Мұрағат: 24.07.2018


«Жайықты құтқару үшін құзырлы құрылым керек»

Күні: , 60 рет оқылды

Кеше М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде Қазақстан, Австрия, Ресей және Өзбекстанның ғалымдарының қатысуымен «Трансшекаралық Жайық өзені бассейнінің өзекті мәселелері.

Шешу жолдары. Трансшекаралық бассейндердің экожүйесін басқарудағы озық тәжірибелер» атты дөңгелек үстел өтті.

Аталған шараға облыс әкімі Алтай Көлгінов, РФ Орынбор облысының губернаторы Юрий Берг, Атырау облысы әкімінің орынбасары Әлібек Наутиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Шавхат Өтемісов,  сенатор Сәуле Айтбаева, РФ Мемлекеттік думасының депутаты Юрий Мищеряков, ЕЫҚҰ Астанадағы бағдарламалар кеңесі басшысының орынбасары Диана  Дигол  қатысты.

Дөңгелек үстелді ашқан ҚР Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Елена Тарасенко шараның басты мақсаты Жайық өзенінің экологиялық жағдайын саралау, Жайық өңірінің туристік ресурстары және табиғатын насихаттау, Батыс Қазақстан және Орынбор облыстары тұрғындарының арасындағы достық қарым-қатынасты  дамыту  екендігін айтты.

– Екі ел үшін зор маңызға ие ұсынысымызды қолдап, игі бастамаларда қатарымыздан табылатын Юрий Берг бастаған орынборлық делегацияға алғысымыз шексіз. Осы сәтті пайдаланып, ресейлік ағайынды халықаралық футбол додасын жоғары деңгейде ұйымдастырып, өткізулерімен құттықтаймын. Өзекті мәселеге арналған мұндай басқосудың жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылуы бізді қуантады. Өткен жылғы дәл осындай кездесуде екі шекаралас облыс арасында «Жайық күні» мерекесін атап өту ұсынылып, Орынбор әкімшілігі тарапынан қолдау тауып, алғаш рет сол облысқа қарасты Елек қаласында тойланған болатын. Биылғы жылы біздің қатарымызға көршілес Атырау облысы да қосылып отыр. Енді бұл мереке үш облыс көлемінде аталып өтілетін болады. Қарт Жайық біздің ортақ байлығымыз, мақтанышымыз. Оны осы қалпында сақтап, келер ұрпаққа аман жеткізу де бірлікпен атқарылатын іс. Жайық өзенінің бойында 87 елді мекен орналасса, ол жерлерде өңір халқының 75 пайызы тұрады. Облыс аумағындағы өзен-көлдерге құятын судың 80 пайызы көршілес Ресей елінен келеді. Өздеріңізге белгілі, 2016 жылы Астана қаласында Қазақстан мен Ресей Президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин «Жайық трансшекаралық өзені бассейнінің эко-жүйесін сақтау жөніндегі» мемлекетаралық келісімшарттың жобасына қол қойған болатын.

Бұл да болса, 20 жылдан астам уақыт өткізіліп келген екі еларалық экспедицияның нәтижесі. Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен Ресей Федерациясының Табиғи ресурстар және экология министрлігі бұл маңызды келісімді одан әрі іске асырады деген ойдамын. Қазақстан мен Ресей елдері халқын біріктіретін өзенді сақтауға, барлық салалардағы мемлекетаралық ынтымақтастықты тереңдетуге және тату көршілік қарым-қатынастардың жаңа деңгейіне жетуге бағытталған мақсаттарға қол жеткізетініне шын жүректен үміттенемін. Бұл кездесу екі жаққа нақты шаралар мен ұсынымдар әзірлеуге мүмкіндік берері сөзсіз, – деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Айта кетейік, «Жайық – Орал» тарихи-мәдени экожорығы биыл 22-мәрте ұйымдастырылып отыр. Оған әу баста тек оралдықтар қатысса, соңғы 16 жылда бұл шара Ресейдің Орынбор губерниясымен тығыз байланыста өтіп келеді. Өйткені, Жайықтың жағдайы – оны жағалай жатқан екі облыстың  да  тұрғындарына  ортақ.

Нұрбек   ОРАЗАЕВ,

«Орал   өңірі»


Көршіңізбен қалайсыз, ағайын?..

Күні: , 150 рет оқылды

Жүктерін тиеп, абыр-сабыр күйде жиналып жатқан отбасы мүшелеріне  қоштасып, ақ жол тілеуге тума-туыс, дос-жаран, көрші-көлем көптеп жиналды. Тым көңілшектік пе, әлде көшкелі тұрған жандар  жаныма жақын  болғандықтан ба, әйтеуір, моншақтап тамған көз жасымды тия алмай жылағаным бар. Сонда ауылын қимай, көзі мөлдіреп тұрған Сайын атам «Мектеп бітіргесін, бізге келесің. Жылама» деп жұбатқаны әлі есімде… Ессіз үйді көрген сайын қимастық сезім кеудемді кернеп, көңілсіз күй кешетінмін. Ауылдан көшіп, бала көңіліме қаяу салған адамдар – бар болғаны іргелес тұрған көршілер болатұғын. Екі үйдің ортасында алаңсыз да армансыз еркелеп жүрген бала жүрек оларды туысқандар деп қабылдапты.

Бір-бірімен ренжіспей, қатар ғұмыр кешкен көршілер уақыт өте туыстай болып, тілек те, тірлік те біте қайнасып кетеді емес пе?! Күйбең тірлікпен, жұмысбастылықпен кейде көп нәрсеге мән бермей, бір күндік өмірмен күн өткіземіз.

Өзімізше «шаршап-шалдығып» жүргенде айналамыздағыларды елемей, іргелес көршілерді көзге ілмей, өзімшілдікке салынып, оқшауланып алатынымызды байқамаймыз. Сөйтіп жүріп, қазақ халқы қашаннан құрметтеп сыйлаған, ұлт мәдениетінің тағы бір көрінісі болып саналатын көршілік татулық туралы әсте ұмытып кетеміз. Мұсылман түрік жұртында көршілікке ерекше көңіл бөлген. Содан көршілерге қатысты жөн-жоралғылар, әдептер пайда болып, іргелес көршілер осыны басшылыққа алып отырған. Бұдан кейін, әрине, өзара сыйластық, қамқорлық, сенім мен бауыр басу қалыптасады. Сондықтан кімде-кім жаңа үйге қоныс аударуды жоспарласа, жаңа көршілердің қандай екеніне мән берген. Осыған орайлас «Көршілер тату болса, туысқанға айналады», «Жақсы көрші тапқаның – көп олжаға батқаның» деген мақалдар  да бар.

Әлдебіреу туралы мағлұмат алу үшін де танымайтын адамдар көршілерінен егжей-тегжейлі сұрап білетіні тағы бар. Олар  сізге қандай мінездеме берсе, сіз сондай мінездемеге лайықсыз деген сөз. Бұл енді даусыз шындық.

Иә, адами тұрғыдан ойлап қарасаң, «Адам күні – адаммен» демекші, күнделікті өмірде әркім-ақ көршіні қажетсінетіні хақ. Аяқ астынан бір көмек керек болып қалса, жақын жердегі көршіңе жүгіріп барасың. Аракідік балаларыңды тастап кетуге, алысқа сапар шеккенде шаңырағыңды қарасып тұруға, тіпті демалыстарда әңгіме-дүкен құрып, шай ішсең де жақын жердегі көршіңнен артығы жоқ.

Ислам діні де көршілермен сыйластықта болуға шақырады. Бұл туралы қасиетті Құранда: «Аллаға құлшылық қылыңдар. Оған ешкімді серік қоспаңдар. Әке-шешеге, туыстарға, жетімдерге, кедей-кепшіктерге, жақын көршіңе, алыс көршіңе,  жаныңдағы жолдасыңа, қаражаты таусылған  жолаушыларға, қолдарыңа  қарағандарға жақсылық жасаңдар. Алла тәкаппарлықты жақсы көрмейді» делінген («Нисса» сүресі, 36-аят). Аятта мұсылман қауымына тиесілі маңызды міндеттердің ішінде көршінің де аты аталған.

Бақытқа тұнған, сағым болған балалығымнан қалған естеліктердің ішінде туыстай болған көршілерім мәңгілік сағыныш боп, жадымда сақталып қалыпты. Сайын атам мен Роза әжемнің үйіне емін-еркін кіріп, қона жатып, балаларын жақынымдай жақсы көруім… Әжемнің Алладан кейінгі көмек берер дәрігер досы Нағима әжем, олардың кезекпен ішкен тәтті шайлары… Қонақ келгенде Гүлжиян апа, Люция апа мен Нұрсәуле апаларымның тыным таппай зыр-зыр жүгіріп көмектескен кездерін ойыма алсам, таңғаламын… Ал марқұм Сайын атамның үйіне қалаға барып, студент атанғаннан кейін де өз үйімдей еркін барып жүрдім. Ешкім жатсынбады, керісінше өз қыздарындай қорғаштады. Оларға тән  мейірімділік пен адам жанын жылытатын шапағат  неден  пайда болады екен? Менің ересек көздерім қазіргі таңда мұндай көршілерді көрмегелі көп болды. Көрші түгілі, өз тумасына қолұшын беруден қашатын қыз-келіншектер бар. Ал кез келген ауылдың қара домалағы қаладағы тумаларына емін-еркін бара алмайды. Көкейде қайтадан «Неліктен?» деген сұрақ туындайды.

Шыны керек, бір-бірімен араласпайтыны өз алдына, отбасы мүшелерінің есімдерін толық білмейтін көршілер де болады. Кейбір көршілердің есігінен адам түгіл  жел өтпейді. «Көрші ақысы – Тәңір хақысы» деген қағиданы ұстанған қазақтар заман ағымына байланысты өзгерді деушілер табылар, әрине.  Әйтсе де, қандай қоғамда болмасын, өзімшілдікке салынып, оқшауланбай, бір мезет көршілерімізге көңіл аударсақ, мейірімімізді аямасақ, сондай жауап алармыз бәлкім.

Бұл жерде  адам бойындағы қарапайымдылық, қазақи қонақжайлық, бауырмалдық, кішіпейілділік пен мәрттік қасиеттер ауадай қажет. Көршімен сыйластық – ел-жұрттың сыйластығын, көршімен татулық – қоғамның татулығын құрайды.

Ал сіздердің іргелес көршілеріңіз қандай? Көршілеріңіз туралы не айтар едіңіз, көшіп-қонып, ұрпағы тұрақтаған қазағым?

Әсемгүл    ҚУАНҒАЛИЕВА,

Жәнібек   ауданы


«Тарта жесең, тай қалады…» немесе Рейганның баласына жазған хаты

Күні: , 253 рет оқылды

Мынадай  бір  аңыз  бар. Бір  адам  жігіт  болған  баласына  алтын,  күміс  беріп, шебер досына  кәсіп  жасауға жібереді.  Жігіт  әлгі  шеберге келсе,  от  жағып,  бір нәрсе жасап  жатыр  екен.  Жігіт қолындағы  алтын,  күмісті  береді  де  келген  шаруасын  айтады.  Содан  кейін қалтасынан  шылым  алып, сіріңкесімен  тұтатады.  Сол кезде  шебер: –  Қарағым, сен  келген  ізіңмен  кері  қайт. Сенен  шаруа жасап,  кәсіп қуатын  адам  шықпайды. Өйткені  шылымды  тұтату  үшін  қасыңда  жанып жатқан  отты  пайдаланбай,  қалтаңдағы  сіріңкені пайдаландың.  Үнем  білмейтін   адам  байымайды, – депті.  Бұл аңыз  әңгімені  неге  келтіріп отырмын?

Наурыз мерекесінің демалыс күндері Орал қаласына бардым. Мына бір көріністің куәсі болдым.

9 шағынаудандағы көп қабатты үйлердің жанындағы контейнер тұрған жерге осыдан 5-10 жыл бұрынғы шығарылған диван мен креслоны шығарып тастаған. Шамасы бұл жиһаздың иесі жаңадан мүлік алып немесе үйіне заманауи жөндеу жасаған болар… Осыны көріп тұрғанда, ауылдағы көрініс те көз алдыма елестеді. Тума-туыстарымыздың үйлеріне бара қалсаң, әсіресе, балалар киімін үстеріне сыймай қалғандықтан, қапқа салып, өртеп жіберіп жүргендерін де көріп жүрміз. Сондай-ақ ескі жиһаздарды аула-қораның ішіне лақтырып тастап, пайдасыз жасап жатқандар да баршылық.

Егер біздер ескі-құсқы немесе қолданыстан шығып қалды деп дүниелерді лақтырып, жаңасына қол созатын болсақ, үйдің капиталы құрала ма?.. Немесе үлкеннің болсын, кішінің болсын киімдерін де орынсыз жаңарта берсе, мұнда да үнемшілдік бола ма?! Әрине, осы бір сөздерге айтар жауап та дайын. Ол – қазір дүкенде толып тұрған заманауи жиһаздар не болмаса жаңа үлгідегі киімдер тұрғанда ескіні не қыламыз?! – деген жауап. Иә, заман көшінен қалуға болмайды. Бірақ біз маңдай термен тапқан қаржыны үнемдеуді жоспарламаймыз. Мәселен, жоғарыда айтқан көшеге шығарылып тастаған диван мен креслоны жаңа үлгіде шеберге жөндетіп сатса, ол қаражат емес пе?! Немесе үлгіден қалған киімді қолы шебер тігіншілерге беріп, жаңаша киім тігуге, болмаса сол киімді өздерінен кейінгі кішкентайларға кигізсе, бұл да үйдің капиталына қосылған үлес болған болар еді. Жалпы шындығы керек, халқымыздың дархандығы сондай кең болса, шашпашылдығы да сондай. Осындайда «Ұлы адамдар өмірінен» атты кітаптан оқыған мына бір деректі келтірейін. АҚШ-тың 40-шы президенті Рональд Рейганның баласы Париждің университетінде оқыған екен. Баласына электронды пошта арқылы жазған хатында: – Балам, сабағың, тәртібің қалай?

Есепшотыңдағы қаржыны қалай жұмсаудасың? Үнемдеп жүр, – деген сөздер бар екен. Ал осыған назар аударсақ, алып Американы басқарып отырған Президент баласына ақша таба алмай отырған жоқ. Ол баласына үнем туралы  айтып  отыр.

Мейлі бай болайық, мейлі кедей болайық үнемді ойымыздан шығаруға болмайды. Бұл көреген халқымыздың «Тарта жесең, тай қалады, қоя жесең, қой қалады» деген мақалымен үндесіп  тұрған  жоқ  па, ағайын?!

Мөлдір  ӘНУАРБЕК,

Қазталов  ауданы


БАЗАРДЫҢ БYГIНГI «АЖАРЫ»

Күні: , 1 344 рет оқылды

Орал қаласының Әбубәкір Кердері және Фрунзе көшелерінің қиылысындағы орталық базар маңы қатты ластанып кеткен. Базардың кіреберісіне қоныстанған сатушылар мен таксистердің маңынан өтсеңіз, ары қарай сасыған қоқыс арасына күмп ете қаласыз.

Қаланың барлық күл-қоқысы дәл осы көше бойындағы базарға мықтап «қоныс тепкен бе?» дерсіз. Тіпті бірнеше күннен бері үсті-үстіне үйіліп жатқан қоқыстың сасық иісі қолқаны қабады. Қала халқы ең көп шоғырланатын сауда орнындағы сұрықсыз көріністен жағамызды ұстадық. Санитарлық жағдайдың мүлдем сақталмай тұрғаны алаңдатады. Алайда жаздың күні қауіпті жұқпалы аурулардың өрши түсетіндігін ешкім де қаперіне алып жатпаған секілді. Саудагерлер қоқыстың маңында қарбыз-қауын, балық секілді тағам түрлерін сатып тұр.

– Бұл қоқыстың жатқанына бес күндей болды. Бұрын арнайы қоқыс жәшіктері тұрушы еді. Олар күніне екі-үш мәрте тазаланатын. Ал бүгінде ол жәшіктердің қайда кеткенін білмейміз. Жәшіктердің жоқтығына қарамастан, саудагерлер үйреншікті жерлеріне қоқыс төгуді тоқтатар емес. Ол қоқыс аптасына бір рет тазаланса, тазаланады. Әйтпесе, жуырда тауға айналатын түрі бар. Бұл жағдайдың орын алғанына екі айдай уақыт болды. Екі-үш үлкен қоқыс жәшігін орналастырып, оны күніне тым құрығанда екі мәрте босатып, тазалап тұрса, жақсы болар еді. Бұл жерде саудамыз да жөнді жүрмейді. Өйткені сасық иістен қашқан тұрғындар мұрындарын бітеп, жанымыздан тез-тез өтіп кетуге тырысады. Осы маңдағы тұрғындар, асхана иелері және саудагерлер – барлығымыз ай сайын 2000 теңгеге жуық қоқыс салығын төлеп келеміз. Алайда әкімшілік тарапынан тындырымды әрекет көргеніміз жоқ, – дейді наразылығын жасырмаған саудагер Есболат Ізтаев.

Үйілген қапшықтардың арасынан бірдеңелерді іріктеп теріп жүрген екі орыс әйелін көзіміз шалды. Жақындап барғанымызда бұл жерге тасталған қоқыс арасынан жарамды көкөністерді жинап алып, пайдаланатындарын айтты.

Өркениетті елдер қатарына енуге талпынған заманда қайнаған халықтың арасында созылып жатқан қоқысты көріп, көңіліміз пәс оралдық. Көздерімізді қуанту үшін көшелерімізге көрік беріп, айналамызды таза ұстайық. Қоғамның кейбір көріністерінен бейсауат қылықтарды байқағанда, немқұрайлық танытпаған абзал.

Айым  ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал  өңірі»


ЖЕЛІЛІК МАРКЕТИНГ үрей мен үміт

Күні: , 121 рет оқылды

Бүгінде  әлеуметтік  желілерде  «желілік  маркетинг»  туралы  жарнамалардан көз сүрінеді.  Тіпті,  еліміздің  белгілі  әншілері де  аталмыш бизнеспен айналысып жатқанын жарнамалап,  тапқан  табыстарымен жиі бөлісетінді шығарды.  Жақында  «Инстаграмдағы»  жеке  парақшама Інжу есімді  қыз: «Сіз  жас  анасыз ба?  Бала  күтімімен  үйде отырған шығарсыз.  Сізге  арналған  жұмыс  ұсынғым  келеді.  Барлығы  заңды! Оқу жоспары тегін!  Жаңа  жоба!  Ешқайда бармайсыз.  Барлығы  ғаламтор арқылы. Толық  ақпарат  алу  үшін  менің  нөміріме  жазыңыз  немесе өз  нөміріңізді  қалдырыңыз», – деп  хабарлама қалдырыпты.  Осындай мәтінде  күніне  бірнеше  хат  келеді.  Мұндай  хабарламаға  мән  бермейтіндер  де,  толық  мәлімет алып,  кәсіппен  айналысатындар  да  жетерлік.

Ең алдымен, «ХХІ ғасырдың кәсібіне» айналып кеткен желілік маркетингтің тарихына зер салсақ. Желілік маркетинг американдық Карл Ренборгтің (1897-1973) есімімен тығыз байланысты. Оның идеялары бірнеше миллиард долларлық сауда айналымы бар желілік маркетинг саласына айналды. Карл 1927 жылы АҚШ-та тағамға арналған түрлі қоспаларды дайындауға білек сыбана кіріседі. Өнімді дайындау үшін көптеген минералдар, ақуыздар және басқа да пайдалы заттарды бойына жиған жоңышқаны таңдайды. Карл өз өнімдерінің сапасын тексеру үшін таныстарына тегін ұсынады. Алайда, ешқандай нәтиже болмайды. Оның достары қоспаларды алудан бас тартады. Сол кезде Карл тегін заттың құны болмайтынын ұғып, ойлап тапқан өнімдерін ақшаға сата бастайды. Бәрі жапа-тармағай сатып алады. Ренборгтың қоспалары туралы ақпарат бәріне тарайды. Таныстарының дос-жаран, туыстары қызығушылық танытып, Карлмен бетпе-бет кездескісі келеді. Барлығына өзі дайындаған қоспаны түсіндіре алмайтынын сезіп, не істерін білмей, басы қатып жүргенде, керемет жүйені ойлап табады. Ол дереу достарына тағамдық қоспалар жөнінде мағлұмат беруді ұсынады. Әр ақпаратқа ақы төлейтінін де жасырмайды. Карл ақпарат таратып, өнімінің сатылуына ықпал еткен кез келген адамның еңбегін бағаламақ боп шешім қабылдайды.

Сөйтіп, 1934 жылы Карл «CaliforniaVitamins» (Калифорния витаминдері) атты компания ашады. Жаңа сатылым жүйесі арқасында өнімді тұтынушылар ақпарат таратушыларға (дистрибьютор) айналып, компания жарнамаға 1 доллар да жұмсамастан, 7 миллион доллар табыс тапқан. Осылайша, желілік маркетинг дүниеге келген.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, күн сайын әлемде елу және одан да көп адам желілік маркетингпен айналысып, миллионер атануда. Әлемде бес мыңнан астам желілік маркетингтік компаниялар бар. Олардың ішінде 2500-і АҚШ-та, Еуропада шамамен – 700, Малайзияда – 800, ал Қазақстанда елуден астам желілік маркетингтік компания жұмыс жасайды. Осы орайда жерлестеріміздің аталмыш кәсіп түріне көзқарасын білуді жөн санадық.

 

Айнұр  ҚУАНЫШҚАЛИЕВА,

Подстепный  ауылдық  Мәдениет  үйінің  басшысы:

– Желілік маркетингті желеу етіп, жылдам байып кетесің деген жеңіл ойдың жетегінде арбауға түсіп, жыл сайын жаңа атпен шығатын қаржылық пирамидаға бар тапқан-таянғанын салып, ақшасы күйіп, несиесін жаба алмай, ағайынмен керісіп жүргендер көп-ақ. Әлемде сауаттылық жағынан 11-орында тұрсақ та, қаржылық сауаттылығымыз ақсап тұр.

Менің ойымша, елімізде желілік маркетингке көзқарас дұрыс қалыптаспаған. Атын естісек, үркитін әдетіміз бар. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» демекші, желілік болсын, басқасы болсын, ең алдымен, тиын-тебен табу жолында құлшыныс, табандылық керек. Ақша аспаннан жаумайды, батпан құйрық та айдалада жатпайды. Базарда пакет сатып та байыған, мектепте бәліш таратып, баласын университетте оқытқан, пайдаланылған бөтелке жинап, қаланың қақ ортасынан пәтерлі болған адамдармен таныспын. Сонымен қатар желілік бизнеспен айналысып, едәуір жалақы алып, отбасын асырап, шетел асып, демалып жүрген құрбыларым да жоқ емес. Ендеше, еңбек еткен адамға желілік маркетинг – өте тиімді бизнес. Кез келген салада қажырлы еңбектің арқасында ғана жетістікке жетуге болады.

Айнұр  МҰҚАШЕВА,

Бала  күтімімен  демалыста  отырған  ана:

– Менің қос дипломым бар. Балаларымды бағып отырған соң, қазіргі таңда бар уақытымды желілік бизнеске арнап, табыс табудамын. Қосымша табыс кім-кімге де керек. Бір жалақымен барлық арманыңды орындау мүмкін емес. Бүгінде Америка, Еуропа сынды алпауыт елдер осы көп деңгейлі бизнеспен күн көруде. Осы бизнестің арқасында мен жылына 17 рет жалақы алып отырмын. Компания директоры да болдым. Көп достар таптым. Көшбасшы ретінде ашылып, өзгердім. Үш ұйықтасам түсіме кірмеген Еуропадағы Хорватияға тегін саяхаттап келдім. Алғаш рет теңізді көру, алғаш рет ұшаққа отыру,  табысты адамдармен танысып, командаммен қыдыру мен үшін тосынсый болды. Егер осы кәсіппен айналыспағанымда, уақытым текке кетер еді. Біз қарапайым өмірде де желілік маркетингпен айналысып жүрміз. Әдемі зат көрсек,  кино көрсек, соны достарымызға айтамыз. Көп деңгейлі маркетингте өз уақытыңды өзің басқарасың,  командаңа үйретіп, жетелегенің үшін авторлық гонорар аласың. Бір жылдың ішінде көтерілуге мүмкіндік бар. Өзіңнің,  отбасыңның,  ата-анаңның арманын орындап,  өмір сүру  салтыңды  өзгерте  аласың.

 

Бағдат  АДАЙХАН,

Теректі  аудандық  ішкі  саясат  бөлімінің  теологы:

– Қазіргі таңда ең өзекті мәселелердің бірі – желілік маркетингте жұмыс істеу. Негізі әр компанияның өзіне тән бизнес жоспары болады. Өз басым сол маркетингтік жоспармен қатар, өндіріп жатқан өнімдерінің құрамында доңыз майының бар-жоғын дұрыстап тексеріп, анық-қанығын түсініп алған соң ғана шешім қабылдау қажет деп есептеймін. Айналамызда «бай болудың оңай жолы» деп қаншама адам алданып, жиған-терген ақшасынан қағылып жатыр? Мұның бәрі – зерттеудің аздығынан орын алып жатқан жағдайлар. Алдап-арбау арқылы бизнеске шақыруға мүлдем болмайды. Ол шариғатымызға қайшы. Сондай-ақ пайыздық үстемемен табыс табу – күнә. Алла тағаланың «харам» деген нәрселерінен тыйылсақ, ісіміз берекелі болмақ. Көпке «күнә жасап жатсыңдар» деп күйе жағудан аулақпын. Қолға алып жатқан жұмысыңыздың ақ-қарасын ажыратып алу үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы шариғат және пәтуа  бөлімінің  ғалымдарымен хабарласқан жөн.

Замира  МОЛДАҒАЛИЕВА,

аудан  тұрғыны:

– Шынымды айтсам, желілік маркетингтен көңілім қалды. Кезінде бала күтімімен демалыста отырған құрбыларыма ілесіп, өзім де тіркелген едім. Ай сайын тауар алып тұру, ақша айналдыру үшін оны сату және артыңнан көп адам ілестіру қажет. Шығынға ұшырағаным болмаса, пайдасын көрмедім. Менің ойымша, ақшасы бар адамдарға ғана қолайлы сияқты. Бір танысым айтқанымызды тыңдамастан несиеге қомақты қаржы алып, үйін кепілге қойып, бір компанияға тіркелді. «Адам шақыру оңай ғой. Есесіне тез байып, күшті өмір сүреміз» деп бізді сөйлетпейтін. Барлық таныстарын да қарызға батырып, өзінің қатарына қосты. Қазір үйсіз-күйсіз пәтер жалдап күн көруде. Оның жағдайын көзіммен көрген соң, жүрегім шайлығып қалды.

P.S. Желілік бизнесте жұмыс істеу үшін ең бірінші кезекте ұйымдастырушылық қабілетің жоғары болуы тиіс. Адамдармен сөйлесіп, олардың көңілін тауып, бәрінің басын бір арнаға тоғыстыратын қасиетің болса ғана жұмысың алға басады. «Алма піс, аузыма түс» деп, аспанға қарап, жұлдыз санағаннан пайда жоқ. Жалпы, кез келген жұмыста сабырлық, төзімділік, табандылық және тынбай еңбектенудің арқасында ғана жетістікке жетуге болады. «Байлар мен кедейлер арасындағы жалғыз айырмашылық – олардың уақыттарын пайдалануында» деген екен әйгілі американдық кәсіпкер Роберт Кийосаки. Олай болса, қандай іспен шұғылдансақ  та, уақытымыздың  қадірін  біліп,  пайдамызға  асырайық.

Аягөз  АЙБАРҚЫЗЫ,

Теректі  ауданы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика