Мұрағат: 21.07.2018


«Көгенде жатып семірген көк лақ»

Күні: , 1 859 рет оқылды

Қарбызды қалай таңдаймыз?

– Орал қаласының әр аумағында қарбыздар сатыла бастағанын көріп жүрміз. Бұл көз қызықтырған қарбыздар қай жақтан әкелінуде? Олардың сапасы тексеріліп жатыр ма? Сондай-ақ  бала кезімізде «Көк лағым көгенде жатып семіреді» деп жұмбақтайтын  тәтті қарбызды қалай таңдауға болатынын білсем деп едім.

Жанболат  АЗАМАТ,

Орал  қаласы

Майрагүл БЕКТЕМІРОВА,

Орал қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы

– Күннің ыстығына байланысты тамақтан уланудың алдын алу мақсатында Орал қалалық кәсіпкерлік бөлімінің ұйымдастыруымен акциярейдтер, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Шараға қатысатын жергілікті полиция бөлімінің, біздің мекеменің тағы да басқа құзырлы мекемелердің мамандары сатылымға шығарылатын азық-түліктің санитарлық-эпидемиологиялық талаптарымен таныстырып, түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Қарбыз-қауын өнімдері қаламыздағы  рұқсатсыз сату орындарында, әсіресе, жол жиектерінде сатылуда. Ұлттық сараптама орталығы мамандарымен бірге сатуға рұқсат етілмеген жерлерде, яғни Орал – Саратов жол жиегі бойында, Конькина көшесі, «Ел ырысы» базарының аумағы және Желаев тас жолы бойында сатылып жатқан бақша өнімдерінен, қарбыз бен қауыннан сынамалар алынды. Олардың нитрат деңгейін анықтау мақсатында экспресс әдісімен 40-қа жуық зерттеу жүргізілген болатын.

Нәтижесінде нитраттың тиісті мөлшерден аспайтыны анықталды. Айта кету керек, нитрат ауыл шаруашылығында жиі  пайдаланатын тыңайтқыш болғандықтан, оның шамадан тыс болуы денсаулыққа қауіпті. Ал санитарлық ережеге сәйкес нитраттың белгіленген шамасы 60 мг/кг болу керек. Қарбыз  құрамындағы нитрат мөлшерін анықтау үшін нитраметр деп аталатын қарапайым  құрал  пайдаланылады.

Жол жиегінде «тау» болып үйілген  қарбыздарға  жабысқан шаң-тозаңның адам ағзасына тигізер зияны зор. Сондықтан  да қарбыз-қауынды кез келген жерде жайып емес, белгілі бекітілген, күн көзі тікелей түспейтін көлеңке жерде сату қажет. Сауда-саттыққа шығарылған өнімдердің құжаты, тіпті сатушының жеке медициналық кітапшасы да болу шарт. Бұл талаптар Денсаулық сақтау министрінің тамақ өнімдерінің көтерме және бөлшек сауда нысандарына қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық қағидаларын бекіту туралы №358 бұйрығымен бекітілген.

Енді дәмі тіл үйіретін қарбызды қалай таңдау қажет деген сауалға келсек. Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының маманы қарбызды қалай таңдау қажеттігі жөнінде жазылған қандай да бір ереженің жоқ екенін айтқан еді. Сондықтан да ғаламторға жүгінгенді жөн көрдік. Нәтижесінде аlashainasy.kz сайтынан Қазақ ұлттық аграрлық университетінің жанынан құрылған Қазақстан – Жапон инновациялық орталығы мамандарының кеңесі көзге түсті. Олардың айтуынша, егер де қарбызды жарғанда ішіндегі жіпшелерінің жуан және сары болып келуі нитраттың тым көп, денсаулыққа зиянды екенін білдіреді. Сондықтан да олар қарбызды аларда сатушыдан өнім сапасына жауап беретін сертификат талап етуге кеңес береді. Қарбыз үлкен, бірақ ауыр болмауы тиіс. Қолмен тықылдатқанда, қатаң дыбыс шығып, қысқанда тырсылдау керек. Ал қарбызды үйге әкелгесін мұқият жуып, құрғақ орамалмен  сүрткен  жөн.

Егер қарбыздың сырты жылтыр, жолағы анық, бедерi  айқын,  бауыры  сарғайыңқы  болса,  піскен  деген  сөз.

Шертiп көргенде қарбыздан дүңкілдеген дыбыс шықса,  піскен,  ал  тоқылдаған  дыбыс  шықса,  жеуге  әлі  ерте.

Қарбыздың кiндiгi мен сағағының ойысы батыңқы, бiтiмi толық болса, піскен, ал бiр бүйірі шығыңқы, ендi бiр жағы солыңқы  болса,  сапасыз  қарбыз.

Қолмен салмақтап байқағанда піскен қарбыз жеңіл көрінеді.

Суға салғанда піскен қарбыз су бетіне қалқып шығады  да,  ал  әлі «айы-күні»  жетпеген  қарбыз  батып  кетеді.

Қарбыздың қабығына таяу бөлігіне нитрат көп жиналады.  Сондықтан  бұл  шаманы  жемеген  дұрыс.

Қарбыздың химиялық қоспа көмегінсіз піскенін байқау үшін оны кесіп алып, су толтырылған кесеге салыңыз. Бір сағат көлемінде су бұлдыраса, жей беруіңізге әбден болады. Ал егер су қызыл күрең тартса, жемісті химиялық қоспамен өсірген. Мұндай қарбызды  жемеген  жөн.

Жарылған, қабығы шытынаған қарбызды сатып алмаңыз.

Мамандар көлемі шағын қарбыз табиғи үрдіспен пісіп жетіледі деп есептейді, өйткені үлкен қарбыздың көбісі тек дәрінің күшімен ғана өседі екен. Сондықтан сатып аларда нән  қарбызға  қызықпаған  абзал.

Тілмес бұрын, яғни «соярдың» алдында қарбыздың сыртын  ағын  сумен   жақсылап  жуыңыз.

Кесілген қарбыз алты сағат тұрып қалса, жемеңіз, әйтпесе, өткір ішек жұқпасына (инфекциясына) шалдығуыңыз ықтимал. Кесілген қарбызды тоңазытқышта 1 тәуліктен асырмай  сақтау  керек.

Қарбыздың  денсаулыққа  пайдасы

Адам ағзасына қажетті бір күндік магнийді бар-жоғы 150 грамм қарбыз қамтамасыз ете алады. Сондықтан артериялық қан қысымы бар жандар оны ас мәзіріне міндетті түрде қосуы керек.

Қарбыз адам бойындағы холестеринді шығарады, бұл жүрек-қан тамырлары дертіне шалдыққандар үшін керім пайдалы.

Қарбыздың шырынында табиғи қышқылдар мен тұздар болмайды. Бұл оның басқа жеміс-жидектерден бірден-бір артықшылығы. Бірақ қарбыз сілтіге бай. Демек, қарбыз жеу несеп жолдары үшін өте пайдалы. Сондықтан дәрігерлер бүйрегіне тас байланған жандарға қарбыз жеуге кеңес береді.

Қуық пен бүйректің қабынуы кезінде қарбызды жиірек жеген жөн.

Мамандар күніне қарбыздың кем дегенде екі келісін жеуді ұсынады. Сонда қаназдықтан құтылу мүмкіндігі артады.

Қарбыз артық салмақтан арылып, арықтағысы келіп жүргендерге керім. Өйткені оның құнарлығы өте төмен. Бақша өнімінің аталмыш түрінің 100 грамында бар-жоғы 38 килокалория болады екен. Қарбыз жегенде тез тойып кеткендей әсер болатындықтан, ол тәбетті төмендету үшін де пайдалы.

Қарбыздың сөлі мен жұмсақ бөлігі несеп және өт айдауда аса пайдалы. Қарбыздың құрамында фруктоза, азотты заттар, темірдің минералды тұздары, В1, В2, С және РР дәрумендері, каротин бар.

Қарбызды үздіксіз пайдалансаңыз, гастриттен құтылуға болады.

Қарбыздың жұмсағынан бетке арналған жақпа дайындайды. Жұмсағын езіп, бетке жағып, оны 20 минуттан кейін  жуып тастаса, бет әжептәуір жасарып қалады.

Қарбыздың тек жұмсағы ғана емес, қатты қабығы да пайдалы. Оның қабығынан жүрек пен бүйрек дертінен пайда болатын ісіну мен домбығудан арылтатын қайнатпа дайындауға болады. Алдымен қарбыздың қабығын қысқа толқынды пеште кептіріп аламыз. Содан кейін құрғақ қа-быққа 1:10 қатынасында су құйып, 5 минуттай қайнатамыз. Тұнбасын сүзіп алып, жарты стақаннан күніне 3-4 рет ішеді. Мұндай қайнатпаны жыл бойы дайындауға болады, өйткені құрғақ қабық ұзақ сақталады. Бұл күйік пен ревматизмге де пайдалы екен.

Қарбыздың дәндері де пайдалы. Оны құрғатып, кофе ұнтақтағыштан өткізіп, 1:10 қатынасында сүт қосып жіберсе, ағзаны паразиттерден тазартатын қайнатпа дайын. Бірақ мұндай қайнатпаларды дәрігермен кеңесіп барып ішу қажет. Өйткені қарбызды жеуге болмайтын жағдайлар да бар. Мәселен, созылмалы ішек ауруымен ауыратындарға қарбызды көп жеудің қажеті жоқ, себебі, ол ішті кептіріп жібереді. Қант диабетімен ауыратындарға да бұл жемістің пайдасы аз.

Сондай-ақ  жүктіліктің  соңғы  үш  айында  қарбыздан  бас  тартқан  абзал.

Қарбыздың құрамындағы ликопен  ер-азаматтардың бел қуатын арттырады.


«Мен қалай адастым?»

Күні: , 980 рет оқылды

(Жат ағымнан  оралған  жігіттің  әңгімесі)

«Соңғы кездері жастықпен, білместікпен және  ең  бастысы, діни сауатсыздықтың кесірінен жат ағымға арбалып, кейіннен тәубесіне келіп, дәстүрлі дінімізді қабылдап жүргендер баршылық», — дейді теологтар. «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» деген сөз бар қазақта. Сондай бауырларымыздың бірі Дархан (есімі өзгертілді) деген жігітпен сөйлесіп, әңгімесін тыңдаған едік. Ол жігіттің жат ағымға ергенге дейінгі және одан кейінгі пікір көзқарасы көпшілікке ой салар деген үмітпен оқырман назарына ұсынғанды  жөн  көрдік.

Адасу   қалай   басталды?

Екінші курстан бастап мешітке барып,  жұма намазына қатысып жүрдім.  Сол жерде дәрет алуды үйрендік. Шыны керек, маған дәрет алғандағы тазалықтың өзі қатты ұнады. Сөйтіп, дінге  қызығушылығым ояна бастады. Бірде достарыммен қонаққа бардық. Сол жерде ең бірінші діни ақпарат алдым. Қазіргі жастарды интернет улап жатса, біз осылай қонаққа барып, қақпанға түстік. Бірге жүрген жігіттің ағасы намазхан еді. Өкінішке орай, сол таныс жігіттер қазір түрмеде отыр. Бұл 2007-2008 жылдар еді. Ол кезде  менде «Қандай бағытта жүрмін» деген ой болған жоқ. Сол жылдары намаздан кейін мешіттің айналасына машинамен әкеліп,  кітап үлестіретін. Сырты жасыл кітаптар. Ол кітаптар  теріс бағыт сілтейтін әдебиеттер  екендігін  біз,  әрине, кеш білдік. Сөйтіп, біз өз бағытымызды дұрыс деп, сол жолмен жүре бердік. Басында жақсы қабылдадым.  Олар бір-бірімен жақсы жұмыстанады. Мен де олар сияқты намаз оқып, балақ қысқартып, сақал қойдым. Олардың тағы бір қыры адамдарға жақсы көмектеседі.  Негізі,  адамға сыйлық таратып, көмектессе, ол ашыла бастайды. Көбінесе бауырлардың қарауында жүрдім. Саудамен айналыстым. Материалдық тұрғыда жақсы көмектесті.  Пәтерімді төлеп тұрды. Бәрі қолайлы  болған соң, жүре бердім. Бірақ мінез-құлқым қатты өзгерді. Өйткені, жігіттердің көбі көшенің ықпалына  түскен  және түрменің «дәм-тұзын»  татқандар еді. Үш жылдай желілік дүкендердің бірінде жұмыс істедім. Менің қасымда түрмеден шыққан жігіт болды.  Мінезімнің өзгеруіне  ықпал еткен сол кісімен көп айғайластым. Өйткені, ол адамдарды адам деп санамайтын еді. Дүкенге келіп, амандасып, ілтипат танытқан жанның  сәлемін алмай, менсінбейтіні менің ашуымды тудыратын.  Ал Ислам діні адамды көркем мінезге шақырмайтын ба еді? Алланы тани тұра, олардың осындай әрекетке барғаны мені ойландыра бастады. Олар мемлекет ұстап  отырған діни бағытты айыптайды. Арам мен харам сөзін жиі қолданады. Қит етсе,  «анау харам, анау ширк» деп шыға келеді.       Бір жақсысы, мен ата-анамның кейбір көзқарастарына іштей қарсы болып тұрсам да, олармен араздасқан  жоқпын.

Ойландырған   жәйттер

Алла Тағаланың Құран-Кәрімде:  «Ойланбайсыңдар ма?» деген аяты бар.  Мен уақыт өте келе, ойлана бастадым. Ол жерде Мысырда, шетелде оқып келген  білімді жігіттер бар. Бірақ әрекеттері жаға ұстатарлықтай. Мәселен, көп адам  заттарын менің үйіме қойып кетеді. Алла разылығы үшін деп  аманат етіп, тастап кеткен заттарға мұқият қараймын. Бірақ үйде мен жоқ кезде сақалдары төсіне түскен үлкен кісілер сол заттарды сұраусыз  алып  кетеді. Үп-үлкен адамдардың  жауапкершілігінің  жоқтығы мені таңғалдырды. Кейіннен үлкен іспен айналысатын жігіттер келіп, әлгі заттарды менен сұрайды. Мен  тауып бере алмаймын. Біреудің бір тал шырпысын рұқсатсыз алу, ұрлық қой деп біраз дауластым. Олардың еш жазықсыз мені айыптағаны көңіліме қонбады. Ал дінде Мұхаммед пайғамбарымыз (с. ғ. с)  «Адамды өле-өлгенше айыптама» деген ғой. Тағы бірде, орыс көршім машинасымен балшыққа батып, шыға алмай жатыр екен. «Көмектесіп, итеріп жібере қояйық» десем, «Ол кәпір,  бата берсін» дейді. Жақсы, мейлі  ол өзге  дінді ұстанса да, бәрібір адам емес пе, көмектесіп жібергенде тұрған не бар?..  Осындай жәйттер, олармен көзқарасымыздың келіспеуі мені шынымен ойландыра бастады.

ТҮЙІН

Дәстүрлі дінге оралуыма дін істері басқармасында жүрген Нұржан, Бауыржан деген теолог жігіттердің дәрістері әсер етті. Одан бөлек, ата-анам, бауырларым  да қолдау көрсетті. 2008-2016 жылға дейін сол жерде жүріп, көп нәрсені түсіндім. Қазір қоғамға өз пайдамды тигізгім келеді. Негізі, адасып жүрген жастарды отбасы, тума-туысы көкірегінен итермеуі керек. «Пісірген етіңді жемеймін» десе де, сол жейтін етті тауып әкеліп, өзіне тарта берген дұрыс. Жаны ашитын адам бауырының адасып жүргенін білсе, көзден таса қылмай, оған білдіртпей болса да, мамандармен ақылдасып, әрекет еткені жөн.

 Бірде бір ауылдағы концертке бардым. Бейтаныс  екі бүлдіршін концертке қатысушылардың қолындағы кішкентай жалауша мен шарға қызығып, оны сұрап, жылай бастады. Ал сатып алып бере қоятын да жер жоқ. Қатысушылардан сұрап алып, жалау мен шарды балаларға әкеліп бердім. Сол  кезде олардың мәз болғанын көрсеңіз! Былай қарасаңыз, түкке тұрғысыз нәрсе сияқты. Бірақ астарына үңілсеңіз, нағыз рухани тәрбие осыдан басталады. Мерекелік көпшілік шараларда кішкентай балаларға еліміздің жалаушасы мен шарларды тегін тарату керек. Осының өзі бала санасында ұлттық  рухтың қалыптасуына ықпал етеді. Менің ойымша, адасып жүргендерді кері қайтару үшін тиісті мекемелер олармен тығыз байланыс  жасауы қажет. Олардан қауіп бар екенін біле тұра, арасына кіріп, сол деңгейге түсу керек. Олар өте ұйымшыл. Ал біздің ынтымақ-бірлігіміз олардан да күшті болу керек деп ойлаймын.

Гүлжамал   ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал   өңірі»

Теолог  не  дейді?

Азамат ТӨЛЕПОВ,

облыстық дін істері басқармасының діни бірлестіктермен  жұмыс бөлімінің басшысы:

— Жат ағымда жүргендердің басым бөлігі — 25-35 жас аралығындағы адамдар. Соңғы кездері жалпы халықтың діни сауаты, дінге деген көзқарасы өзгерді. Қазір көпшілік ата-аналар ұл-қызы намаз оқи бастаса, біздің басқармаға, мешіттерге келіп, алаңдап сұрайтын болды. Бір қызығы, дәл солай алаңдаушылық танытқандардың көбі өзіміздің дәстүрлі Ханифа мазхабын ұстанғандар болып шығады. Бізге көмек сұрап келгендердің діни дұрыс бағытта немесе жат ағымда жүргендігін сұрақ қою арқылы 20-30 минутта анықтауға болады. Егер теріс ағымда жүрсе, оларға түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Мәселен, намаз оқитын жігітке күйеуге шыққан қыздың ата-анасының өтінішімен жұмыс жүргіздік. Сол кезде байқағанымыз, ол келіншектің діннен мүлдем хабары жоқ. Ол тек күйеуінің айтқанымен жүрген. Кейіннен арнайы мамандардың дәрісін тыңдаған соң, оның көзқарасы өзгерді. Осындай мысалдар өте көп. Жастардың көпшілігінде дін, Құдай туралы түбегейлі  түсінік жоқ болғандықтан, олар өз бағытын дұрыс деп ойлайды. Сондықтан  жат ағымға арбалған  жастармен тек теологтар ғана емес, ата-ана, үлкенді-кішілі оқу орындарының басшылары, психологтар бәріміз бірігіп, кешенді түрде жұмыстануымыз керек. Түрмеде  отырған адасқан  жігіттермен екі жыл жұмыс істедім. Сол кезде таңғалғаным, олардың басым бөлігі қылмыс жасап қойдым деп өкінеді, сол қылмысқа алып барған идеологияға өкінбейді. Бұдан шығатын қорытынды – біздің ұлттық идеологиямыз мығым,  теріс  ниеттілерге  төтеп  беретіндей мықты болуы шарт.

Қазіргі күнде Сырым, Зеленов  аудандарында жағдай күрделі. Теологтар деструктивті дінде жүрген әрбір отандасымызбен жеке сөйлесіп, жұмыстанып жүрміз. Әсіресе, қалаға жақын орналасқан Зеленов ауданында жат ағымда жүргендермен кездесу қиын. Өйткені олар күндіз жұмысқа кетеді, кеште оларды іздеу жұмыс кестесіне сай келмейді. Аудандарда  жоғары білімді теологтардың  жетіспейтіндігі де – үлкен  мәселе.

Жастар адаспас үшін рухани тәрбие мектеп жасынан дұрыс берілу қажет. Мәшһүр Жүсіптің Құдай туралы өлеңін балалар жаттап өссе, ешқандай  жат ағымға арбалмайды деп ойлаймын.  Арнаулы орта, жоғары оқу орындарындағы студенттермен алдағы оқу жылында жүйелі жұмыстануды жоспарлап отырмыз. Жастар ғаламтор арқылы жарияланған діни теріс мәліметтерді қабылдап, отбасы мүшелерінен сырт айналып жатады. Интернетте өзге деструкивті діни ұйымдардың идеологиясын насихаттайтын сайттар өте көп. Сондықтан ата-ана ұл-қызының қандай сайттарға кіріп жүргенін қатаң қадағалауы тиіс. Жұмыс тәжірибесінде түйгеніміз, көп жағдайда адасқандардың  жан  дүниесіне үңіліп, жұмыстану арқылы бетін бері қаратуға  болады. Бірақ кішкентайынан ата-ана мейірімін сезінбеген, әке-шешенің  ойлы қамқорлығын  көрмеген, психологиялық соққы алған жастарды райынан қайтару өте қиын. Сондықтан әр ата-ана баласына мейіріммен қарап, жүйелі  тәрбиеге  ден  қойып, перзентінің кемел  тұлға  ретінде  қалыптасуына  жылдар  бойы жіті  көңіл  бөлгені  жөн.


Күн сәулесін кәдеге жаратқан қожалық

Күні: , 150 рет оқылды

Бисен ауылдық округінде ағайынды  жігіттердің бірлігінің нәтижесінде берекесін еселеп, абысын-ажындардың ынтымағының арқасында ырыс-ырыздығын молайтып отырған  «Нұртілеу» деген шаруа қожалығы бар.

Өткен айда Бөкей ордасы ауданында іссапарда жүргенде «Нұртілеуге» арнайы ат басын бұрғанбыз. Сол кезде шаруашылық аумағынан жеңіл көлігі бар, жүк көлігі бар, тракторы бар біраз техниканың тізіліп тұрғанын байқадық. Шаруашылық тізгінін ұстап отырған Нариман Ахатаровтың айтуынша,  «Нұртілеу» бүгіндері 300-ден астам қой, 20 бас жылқы және біраз бас ірі қара өсіруде.  Мал басын құр көбейтіп қана қоймай, түлік атаулыны асылдандыру да ағайынды Ахатаровтар үшін күн тәртібінен түспейтін өте маңызды мәселе. Ең бастысы, ағайынды үш жігіттің отбасы сүттей ұйып, шаруаларын шалқытып отыр. Осы қожалықтың тілеуін тілеп отырған ағайындылардың басын құраған Нариман шаруа қамына берік, тірлігіне мығым азамат екен. Шаруаға мығымдығының бір дәлелі, қимен от жақпайды, қожалық басындағы баспанаға газ құбырын тартып алған. Бұған қоса «Нұртілеу» — облыс орталығынан 600 шақырым қашық Бөкей ордасы ауданындағы электр қуатының игілігін көріп отырған бірден-бір қожалық. Ауылдан әудемжерде оңаша тұрған үйге күн сәулесінен қуат алатын құрылғыны да орнатып алыпты.  Малды ұңғыма арқылы тартылған су  көзінен  суғарады.

– Қолымызда техника жеткілікті. Үкіметтің демеуқаржылық (субсидия)  көмегімен шөп буатын құрылғы сатып алғаныма бір жыл болды. Шаруаны ағайынды отбасылар болып дөңгелетіп отырмыз. Сабақтан бос, әсіресе, жазғы каникул кезінде бала-шағамыз да қолғабыс. Науқандық жұмыстар қызған шақта ауылдастарымызды еңбекке тартып, олардың да табыс табуына жағдай жасаймыз.

Бүгіндері алты ай қысқа мал азығын қамдаудамыз, – дейді  Ғазиздің  Нариманы.

«Елде болса, ерінге тиеді» дегендей, «Нұртілеу» шаруа қожалығының басшысы Н. Ахатаров өз қаржысы есебінен 2018 жылдың екінші жартысына Бисен округін мекендеген 20 отбасын «Орал өңірі» газетіне жаздырып, ауылдастарын рухани игілікпен қамтуды  да  ұмытпады.

Нұркен ҒАППАР,

Бөкей ордасы ауданы


Қош бол, чемпион!

Күні: , 59 рет оқылды

Орал   қаласындағы  Мұз  спорт  сарайының алдына  белгілі  спортшы Денис Теннің қазасына орай  естелік  бұрышы  ұйымдастырылды. Қайғыға  ортақтасқан  облыстық  дене  шынықтыру  және  спорт  басқармасының  басшысы  Әсия  Аманбаева,  қалалық  дене  шынықтыру  және  спорт  бөлімінің   басшысы  Азамат  Нұрмұханбетов,  облыстық  жастар  саясаты  мәселелері  басқармасының  басшысы  Аян Сақошев  және  қала  тұрғындары  қатысып,  гүл  шоқтарын  қойды.

– Еліміздің бетке ұстар спортшысының мезгілсіз қаза тапқаны қанжылатты. Бекзат өнердің текті түлегі қазақ қоғамының жанарында мәңгілік жас болып қалады, – деді қайғыра көңіл айтқан Әсия Рахымқызы.

Мәнерлеп сырғанаудан Қазақстанның бес мәрте чемпионы, ҚР-ның еңбек сіңірген спорт шебері, «Астана» кәсіби Президенттік клубының мүшесі, 2013 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2014 жылы Сочиде өткен қысқы олимпиада ойындарының және 2015 жылғы дүниежүзілік доданың қола жүлдегері, VІІ қысқы Азия ойындарының чемпионы, ISU ұйымдастыруымен өткен халықаралық турнирлердің бірнеше дүркін чемпионы Денис Тен 19 шілде күні қаскөйлердің қолынан қаза тапты. Оқиға Алматы қаласындағы Құрманғазы, Байсейітова көшелерінің қиылысында күндізгі сағат 15.00 шамасында болған. Спортшы өзінің көлігінің айнасын жымқырмақ болған екі ұрының үстінен түскен. Арада басталған жанжал барысында қарақшылар спортшының денесіне пышақ сұғып, қашып кеткен. Ауыр жарақат алған Денис ауруханаға жеткізілгенше көп қан жоғалтқан. Дәрігерлер спортшының өмірі үшін екі сағаттан астам уақыт күрескенімен, оны  ажал  аузынан  арашалай  алмады.

– Дениспен алғаш рет 2011 жылы өткен Азия ойындарында кездескен едік. Сол кезден бері түрлі спорттық шараларда көрісіп жүрдік. Денистің бойынан тамаша адами құндылықтарды байқаушы едім. Денистің қазасы – Қазақстан үшін орны толмас қайғы,  – деді көзіне жас алған мәнерлеп сырғанаудан облыстың  аға  бапкері Александр Солодовщиков.

«Адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, нәтижесінде спортшының өліміне қатысты екі күдікті де ұсталды. 25 жастағы Денис Тенмен қоштасу рәсімі 21 шілдеде Алматыдағы «Балуан Шолақ»  атындағы  спорт  сарайында  өтеді.

Айым   ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал   өңірі»


«ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ АБЫРОЙЫ ҮШІН БӘРІНЕ ДАЙЫНМЫН!»

Күні: , 229 рет оқылды

Мәнерлеп  сырғанаудан қазақ  елінің  абыройын асқақтатып,  әлемдік  ауқымда  талай  рет  ел  намысын қорғаған  біртуар  спортшы  Денис  Теннен  қапыда  айырылып  қалдық.  Екі  дүркін  әлем  чемпионатының  және  Сочи  олимпиадасының жүлдегері небәрі  25  жасында  қарақшылардың  қолынан қаза  тапты.  Бейсенбі  күні түс  ауа  жеткен  бұл  суық  хабар  бүкіл  қазақ  елінің  қабырғасын  қайыстырды.  Күллі  жұрт  алтындай  ұлын жоқтап  қалды.  Жалындап тұрған,  жарқырап  тұрған спортшымыздың  орны толмас қазасына сенгіміз келмейді. Көз  көріп,  құлақ естігенмен,  көңіл  сенбейді.  Жүрек  жылайды…

Кішкентайынан өмірін спортқа арнап, небәрі 13 жасында әлемге танылып, «Мәнерлеп сырғанаудың ханзадасы» деген атқа ие болған жарық жұлдыз Денис Тенмен әлі де кездесудің сәті түседі, қазақ халқы әлі талай жеңісті күндеріне куә болады деп ойлаушы едім. Жанарымды жасқа малып отырып ол туралы естелік жазамын деп кім ойлаған? Амал нешік, айтып келмейтін ажалға шараң бар ма? Жасындай жарқ етті де, қапыда қан жұтқызып кетті.

Әлі есімде, Дениспен ең алғашқы рет осыдан жеті жыл бұрын, яғни, 2011 жылы жақынырақ танысудың сәті түсті. Сол жылы елімізде ақ Азиада ойындары өтіп жатқан болатын. Ол кезде мен елордамыздағы Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде студентпін әрі республикалық «Ел» газетінде еңбек етемін. Бәріміздің, яғни журналистердің елімізде алғаш өтіп жатқан дүбірге толы доданы насихаттау мақсатында спорттық нысандардың арасында жүгіріп жүрген кезіміз. Сондай күндердің бірі – 4 ақпанда басылымның бас редакторы Динара Бітікова, бөлім меңгерушісі Гүлайым Оралбаева және мен «Сарыарқа» республикалық велотрегіне мәнерлеп сырғанаудан өтіп жатқан жарысты тамашалауға келдік. Ашығын айтайын, бұрын мұндай үлкен спорттық додалардың көрермені болып көрмегенмін. Сондықтан да болар, әлемдік деңгейдегі сайыста еліміздің намысын қорғап жатқан Абзал Рахымғалиев пен Денис Тенге қолдау білдіріп, жанкүйер боламын деп сол күні тамағым бітіп, дауысымның шықпай қалғаны бар.

Сол күні мұз үстінде чемпиондық атақ үшін кескілескен ұрыс болды. Бәрі шетінен мықты. Әсіресе, финалда қытайлық Нан Сонг пен жапон спортшысы Тацуки Макида және өзіміздің Денис арасындағы тайталас қыза түсті. Финалдағы өнер көрсету барысында Денис мұз үстіне шыққан бойдан құлап қалды. Еліміздің абыройы сынға түсіп жатқан тартысты шақта бұл бізді тығырыққа тіреді. «Денис, алға!» деп орнымыздан қалай тұрып кеткенімізді білмей қаламыз. Әсіресе, менің жан даусым шығады. Диктор Тен әлемдегі санаулы ғана мәнерлеп сырғанаушы орындаған ең күрделі «Бильман» биін орындайды дегенде, одан бетер қорқыныш басады. «Бильман» шыңын бағындыра алады ма екен деп уайымдаймыз. Денистің әр сәтіне жанымызды салып қараймыз. Мұз үстінде өзіміз жүргендейміз. Қойшы, не керек, сол күні мәнерлеп сырғанаудан өткен дода аяқталғанша жүрегіміз аузымызға тығылып болды. Сол кезде 17 жастағы өрімдей спортшы өзіне артылған үмітті ақтап, екі кезеңнің қорытындысы бойынша 208,89 ұпай жинап, чемпион атанғанда барып, көңіліміздегі күдік сейілді. Қуанғаннан бір-бірімізді құшақтап,  құттықтап  әлекпіз.

Осылайша, ақ Азиада ойындарының мәнерлеп сырғанаудан өткен додасы мәреге жетіп, марапаттау салтанаты да аяқталды. Көрермендер шығар есікке ағылып жатыр. – Дениске барып, құттықтап, сұхбат алайық, – деді Гүлайым Жамбылқызы. Бас редакторымыз қазір спортшыға қол жеткізу мүмкін емес екендігін айтса да, әріптесіміз екеуміз алған бетімізден қайтпаймыз. Сайыс өткен залдан шығып, спортшылардың орналасқан бөлмелерін іздеп келеміз. Үлкен дәлізде қараңдаған тірі жан көрінбейді. Келесі секторға өте бергенімізде, Денистің жаттықтырушысын көзіміз шалып қалды. Жүгіріп жеттік. Иә, жаттықтырушы Дениске бөлінген бөлменің алдында тұр екен. Алдына қос бірдей еңгезердей жігіттен күзет қойылыпты. Бізбен танысқан американдық тәжірибелі маман Фрэнк Кэрролл баспасөз мәслихатының ертең өтетіндігін айтып, үзілді-кесілді қарсы болды. Біз болсақ, ертең газеттің кезекті саны шығатынын, шағын сұхбат дайындап, түндетіп  болса да нөмірге үлгертіп салып жібергіміз келетінін айтып қарсыласып бағамыз. Жаттықтырушымен сөз бұйдаласып тұрғанымызда, есік ашылып, Денистің өзі де көрінді. Дауысымыз қатты шығып кетсе керек, чемпионның жүзінен «Бұл не шу?» дегендей таңданысты бірден байқадық. Күлімдеген қалпы жанымызға келген ол бәрімізбен жеке-жеке танысып шықты. Құттықтауымызды қабыл алып, алғысын жеткізді. Өзін іздеп тауып, басқалардан бөлек құттықтағанымызға риза екендігін жеткізді. Біз болсақ, жан-жақтан сұрақтың астына алып жатырмыз. Ентігін жаңа ғана басқан бозбала жүзі бал-бұл жайнап, әрбір сұраққа салиқалы жауап беріп жатты. – Халқыңның үмітін ақтап, Азиада ойындарының чемпионы атандың. Кеудеңді қандай сезім кернейді? – дедім мен алғашқы сұрағымды әріптестеріммен жарыса  қойып.  Бұл  сауалымызға:

– Мен мұндай бақыт сезімі барын бұрын сезінбеген екенмін. Бақыттан тіпті басым айналатын сияқты. Азиада басталғанға дейінгі соңғы айларда тыным таппастан жаттықтым. Қатты шаршадым, бірақ менің көп күш салғаным чемпион атануыма септігін тигізді. Сол шаршағанымның барлығы бақыттың дәмін сезінгенде ұмытылып та кетті. Елім маған үлкен үміт артты, соны ақтағанымды ойласам, мақтанып та кетемін. Көзіме жас келіп тұр, бұрын соңды спортшылардан «жеңіс дәмі» ештеңеге ұқсамайтын тәтті болады дегенді естіп, түсінбейтінмін. Бүгін жеңіс дәмін өзім татып, ағаларымның айтқанына көз жеткізіп тұрмын. Бұл өмірімдегі ең тәтті сәт. Мен шексіз бақыттымын! – деп жауап берген Денистен әлі де балалық пен балғындықтың лебі есетінін байқағандай болдық. Әйтсе де, қазекем мұндайда «қой асығы демеңіз, қолға жақса сақа ғой» демеуші ме еді? Алшысынан түскен сақадай еліміздің көк туын желбіреткен, ұлты кәріс болса да, жүрегі қазақ деп соққан оған дән риза болдық. – Қарсыластарымның екеуі  де мықты спортшылар екенін мойындаймын. Бірақ, оларға баға беретін мен емес. Қазылар алқасы. Олар менен төмен баға алып жатса, сарапшылардың шешімі. Ал менің ең басты қарсыласым, ол – өзім. Мен өзімді өзім жеңіп шығуым керек болды. Себебі, жарысқа аз уақыт қалғанда қатты жарақат алдым. Сондықтан өзімді жеңе білуіммен өзгелерге де өз талантымды мойындаттым деп ойлаймын. Мен қазақ елінің абыройы үшін бәріне дайынмын! – деген сөзінен де өз жігерін жани білетін қазақ топырағының қасиеті сіңген рухты жігіт екенін аңғару қиын емес-ті.

Үлкен додаға туған елінде түскен Дениске жанкүйерлерінің қолдауы қанат бітіргені ақиқат. «Алға, Денис!» деген сайын алқынған жүрегін басуға тырысып, ойламаған жерден құлап қалғанда да, атына қарғып мінген батыр ұлдардай еңсесін тез көтеріп алғанына қалайша риза болмайсың? Жарысқа түспес бұрын алған жарақатына қарамастан, елінің сенімінен шығуды ғана көздеген намысшыл жігіттің жігеріне қайран қаласың. Осылайша,  Денис бізге уақыт бөліп, кетерімізде  жылы  қоштасты.

Сол күні мәнерлеп сырғанаудан өткен додадан алған әсерімнен айыға алмай, түнімен шығармашылық толғаныс үстінде болдым. Дениспен «Менің ең басты қарсыласым, ол – мен» тақырыбындағы шағын сұхбатымды нөмірге үлгертіп бердім. Таңға дейін көз ілмей «Қуаныш жасы» атты өлеңді қалай жазып тастағанымды да өзім аңғармай қалдым. Ертеңіне сол өлеңімді бас редакторыма ұсынып едім, ол үнсіз  оқып шықты да, сөзге келместен, оның ұзақ болғандығына қарамастан, біздің медиахолдингтен шығатын «Елбесік» журна-лының баспаға кеткелі жатқан нөміріне  салғызып  жіберді.

Осы оқиғадан кейін біраз уақыт өткен соң университет басшылығы мен оқитын факультеттің деканатына өлеңді орысшаға тез арада аудартуға тапсырма беріпті. Студент болған соң, өзім тікелей араласа қойғаным жоқ. Бұрыннан тәжірибесі бар маман аударып, оны Спорт комитетіне, кейіннен Денис Теннің өзіне жеткізіліп берілген деп естідім.

Бірде бейтаныс кісі қоңырау шалып, арнайы конвертті жеткізу керектігін айтты. Жұмыс ғимаратының алдында келген ол қолыма «аманатты» жеткізіп, кете барды. Жалма-жан ішін ашып қарасам, Дениске арналған өлеңімнің орысша аудармасы. Мен  ол аударма туралы мүлдем ұмытып кеткенмін. Оқып шығып, келесі бетін қарасам, «Дорогой Нурсултан!» деп басталатын қолтаңба тұр. Денис Теннен екен! Менің өлеңімнің аудармасын ыстық ықыласпен оқып шыққандығын, қатты риза болғандығын жазыпты. «Көп көрермендер сайыс барысында спортшының басынан өткізетін қиындығын, ішкі  жан-дүниесінің арпалысын мүлдем сезінбейді деуге болады. Сенің өлеңіңді оқып отырып, сол күні сен мен сияқты іштей ар-палысып, мен секілді қайғырып, менімен бірге қиналғаныңды сездім. Әрине, аударма түпнұсқаға жете қоймас. Бірақ, мына өлеңіңді оқып, саған деген алғысым сезімімді, қуанышымды қалай жеткізерімді білмей отырмын», деп бастап, әрі қарай ақ тілегін арнапты. Сол күні төбем көкке жеткендей қуандым. Атағы алты құрлықтан асқан спортшының қарапайымдылығына тәнті болдым.

Келесі жылы қаңтар айында бұл өлеңімді республикалық «Қазақ спорты» газеті сұратып алып, қайта басты. Бір күні Денис қоңырау шалып тұр. – Газетті көрдім, рақмет айтайын деп едім, – дейді. Риза болып қалдым. Ұзақ әңгіме айттық. Азиада ойындары өткен сол бір күнді қайтадан еске алып, санамызда жаңғырттық. Арада үш-төрт ай өткенде Бейбітшілік және келісім сарайында өткен мерекелік шарада кездесіп қалдық. Бірден тани кетті. Жылы амандасып, біраз сыр ақтардық. Осы оқиғадан кейін мен денсаулық жағдайыма байланысты қызметтік ортадан алыстап кеттім.

Сол күнгі кездесу – соңғы кездесуіміз  боларын  кім  білген?!

Дениспен сөйлескен, кездескен сайын оның қарапайымдылығына, кәріс баласы болса да, жүрегі қазақ деп соғатын патриоттығына қарап бір марқайып қалушы едік. Амалымыз не? Әлеуметтік желі қолданушылары да еліміздің аяулы ұлының қазасына қатты қайғырып, өкініш білдіруде. Бұған дейін де талай чемпионымыз кісі қолынан қаза тапты. Талай чемпионымыз соққыға жығылды. Міне, мұндай ауыр жағдаймен тағы да бетпе-бет келдік. Аса ауыр қайғы. Денис Теннің отбасы мен оның жақындарына қайғырып көңіл айтамыз. Чемпион біздің жүрегімізде мәңгі қалады!

Қош  бол,  Денис!

Қуаныш  жасы

Мәнерлеп  сырғанаудан  VІІ  қысқы  Азиада  ойындарының  чемпионы Денис  Тенге  арналып  жазылған  өлең

Спорт – бұл  жеңістерге  бастар  қадам,

Ерлерім  бәсекеден  жасқанбаған.

Азиада  елімде тұңғыш  өтіп,

Елдігі  қазағымның  аспандаған.

Қарсы алып қонақтарын күлімдеген,

Халықпыз   ертеңінен  түңілмеген.

Бүкіл  әлем көз тіккен Алматы  мен

Ұлы  той  бас  қалада  дүбірлеген.

Бәрі – мықты! Қайтпаған  еш  есесі,

Қарсыластар – заулаған  көш  деседі.

Демін  тартып  ел  отыр  басталғалы,

Мұз  үстінде  мықтылар  бәсекесі.

Жеңіс әнін шырқаудан тынба далам,

Бұл дүбірлі  додада  сырға  қанам.

Мыңнан  жүйрік  тұлпарды  анықтады,

Сайыс  түрлі  мәнерлеп  сырғанаудан.

Барлығы  да  жеңіске  сеніп келген,

Әзірлігі  бәрінің  беріктенген.

Он  төрт  мықты спортшы  бақ  сынады,

Ақтық  сынға  еленіп,  іріктелген.

Мұз үстінде қыранша самғайды деп,

Абзал, Денис – жеңісті  жалғайды  деп.

Қосты ұлдарын додаға туған елі,

Қазағымның намысын қорғайды деп.

Жиналған ел сабырлық ете білді,

Шын парқына доданың жете білді.

Малайзия елінің марғасқасы,

Алғаш боп мұз үстіне көтерілді.

Жүйріктердің шеруі жаңғыруда,

Көрерменнің бәрі де таң қалуда,

Бірінен бірі үздік боп асып түскен,

Құс тістеген аузына барлығы да.

Басталғандай халқымның айтар әні,

Абзал шықты айдынға…. Жайқал, кәні!

Бағдарлама кезінде бірнеше рет,

Қателесіп құлауы қайталанды.

Ауылынан жеңістің жырақтады,

Жырақтады, Абзал ұл жырақ қалды.

Өкінішті ел сенген спортшысы,

Жетінші орынға келіп тұрақтады.

Санын соғып қалды ел…Қайда ері?

Жеңіліске қалайша көнді деді?!

Халық – үнсіз… Денисте жалғыз үміт!

Жүректегі үмітті сөндірмеді.

Ел – екі ойлы.. Көңілді кірбің басқан,

Талап – қатал. Көбісі жерді құшқан.

Ел жүгі бар Денистің жүрегінде,

Мың күдік пен бір үміт арпалысқан.

Берілмеді сарсаңға, қайғы-мұңға,

Қуанышпен  қарсы  алды  ел  жайды  мына.

Ә дегеннен Тен шебер  қимылымен,

Шыр  айналды  аппақ  мұз  айдынында.

Алтын медаль – дәреже, кәделі еді,

Қытайлық пен жапондық дәмелі еді.

Күрделі «Бильман» биін орындаған,

Санаулы спортшы Тен әлемдегі.

Жеңіс қымбат екенін біле берді,

Халықтың да осы еді тілегені.

Абайсызда сүрініп мұз үстінде,

Еш мойымай жылдам ол түрегелді.

Өнеріне ешкімнің жоқ таласы,

Қуанғандай жапондық бақталасы.

Көтерілді ол жерден бар күшімен,

Жебегендей  рухымен Сақ бабасы!

Қалайша ел рухы жаншылады?!

Денисім намыс отын қамшылады.

Көңілді күдік жеңіп… жанарымнан,

Жас болып тамып жатты тамшылары.

Денистің өнері де аяқталды,

Ең соңғы спортшы келіп қайраттанды.

Жапондық спортшы үшін сәтсіз минут,

Екпіні оның әлсіз боп жайлап қалды.

Қорытынды шақ. Сілтедей тынды аймақ,

Бір өкініш,  бір  үміт  құшақ  жаймақ.

Жеңімпазды  құрметпен  хабарлады,

Сол  сәтте  халық  кетті «Уа, құдайлап!».

Халқына «жеңіс»  атты ән  салдырған,

Өнерімен  баршаны  тамсандырған.

Алтын медаль  тағынып  мойынына,

Қошеметпен  жұртын  ол  қарсы алдырған.

Ер  жігітке  бақ  әр кез  қонады деп,

Бір сыр айтты халқына жолдадым  деп:

«Ұлтым кәріс болғанмен, ал, жүрегім

Мәңгі қазақ  елі  болып соғады» деп!

Жеңді  Денис!

Халқыма таратты құт!

Батыр ұлға жаудыртты мадақты жұрт!

Қуаныштан  көз  жасқа  ерік  бердім,

Желбіреген  көк  туға қарап  тұрып…

Нұрсұлтан  МЫҚТЫБАЙ,

журналист


«Хан бөгеті» зерттелді

Күні: , 42 рет оқылды

Өңірлік  коммуникациялар  қызметіндегі  кезекті  баспасөз  мәслихаты  Жәңгір  хан  атындағы  БҚАТУ-дың   «Рухани  жаңғыру»  бағдарламасы  аясында  өткен  «Хан  бөгеті»  халықаралық  ғылыми-танымдық  экспедициясына  арналды.  Тақырыпты  Жәңгір  хан  атындағы  тарихи-этнографиялық  музейінің  меңгерушісі, аталмыш  экспедицияның   жетекшісі Нұржан  Төлепов  тарқатып  айтты.

Бұл тақырып төрт жылдан бері зерттеліп келеді. Жәңгір ханның 1842 жылдың күзінде тұрғызған бөгеті болуы мүмкін деген оймен қолда бар барлық дерек зерттеліп, бөгеттің бар екені дәлелденді. 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған экспедиция кезінде де бұл деректер толықтырылған болатын. Бұл зерттеудің ерекшелігі, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында  ғылыми негізде бағдарлама бойынша құрылған өңірлік комиссияның және жобалау кеңселерінің қолдауымен жүзеге асырылып отырғандығында болып отыр. Қаржыландыру мәселесін БҚАТУ өз мойнына алған еді.

Зерттеу қорытындысында Ресей ғалымдарымен бірге ұжымдық монография жазылатын болады, – деді  спикер.

Айта кетейік, құрамында бес адам бар экспедиция 11 шілде күні сапарға шыққан болатын. Ресейдің Волгоград қаласындағы шекара басқармасының рұқсатнама қағазын алған делегацияға эколог Иван Овчинников деген азамат қосылып, қажетті мамандар толықтай қамтамасыз етілген. Спикердің айтуынша, қолда бар барлық дерек Томатный деген ауылдың қасындағы бөгеттің Жәңгір хан салған бөгет екеніне дәлел бола алады. Сол төңіректе бұл бөгеттен басқа тағы екі бөгет анықталған. Тіпті Савин ауылының пайда болуына Жәңгір хан себепші болған деген де дерек бар. Сол жерде ертеректе қазақтар тұрғызған бір-екі үйді де тамашалаған экспедиция мүшелері Палласов ауданындағы қымызбен  емдеу  мекемесінде  де  болған.

– Аталмыш мекеменің директоры Қуаныш Ниталиевтің айтуынша, 1924 жылы Кеңес үкіметі Жәңгір ханның жазғы ставкасы негізінде осы емдеу мекемесін ашқан. Жәңгір ханның өзі көзі тірісінде жеті үй салған екен. Бүгінде олардың үшеуі қалып отыр. Біреуі емхана ғимараты ретінде пайдаланылып отыр. Ал екі үйдің терезелерінің жоғары жағында төрелердің таңбасы және қошқар мүйіз оюлары  анық көрінеді. Біз ханның жазғы резиденциясындағы үш ғимараттың  қаз-қалпында сақталғанына куә болдық. Әрине, бұлар сол жердің халқына таныс болғанмен, біздің еліміз үшін тың дерек болып саналады. Түсіне білген кісіге бұл –  ашық аспан астындағы музейлік экспонат. Жәңгір ханның тұрғызып кеткен бөгеті «Хан бө-геті» деп аталса, содан пайда болған ұзындығы 27 шақырымға созылып жатқан су қоймасы да «Ханның су қоймасы» деп аталады. Сол заманнан бері бұл екі жердің пайдасын қазақ елі де, ресейліктер де көріп келеді, – деді  Нұржан  Жолдығалиұлы.

Ясипа  РАҚЫМҚЫЗЫ,

 «Орал   өңірі»


«Крутой» «Ынтымаққа» айналды

Күні: , 730 рет оқылды

Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 28 ақпандағы №17-388-5 тапсырмасына сәйкес еліміздегі ономастикалық атауларды ретке келтіру және тарихи атауларды жаңғырту мақсатында идеологиялық тұрғыдан  ескірген атаулар мен қайталанатын атауларды тарихи жер-су атауларына алмастыру жұмыстары жүйелі жүргізілуде.

Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 8 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» заңы 10-бабының 4-1-тармақшасы және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 5 наурыздағы «Қазақстан Республикасының аумағындағы әуежайларға, порттарға, темiржол вокзалдарына, темiржол стансаларына, метрополитен стансаларына, автовокзалдарға, автостансаларға, физикалық-географиялық және мемлекет меншiгiндегi басқа да объектiлерге атау беру, сондай-ақ оларды қайта атау, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту және мемлекеттiк заңды тұлғаларға, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға жеке адамдардың есiмiн беру қағидаларын бекiту туралы» №281 қаулысы негізінде «Батыс Қазақстан облысының кейбір білім беру ұйымдарын қайта атау туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 9 шілдедегі №413 қаулысымен Тасқала ауданының мынадай  білім  беру  ұйымдары:

«Жалпы білім беретін Вавилин бастауыш мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі – «Жалпы білім беретін Бастау бастауыш мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі, «Жалпы білім беретін Жемшін бастауыш мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі – «Жалпы білім беретін Тоғайлы бастауыш мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі, «Жалпы білім беретін Крутой негізгі мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі – «Жалпы білім беретін Ынтымақ негізгі мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі, «Жалпы білім беретін Кузнецов негізгі мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі – «Жалпы білім беретін Бірлік негізгі мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі, «Жалпы білім беретін Родник негізгі мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі – «Жалпы білім беретін Айнабұлақ негізгі мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі, «Жалпы орта білім беретін Семиглавый Мар мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі – «Жалпы орта білім беретін Достық мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі, «Жалпы орта білім беретін Совхоз «мектеп-балабақша» кешені» коммуналдық мемлекеттік мекемесі – «Жалпы орта білім беретін Атамекен «мектеп-балабақша» кешені» коммуналдық мемлекеттік мекемесі, «Жалпы орта білім беретін Шипов мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі – «Жалпы орта білім беретін Мерей мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі деп қайта аталынды.

Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 11 шілдедегі «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңының 25-5-бабында мемлекеттік заңды тұлғаларды қайта атау кезінде ономастика жұмысының критерийлері: тарихи, географиялық ерекшеліктерді ескеру, яғни жоғарыда аталған мектеп атаулары елді мекендер атауымен  сәйкестендірілді.

БҚО  тілдерді  дамыту  басқармасы


Ресейлік тағамдарға сақ болайық!

Күні: , 97 рет оқылды

Ел-жұрт жиі  тұтынатын  Ресейдің  сүт  өнімдері  мен  құс  еті  Қазақстанның  мемлекеттік  стандартына  және  Кеден  одағы  талаптарына  сәйкессіздіктер  анықталып отыр.  Бұл  туралы  өңірлік  коммуникациялар  қызметінің  ақпарат  алаңында  өткен  баспасөз  мәслихатында  Батыс  Қазақстан  облыстық қоғамдық  денсаулық  сақтау  депараментінің  басшысы  Жайдар Құрманов  мәлімдеді.

Осы  жылдың бірінші жартыжылдығында облыстағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты деп есептеліп отыр. Былтырғы жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда тамақтан улану 18,3 ретке, скарлатина – 33,3, алғаш рет анықталған созылмалы  вирусты гепатит – 11,6, энтеробиоз – 24,6, описторхоз – 31,6, педикулез – 27,7, ал бруцеллезге шалдығу 23,3 пайызға төменде-ген. Керісінше, Зеленов ауданы мен Орал қаласында бүйрек синдромы геморрагиялық қызбасының үш жағдайы тіркелген. Биыл бүйрек синдромы геморрагиялық қызбасына тосқауыл қою шараларын жүргізу үшін облысымызға республикалық бюджеттен 18 617 000 теңге бөлінген. Ал алты әкімшілік аумақтан 23 адамның бруцеллез ауруына шалдыққаны белгілі болып отыр. Науқастардың барлығы бұл дертті ауру малды күтіп, баптау кезінде жұқтырған.  Спикердің айтуынша, облыстағы өзекті мәселенің бірі – атааналардың балаларының екпе алуына қарсылық білдіруі. Бүгінде ата-аналарының әр түрлі себептер айтуымен  1072 бала екпе алмаған.

Тағам өнімдерін шығаратын нысандарды тексеру кезінде микробиологиялық зерттеуге 254 сынама алынып, 18 сынамадан сәйкессіздік анықталған екен. Осы деректер негізінде 48 әкімшілік қаулы шығарылып, 1 млн. 394 мың теңге шамасында айыппұл салынған. Сонымен қатар жұқпалы аурулардың таралу қаупін тудыратын 33 адам жұмыстан шығарылып, 40 ұйғарым берілген.  Жайдар Бисембайұлы  айтып өткендей, тұрғындар көп тұтынатын 1795 азық-түлік пен азықтық емес тауарларға санитарлық-эпидемиологиялық сараптама жүргізілген. Сараптама нәтижесінде тауардың 14 пайызында сәйкессіздік анықталған. Атап айтқанда, отандық  өндірушілердің өнімдерінен 13,3  пайыз, ал импортталған өнімдерден 87 пайыз сәйкессіздік бар. Бұл сәйкессіздіктер негізінен Ресейдің сүт өнімдері мен құс етінен жасалған тағамдарынан  анықталып отыр. Спикер өз сөзінде күннің ыстығында тамақ дайындау мен оларды сақтауда тұрғындардың  сақ  болу  керектігін  ескертті.

Жыл басынан бері облыс бойынша шамамен 21 мың кенеге, 4 мың кеміргішке, қоршаған ортадан 9 сынамаға  зертханалық тексеру жүргізілген. Жалпы, облыс аумағында оба, туляремия, күйдіргі және бүйректің  синдромды геморрагиялық қызбасы сияқты аса қауіпті инфекциялардың табиғи ошақтары бар. Олар шамамен облыстың жарты аумағын алып жатыр. Сондықтан да бұл жерлер құзырлы құрылымдар тарапынан тұрақты мониторинг жасап,  ұдайы  назарда  ұстауды  талап  етеді.

Ясипа  РАБАЕВА,

 «Орал   өңірі»


Жастар үшін жаңа орталық

Күні: , 41 рет оқылды

Орал  қаласында  Жастарға  қызмет  көрсету  орталығы  ашылды. Аталған  орталықтың  ашылуына  облыс әкімінің  орынбасары  Ғабидолла  Оспанқұлов  қатысып,  қызмет  барысымен  танысты.

Облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Мержан Әбілқастың мәлімдеуінше, мекемеге келген жастар бірқатар қолдауларға ие бола алады.

– Орталық қызметкерлері 14-29 жас аралығындағы қала тұрғындарына психологиялық, діни және заң көмегін көрсетеді. Сонымен қатар мамандар жастарға жұмысқа орналасу бойынша кеңестер беріп, өз кәсібін ашудың тиімді жолдарын көрсетеді. Алдағы уақытта жастар көп жиналатын жерлерге шығып қызмет көрсетуді жоспарға алдық, – дейді  Мержан  Әбілқас.

Ғабидолла Абдоллаұлы аудан әкімдерінің орынбасарларына әр ауданда жастарға қызмет көрсету  орталығын  ашуды  тапсырды.

– Жастардың жаңа идеялары мен жобаларына бағыт беретін, түрлі мәселелер бойынша көмек көрсететін ортақ шаңырақтың пайда болғаны қуантады. Дамыған елдерде мұндай орталықтар көптеп ашылған. Сондықтан орталық қызметі жастарға пайдасын тигізеріне сенімдімін, – деді оң бағасын берген облыс әкімінің орынбасары.

Жалпы, Жастарға қызмет көрсету орталығы бірнеше бағытта қызмет көрсетпек. Атап айтқанда, «Жұмыспен қамту жол картасы  – 2020», «Қолжетімді тұрғын үй – 2020», «Серпін – 2050», «Дипломмен ауылға» бағдарламалары бойынша жастар арасында түсіндіру-насихаттау бағытында жұмыс жүретін болады. Арнайы тағылымдамадан өткен мамандар жастарға мемлекеттік бағдарламалар бойынша бағыт береді. Жаңа орталық облыстық жастар ресурстық орталығы мекемесінің жанынан ашылды. Яғни Достық даңғылы, 188-мекенжайы бойынша орналасқан орталыққа жұмыс күндері 9.00-18.30 аралығында баруға  болады.

Айымгүл  ЖОМАРТҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»


«URALSK JOB FAIR – 2018»

Күні: , 38 рет оқылды

Кеше  Орал  қаласындағы  Х. Бөкеева  атындағы  облыстық  қазақ  драма театрының  фойесінде «URALSK  JOB  FAIR  – 2018» жастарға  арналған  бос  орындар  жәрмеңкесі  өтті.

Бұл жастарға арналған биылғы жылғы екінші жәрмеңке. Сәуір айындағы жәрмеңкеде 500-ге жуық бос жұмыс орны ұсынылған екен. Онда алпыстан астам жас тұрақты жұмысқа орналасып, екі жүзге жуығы «Жастар тәжірибесі», «Жасыл ел», «Студенттік құрылыс жасақтары» және өзге де әлеуметтік жобалар аясындағы маусымдық жұмыстарға тартылған.

– Биыл 15 мыңнан астам жас оқу орнын бітірді, соның ішінде тоғыз мыңнан астамы жоғары, бес мыңнан астамы арнаулы оқу орындарының түлектері. Біз ең алдымен қолына дипломын енді ғана алған жастарды жұмысқа орналастыруға күш саламыз. Орал қаласы мен аудандардағы бос жұмыс орындарын жинақтап ұсынумен қатар, халықаралық және мемлекеттік бағдарламалар туралы кең көлемді мағлұмат береміз.  Бұл жолы «URALSK JOB FAIR – 2018» жәрмеңкесінде 70-тен астам жұмыс беруші қатысып, 700-ден астам бос жұмыс орнын ұсынды. Ірі өндірістік кәсіпорындар мен қаржы секторын айтпағанның өзінде, барлық он екі ауданның денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт мекемелерінің басшылары арнайы келіп, жастарды ауылға жұмысқа шақырды, – дейді облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Аян Сақошев.

Мұғалімдер мен дәрігерлер тапшылығы – барлық ауданға ортақ түйткілді мәселе. Мәселен, бір ғана Сырым ауданына 35 мұға-лім және 7 медицина қызметкері қажет. Сырым аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Саламат Иманғалиевтің айтуынша, осындай жәрмеңкелердің маман тапшылығын азайтуға  септігі  мол.

Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледжінің түлегі Ақылбек Хамитов аталмыш жәрмеңкенің жас түлектер мен жұмыссыз  жастар  үшін аса  қажетті  шара  екенін  айтады.

– Мамандығым – фельдшер.

Еңбек жолымды ауылдан бастамақпын. Жәрмеңкеде Жаңақала, Бөрлі, Зеленов және Теректі аудандарының өкілдеріне жолықтым. Әзірге «Жастар тәжірибесінің» мүмкіндігін пайдалануды ұсынып отыр. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы жұмысқа орналасып, баспаналы болып, ауылда тұрақтап қалғым келеді, – дейді  мақсатшыл  жас.

Орал қаласындағы «ПОШ Руно», «Орал кабель», «Орал полимер» және «As&Ar Collection» ЖШС-ларының өкілі Марат Нұрымгереев жәрмеңкеде отыздан астам бос жұмыс орнын ұсынып отыр.

– Жастардың өздеріне ұсынылып отырған мүмкіндікті молынан пайдаланып қалғандары жөн. Жәрмеңкеде тек жастардың ғана емес, орта және егде жастағы азаматтардың да түйіндемелерін қабылдадық. Өңірдегі қарқынды дамып келе жатқан кәсіпорындар болғандықтан, бізде мамандарға ұдайы сұраныс бар. Соның ішінде, дәнекерлеуші, кабельші, тас төсеуші, кран және трактор жүргізушілері аса қажет, – дейді ол.

Ұйымдастырушылар жастар арасында жәрмеңкелердің танымалдылығы артып келе жатқанын  айтады.

Шара барысында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы облыстық филиалының бизнес-тренерлері семинар-тренингтер ұйымдастырып, жастарға жеке кәсіп ашу, кәсіпкерлік нысанын  тіркеу, несиелер мен демеуқаржы алу арқылы кәсіпті кеңейту бағытында  кеңестер  берді.

Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика