Мұрағат: 11.07.2018


Қоғамдық көліктеріміз қауіпсіз бе?

Күні: , 94 рет оқылды

Алыс-жақын  жерлерге  қыдырып, арқаны  кеңге  салып  демалатын  жаз  мезгілі  де  ортан  белге  келіп жетті.  Негізінен,  пойызбен және  алыс  жолға  арналған  жайлы  аутобустармен  де  сапарлау  саны  арта  түседі. Ал  сол  діттеген  жерге  жеткізетін  қоғамдық  көліктердің  жай-күйі  қандай?

 

Ажал  айтып  келмейді

Иә, ажал атаулысы судан,  әлде оттан боларын да ешкім білмейді… Дәм-тұз табан астында таусыла қалары да ғажап емес. Жыл басында Ақтөбе аумағында отқа оранған аутобуста 52 адамның тірідей жанып кетуі көпшіліктің жағасын ұстатты. Әр адамның санасында «Кім кінәлі?» деген сұрақ көлбеңдеп тұрып алғаны тағы бар. Түрлі болжамдар айтылып, сан-сапалақ ой-пікірлер шартарапты шарлады. Кейін ғана бұл жантүршігерлік оқиғаға өрт қауіпсіздігінің сақталмауы себеп болғаны анықталған еді. Өзбекстандық азаматтардың өмірлерін жалмаған бұл жағдай еліміздің құзырлы мекемелер қызметкерлерін де дүр сілкінткені жасырын емес.

Шындығында, күнделікті мініп жүрген қоғамдық көліктердің қаншалықты қауіпсіз екендігін ойлай бермейміз. Бұл көліктердің жүріс-тұрысын тиісті сала мамандары бақылап, қызметтік міндеттерін тиісінше атқарып жүр деп ойлаймыз. Сол сенім осы оқиғадан кейін көмескі тартты. «Біздің облыстағы  жолаушылар тасымалымен жүрген көліктердің хал-ахуалы қандай екен?» деген  сауал  туындағаны  рас.

Алты  ай  сайын тексерілуі  керек

Облыстық жолаушылар көлігі және аутомобиль жолдары басқармасының берген мәліметіне қарағанда,  қазір өңірде Самара, Орынбор, Тольятти, Саратов және Бузулук халықаралық бағыттарына, Ақтөбе және Атырау облысаралық тұрақты аутобус маршруттары жұмыс істейді. Сонымен қатар 35 қалалық, 32 облысішілік және 23 ауданішілік маршрут бар. Бұл тұрақты аутобус маршруттарына 14 тасымалдаушы-кәсіпорын қызмет көрсетіп жүр. Олардың ішінде  өз міндет-миссияларын  адал атқарып, жолаушылар қауіпсіздігіне жіті назар  аударып  отырғандары  да  жоқ  емес.

Орал қаласындағы «Тұлпар», «Московский» базарлары қасынан алыс-жақындағы көрші елдерге саяхатқа апаратын үлкен аутобустар жүреді. Анапаға жүретін еңселі қоғамдық көліктің (м/н 105 ЕЕА) жүргізушісімен сөйлесіп, аутобустың шалғайға жүруге дайындығы жөнінде білмек болғанбыз. Аты-жөнін айтуды жөн көрмеген көлік иесі 1978 жылдан бері қоғамдық көлік тізгінін ұстап келе жатыр екен. Оның сөзіне қарағанда,  аутобусы  жолға шығуға қашанда сақадай сай. Алайда қауіпсіздік үшін қандай шаралар қолға алатыны туралы жақ ашпады.

Жолаушылар тасымалымен айналысатын аутокөліктер, яғни аутобус, микроаутобус және такси көлік құралдары алты ай сайын техникалық байқаудан өтіп тұруы керек. Қазір техникалық байқау жүргізетін сала бәсекелестік ортаға берілгендіктен, бұл қызметтерді осы кәсіппен айналысатын жеке кәсіпкерлер көрсетуде. БҚО ІІД жергілікті полиция қызметінің мәліметінше, өңірімізде 19 кәсіпкерлік нысан көліктерді техникалық тексерістен өткізеді. Ал БҚО бойынша көліктік бақылау инспекциясы өз құзыреті шегінде «Аутокөлік туралы» заң талаптарының орындалуын қадағалайды.

Инспекция ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында екі мекемеге тексеріс жүргізген болса, қазір тұрғындардың шағымы бойынша бес мекеменің тыныс-тіршілігі зерттелуде. Алғашқы үш айда көлік заңнамасын бұзғаны үшін 22 тасымалдаушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Инспекцияға көбінесе аутобустардың ескілігі, маршруттардың рейстен ерте шығып кететіндігі жөнінде  шағым  түседі  екен.

Көлік  саласына бақылауды  күшейту қажет

Таяуда елорда төрінде «Атамекен» ҰКП-да өткен жиында жолаушы тасымалдау мәселесі талқыланған болатын. Онда бұл салада көптеген олқылық бары айтылды. Құзырлы мекемелер басшылары көлік саласына бақылауды күшейтумен қатар, бұл саланы дамыту бойынша түбегейлі шаралар қажет екенін алға тартты.  Онда тасымалдауға берілетін лицензияны алуға  талапты қатайту керектігі де тілге тиек болды. Ал сәуір айында еліміздің  Бас прокуратурасы жолаушылар тасымалы саласындағы  тексеріс нәтижесін жариялаған еді. Үш апта бойы қалааралық жолаушылар тасымалын жүзеге асырудағы  аутокөлік туралы заңнаманың сақталуы тексерілген. Бүгінде еліміздегі елді мекендердегі тұрақты аутобус қатынасымен қамту 80 пайызды құрап отыр. Сондай-ақ 800-ден астам тасымалдаушы тіркелген. Жолаушылар үшін  34 сапаржай, 138 аутобекет және  109 қызмет көрсету орны жұмыс істейді.

Мамандар айтып өткендей, қалааралық бағыттар бойынша жолаушыларды тасымалдайтын аутобустардың қатысуымен жыл  сайын елімізде орташа алғанда 120 жол-көлік оқиғасы тіркеледі екен. Соның салдарынан 70 адам мерт болып, 370 жолаушы түрлі дене жарақатын алатыны да белгілі болып отыр. Бас прокуратураның ресми өкілінің мәлімдеуінше, тексеру нәтижесіне сәйкес, жол-көлік оқиғаларының негізгі дені аутобустардың техникалық ақауынан, аутопарктің тозуынан, жол-қозғалысы ережелерін бұзу кесірінен және өрт қауіпсіздігі қағидаларын сақтамаудан, сонымен қатар уәкілетті құрылымдардың немқұрайлы қарауының салдарынан болады. Тексеру нәтижесінде еліміздің әр түкпірінен 2,5  мыңнан астам заңбұзушылық анықталып, 139 заңсыз тасымалдаушының қызметі тоқтатылған. Талдау барысында 20 мың немесе республикадағы әрбір үш аутобус техникалық қараудан өтпегені белгілі болып отыр.

Серік Рашидұлы әлеуметтік желілерге немесе басылым беттеріне жолаушылар тасымалымен айналысатындарын жариялап, жолаушы жинайтындар да назарда екенін тілге тиек етті. Алайда олардың бәрі заңсыз жолмен жүргендер болмауы мүмкін. Сондықтан да қазір бірнеше құзырлы мекеме бірігіп, облыстағы жолаушы және жүк тасымалдаумен айналысатын көліктердің жұмысына талдау жасау жұмыстарын бастаған. Нәтижесі  кейін  белгілі  болмақ.

Ясипа   РАБАЕВА,

«Орал   өңірі»

– Біздің мекемеде тек 50 адам жөндеумен айналысатын бригаданың құрамына кіреді. Он шақты кісі аутобустарды жуып тазалайды. Одан бөлек түрлі механик, инженер, медициналық қызметкерлер бар. Бұрын КСРО заманындағы аутобус паркінде қандай қажетті инфрақұрылымдар болса, бізде бұл жүйе әлі жойылған жоқ. Бір сөзбен айтқанда, қолданыстағы заңнама талаптарын сақтап отырмыз, – дейді «ОралТехСервис» ЖШС директоры  Александр  Баклан.

– Жылына төрт рет өтетін «Аутобус» жедел алдын алу шараларына мемлекеттік аутоинспекторлармен бірге біздің қызметкерлер де шығады. Шара барысында қызметкерлеріміз «Аутокөлік туралы» заңдағы жолаушыларды тасымалдауға қойылған талаптарды бұзғанын анықтаса, әкімшілік жауапкершілікке тартады. Ал бұл шарадан тыс уақыттарда линияда жүрген көліктерді жол полициясы қызметкерлері тексерсе, біздің инспекция шаруашылық субъектілеріне, аутопарктерге барады. Тексеріс барысында байқағанымыздай, жаппай немесе жүйелі заңбұзушылықтар болмағанмен, ішінара кездесіп қалады. Мәселен, рейс алдындағы медициналық-техникалық тексерістен өтпеу, көлікті жүргізуге құқық беретін куәліктің болмауы секілді заңбұзушылықтар аз да болса кездесетіні жасырын емес. Әр мекемеде әр түрлі заңбұзушылық болуы мүмкін. Заң талаптарының бұзылғаны анықталған субъектіге ұйғарым шығарылып, оны жоюға мерзім беріледі, – дейді аталмыш инспекцияның аутомобиль көлігіндегі бақылау  бөлімінің  басшысы  Серік  Үбішев.


Есіктері құлыптанбайтын ауыл

Күні: , 599 рет оқылды

Ауыл десе, көңілі алаңдамайтын қазақ аз шығар. Өйткені ауыл мен қазақ – бір-бірінен ажырамайтын егіз ұғымдар. Жасыратыны жоқ, бір кездері тірлігі қыз-қыз қайнап, шаруашылығы жайнап, атағы шекара асып дүркіреген талай ауылдың нарық заманына көшу кезеңінде бары мен нары талан-таражға ұшырады. Елдің тұрмысы тұралап, екі қолға бір жұмыс іздеген ауыл халқы қалаға үдере көшті. Ал мұндай ауылдардың еңсесін тіктеп, қатарға қосу қажырлы еңбекпен қоса, қыруар қаржыны да талап еткені рас. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап ауылды дамытуға және ауылдық елді мекендерді көркейтуге арналған бірнеше мемлекеттік бағдарламалар қолға алынып, жүзеге асырылды. 2002-2005 жылдарға арналған «Ауыл жылы», 2004-2010 жылдардағы «Ауылдық аймақтарды дамыту», «Дипломмен ауылға», «Жұмыспен қамту – 2020» атты мемлекеттік бағдарламалардың қабылдануы ауылдықтардың еңсесін көтеріп тастады. Көзделген меже, басталған іс аяқсыз қалмай, «Мал шаруашылығын дамытудың 2016-2020 жылға дейінгі» және «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» бағдарламаларымен лайықты жалғасын тапты. Үкіметтің жан-жақты қолдауының арқасында ауылдарымыз жылдан-жылға ажарына ажар, көркіне көрік қосып, заман көшіне ілесіп жаңарып келеді. Бәз баяғы қалпын сақтап, өзгермеген тек бір нәрсе бар. Ол ауыл халқының кең пейілі мен дархан көңілі, ақ ниеті мен бауырмал мінезі ғана.

Орал қаласынан 150 шақырым қашықтықта орналасқан Оян ауылы – Тасқала ауданына қарасты Қосшы ауылдық округінің орталығы. Екі мыңыншы жылдарға дейін Мартынов деп аталып келген ауыл 1961-1997 жылдары қой шаруашылығымен айналысатын «Степной» кеңшарының орталығы болған. Оян ауылында және оған қарасты Кеңжайлау елді мекенінде бүгінде 163 аула және 13 қыстақ қоныс тепкен. Тоқсан жылдық тарихы бар Оян – өзге ұлт өкілдері көп Тасқала ауданындағы жүз пайыз қазақ ұлты тұратын бірден-бір ауыл. Қазақылықтың иісі тек Оян деген атауынан ғана емес, сыйластығы мен ауызбіршілігі жарасқан берекелі тірлігінен, халқымыздың дәстүрсалтын бойларына дарытып өсіп келе жатқан саналы ұрпағынан, жанға жайлы мамыражай ауыл өмірінен де аңқып тұр.

«Ауылына қарап азаматын таны» демекші, ояндықтар барлық жеңіс пен жетістіктің кілті – татулық пен тұтастықта деп санайды. Мұнда алғаш келген адамды ауыл-ауланың жинақылығы,  көшелердің мұнтаздай тазалығы сүйсінтеді. Халқының еңбекқор екендігін сәулеті жарасқан үйлерінен-ақ көруге болады. Қаладағыдай зәулім болмағанымен, сырты әктеліп, қақпасы сырланып, тал-теректері егіліп, қыздың жиған жүгіндей жұтынып тұр. Қасбеті қасаң боп, күйі кеткен үй некен-саяқ. Ауылда көгілдір отын мен таза ауыз су мәселесі әуел бастан-ақ шешілген. Қазаны қайнап, қонағы үзілмейтін ауылдағы ағайынның дені – өзін-өзі қамтығандар. Ірі қара мал саны 3633 басты, қой мен ешкі 9061 басты, жылқы 1351 басты құрайды. Ауылдағы 32 шаруа қожалық пен екі жеке кәсіпкер де тұрғындарды ішінара жұмыспен қамтып  отыр. Ояндықтардың әл-ауқатының артып келе жатқанын соңғы бірнеше жылдан бері атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж жандардың тіркелмегенінен-ақ аңғаруға болады.

«Ауыл ажарланса, қазақтың да маңдайы жарқырағаны». Бұл ояндық азаматтардың басты ұстанымдарының бірі десек, артық айтқандық емес. Өйткені ортақ іске іркіліп қалмай, білек сыбана кірісіп кететін ояндықтар бұл үшін ақы да сұрамайды, пұл да дәметпейді. Біреу шөп түсірсе, қора салса, үй тұрғызса, қуанышты бөлісіп «асарлатып» жабыла кетеді. Жақсылықтың қайтарымы жақсылық екенін түсінеді. Әйтпесе, өзге ауылдарда қоңсы отырған көршісінің малын бақпақ түгілі, жүгін түсіргені үшін де ақша сұрайтындарды көріп, естіп жүрміз.

– Біздің ауылда ешкімнің есігі құлыптанбайды. Қонаққа кетсе де, шаруалап шықса да, есігін жәй ғана сыртынан жауып жүре береді. Бірін-бірі жақсы танитын, туыс-бауыр санайтын жандар үшін өлімнен ұят күшті. Мүлкім жоғалды деген жанды да кездестіргенім жоқ. Ауылда ұрлық-қарлық, бұзақылық деген атымен жоқ, — дейді ояндық Арман Алдамжаров.

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» кіші бағдарламасын жүзеге асыру аясында өңіріміздің әр аудан-ауылында жерлестер форумы ұйымдастырылып жатқаны белгілі. Бұл игі бастаманы іліп әкетіп, жұдырықтай жұмылған ояндықтардың өскен-өнген мекенін өркендету бағытындағы істеріне де көз қуанып, көңіл сүйсінеді. Оян жалпы білім беретін орта мектебін әр жылдары бітірген түлектер өз қаржысына ауыл өміріне тың тыныс беретін көпшілік нысанның құрылысын салуды  қолға  алған.

– Жерлестер форумына үлкен нәтижемен келдік. Ауыл мектебінен бес-он жыл бұрын түлеп ұшқан түлектерден бастап, қырық-елу жыл бұрын тәмамдаған аға буынға дейін ортақ шарадан тыс қалмады. Әр адамның ауылы – дүниедегі ең қадірлі мекен. Сондықтан әрқайсымыз өз үлесімізді қосуға тырыстық. Ауыл кәсіпкерлерінің демеушілігімен 1,5 млн. теңгеге балаларға арналған ойын алаңы салынды. Мектепті бес жыл бұрын бітірген түлектер 230 мың теңгеге оқушыларға бірыңғай үлгідегі спорттық киім тігіп берсе, жиырма жылдыққа жиылған түлектер 450 мың теңгенің басын құрап, мектеп мұражайын жаңартты. Ал, біз, 1990 жылы туған сыныптастар ауыл шетіне «Менің жүрегім, Оян» белгісін орнаттық. Түнгі мезгілде самаладай жарқырап тұратын шағын сәулет нысаны біздің туған жерге деген мәңгі өшпейтін перзенттік махаббатымыздың белгісіндей, – дейді Жеңіс Хабенов. 2015 жылы «Ақ жол» шаруа қожалығын ашып, үкіметтен демеуқаржы алып, бүгінде ірі қара өсірумен айналысып отырған жас кәсіпкердің ынтымағы жарасқан ауылдан кеткісі жоқ. Өзінің де, мәпелеп отырған ұл-қызының да болашағын Оянмен байланыстырады.

Өзге ауылдардың халқы жайлы тұрмыс іздеп, қалаға көшіп жатқанда, Оянның бұрынғы тұрғындары керісінше шуы көп қаладан мамыражай тірлігі бар туған ауылдарына оралып жатыр. Оған «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында еңбек етуге келген жас мамандарды қосыңыз. Тұрғын үйге сұраныстың жыл санап артып келе жатқанын алға тартқан ояндықтардың мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жаңа тұрғын үйлер бой көтерсе деген арманы да бар. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы Оянға келген он жас маманның бірі – Ж. Досмұхамедов атындағы Орал педагогикалық колледжінің түлегі Махамбет Еслашев. Зайыбы  Гүлсезім Дәулетова бастауыш сынып мұғалімі болса, өзі музыка пәнінен сабақ береді. – Мектепте домбыра үйренгісі келетін оқушы көп болғанымен, аспап жетіспейтін. Биыл бір топ ауыл азаматы мектебімізге су жаңа 18 домбыра тарту етіп, зор қуаныш сыйлады. Акт залының сахнасын қайта салып, шымылдығынан бастап, жаңалап берді. Домбыра үйірмесіне келушілердің қатары артып келеді. Жаңа оқу жылында мұғалімдер оркестрін құруды жоспарлап отырмыз, – дейді Оян ЖББОМ директорының міндетін атқарушы Айгүл  Хойрашева. «Ел іші – өнер кеніші» демекші, ояндықтар шетінен өнерлі. Ауыл әйелдері қазан-ошақтан қолы қалт ете қалғанда, мектептің спорт залында жиылып, волейбол ойнаса, ер-азаматтар ауылдың мәдениет үйінде үстел теннисі мен шахматтан, қол күресі мен қазақ күресінен жарыстар ұйымдастырады. Тұтас ауыл болып, бұқаралық спорттың дамуына үлес қосып жүрсе де, онысын дәреже көріп, газет немесе теледидар бетіне шығаруды да қажет санамайды. Ал ауылдың алты ауызы мен қара өлеңін нақышына келтіре орындайтын алтын құрсақты, ақ жаулықты әжелердің есімі аудан-аймаққа кең танымал. Ауылдағы мәдени көпшілік шаралардың гүлі – «Ақ бата» әжелер ансамблі көптеген аудандық  байқаудың  жеңімпазы. Ояндықтарды толғандыратын жалғыз мәселе – Ақтау ауылдық округіне дейінгі аралықты жалғап жатқан жолдың жайы. 38 шақырымдық жайдақ жолдың зары, әсіресе, көктем-күз маусымында әбден өтіп, жолаушыларды титықтатады. «Қатқыл табанды жол салынбаса да, қиыршық тасты жол салып берсе, жол азабынан құтылар едік» деседі Ояндағы ағайын. Үкімет пен билікке алақан жаймай, адал еңбек, маңдай терімен жарасымды өмір сүріп отырған шағын ауылдан жанымыз жадырап, «көптің тілегі құзырлы мекемелердің назарына ілігіп, ауылға қатынайтын қатқыл жол салынса» деген үмітімізді үкілеп аттандық.

Динара   ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»


«Жайық Престе» жаңа басшы

Күні: , 42 рет оқылды

БҚО-дағы  баспасөздің  қара  шаңырағы  –  ғасырлық  тарихы бар  екі  облыстық  және  он  екі  аудандық  газеттің, ақпарат орталығының  басын  біріктіріп  отырған «Жайық  Пресс»  медиа-холдингінің  басшысы  ауысты. Осыған  байланысты өткен  жиында  облыстық  ішкі  саясат  басқармасының  басшысы  Нұрлыбек  Даумов  жаңадан  тағайындалған  басшы  Рауан  Сәбитұлын  таныстырып,  қызметіне  сәттілік  тіледі.  Ал  Жантас  Сафуллинге  атқарған қызметі  үшін  ризашылығын  білдіріп,  алғысхат  табыстады.

Жиынға қатысқан сала ардагерлері Жантас Сафуллинге өздерін әрқашан қамқорлап жүретін інілік ізеті мен қарапайымдылығы үшін алғыс айтып, жаңа басшыға ұжымдағы жақсы дәстүр сабақтастығын жалғастыра беруіне тілек білдірді. Медиахолдинг басшысының орынбасары Ғайсағали Сейтақ пен баспасөз тарихын зерттеу орталығының жетекшісі Қазыбек Құттымұратұлы Жантас Набиоллаұлының ұжымды ұйыстырып, тың жобаларды жүзеге асырып, абыройлы еңбек еткенін, медиахолдингтің жанжақты дамуына ықпал еткенін тілге тиек етті. Өз кезегінде Жантас Сафуллин жүктелген міндетті бірлесе атқарып, қолдау білдірген медиахолдинг ұжымына ризашылығын  білдірді.

Жаңа басшы Рауан Сәбитов 1985 жылы дүниеге келген. Білімі – жоғары. 2002-2006 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің әлеуметтану бакалавры біліктілігі мен академиялық дәрежесін, 20102012 жылдары Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті журналистика магистрі біліктілігі мен академиялық дәрежесін алған. 2015 жылдан бері  Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетінің  докторанты.

Еңбек жолын 2005 жылы республикалық «Ана тілі» газетінде тілші болып бастаған. 2008-2009 жылдары аралығында «Қазақстан» ұлттық телерадио корпорациясында редактор-жүргізуші, 2010-2011 жылдары  «Сақшы» газетінің бас редакторы, 2012-2013 жылдары «Халық сөзі» газеті бас редакторының орынбасары қызметтерін атқарды. 2014-2015 жылдары «Қазақстан – Атырау» телеарнасы директорының орынбасары қызметінде болды. 2017 жылдың 1 наурызынан күні бүгінге дейін «Атырау-Ақпарат» ЖШС директорының орынбасары  болып қызмет  еткен.

Айгүл  АХМЕТОВА

Суретті  түсірген  Айбатыр   НҰРАШ


Депутаттар – үздік орталықта

Күні: , 50 рет оқылды

Өңірімізге  жұмыс  сапарымен  келген  ҚР  Парламенті  Мәжілісінің  депутаттары Евгений  Козлов,  Глеб  Щегельский, Сергей  Симонов,  Снежанна  Имашева  Зашаған  кентіндегі мамандандырылған  халыққа  қызмет  көрсету  орталығының  жұмысымен  танысты.

Орал қалалық мамандандырылған ХҚКО-ның жетекшісі Луиза Құсайынованың  айтуынша, мұнда күніне шамамен 500-600 тұрғынға қызмет көрсетіліп, айына сегіз мыңға жуық өтініш қабылданады. 26 мамырдан бастап орталық онлайн режімде қызмет көрсете бастаған. Яғни жүргізуші куәлігі мен жеке көлікті есептен шығару үшін  үйде отырып-ақ өтініш жіберіп, дайын құжатты орталықтан немесе «Қазпошта» арқылы алуларына болады. Мұнда  азаматтар жеке  көліктерін 90 минуттың ішінде тіркеп, жүргізуші куәлігіне екі  сағатта  қол  жеткізе  алады.

– Мамандандырылған ХҚКО алғаш Қарағандыда  ашылған болатын. Бүгінде еліміз бойынша барлық өңірде бар. Бұл орталық – солардың ішіндегі ең жаңасы әрі халыққа қызмет көрсету орталықтарының ішіндегі ең үздігі. Орталық ғимаратының іші өте кең, ауласында көлік жүргізушілер үшін барлық жағдай жасалған. Электрондық қызмет стандарттарға сай жұмыс істеуде, – деді Мәжіліс депутаты  Снежанна  Имашева.

Депутаттар кездесу барысында Елбасы жариялаған әлеуметтік бастамалардың жүзеге асырылу барысы туралы айтып, арнайы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысына  оң бағасын берді.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»


Бершімбай соры туралы не білеміз?

Күні: , 50 рет оқылды

Бершімбай сорының маңынан қоныс тепкен «Әли» шаруа қожалығына барғанда, осы қожалықтың мүшесі Баймағамбет деген азаматтың аузынан: «Ана жақта Мырзағали көлі бар» деген сөзді естіп қалдым. «Қай Мырзағали?» деп сұрағанымда, «Саралжын ауылында тұрған Мырзағали Мусин ғой» деді.

Сәл шегініс… Мырзағали ағаны жақсы танитын едім. 70-жылдары өмірден озды. Бала кезімізде үлкендерден «Мырзағали соғыстан қашқан. Ол 1930-40 жылдары әскери комиссариатта қызмет істеген. Орыс тіліне жетік еді және сауатты жаза білген», деген әңгімені жиі еститінбіз. Бұл адамның сауатты екенін өзіміз де көрдік. Үнемі қолында «Правда» газеті жүруші еді. Оның қашқын аталуы қалай болған?

Әскери комиссариатта қызмет істеп жүрген кезінде істі болған. Себебі белгісіз. Соғыс басталған кезде оған шақырту келеді. Мырзағали ағамыз оған мойынсұнбай бой тасалайды. Басқа бір ауылға барып, колхоздың жұмысына араласады. Әлгі ауылдың адамдарына: «Мен орыспын. Орталықтан осы жаққа жұмысқа жіберді», –  деген. Расында да, ағамыздың көзі көк, өңі сары болатын. Әрі орысша мүдірмей таза сөйлегесін, ауылдың аңқаулары оны  орыс  деп  ойласа  керек…

Қашқын болып жүргенде Бершімбай сорының қамысының арасында тығылған. Қамыстың арасынан лашық (жертөле) жасаған. Қасында соғыстан қашқан өзі сияқты Қасқыр, Шолпан деген адамдар болыпты. Бір қызығы, лашық-жертөленің алдынан кіріп, артынан бірнеше метр жерден шығатын аузы да болған. Бір күні Шолпан мен Қасқырды осы жерден НКВД-ның адамдары ұстап алып кетеді. Бұл кезде Мырзағали ағамыз азық іздеп, ауылдарға қарай кетіпті. НКВД-ның адамдары екеуін ұстағаннан кейін жертөленің екінші аузын бітеп кеткен. Оның тығылатын жеріне келе жатқан кезінде құрықтамақшы болған. Соны байқап қалған ол қашып жертөлеге келеді. Екінші аузынан шығайын десе, бітеп тастаған. Ұстауға келгендер оны  жертөледен шығару үшін айналасындағы қамысты өртеген. Амалсыздан қолға түсіп, қолына кісен салынып, айдалып кете барыпты. Соғыс біткеннен кейін жазасын өтеп, елге оралған. Ауылда ұзақ жыл шопан болды. Бірақ ағамыз басынан өткерген осы хикая туралы  тіс  жарғанын  естіген  жоқпыз.

Бұл сол бір сұрапыл, қиын замандағы адам тағдырының бір көрінісі болатын. Мырзағали ағамыз бен Нұрсұлу апамыздан төрт ұл, бір қыз. Қызы Жұмабике, баласы Жұмағазы бүгінде Атырау қаласында тұрады. Ал ең кенжесі Талғат  Қызылорда  жағында.

Бершімбай сорының жанындағы ағамыз тығылған жер Мырзағали көлі атанып, бүгінгі ұрпаққа аңыз болып жетіп отыр. Ал осыны көргенде «адамзаттың Айтматовы» жазған «Бетпе-бет» хикаятындағы басты кейіпкер Смайыл – Мырзағали аға болып көзімізге  елестеді…

Серік   ЖҰМАҒАЛИЕВ,

Қазталов   ауданы


Сүлеймен патша да құманмен су құйған

Күні: , 522 рет оқылды

Қонақ келгенде қолға су құю деген дәстүр бар. Расы керек, бұл дәстүрдің мәнін бала кезімізде көп ұқпаған екенбіз. Оның да өзіндік тәртібі бар. Жаз кезінде немесе шай ішер алдында құмандағы су салқындау, ал ас  берілгеннен кейін майлы тамақтан соң құмандағы су ысқылтым болуы керек.

Ойынға алаңдап, кей кезде қашқақтайсың. Әкем марқұм үлкендерден бата аласың, су құю, ет турап, қонақ күте білу ер адамның өнерінің бірі деп үнемі жұмсайтын. Бір қолға су толы жез құман, бір қолға жез леген шылапшынды ұстап, иығыңа орамал іліп, қолға су құясың. Үйде жағалай дөңгелене отырған адамдардың оң жақ шетінен бастап құясың. Ал ас желініп, дастарқан батасынан кейін бата берген қариядан бастап оның оң жағындағы, мейлі ол жас болса да үш адамға құйып, одан соң бата берген қарияның сол жағынан етекке дейін келіп барып, манағы төрдегі үш адамнан ары төмен қарай жалғайсың. «Су етектен, бата төрден» деген, оң жақтан бастап құй сарылдатпай, үзіп-үзіп үш рет құй», «Төртіншісін қонақ сұраса ғана құй» деп бақылап тұратын. Суды не үшін үзіп құятынын есейе келе білдік. Әдетте қайтқан кісінің денесін жуындыру кезінде ол адамға арналған мейрам суын құйған кезде ғана ожаудағы суды толтырып алып, таусылғанша үзбей құяды екен. Өзі ауыр жезден жасалған су толы ауыр құманды көтеріп тұрып, іштей өздері неге сырттан жуып кірмейді немесе шығып жумайды деп қынжылғанмен,  су құйып болған соң қариялар «Молда бол!», «Үлкен жігіт бол!», «Қатарыңның алды бол!» деп алғыстарын беріп жатқанда, бәрі ұмытылады. Әкем ескіше молдадан оқып білім алған, бес уақыт намазын қаза қылмаған адам еді. Ұлы Отан соғысынан ауыр жараланып, комиссия шешімімен елге 1943 жылы оралып, бір күнде демалмастан колхоз тіршілігіне араласты. Жоғарғы жақтың тапсырмасымен 1944 жылы көктемде қар ерісімен, соғыс салдарынан ашыққан Украина жеріне колхоздың ірі қара малынан таңдалған буаз қашарларды айдап апарған. Соғыста ұрыс даласынан көрген қиыншылықтан тапсырылған жұмысты орындау қиын болды деп отыратын. Қаңыраған хуторлардағы аш тұрғындарымен әр жерде соғыстан қашып жүрген бандылардан тығылып, түнде ғана малды жайып, айдап, күндіз еленбейтін тоғайлармен өзен жағалап, аман-есен жолшыбай жеті ай жүріп, барлығын төлдетіп,  тапсырып келдім деп отыратын. Денсаулығы нашар демікпе жаз ыстықта, қыс аязда үйден шыға алмай, Құран мен иман шарт кітабын, басқа да араб тіліндегі жазылған кітаптарды оқып, бізге айтып отырушы еді. Кітап мұқабасының артқы бетінен оңнан солға қарай оқитын араб қаріптерімен терілген қиссаларды қолымызға алып қызығушылық танытсақ, ұлым бұл өткен уақыт қой, орысша оқы, ғылым да болашақта Ленин құрған мемлекетте  деп  үйретпейтін.

Егер сол кезде түсінсек, басқаша болар ма еді деп ойлайсың… Аңыз бойынша құманмен қонаққа су құю дәстүрі Сүлеймен пайғамбардан қалған дейтін әкеміз. Дәуіт пайғамбар отыз ұлынан айырылған соң, қайғыдан қан жұтады. Алла оны жұбату үшін оған тағы бір ұл сыйлайды. Дәуіт ұлды болардың қарсаңында Жебірейіл  періште  уахи  әкеледі.

– Әй, Дәуіт! Ұлық Алла саған бір ұл нәсіп етеді. Бірақ шарты сол, ол баланың қызығын тек тоғыз жыл ғана көресің, осыған разысың ба? – дейді.

Дәуіт іштей қынжылса да: «Жаппар иемнің әміріне не қылса да ризамын» деп келіседі. Көп ұзамай Дәуіт ұлды болып, есімін Сүлеймен  қояды.

Дәуіт патша болғандықтан, оның сарайына күн сайын жүздеген адам қонаққа келеді екен. Сол кезде жеті жасар Сүлейменді бір қолына құман, бір қолына сүлгі ұстатып, сарайдың алдына қызметке қояды. Бала күні бойы үйге кіріп-шыққан қонақтардың қолына су құйып, алғысын алады. Оның адал қызметіне разы болған қонақтар:

– Ғұмыр жасың ұзақ болсын!

– Құдайдың сүйікті құлы бол!

– Басыңнан бақ, астыңнан тақ кетпесін!

– Әділ патша бол!

– Екі дүниенің сырын біл!

– Дұшпаныңа қатал,  досыңа адал бол!

– Ғалым бол! деп тоқсан тоғыз түрлі тілек айтып, бата береді екен.

Арада он бес жыл өтеді. Сүлейменнің бұғанасы бекіп, қабырғасы қатайып, ойы да, бойы да өсіп, азамат болып ер жетеді.

 Бір күні Дәуіт Ұлық Аллаға:

– Уа, Алла, маған ұлыңның қызығын тоғыз жыл көресің деп едің.  Бұл не хикмет ? – деп сұрайды. Ұлық Алла: Рас айтасың, Сүлейменнің пешенесіне тоғыз жылдық ғұмыр жаздым. Бірақ зерек ұлың қонаққа қызмет етуден шаршамады. Ақсақалдардың батасын алуға құмар болды. Күн сайын адамдар оған менің 99 есімімді айтып, шын жүректен алғыстарын жаудырып, батасын береді. Көптің алғысымен оның ғұмыр жасы ұзарды. Менің бір есімім – Халық. Халықтың тілегін қабыл етпеу ұлықтығыма сын болар. Бүгіннен бастап Сүлейменге 99 түрлі мұғжиза берем. Жердегі бүкіл тау-тас, аң-құс, он сегіз мың ғаламға патша қыламын, – деді. Содан бастап Сүлейменге дарымаған керемет қалмады  деседі.

Осыған орай «Сүлеймен де су құйған», «Су иесі –  Сүлеймен» деген сөздер ел арасында таралыпты. Қазір де қазақ халқы үйге қонақ келгенде жас баласының қолына құман мен сүлгі беріп: «Үлкеннің батасын  ал»  деп  су  құйғызады.

«Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер» деген тәмсіл, нақыл сөз Сүлейменнен қалған екен.

Ақеділ  БЕКЖАНОВ,

Орал  қаласы


Екі адам суға кеткен…

Күні: , 24 рет оқылды

Облыста соңғы он жыл ішінде 270 адам суға шомылу кезінде қаза болған. Олардың жетпісі – кішкентай балалар. Ал 2017 жылы тілсіз жаудың құрбаны болған 18 адамның бесеуі – жасөспірім.

Биылғы суға шомылу маусымы басталғалы бері екі адам тілсіз жаудың кесірінен ажал құшқан. Соңғы қайғылы оқиға 8 шілде күні орын алған еді. Қазір Коминтерн ауылы тұсындағы Жайық өзенінен денесі табылған бойжеткеннің өліміне қатысты деректер анықталуда. Егер суға батып кеткені расталса, зардап шеккендер саны үш адамға жетпек. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Ақылбек Ахметжанов мәлімдеді.

Облыста арнайы белгіленген 15 суға шомылу орны болса, соның төртеуі Орал қаласының аумағында орналасқан. Олардың үшеуі қалалық мәдениет және демалыс саябағында және біреуі «Светлячок»  туристік  кешенінде.

Суға шомылу рұқсат етілген жағажайларда құтқарушылар мен сүңгуірлер жасақтары тәулік бойы кезекшілік атқаруда. Оған қоса арнайы жабдықталмаса да, халық жиі барып, суға шомылатын «жабайы» жағажайлардың маңында да кезекшіліктер ұйымдастырылған.

Ақылбек Қосманұлының айтуынша, облыстың су айдындарында «Суға түсуге тыйым салынады», «Сүңгуге тыйым салынады» және т. б. 117 арнайы белгілер мен стендтер орнатылған.

Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»


«Серпін» берген серпіліс

Күні: , 94 рет оқылды

«Серпін» бағдарламасы аясында облысымызда  1309 жас білім алуда. Таяуда солардың біразы оқуларын аяқтап, диплом алды. Жоғары білімді маман атанған «серпіндіктердің» ішінде 150-ге жуық М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың студенті де бар.

БҚО жастар саясаты басқармасынан алынған мәліметке қарағанда, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл және Маңғыстау облыстарынан келген жігіттер мен қыздар Ақ Жайық өңіріндегі екі ЖОО мен сегіз техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында оқып жатыр. Негізінен университеттердің қабырғасында білім алуда. «Серпіндіктер» оқуда ғана емес, қоғамдық жұмыстарда да алдыңғы сапта жүр. Мәселен, кеше ғана БҚМУ-дағы филология факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті бөлімін қызыл дипломға бітірген Тұрсынай  Қажығали студент болып жүргенде облыстық, республикалық, халықаралық бағыттағы түрлі шығармашылық байқауларға қатысып, университет абыройын асқақтатқан еді. Сол үшін өзі де, ата-анасы да төрт мәрте ректордың алғысхатына ие болды.

– Мен шайырлар мен жыраулардың мекені болған Сыр өңіріненмін. Әлі есімде, мектеп бітірер сәтте «Серпін – 2050» бағдарламасы туралы естіп, құжат тапсырып көргем. Ол кезде бұл бағдарлама менің болашағымның алтын көпірі болатынын әсте ойлаған жоқ едім. Орал өңіріндегі бес жылға жуық уақытым көзді ашып-жұмғанша өте шықты.  Бізге барынша қолайлы жағдай жасағаны үшін мемлекетке, жергілікті атқарушы билік құрылымдарына, университет басшылығына алғысымыз шексіз. Жалпы, өзім еліміздегі осындай беделді университеттің студенті болғаныма өте  ризамын. Енді алған білімімді еліміздің, соның ішінде Ақ Жайық өңірінің қарыштап дамуына арнауды мақсат тұтып жүрмін, – дейді жас маман.

Сәдуақас  ЖӘНІБЕКҰЛЫ


Еңбек шартынсыз жұмыс жасайтындар көп

Күні: , 56 рет оқылды

Достық  үйінде  2018-2019  жылдарға  арналған «Еңбек шартын  жасаңыз!»  республикалық  акциясы  шеңберінде форум  өтті.

БҚО кәсіподақтар орталығы ұйымдастырған  форумына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Мәжілістегі заңнама және сот құқықтық реформа комитетінің мүшесі Снежанна Имашева, мемлекеттік құрылымдар мен жұмыс берушілер қатысты.

Басқосуды облыстық кәсіподақтар орталығының  төрағасы Ербол  Салықов  жүргізді.

– Кәсіподақтардың негізгі міндеті – жұмысшы мен жұмыс берушілер арасында туындайтын мәселелерді дер кезінде шешу. Ол үшін кәсіпорындардағы кәсіподақ ұйымдары барлық тараппен ынтымақтастықта болуға тиіс. Дегенмен көп жағдайда жұмыс беруші мен жұмысшының арасында көптеген кикілжің мен келіспеушілік туындап отырады. Олардың  алдын алудың бірден- бір жолы – еңбек шарты, – деген Ербол Ғұмарұлы жұмысшыларды еңбек шартынсыз жұмысқа алу әлі күнге өзектілігін жоймаған мәселе екенін атап өтті. Оның сөзіне қарағанда, еңбек шартынсыз жұмыс жасайтындардың дені құрылыс, сауда, қоғамдық тамақтану орындары мен ауыл шаруашылығы саласында еңбектенетіндер болып отыр.

Өз кезегінде сөз алған Снежанна Имашеваның айтуынша, елімізде 9 миллионға жуық жұмысқа жарамды адам бар болса, оның шамамен 500 мыңы – жұмыссыздар. Алты миллионнан  астамы заңды түрде еңбек шартына отырып, жұмыс жасауда.

Өзін-өзі жұмыспен қамтыған екі миллион адам еңбек еткенімен, ресми түрде тіркелмеген. Негізінен ірі кәсіпорындар жұмысшымен еңбек шартын жасасады. Ал дүкендер, шаруа қожалықтары, құрылыс секілді шағын бизнес секторларында жалақыны қолма-қол бергенді ыңғайлы деп есептейтіндер бар. Сондай-ақ жұмысшылар арасында ешқандай жарна аудармай-ақ, жалақыларын қолына толық алғысы келетіндер де көп.

– Еңбек заңнамасының сақталуына жұмыс беруші мен жұмысшының жауапкершілігі бірдей. Елімізде «Еңбек шартын жасаңыз!» деген акция өткізудеміз. Алайда нәтиже жоқ. Еңбек шартынсыз жұмыс жасайтындар әлі бар. Бұл – акция, жазалайтын шара емес. Дегенмен еңбек инспекциясының  жауапсыз жұмыс берушілерді жазалап, шаралар қолданатын құқығы бар. Бірақ елімізде шағын бизнеске  жанжақты қолдау білдірілуде. Сондықтан да осындай ақпараттық-түсіндіру шаралары жүріп жатыр. Егер жұмысшы тарапынан жұмыс берушінің еңбек шартын жасамайтыны жөнінде шағым түсетін болса, ол жұмыс берушінің қызметі тексерілетін болады. Ал қазір екі тараптан да шағым жоқ, – деді Снежанна  Имашева.

Шара барысында сондай-ақ БҚО еңбек инспекциясы бойынша басқарма басшысы Азамат Айтуев, «Атамекен» БҚО кәсіпкерлер палатасының директоры Сәкен Карин, БҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Нұрболат Абдулов, «Әлеуметтік сақтандыру қоры»  КЕАҚ БҚО филиалының бөлім басшысы Қуаныш Сансызбаев, облыстық салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы Марат Даупаевтар әр салада атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, аталмыш мәселені шешу жөніндегі ойларымен бөлісті.

Ясипа  РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»


80 жылдық тарихы бар ақ көйлек

Күні: , 58 рет оқылды

1888 жылы дүниеге келіп, екі мәрте Ленин орденінің иегері  болған ұлағатты ұстаз, Ғабдолла  Махамбетовтің 1938 жылы Орал қаласында өткен «Үздік ұстаздар слетінде киген көйлегі. Бұл ақ көйлекті Ғабдолла атамыздың ке­ліні, қазір Орал қаласында тұратын Бақытжамал Қажыбаева апамыз мұражайға  табыстады.

Б. БАЙЖИЕНОВА,

 «Шежіре» мұражайының жетекшісі,  Базаршолан ауылы,

Ақжайық ауданы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика