Мұрағат: 04.07.2018


Төрт ойынды түйіндесек…

Күні: , 101 рет оқылды

Бразилия  оңай  жеңді

Жаһандық доп додасының 1/8 финалы Бразилия – Мексика, Бельгия – Жапония, Швеция – Швейцария және Колумбия – Англия арасындағы 4 ойынмен түйінделді. Енді осы матчтарға кеңірек шолу жасап өтелік.

Аяқдоптың Отаны Англия болғанымен, Бразилияның бұл спорттағы көшбасшылық рөліне ешкімнің таласы жоқ. Биылғы мундиалда «селесао» (Бразилияның лақап аты) басты фавориттердің бірінен саналады. Алайда, оған қарсы тұрған Мексиканы да осал деп айта алмайсың. Қос құрама бір құрлықтан (Латын Америкасы) болғандықтан, өзара талай мәрте кездесіп, итжығыс түсіп жүрген-ді. Оның үстіне Мексика топтық кезеңде әлем чемпионы Германияны ұтқаннан кейін оған менсінбей қараудың соңы неге соқтырарын «селесао» жақсы білді.

Ойын жанкүйер күткендей аса белсенді басталды. Алғашқы минуттарда «ацтектер» (Мексиканың лақап аты) тең дәрежеде тайталасқанымен, біртіндеп Бразилия ойын тізгінін өз қолына алды. 25 минутта жұлдызды шабуылшы Неймар бірнеше қарсыласын алдап өтіп, өткір бұрыштан қақпаға доп бағыттады. Қақпашы Очоа бұған дайын болып шықты. Іле-шала Жезустың добын да кері қайтарды.

«Аңдыған жау алмай қоймайды» дегендей, үзілістен соң 51 минутта «селесао» есеп ашты. Алаң ортасынан Виллиан мен Неймар бір-бірімен алма-кезек пас алмасып, Виллианның қапталдан берген пасын Неймар құлап бара жатып голға айналдырды. Ойын соңында сол баяғы Неймар қақпашымен бетпе-бет шықты. Оның тепкен добын Очоа бұрып жібергенімен, Фирмино керек жерден табылып, екінші голды салып кетті. Сөйтіп, Бразилия көп күш жұмсамай, ширек финал  жолдамасын  қоржынға  салды.

Самурайлар  өкініші

Аса тартысты матч Бельгия – Жапония арасында өтті. Талантты жас ойыншыларды құрамына тарту жағынан ешкімге дес бермеген Бельгия топтан оңай шыққан еді. Жапония керісінше, әр матчты нағыз самурайлық мінезбен, айрықша жанкештілікпен өз пайдасына шешіп отырды. Сондықтан бір-біріне ұқсамайтын командалардың өзара текетіресін көруге жанкүйерлер көптеп жиналды.

Бірінші таймда Бельгияның басымдығы мүлде байқалмады. Құстай ұшқыр желаяқ жапондар бірде Лукакудың, енді бірде Азардың аяғынан допты қақшып әкетіп, сан мәрте қауіпті қарсы шабуылдар жасады. Ортадағы плеймейкер Кевин де Брейне әріптестерін ұрымтал паспен қамтудың жолын таба  алмады.

Екінші тайм күтпеген жерден самурайлардың қос голы-мен басталды. 47 минутта оң қапталдан сытылып шыққан Харагуси айып алаңына ене бере, допты қақпашының қолы жетпейтін алыс бұрышқа сылқ еткізді. 51 минутта Инуидің ортадан еш кедергісіз шірене тепкен добы тағы да торды бүлк  еткізді.

Енді кешіксе, масқара болатындығын ұққан Бельгия бапкері Мартинес ойынға ұзын бойлы Феллайни мен Шадлиды қосты. Тап осы тұста Жапония орны толмас тактикалық қателікке жол берді. Қорғанысқа төрттағандап жатып алып, қарсыласқа допты басы-бүтін беріп қойды. Нәтижесінде, айналасы 5 минуттың ішінде Бельгия есепті теңестірді. 68 минутта Вертонген, 73 минутта Феллайни баспен гол салды. Ойын соңына таман ортадан доп алған Де Брейне сол қапталдағы Шадлиге пас шығарып, Шадли драмаға толы матчтың нүктесін қойды. Есеп Бельгия пайдасына 3 : 2.

Өкініштен өзегі өртенген жапондар осылайша  елдеріне  қайтуға  мәжбүр.

Айтпақшы, жапондардың бекзаттығы туралы әңгіме интернетте кеңінен тарап жатыр. Бельгиямен матчтан соң жапон ойыншылары киім ауыстыратын бөлмені жуып-тазалап, орыс тілінде «Спасибо!» деген жазу қалдырыпты. Жанкүйерлері де отырған орындарындағы қоқысты қапқа салып алып кеткен. Басқа біреу болса, ұтылғанына ызаланып, айналасын тас-талқан етер ме еді, кім білсін? Міне, нағыз  мәдениет,  мықты  самурайлық  мінез!

Форсбергтің  жолы  болды

Швеция мен Швейцария арасындағы ойында кім жеңеді деген сұрақ біраз талқыланды. Еңгезердей шведтер қорғанысқа бекем, басқа берілген допты қағып алатын қасиетке ие. Швейцарлықтар жылдам, техникалық тұрғыдан жақсы «қаруланған», бойлары аласа болса да, мығым, аяққа жақсы тұратын төртпақ жігіттерден құралған команда. Қыс-қасы,  қара  күшке  әдіс-айла  қарсы  келді.

«Викингтер» бұрыннан өздеріне табыс әкелген тасқамал қорғанысты бұл жолы да ұтымды пайдаланды. Қапталдарды жауып, ортаны бөгеп, Шакиридей шапшаң шабуылшыны «ауадан» айырды. Есесіне, Тойвонен мен Берг, Классон мен Форсберг сәт сайын Швейцария қақпасына қауіп төндірумен болды. Шведтер қарапайым тактиканы ұстанды. Яғни, қорғаушылар мен жартылай қорғаушылар допты әуелетіп алға тастайды, алда жүрген Форсберг допты қақпаға тебеді. Жан-жақтан төнген қысымға қарамастан, бірінші таймда есеп  ашылмады.

  Жағдай екінші таймда да өзгерген жоқ. Шведтердің қорғанысын швейцариялықтар ара-тұра шабуылмен тек-серді. Дегенмен, Шакириге қарағанда Форсбергтің жолы болды. Тойвоненнен пас алған Форсберг ортадан шірене тепті. Доп жол-жөнекей Швейцария қорғаушысы Аканджидің аяғына тиіп, қақпадан табылды. Қалған уақытта шведтер осы есепті  ұстап  қалып,  келесі  кезеңге  жолдама алды.

 

Колумбия  ауылға  қайтты

Шынын айту керек, Колумбия – Англия матчында қос тараптан да көпке дейін мағыналы, ойлы ойын болған жоқ. Футболшылар жасыл алаңның төріне сыймай, бір-бірін іліп-шалып, құлатып, төрешіден «сары қағаз» «сұраумен» жүрді. Бұған бір жағынан әшейінде шабуылға иек артатын Колумбияның бұл жолы қорғанысты нығайтқаны себеп болғаны байқалды. Колумбия бапкері Пекерман 4 қорғаушыға көмекке 3 жартылай қорғаушыны жіберіп, алғы шепті әбден әлсіретті. Нәтижесінде бүкіл ойын бойы колумбия-лықтар Англия қақпасына қарай бар-жоғы 5-ақ рет (!) доп  бағыттай  алды.  Айып  добы  мүлде  болған  жоқ.

Өз кезегінде еркіндікті сезінген Англия комбинациялық футбол көрсетуге тырысты. Жас әрі жылдам Лингард пен Алли алда жүрген Кейнге қайта-қайта доп шығарып беріп, мазаны алды. Сондай сәттердің бірінде айып алаңында доп алған Кейнді Санчес күрес әдісімен жығып тоқтатып, өз қақпасына пенальти әкелді. Ал Кейн нүктеден мүлт кетпеді.

Ойынды құтқару үшін Пекерман тыңнан Бакку, Урибе және Муриэлді алаңға жіберді. Ақыр аяғында Колумбия дегеніне жетті. Куадрадоның әуелеткен добын Мина баспен ұрып, есепті теңестірді. Ойынның негізгі уақыты да, қосымша 30 минутта тең аяқталып, кезек пенальтилерге келгенде ағылшындар салқынқандылық танытты. Қорытынды  нәтиже  4 : 3.  Англия  ширек  финалда.

Ширек финалда 6 шілде күні Уругвай Франциямен, Бразилия Бельгиямен, 7 шілде күні Ресей Хорватиямен, Швеция  Англиямен  ойнайды.

Дайындаған  Жамал  ҒАЛИ


Шығынды өтеуі тиіс

Күні: , 209 рет оқылды

Кеше  Батыс  Қазақстан  облысының  мамандандырылған  ауданаралық  экономикалық  сотында «NEFTEK  Оперейтинг»  ЖШС-ның  талабы бойынша  «Орал  апталығы»  газетінің  бас  редакторы  Лұқпан  Ахмедьяров  пен  «Журналистская  инициатива» және  «Пресс-неделя»  ЖШС-ларына  қатысты  қозғалған азаматтық  іске  қатысты  сот шешімі  шықты.

Облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Найля Сейдахметованың мәлімдеуінше, 2018 жылдың 18 қаңтарында «Орал апталығы» басылымының www.uralskweek.kz сайтындағы «Народные новости» бөлімінде «Некачественное топливо на АЗС «НЭФТЕК» мақаласы жарық көрген соң, «NEFTEK Оперейтинг» ЖШС сотқа шағым түсірген.

Түсінікті болу үшін айта кетейік, «Нэфтек» жанар-жағармай құю бекетінен бензин құйған соң, көлігінің істен шығып қалғандығы және темір тұлпарын жөндеуге отыз мың теңге шығын жұмсағаны жөнінде сайт журналистеріне шағымданған оралдық Нұрлан Садыров есімді азамат бұл мәселені аяқсыз қалдырмауды сұраған.

Сотқа шағымданған «NEFTEK Оперейтинг» ЖШС аталмыш ақпараттың шындыққа жанаспайтынын алға тартып, оны «жалған және шағымданушының іскерлік беделіне нұқсан келтірді» деп тануды, мақаланы газет бетінде терістеуді, сондай-ақ алынбай қалған пайда ретінде 2 939 032 теңге өндіріп беруді сұраған. Оған қоса шағымданушы тарап кейін азаматтық істі тыңдау барысында «Барлық айыптау шындыққа жанаспайды» деп жалғыз сөйлеммен ғана берілген газет бетіндегі терістеудің заң талаптарына сәйкес еместігін айтқан және онымен мүлдем қанағаттанбайтындықтарын  жеткізген.

– Азаматтық істі қарау барысында талапкер талаптарының негізделгендігі және нақты дәйектермен расталғандығы анықталды. Яғни, «Нэфтек» бекетіндегі жанар-жағармайдың сапасы туралы, мақала жарық көргеннен кейін желілердегі мұнай өнімдерін сату көрсеткішінің төмендегенін растайтын күн сайынғы сауда-саттықтың есебі және алынбай қалған пайданың сомасы белгіленген айғақтар көрсетілді. Негізі бұл құжаттарды ұсыну жауапкерге жүктеледі. Алайда, жауапкер тарапынан істі тыңдау кезінде жарияланған ақпараттың дұрыстығын,  қатыстылығын және жарамдылығын дәлелдейтін бір де айғақ ұсынылмады, – дейді судья Н. Сейдахметова.

Сот шешімімен шағым қанағаттандырылды және «Некачественное топливо на АЗС «НЭФТЕК» мақаласындағы деректер шындыққа сәйкес келмейді деп танылды. Сонымен қатар сот жауапкерді «Орал апталығы» газеті сайтының «Народные новости» бөлімінде бұрынғы мақаланың орнына көлемі мен қарпі дәлме-дәл сәйкес келетін жоққа шығару мақаласын жариялауды міндеттеді. Оған қоса жауапкер 2 939 031,95 теңге материалдық шығынды  да  өтеуі  тиіс.

Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»


«Ағамды пароходпен алып кетіп еді…»

Күні: , 118 рет оқылды

Биылғы 22 маусымда адамзат тарихындағы ең жойқын соғыстардың бірі – Ұлы Отан соғысының басталғанына 77 жыл толды. Сол зұлматтың барлық тақсіретін Кеңес үкіметінің үлкенді-кішілі қалалары мен шағын деревнялары сияқты  бір қиырдағы, құйтақандай Өлеңті ауылы да тартқан еді. Соғыс басталған жылы 11 жасқа толған Мақсот Шәкімов те сол сұмдықтың қайғы-қасіретін көріп, басынан кешіріп, кішкентай  жүрегінен  өткізіп  ержетіпті.

Шәкімовтердің шаңырағынан соғысқа үш ағасы алынады. Үлкен ағасы Шәкімов Ғатау сол соғыстан екі көзінен бірдей айырылып, елге мүгедек болып оралады. Одан кейінгі Бектемір аман-есен келіп, бейбіт өмірдің қызығын бес-ақ жыл көріп, 1950 жылы аяқ астынан ұстаған соқырішектен алыс ауылдан дәрігерге шұғыл жете алмай, қайтыс болады. Ал, 1924 жылы туған Бақытжан ағасы сол соғыста ерлікпен қаза табады.

Бұған дейін газетімізде бұл ағайындылар туралы жазылған еді. Сондықтан оны қайталамай,  кішкентай Мақсоттың бір ағасын соғысқа қалай шығарып салғандығы туралы баяндаймыз.

– Ол кезде Тайпақ ауданы, Кеңсуат ауылдық кеңесінің 6-ауылы Кәрішеген деген жерде орналасқан еді, – деп бастап еді әңгімесін Мақсот ағай. – Ауыл басында 30-40 үйден тұратын. 1937-1938 жылдары-ау деймін, колхоз ұйымдасты. Кейінірек Атырау жағынан беріш, адай, шеркеш руларынан тұратын біраз жанұя көшіп келіп, үй саны шамамен 100-дің үстінде болды-ау деймін. Колхозда басқарма Сәрсекен Төлешев, бухгалтер Балпау Дарғожин деген ағайлар болғаны есімде қалыпты. Сиыр, жылқы, қой фермалары ұйымдасқан, звено құрып егін өсіретін. Меңгерушісі Оқас Әжігерев болған Кәрішеген бастауыш мектебінде оқып жүрдім. Тек, әттең, соғыс басталды ғой. 18 бен 45 жастың арасындағы ер-азаматтарды сыпырып, соғысқа әкетті.  Ылғи кемпір-шал, әйелдер мен бала-шаға жылап-сықтап, Кәрішеген қаусап қалды. Олардың аяқтарынан жүретіні колхоздың жұмысына жегілді. Біздер де шет қалмадық. Тағы бір есімде қалғаны, соғыс басталатын жылы егін сұмдық шықты. Тың жер ғой, төгіп салды. Үлкендердің қолы жетпей, біздер құсаған балаларды да келдек теруге апарғаны есімде әлі сайрап тұр. Егіншілер күтірде жатады. Сол жерде жиналған дәнді құятын ұра салынды, көмбе қазылды. Жиналған өнім әлгілерге сыймай, ауылдағы үлкендеріміз әбігерге түсті. Ырғын шыққан егіннің қалған келдегін ауыл жинап алып, сол жылы ауыл тоқшылықта тұрды. Әр үйден соғысқа тіпті үш адамға дейін кетті. Ауылдағы Жақия деген қарияның Қажымхан, Рақым, Сапиолла атты үш баласы бірдей соғысқа кетіп, үшеуі де оралмады.  Хабарсыз кеткендері қаншама?.. Менің Ғатау, Бектемір ағаларымды бірден алып кетсе, олардың інісі Бақытжанды кейінірек алды. 7-сыныпты бітірген ағам шөп  шауып жүрген. Қолым қалт еткенде, ағамның қасынан шықпаймын. Арманы көп еді, техникум немесе институтқа түсіп оқимын деп жүретін. Алайда арманына жете алмады. Сол пішен шауып жүрген жерінен, 1942 жылы тамыз айында 18 жасқа толғанында әскерге шақыртылды. Кәрішегеннен аудан орталығы  Калмыковқа (Тайпақ ауданы) баратын жолдың біраз жеріне дейін жаяу шұбырып, шығарып салдық. Содан күндердің күнінде біздерге «Бақытжандарды Орал қаласына алып бара жатқан пароход бәлен күні Калмыковтан келіп, Чапаевқа бірер сағатқа тоқтайды екен!..» деген хабар жетті. Ол кезде сотка түгілі, ауылда телефон жоқ, шұбырып жатқан машина тағы жоқ. Бұл хабар Кәрішегенге қалай келді екен деп осы күнге дейін таң қаламын. Хабар тиісімен біздің үй абыр да сабыр болды. Пароходпен кетіп бара жатқан Бақытжанды қалайда көріп қалу керек, жолына азық-түлік жеткізіп берсек, тіпті көрім болмақ. Күн жанып тұрған жазғы мезгіл ғой. Чапаевқа  дейін 60 шақырымның үстінде жол жүру керек. Шикілі-пісілі тағам түрлері шыдамайды. Тары-талқан түйіліп, дорбаға салынды, сары майды ерітіп, бөтелкеге құйдық, қарынға салынғаны да бар. Құрт-ірімшік дегендер де ұмыт қалдырылмады. Бақытжанды пароходтан көріп қалуға екі атқа салт мініп, анасы Мәруә және әжеміз Тұрсын бармақшы. Олардың қасына мен ілесетін болдым. Мәруә апайдың артына мінгесіп баратын болсам да, «Бақытжан тәтемді көремін» деп қуанышым қойныма сыймады. Кеңсуаттан ерте қозғалдық. Менің міндетім – апам мен әжейдің аттарына бас-көз болу. Қазір ойлап отырсам, 60 шақырым деген салт мінген әйелдерге оңай жол емес. Күн шақырайып, маса-бытықана деген гулеп тұр, сона мен бөгелек тағы бар.  Бірақ баламын ғой, маған бәрі қызық. Түске тармаса, Чапаевтың іргесінен өтетін Жайықтың жағасына да жеттік-ау. Арғы бетте мұржасынан түтіні будақтаған пароход та екі иінінен демалып келіп тұр екен. Арасында «мен келдім» дегендей боздатып, айқайлап қояды. Үстіне тиеп алғаны ылғи бір жас жігіттер. Біз сияқты шығарып салушылар болуы керек, айналасында адамдар толып жүр. Бергі беттен айқайлап, Бақытжан ағамды алыстан тез тауып алдық. Қуанғанынан пароходтан ұшып кете жаздады. Апай мен әжем дорбаларын арқалап, қайықпен арғы бетке өтетін болды. Жайықтың жағасы қалың тоғай ғой. Қырдағы сона сона ма, оның көкесі тоғайдың ішінде екен. Мен аттарды қарап,  бергі бетте қалатын болдым. Аяқтарына шідер салынса да, бөгелек пен сонадан жандарын қоярға жер таба алмай, аспанға шапшыған аттармен алысып, бергі бетте қала бардым. Келіп тұрып, Бақытжан тәтемнің жанына бара алмағаныма ызаланып жылап тұрмын. Бір уақытта пароход боздауын жиілетті. «Жүремін» дегені екен.

Майданға аттанғандарды шығарып салушылардың ызы-қиқы айқайынан құлақ тұнғандай. Жылап жатыр. Мен де еңіреп жыладым. Бақытжан ағам маған қолын бұлғап, кете барды-ай… Соңғы көргенім екен, бір жылдан соң, 1943 жылы  «ерлікпен қаза тапты» деген қара қағаз алдық…

Мақсот аға әңгімесін аяқтап, үнсіз қалды. Талайлардың тағдырын талқан еткен сұм соғыс-ай!..

Есенжол  ҚЫСТАУБАЕВ,

«Орал  өңірі»


«Jas.Qz» жобасы БҚО-да бастау алады

Күні: , 64 рет оқылды

Бұл  жайында  БҚО  өңірлік  коммуникациялар  қызметі  ұйымдастырған  брифингте  «Жасұлан»  бірыңғай балалар  және  жасөспірімдер  ұйымы» республикалық  қоғамдық  бірлестігінің  төрайымы  Динара  Сәдуақасова  хабарлады.  Басты  мақсат –  жастардың  рухани,  әлеуметтік,  зияткерлік,  физикалық  және  тұлғалық  дамуына  жағдай  жасау.   Қоғамдық  даму  министрлігі  қолдауымен  жүзеге  асатын  «Jas.Qz»  жалпыұлттық  жастар  жобасының  үйлестірушісі  –  «Жасұлан»  бірыңғай  балалар  және  жасөспірімдер  ұйымы.

Жаңа оқу жылы басталғанда облыстағы мектептердің 8-10-сынып оқушылары (14-17 жас) жоба бойынша бес бағытты таңдайды. Интеллектуалдық, әлеуметтік қызмет және еріктілік, әскери-патриоттық, шығармашылық және спорттық бағыт бойынша педагогтардан не пән мұғалімдерінен жетекші тағайындалып, екі ай бойына оқушының қабілетін дамытуға көңіл бөлінеді. Қазан айы соңында жобаға қатысушылардың тест пен нормативтік көрсеткіш нәтижелері жергілікті жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтарға жолданады. Жақсы нәтижеге ие болғандар III, II, I дәрежелі төсбелгілермен марапатталады. Жоба үздіктері жайындағы мәліметтер жастардың кадрлық резерві жөніндегі дерекқорға енеді. Белсенді оқушылар келесі жылы Қазақстанның киелі орындарына саяхатқа шығатын «Жастар керуені» республикалық пойызына жолдама алады.

– Қазіргі кезде жоба белсенділері еліміздегі жоғары оқу орындарына түсер кезде оларға арнайы жеңілдіктер қарастыру жайы ҚР Білім және ғылым министрлігі өкілдерімен талқылануда. Бірақ біз өз тарапымыздан үздік оқушыға халықаралық бизнес университетіне оқуға грант тағайындай аламыз. Биыл бөлінген  бес гранттың екеуін Батыс Қазақстан облысы түлектеріне беруге шешім қабылдадық. «Jas.Qz» жобасының пилоттық кезеңі өңірде сәтті жүзеге асса, 2019 жылы жоба ауқымы бес облысты қамтитын болады, – деді Динара Тайбасарқызы.

Жоба нәтижесінде «Jas.Qz» жалпыұлттық қозғалысы қалыптасып, ауыл мен қала жастарының қабілетін шыңдауға тең дәрежеде жағдай жасалады деп күтіледі. Қазіргі уақытта жобаға дайындық басталып кетті. Қыркүйек айына дейін оқушыларға жетекшілік жасайтын мамандарды даярлау қолға алынады. Брифингке қатысқан облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова мен облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Аян Сақошев «Jas.Qz-ке»  қолдау білдіретінін айтып, жобаны бірлесе іске асыру мақсатында «Жасұлан» бірыңғай балалар және жасөспірімдер ұйымы» РҚБ-ның төрайымы Динара Сәдуақасовамен меморандумға қол қойды.

Нұртай  АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


«Жайық-Урал 2018» жорыққа шықты

Күні: , 116 рет оқылды

Астана  қаласына  20  жыл  толуына орай оқушылар арасындағы облыстық  «Жайық-Урал»  туристік-экологиялық  экспедициясы жорыққа  шықты.

Шілденің 4-17 жұлды­зы аралығында өте­тін шараның басты мақсаты – қоғам мен табиғат арасындағы түйінді мәселелер­ді шеше алатындай мүмкіндігі бар экологиялық тұрғыдан сауатты жастарды тәрбиелеу.

Экспедицияға  облыстық бала­лар-жасөспірімдер туризмі жә­не экология орталығы, Орал қа­ла­сы, Маңғыстау облысы, көр­ші­ліс Ресей елінің Киров облысы және Тасқала, Теректі, Шыңғыр­лау аудандарының 12-18 жас аралығындағы оқушылары қа­ты­суда.

Экспедиция барысында қаты­су­шылар білім-біліктілігін, дағды­сын жетілдіре түсу үшін аумақ­ты зерттеп, практикалық жұмыс­тармен  шұғылданбақ.

Есенжол  САНСЫЗБАЙҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


Елорданың мерейтойы арқау болды

Күні: , 35 рет оқылды

Кеше  Достық  үйінде  БҚО  Қазақстан  халқы  ассамблеясы  жанындағы  журналистер клубының  «Астана –  тәуелсіздік   жеңісі»  атты  салтанатты  шарасы  өтті.

БҚО әкімдігі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Медхат Қамбетов жүргізген шараға облыстағы этномәдени бірлестіктердің өкілдері, БҚО ҚХА жанындағы журналистер клубының мүшелері, журналистер қатысты. Елордасы Астананың 20 жылдығы арқау болған шара барысында бас қаланың қалыптасу тарихы жан-жақты сөз болды. Астананың гүлденуіне барлық облыстың атсалысып жатқанын айтқан Медхат Мұсаұлы батысқазақстандықтар  астаналықтарға  Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың ескерткішін тарту еткенін атап өтті. Облыстық тарих және археология орталығы директорының міндетін атқарушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор  Мұрат Сыдықов Астананың құрылу жолына ғылыми тұрғыда шолу жасап, өз ойын ортаға салды. Жаңа елорда Қазақстанды өзіндік дербес даңғыл жолға бастады деген ол Ақмоланың  географиялық орналасуы  бас қала болып қанат жаюына бірден-бір себеп болғанын баса айтты.

Сондай-ақ шара барысында «Еділ-Жайық қазақтары қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аманжол Зинуллин, Орал қалалық шағын аудандар қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Қанат Оразғалиев, Вайнах шешен-ингуш бірлестігінің төрағасы Данильбек Саратов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзағали Мұхамбетов және «Қазақстан» РТРК АҚ БҚО филиалы «Аqjaiyq» телеарнасының директоры Асыланбек Ғұбашев  сөз алып, еліміздің бас қаласы жөніндегі тұшымды ойларын ортаға салды. Олар қазақ елінің тәуелсіздігі мен  Елбасының  сарабдал саясаты жиырма жылдық тарихы бар Астананың Сарыарқа төрінен орын алып, атағының әлемге танылуына  зор рөл атқарды деді.

Астананың мәртебесін асқақтатқан бұл шарада  БҚО ҚХА жанындағы журналистер клубы өңірдегі қаламы қарымды бірнеше журналиске облыс әкімінің міндетін атқарушы Бағдат Азбаевтың алғысхатын және ақшалай сыйлық табыс етті. Олардың қатарында «Орал өңірі» газетінің бөлім редакторы Нұртас Сафулин де  бар. Салтанатты  шарада  өнерпаздар  әннен  шашу  шашты.

Ясипа   РАБАЕВА,

«Орал   өңірі»


«Ақжайық» астаналықтардың сүйікті орнына айналмақ

Күні: , 171 рет оқылды

Кеше елордада «Ақжайық» тынымбағы ашылды. «Өңірлердің Астанаға тартуы» жобасы аясында Батыс Қазақстан облысы салған бұл тынымбақтың ашылу салтанатына ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.

Мемлекет басшысы шара барысында қазақтың қаһарман қыздарының бірі, Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тынымбақты аралап көрді. Содан кейін Елбасы облысымыздың жұртшылық өкілдерімен, елордадағы «Сарыарқа» ауданының тұрғындарымен және Мәншүк Мәметованың туыстарымен әңгімелесті. Нұрсұлтан Әбішұлы «Өңірлердің Астанаға тартуы» жобасының елорданы әлеуметтік әрі мәдени тұрғыда дамыту ісіндегі маңыздылығын атап өтті. Елбасының сөзіне қарағанда, 20 жыл тарих үшін қас-қағым сәт. Дегенменде осы уақыт аралығында елдегі тыныштықтың, халқымыздың бірлігінің арқасында еңселі елордамыз 1 млн.-нан аса тұрғыны бар Алаш жұртының асқақ айбарына айналды.

Шара барысында облыс әкімі Алтай Көлгінов батысқазақстандықтар атынан елордалықтарды мерекемен құттықтады.

– Біз Астанамыздың 20 жылдығына арнап елордалықтарға тынымбақты тарту етіп отырмыз. Бұрын дәл осы жерде ескі үйлер болған. Астана қаласы әкімдігінің көмегімен ол үйлер бұзылып, инженерлік инфрақұрылымдар ауыстырылды. Біз 1,5 гектар жерді алып жатқан жерге абаттандыру жұмыстарын жүргізіп, жарық шамдарды орнаттық. Мұнда амфитеатр, балалар ойын алаңы, кітап оқуға арналған орындар, әуенді субұрқақ, лабиринт, баскетбол және жүгіру алаңдары бар. Бұл тынымбақ Жеңіс даңғылының бойында болғаннан кейін онда Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметоваға арнап ескерткіш орнатуды жөн көрдік. Себебі, Мәншүк Мәметова – тек бір өңірдің емес, барша қазақ елінің батыры. Сондықтан бұл ескерткіштің Астанада тұруын заңдылық деп санадық, – деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Аталмыш ескерткіштің авторы – елімізге танымал мүсінші Мұрат Мансұров.

Бұған дейін Қазақ хандығының 550 жылдығына, Керей мен Жәнібек хандарға, Оралдағы Құрманғазы мен Динаға арналған ескерткіштер сияқты туындыларды өмірген әкелген Мұрат Амангелдіұлының айтуынша, биіктігі 6,1 метрді құрайтын ескерткіш 4-5 айдың ішінде жасалды. Жалпы, мүсіннің өзі қола болса, тұғыры гранит тастан тұрғызылды. Ескерткіш батырдың фотосуреттеріне қарап және Оралдағы М. Мәметова атындағы мемориалдық музейдің өкілдерімен ақылдасып жасалды.

Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ,

Астана  қаласы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика