Мұрағат: 18.07.2018


Үздік екі студент Есет Әзірбаев атындағы стипендия алады

Күні: , 77 рет оқылды

Таяуда  облыс орталығындағы  Орал газ,  мұнай  және  салалық технологиялар  колледжінде  Қазақстанның  Ұлттық газ  компаниясын  тұңғыш ұйымдастырушы,  КСРО  Газ өнеркәсібі  министрлігінің үздігі,  экономика  ғылымдарының   докторы,  академик   Еңбек Қызыл Ту, Халықтар  достығы,  «Құрмет» ордендерінің  иегері  Есет   Әзірбаевқа  мүсін  орнатылып  және  аталмыш  тұлғаның  атындағы  зертхана  ашылды.

Салтанатты шараға Есет Рауатұлымен кезінде бір салада қызмет істеген ел ағалары мен шәкірттері, марқұмның тума-туыстары мен колледж ұжымы, білім саласының қызметкерлері мен қала тұрғындары қатысты. Мүсінді ашу құрметі Қазақстанның Еңбек Ері, «Қазмұнайгаз“ Ұлттық компаниясы» АҚ-ның бұрынғы президенті, «Қазақстан Инжиниринг» бірлестігі төрағасының орынбасары, академик, техника ғылымдарының докторы Ұзақбай Қарабалинге және Есет Рауатұлының жақын туысы Жақсылық Зәкіровке берілді. Содан соң мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат Нәжімеден Есқалиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Ақұштап Бақтыгереева және ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нариман Төреғалиев Есет Әзірбаев жайлы тағылымды естеліктер айтып, еліміздің газ өнеркәсібін дамыту үшін жылдар бойы аттан түспеген азаматтың жарқын бейнесін жұрт жадында  жаңғыртты.

Есет Рауатұлының мүсінін сомдауға, оның атында кабинет ашуға және озат студенттерге Е. Әзірбаев атындағы шәкіртақы тағайындалуына «КАТЭК» инжинирингтік компаниясы» ЖШС-ның бас директоры, экономика ғылымдарының кандидаты Құндыз Нұпов және Валерий Жүнісов басқаратын «Конденсат» акционерлік  қоғамы  ұйытқы  болды.

1941 жылы Башқұртстанда өмір есігін ашқан Есет Рауатұлы Әзірбаев – Уфадағы мұнай институтының 1964 жылғы түлегі. Жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін Ресейдің Орынбор облысындағы Домбаров газ компрессоры стансасында үш жылдай қызмет атқарып, кейін Атырау облысында еңбек жолын жалғаған. 1974-1981 жылдары салынып жатқан «Орынбор-Батыс Шекара» газ құбыры Орал әкімшілігін, кейін «Закаспийсктрансгаз» өндірістік бірлестігін басқарды. 1981-1987 жылдары «Саратовтрансгаз» өндірістік бірлестігінің бас директоры болса, 1987-1989 жылдары Ливияда еңбек етті. 1989 жылдан «Югтрансгаз» (Саратов) бірлестігі бас директорының орынбасары болды.

«Орта Азия – Орталық» газ құбырының құрылысына белсенді атсалысып, бертін келе, дербес министрлік деңгейінде болған «Қазақгаз» компаниясын ұйымдастырды.  «Қазақгаз» мекемесі 1991 жылдың 19 қыркүйегінде құрылды. Бұл компанияның кеңсесі Оралда болғанымен, маңызды мәселелер Алматы қаласында шешілетін. Кейін Есет ағамыз «Батыстрансгаз» және «Арқагаз» акционерлік қоғамдарын құрып, тәуелсіз Қазақстанның газ шаруашылығын дамытуға ерен еңбек сіңірді. Е. Әзірбаев 1991-1995 жылдары Ұлттық газ компаниясының президенті, басқарма төрағасы, «Қазақгаз» мемлекеттік холдинг компаниясының президенті қызметін атқарған жылдары «Қазақгаз» аяғынан тік тұрып, республикадағы 16 газ тасымалдау өндірісін біріктіріп, дербес және қуатты өндірістік құрылымға  айналды.

– Есет Рауатұлы Ресейдің Орынбор, Саратов облыстарына қоса, еліміздің Атырау, Маңғыстау, Орал өңірлерін газдандыруға зор еңбек сіңірді. Тіпті кезінде жас маманның алғырлығын, іскерлігін байқаған КСРО  Газ өнеркәсібі министрлігінің басшылығы Әзірбаевты Ливиядағы құрылысы тұралап қалған Брега-Мисурата газ құбырын жандандыруға жолдады. Есет Рауатұлы бұл жауапты міндетті, халықаралық міндет-миссияны да абыроймен атқара білді. Еліміз егемендік алған жылдары облыста «Қазақгаз» мекемесін құрды. Басында көптеген қиындықтарға тап болған мекеме кейін үлкен компанияға айналды. Сол кезде төленген салық арқылы облыс бюджетінің 60-70 пайызын құраған «Қазақгаздың» басшылығы ел ішінде демеушілік-меценаттық миссиямен де үздіксіз айналысты.

Есет Рауатұлының ерекше адами қасиеттерінің бірі ата-баба дәстүрін берік ұстанатын ұлтжандылығы еді.

Атақоныс, атамекеннен шалғай, жат жерде жарық дүниеге көрініп, Башқұртстанда туып-өскеніне қарамастан, айтулы діндар адам болған әкесі Рауат ақсақалдың ықпалымен ұлттық салт-дәстүрді санасына сіңіріп өсіп, көпті көрген көнекөз қариялардан естіп-білген  жыр-дастандарды зерделеп жүретін. Ол әкесінен қалған ескі жазбаларды саралай жүріп, «Аталар мұрасы» атты аңыз-әңгімелер мен жыр-дастандар жинағын да шығарды.

Қандай жоғары лауазымда қызмет етсе де, адалдықтан айнымай, тура жолдан таймай өмір сүрген Есет ағамыздың адамгершілігіне, ар-ождан алдындағы тазалығына басымызды иеміз. Ол өз қамын ойлап, дүние жинау дегенді мұрат тұтқан жоқ. Қазақстан тәуелсіздік алып, елдегі әлеуметтік-ахуал күрт қиындаған  кезде Есет Рауатұлы өнер мен спорт саласына, тіпті өңірдің қарапайым тұрғындарына көп көмек көрсетті. Өз басым елге сіңген еңбегі ерен осындай атпал азаматтың шәкірті болып, қатар жүріп, еңбек еткенімді мақтан тұтамын. Бүгінгі мына игі шараны біздің тарапымыздан ардақты ағаға, өнегесі мол ұстазға көрсеткен құрмет-тағзым деп қабылдағандарыңызды қалаймыз. Әрі бұл – Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында еліміздің газ шаруашылығын өркендетуде өшпес із қалдырған тұлғаның өнегелі өмірін, ересен еңбегін жас ұрпаққа кеңінен насихаттаудың айшықты бір көрінісі. Осы бағыттағы жұмыстардың ойдағыдай жүзеге асуына Павел Климов, Яхия Чудров, Валерий Есмағұлов сынды еңбек ардагерлеріне қоса, Қадыр Мырза Әли атындағы қоғамдық қордың директоры, танымал әнші-композитор Донеділ Қажымов және Серік Мұхамбетәлиев басқаратын Орал газ, мұнай және салалық технологиялар колледжінің ұжымы да ұйымшылдықпен атсалысты, – деді өз сөзінде Құндыз Шамақұлы.

Шараның соңын ала колледжде Есет Әзірбаев атындағы зертхана ашылып, әрі «КАТЭК» инжинирингтік компаниясы» ЖШС, облыстық білім басқармасы мен Орал газ, мұнай және салалық технологиялар колледжі арасында үш жақты меморандумға қол қойылды. Осы келісім бойынша  газ, мұнай мамандарын даярлайтын колледжге аталмыш саланың білгір мамандары келіп, дәріс оқымақ. Сонымен қатар «КАТЭК» жобалық-зерттеу компаниясы колледждің оқу үлгерімі үздік, тәртібі үлгілі екі студентіне ай сайын 50 мың теңге көлемінде Есет Әзірбаев атындағы стипендия  тағайындады.

*  *  *

Есет Әзірбаевты еске алу шарасы танымал тұлғаның атамекені болып табылатын Ақжайық ауданына қарасты Базартөбе ауылында да өтті. Жиналған қалың  жұрт Алаштың абзал азаматының зиратына барып, Құран бағыштады. Содан соң Е. Әзірбаевтың мүсіні ашылып және оның жасампаз еңбек жолы туралы фильм көрсетілді. «КАТЭК» ЖШС-ның бас директоры Қ. Нұпов ауыл мектебінен алдағы уақытта Е. Әзірбаевқа арнайы ашылатын бұрышы үшін ол туралы кітапты білім ошағының басшысына табыс етті. Сосын еліміздің газ өнеркәсібі саласын ілгерілетіп, елді мекендерді көгілдір отынмен қамту жолында жылдар бойы қажырлы еңбек еткен азаматтың көзін көргендер Рауаттың Есеті туралы ғибратты әңгіме-естеліктердің  тиегін  ағытты.

Нұрбек   ОРАЗАЕВ,

«Орал   өңірі»


Әсия АМАНБАЕВА, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы: «Денсаулық – бәсекеге қабілеттіліктің ең басты шарты»

Күні: , 64 рет оқылды

Еліміздегі бұқаралық спортты дамыту мақсатында  жеке кәсіпкерлерге де кең мүмкіндік берілді. Соған сәйкес балаларын жеке спорттық секцияларға апаратын ата-аналардың да қатары көбейді. Өңірімізде спорттық секцияларға қатысып, байрақты бәсекелерде жақсы нәтижеге қол жеткізіп жүрген жасөспірімдер  бар. Алайда облыста жеке секцияларға жаттығуға барған баланың жарақат алуымен аяқталған деректер де жоқ емес. Осы орайда облыстық дене шынықтыру және  спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаевамен тілдесіп, өңірдегі спорт саласының  дамуы туралы  білген едік.

– Әсия Рахымқызы, балаларын жеке спорттық секцияларға  апаратын ата-ана ең бірінші  нені  қаперге  алған  жөн?

– Жасөспірімдерді жеке спорттық секцияларға берерде алдымен жаттықтырушының кәсіби деңгейін, дайындығын, қандай оқу орнын бітіргенін, жетістіктерін және жаттығу залын тексерген жөн. Яғни, перзентіңізді кімге аманаттап тапсырғаныңызды анықтау қажет. Балалар мен жасөспірімдермен жұмыс жасайтын бапкердің міндетті түрде педагогикалық білімі болуы шарт. Өйткені ол педагогикалық білім арқылы физиологияның, психологияның, анатомияның негізін оқиды. Егер сол пәндерден хабарсыз болса, жасөспірімдердің жас ерекшелігіне байланысты берілетін жүктемені арттырып, баланың денсаулығына зиян келтіруі мүмкін. Сондай-ақ ата-ана залдың жарықтануын, бактерияға қарсы шамдардың орнатылғанын және бала денсаулығына зақым келмейтіндей сақтық шараларының толық қамтылғанын  анықтаған  жөн.

– Облыс аумағындағы ауыл спортының қанат жаю деңгейі, жалпы далада болсын, қалада болсын бұқаралық спорттың көкжиегінің кеңеюі сізді қанағаттандыра  ма?

– Бұқаралық спортты дамыту – біздің міндетіміз. Оның дамуына баға беретін халық. Бүгінгі күні облыстағы дене шынықтыру және спортпен тұрақты шұғылданушылардың саны 175 245 адам, ол облыс халқының 27,1 пайызын құрайды. Бұл көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда 0,4%-ға өсіп отыр. Спортпен жүйелі шұғылданатын адам деп аптасына үш мәрте спортзалға келіп жаттығатындарды айтамыз. Алайда бұқаралық спорт тек спортзалдағы жаттығу процесімен шектелмейді. Мысалы, Орал қаласында спорттық жаттығуға арналған Street Workout алаңдары бар. Қашан барсаңыз да, олардың бос тұрғанын  көрмейсіз. Сонымен қоса жыл сайын әр түрлі  сала қызметкерлері өздерінің спартакиадаларын өткізуде. Соның ішінде дәстүрлі түрде дәрігерлер, мемлекеттік қызметшілер, журналистер күні секілді кәсіби мерекелер қарсаңында спорттық жарыстар ұйымдастырылады. Мұндай спартакиадаларға орта есеппен 1000-ға жуық адам қатысады. Жарыс барысында аудандардан келген құрама командалардың ойыншылары жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Бұл дегеніңіз олардың жүйелі дайындықтан өтіп, спортпен шұғылданғанын  аңғартады.

Қазіргі таңда  облыс  аудандарында  бұқаралық спорттың даму деңгейі әр түрлі. Мысалы, үздік аудандар қатарында Ақжайық, Бөрлі, Зеленовты айтуға болады, ал Бөкей ордасы, Жаңақала аудандары бұл бағыттағы жұмыстарын жандандыруы қажет. Жәнібек, Шыңғырлау аудандары ұлттық ат спорты түрлерін насихаттауда ауқымды  жұмыстар  атқаруда.

Ақжайық, Бөрлі, Зеленов, Қазталов, Қаратөбе, Сырым, Шыңғырлау аудандарының барлық ауылдық округінде спорттан әдіскер нұсқаушы еңбек етуде. Қалған аудандардың ауылдық округтерінде бұқаралық спортты дамыту жұмыстарымен аудандық жастар ресурстық орталықтың мамандары айналысып жүр. Еуропа елдерінде тұрғындардың дені спортпен шұғылданады дейміз. Неге? Өйткені еуропалықтар кез келген салада бәсекеге қабілетті болуы үшін ең бірінші денсаулықтың маңызды екенін жақсы біледі. Ал бізде адамдардың көбі өз денсаулығына немқұрайлы қарайды. Көпшілік орындарда жаттығу жасаса да, оларды ұйымдастыратын бір адам, яғни әдіскер нұсқаушы  жандарында жүруі қажет  деп  есептейді.  Демек, денсаулық бәсекеге қабілеттіліктің ең басты шарты екендігін біз әлі ескере бермейміз.

– Өзіңіз басқаратын саладағы қандай мәселе сізді бірінші кезекте  жиі  мазалайды?

– Бүгінгі күннің кезек күттірмейтін мәселесі – материалдық-техникалық база мен спорт инфрақұрылымының жеткіліксіздігі. Облысымыздың жеті аудан орталығында заманауи спорт кешені жоқ. Ең күрделі жағдай Жаңақала ауданында. Аудандық спорт мектебі кеңес заманындағы нан зауытының ғимаратын паналауда. Төбесінен тамшы ағып, қабырғасы сыз тартқан жерде балалар бірнеше спорт түрімен шұғылдануда.

Екінші кезекте облыс халқының жартысы шоғырланған Орал қаласында спорт ғимараттары жетіспейді. Әсіресе, жергілікті тұрғындар жүзу бассейнін сұрайды. Орал қаласындағы ұзындығы 25 метрлік «Жайық самалы» жүзу бассейні 2001 жылы пайдалануға берілді. Алайда халықаралық деңгейдегі жүзу жарыстарын өткізу үшін ұзындығы 50 метрлік бассейн болуы шарт. Жиырма жылға жуық уақыт өтсе де, бұл қаламыздағы жалғыз коммуналдық бассейн болып тұр. Сондай-ақ мұз айдынының пайдалануға берілгеніне де 17 жыл. Қазіргі жастардың коньки тебуі үшін мұзға қоятын талғамы биік. Мұздың беті теп-тегіс, тайғанақ болуы керек. Бұл – бүгінгі күннің талабы. Оны ата-ана талап етуге де құқылы. Сол себепті біз олардың талабына сай болуға тырысамыз. Сондай-ақ П. Атоян атындағы  стадионда төселген жүгіру жолы да ескірді. Болашақта қаржы мәселесі шешілсе, осылардың барлығы  біртіндеп  жаңаланбақ.

Үшінші мәселе, осы кезге дейін айтылып келген білікті бапкерлердің жеткіліксіздігі. Оған себеп, жаттықтырушының айлық  жалақысы жалпы білім беретін  мектептегі дене шынықтыру пәнінің мұғалімі алатын айлықтан  аз болуы. Осы орайда биылдан бастап облыс әкімдігінің қаулысымен шәкірттері жақсы нәтиже көрсеткен бапкерлерге қосымша ақы төлей бастадық. Қазіргі кезде байдарка мен каноэ есуден, жеңіл атлетикадан жаттықтырушылар  тапшы.

– Соңғы жылдары қазақ күресі кеңінен насихатталуда. Тіпті «Әлем барысы» деген атаумен ұлттық күресімізден әлем чемпионаттары өткізілуде. Бірақ батысқазақстандық балуандар халықаралық додаларда топ жармақ түгілі, елішілік бәсекелерде жақсы нәтижелер көрсете  алмай  жүр.  Неге?..

– Облысымыздың барлық аудан-ауылдарында жасөспірімдердің күреспен айналысуы үшін керемет жағдай жасалған деп айта алмаймыз. Кей аудандағы азаматтар балалардың жаттығуы үшін күрес залдарын өздері жабдықтауда. Дейтұрғанмен, соңғы жылдары қазақ күресімен шұғылданатын балуандарымыз тым жақсы нәтиже көрсете бастады. Мысалы, жастар арасында ҚР чемпионатында Бекайдар Меңдешев қола жүлдегер, 23 жасқа дейінгі жастар арасындағы ел чемпионатында Олжас Сүлейменов қола жүлдегер, ерлер арасында ҚР кубогы үшін сайыста Нұрбол  Серіков пен Ерназар Хамзин қола жүлдегер атанды. Жақында Астана қаласында өткен «Қазақстан барысы» республикалық жарысында бөрлілік Темірлан Көлбай мен сырымдық Асқар Нұрмұханов облыс намысын қорғады. Жалпы, облыста 848 бала қазақ күресімен айналысуда. Олардың арасынан болашақта небір байрақты бәсекелерде топ жаратын балуандар шығады деп үміттенейік.

– Әсия Рахымқызы, өзіңіз халықаралық рефери ретінде рингке шығып, төрелік етіп жүрдіңіз. Жалпы, осы қыз баланың бокспен шұғылдануын өзіңіз қолдайсыз ба? Бүгінгі бойжеткен – болашақ ана. Қыз баланың көкірегіне, құрсағына соққы тиюі болашақ ана ретінде оның денсаулығына елеулі нұқсан  келтірмей  ме?

– Қыздар арасындағы әуесқой бокста барлық қорғаныс жабдығы қарастырылған. Сондықтан денсаулыққа зор нұқсан келеді деп айта алмаймын. Халықаралық аренада төреші болып алғаш шығып жүрген кездері сіз секілді таңғалатын едім. Өйткені күнделікті өмірде қолыңа, аяғыңа не бетіңе қатты бірдеңе тиіп кетсе, тез көгеріп шығады. Ал бокстағы қыздар бір-біріне қатты соққы жұмсап, жұдырықтасса да, көзі көгеріп не беті ісіп жүргендерін байқамайсың. Себебі бокспен ұзақ жыл шұғылданған қыздар әрбір қимылдың нақтылығын, соққының күші мен қарсыласының әрекетін болжап үйренеді. Қыздар боксы Еуропада, Америка елдерінде жақсы дамыған. 2003 жылдан бастап Қазақстанда қолға алына бастады. Өз басым бұл спорт түрімен қыздардың айналысуына қарсымын деп айта алмаймын. Елімізде Назым Қызайбай, Марина Вольнова, Дариға Шәкімова, Назым Ищанова секілді бойжеткендеріміз жақсы жетістіктерге қол жеткізіп жүр. Бұл, әрине, жүйелі жаттығудың нәтижесі. Енді қыркүйек айынан бастап облыстағы бокс секцияларына қыздар да алынатын болады.

Сұхбаттасқан  Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»


Көпір қыркүйекте іске қосылады

Күні: , 132 рет оқылды

Сейсенбі күні облыс басшысы Алтай Көлгінов пен қала әкімі Мұрат Мұқаев шаһардағы бірқатар құрылыс нысандарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың жай-жапсарымен танысты.

Алдымен Депо көпірін қайта жөндеу жұмыстарының барысын қадағалаған облыс әкімі аталмыш жол өткелінің оралдықтар үшін аса маңызды нысан екенін ерекше атап өтті. Салынғанына жарты ғасырдан асқан көпір сол уақыттан бері жөндеу көрмей, әбден тозығы жеткен болатын. Ұзындығы 536 метрді құрайтын көпір өткелі өткен жылы толықтай бұзылып, қайта құру жұмыстары «ҚПО б. в.» есебінен қаржыландырылды. Жобалық-сметалық құжаттама бойынша күрделі жөндеу 24 айға жоспарланғанымен, бас мердігер «КА-Строй LTD» ЖШС нысанды мерзімінен бұрын тапсыруды көздеп отыр. Серіктестік прорабы Данияр Дәулетбаевтың айтуынша, көпірді қайта құру жұмыстарына 55 адам жұмылдырылған. Қажетті құрылыс материалдары мен жұмыс күші жеткілікті. Жоспарланған жұмыстың 80 пайызы аяқталған. Көпір ағымдағы жылдың қыркүйек  айында  пайдалануға  берілмек.

Бұрын көпірдің ені сегіз метр болса, жөндеу жұмыстары аяқталған соң ені екі есеге ұлғаймақ.

Оған қоса ені 15 метрге жуықтайтын төрт жолақты аутокөлік жолының қос қапталында екі жарым метрді құрайтын жаяу жүргінші жолдары салынуда. Мердігер компания басшылығымен, құрылыс-шылармен тілдескен Алтай Көлгінов көпір өткелін қайта құру жұмыстарының сапалы әрі ырғақты жүргізілуін тапсырды.

Бұдан соң облыс әкімі М. Мәметова көшесіндегі аутокөлік жолын күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Жалпы құны 581 749 мың теңгені құрайтын жобаны «ҚПО б. в.» компаниясы қаржыландыруда.

Облыс басшысы мердігерлерге жөндеу жұмыстарын жаздың жауын-шашынсыз жайлы ауа райын ұтымды пайдаланып, мерзімінен бұрын аяқтау қажеттігін айтты.

«Күрделі жөндеу жасалып жатқан Неусыпов көшесінен Петровский көшесіне дейінгі М. Мәметова көшесінің бұл бөлігінде көлік қозғалысы мол, халық тығыз қоныстанған. Сондықтан жолға түсетін салмақ мол. Жол қабатының сапасы, технологиясы қатаң сақталуы басты назарда болуы  тиіс» –  деді  облыс  әкімі.

Мердігер компания «Nursat» ЖШС-ның учаске басшысы Бақтияр Қарабасовтың айтуынша, күрделі жөндеу ағымдағы жылдың сәуір айында басталып, күні бүгінге дейін жұмыстың 45 пайызы орындалған. М. Мәметова көшесінің Неусыповтан Петровский көшесіне дейінгі және Петровский көшесінің М. Мәметова көшесінен Депо көпіріне дейінгі бөлігін күрделі жөндеу жұмыстарын қыркүйек айының ортасына  дейін  аяқтау  жоспарланған.

Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаевтың мәлімдеуінше, биыл қаланың 50 көшесі күрделі, орташа және қайта жөндеуден өтпек. Бұл жұмыстарға шамамен 7,5  млрд. теңге қаржы қарастырылған. Ең алдымен, қаланың орталық және қозғалыс қарқындылығы жоғары магистральды көшелері, сондай-ақ қоғамдық көлік  жүретін  жолдар  қамтылады.

Сонымен қатар биыл инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында мердігер «Уральскводстрой» АҚ облыс орталығында жалпы ұзын-дығы 2629,5 метр құрайтын қос жылу магистралін қалпына келтіруде. Жобаның жалпы құны 1,2 млрд. теңге. Қазір 106 тұрғын үй мен сегіз әлеуметтік нысанды қамтитын №2 жылу магистралін қалпына келтіру жұмыстары аяқтала келді. Биыл төрт негізгі жылу магистралінің қалпына келті-рілетінін айтқан облыс әкімі келер жылы шаһардағы жылу электр стансасын қайта құру жұмыстары қолға алынатынын жеткізді. Нәтижесінде жалпы құ-ны 1,9 млрд. теңгені құрайтын ұзындығы 4,9 метр төрт жылу магистралі жаңартылып, 255 тұр-ғын үй мен 35 әлеуметтік нысан қамтылмақ.

Бұдан соң облыс әкімі Некрасов көшесі, 22-үйдің тұрғындарымен кездесті. 1868 жылы қабырғасы қаланған 12 пәтерлік ескі  үй 2011 жылы апатты деп танылған болатын. Оның орнына мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында «Батыс Қазақстан құрылыс материалдары корпорациясы» АҚ 55 пәтерлік бес қабатты   үй  тұрғызбақ.

Құрылыс жұмыстарын келер жылдың желтоқсан айында аяқтау көзделген. Апатты үйдің 12 отбасына жаңа үйден баспаналар тегін беріледі. Қалған пәтерлердің жартысы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшыларына беріліп,  жартысы  сатылады.

— Орал қаласында 40-тан астам апатты жағдайдағы, 200-ден астам ескі үй бар. Бұл үйлерде 1448 адам тұрады. Екі жылдан бері мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында апатты үйлерді модернизациялау жұмыстарын жүргізіп келеміз. Қазір он екі апатты үй сүрілді, жыл соңына дейін тағы он үй бұзылатын болады. Мысалы, бүгін сүрілген ескі үйде адамға қажетті жағдай жоқ болатын. Оның орнына жаңа үй салынып, тұрғындарға жеке меншікке өзінің бұрынғы тұрған шаршы метріне сай жаңа заманауи  пәтерлер  береміз.

Бүгінгі күні Деповская көшесі, 18-үй пайдалануға берілді. Тағы бес көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жыл соңына дейін 2-шақырым, Гагарин 1, Құрманғазы 198 мекенжайларында орналасқан тағы үш үй пайдалануға беріледі. Біріншіден, тұрғындардың қауіпсіздігі мәселесі шешілуде. Екіншіден, қаламыздың көркі жаңаруда, – деді облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов.

Алена  ДЮСЕМБАЕВА,

Некрасов көшесі, 22-үйдің тұрғыны:

– Бұл апатты жағдайдағы үйде отбасыммен 1996 жылдан бері тұрамын. Барлығы 12 отбасы, дені жас жанұялар мекендеп келдік. Үйдің жағдайын бір-екі ауыз сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес еді. Қабырғалары жарылып, шатыры құлайын деп тұрды. Электр желілері жиі істен шығып, бірнеше рет өрт шықты.

Апатты деп танылғанда, жаңа баспанаға  ие боларымызға сенбегеніміз рас. Осыдан он шақты күн бұрын бәрімізді уақытша тегін баспаналарға көшірді. Бүгін облыс әкімінің өзі келіп жағдайымызды сұрап, құрылыстың басталуын қадағалап жатқанын көріп, қуанып қалдық. Жаңа баспанаға көшетін күнді асыға күтіп жүрміз.

Динара   ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал   өңірі»


«Депутатқа тек жақсыны көрсету міндет емес»

Күні: , 154 рет оқылды

Өңірімізге  арнайы  жұмыс  сапарымен  келген  Қазақстан Республикасы  Парламенті  Мәжілісінің  депутаты,  әлеуметтік-мәдени  даму  комитетінің мүшесі  Кеңес Абсатиров  бірқатар  құрылыс  нысандарында  болып, кәсіпорындардың  тыныс-тіршілігімен  танысты.

Мәжіліс депутаты алдымен Орал қаласының Құрманғазы көшесіндегі 196-мекенжайда орналасқан апатты үйдің орнынан бой көтерген көп қабатты тұрғын үйдің құрылысын көрді.

Айта кетейік, 1937 жылы пайдалануға берілген жалпы ауданы 491 шаршы метрді құрайтын қос қабатты ескі үй сүріліп, орнына су жаңа тоғыз қабатты тұрғын үй салынуда. Апатты үйді бір ғасырға жуық мекендеп келген сегіз отбасы уақытша пәтерлерге орналастырылған. Жаңа баспана құрылысын «Қазхол» ЖШС қолға алған. Мемлекеттік-жеке меншік серіктестік аясында былтыр тамыз айында 64 пәтерлік жаңа тұрғын үйдің құрылысы басталған болатын. Қазір құрылыста елуге тарта адам еңбек етуде. Күзге дейін құрылыс толық аяқталып, апатты үйдің тұрғындары көшірілмек. Қалған пәтерлерді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшылары алады. Ал төменгі қабаттағы пәтерлер бұрын апатты үйде орналасқан сауда нысандарының иелеріне беріледі. Жалпы, осы маңнан 74 пәтерлік тоғыз қабатты үй мен 200 пәтерлік 11 қабатты тұрғын үй салынады деп  жоспарлануда.

– Белгіленген кестеге сай Мәжіліс депутаттары ауыл-аймақты аралап, халықтың тұрмыс-тіршілігімен танысуда.  Өткен аптада Жамбыл облысында болсақ, енді батыс өңірге келдік. Сапар барысындағы басты мақсатымыз – Елбасымыздың бес әлеуметтік бастамасы үндеуінде айтылған тапсырмасының жергілікті жерде орындалуын қадағалау болатын. Міне, апатты жағдайдағы тұрғын үйдің орнына салынған су жаңа үйдің құрылысымен таныстық. Енді бір-екі айда 64 тұрғын өз баспаналарының иесі атанады. Жалпы, бұл облыста құрылыс жақсы қарқында жүргізілуде. Соңғы жылдары қала мүлдем өзгеріп, жаңарып, жаңаша күйге еніп келеді. Қаншама зәулім үйлер мен ғимараттар салынып, жолдар жөнделуде. Осының барлығы халық игілігі үшін жасалуда, – деді Кеңес Ғарапұлы.

Сонымен қатар Мәжіліс депута-ты «Жайық ет» ЖШС мен «Пош Руно» ЖШС-да болып, кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Өндіріс орындарында болған халық қалаулысы кәсіпорын басшыларымен тілдесіп, шешімін таппай жатқан  түйткілдер  туралы  білді.

Нұрбек   ОРАЗАЕВ,

«Орал   өңірі»


“Красный пакет”, “Шлагбаум” немесе атауынан ат үркетін аялдамалар

Күні: , 1 479 рет оқылды

Орал қаласында  аялдамалардың көңілге қонымсыз атаулары жетіп артылады. Мән-мағынасыз қойылған атауларды естігенде, еріксіз жағаңызды ұстайсыз.  Әйтеуір, «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп қоя салғандығы көрініп-ақ тұр. Қаланың арғы-бергі  шетіне қатынайтын бірнеше аутобусқа отырып, қу жанымызды «қуырдақ» қылып, таңертеңнен кешке дейін шарлап шыққанымызда, көзіміз  жетті  бұған.

Қырық күн шілдеде жорығымызды №33 маршруттан бастадық. Кондуктор әр аялдама атауын айғайлап айтып келеді. Басында бәрі дұрыс сияқты еді, бірақ бес-алты аялдамадан соң «бір апам, бір апамнан сорақының» кері болып шықты. «Прогресс», «Почтовый», «Чувашенская», «Московский»,  «Трансформатор» деген аялдамалардың атауын естігенде, төбе шашымыз тік тұрды. Тезірек соңғы аялдамаға жетуге асықтық. Өйткені құлаққа түрпідей тиетін атауларды естудің өзі бір азап.

Қаланың қақ ортасымен жүретін №5 аутобус тоқтайтын аялдамалардың аты да оңып тұрған жоқ. Мәселен, Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығы «62-үй» деп аталады. Ақынның атына берілген орталық неліктен аталмайтынын түсінбей-ақ қойдық. Тек бұл ғана емес, «67-үй», «91-үй»,  «Жигули,  «Пластик», «Уют» деген атаулар ойланбастан өзгертуді қажет етеді-ақ. Және тағы бір көзіміз жеткені, Ахмедияр батыр (бұрынғы «Революция»)  мен «Қазақтелеком» (бұрынғы «Облисполком») аялдамалары қазіргі атауларымен айтылмайды. Кондуктордан «Неге қазіргі атауларымен айтпайсыздар?» деп сұрағанымызда, тіл қатпастан жүргізушінің қасына  зып  берді. Сондай-ақ базар маңындағы аялдамаларды да кондукторлар «Базар на  Фурманова», «Базар на Октябрьской»  деп  айта  береді.

Екі маршруттан есіміз екеу, түсіміз төртеу боп түскеннен соң,  №22 аутобусқа отырдық. Баяғы ән бір ән дегендей, мұнда да «Мойка», «Баня», «Гостиница», «51-үй» деген «ерекше» атаулар өріп жүр. Ал «Деркөл» шағынауданындағы (№7 маршрут жүретін) «Колонка», «Дамбы» т. с. с. атауларға айтарға  сөз  жоқ  енді…

– Жалпы, өз басым  аялдамалардың бұлай аталуын құптамаймын. Құптамасам да айтуға мәжбүрміз. Осыған жауапты мекеме неліктен дұрыс атау бекітпей отырғандарын түсінбеймін. Бұл атаулар тұрғындардың санасына әбден сіңіп кетпей тұрғанда өзгерту керек қой, –  дейді «Деркөл» шағынауданының тұрғыны Гүлсайран  Әбуғалиева.

Қызықтың көкесін «Құс фабрикасы» бағытына қатынайтын №3 маршрутқа мінгенде көрдік. Мұндағы атаулар бұрынғы атаулардан өзгерек енді, тіптен «қызық» десек те болатын шығар. «Красный пакет», «Шлагбаум», «Орал знак», «Высоковой» дегендерді естігенде, не күлерімізді, не жыларымызды білмедік. Бұған жауапты мекеме аялдамаларға атау беруге асықпаған соң, тұрғындардың өздері жаңағы «шедевр» атауларды амалсыздан «азан шақырып»  қойып  алған  екен.

Атау жағынан бірінен-бірі өткен аялдамаларды өз көзімізбен көріп, құлағымызбен естіп келгеннен кейін Орал қаласының жолаушылар көлігі және аутомобиль  жолдары бөліміне  бардық.

– Қазіргі таңда қаламыздағы аялдамалардың атауларын бекіту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қала әкімдігінің шешімімен комиссия құрылғаннан кейін аялдама атаулары бекітілетін болады, – деп қысқа қайырды аталмыш мекеменің сектор меңгерушісі Алмаз  Ахошев.

Онсыз да аялдамалардың атауы ақсап тұрғанда, қалалық жолаушылар көлігі және аутомобиль жолдары бөлімі берген статистикалық мәліметте аялдамалардың 70%-ы орысша, 30%-ы қазақша екенін көріп және таңғалдық. Осы күнге дейін неліктен қазақшаланбағанын  түсінбей,  дал  болдық.

Таңның атысынан күннің батысына дейін тұрғындарды әрібері тасымалдайтын аутобустарда аялдама атауларына неліктен немқұрайлылық басым деген сұрағымызды арқалап, №1 жолаушылар аутокөлік мекемесіне екі күн қатарынан бардық. Алайда орнында отырмайтын  басшымен  тілдесу  мүмкін  болмады.

–  Біз заң бойынша көшелерге, елді мекендерге, көпірлерге, саябақтарға, шағынаудандарға ғана атау береміз. Аялдамаларға атау беруге қалалық жолаушылар көлігі және аутомобиль жолдары бөлімі жауапты, – дейді Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі Роза  Зайнуллина.

Атауынан ат үркетін бейресми аялдамалардың атауын өзгертуді қалалық жолаушылар көлігі және аутомобиль жолдары бөлімі қазірден бастап қолға алмаса, бара-бара бұдан да мағынасы «майысқан» атауларды естіп қалуымыз әбден мүмкін.

Есенжол   ЕЛЕКЕНОВ,

«Орал   өңірі»


Инсульттық орталық ашылмақ

Күні: , 49 рет оқылды

Ақжайық  ауданында  жыл соңына  дейін  инсульттық  орталық  ашылмақ. Инсульттық   орталықтың аталмыш  аудан  аумағында орналасуы   облысымыздың оңтүстік   аудандарының тұрғындарына  қолайлы. Медициналық  нысанда емделушілер  диагностикадан  өтеді  және  алғашқы науқастарға  жәрдем көрсетіледі.  Орталықта  қызмет  ететін  маман  мәселесі  алдын  ала  шешімін тапқан.  Бұл  жайында  сейсенбіде  БҚО  өңірлік  коммуникация  қызметі  өткізген  брифингте  Ақжайық  ауданының  әкімі  Әділ   Жоламанов айтты.  Сондай-ақ  алдағы уақытта  аудандық  емханада  электронды  кезек  жүйесі іске қосылады.  Мобильді  қосымша  арқылы  дәрігер  қабылдауына жазылу  жүргізіледі.

Аудан әкімі Әділ Жоламанов Астана қаласының 20 жылдығы қарсаңында 198 орындық Шабдаржап мектебі және 100 балдырғанға лайықталған жеке балабақша пайдалануға берілгенін тілге тиек етті.

Аудан бойынша сегіз мектепте электронды күнделік іске қосылған. Интернет желісіне қосылмаған мектептерде «Bilim book» бағдарламасы қолданылады. Чапаев ауылында 300 орындық мектеп-гимназия салу үшін құжаттар рәсімделуде. Оның жанынан ашылатын интернат 100 баланы қабылдайтын болады. Жоба құны – 1426,3 млн. теңге. Былтыр бұқаралық спортты дамыту мақсатында барлық ауылдық округте street workout үлгісінде алаңдар салынған.

– Бүгін көше жаттығуларынан аудан біріншілігі өтуде. Командасы жеңіске жеткен ауылға 4 млн. теңгенің жаттығу құрылғылары сыйға беріледі, – деді әкім.

Биыл ауданның 11 елді мекенін газдандыру сәтімен аяқталса, Ақжайық жұртшылығы толығымен көгілдір отынмен қамтылмақ. Дегенмен елді мекендердегі әлеуметтік нысандарға көгілдір отын құбырын тарту үшін қосымша қаражат қажет екен. Аудан бойынша жеті ауылға таза ауыз су жеткізілген. Бұл бағытта басқа ауылдарда су құбырын тарту, қайта жаңғырту, сумен жабдықтау жүйесін жаңалау жұмыстары жалғасын таппақ. Биыл аудан орталығында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша үш қабатты 24 пәтерлік тұрғын үй салынуда, тағы да дәл осындай екі үйді тұрғызу жоспарлануда. Тайпақ ауылына екі қабатты 12 пәтерлік коммуналдық үйдің және  жеті ауылға екі пәтерлі баспананың жобасы жасақталуда.

Айта кетейік, 2014 жылы Самара – Шымкент аутотрассасына тікелей шығу үшін аудан орталығы Чапаев тұсынан Жайық өзені үстіне тартылатын көпір құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталып еді. Былтыр облыстық тексеру комиссиясының отырысында  ЖСҚ-ға үш жыл ішінде түзету енгізілмесе, оған қыруар қаржы шығын болатыны жөнінде жауапты құрылым өкілдеріне ескертілді. Жобаның нақты қашан жүзеге асатыны жайында аудан әкімі Әділ Жоламановқа  сауал  қойдық.

– Жасыратыны жоқ, көпір құрылысының жобасы ауқымды болған соң, оны жүзеге асыру бірнеше жылға созылуда. Бұл  мәселе – облыс әкімінің тікелей қадағалауында. Жоба құжаттары қазіргі кезде толығымен мемлекеттен сараптамадан өтуде. Сараптама аяқталған соң қажетті қаражат бөлінеді, – деді Әділ Жоламанов.

Нұртай   ТЕКЕБАЕВ,

«Орал   өңірі»


Дін саласындағы заңнамаға өзгерістер енгізілмек

Күні: , 72 рет оқылды

Сәрсенбі  күні  облыс  әкімдігі  жанындағы  діни  бірлестіктермен  байланыстар  жөніндегі  кеңестің  отырысы  өтті.  Облыс  әкімінің  орынбасары  Ғабидолла  Оспанқұлов  төрағалық  жасаған  отырысқа  кеңестің  тұрақты  мүшелері,  қоғамдық  және  діни  бірлестіктердің  басшылары,  БАҚ  өкілдері  қатысты.

Облыстық дін істері басқармасы басшысының міндетін атқарушы  Мақсат  Раманқұлов ҚР Парламенті Мәжілісінде дін саласындағы заңнамаға өзгерістер енгізу қарастырылып, бекітілу үстінде екендігін  мәлімдеді.

– Заң аясында төрт кодекске және сегіз заңға 117 өзгеріс енгізілмек. Оның ішінде деструктивті діни ағымдардың (ДДА) сыртқы белгілеріне қатысты өзгеріс те болмақ. Осы мәселе бойынша биыл облысымыз бойынша жеті әкімшілік бұзушылық дерегі анықталды. Заң жобасында тек деструктивті ағымдардың атрибуттары мен сыртқы белгілерін пайдалану мен жариялауға тыйым салу ғана емес, ең бастысы, деструктивті діни ағымдардың идеологиясын таратуға және насихаттауға тыйым салынады. Сонымен қатар жастардың шетелде діни білім алуына жағдай жасау, бақылау мен қадағалау функцияларын күшейту, мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің діни саладағы мінез-құлқын реттеу, діни бірлестіктердің қызметін жеңілдететін нормаларды енгізу, әкімшілік санкцияларды гуманизациялау және  басқа да өзгерістер бар. Мәселен, заң жобасында неке қию немесе некені тоқтату (ерлі-зайыптылық) бойынша діни жоралар мен рәсімдерді ғибадат ету ғимаратынан тыс жерлерде жүргізуге жол бермеу туралы норма енгізілді. Сондай-ақ кәмелетке толмаған жасөспірімдерді діни қызметке заңсыз араласудан қорғау күшейтілді. Балалар мен жасөспірімдер ата-аналарының немесе заңды өкілдерінің келісімінсіз салт-жоралар мен рәсімдерге тартылмау қажеттігі нормативтік түрде белгіленді, – деп өзгерістер енгізілетін құқықтық құжат туралы кеңінен мәлімет берген Мақсат Аралбайұлы заң жобасы қабылданған соң, облыс тұрғындары арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілетіндігін  айтты.

Облыстық жастар саясаты мәселесі басқармасының басшысы Аян Сақошевтің айтуынша, өңірімізде жастармен жұмыс жөніндегі 14 ресурстық орталық жұмыс жасайды. Желілік кестеге сай, жылына 127 шара жоспарланған. Ресурстық орталықтардың штатында сегіз теолог бар. Олар Жәнібек, Қаратөбе, Сырым, Қазталов, Тасқала, Шыңғырлау аудандары мен Орал қаласында жастармен бірлесе жұмыс жасап жүр. Биылғы жылы  теологтардың кеңесіне  320 жас жүгінген. Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында әр түрлі форматтағы шаралар өткізіледі. «Арнайы кеңес» жобасы аясында халық көп жиналатын «Мирлан», «Московский» базары мен «Сити центр» сауда үйлерінде түсіндіру жұмыстары жүргізілген.

– Шыны керек, жат ағымда жүрген жастар орталықтан  ауданға арнайы барған ақпараттық топпен кездесуге келмейді. Сондықтан бұл мәселеге аудан әкімшілігі араласу керек деп ойлаймын. Базар маңында дін ұстанған (қай дін екенін білмейміз) жастар шоғырланған жерлер бар. Олар бір-біріне қаржылай қолдау көрсетеді. Тұрғын үй, жұмыс мәселесін шешіп береді. Біз өз тарапымыздан оларға өз бизнесін ашу, жұмысқа қалай орналасу керектігі жөнінде кеңес береміз, – деп сөзін сабақтаған Аян Қажимерұлы өзге де аудандар жастар ресурстық орталығына теолог алу мәселесін қарастырса деген ұсынысын айтты.

Кеңесте Сырым, Қаратөбе аудандарының әкімдері аудандағы діни ахуал, дін саласында жасалып жатқан жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Екі ауданда атқарылған жұмыстарды саралаған облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Абдоллаұлы Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиевтен екпе алмай жүрген балалар мен аудандағы имамы жоқ  үш мешіт мәселесінің  шешілу барысын сұрады.

– Ауданда жыл басынан бері 82 бала екпе алмағаны рас. Оның 10 пайызы дінге қатысы жоқ азаматтар. Қазіргі күнде оларға түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Аралтөбе мен Жосалы ауылдарындағы мешітте әзірге діни сауаты бар ауыл азаматтары жұмыс жасауда. Тоғанас ауылындағы мешітте имам жоқ. Бұл мәселе бойынша жұмыстар жүргізудеміз. Медреседе оқып жатқан жергілікті  балаларды тартамыз, – деп жауап берді Сырым ауданының әкімі  Төлеген  Төреғалиев.

Кеңес мүшелері дін саласындағы заңнамаға енгізілетін өзгерістер және діни білім алып жүрген студенттерді елге тарту жөнінде өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

– Қоғамда жастардың білім алуына, спортпен айналысуына толығымен жағдай жасап, олардың теріс ағымдарға түсіп кетпеуін назарда ұстауымыз керек. Ең бастысы, жастар өз-өзімен, өз мәселесімен  қалып қоймауы тиіс.

Дін мәселесі өте өзекті. Сондықтан жат ағымдармен тек мемлекеттік құрылымдар ғана емес, қоғам болып күресуіміз қажет. Мешіттерде жастарға жөн сілтеп, дұрыс бағыт-бағдар беретін имамдар міндетті түрде болуы керек. Аудан-ауылдағы мешіттерде жетіспейтін имамдардың санына талдау жүргізіліп, бұл мәселені бір ай  ішінде шешу аудан әкімдеріне тапсырылсын, – деді отырысты түйіндеген Ғабидолла Абдоллаұлы.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»


Жаназаны даңғазаға айналдырмайық

Күні: , 501 рет оқылды

«Өлімің  қойдай болады, садақаң тойдай болады…»  депті Мөңке би  бабамыз. Біздің бүгінгі күнімізді қалай дөп басып айтып кеткен десеңізші. Барлық  айтқан  болжамы  айна-қатесіз  алдымызға  келді. Бүгінде тойдағы  дарақылықтан  құдайы  ас  (садақа) бергендегі даңғазалық  тіптен  асып түспесе,  кем түспейтіндей жағдайға жетті. Дастарқан  басына қойылатын түрлі  тәттілерді айтпағанда,  қазыдан бастап  жеміс-жидектің  түр-түрі  самсап тұрады. Қасық  қоятын орын таппай,  қысылғаннан  қолыңызға  ұстап  отырғаныңыз. Қаралы үйге емес,  құдды  қуанышқа  келгендей  күй  кешесіз.

Жақынын  алыс сапарға аттандырғалы отырған үй, имамның айтқанын орындап, шариғат шарттарына сай жасаса, құба-құп болар еді. Бірақ, өкінішке қарай, олай болмай тұр. Қайғыдан қан жұтып отырса да, «анау айтты, мынау айтты» деген сөзді желеу етіп, марқұмның артынан жылқы мен ірі қара соятынын не етерсіз. Онымен қоймай дастарқан басын жайнатып қойып, орынсыз шашылатыны тағы бар. Оны көрген басқалары да «мен одан кеммін бе?» немесе «ертең сөз болады» деп, жоқты бар қып көрсеткісі келетіндердің қатары көбейетіні хақ. Осылайша, өлік жөнелту мен садақа беру базардағы «қызып тұрған» сауда секілді үлкен бәсекеге  айналып тұр.

«Қазіргі таңда садақаның той секілді болып кетуінің бірден-бір себебі – халықтың ысырап жасауға бейім тұратындығынан. Негізі, шариғатта ондайға қатаң тыйым салған. Алла тағала Құран Кәрімде: «Ішіңдер, жеңдер, бірақ ысырап етпеңдер» десе, ардақты Пайғамбарымыз (с. а. у.) өзінің бір хадисінде: «Ішіңдер, жеңдер, садақа беріңдер және киініңдер, бірақ ысырапшылдық пен даңдайсуға жол бермеңдер» деп өсиет еткен.

Қабырғасы қайысып, қайғыдан қан жұтып отырған адамның үйіне барудағы мақсат – жайылған дастарқаннан дәм тату емес, қайғысына ортақтасып, жұбатып, көңіл айту ғана. Бірақ қазір, өкінішке қарай, адамдардың іс-әрекеттеріне қарап, көпшілігі ондай жерге көңіл айтуға емес, тек тамақ  жеуге бара ма деп ойлап қаласыз. Барған жерде мұны айтып жүргенімізбен, біздің сөзімізге құлақ асып жатқан адам жоқ. Мұны бірізділікке салу үшін ауыл ақсақалдарымен ақылдасып, тұрғындарға дұрыс түсіндірілсе, бара-бара дұрысталады деп ойлаймын», – дейді Тасқала аудандық мешітінің бас имамы Айдын Ибрашев.

Осы күні марқұмды жөнелтудегі орынсыз жасалатын жоралғыларды доғару, ысырапқа жол бермеу, мәйітті шариғат жолымен жерлеу үшін белгілі бір жұмыстардың жүргізілуін уақыттың өзі талап етуде. Себебі көп адам жаназа өткізіп, садақа беруге жағдайы келмесе де, қарызданып болса да астамшылыққа барады. Ақыр соңында, белшесінен батқан борыштан қалай құтыларын білмей, салы суға кетіп, сары уайымға салынады. Мұның алдын алу үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы  құдайы ас (садақа) беру кезінде дастарқанға қойылатын ас мәзірін бекіткен еді. Оның ішінде нан, бауырсақ, талқан, құрма, қант, кәмпит, күлше, мейіз, өрік, қаймақ, шай, су, ет бар. Қарап тұрсақ, бұл мәзір қалтаға да аса қатты салмақ салмайды. Әйтсе де,  бұған «Осылай дұрыс екен-ау» деп жатқан жан жоқ. Қош.

 Аудандық  ардагерлер кеңесінің төрағасы Жәрдемғали Балықов:

– Бұл жөнінде ауыл ақсақалдарымен екі рет жиын өткіздік, ақсақалдар жүрген жерлерінде үнемі осыны айтып жүрулері қажет.Бірден түзеліп кетеді деу қиын, бірақ біртіндеп орнына келеді деген сенім бар. Бұрын жаназа, садақада орамал үйлестіретін еді, қазір ол ақырындап қалып келе жатыр. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, барлығымыз тұрғындарға түсіндіру жолында бір кісідей атсалысатын болсақ, ретке келеді, –  дейді.

 Кісі қайтыс болған үйге көңіл айтайын деп бас сұқсаңыз, жайылған дастарқанды көріп, қынжыламын деген Тасқала ауылының тұрғыны Самиғолла Дауешев ақсақал аста-төк ысырапшылдықты  доғаратын уақыт жетті деп отыр.

«Бұрын мұндай ысырапшылдық жоқ еді.

Қаралы үй екені сезілетін. Қазір заман өзгерді ме, адам өзгерді ме білмеймін, әйтеуір қазада жайылатын дастарқанды тойда жайылатын дастарқанмен шатыстырып алғандаймыз. Кей адамдар жаназаның шығарылуын емес,  қазанда қайнап жатқан етті күтіп отыр ма деп те ойлайсыз. Көпке топырақ шашып отырғаным жоқ. Бірақ бүгінгі жаназаның жай-күйі осындай боп тұр. Кей адамдар жаназада дастарқанды аузы-мұрнынан шығарып толтырғанымен қоймай, мәйіттің мазарын зәулім сарай секілді етіп тұрғызатындар да бар. Ал мұның үлкен күнә екенін ескеріп жатқан адам жоқ. «Бір күндері уақытым келгенде, менде сол  жерге барып жатамын-ау, сол кезде менің үстімнен осындай үй тұрғызып қойса,  қалай болады екен?..» деген ой ешкімнің санасына кіріп те шықпайды».

Ақсақалдың айтқан есті өздерін ел ескереді деген үміттеміз. Қуанышқа армансыз шашылып жүрген қазақ – қайғыға шашылғанда оза шапқан тұлпардай ешкімге дес берер емес. Осы тұста тізгінді тартып, сәл аялдап, ойланатын уақыт келді-ау. Біреулердің тойып, біреулердің тоңып секіргені берекені қашыратынын ескерсек, ырзық-несібемізді сыртқа өзіміз «теуіп» жүрген жоқпыз ба?!  Сіз қалай ойлайсыз, құрметті оқырман?

Есенжол   ЕЛЕКЕНОВ,

Тасқала  ауданы


Жәнібектің «Көркем әлемі»

Күні: , 78 рет оқылды

Жәнібек аудандық мәдениет және демалыс саябағының іргетасы 1938 жылы қаланған. Саябақ өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы дағдарысқа байланысты күтімсіз қалып, бүліншілікке ұшырады. Осыдан аттай 10 жыл бұрын сол кездегі аудан әкімінің шындап көңіл қойып, назар аударуының арқасында жұмысы қайтадан жанданып, тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналды.

Әр жылдың мамыр айында жұмыс маусымы ашылып, қызу тыныс-тіршілігін бастайтын саябақта мәдени-бұқаралық шаралар жүйелі түрде өткізіліп келеді. Аптаның жұма күндері ұйымдастырылатын бұл шараларға тұрғындардың көптеп жиналуы үйреншікті құбылысқа айналып отыр. Мұнда жұма сайын  мерекелік күндерге орай түрлі шаралар өткізілсе, жексенбі күндері жастарға арналған ойын-сауықтар мен би кештері өтеді. Бұрнағы жылы және былтыр саябақ күрделі жөндеуден өтті. Соның нәтижесінде саябақтың айналасына су жаңа қоршау орнатылып, ішіне жаңадан «Арбат» салынды. Тұрғындар демалатын үйшіктер жаңартылып, түнгі шамдар мен субұрқақ қайтадан жаңғыртылды.

Кеште тұрғындар саябаққа келгенде түрлі мәдени шаралармен қатар мұнда сауда да қыза түседі. Осындағы дәмхана келушілерге ұдайы қызмет көрсетеді. Саябақта балаларға арналған батут, әткеншектер жұмыс істеп, түрлі ақылы ойындар ұйымдастырылады. Аудан орталығындағы мекемелер мен бөлім қызметкерлері осында келіп, әр түрлі мәдени-көпшілік шаралар, спорттық кездесулер өткізіп тұрады.

— Осыдан бірер ай бұрын облыс орталығында  мәдениет және өнер қызметкерлері күніне байланысты өткен мәдени «КВЕСТ – 2018» шарасында біздің саябақ облыс аудандарының арасында үздік атанып, «Көркем әлем» аталымына ие болды, – деді бізбен әңгімесінде аудандық мәдениет және демалыс саябағының директоры Әлішер Кенжеғалиев.

Нұрымбек   ЖАПАҚОВ,

Жәнібек   ауданы


Мал азығын өзі өсіреді

Күні: , 122 рет оқылды

Негізгі табыс көзін малдан тауып отырған ауылдағы ағайын үшін жаздың бір күні жылға азық. Соның ішінде шөп шабу және жинау науқаны – аса жауапты кезең. Мамандар биыл өңірде табиғи шөптің шығымы аз болғандықтан, сонымен қатар маусым айындағы салқындықтың шөптің көтерілуіне кедергі келтіргендіктен, мал азығының тапшылығы орын алып отырғандығын айтуда. Жан-жаққа сұрау салғанымызда, аудан-ауылдағы шаруалардың да алаңдаушылығы басым екенін аңғардық. Шөптің шығымы аз болғандықтан, мал азығының нарықтағы бағасы аспандап тұр. Мәселен, Зеленов ауданында бір арба шөптің құны 40 мың теңгеге жетсе, Ақжайық ауданында шөптің бір орамасы 5-6 мың теңгеге сатылуда.

«Жыл сайын тек табиғатқа үміт артып, алақан жайып отыра беруге болмайды. Малды құнарлы жем-шөппен қамтамасыз етудің ең тиімді жолы – мал азығын қолдан өсіру» — дейді Тасқала ауданына қарасты Шежін-1 ауылындағы «Сүндетқалиев» шаруа қожалығының басшысы Аймырза Сүндетқалиев.

Осыдан төрт жыл бұрын құрылған шаруа қожалығының иелігінде бүгінде үш «Беларусь» тракторы, бір Т-4 және бір комбайн бар. Биыл тағы бір су жаңа трактор сатып алып, техникасын түгелдеп алған шаруашылықтың әлеуеті артып, шаруасы күйленіп келеді.

Алғашында кәсібін 60 бас аналық және бір бұқамен бастаған шаруашылықта қазір тоқсан бас ірі қара бағылады. Жылына отыздан астам бұқашық бордақылауға қойылып, таза салмағы 200 келіге толғанда сойылады, ал еті көрші облыстарға саттыққа шығарылады.

Малдың жайын баққан біледі. Мал басын көбейту үшін сапалы әрі мол азық керек екенін жақсы түсінген шаруа соңғы жылдары көпжылдық және біржылдық шөп өсіруді қолға алған. Бос жатқан жерді жыртып, оның 115 гектарына көпжылдық шөп, 40 гектарына судан жүгерісін және 65 гектар аумаққа бидай отырғызған.

Мамандығы агроном болмаса да, ұзақ жыл ауыл шаруашылығы саласында абыройлы еңбек еткен әкесі Ахмет ақсақалдың ақыл-кеңесінің және тәуекелшілігі мен талабының арқасында атакәсіпті дөңгелентіп отырған азамат отбасын ғана емес, ауылдастарын да жұмыспен қамтып отыр. Қазір шаруашылықта үш адам тұрақты жұмыс істеп жүрсе, маусымдық жұмыстар кезінде жұмысшылар қатары артады.

— Маусым айында күн күрт салқындап, шілдеде керісінше аптап ыстық соққанмен, шөптің шығымы тым тәуір. Соңғы күндері жауған жаңбырдан соң тағы біраз көтеріліп қалды. Қазір көпжылдық мал азығының елу гектарынан 300 орама шөп жиналды. Бір жылдық шөптің де шығымы жақсы. Судан жүгерісі мен бидайға тамыз айының ортасында орақ саламыз деп жоспарлап отырмыз. Көбі ауыл десе, ат тонын ала қашады. Ауылды қазақтан басқа кім көтереді?! Қазір үкімет «төрт түлік мал ұстаймын, егіншілікпен, бау-бақшамен айналысамын» деген азаматтың қолын қағып жатқан жоқ.

Керісінше, түрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы жеңілдіктер ұсынып, демеу болуда. «Табыстың кілті — атакәсіпте» дейді зеңгі баба тұқымын төскейге өргізіп, ырыздық-несібесін жерден тапқан Аймырза Сүндетқалиев.

Динара   ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

Тасқала  ауданы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика