Мұрағат: 09.07.2018


Жүн неге жиналмайды?

Күні: , 143 рет оқылды

Бұл  сұрақ  тұрғындар  тарапынан  25-30  жыл  бойы  биліктің  алдына  мәселе  етіп  қойылып,  әлі  күнге дейін  шешімін  таппай  келеді.

Қой  жүні  қажетсіз  бе?

«Иә» деп ешкім айтпайтын шығар. Статистикалық мәліметке сүйенсек, Қазақстанда жүннен иірілген жіпке деген сұраныс жыл сайын 200 тоннадан асады екен. Өкінішке орай, бүгінгі таңда жеңіл өнеркәсіп өнімдерімен халық сұранысының тоғыз пайызы ғана өтеледі. Бұл 91 пайыз экспортқа тәуелдіміз деген сөз емес пе? Неге?

Кеңес одағының соңғы жылдарында елімізде қой саны 30-35 миллионға жетіп, 100-105 мың тонна жүн өндірілді. Оның 60 пайыздан астамы сапалы, бағасы қымбат биязы жүн болып, әлемнің 12  еліне  экспортталған  екен.

Қазіргі таңда еліміз бойынша 40 мың тоннаға дейін ғана жүн өндіріліп жүр. Оның 15 мың тоннасы  ғана  жоғары  сапалы  жүн.

Жыл өткен сайын импорттық өнімдерге тәуелділік көлемі ұлғайып бара жатқаны да жиі жазылып жүр. Экономикалық тұрғыда тәуелсіз болу үшін халық кемі 30 пайыз өз өнімімізбен қамтамасыз етілуі керек. Бұған мүмкіндік бар ма? Қытай, Үндістан, Түркия сияқты жеңіл өнеркәсіпті өрге бастыруға не кедергі?

Жүннің  пайдасы  мен  зияны

Малмен ғана күнелткен ата-бабамыз қой жүнін киім де, төсеніш те, баспана да етті. Оған тарихымыз куә. Өркениетке ұмтылдық, мәдениетіміз дамыды, тұрмысымыз түзелді. Киіз үй баспана болудан қалды. Тек Ұлыстың Ұлы күні алаңға тігуге іздейміз. Киіз төсеніш болудан қалды. Қазір қылшығы ұшпайтын қалы кілем, ою-өрнекті алашалар төрге шықты. Құны удай қымбат болса да соларды аламыз. Қазір малшылар да киіз төсемейді. Қыс кезінде малшы үйіне барып отыра қалсақ, астыңнан сыз өте бастайды. Биттің қабығындай кілем, алаша жылу ұстамайды. Сондайда «Қалыңдығы бір елі қара киізді кілем астынан болса да төсеп тастаса ғой, сәбилеріне салқын тимес еді. Сол қара киіз үстінде ойнап, ұйықтап өскен ұрпақ аурушаң болмап еді. Қылшығынан зиян болып, қырылып қалған жоқпыз ғой» деп ойлайсың.

Киім ретінде де солай. Бұрын жүн шұлық кигенде аяғымыз, жүн қолғап кигенде қолымыз тоңып па еді? Жылы кеңседе отырғанда ештеңе емес, ал жолға шыққанда, қайтқан адамның қарасында, зират басында сәнді шетелдік құрым бәтеңкесінен аяғы мұз болып қатып, тыпыршып тұрғандарды көргенде «байпақ киіп алса, тоңып тұрмас еді» деп еріксіз ойлайсың. Мәдениеттілікке жат деп қой жүнінен безгендегі бүгінгі сиқымыз осы.

Жүн  неге  жиналмайды?

Көптің көңіліндегі сұрақ осы. Өйткені, жүн өтпегесін, қой қотыр болмасын деп жабағы жүнін еріксіз қырқамыз. Қырқылған жүнді  қоқысқа  тастаймыз.  Неге?

Себебі жүн өтпейді, керексіз шикізат болып қалды. Рас, ауданымызда еділбай қойы ғана өсіріледі. Оның жүні сапалы биязды жүнге жатпайды, қылшықты жүн. Десе де жоғарыда біз айтқан жергілікті тұрмысқа пайдалануға болмас па еді?! Әрине,  болады.

Қазіргі аудан жағдайында киіз де, байпақ та ныпсы тұтынудан қалған жоқ. Сондықтан киіз, байпақ басатын, ұзатылар қызға көрпе жасайтын шағын цехтар ашылса және аз болса да сапалы өнім өндірсе, артық болмас еді. Қазір қаладан әкеліп сататын байпақтар өте сапасыз, тастай қатты, аяғыңды, балтырыңды қажап тастайды. Өнім сапалы болса, неге өтпесін? Киізбен қыста тракторын қымтауға, тіпті пено материал орнына үйді қаптауға да болады екен. Аудандық кәсіпкерлік бөлімі осы іске  ұйытқы  болса дейміз.

Тіпті ондай цехтар ашуға жағдай жасай алмағанның өзінде жүн қабылдау орындарын ашып, оны өткізумен жұмыстанып, тікелей шартқа отырса, халыққа да, ашқан кәсіпкерге де тиімді болар еді. Бұған дәлел – ешкі, қой жүнін жинайтын агенттердің алыс өңірлерден  келе  бастағаны.

Мысалға, қазір ешкі жүні қымбатқа өте бастады. Көктемде халықтан бір килосын бір мың теңгеден алған жинаушылар ешкі жүні бағасын 1500 теңгеге дейін көтерді.

Енді мұның астарына үңілейік. Оңтүстіктен келген сатып алушы жергілікті жерден бірнеше адамды жалдайды. Ал, олар ешкі жүнін килограмы 1500 теңгеден жинаса, келген агент оны олардан көтеріп 1600-1700 теңгеден алатыны даусыз. Жиналған жүнді келген агент өз қожасына, оңтүстікке жөнелтіп отыр. Агенттен ешкі жүнін екі-үш есе қымбатқа алатыны да ақиқат. Қомақты пайда таппаса, агент тентіреп ел кезіп келе ме? Оңтүстіктегі қожасы да Қытайға, Гонконгке біреулер арқылы өткізеді. Сонда ешкі жүнінің соңғы нүктедегі бағасы халықтан жиналған бағадан неше  есе  жоғары  болғаны?

Біздің жаман ойымыз – жүнді бейнетін көріп дайындап, бірнеше делдал арқылы аз бағаға өткізіп, жемісін біреуге жегізгенше, жүн алушыны өз адамымыздан дайындап, тікелей Қытаймен болмаса да, аз делдал арқылы өткізуге жағдай жасаса, халық көп ұтылмас еді дейміз де.

Айтпақшы, жүн, тері алатын бір жерлесіміз де бар. Өкінішке орай, ол да оңтүстіктен келген өзбектің бағасынан асырмайды. Одан не пайда? Халықтың емес, өзінің қамын ойлайтын нарық заманы ғой.

Иә, жақында «Қой жүнін аламын» деген хабарландыруды оқып, қуанып кеттім-ау. Соңын оқығанда көңілім түсіп кетті. Бір килограмы 10 теңге дейді. Су тегін, алады деген атағы ғана емес пе?

Ал біздегі еділбай қойынан 0,7-0,8 килограмм жүн түседі. Оны 10 теңгеден өткізсек, 7-8 теңге құрайды. Қазір қойды уақыт тауып, шуашына малынып кім қырқады? Қырқушыны қой басына 400 теңгеден жалдаймыз. Сонда бір қойды қырқу 392-393 теңге зиянға шығады. Жүн бағасы су тегін дегеніміз сол.

Биылға дейін қой жүнін ешкім алған жоқ. Аудан бойынша жыл басында 168 845 бас қой мен ешкі болғанын ескерсек, одан 2017 жылы 2056 центнер жүн алынған екен.

Ешқайда өтпеген жүн далаға тасталды. 20-25 жылдан бері жыл сайын осыншама қой жүні далада қалып жатыр. Сол өтпейді деген жүнді оңтүстіктің кәсіпкерлері өткізіп отырғанын көргенде, бұл іске немқұрайлы қараған басшы құрылымдарға қалай өкпе  артпайсың?!

Рас, біздің қойлар жүнінің жіңішкелілігі қазіргі әлемдегі сұранысқа сәйкес келетін 18-21 мкм. сапалы биязы жүнді емес. Десе де, қылшық жүнді де көрші елдер кәдеге асырып жатыр емес пе? Олай болса, біз неге далаға тастаймыз?

Егер жүн пайдаға асса, қойдың күзем жүні мен қозы да қырқылар еді.

Қорытып айтқанда, қой қазір елімізде еті үшін ғана өсіріліп отыр. Жүні мен терісі алынбайды.

Австралия сияқты қой шаруашылығын ғылыми негізде дамыта алмасақ та, қолда бардың қадірін кетірмей, ел игілігі үшін шикізатты өңдеуді іске асыратын мезгіл болған сияқты.

Өмірзақ  АҚБАСОВ,

Жаңақала  ауданы

Серік  ХАЙЫРБЕКОВ,

«Айдархан»  ЖШС  директоры:

– Иә, бұл мәселе шешімін таппай келеді. Қой пысынап қотыр болмауы үшін қырықтықшыларға еңбекақы төлеп қырықтырамыз. Жылма-жыл 3-4 тонна жабағы жүнді жинап алып, өртеп жіберуге мәжбүрміз. Технология қанша дамыды десек те, осы мол жүнді өңдеп, кәдеге асыра алмай отырғанымыз қынжылтады…

Бұл тек біздің қожалықтың емес, қой ұстаған бар адамның  басындағы  жағдай.

Тыныштық  ӨТЕШҚАЛИЕВ,

мал  шаруашылығының  маманы:

– Бір кездерде жоғары бағаланған мал шаруашылығындағы таза да табиғи шикізат – жүннің сұранысқа ие болмай, үкімет тұрғысынан өте төмен бағалануына байланысты, оны өндірушілер тарапынан өте күрделі де кереғар түсінік, пікір пайда болып тұрғаны бесенеден белгілі. Басқа жайдың барлығын былай қойғанның өзінде, оны мал терісінен ажыратып, қырқып алудың өзі де қиындық келтіріп отыр. Қой малының жүнін адамдарды жалдап, өз қаражатына қиындықпен қырқып алу,  оның үстіне оған сұраныстың болмауына байланысты оны шұңқыр, орларға тиеп апарып төгіп, бір кездегі алтын өнімді өртеп жіберу, сөйтіп өтпейтін өнімнен қойды да, өзін де азат еткендігі. Қазір жүнді даладағы сай-салаларға лақтырып тастау жаппай дағдыға айналып бара жатыр. Желмен ұшып, далада шашылып жатқан жүнді жиі көруге болады. Бұл сайып келгенде қоршаған ортаны ластаумен пара-пар жай. Үкімет тарапынан қойылатын талап болса, экологиялық талаптардың бұзылуына жол берілмес еді. Қой малының жүнін өндіруге сұраныс болмаған соң ешқандай дотация, субсидиялар төленбейді. Бағалай білсек, таза малдың жүнін ешқандай жасанды химиялық жолмен алынған өнімдер оңды көрсеткіштермен оны алмастыра алмайды. Бұған сайып  келгенде  кім  жауапты:

– сол  аумаққа  басшылық  ететін  әкім  бе?

– өндірген өнімі үшін үкімет тарапынан ешқандай сұранысқа ие бола алмай, азапқа ұшырап тұрған  кәсіпкер  ме?

– даланың ластануына жол беріп, қадағалай, қоршаған ортаны қорғай алмай отырған құзырлы мемлекеттік  қызметшілер  ме?

– сол өнімді жергілікті жерлерде өңдеуге мемлекеттік көзқарас пен халықтың игілігі үшін өнімді ұқсатуды жүзеге асыра алмай отырған шаруашылық, аудан, облыс көлеміндегі қызмет етіп отырған аграрлық  саясатты  жүзеге  асырушылар  ма?

Қалай  дегенде  де  бұл  мәселеге  мән  беретін  уақыт  келді.


Қазақстанның демократиялық ұрысы

Күні: , 60 рет оқылды

Үлкен ақша – әрдайым үлкен мүмкіндік. Ал қашқын олигарх Мұхтар Әблязовта ақша жетіп артылады. Өйткені ол БТА банкіне басшылық жасаған жылдары жалған компаниялар арқылы 7 миллиард доллардан астам банк  қаржысын оффшорлық аумақтарға аударып, заңсыз қалтасына басқан болатын. Яғни, өз халқының маңдай термен тапқан ақшасын осылайша жымқырды. Енді осы ұрланған қаржының көмегімен Әблязов Қазақстандағы саяси тұрақтылықты шайқалтып, оның соңын қанды қырғын мен төңкеріске, азаматтық соғыс пен революцияға ұластыруды көздеп отыр.

Шетелде бас сауғалап, қазақстандық соттан қашып жүрген Әблязовтың көздегені елдің татулығы емес, керісінше араздығы. Алаяқ банкир тек жеке бас пайдасы үшін дүйім жұртты соғысқа, қиратуға, аштыққа әкеліп соқтырудан тайынар емес. Қазіргі үкіметті тағынан тайдырмақшы. Сәті түссе, ел билігін өз қолына алуды, олай болмаған күннің өзінде де лайықты бәсекелестерге тұзақ құруды көксейді. Халықтың жағдайы, әлеуметтік ахуалы, елдің тәуелсіздігі мен тұтастығын сақтап қалу мәселелері оны толғандырмайды.

Францияның «Liberаtion» басылымына берген сұхбатында Әблязов Қырғызстандағы «қызғалдақ» төңкерісін қаржыландырғаны туралы мәлімдеме жасады: «2005 жылдың басында мен Қырғызстан режимінің құлауына септесу үшін ондағы оппозицияны қаржыландырдым. Бұл мен үшін маңызды болды, себебі посткеңестік елдердің бірінде демократиялық процесс басталды және одан соң оң реформалар жүргізіле бастады» деген Әблязов.

Демократиялық процестің астарында Әблязов кез келген теріс әрекетін дұрысқа шығаратын және оның жолында сол елдің азаматтарын әшейін құрал ретінде пайдалануға болатын хаос, яғни аласапыран орнатуды меңзейді.

Алайда оның барлық жоспары іске аспай қалды. Әблязов пен оның сыбайластарына қатысты бірнеше елде, оның үшеуі Ресей, Украина және Қазақстанда қылмыстық іс қозғалды. Осы үш ел әлі күнге дейін қашқын банкирді қайтаруды талап етіп отыр. Мейлі, ол тіпті Қазақстанның нағыз демократиялық ұрысы болса да, ұры түрмеде отыруы тиіс.

Бір кездегі құрметті азаматтың, талантты қаржыгердің бүгінде кәдуілгі алаяққа айналғанын әлемде орасан зор беделге ие билікті ағылшын сотының сотқа құрмет көрсетпегені және соттан айла-сын асыруды көздегені үшін Әблязовтың әрекеттерін нағыз алаяқтық деп танып, 22 ай түрме жазасына кескені растайды.

Сондықтан Қазақстан тарапының Әблязовтың қазақстандық және ресейлік банктердің иесі және бас менеджері ретінде өз жобаларын салымшылардың есебінен қаржыландырып, шамамен 7 миллиард доллар иемденгені туралы айыптауларының ойдан шығарылғанына сену қиын. Оған қоса Ресей билігі Әблязовты  5 миллиард долларды жымқырды деп айыптайды.

Соған қарамастан, Әблязов Францияда бой тасалап жүр, 2017 жылдың маусым айында Әблязовке қатысты қылмыстық істерді қараған Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық соты экс банкирді қылмыстық қоғамдастық құрды және БТА банкінің қаржысын жымқырды деп танып, 20 жылға бас бостандығынан айыру және жеке мүлкін тәркілеу туралы  сырттай  үкім шығарды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюроның мәлімдеуінше, келтірілген шығынның мөлшері 7,5 миллиард доллардан асып жығылады.

Осыдан кейін Әблязовтың не себепті «халық пен әділеттіліктің жанашыры» бола қалғанын түсіну қиын емес. Өзін оппозиционер ретінде көрсетіп және қылмыстық әрекеттерін саяси реңк бере отырып, Қазақстанмен тұтқындарды экстрадициялау туралы келісімге қол қойылмаған Франция елінде бой тасалай тұруға аздаған мүмкіндік алды. Өзін саясаткер және оппозиционер санайтын Әблязов шетелде тұруға тырысады, сөйте тұра елге деген зор сүйіспеншілігін көрсеткісі келеді.

Қазіргі таңда түрмеден бостандыққа шыққан Әблязов Қазақстанда Ресейдегі Навальный ұйымдастырғандай митингтер ұйымдастыруды және сот тәртібімен Қазақстан аумағында қызметіне тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) экстремистік ұйымын қайта жандандыруды көздейді.

Әблязов аталмыш митингтер өткізуге тақырыптардың жеткілікті екенін айтады. Оған қарамастан өзінің үнпарақтарында әлеуметтік мәселелерді коммуналдық сұрақтармен шатастырып, қанағат-танарлықсыз білім, сыбайлас жемқорлық, нашар жолдар және т.б. сияқты абстрактілі мәселелерді санамалайды. Әлбетте, таңдау өте өзекті мәселелерге түскен. Өйткені аталмыш мәселелер әлемнің барлық елінде бірдей өзектілігін жоймай отыр.

Мейлі, Әблязов тамаша бизнесмен және өз ісінің білгір маманы болсын. Бірақ ол жалғыз емес! Оның тобында ондайлардың екі-үш ондығы да жиналмайды. «Қазақстанның демократиялық таңдауының» (ҚДТ) бүкіл экономиканың жүйелі талдауын және медицина, білім, ғылым саласындағы нақты ахуалды білмей, жалған утопиялық реформаларды ұсынып, мемлекеттік төңкеріс жасауға шақыру себебін түсіну қиын!

Қазақстанның демократиялық ұрысының жеке бастың арам пиғылын іске асыруға бағытталған «Қазақстанның демократиялық таңдауының» барлық идеологиясы, міне, осы.

Асылхан  ҚАДЫР


«7-20-25» өз жұмысын бастады

Күні: , 146 рет оқылды

Орал қаласында «7-20-25» бағдарламасы бойынша алғашқы несие  берілді.

Бұл туралы БҚО өңірлік ком-муникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ҚР Ұлттық банкі БҚО филиалының директоры Қо-зыбақ Құлбарақов мәлімдеген еді. Аталмыш бағдарлама шеңберінде несие берілген шаһарлар қатарында Алматы, Астана, Өскемен және Ақтау қалалары да бар.

– «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бастамасын іске асыру шеңберінде Қазақстан Ұлттық банкі  «7-20-25» жаңа ипотекалық бағдарламасын бекітіп, «Баспана» арнайы ұйымын құрған болатын. Халықтың жағдайын жақсартуды көздейтін  бағдарлама бойынша ипотеканың жылдық мөлшерлемесі 7 пайыз болса, бастапқы жарна несиеге алынатын үй құнының 20 пайыз мөлшерінде, сондай-ақ несие мерзімі 25 жылға дейін есептелген. Аталмыш бағдарламаға  баспанасы және басқа да ипотекалық қарыздары жоқ  қазақстандықтар қатыса алады. Сондай-ақ бағдарламаға қатысушының тұрақты расталған кірісі болуы қажет. Тұрғын үй сатып алу үшін Астана, Алматы, Ақтау және Атырау қалалары үшін пәтер  бағасының ең жоғарғы шегі 25 миллион теңге болса, қалған өңірлерге 15 млн. теңге деп белгіленген. Ал ипотекалық қарыздар тек ұлттық валютамен беріледі.  Нысаналы индикаторларға сәйкес ипотекалық кредиттердің жалпы көлемі 1 триллион теңгені құрайды.  Күні бүгін «Центркредит» банкі, «Еуразиялық» банк, «АТФ» банк, «Цеснабанк», «Қазақстан Халық банкі», «РБК» банк және «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі»  «7-20-25» бағдарламасына қосылған. Жыл соңына дейін «Сбербанк» пен «Форте» банк те қосылмақ. Бұл банктер ипотекалық кредиттерді аталмыш бағдарламаның талаптарына сай беріп, «Баспана» арнайы ұйымы несиелерді сатып алады, – деді Қозыбақ  Әбуұлы.

Спикердің айтуынша, бағдарламаға қатысатын тұлға қарыз алушы банкке еңбек немесе кәсіпкерлік қызметтен кірісінің болуын растайтын құжаттарды, ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша өтелмеген берешегінің болмауы туралы мәліметті, тұрғын үйінің жоқтығын растайтын анықтама, сатып алатын тұрғын үй  құжаттарын және тәуелсіз бағалаушының бағасын ұсынуы тиіс.

Қозыбақ Әбуұлы айтып өткендей, бағдарламаға қатысты барлық ақпаратты www.baspana72025.kz сайтынан алуға болады. Сондай-ақ +7(727) 227-20-25 тегін нөмірі бойынша cоll-орталық тәулік бойы жұмыс жасайды. Ал қазір бағдарламаның мобильді қосымшасы әзірленуде.

 Ясипа  РАБАЕВА

 


Велосипедпен ауылына барды

Күні: , 957 рет оқылды

Астананың  20 жылдығына  орай  Орал  қаласында  тұратын  Амантай  Есенғалиев  430  шақырым қашықтықты  велосипедпен  жүріп  өтті.

Амантай «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында туған жері – Жәнібек ауданы Күйгенкөл ауылына дейін қарапайым велосипедпен барды.

Өзінің айтуынша, мұндай алыс қашықтыққа алғаш рет шыққан екен. 55 жасар азамат 5 шілдеде таңғы сағат 5-те қос аяқты «тұлпарына» отырып, сол күні түнде жолшыбай Ақжайық ауданы Қабыршақты (Первомай) ауылына қарасты шаруа қожалығына түнеп шығады. Келесі күндері түнде Қазталов ауданына қарасты Жалпақтал, содан кейін Қазталов ауылдарына аялдап, Күйгенкөлге жексенбі күні сағат 16.00-дер шамасында жеткен. Оны ауыл әкімі Әлия Оспанова, сынып жетекшісі Жеміс Бисенова бастаған  тұрғындар  күтіп  алды.

«Ауыл түлегінің велосипедпен келуіне орай тұрғындармен дөңгелек үстел отырысын өткіздік. Бұл сапар – туған жерге деген құрмет, тұрғындардың спортпен дендеп айналысуына септесетін, саламатты өмір салтын орнықтыруда үлгі боларлық оқиға. Алдағы уақытта да түлектердің туған ауылымен байланысын нығайту бағытында жұмыстанатын боламыз», – деді Әлия Болатқызы.

Айта кетейік, Амантай Есенғалиев БҚО қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде жұмысшы болып жасайды. Ұл-қыздары есейген, әр салада  қызмет  етіп  жүр.

Елжан  ЕРАЛЫ


Қала күні қарсаңында тынымбақ ашылмақ

Күні: , 107 рет оқылды

Облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов  Орал  қаласындағы  бірқатар  құрылыс  нысандарын  аралап,  атқарылып  жатқан  жұмыс  барысымен танысты.

Өңір басшысы жұмыс сапарын Зашаған кентіндегі жаңадан бой көтерген көп қабатты тұрғын үйлердің құрылысынан бастады. Орал – Атырау және Орал – Саратов тасжолының аралығында орналасқан тоғыз қабатты үйлер баспана кезегіндегі тұрғындар мен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшыларына берілмек. «Болашақ-Т» ЖШС-ның мердігерлігімен салынып жатқан 180 пәтерлік үйдің құрылысы былтыр қазан айында басталған. Сала мамандарының айтуынша, бүгінде құрылыс жұмыстарының 85 пайызы атқарылған. Енді тұсқағаз жапсырып, линолеум төсеу секілді ішкі жұмыстар мен сантехникалық құрылғыларды орнату ғана қалған. Бұл үй күзге таман тұрғындардың игілігіне берілмек. Үйдің іші жарық, кең әрі сыртынан қарағанда көз тартарлық екен. Құрылыс нысандарын аралаған облыс әкімі сала мамандарына жаңа салынған үйде мәселе болмау керектігін ескертіп, айналасын  абаттандыруды  тапсырды.

Зашаған кентіндегі келесі тұрғын үйдің жетінші қабатына бетон тұрғызылып, кірпіш қалау жұмыстары  жүріп  жатыр  екен.

– Бұл үйдің құрылыс жұмыстары сәуір айында басталды. Құрылыс нысанында 100 адам еңбек етуде. Мұнда жалпы 216 пәтер болса,  оның 144-і  – бір бөлмелі, қалған 72-сі екі бөлмелі болып келеді. Биылға бөлінген қаржы толық игерілді. Енді қалған қаржы аударылатын болса, үйді биыл тапсыруды жоспарлап отырмыз, – деді «Альтаир» ЖШС-ның құрылыс бойынша директоры  Нұрлан Қуанғалиев.

Тұрғын үйлердің құрылысымен танысқан облыс әкімі Зашаған кенттік округінің әкімі Әділбек Қадыровқа ПИК мамандарымен тығыз байланыс орнатуды және көп қабатты үйлердің кіреберісіне аутокөлік жуатын орын салуды тапсырды.

– Қала орталығына кіретін кез келген көлік таза болуы қажет. Біз сол үшін тұрғындарға жағдай жасауымыз керек, – деген облыс әкімі жұмыс сапарын Тайманов көшесіндегі  құрылыста  жалғастырды.

Аталмыш көшеде яғни Еуразия даңғылынан Сарайшық көшесіне дейінгі аралықтағы жол күрделі жөндеуден өтуде. «Түркістан жол сервис» ЖШС-ның мердігерлігімен қолға алынған жұмыстың барысына өңір басшысы оң бағасын берді. Жол  жөндеу жұмыстары аяқтала келген.

Болашақта бұл аумақ тынымбаққа айналмақ. Сәулеті келіскен орындықтар орнатылып, шайтанарбаға арналған жолақтар  салынатын болады. «Түркістан жол сервис» ЖШС-ның бас инженері  Жандәулет Нұрлыбаевтың айтуынша, тынымбақ  қала күні қарсаңында  ашылатын  болады.

Содан соң өңір басшысы Құрманғазы көшесі мен Мәметова көшесінің қиылысындағы №2 жылу магистралінің құрылысына барды.  Мұндағы құрылыс жұмыстары «Уральскводстрой» ЖШС-ның мердігерлігімен жүзеге асуда. Жылу құбырлары толық ауыстырылған. «Уральскводстрой» ЖШС-ның вице-президенті Тенгиз Тедеевтің айтуынша, қажетті материалдар Ақтаудан тасымалдануда. 1255 метр болатын жылу торабының  құрылыс жұмыстары  шілде айының соңында аяқталмақ.

Гүлсезім   БИЯШЕВА,

«Орал   өңірі»

Суреттерді  түсірген  Александр  КУПРИЕНКО


Өн бойынан өлең жолы өрілген

Күні: , 153 рет оқылды

Мен көктен түскенім жоқ,

Жерден өрдім.

Жасымнан періште емес, пендеге ердім,

Баяулап күндерім де барады өтіп,

Ай аунап,

Жұлдыз күліп,

Дөңгелер күн, – деп жырлаған Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Т. Айбергенов, С. Бердіқұлов атындағы сыйлықтардың лауреаты, Бөкей ордасы ауданының құрметті азаматы, ақын Ғайса-Ғали Сейтақ асқаралы алпыс жасқа толды. Туған жердің туын биікке көтерген ағамыздың мерейжасына арналып, кіндік қаны тамған Хан ордасы ауылында «Өмірім – өлеңім» атты әдеби сазды кеш оздырылды. Онда аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов Ғайса-Ғали Самиғоллаұлын құттықтап, иығына шапан жауып, сый-сияпатын ұсынды.

Ажарынан арайланған ай сәні,

Аға жаста Жайығымның жайсаңы.

Ақындықтың антына адал ұл деп біл,

Жырға біткен Пайғамбардай Ғайсаны.

Жүрегінде өр жыры мен ел мұңы,

Тұлпар талант кеппей шапқан терлігі.

Шашасына шаң жұқтырмас шалқұйрық,

Бойында жоқ Тайбурылдың кемдігі.

Хан орданың қасиеті ойнап қанында,

Нар мінез ер  кіндік кескен Нарында.

Тектілердің тұяғындай кескіні,

Патша қыздан таңдап сүйген жарын да.

Бақ боп қонып бабасының батасы,

Салтына енген сұлтандықтың сапасы.

Өнегесі ұрпағына ұласқан,

Ұл-қызға әке, немеренің атасы.

Өлеңінен есетұғын ерлі күн,

Пір санаған Махамбеттің ерлігін.

Сертке берік серісі елдің танылған,

Тірі ескерткіш боп танылдың сен бүгін.

Өн бойынан өлең өрті өріліп,

Аруларға падишадай көрініп.

Екі отызың шабыт кұйсын жаныңа,

Қаламыңнан жыр нөсері төгіліп.

Ақын жырын арнап жүрген халқы үшін,

Жақсы ақынсың, Жайықтағы жалқысың,

Жасын жырды жарқылдатып жасай бер,

Құтты болсын, жаңа толған алпысың! – деп сырымдық ақын Махмет Қажиахметовтың Ғайса-Ғали ақынға арнауында айтылғандай, аға жасына келген ағаның әдеби кешінің шымылдығы «Шілдеде біз туғанбыз…» туындысымен түрілді.

Ақын өмірінен сыр шерткен фильмде де «Жақыным менің – жалпақ ел» деп жырлаған Ғайса-Ғали ағамыздың түрлі жыр додаларында талай тұлпарларды шаң қаптырғаны айтылып, өңіріне Ғұ-мар Қараш төсбелгісін таққандығы сөз болды. Жүргізуші Назымгүл Оразгелдиева «Жайық Пресс» медиахолдингі директорының орынбасары, “Қазақпарат” халықаралық агенттігінің Батыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі, екі ұл мен бір қыздың әкесі һәм мерейтой иесі Ғайсақаңа: «Өнерде ізіңізден ерген ұрпағыңыз бар ма?» – деп сауал тастағанда ол: «Немереден үміттіміз», – деді. Кіндігі Нарынның топырағында кесілген тұңғыш немересі Нарұл атасының визиткасына айналған «Нарынның нар ұлдары» өлеңін нақышына келтіре оқып берді. Кеш барысында жас толқын Альфия Төлегенова, Аружан Нұржанқызы мен Айдос Қадірәлі де ақын жырларын жатқа айтса, Ғайса-Ғали Сейтақтың сөзіне жазылған (сазы Еркін Нұрымбетовтікі) «Асқақтай бер, Астана!» әнін Эльдар Құдабаев қалықтатты.

Ақын әр туындысымен жүрек лүпілін жеткізіп, ішкі жан дүниесін айқара ашады. Ал «Төртінші бала» өлеңінің мәнісін Ғ. Сейтақ әріптесінің перзентіне арналған еді деп түсіндірді. Оның қаламынан туған шығармалардың дені тарихи тұлғаларға, қасиетті орындарға, әсіресе, өзіміздің өңірдің елеулі оқиғаларына арналған. Мәселен, «Бөкей ханның бейіті», «Жәңгір ханның жазуы», «Сексен сарбаз», тіпті, жерлес Нұрғаным Байсейітованың үйінде ілулі тұрған Орданың жусаны да оның «Орданың бір түп жусаны» өлеңіне арқау болған. Өңіріміздің өткені мен бүгінгісін бір туындының ішіне сыйдырған «Павел патшаның соңғы күні»,

«Егер Бөкей көшпесе…» шығармаларында өлкеміздің тағдыры шешілген сәтті дөп басып суреттеген. Оның патриоттық рухтағы өлеңдері де  көп-ақ.

Кеш барысында сөз алған Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, ақын Аманкелді Шахин қарағайлары көкпен таласқан қасиетті топырақта дүниеге келген әріптес досын туған күнімен құттықтап, «Құдіре-тің құм Нарын» толғауын оқыды.

«Сәлемін көп достардың алып келдім,

Шалқытып әсем әнді салып келдім.

Кездескен мерейтойда ағайынға,

Алдымен ізетпенен сәлем бердім.

Орғыған Байғалиннің елігі едім,

Сағынып алдыңызға келіп едім.

Бүгінде немереге әже болдым,

Ақ маңдай Ақжайықтың келіні едім…» – деп қара домбырамен термелеткен ақын ағаның құрбысы Тілектес Байқадам жұбайы, хирург Хамит Ералиннің ыстық тілегін жырмен жеткізгендей болды. «Өксіген өз елінде ана тілдің жалауын желбіретер уақыт келді» деп те жар салды қадірменді мейман. Иә, елдік мәселені көтерген досының үніне үн қосқан мерейжас иесі Тәуелсіздік туын көтеруге шақырған «Жоқ шығар бұдан асқан азап бүгін» өлеңін оқыды. Сонымен қатар алдағы уақытта жарық көретін «Қасиет қонған қара жер» атты жаңа жинағына енетін бірнеше туындыларымен де  таныстырды.

«Батыста шекараны қорғап тұрған батырдың ұрпақтары барсыңдар ма?» деп ел-жұртының есендігін сұрай сөзін сабақтаған ақын қызымыз Жансая Мусина мен оның қарсыласы, тумысы саралжындық айтыскер Талғат Мықи да қалжыңдаса айтысып, өнердегі һәм өлеңдегі ағаларына шалтты да шабытты ғұмыр тіледі. Өз кезегінде көршілес Жәнібек ауданынан арнайы келген бисендік Назгүл Кәрімова да ақын ағасы өз өлеңімен Бөкей даласының картасын сызды десе, ордалық Рахметолла Ғұмаров сыныптастарының жылы сөзі жазылған құттықтау хат пен сый-сияпатын табыстады.

Бұл әдеби кеште Ғайса-Ғали аға ұстаздары Шолпан Жұмашева, Роза Әділәлиева, Сисен Байзонов, Әлима Қабдірахимова, Рәзия Жаманғарина, сынып жетекшісі Қалқаман Хайретдинов және өлеңдегі ұстазы, ұялылық арқалы ақын марқұм Жанғали Набиуллиндердің есімдерін аса құрметпен ауызға алды. Және елеген еліне, қадірлеген жұртына, ұйымдастырушыларға, округ кіреберісінен құшақ жая қарсы алған ауданның атқамінерлеріне ризашылығын білдіріп, шығармашылығы мен өмір жолынан сыр шертетін көрме жасақтаған Бөкей ордасы тарихи-мұражай кешеніне қазақтың Қадыры (Мырза Әли) мен Жанғалиі ұстаған қасиетті қалам мен өзі тұтынған өзге де дүниелерді тарту етті.

Ғабит Мүсірепов: «Ақын орны – қаламы қандай биікке көтеріп шығарса, сол жерде» деген екен. Ендеше, Ғайса ағамыздың қаламы оны алда да биік шыңдарға жетелей берсін дейміз.

Раушан  БАҚЫТОВА,

Бөкей  ордасы  ауданы


Тәуелсіздігіміздің жауһары

Күні: , 44 рет оқылды

Астана  күні  қарсаңында ҚР  Тұңғыш  Президенті  алаңында    «Астана – ұлы дала  елордасы»  атты  мерекелік  концерт  өтті.

Бүлдіршіндерін ерткен қала тұрғындары мерекелік шараны тамашалауға арнайы жиналды. Салтанатты шарада сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов жиылғандарды Астананың 20 жылдық мерекесімен құттықтады.

– Астана – біздің ұлы даламыздың, тәуелсіздігіміздің жауһары іспетті. Көзді ашып жұмғанша өте шыққан 20 жылда Астанада қаншама еңбек атқарылды. Аз ғана уақыттың ішінде дүние жүзіне белгілі ғимараттар бой көтеріп, дүниежүзілік шаралар, бітімгершілікке шақырған жиындар өтті. Күні кеше ғана Астананың төрінде, «Жеңіс» даңғылының бойында М. Мәметованың ескерткіші бой түзеген «Ақжайық» тынымбағын астаналық тұрғындарға  табыстадық.  Тынымбақтағы бүлдіршіндерге  арналған ойын алаңы мен әуенді субұрқақты тамашалаған астаналықтар батысқазақстандықтарға шынайы ризашылығын білдіруде. Астанамыздың 20 жылдық мерекесі құтты болсын! – деді  Ғабидолла Абдоллаұлы.

Мерекелік шарада  ҚР Президентінің Жарлығымен әр салада еңбек етіп жүрген бірнеше  өңір тұрғындары еліміздің  қалыптасуы мен дамуына қосқан елеулі үлесі үшін «Астанаға – 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. Олардың қатарында «Домостроитель» өндірістік кооперативінің директоры В. Власов, облыстық клиникалық аурухананың дәрігері  С. Қайыпбергенов, №8 облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектебінің мұғалімі С. Шаяхметова, облыстық экологиялық-биологиялық орталығының директоры  Ф. Кержикова  бар.

Мерекелік концертте жергілікті өнерпаздарға қоса, өзге облыстардан арнайы келген әншілер қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады.  Әсіресе, «Тәуелсіз елміз»  композициясы, дәстүрлі әндер шеруі жиылған жұртшылыққа  әдемі  әсер  сыйлады.

Гүлжамал   ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал   өңірі»

Суреттерді  түсірген  Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ


Астана – ел дамуының кепілі

Күні: , 74 рет оқылды

Астананың  20  жылдығына  байланысты  облыстық  актив отырысы өтті.  Жиында облыс әкімі  Алтай  Көлгінов  түрлі  сала  ардагерлері мен өнер қайраткерлерін,  үкіметтік  емес  ұйым  төрағалары  мен  облыстық  ассамблея  мүшелері,  кәсіпорын  басшыларын  «Астанаға  –  20 жыл»  мерекелік  медалімен  марапаттады.

Елордамызды Сарыарқа төріне көшіру туралы қабылданған шешімнен бастап, бас қаланың қалыптасуы және 20 жылдық тұтас даму кезеңі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тікелей әрі тығыз байланысты. Тәуелсіз Қазақстанды татулық пен бейбітшіліктің орталығы дейтін болсақ, Астана – оның алтын бесігі. Астана Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы басшыларының саммитін, бірнеше рет әлемдік және дәстүрлі дін басшыларының съезін өткізіп келеді. Халықаралық «ЭКСПО – 2017» көрмесі абыроймен ұйымдастырылды. Сирия қақтығысының түйінін тарқату мақсатында алпауыт мемлекет өкілдері бас қосқан мекенге айналды. Елордада қысқы Азия ойындары мен басқа да спорттық шаралар сәтті өтті. Жақында Астана халықаралық қаржы орталығы ашылды.

Жиырма жылда Астана құрылысына бюджеттен 2,3 трлн. теңге бөлінгенімен, ол қаржы ел қазынасына, шамамен, 7 трлн. теңге болып құйылған. Яғни қаланың дамуына салынған мемлекеттің қаржысы үш есе артығымен қайтарылды. Астана тұрғындарының саны жиырма жылдың ішінде 3,5 есе өсіп, қазіргі кезде 1 миллионнан асқан.

Еліміздің саяси-экономикалық қана емес, мәдени, рухани жүрегі атанған елорда Қазақстанның барлық өңірлерінің басты қозғаушы күші болып, жан-жақты дамуына серпін беріп келеді. Мемлекет басшысы «Өңірлердің дамуы – елдің дамуы» екенін атап өтті. Облыстағы шалғай елді мекендерде «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» бағдарламалары ауқымында таза ауыз су, баспана, білім беру және денсаулық сақтау нысандары бой көтеріп жатқанын айтты. 20 жыл ішінде облыс экономикасына 4 трлн. теңгеге жуық инвестиция тартылған. 4 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 1800 шақырым жол жөнделген.

Президент биылғы Жолдауында облыс орталықтары Астанадан үлгі алу керектігін атап өтті. Жыл сайын көркейіп келе жатқан шаһарымыз – облыс орталығы Орал қаласы әрдайым елорданы үлгі етеді. Астананың көркеюіне батысқазақстандықтардың қосқан үлесі зор. Мерейтой қарсаңында Елордамыздың төрінен батыр  апамыз Мәншүк Мәметованың еңселі ескерткіші бой көтеріп, «Ақжайық» тынымбағы пайдалануға берілді. Елбасы ризашылығын білдіріп, өңір жұртшылығына алғысын жеткізді. Мемлекет басшысы өз сөзінде «Астаналықтар бұл нысандарды дайындауға атсалысқандардың барлығына алғыс айтуы тиіс. Елордада барлық өңірден келген азаматтар тұрады. Бас қаланы бүкіл ел болып тұрғыздық және бүкіл ел қуанышқа кенелуі керек», – деп атап өтті. Өңірлердің Елордамызға тартуы көпұлтты еліміздің ішкі бірлігінің мықты екенін көрсетті.

Бұл – біздің шын мәнінде қуатты, унитарлы әрі біртұтас ел екеніміздің дәлелі, – деді облыс әкімі Алтай  Көлгінов.

Облыс активі отырысында «Астанаға – 20 жыл» медалімен марапатталған Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрайымы, ақын Ақұштап Бақтыгереева, Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әнші-термешісі Сәуле Таудаева, «Вайнах» шешен-ингуш мәдени-ағарту қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы Данильбек Саратов сөз алып, елорда мерейінің асқақтауы – ел бірлігінің нығаюының кепілі екенін айтты.

Нұртай  АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


Он шақырымдық «DUATHLON»

Күні: , 54 рет оқылды

Орал қалалық мәдени және демалыс саябағында Астана қаласының 20 жылдығына арналған «DUATHLON» жарысы  өтті.

Спортты жанына серік еткен 150-ге жуық қала тұрғыны жалпы қашықтығы 10 шақырымды құрайтын жолды жүгіріп өтті. Оның  2,5 шақырымын жаяу жүгіріп, бес шақырымын велосипедпен жүріп, қалған 2,5 шақырым  қашықтығын жаяу жүгірді. Сайысқа дуатлоншылармен бірге облыс әкімі Алтай Көлгінов пен қала әкімі Мұрат Мұқаев та қатысып, белсенділік танытты.

Баршаңызды сүйікті қаламыз, еліміздің жүрегі, Елордамыз Астананың 20 жылдығымен құттықтаймын! Сіздерге өзімнің, әріптестерімнің атынан шынайы ризашылығымды білдіргім келеді. Мерекелік демалыс екеніне қарамай, таңғы жетіде спортты қолдап, он шақырымдық қашықтықты жүгіру және велосипедпен жүру – ол үлкен күшті талап етеді.  Елбасы бізге спортты дамыту барысында барлық жағдайды жақсартуды міндеттеді. Соны қазіргі таңда атқарып келеміз. Жыл сайын жаңа спорт алаңдары, спорт кешендері, стадиондар бой көтеруде. Шалғай ауылдарда мектеп, балабақшалар, соның ішінде спорт алаңдары салынуда. Өткен жылдан бері 50 аула абаттандырылды, оның жиырмасында спорт алаңқайлары салынды. Біз мұнымен тоқтамаймыз. Жастар стадионын қайта жаңғыртып тапсырдық. Ол жерде жазда футболмен, қыста допты хоккеймен айналысуға болады. Оралдың табиғаты спортпен айналысуға, денсаулықты күтуге керемет. Шаһардың өзі саябақ. Елбасымыз келгенде «Ең таза қалада тұрасыңдар» деп пікірін білдірді. Табиғатымызды сақтау үшін еңбек етуіміз керек. Ол үшін денсаулық, ал денсаулықты түзеу үшін спортпен айналысу қажет. Спортық шараны қолдағандарыңызға рақмет. Өңірлердің дамуы – елдің дамуы. Біз Астанаға қарап бой түзейміз. Мейрам құтты болсын! – деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Дуатлон жарысында ерлер арасынан Станислав Грицкевич бірінші орынды жеңіп алса, екінші және үшінші орындарды Артур Жүгінісов пен Әбілшайық Ерғалиев өзара бөлісті. Әйелдер арасында Анастасия Вавилина үздік деп танылды. Дария Черноярова екінші, Гүлзада Хабиева үшінші орынды иеленді. Спорттық шаралар да әрдайым белсенділік танытып жүрген Даниял Мырзағалиевте  арнайы сыйлықпен марапатталды.

Темірболат  Тоқмамбетов,

«Орал  өңірі»


Алда – мықтылар «майданы»

Күні: , 1 580 рет оқылды

Ресейдегі аяқдоп аламаны аяқталуға жақын. 6 шілдеде Уругвай Франциямен, Бразилия Бельгиямен, 7 шілдеде Ресей Хорватиямен, Швеция Англиямен ширек финал ойындарын өткізді. Оның нәтижесінде жеңіске жеткен 4 құрама жартылай финалға шығып, кем дегенде үшеуі дүниежүзілік доп додасының жүлделерін қоржындарына салатын болады.

Футболдың жілігін шағып, майын ішкен мамандардың Францияны фавориттердің қатарына қосуы тегін емес. 19 жасында-ақ тамаша талантымен әлемді мойындатқан Мбаппені сатып алу үшін алпауыт командалар ақшаларын аямайтыны түсінікті. Погба, Жиру, Гризманн, Варан, Канте бұлардың қай-қайсысы да матч тағдырын кез келген уақытта шешіп кететін серкелер. Уругваймен болған ойында ол анық байқалды. Шабуылда Суареске тәуелді Уругвай қорғаныста шарасыз сәбидің күйін кешті. Касерес, Хименес, Годин үштігі қалай қарасаң да алынбайтын тасқамал көрінбеді. Бірінші тайм соңында Гризманның қапталдан көтерген айып добы биік секірген Варанның басына тиіп, қақпаға сүңгіді. 61 минутта сол Гризманның алаң ортасынан тепкен добы қақпашы Муслераның қолынан серпіліп, торда тулады. Қалған уақытта француздар ойын тізгінін берік ұстап, 1/2 финалдың алғашқы қатысушысы атанды.

Атағынан ат үркетін Бразилияға жолыққан Бельгия аянып қалмай, дереу іске кірісті. Осы чемпионаттағы ең жас командалардың бірі Пеленің отандастарын салған жерден састырды. 13 минутта бұрыштамадан әуелеген допты Фернандиньо өз қақпасына соғып алды. Бельгияның орталық жартылай қорғаушысы Де Брейне ес жиғызбастан екінші голды енгізіп кетті. 76 минутта «пентакампеондар» (Бразилия құрамасы бес дүркін әлем чемпионы) Аугустоның көмегімен есеп айырмасын қысқарта алғанымен, одан арыға шамалары жетпеді. Енді 10 шілде күні Франция мен Бельгия өзара кездесіп, финалға шығатын мықтыны анықтайды.

1/8 финалда Шакири бастаған Швейцарияны тізе бүктірген Швеция құрамасы ширек финалда аяқдоптың бастауында тұрған Англиямен жолықты. Бір кездегі Ибрагимовичтей жарық жұлдызы болмаса да мықты «жаңғақ» саналатын шведтер бұл жолы шаршаңқырап қалған екен. Жастарға иек артқан Англия, керісінше, матчтан матчқа қарқын қосып келе жатқандай көрінді. Ортадағы Алли, Лингард, Стерлинг секілді шапшаң ойыншыларға Кейндей тәжірибелі шабуылшы дем берді. Қақпадағы 24 жасар Пикфордтың «тағдыры» тіпті қызық. Карьерасын 8 жасында «Сандерлендте» бастаған ол 2012-2015 жылдар аралығында жалға беріліп, төменгі лигадағы бірнеше командада өнер көрсеткен. Тек өткен жылы ғана премьер-лигаға оралып, «Эвертонмен» шартқа отырған Пикфорд таяу арада ұлттық құраманың негізгі қақпашысына айналамын деп ойламаған да шығар. Бас бапкер Саутгейт басқаға емес, Пикфордқа таңдау жасады. Ол өз кезегінде бапкер сенімін толық ақтады. Шведтер тепкен бірнеше қауіпті соққыны қайтарып, қақпасын соғылған доптан аман алып қалды. Ойынның 30 минутында қорғаушы Магуайр, 58 минутта Алли соққан қос гол Англияны келесі кезеңге шығарды.

Ширек финалдың соңғы матчы жасыл алаң қожайындары Ресей мен Хорватия арасында өрбіді. Бірден айтайық, бұл кездесу айрықша тартысқа толы болып, жанкүйер жүйкесін ең соңғы сәттерге дейін ширықтырып ұстады. 31 минутта ортадан доп алған ресейлік Черышев ойланбастан шірене тартты. Мұны күтпеген қақпашы Субашич допты көзбен шығарып салуға мәжбүр болды. Ойын алдында Ресей гол соқса, қорғанысқа жамбастап жатады деген болжамдар да болған. Бірақ, өз «үйінде» ұялған шығар, орыстар осы жолы ашылып ойнады. Нәтижесінде шабуыл мен қорғаныстың арасы созылып, хорваттар еркін қимылдауға көшті. 39 минутта қорғаушы Крамарич есепті теңестірді. Негізгі уақытқа қосылған экстра-таймның 100 минутында хорват Вида өз командасын алға шығарса, 115 минутта ресейлік Фернандес қарымта қайырып, матч тағдырын пенальтиге тіреді. Футбол «лотереясында» Смолов пен Фернандес мүлт кетіп, Хорватияның жолы болды. Брозович, Модрич, Вида және Ракитич соққан төрт доп Хорватияны жартылай финалда Англияға қарсылас етті.

Ширек финалдық кездесулер 10, 11 шілде күндері өтеді.

Жамал Ғали


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика