Мұрағат: 26.07.2018


Интеллектуалдық игілік иесіз болмайды

Күні: , 123 рет оқылды

Дамыған елдерде зияткерлік меншік құқығын қорғау мәселесі бірнеше ғасыр бұрын шешілген. Зияткерлік меншікке өнертабыс, әдеби және көркем туындылар, сауда жүйесіндегі  белгі, сурет, фирма атаулары жатады. Мұндай меншік құқығын қорғау өнер мен мәдениеттің, әдебиеттің өркендеуіне, ғылым мен техника саласында жаңа жобалардың жүзеге асуына, шығармашылық табысты паш етіп, әлемдік нарыққа шығаруға зор септігін тигізеді. Мақаламызда зияткерлік меншікке қатысты кейбір мәселелерді қозғамақпыз.

Қазақстанда «Авторлық құқық және сабақтас құқық» туралы заң 1996 жылы қолданысқа енгізілген. Заң бойынша авторлық құқық әдеби, музыкалық, драмалық, хореографиялық туындылар, сәулет жобасы, мүсін, графика, ән, фильм, компьютерлік бағдарламалар, баспа өнімдеріне иелік етуге беріледі. Авторлық құқық ғұмыр бойына және туынды иесі қайтыс болғаннан кейін жетпіс жыл бойына сақталады. Құқықты қолдану мерзімінің аяқталуы шығарманың қоғам игілігіне айналғанын білдіреді. Берн конвенциясына сәйкес авторлық құқық аутоматты түрде беріледі. Бірақ кейбір ұлттық мекемелер оны тіркетуді талап етуі мүмкін. Мәселен, Қазақстан заңнамасына сәйкес композитор бір әнді рәсімдеп алу үшін үш айлық есептік көрсеткіш көлемінде ақша төлейді. Немесе альбом ретінде жинақтап, мемлекеттік тіркеуге осы мөлшерде төлем жасап, әндерінің барлығына авторлық құқығын бір-ақ белгілеп алуына болады. Авторлар туындыларын жариялауға, өңдеуге, таратуға келісім береді немесе тыйым салады. Және көпшілік алдында қолданылғанда, авторлық сыйақысын алып, қаржы табуға құқылы.

Бүгінде жерлесіміз, ақын, тележурналист Мұнайдар Балмолда сөзін жазған әндер жиі орындалады. Жақында композитор Гүлнұр Нұрасыловамен бірігіп шығарған «Анамның жаққан ошағы» әні көптің көңілін баурап алды. Гүлнұр оны асыл жары, әнші Әліби Бекайдармен бірге орындап жүр. Халық алдында әндері кең қанат жайып, өнер ордаларында шырқалып жүргенімен, ақын әлі күнге табыс таба қоймапты. Төрт жыл бұрын «Абырой» авторлық қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілі келіп, Мұнайдар Балмолданың  құжатын рәсімдеп, авторлық құқығы қорғалатынына  уәде  берген.

– Бауыржан есімді жігіт құжаттарымды жинап алып кеткен соң, бір ай өтпей, «Абырой» қорынан 16 мың теңге төленді. Ол кезде әжептәуір ақша болатын. Қуанып қалдым.  Уақыт өте өрекпіген көңілім су сепкендей басылды. Авторлық қоғамның өкілінен кейін хабар болмады.

Менің шалған телефон қоңырауларыма жауап бермеді. Көптеген композитормен әндер мәтінін жазумен шұғылданамын. Бірқатары елімізге танымал әншілердің репертуарында бар. Мысалы, миллиардтаған көрерменнің сүйікті әншісіне айналған Димаш Құдайберген «I am a Singer» жобасының гала-концертінде талғарлық композитор Айгүл Бажановамен бірге жазған «Махаббат бер маған, тағдыр» атты әнімді орындады.

Сол жобадан композитор миллион теңгеден астам қаржы алып, пайдаға кенелді. Ал маған қаламақы төленбеді. Жақында құжаттарымды «Қазақстан авторлары қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігіне өткіздім, – деді Мұнайдар Балмолда.

Айта кетейік, ҚР «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» заңының 46-бабында мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдардың міндеттері көрсетілген. Мұндай ұйымдар авторлық және сабақтас құқықтардың иелеріне сыйақы төлеумен бірге олардың құқықтарын пайдаланғаны, оның ішінде жиналған сыйақы мөлшері және одан ұсталған сомалар туралы мәліметі бар есептер беріп тұруға, жиналған сыйақы сомасын нақты пайдаланылуына қарай барабар бөлуге, еліміздегі авторлық және сабақтас құқық иеленушілеріне тоқсанына кемінде бір рет төлеп отыруға міндетті. «Абырой» авторлық қоғамының www.abyroy.kz сайтындағы дерекқордан өнерпаздар Ербол Ақбасов, Армат Алдамжаров, Талант Арғынғали, Мұнайдар Балмолда, Қайнар Алагөзовтың аты-жөндері көзге жылы ұшырады. «Абырой» авторлық қоғамының облыстағы өкілі Алтынай Масалимованың  айтуынша, Ақ Жайық өңірінен 20 автор  тіркелген.

– Авторлар бірлестікке интернет арқылы тегін тіркеле  береді. Олар жайында кең көлемді ақпаратты Алматыдағы уәкілетті орган ғана бере алады.

Кейбір авторлар немесе құқық иегерлері есепшоттарын жаңартқаны жөнінде хабарламайды.

Сондықтан аударылған қаражат кері қайтарылады. Мысалы, биылғы маусым айында Мұнайдар Балмолдаға қаламақы аударылған. Есепшоты дұрыс болмағаны себепті кері қайтарылғанын бухгалтер айтты, – деді ол. Масалимованың сөзінше, авторлық құқықты пайдаланушылар қатарына телекомпания, радио, кабельді операторлар, концерт пен түрлі шараларды ұйымдастырушылар, қоғамдық көліктер, кафе, ресторан, сауда үйі, дыбыс жазу студиялары, түнгі клуб, ойын-сауық орталықтары кіреді. «Көптеген мекеме-ұйымдар, кәсіпкерлік нысандары келісімшарт жасасуға құлықсыз.

Ал бізбен келісімге отырған авторлардың туындысын пайдалана бермейді. Олардың аудиториясы ресейлік немесе шетелдік орындаушыларға ықыласты, – деді  Алтынай  Зейінқызы.

Жаңақалалық әнші-композитор Ербол Ақбасовтың «Сәлем, елім!», «Фәни жалған» әндерін «Жігіттер» квартеті, «Мен саған жетемін» туындысын Тамара Асар, «Ғашығымды» Данияр Сағынтаев секілді белгілі әншілер орындап жүр. Ербол да «Абыройдан» біраз уақыт қол үзіп қалғанын, былтыр бірлестік әкімшілігіне хабарласып, мәселені қайтадан қозғағанын, нәтижесінде биыл 100 мың теңгедей қаламақы алғанын айтты. «Әндерім Астана, Алматы қалаларында орындалуына байланысты қаражат түсті. Біздің облыста авторлық құқықты қорғау жүйесін ширату керек-ақ.

Оған авторлар да бейжай қарамай, бұл бағытта қызмет ететін ұйымдармен тығыз байланыста болуы қажет. Мен «Абыройға» соңғы уақытта шыққан әндерімнің нотасын тапсырдым. Олар әндерімнің орындалып жатқанынан хабардар екенін айтты», –  деді  композитор.

«Қазақстан авторлар қоғамы» РҚБ Батыс Қазақстан бөлімшесінің тексеруші-уәкілі Айдар Қоқабаевтың айтуынша, ақылы түрде өтетін мәдени-көпшілік шаралардан түскен қаражаттың 4 пайызы пайдалану жиілігіне орай туынды авторларына бөлінеді.

Ұйымдастырушылар оның есебін шығару үшін шағын баянат парағын (рапортичка) толтырып отыруы тиіс. Мұндай есепке «Шағала» қонақүйі мейрамханасы әкімшілігі мен Ақсайдағы «Қарашығанақ» телестудиясы берік екен. Кафе, тойханалар секілді кәсіпкерлік нысандары айына бір есептеседі. Егер олардың сыйымдылығы 40 орындықтан кем болса, елдегі жалақының төменгі шегі (28 284 теңге) облыс бойынша белгіленген 0,75 пайыз төмендету коэффициентімен есептеліп, бір айға 21 213 теңге төлем жасалады. Қырықтан астам кісі қабылдайтын нысандарда осы төлем мөлшері екі еселенеді (42 426).

Жеке кәсіпкерлер, әлбетте, мұндай соманы қалтасынан шығаруға құлықсыз болатыны белгілі. Тіпті, облыстағы ірі мәдени ошақтар да баянат парағын тапсыруға бей-жай қарайды екен.

Авторлар құқын ескеруде Айдар Қоқабаев  А.  Островский атындағы орыс драма театры тиянақты екенін айтты. Қазақстан авторлар қоғамына біздің өңірден 20-дан астам автор  мен құқық иегері тіркеліпті.

Еуропа елдері өнер адамдары мен қаламгерлердің, шығармашыл тұлғалардың құқын қорғауға әбден машықтанған. Автор құқын қорғау кітап сату және баспа ісінен бастау алыпты. Германияда мұндай құжаттар 1686 жылы пайда болған. 1837 жылы бүкілгерманиялық алғашқы заң жарияланған. Суретшілердің авторлық құқығы туралы заң Англияда 1735 жылдың өзінде қабылданды. Қызықты дерек айта кетейік, туған күн құрметіне шырқалатын «Happy Birthday to You» әні 1893 жылы жазылып, АҚШ заңына сай 1935 авторлық құқығы бекітілген. 2030 жылға дейін құқық мерзімі өткенше, әнді пайдалану ақылы. Құқық қорғау органдары әннен жылына 2 млн. доллар табыс табады.

Елімізде зияткерлік меншік   құқығына қатысты мәселе өте өзекті. Интернет кеңістігі дамығалы идея ұрлау кең етек жаюда. Мұндай оқиғаға мысал көп. Қаратөбе ауданының тумасы, белгілі журналист, жазушы Құрманғазы Қараманұлының қызы Аңсаған Мұстафа елімізде мықты иллюстратор ретінде танымал. Биылғы шілде айында облыстық тарихи-өлкетану музейінде суретшінің көрмесі өтті. Аңсаған Мұстафаның әлеуметтік тақырыпта салған суреттері әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланып, қалалардағы билбордтарда орналастырылуда. Айта кетейік, Аңсаған Мұстафа өзіндік ізденісімен безендірген жейделерді ansa.kz сайты арқылы жарнамалап, табыс түсіре бастағанына үш жылға жуық уақыт болыпты. Бірақ кәсіпкер фейсбук әлеуметтік желісінде былтырдан бастап Қытайдан Алматы базарларына жейде көшірмелері арзан қақпен сатылып жатқанын хабарлады.

– ҚР Әділет министрлігінен патент алу үшін құжат жинап, рәсімдеуге бір жылдай уақыт кетті. Мемлекеттік тіркеуге 190 мың теңгеден астам қаражат төледім. Бірақ отандық патент көрші елдердің аумағында қолдануға жарамсыз болып шықты. Базарлардағы сауда нүктелерінде отырғандар уәжімді құлағына ілмеді. Олар Қытай мен Қырғызстанға тапсырыс беріп, алдыртады. Плагиат жолмен тапқан пайдаға көтерме саудамен шұғылданатындар қарық болуда. Түсінгенім, елімізде отандық тауарды қолдайтын заңгерлік қызмет  әлі дами қоймаған. Тауарлық таңбамды халықаралық тіркеуге қыруар қаражат керек, – деді Аңсаған Мұстафа.

Орал қаласындағы «Mirmanov@Partners» компаниясының басқарушы серіктесі Еркебұлан Мирманов мұндай жағдайда ҚР Қаржы министрлігі бекіткен «Зияткерлік меншік объектілерінің кедендік тізілімі нысаны және оны жүргізу» қағидаларына сүйенуге болатынын айтты. Тауар таңбасын патенттеп, бекіткеннен кейін, оны кедендік тізілімге енгізу қажет.

Сол кезде шетелден келетін көшірме тауарларға бірден тосқауыл қойылады.  Кедендік тізілімге енгізу халықаралық стандарттарға сәйкес ұзақ зерттеліп жүргізеді және қыруар қаржы талап етеді. Контрафактінің алдын алудың басқа жолы бар. Ол үшін елдегі арнайы бағалау агенттігіне жолығып, тауар құнын айқындатып алуға болады. Тауар құнының белгіленген мөлшеріне қарай әділет немесе ішкі істер құрылымы сауданы заңсыз жүргізгендермен шұғылданып, көлеңкелі кәсіп иелеріне айыппұл салады. Еркебұлан Мирмановтың сөзінше, отандық кәсіпкерлердің көбі бренд қалыптастыруда тауар таңбасын, фирма атауын, логотиптерді меншіктеудің мәні зор екенін жете біле бермейді. Оның компаниясы облыстағы  және өзге өңірлердегі 200-ден астам кәсіпкердің тауар таңбасын халықаралық  деңгейде тіркеткен.

Облыстық әділет департаментінің зияткерлік меншік құқығы жөніндегі бөлімінің басшысы Алтай Маштақов кейбір шаруашылық субъектісі құқық иегерінің келісімінсіз тауар белгісі мен фирмалық атауларды қолданатынын айтты. Биыл ҚР халықаралық компания өкілдерінен түскен шағымға байланысты «Тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауар шығарылған жерлердің атаулары» туралы заңына сәйкес жоспардан тыс тексерулер жүргізіліп, «Старлайн», «Reebok», «Adidas», «Toyoto» FIFA – «QUALTY – PRO» тауар таңбаларын компаниялар келісімінсіз жарнама жасау мақсатында пайдаланғандар анықталды. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 158-бабына сәйкес жеті кәсіпкердің әрқайсысына 30 АЕК көлемінде айыппұл өндіру жөнінде әкімшілік сот шешімі шыққан.

–  Жергілікті кәсіпкерлер зияткерлік меншік құқығын бұзудың салдары өте ауыр екенін біле бермейді. Қазақстан бұл бағытта халықаралақ  заңнама талаптарымен жұмыстанады. Дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі бойынша еліміздің позициясын нығайтуда әділет құрылымдарының рөлі зор. Бұл бағытта облыс бойынша түсінік жұмыстарын белсенді жүргіземіз. Зияткерлік меншік құқығын сақтаудың маңызы зор екеніне тоқталамыз. Айта кетейін, ҚР Қылмыстық кодексінің 198-бабы (авторлық және сабақтас құқықтарды бұзу) мен 199-бабы (өнертабыс, пайдалы модель, өнеркәсіптік үлгілер, селекциялық жетістіктер) бойынша құқықбұзушылық жасағандар бір жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз жиырма сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартумен жазаланады, – деді Алтай Маштақов.

Нұртай   ТЕКЕБАЕВ,

nurtai_din@mail.ru


Шөп шығымы шамалы, қырдағы қазақтың халі нешік?..

Күні: , 214 рет оқылды

Бәлкім, біз бәзбіреуге «Шөп шығымы шамалы» деп күн ілгері сары уайымды сапырып, байбалам салғандай көрінерміз. Бірақ тура осы мәселеге қатысты облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мен біраз ауданнан түскен мәлімет-мағлұматтар біздің үшбу қаупімізді растай түсті. Тіпті, шөп шығымының нашарлығын, сол себепті алдағы алты ай қыста мал азығының тапшылығы қатты сезілуі кәдік екендігін күні кешегі брифингте Бөкей ордасы ауданының әкімі Нұрлан Рахымжанов та тілге тиек етті. Демек, ауылдағы шаруа баққан ағайын қамсыз қалмаса екен…

Бүгінде ауылдағы кейбір ағайынның күнделікті әл-ауқаты мен тұрмыс-тіршілігі қорасындағы азын-аулақ малға қарап тұрғаны жасырын емес. Барынша бәйек боп баптаған малын өзі ойлаған бағасына сатуы немесе өзіне азық қылуы малдың күйіне тікелей қатысты екендігі де шындық.

Өңірімізде құнарлы екпешөп мал азығы жоқтың қасы.

Ал жем ретінде пайдаланылатын дәнді дақылдарды алып, малға беруді екінің бірінің қалтасы көтермейді. Сондықтан ауыл-аймақтағы ағайын негізінен табиғи шөпке ғана үміт артады. Табиғаты құбылмалы келетін біздің өңірде бір жылдары табиғи шөп мол шықса, кейде көктемде жауын жаумай немесе күн жылынбауы салдарынан өнім аз болады. Мал азығын дайындаудың биылғы жай-күйі туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары не дейді?

— Биыл облыс бойынша 1429 мың тонна мал азығын жинап алуымыз керек. Қазіргі уақытта жоспар 31 пайызға орындалды. Былтырғыдан 53 мың тонна шөп қалды. Өткен жылы өнімділік орташа есеппен гектарына 5,1 центнерден болған болса, биыл шығымдылығы аздау, яғни орташа есеппен 3,4 ц/га құрап отыр. Табиғи шөптің бітік шықпауына көктемгі ауа райының қолайсыздығы әсер етті. Облыс аумағында екі ай құрғақшылық болып, жаңбыр жаумады. Бірақ шаруашылықтар керек шөбін дайындап аламыз деген бағыт ұстанып отыр. Әр аудандағы шөп бағасы шығымына қарай әр түрлі. Табиғи мал азығына деген сұраныс көбейсе, оның бағасы да қымбаттайтындығы белгілі, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Қуанышқали Есімов.

Осы азаматтың айтуынша, соңғы жылдары кейбір шаруашылықтар өздеріне қажетті шөпті жинаған соң, далада қалған артық азықты игере алмағандықтан, тұрғындардың тасып алуларына мүмкіндік  беріпті. Мал азығын сатумен арнайы айналысатын да шаруалар бар. Биыл 20 мың гектарға көп жылдық, сонымен қатар 26 мың гектарға бір жылдық шөп егілген. Облыс бойынша мал азығына қажетті шөпті басқа өңірлерден сатып алатындай қажеттілік жоқ. Мысалы, біздің оңтүстік аудандар Ресейдің көршілес өңірлерінен жем әкеледі. Шөп шығымы жақсы аудандармен келісімшарт бойынша сабан, шөп тасып алады. Өзара тығыз байланыстағы шаруашылықтар арасындағы мұндай жұмыстар бұрыннан бар. Шөп шабу науқанына жанармайдың литрі жеңілдетілген бағамен, яғни 155 теңгеден берілуде.

– Жалпы, облыс бойынша мал азығын дайындау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Көктемгі ауа райының қолайсыздығы, жауын-шашын мөлшерінің аз түсуіне байланысты табиғи жайылымдар мен шабындықтарда шөп сирек әрі аласа шықты. Сол себепті шөптің орташа шығымдылығы 3,4 ц/га құрауда. Бүгінде өңірде 400 мың тонна мал азығы дайындалды. Бір арба бос шөптің нарықтағы бағасы 30 000-35 000 мың теңге аралығында. Бір бума шөптің құны (руллон) 4000-4500 теңге, ал шағын престің бағасы 300-350 теңге. Мал азығын ең көп қажет ететін Қазталов және Ақжайық аудандары болып отыр. Шөп дайындау науқанына облыс аумағында 3083 орақ қатысуда, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Алмагүл Оразғалиева.

Жоғарыда айтқанымыздай, табиғи шөптің шығымы табиғи жағдайға тікелей тәуелді. Мамандар берген мәліметке сүйенсек, Қазталов ауданында шөптің өнімділігі гектарына 5,2 центнер болса, Зеленовта 5,0 ц/га, Теректіде 4,6 ц/га болып отыр. Ал бұл көрсеткіш Жәнібек ауданында 2,6 ц/га, Тасқалада 2,7 ц/га, ал Ақжайықта гектарына 2,8 центнерді құрауда. Қарапайым тұрғындарға сатылатын әр арба шөптің құны осы өнімділік  көрсеткішіне  байланысты  болмақ.

Ясипа  РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»


Кешенге қатысты жаңа жоба

Күні: , 49 рет оқылды

Биылғы  жаз  айларында  «Қазақстанның  100  киелі  жері»  республикалық  тізіміне  енген  Бөкей ордасы  ауданының  Хан  ордасы ауылындағы  тарихи-музей  кешені мен  үш  мавзолейден  тұратын пантеонды  екі  мыңнан  астам  адам келіп  көрген.  Бұл  туралы  аймақтық  коммуникациялар  қызметінде  өткен  брифингте  айтылды.

Аудан әкімі Нұрлан Рахымжановтың  айтуынша, демалуға келушілерге 16 400 гектар жерді алып жатқан қарағайлы орманның, құмның емдік қасиеттерін пайдалануға жағдай жасалуы керек. Сонымен қатар спорттық және сервистік қызмет көрсету нысандарын, этноауыл салу да – ойдағы

шаруа. Тарихи-музей кешенінің басшылығымен бірге құны 2 млрд. 400 млн. теңгені құрайтын жоба-жоспар жасақталған. «Бұл жоба қаржының шешілуіне қарай жүзеге асады», – деді Нұрлан Сағынтайұлы.

Алдағы уақытта ауданға қарай жаңа жол салынса, тарихи әрі киелі орынға туристердің ағылары анық. Сондықтан сервистік қызмет көрсету нысандарын салу мәселесі де аудан басшылығының назарында. «Бұдан екі-үш жыл бұрын бірде-бір кафе жоқ-тұғын. Қазір екі кафе, шағын қонақүй жұмыс істейді. Тұрғындарды сервистік қызмет көрсету нысандарын, қонақүй, қоғамдық тамақтандыру орындарын ашуға тарту бағытында жұмыстанудамыз», – деді Н. Рақымжанов.

Сондай-ақ ауданда әуежай құрылысын салу жұмыстарына дайындық жүруде. Аудан әкімі тиісті жер телімі бөлінгенін айтты. «Әуежай тек Сайқында емес, сонымен қатар Хан ордасы ауылында да салынады. Бұл мәселемен облыстық жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары басқармасы айналысуда. Қазір жобалық-сметалық құжаттама жасалуда. Алдағы уақытта әуежай құрылысының  жобасы жүзеге асырылады, – деді Нұрлан Сағынтайұлы.

Бөкей ордасы ауданында биылғы жылғы ауа райының қиындықтарына қарамастан, мал азығын дайындау жұмыстары тиісті деңгейде жүріп жатыр. Бірақ қысқы мал азығының жетіспеушілік қаупі бар. Аудан әкімі Нұрлан Рахымжановтың сөзіне қарағанда, биыл аудандағы мал санына байланысты 134 мың тонна шөп дайындау жоспарланған. Қазіргі уақытта 32 мың тонна шабылған және мұның сыртында былтырғы жылдан қалған сегіз мың тонна мал азығының  қоры  бар.

– Аудан аумағына жаңбыр төрт-бес күн бұрын ғана  бастап жауды. Одан бұрын жауын-шашын болған жоқ. Шабындық жердің жартысына жуығы полигон аумағына кіреді. Онда оқу-жаттығулар жүріп жатыр. Солай болғанымен, полигон басшылығына жолығып, шаруашылықтарға мал азығын дайындап алуға мүмкіндік берудеміз. Аудандағы шөп қоры мол қожалықтармен, көршілес аудандармен шөп шабу жөнінде келісімдер жасалуда. Күзде біздің аудан-ауылдағылар жусан шабады. Жаңбырдан кейін ол тұщыланады. Соған үміт артудамыз. Жасыратыны жоқ, округтер бойынша жасаған есеп-қисабымыз бойынша қысқы мал азығының  жетіспеушілік  қаупі бар, – деді аудан әкімі.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

 «Орал  өңірі»


Бағбан мұғалім

Күні: , 99 рет оқылды

Тельман  Исатаев  Сырым  колледжінде  алғашқы  әскери дайындық  пәнінің  оқытушысы  болып  қызмет  істейді.  Ал  жазғы еңбек  демалысында  ол  бақша  егумен  айналысады.

Мұғалім  жетекшілік ететін «Амандық» шаруа қожалығының бақшасы 6 гектарды құрайды. Үш гектар алқапқа картоптың «Королева Анна», «Лотона» және «Гала» сорттары егіліпті. Қазір алқап гүлдеп тұр. Қожалық басшысы Тельман Исатаев әр гектардан 260-280 центнер картоп өнімін алуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар пияз, қызанақ, қарбыз, қауын, асқабақ сияқты көкөністерден де жақсы өнім күтілуде. Бақша Шідерті өзені арқылы мотормен суарылуда.

– Қыркүйек айының соңында жиын-терім басталады. Бақша өнімдерін саттыққа шығарамыз. Жылдағы дәстүр бойынша аудан орталығында өтетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне қатыспақпыз. Өнімдерімізге халықтың сұранысы жоғары. Тіпті бақшаның басынан үйлеріне тікелей тасымалдауға ұсыныс білдірген тұрғындар да бар. Былтыр өнімдеріміз аудан орталығының өзінен ауыспай қалды. Биыл басқа ауылдық округтерді де қамтығымыз келеді, – дейді Тельман Исатаев.

Екі жылдық тәжірибесі бар қожалық иесі бақша еккен кәсіпкерлерге мемлекеттің қолдау көрсеткенін қалайды. Әйтпесе, тұқым сатып алу, жерді өңдеу, алқаптарды дайындау, егу, суару жүйесін жүргізу, өнімді жинау, тасымалдау сияқты жұмыстардың  шығыны аз емес. Биылғы өнім жақсы табысқа шығарса, қожалыққа трактор сатып алуды бірінші кезекте мақсат тұтып отыр.

«Амандық» шаруа қожалығы биылдан бастап бақшамен қатар құс шаруашылығын да қолға  алды.

Бауыржан   ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым   ауданы


Байдарканың «баһадүрлері»

Күні: , 33 рет оқылды

Кеше  облысымызда  байдарка  мен  каное  есуден  жасөспірімдер  арасындағы  Қазақстан  Республикасы  «Қайық»  федерациясының  кубогі  үшін  жарыс  басталды.

Сайысқа біздің өңірдің спортшыларымен қатар Қызылорда, Атырау, Алматы, Қарағанды облыстарының  жасөспірімдері  қатысуда.

Жайық өзені бойындағы «Динамо» спорт кешенінде өткен жарыстың ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және  дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Асқар Есімов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаева қатысты.

– «Қайық» федерациясы ұйымдастырған алғашқы республикалық сайыстың біздің өңірде өткізілуі тегін емес. Қайық есу сайысы сонау 50-жылдары біздің облысымыздан бастау алған. Өңір спортшыларының жеткен жетістіктері де аз емес. Халықаралық деңгейдегі жарыстарға қатысып, елдің намысын қорғап жүрген Александр Акунишников сықылды ардагер жаттықтырушымызды, Алексей Дергунов, Андрей Ергучев есімді спортшыларымызды мақтан тұтамыз. Жасөспірімдер  арасындағы осындай додаларда біздің жас спортшыларымыз шыңдалып, өңірдің, елдің намысын қорғайтын жаңа есімдер шығатынына кәміл сенеміз. Жарысқа қатысушы барлық командаға сәттілік тілеймін, – деді сайыстың  ашылу  салтанатында  сөз  алған  Ғабидолла  Абдоллаұлы.

Бес өңірдің жасөспірімдері бақ сынайтын жарыс 28 шілде күні қорытындыланбақ.

Нұрбек   ОРАЗАЕВ,

«Орал   өңірі»

Рафхат  ХАЛЕЛОВ


Рухани құндылықтарды жандандыру қажет

Күні: , 36 рет оқылды

Дүйсенбі  күні  облыс  әкімдігінде  ҚР  Парламенті  Сенатының  депутаты,  Қазақстан  Республикасының  бала құқықтарын  қорғау  жөніндегі  уәкілі  Сәуле  Айтпаеваның   қатысуымен  дөңгелек  үстел  өтті.  Облыс  әкімінің  орынбасары  Ғабидолла  Оспанқұловтың  төрағалығымен  өткен  жиынға  мемлекеттік  мекеме  мен  ҮЕҰ-ның  басшылары,  сондай-ақ   БАҚ   өкілдері  қатысты.

Облысымызда 0-18 жас аралығында 180 мыңнан астам бала бар. Олардың құқықтары  мен мүдделерін қорғау бойынша қорғаншылық және қамқоршылық құрылымдарының 18 маманы жұмыс істейді. Жұмыс жүктемесінің көптігінен мамандар  жиі  ауысады.  Сондықтан да, ең болмағанда,  3000 балаға бір маманнан келетіндей, қамқоршылық, қорғаншылық бағытындағы жұмыс бірліктері көбейсе, – деді  басқосуда сөз алған облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова.

Қазіргі күнде өңірімізде  жетім, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған 906 бала бар екен. Оның 720-сы түрлі бағыттағы қорған-шылық, қамқоршылық және патронаттық тәрбиеге берілген. Ал 151-і арнайы мекемелерде болса, арнайы орта және жоғары оқу орындарында оқып жүрген 35-і жасөспірімдер үйінде тәрбиеленуде.

Жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Кенжебек Құспаевтың айтуынша, жасөспірімдер арасындағы қылмыс саны өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға төмендеген. Кәмелетке толмағандар арасында орын алған қылмысқа талдау жасағанда, бөтеннің мүлкін ұрлау қылмысы жиі кездесетіндігі анықталған. Мәселен, биылғы жылдың алты айында болған 63 қылмыстың 28-і бөтеннің мүлкін ұрлау екен. Сондай-ақ Орал қаласы мен Қазталов ауданында жасөспірімдер арасында қылмыс саны көбейген.

Биылғы алты айда өз-өзіне қол жұмсау деректері төмендегені байқалады. 2017 жылы алты суицид  жағдайы мен өз-өзіне қол жұмсауға ұмтылған сегіз дерек анықталса, биыл екі суицид жағдайы орын алып, бір өз-өзіне  қол жұмсауға ұмтылу дерегі тіркелген.

Облыстық денсаулық сақтау  басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Әбдірахманованың мәлімдеуінше, өңірімізде 66 жасөспірім жүктілікпен тіркелген. Биыл 4132 бала түрлі жарақаттармен облыстық көпбейінді балалар ауруханасы мамандарының көмегіне жүгінген. Оның ішінде  тұрмыстық жарақат – 1598, көше жарақаты – 1713, мектепте болған – 450, спорттық орындарда – 308, жол апатында 63 оқыс жағдай орын алған.  Сондай-ақ Гүлнәр Мақсотқызы ерте жүктілік пен жыныс жолдарымен жұғатын аурулардың қауіптілігін түсіну үшін мектеп бағдарламасына арнайы бағдарлама енгізілсе деген  ұсынысын  ортаға  салды.

Отырыста ата-ананың қамқорлығынсыз  қалған балаларды патронаттық тәрбиеге беру жүйесіндегі жұмыстарды жетілдіру,  мүмкіндігі шектеулі балалардың өзекті мәселелері сала мамандарының назарынан тыс  қалған  жоқ.

Қазақстанның бала құқықтары жөніндегі уәкілі Сәуле Айтпаева үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің бірқатар сауалдарына жауап беріп, бала құқықтары жөніндегі институт қалыптастыру және елдегі кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жағдайы туралы жан-жақты әңгімеледі. Балаға үлкендер тарапынан қарапайым мейірімінің жетіспейтіндігін тілге тиек еткен уәкіл  аналарымыз бен әжелерімізден қалған рухани құндылықтарды жандандыру қажеттігін баса  айтты.

Гүлжамал   ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал   өңірі»

Сәуле Айтпаева жуырда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өкімімен Қазақстан Республикасының бала құқықтары жөніндегі  уәкілі  болып  тағайындалды.

Сәуле Мұханбедианқызы 1960 жылы Торғай облысында дүниеге келген. Еңбек жолын аудандық прокуратураның кеңсе меңгерушісі болып бастаған. 2017 жылдың қаңтар айына дейін Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетін басқарған. 2017 жылдың шілде айында Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып тағайындалған.

С. Айтпаева – қазақ  қыздарынан  шыққан  тұңғыш  генерал.


Жылқы қылынан өрілген кілем

Күні: , 2 071 рет оқылды

Кілемнің иесі – Атырау облысының Махамбет ауданындағы Таңдай ауылының тұрғыны болған Исмағамбет ата мен Әмина әже.

Кілемді 1905 жылы туған ұлы Түсіп пен келіні Талшын, сосын 1933 жылы туған немересі Ыбырайым мен келіні Сұлухия апамыз тұтынған. 158 жылдық тарихы бар бұл кілем қазір Ақжайық ауданының Базаршолан ауылындағы Ғ. Махамбетов атындағы мектептің музейінің жәдігері.

2008 жылы ашылған музейге үшбу кілемді Сұлухия әжеміз арнайы  сыйлаған.

Б. БАЙЖИЕНОВА,

«Шежіре» мұражайының жетекшісі,

Базаршолан ауылы,

Ақжайық ауданы


Қазға «көзілдірік» кигізген Төлеу

Күні: , 205 рет оқылды

Құс өсіру – Чапаев ауылының тұрғыны Төлеу Айпеновтің сүйікті кәсібінің бірі.

Өткен жылдың сәуірінде тауыққа қоса, қаз өсіруді бастады. Алдымен аналығы мен аталығын сатып  алған-ды. Көп ұзамай аналық қаздың бауырына Оралдың инкубаторында шығарылған он сарғыш-сұр балапанды салды. Бұлар қанаттана бастаған кезде ауылдасынан он қоңырқай балапанды әкеліп, сол аналық қазға «тапсырды».

Кенже балапандар бауырын көтеріп, «тентектікті» бастай бергенде, Төлеу бір шыжықты байқайды. Аталық пен аналық «қаралардан» бұрын сарғыш-сұр балапандарға бой үйретіп қалғандықтан, кенжелерін жатырқап, шетқақпай жасап, әлімжеттік көрсете бастайды. Не істеу керек? Төлеу дереу әйелдердің кәдімгі қара капрон шұлығын шақтап қиып, үлкен қос қаздың басына кигізеді. Мұны аналық пен аталықтың көзіне «көзілдірік» дейсіз бе, өзіңіз біліңіз. Бастысы, ересек қаздар үшін балапандардың бәрі бір түсті, бөтені жоқ.  «Е, жарар, бәрі бір түсті, өзіміздей» дейтін секілді. «Құда да тыныш, құдағи да тыныш».

Көрші-көлем «Төлеудің шығармайтыны жоқ» деп таңғалып жүр.

Қазір ауладағы басқа құспен бірге қаз балапандарының амандығына үйдегі немерелер де бас-көз болуда.

Балапандар болса, күн санап өсіп келеді.

Еуропадағы чехтар сиырлардың берген шөптен қалдық қалдырмай, сояуына дейін түгел жеп қоюы үшін түліктердің көзіне жасыл әйнекті көзілдірік кигізіп қойғанын естігенбіз. Төлеу Айпеновтің амалы да сондайға, яғни «Естімеген елді көпке» жақын емес пе?..

Бекем  БЕКҰЛЫ,

Ақжайық  ауданы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика