Мұрағат: 02.07.2018


Жәнібектің Жанары

Күні: , 754 рет оқылды

Жәнібек ауданының орталығы жылдан жылға көркейіп, мекеме ғимараттары әрленіп, әлеуметтік нысандар көбеюде. Ауылға келгендерді қош алатын Ғұмар Қараш көшесінің бойы күнде қарбалас. Әсіресе, «Қазпошта» мекемесі, «Бәйтерек» бой түзеген орталық алаң, қос базар маңы қайнаған тірлік.

Ауыл ішінде ерсіліқарсылы ағылған жұртшылық арасында «шайтан арбаны» тізгіндегендер де жиі ұшырасады. Жәнібектіктер велосипедті тұрмыс қажеттілігіне ғана пайдаланбай, қызметтік көлікке айналдырып үлгерген. «Шайтан арбаны» ерттеп мінгеніне қысылып-қымтырылмай, қайта қарапайым болмысымен велосипедпен жүруді қолдап-қуаттайтын, шенеунік есебіне кіргенімен, халық шекпенінен шыққанын ұмытпайтын жандар бар. Солардың бірі – Жәнібек аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жанар  Қошанова.

Жанар Диясқызының өмірі мемлекеттік қызметпен біте қайнасқан. Тоқсаныншы жылдардың тоқырау кезеңінде де ауданда атқамінер азаматтармен бірге еңбек етті. Еңбек жолында бірнеше салада басшылық қызмет атқарды. Қазіргі уақытта ішкі саясат бөліміне екінші мәрте басшы болып оралды. Саяси салмағы басым, аудандағы барлық қоғамдық-әлеуметтік мәселемен тығыз байланысты саланың суығына тоңып, ыстығына төзіп жүрген Жанар Қошанованың болмысы қайсар екені ширақ қимылынан бірден аңғарылады. Жүзі шуақты, ақжарқын көңілмен жарқырай амандасып жүретін жігерлі әйелді қашан да көпшілік ортасынан көресің. Аудандағы қоғамдық-саяси, мәдени, спорттық шараларға белсене қатысады. Жауапкершілігі мол маңызды міндетті орындауды өз белсенділігімен мойнына алып, оны тиянақты атқарып, іскер қабілетімен ұршықша үйіріп әкететін қасиеті бар. Бір ерекшелігі, бөлім басшысы жұмыс орнына велосипедпен келуді тұрақты әдетке айналдырған. Бұдан бөлек, жұмыс аяқталғаннан кейін басқа да спорт түрлерімен шұғылдануға  уақыт табады. Әуесқой спортшы үстел теннисін жақсы игерген, волейболда белсенді, тіпті, қол күресіне қатысып, күш сынасуға да әзір тұрады. Саламатты өмір салтын насихаттап, жан-жағына жылу сыйлап жүретін жанның еңсесі түсіп, бордай үгітіліп жүргенін көрмейсің. Үнемі емен-жарқын мінезімен көпке жігер сыйлап жүреді. Кейде көңіліндегісін бүкпей айтатын тік мінезі де бар. Жанар Диясқызы – мемлекеттік қызметтен қол үзбей жүріп, төрт баланы тәрбиелеп өсірген еңбекқор  ана.

– Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына байланысты маусым айында мемлекеттік қызметкерлер арасында облыстық спартакиада өтті. Спартакиадада волейболдан жәнібектік әйелдер құрамасы екінші орын алып, жүлделі оралдық. Аудан орталығында велосипед тебуді әдетке айналдырғанмын. Күнделікті  қарбаласқа үлгеруге өте қолайлы. Маңызды жиналыс болғанның өзінде қызметтік көлікті пайдалана бермеймін. «Шайтан арбамен-ақ» діттеген жеріме шапшаң барып, шұғыл шаруаларға үлгеремін. Есесіне, таза ауа жұтып, тұлабойыма қан жүгіріп, бір жасап қаламын. Жақында әріптестеріме, әсіресе, мемлекеттік қызметкерлер арасында «Автокөліктен велосипедке» деген акция өткізуге ұсыныс жасадым. Сол арқылы өзіміз бастама көтеріп, велосипед тебуді кеңінен насихаттағымыз келеді, – деді Жәнібек аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы  Жанар  Қошанова.

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ,

«Орал  өңірі»


Құс өнімдеріне сақ болайық!

Күні: , 107 рет оқылды

Ресей  Федерациясының  Самара,  Пенза  және  Курск   облыстарынан  елімізге  құс  өнімдерін  әкелуге тыйым  салынды.  Бұл  туралы   ҚР  Ауыл  шаруашылығы  министрлігі   Ветеринариялық бақылау  және  қадағалау комитетінің  БҚО  аумақтық  инспекциясында  өткен  дөңгелек  үстелде  айтылды.

«Аса қауіпті құс тұмауының алдын алу»  тақырыбында ұйымдастырылған  жиында  жоғары патогенді құс тұмауының алдын алу және эпизоотияға қарсы ветеринарлық іс-шаралар туралы сөз болды. Сала мамандарының айтуынша, облысымызға көршілес орналасқан Самара қаласында құс тұмауына шалдыққан 17 құстың көзі жойылған. Осы орайда жабайы құстардың миграцияланып, ұшып келетінін ескерсек,  жоғары патогенді құс тұмауының пайда болу қаупі  өңірімізде  де  бар.

– Құс тұмауы – жоғары патогенді, тыныс алу, ас қорыту мүшелерінің және орталық жүйке жүйесінің зақымдалуымен сипатталатын жұқпалы індет. Аталмыш дертке шалдыққан үй құстарының асқа тәбеті болмайды,  бұлшық еттері салданады, яғни қанаттарын көтере алмай, тегіс жерде сүрініп, басын ұстай алмай қалады. Тіпті басы 180 градусқа дейін айналып кетеді. Сонымен қоса жиі түшкіріп, тынысы тарылады, іші өтеді. Ауруға шалдыққан құс етін пайдаланған адамға жұғуы мүмкін. Өте салқын температураны да  көтере алатын H5N1 вирусы 70 градустан жоғары температурада бірнеше секунд ішінде өледі. Тұмау вирустарының табиғи резервуары суда жүзетін жабайы құстар. Олар вирусты ағзасында  21 күнге дейін ұстап, сол уақыттарда қоршаған ортаға нәжіспен шығарып отырады. Дала құстары үй құстарымен жанасу арқылы тұмау вирустарын жұқтырады. Ол жасырын түрде өтіп, құстардың өліміне соқтырады. Құс тұмау  вирусы алғаш 1880 жылы Италияда тіркеліп, көп уақытқа дейін адамға зиянсыз деп саналған. Алайда 1997 жылы Гонконгта құс тұмауының   H5N1 түрімен 18 адам науқастанып, оның алтауы қайтыс болған. 2003 жылы басталған құс тұмауы эпидемиясы Вьетнам, Камбодже, Қытай, Индонезия, Лаос, Пәкістан, Корея, Тайланд, Тайвань және Жапонияға таралып, жапа шеккендердің жартысынан астамы ажал құшып отырған. Еліміз бойынша 2005 жылы Павлодар облысының Ертіс ауданындағы «НАН» шаруа қожалығында құстардан жоғары патогенді құс тұмауының вирусы анықталып, қожалықтағы қаз-үйректер мен тауықтардың көзі жойылған  еді, – деді   аса қауіпті құс тұмауының дүниежүзілік эпизоотиялық ахуалы туралы  айтқан  ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау  комитетінің  БҚО аумақтық инспекциясының тамақ өнімдері және тасымалданатын объектілер қауіпсіздігі бөлімінің бас маманы  Марат  Қалменов.

Жиын барысында Батыс Қазақстан облыстық  ветеринария  басқармасының   эпизоотияға  қарсы ветеринарлық іс-шараларды ұйымдастыру бөлімінің  басшысы Берік Иралиев аса қауіпті құс тұмауына қарсы биыл 190 мың бас құсқа екпе салу жоспарланғанын және  алты айлық жоспар бойынша 104 500  үй құсына екпе егу көзделгенін айтты.  Бүгінде аталмыш жоспар орындалып, 105 100 бас үй құсына  екпе салынған. Сондай-ақ ол қазіргі таңда үй құстары мен жабайы құстар арасында өлім-жітімнің тіркелмегенін және эпизоотиялық ахуалдың  тұрақтылығын  жеткізді.

ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің  БҚО аумақтық инспекциясының бас маманы Асқар Сұлтангерей құс тұмауының алдын алу үшін қанаттыларды ұстайтын аумақты жиі дезинфекциялап, ондағы санитарлық-гигиеналық, ветеринарлық талапты күшейту қажеттігін ескертті.

– Өңірімізде үш ірі құс фабрикасы  жұмыс істейді. Олар «Орал құс фабрикасы», «Жайық ет» және «Агрофирма Ақас». Аталмыш құс фабрикалары құстарды жабық аумақта ұстап, фабрика басшылары ветеринарлық дәрігерлермен тығыз байланыста болуы керек. Ал үй құстарын ұстайтын жеке тұлғалар тауық, үйрек және қаздардың жабайы  құстармен жанасуына жол бермеуі қажет. Жабайы құстар, әсіресе, тоған, өзен-көл жағасына жиі ұшып келеді. Құс тұмауына шалдыққан құстың бірден көзі жойылып, сол аумақ дереу арада дезинфекцияланады, – деді Асқар Жасталапұлы.

Ал  «Агрофирма Ақас»  құс фабрикасының мал дәрігері Ерес Нұралиев фабрикадағы құстардың бас-басына екпе салудың мекеме үшін тиімсіз екенін түсіндіріп, дерттің алдын алуға  жұмыстанып  жүргенін  айтты.

Жиынды қорытындылаған  ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті БҚО аумақтық инспекциясының бастығы Темірхан Қонақбаев құс тұмауының алдын алу мақсатындағы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің қаулысын оқыды. Онда  Ресейдің Самара, Пенза және Курск  облыстарынан тірі құсты және инкубациялық жұмыртқаны, мамықтар мен қауырсындарды, құс еті мен барлық құс өнімін Қазақстан аумағына әкелуге тыйым салынғаны және ҚР аумағына құстарға арналған азықтар мен жемдерді, құрал-жабдықтарды  тасымалдауға  болмайтыны жазылған. Сондай-ақ инспекция бастығы аудан-ауыл тұрғындарына жабайы не үй құстарының өлімтігін көрсе, міндетті түрде  жергілікті мекендегі ветеринарлық дәрігерді апарып көрсетудің маңыздылығын  түсіндірді.

Гүлсезім   БИЯШЕВА,

«Орал   өңірі»

    Құс  тұмауы  вирусының  таралуы  жабайы  құстардың көктемде  және  күзде  ұшу  бағытына  байланысты. Құс  тұмауына  шалдыққан  науқас  адамда  байқалатын белгілер  кәдімгі  тұмаудың  белгілеріне  ұқсас.  Ыстығы көтеріліп,  жөтел  пайда  болады  және  оны  арнайы  зерттеу  арқылы  болмаса,  құс  тұмауы  екенін  анықтау  қиынға соғады.  Адамдар  құс  тұмауын  науқас  құстарды  сою,  қауырсындарын  жұлу,  өңдеу  кезінде   жұқтырады. Бүгінгі күні елімізде құс тұмауы таралуының алдын алу үшін іс-шаралар жүргізілуде. Құс фермаларында ве-теринарлық қадағалау, залалсыздандыру талаптары күшейтілді. Шетелдерден және құс тұмауы тіркелген облыстардан құс өнімдерін тасымалдауға тыйым салынды. Құс тұмауына күдікті құстар анықталса, бірден өртелетін болады. Жеке шаруашылықта үй құстарын күтуде арнайы киім мен тұмылдырық киіп, мұздатылған құс өнімдерін тағамға пайдаланғанда гигиеналық талаптарын қатаң орындау қажет. Құстары бар заңды тұлғалар қажет болған жағдайда құстарды жабық үлгідегі режімде ұстауға көшiрген жөн. Шаруашылық жүретін субъектiлерде дезинфекция жиі жүруі маңызды. Егер құс ауырса немесе өлу жағдайы тіркелсе, тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық ветеринариялық санитариялық инспекторына жедел хабарлауы керек. Сондай-ақ құстарды өзге жануарлармен, әсiресе, шошқалармен бiрге ұстауға жол бермеңіз. Қазақстандық ветеринариялық қызмет көршілес мемлекеттердегі эпизоотиялық жағдайды мұқият қадағалайды және ол жерлерде мал аулаларының ошағы пайда болған жағдайда жедел шаралар қабылдайды. Егер қандай да бір аурудың таралуы байқалса, ол туралы іргелес мемлекеттер ақпараттандырылады әрі ақпарат алмасу жедел жүреді. Сондықтан қажет болған жағдайда Қазақстан мұндай өңірлерге мал шаруашылығы өнімдерін жеткізуді тоқтатады. Құрметті тұрғындар! Егер де құстардың бойынан ауру белгілері байқалып немесе құстардың өлімі болған жағдайда жақын маңайда орналасқан ветеринариялық мекемеге хабарлауыңыз сұралады. Жедел хабарлауыңыз ауру ошағын дер кезінде оқшаулап, құс шығынын азайтуға  мүмкіндік  береді.

Асқар  СҰЛТАНГЕРЕЙ,

ҚР  АШМ  Ветеринариялық  бақылау  және  қадағалау    комитетінің  биологиялық  қауіпсіздік  бөлімінің бас  маманы


Шабдаржаптың шырайлы мектебі бар

Күні: , 65 рет оқылды

Өткен  аптаның  соңында  облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов   жұмыс сапарымен  Ақжайық  ауданының  Шабдаржап  ауылында  болды.  Аталмыш  ауылда  құрылысы  аяқталған  мектепті  аралап  көрген облыс  басшысы  ауылдағы  еңбек  ардагерлерімен  кездесіп,  аудан көлемінде  атқарылған  жұмыстармен  танысты.

Ауыл шетінен өткен жылдың тамыз айында бой көтерген 198 орындық жаңа мектептің құрылыс жұмыстарына «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б. в.» компаниясы есебінен 635,7 млн. теңге қаражат бөлінген.

– Харькин орта мектебінде 35 мұғалім қызмет етеді. Заманға сай жабдықталған жаңа мектепке кіріп, қуанып жатырмыз. Әр сынып қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Су жаңа мектепке жаңа оқу жылында 160-тан астам бала келеді деп күтудеміз.  Мұғалімдердің сапалық құрамы өте жақсы. Жаңа мектепте тек балаларға  емес, мұғалімдердің де жұмыс жасауына қолайлы жағдай жасалған.  Болашақта оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында түрлі үйірмелер іске қосылмақ. Сондай-ақ  мектебімізде  «Рухани жаңғыру» бағдарламасына арналған арнайы алаң бар. Бұл алаңда балаларымыз ұлттық ойындар ойнап, ұлттық құндылықтарымызды сезініп өседі деген ойдамыз. Психолог кабинетінде де баланың мінез-құлқына сай жұмыс жасауға қажетті бар жағдай жасалған. Жаңа асханамыз  42 орындық. Экологиялық тәрбие беру мақсатында «Қысқы бақ» алаңы бар. Биыл ҰБТ-дан жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Үш түлегіміз «Алтын белгі» иегері атанды, – дейді Шабдаржап ауылындағы Харькин орта мектебінің директоры Бекзат  Иманғалиева.

Мектеп құрылысын жүргізген мердігер «Наурыз» ЖШС-ның директоры Азамат Ғұбайдуллиннің айтуынша, жыл бойы қарқынды жүрген құрылыс жұмыстары толықтай аяқталған. Құрылысшылардың басым бөлігі – жергілікті ауыл тұрғындары. Тек күннің тым ыстығына орай көгалдандыру жұмыстары күзге қалдырылған. Құрылысы біткен мектеп нысанын аралап көрген облыс басшысы заман талабына сай салынған білім  ошағына  оң  баға  берді.

Жаңа мектептің басты ерекшелігі –  «Білім book»  бағдарламасы енгізілген компьютерлермен жабдықталған. «Білім bookта»   интернетті қажет етпейтін 40 мыңнан астам интерактивті сабақтар үш тілде орналастырылған.

– Өткен жылы өздеріңізбен кездескенде мектеп сұрап едіңіздер. Астананың 20 жылдығы қарсаңында мектебіміздің құрылысы толықтай аяқталды. Елбасы білім саласына ерекше мән беріп, көңіл бөлетіні  баршаңызға да белгілі.  Білім беру саласындағы ауыл мен қаланың алшақтығын азайту бағытында көптеген жұмыс жүргізілуде. Жаңа оқу жылында облысымыздағы 223 шағын жинақталған  мектепке «Білім book» бағдарламасы енгізілген компьютер орнатамыз. Өйткені бала  заман талабына сай  жаңа технологияларды, электронды бағдарламаларды  біліп өсуі керек. Сіздер Жайық бойын жағалай қонған елсіздер. Біз сіздердің өтініштеріңізді орындауға тырысамыз. Қазір ауылға ауыз су кіргізу жұмыстары жүріп жатыр. Енді тек одан әрі  еңбек ету керек. Мәселен,  Бағырлай өзені бойында бос жатқан жер көп. Бақша егіп жүрген адам аз. Неге сол жерлерді игермеске? Бау-бақшаны  көбейту керек. Сіздерде су бар. Табиғат өзі беріп  тұр. Тек сол игілікті пайдаланып,  жұмыс жасау қажет, – деді облыс әкімі ауыл тұрғындарымен кездесу  кезінде.

Ақжайық ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуымен таныстырған әкім Әділ Жоламанов Шабдаржап және Томпақ ауылдарына ауыз су құбырларын тарту  жұмыстары басталғанын атап өтті. Бұл жобаға республикалық бюджеттен 445,7 млн. теңге (2018 жыл бөлінген қаражат – 92,5 млн. теңге) қарастырылған. Нәтижесінде  екі ауылдың 1000-нан астам тұрғыны таза ауыз сумен қамтылмақ.  Сондай-ақ  ауданның 14 елді мекенінде ауыз сумен қамту жұмыстары жүргізілуде. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Чапаев кентінде үш қабатты 24 пәтерлі тұрғын үй салу жұмыстары басталған. Жалпы, биыл ауданда барлығы 4000 шаршы метрлік тұрғын үй  бой көтермек.

– Шабдаржап ауылында бұрынғы мектеп өте ескі болды. Бір қапталы апатты жағдайда тұрды. Енді, міне, еңселі, қос қабатты, балаларға білім алу үшін бар жағдай жасалған әдемі мектеп бой көтерді. Ауыл тұрғындары қатты қуанып жүр. Негізі, бұл ауылдың тұрғындары еңбекқорлығымен, ұйымшылдығымен, ауызбіршілігімен көпке үлгі. Ауылда бала саны жыл сайын өсіп келеді, демографиялық өсім жақсы, – дейді Тайпақ ауылдық округінің әкімі  Болат  Шаленов.

«Бұрын біз от жағатын мектепте, қиын уақытта  жұмыс жасадық. Біздің кезімізде мынадай игіліктің бірі де жоқ еді. Қазір қандай керемет! Бар жағдай жасалған мектепте тек жұмыс жасау керек. Осы жеткен жетістігіміздің бәрі – Тәуелсіздігіміздің арқасы» дейді жаңа мектепті облыс басшылығымен бірге аралап көрген  ар-дагер  ұстаздар.

Харькин орта мектебінің әр жылғы түлектері жаңа мектепке ұлттық домбыра күні қарсаңында он домбыра тарту етті. Балалары мен немерелерінің заманға сай мектепте білім алатынына қуанып жүрген ауыл тұрғындары облыс басшылығына шынайы ризашылықтарын  жеткізді.

Гүлжамал   ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал   өңірі»


Тасқаланың жолдары тақтайдай тегіс болмақ

Күні: , 65 рет оқылды

Облысымызда  биылдан  бастап  мемлекеттік-жеке  меншік  серіктестігі  жобасы  аясында  жол  жөндеу жұмыстары  қолға  алынбақшы.  Бұл  бағыттағы  жұмыстарды  жүзеге  асыруды  жоспарлап  отырған  екі-үш  ауданның  ішінде  Тасқала  да  бар.

– Аудан орталығындағы алты көшені мемлекеттік-жеке меншік серіктестігі жобасы аясында жөндеуді қарастырып жатырмыз.

Есепке салып қарағанда бұл жолдарды жөндеуге 500 млн. теңгедей инвестиция салу керек. Оған әлеуетті компания болмаса, өзгелердің жүрегі дауламасы анық.

Сол себепті біз «Орал – Тасқала – РФ» жолын салып жатқан «Юнисерв» серіктестігімен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Көп кешікпей олар өз келісімдерін береді деп ойлаймыз. Себебі, мұндағы талап барлық тарапқа да тиімді. Нақтылап айтсам, үкімет жол жөндеуге салған қаражатты бес жыл уақыттың ішінде үстіне пайызын қосып қайтарып береді, – дейді Тасқала аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бауыржан Айтмағамбетов.

Айта кетейік, соңғы жылдары Тасқалада жол жөндеу қарқын алуда. Мұнда республикалық, облыстық, аудандық маңызы бар жолдар жөнделуде. Яғни «Орал – Тасқала – РФ» жолының күрделі жөндеуден өтуі бұл күре жолдың бойындағы біраз ауылға игілігін әкелмекші. Одан бөлек биыл Тасқала – Мереке – Қазталов ауданы бағытындағы облыстық маңызы бар жолға да жөндеу жүргізіледі. Тақтайдай тегіс жолдар аудан орталығында да аз емес. Жалпы, Тасқалада ауылішілік жолдарды күрделі жөндеу 2016 жылы басталыпты. 2016-2017 жылдары облыстық бюджеттен осы мақсатқа бөлінген 332 млн. теңге толығымен игеріліп, төрт көше, яғни  үш шақырым жол жаңа кейіпке енді. Ал 2017-2018 жылдары 7,4 шақырым жолды жаңарту жоспарланып, оның 4,4 шақырымы былтыр аяқталды. Биыл қалған жұмыстар жалғасын табуда. Сөйтіп үш жылда сегіз көше күрделі жөндеуден өтті. Енді тағы да 31 көшені осылардың қатарына қосу үшін төрт жоба жасақталып, жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалды. Қазіргі таңда оның екеуі сараптамадан өтті. Соған байланысты бұл жобаларға қаражат бөлу жөнінде өтінім жасалды. Ал қалған екеуі сараптамадан өтуде. Егер осы жобалардың барлығы жүзеге асса, Тасқаладағы көшелердің тоқсан пайызы заман талабына сай жасақталмақ. Енді ауылдық округтердегі жолдардың сапасын жақсартуға мән берілмекші. Бірінші кезекте тірек елді мекендер назарға алынатынын  айтады мамандар.

– Жол – көп қаражатты талап ететін сала. Оған жол құрылысына қажет материалдардың жергілікті жерде өндірілмеуі де өз әсерін тигізуде. Қажет материалдарды тасымалдауда да қиындық бар. Жол салу жұмыстары негізінен жаз маусымында қарқынды жүретіндіктен, көрші облыстан қиыршық тас тасымалдау үшін вагонның жетіспеушілігі жиі орын алады. Кейде битумға қатысты да мәселелер болып қалады. Былтыр осындай жайттарға байланысты аудан орталығындағы бір-екі көшені жөндеу жұмыстары биылға қалдырылған еді. Дегенмен де қолымыздан келгенінше жол сапасын жақсарту бағытында жұмыстанудамыз. Қазір аудандағы 457 шақырым аутокөлік жолының 33 пайыздайы жөнделді. Бұл облыстық көрсеткіштен жоғары. Жалпы, жол құрылысының игілігін тасқалалықтар сезініп, орталық, жергілікті атқарушы билікке өз ризашылықтарын білдіріп, ортақ іске қолдарынан келгенше атсалысуда, – дейді Бауыржан Есқайырұлы.

Сәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

Тасқала  ауданы


Татарстанмен байланыс нығаюда

Күні: , 34 рет оқылды

Өткен  сенбі  күні  өңір  басшысы  Алтай  Көлгінов бастаған  Батыс  Қазақстан  облысының  делегациясы  Татарстан  Республикасының астанасы  Қазан  қаласында  болды.

Сапардың мақсаты – сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі нығайту.

Жұмыс сапары шеңберінде облыс делегациясы Татарстан Президенті Р.  Миннихановпен кездесті.

«Қазақстан-Ресей қатынастары дәстүрлі түрде стратегиялық әріптестіктің жоғары деңгейімен ерекшеленеді. Ресей Қазақстанның сауда-саттық  саласындағы ең ірі әріптесі болып табылады. Осындай қарым-қатынастарды дамытуда Татарстан Республикасының қосқан үлесі зор. Күні кеше Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сіздерде болды. Бұл сапар біздің әріптестігіміздің барлық саласына жаңа серпін берді», деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Өңір басшысының  айтуынша, 2017 жылы Қазақстан мен Татарстан арасындағы тауар айналымы 700 млн. АҚШ долларын құрады. Оның ішінде 100 млн. АҚШ доллардан астамы Батыс Қазақстан облысының үлесінде.

Кездесуде сонымен қатар Батыс Қазақстан облысының экономикалық әлеуеті және оның инвестициялық мүмкіндіктері туралы сөз қозғалды.

– Бүгінде Еуразия одағының елдерімен тығыз ынтымақтастықтың табысты мысалдары бар. Олардың негізгі үлесі Ресей Федерациясында. «Желаев нан өнімдері» комбинаты «Тат-спайс» компаниясына ұн және макарон өнімдерін беруде. «Нұржанар» компаниясы «ТАТ Крахмал патока» компаниясынан квасты өндіруге қажетті өнімін алуда. «Орал трансформатор зауыты» Татарстан елінен пластикалық құбыр, полимерлік табандық, кран-балкалар алып тұрады. «Гидромаш Орион-МЖБК» компаниясы бетон араластырғыш торабына қажетті дозаторлармен қамтамасыз етілуде. Сондай-ақ  «Кама Қазақстан» компаниясы аутокөліктер шиналарын сатып алуда, – деп атап өтті облыс әкімі.

Кездесуде БҚО кәсіпкерлері бірнеше бизнес-жобаларды таныстырып, Татарстан тарапынан толық қолдауға ие болды.

Жұмыс сапарымен жүрген облыс әкімі Татарстан Республикасының Президенті Рустам Миннихановты қыркүйек айында Орал қаласында өтетін Сабантойға шақырды. Сондай-ақ сапар аясында іскерлік кездесу өтті. Онда екі тарап экономиканың барлық салаларындағы өзара әріптестікті одан әрі кеңейту мәселелерін  талқылады.

Батыс  Қазақстан  облысы  әкімінің  баспасөз  қызметі


Педикулез деген не және оны қалай жоюға болады?

Күні: , 220 рет оқылды

Педикулез (битшеңдік) жағдайлары қазіргі таңда науқастар ауруханаларға қабылданғанда, емханаларда қаралғанда, мектепте ия болмаса мектепке дейінгі ұйымдарда балалар арасында жиі кездесіп тұрады.

2018 жылдың 5 айында Орал қаласы бойынша педикулездың 39 жағдайы тіркелді. Соның ішінде 15,4%-ы 14 жасқа дейінгі балалар арасында, 33,4%-ы  үй шаруасындағы әйелдер, 25,6%-ы жұмыс жасамайтындар, 12,8%-ы студенттер, 12,8%-ы зейнет жасындағы адамдар арасында кездесті.

Педикулез (битшеңдік) –биттердің адам денесінде паразиттенуі. Педикулез ауруының таралуына көп жағдайда әлеуметтік факторлардың айқын маңызы бар. Ауру ошақтары жеке бас гигиенасының қарапайым ережелерін сақтамау салдарынан пайда болады. Бит індеті бөртпе сүзек, қайталама сүзек сияқты және т.б қауіпті жұқпалы аурулардың потенциалды жұқтырушысы болып табылады.

         Биттер әдетте биттеген адамдармен байланыста болғанда, көбінесе балалар арасында ұжымдық қатынаста болғанда, киімді, төсек-орын жабдықтарын, әжетхана заттарын (тарақ, щетка және т.б) ортақ пайдаланғанда жұғады. Педикулез ауруын жұқтыру қаупі көбінесе мектеп жасына дейінгі және мектеп жасындағы, яғни ұжымдардағы, көп адамдармен қатынаста болатын балаларда, сонымен қатар халықтың  әлеуметтік халі нашар топтарда (тұрақты мекен-жайы жоқ адамдар т.б адамдар тобы) тіркеледі.

         Педикулез ауруымен күресте алдын-алу шаралары, негізінен жеке бас гигиенасы ережелерін сақтау болып табылады. Бит табылған жағдайда дәріханаларда сатылатын арнайы педикулез ауруларына қарсы жабдықтарды қолдану арқылы денеде, киімде, ішкиімде, басқа да заттар мен нәрселерде санитарлық өңдеу жүргізу қажет. Ал биттегендік жағдайы бір адамның өзінен көптеп табылған жағдайда, қалалық залалсыздандыру станциясында ақысыз өңдеу жасатуға, сонымен қатар ішкиімді, киімдер мен төсек-орын жабдықтарын камералық өңдеуден өткізуге болады.

Орал қалалық қоғамдық денсаулық

сақтау басқармасының бас маманы                                             Шапенова У.С


Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Батыс Қазақстан филиалы АҚПАРАТТЫҚ ХАБАР

Күні: , 22 рет оқылды

2018 жылғы 29 маусым

 

«7-20-25. Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру»

ипотекалық тұрғын үй кредиттеу бағдарламасын бекіту туралы

 

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 31 мамырдағы № 107 қаулысымен «7-20-25. Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» ипотекалық тұрғын үй кредиттеу бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) бекітілді.

Бағдарлама Мемлекет басшысының 2018 жылғы 5 наурыздағы халыққа арналған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» үндеуінде айтылған бірінші әлеуметтік бастаманы іске асыру шеңберінде әзірленді. Атап айтқанда, ипотекалық қарыздарды сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 7%, бастапқы жарна – 20%, қарыз мерзімі – 25 жылға дейін болатын талаптармен беруді көздейтін «7-20-25» бағдарламасын іске қосу тапсырылды.

Бағдарлама ипотекалық тұрғын үй қарыздарын берудің негізгі талаптарын, қарыз алушылар мен банктерге Бағдарламаға қатысу үшін өлшемшарттарды, банктердің оператормен өзара іс-әрекет жасау тәртібін, сондай-ақ Бағдарламаны ойдағыдай іске асыру үшін заңнамалық актілер деңгейінде қабылдануға тиіс шараларды айқындайды.

Бағдарламаға Қазақстан Республикасының еңбек және (немесе) кәсіпкерлік қызметтен алатын табысы бар, сондай-ақ меншік құқығында тұрғын үйі жоқ кез келген азаматы қатыса алады.

Бағдарламада Қазақстан Республикасының кез келген өңірінде бастапқы нарықта тұрғын үй сатып алу үшін мынадай құн шегінде ипотекалық тұрғын үй қарызын алу мүмкіндігі қаралады:

25 млн теңге – Астана, Алматы, Ақтау және Атырау қалаларында;

15 млн теңге – басқа өңірлерде.

Бағдарламаның операторы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің еншілес ұйымы – «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ болып табылады. Оператор облигацияларды шығару және орналастыру есебінен қаржыландырудың нарықтық тетіктерін пайдалана отырып Қазақстан қор биржасына (KASE) кемінде 1 трлн теңгені тартады және алынған қаражатты Бағдарламаның талаптары бойынша қатысушы банктер берген ипотекалық тұрғын үй қарыздарын сатып алуға жібереді.

«7-20-25» Бағдарламаның талаптарын түсіндіру үшін Қазақстан Ұлттық Банкінің «ҚҰБ «Online» мобильдік қосымшасында 2018 жылғы 19 маусымнан бастап «7-20-25» жаңа бөлімі іске қосылды, онда осы Бағдарламаға қатысты қызығушылық тудыратын сұрақтарға жедел жауап алуға болады.

Батыс Қазақстан облысының қаржы нарығы 2018 жылғы қаңтар – мамырда

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Батыс Қазақстан филиалымен (бұдан әрі — Филиал) көрсетілген мемлекеттік қызметтер

 

Мемлекеттік қызметтердің атауы 2018 ж. қаңтар — мамыр
Валюталық операцияны тіркеу 6
Валюталық операция туралы немесе шетелдік банкте банк шотын ашу туралы хабарламаны растау 2
Уәкілетті ұйымдарға қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру бойынша қызметті жүзеге асыруға лицензия беру 4
Микроқаржылық ұйымдарды есептік тіркеу 1
Коллекторлық агенттіктерді есептік тіркеу
Барлығы 13

Қызмет алушы «Уәкілетті ұйымдарға қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру бойынша қызметті жүзеге асыруға лицензия беру» және «Микроқаржылық ұйымдарды есептік тіркеу» мемлекеттік қызметтерін алу үшін www.egov.kz «Электрондық үкімет» веб-порталын пайдалана алады.

 

Базалық мөлшерлеме

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2017 жылғы 24 ақпандағы № 30 «Ресми қайта қаржыландыру мөлшерлемесі туралы» қаулысына сәйкес 2017 жылғы 1 сәуірден бастап ресми қайта қаржыландыру мөлшерлемесінің мәні тиісті датаға белгіленген базалық мөлшерлеменің мәніне теңестірілді.

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 2018 жылғы 5 маусымнан бастап базалық мөлшерлемені 9,00% деңгейінде белгіледі.

Қаржы — кредит нарығының мекемелері

2018 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша облыс аумағында:

  • екінші деңгейдегі банктердің 14 филиалы, банк филиалдарының 66 бөлек үй-жайлары және 68 айырбастау пункттері;
  • 20 сақтандыру компаниясының 22 филиалы;
  • «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-ның 1 филиалы;
  • Филиалда есептік тіркеуден өткен 8 микроқаржылық ұйымдар;
  • 43 айырбастау пункттері қызмет атқаратын қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыруға лицензиялары бар 31 заңды тұлға;
  • «Қазпошта» АҚ-ның 9 айырбастау пункті қызмет атқарады.

 

Кредит нарығы

2018 жылғы қаңтар-мамырда банктердің филиалдары 97,8 млрд. теңге сомасында кредиттер берді, бұл 2017 жылдың қаңтар-мамырымен салыстырғанда 29,2%-ға көп. Ұлттық валютада берілген кредиттер 97,0 млрд. теңге құрап, 28,4%-ға өсті, шетел валютасында берілген кредиттер көлемі 0,8 млрд. теңге құрады және 4,6 есе көбейді. Жеке тұлғаларға 47,5 млрд. теңге сомасында кредиттер берілді, бұл 2017 жылдың қаңтар-мамырына қарағанда 31,8%-ға көп, заңды тұлғаларға — 50,3 млрд. теңге берілді, 26,8%-ға өсім құрады.

2018 жылы қаңтар-мамырда шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 13,4 млрд. теңге сомасында кредиттер берілген, 2017 жылдың қаңтар-мамырымен салыстырғанда 27,0%-ға ұлғайды (берілген кредиттердің жалпы көлемінен 13,7% құрады).

Азаматтарға тұрғын үй салуға және сатып алуға берілген кредиттердің сомасы 7,0 млрд. теңге құрады және 41,9% ұлғайды (үлесі 7,0%); халыққа тұтыну мақсатына берілген кредиттер сомасы 36,5 млрд. теңге құрады немесе 37,9%-ға артты (үлесі 37,0%).

Салалар кесіндісінде берілген кредиттердің едәуір үлесі сауда саласына (жалпы көлемнен 34,0%), өнеркәсіпке (9,0%) тиесілі.

2018 жылдың мамырына заңды тұлғаларға ұлттық валютада берілген кредиттер бойынша сыйақының орташа мөлшерлемесі 13,1% (2017 жылдың мамырында – 14,6%), жеке тұлғалар бойынша  — 17,3% (17,0%) құрады.

2018 жылдың 1 маусымына кредиттер бойынша берешектің жалпы сомасы 229,5 млрд. теңге құрады және 2017 жылғы 1 маусыммен салыстырғанда 15,9%-ға ұлғайды, жеке тұлғалардың кредиттері бойынша берешек 135,1 млрд. теңге құрады және 24,5%-ға өсті, заңды тұлғалар бойынша – 94,3 млрд. теңгені құрап, 5,5%-ға көбейді.

2018 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша шағын кәсіпкерлік субъектілердің берешегі 57,5 млрд. теңге құрады және 2017 жылғы 1 маусыммен салыстырғанда 17,6%-ға ұлғайды.

Азаматтарға тұрғын үй салуға және сатып алуға берілген кредиттер бойынша берешек 2018 жылғы 1 маусымда 41,2 млрд. теңге құрады, бұл өткен жылдың тиісті күнімен салыстырғанда 29,8%-ға көп, тұтыну мақсатына берілген кредиттер бойынша берешек 79,6 млрд. теңге құрап, 25,7%-ға өсті.

2018 жылдың 1 маусымына кредиттер бойынша мерзімі өткен берешек 2017 жылдың тиісті күнімен салыстырғанда 31,9%-ға төмендеп, 7,4 млрд. теңге құрады, заңды тұлғалардың кредиттері бойынша мерзімі өткен берешек 65,7%-ға 1,9 млрд. теңгеге дейін төмендеді, ал жеке тұлғалар бойынша – 3,5%-ға 5,5 млрд. теңгеге дейін өсті. Мерзімі өткен берешегі бар кредиттердің үлес салмағы банк филиалдарының қарыз портфелінің 3,2%-ын құрады.

 

Депозит нарығы

2018 жылдың 1 маусымына банктер филиалдарындағы салымдар бойынша қалдықтар 214,2 млрд. теңгеге дейін жетіп, 2017 жылғы 1 маусыммен салыстырғанда 10,9%-ға өсті. Жеке тұлғалардың депозиттері 16,2%-ға ұлғайса, заңды тұлғалар бойынша — 18,0%-ға төмендеді.

Облыстағы депозиттердің жалпы сомасындағы жеке тұлғалардың үлесі 2018 жылдың 1 маусымына 88,6% (189,8 млрд. теңге), заңды тұлғалардың үлесі 11,4% (24,4 млрд. теңге) құрады.

2018 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша ұлттық валютадағы салымдардың үлесі 66,6% немесе 142,7 млрд. теңге құрады (2017 жылғы 1 маусымда 56,7% немесе 109,5 млрд. теңге құраған болатын), шетел валютасында — 33,4% немесе 71,5 млрд. теңге құрады (2017 жылдың 1 маусымда 43,3%  немесе 83,5 млрд. теңге құраған болатын).

Мерзімдік салымдар 2018 жылдың 1 маусымда 212,6 млрд. теңге құрады және 2017 жылдың 1 маусыммен салыстырғанда 11,0%-ға өсті, соның ішінде ұлттық валютадағы салымдар 141,7 млрд. теңгені құраса (өсім 30,2%), шетел валютасында – 70,9 млрд. теңгені құрады (14,3%-ға азайды).

Депозиттер бойынша сыйақының орташа алынған мөлшерлемесінің өзгерістері                   2018 жылдың 1 маусымына 2017 жылдың 1 маусыммен салыстырғанда келесідей көрсеткіштермен сипатталады: депозиттер бойынша сыйақының орташа өлшемді мөлшерлемесі 0,2 п.т. ұлғайды және 6,8% құрады, соның ішінде жеке тұлғалардың салымдары өзгеріссіз қалды (7,0%), заңды тұлғалардың салымдары 0,9 п.т. ұлғайып, 5,6% құрады. Ұлттық және шетел валюталардағы салымдар бойынша орташа өлшемді мөлшерлемелер, тиісінше, 0,6 п.т.           9,3%-ға және 0,4 п.т. 1,9%-ға дейін төмендеді.

2018 жылы қаңтар-мамырда облыстың банктік мекемелеріне тартылған салымдардың жалпы сомасы 394,8 млрд. теңге құрады және 2017 жылдың қаңтар-мамырымен салыстырғанда 72,3%-ға өсті. Заңды тұлғалардан 288,7 млрд. теңге тартылды немесе барлық тартылған салымдардың 73,1%-ын құрады, жеке тұлғалардың үлесіне 26,9% немесе 106,1 млрд. теңге сәйкес келеді.

 

 

Айырбастау пункттерімен қолма-қол шетел валютасын сатып алу — сату көлемі

 млн. валюта бірлігі

Валюта Сатып алу Сату
2017 ж. қаңтар-мамыр 2018 ж. қаңтар-  мамыр 2018 ж. қаңтар-мамыр 2017 ж. қаңтар- мамырға, %-бен 2017 ж. қаңтар-  мамыр 2018 ж. қаңтар-   мамыр 2018 ж. қаңтар-мамыр 2017 ж. қаңтар-  мамырға, %-бен
АҚШ доллары 18,98 20,40 107,4 44,93 43,19 96,1
Еуро 1,91 1,72 89,7 6,96 5,69 81,8
Ресей рублі 573,90 699,28 121,8 4705,58 6917,20 147,0

2018 жылғы мамырда облыста шетел валютасын сатып алу /сату бағамдары бір АҚШ доллары үшін 317,0-330,5/319,5-334,0 теңге, бір еуро үшін 370,0-396,10/377,0-402,00 теңге, бір Ресей рублі үшін 4,94-5,69/5,20-5,90 теңге аралығында өзгерді.

 

Ағымдағы шоттардағы түсімдердің көлемі мен қалдықтары

2018 жылғы қаңтар-мамырда банк клиенттерінің ағымдағы шоттарына түскен қаражаттардың көлемі 1318,0 млрд. теңге құрады, бұл 2017 жылдың қаңтар-мамырымен салыстырғанда 24,9%-ға көп. Жеке тұлғалардың шоттарына 265,7 млрд. теңге сомасында қаражаттар түскен, 2017 жылдың сәйкесті кезеңімен салыстырғанда 21,1%-ға көп, заңды тұлғалардың шоттарына 1052,3 млрд. теңге түскен, бұл 25,9%-ға көп.

2018 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша екінші деңгейдегі банктердің филиалдарында клиенттердің ағымдағы шоттарындағы қаражаттардың қалдықтары 57,1 млрд. теңге құрады, 2017 жылдың 1 маусымдағы көрсеткіштен 21,5%-ға көп.

 

 

Төлем карточкаларын пайдалану

2018 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша облыста айналымдағы төлем карточкаларының саны 533,8 мың дана (2017 жылдың 1 маусыммен салыстырғанда 1,3%-ға аз), карточка ұстаушылар саны 481,1 мың адам құрады (2,4%-ға азайды). Облыста 374 банкомат, 4955 POS — терминал (27,0%-ға артқан), 51 банктік киоск (1,9%-ға аз) жұмыс істейді.

2018 жылғы қаңтар-мамырда қолма-қол ақшасыз төлемдер бойынша төлем карточкаларын пайдалану арқылы 30,6 млрд. теңге сомасына (2017 жылғы қаңтар-мамырмен салыстырғанда 40,8%-ға артқан) 1932,9 мың транзакция (93,2%-ға көп) жасалған. 2018 жылғы қаңтар-мамырда карточкалық шоттан қолма-қол ақшаны шешу бойынша 159,8 млрд. теңге сомасына (2017 жылғы қаңтар-мамырмен салыстырғанда 25,5%-ға көп) 3785,8 мың транзакция (15,0%-ға ұлғаю) жасалды.

 

Валюталық бақылау

2018 жылғы қаңтар-мамырда Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасын сақтау  бойынша 5 уәкілетті ұйымдардың қызметі тексерілді.

Бастапқы статистикалық деректерді беру тәртібін бұзу мәселелері бойынша 3 әкімшілік іс қозғалды және айыппұл түрінде 3 әкімшілік жаза қолданды. 2 әкімшілік іс бойынша ескерту жасалды. Барлығы 5 әкімшілік іс қаралды.

2018 жылғы қаңтар-мамырда банктік бақылаудың тұлғалық карточкалары бойынша құжаттық тексерулердің нәтижелері бойынша 6 қорытынды жасалынды, 3  құжаттамалық тексеру жұмыс барысында.

Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқығын қорғау

Филиалға 2018 жылғы қаңтар-мамырда банктік, сақтандыру және өзге де қаржылық қызметтердің мәселелері бойынша қарауға 101, соның ішінде жеке тұлғалардан 90, заңды тұлғалардан 11 өтініш келіп түсті. 63 өтініш бойынша құжаттамалық тексерулер жүргізілді.

Филиалдың Қоғамдық қабылдау бөлмесінде 157 азаматқа кеңес беріліп, құқықтық көмек көрсетілді.

Филиал қызметкерлері қаржылық қызметтерді тұтынушылардың қаржылық ұйымдарға және қаржылық ұйымдардың  қаржылық қызметтерді тұтынушыларға жазған талап арыздары бойынша азаматтық істерге байланысты 189 сот отырысына маман ретінде қатысты.

 

Республиканың төлем балансын қалыптастыру бойынша жұмыс

2018 жылғы қаңтар-мамырда сыртқы экономикалық қызметпен айналысатын облыстың шаруашылық субъектілері Филиалға төлем балансы статистикалық есептілігінің нысандары бойынша 1056 есеп және 183 әкімшілік есеп тапсырды.

2018 жылдың 1 маусымына қолданыстағы тіркеу куәліктерінің саны 60, хабарлау туралы куәліктердің саны 14 құрады.

Экономиканың нақты секторы кәсіпорындарының мониторингі

2018 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша экономиканың нақты секторының мониторингіне қатысушылардың саны 159 кәсіпорын (2017 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша — 153), бұл республика бойынша қатысушылардың жалпы санының 5,3%-ын  құрайды. Қатысушылардың ең көп саны өңдеу өнеркәсібінен – 39, сауда саласынан – 32, құрылыстан – 26, көлік саласынан – 17, ауыл шаруашылығынан – 9 кәсіпорын.

2018 жылғы 1 тоқсан бойынша өткізілген мониторингтің нәтижелеріне сәйкес бұрын ашылған кредит желісі бойынша кезекті транш алған шаруашылық субъектілерінің үлесі 20,1%-ға дейін өсті (2017 жылдың 1-тоқсанында — 12,4%). Банктердің кредиттері бойынша 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар кәсіпорындардың үлесі өзгеріссіз қалды (1,3%). 2018 жылғы  2-тоқсанда кредит алу үшін 24,5% кәсіпорынның өтініш беруге ниеті бар.

Шаруашылық субъектілері мониторингі респонденттерінің анкеталары бойынша 2018 жылдың 1-тоқсанында теңге бағамының АҚШ долларына, еуроға және Ресей рубліне қатысты өзгеруінің теріс ықпалын сезген кәсіпорындарының үлесі тиісінше 22,0%-ға, 15,1%-ға және  30,2%-ға дейін төмендеді (2017 жылдың 1-тоқсанында 28,1%, 15,7%, 45,8%).

Шаруашылық субъектілері менеджерлерінің пікірлері бойынша 2018 жылғы 1-тоқсанда теңгемен және шетел валютасымен берілген кредиттер бойынша орташа пайыздық мөлшерлеме деңгейі тиісінше 13,1%-ға және 7,4%-ға дейін төмендеді (2017 жылғы  1-тоқсанда – тиісінше 15,1% және 9,0% болған).


БҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен бірлескен профилактикалық жұмыс

Күні: , 17 рет оқылды

Қазіргі таңда қылмыстарды ашумен бірге, департаментпен аса көңіл бөлінетіні сыбайлас жемқорлықты ескерту және алдын алу жұмыстарын күшейтуге. Егер бұрын сыбайласжемқорлыққа қарсы тұру жүйесі маңызды болып олардың залалымен күресуге және кінәлі тұлғаларды жазалауға бағытталған болса, ал қазіргі басым бағыт алдын алуға, мемлекет және қоғам күшін оларды азайтуға біріктіруге бұру болып табылады.

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жұмысының бір формасы болып мемлекеттік органдарға және мекемелерге сотқа дейінгі өндіріс қорытындысы бойынша сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарды жою туралы ұсыныстар енгізу тәжірибесі табылады.

2018 жылдың 28 маусымда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюросының БҚО бойынша Департаменті мен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Департаменті қызметкерлері Теректі аудандық білім бөлімі қызметкерлеріне арналған көшпелі кездесу өткізді.

Кездесу барысында БҚО Сыбайлас жемқорлық қызметімен ҚР ҚМ  БҚО бойынша Теректі аудандық білім бөліміне қатысты тұлғаларға қозғалған қылмыстық ісі бойынша жолданған ұсыныс қаралды, сонымен қатар жұмыс барысында көрініс табатын сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою туралы сипаттама енгізу туралы.

Сыбайлас жемқорлық деңгейін азайту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәденитетті қалыптастыру мақсатында, Сыбайлас жемқорлық қызметімен «Таза қол-Чистые руки» сыбайлас жемқорлыққа қарсы облыстық жоспарды орындау мақсатында тұрақты түрде сыбайлас жемқорлыққа қарсы семинарлар және оқытылымдар мемлекеттік қызметкерлермен квазимемлекеттік секторлар субъектілері жұмысшыларына өткізіліп тұрады.

Бұдан басқа, ескертеріміз, жаңа Қылмыстық кодекске сәйкес, тұлға, ерікті түрде пара бергендігі туралы хабарласа қылмыстық жауапкершіліктен босатылады.

Әрбір азамат сыбайлас жемқорлық жайттары туралы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы Агенттікке барлық республика бойынша бірыңғай 1424 телефон нөмірі арқылы хабарлай алады. Агенттіктің Call-орталығы тәулік бойы жұмыс істейді.


Ресейді Акинфеев алып шықты!

Күні: , 2 097 рет оқылды

Өткен демалыста аяқдоптан әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне шыққан 16 команданың 8-і өзара жұптасып, ширек финал жолдамасын сарапқа салды.

Алдымен, «Қазан Аренадағы» жасыл алаң төрінде Франция мен Аргентина тоқайласты. Қос құраманың турнирдегі жүріп өткен жолы да екі бөлек. Мессиге иек артқан Аргентина топтық кезеңді ілініп-салынып, әзер аяқтаса, Франция шапқан сайын бауыры жазылатын тұлпардай көсіліп, ойыннан ойынға шабыттанып жеткен болатын. Иран төрешісі Фаганидің ысқырығынан кейін француздар тізгінді мықтап қолға алды. Қақпасын Армани қорғаған Аргентинаны Погба, Матюйди, Канте, Жиру секілді жігіттер қос қапталдан қусырды. Шабуылдағы Гризманн мен Мбаппе де темірдей шеңгелді «алқымға» аямай салды. Әсіресе, жас жұлдыз Киллиан Мбаппенің жылдамдығы жойқын екен. 11 минутта серіппедей атылып, суырыла шапқан Киллианды айып алаңының ішінде Рохо көк желкесінен бүріп ұстап құлатты. Пенальти! Мұндай нүктеден мүлт кетпейтін Гризманн ала допты қақпа торына топ еткізді. Есепті осылайша оңай ашқасын ба, француздар қарқындарын сәл бәсеңдетті. Енді, Аргентинаға мүмкіндік туды. Әуелі Ди Мария есепті теңестірсе, артынша Меркадо гол соғып, сөне жаздаған үміт шоғын үрлегендей еді. Бірақ, қорғаушы Павар бір, сол баяғы Мбаппе қатарынан екі доп ұрып, кімнің кім екенін түпкілікті дәлелдеп тастады. Ойын соңындағы Агуэроның голы ештеңені шешпеді. Қорытынды нәтиже 4 : 3! Месси ауылға қайтты, Франция жарысты жалғастырады.

Екінші матчта Уругвай мен Португалия жолықты. Португалия Роналдуға сыйынса, Уругвай Суарес пен Каваниден көп көмек күтті. Кейінгі ойын барысы көрсеткендей, Каванидің пешенесіне осы матчтың қаһарманы болу бақыты жазылған екен. 7 минутта Суарестің қапталдан әуелетіп берген добын Кавани баспен қақпаға қадап тастады. Дәл осы тақылеттес голды 55 минутта португал қорғаушысы Пепе де соқты. Алайда бұл кеште Каваниді көгендейтін күш табылмады. Ол 62 минутта Бентанкур берген пасты пайдаланып, айып алаңына енбестен допты шиыра тепті. Алабауыр снаряд алыс бұрышты сылқ еткізді. Сонымен, жолы болмаған Роналду мен Португалия мундиалдан шығып қалды. Енді ширек финалда Франция мен Уругвай күш сынаспақ.

Нағыз шиеленіскен драмаға толы ойындар Ресей – Испания және Хорватия – Дания арасында өрбіді. Чемпионат басталғанша Ресейдің табысына ешкім сенбеді деп жазған едік. Солтүстіктегі көршіміз үшін топтан шығудың өзі ерлік, Испанияға қарсы түк те істей алмайды деп болжағанбыз. Жалпы, матч барысы ойымыздың дұрыстығын көрсетті. Бірақ орыстардың жанкештілігі мен өлермендігі таң қалдырды. Испандар қарсыласына 90 минут бойы доп бермеді. Бір-біріне дәлме-дәл, қолмен қойғандай пас тастап, қақпа алдынан ұрымтал тұсты іздеді. Айып алаңындағы жанталастардың бірінде Рамоспен алысқан Игнашевичтің өкшесіне тиген доп Акинфеев қақпасынан табылды. Аутогол! Бірінші тайм түгесілуге таялған уақытта Пикенің қолмен ойнағанын байқаған төреші 11 метрлік айып добын белгілеп, Дзюба есепті теңестірді. Бұдан әрі екінші таймда да, 15 минуттық екі экстра таймда да осы есеп өзгермеді. Кезек матч соңындағы пенальтиге келгенде ресейлік қақпашы Игорь Акинфеевтің бақ жұлдызы жанды (пенальтиден қорытынды есеп 4 : 3). Коке мен Аспастың тепкен добын қақшып алған қақпашы жасыл алаңға жүгіріп шыққан командаластарының құшағына көмілді. Осылайша сенсация жасаған Ресей ширек финалда ойнайтын болды.

Оның қарсыласы Хорватия – Дания арасында анықталды. Салған жерден Йоргансеннің көмегімен есеп ашқан даниялықтар іле-шала өздері де доп жіберіп алды. Голдың авторы – Манджукич. Тең нәтиже матч соңына дейін сақталып, пенальтиге келгенде хорваттар басым түсті (қорытынды есеп 3 : 2).

2 шілдеде Бразилия – Мексика, Бельгия – Жапония, 3 шілдеде Швеция – Швейцария, Колумбия – Англия ойнайды. Фавориттер жарыстан шығып қалып, күтілмеген командалар көшбасшыға айналған сайын аяқдоптың аламанының көрігі қыза түсуде.

Жамал Ғали


Сәбилерге – домбыра

Күні: , 44 рет оқылды

Ұлттық домбыра күніне байланысты Орал қаласындағы ҚР Тұңғыш Президенті алаңында шаралар ұйымдастырылды. Алаңға киіз үй тігіліп, өнер ұжымдары, жыршы-термешілер, күйші-домбырашылар əн-күй төкті.

Қадыр ақынның ескерткішіне гүл қойылғаннан кейін мерекелік концерт басталды. Облыс əкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов рухани жаңғырудың нағыз үлгісі домбыраны ұлықтау екенін айтты.

– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген жобаларды жүзеге асыру барысы талқыланғанда өңірдегі сарапшылар кеңесі ұсыныс-пікірлерін білдірді. Біздің кеңес жылдың бір күнін домбыраны кеңінен насихаттауды ұсынып, соған байланысты Президент Әкімшілігіне хат жолдадық. Биыл Елбасы шілденің алғашқы жексенбісін «Ұлттық домбыра күні» ретінде атап өту туралы жарлыққа қол қойды. ҚР Тұңғыш Президенті алаңында Домбыра күнін мерекелеу үшін «Нағыз қазақ қазақ емес, Нағыз қазақ – домбыра!» деп өлең өрнектеген Қадыр Мырзалиевтің ескерткішіне гүл шоғын қойдық. Биыл мектептерде үзілісте қоңырау орнына күй ойнауды енгіздік. Бұл үрдіс – ұрпақ санасына баба үнін сіңірудің тамаша жолы. Қазақ үшін жаһандану үрдісінде ұлт болмысын сақтаған өте маңызды, – деді Ғабидолла Оспанқұлов.

Мерекелік концертте «Орал сазы» фольклорлық ансамблі Баламайсаңның күйі «Қыз Ақжелеңді», халықтық «Шежіре» ансамблі Құрманғазының «Саранжабын» тартты. Жыршы Фархат Оразов халық әні «Ақеркені» шырқады. Домбырашы Едіге Нəбиев пен жас өнерпаздар Мəдина Ғазезова мен Ақтоты Қабиева ұрпақ сабақтастығы ретінде «Ақсақ құлан» күйін ойнады.

Сол күні БҚО Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері көпбейінді Орал қалалық аурухананың перзентханасына барып, жарық дүниеге сəби əкелген аналарды құттықтап, олардың құрметіне домбырамен əуелетіп қазақ əндерін орындады. Оның ішінде орыс халқымен достыққа дәнекер Мәриям Жагорқызының әні «Дудар-ай» да шырқалды. Облыс əкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов мереке маңызын түсіндіріп, киелі өнер ұрпаққа мирас болып қалатынын тілге тиек етті. Перзентханаға келген ассамблеялық топ аналарға домбыра табыстады.

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ,

«Орал  өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика