатынау өте қиын болатын. Халықтың тұрмыс-тіршілігі үшін өте маңызды түйткілді қолға алғаны үшін Елбасына бөкейордалық ағайын атынан зор алғысымызды жеткізерсіз, – деді  И. Машуров.

Бұдан кейін Бақытжан Сағынтаев Орал қаласында мамандан-дырылған ХҚКО жұмыс залдарын аралап, «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді беру процесін автоматтандыру шараларымен танысты. Орталық осы уақыт ішінде келушілерге 15 мың қызмет көрсетіп үлгерген.

Бақытжан Әбдірұлы облыс орталығында салынып жатқан көп пәтерлі тұрғын үй құрылысымен танысқанда Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары толық көлемде іске асырылып жатқанын атап өтті. 2015-2017 жылдары тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі 159%-ға артты. 2017 жылы басталған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы сомасы 9 млрд. теңгеге жеті тұрғын үй (1106 пәтер) пайдалануға берілді. Биыл алты ай ішінде 2234 тұрғын үй пайдалануға  берілді.

– 2018 жылы құрылыс саласына 13 млрд. теңге бөлінді. Орал қаласында 6400 пәтерлік 43 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр, –  деді  Мұрат  Мұқаев.

Сонымен қатар «7-20-25» жаңа тұрғын үй бағдарламасы аясында және жеке инвестициялар есебінен облыс орталығының төңірегінде жалпы ауданы 425 гектар болатын «Ақжайық» жаңа шағынауданын игеру басталды. Мұнда 150 көп қабатты тұрғын үй салу  жоспарланып  отыр.

Президенттің бес әлеуметтік бастамасы аясында қаладағы оқу орындарының жанынан студенттерге арналған алты жатақхана салу жоспарланған. Осылайша, 1650 студент тұрғынжаймен қам-тылмақ. Қазіргі кезде жер телімдері бөлінген, жобалау жұмыстары  атқарылуда.

Галина САМОЙЛОВА,

Нұрбек ОРАЗАЕВ


Сол күндер естен кетпейді

Күні: , 182 рет оқылды

«Белгілі  бір  белестерден  өткенде, сағыныш  сазын  кешеді  екен  көп  пенде»  дегендей, жол  ұзағы  артта  қалып,  ой  елегінен  өмір  жолыңды  саралағанда,  сол  кездерде  бірге   жұмыстас   болған,   бірақ  бүгінде  өмірде  жоқ  азаматтар  ойға  оралады. Солар  еске  түскенде «Еһ, шіркіндер-ай!»  деген  сөздің  аузыңнан  қалай  шыққанын  да  сезбей  қаласың  екен.  Өмірімнің   30  жылдан астамын  еш  қалтқысыз  қызмет  етуге  жұмсаған  «Орал  өңірі»  газетінен  мен  әлі  де  алыс  кеткен  жоқпын.  Оның  әр  санын  асыға  күтіп,  қуана  оқып  келемін.

Мен  журналистік  салаға  ойда жоқта  келген жоқпын.  Мектепте  оқып  жүрген  кезде-ақ газеттің  жаныма  жақын  екенін  сезініп, 1956  жылы  9-сыныпта  оқып  жүргенде «Тың  батырларына»  деген  өлеңімді  жіберіп, ол  жарияланып,  қалай  қуанғаным  әлі  есімде.

Міне,  баспа бетін көрген бұл  менің  ең  алғаш  туындым болса,   Орал педагогика  институтында   оқыған  1957-1962  жылдар  аралығында  топтама  өлеңдерім  жарияланып, сол  кездерде  газетте қызмет  істеген Әмин  Фатихов, Хамидолла  Қыдыров  деген  аға  журналистермен  танысқан  едім. 1959-60  жылдарда  облыста  ақындар  айтысы  дәуірлеп,  сол  кездегі  газет редакторы  Қарқабат  Байкеновтің  де  алдында  болғаным бар.  Ал  1971  жылы Орал  қаласына  қоныс  аударып, облыстық  кинофикация   басқармасында  аға  инспектор,  «Мир»  кинотеатрлар  бірлестігінде  директор  болып  қызмет істеген кездерде «Орал  өңіріне»  мақала,  кейбір  кинофильмдер  туралы рецензияларым жарияланып  тұрды.  Сол жылдарда  газетте  қаламы  төселген  журналистер Тихон Әліпқалиевпен, Ғабдрахим Өтепбергеновпен, Ғарифолла Көшеновпен, Ораз Мұсақұловпен, Құбаш Қажымовпен, Азамат Иманбаевпен, Мақсот  Әндіжановпен  жора-жолдастық  қарым-қатынаста  болдым.  Сөйтіп,  1972  жылы  тамыз  айында  газетке  кіші  әдеби  қызметкер болып  алындым.  Міне, осылай  менің журналистік  өмірім  басталды.

Сол   кездердегі  қарымды  қаламгерлер, атпал  азаматтар, журналистер  Болат  Қалиев, Жүсіпкерей  Нұртасов,  Идият  Мұратов,  Қосаман  Орынбасаров, Жүсіп  Өтеғалиев, Алғали Мерғалиев деген ағалардың  қайсысының да ықылас-пейілдері  адал  болды. Ал Хабир Нұрмұхамедов – редактор  ағаның  мені  қызметке  алуына газетте мақала, өлеңдерімнің  жарияланып  жүргендігінің  көмегі болған шығар. Әп дегеннен мені Қосаман  аға басқаратын  хат  бөліміне  кіші  әдеби  қызметкер  етіп  жіберді.  Майдангер-журналист  Қосекең  өте  кішіпейіл, қарапайым  адам  еді.  Сөйтіп,  арада  жылдар  өте  берді.  Журналистік  қызметтің  қыр-сырына  үйреніп,  сол  бір  үлкен  ұжым  менің  өмірімдегі  ең  қымбатты  ортам болды. Бірақ   өкінер  кездер де болмай  қалған  жоқ. Аса  қадірменді  достарым Ғабдрахим  Өтепбергенов, Азамат  Иманбаев  өмірден өтті.

1977  жылы  «Орал  өңіріне»  жоғары  партия  мектебін  бітірген  журналист  Бақтыбай  Далабаев  редактор  болып  тағайындалып,  газет  өмірінде  айтарлықтай  жаңалық  болды. «Еңбекті  ғылыми  ұйымдастыру»  әдісі  енгізілді.

Бақтыбайдың  редакция  ұжымына  істеген  жақсылығы  айтарлықтай  еді,  пәтер  жалдап  жүрген  журналистердің біразы пәтерлі болды. Осы кезеңдерде  газет жаңа  толқын  жас  журналистермен  толықты. Есенжол Қыстаубаев, Ғайсағали Сейтақ, сәл кейінірек Сырымбек  Тұяқов, Өтепберген Жүсібәлиев, Тамара Елеуова, Тәрбие  Смағұлова,  Серікқали  Хасанов және  тағы  басқа  да жастар  қосылып, газеттің   қарымы  арта түскен  еді. Мен  әр  түрлі  бөлімдерде  қызмет  істей  жүріп,  1988   жылы  бас  редактордың  орынбасары  болып, ал  1991  жылы   социалистік  қоғам  ыдырап, еліміз  тәуелсіздігін  алған  алғашқы  ауыр  да  күрделі  кезеңде  «Орал  өңірі»  газетінің  бас  редакторы  болып  тағайындалдым.  Жасыратыны  жоқ, бұл  күрделі  кезеңде  газет  шығару  мәселесі  өте  қиындай  түсті. Одақ  кезіндегі ақшаның  құны  құлдырап, қызметкерлердің  тұрмыс  жағдайы  ауырлай  түссе,  баспахананың  қызметі  үшін  төлем  төлеу  бұрынғыдан  да  арта  түсті. Оның  үстіне  1984  жылы  құрылысы  аяқталып,  редакцияға  берілген облыс  әкімдігі  жанындағы ғимаратты  баспахана  әкімшілігі редакция  басшылығына  білдірместен  жекешелендіріп  алып, электр  қуаты,  тағы  басқа  да  қызметтер үшін  төлем  төлеуді  талап етті. Әрине,  көрсетілген  коммуналдық қызмет үшін  төлемдер әуелден  де  бар ғой,  бірақ  бұл кезеңде  талап  басқаша,  біз  бейнебір  осы  ғимаратты арендаға  алып  отырғандай  болдық. Облыстық  бюджеттен  бөлінетін  аздаған  қаржы  жалақыға  жетпей, кейбір  қызметкерлер  басқа мекемелерге  қызметке  ауысып  кетті. Редакцияның  болашағына, газеттің  алда  шығар-шықпасына  сенімсіздік  танытқан  қызметкерлер  де  болды.  Дегенмен,  өз  өмірін журналистік  мамандыққа  арнағандар  ешқайда  мойын  бұрмай,  еліміздің  тәуелсіздігі,  оның  болашағы  жайлы  халыққа  жеткізуге  тырысты.  Сөйтіп,  қиындықты  белшеден кешіп,  тіпті  арасында  газет  бірер  апта  шықпай  қалып  жүрген  күндерде  де  көп  журналистер  келешекке  нық  сенімде  болды.

Иә,  уақыт  жылжып  өте  берді, еліміздің  төл  теңгесі  айналымға енді.  Осы   тұста   қарымды  еңбек еткен  Ғайсағали,  Есенжол,  Сәкен Әбілхалықов, Мира Шүйіншәлиева,  Тамара   Елеуова,  Гүлбадам  Салқұлова,  шынында  да,  жұмыстың  ең  ауырын  арқалады.  Төл теңгеміз  қолданысқа  енген  соң  «Приуралье» газетінің  редакторы Сергей Кульпин екеуміз бірде облыс әкімі   Қабиболла  Жақыповтың   алдына  барып,  заман  талабына   сай  газет  шығару  үшін  компьютерлік   технология  енгізу  қажеттігін  алға  тартып,  қаржы  бөлуін  сұрадық.  Көп   кешікпей  газеттерге  400 000  теңге   қаржы  бөлініп,   қажетті  құрал-жабдықтар  сатып  алдық.  Енді  газет  компьютермен теріліп, тек баспаханаға басуы ғана   қалды.  Осы   кездегі редакция  қызметкерлерінің   төбесі  көкке жетіп, қуана жұмыс істегені   әлі көз  алдымда.  Үш-төрт компьютер,  басқа  да  жаңа  техникаға  қолайлы  орын  керек  болған  соң  бұрынғы  редакторлық  үлкен  кабинетімді  босатып   беріп,  өзім  шағын  бөлмеге шықтым. Бәрі  ойдағыдай,  жұмыс  жүріп  жатты. Тек  арасында  жарық  болмай  қалып,  мақаланы компьютерлік теру жұмысы  үшін  өз  пәтерімді  де  пайдалануға   тура  келді.   Сөйтіп,  «өтпелі  кезең»  деген  қиын  шақтан да  өттік-ау,  әйтеуір.  Қазіргі  кездегі  журналистердің мүмкіндіктерін,  редакцияның  техникалық  жабдықталуын  көргенде   қуанып  та,  қызығып  та тұрамын.  Енді  тек  жұмыс  істеу  керек. «Газет  елдің  көзі,  құлағы»  деген  талапқа  сай  болуы  тиіс.

Мәжит   ҚАЙЫРҒАЛИЕВ,

ардагер-журналист  


Ел-жұртқа шапағаты тиген

Күні: , 52 рет оқылды

Әдетте  «Елу  жылда  ел  жаңа,  жүз  жылда  қазан»  деген  мақалды елге  қарата  айтамыз.  Құмдай  сырғыған  уақытта  тоқтау  жоқ,  осы  айтылған  мерзімде  ел  жаңарып, тіпті  бұрынғымен  салыстырғанда  бұрқ-сарқ  қайнаған  қазандай  мүлдем танымастай  өзгереді.  Енді  бұл  мақалды  газетке,  облыстық  «Орал  өңіріне»  қатысты  қолданар  болсақ,  әрине, басылымның  бет-бейнесі,  жарияланымдары  «шыр  айналған дүниемен»  біте  қайнасып,  тыныстады.  Өзгермегені  міндет-миссиясы –  жұртшылыққа  ақпарат жеткізу,  қоғамдық  пікір  қалыптастыру.  Сонымен  қатар патша көңіл  оқырманның,  өңір  тұрғындарының мұң-мұқтажын зерделеп,  қысылып-қымтырылған ағайынға көмек  қолын  созу  десек  қате  айтпаспыз.

Осы жылдар ішінде басылымның шапағатын көріп, қамқор ниетін сезінген жандар өңірімізде аз емес. Ондай тақырыптағы мақала-материалдарды санамалап шығуды мақсат тұтып отырғанымыз жоқ. Біздікі тек соңғы жылдары ел-жұртқа шапағаты тиген жарияланымдарды жадымызда жаңғырта отырып, сол арқылы газеттің қалың бұқарамен тығыз  байланысын  паш  ету  ғана.

Ащы терді тамшылатып, еңбек етпей-ақ, оңай олжаға кенелгісі келетін пысықайлар қай заманда да болған. Соңғы жылдары өңіріміздің бірқатар елді мекендерінде мал ұрлығы көбейді. «Мал ашуы – жан ашуы» демекші, айдың-күннің аманында өрістегі малын ұрлатып, қорасы қаңырап қалған Қаратөбе, Сырым аудандарының тұрғындары облыстық газет редакциясына арызданды. Редакция басшылығының тапсырмасымен ел білетін Есақаң, журналист Есенжол Қыстаубаев жедел «атқа» қонды. Ауыл-аймаққа барып ел-жұрттың мұңын тыңдады, мәселені зерттеді. Содан кейін азулы тілшінің «Орал өңірі» газетінің 2017 жылғы 19 қаңтардағы №6 санында «Шаруалар сырымдық тәртіп сақшыларына неге өкпелі?» мақаласы найзағайдай жарқ етті. Онда жыл санап өрши түскен мал ұрлығына қоса құқық қорғау органдарының  жайбарақаттығы, нақты нәтижелі істің болмауы сын тезіне алынды.  Бұл мақала жарыққа шығысымен редакциямызға аудандардан қоңырау шалушылар үсті-үстіне көбейді. Одан кейін газетімізде «Қаратөбелік полицейлерше сенделту…» (14 ақпан, 2017 ж. №17), «23 полицей мал ұрлығына байланысты тәртіптік жаза алды» (14 наурыз, 2017 ж. №28), «Бірі ақшаңды апарып береміз» десе, екіншісі, «Ұрыны тауып беремін» деп, Батыр ананы сенделтіп қойды» (13 мамыр, 2017 ж. №50), «350 мың теңгемен құтыламыз дей ме?..» (20 мамыр, 2017 ж. №53), «Бұл неғылған жауап?» (15 маусым, 2017 ж.) атты сериялы мақалалар  жарық  көрді.  Осы материалдарда көтерілген мал ұрлығы мәселесі көп ұзамай БҚО ішкі істер департаментінде консультативтік-кеңесші құрылымның кезекті жиынының күн тәртібіне шығарылды. Сын мақалалардағы фактілер толық дәлелденгендіктен, Сырым аудандық ішкі істер бөлімі бойынша басшысы бар, қосшысы бар 17 полиция қызметкері, ал Қаратөбе ауданы бойынша 6 полицей, екі ауданнан ішкі істер құрылымдарының 23 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Ауылдық жерлердегі ұры-қары аяғын тарта  бастады.

Тәжірибелі журналист Сырымбек Тұяқовтың соңғы жылдары жазған сыни мақалаларының жемісін кейбір ауылдар көре бастады десек асырып айтқандық емес. Газетіміздің 2016 жылғы 27 қазандағы №131 санында «Н2О: құбыр, құдық=?» деген материалда Бөкей ордасы ауданындағы Бисен ауылдық округінің тұрғындарының таза суға шөліркеп отырғаны сын садағына ілікті. Бұл мақаладан кейін 2017 жылы аталмыш округке «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша ауыз су құбыры тартылып, ел-жұрттың мейірі қанды. Сондай-ақ облыстық газеттің 2016 жылдың 12 мамырындағы №53 санында қаламы жүйрік Сырағаң Сырым ауданынан «Қособадағы қақпалар жөнделсе, мал азыққа қарық болмақ» деген проблемалық мақала жазды. Расында, ауа-райы құбылмалы біздің өңірге мал азығын дайындау үшін көлтабандарға су шығарудың маңызды екенін мал шаруашылығы саласының еңбеккерлері жақсы біледі. Айтқандай, өткен жылы сол гидротехникалық құрылғылардың қақпалары жөнделіп, көлтабандарға су шықты деп қуана  хабарлады ауылдағы ағайын. Мұны да «Орал өңірінің» елге тигізген  шапағаты  деп  қойыңыз!

Облыстық басылымның 2017 жылдың 27 мамырындағы №56 санында Сырымбек Жәрдемұлының «Шұрайлы өңірдің шынайы келбеті» атты Шыңғырлау ауданындағы бірқатар түйткілді мәселелерді арқау еткен мақаласы жарияланды. Көп ұзамай мақалада айтылған түйткілді мәселелердің бірі  шешілді, яғни Алмаз ауылына қатынайтын жолдағы сайға «жыр болған» жаңа заманауи көпір салынды. Мәселені құзырлы орындардың алдына қойып, одан нәтиже шыққанын және алмаздықтардың қуанышын көру автор үшін бір мәртебе  екені  шүбәсіз.

Бірде редакциямызға бауырының жазылмас тері ауруына шалдыққан қос ұлына қайтсем көмек етем деп шырылдап жүрген оралдық Света Жақсылықова келді. Сырым ауданындағы Бұлдырты ауылында ата-анасымен тұратын  тоғыз жастағы Дәурен мен он бір айлық Мансұр «Пигментная ксеродерма» деген 250 мың адамның ішінде бір кездесетін сирек сырқатпен ауырады. Қыста бәсеңсігенмен, күн жылына екі баланың тұла бойын жара қаптайды. Ойын балалары ойын ойнамақ түгілі мойындарын бұра алмай, бұрса, жаралары қанап, тірі  азапқа түседі. Ұлдардың анасы Эльмира Кенжеәлиева балаларын қарайды, отағасы Думанда тұрақты жұмыс жоқ. Отбасы балақандарға жақпамай, күтім құралдарын алу үшін де қаржылай қолдауға зәру. «Орал өңірі» газетінің биылғы жылғы 6 наурыздағы №27 санында «Дауасыз дерт меңдеген қос перзенттің ата-анасы қайырымды жандардан көмек күтеді» атты мақалада (авторы Г. Әжігереева) қаршадай балалардың тағдыры, отбасының жағдайы  жайында  жазылды.

Мақала жарыққа шыққаннан кейін қос сәбидің анасы Эльмира Кенжеәлиева хабарласып, редакция ұжымына аналық алғысын айтты. Оның айтуынша, жүрегі жылы бір қайырымды азамат (аты-жөнін айтпапты) балаларға қажетті 250 мың теңге тұратын жақпамай сатып әперген. Облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова ауыл-аудандардағы білім ошақтарының басшыларына қайырымдылық концертін өткізуге ұсыныс айтыпты. Содан Оралдағы Ж. Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледждің ұжымы, оқытушылары мен студенттері облыстық филармонияда қайырымдылық концертін ұйымдастырып, одан түскен қаржыны қос ұлға көмек ретінде берген. «Жас Отандықтар» балақандарға сый-сияпат жасапты. Одан басқа әлі күнге там-тұмдап арнайы есепшотқа қайырымдылық қаржысы түсуде. Міне, «әр қазақ – менің жалғызым» екенін іс-әрекеттерімен көрсететін қазақы қалпымыз  осындай  болса керектін!

«Орал өңірінің» биылғы 18 қаңтардағы №7 санында редакция тілшісі Серік Ихсанғалидың «Далаға тастар балам жоқ!» деген мақаласында отбасын тастап, өзгемен көңіл жарастырған безбүйрек әйел, бес баласын қанатының астына алып, өзі тәрбиелеп жатқан Орал қаласының тұрғыны Сержан Мұқановтың талай тағдыры жазылды. Бұдан кейін 31 мамырдағы №58 санында журналист Нұрбек Оразаев «Жығылғанға жұдырық жұмсаған кім?» деген материалында осы жалғызбасты әкенің «жығылған үстіне жұдырық» демекші, алаяқтарға алданып, қомақты ақшасынан айырылғаны жайында қалам тербеді. «Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған елміз» ғой, мақала жарыққа шыққаннан кейін күзетшінің 40 мың теңгесімен «шықпа, жаным, шықпамен» күнелтісін әрең айырып отырған кейіпкеріміздің отбасына жомарт жандар қаржылай қолдау көрсетті, азық-түлік жағынан көмектесті. «Газет материалының жарыққа шығуы отбасымның қыстан тарықпай, аман-есен шығуына жәрдемдесті», – деді редакция  ұжымына алғысын білдіріп, қоңырау шалған Сержан Мұқанов.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»


«ЕЛДІҢ АТАУЫН ТӨБЕСІНЕ ШЫҒАРҒАН ТҰҢҒЫШ БАСЫЛЫМ…» бүгінгі  батыс  өлкедегі  қазақ  баспасөзінің  бренді

Күні: , 282 рет оқылды

«Жайық  Пресс»  медиахолдингінің  жаңа  басшылығы осыдан  бірер  аптаның  бедерінде  «Орал  өңірі»  газеті қызметкерлері  құрамымен кездесіп, келешек күндердің міндеттерін, көкжиегін  шолды.  Талай мәселе қаузалды. Ой-пікірлер  ортаға  салынды. Емен-жарқын  әңгімелердің бір  тұсында  бас  директор  Рауан  Сәбитов:  «Шілденің 28-і қазіргі  «Орал  өңірі» газетінің алғашқы саны шыққан күн ғой, 101-ге толады…  Сол  күнге арнайы  нөмір  шығарсақ,  қалай болады?..» –  деді.  Журналистер  жанып  түсті.  «Шығарсақ,  шығарайық!»

Ғасырдан астам Ақ Жайық жұртымен бірге жасап, айқұшақ болып  келе  жатқан, оның халқы көрген талай қиындықты да бірге бастан кешкен газетімізді талай жайсаң басқарыпты. Сол редакторлардың бірі – қазір Алматыда  тұрып  жатқан  журналист,  ақын,  аудармашы,

ҚР  еңбек  сіңірген  қызметкері  Ғарифолла Көшенов. «101-ге толғалы тұрған  жасымыз бар. Соған орай, ой-пікіріңізді ортаға  саласыз  ба,  аға?..» –  дедік.  Ылғи  да  ерттеулі пырақтай, самдағай  қалпынан  айнымайтын  ағамыз  сөзге келген  жоқ,  келісті. Сонымен, телефон  арқылы  сонау  Алматыдан  лебізін  білдірген  ағамыз  былай  деді:

– Газет осы күнгі «Орал өңірі» атауымен тұңғыш рет 1963 жылы 1 мамырда шықты ғой.

Сол жылы алты жігіт сонау Алматыдан, КазГУ-ден «десант» болып түскенбіз. Бесеуі телевидениеге кетті де, мен «Орал өңіріне» қызметке тұрғанымды білесіңдер. Оған дейін газетіміз әр жылдарда «Хабар», «Қазақ дұрыстығы», «Дұрыстық жолы», «Қызыл ту», «Екпінді құрылыс», «Октябрь туы» атауларымен шыққан. Сөйтсек, газеттің арғы атасы 1918 жылы 17 қарашада шыққан «Хабар» емес, 1917 жылы 28 шілдеде жарық көрген «Ұран» газеті екенін тайға таңба басқандай өздеріңіз дәлелдедіңіздер, айналайындар!

Енді менің айтайын дегенім, газеттің 1963 жылғы 1 мамырда «Орал өңірі» деген атаумен шыққаны. Бұл сол кездегі елдің, жердің атауын төбесіне шығарған республикадағы тұңғыш басылым! Жа-а-л-ғыз газет!!! Ол кезде республиканың аудандық үнқағаздарын айтпағанда, облыстық газеттер ленинизм, социализм, коммунизм төңірегінен аталып, бұрқырап шығып жататын. Мысалы, сонау Семейдегі «Семей таңы» газеті бізден 15-20 жыл кейін осындай атаумен шыққан. «Орал өңірі» деген атауды сол кезде кім, қалай ұсынды, қазір тап басып айта алмаймын. Бірақ кім болса да, қатып кеткен атау болды. Бәлки, сол кездегі «Приуралье» газетінің аудармасы ма, кім білсін… Алайда «Приуралье» атауы да Жайық өңірін жайлаған қазақ жұртының нақты мекенін бере алмайды. Өйткені Орал өзенін (біздің Жайық қой) бойлай орналасқан орыс мекендері мен селендері Верхний Урал, Нижний Урал деп бөліне береді ғой. Мұны бір деп қоялық.

Өткен жылы газеттеріңіздің 100 жылдығында сөйлеген сөзімде «1980 жылдар – «Орал өңірінің» жұлдызды жылдары»  деп едім. Ол неден шығып еді? Есіңде ме, 1984-тің қыркүйегінде қос газет өздеріне арнайы, сыңғырлатып салған 7 қабатты «Баспасөз үйіне» көшті. Баспаханасы қандай еді?.. Сол сексенінші жылдары «Орал өңірі» 35 мың данамен тарап, бөркін алшысынан қондырған жылдар еді ғой. Біздің облыс сол кезде, қателеспесем, халқының саны жағынан 12-орында болған болуы керек. Ал газетіміздің таралымы жағынан сол жылдарда  Шымкент, Қызылорда, Жамбыл облыстарынан кейін төртінші орынға мықтап табан тірегенбіз. Бірақ нарықтық қатынас «Баспасөз үйін» қос газетке құтайтпады. Дегенмен кейін өздеріңізге басыбайлы берілген анау отырған ғимараттарыңыз да еңкейіп кіретін еңселі үй. Шағын баспаханаларыңыз да бар. Мен мұнда, Алматыда жатып алып, сол 80-жылдардың жұлдызды шақтарына жақындаса екен газетіміз деп армандайтынымды да жасырмаймын…

Тағы бір ұсынысым – Мәскеуде «Правда» газеті атына, өзіміздің Астанамызда «Егемен Қазақстан» газетінің атына көше берілген. Орал қаласынан мүмкіндік болмаған жағдайда іргелес жатқан шағын аудандардың көшелерін қос газеттің атымен атаса, қандай жақсы болар еді?.. Тарихқа сіңіп, тасқа басылып қалар еді! Және оған қазақ топырағында тұңғыш шыққан қазақ басылымдарының алдыңғы легінен табылатын «Орал өңірі» әбден лайық! Сол көшеде тұрып жатқан қаракөз ағайындарды жеңілдікпен газеттеріңізге жаздырып тұрсаңыз да, ол да басылымдарыңызды насихаттау, жарнамалау ғой.

Республикада елдің, жердің атауын өзінің төбесіне тұңғыш шығарған газеттеріңізді қадірлеңдер, айналайындар! Өйткені бүгінгі «Орал өңірі» батыс өлкедегі қазақ басылымдарының бренді десем, қателеспеймін.

Ардагер   журналистің  әңгімесін  қағазға  түсірген Есенжол  ҚЫСТАУБАЕВ


Сүргіленген тақтайдай теп-тегіс

Күні: , 634 рет оқылды

Орал қаласындағы №1 мектептің маңына жақындайтын Кеңес Одағының Батыры М. Жүнісов пен жазушы-публицист В. Короленко көшелерінің жолдары ойдым-ойдым болатын.

Осындай жолдармен жүрудің азабын, әсіресе, күзгі-көктемгі лайсаң уақытта балалар да, ересектер де, жаяулар һәм көлік тізгінін ұстағандар да жылдар бойы тартып келіп еді. Міне, енді көрген түстей болып, үшбу қиындық артта қалды. Осыдан біразырақ уақыт бұрын №1 мектепке қатынайтын қос көшенің жолдары  күрделі  жөндеуден өтіп, сүргіленген тақтайдай теп-тегіс қалыпқа енді. Үлкен-кішінің, «аттылы» мен жаяудың осы қуанышы ұзағынан сүйсіндіргей әрі өзге көшелерге де жұғысты болғай!

 Редакция алқасы


«Былғары доптан» екінші жүлдемен

Күні: , 37 рет оқылды

Сырым ауданындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің оқушылары шілде айында Семей қаласында футболдан өткен «Былғары доп» ұлттық мектеп лигасының финалдық кезеңінен жүлделі ІІ орынмен оралды. Жас футболшыларды Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев қабылдады.

– Оқушылар құрамасының республикалық футбол сайысындағы жеңісі аудан тарихында ең бір жарқын естелік болып қала-ды. Жеңіс еңбекпен келетін бақыт екені белгілі. Сендер – қазақ футболының болашағысыңдар, – деді аудан әкімі.

Команданың капитаны, жас футболшы Әлихан Ерсайынның айтуынша, сырымдықтар үшін топтық ойындар өте сәтті басталған. Финалдық жолдаманы сарапқа салатын жауапты ойында Атыраудың командасынан 1:0 есебімен басым түсіпті. Сырымдық шабуылшы Фархад Болат осы ойында да шешуші голдың авторы атанып, жалпы лиганың «Үздік ойыншысы» ретінде бағаланды. Команда финалда Павлодар қаласының құрама командасына есе жіберді.

Салтанатты қабылдауда болған команданың жетекшілері Ерлан мен Руслан Чукуровқа аудан әкімі Төлеген Төреғалиев ерекше алғыс білдірді. Алдағы уақытта бапкерлердің спорттық нысандарды жөндеу туралы ұсынысы бойынша жұмыстанатынын айтты. Қос жаттықтырушыға және Сырым аудандық оқушылар құрамасының сапындағы Қ. Мырзалиев атындағы орта мектеп пен Абай орта мектебінің оқушыларына аудан басшысы тарапынан арнайы сыйлықтар табыс етілді.

Бауыржан  ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым  ауданы


«Қыстаубаев қайда?..» (қаз-қалпында)

Күні: , 1 196 рет оқылды

… – Шырағым, мына Қыстаубаев қайда?

– Білмеймін, ағай.

– Білмейтінің қалай? Жаңа ғана жүр еді ғой.

–    ?..

– Тағы қайда кетті екен зып етіп…

«Орал өңірі» газетінің бас редакторы Мәжит Қайырғалиевтің оқтын-оқтын маған қоятын сұрағы осы. Ызғар шашқан өткір көздері ылғи осылай сұраулы жүзбен қарайды. Басшының мазалағаны аздай, мақалаңды енді жаза бергеніңде, туфлиінің тақасы редакцияның ұзын дәлізін «көшіріп» хатшы қыз келеді жетіп.

– Қыстаубаев ағай қайда? Жиналыста ма? Маған неге ескертпеді?

– Қайдан білейін?! Көргенім жоқ.

– Редактор сұрап жатыр. Тез тапсын дейді!

– Қызық екенсің… Мен не? Тілшілерді түгендеу сенің жұмысың емес пе?

Амал нешік?! Маңдайыңнан бұрқ еткен ащы тердей аяқ астынан келіп қалған ашу дұшпан көкжелкеңнен бағып тұрып, кейде қақпанға да түсіреді. Себебі, хатшы қызға тіліңді тигізіп көр! Жоғарыға жүгіріп барып жеткізгенде жаздым, жаңылдым дерсің. Ал айтпайын десең, баяғы бір сұрақ: «Қыстаубаев қайда? Ағайдың қайда кеткенін сен неғып білмейсің?!» деп жүйкеңді тоздырады. Облыстық «Орал өңірі» газетіне 1997 жылдың күзінде жұмысқа келгеннен, Есенжол Қыстаубаевпен жеті жыл бір бөлмеде әріптес болып отырғаннан естіген сөзім де осы. Маған ең көп қойылған сұрақ та осы.

Ол кезде де аптасына бәленбай бет болып үш рет шығатын шаратабақтай газеттің бетін толтыру тілшілерге оңай емес-ті. Алғашқы беттер әдеттегідей ауыл шаруашылығы мен өндіріс саласының бөлім меңгерушісі Есенжол Қыстаубаевтың мақалаларына тиесілі. Өйткені, қоймасын астыққа толтыртып, малын бордақылап, сиырын сауғызып, жем-шөбін қораға жинатып, төрт түлік малын санап, түгендейтін бұл бөлімнің тақырыбы ауыр әрі жауапты. Сондықтан газеттің «көзірі де» Есақаң. Атан түйедей ауыр жүкті арқалайтын да Есақаң. Оны айнала жұрттың «Қайдасың, бауырым?» деп іздейтіні де содан.

– Қарындас, Есақаң бар ма?

– Жоқ.

– Қайда кетті? Білмейсің бе қайда екенін?

– Жиналысқа жиналып жүрген…

– Қашан келеді екен?

– Білмедім.

– Түс қайта соқсам бір айналып, келе ме екен, келмей ме екен? Апырмай, күтсем бе екем, күтпесем бе екем? Осылайша екі ойлы болып есікті бір ашып, бір жауып, сағыздай созылып тұрып алатын ағайлар қаншама? Мезі етер сұраққа тіл қатудан аузым шаршайды. Мақаламды  жөндеп жаза алмай, ойым сан-саққа жүгіріп, сары уайым шегіп отырған менімен ешкімнің ісі жоқ. Әр қиырдан ат терлетіп Есақаңды арнайы іздеп келгендер «Қыстаубаев қайда?» дейді де тұрады қыңқылдап. Мұндайда «Мақалаңыз болса, тастап кетіңізшейші» деймін жөн сілтеп.

– Қырдағы  малымды ұрылар айдап әкетті. Бір үйір жылқым жоқ. Былтыр да қойларымды зым-зия жоқ қылып еді. Қасқырды желеу етіп, қасақана ұрлайды. Қазір ауылда мал ұрлығы көп. Мұндай теперішке шыдай алмай, Есақаңды іздеп келіп тұрған бетім осы еді. Ауыл шаруашылығы басқармасына хат жолдап жіберсе ғой, бәрінің төбе шашы тік тұрар еді. Қыстаубаев жазса, қатырып жазады! Бәлем, сазайларын тартқызсам ғой, Есенжолға жақсылап жаздыртып! Көрер еді сонда ұрлықтың қорлық екенін! Ұрылар жердің астына кіріп кетсе де, бұл іске Есақаң араласса, бір отар қой қорадан атып шығады. Осы өтінішімді ұмытпассыз, жарай ма? – деп өкпе-реніштерін айта жөнеледі. Аманатқа қиянат жасауға болмайды. Аты-жөндерін түртіп аламын. Бұл жайтты құлағына ілген бойда «көршім» атқа қонады. Жұрттың жиған-терген мал-мүлкін қарымды қаламымен бірге іздеп кетеді қыр асып, ел кезіп… Өз саласын шын сүйген журналист осындай болар! Көп ұзамай «Орал өңірінің» табақтай беттерін білдей бөлім меңгерушісінің салақұлаш мақалалары жаулап алады. Оқырмандар іздеп жүріп, поштадан күтіп алып оқиды. Сыны мен міні аралас өткір де өзекті, даулы мәселелерді қамтыған мақаланың арқасында Есақаңның да, басылымның да беделі өсіп қалады. Мұндайда «Қыстаубаев қайда?» деп бас редактор да, басқалар да бастарын қатырып сұрамайды көп.

Ағаларымен  де әзілі  жарасқан

Не кереметі барын қайдам,  Есақаңды  зейнет демалысындағы ардагер  журналистер редакцияға жиі іздеп келетін. Үйде отырып іштері пыса ма, қайдам, сүйретіліп шақ жүргенімен, «Орал өңірінің» төртінші, бесінші қабаттарына ерінбей мініп-түсетін. Егер тірі жүрсе, әлі күнге дейін таяғын тықылдатып, Исатай Кенжәлиев атамыз редакцияға жиі келіп тұрар еді. Әйнөгі қалың көзілдірігімен төр жаққа тесіле қарап, «Әй, бала, бүгін орныңда отыр екенсің ғой» деп сөз бастар еді. Жалғыз Исатай ата емес, құстың ұясындай құйттай бөлменің ішіне көңіл сыйса, бәрі сыяды дейтін қариялар Есақаңмен шүйіркелесе жөнелер еді.  Есіктен үлкендеріміз басын сұқса болды, қаламын кілт тоқтатып, езуіне күлкі үйіріледі Есақаңның. Сөйтіп көңілдері бір көтеріліп қалады бәрінің. Өзі төл басылымға жұмысқа келген 1977 жылдардан бергі қарай қызықтарын еске алып, Далабаев Бақтыбай ағай редактор болған кездегі сәттерді ой елегінен өткізіп, мәре-сәре болады. «Есенжол, тағы не  бар? Айта түс, сенің әңгімең жақсы. Кәмандировкіге барыпсың ғой. Не көріп, біліп қайттың?» дейді кезек-кезек келетін Қосаман Орынбасаров, Идият Мұратов, Жүсіпкерей Нұртасов, Ғилаж Наурзин ағалар одан сайын  сөзге  тартып. Сөз арасында өткен күнге ойыстағанды әдетке айналдыратын әзілқой Есақаң: «Қосақа, сіз соғыста болғанда, окоптан шықпай жатқан шығарсыз. Әйтпесе, қанды қырғында қайтіп аман қалдыңыз? Ең болмаса, жеңіл жарақат та алмапсыз…», – дейді ақсақалды одан сайын қыздырып. Қосаман аға ішек-сілесі қата күліп, «Қой, сенен жөнді әңгіме шықпас…» деп сыртқа беттейді. Осылай десе де, көктем сайын 9 мамыр күнімен Қосаман ағадай алдыңғы толқын ардагерлерді Есағаң құттықтауға асығып, қасына тілшілерді бірге ілестіріп, үйлеріне сыйлығын алып барады.  Қайран ағалардың бұл күнде көбісі жоқ. Тек ширақ қимылды Ғилаж аға ғана көненің көзіндей болып арамызда жүр.

Былғары  бешпент

Кей кездері мақаласын үздіксіз және өндіре жазып, сүліктей болып тап қарсы алдымда әзілдесіп қойып отыратын Есақам кенет көшетін бұлттай бұзыла бастайды. Көбіне үстінен «құтты киімім» деп тастамай киіп жүретін және өзіне құйып қойғандай жарасатын былғары бешпенті орындыққа іліне бергенде, ішім алай-дүлей болып, бір сұмдықты сезе қоямын. Себебі, былғары теріден тігілген тамаша костюм осыдан бір шешілсе, көпке дейін үстіне киілмейді. Екі иығы салбыраған күйі «иесін жоқтағандай» мөлиіп маған қарап тұрады да қояды. Кейде иесіз бешпентпен бөлмеде оңаша тілдескендей күй кешемін.  «Дулығасын сыпырып, шідерін шешкен тұлпардай мені тағы үстінен сыпырып тастап кетті. Жазығым не? Одан да өз үйімде, Гүлия апамның көз алдында, шкафтың ішінде кәдімгі тап-таза, еш жеріне шаң тимеген костюмдері сияқты тып-тыныш жерде неге тұрмасқа?» дейтіндей былғары бешпент. Мен не дейін? «Қой, налыма! Қайтесің қожаңа ренжіп? Ертең кеп қалар. Сосын сұңғақ бойына сені киіп алып, сары жайлауға аттанар. Есесіне, шкафтағы костюмдері құсап ілгіште салбырап той-томалақтың кезегін күтіп тұрмайсың. Даланың ауасын жұтып, қызыққа белшеңнен батасың, сапарлатып қайтасың» деймін көз алдымда тұрған былғары бешпентке аяушылық танытып.  Сізге өтірік, маған шын, жылтыраған қара бешпентке қарасам, ойыма ертегідегі Тазша баланың «айтыскер әрі төбелескіш етіктері» сап ете қалады. Сөйтіп, Есақаңның өзін жоқтатпайтын сырт киімімен де сырласатынды шығардым. Кейбір кездері редакцияға түнеп шығатын бешпентті көріп, иесінің бір жаққа «жортып кеткенін» біліп, жоқтаушы жандар кілт бұрылады. Ал үстелдің үстінде ақ мақтадай қағаз бен әдейі қисайтып қойып кеткен қаламы міз бақпастан жатады.

Басын  арашалап,  ақтап  алады

Тағы да «Орал өңірінің» атқан таңмен бірге жарығы жанып, тірлігі басталады. Сағат тоғызда редактор төрт көзімізді түгел жинайды. Жазған-сызған мақаламызды реттеп, үлкен-кішіміз бастықтың кабинетіне қаздың балапанындай қонақтай қаламыз. Даурыққан дыбыс та, сыбыс та естілмейді. Ұзын үстелдің оң жағындағы төр жақта әдеттегідей бас редактордың орынбасары, ақын Ғайсағали Сейтақ отырады. Жастар жағы Сейтақты сүйеніш көріп, көңілге медеу тұтады. Газеттің макетін сызып, жоспарын жасайтын Дайыр Досаев, Сырымбек Тұяқов, Қуаныш Исағалиев, Тамара Елеуова, Дариға Мұштанова секілді естияр әріптестерім де бір үстелдің басынан табылады.

– Не жаңалық бар, Ғайса? Тілшілер 200 жол хаттарын тапсырды ма? Папкадан жөнді ештеңе көре алмадым, – дейді Мәжит Қайырғалиев әдеттегідей қабағын түйіңкіреп.

– Иә, тапсырды. Қарап шығып, машинкаға басуға бердім, – деп Ғайсақаң ернінің ұшымен ғана сөйлеуге ерініп отырғандай күбірлейді. Қабылдау бөлмесіндегі аласа жазу үстелінің үстінде жататын қызыл папка тексеріліп, Есақаңа да кезек тіреледі. Ішімнен «Бүгінде таңсәріден сіркесі су көтермей отырған редактордың шереті көршіме келгенде нілдей бұзылатын болды-ау…» деп қамығамын. Өйткені, бешпентін кабинетке жорта тастап, қызыл айдарлы әтештей танауы желбіреп жел тұрған жаққа жортып бара жатқанын көрмеді емес, көрді ғой. «Қыстаубаев қайда?» деп келмеді емес, келді ғой, Кенжегүл хатшы қайта-қайта. Мұндайда Есақаңның оң жағына шығамын деп, қаламдасы ретінде жақтап-қорғаймын деп, қосағасында босқа кетіп жатамын. Екі ортада шыбын өледінің кебін киемін, қайтейін?

– Тәк, сен шырақ! – дейді бас редактор ызғарлы кейіппен. Мәжит ағайдың әлдекімге  ренжігенде «сен шырақ» деп сөз бастайтын әдеті бар. – Кеше қайда болдың? Төртте бір барып кеттім кабинетіңе, жоқсың. Мира, «Осында жүр» деді. Бес жарымда тағы шығып қарадым. Хатшыны да жіберіп алдым. Сен шырақ, қашан орныңда отырып жұмыс жасайсың осы?!

Үні ащылау естілген редактордан именіп, мұндай арада қорқақ қояндай жүрегім сырылдап, жанымда иықтасып отыратын етжеңділеу Тамара апай мен Фазыл әріптесімді ықтаймын.

– Мәжақа, маған неғыл дейсіз?! Берілген тапсырманы орындап жүрмін. Мақаламды жазып жатырмын. Тек Сағынға бір-екі рет барып қайтқаным болмаса, – деп Есақаң ғимараттың алтыншы қабатында отыратын суретші Сағын ағайды нысанаға алады. Басқа да сылтаулары көмекейінде дайын тұрады.

– Сағында не бар екен? Осы Сағын екеуің бір-біріңді сағынып қаласыңдар-ау деймін?..

– Енді шаруалар шығып қалып…

– Тәк, қорытқан 200 жол хат қайда? Жазған мақалаң қайда?

– Хаттың жоспарын кеше түске дейін орындап тастағам. Мақала, міне. Жұмыстан кеше кішкене ертерек кетіп, түнде үйден жазып әкелдім, – деп Есақаң төсқалтасынан буда-буда қағазды суырып кеп алады қынынан өткір қылышты суырғандай. Бөлме іші сол сәтте сілтідей тынады. Ішімізден бұл жолы да орайын тапқан Есақаңа риза боламыз. Сөйтіп, көбіне сан сұрақтан басын арашалап, ақтап алады.

«Гүлияның  гүлдері  ғой…»

Қаһарлы қыс айларын «ұзатып салып», көктемнің тамаша иісі танауды жарып, таң нұры ерте ататын мезгіл. Қайран уақыт зымырай бермей ме?! Сегізінші наурызды ол кезде март деп атаймыз. Сол мейрамға бір-екі күн таяп қалған. Әдеттегідей ертеңмен жұмысқа асығып, редакцияның алдына жақындап қалып едім. Көзім «Дом союзов» деген дәу жазуы бар ғимаратқа түсті. Қар ерісе де, жұқа мұз жібімей жатқан шақ қой. Сонау жерде жылтыр мұздың үстінде қалықтап, балет билеп келе жатқандай көрші ағам келеді ентігіп. Әлденені қолына қысып ұстап алған. Байқаймын, көңілі көк аспандай ашық-жарқын секілді. Ішке кіріп, бөлменің есігін ашуға асықтым. Есепші келіншек Маржан ұшырасты. Сәлден соң асығып-үсігіп Есақаң да жетті.

– Қыздар, амансыңдар ма? Миратай, мынау гүл саған, – деді қолына ұстаған газеттің арасынан қырмызы гүлдерді ұсынып. Қой көздері іштегі қуанышын сездіріп тұр.

– Ойбай, Есақа, мұныңыз не босқа ақша шығарып?! Одан да Гүлия апама алмайсыз ба, маған әкелгенше? Түу, ұят болды ғой. Қарадан-қарап азаптанып, – деп шыж-быжбын.

– Жоқ, ал. Сенің мейрамың ғой, – дейді арқамнан қағып, қолпаштап. Маржан болса, «алсайшы» деп күлімсірейді. Үйдегі қызғалдақтай құлпырған үш қарлығашының алды студент болған соң, қалтасынан тиын-тебен шығарып, несіне гүл сатып алып әуреленеді дегенім ғой. Бұл-бұл ма, кейін шоқ гүлдер бөлмеме көбелектей қонып, танауымды тесіп, редакцияның дәлізіне дейін иісі аңқитын. Құмырадағы қызыл-жасыл гүлдерге қызара қарап: «Есақа, мұныңыз не? Бұл гүлдерді Гүлия апама сыйласаңыз қайтеді?! Босқа ақша шығармай» деп бұртиямын. Сөйтсем, бірде бетіме тура қарап қойып: «Миратай, сен түк те  қысылма. Бұл  гүлдерді оқушылар Гүлияға әкелген еді. Апаңның бастауышқа сабақ беретінін білесің ғой. Мейрам сайын үйге гүл толып кетіп, қоятын жер таппаймыз.  Босқа үйде тұрып қурап қалғанша, Миратайды бір қуантайын деп Гүлиядан сұрап алған гүлдерім ғой», – дейді Есақам міз бақпастан.

Күнде бөлмеге кірген-шыққанмен уақыт тауып әзілдесетін Есақам: «Сырт жақтан біреу-міреу келсе, мынау екі дәу үстелден айналатын жер жоқ. Мәжақаңнан рұқсат сұрап, еденге киіз төсейік. Сосын жата қалып жазайық десем, мына Миратай көнбейді» деп қояды. Онсыз да Есақаңа арызданып келіп, қарғадай маған көздерінің қиығын ұрлана тастайтын картадағы корольдей қияқ мұртты ерлер мұндай әзілді шын көреді. Ал менің қаным қайнайды. Тіпті бір жылы қараша айында үстіне ескілеу плащ киген, соғыстан енді оралғандай қалың қоңыр белбеумен белін буып байлаған бейтаныс қария біздің бөлмеден шықпай қойды. Алғашында Есақаңа келіп еді хаттарын алып. Содан мені көріп: «Жасы сенімен шамалас балам бар. Мойнында тұмары бар. Көз тимесін деп кемпірім тағып қойған. Үйден ешқайға аттап шықпайды. Өте жуас. Осында ертіп алып келсем қайтеді?» деп қыңқылдасын. Есақаң болса, қарияның сөзіне күлкіден жарылды. Сөйтіп, атайдан екеулеп шаққа құтылған ек. Осындай ренжіген сәттерімде редактордан басқа бөлме сұрайын десем, жұлдыздай жоғалып, қайта табылатыны болмаса, мінезі жайдары, қақ-соқпен ісі жоқ, өзімді Миратайлап сыйлайтын, қытымырланбайтын  көршімді  қимаймын. Үнемі ашық-жарқын жүретін Есақаңның энергиясы алапат.  Редакцияда сәл болмаса, жоқтығы білініп тұрады. Жаннат, Рашида, Гүлайым, Маруся, Ғалия, Айжан секілді корректор қарындастары да «Ағай қашан келеді? Бізді күлдіртіп, көңілімізді серпілтіп тастайтын» дейді. Әлі күнге дейін Есенжол Қыстаубаевпен бір бөлмеде жеті жыл әй-шәй деспей отырғаныма бәрі қызыға әрі қызғана қарайды.

«Көңіл  күйін  шалқытып!»

Шілденің аптап ыстығы болатын. Терезенің титтей әйнөгінен ыстық жел де кірмейді. Қазіргідей  кондиционер деген редакцияда атымен жоқ. Қос әкімшіліктің қасындағы жеті қабатты биік ғимараттың сырты әдемі болғанмен, іші бүтін емес-ті. Сондықтан жаз мезгілінде бәріміз кабинеттің есігін айқара ашып тастап жұмыс істейміз. Журналистер жағы бір деммен тым-тырыс жазуымызды жазып отыр едік. Аманкелді Шахин ағай редактордың бөлмесіне қарай ентіге өтті. Содан көп кідірмей кері қарай өте шықты елес құсап. Жалт қарадық та, қағаз бен қаламға үңіле түстік. Сәлден соң үстелімнің шетіне бір жапырақ қағаз торғайдай қалықтап кеп қона кетсін.

– Бұ не, Есақа? Аманкелді ағай ма, кім салып кетті? Жаңа ғана зыр жүгіріп жүр еді ғой, – деймін таңырқап.

– Ашып көрсеңші. Кімнен жеткен  үшбу хат болды екен? – деп Есақаң сәл жымиды.

– Жарайды, көрейік, – деп титтей қағазды ашып, дауыстап оқи бастадым.

«Көңіл күйін шалқытып,

Жұпар иісін аңқытып.

Отыр біздің Миратай,

Есақаңды балқытып», – деп жазып қойыпты Аманкелді Шахин.

Ду күлдік. Кешікпей менің жанымнан да қара өлеңдер төгіліп, хат иесіне жетті. Сөйтіп, осынау бір шумақ өлең қос қаламгерге шалқар шабыт сыйлап еді.

Тұлпардай жортып барады…

Осылайша, күліп-ойнап жүрсек те, «Орал өңіріндегі» еңбектің көрігі қыза түсетін. Қаладағы өндіріс ошақтарын шарлап, ауылда егіс алқаптарын аралап, кейде ақылы мақала тауып, іссапардан олжалы оралатын. «Елде болса, ерінге тиеді» деп, бір машина кәртөп пен пияз, сәбізді бір беттік мақалаға айырбастап, редактормен келісіп, әріптестеріне тепе-тең бөлгізетін. Нарықтың өтпелі тұсында «мал тапқыш Есақаң» атанып, ұжымын асырауға атсалысты. Оның осындай кісілік қасиеті де «Қыстаубаев қайда?» деген сұрақты жуып-шайып кететін. Кейде сыпырылып алтыда үйге асығып жатқанда, Есақаң жазуға ден қояды. Үстелге кеудесімен етпеттей құлап, қолы-қолына жұқпай, ойын қағазға түсіруге асығады. Газеттің кезекті санында көлемі де, мағынасы да терең мақала көзіңе оттай ұшырайды. Ауыл-аймақты аралаған әр сәтін, диханшысы мен қырманшысын «Қырманға кел, қалқатай!» деген әндей құлпыртып тастайтын Есақаңның суреткерлік шеберлігіне теңеу жетпейді. Менің есіме «Лениншіл жас» газетінің әр санын балғын оқырманға дейін қызықтырып қоятын Оралхан Бөкеевтің тамаша мақалалары сап ете түседі. Қазақтың талантты қаламгері Оралхандай біздің Есенжол Қыстаубаевтың да өзекті мақалалары жанды сюжеттерімен санаңды шарпып өтеді. Тіпті, ауыл шаруашылығын ғана емес, осыдан біраз жыл бұрын қаладағы мектепте болған оқыс оқиғаны да зерттеп жазған осы Есақаң. Алтын сақинасымен оқушының басынан соққан мұғалімнің қылығын сынап, журналистік зерттеу жүргізген де өзі. Аузының айналасына қылшық өсіріп, теріс ағымға түсіп кеткен ауылдағы бір отбасының бұзылған шырқын да шырылдап жеткізген еді. Мірдің оғындай сын мен терең ой тұрғысынан тұшымды мақалаларымен талай оқырманның жүрегін жаулады. Есесіне, желаяқ журналистің жан-дүниесінен тәтті де, ащы да очерк-эсселер туды. Ол не жазса да, нәрі мен дәмін кетірмей жазды. Қарсыласын қақпанға түсіретін, ойсыратып соққы беретін футболшылар секілді әр жылдарда Есенжол Қыстаубаевтың жалауы желбіреді. Соның айғағындай, өңірдегі журналистер арасынан оқ бойы озып шығып, Елбасының Құрмет грамотасымен марапатталды. «Қазақстанның құрметті журналисі», «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, ҚР Мәдениет қайраткері атанды. Ертеректе облыс әкімі атындағы «Қанатты қалам» байқауының да жеңімпазы болды. Өзі туып-өскен Ақжайық ауданы Есақаңды төбесіне көтеріп, «Ауданның құрметті азаматы» атағын берді. Облыстық «Орал өңірі» газетіне бас редактор болып қолдарын қойған және өзім білетін жылдардан бергі Бақтыбай Далабаев, Ғарифолла Көшенов, Мәжит Қайырғалиев, Ғайсағали Сейтақ, Жанахмет Ағыбаев және біраз жылдан бері осы ұжымды басқарып келе жатырған Бауыржан Ғұбайдуллиндей талапты басшымен де тіл табысып, иық теңестіріп еңбек етіп келеді.

Иә, өмір-өзен ағыстай ағып барады. «Орал өңірі» десе, менің есіме әуелі «Қыстаубаев қайда?» деген сұрақ сап ете қалады. «Қыстаубаев қайда? Сен шырақ, оның аяғын неге тұсап қоймайсың?» деп ренішін жиі білдіретін сол кездегі бас редакторымыз Мәжит аға мен басқа әріптес ағайынның сауалына да күні бүгінге дейін  көкейімде жатқан бір ғана жауабым бар. «Қыстаубаев ешқайға кеткен жоқ. Ол қарымды қаламының қызығы мен бақытын көріп, абыройын одан бетер асқақтатып, зейнеткерлік демалысқа да шықты. Өткен күннің белгісіндей былғары қара бешпенті де ескерткішке «Жайық Престің» музейіне қоятындай қадірге жетті. Әлі күнге бешпентінің төсқалтасына қаламсабы мен блокнотын салып алып, редакция мен үйінің екі ортасында жаяу жортып жүргені. Көздеген мақсатына ел-жұрттың көз алдында аман-сау әрі бір төбе  жетістіктермен келген Есақаң даңғыл бойымен күнде  шалт басып, «Орал өңіріне» тұлпардай жортып барады… Әлі сапта! Өмірдің жол сапарында сағаты тоқтамай, менің журналист ағам жорта бергей, жорта бергей…

Мира  ШҮЙІНШӘЛИЕВА,

Қазақстан  Жазушылар  одағының  мүшесі


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика