Мұрағат: 20.06.2018


Ұлттық киім отаншылдыққа үндейді

Күні: , 36 рет оқылды

«Мария  ханым»  сән  үйі  қазақтың  тарихымен,  мәдениетімен байланыстырып,  жаңаша  үлгідегі қайталанбас  мәнерде  киім  ұсынып келеді.  Жиырма  шақты  жылдан бері  киім  тігумен  айналысып  келе жатқан  бұл  сән  үйінде  дизайнерлер,  конструкторлар,  киім пішушілер,  тігіншілер  мен  кесте тігушілер  бар.

— Біз әлі күнге дейін қазақтың ұлттық ою-өрнектерінің әр түрлілігі мен әдемілігіне таңғалумен келеміз. Ұлттық өрнектердің көптеген техникасы  мен мазмұны бар. Тіпті ертеректегі ою-өрнекті алғаш шыққан күйінде қолдансақ та, олар өздерінің маңыздылығын жойған емес. Ою-өрнектер өздерінің әр түрлілігімен ғана қызық емес, сондай-ақ бір суреттің өзін түрлі техникамен, түстердің гаммасымен де пайдалануға болады. Ұлттық, этникалық киімдер осынысымен де қызық. Бүгінде жастарды отаншылдыққа тәрбиелеу өзекті болып  отыр. Ұлттық нақыштағы киімдерді заманауи сұранысқа сай  етіп тігу арқылы ұлттық рухты оятамыз деп білемін.

«ЭКСПО – 2017» көрмесінде біз этностильдің көптеген топтамасын көрсеттік. Ондағы киімдер табиғи материалдардан тігілді, – дейді сән үйінің  директоры Жұлдыз   Құспанова  (жоғарғы  суретте).

Мұнда  бір костюмді тігуге орта  есеппен бір айдан астам уақыт кетеді екен. Оны тігуге аз дегенде 5-6 адам  атсалысады. Шеберлер түрлі тарихи үлгілерді пайдаланады. Олардың қатарында тенгриандық өрнектер, петроглифтер, ежелгі символдар, бір стильдегі ою-өрнек те бар. Сондай-ақ киім тігерде тапсырыс берушілердің кескінкелбетіне, қалауына да қарайды.

–  Шетелдерде қазақстандық этникалық киімдерді сүйсіне қабылдайды. Мәселен, Біріккен араб әмірлігінде біздің киімдерді әйелдер жағы жақсы көреді. Олар киімдерімізді көркемдік жағынан алып қарағанда, кестелеріне алтын және күміс жіптерді пайдаланатын марокколық этникалық киімдерден де жоғары бағалайды. Негізінде табиғи матаның өзі этникалық бояу беріп, ұлттық стильді танытып тұрады. Екінші жағынан, біз өзіміздің киімдерімізге теріні тітіркендірмеуі, киімнің қыртыстанбауы және кигенде ыңғайлы болуы үшін қазіргі заманғы материалдарды да пайдаланамыз. Алайда бүгінде елімізде маталар нарығында, оларға қол жеткізуде қиындықтар бар. Біз барлық әлемдік мата өндіруші фабрикалармен байланыста болғымыз келеді. Егер де біз матаны шетелден әкелетін болсақ, салынатын салық пен кедендік төлемдерді есептегенде, бағасы бірнеше есе қымбатқа шығады. Сондықтан да адамдарға дайын киімді сатып алған тиімді. Шындығында, тігу қашанда эксклюзив болып саналады. Тағы бір қиындық тұтынушылардың төлем қабілеттігіне байланысты дер едім. Себебі, қалаған киімнің бағасы тұтынушының жалақысымен бірдей болуы мүмкін. Сондықтан да шамасы келгендер киімді шетелден сатып алады. Өйткені шетелде шикізатты өздері өндіреді. Алайда біз еліміздегі мұндай қиындықтарға қарамастан, қол жұмысының өнімдерін көпшілікке таратып, қазақстандық этникалық стильді тартымды, ең бастысы, қолжетімді етіп жасауға тырысамыз. Қазақ халқында «Инемен құдық қазғандай»  деген сөз бар ғой. Тігін тігу бизнесі де сондай, жақсы нәтижеге жету үшін үлкен еңбекті қажет етеді. Әрі бұл жұмыс рухани байлық,  шығармашылық  шабыт  сыйлайды, –  дейді  сәнгер.

Жұлдыз Құспанова ұлттық нақышта тігілген киімдерді  жастардың  кигенін қалайды. Ұлттық киімді насихаттау арқылы жас ұрпақтың тарихымызға, қазақ халқына тән салт-санаға, әдет-ғұрыпқа деген құрмет сезімін оятуды көздейді. Бүгінде «Мария ханым» сән үйінде  әмиян, шағын сөмкелер, қоржын секілді кәдесыйлар да тігіледі. Жыл сайын бұл сән үйі тауар өндірушілердің «Алтын сапа» көрмесіне қатысып келді. Бұл олардың көпшілікке кеңінен танылуына мүмкіндік  береді.

Галина   САМОЙЛОВА


Табиғат пен тарих терең зерттеуді қажет етеді

Күні: , 75 рет оқылды

«Рухани  жаңғыру»  бағдарламасы  аясында  Жәңгір  хан  атындағы  БҚАТУ  ұйымдастырған  «Индер  –  Орал  өңірінің  келешек  геопаркі»  атты  экспедициясы  мәреге  жетті.

Аталмыш университеттің 55 жылдығына орайластырылған жорыққа Ресейден арнайы шақыртылған палеонтолог, РҒА жанындағы палеонтологиялық қоғамы Ульянов бөлімшесінің төрағасы Владимир Ефимов, РҒА  Еділ бассейні экологиясы институтының герпетология және токсинология  зертханасының аға ғылыми қызметкері Андрей Бакиев және зоолог, «Самара зоологиялық саябағы» мекемесі директорының зооветеринарлық  бағыты  бойынша орынбасары Александр Кузовенко қатысты. Сондай-ақ Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың биотехнология және табиғатты пайдалану ғылыми-зерттеу институтының директоры, география ғылымдарының қандидаты,  «QazaqGeography» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі, қауымдастырылған профессор Қажымұрат Ахмеденов пен тарих ғылымдарының кандидаты Есқайрат Хайдаров және аталмыш білім ордасының  магистранттары болды.

Орал қаласынан аттанған экспедиция алдымен Тасқала ауданына барды. Делегацияны аудан әкімінің орынбасары Люция Жұбанышқалиева қарсылап,  Тасқала ауылының кіреберісінде орналасқан «Ана мен бала» монументін таныстырды. Бұл өлкеде Отан үшін от кешкен Садық Жақсығұлов, Анатолий Скоробогатов, Алексей Чурилин секілді Кеңес Одағының Батырлары, жауынгерлік Даңқ орденінің толық иегері Михаил Шамов дүниеге келген.

Ерлікке тағзым еткен делегация мүшелері сапарын Тасқала ауылынан 12 шақырым жерде орналасқан Үлкен Ешкітауда жалғастырды.

Бұл аймақтағы өсімдіктерді соңғы жылдары М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың  профессоры, танымал ботаник Талшын Дарбаева мен оның шәкірттері жүйелі зерттеуде. Олардың мәліметінше, биіктігі 259 метр болатын бұл тауда өсімдіктің 219 түрі өседі екен.

Мұнда сирек кездесетін және жойылып бара жатқан өсімдіктер де бар. Үлкен Ешкітау туралы алғашқы деректі бұл жерге 1769 жылы Санкт-Петербург қаласынан арнайы келген академик Петр Паллас жазған. Ауыл ақсақалы Ғалым Хисаметдиновтың айтуынша, бұрын осы жерде дала ешкілері көп жайылған екен. Таудың атауы да соған байланысты қойылған.

Мұнда соңғы төрт-бес жылда құрғақшылық орнап, таудың басындағы өсімдіктер қурап, бұлақ көзі бітеле бастаған. 2002 жылдан бастап Үлкен Ешкітау мемлекеттік табиғат ескерткіші санатына кіргізіліп, республика бойынша  қорғауға  алынған.

Люция Жұбанышқалиеваның сөзіне қарағанда, өткен айда аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың ұйымдастыруымен тау аумағынан 300 келідей балшық пен 40 текше метр қураған ағаш шығарылған. Қураған ағаштар ауылдағы аз қамтылған отбасыларға отын ретінде үлестірілген. Сондай-ақ бұлақ көзі аршылып, айналасына бір тонна көлемінде қиыршық тас төселген.

Таудың ұшар шыңына шыққан сала мамандары зерттеу жұмыстарын жүргізді. Ресейлік ғалым, палеонтолог Владимир Ефимов бастаған топ таудағы тастарды бағамдаса, герпетолог Андрей Бакиев жылан іздерін аңди бастады. Ал Астрахан мемлекеттік университетінің магистранты, орнитолог Михаил Шпигельман Ешкітаудың орман алқабындағы құстарын суретке түсірді. Географ Қажымұрат Ахмеденов шәкірттерімен бірге тау етегіндегі көктеректі орман шоғын және бұлақты  зерттеуге  кірісті.

Ресейлік ғалымдарды Ешкітаудың ұшар басындағы шілік ағашына байланған шүберектер мен орамалдар таңқалдырды.

– Ешкітауды ауыл тұрғындары қасиетті орындар қатарына жатқызады. Таудың баурайындағы тоғайдан асып, таудың шыңына көтерілген кезде адамның өзіне деген сенімі артып, бойында күш-жігері артатын көрінеді. Әсіресе, таудың шыңына шығып, тілек тілеп, шүберек байласа, арман-мақсаттарының орындалатынына сенеді. Мұнда перзентті болмай жүрген жас отбасылар көп келеді, – деді аудан әкімінің орынбасары  Люция  Әсетқызы.

Келесі күні  БҚАТУ-дың  тарих және әлеуметтік пәндер кафедрасының аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Есқайрат Хайдаров бастаған топ Тасқала ауданының бірқатар ауылдарына барып, көне қорымдары мен тарихи орындарды аралады. Тарихшыларға  жолсерік болған ауыл ақсақалы Ғалым Хисаметдинов Тасқала ауданының Ақтау ауылының маңындағы бұлаққа алып барды. Бұлақтың суы мөлдір, дәмі тіл үйіретіндей екен. Айта кетерлігі, университет ғалымдары Ешкітау басындағы және Ақтау ауылы маңындағы бұлақтардың суын бірнеше жыл бойы зерттеуде. Зерттеу нәтижесі бойынша су таза және ішуге жарамды.

Содан соң Тасқала ауданының I Шежін ауылының оңтүстік-шығысында 7-8 шақырым жерде орналасқан көне қорымдарды аралап, болашақта зерттеу жұмысын жүргізу үшін суретке  түсірді.

– 2004 жылы бұл обаларды зерттеуге Ә. Марғұлан атындағы археология институтының ғалымдары келді. Қолдарындағы арнайы жол карталарында Шежін ауылы көрсетілген. Сонда олар бұл  жерде үлкен жеті оба бар екенін айтты. Обаларда сол кезде марқұм болған адамдардың құралсаймандары, ыдыс-аяқтары, ат әбзелдері мен жалшылары көмілген екен. Алайда, обалардың алтауы суық қолдың құрбаны болып тоналған. Қалған бір обаны олар  2020 жылы келіп зерттейтінін  айтты,  –  деді  Ғалым  Ғайниұлы.

Көне қорымдардағы жазуларға үңілген тарихшы Есқайрат Ерболатұлы мұндағы құлпытастардың  XVIII-XIX ғасырларға тән екенін жеткізді.

Зерттеуші ғалымдар екі күн бойы Тасқала ауданындағы мәдени-тарихи ескерткіштерді аралап, экологиялық, ботаникалық, зоологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізді.

Содан соң экспедицияның негізгі бағыты бойынша Атырау облысының Индер ауданына аттанды.

Дендер тауы, Дендер тұзды көлі, Дендер бекінісі. Бұл атаулар XV-XIX ғасырларда өмір сүрген ақын-жыраулардың бізге жеткен шығармаларынан белгілі.  Еділ бойында туған қарға бойлы Қазтуған жырау «Мен кеткенмін, кеткенмін, Нарын менен Дендерден, Сағыз бенен Жемдерден» десе, Жиембет жырау Есім ханның қудалауы бойынша елмен қоштасқандағы «Қол аяғым бұғауда…» жырында «Қияда қолды көрсеткен, Төбеңе шығар күн бар ма, Жотасы биік Дендерім?!» дегені бар. Экспедиция мүшелері өткен ғасырлардағы елдің мұңын жоқтаған сол жыраулардың басып өткен  ізімен  Индер ауданына барды.

Индердің орнына жергілікті тұрғындар арасында Дендер атауы да кеңінен таралған. Дендер қалмақ, моңғол тілдерінің «төбе, биіктік, қарауылтөбе» сөзінен шыққан екен. Бұл аудан  Атырау облысының солтүстігінде, Каспий маңы ойпатының орта тұсында, Жайық өзенінің екі жағалауын бойлай орналасқан.  Шығысы мен оңтүстігінде Атыраудың Қызылқоға, Махамбет аудандарымен, батысы мен солтүстігінде біздің облыстың Жаңақала, Ақжайық аудандарымен шектеседі. Ауданның жер көлемі 1 087 596 га. Ауданды екіге бөліп жатырған Жайық өзенінің батыс жағы негізінен жазық құмды шөл болса, ал шығыс жағы үстіртті. Орталығы – Индербор кенті. Құрамында бір кент, алты ауыл, 18 елді мекен  бар. Округ аймағы тұщы суға тапшы аймақтардың қатарына жатады. Жалпы, Атырау облысында екі мыңнан астам көл болса, соның ішіндегі ірілерінің бірі Индер  тұзды  көлі  екен.

Бұл көл Жайық өзенінің сол жағында Индербор кентінен 15 шақырымдай жерде орналасқан. Тұзды көлдің ауданы 110 шаршы шақырым болса, ұзындығы 13,5, ені 11 шақырымды, тереңдігі 0,7 метрді құрайды. Көлге жылына 1,5 тоннаға дейін тұз шөгеді екен. Индер көлінің шөгінді тұзы – табиғи тұздардың ішіндегі ең бағалысы. Құрамында бор, бром, йод секілді микроэлементтердің көп болуына байланысты бұл тұздың консервілеуші қасиеті де өте жоғары. Тұзды көлдің жағалауында үш ірі бұлақ бар, олар Тілепбұлақ, Ащытұзбұлақ және Тұздыбұлақ. Жергілікті тұрғындар осы жердің қара балшығына, тұзды суына түсіп, тау арасынан шығып жатқан күкіртті суға жуынып, ауру-сырқауларынан, әсіресе, тері ауруларынан емделеді екен. Сонымен қоса бұл маңда  «Қыз әулие» деп аталатын қорым да бар.

Күні бүгінге дейін жергілікті тұрғындар ол жерге тәу етіп, қорым басына түнеп келген. Ауыл ақсақалдарының айтуынша, «Қыз әулие» туралы бірнеше нұсқа айтылады. Тұзды көл сүйгеніне қосыла алмай, арманда кеткен көріпкел қыздың көз жасынан пайда болған деген де аңыз бар. Келесі нұсқасында мұнда  Қаламқас атты көріпкел қыз жерленіпті. Қариялардың айтуынша, ерте заманда алты құлаш шұбар ат мінген Мәлім қожа қажылыққа барған. Арафат тауын аралап, енді жаяу қайтқалы тұрғанда, бейтаныс жігіт жолығып «Мені бірге ала кетіңізші» дейді. Мәлім қожа «Қарағым, мен сені танымаймын, әрі айтқан шартымды орындайтыныңа сенбеймін» дейді. Сонда ол «Барлық шартыңызды орындаймын. Тек еліме жеткізсеңіз болды» деп өтінеді. Мәлім қожа Шұбар атының қасына келіп: «Осы атқа мінген соң екі көзіңді тас қып жұмасың, мен аш деп айтқанша ашпайсың. Өздігіңнен ашып қойсаң, екеуміз де құримыз», – дейді. Бұл шартқа бейтаныс жігіт көнеді. Сөйтіп екеуі атқа отырған соң Мәлім қожа: «Ал, қарағым, көзіңді жұм» дейді. Сөйтіп Мәлім «Әйт шу, жануар!» дегенде шұбар ат көкке көтеріліп ұшады. Алдарынан жел гулейді. Бейтаныс жігіт «Бұл қалай? Біз шұбар атпен шауып келе жатқан сияқты емес,  ұшып келе жатқан сияқтымыз, қызық екен» деп таң-тамаша ойға қалады. Бұл қызықты көзімен көргісі келген ол көзін ашып жібереді. Сол бойда-ақ қанатын жазып келе жатырған шұбар ат оқ тигендей құлдилап барып жерге құлайды. Бейтаныс жігіт пен шұбар ат бірден өліп кетеді. Ал Мәлім қожаның жаны қиналып жатады. Осы кезде бұлардың құлап келе жатқанын көрген сол жердің тұрғындары қаумалап жиналып қалады. Мәлім қожа қиналып жатса да, өзін таныстырып барлық болған жағдайды айтып береді де, көзін мәңгілікке жұмады. Олар сол құлаған жеріне, тұзды көлдің жағасына қойылады. Кейін беріш руының бір адамы Қаламқас есімді кішкене қызын алып келіп, Мәлім қожаның бейітіне дұға етіп, түнейді. Сол қыз өсе келе ауырған адамды өзі тауып емдейтін болған. Дендер тауының 41 санды ала тасын шашып жіберіп сөйлегенде, тас аштырушының барлық құпия сырын көзімен көріп, бірге жүргендей айтып беретін болған. Сөйтіп ел оны «Қыз әулие» атаған. Қаламқас тұрмысқа шықпастан  өмірден озған. Қыздың өтініші бойынша бейіті Мәлім қожаның  жанына  қойылған  екен.

Экспедиция мүшелері тұзды көл аймағында зерттеу жұмыстарын жүргізіп, өлкенің тарихына, географиясына қанығу үшін аудандық тарихи-өлкетану музейіне барды.

Музейде аудан тарихының деректері, қазақ халқының даңқты ұлы Махамбет Өтемісұлының,  ақын, жырау Мұрат Мөңкеұлының, діни ғұлама Әйіп қажы Бекенұлының экспозициялық көрмелері, сондай-ақ мамонт, бизон  сүйектері және халқымыздың ұлттық киімдері мен қолөнер бұйымдары бар. Мұнда  5000-нан  астам  жәдігер  сақталған.

Жорық барысында зерттеуші ғалымдар Ақжайық ауданынан арнайы іздеп келген  аудандық балалар-жасөспірімдер туризм орталығының жас экологтарымен кездесіп, оларға туған жерді зерттеудің  маңыздылығын  түсіндірді.

Кеш батуға айналған шақта палеонтолог Владимир Ефимов  қазба жұмыстарының нәтижесінде Индербордағы тұзды көл маңынан лабиринтодонттың сүйектерін тапқанын айтып, сүйіншілеп оралды. Біз де әлгі жыртқыш жануардың сүйегін ұстап көрдік. Қолтырауынның сүйегі секілді екен. Дәл тауыппыз. Триас дәуіріндегі жануарлардың энциклопедиялық  кітабын ашып қараған Владимир Михайлович  аталмыш жануарды лабиринтодонт, яғни сыртқы пішіні қолтырауынға ұқсас жыртқыш су жануарының  қабырғалары мен жақ сүйегі екенін айтты.

Лабиринтодонттар – қос мекенділер отрядына жататын триас дәуірінде тіршілік еткен жыртқыш жануарлар. Дене тұрқы 5 метр шамасында болған. Олардың  көпшілігі өзен-көлде, кейбірі құрлықта өмір сүрген. 30 тұқымдасқа бірігетін 100-ден астам туысы болған. Осыған дейін Еуропа, Азия, Солтүстік Америкада жоғарғы палеозой мен триас шөгінділерінен табылған.

– 1968 жылы ұстазым Виталий Очев осы аймақта зерттеу жұмысын жүргізгенде, лабиринтодонттың сүйектерін тапқан еді. Бір қызығы, біз де осы сапарымызда олжалы болып, тұзды көл маңынан триастық өзгеріске ұшыраған аумақтан лабиринтодонттың қабырғалары мен жақ сүйектерін таптық. Болашақта оны зерттейтін боламыз. Жалпы, палеонтология ғылымы біздің заманымызға дейін болған өмірді, яғни тасқа айналған жан-жануарды, өсімдіктерді, жәндіктерді зерттейді. Мен былтырдан бері Батыс Қазақстан облысына келіп, зерттеу жұмыстарын жүргізіп келемін. Өйткені 2016 жылы Батыс  Қазақстан облыстық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының жас зерттеушілері  Зеленов ауданының  Краснов ауылдық округі аумағынан мезозой дәуіріне жататын ихтиозаврдың қаңқасын тапқан болатын. Зерттеу барысында бұл ихтиозаврдың жаңа түрі екені анықталды.  Тіпті бұл түрін ресейлік ғалымдар түгілі, әлемдік ғалымдар  да зерттеп сипаттамаған. Бұл қаңқа   қазақ елінде мезозой дәуіріне жататын ихтиозавр секілді өзге де жануарлардың табылатынын  дәлелдеп отыр. Сол ихтиозаврды «Қазақстанзавр», яғни «Қазақстаннан табылған завр» деп атадық. Ал бұл сапар барысында кең байтақ Қазақстанда зерттеу жұмыстарын қажет ететін орындар әлі де көп екеніне куә  болдық.  Индер тұзды көл аумағы бірнеше ғасыр өтсе де, өзгеріске ұшырамай сақталады деп ойлаймын. Өйткені судағы тұздың қоры өте мол. Жалпы патриоттық тәрбиені дамытудағы қазақстандықтардың бұл бағыттағы бастамалары  көпке үлгі деп айтар едім, – деді Владимир  Михайлович.

Экспедиция жұмысы Бөкей ордасы ауданындағы Аралсор көлі мен Қайыңды орманында жалғасты. Делегацияны аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева қарсылап, Бөкей ордасы ауданында зерттеулер жүргізуге қолдау  көрсетті.

Аралсор маңына екі түн түнеген соң делегация мүшелері Орда ауылындағы Хан зиратына тағзым етіп, ауыл маңындағы қорымдарды суретке түсірді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауылдағы жастармен кездесіп, Орда орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің жұмысымен танысты. Сондай-ақ «Жасыл ел» еңбек жасағының ашылу салтанатына қатысты. Ғалымдар екі  күн бойы Орда қарағай орманының қазіргі экологиялық жағдайын бағалап, оның жануарлар дүниесін зерттеді.

Экспедицияның басы-қасында жүрген Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың биотехнология және табиғат пайдалану ғылыми-зерттеу институтының директоры, география ғылымдарының кандидаты Қажымұрат Ахмеденовтің айтуынша, экспедицияда тапқан олжа аз емес. Олардың ішінде Тасқала ауданындағы Үлкен Ешкітауға алғаш рет табылған қара грифтердің, яғни тазқара құсының ұшып келгендері тіркеліп отыр.  Тазқара – қаршыға тұқымдас ең үлкен жыртқыш құстың түрі, қанатын жайғанда үш метрге дейін жетеді. Негізінен бұл құс түрі оңтүстік таулы аймақтарды мекендейтін құс. Содан кейін лабиринтодонттың сүйектерін айтуға болады. Оның бұдан 300 млн. жыл бұрын мекендегенін дәлелдейді. Үшінші олжа ол – Бөкей ордасы ауданының Хан ордасы ауылының маңынан табылған сарыбауыр қарашұбар жылан. Бұл жыланның тіршілігі аз зерттелген, сирек кездеседі. Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. Ол улы емес, ұзындығы 1,5 метрге, қалындығы  5 см-ге  дейін  жетеді.

Он күнге созылған экспедиция барысында ғалымдар Жайық бойының табиғаты мен тарихын зерттеуде аз еңбектенген жоқ.

Соған орай болашақта бұл бағытта  ғылыми зерттеу мақалалары мен монографиялар, бейнефильмдер жарияланып, фотокөрме ұйымдастырылмақ.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»


Бір дерегін білсем деймін

Күні: , 424 рет оқылды

Менің әкем Малай Ержігітов 1928 жылы дүниеге келген. Әкемнің ағасы Төлепберген Бисенғалиев 1923 жылы дүниеге келіп, 1942 жылы соғысқа алынып, 1943 жылдың қазан айында хабарсыз кеткен.

Ағамыз соғыста жүрген кезде үйдегі Сәлима есімді апамызға хат жазып тұрған. Сол хаттар әлі күнге дейін сақталған. Майданнан келген соңғы хатқа Украина елі, Харьков облысы, Чучуев ауданы, Чкалов поселкелік кеңесінің мөрі  соғылған. Сол хаттан кейін хабар-ошар болмады. Артынан қара қағаз да келген жоқ. Әкем 1974 жылы өмірден өткенше ағасын іздеумен болды. Бармаған жері, баспаған тауы қалмады. Өмірден өтер шағында әкем өз бауырының жерленген жерін тауып, туған жерден бір уыс топырақ пен Құран кітап апаруымды маған тапсырған  болатын.

Соңғы жылдары әкемнің ағасы секілді соғыста із-түзсіз жоғалғандардың бір деректері табылып жатқандығын көріп, оқып отырамын. Сол игі істермен айналысып жүрген жандар менің ағам туралы да бір дерек тауып берсе екен деймін. Бір дерегі болып жатса, Орал қаласы, Әбілқайыр хан көшесі, №11 мекенжайға немесе 87051261522, 8775121 9567 ұялы телефонына  хабарласуы  сұралады.

Қайрат   ЕРЖІГІТОВ,

Орал   қаласы


Момышұлының майдандасы

Күні: , 8 265 рет оқылды

1900 жылы туған менің әкем Қайырғали Жоламанов 1942 жылы Қаратөбе ауданының Аққолқа ауылдық кеңесі, «Қазақстан» кеңшарында басқарма болып жүрген жерінен Ұлы Отан соғысына аттанды.

Майданда халқымыздың хас батыры Бауыржан Момышұлы басшылық еткен дивизияның құрамында соғысқан. Жастайынан ән-жырға құмар, ауыл-аймаққа әнші жігіт ретінде танылған әкемнің бойындағы өнері байқалмай қалмайды. «Қызыл әскерлер» ансамблінің белді мүшесі болған ол кескілескен ұрыстардың арасында жігерлі әндермен соғыстан қансыраған жауынгерлердің рухтарын көтереді. Тіпті бұл жөнінде соғыс кезіндегі далалық газетке «Әскерді әнімен әлдилеген» атты мақала шыққан екен. 1945 жылы елге оралғанда өзімен бірге ала келген сол газет үйге келген уәкілдерге көрсетіп жүргенде, жыртылып қалыпты. Әкемнің ерлігі мен өнері туралы жазылған сол бір маңызды жәдігерді сақтай алмағанымыз әлі күнге дейін өзегімді өкініш болып өртейді.

Аяулы әкем елге жеңіспен оралғаннан кейін оны Қаратөбе ауданының Сталин атындағы колхозына басқарма етіп жіберді. Мен ол кезде 1-сыныпта оқып жүрген едім.

Әке қанымен берілді ме, әйтеуір, әншілік өнер маған да жұғысты болды. Бүгінде аудандық мәдениет үйінің жанындағы «Ақ жаулықты әжелер» ансамблінің, сондай-ақ соғыс және еңбек ардагерлері хорының мүшесі боп, ауданның мәдениетін дамытуға қолымнан келген үлесімді қосып жүрмін. Сондықтан мен өзімді әкемнің өнерін жалғастырушымын деп  есептеймін.

Әкемнің майдандағы ерліктері мен бейбіт замандағы еселі еңбегі үшін алған Қызыл Жұлдыз ордені, ІІІ дәрежелі Даңқ ордені, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «1941-1945ж. ж. Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін», «Тың жерлерді игергені үшін» медальдары – оның ұрпақтары үшін баға жетпес құндылықтар.

Соғыстан келгеннен кейін әкемді «Сталин» колхозына басқарма қылып тағайындады. Ол жұмысшыларға өте сыйлы, жағымды болды. Қоскөлде Әсірәлі Әбітиев деген ақын ағамыз болды. Жұмыстың қайнаған кезінде, пішеншілер мен егіншілер шаршап, сорпа ішкісі келіп, әкеме өлең шы-ғарады екен:

Басқармамыз Қайрекең,

Шәкірті ферма қайда екен?

Пішенді келдік орталап,

Қоймайды ма екен

Қайрекең,

Бізді аз ғана сорпалап.

Сол кезде әкем қой беріп, жұмысшылар қой сойып, рақметтерін айтып, мәре-сәре болады.

Менің есімде, ол күндері Ақтөбе қаласының филармониясынан ауылымызға әртістер келеді. Олардың ішінде Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Рахила Ақжарова бар. Әртістер концертті Шалғын ауыл кеңесіне қояды. Ол кезде ауылдардың арасы он шақырым. Әртістер концертті Дайынөткел ауылына қоятын болып, арбаға бір жігіт сыймай қалады екен. Сол жігітке Қайырғали әкем астындағы атын беріп, концерт көруге жіберген. Сондағы әлгі жігіттің әкеме  арнап  шығарған  өлеңі:

Астыма мінген Аққұнан,

Артық ат болмас тап мұнан.

Ұзаққа шауып шалқытып,

Шыға алмадым құмардан.

Бұлдырты неткен жақын ед(і),

Шабысқа құнан мақұл ед(і).

Ауылға шауып кірмейтін

Қазақтың ескі әдеті ед(і).

Осы әдет нағыз оңбаған,

Шап деп еді Аққұнан,

Шаба алмадым сонда да

Қорқа соға ұяттан,

– деп әкеме ризашылығын білдіріпті.

Сәкен   ҚАЙЫРҒАЛИҚЫЗЫ,

Ақсай   қаласы


Басталды…

Күні: , 62 рет оқылды

Кеше өңірімізде ұлттық бірыңғай тестілеу сынағы басталды. Бірінші лекте М. Өтемісов атындағы БҚМУ-да  – 608, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да – 459  түлек ҰБТ-ға қатысты.

М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың №48 ұлттық бірыңғай тестілеу өткізу пунктінің басшысы Диляра Әмірғазинаның айтуынша, талапкерлер сегіз аудиториямен қамтылған. Ең бастысы, балаларға қажетті бар жағдай жасалған. Әр аудиторияның алдына су қойылып, талапкерлерге өздерімен бірге су алып кіруге рұқсат  берілген.

– Барлық аудитория бейнебақылау камерасымен, мобильді, радиотехникалық құралдарды бұғаттайтын құрылғылармен қамтамасыз етілген. Дәрігерлер мен құқық қорғау құрылымдарының мамандары ҰБТ аяқталғанша талапкерлердің жанында болмақ. Жалпы балалардың көңіл күйі орнықты, – дейді  Диляра Ахатқызы.

Биылғы жылдың ерекшелігі – мектеп бітірушілерге  алғаш рет өз қалауы бойынша ағылшын тілінде тапсыруға мүмкіндік берілді. Сондай-ақ тест тапсырушыларға арналған жағдайды жақсарту мақсатында әр түлекке ҰБТ  пәндерінің  комбинациясы бар ақпараттық парақша және қандай мамандықтарға баруға болатыны туралы мамандықтар тізілімі ұсынылады. Ерекше оқытуға қажеттілігі бар балалар жеке көмекші және ымдау тілі маманымен қамтамасыз етіледі. Қазақстан бойынша тегін қоңырау шалуға болатын бірыңғай саll-орталығы (8 800 080 71 77) іске қосылды.

Кеше Ақжайық, Бөрлі, Бөкей ордасы, Жәнібек, Қазталов, Қаратөбе, Сырым, Тасқала, Шыңғырлау ауданы және І кезеңде Орал қаласы мен Теректі, Зеленов ауданының оқушылары тест  тапсырды. 21 маусымда Жаңақала, 22 маусымда Зеленов, Теректі аудандары және Орал қаласының оқушылары екінші кезеңде  ҰБТ  тапсырады. Тест тапсырмалары 120 сұрақтан тұрады. Ең жоғары балл – 140, конкурсқа өту үшін төменгі шекті  балл – 50.

Ағымдағы жылы өңіріміз бойынша мектеп бітірген 5198 түлектің 3748-і ҰБТ-ға қатысуға  өтініш  білдірген.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»


«Сахна саңлағы»

Күні: , 42 рет оқылды

Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, театр және кино актері, режиссер Сердеш Қажымұратовтың «Сахна саңлағы» атты кеші ұйымдастырылды.

Шараға жиылған өнер-сүйер қауым сахна саңлағының өмірі мен өнер жолынан сыр шертетін арнайы дайындалған көрмені тамашалады. Кездесу барысында Сердеш Қажымұратовтың кино, театр өнеріне сіңірген еңбегі дәріптеліп, лирикалық әндер шырқалып, рухани әңгіме өрбіді. Актердың үзеңгілес достары, өнердегі ізбасарлары дарынды тұлға туралы естеліктерімен бөлісіп, лебіздерін айтты.

– Сердешті елу жылдан астам уақыт бойы танимын. Біз бір ауылда туып-өстік. Ол Т. Жүргенов атындағы Алматы театр-көркемсурет институтын бітіргеннен кейін Қарағанды облыстық қазақ драма театрындағы абыройлы  қызметімен елге танылды. Кейін өзіміздің облыстық қазақ драма театрымыз ашылғанда, Сердешті елге қызмет етуге шақырдық. Өнер өлкесінде өзіндік қолтаңбасы бар інім ұсынысымызды жерге қалдырмады. Бүгінде ол – облыстық театрдағы талай жас кадрларды даярлауға үлкен еңбегін сіңірген қайраткер. Мен Сердешпен шын көңіліммен мақтанамын. Ол театрда жүзден астам рөлді сомдаса, соның тең жартысы – танымал классикалық шығармалардағы басты кейіпкерлердің рөлдері. Сердештің қоңыр дауысымен салған әндерін айтсаңызшы! Сердеш – біздің облыстың ғана емес, қазақтың мақтанышы, – деді әртістің жерлесі, өңірімізге танымал азамат Абат Есенғалиев.

Көрермен әртістің ойнаған қойылымдарынан көрсетілген үзінділерді ерекше ықыласпен тамашалады. Кеш жүргізушісі өнер иесіне «Өміріңізде қатты армандаған рөліңіз бар ма?», «Осы күнде театрдың сыншысы бар ма?» деген сауалдар қойды.

– Кез келген актер жүрегінде жүрген рөлді ойнауды аңсайды. Режиссерлік жұмысқа кетіп қалған кезімде, қойылымдарда көп ойнамадым. Аңсаған рөлім – «Король Лир» еді. Театр сыншысына келсек, режиссердың кім, актердың кім екеніне қарамастан, қойылым деңгейін бұрмаламай тіке айтатын Әшірбек Сығай, Бағыбек Құндақбаевтар, спектакльдің майын шағатын Асқар Тоқпановтар бүгін жоқ, – деді кеш иесі.

Кеш барысында Жаскелең Ғайсағалиев «Әке – мерей», Мұсағали Бектенов «Ойламаңдар, жігіттер…», Ернар Өмірәлі «Өнер адамы»  әндерін  орындады.

– Сердеш аға 1998 жылы мені жұмысқа қабылдаған еді. Ол – менің алғашқы ұстаздарымның бірі. Еліміздің белді режиссері Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрына жиырма жылдың үстінде қызмет етіп келеді, көптеген қойылымды сахналады. Жұбайы, театрымыздың актрисасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қарлығаш Асқарова екеуі баянды ғұмыр кешуіне шын жүректен тілектеспіз, – деді  Х. Бөкеева атындағы қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі Ербол  Есендосов.

Рухани кездесу барысында кеш иесіне мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиевтың  атынан  алғысхат  табысталды.

Айым  ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал  өңірі»


Қаңқасы қазылып алынды

Күні: , 55 рет оқылды

2016 жылы Зеленов ауданының жас туристер стансасының педогогы Ольга Суботина мен «Жас геолог» үйірмесінің мүшелері ауданның Краснов округіне қарасты Щучкин ауылы маңынан осыдан 150-160 миллион жыл бұрын өмір сүрген ихтеозаврдың  сүйектерін  тапқан  болатын.

Жас туристердің күшімен ежелгі балықтың біраз бөлігі қазылып, зерттелген еді. Ұзындығы шамамен 5-6 метр болатын ихтеозаврдың жер астында қалған бөлігі жуырда қазылып алынды. Бес күн бойы геология және минерология ғылымдарының кандидаты В. Ефимов бастаған топ Щучкин ауылы маңында қазба жұмыстарын жүргізді. Экспедиция құрамында Қазақстан Республикасының құрметті геологы Г. Якименко, география ғылымдарының кандидаты С. Рамазанов, облыстық БЖТжЭО-ның бөлім меңгерушісі Н. Ғатауов, Зеленов аудандық жас туристер стансасының «Жас геолог» үйірмесінің оқушылары және қосымша білім беру педагогтары болды.

Жер астына жасырылған ежелгі балықтың қалдығын қазған геологтарға «Асан» шаруа қожалығының басшысы Бейбіт Асанов техникамен  көмек  көрсетті.

Бүгінгі таңда толығымен алынған ихтеозаврдың сүйектері Ресейдің Ульянов облысындағы Ундоры қаласына жөнелтілді. Ол жерде толық зерттелген соң елімізге  қайтарылатын  болады.

Түгелбай   БИСЕН,

Зеленов  ауданы


100 отбасыға көмек көрсетілді

Күні: , 29 рет оқылды

Ақсай мешітінің қызметкерлері өңірдегі көп балалы, табыс-кірісі аз және жалғызбасты қарияларға азық-түлік таратты. Барлығы 100 отбасы  діни  мекеменің  жанашырлығын  сезінді.

– Рамазан айында тұрғындардан жиналған  пітір садақа есебінен мүмкіндігі шектеулі, табысы аз отбасыларға көмек беріп отырмыз. Жыл сайын оздырылатын шараның  мақсаты – мұқтаж отбасыларға аз да болса көмек көрсету. Қайырымдылық ісі мұнымен тоқтамайды. Әлі де болса мұқтаж жандарға азық-түлікпен көмектескісі келетін жомарт жандардың қарасы көп болғандықтан, игі іс жалғаса береді, – дейді Ақсай мешітінің бас имамы  Қанат  Жәкенов.

Шынар Жұмалиева (суретте) – үш баланың анасы. Балаларының алды отау құрса, ортаншысы студент, кенжесі оқушы. Көмекке мұқтаж жан  жыл сайын мешіт қызметкерлерінің игі ісіне алғысын айтып келеді. «Отбасымның жағдайы төмен. Өзім қазір еңбек ете алмаймын. Осы жағдайымды біліп, маған жыл сайын азық-түлікпен көмектеседі. Барша жомарт жандарға алғысым шексіз», – дейді Шынар  Жұмалиева.

Қайырымдылық шарасы Ақсай мешітінің ауласында өтіп, оған 70-ке жуық отбасы келсе, қалған 30 отбасыға арналған көмекті мешіт қызметкерлері үйлеріне апарып берді.

Айым  НҰРҒАЛИЕВА,

Бөрлі  ауданы


Туған жердің жанашырлары

Күні: , 59 рет оқылды

Тәуелсіздігіміздің тұғыры білімді, елдік ұстанымы берік, талапты жастардың қолында. Білімге салынған қаржы болашаққа құйылған инвестиция деп білетін азаматтар қатары көбейіп келе жатқаны қуантады. Қазақстанның еңбек сіңірген заңгері, 40 жылдан астам облыстың сот саласында абыройлы қызмет атқарған Хаби Жақыповтың атындағы жеке қор он жыл көлемінде ауыл жастарын қолдаумен келеді.

1915 жылдың 15 қыркүйегінде Жаңақала ауданының Жаңақазан ауылында дүниеге келіп, анасы мен бауырларын асырау үшін еңбекке ерте араласқан Хаби Жақыпұлының өзі де ел ішіндегі небір дүрбелең кезеңді, кәмпескелеу мен аштықты бастан өткере жүріп, жастайынан білім алуға ұмтылған екен. Ересектермен иық теңестіре еңбек ете жүріп, ауылдағы төрт жылдық мектепті бітірген бозбала Хаби 14 жасқа толған шағында отызды алқымдап қалған ауылдастарының  сауатын  ашады.

Алдымен жұмысшылар факультетін, кейін Мәскеудегі Бүкілодақтық заң институтын, содан соң Киров атындағы ҚазМУ-дың заң факультетін бітіргеннен кейін ауылдағы ұстаздық қызметіне қайта оралады. 1934 жылдың қазан айында аудандық комсомол комитеті аудандық сотқа хатшылық қызметке жібереді. Осылай өз өміріне ғұмырлық  азық болған, 40 жыл ыстығына күйіп, суығына тоңған сот саласына бет бұрады. 1957 жылдан бастап Батыс Қазақстан облыстық сотының мүшесі болады. Бертін келе. жылдар бойғы мінсіз қызметі үшін ҚР Жоғарғы сотының құрметті грамотасымен марапатталды.

Хаби Жақыпұлы республика судьяларының арасында бірінші болып 1967 жылы «ҚазКСР-ның еңбек сіңірген заңгері» деген құрметті атақты алды. Халық судьясы лауазымына Қазталов ауданында төрт рет қатарынан сайланған. Өзі ұзақ жыл қызмет еткен Қазталов ауданының орталығындағы бір көшеге есімі берілген.

Оралдағы үйінің қабырғасына ескерткіш-тақта орнатылған.

Елі ардақтаған сот саласы ардагерінің ұрпақтары 2008 жылы әкелерінің атына қор ашып, бүгінгі күнге дейін Қазталов ауданындағы «Алтын белгі» алған 90-нан астам мектеп түлегіне демеушілік жасаған. «Хаби Жақыпов» атындағы жеке қор биыл да Алма Оразбаева атындағы орта мектептің 150 жылдық мерейтойына орай білім ошағының түлектері Еркеайым Жаңбыршина, Аружан Зайдуллина, Сабина Сәбитоваға демеушілік танытып, әрқайсысына 100 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық табыс етті.

Әйтеке бабамыздың «Ісің – артыңда қалған ізің» деген өсиеті бар. Дара тұлғаның тағылымды істерін қазіргі уақытта ұл-қыздары, немерелері жалғастыруда. Ұлдары Мирболат пен Төремұрат Жақыповтар жоғары лауазымдарда қызмет атқарып, еліміздің, облысымыздың экономикалық-әлеуметтік дамуына үлес қосып жүр. Хаби Жақыповтың қыздары Гүлнәр мен Бақытгүл – республикаға кеңінен танымал театр және кино жұлдыздары. Өздері жырақта жүрсе де, туған жерге, өскен өлкеге ерекше жанашырлық танытып, білімді жастарды ұдайы қолдап жүрген жерлестеріміздің бұл ісі көпке үлгі.

Нариман  ТІЛЕПОВ,

«Хаби  Жақыпов»  атындағы  жеке  қордың атқарушы  директоры,

Орал  қаласы


Әлеуметтік алауыздықтан сақ болайық!

Күні: , 40 рет оқылды

ҚР  Бас  прокуратурасымен  әлеуметтік  желілерде  «Қазақстанның  демократиялық  таңдауы» («ДВК»)  экстремистік  ұйымының  арандату  хабарламалары  мен  бейнероликтерінің  таратылып  жатқаны  анықталды.

Онда Мұхтар Әблязов пен оның сыбайластары қазақстандықтар оларды қолдап, биылғы 23 маусымда митингке шығуға шақырады. Қадағалау ведомствосы анықтағандай, бұл бейнероликтерде «қазақстандық тәрбиешілер мен жұмысшылар» рөлін Киев қаласының кәсіби актерлары және Әблязовтың туысқандары ойнаған. Нақтылап айтқанда, Әблязов Киевтегі жарнамалық агенттікті жалдап, азияттық келбеті бар актерларды іріктеп алған. Осындай бейнероликтердің бірінде митингке шығуға және оны қолдауға шақырған Қазақстанның кедей жұмысшысын Әблязовтың жиені Айдар Амангелдиев «сомдаған».

Қазақстаннан 2009 жылы көшіп кеткен Айдар Амангелдиев қазір Шотландиядағы университеттердің бірінде жылына 9 млн. теңге төлеп оқып жатыр.

ҚР Бас прокуратурасы аталған роликтердің мазмұны шындыққа жанаспайтынын және қазақстандық қоғамда әлеуметтік алауыздық пен араздықты тудыруға бағытталғанын мәлімдейді.

Әблязовпен және «ДВК»-ның сыбайластарымен арандату бейнероликтерінің таратылуына байланысты сотпен 2018 жылғы 13 наурыздан бастап Қазақстан Республикасының барлық аумағында «ДВК»-ның іс-әрекетіне тыйым салынғаны белгілі. Соған орай прокуратура «ДВК»-ның кез келген экстремистік әрекетіне қатысу және оны қаржыландыру ҚР Қылмыстық кодексінің 258 және 405-баптарына сәйкес қылмыстық жауаптылыққа тартылатынын хабарлайды.

Митингтерге қатысуға шақыру-үгіттеулер «Бейбiт жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбi туралы» заңын бұзу болып саналады. Заң талаптарына сәйкес ашық акцияларды ұйымдастыру үшін оны өткізу белгілеген мерзімнен он күн бұрын тиісті арыз бере отырып, жергілікті атқарушы құрылымның рұқсатын алу қажет. Ал бүгінгі таңда әкімдіктерге үстіміздегі жылдың 23 маусымында митинг өткізу туралы арыздар түспеген. Яғни бұл митингтер  заңсыз болып табылады, оларды ұйымдастыру мен оған қатысу әкімшілік жауаптылыққа апарады, оның ішінде 15 тәулікке қамауға алу да көзделген. Сол себепті ҚР Бас прокуратурасы Қазақстан халқын экстремистік ұйымның және оның сыбайластарының арандатушылықтарына ермеуге шақырады.

Жалпы, «ДВК»-ның идеялары мен митингтерді үгіттеу үшін Әблязовқа шетелдегі белгілі заңгер іспетті болып жүрген Бота Джардемали, Жанар Ахметова (Жанна Бота) деген атпен танымал белсенді көмектесуде. Шындығында олар әр түрлі ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін қазақстандық сот төрелігінен шетелде жасырынып жүргендер екенін айта кеткен жөн. Олардың түпкі мақсаты – қылмыстық қудалауға саяси астар беріп, жауапкершіліктен жалтару. Ал Қазақстанда ондай әрекеттерге  жол  жоқ.

Асылхан  ҚАДЫРҰЛЫ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика