Мұрағат: 27.06.2018


Айтыстың мерейтойы

Күні: , 35 рет оқылды

Биыл – Ақ Жайық  атырабында қазақ өнерінің күретамыр бір саласы айтыстың қайта жанданғанына 60 жыл.

Сейсенбі күні осыған байланысты Салтанат сарайында «Айтыс – ұлттық құндылық» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Оған өңірдегі айтыс өнерін жандандырған буын өкілдері және жас ақындар қатысты.

Басқосуда облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов  айтыс  өнері – ұлттық  дәстүр сабақтастығы, қазақ мәдениетінің өзегі екенін, өңірімізде айтыс ақындары мектебі сәтті қалыптасып жатқанын, облыс әкімдігі тарапынан бұл үрдіске қолдау білдіріп отыратынын атап өтіп, Орал қаласында өтетін сөз додасына қатысатын ақындарға сәттілік тіледі. Жиын барысында айтыс айдынында өзіндік қолтаңбасын қалдырған ардагерлер – қазылар алқасына төрағалық ететін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ардагер-журналист Ғарифолла Көшенов, «Құрмет» орденінің иегері Шолпан Қыдырниязова, ҚР Білім беру саласының құрметті қызметкері Дариға Мұштанова сөз өнеріне қойылатын талап, ақындардың ақиқатты айтуда алмастай жарқылдай білуі, қазіргі айтыстың бағыт-бағдары жөнінде айтты. Өңірімізде ақындар айтысы ресми түрде 1958 жылы өткен. Айтыста қаратөбелік Хамит Әбілов бірінші, жымпитылық Жаңыл Жұрмағамбетова екінші орын алған. Басқосуда алдыңғы буынғы айтыс өкілдері Мектеп Досқалиев, Нығмет Нағымов, Сағынғали Мұқанов, Шолпан Текебаева, Кенжеғали Балабасов, Асқар Сұлтанов, Шәки Қайырғалиев туралы естеліктер айтылды.

Шарада бір топ ақын мен жер гілікті өнерпаздарға «Жайық айтысына – 60 жыл» төсбелгісі табысталды. Олардың қатарында бүгінде әр салада қызмет етіп жүрген Қатимолла Бердіғалиев, Сағынтай Бисенғалиев, Үзілдік Елеубайқызы, Махмет Қажиахметов, Ұлдай Сариева, Талап Таймасұлы, Ертай Бимұханов, Дариға Нұрашева, Талант Арғынғали, Жібек Болтанова, Гүлжайна Бисенғалиева, Назгүл Кәрімова, Лұқпан Елеу секілді аға буын өкілдері мен халықаралық, республикалық айтыстарда облыс намысын қорғап жүрген жас ақындар Жансая Мусина, Мұрадым Мирланов, Талғат Мықи, Эльдар Ихсанов, Бауыржан Мұстафиев, Орынбек Меңдіқұлов  марапатталды.

Ертеңіне «Жалындаған Жайық жыр» республикалық ақындар айтысы өтті. Айтысқа Астана қаласынан, Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарынан 20 ақын қатысты.

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ,

«Орал  өңірі»


Ғылыми таным көкжиегін кеңейтеді

Күні: , 840 рет оқылды

«Рухани  жаңғыру»  бағдарламасы  аясындағы  «Жаңа  гуманитарлық  білім. Қазақ  тіліндегі  100  жаңа  оқулық»  жобасы бойынша  алғашқы  18  кітап  қазақ  тіліне  аударылып, олардың таныстырылымы  да  өтті. Бұл  туындылар  әлемнің  маңдайалды 100  университетінің  оқу  бағдарламасына  енген  және  әрқайсысы  кемінде үш  мәрте  басылып  шыққан, ең  үздік  саналатынын  айтқан  орынды. Әлемдік  ойлардың  алтын  қорына енген  философия, әлеуметтану,  психология,  экономика  және  басқа  да  пәндер бойынша  аударылған  оқулықтар  алдағы оқу  жылында  нақты  білім  беру  үрдісінде  қолданылады  деп  күтілуде.

Қазіргі уақытта ғаламдық бәсекеге қабілетті, ғылым мен білімді қатар меңгерген жастарды тәрбиелеуіміз керек. Сондықтан мемлекеттік тілге аударылған құнды туындылар оларға білімнің қайнар көзі болады.

ХХ ғасырдың 90-жылдарының басында әлеуметтік ғылымдар әдеттегі жүктемеден, сол кездегі басты маркстік-лениндік идеологиядан босады. Сөйтіп жоғары оқу орындарында әлеуметтік ғылымдар дәрісі жүргізіле бастады. Мысалға, маркстік-лениндік философия емес, жәй ғана философия, ғылыми коммунизмнің орнына әлеуметтану, саясаттану, коммунистік партия тарихы, маркстіклениндік саяси экономика пәндерін емес, тарих, экономика ғылымы оқытыла бастады. Сонда оқулықтармен қамтуда біраз қиындықтар болғаны есімізде. Ал кітаптарсыз, әдістемелік оқулықтарсыз білім алуда жетістікке жету қиын. Сондықтан орыс тіліндегі кітаптарды ат арытып Мәскеуден, Ленинградтан, Минскіден алып келетінбіз. Қазақ тілінде сабақ беретін әріптестеріме, қазақ тілінде оқитын топтардағы студенттерге оқулықтардың болмауы оңайға соқпады. Оқытушылар біз әкелген орыс тіліндегі кітаптардан қажетті материалдарды қал-қадірінше аударып алып, оқытты. Бірақ уақыт өте келе әлеуметтік ғылымдар бойынша қазақ тілінде тиісті оқулықтар шығып, қалыптасқан  жағдай  өзгере  бастады.

Біздің бөлім университет студенттері арасында білім сапасына қатысты сауалнама жүргізіп, мониторинг жасап отырады. Бұрындары олар қазақ тіліндегі кітаптар жетіспейтінін айтса, уақыт өте келе ондай кемшіліктің барлығы жойылды. Енді бүгінде университеттің кітапханасында білім алуға қажетті оқулықтың барлығы бар. Бірақ мәселе оқулықтың санында емес, сапасында болып тұр. Шынында, гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар бойынша қазақ тілінде сапалы туындылар қат. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Сананы жаңғыртудың» мазмұнын негіздей отырып, жаңғырудың алты бағытын белгіледі және соған орай осы бағыттарда жүргізілетін жұмыс ауқымын көрсетіп, бес жобаны ұсынды. Екінші жобаның қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы болуы кездейсоқтық емес.

«Біз тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану және филология ғылымдары бойынша студенттерге толыққанды білім беруге қажетті барлық жағдайды жасауға тиіспіз» деп Елбасы бұл жобаның мән-маңызын аша келе, «Бізге инженерлер мен дәрігерлер ғана емес, қазіргі заманды және болашақты терең түсіне алатын білімді адамдар да ауадай қажет» деп түсіндірді. Аталмыш пәндерді оқыту қазіргі заманды және болашақты түсінетін, білім-білігі тек өз мамандықтары шеңберінде ғана емес, өздері өмір сүретін қоғамды жете түсінетін жастарды тәрбиелеуге  мүмкіндік  береді.

Бұрында саясаттану, әлеуметтану секілді міндетті пәндердің тізімінде болатын. Кейін ол студенттердің өздері таңдап қатысатын пәнге айналды. Елбасының мақаласынан кейін жаңа оқу жылында қалыптасқан жағдай өзгереді деп күтілуде. Қоғамның саяси жаңғыруы, азаматтық саяси мәдениеттің қалыптасуы, білім-білігі жоғары заманауи талапқа сай маман болу саясаттану ғылымының  негізінсіз  әсте  мүмкін  емес.

Қазақ тіліне аударылған 18 кітап Елбасы айтқандай, «алғашқы интеллектуалдық транш» болып табылады.  Бұл кітаптардың ішінен әлемдік деңгейдегі танымал әлеуметтанушы ғалымдар Джордж Ритцер мен Джеффри Степницкидің «Әлеуметтану теориясы» атты зерттеуі еңбегімен жақсы таныспыз. Мен және әріптестерім әлеуметтану пәнін оқытуда әлеуметтану теориясының туу, даму, қалыптасу кезеңдеріне тарихи шолу жасалып, бүгінгі көзқарас тұрғысынан зерделенетін бұл құнды кітапты оқу үрдісінде пайдаланамыз. Қорыта айтар болсам, жаңа оқулықтар еліміздегі ЖОО-лардағы білім сапасын көтеріп, білім алушылардың ғылыми таным көкжиегін кеңейтіп, бәсекеге қабілетті  жас  атануына  жол  ашады.

Павел  ДОБРЯЕВ,

М. Өтемісов  атындағы   БҚМУ-дың  әлеуметтік  зерттеулер  орталығының  жетекшісі,

философия  ғылымдарының  кандидаты 


Сенаттың Алғысхаты

Күні: , 884 рет оқылды

Бір ғасырдан астам тарихы бар «Орал өңірі» газетінің редакциясы 28 маусым –  журналист қауымның төл мерекесі қарсаңында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Қасымжомарт Тоқаевтың өзі қол қойған Алғысхатпен марапатталды. Мұндай мән-маңызы жоғары марапат «Орал өңірі» газеті редакциясының ҚР Парламенті Сенатының қызметін аймақтарда ақпараттық қолдаудағы белсенді және жемісті еңбегі үшін берілгендігі аталмыш Алғысхатта айшықты баяндалған.

Журналистика ардагерлерін және редакцияның қазіргі ұжымын, сонымен қатар мың-сан оқырмандарымызды ортақ мейрамымызбен құттықтай отырып, бәріңізге басты байлық – денсаулық, әулеттеріңізге амандық-саулық, береке-бірлік пен бақдәулет тілейміз! Туған өлкемізді өркендету, кең байтақ елімізді гүлдендіру жолындағы  барша бастамамыз баянды  болғай!

Отанымыздың ұлы мәртебелі Тәуелсіздігін нығайту арқылы Мәңгілік елге айналдыру мұратымен жасампаз еңбекке жұмылған отандастарымыздың ынтымағы нығайып, ырысы молая берсін!

Редакция   алқасы 


Оба үстіндегі окоп

Күні: , 160 рет оқылды

Тасқала ауданында қазба  жұмыстарын  жүргізіп  жатқан   БҚО тарих  және  археология  орталығының  мамандары 25 маусым  күні  Азамат  соғысы  кезінде  қаза  болған  жауынгерлердің  мүрделерін  тапты.

Айта кетейік, 2016 жылы Тасқала ауылының солтүстік бөлігінен жеке тұрғын үй салуға жер телімдерін беру басталған еді. Кей учаскелерде орналасқан төбешіктер мен обаларға байланысты жергілікті атқарушы билік өкілдері тұрғындар үй салмас бұрын БҚО  тарих және археология орталығына хабарласып, осы обаларға зерттеу жүргізу жөнінде өтініш түсірген. Орталық мамандары сол маңнан ерте темір, қола дәуірлеріне жататын алты оба тапқан. Аталмыш мекеменің бас ғылыми қызметкері Яна Лұқпанованың сөзіне қарағанда, 2016 жылы төрт оба қазылды. Ішінен шыққан адамдардың мүрделері мен заттар алынып, обаның орындары тегістелді.

– Түрлі себептерге байланысты былтыр бұл бағыттағы жұмыстар жүрмей қалып, биыл жалғасын тауып жатыр. Өткен аптаның соңында қалған екі обаны қазуды бастадық. Біреуінің үстінен окоп табылды. Азамат соғысы кезінде бұл окопты қазғандар мұның оба екенін білмеген болулары керек. Оба биіктеу тұрғасын, ұрыс жүргізуге қолайлы екені анық. Сол себепті осы жерден әдейі қазған. Окоптың тиянақты қазылғанына қарағанда, бұл жерде Шипов селосы үшін ақтар мен қызылдар арасында қиян-кескі ұрыс болған сияқты. Теміржол бекеті, соның ішінде бірнеше теміржолдың түйіскен торабы қашанда стратегиялық маңызға ие ғой. Соған байланысты бұл жер бірде ақтарға, бірде қызылдарға өтіп отырған. Мына мүрделер сондай шайқастың бірінде қаза болған жауынгерлердікі. Оларды ешкім жерлемеген. Яғни қаза тапқан күйде топырақ астында қалған. Бір сөзбен айтқанда, хабарсыз кеткен жауынгерлер. Енді олардың кім екендеріне келсек, біздің алдын ала болжамымызша ақ гвардияшылар сияқты. Мүрденің бірінің аяғындағы сақталып қалған керзі етік ерекше. Шетелде шығарылғаны байқалып тұр. Одан бөлек топырақ астынан шыққан сарғыш жасыл түсті гимнастерканың қиығы бар. Іші оқ-дәріге толы былғары оқшанқан да табылды. Ал қызыл әскерде мұндай  киім-кешек, қару-жарақ болған  жоқ. Сонымен қатар бір жауынгердің қасынан мойынға ілетін шармақ  (крест) шықты. Зерттеу жұмыстары барысында әлі де біраз құнды дүниелер шығады деп ойлаймын. Жалпы бұл макет емес, тірі тарих қой, – дейді Яна Амангелдіқызы.

Зерттеуден соң жауынгер мүрдесінің бәрі қазылып алынып, дін өкілдерінің қатысуымен бауырластар зиратына жерленеді, ал табылған заттар музейге табысталмақшы.

Тасқала аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Бекболат Ғұбашевтің айтуынша, бұл жердегі жеке тұрғын үй салуға арналған 118 учаскенің бесеуі аталмыш обаларға байланысты әзірге берілмей тұр. Бес учаскенің мәселесі БҚО тарих және археология орталығы мамандарының қорытындысына  сәйкес  шешілетін  болады.

Сәкен  МҰРАТҰЛЫ,

Тасқала  ауданы


Орташа балл – 81,80

Күні: , 77 рет оқылды

Өңірімізде  ҰБТ  20-22  маусым  аралығында  тоғыз  тестілеу орталығында  өтті.  Биылғы  оқу  жылын  облыс  бойынша  5192 түлек  тәмамдады.  Ағымдағы  жылдың  10  наурыз  бен  10  мамыр аралығында  өз  еріктерімен  3750  оқушы  ҰБТ  тапсыруға  өтініш  берді.  Алайда  ұлттық  бірыңғай  тестілеуде  олардың  3652-сі  ғана қатысты.  Олардың  ішінде  216  түлек  шығармашылық  емтихан тапсырды.  1540  бала ҰБТ-ға  қатысуға  ниет  білдірмеді.

Облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі және орта жалпы білімді дамыту бөлімінің басшысы Светлана Темірғалиеваның айтуынша, биылғы тест сынағы барысында шәкірттердің орташа балы 81,80 болды (өткен жылы 80,34), 100-ден жоғары балды 823 мектеп бітіруші жинаса, 130 балдан жоғары көрсеткішке қол жеткізген 30 оқушы бар (IT-лицейінде – 13, Теректі ауданында – 7, Орал қаласында – 6, С. Сейфуллин атындағы дарынды балаларға арналған №11 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатында – 2, Тасқалада – 1, Қазталовта – 1).

Облыс бойынша ең жоғары 138 балл облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған ақпараттық-технологиялар мектеп-лицей-интернатының (IT-лицей) түлегі Нарқыз Базарғалиеваға тиесілі. Нарқыздан кейін жоғары ұпаймен екі түлегіміз дараланды. Олар  137 балл жинаған қаладағы №47 орта мектептің түлегі Анжелика Степанюк пен теректілік Мейрамбек Қадырбеков. Бірыңғай тестілеу нәтижесі бойынша 253 түлек шекті балды (50  балл)  жинай  алмаған.

 Гүлжамал    ЖОЛДЫҒАЛИ


Жаһанша туралы Мәскеудегі деректер

Күні: , 44 рет оқылды

Елбасының  «Болашаққа  бағдар:  рухани  жаңғыру»  мақаласында  айтылған мәселені  жүзеге  асыру  үшін  елімізде  қыруар  жұмыс атқарылуда. Соның  бірі  Қазақстанның  жалпыұлттық  қасиетті нысандарын анықтау болатын. Бұл тізімге  біздің  облысымыздан  жеті  нысан  кірді. Осы мақалаға  сол  жетеудің  екеуі,  яғни  Ғұмар  Қараштың  жерленген  жері  мен  Жымпитыдағы  Алашорда  үйі  арқау болып отыр. Дәлірек  айтсам, Ғұмар  Қараш  пен  Алашорда  үкіметі  батыс  қанатының  жетекшісі Жаһанша  Досмұхамедов  туралы  сөз  болмақ. Бұл  екі  тұлға да саяси  қуғын-сүргін  құрбаны. Өмірлік  ұстанымы, айтқан  сөзі,  атқарған  ісі  үшін  1921  жылы  Ғұмар  Қараштың  айуандықпен өлтірілгені  аз  болғандай, артынан  барлық  жазған  еңбектері  репрессияға  ұшырады. Әрі аласапыран, әрі жылымық  кезеңде өмір  есігін  ашып,  азаттығымызды алуға  бар күшін  салып еңбектенген  Жаһанша Досмұхамедов  Мәскеуде  тұтқындалып, Бутов  полигонында  атылды. Мәскеуге  барған  сапарларымда  бүгінгі  тәуелсіздік  таңын  бізге  жақындата  түскен  осы  аталарымыздың  бірінің  жазғандарын  жинақтап,  бірінің  жүрген  жерін  анықтаудың  да  реті  шықты.

Осыдан  алты  жылдай  бұрын Мәскеуде  Ғұмар  Қараштың  туған немересі  Надежда Қарашева  тұратындығын  біліп, арнайы  барып сұхбаттасқанмын.  Ол  жөнінде  уақытында ақпарат  құралдарына кеңінен жарияланды. Сол сапарда Надежда  Бұрханқызы  атасына  қатысты  жинақтаған  барша  материалдарды  аманаттап, маған  табыстаған  болатын. Осы кезге дейін Ғұмар Қараштың мұрасын  іздестіру,  араб  әліпбиінен аудару  бағытында  дамылсыз жұмыстандық.  Нәтижесінде  үш  томдық  жинағын  шығардық. Бұл өте  ауқымды, жауапты  іс  болды,  Қабиболла  Сыдиқовтың «Замана»  жинағынан  соңғы  толыққанды  дүние  осы.  Міне,  осы  үш томдықты  асылдың  сынығы Надежда  Бұрханқызына  Мәскеуге  барып, қолына  табыстаудың  сәті  түсті. Сонымен  қатар  өткен жылдың  желтоқсан  айында  оқуымның  мемлекеттік  емтиханын тапсыруға  Мәскеуге  барғанмын. Сол  жолы  қолым  қалт  еткенде, Жаһанша  Досмұхамедов  пен  Әлихан  Бөкейхановтың  зираттарына  барып  тәу  еттім.  Сонда  Жаһанша  атамыздың  жерленген  жері Бутов  полигонында  болғанымда,  көп  нәрсеге  қанықтым.

Енді  осы  сапарламамдағы  маңызды тұстарды  ретімен  баяндайын.

Жағымды   өзгеріс Бес жылдай бұрынғымен салыстырғанда, Мәскеуге былтыр барғанда, көп өзгешелік көзге шалынды. Бұрын барар жеріңе таксиді көшеден қол көтеріп ұстасаң, қазір тек ұялы телефонға таксилердің қосымшасын жүктеп алып, интернет арқылы шақырасың. Такси жүргізушілерінің арасында қырғыз, өзбек, әзербайжан, тәжік ұлттарының өкілдері көп кездеседі, қазақ мүлде кездеспейді. Шақыртуға келген такси жүргізушісінің дені – қырғыз ұлтының өкілі. Сәлемдесуіңді қазақшадан бастайсың, жол бойы қазақша сөйлесесің. Көлік жүргізушілерден: «Такси жүргізушісі, аспаз т.б. осы бағыттағы жұмыстарда қазақтарды кездестіресің бе?» – деген сауалға бәрі де  «Жоқ, кездестірмедік, тек әуежайдан, теміржол бекеттерінен күтіп алып, қалаған жерлеріне жеткізіп саламыз, қазақ жастарының көбі оқуға келеді,  басқалары кәсіпкер болар», – дейді.

Дон  зираты

Өткен жылғы желтоқсан айындағы сапарымда алдымен Мәскеу қаласының аумағындағы Дон зиратына бардым. 1930-1950 жылдар аралығында Мәскеуде саяси айыппен қырық мыңға жуық адам өлім жазасына кесілсе, соның жеті мыңдайының (кей деректе он мыңдай) күлі осы зираттағы 1927 жылы салынған крематорийдің қасына көмілген. Мұнда саяси қуғын-сүргін құрбандарын жерлеген үш орын бар. Біріншісінде, 1930-1942 жылдар аралығында өлім жазасына кесілгендер. Мұнда 1937 жылы 27 қыркүйекте атылған Әлихан Бөкейханов және Нығмет Нұрмақов та бар. 1933-1938 жылдары Қазақстанды басқарып, бар қанды қырғынды жүргізген, тіпті жоғарыға тағы да 1600 адамды атуға рұқсат сұраған Л. Мирзоян да 1939 жылы атылып, күлі осында бір жерге көмілген екен. Саяси қуғын-сүргін құрбандарының рухына дұға бағыштап, одан әрі қала  шетіндегі  Бутов  полигонына  жол  тарттым.

Бутов   полигоны  –   Жаһаншаның   мәңгі  мекені

Бұл жерде арнайы ғылыми-ағартушылық мемориалды орталық ашылған екен. Еріктілердің күшімен зерттеу, насихаттау бағытында  көп  жұмыс  жүргізіліпті.

1935 жылдар шамасында НКВД-ның шаруашылық басқармасы арнайы адам көметін жерлер іздей бастайды. Мәскеу маңынан үш орын белгілейді. Соның бірі – Бутов ауылының аумағында. Жергілікті халыққа ауыл маңында оқу-жаттығу ату алаңы болады деп хабарлайды. Одан әрі бұл жерге 8.08.1937-19.10.1938 жылдар аралығында 20 761 адам атылып, көмілген.

Алдын ала экскаватормен 13 шұңқыр қазады. Тереңдігі  4-4,5 м, ені 4,5-5 м, ұзындығы 70 м шамасында болады. Өлім жазасына кесілгендерді Мәскеу түрмелерінен түнде Бутов полигонына әкеледі. Сол жерде бәрін қамап, құжаттарымен тексереді де, таң ата Мәскеуден арнайы келген атқыштар тобы қанды қырғынды бастайды. Тұтқындарды азғантай топпен шұңқырдың қасына әкеліп, жақыннан  атады  да,  шұңқырға  құлата  салады.

1938 жылы тамыздың 3-і күні таңда Жаһанша атамыз Бутов полигонында болған. Сол күні таңертең қазылған 13 шұңқырдың бірінің қасына әкеліп, жендеттер тап қасынан атып, шұңқырға лақтырған. Осылайша бүгінгі жарқын күніміз үшін күрескен арысымыз озбырлықтың құрбаны болды.

1962 жылы Бутов полигонын ағашпен биік етіп қоршайды. Тек 1990 жылдан бастап өлім жазасы үкімдерін орындау құжаттарының құпиялылығы алына бастайды. Сол кезден бастап құрбан болғандардың ұрпақтары осы жерге келіп  тәу  етуді  әдетке  айналдырады.

Қанды қырғын болған жерді сол кезде еске алу орнына айналдыратын жер етуге мемлекетте, қандай да бір саяси күш те мойнына алмайды. Тек саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың ұрпақтары бас қосып, қоғамдық негізде өз жауапкершіліктеріне алады. Қалың ағаш, шөп басып кеткен жерді абаттандырады. 13 шұңқыр ойылып, топырағы ортаға түсіп кеткендіктен, үстіне топырақ төгіп биіктетеді. 2002 жылы «Бутов» ғылыми-ағартушылық мемориалды орталығын ашады.

Осы орталықтың күшімен, халықтың қолдауымен барлық опат болғандардың аты-жөнін жазып, арнайы белгі де қойған. Белгіге әу баста қазылған 13 шұңқырдың өлшемін негізге алып, 70 метрлік шұңқыр қазып, ішін толығымен мрамор тақтамен бекітеді. Атылғандардың тізімінде  ЖаҺанша  атамыздың  да  аты-жөні  бар.

Жаһаншаның университеттегі  жеке   ісі

Мәскеуге жүрер қарсаңда алаштанушы Сүлейменова Дәметкен апа: «Жаһанша Досмұхамедов 1906-1910 жылдар аралығында Мәскеудегі Императорлық мемлекеттік университетінде оқығанын білеміз. Бірақ қолымызда дипломы жоқ, мүмкін болса, іздеп көр» деген. Уақыт тауып, орталық архивке бардым. 1917 жылға дейінгі Ж. Досмұхамедов оқыған оқу орнындағы құжаттар Мәскеу қаласының орталық мемлекеттік архивіне тапсырылған екен. Деректер 418-қор, 320-тізбесінде сақталған. Тапқан күні құжаттармен танысуға өтініш жазып кеттім. Елу беттей студенттік жеке ісінің көшірмесін алдым. Тек дипломы жоқ. Соңына былай жазылыпты «Докум и диплом не выдава.. (соңғы әрпі түсініксіз, «т» не «л» әрпі болуы мүмкін)». Осылайша жеке ісін алғаныммен, дипломын кезіктіре алмадым.

Жаһанша Досмұхамедовтың 1906-1910 жылдар аралығында Мәскеудегі Императорлық университетте оқыған кездегі жеке ісінің (личное дело) толық көшірмесін жақында ЖаҺанша Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледждің директоры Светлана Бахишеваға қазіргі әліпбиге сәйкестендіріп, кітапша  етіп  табыстадым.

 

Мәскеуде  Жаһаншаға  арналған   көрме

Мәскеудегі Жаһанша Досмұхамедов тұрған үйдің қасында Мәскеудің мәдениет департаментіне қарайтын «Шаболовка» галереясында Серпухов валы, 24 үй мекенжайында саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған көрме өтті. Онда Жаһанша Досмұхамедовке арнайы орын беріліпті. Бұл істі ұйымдастырып жүрген Мәскеудегі Лестев көшесі 19/1 үйінің тұрғыны Инна Дробинская.

Бұл бағытқа маған жөн сілтеген Сырым Датұлы атындағы музейдің меңгерушісі Айнагүл Ойшыбаева еді. Инна қолы бос уақытында «Соңғы мекенжай» («Последний адрес») қозғалысына қолғабыс етіп, волонтерлық қызмет атқарады екен.

Олардың мақсаты – Совет өкіметі кезінде саяси қуғын-сүргінге ұшырап, өлім жазасына кесілгендердің тұтқындалып, ақырғы тұрған үйіне арнайы белгі қою. Машақаты көп бұл жұмыста Инна Дробинская тақта қойылатын үйлерге арнайы рұқсат алу жұмыстарымен айналысыпты. Өзі 1927 жылдары салынған «Шаболовка» аталатын ауданда тұрады. «Содан өзге үйлерден гөрі өзім тұратын аудандағы үйлерде тұрып, құрбан болғандар болса іздеп, тауып, белгі қойсам деген ой келеді» дейді өзі. Әзірге бес тұлғаны тауыпты. Соның бірі – Жаһанша Досмұхамедов.

Мәскеу музейінің аға ғылыми қызметкері Александра Селиванованың қолдауымен көрме ұйымдастыруды қолға алады. Сырым ауданындағы Айнагүл Ойшыбаеваға хабарласып, қажет суреттер мен мәліметтерін алған. Өз қаржыларымен көрнекілік құралдар жасап, Мәскеу тұрғындарына қараша айынан бастап тамашалауға бар жағдай жасапты.

Инна Дробинская мен Александра Селиванованың атқарып жүрген істері құрметке әбден лайық. Өткен жылдың желтоқсан айында Жаһанша Досмұхамедовтың пәтерін білмесек те, тұрған үйін көріп, көрмеге қатысып қайттым.

Жаһаншаның  соңғы  мекенжайы

Жаһанша атамыздың соңғы тұрған үйін көргеннен соң енді пәтерін қалай табуға болар екен деген оймен жүргенде қуанышты хабарды Айнагүл Ойшыбаева жария етті. Ол фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасына былай деп жазды: «Мәскеу қаласында тұрған Жаһанша Досмұхамедовтың бұрынғы Хавско–Шаболовка көшесі, 11-үй, 7-корпус, 265-пәтерден тұтқынға алынғанын білетінбіз. Соңғы уақытта ол көшенің Лестев болып өзгергенінде көзімізбен көрдік. Мына құжаттарда Ольга Досмұхамедова мекенжайы Лестев болып өзгергенде жазған «Өсиетнамасы» табылды. Онда «Москва. 117 – 419, Лестев көшесі, 19-үй, 2-корпус, 84-пәтер» деп көрсетілген. Бұл олардың өзгертілген дұрыс мекенжайы. Ал, ол үйді оларға кезінде Тұрар Рысқұлов алып берген болатын. Ольга Досмұхамедова қартайып, ауырып жүрген кезінде үйін Рысқұловтың балаларына қайта тапсырып, «Өсиет хат» жазған  екен. Біз ол кісіні 1986 жылы желтоқсанда қайтты деп естіген едік. Шын мәнінде 90 жасқа қараған шағында 1986 жылы 26 маусымда қайтыс  болғанын дәлелдейтін құжат қоса тіркеліпті. Иә, уақыт пен деректің тарих сахнасында кездесуі осы шығар».

Биыл мамыр айында Мәскеуге Надежда Бұрханқызына Ғұмар Қараштың үш томдығын табыстауға бардым. Осы жолы Айнагүл Ойшыбаеваның жазбасындағы Лестев көшесі, 19-үй, 2-корпус, 84-пәтеріндегі Жаһанша атамыздың тұрған орнын көру үшін арнайы соқтым. Үйін білгенмен, пәтері белгісіз болуына байланысты «Соңғы мекенжай» жобасы аясындағы әрекет бәсеңдеп қалған еді. Алдымен «Соңғы мекенжай» жобасы бойынша осы ескі үйлер орналасқан ауданның үйлестірушісі Инна Добринскаяға жолықтым. Екеуміз Жаһанша атамыздың тұрған үйінің подъезіне келіп, 84-пәтердің нөмірін бастық. Ар жағынан әйел адам есік ашты. Лифтімен 4-ші қабатқа көтерілдік. Есік қағып едік, кідірмей ашты. Мән-жайды түсіндіргенімізде, үйге кіріп, фото, видеоға түсіруге қарсылық білдірмеді. Пәтердің иесі Юлиана Геннадьевна Красовская 2003 жылы Ресейдің Түркиядағы елшісінің қызы Елена Павловадан сатып алыпты. Алғаш келгенде, үйдің ішінде ескілікті әдемі, антиквар жиһаздар болыпты. Шығарғанда есіктерден сыймағандықтан, бұзып алып кеткен. Үй екі бөлмелі. Төбесі биік. Ұзына бойы кіреберіс, бір кішкене, бір үлкен бөлме, ас және қол жуатын бөлмелері бөлек. Үйде бес подъезд, бір подъезде 12 пәтер бар. Үй 1927  жылы салынған. Үйдің қазіргі иесі Юлиана Красовская «Соңғы мекенжай» жобасы бойынша үйдің сыртына белгі орнатуды қолдайтындығын және осы үй тұрғындарынан келісім алуға қолұшын беруге дайын екенін жеткізді. Жалпы, «Соңғы мекенжай» жобасының мәні Кеңес дәуірінде саяси репрессияның құрбаны болып, өлім жазасына кесілгендердің соңғы тұрған үйін анықтап, қажет құжаттарын жинап, сол үйдің тұрғындарының жазбаша келісімімен үйдің сыртына кішкене көлемдегі тақтайша ілу. Суретінің орнын әдейі бос қалдырып, қысқаша мәліметтер береді. Бұрын нақты пәтерін білмеп едік. Ол табылды, көрдік. Үй иесі келісім берді. Енді қалған пәтер иелерінің келісімін  алуға  жұмыстану  керек.

Үш    томдықты  табыстау

Осы жұмыстарды ұйымдастыру жолдарын ойлап, таксимен Надежда Қарашеваның үйіне қарай бет алғанмын. Жаңағы Жаһанша атамыз тұрған үйден кішкене жүргеннен соң Дон зиратының маңынан өттік. Бұнда өткен жылдың желтоқсанында тәуелсіздік күні қарсаңында арнайы келгенмін. Бұл – Әлихан Бөкейхановтың мәңгілік мекені. Ел үшін қызмет еткен көшбасшылардың бірі осы маңнан тұтқындалса, бірі осы  жерге  әкеліп  көмілген.

Кешкісін Надежда Қарашеваның үйіне соқтым. Әдеттегідей ерекше жылы шыраймен қарсы алды. Құлап, аяғын сындырып алған екен. Содан бірнеше отадан өтіпті. Құлағы да нашар еститін болған. Осыдан алты жыл бұрын маған сенім артып берген материалдардан, басқа да іздеу шараларының нәтижесінде жинақталып, жарық көрген Ғұмар Қараштың үш томдығын табыстадым. Қатты қуанды, елге сәлем айтып, алғысын білдірді. Ертеңіне Ресей халықтар достығы университетінде Қазақстаннан оқитын қазақ студенттеріне осы үш томдықтың таныстырылымын жасадым. Мәскеуде жүрсе де, білім алумен қатар «Сана» бірлестігін (жетекшісі Дамир Қадырбеков) құрған жастар ұлттық рухты көтеретін түрлі шаралар ұйымдастырып жүр екен, бірсыпырасымен таныстырды. Жаһанша атамыздың тұрған үйіне белгі қоюға қолдан келгенше қызмет етуге дайын екендіктерін айтып, шара соңында маған да кітап сыйлады. Елден жырақта жүрсе де, елдік іске ынталы жастарға ризашылық көңілмен  елге  қайттым.

Осылайша Ғұмар Қараштың мұрасын жинақтай жүріп, Жаһанша Досмұхамедовке қатысты тың деректерге қанықтым. Бұл екі тұлға әлі талай зерттеулерді қажет ететініне көзім жетті. Байыбына бара білсек, олардың айтқан сөздері мен атқарған істері ұлттық идеологияның арқауы  болары  анық.

Жантас  САФУЛЛИН,

«Жайық  Пресс»  ЖШС  бас  директоры,

Орал – Мәскеу – Орал


Сегізсайдан табылған фаянс

Күні: , 175 рет оқылды

Бейсенбі  күні  өңірлік  коммуникациялар  қызметі  алаңында  баспасөз  мәслихаты өтіп,  оған  М. Өтемісұлы  атындағы  БҚМУ  ректоры Нұрлан  Серғалиев  және  аталған  университет  жанынан  құрылған «Рухани  жаңғыру» институтының  директоры  Әсет  Тасмағамбетов  қатысты.

Баяндамашылар Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында оқу ордасында атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Өткен жылы университет қабырғасында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында арнайы «Жол картасы» қабылданып, бірнеше жоба бойынша кешенді істер атқарылған.

– Латын әліпбиіне көшу жобасы бойынша бірнеше конференция және дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Университетіміздің  лингвист ғалымдары осы жобаны іске асыру жолында ғылыми әдістемелік жағынан еңбектенуде. Мәселен, филолог мамандар латын әліпбиінде оқуға қатысты әдістемелік ұсыныстар дайындады. Сонымен қатар «Туған жер» жобасы шеңберінде ғылыми-танымдық экспедициялар ұйымдастырылды. Мысалы, өткен жылдың тамыз айында тарих ғылымдарының кандидаты Мұрат Қалменовтың басшылығымен «Қазақстанның жалпыұлттық 100 киелі нысаны» тізіміне енген ортағасырлық Жайық қалашығында археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Университеттің профессорлық-оқытушылық құрамынан және студенттерден құрылған топ өлке тарихын зерттеу мақсатында өткен жылы Бөкей ордасы ауданына  барып қайтса, биыл Шыңғырлау ауданында біраз еңбектенді. Бүгінде олардың қатысуымен Сегізсай обалар кешенінде қазба жұмыстары жүргізілуде. Айта кетейік, зерттеу барысында обалар маңынан фаянс ыдысы табылды. Зерттеушілер ыдыстың Мысырда жасалғанын дәлелдеді. Демек, өңірімізді ерте кезде мекендеген тұрғындар араб елімен байланыста болған, – деді университет ректоры Нұрлан Хабиболлаұлы.

«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең үздік университет оқулықтары қазақ тіліне аударылып, студенттерге дүниежүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде  білім  алуға  мүмкіндік  берді.

– Аталған жоба аясында 18 оқулық аударылып үлгерсе, біз солардың 1504 данасын алып, қолданысқа енгізудеміз. Сонымен қатар «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша Батыс Қазақстан өңірінің тарихи-географиялық ескерткіштерінің атласы дайындалуда. Бұл бағытта университет ғалымдары шетелдік деңгейде жұмыстануда. «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы бағытында мәдени құндылықтарымызды насихаттау мақсатында Ресей, Латвия, Польша секілді алыс-жақын елдердегі әріптес білім ордаларында түрлі көрмелер ұйымдастырып келеміз. Ал «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы бойынша студенттерге белгілі тұлғалармен кездесу ұйымдастырылады, – деді «Рухани жаңғыру» институтының директоры Әсет Тасмағамбетов.

БҚМУ-да «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі ұстанымдарын білім алушыларға оқу үрдісі арқылы жеткізу үшін арнайы оқу бағдарламалары даярланған. Бұл бағытта филология ғылымдарының кандидаты Қарманай Науанова, география ғылымдарының кандидаты Татьяна Терещенко және филология ғылымдарының кандидаты Құспан Аронов еңбектенген. Олар «Қоғамдық сананың философиялық-ұлттық негіздері», «Өз туған өлкесінің географиясын зерттеу» және «Қазақ жазуының тарихы» атты элективті оқу курстарының оқу жұмыс бағдарламаларын даярлаған. Алдағы оқу жылында жаңа оқу бағдарламалары қолданысқа  енгізілмек.

Айым   ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал   өңірі»


«Жол саласына инвестиция тарту қажет»

Күні: , 29 рет оқылды

Бүгінде  облыста  өндірілген  өнімдерді  Қытайға  экспорттау мақсатында   жұмыстар  жүргізілуде.  Аспан  асты  елінің  нарығында  батысқазақстандық  бизнесмендер  үшін  жаңа  мүмкіндіктер  ашылмақшы.

Бұл туралы облыс әкімі  Алтай Көлгінов  инвестициялар тарту жөніндегі кеңес отырысында мәлімдеді. Жиынға «Kazakh Invest» ҰК» АҚ  басқарма төрағасының орынбасары Біржан Қанешев арнайы қатысты.

Басқарма төрағасының орынбасары Біржан Қанешев айтып өткендей, былтыр құрылған ұлттық компания бүгінде еліміздегі жобалардың жүзеге асуына инвестиция тартумен дендеп айналысып жатыр. Олар ел үшін маңызды жобаларды жинақтап, үкімет қарауына  ұсынады.

«Kazakh Invest»  ҰК» АҚ-ның облысымыздағы өкілдігінің директоры Әнуар Ниетқалиевтың айтуынша, аймақтық өкілдік жергілікті атқарушы құрылымдармен, қаржы институттарымен бірлесіп, белсенді жұмыс жасауда. Өз сөзінде ол облыстағы инвестиция қажет ететін  құны 739 млн. АҚШ доллары болатын жаңа 9 жобамен және жалпы сомасы 2,6 млрд. АҚШ долларына тең  қолданыстағы 11 жобамен таныстырды. Олардың ішінде құс фабрикасын кеңейту мақсатында бройлерді жемдейтін 24 қосымша орын салуға арналған инвестициялық жоба бар. Егер ол жүзеге асса, «Жайық ет» ЖШС жылына 7 мың тонна бройлер етін дайындайды. Ал «Eurasian Logistics» ЖШС көлік-логистикалық орталығын салуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар жобада отель, жанармай құю бекеті мен ауыр жүк көліктерін жуатын орын да қарастырылған. Ауыл шаруашылығы кешеніне қатысты «Батыс Марка Ламб» ЖШС ұсақ мал бордақылайтын алаң құрылысын салу жобасын  жүзеге  асырғысы  келеді.

Осы жерде Алтай Сейдірұлы «Crown Батыс» ЖШС-ның бордақылау алаңын модернизациялау жөніндегі жобасы бойынша ұлыбританиялық компаниямен меморандумға қол қойылғанын атап өтті. Бұл жұмыстар жақын күндері  басталмақшы.

Басқосуда сондай-ақ асфальт-бетон зауытының жобасы таныстырылды. Инвестор «Адал Арна Алматы» ЖШС өкілі Борис Горловтың айтуынша, Бөрлі ауданының Пепель разъезінде салынатын зауыт жобасының құны шамамен 2,5-4,0 млн. АҚШ долларын  құрайды.

– Облыста жолдарды жөндеу басты басымдыққа ие. Сондықтан да инвестицияны осы салаға тарту қажет. Өкінішке орай, біздегі асфальт-бетон зауыттары заманауи стандарттарға сәйкес емес.

Ал бұл зауыт жаңа технологияларды қолданатын болса, келешегі бар жоба болғалы тұр. Облыстағы жол салумен айналысатын кәсіпорындардың деңгейі де төмен. Сол үшін жол кәсіпорындары инвестиция тартып, өздерінің материалдық-техникалық базаларын модернизациялауы керек. Жол салуға қажетті шикізаттың болмауы да бұл сала  жұмысының қарқынын төмендетіп, сапасына кері әсер етеді. Инвесторлар битум шығаруды ойластыру керек деп ойлаймын. Өйткені битум сапалы болса, асфальт та сапалы болады, – деді Алтай Сейдірұлы.

Тасқала ауданында тез пісетін алма бағын қалыптастыру жобасымен «ТексасЭдвансдРисечСенте» ЖШС директоры Газиз Исаев таныстырды. Бұл жобаны жүзеге асыруға өңірдің экологиялық және климаттық жағдайы сәйкес келеді. Оған қолдау білдірген облыс басшысы өңірге тап осындай интенсивті бақша қажет екенін атап өтті. Аталмыш компанияның елімізде жұмыс тәжірибесі бар. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сәйкес, елімізде алманың 40 пайызы импортталады екен. Соның ішінде біздің де облыс бар. Егер түрік компаниясының жұмысы жақсы жүрсе, облыстағы бағбандардың да олардан бағбандықтың жаңа қыр-сырын үйренуге мүмкіндіктері болмақ. Ал мұндай тез пісетін бақтар Алматы және Түркістан облыстарында  жақсы  дамыған.

Инвесторлардан соң мінберге шыққан ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО бойынша департаментінің басшысы Болат Исақов «Инвестиция мен бизнесті сыбайлас  жемқорлықтан қорғау» жобасымен таныстырды. Оның хабарлауынша, «DOING BUSINESS 2018» рейтингісі бойынша Қазақстан 190 елдің арасында 36-орын иеленеді. Бүкіләлемдік экономикалық форум шеңберінде айтылған 2016-2017 жылдардағы жаһандық бәсекеге қабілеттіліктің индексінде әлемнің 138 елі арасында Қазақстан 53-орын алған. Ал инвесторларды қорғау бойынша еліміз 2011 жылдан бері 36-орыннан 3-орынға көтерілген.

Өз кезегінде сөз алған Бөрлі ауданының әкімі Санжар Әлиев ауданның инвестициялық әлеуеті туралы жан-жақты баян етті. Елбасы тапсырмасының бірі – көлік-логистикалық инфрақұрылымның тиімділігін арттыру. Соған орай ауданда транзиттен түсетін кірісті көбейту шаралары алынбақ. Бұл мемлекеттің инфрақұрылымға жұмсаған қаражатын аз уақыт ішінде қайтарып алуға мүмкіндік береді.

– Аудан аумағында республикалық маңызы бар 100 шақырымнан асатын «Подстепный – Елек – РФ» аутокөлік жолы бар. Біз жүк ағынына талдау жүргізіп, ағымдағы жылдың бес айында тек Ресей Федерациясының шекарасынан 17 мың дана аутокөлік өткенін анықтадық. Аудан аумағындағы аутокөлік жолы учаскелеріндегі жол жиегіндегі жолаушыларға қызмет көрсететін орындар  жоқ. Тек Бөрлі ауылында екі жол бойындағы кафе және 2016 жылдан бері тоқтап тұрған жанармай құю стансасы бар. Жол жиегінде қызмет көрсететін нысандар ұлттық стандарттарға сәйкес келмейді, – деген Санжар Жұматайұлы осы олқылықтарды жою үшін арнайы шаралар қолға алынғанын айтты.

Ауыл шаруашылығы саласына тоқталған аудан әкімінің айтуынша, ауданда картоптан басқа көкөністер, сүт және ет өнімдері өзге өңірлерден әкелінеді. Сүт және ет өнімдерін өндіру және қайта өңдеумен «Нұр» шаруа қожалығы мен «Шайдецкий» жеке кәсіпкерлігі айналысып келеді. Шағын жылыжайлар салу жобасын жүзеге асыру бойынша жұмыстар басталған. Аудан аумағында қуаттылығы 1МВт болатын 50 жел генераторын қондыру жоспарлануда. Бұл үшін Ақсай қаласының солтүстік бөлігінде 100 га жер телімі 49 жылға пайдалануға берілген.

Әлеуеті зор инвестициялық жобаларға қолдау көрсететін кеңес барысында өңірдегі инвестициялық климатты жақсарту бағытындағы жобалар жан-жақты талқыланып, облыс басшылығы тарапынан  тиісті  тапсырмалар  берілді.

Ясипа  РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»

Суреттерді  түсірген  Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ


65 шақырымды 5 сағат 37 минутта жүгіріп өтті

Күні: , 120 рет оқылды

Өткен  жылы  Бостандық ауылының   желаяқтары  Мержан  Серіков  және  Еділжан  Қосболов 47 шақырымды  жаяу  жүгіріп  өтіп,  жұртшылықты  таңғалдырған  еді.

«Апырмай, Жыланбаевтар қасымызда жүр екен ғой» деп қазталовтықтар  қайран  қалған  болатын.

26 маусым күні Мержан мен Еділжан өздерінің туған ауылына қатысты «Бостандықтық марафон» атағын қалыптастыру үшін 65 шақырым жерді жүгіріп өтті. Таңғы сағат 4:00-де басталған жүгіру Бостандық – Қаракөл – Әжібай – Қазталов – Бостандық  ауылына  дейінгі 65 шақырымды  артқа тастап, желаяқтар 9:37-де Бостандыққа келді. Бір өкініштісі, Еділжан Қосболов бұрыннан алған жарақатына байланысты Қазталов ауылында марафонды тоқтатса, 24 жастағы Мержан діттеген мақсатына жетті. Бірнеше күннен бері 40 градустан түспей тұрған ми қайнатар ыстықта жүгіріп өту – нағыз  мықтылық.

Міне, бостандықтық «Жыланбаевтар» Астананың 20 жылдық мерекесі алдында  осындай  сый  жасады.

Мөлдір  ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ,

Қазталов   ауданы


Мал шаруашылығын дамытудың мүмкіндігі зор

Күні: , 27 рет оқылды

Сейсенбі  күні  облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов  өңірімізге  танымал  азамат,  «Айсұлу»  шаруа  қожалығының  жетекшісі  Мағауия  Зайнуллинмен  кездесті.

Кездесу барысында мал шаруашылығын дамытудың негізгі бағыттары, өңірдегі ірі қара малының санын көбейту шаралары туралы әңгіме өрбіді. Сонымен қатар асыл тұқымды мал шаруашылығын субсидиялау және кредиттік мүмкіндіктерді кеңейту мәселелері де талқыланды.

Мағауия Зайнуллиннің айтуынша, бүгінгі таңда Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың саясатының арқасында әрбір адам өзінің әлеуетін іске асыруға және Отанымыздың игілігі үшін жұмыс істеуге мүмкіндік алды. Өңірде де мал шаруашылығын дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасалған. «Мал шаруашылығын дамыту бойынша  облысымыздың әлеуеті өте жоғары. Сондықтан ірі қара малын  1 миллионға дейін жеткізуге мүмкіндік бар» – деген ол шаруа қожалығында атқарылып жатқан жұмыстарды  да  баяндады.

Кездесуде облыс әкімі ауыл шаруашылығы саласының ардагерін 70 жылдық мерейтойымен құттықтап, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға қосқан үлесін атап өтіп, оған зор денсаулық  пен  ұзақ  ғұмыр  тіледі.

Облыс  әкімінің баспасөз  қызметі

Суретті  түсірген  Александр  КУПРИЕНКО


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика