Мұрағат: 25.06.2018


Ананың алғысы

Күні: , 32 рет оқылды

«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы тарапынан «Жиырма игі іс» және «Кедергісіз келешек» жобалары аясында Орал қаласында тұратын жалғызбасты анаға қаржылай қолдау көрсетілді. Қаржылай көмекті көпбалалы ана  Арман Хамитоваға аталмыш партияның Батыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлеймен бастаған партия қызметкерлері аяқтай барып табыс етті.

Төрт балалы ана Арман Хамитованың мамандығы – қазақ тілі және қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі. Алайда ол балаларының денсаулығына байланысты үйде отыруға мәжбүр. Қыздарының үлкендері №45 мектеп-гимназиясының жетінші және оныншы сыныптарына көшкен. Ал олардан кейін жарық дүниеге көрінген ұлы Абдухамит пен кенже қызы Бибірәзияның денсаулықтарында ақау бар. Сол себепті Бибірәзия №19 мектептің түзелту сыныбында оқиды, ал он жасар Абдухамит үйде тәрбиеленуде. Көпбалалы ана қалалық №5 емханада тіркеуде тұрған сәбилеріне Алматы қаласында емделуге тегін жолдама алып, жақын арада жол жүргелі отыр.

– Ұлым үш жас он айына дейін алаңсыз өсті. Дамуында ешбір ақау байқалмады. Кенеттен қырық минут бойы үзіліссіз сіреспе (судороги) ұстап қалды. Содан ауруханада есінен танып, талықсып кетті. Оянған соң бізді танымады, тіпті мойынын тік ұстауға шамасы келмей қалды. Кейін дәрігерлер оған «ДЦП» диагнозын қойды. Бүгінде арнайы әлеуметтік қызметкерлер үйге келіп, түрлі ем-шаралар жасап жүр. Кенжетайым Бибірәзияға жүкті кезімде жолдасым өмірден өтті. Қайғының да әсері шығар, қызым дүниеге келгенде бір жақ қолы мен аяғы дұрыс істемейтін болды, аяғын сылтып басады. Жуырда екі баламды алып, Алматы қаласына жол жүргелі отырмын. Біздің жағдайымыз туралы ауруханадан ақпарат алып, қаржылай көмек көрсеткен, оның үстіне азық-түлік әкеліп берген «Нұр Отан» партиясының қызметкерлеріне алғысымыз шексіз. Өмірде жақсы адамдардың көп екендігіне тағы бір мәрте көзім жетті. Қайырымды жандардың осындай игі істері көбірек насихатталып, өзгелерге үлгі болса екен, – дейді көпбалалы ана.

Айым ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал өңірі»


Еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі ынталандыруға жол ашады

Күні: , 75 рет оқылды

Ұлт жоспары «100 нақты қадамның» кіріспесінде оның қоғам мен мемлекеттегі түбегейлі өзгерістерді қалыптастыратыны айтылған, олардың басты мақсаты – жүйелі аурулардың сыртқы белгілерін жуып-шаю емес, оны емдеу  болып  табылады.

Дамыған 30 елдің қатарына кіруге жол ашатын, кәсіби мемлекеттік аппараттың қалыптасуына бөгет болатын осындай жүйелі мәселелердің бірі – халыққа тиімді және адал қызмет ету идеясын құнсыздандыратын мемлекеттік қызметшілердің еңбекақы деңгейінің жеткіліксіз дәрежедегі бәсекеге  қабілеттілігі  болып  табылады.

Бұл – мемлекеттік аппарат қызметкерлерінің кәсіби дәрежесінің төмендігінің және олардың жемқорлыққа ұшырау себептерінің бірі.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен біз осы мәселені шешудің кешенді амалдарын қарастырдық.

Біріншіден, кадрларды іріктеу және жоғарылату барысында біліктілік тәсілі енгізілді. Маманның өз білімін күнделікті қызметте қалай қолданатынын және қажетті дағдыларымен қабілеттерін анықтау маңызды. Нәтижелі жұмыскер болу үшін теориялық білім жеткіліксіз. Мысалға, көшбасшылық саласындағы маман әрқашан көшбасшы болуға қабілетті емес.

Екіншіден, мемлекеттік органдардың қызметшілерін бағалау жүйесін қайта қарастыру іске асырылды. Бұл жүйенің кемшіліктері айқын. Мемлекеттік қызметшінің атқаратын жұмысының нәтижелілігі оның ұйымның стратегиялық жоспарын жүзеге асыруға қосқан жеке үлесіне әділ баға беруге мүмкіндік бермейтін ресми көрсеткіштерге орай анықталды.

Біз маманның кәсіби қалыптасуын ғылымға негізделген тексеру жүйесін енгізу арқылы осы және басқа кемшіліктерді жой-дық. Бұл жүйенің сапасы «Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметшілерін кешенді аттестаттау  барысында  сыналды.

Мемлекеттік органдардың қызметшілерін қаржылық ынталандыруды  күшейту  қажет  болды.

Мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысын олардың қызметінің нәтижелеріне байланысты көтеру Ұлт жоспарында көрініс тапқан түйінді міндеттердің бірі.

Оны шешу Мемлекет басшысының біздің барлық жұмысымыз халықтың табыс деңгейін арттыруға бағытталуы тиіс деген нұсқауы тұрғысында айрықша өзектілікке ие болады.

Ол үшін еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі әзірленіп, пилоттық режимде агенттікте, Әділет министрлігінде, Астана қаласының және Маңғыстау облысының әкімдіктерінде енгізілді.

Ол екі бөліктен тұрады: факторлы-балдық шкала негізінде анықталатын «тұрақты» және бір жыл ішінде атқарған жұмыс нәтижелері бойынша кем дегенде төрт жалақыдан жоғары бонус төлеуге байланысты «ауыспалы».

Пилоттық жобаның мәні неде? Жаңа жүйенің үш айқындаушы факторы бар. Ол құзыреттілік пен жұмыс тәжірибесі, шешілетін міндеттердің ауыртпалық деңгейі және нәтижеге қол жеткізу үшін жауапкершілік деңгейі.

Аталған факторлар бойынша «ұпайлар» жиынтығы еңбекақы төлеудің жаңа кестесіндегі лауазымның орнын айқындайды. Ол төрт блокқа біріккен: жауапты хатшылар, аппараттардың басшылары мен комитеттердің төрағалары кіретін жоғары басқарушы, негізгі, жәрдем беруші және қосалқы.

Қызметінің тиімділігі ұйымның стратегиялық мақсаттарға қол жеткізуі үшін түйінді болып табылатын негізгі салалық бөлімшелердегі жұмыс, әрине, жәрдем беруші және қосалқы құрылымдардағы жұмыспен салыстырғанда әлдеқайда жоғары төленетін болады.

Еңбекақы төлеудің жаңа жүйесін енгізу не береді?

Біріншіден, материалдық ынталандырудың пәрменді тетігі құ-рылады. Біз бірінші рет жұмыстың сипатына, ауыртпалық деңгейіне және тиімділігіне қарамастан, барлығы тең дәрежеде жалақы мен сыйақы алатын теңестірілген тәсілден бас тартамыз.

Мысалға, мемлекеттік органның стратегиялық мақсаттарына қол жеткізуде маңызды рөл атқара-тын департаментінің сарапшысы, құжаттарды тіркеу мен жіберу бойынша міндеттерді атқаратын канцелярия бөлімінің маманымен бірдей еңбекақы алады. Біреуі тиімді басқарушылық шешімдерді тұрақты іздеумен айналысса, екіншісі, әзірленген дайын алгоритм шеңберінде әрекет етеді. Сыйақыға байланысты жағдай да осындай.  Яғни, әділеттіліктің негізгі қағидасы бұзылады.

Екіншіден, жаңа моделді қолдану аймақтардағы және орталық-тағы мемлекеттік қызметшілердің жалақысындағы үйлеспеушілікті 70%-дан 10%-ға дейін түбегейлі қысқартуға мүмкіндік береді. Ол «орталық – аймақ – орталық» қағидасы бойынша кадрлар айна-лымы тетігін тиімді қолдануға мүмкіндік береді.

Үшіншіден, осы жолмен біз мемлекеттік қызметті, әсіресе,  талантты жастар үшін еңбек нарығындағы тартымды, бәсекеге қабілетті ойыншы ретінде таныстыра аламыз. Бүгінгі күннің өзінде пилоттық органдардағы мемлекеттік қызметшілердің жалақысы екі есе артты.

Ол еңбекке деген қатынасты түбегейлі өзгертеді, яғни заманауи адамды жетістікке жетелейтін жасампаздық пен көшбасшылыққа шақырады.

Әрине, санаулы айлар ішінде мемлекеттік қызметшілерді материалдық ынталандырудың үздік моделі құрылады деп есептеу қателік болар. Сол себепті бұл жобаны жүзеге асырудың барлық мәселелік жақтарын талдап, әрі қарай оны барлық мемлекеттік аппарат ауқымында іске қосу үшін пилоттық  режимде  енгізілді.

Пилоттық жобаның аралық нәтижелері қызметшілердің адал және тиімді еңбек етуге талпынысын, сонымен қатар бәсекенің артуын көрсетіп жатқанын атап өткен жөн. Өткен жылмен салыстырғанда кадрлардың ауысуы шамамен үш есе азайды, ал Әділет министрлігінде ағымдағы жылы мемлекеттік қызмет жүйесінен бірде-бір адам кетпеген.

Бір орынға жарияланған байқауға 55 үміткер қатысуда. Яғни мемлекеттік қызметтің тартымдылығы мен абыройы артуда.

Реформаның маңызды көрсеткіштерінің бірі – пилоттық жобаны жүзеге асыруға қатысатын мемлекеттік органдардан сұрастырылған жұмысшылардың 95%-ы оның нәтижелеріне қанағаттануында.

Факторлық-балдық шкала шеңберінде жалақының артуына қарамастан, ағымдағы жылы агенттіктің штат санын толықтыруға мараторий жүргізу арқылы орталықта 30% және аймақтарда 10% оңтайландырдық, бұл орталық аппараттың орындаушылық сатысындағы қызметшілердің жалақысын 60%-ға, аймақтық департамент қызметшілерінің жалақысын 10%-ға арттыруға мүмкіндік берді.

Бұл бағыттағы келесі қадам кадр қызметтерінің жұмысын қол-даныстағы «Е-қызмет» ақпараттық жүйесі негізінде жалпы қызмет көрсету орталығының үлгісіне ауыстыру  болды.

Шетелдік және отандық тәжірибе көрсеткендей, жеке компаниялар мен мемлекеттік мекемелердің адамзаттық капиталы сапасын айтарлықтай арттыруға қол жеткізу, сонымен қатар HR-саясат саласында шығындарды азайту қызметкерлерді басқарудың интеграцияланған жүйесін құру арқылы қамтамасыз етіледі.

Ол қызмет көрсету орталығының жалпыға ортақ модельдерінің бірі. Мысалы, Нидерландыда қызметкерлерді басқару саласында қызмет көрсететін осындай орталықты құру мемлекеттік мекемелердің аталған қызметті атқаратын жұмыскерлер санының 50 пайызға қысқаруына және 250 млн. доллар көлеміндегі қаражаттың үнемделуіне алып келді.

Біздің жобаны жүзеге асыру  HR-үрдістеріне жұмсалатын шығынды қысқартуға мүмкіндік береді.

Қызметкерлерді басқарудың интеграцияланған жүйесінің жұмыс істеуі шеңберіндегі кадрлық іс-жүргізуді орталықтандыру мемлекеттік органдардың құрылымы мен қызметшілерін оңтайландырудың сапалы жаңа кезеңінің бастамасы болмақ. Біздің есебіміз бойынша, аталған модельді барлық мемлекеттік қызмет ауқымында қолдану кадр бөлімдерінің қызметкерлерін және жалақы төлеу бойынша бухгалтерлерді шамамен 4600-ге қысқартып, жыл сайын 5,5 млрд. теңге үнемдеуге болады.

Оңтайландыру бойынша кешенді жұмыс мемлекеттік қыз-метшілердің еңбекақысының жаңа жүйесін енгізу бойынша жобаға қатысатын әкімдіктерде де жүргізілуде. Осылай өзгертудің арқасында Астана әкімдігі басқармаларының саны 30-дан 21-ге дейін қысқарды. Артық басқарушылық құрылымдар оңтайландырылды, қосарланушылық жойылды. Агенттікке ұқсас қызметшілерді басқарудың бірыңғай қызметі, сонымен қатар бақылау саласында бірыңғай орган құрылды. Халықпен кері байланыс құруға арналған «I-komek» бағдарламасы іске қосылды.

Маңғыстау облысында басқарушылық құрылымдарды оңтайландыру, бизнес-үрдістерді автоматтандыру жүргізілуде, аудандар қағазсыз құжат алмасу жүйесіне ауысуда.

Бақылау-қадағалау міндеттерінің қысқаруы, қосарланушы міндеттердің жойылуы, міндеттерді бәсекелі ортаға жіберу және әрі қарай цифрландыру мемлекеттік органдардың құрылымдары мен штат санының оңтайландырылуына, мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысын арттыруға арналған қажетті қаржы қорының пайда болуына әкеледі.

Лауазымдары қысқартылатын мамандарды әлеуметтік қорғау мақсатында біз бейінді мемлекеттік органдармен бірлесіп, оларды қайта оқыту және әрі қарай жұмыспен қамтамасыз ету мәселесін  шешудеміз.

Жалпы, факторлы-балдық шкаланы енгізу бойынша жұмысты мемлекеттік органдарда шығындарды оңтайландыру есебінен қарастырылатын қаржының болуын есепке ала отырып, кезең-кезеңімен өткізу қарастырылған. Соның өзінде Президенттің 2007 жылғы 29 наурыздағы «Әкiмшiлiк реформаны одан әрі жүргізу жөнiндегi кейбір шаралар туралы» жарғысына сәйкес еңбекақы төлеудің қолданыстағы қорының бюджетке қайтаруды қажет етпейтіндігін, яғни мемлекеттік органдардың теңгерімінде қалдыры-латындығын  ескерген  жөн.

Мансаптық модельді құрудың әлемдік тәжірибесі бойынша мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптарды арттырумен қатар, олардың әлеуметтік қорғалуының деңгейін де арттыру қажет. Сол себепті қазіргі уақытта Президент әкімшілігінің қолдауымен агенттік мемлекеттік қызметшілерді әлеуметтік қамту деңгейін жақсарту бойынша шаралар  әзірлеуде.

Баспаналы болу және зейнетақы тағайындау, балабақшаларда орындармен қамтамасыз ету, аймақтарда денсаулықты қалыпқа келтіру үшін жағдайлар жасау барысында жеңілдіктер ұсыну сөз болып  отыр.

Мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік жағдайларын жақсар-туға Мемлекет басшысының 5 әлеуметтік бастамасын, оның ішінде «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыру маңызды серпіліс бермек. «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс банкі» АҚ-мен бірлесіп әскери қызметшілер мен арнайы органдардың қызметшілеріне арналған бағдарламалар сияқты әкімшілік мемлекеттік қызметшілерге арналған «5-5-25» ипотека мәселесін әзірлеу шаралары басталды.

Жаңа еңбекақы жүйесін қосқанда, мұның барлығы мемлекеттік қызметшілердің ынтасын айтарлықтай арттыруға мүмкіндік беретін болады.

Мемлекеттік қызметшілердің жалақысын орташа деңгейде екі есе арттыру бойынша реформаны толыққанды жүзеге асыру 220 млрд. теңге қосымша қаржыны талап етеді. Қаражат мөлшері ауқымды, бірақ оны тіпті бюджетке ауыртпалық түсірмей-ақ қарастыруға болады. Аталған жұмыс Ұлттық экономика министрлігінде агенттікпен бірлесе Мемлекет басшысының мемлекеттік органдар мен ведомстволық бағынышты ұйымдарды оңтайландыру мен нығайту туралы тапсырмасы аясында орындалып жатыр. Біз бастапқы кезеңде бос жұмыс орындарын қысқартуды дұрыс деп есептейміз. Олардың мөлшері шамамен 12 мың. Ол бірден 13 млрд. теңгені  бөлуге  мүмкіндік  береді.

Бағынысты ұйымдарды оңтайландыру тұрғысынан, олардың ұйымдық-құқықтық нысанын коммуналдық мемлекеттік мекемеден (КММ) коммерциялық емес акционерлік қоғамға (КЕАҚ) өзгерту тиімді шаралардың бірі болып табылады.

КЕАҚ форматында жұмыс істеудің негізгі артықшылығы –  басқарудың икемділігі, бюджетті бөлудегі тәуелсіздік, қызметкерлерді бәсекеге қабілетті жалақымен қамтамасыз ету және қызметкерлер  санын  азайту  мүмкіндігі.

Мысалы, осы өзгерістің нәтижесінде Астана әкімдігі Балалар үйінің басшылығы қаржы-шаруашылық қызметінің ашықтығын  арттырды. Осылайша 90 млн. теңге үнемделіп,  өрт қауіпсіздігі жүйесін жетілдіруге, үй-жайларды жөндеуге және жылумен қамтамасыз ету инфрақұрылымын жақсартуға, биометриялық қол жеткізу жүйесін енгізуге бағытталған.

Ең бастысы, қолда бар бюджетпен қызметкерлердің жалақысын 3-4 есеге көтеру мүмкіндігі болды. Егер бұрынғы еңбекақы 33 мыңнан 120 мың теңгеге дейін болса, бүгінгі күні  120 мыңнан 450 мың теңгеге дейін жетіп отыр. Астаналық балалар үйінде жүргізілген мұндай жұмыс басқа мемлекеттік мекемелер үшін үлгі бола алады деп ойлаймын.

Жоғары ынталанған мемлекеттік қызметші өзінің мансаптық және материалдық келешегінің тұтас және толығымен ұйымның мақсаттарын жүзеге асыруға қосқан өз үлесіне, әлеуеті мен жеке қасиеттеріне баға беруге тәуелді екеніне сенімді болған жағдайда өзінің абыройын бағалап, әрқашан өзінің кәсіби білімі мен дағдыларын дамытуға талпыныс жасайтыны ешбір күмән туғызбайды. Бұл – біздің атқаратын еңбегімізден  күтілетін  нәтиже.

Алик  ШПЕКБАЕВ,

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің  төрағасы


Балабақшаға электронды кезекке қалай тіркелуге болады?

Күні: , 99 рет оқылды

Жуырда  Орал  қаласы  әкімдігінде «Баланы балабақшаға  электронды  кезекке  қою»  тақырыбында  дөңгелек үстел  ұйымдастырылды. Аталған  жиынға  Орал қаласының  білім беру  бөлімінің  өкілдері  және  ата-аналар  қатысты.

Білім  бөлімі  қызметкерлерінің  айтуынша, қазіргі  таңда бөбектерді балабақшаға кезекке қою мәселесі  толығымен автоматтандырылған. Енді ата-аналарға барынша ыңғайлы болуы үшін арнайы портал қызмет етеді.

– Кез келген ата-ана ғаламтор арқылы http://garden.bilim-oral.gov.kz сайтына өтіп, тіркеліп, өз кезек нөмірін біле алады. Кейін олардың ұялы телефондарына балабақшаға қабылданғандары жөнінде хабарлама келеді. Жаңа жүйедегі біріктірілген кезек сәбилердің жасына байланысты іріктеледі. Өйткені, әрбір мектепке дейінгі білім беру ұйымындағы топтар жас бойынша бөлінеді. Әр топтың өз бағдарламалары болады. Портал еш үзіліссіз жұмыс жасайды. Дегенмен, күрделі жүйе болғандықтан, кейде жөндеу жұмыстарына байланысты техникалық үзілістер болуы мүмкін, – деді қалалық білім бөлімінің басшысы  Жансұлу  Меңешқызы.

Орал қаласындағы балабақшалардан ай сайын шамамен 200 бүлдіршін түрлі себептермен шығып кетеді екен. Ал бос орындарға әскери және арнайы құры-лымдарда қызмет етушілердің сәбилері кезектен тыс орналастырылады. Одан соң әлеуметтік жағдайына байланысты атаулы жеңілдіктер қарастырылған отбасылар өтеді. Қалған бос орындарға жалпы қала тұрғындарының бүлдіршіндері іліге алады. Жиында  «Сарытау» шағынауданында тұратын Әлия Әбдірешова екі жастан асқан баласын бөбекжайға орналастыра алмай жүргенін айтты.

– Балам 2016 жылы дүниеге келісімен, халыққа қызмет көрсету орталығына барып, кезекке тұрған едік. Шамамен 130-орында болғанбыз. Алайда жаңа портал қызметі басталғалы кезегіміз ілгері жылжудан қалды. Өйткені дәл бізге қажет балабақшадан орын босай қалса, алдымен арнайы кезектегілерге беріледі. Осымен бірнеше рет кезегімізден қағылдық. Қаланың басқа шетіндегі бөбекжайларда бос орындар бар екенін білеміз. Дегенмен үйімізден де, жұмыс орнымыздан да шалғайда орналасқан балабақшаға баруға жағдайымыз келмейді, – дейді  Әлия  Әбдірешова.

– Ата-ана балаларын порталға тіркелген бойда оларға бос орындары бар балабақшалар тізімі ұсынылады. Алайда белгілі бір балабақшаға ғана барғысы келетін ата-аналар саны жеткілікті.

Барлығының қалауын бірдей қанағаттандыру мүмкін емес. Расында, Орал қаласында әскери қызметшілер, арнайы әлеуметтік топқа кіретін отбасылар өте көп. Ал  біз қабылданған қағидаларды өзгерте алмаймыз, – деді электронды жобаның құрастырушы өкілі  Евгений  Щербатов.

Орал қаласы бойынша барлығы 18 мың балдырған бөбекжай кезегінде тұр. Онлайн портал арқылы тіркелушілер саны күнненкүнге артып келеді. Мәселен, маусым айында 2080 бүлдіршін балабақшадан түлесе, кезекте тұрған 1841 сәби балабақшаға бару үшін электронды жолдама алған. Бүгінгі таңда олардың 90 пайызы балабақшаға орналасып үлгерген. Ал қалған орындар қаланың шет жақтарындағы балабақшаларда болғандықтан, әзірге бос тұр. Жалпы, онлайн кезекке тұру көрсеткіші жаз мезгілінде жоғарылайды  екен.

Айым   ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал   өңірі»


Мақсот Жұмаев атындағы орталық ашылмақ

Күні: , 65 рет оқылды

Жуырда  өңірлік  коммуникациялар  қызметі алаңында «БҚО-дағы  балалар мен  жасөспірімдер  туризмін  дамыту»  тақырыбында  баспасөз  мәслихаты  өтті.

Балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығының директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Виктор Фоминнің айтуынша, биыл балалар туризмін дамыту үшін  еліміз  бойынша 50-ге жуық республикалық байқау ұйымдастырылған. Солардың ішіндегі «Жеңіс алауы»  атты байқауға  республиканың түкпір-түкпірінен 700-ге жуық үміткер қатысқан. Сондай-ақ республикадағы 18 мыңнан астам оқытушының   925-і туризм  саласының мамандары екен.  2015 жылы елімізде  21 туризм орталығы тіркелсе, оның 14-і  БҚО-да орналасқан. Қазір еліміздегі  туризм орталығының саны 40-қа жеткен. Болашақта оның  санын  200-ге  жеткізу  көзделуде.

– Туризм – ел экономикасын дамытуға елеулі үлес қосатын сала. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында туған жерге, оның мәдениетіне, салт-дәсүріне ерекше көңіл бөлу қажеттігін айтты. Балалар мен жасөспірімдер туризмін дамытсақ,  өскелең ұрпақтың санасында патриоттық тәрбие қалыптасады. Осы орайда «Менің Отаным – Қазақстан», «Жайық толқыны» секілді байқаулар ұйымдастырылып келеді. Туризм саласында толғандыратын мәселелер жетерлік. Соның бірі – экскурсовод мамандарының жеткіліксіздігі. Өйткені жоғары оқу орындарында экскурсовод  мамандарын даярламайды.  Сондықтан  тарихшылар  тарих және  өлкетану, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері  қазақ тілі мен әдебиеті және музей ісі, географтар география және экскурсовод секілді қосалқы мамандықтар иеленсе, жақсы болар еді деп ойлаймын. Өздеріңізге мәлім, ел экономикасының дамуына үлес қосатын 40-қа жуық туризм бағыттары айқындалды. Соның үшеуі БҚО-да деп танылды. Яғни Шалқар көлі, Бөкей ордасы ауданы және облыстық балалар мен жасөспірімдердің туризм орталығы. Біздің жетістігіміздің бірі ретінде былтыр Зеленов ауданындағы Краснов ауылының маңынан табылған ихтиозаврдың қаңқасын айтар едік. Өйткені, бұған дейін Қазақстаннан ихтиозаврдың қаңқасы табылған жоқ. Аталмыш  олжа палеонтология саласындағы әлемдік ғалымдар  зерттемеген ең ежелгі түрі екені анықталды. Зерттеу жұмысын жүргізгенде немесе саяхаттағанда балаларды табиғат аясына алып барамыз. Себебі, адамзат табиғаттың бір бөлшегі екенін ұғынса дейміз. Егер жасөспірімдерге түсіндіру жұмыстарын ғимараттың ішінде жүргізсек, олар оны жадынан тез өшіріп алады. Кез келген ғимарат ол – жасанды орта.  Ал табиғаттың аясында көзбен көріп, құстардың дауысын құлағымен естіп, тастарды аяғымен басып тұрып жүргізген зерттеу жұмыстары олардың жадында өмір бойы сақталады. Табиғатқа шыққанда адамдағы сезім мүшесінің барлығы жұмыс жасайды. Сондай-ақ біздің мақтанышымыз  альпинист Мақсот Жұмаевтың  атындағы орталық ашу  жоспарда  бар, – дейді Виктор  Фомин.

Гүлсезім   БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі» 


Аптап ыстықта абай болайық!

Күні: , 62 рет оқылды

Күн райын бақылау, ауа райын болжау тікелей міндет-миссиясы болып табылатын «Қазгидромет» мекемесінің күн ілгері таратқан мәліметіне қарағанда, алдағы күндері аптап ыстық болатын түрі бар. Әсіресе, бүгін және ертең біздің облыстың аумағында аспан айналып, жерге түсердей алапат ыстық болады деп күтілуде. Ауа райын болжаушылардың ақпаратына қарағанда, облыстың кей жерлерінде күннің ыстығы тіпті  40-42 градусқа дейін жететін көрінеді. Демек, абай болыңыз, ағайын! Әсіресе, қариялар мен балаларға, сондай-ақ жүрек-қан тамыры дертіне шалдыққан жандарға мұқият болайық!

Күнтізбе бойынша қырық күн шілде келіп қалды. Кеше ғаламтордан Орал қаласына қатысты алдағы бір айдың күн райы болжамына көз салғанбыз. Туар айдың тоғызы мен он бесі аралығында ғана күндіз +22º, +26º аралығында болмақ. Ал қалған күндері ыстық +29º, +30 градустан бастап, +38 градусқа дейін шарықтайды. Демек, жылдың ең ыссы айындағы біздің облысқа қатысты ауа райы да осы шамадан көп ауытқи қоймас.

Қырық күн шілде шыбын жанын қуырғанда адам баласының суға шомылуға аңсары ауатыны заңдылық.  Бұл бағытта да сақтықты күшейткен абзал. Сонымен қатар төтенше жағдайлар құрылымдарының басшы-қосшысы күннің қатты ысуына байланысты өрт қаупі күрт күшейгенін алға тартып, әлсін-әлсін дабыл қағуда. Ендеше, «Сақтанғанды сақтайтынын» һәм «Сақтықта қорлық жоқ» екендігін есімізден шығармайық, әлеумет!


Төтеншеліктерге – 28 аутокөлік

Күні: , 62 рет оқылды

Полиция күніне орай Орал қаласындағы тұңғыш Президент атындағы алаңда Батыс Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері марапатталып, оларға жаңа аутокөліктердің кілттері табысталды.

БҚО ТЖД қызметкерлерін облыс әкімінің орынбасары Миржан Сатқанов және БҚО ТЖД бастығы, генерал-майор Жасұлан Жұмашев құттықтап, оларға алты «Хюндай Туксон» аутокөлігін, 18 АСА (Уаз 390995-460-04), үш АЦ 5-40 Урал-4320 және бір Ал-32 КамАЗ-43118 көліктерінің кілттерін  табыс  етті.

– Құрметті төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, сіздерді Полиция күнімен құттықтаймын! Материалдық-техникалық әлеуетті нығайту мақсатында сіздерге арнап жергілікті бюджет есебінен жаңа аутокөліктер алынды. Еңбектерің нәтижелі болып, ел-жұрттың алғысына бөлене беріңіздер! – деді құттықтау сөзінде Миржан Мұнайдарұлы.

Шара барысында бірнеше қызметкер мінсіз қызметтері үшін алғысхаттармен марапатталды. Салтанатты жиын мерекелік концертке ұласты.

Айым  ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал өңірі»


Полицейлер де мерекелейді

Күні: , 40 рет оқылды

Ел ішіндегі қоғамдық тұрақтылық пен тыныштыққа жауапты Қазақстан полициясының кәсіби мерекесі сенбі күні Абай алаңында салтанатты түрде аталып өтті. Жиынға облыс әкімі Алтай Көлгінов бастаған ат үстіндегі азаматтар мен сала ардагерлері,  полиция қызметкерлері  қатысты.

– Бүгін – ел тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті сақтау және әрбір азаматтың құқығы мен бостандығын қорғау жолында абыройлы қызмет атқарып жүрген полиция қызметкерлерінің кәсіби мейрамы. Сіздер Елбасы – Жоғарғы бас қолбасшы Нұрсұлтан Әбішұлының қазақстандықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау жөніндегі тапсырмаларын абыройлы атқарып келесіздер. Елбасы да құқық қорғау құрылымдарының материалдық-техникалық әлеуетінің нығая түсуін үнемі қадағалап отырады. Қоғамдық тәртіпті қадағалау үшін былтыр облысымызға 125 аутокөлік берілсе, соның басым бөлігі аудан-ауылдарға жолданды. Цифрландыру бойынша республикалық «Web-АП» жүйесінің онлайн режимінде әкімшілік құқықбұзушылықтың есебі шығарылып, жергілікті полиция қызметкерлеріне планшеттер мен техникалар берілді. «Қауіпсіз қала» жобасы бойынша Орал қаласына алты мыңнан астам  бақылау камералары орнатылса, биыл  ондай құрылғы-қондырғылардың саны 7500-ден аспақ. Бақылау камералары жол бойындағы, аулалардағы, қоғамдық орындардағы, мектептер мен балабақшалардағы орын алған заңға қайшы әрекеттерді әшкерелеу үшін таптырмас көмекші. Алдағы уақытта да тәртіп сақшыларының күн сайынғы қажырлы еңбегі мен қажет кездегі жанкешті ерлігінің арқасында қоғамдық тәртіп сақталып, азаматтардың қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі деп сенемін, –  деді облыс әкімі Алтай Көлгінов құттықтау сөзінде.

Салтанатты шарада ҚР Ішкі істер министрі, полицияның генерал-полковнигі Қалмұхамбет Қасымовтың құттықтау хаты мен бұйрығы оқылып, бірқатар сала үздіктеріне марапаттар мен жаңа шендері  табысталды. БҚО ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Мақсұтхан Әбләзімовтың бұйрығы бойынша 744  қызметкер  марапатталды.

Еліміз Тәуелсіздік алғаннан бергі мерзімде облыста 32 полиция қызметкері қызмет барысында қаза тапқан екен. Жиын барысында міндетін мінсіз атқарып көз жұмған сарбаздар  бір минут үнсіздікпен еске алынды.

Мерекелік шара сала қызметкерлері мен өңір өнерпаздарының дайындаған концерттік бағдарламасына ұласты.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал өңірі»

* * *

Сенбі күні Орал теміржол вокзалы алдындағы  Чапаев алаңында 23 маусым – Қазақстан Республикасының полициясы күніне орай мерекелік шара өтті.

Жауапты қызметтің жүгін арқалап, қоғамдағы қауіпсіздік пен тәртіпті қадағалайтын құқық қорғаушылардың қатарында  ҚР ІІМ Көліктегі ішкі істер департаменті Орал станциясындағы ішкі істер желілік бөлімінің де қызметкерлері бар. Салтанатты шарада алдымен  Мемлекеттік Әнұран шырқалды. Осы салада еліміздің әр түкпірінде қызмет бабында жүріп, қаза тапқан полиция қызметкерлерін еске алу үшін бір минуттық үнсіздік жарияланды. Жүргізуші айтып өткендей, елімізде соңғы үш жылда қызметтік борышын өтеу барысында 76 полиция қызметкері көз жұмып, 352 полиция жарақат алған екен.

Төл мерекелерінде сап түзеген әріптестеріне арнап  «Қазақстан теміржолы» АҚ «Жүк тасымалдау» Орал бөлімшесінің бастығы Мұрат Махамбетов, Орал жол дистанциясының бастығы Дүйсенбай Қожагелді лебіздерін білдірсе, «Вокзал-сервис» АҚ бастығы Қайырболат Ғайнеден Орал станциясындағы ішкі істер желі-лік бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Қайрат Жақияновқа «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ желілік байланыс дирекциясының атынан алғысхат табыс етті.

– Сіздердің отбасыларыңызға ынтымақ пен құт-береке, өздеріңіз бен жанұяларыңызға амандық-саулық тілеймін. Тәуелсіз мемлекетіміздің дамуы мен көркеюі жолындағы ерен еңбектеріңіздің абыройы мен даңқына бөлене беріңіздер! – деді Орал станциясындағы ішкі істер желілік бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Қайрат Жақиянов. Одан әрі Қайрат Тойшыбекұлы теміржол нысандарында құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлесін қосқан теміржол мекемелерінің бірнеше қызметкерін алғысхатпен марапаттады. Олардың қатарында С. Бисенов, Д. Қуанғалиев, И. Олжатаев,  Қ. Құбашева, Д. Қожагелді секілді сақшылар бар. Сонымен қатар Орал станциясындағы ішкі істер желілік бөлімінің бірқатар ардагері көліктегі ішкі істер департаменті бастығының бұйрығымен «Қазақстан полициясына 25 жыл» төсбелгісі мен грамоталарға ие болды. Ал Р. Кисамеденов, Р. Колтубаев, Д. Нұрышевалар облыс әкімінің  алғысхатымен  марапатталды.

Орал станциясындағы желілік бөлімінің қызметкері, полицияның аға сержанты Ақтөре Закария «Полиция әнұраны» әнін шырқап, әріптестерінің мерейін бір үстем етті. Ал осы мекеменің қызметкері Асхат Нұрмұхамбетовтың ұлы Айдар Шаяхметтің өнеріне көрермен зор ықылас білдірді. Полицейлердің төл мерекесіне облыстағы өнерпаздар да әннен шашу шашып, мерекенің көрігін қыздырды.

Алаңның бір шетінде арқан тарту, 24  келілік гір тасын көтеру, қол күресі және дартстан спорттық ойындар өтті. Білек күшін сынаған полицейлер өзара кім мықтыны анықтап, тартысты сайыс өрнегін көрсетті. Сонымен қатар полицейлер денсаулық айлығы шеңберінде келген қонақтарға салауатты өмір салтын ұстануға үндеген буклеттер табыстады.

Ернар БЕКЕНОВ,

Орал станциясының ішкі істер желілік бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі:

– Мен осы салада 25 жыл қызмет атқардым. Жақында зейнеткерлікке шығамын. Полиция қызметі – қиындығы көп, жұмысы белгілі бір уақытпен шектеле  қоймайтын жауапты да ауыр жұмыс. Полицейлер күн-түн демей, халыққа қызмет атқарады. Әр жұмыстың өзіне тән ерекшеліктері болатыны секілді, бұл қызметтің де қиындығы мен  жетістіктері де жетерлік. Әріптестерімді төл мерекемен құттықтаймын! Қоғамымыздағы тыныштықты сақтауда қызметтерін адал атқарып, халықтың алғысына бөлене  берулеріне  тілектеспін.

Айнұр ҮМБЕТОВА,

Орал станциясының ішкі істер желілік бөлімінің  жедел  уәкілі, полиция  лейтенанты:

– Біздің қызмет көрсету аумағымызда теміржол аймағы және Орал қаласының әуежайы бар. Жұмысымыз ер немесе әйел адамның қызметі деп бөлінбейді. Сондықтан да біздегі нәзік жандылар ер-азаматтармен қатар бар күш-жігерін аямай қызмет етіп келеді. Құқық қорғау саласында қызмет істеуді бала кезден армандаған едім. Әрине, полиция қызметкері атану оңай бола қойған жоқ. Сонда да арма-ным алға жетелеп, өзім қалаған қызметке орналастым.

Ясипа  РАБАЕВА,

«Орал өңірі»


Жеңістің алғашқы шеруі

Күні: , 62 рет оқылды

Осыдан  тура  73  жыл  бұрын  алғашқы  Жеңіс  шеруі  24  маусымда  Мәскеу  қаласында  өткені  тарихтан  белгілі.  Осы  атаулы  күнге орай  Орал  қаласындағы ҰОС  және  еңбек  ардагерлері  жылдағы дәстүр  бойынша биыл  да  бас  қосты.  Аталмыш  жиынға  облыс әкімі Алтай  Көлгінов  арнайы  қатысып,  ардагерлерді  құттықтап, сый-құрмет  көрсетті.

– 1945 жылы 24 маусымда Мәскеу қаласында өткен Ұлы Жеңістің алғашқы шеруінде 15 мың адам сапқа тұрған болатын. Аталмыш шеруге бүгінгі Батыс Қазақстан облысы бойынша екі-ақ адам қатысқан екен. Оның бірі бүгінде марқұм болған, 1916 жылы дүниеге келіп, соғыстан кейінгі бейбіт өмірде аудандық атқару комитетінде төраға, бірінші хатшы қызметтерін абыройлы атқарып, елге танылған азамат Мырзахмет Тәжмұқанов болса, екіншісі – ҰОС ардагері, бүгінде Орал қаласы мен Батыс Қазақстан облысының құрметті азаматы атанып отырған КСРО және Қазақстан прокуратурасының құрметті қызметкері Иван Гапич. Иван Степанович  1923 жылы 2 ақпанда осы күнгі Астана, бұрынғы Ақмола қаласында дүниеге келіпті. Ұлы Отан соғысы жылдарында Польша, Чехословакия, Украинаны азат етуге қатысқан. Оның зейнетке шыққанша 20 жыл үздіксіз қызмет еткен ұжымы – Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы. Нақтырақ айтқанда, 1966-1986 жылдар аралығында Батыс Қазақстан облысы прокурорының бірінші орынбасары лауазымын атқарған. Иван Гапич «Ерлігі  үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін» медальдарымен, «Қызыл Жұлдыз»,  үшінші дәрежелі жауынгерлік Даңқ, «Құрмет» ордендерімен марапатталған қадірлі ардагер, — дейді аталмыш басқосуды жүргізген еңбек  ардагері  Жайсаң  Ақбай.

Жеңіс  сарбазы, соғыс және еңбек ардагері Иван Гапич өміріндегі сол бір қуанышты кезеңді әлі күнге дейін ерекше тебіреніспен еске алады.

– Жеңіс күні  мен үшін ең қастерлі мереке. Бұл қуаныштың көкірегімді кернегені соншалық, сол сәтте жүрегім жарылып кетердей көрінген еді. Соғыстың біткеніне, өз міндетіңді абыроймен атқарып, тірі қалғаныңа қалайша қуанбассың!  Егер бірнеше жыл қатарынан күн демей, түн демей өліммен үнемі бетпе-бет келген болсаң, өмірді мүлде өзгеше бағалайсың. Алғашқы Жеңіс шеруіне қатысатынымды естігенде айрықша қуандым. 1945 жылдың 24 маусым күні Мәскеу қаласында жаңбыр жауып тұрды. Бізді ертерек сапқа тұрғызды. Сол себепті парад басталғанша киімімізден су өтіп, айтарлықтай жаурап үлгердік. Бірақ мұны ешқайсымыз  елең қылмадық. Сол түнгі аспанның ерекше әдемі көрінісі, мерекелік салюттің салтанаты күні кешегідей есімде, — дейді қарт майдангер Иван  Степанович.

Нұртас   НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»

Суретті  түсірген  Александр  КУПРИЕНКО


Соркөлде жағдай бар, жағажай жоқ…

Күні: , 92 рет оқылды

Жаздың шіліңгір ыстығында аудан жұртшылығының көбі түс ауғаннан кеш қарайғанға дейін Соркөл жағасынан табылады.

Бір тобы көл жағасына суға түсіп, салқындау үшін барса, енді бірі балық аулау үшін барады. Ал, ең жиі баратындар – табиғат аясына демалуға шыққандар. Олар сусындары мен тамақтарын алып, сол жерден сірне, кәуаптарын пісіріп, көл жағасында 7-8 сағатқа дейін жатуға бар. Әрине, демалған жақсы-ау. Алайда, демалушылар қауіпсіздік, тазалық деген талаптарды ескере ме, жағажай мәдениетін қалай қалыптастырамыз? Біздің демалысымыз тек көңілді ғана өтіп қоймай, қауіпсіз, жағажай этикасын сақтайтын, жанға жайлы жағдайда өтуі керек.

Жылдағы бір көрініс. Толған күл-қоқыс, шашылған шөлмектер, от жағылған орындар. Қоқыстан аяқ алып жүру мүмкін емес. Суға түсу науқанында қауын-қарбыздың қабығы, мүжілген сүйектер, шемекі қабығы, темекінің тұқылы дейсіз бе бәрін жағажайдан табуға болады. Соркөлдің осындай ахуалы туралы сөз қозғап, аудандағы мемлекеттік құрылым өкілдері, сондай-ақ қарапайым тұрғындардың пікірлеріне құлақ түріп қайтқан едік.

Абзал АХМЕТОВ, Жаңақала ауылдық округінің әкімі:

– Соркөлдің жағасын әкімдік құзырындағы ақылы қоғамдық жұмыс істейтін тазалықшылармен аптасына бір рет барып, тазалап тұрамыз. Ал, суға түсу маусымы басталғанда аптасына екі рет дүйсенбі және сейсенбі күндері баруымыз қажет. Демалу маусымында адам санының көптігі, тәртіп сақталмауы, күл-қоқыстардың көбеюі әсерінен тазалық жұмыстары жиі жүргізуді талап етеді.

Талғат ҮМБЕТОВ, аудандық жер қатынастар бөлімінің бас маманы:

– Соркөл жағасын қазіргі таңда ешкім жалға алып отырған жоқ, ауылдық округке тиесілі. Жеке бизнеске айналдырып, құм төгіп, катамаран немесе қайықтар әкеліп, туристік орталық жасауға жалға аламын деушілер ауылдық округ әкімімен келісім жасап, айналыса беруіне болады.

Тыныштық ӨТЕШҚАЛИЕВ, өлкетанушы:

– Соркөл – демалуға таптырмас орын, суының емдік қасиеті бар.    Ал балығы халыққа азық.  Бұрынырақта балық көп болатын, бертін келе азайып келеді. Соған қарамастан көлдің балығы дәмді, әрі семіз келеді. Демалыс орны дейтінім – суға шомылу маусымы басталғанда аудан тұрғындары мен қонақтардың ең бір рахаттанып табиғат аясында демалатын орны. Енді емдік қасиетіне келер болсақ, көлдің өзінен 1-2 шақырым жерде сор бар. Беті тұзды қабат, асты шамамен 1 метр қалыңдықтағы қара балшық. Шілде айында суға түсу маусымы басталғанда, яғни 10 шілдеден 10 тамыз аралығында сордың емдік қасиетін пайдаланып қалу керек. Алайда, қара балшықты жағып, тұзды суға түсудің өзіндік ережесі бар. Араға күн салып 3 рет, тамақ ішіп алғаннан кейін 10-15 минут балшықты жағып, жуып тастау керек. Сонымен қатар шелектеп балшығын алып барып, моншаға түсуге болады. Алайда моншаның бу бөлмесінде балшық жағуға немесе балшық жағып кіруге болмайды. Моншадағы әлгіндей ем-дом кезінде басыңызда бас киіміңіз міндетті түрде болуы керек. Мұнда да 15 минуттан артық балшықты денеде ұстауға болмайды, себебі жүрек қан-тамырларының жұмыс істеуіне кері әсерін тигізеді. Адам баласы жасы ұлғайған сайын буындары сырқырап, тұла бойында қан айналымы нашарлайды, дененің белгілі бөлігіне тұз жиналады. Бойдағы тұздар жас кезде денеден бөлініп шығып, ағзаның жұмыс істеу үрдісі реттеліп тұрса, үлкейген шақта тұздың уақытылы бөлінбеуі ауруға шалдықтырады. Ал, Соркөлдің балшығын жағу арқылы денедегі артық тұздарды шығаруға болады.

Осындай пайдасы мол ауданымыздың ресурсын назардан тыс шығармай,  жағдай жасасақ, нұр үстіне нұр болар еді.

Жеңіс МӘМЕТОВ, ауыл тұрғыны:

– Суға түсу маусымы күні ертең басталады. Ауылға келген қонақтардың көлімізге түсіп, балығын жемейтіні кемде кем. Алайда, бізде дұрыс жағдай жасалмаған, басқа өңірлердің жағажайларына қарасаң, адам қызығарлықтай демалуға керемет жағдай жасалған. Бізде киімді ауыстырып киетін арнайы қарапайым  кабиналардың жоқтығы, тазалықты сақтау үшін қоқыс жәшіктерінің орналастырылмауы, талапқа сай суға түсетін арнайы аумақтың жасақталмауы қынжылтады. Ең аяғы, бұл жерде дәретхана да жоқ.

Жоғарыда аталған тазалық, қауіпсіздік мәселесінің негізгі шешімі – заңды жағажай жасақтау. Ал оған бізде мүмкіндік бар ма? Әрине, бар. Оған керегі, ең бірінші – табиғи ресурс. Соркөл табиғаты туризмге сұранып-ақ тұр. «Қолда бар алтынның қадірі жоқ» демекші, емдік қасиеті, суы, балығы секілді байлығымыздың қадірін білмейтініміз қынжылтады. Тек осы істің көзін тауып, айналдырып әкететін епті кәсіпкер керек. Өзен бойының айналасын қоршап, тазалап қойса, дайын демалыс орны болып шыға келетін жерлер жетерлік. Содан кейінгі тірлік кәсіпкердің идеясы мен іскерлігіне байланысты. Жағажайға келуді ақылы қылып, түрлі сусындарды салқындатып, кәуап пісіріп, демалушылардың жағдайын жасар болса, ақша өзі келеді. Тіпті шағын тапшандар мен киіз үй құрып, бие байлап, саумал сатуға да болады. Бір қарағанда мұның бәрі жай қиял көрінуі мүмкін. Алайда шындап кірісер жан болса, ақиқатқа айналып шыға келеді. Себебі бұл біріншіден, ауданда жоқ бизнес. Екіншіден, кәсіпкер боламын деген жанға мемлекет тарапынан жан-жақты  қолдау баршылық. Сол мақсатта түрлі бағдарламалар қабылданып, төмен пайызбен несиелер беріліп, кәсіпкерге бұрын-соңды жасалмаған қамқорлық жасалуда. Үшіншіден, осы бастама шынымен жүзеге асса, демалушылар келмей қалады деп уайымдамайсың. Себебі, сенің жағажайыңнан басқа жерлерге суға түсіп, демалыс ұйымдастыруға заңды түрде тыйым салынады. Сондықтан, дүйім жұрт сенің саудаңды қыздырып, қызметіңді пайдаланады. Міне, осы мүмкіндіктерді пайдаланып, аталмыш бизнес қолға алынса, халыққа да, көлге де пайдасы мол болар еді.

Заңды жағажай ашылар, ашылмас, бастысы, көл жағасында демалушылар тәртіп пен тазалыққа аса мұқият қарағаны дұрыс. Әйтпесе, Соркөлдің жағасында шашылып жатқан шөлмектер мен күл-қоқыс адамның да, көлдің де тынысын тарылтары рас. Жағада жатқан жартылай желінген тағамдар мен аста-төк ішілген ішімдіктер үшін бір күні сұрау болары хақ. Ысырап пен ынсапсыздықтан арылып, қолымыздағы барды бағалайық, ағайын!

Айтолқын  АСҚАРҚЫЗЫ,

Жаңақала  ауданы


Әйгілі «неміс машинасын» «бұзылудан» Кроос құтқарды

Күні: , 49 рет оқылды

Аяқдоптан әлемдік аламанда екінші айналым аяқталды. Өткен жұма-жексенбі аралығында 9 бірдей тартысты матч көпшілікті көгілдір экран алдына телміртті. «Е» тобында Бразилия Коста-Риканы күткендегідей ұтса (2 : 0), «G» тобында Бельгия Тунисті 5 : 2 есебімен, осы топтағы Англия Панаманы 6 : 1 есебімен талқандады. Көзіқарақты жанкүйер үшін бұл ешқандай тосын жағдай емес, түсінікті, күмән тудырмаған нәтиже. Сол секілді, Колумбияның Польшаны 3 : 0 есебімен ұтып, еліне қайтаруы да ешкімді таң қалдырған жоқ.

  Таң қалдырғаны қалған 5 кездесудің қорытындысы. Чемпионат басталмас бұрын «Н» тобында тоқайласқан Сенегал мен Жапония өзара топтан шығуға таласады дегенге сену қиын еді. Дегенмен, Күншығыс елінің өкілдері де, қара құрлық ұландары да әзірге үзеңгі қағыстырып, қатар келеді. Мұны аса шиеленісті өткен ойын тағы дәлелдеді. Садио мен Вагтың голдарына жапондар Инуи мен Хонда қос доппен жауап беріп, таразы басын теңестіріп кетті. Бұл топта 4 ұпай олжалаған осы екі команда көш бастап тұр.

  «F» тобында Мексикамен кездескен Оңтүстік кәріс елі  2 : 1 есебімен ұтылып, Отандарына оралған құрамалардың санын көбейтті. Екі ойында 6 ұпай алған «Ацтектердің» жағасы жайлауда. «Е» тобындағы ең маңызды текетіресте Швейцария Сербиядан басым түсті (2 : 1). Сербтер Митровичтің арқасында есеп ашқанымен Джака-Шакири жұбы жеңісті жұлып әкетті.

  «D» тобында турнирдің жұмбақ командалары – Нигерия мен Исландия кездесті. Кекілдерін күн сүйген африкалық желаяқ жігіттерді жанартаулар мен ыстық бұлақтар елінің 11 өкілі тасқамал қорғаныспен қарсы алды. Бұл ойында бұрынғы мәскеулік ЦСКА-ның ойыншысы, қазір ағылшындық «Лестерде» жүрген Ахмет Мұсаның айы оңынан туды. Ресейдің топырағына табаны үйренген, орман-орыстың жасыл алаңын талай таптаған Мұса бірінен соң бірі екі доп соғып, мергендер көшіне қосылды. Жалғыз ұпайы бар Исландия да топтан шығуға мүмкіндігін жоғалтқан жоқ. Ол үшін енді Исландия Аргентинаны ұтып, Нигерия Хорватиядан ұтылуы керек. Қысқасы, бәрі бірер күнде  белгілі болмақ.

  Ең үлкен сенсация «F» тобында тіркеле жаздады. Төрт жыл бұрын әлем чемпионы атанған Германия құрамасы азулы Швециямен алаңға шықты. Бұл не бел кетеді, не белбеу кетеді деген ойын еді. Себебі, алғашқы турда әйгілі «неміс машинасы» сыр беріп, Мексикаға есе жіберген болатын. Енді жеңілсе, нағыз масқаралары шығатындығын жақсы түсінген бас бапкер Иоахим Лев қол астындағы бар мықтыларын бәйгеге қосты. Қақпада тәжірибелі Нойер, қорғаныста Киммих, Боатенг бастаған батырлар, ортада Кроос, Ройс секілді жартылай қорғаушылар, шабуылда Мюллер, Гомес секілді шеберлер ойқастады. Соған қарамастан ойын немістер үшін өте сәтсіз өрбіді. 32 минутта Тони Кроостың өрескел қателігін пайдаланған швед шабуылшысы Тойвонен Нойерді қапы қалдырып, есеп ашып кетті. Одан әрі викингтер командалық прессингті сәтті қолданып, әдемі қорғанды. Швед қорғанысын бұзып-өту тек екінші таймда мүмкін болды. Гоместің қапталдан берген добын айып алаңына баса-көктеп енген Ройс тура теуіп, торда тулатты.

Қалай десе де, тең нәтиженің өзі Германияға тиімді емес еді. Сондықтан, «неміс машинасы» 90 минут бойы шабуылдаудан бір тынбады. Алайда, одан еш пайда болмады. Сөйтіп, матчтың негізгі уақыты бітіп, 5 минут қосылғанда немістердің жаны мұрындарының ұшына келгендігі анық еді. Дегенмен, күштіге ғана сәттілік серік болады деген рас екен. Ойын аяқталуға 30 секунд қалғанда Тони Кроос айып добын дәл соғып, тоғыздыққа топ еткізді. Біз сөзбен айтқанда, әйгілі «неміс машинасын» «бұзылудан» Кроос құтқарды…

Жамал Ғали


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика