Мұрағат: 22.06.2018


«Ақбұлақ» келген Ақоба

Күні: , 51 рет оқылды

Жәнібекке  жол  тартқан  жолаушы  аудан  орталығына жақындағанда,  күре  жол  бойындағы  «Ақоба»  деп  жазылған белгінің  оң  бағытқа  нұсқайтынын  көреді. Бұл  жазу  мен үшін  ыстық.  Себебі  балалық  шағымды  өткізіп,  мектептен түлеп  ұшқан  жер.  Жақында  Жәнібек  ауданына  іссапармен барғанымызда,  ауылға  жол  түсті.

Сәл шегініс жасасасақ, Ақоба тағдыры қыл үстінде көрінгендей кезең өткенін ауылдастарым жақсы біледі. Оған себеп – 2000 жылдардың басында облыс және аудан орталығынан ат шалдырып келген әкімқаралардың «Бұл ауылдың болашағы жоқ, көшіңдер» деген сыңайлы әңгімені айтқаны. Бұл әңгімеге дейін де, кейін де қоныс аударғандар болды. Үй қатары селдірегені рас. Бірақ шаруасын мығым ұстап, үдере көшуге қосылмай, тұрақтап қалған қауым да баршылық еді. Бүгінде ауылда 200-ге жуық түтін бар. Биыл 40-тан астам шаруа қожалығының жартысынан көбі мемлекеттен демеуқаржы алған. Ауылдағы басты күнкөріс кәсібі – мал шаруашылығы. Ауылдық округте жылқының саны 2 мыңнан, қой-ешкінің басы 7 мыңнан асыпты.

Қазіргі кезде ауыл реңі өзгерді. Бірнеше жылдан бері ақобалықтар көтерген мәселелер өз шешімін табуда. Мәселен, ауылға өңірлерді дамытудың 2020 бағдарламасының «Ақбұлақ» бағыты ауқымында су тартылуда. «Жайықгидрогеология» компаниясы 70 метр тереңдіктен жер асты су қорын тауып берген екен. Су көзі ауыл іргесінде орналасқан. «ЖайықСуГаз құрылыс» ЖШС-ның учаске басшысы Шадияр Ондабаевтың сөзінше, су жинайтын екі резервуар, төрт сорғы және мұнара орнатылуда. Су тұшытатын қондырғы арқылы сүзілген ауыз су құбыр арқылы үйлерге тарайды. Ал қалдығы арнайы қазылған екі тоғанға құйылады. Екеуінің де  айналасы қоршалған. Ашық тоғанға құйылған қалдық су буланып, құрамындағы заттар түбіне шөгеді деп есептелінеді. «ЖайықСуГаз құрылыс» компаниясы 25 адамды жұмысқа алған екен. Оның 18-і – осы Ақоба ауылының тұрғындары. Су құбырының жалпы ұзындығы 17 шақырымды құрайды, соның 12-сі тартылып үлгерген. Ауылдағы ауыз сумен қамтылуы тиіс 177 «нүктенің» 115-іне су құбыры жеткізілген.

Ауылдың солтүстік-шығыс бетінде орналасқан су нысанындағы қызу жұмысқа ақсақал Төлеген Жүсіпов дән риза.

– Соңғы жылдары ауылымызды көркейтуге зор көңіл бөлінуде. Бірнеше жыл қатарынан көтеріліп келе жатқан су мәселесі шешімін тауып жатыр. Енді тұрғындарды Жәнібекке баратын трассамен байланыстыратын 23 шақырым жолдың жайы алаңдатады. Жауынды-шашынды күндері жол беті лайсаң болып, батпаққа айналады. Оның үстіне, жүк көліктері дөңгелектерімен қазып-ақ тастайды. Қыста қалың қар басып қалады. Осындай кезде көлікпен қатынау қиын. Аудан орталығына шұғыл бару қажет болғанда жол азабын  тартудай-ақ  тартып  жүрміз. Жолдың беті асфалтталса немесе қиыршық тас секілді аутокөлікпен қатынауға шыдас беретін материал төселсе, керім болар еді, – дейді ақсақал.

Ақобадағы фельдшерлік-акушерлік нысан да күрделі жөндеуден өтуде. Мердігер – «БатысКатлоМонтаж» компаниясы. Ғимараттың төбесі түгелімен ауыстырылып, кей бөлмелер кеңейтілуде. Пластикалық терезелер қондырылып, қабырғалары мен еденге кафель жапсырылмақ. Учаске бригадирі Бекжан Балмолдиннің айтуынша, амбулатория шілде соңында пайдалануға беріледі. Осы  ғимарат ішінде орналасқан кітапхана бөлмесі де бірге жаңғыртылуда. Құрылыс жұмысына  30  млн.  теңге  бөлінген.

Былтыр ауылдағы жалпы білім беретін Х. Халиуллин атындағы орта мектептің  ауласында су жаңа спорттық  зал салынып, жыл соңында пайдалануға берілді. Спорт нысаны құрылысын 62 млн. теңгеге жуық қаражатқа «Символ» ЖШС жүргізді. Спортзалда түрлі шаралар ұйымдастырылады. Қазақ күресіне қатысатын балғын палуандар жаттығады. Волейбол ойнауға да қолайлы. Мектеп директоры Дулат Закариннің айтуынша, қазіргі уақытта 30 мұғалім еңбек етуде. Жақында 141 бала биылғы оқу  жылын тәмамдап, жазғы демалысқа шыққан. Жасөспірімдерге арналған жазғы кезеңдегі балалар лагері спортзалда орналасыпты.

Ауыл  мектебінде  «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жерге туыңды тік» жобасы бойынша музей ашылған. Музейде 80-ге жуық көне жәдігер бар. Музей  сөрелерінде  ХVII ғасырға тән деп есептелетін Құран кітабы мен жайнамаз орналасқан. Екі жәдігерді ауыл молдасы, марқұм Жолмұхаммед Қауденов көзінің қарашығындай сақтап, ұрпағына табыстаған көрінеді. Көрмеге Орынғаным Бисенова әжейдің көзіндей болып қалған қол диірмен де қойылыпты. Музейден Ақобадан шыққан белгілі тұлғалар – КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, ҰОС кезінде полк комиссары болған Хаби Халиуллин, Кеңес Одағының Батыры Николай Чуриков, Исатай батырдың ұрпағы, ақын Халима Өтеғалиева, ақынның ұлы, қазақ композиторлары арасында тұңғыш симфониялық шығарма жазған Қапан Мусиннің фотосуреттері мен құжаттарының көшірмесін көруге болады.

Ауыл азаматтары Х. Халиуллин мектебін қамқорлауды ұмытпайды. Биылғы соңғы қоңырау салтанатында 1998 жылы түлеп ұшқан буын оқу-білім ошағының  ауласына 100 түп ағаш ексе, мектепті 1988 жылы тәмамдағандар аула ішіне түнгі жарық шамын орнатып, ауыл мешітіне ыдыс-аяқ әперген. Ақобада бұдан басқа жасалып жатқан игі іс көп. Сәуір айында  «Билайн» ұялы желісі қосылып, тұрғындар мәре-сәре болып қалды. Және «Билайн» арқылы смартфон үшін жиілігі жоғары интернет күшін пайдалануға мүмкіндік  туды.

Шағын ауылда төрт бірдей азық-түлік дүкені бар. Ауыл кәсіпкерлері мен жергілікті шаруа қожалықтарының  басшылары қайырымдылық шаралары кезінде жиі қолұшын созады. Биыл ауыл азаматтары «Рухани жаңғыру» ауқымында бірнеше жобаны қолға алмақ ниетте.

Нұртай   АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал  өңірі»,

Жәнібек   ауданы


«Біздің міндет – халыққа қызмет»

Күні: , 31 рет оқылды

23 маусым – ҚР Мемлекеттік қызметшілер күніне орай Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында салтанатты жиын өтті.

Салтанатты шараға облыс әкімі Алтай Көлгінов арнайы қатысып, мемлекеттік қызметшілерді атаулы мерекемен құттықтады.

— Құрметті мемлекеттік қызметшілер! Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызметшілер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Біз өңірімізде мемлекеттік қызметті тартымды әрі тұрақты ету жолында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қабылдаған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары мен мемлекеттік қызмет туралы ұлттық баяндаманы қалыптастыру қағидасын басшылыққа алып келеміз. Өңірімізде мемлекеттік қызметті жетілдіру үшін үш негізгі басымдық анықталған. Олар – меритократия қағидасының сақталуы, ашықтық пен жариялылықтың қамтылуы және көрсетілетін қызметтерді цифрландыру. Өңірімізде 4 мыңнан аса мемлекеттік қызметші бар. Меритократия қағидасына және ротацияға сәйкес соңғы екі жылда орталық – өңір, өңір – орталық және облыс – аудан, аудан – облыс жүйесі бойынша жұмыстар атқарылуда. Мемлекеттік құрылымдардағы 100-ге жуық басшылық лауазымға қызметшілер осы қағидаттарға сай тағайындалды. Қызметі бойынша жоғарылаған азаматтардың 95 пайызы – жергілікті кадрлар. Сонымен қатар  мемлекеттік қызметшілерді жыл сайын оқыту жұмыстарын ұйымдастырып келеміз. Соның ішінде 14 мемлекеттік қызметші Президенттің «Болашақ» стипендиясымен білім алып, облысымызда қызмет атқаруда. Біз мемлекеттік құрылымдардың ашық болуын басшылыққа алып келеміз. Жылына төрт мәрте «Ашық әкімдік» шарасы өткізіледі. Әрбір өткізілген сайын өтінішпен келетін 200-300 азаматқа облыс және қала әкімдігінің басшыларынан бастап бөлім мамандарына дейін мәселенің мән-жайын түсінікті әрі қарапайым тілде түсіндіріп, түйткілді проблемаларын шешуге ықпал етуде. Аптасына екі рет өңірлік коммуникациялар қызметінде өзекті тақырыптарға арнайы брифингтер ұйымдастырылып  жүр. Екінші жартыжылдықта әрбір аудан әкімі ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап беретін болады. Балабақша мен емханалардағы электронды кезек, жер телімдерін аукцион арқылы бөліп беру, қалалық әкімдіктің бірінші қабатында ашылған «Ашық әкімдік» қызметтерге қолжетімділікті арттырды. Ашылғанына тура бір жыл ішінде 56 мыңнан астам азаматқа қызмет көрсетілген. Мемлекеттік саясатты қолдап, оны жүзеге асыру жолында еңбек етіп жатқан әрбір мемлекеттік қызметшінің үлесі зор. Осындай қажырлы еңбекті қажет ететін саладағы жұмыстарыңыз үшін баршаңызға алғыс айтамын! Жаңа табыстар жолында дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға бақыт тілеймін! — деген облыс әкімі бірқатар мемлекеттік қызметшілерді марапаттады.

Қазталов ауданы әкімінің орынбасары Нұретден Құтқожинге «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісі табысталса, Батыс Қазақстан облысы әкімінің кеңесшісі Жарқын Жұмаділов, БҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қанат Төсекбаев, Қазталов ауданының әкімі Абат Шыныбеков ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы ісқимыл агенттігі төрағасының алғысхатымен марапатталды. Тағы бірқатар мемлекеттік қызметшілерге облыс әкімінің алғысхаты  табыс етілді. Сондай-ақ ҚР Мемлекеттік қызметшілер күніне орай өткен облыстық спартакиадада жүлделі орындар алған Орал қаласы әкімдігінің, облыс әкімдігінің және Бөрлі ауданы әкімдігінің құрамаларына да марапат тапсырылды.

Лауазымды міндеттерін үлгілі атқарған, қызметінде жоғары нәтижелерге қол жеткізген бірқатар мемлекеттік қызметшілер ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы ісқимыл агенттігінің БҚО бойынша департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Болат Исақовтың алғысхатына ие болды. Олардың қатарында «Мемлекеттік  қызмет – елдің мүддесіне адал еңбек» эссе байқауының бірінші орын иегері болған Орал қаласындағы №5 мектептің оқушысы Данияр Қадыржанов та болды. Болат Әлмұханұлы құттықтау сөзінде мемлекеттік қызмет сапасын жақсарту бағытындағы  оң өзгерістерге  жанжақты тоқталды. Ол сондай-ақ  мемлекеттік қызметшілер арасындағы «Үздік тәлімгер – 2018» байқауының жеңімпаздарын марапаттады.

Мемлекеттік қызмет ардагері Мырзағали Мұхамбетов барша  мемлекеттік қызметшіні  кәсіби мерекелерімен құттықтап, денсаулық,  жемісті еңбек тіледі.

Мерекелік шара Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармония әртістерінің концерттік  бағдарламасына  ұласты.

Нұртас   НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


«Мемқызметкер – қоғам мен мемлекеттің ерекше сеніміне ие тұлға»

Күні: , 30 рет оқылды

23 маусым – Мемлекеттік  қызметші  күні

— Болат Әлмұханұлы, биыл еліміздің мемлекеттік қызмет құрылымдарына 20 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде Қазақстандағы мемлекеттік қызмет жүйелі реформалау кезеңдерінен өтіп, нәтижесінде мемлекеттік қызметтің мансаптық моделі енгізілді. Сіздің ойыңызша, 20 жылды артқа тастаған бүгінгі мемлекеттік қызмет жүйесінің басты ерекшеліктері қандай?

— Елімізде мемлекеттік қызмет саласы құрылғаннан бері  бұл салада үш реформа жүргізілді. Олардың барлығы мемлекеттің өзгеруі мен мемлекеттік басқару жүйесінің қалыптасу процестеріне тікелей байланысты. Қарастырылып жатқан бағытты институционалдаудың бастауы Президенттің «Мемлекеттік қызмет туралы» заң күші бар Жарлығына қол қоюы болды. Аталған құжат қабылданған соң, мемлекеттік қызметтің қағидаттары, лауазымдар иерархиясы, қызметшілердің әлеуметтік кепілдіктері белгіленді. Құқықтық мәртебесі анықталып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер енгізілді.

Дамудың келесі кезеңі «Қазақстан – 2030» Стратегиясын бекіту болды, оның барысында кәсіби үкіметті қалыптастыру ұзақ мерзімді басымдылық болып анықталды. Бұл міндет «Мемлекеттік қызмет туралы» заңды қабылдаумен іске асырылды.

Бүгінгі таңда жүйелі реформалардың нәтижесінде меритократия, тиімділік пен қоғамға есеп берушілік қағидаттарына негізделген бірегей модель қалыптасты. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының бірінші бағытын іске асыру шеңберінде кадрларды жалдау, даярлау және ілгерілету жүйесі жетілдірілді. Персоналды басқарудың қазіргі заманғы құралдары енгізілді, мемлекеттік қызметшілердің сапалық құрамы артты. Көп жағдайда кәсіби мемлекеттік аппараттың болуы «Қазақстан – 2030»

Стратегиясының міндеттерін мезгілінен бұрын орындауға және дамыған елдердің қатарына қосылуға мүмкіндік берді. Осы кездері Президент жанындағы Ұлттық жоғары мемлекеттік басқару мектебі (қазір Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы) құрылып, дарынды жастарды әлемнің жетекші оқу орындарында оқыту үшін «Болашақ» халықаралық стипендиясы беріле бастады. Қызметкерлердің заңнама, оның ішінде этика нормаларын сақтауын қамтамасыз  ету мақсатында Президент жанындағы Жоғары тәртіптік кеңес пен облыс әкімдерінің жанындағы тәртіптік кеңестер құрылды.

Мемлекеттік қызмет саласында бірыңғай саясатты іске асыруды қамтамасыз ету мақсатында 1998 жылы тікелей ел Президентіне бағынысты және есеп беруге міндетті уәкілетті орган – Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік құрылды. Оған мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіру, қызметшілердің еңбегін ұйымдастыру, олардың оқуын қамтамасыз ету және осы саладағы заңнаманың сақталуын бақылау жүктелді. Агенттікті құру мемлекеттік қызметті реформалауды институционалдық рәсімдеуге ықпал етті. 1999 жылы оның одан әрі дамуын анықтайтын, «Мемлекеттік қызмет туралы» заң қабылданды. Осы кезеңде мемлекеттік аппараттың тұрақтылығын, оның сабақтастығын қамтамасыз ету және мемлекеттік қызметті саясатсыздандыру (de-politicizing) бойынша шаралар қабылданды. Мемлекеттік қызметшілер саяси және әкімшілік қызметшілер болып сараланды.  Меритократия қағидаттарына негізделген іріктеу жүйесі өзгертілді. Мемлекет басшысы Н. Ә. Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес меритократия тек теория жүзінде  емес, нақты ереже ретінде қалыптасты. Алғаш рет тестілеу мен сұхбаттасудан тұратын, мемлекеттік қызметке қабылданудың конкурстық негізі енгізілді. Бұл үшін әрекеттегі қызметкерлердің лауазымға орналасу басымдылығын қарастыратын, ішкі және жалпы конкурстар институты енгізілді. Сонымен қатар мемлекеттік қызметке қабылдану үшін талаптар анықталды және міндеттерді тиімді орындау үшін талап етілетін білік дағдылардың, білімнің, еңбек өтілінің қажетті деңгейі белгіленді. Бұл мемлекеттік аппаратты білікті үміткерлер қатарынан қалыптастыруға ықпал етті. 2012 жылы Президент «Қазақстан – 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында халық пен мемлекетке қызмет ету барлығынан жоғары тұратын кәсіби мемлекеттік аппарат құру міндетін қойды. Мемлекеттік қызметтің жаңа моделінің тұжырымдамасымен «мемлекеттік қызмет» ұғымын «халыққа қызмет ету» синонимі ретінде жаңғырту көзделді. Көрсетілген кезеңде басқарушылық құрамды нығайту және мемлекеттік аппаратты құру барысында саяси бейтараптылықты қамтамасыз ету бойынша  шаралар  қабылданды.

Мемлекеттік қызметшілердің мотивациясын арттыру және оларға ерекше мәртебе беру үшін  Мемлекет басшысының Жарлығымен 23 маусым – Мемлекеттік қызметші күні болып жарияланды. Одан өзге Елбасының актісімен 2013 жылы «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісі енгізілді. Марапат кемінде 15 жылдық мінсіз еңбек өтілі бар және мемлекеттік қызметтің дамуына өлшеусіз үлес қосқан қызметшілерге беріледі.

— 2016 жылдың 1 қаңтарында қолданысқа енген «ҚР Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заңында қызметтік жоғарылау меритократия қағидаты негізінде жүргізілуі тиіс делінген. Демек, ұзақ жыл бойы «дәстүрге» айналған «командамен жұмыс істеу» түп тамырымен жойылып, келмеске кете ме? Меритократия  қағидаты бойынша қанша мемлекеттік қызметші лауазымын жоғарылатты?

— ҚР «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заңда қызметтік жоғарылау меритократия қағидасына аса көңіл бөлініп, лауазымдарға тағайындау барысында конкурстық бастаманың нығайтылуы, ауысу жағдайларын қысқарту, біліктілік талаптарын күшейту, қызметшілерге арналған мансаптық перспективаларды кеңейту – мұның барлығы командалық ауысушылар үшін тиімді кедергілер болды.  Яғни жаңа заңға сәйкес қызметтік жоғарылау мақсатында «Б» корпусының бос немесе уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасу үшін мемлекеттік құрылым алдымен ішкі конкурс және барлық мемлекеттік қызметшіге арналған ішкі конкурс өткізеді.

«Командалық ауысуларды» заңдық деңгейде азайту үшін мемлекеттік құрылым  арасында ауысулар алынып тасталды. Нәтижесінде өткен жылы  облысымыздың мемлекеттік құрылымдарындағы 1987 бос лауазымның үшеуі ғана конкурстан тыс тағайындалса, қалған 1131 бос лауазым конкурс арқылы тағайындалды.

— Мемлекеттік қызметке орналасуға мүмкіндік беретін кон-курстардың бәрі де ашық әрі әділ жүргізіле ме?

— Бос лауазымға хабарландыруды беруден бастап конкурстың барлық кезеңдері ашық. Хабарландырулар, әңгімелесуге жіберілген үміткерлердің тізімі, барлық кезеңдегі конкурстық комиссия шешімі ресми интернет-ресурстарда орналастырылады. Сонымен қатар үш кезеңнен тұратын конкурс мемлекеттік органдағы әңгімелесумен аяқталады. Конкурстық комиссия құрамы мемлекеттік қызметшілерден (басқа да мемлекеттік қызметшілер бола алады) жасақталады. Конкурс комиссиясы жұмысының ашықтылығы мен әділдігін қамтамасыз ету үшін оның отырысына байқаушылар мен сарапшылар шақырылады. Байқаушылар ретінде ҚР Парламентінің және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының, Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіпте аккредиттелген бұқаралық ақпарат құралдарының, басқа мемлекеттік құрылымдардың, қоғамдық бірлестіктердің (үкіметтік емес ұйымдардың), коммерциялық ұйымдардың және саяси партиялардың өкілдері, мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның қызметкерлері қатыса алады.

БҚО  бойынша  конкурстық процедуралардың әділдігі мен жариялылығын қамтамасыз ету мақсатында облыстық азаматтық қоғам тарапынан байқаушылар пулы қалыптастырылды. Аталған пул қоғамдық бірлестіктердің, бұқаралық ақпарат құралдары-ның және коммерциялық мекемелердің өкілдерінен құралды.

Барлық әңгімелесу байқаушылардың қатысуымен өткізілді.

— Болат Әлмұханұлы, облыста қанша мемлекеттік қызметші бар, соның ішінде жастардың үлесі қандай? Жас мемлекеттік қызметшілерді қолдау, олардың кәсіби тәжірибесін, мемлекеттік қызметке  қызығушылығын арттыру бағытында  қандай жұмыстар атқарылуда?

— Облыстағы 4166 мемлекеттік қызметшінің 1028-і  немесе 24,6 пайызы 30 жасқа толмаған жастар.  Жас мемлекеттік қызметшілерді қолдау, олардың кәсіби тәжірибесін, мемлекеттік қызметке қызығушылығын арттыру, мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыру мақсатында елімізде айтарлықтай жұмыстар атқарылып келеді.

Қоғамның кез келген саласында кадр мәселесінің маңызы зор екені баршаға мәлім. Әсіресе, мемлекеттік қызметте жүрген мамандардың білімді де білікті болуы мемлекеттік қызмет сапасының артуына тікелей ықпал ететіні сөзсіз. Осы ретте мемлекеттік қызметке келген жастарға қолдау көрсетудің бірнеше тетіктері  заңнамамен айқындалғандығын айта кеткен  жөн.

Атап айтсақ, сынақ мерзімі кезеңінде мемлекеттік әкімшілік қызметке алғаш рет кірген мемлекеттік қызметшілерге тәжірибелі мамандар тәлімгер ретінде бекітіледі. Мемлекеттік қызметшілерге, соның ішінде жас мамандарға кәсіби дамуы үшін  мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамамен мемлекеттік қызметшілердің тұрақты жұмыс орнынан тыс жерде кәсіби білім алуы мен тәжірибе жинақтауы мақсатында мемлекеттік органдардың жолдамасы бойынша тағылымдамадан  өту көзделген. Бұл мемлекеттік қызметшіге салалық бағыты өзінің лауазымдық міндеттеріне сәйкес келетін ұйымдарда тағылымдамадан өту арқылы тәжірибесін шыңдауға, жетілдіруге, қызметінің  қыр-сырын тереңірек  үйренуге мүмкіндік береді. Мемлекеттік қызметке алғаш кірген әрбір мемлекеттік қызметші қайта даярлау, бұған қоса үш жылда бір рет біліктілігін арттыру курстарынан өтеді. Одан бөлек үздік кадрлардың ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясында, сондай-ақ шетелде «Болашақ» бағдарламасы арқылы  білім алуға мүмкіндіктері бар.

Осы ретте айта кетейін, облысымыздың мемлекеттік құрылымдарында «Болашақ» бағдарламасының 17 түлегі ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының 17 түлегі  қызмет атқаруда.

— Мемлекеттік қызметшілердің жұмыстағы және тұрмыста-ғы мінез-құлық стандарттарын анықтаған жаңа «Әдеп кодексі» қабылданғандығы мәлім. Мемлекеттік құрылымдарда әдеп жөнінде өкілеттіктер енгізіліп, Әдеп жөніндегі кеңестер құрылды, нәтиже қандай?

— Жаңа мемлекеттік қызмет туралы заңның күшке енген кезінен мемлекеттік қызмет тәртібін нығайту саласында түбегейлі өзгерістер болды. Осы орайда Әдеп жөніндегі кеңестердің мемлекеттік тәртіпті және қызметтік әдеп нормаларын сақтаудағы, сондай-ақ елімізде жоғары кәсіби білікті мемлекеттік аппаратты қалыптастырудағы атқаратын рөлі ерекше. Агенттік жанынан облыстарда құрылған жаңа Әдеп жөніндегі кенестердің бұрынғы Тәртіптік кенестерден айырмашылығын сөз етер болсақ, жаңа кеңес өз қызметінде заңдылық, объективтілік пен әділдік, әдептілік, қоғамдық пікір мен жариялылықты ескеру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын қолдану қағидаттарын басшылыққа алады.

Аталған кеңес қызметтік әдеп нормаларын бұзуға, оның ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтарға жол берген басшы лауазымдардағы мемлекеттік қызметшілерге, яғни бірінші басшылар мен оның орынбасарларына қатысты тәртіптік істерді қарайды. Бірінші кезекте сыбайлас жемқорлық пен  әдеп нормаларын бұзушылықтың алдын алуға басымдық беріледі. Мәселен, 2015 жылы БҚО бойынша тәртіптік кеңес 20 отырыс өткізіп, барлығы 138 мәселе қаралған. Оның ішінде мемлекеттік қызметшілерге қатысты тәртіптік іс 119, қалғаны өзге мәселелер. Ағымдағы жылдың бес айында БҚО бойынша Әдеп жөніндегі кеңестің төрт отырысы ұйымдастырылып, 27 мәселе қаралған. Оның ішінде мемлекеттік қызметшілерге қатысты  тек 6 тәртіптік іс қаралса, қалған 21 мәселе қызметтік әдеп нормаларын бұзушылықтар мен сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған.

— Өзіңіз төрағасы болып табылатын облыстық Әдеп жөніндегі кеңесте биылғы жыл басынан бері қанша іс қаралды? Әдеп кеңесінің назарына жиі ілігетін тәртіптік істер туралы айтсаңыз.

— Ағымдағы жыл басынан бері кеңесте 8 тәртіптік іс қаралды, 5 тәртіптік іс бойынша  түрлі тәртіптік жаза қолдану туралы сыныстар беріліп, 3 тәртіптік іс құрамында бұзушылық белгілері анықталмауына байланысты тоқтатылды. Жиі қаралатын тәртіптік істерге тоқталсақ, көп жағдайда мемлекеттік қызметші-лердің өздерінің шешімдерін дайындау мен қабылдау кезінде жеке немесе заңды тұлғаларға құқыққа сыйымсыз қолдау көрсетуін айтуға болады.

— Болат Әлмұханұлы, сіз басқаратын мекеме сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес майданының алдыңғы шебіндегі тұрған бірден-бір сала. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу немесе болдырмау бағытында қандай шаралар қолға алынуда?

— Қазіргі уақытта департаментпен жыл басынан 8 мемлекеттік құрылым қызметіне сыртқы талдау жүргізсе, облысымыздағы 19 мемлекеттік орган ішкі талдау жүргізді. Талдау екі бағытта жүргізіледі – біріншісі, мекеменің қызметін реттеуші нормативтік-құқықтық актілердегі сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарын жасауға себеп болатын жағдайлар анықталса, екіншісі, мекеменің ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізу. Жұмыс қорытындысы бойынша талдау жүргізген жұмыс тобы талдамалық анықтама дайындайды, бұл анықтамада сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою немесе барынша азайту бойынша ұсыныстар беріледі. Талдау жүргізілген мемлекеттік құрылымдарға жыл басынан осындай 80 ұсыныс беріліп, оның 96,3 пайызы қазіргі уақытта орындалып отыр.

Мемлекеттік қызметті атқару – қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенімнің белгісі. Еліміздің жүйелі дамуы мемлекеттік қызметшілердің жоғары жауапкершілігі мен өз қызметтеріне деген адалдығы, отансүйгіштігі және заңдылықты бұлжытпай сақтауына тікелей байланысты. Сондықтан өзінің барлық күш-жігерін, тәжірибесін, білім-білігін мемлекеттік қызметке арнап жүрген мемлекеттік қызметшілерді және сала ардагерлерін кәсіби мерекелерімен шын ниетпен құттықтаймын! Сіздерге зор денсаулық, шаңырақтарыңызға амандық, халыққа қызмет ету жолындағы адал еңбектеріңізге сәттілік  тілеймін!

Сұхбаттасқан  Динара   ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»


ЭКСПО-ға қатысқан инновациялық жобалар жетілдірілуде

Күні: , 29 рет оқылды

Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауында «Цифрлық Қазақстан» кешенді бағдарламасы қабылданғаны, «2018 жылы «цифрлық дәуір» өнеркәсібін қалыптастыруға арналған индустрияландырудың үшінші бесжылдығын әзірлеуге кірісудің» қажеттігі айтылған болатын. Осыған орай Оралдағы Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеті келешектегі мақсатын цифрлы экономикамен тығыз байланыстырып, өңірдегі технологиялы жаңашыл бастамалардың басынан табылып отыр.

Университет өңірдегі қуат үнемдегіш ресурстар, қуаттың баламалы көздері, «Жасыл экономика», 3Д технологиясын цифрландыру, нейроинтерфейс технологиялары бастамаларының жаңашылы болып табылады. Қуат үнемдегіш ресурстардың ішінде «Ақылды қала», «Ақылды үй», «Ақылды ТКШ» және өзге де технологияларға қатысты зерттеу жұмыстары бірнеше жыл бойы жалғасып келеді. Студенттер, магистранттар, оқытушылар түрлі бағыттағы конкурстарға қатысып, оқу орнының жаһандану үрдісі шеңберіндегі даму жүйесін (яғни цифрландыру т.б.) қалыптастыруға жұмыстануда.

– Көптеген ел, мысалға, Жапония, Оңтүстік Корея экономикадағы цифрлық серпілістің нәтижесінде ІЖӨ-ның жоғары пайызына қол жеткізді. Қазір осы елдер әлемдік экономикадағы көшбастаушылар қатарында. ҚазИИТУ Ақ Жайық өңірінде барлық бағыттағы цифрлық жүйені, технологиялық серпілісті дамытуға, технологиялық дамуға қомақты үлес қосуда. Білім ордасы өзінің атауындағыдай көп қырлы жүйені ғылыми-техникалық, ғылыми-өндірістік қызметті өзіне жинақтаған. Ғылыми-білім кешенінде ғылыми жобаларды цифрландыру, коммерцияландыру орталығы ашылды. Бұл нені білдіреді? Мұндай орталық неге қажет? Әлемнің озық университеттерінде, мысалға Батыс Еуропаның, АҚШ-тың, Жапонияның университеттерінде ғылым дамуының қозғалтқышы болып табылатын түрлі орталықтар жұмыс істейді. Ғылыми жобаларды цифрландыру, коммерцияландыру орталығы студенттердің жобаларына, соның ішінде қуат үнемдегіш  ресурстар бойынша, «Ақылды ТКШ», «Цифрлық университет», «Смарт сити», «Ақылды үй» бағытындағы жобаларға қолдау-көмек көрсетеді. Қазір бұл жобаларды «жандандырып», коммерцияландыруымыз керек. Ғалымның өзі жобасы қанша озық болса да, оны өз бетімен өндіріске енгізе алмайды. Өйткені ғалым бастамалардың бастаушысы, жаңашыл адам, сондықтан оған көмекке аталмыш орталықтың маманы келеді. Өткен жылы ҚазИИТУ «Виртуалдық білім беру ортасы: оқытушылар мен студенттер үшін ақылды жұмыс орындары» тақырыбындағы ірі мемлекеттік грант жобасына ие болды. Аталмыш жоба университеттің инновациялық заманауи ақпараттық инфрақұрылымын құруға бағытталған. Жобаны іске асыру цифрлы технологияларды меңгеру бағытындағы студенттердің деңгейін арттырады, білім-біліктілігін көтереді, – деді Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеті ректорының бірінші орынбасары Алмагүл Қамиева.

Алмагүл Ақболатқызының айтуынша, ғалым Виктор Шишкиннің торолық технологияларға байланысты жасақтаған жобасы «жандандырылуда». Бұл қуат үнемдегіш жүйелер арқылы тұрба құбырларын тазартуға арналған тиімділігі жоғары, шығыны аз технологиялық жоба саналады. Сонымен қатар робототехника жүйесі және нейроинтерфейспен жұмыстанатын ардуин технологиялары енгізілуде. Нейрофейс – мидың импульстары арқылы роботтарға әсер ете отырып, жұмыстанатын технология. Яғни ой-дың күшімен роботтарға тапсырма беріледі. Қазір мұны бағдарламамен қамту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар ғылыми-білім кешенінде бір платформада оқу үрдісін аутоматтандыруға, онлайн оқыту курстары мен вебинарларды өткізуге, ғылыми жобалардың бағыттарын жүйелеу үшін білім берудің 12  бағдарламасы жазылуда.

– Қайта жаңғыртылатын қуат көздерін, смарт бастамаларды,  смарт университетті енгізу бағытында жұмыстар жүргізілуде.

Ғылыми жобаларды цифрландыру, коммерцияландыру орталығының басты міндеті – ғалымдардың білім-біліктілігін арттыру, сондай-ақ олардың өтініштерін түрлі құрылымдарға, мысалға, Білім және ғылым министрлігіне, ғылыми қорға, жалпы гранттық қаржыландыру бөлетін нысандарға талапқа сай рәсімдеп, жолдауға көмектеседі. Сондай-ақ студенттерге де озық жобаны «жандандыруда» көмек-қолдау көрсетеді. Өйткені жастар да өз еңбектерінің нәтижесін көрулері тиіс, – деді Алмагүл Ақболатқызы.

Оқу орны жаңа деңгейдегі құрал-жабдықтармен қамтылған. IT технологиясы мүмкіндігі негізінде құрылған Хайтек және робототехника лабораториясы, күн мен желден энергия алудың ашық алаңы, күн энергиясын пайдаланудың гелиоэлектромобилі іске асқан жобасы, балама энергияны өндіріске, тұрмысқа пайдаланудың зертханасы бар. Бүгінде университет  ауласында  «ЭКСПО –  2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысқан  қондырғылар қойылған. Қуаттың жаңғыртылған көздері арқылы іске асыратын жарық және су беру жүйесі жобасы іске қосылған. ЖОО-ның студенттері (қазір олар магистранттар) ешқандай жанар-жағармайдың көмегінсіз, күн сәулесінің қуатымен, яғни қуат үнемдегіш ресурстар көмегімен қозғалатын көлік жасап шығарды. Сонымен қатар көптеген студент станоктарды бүрку, 3Д принтер, «SolidWorks» бағдарламаларын меңгерген. ҚазИИТУ-дың ғалымдары мен студенттері бірқатар халықаралық өнертапқыш салонының, соның ішінде ресейлік «Архимед» өнертапқыштар салонының алтын, күміс медальдарын, марапаттарын алды. Қазір көрмеге қатысқан инновациялық жобалар жетілдірілуде.

Аталмыш орталықтың ендігі мақсаты – университетте жасақталған жобалар бойынша жетістіктерді ел-жұртқа таныстыру, әлемдік деңгейде танымал, атақты ғалымдардың еңбектері басылатын «Скопус» және «Science Direkt» журналдарында жариялау.

– Өз жобаларын осы журналдарда жариялай отырып, біздің студенттеріміз бен магистранттарымыз, оқытушыларымыз жоба-еңбектерінің лайықты бағасын алады, танылады, сонымен қатар халықаралық конференцияларға тегін қатысуға, тағылымдамадан өтуге шақырту алады. Биыл шілде айының басында осы орталықтың басшысы ретінде цифрлық бағдарламалармен «Скопус» және «Science Direkt» базасында үлкен семинар өткізуді жоспарлап отырмын. Қазір соған дайындық жұмыстары жүргізілуде, – деді Алмагүл Қамиева Айтқандай, Алмагүл  Ақболатқызы – цифрлық жүйе бойынша «Science Direkt and Scopus solutions» бағдарламаcынан сертификатталған тренері. Ол тренерлік куәлікті Голландиядан алды және өңірде ондай халықаралық деңгейде мойындалған тренер әзірге өзі ғана. Мұның өзі өңіріміздің дамуының айқын белгісі деуге болады. Ол цифрландыру мәселелеріне қатысты ғалымдармен онлайн курстар өткізеді. Мысалға, заңгерлік мәселелер бойынша жазғы курстар өткізу жоспарланған. Қазақстанның кез келген түкпіріндегі ғалымдар бұл курстарға онлайн режимінде қатыса алады. «Цифрлық Қазақстан» тұжырымдамасында Қазақстан бойынша онлайн және офлайн курстар өткізу керек делінген болатын. Елбасы Жолдауына және елімізді цифрландыру бағдарламасына орай ҚазИИТУ осындай бағыттағы жұмыстарды қолға алған. Онлайн курстар оқытушылардың, студенттердің сұраныстарымен өнертапқыштық, 3Д технологиялар және өзге де  тақырыптарда өткізіледі.

Қазір университет «Цифрлық Қазақстан» журналын және ақпараттық порталды қолданысқа енгізуде. Бұл жұмыстар қазақстандық жастардың цифрландыру бастамасының мән-маңызын тереңірек түсіндіруге бағытталған. Елімізді цифрландыру, жаңа технологиялы жобаларды жандандыру кез келген мемлекеттің дамуын көрсететін ішкі жалпы өнім көрсеткішінің жоғарылауына бастайды. Еліміз әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылуы үшін де цифрландыру жұмыстары жүргізілуі керек. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына сәйкес ақпараттық технологияларды енгізу арқылы өнім өндірісін арттыруға қол жеткіземіз. Цифрландыру арқылы өндірісті жоғары өнімділікке жеткізуге жол ашылады. ҚазИИТУ-дың ұстанған бағыты, жаңа ізденістері ұлттық экономиканы, цифрлы экономиканы дамытуға бағытталған.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»


Аға криминалист Асылай

Күні: , 37 рет оқылды

23 маусым  –  Қазақстан  полициясы  күні

23 маусым –  Қазақстан  полициясы  күні  қарсаңында  қалтарысы  мен қатпары  көп  криминалист  мамандығының  қыр-сырына  қанығу  мақсатында  БҚО  ІІД  жедел  кримина-листикалық басқармасының аға криминалисі, полиция майоры Асылай Сұлтанбековаға арнайы жолыққан едік.

Жастайынан құпия қылмыстың түйінін ше-шетін ізкесушілер туралы детективтерді көріп өскен Асылай криминалист болуды армандаған. Осы мақсатпен 2004 жылы Алматы қаласындағы Ішкі істер министрлігінің академиясына оқуға қабылданады. Оқуын ойдағыдай бітіріп келген жас маманды БҚО ІІД жедел криминалдық басқармасы қызметке алады. Аталған қызметтің жауаптылығын терең түсініп, сенім үдесінен шығып жүрген Асылай Талапқызы «2-сыныпты маман» біліктілігін алып, «Он жыл мінсіз қызметі үшін», «ІІД үздігі» сықылды марапаттарға ие болған. Академияны бітіргенде лейтенант болса, бүгінде майор шенінде қызмет етіп жүр. Біз мекемеде болған кезде бірнеше әріптесі білікті маманның ақыл-кеңесіне жүгініп, пікірін сұрап кіріп шықты. Аға криминалист оларға  байыпты  жауаптар  берді.

– Таңмен тәуліктік кезекшілікке түсеміз. Әркімнің арнайы құралдармен жабдықталған жеке қобдишасы болады. Қобдишаның ішінде саусақ іздерін анықтайтын ұнтақтан бастап қарындаш, сызғыш секілді құралдарға дейін бар. Дабыл түскен бойда тергеуші, криминалист, жедел уәкіл, кинологтан құралған жедел тергеу тобы қылмыс орнына суыт аттанамыз. Оқиға орнына жеткен бойда жәбірленушіден болған жағдайды анықтап сұрап аламыз.

Оның берген жауабына байланысты оқиға орны қоршалады. Заттық айғақтар жоғалмас бұрын қылмыс болған жерді тыңғылықты қарап жүріп, материалды жинақтап, хаттама түзіп, барлығын тергеушіге баяндаймын. Саусақ іздері басқа іздерге қарағанда қылмысты тергеу мен ашу кезінде жиі қолданылады. Әрі нәтижесі де жоғары болып келеді. Қол іздері арқылы адамның жынысын, тіпті шамамен жасын да анықтауға болады.

Он жылдан астам қызмет барысында түрлі қылмыстық оқиғалардың куәгері болдым. Мұндайда біріншіден жүректілік керек. Қандай жағдай болса да, кәсібилік танытуға тырысамын. Себебі біз физикалық тұрғыдан мықты әрі жүйкесі берік маман болу үшін түрлі дайындықтан өткен едік.

Жолдасым да әскери қызметші. Сондықтан шығар, бір-бірімізге түсіністікпен қарап, қолдауға тырысамыз. Екі баламыздың тәрбиесіне барынша көңіл бөлеміз. Бірақ кейде мектептегі шараларына, жиналыстарына қатыса алмай қаламыз. Бәріне қауырт қызметіміз қолбайлау болады. Дегенмен қызметімнің ауыртпалық-қиыншылықтарын табандылықпен көтеруге мүдделімін, – дейді Асылай Сұлтанбекова.

Айым  ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал  өңірі»


Жауапсыз жүргізушілер «жүгенделуде»

Күні: , 23 рет оқылды

23 маусым  –  Қазақстан  полициясы  күні

Сейсенбі  күні  БҚО  ІІД  жол-патрульдік  полициясы  батальоны Орал – Атырау  тасжолына  шығып,  жүргізушілерге  қауіпсіздік  шаралары  туралы  айтып,  үнпарақтар  таратты.

Үнпарақта жүргізушілердің жылдамдықты арттырмауы, жолдың қарсы бағытына шықпауы және маневр жасау ережелерін сақтаулары қажеттігі жазылған. Сонымен қатар өткен жылғы және биылғы бес айдағы  көлік апаттарына талдау жасалған ақпараттар да бар. Шара барысында әр көлікті тоқтатқан жол полициясы қызметкерлері үнпарақтағы мәліметтерді алға тартып, қауіпсіздік шараларын ұмытпау қажеттігі жөнінде ескертті.

– Бұл шара өтетіні жөнінде алдын ала хабарланған жоқ. Тосыннан, жоспардан тыс шығып отырмыз.  Биыл  Орал  – Атырау тасжолы бойында жол-көлік оқиғасы жиілеп тұр.  Осы жолда өткен апта ішінде екі жол-көлік оқиғасы орын алып, екі адам қаза тапты, біреуі жарақат алды. Ал бес ай ішінде бұл жолдың бойында он адамның өмірі қиылды. Сондықтан да жүргізушілерге үнпарақ дайындап, түсіндіру және ақпарат беру шарасын осы жолдан бастадық. Жалпы алғанда, өткен жылмен салыстырғанда облыс бойынша жол ережесін бұзушылықтың саны артып отыр. Мәселен, жылдамдықты асыру  20 пайызға, мас күйде көлік айдау 18 пайызға артса, ауыр зардаптарға соқтыратын қауіпсіздік белдігін тақпау деректері де көбейген. Статистикаға жүгінсек, жыл басынан бері облыста 31 жол-көлік оқиғасы орын алып, соның салдарынан 15 адам көз жұмып, 41 адам түрлі дәрежедегі  жарақат  алды. Ал өткен жылы 14  жол-көлік оқиғасынан 3 адам қаза тауып, 31 адам жарақаттанған. Әрбір жол-көлік оқиғасы болған орынға біздер, жол полициясы қызметкерлері, бірінші болып жетеміз. Жол бойындағы жантүршігерлік апаттарды көрген сайын жүрегіміз ауырады. Кінәліні іздеп, шара қолдансақ та, адамдардың қаза тапқанын көріп, қынжыласың. Қарап отырсақ, бес айда 15 адам жолда көз жұмды. Бұл осынша  отбасы қара жамылып қалды деген сөз.  Осы орайда жол-көлік оқиғалары негізінен жүргізушілердің кесірінен болатынын айтқым келеді. Олар не қалғып кетеді немесе қарсы бетке шығып, апатқа жол береді. Тіпті кейде біз себебін түсінбейтін, түсіндіре алмайтын да жол-көлік апаттары орын алады. Мәселен, жыл басында үш адамның өмірін жалмаған көлік оқиғасы болды. Онда бір жеңіл көлік қарсы бағытқа шығып кетіп, үлкен жүк көлігін басып озбақ болады. Осы фураның жүргізушісімен сөйлескенімізде, ол: «Жеңіл көлік жүргізушісінің не үшін басып озғанын білмеймін. Нәтижесінде қарсы келген көлікке түйісті», – деген еді.

Көлік жүргізушісі көз жұмғандықтан,  не үшін бұлай жасағанын біле алмадық. Сондықтан да жүргізушілер қандай көлік айдаса да, жылдамдықты шегінен асырмай, барлық жол жүру ережесін сақтаса екен дейміз. Олар сонда өз өмірін ғана емес, қасындағы жолаушылардың да өмірін сақтайтын болады, – дейді БҚО ІІД жол-патрульдік  полициясы  батальонының командирі, полиция майоры  Болат  Жаңабаев (суретте).

Іс-шара барысында тоқтаған көліктер арасынан жүргізушінің де, жолаушылардың да қауіпсіздік белдігін тақпағандарына куә болдық. Болат Қуанышқалиұлы жүргізушілердің көліктегі жолаушыларына қауіпсіздік белдігін тағуға міндетті екендерін айтпайтынын атап өтті. «Егер де жүргізуші көлігін тоқтатып, жолаушыларына «Қауіпсіздік белдігін тағыңыз. Әйтпесе, мен жолға шықпаймын» десе, барлық адам айтқанын орындаған болар еді», – дейді батальон командирі. Сондай-ақ кейде тұрғындардан көлік айдап келе жатқан жүргізушілердің телефонмен жиі сөйлесетіні жөнінде шағым түсіп жатады екен.

Болат Қуанышқалиұлының айтуынша, жүргізушілер тарапынан болатын ереже бұзушылықтың, жол апаттарының алдын алу үшін жол полициясы қызметкерлері жолаушылар тасымалдайтын кез келген көліктерге жай жолаушы ретінде отырып, жолға шығып жүр. Олар қауіпсіздік белдігін тақпаған немесе рульде отырып, ұялы телефонмен сөйлесетін жүргізушілерді бейнекамераға түсіріп немесе жазып алады. Осындай әдіспен де жауапсыз жүргізушілерді «жүгендеуге» кіріскен. Жолаушылар да жол ережесін бұзған көлік жүргізушісін көрсе, оның әрекетін жазып не түсіріп алып, полицияға жолдауына немесе  102  нөміріне хабарласуларына болады. Ал ереже бұзған жүргізушіні алдыңғы учаскеден полиция қызметкерлері тоқтатып,  шара қолданады.

– Жолда келе жатқан таксистер соңында келе жатқан  көлік жүргізушісіне «Мен мына жерден өттім. Ол жерде патрульдік машина тұр» деп хабарлап, ескертіп отырады. Сосын да оның соңындағы жүргізуші бұл учаскеден  жайлап өтеді де, одан әрі қайтадан жылдамдықты арттырады немесе белдікті тағып өтіп, ұзағасын шешіп тастайды. Осындай деректер бойынша жұмыс жасап жатырмыз. Атырау, Бөрлі және Сырым аудандары бағыттарына жүретін жолаушы тасымалдаушыларды тексердік. Бір таңғаларлығы, ережені бірнеше рет бұзып, жазаларын алған көлік жүргізушілері тағы да сондай әрекеттерге барып жататыны ұшырасады. Оларға көп мөлшерде айыппұл салынса да, қайталап ереже бұзады. Шыны керек, олардың бұл іс-әрекеті түсініксіз. Жүргізушілердің мұндай жауапсыздығын түсіндіре алмаймыз.

Мүмкін кей жерлерде біздің тарапымыздан да жеткіліксіз жұмыс болған шығар. Бірақ тұрғындардың жолдағы қауіпсіздігі үшін  барынша қатал шаралар қолға алынуда, – дейді  полиция майоры  Болат  Жаңабаев.

Жол бойында көлік тізгіндеген азаматтарға үнпарақтар тарату барысында біреулер полиция қызметкерін мұқият тыңдаса, бірі қабағын түйіп, өздерінше асығыстық танытып жатты. Ал өзін фотоға түсіруге де, аты-жөнін айтуға да қарсы болған чапаевтық азаматтың көлігіндегі жолаушылар қауіпсіздік белдігін тақпаған болып шықты. «Қауіпсіздік белдігін тақ дедім, тақпады. Мен не қылайын енді?! Белдікті әркім өзі үшін тағу керек қой. Кейбіреулер айтқанды ұқпайды. Полиция қызметкерлері мұндай рейдке жұма сайын, ай сайын шығып тұрса, жолдағы жағдай басқаша болар еді», – деп ашуын да, өкінішін де білдіргендей болды ол. Ал келесі бір жеңіл көлік тізгіндеген жас жігіт көлігінің терезесін күңгірттеген қалпы (тонировка) әрі ұялы телефонмен сөйлесіп келе жатып «ұсталды».

Шара барысында бір жеңіл көлік иесіне бірден екі әкімшілік хаттама толтырылса, тағы екі көліктің жүргізушісіне  айыппұл  салынды.

Ясипа  РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»


Транзиттік әлеует артады

Күні: , 141 рет оқылды

Бейсенбі күні өңірімізге іс-сапармен келген ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек пен облыс әкімі Алтай Көлгінов «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан «Орал – Тасқала – РФ шекарасы» аутожолын жаңғырту жұмыстарымен танысты.

Министрге аталмыш жоба жайында «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Берік Желдікбаев баяндап берді.

– «Орал – Тасқала – РФ шекарасы» аутожолының жалпы ұзындығы 100 шақырымдай болса, былтыр оның 27 шақырымы жаңғыртылды. Бүгінгі таңда қалған 70 шақырымнан астам бөлігін қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жол жаңғыртуға қажетті қаражат жеткілікті түрде бөлінді. Жұмысты жүргізуге керекті барлық жағдай жасалған. Бүгінгі таңда жол бойында үш үлкен асфальт-бетон зауыты жұмыс жасап тұр. Осы жылдың желтоқсан айына дейін аталмыш бағыттағы аутожолды қалпына келтіру жұмысын толықтай бітіреміз деп есептеп отырмыз. Аутожол бойынан болашақта жаңғыртудан өткен жолды күтіп ұстауды жүзеге асыратын жол пайдалану мекемесін салудамыз. Бұл жол облыстың туристік кластерін дамытып, транзиттік әлеуеті күрт артады деп сенеміз. Жол үлкен транзиттік ағынға есептеліп салынуда. Қуаттылығы 13 тоннаға дейінгі көліктерді өткізе алады. Бүгінгі таңда бұл жолмен тәулігіне 3 мыңдай көлік өтетін болса, келешекте бұл көрсеткіштің екі есеге дейін артатыны даму жоспарында қарастырылған. Көліктер тоқтайтын аялдамалар, әжетханалар салу да осы жоба аясында іске аспақ, – деді  Берік  Дәулетқанұлы.

Аталмыш бағыттағы аутожолды жаңғырту жұмыстарына 124 техника, 400-дей жұмысшы жұмылдырылған. Министр мердігер компанияға жол құрылысына қажетті материалдарды уақытылы, тиімді бағамен сатып алу мәселелеріне ерекше мән беру керектігін ескертті. Ол сондайақ жұмыс қара суыққа дейін созылмай, қарқынды әрі сапалы түрде жүргізілер болса, қосымша қаражат бөлуді  қарастыруға  болатынын  айтты.

Осы жерде Жеңіс Махмұдұлы Батыс Қазақстан облысындағы республикалық маңызы бар жолдарды дамыту жоспарымен де танысып, әрі қарайғы сапарын Қазталов  ауданында  жалғастырды.

Облыс  орталығымен  Қазталов,  Жәнібек,  Бөкей  ордасы аудандарын  байланыстыратын  республикалық  маңызы бар жолды  күрделі  жөндеу келесі  жылы  мамыр  айында  басталады. Бұл  жайында  Жалпақтал  ауылынан  асып,  Қазталовқа бет алған  қара  табан  жолдың  бойында  өткен  көшпелі  кеңес  отырысында  ҚР  Инвестициялар   және  даму  министрі  Жеңіс  Қасымбек айтты.  Сондай-ақ   кеңес  отырысына  Мәжіліс  депутаты Бақтияр  Мәкен, облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов  және  аудандардан  келген  ардагерлер  қатысты.

Елбасы тапсырмасына сәйкес, келесі жылы күрделі жөндеуге министрлік қомақты қаражат бөледі. Жобаны неғұрлым қысқа мерзімде орындау көзделуде. Облыс әкімі Алтай Көлгінов қаражат берілгесін, мердігерлер анықталып, жол құрылысы бірден басталатынын айтты. Жиында «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Берік Желдікбаев биыл облыстағы автожолдарды жөндеуге 13 млрд. теңге бөлінгенін айтып өтті. Оның ішінде жолдарды қайта жаңғыртуға 9,2 млрд. теңге, күрделі және орташа жөндеуге 2,6 млрд. теңге қарастырылған. Самара – Шымкент трассасы бойындағы Сырым өткізу бекетін 1,2 млрд. теңгеге жөндеуге жобалық-сметалық құжат әзірленген. Жоба нәтижесінде Сырым бекетіндегі көліктерді бөгеу азайып, транзиттік тасымал ағыны ұлғаяды. Биыл облыс бойынша 223 шақырым автожолға орташа жөндеу жүргізіледі. Мердігерлер анықталып, іске кіріскен. Орташа жөндеу қазан айында  аяқталмақ.

– Президенттің тапсырмасына сәйкес республикалық комиссия құрылып, Чапаев – Қазталов – Жәнібек – Сайқын бағытындағы 470 шақырым автожолдың жағдайын зерттеді. Автожолдың 160 шақырымы жөнделген. Биыл Қазталовқа дейінгі 35 шақырымын асфальттау басталды. Келесі жылы қалған 275 шақырым бөлігінің 30 шақырымын орташа, 245 ша-қырымын күрделі жөндеу жоспарлануда. Яғни, құрылыс жобасы бойынша асфальтты жабын төсеу, жол бойына аялдамалар орнату, су өткізу құбырларын салу қамтылады. Жәнібек ауданының аумағындағы Ресеймен шекаралас бекетті сегіз көлік өткізе алатындай жаңғырту, жүк салмағын автоматты анықтайтын жүйені орнату, тынығу алаңының құрылысы мен жарық шамдарын орнату жоспарланады. Қазіргі уақытта алты жобаға тендер рәсімі жарияланды. Жылдың соңына дейін дайындалатын жобалық-сметалық құжатта аудан тұрғындарының ұсыныс-пікірлері ескеріледі. Автожолды жөндеу Ресейге тікелей шығуға жеңілдік туғызады, жолаушылар мен жүк тасымалын ұлғайтады және Бөкей ордасы ауданының туристік әлеуеті артады, – деді  Берік  Желдікбаев.

Жиында ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Автомобиль  жолдары комитеті төрағасының орынбасары Сайранбек Бармақов жол жағдайын шұғыл зерттеуге келген комиссия құрамында болғанын айтты. Оның сөзінше, Чапаев – Қазталов жолының ұзындығы 253 шақырым болса, бүгінге дейін соның 157 шақырымы жөнделді. Қазталов ауданы орталығына жақындағанда басталатын бетонды жолға орташа жөндеу жүргізіледі. Ал 165 шақырым болатын Қазталов – Жәнібек автожолының 142 шақырымы, сонымен қатар 103 шақырым Өнеге – Сайқын жолы сын көтермейтін деңгейде болғандықтан, күрделі жөндеуге  шешім  қабылданды.

Биыл Чапаев – Жалпақтал – Қазталов жолын күрделі жөндеу жалғасуда. «Uniserv» ЖШС Қазталовқа дейін 35 шақырым жолды жөндеуді бастады. Жол салуға компания 60 адамды жұмысқа алған. Қазіргі уақытта жұмысшылар екі ауысымда еңбек етуде. Жиында сөйлеген облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Медет Шакаевтың мәліметінше, облыстағы жергілікті маңыздағы жолдың жалпы ұзындығы 5 мың шақырымнан асады.

Соның 1300 шақырымы ғана жөнделген. Биыл 70 шақырымнан астам автожолды жөндеуге 7 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді.

Ал Орал қаласындағы жол құрылыстарына осындай мөлшердегі қаражат жұмсалады. Оның ішінде екі жоба ауқымды. Біреуі биыл аяқталады деп күтілетін Депо көпірінің құрылысына 2,3 млрд. теңге құйылды. Екіншісі, Нефтебаза кентіндегі көпір құрылысын жөндеуге 5,8 млрд. теңге бағытталды. Айта кетейік, облыстағы республикалық маңызы бар жолдың ұзындығы 1400 шақырымға жуық. Биыл 331 шақырым автожолды жөндеу жоспарланған.

Көшпелі кеңеске көршілес үш ауданның тұрғындары атынан қатысқан ардагерлер Елбасы тапсырмасына қатысты жедел шара алынып жатқанына ризашылық білдірді. ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, Жалпақтал – Қазталов жолын күрделі жөндеп жатқан «Uniserv» жобаны еңсере түссе, жыл соңына дейін республикалық бюджеттен 1,2 млрд. теңге қаражат бөлінеді.

– 2019 жылдың бюджетіне Қазталов – Жәнібек – Сайқын бағытына бөлінетін қаражат есебін міндетті түрде енгіземіз. Келесі жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасына орай еліміздегі жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеуге 150 млрд. теңге бөлінеді. Батыс Қазақстан облысына бұл мақсатта жыл сайын 5 млрд. теңге көлемінде қаражат бөлініп отырса, енді қаражат көлемін ұлғайтамыз, – деді  Жеңіс  Қасымбек.

Қазталов аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Уәлиолла Әбішев жол жөндеуге байланысты ауқымды жұмыс басталғанда құрылыс материалын тасымалдау қыруар қаржыны талап ететінін айтып, Ресей тарапымен тиімді келіссөздер жүргізіп, оңтүстік аудандардағы теміржол бекеттерін осы мақсатта пайдалану мүмкіндігі жөнінде министрден  сұрады.

– Алдағы уақытта Атырау облысындағы Индер ауданынан  Александр Гай бекетіне теміржол тарту жобасын іске қоспақпыз. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзір. Бірақ оның құрылысын 2-3 жыл шамасында бастауды жоспарлаудамыз. Қазіргі уақытта облыс аумағындағы республикалық жолдарды жөндеуге басым көңіл бөлінуде. Биыл Орал – Тасқала – РФ бағытындағы автожолды күрделі жөндеу аяқталған соң, республикалық бюджеттен бөлінетін қаражаттың басым бөлігі облыстың оңтүстік аудандары арқылы өтетін күре жолды жөндеуге бағытталады. Соған сәйкес жаңа жұмыс орындары ашылады. Автожолды жөндеуге жергілікті тұрғындар да тартылады. Министрлікке жобалық-сметалық құжатты әзірлеушілер қаражаттың нақты мөлшерін айтса болды, ауқымды жобаны жүзеге асыруға қаражат жеткілікті.

Ал теміржол бағыты бойынша  көрші Ресеймен келісімге келе отырып, қысқа уақытта Оралдан Алматы мен Астана қалаларына қатынайтын «Тұлпар – Тальго» пойызын іске қосудың өзі үлкен жетістік болды, – деді ҚР  Инвестициялар және  даму  министрі  Жеңіс  Қасымбек.

Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ,

Нұртай  АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


«Нұрлы жердің» игілігі

Күні: , 27 рет оқылды

Бейсенбі күні облыс әкімдігінде ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетовтің қатысуымен «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру және өзектендіру мәселелеріне арналған кеңес өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев, Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев, Жаңақала ауданының әкімі Наурызбай Қарағойшин, салалық басқармалар басшылары мен өңірдегі құрылыс компанияларының жетекшілері қатысты.

Өткен жылы елімізде «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 11,200 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, ағымдағы жылдың алғашқы бес айында 4 607,8 мың шаршы метр, яғни 40 326 тұрғын үй ел-жұрттың игілігіне ұсынылған. Бұл мақсатқа 391,0 млрд. теңге инвестиция құйылған екен. Соның ішінде жеке тұрғын үйлер 2 199,0 мың шаршы метр немесе 15 334 жеке тұрғын үй, сонымен қатар 2 408,8 мың шаршы метр немесе 24 992 көп пәтерлі тұрғын үй салынған. ҚР Инвестициялар және сауда министрлігінің құрылыс және тұрғын үй шаруашылығы комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетовтің айтуынша, биылғы меже – 12,1 млн. шаршы метр тұрғын үй. Жыл соңына дейін салынып, пайдалануға берілетін баспананың 5,1 млн. шаршы метрі жеке секторда орналасса, қалған 7,0 млн. шаршы метрі көп пәтерлі тұрғын үйлер болмақ.

– «Нұрлы жер» бағдарламасы аясындағы тұрғын үй құрылысына биыл республикалық бюджеттен 148,6 млрд. теңге қарастырылған. Бүгінде қаржының 70,8 млрд. теңгесі аударылды. Соның ішінде инженерлік коммуникациялық инфрақұрылымдарға 9,8 млрд., сатып алуға жатпайтын жалдамалы тұрғын үй құрылысына 26,9 млрд., «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ салымшыларын несиелендіруге 24 млрд., ипотека мен құрылыс салушылардың (застройщиков) қарызын субсидиялауға 7,9 млрд. және 20 млрд. теңге Астана қаласындағы апатты үйлерді сүру пилоттық жобасын жүзеге асыруға бағытталмақ. Жалпы, «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Астана мен Алматы қалалары көш бастап тұр. Батыс Қазақстан облысы да үлкен құрылыс алаңына айналған. Жаңадан «Ақжайық» шағынауданы бой көтермек, өңірде жылу жүйелерін жаңғырту, су желілерін тарту жұмыстары да қарқынды жүруде. Сатып алынбайтын жалдамалы тұрғын үй бағыты бойынша 1,82 млрд., кредиттік тұрғын үй құрылысына 1,5 млрд. бөлінді. Облыс басшылығы қаражат көлемін ұлғайтуды сұрап отыр, біз бұл ұсынысты қарастырамыз. Жеке тұрғын үй құрылысын дамытуға еліміз бойынша 40 мыңға жуық жер телімі берілетін болса, сіздің облыста 778. Жеке компаниялар 2020 жылға дейін 600 мың шаршы метр тұрғын үй салуды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда 33 жоба бекітіліп, 31,9 млрд. теңге қаржы бөлінді, – деді Мархабат Жайымбетов.

Министрлік өкілінің мәлімдеуінше, Елбасының бес әлеуметтік бастамасына сәйкес әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін ұсынатын «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы биылғы жылдың екінші жартыжылдығынан бастап іске қосылады. Тұрғын үйді халыққа барынша қолжетімді ету үшін бірқатар өзгерістер енгізілді. Ұлттық банк жанынан «Баспана» ипотекалық компаниясы» АҚ құрылып, 3 трлн. теңге бес жыл ішінде ипотекалық несиелеуге бөлінбек. Бағдарламада тұрғын үйдің шекті бағасы көрсетілген. Атап айтар болсақ, Астана, Алматы, Атырау және Ақтау қалаларында 25 млн. теңгеден, ал өңірлерде 15 млн. теңгеден аспауы тиіс.

«Нұрлы жерге» енгізілген маңызды өзгерістердің бірі – жұмыс берушінің өз қызметкерінің баспанасы үшін алғашқы жарнаны құю тетігі.

– Баспаналы болғысы келетіндердің басым бөлігі алғашқы жарнаны төлеуде қатты қиналады. Бұдан былай мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдар өз қызметкерлерінің  баспаналы болуына жәрдемдесе алады. Яғни 20 пайызды құрайтын  алғашқы жарнаны қызметкерге тұрғын үй ссудасы ретінде бере алады. Ал нақты тетіктерді жұмыс беруші айқындайды. Қазір Алматы қаласының әкімдігі алғашқылардың бірі болып, 10 жас отбасыға 1 млн. теңге көлемінде тұрғын үй ссудасын берді. Қызылорда облысы үйсіз жүрген жас отбасыларды қолдауға 2 млрд. теңге бөлмек. Бұл игі бастама сіздің облыста да нәтижелі жүзеге асады деген ойдамын.

Бағдарламадағы келесі өзгеріс жеке құрылыс компанияларына қатысты. Әкімдіктер ендігі жерде тендер ойнатып, уақыт созбай, жеке құрылыс компанияларынан дайын үйді сатып ала алады.  Бұған дейін әкімдіктер салған тұрғын үйлер тек «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшыларына ғана берілсе, бұдан былай екінші деңгейлі банктер арқылы барлық азаматтарға беріле бастайды. Аталған бағыт бойынша өңірлерде бір шаршы метрдің бағасы 140 мыңнан аспауы тиіс. Жалдамалы тұрғын үй бойынша 72 шаршы метрге, ал кредиттік үйлер бойынша 80 шаршы метрге дейін шектеу қойылады. Бұл талаптар әкімдіктер салып жатқан үйлердің қолжетімділігін арттырып, «7-20-25» ипотекалық бағдарламасының дамуына серпін бермек. Тағы бір өзгеріс, бағдарлама талаптарына сәйкес қатысушы банктердің қарыздар беру және қызмет көрсету үшін қарыз алушылардан комиссия алуға құқығы жоқ. Азаматтың алған пәтері мен жеке басын сақтандыру талаптары да жойылды, – дейді Мархабат Жайымбетұлы.

Сондай-ақ комитет төрағасы биылдан бастап жеке тұрғын үй секторында құрылыс көлемін арттыру үшін құрылыс алаңдарын инженерлік желілермен қамтамасыз етуге бөлінетін қаржы 80 млрд. теңгеден 100 млрд. теңгеге дейін ұлғайғанын айтты. Халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлжуаз бөлігін баспанамен қамтуға бөлінетін қаржы көлемі 25 млрд. теңгеден 35 млрд. теңгеге өскен.

Жалпы, биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында елімізде аумағы 12 млн. шаршы метрден астам тұрғын үйді пайдалануға беру көзделіп отыр. Алдағы 15 жыл ішінде 1,5 млн. баспана салынып, бір адамға шаққандағы тұрғын үймен қамту көрсеткішін 26 шаршы метрге дейін жеткізу жоспарлануда.

«7-20-25» бағдарламасының Елбасы атап көрсеткендей, басында еш баспанасы жоқ үйсіз отбасыларға арналғанын және алыпсатарлыққа жол берілмеуі тиіс екендігін айтқан Мархабат Жайымбетұлы ел аумағындағы 67 мыңнан астам әскери қызметкерлер үшін «5-20-25» жеке бағдарламасының жүзеге асқалы жатқанын да тілге тиек етті. Оның айтуынша, жуырда «5-20-25» бағдарламасы мұғалімдер мен дәрігерлер үшін де қолжетімді болуы мүмкін.

Облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаевтың мәліметіне қарағанда,  биыл Ақ Жайық атырабында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 415,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Соның ішінде жалдамалы тұрғын үй 46,83 мың шаршы метр, несиелік (кредиттік) тұрғын үй 45,4 мың шаршы метр, «Бәйтерек Девелопмент» АҚ желісі бойынша 13,6 мың шаршы метр және апатты үйлердің тұрғындарына арналған 22,8 мың шаршы метр тұрғын үй бой көтермек.

Ағымдағы жылдың 5 айында облыста жалпы құны 9,4 млрд. теңгені құрайтын 201,3 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, 1912 отбасы баспаналы болған.  Қазіргі таңда 24,2 мың адам үй кезегінде тұрса, соның 9,5 мыңы әлеуметтік әлжуаз санаттағы азаматтар.

– Жыл сайын Орал қаласында екі көпқабатты үйден тапсырамыз. Сұраныс өте көп. Сондықтан республикалық бюджеттен қаржы бөлінсе, жылына 5 үйден салғымыз келеді. Жоспарланған 12 үйдің тек төртеуінің құрылысын бастадық. Облигациялық займ есебінен 7 млрд. теңге көлемінде қосымша қаржыландыруды сұраймыз. Инженерлік желілерге 3,4 млрд. теңге бөлінді, биыл 25 нысанның құрылысы басталды, – деген Бағдат Оразалдыұлы жеке тұрғын үй салуға 3 716 жер телімі дайындалатынын айтып өтті. Оған қоса жыл соңына дейін облыс орталығында 688, аудандарда 144 пәтер пайдалануға берілмек.

Жиын барысында ауылдық елді мекендерді таза ауыз сумен қамту мәселесі де талқыланды. «2020 жылға дейінгі өңірлерді дамыту» бағдарламасының «Ақбұлақ» бағыты бойынша жыл соңына дейін 49 елді мекеннің 56 мыңнан астам тұрғыны сапалы ауыз судың игілігін көрмек. Бұл мақсатқа 4,0 млрд. теңге қарастырылған.

«Ақбұлақтың» арқасында ұзақ жыл ауыз судан таршылық көріп келген Жаңақала ауданы да қиындықтан құтылмақ. Аудан әкімі Наурызбай Қарағойшиннің мәлімдеуінше, өткен жылы аталмыш аудандағы елді мекендердің ауыз сумен қамтылуы 51,7 пайызды құраса, биылғы жылдың соңына дейін бұл көрсеткіш 82 пайызға жетпек. «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстардың қатарында Жаңақазан, Жуалыой, Мәстексай, Мұқыр ауылдарындағы су құбырын жаңалап-жаңғырту, Жаңажол, Сарыкөл ауылындағы су құбыры құрылысы, Жаңақала ауылындағы тұрғын үйлерді сумен жабдықтау жұмыстары бар.

Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»


«Ақылды таксиге» арналған мобильді технологиялар

Күні: , 30 рет оқылды

IT- шешімдері мен телекоммуникация қазіргі заманғы бизнестің ажырамас бөлігі болып табылады. Бірнеше жыл бұрын көпшілігіміз үшін «жоғары технологиялық кәсіпорын» деген сөз тіркесі негізінен шикізат секторында жұмыс істейтін трансұлттық корпорациялармен байланысты болса, соңғы жылдары IT- компаниялар мен телекоммуникациялық операторлар ШОБ ойыншылары арасында сандық қызметтерді барынша ілгерілетіп келеді деп хабарлайды «Курсивъ» газеті.

Ақтау қаласындағы «Такси Стар» компаниясы өз тәжірибесінде мобильді байланыс операторлары ұсынатын заманауи телекоммуникациялық қызметтері шағын бизнестің жұмысын оңтайландырып, оның тиімділігін және клиенттерге қызмет көрсету сапасын жоғарылататындығына көз жеткізді. Ол өзінің қызметін 2004 жылы бастаған, бүгінгі күні «Такси стар» компаниясының жетекшісі Мехди Ниязовтың айтуынша, жергілікті жолаушылар тасымалы нарығының көшбасшысы болып табылады, оған бәсекелестік өте жоғары. «Ресми такси қызметтері үнемі сұранысқа ие. Қазақстанның басқа қалалары сияқты Ақтауда да жолдың жиегінде тұрып көлікті ұстауға болады, бірақ жолаушылар түрлі себептермен «заңсыз» тасымалдаушылар көрсететін қызметтердің сапасына көңілдері толмағандықтан олар бізге хабарласады. Сондықтан біздің 200-400-ге жуық көліктеріміз күнделікті жолға шығуына қарамастан, қарбалас сәтте көліктің жетіспеушілігі сезіледі және осы жағдайларда клиенттердің сұрауын барынша қанағаттандыру үшін тапсырыстарды бөлу қиындайтын. Көп жылдар бойы жергілікті жолаушылар тасымалы нарығында көшбасшымыз және бізге орнымызды сақтауға көмектесетін шешімдер қажет болды», – дейді Мехди Ниязов.

«Такси Стар» компаниясы нарыққа енді кіргенде, мобильді байланыс операторларының өнімдеріне деген қажеттілік туындамағанын есіне алады: Ақтау қаласының тұрғындары қалалық телефоннан таксиге қоңырау шалуды жөн көрді, ал жүргізушілер мен диспетчер арасындағы байланыс рациялар арқылы жүзеге асырылды. Уақыт өте келе мобильді байланыстың ену деңгейі өсті, адамдар стационарлық емес, мобильді телефоннан жиі қоңырау шала бастады, рациялар өзектілігін жоғалтты және бизнес үшін мобильді шешімдерді енгізбей сапалы қызметтер көрсету туралы сөз болу мүмкін емес еді.

Мехди Ниязовтың айтуынша, компания 2014 жылы автоматтандырылған мобильді шешімдерді пайдалануға көшкен және әртүрлі операторлар ұсыныстарын тексеріп көріп, ақыр соңында «Кселл» компаниясының бизнес-шешімдеріне тоқталды. Мұндай таңдаудың пайдасының негізгі дәлелдерінің бірі ұсынылған шешімдердің бағасы мен сапасының оңтайлы үйлесімі болды, – деп атап көрсетті тасымалдаушы компанияның басшысы. Сонымен қатар оның айтуынша, «Кселл» менеджерлері кез-келген уақытта кеңес беруге, клиенттің қызмет ерекшелігін ескеретін өнімдерді ұсынуға дайын болғанын да атап өтт. Бүгінгі күні «Такси Стар» корпоративтік сектордағы ойыншылар үшін «Кселл» ұсынған бірнеше қызметтерді пайдаланады, олар мобильді байланыстың шығындарын оңтайландыруға, sms-хабарламалар жіберуге, қысқа нөмірге қоңырау шалуға (3355) мүмкіндік береді.

«Кселл» компаниясының қызметтері көп арналы байланыспен қамтамасыз етілген, бұл көптеген қоңырауларды бір мезгілде қабылдауға және компанияның барлық клиенттеріне белгілі бір нөмірден 25 қоңырау шалуға мүмкіндік береді. Бұрынғы қоңыраулар әртүрлі нөмірлерден келетін және адамдар экрандағы белгісіз нөмірді көріп, тұтқаны көтермеген жағдайлар жиі орын алған болатын. Бір кездері такси қызметінің клиенттері мобильді телефоннан қала нөмірлеріне қоңырау шалуына байланысты қиындықтар туындаған еді. Бірақ «Кселл» шешімдерінің арқасында тасымалдаушы бұл мәселені сәтті шешті және бүгінгі күні мобильді телефоннан мобильді телефонға қоңыраулардың үлесі өте тез өсіп келеді, ал 3355 қысқа нөмірін есте сақтау оңай және өте ыңғайлы. «Такси Стар» қызметіне ай сайын 100 мыңнан астам қоңырау түседі, олардың әрқайсысына әдетте екі SMS-хабарламадан келеді. «Кселл» SMS-хабарламалар қызметінің арқасында «Такси Стар» клиенттері тапсырыс бойынша қандай көлік тағайындалғанын және таксидің келгені туралы уақтылы біліп отырады.

«Біз «Кселл» ұсынатын клиенттер үшін тегін қоңырау шалу мүмкіндігі бар автошақыру қызметін де қолданамыз. Қызметтің функционалдылығы мен сапасы біздің шығынды толықтай ақтайды», — деп «Такси Стар» директоры сенімді түрде айтады. Жаңа бағдарламалық жасақтаманы енгізу қазақстандық тасымалдаушының бәсекеге қабілеттілігін айтарлықтай арттырды, бұл Ақтау нарығында халықаралық компаниялар, атап айтқанда «Яндекс.Такси» және Indriver пайда болған кезде аса маңызды болып шықты дейді Мехди Ниязов. «Жаңа шешімдер бізге агрегаторлармен теңдестіп қана қоймай, технологиялық тұрғысынан олардан артық жерлеріміз бар», – деп санайды Ниязов. Мысалы, «Такси Стар» өзінің артықшылықтарының бірі колл-орталықтың болуы деп санайды, бұл орталықта 50 адам ауысыммен жұмыс істейді. Статистика көрсеткендей, қосымша арқылы тапсырыстар үлесінің өсуіне қарамастан, көптеген клиенттер үшін колл-орталыққа қоңырау шалу арқылы тапсырысты рәсімдеу бұрынғыдай қолайлы. Бүгінгі таңда, мысалы, «Такси Стар» клиенттерінің тек 20% ғана қосымшамен тапсырысты рәсімдейді, 30% қалалық телефон арқылы, ал 50% мобильді телефон арқылы такси шақырады.

«Жолаушылар тасымалы нарығында бәсекелестіктің өсуіне қарамастан, біз клиенттерімізді жоғалтпадық және қызмет көрсету көлемі төмендемеді. Мұнда «Кселл» автоматтандырылған бизнес шешімдерін өз уақытында енгізу маңызды рөл атқарды, онсыз бүгін компаниямыздың жұмысын елестету мүмкін емес. Мобильді оператордың бинес желісінде біз үшін жаңа қолайлы өнімдер пайда болуы мүмкін. Біз өзіміздің қызметімізді тиімдірек ету үшін ынтымақтастықты жалғастыруға дайынбыз», – деп атап өтті «Такси Стар» басшысы.


«Кселл» Бұқтырма су қоймасындағы барлық демалыс орындарын мобильді интернетпен қамтамасыз етті

Күні: , 35 рет оқылды

«Кселл» компаниясы Бұқтырма су қоймасының маңында 3G және 4G / LTE қолдайтын  базалық станциялар орнатты. Ғаламтормен барлық негізгі демалыс орны қамтылды. Енді  компания абоненттері жазда жоғары жылдамдықты мобильді интернетті пайдалана алады.

Барлығы 6 жаңа станция орнатылды. Төртінші буын Интернеті«Голубой залив» және «Айна» демалыс орындарының маңында қол жетімді болды. Үшінші буын Интернеті «Мохнатка», «Аюда» және Жаңа Бұқтырма ауылдарында пайдалануға болады.

«Осы аймақта мобильді интернетті қамту процесінің өз ерекшелігі бар. Жолсыз және соқпақсыз  таулы өлке жұмысымызды біраз қиындатты. Бір базалық станцияны орнату үшін, мамандарымызға барлық қажетті материалды тауға жаяу көтеріп шығаруларына тура келді. Мысалы, станцияға арналған бір аккумулятордың салмағы 40 кг, ал мұндай батареяның сегізі орнатылуы керек. Станция тетіктерінен басқа, тұғыр дайындауға қажетті – су, цемент, құм, қиыршық тас тәрізді  құрылыс материалын да қолмен тасуға туралы келді»  — деді Өскемен қаласындағы «Кселл» АҚ филиалының жетекшісі Динара Байскакова.

Бұқтырма Қазақстанда ең ірі су қоймасы болып саналады және әлемдегі ең ірі жасанды су қоймасының бірі. Бұл Шығыс Қазақстан облысындағы Алакөлден кейінгі екінші ең танымал курорт.

2017 жылы Бұқтырма су қоймасына туристер ағымы 64 мың адамнан* асты, бұл 2016 жылға қарағанда 41% артық. Су қоймасы мен ондағыдемалысорталығы Қазақстан азаматтарыарасында да, ресейліктердіңарасында да танымал.

«Біз 4G / LTEбасымдық бере отырып мобильді интернетпенкеңірек қамтужұмыстарынжалғастырудамыз. Төртінші буын желі іске қосылғаннан бері біздің компания 50%-дан астамқазақстандық тұрып жатқан 24 қала мен елді-мекенге ғаламтор жеткізді. Өткен жылы, ШҚО-да 4G жоғары жылдамдықты Интернетке Риддер, Зырян және Шемонаиха тұрғындары қол жеткізді. Биылғы жылы компания Аягөзде 4G іске қосуды жоспарлап отыр. Біз осы жылы туристік маусым кезінде, қазақстандықтар мен еліміздің қонақтары арасында ең танымал және белгілі демалыс орнының бірін мобильді интернетпен қамтамасыз ету мүмкіндігіне ие болғанымыз үшін қуаныштымыз. Бұқтырма су қоймасына келетін туристер ағымы жыл сайын өсіп келеді, бұл таңқаларлық емес, өйткені Шығыс Қазақстан өзінің табиғи сұлу жерлерімен танымал. Біз абоненттерімізге Қазақстанның басқа өңірлерінен және басқа елдерден туристерді тарту үшін әлеуметтік желі және мессенджер арқылы осы тамаша өлкеден бейне және сурет жіберіп, өз әсерлерімен және эмоцияларымен бөлісулерін қалаймыз», — деді «Кселл» АҚ коммуникация департаментінің жетекшісі Наталья Еськова.

*  ҚР статистика комитетініңдерегі бойынша (өздігінен ұйымдастырылған туризмді есепке алмағанда)


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика