Мұрағат: 18.06.2018


«Сапалы сервис болса, туризм жанданады»

Күні: , 46 рет оқылды

Сенбі  күні облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов  жұмыс  сапарымен  Теректі  ауданында  болды.  Ондағы  құрылыс  жұмыстарының  жай-жапсарымен  танысып,  тұрғындармен  де  жүздесті.

Облыс басшысы алдымен аудан орталығы – Федоровтағы үш қабатты 36 пәтерлік тұрғын үй құрылысының басында болды. Тұрғын үй кезегінде тұрған теректіліктерге жалға берілетін бұл үйді  «Альтаир» ЖШС-ы салып жатыр. Бүгінде іргетасын  құю жұмыстары басталған үйдің үш бөлмелі пәтердің аумағы 70 шаршы метр, екі бөлмелі пәтер 50 шаршы метр болмақ. Бұл нысанға жергілікті және республикалық бюджеттен 436 688,14 мың теңге бөлініп отыр.

– Үйдің алды, айналасы әдемі болу керек. Сондай-ақ ауыл тұрғындарын осы жерде жұмыспен қамту қажет. Ең бастысы, жұмыс сапалы болсын. Ал қаражат жағынан мемлекет қолдау көрсететін болады, – деген Алтай Сейдірұлы үй ауласының абаттандырылуына ерекше мән беру керектігін атап айтты. Маусым айында құрылысы басталған бұл үйді мердігер қараша айында  табыстауды көздеп отыр. Алты техника мен 15 адам жұмылдырылған құрылыста жұмыс көлемі ұлғайған жағдайда жұмысшы саны елу  адамға  дейін  көбеймекші.

Бұдан соң Алтай Сейдірұлы осы ауылдағы бір қабатты 16 арендалық тұрғын үймен де танысты. Мердігер «Өтеш» ЖШС-ның учаске бастығы Ақболат Ізболатовтың айтуынша,  бұл  үй  Астана күні қарсаңында тұрғын үй кезегінде тұрған жандарға берілмек. Әр үйдің жалпы көлемі 80,7 шаршы метрді  құрайды.

Ауыл тұрғындары мен облыс басшысы осы су жаңа үйлердің қасында  кездесті.

– Теректі, біз апта ішінде аралап шыққан оныншы аудан болып отыр. Сапар барысында Президент ұсынған бағдарламалар бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысып,  тұрғындармен кездесіп, ақылдасып жүрміз. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша кезекте тұрған теректіліктер үшін екі үй салынып жатқанын көрдік. Осының өзі – аудан дамуының бір көрсеткіші. Ауылдық жерлерде де баспаналар бой көтеруде. Алайда құрылыс жұмыстарын жүргізгенде әркім өз қалауынша емес, заман талабына және  егжей-тегжей жоспарға сай салулары керек. Құрылыс сапалы, ыңғайлы болғаны жөн. Қарап отырсақ, үйлерді саламыз, ал аулада бір тал жоқ, алды тып-тықыр болып тұрады. Тал-теректі міндетті түрде әкім келіп егіп беруі керек емес шығар. Күзде, көктемде ауыл тұрғындары жұмылып, ағаш екендері жөн. Әсіресе, жастар атсалысуы қажет. Ал  Шалқар көліне келетін болсақ, ол – біздің байлығымыз. Біріншіден, көлді таза ұстауымыз, екіншіден, туристерді тартуымыз керек. Сапалы сервис болса, туризм де жанданады, – деді халықпен кездескен Алтай Сейдірұлы.

Ауыл тұрғындары алдында аудан әкімі Кәрім Жақыпов  Теректінің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде баяндады. Аудан  басшысы айтып өткендей, Жайық-Шалқар каналына су жіберетін шалқымалы-насосты бөгет құрылысы жүріп жатыр.  Мердігер «Real Story Invest» ЖШС салып жатқан құны 133,444 млн. теңге болатын бөгет іске қосылған жағдайда  19 мың гектар жер суландырылып,  40 шақырымнан астам жерге Жайықтың суы жеткізілетін болады. Ал ол жерлерде осы суды пайдаланатын  30-дан  астам шаруа қожалығы бар. Яғни бөгеттің  мал өсірген ағайынға пайдасы  шаш етектен болғалы тұр. Сарыөмір ауылында «АлатауАльданАгро» ЖШС аумағы 867, 36 м2 болатын 46 орындық сауықтыру лагерін салуда. Ол үшін жергілікті бюджеттен 101, 333 млн. теңге қаражат бөлінген.  Ақжайық елді мекенінде де үш қабатты көп пәтерлі тұрғын үй салынуда. Үй мен оның инженерлік инфрақұрылымына облыстық қазынадан 85,9 млн. теңге бөлінген. Аудан басшысы  мал және егін шаруашылықтарының  да  жай-күйіне  тоқталды.

Одан әрі Алтай Сейдірұлы «Подстепный-Федоров-РФ шекарасы» тасжолының күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. «ТүркістанЖолСервис» ЖШС салып жатқан жолға республикалық және жергілікті бюджеттен 2,597  млрд. теңге бөлінген. Жалпы  ұзындығы 19,363 шақырым болатын бұл тас жол 4-санатты жолға жатады. Аудандық маңызы бар бұл жол төсемінің кеңдігі 10,0 метр болмақ.

«Махорин» ЖШС-да болған әкім ондағы шаруашылық жайымен танысты. Негізінен мал және өсімдік шаруашылықтарымен айналысатын серіктестікте бүгінде жетпіс адам еңбек етуде. Өткен жылы 4,700 млн. теңге демеуқаржыға қол жеткізген. Шаруалардың айтуынша, 1200  га егілетін еркекшөп ауа райының қолайсыздығына байланысты жөнді өспеген. Сондай-ақ 600 га алқапқа судан шөбін  еккен. Жалпы, биыл мал азығын жеткілікті етіп даярлауға мүмкіндік бар. Қазір серіктестікте 1300 ірі қара бар болса, жыл соңына дейін олардың санын 1600-1700 жеткізу жоспарланып отыр.

– Жуырда өңірге келіп кеткен Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев облыстағы жолдарға бөлінетін қосымша қаражатқа қодау білдірген болатын. Оралдан  Орынборға баратын 144 шақырым жол шекараға дейін жөнделмекші. Ол үшін Елбасы тапсырмасымен үкімет тарапынан қаражат бөлінеді. Биыл жолдың жобалау-сметалық құжаттары дайындалады. Келер жылы екінші санатты төрт жолақты жол құрылысы басталмақ. Ал бұл жолдың теректіліктер үшін маңызы зор болмақ. Жолдың сапасы адам өміріне де, экономикаға да әсер етеді. Сондықтан да қауіпсіздікке баса мән беріледі. Жол салу тұрғындарды  жұмыспен қамтуға  да оң ықпал етпек. Күні бүгін ауданда  450 шақырымнан астам жолды жөндеу басталды. Оларға  қажетті қаржының басым көпшілігі республикалық бюджеттен бөлінуде. Жасалып жатқан жұмыстардың барлығы бақылауды қажет етеді, сондықтан да жергілікті жерлерге арнайы барып танысудамыз. Тұрғындарды мазалайтын тағы бір мәселе – таза ауыз сумен қамту. Өткен жылы облыстағы 55 елді мекенге су берілсе, биыл 50 елді мекен қамтылмақ. Бұл жұмыстар сол ауылдардың тұрғындарының ертеңгі күнге деген сенімін нығайтады, су сапасын жақсарту арқылы тұрғындар денсаулығын да жақсартамыз. Жасыратыны жоқ, сумен қамтуда біздің облыс республика бойынша соңынан санағанда үшінші орында тұр. 2020 жылы сумен қамтуды 55 пайызға жеткізгіміз келеді. Жалпы, екі жыл ішінде өңірімізде 2000 шақырым  су құбыры жүргізілді. Ал Теректі ауданында  5 млрд. теңге қаражатқа үлкен жұмыстар атқарылуда. Олардың ішінде жеті  елді  мекенге газ жүргізу, 52 шақырым жол салу, екі ауылға ауыз су өткізу бар.

Ауданды аралаудағы мақсат – жергілікті жерлерде «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» бағдарламаларының және «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» жүзеге асу барысын қарау. Бұл іс-шаралардың Теректі  ауданында  да жақсы жүріп  жатқанының куәсі болдық, – деді  Алтай Сейдірұлы сапар соңында  журналистерге  берген  сұхбатында.

Ясипа   РАБАЕВА,

«Орал   өңірі»

Cуреттерді  түсірген  Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ


Музей ісін дамыту – жаңашылдықты талап етеді

Күні: , 85 рет оқылды

Кеше  біздің  облыста  Елбасының «Рухани  жаңғыру» бағдарламасы  аясында  «Ақжайықтың  қасиетті  орындары» атты республикалық  өлкетанушылар  форумы   басталды.

Дүйсенбі күні Орал қаласындағы Достық үйінде аталмыш форумның ашылуы, пленарлық және секциялық отырыстары өтті. Жиынға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі музейлер және кітапханалар басқармасының бас сарапшысы Назгүл Қадрымбетова, «Kazmuseum.kz» қорының жетекшісі, музейтанушы Нұрсерік Жолбарыс, тарих ғылымдарының кандидаты, мемлекеттік тарихи-мәдени «Есік» қорық-музейінің ғалым хатшысы Ғалия Файзуллина, сондай-ақ еліміздегі музей директорлары мен өлкетанушылар, өлкемізге танымал тұлғалар мен музей  ардагерлері  қатысты.

Облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов форумды ашқан алғысөзінде өңірімізде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан істерге жан-жақты тоқталып өтті.

– Бүгінгі басқосуда өлкетану, музей ісін заманға сай жаңғырту мәселелері сөз болады. Бұл бағытта өздеріңіздің жиған білім-тәжірибелеріңіз ортаға салынады. Нәтижесінде Үкіметке нақты ұсыным жолданбақ. Елбасымыз көтеріп отырған цифрландыру бағытында музей саласына қатысты қандай істер атқара аламыз? Ұлыбританияда музейлерге ерекше көңіл бөлінеді. Онда музей ісіне қатысты менеджмент жақсы дамыған. Яғни, музей – бизнестің де қайнар көзі. Осы орайда біз де адам санасының қызығушылығын оятатын өлкетану бағытындағы аңыз-әңгімелерді жаңғыртуымыз керек. Биыл 5, 6, 7-сынып оқушыларына арналған өлкетану оқулығы дайындалып бола келді. Өте құнды кітап жарық көрмек. Біздің тарихи тұлғаларымыз, тарихи-мәдени ескерткіштеріміз туралы деректердің бәрі бір кітапқа жиыстырылған. Бұл жасөспірімдеріміздің өз өлкесін тануына, тарихына үңілуіне ықпал етеді, Отанымызды сүюге жетелейді. Сондықтан жас пен кәрі бірдей өлкетану ісіне бет бұруы қажет, – деді Ғабидолла Абдоллаұлы.

БҚО мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев жүргізген отырыстың барысында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі музейлер және кітапханалар басқармасының бас сарапшысы Назгүл Қадрымбетова еліміздегі музей ісінің соңғы жылдардағы даму  қарқыны  туралы  баяндады.

– Жалпы статистикаға сүйенетін болсақ, 2001 жылы елімізде барлығы 103 музей болса, бүгінгі ресми мәліметтер бойынша 238 музей жұмыс жасайды. Оның 234-і мемлекеттік болса, төртеуі жеке музей. Музейге келушілердің саны да жыл санап артып келеді. Мәселен 2001 жылы 3 млн. 261 мың болса, 2012 жылы 5 млн.-нан артылды. Негізгі қордағы экспонаттар саны 2001 жылы 1 млн. 700 мыңнан асқан болса, бүгінгі таңда 2,5 млн.-ға жуықтады. 2011 жылы музейлеріміз 6 мың 400-ден астам көрме ұйымдастырған болса, 2017 жылғы деректе бұл көрсеткіш 10 мыңға жақындаған. Бүгінде 191 музей интернет желісіне қосылған. Олардың саны 2011 жылы 163 болған еді, – дейді Назгүл Нұржанқызы. Назгүл Қадрымбетова жиын барысында үздік музей қызметкерлерін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің алғысхатымен марапаттады. Марапатталғандар арасында музей ісінің ардагері Сара Танабаева, Сырым Датұлы атындағы  тарихи-өлкетану музейінің басшысы Айнагүл Ойшыбаева бар.

БҚО тарихи-өлкетану музейінің директоры Мирболат Ерсаев екі ғасырға жуық терең тарихы бар өзі басқаратын музейдің өткені мен бүгіні туралы жан-жақты баяндап, аталмыш салаға қатысты проблемалық мәселелерді де ортаға салды.

– Қазақстандағы барлық музейлердің проблемасы ұқсас. Бастысы – музей ғимараттарының жәдігерлерді сақтау мен көрерменге ұсынуға арналмағандығы. Қайта қалпына келтіруге мемлекеттен қыруар қаржы бөлінудің арқасында көптеген музей қайта жабдықталды. Бірақ бәрі бірдей емес. Музейге арналған арнайы ғимарат еліміздегі көп музейге арман екені шындық. Саланың басты проблемасының бірі – кадр. Бүгінде музей көбейіп келеді. Ал арнайы маман әзірлеу әлі де жеткіліксіз. Мықты тарихшы мамандардың салаға тартылмау себебі – жалақының басқа салалардан төмендігі. Бұл салада жүргендер – музейді сүйетіндер, ақшасына қызығып жүрген ешкім жоқ. Музей саласындағы проблеманың бірі  – музейлердің ортақ кеңістігінің жоқтығы. Әр өңірдің музейлері өз алдына бір арал сияқты. Тәжірибе алмасу, алмасып көрме өткізу аздау. Аймақаралық жобалар, тәжірибе алмасу, семинар, конференциялар керек-ақ. Музейлердің ең басты проблемасы – халық тарту. Бүгінгі таңда өзінің көрерменін музей тауарын сатып алушыға айналдырған музей ғана жеңімпаз бола алады. Ол үшін музей өзінің қызметін үнемі сапалы көрсетуге тиіс. Бұл ретте уақыт талабына сай маркетинг, менеджмент қызметін пайдалануымыз керек. Ал маркетинг, менеджмент – музей үшін жаңа ұғымдар. Бірақ заман талабына сай осы істерді де игеруге тиіспіз. Әрине, бүгінгі ғаламторлық заманда музейге адам тартуды тек жарнама арқылы шешу қиын, сондықтан заманауи жаңа технологияларды да іске қоспаса болмайды. Мысалы, шетелдік музейлердің ерекшелігі ІТ технологияларын кеңінен пайдалануы, өз жәдігерлерін техникалық тұрғыдан ұсынулары. Шетел музейлерінде жәдігерді саналы түрде ұғу үшін барлық жағдай жасалып, көрермен мен музей арасында интерактивті қарым-қатынас толық орнатылған. Мәселен, орман суретін көріп тұрса, ормандағы ағаштар сыбдырын естиді немесе музыкалық аспаптан сазды әуен шығады. Бұл көрерменге жәдігерді көріп қана қоймай, сезінуге мүмкіндік береді. Сондықтан музей ісін алға сүйреу, ІТ технологияларын ендіруді қажет етіп тұр. Бұл, әрине, оңай шаруа емес. Бірақ біз осы қиын істі игеруді жайлап бастап жатырмыз. Қорда жәдігер көп, оның бәріне орын жоқ. Сондықтан біз 3D-экскурсия жасайтын құрылғы алып, сол тасада қалатын жәдігердің бұрынғы қалпын, тарихын жеткізгіміз келеді. Ішінара кейбір жәдігерлерді ғаламторға шығару арқылы ел назарын аударып, қызықтырудамыз. Музей жайлы әлеуметтік роликтер де шығардық. «Музей түні» сияқты шараларымыз халықтық мерекеге айналып келеді. Мұндағы басты мақсат – келушілер санын көбейту, тарихымызды, бастауымызды, құндылықтарымызды насихаттау. Музейдің жұмысы оның қазынаға қанша қаржы түсіргенімен өлшенбейді. Музей – мәдениет, ал мәдениет – дұрыс қоғам қалыптастырудың кілті, келешекке жол салу. Біздің мақсат – музейді заманауи, қолжетімді, қызықты ету.

Сол себепті біз музейде театрландырылған қойылым жасауды дамытып келеміз, – деді Мирболат Бижанұлы.

Жиынға қатысушы меймандар әлем елдеріндегі музей ісін басқарудың озық үлгілері туралы қызықты деректерді егжей-тегжейлі баяндай отырып, Қазақстандағы музейлердің жұмысын жаңаша қалыптастыру бағытында ой қозғады. Әрі қарай облыстық тарихи-өлкетану музейінде жалғасын тауып, өңіріміздің киелі жерлерін аралауға ұласатын форум жұмысы осы аптаның аяғына дейін  жалғаспақ.

Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


Электронды жоба һәм рухани-танымдық кездесу

Күні: , 43 рет оқылды

Жуырда  Жаһанша  Досмұхамедов  атындағы  педагогикалық  колледжінің  ұстаздары  мен  студенттеріне  облыстық  «Орал өңірі»,  «Приуралье»  және  12  аудандық  газетке  электронды  жазылу  жобасы  таныстырылды.

Екі бөлімнен құралған кездесу барысында «Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директоры Жантас Сафуллин газеттерге онлайн жазылудың артықшылықтарына  тоқталды.

– Біріншіден, газетке электронды жазылудың бағасы әдеттегіден екі есе төмен болады. Екіншіден, газеттің әр нөмірін кешікпей, уақтылы оқи аласыз. Газет шығатын күні бірден поштаңызға электронды нұсқасы келіп түседі. Сонымен қатар экономикалық жағынан тиімділігі артпақ. Себебі газетті баспаға шығару үшін қағаз, бояу, пластина секілді керекжарақтардың барлығын көршілес Ресей және Қытайдан алдырамыз.

Ал электрондық жазылым барысында ешқандай шығын шықпайды. Төртіншіден, елімізде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы қабылданғаны өздеріңізге мәлім.  Бір ғасыр тарихы бар газет те заманына қарай түлеп отырады.

Жастар көбіне ғаламтор желілеріне жүгінгендіктен, күнделікті өмірде қолдануға барынша ыңғайлы етуге тырыстық, – деді Жантас  Набиоллаұлы.

«Жайық Пресс» ақпарат орталығының жетекшісі Нұрлыбек Рахманов электронды жазылуды жүзеге асырудың жолдарын көрсетті. Алдымен «zhaikpress.kz» сайтына кіріп, «Онлайн жазылу» батырмасы арқылы жазылу бөліміне өтесіз. Сол арадан өзіңізге қажетті газетті және жазылу мерзімін таңдап, аты-жөніңізбен электронды поштаңызды енгізесіз. Автоматты түрде «Pay Box» бөліміне өткеннен кейін, төлем картаңыздың мәліметтерін жазуыңыз керек. Одан соң ұялы телефоныңыздың нөмірі мен электронды поштаңызды қалдырасыз. Картаңыздың электронды төлем жасайтын қызметі қосулы болуы тиіс. Мәліметтерді жіберген соң телефоныңызға түскен құпия санды енгізіп, төлеміңіздің сәтті қабылданғаны жөнінде ақпарат аласыз. Ал белгілі бір мекеме қызметкерлері бірден ұжым болып жазылғысы келсе, басшылық тарапынан «Жайық Пресс» ЖШС-ға түбіртек жіберсе болғаны. Медиахолдинг қызметкерлері қажетті ақпараттарды алып, сайтқа өздері енгізеді.

Жаһанша Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледждің директоры Светлана Бахишева барша ұжымды және үздік 50 студентке жарты жылға дейін тегін жазылу мүмкіндігі қарастырылғанын айтты.

– Технология дамыған заманда газет оқу мәдениетін қалыптастыруымыз қажет. Бар болғаны 1 мың теңге төлеп, алты ай бойына аптасына үш рет облыстық газет оқу өте тиімді. Бұл мұғалім ретіндегі  кәсіби қызметімізге де қажет. Өйткені облысымызда орын алып жатқан саяси, экономикалық, әлеуметтік жаңалықтардан хабардар болып, танымдық материалдар оқып, рухани байлығымызды жетілдіруге мүмкіндік береді. Жедел ақпарат ұсынатын заманауи сайтқа қолдау көрсету парызымыз деп есептеймін, – деді Светлана Меңдіғалиқызы.

Кездесудің екінші бөлімінде медиахолдинг директоры ақын, ағартушы, Алаш қайраткері Ғұмар Қараштың шығармалары мен өмір жолы туралы деректерді қамтыған үш томдық жинақпен таныстырды. Кітап шығару барысында зерттеу жұмыстарымен айналысқан бір топ азамат Мәскеу қаласына барып, Ғұмар Қараштың туған немересі Надежда Қарашевамен сұхбаттарын таспаға жазып алған. Аталған бейнебаян кездесуде назарға ұсынылды. Сонымен қатар басқосуда Бақтылы Боранбаева, Жәнібек Исмурзин секілді тарихшылар студенттерге  Ғұмар Қараш жөнінде біраз  пайдалы  ақпарат  берді.

– Ғұмар Қараш – ХХ ғасырдың басында қазақ халқын ғылым-білімге үндеген ағартушы қайраткер. Ол ұлттық тұлға қалыптастыру жолындағы бала тәрбиесіне үлкен мән беріп, педагогикалық еңбектер қалдырған. Жантас Набиоллаұлының бастамасымен жарық көрген үш томдық зерттеу кітабын оқысаңыз, көптеген пайдалы мәліметке қарық боласыз. Ұрпағымыз құлдық санадан түгелдей арылып, ұлы халықтың атақ-абыройы асқақтай берсін! – деді Бақтылы Боранбаева.

Аталмыш  оқу орнының оқытушылары мен студенттері газет  оқырмандарына  ыңғайлы электронды жоба дайындағандары үшін және рухани-танымдық кездесу шарасын ұйымдастырғаны үшін  алғыстарын  білдірді.

Айым   ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал  өңірі»


«Субсидия төленбесе, отандық бренд саналатын түлікке зор қатер төнеді…»

Күні: , 50 рет оқылды

Қазақстан – аграрлы ел. Жасаған ие қазаққа бұйыртқан жердің көлемі жағынан  еліміз дүние жүзінде 9-орынды алады. Соның ішінде жайылым алқаптарымен есептегенде бесінші орындамыз. Осынау табиғи  байлықты ел  экономикасының дамуына  бағыттап, нақты  нәтижемен жұмыс  жасау — ең  басты  мұрат. Үкімет ауыл шаруашылығын  дамытуға жыл  сайын республикалық  бюджеттен қомақты  қаржы бөледі. Мысалы, ағымдағы  2018 жылға  275  миллиард теңге  қарастырылып отыр. Бұл, әрине, аз қаржы емес. Ендігі мәселе,  осы  бөлінген  қаржыны  қалай тиімді игерудеміз және олар  қаншалықты  нәтиже  беруде  деген сұрақ туындайды. Олай дейтініміз, агроөнеркәсіп  өнімдерінің үлесі  жылдар  бойы  осы  бөлінген  қаражаттарға қарамастан, еліміздің  жалпы  ішкі өнімінде  тек  5  пайыздан  аспайды  екен. Ал, өндірілген өнімдердің 42 пайызын үкіметтен  бір  тиын  қаржы алмайтын үй жанындағы жекелердің шаруашылықтары құрап отырған көрінеді.

Біздің бүгінгі әңгімемізге мұрындық болғалы отырғаны – мал, соның ішінде асыл тұқымды малды өсіріп, оның басын көбейтіп, өнімінің берекесін көру.

Асыл мал дегенде, өңіріміздің мақтанышына айналған қазақтың ақ бас асыл тұқымды ірі қарасы ауызға ең алдымен оралатыны даусыз. Осыдан 68 жыл бұрын Ақ Жайық өңірінде ғалымдарымыз бен малшыларымыздың тынымсыз еңбегінің арқасында будандастыру жолымен дүниеге келген бұл түліктің даңқы бүгінде мұқым дүниеге мәшһүр. Өңіріміздің табиғи жағдайына бейімделген немесе аса бір күтімді қажет етпейтін, ыстық-суыққа төзімді, өнім беру қабілеті жоғары, жемшөп талғамайтын қасиеттерімен ерекшеленеді. Ақ бас сиырдың осы артықшылықтарын өңірде тиімді пайдаланып, өзіндік құны арзан, сапасы жоғары, табиғи таза ет өнімін өндіріп, келешек күндерде қазақ елінің брендіне айналдыру жолға қойылған. Сөйтіп, сол арқылы Ақ Жайық өңірінде ірі қара мал етінің өндірісін жыл санап қарыштап дамыту мақсаты тұр. Бұл – алдан қол бұлғаған армандар. Оған жету үшін, әрине, үкіметтің қолдауы керек-ақ. Бірақ сол қолдаудың кейбір түрінің басына «қара бұлт» үйіріліп тұр.

Біз оның қандай қатер екеніне кейін кеңірек тоқталамыз. Әуелі, агроөнеркәсіп кешенін дамытуға арналған бірнеше бағдарламалар мен жоспарларға байланысты туындаған жағдайларға қысқаша тоқталсақ. Ол үшін лауазымды тұлғалар мен мамандардың пікірін суыртпақтамақшымыз.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Жексенбай Дүйсебаев осы жылдың 28 мамырында өткен «Үкімет сағатында» сөйлеген сөзінде былай деген еді. «… Атырау облысында болып қайттым, шынымды айтайын, таң қалдым. Шөлді, шөлейтті аймақта орналасқан өңір жыл он екі ай бойы ауыл шаруашылық өнімдерімен өңірдің сұранысын толығымен қамтамасыз етіп отыр, тіпті экспортқа шығаруға кіріскен. Мысалы, былтыр 2 мың тонна 300 келі пияз экспортқа шығарылған. Заманауи талаптарға сай 1100 басқа арналған сүт фермасы жұмыс істеп тұр. Бір сиырдан жылына 6600 литр сүт сауады, биотыңайтқыш шығарады, гидропон өсіріп, мал басын каратины мол көк балаусамен тамақтандырып, өздерінде шықпайтын жемшөп түрлерінің орнын толтырып, толыққанды рационмен қамтамасыз етіп отыр. Одан қалды, құс фермасы, ешкі фермасы, жылыжайлар, көкөніс өсіретін шаруашылық өзінің қоймасымен жұмыс істеп тұр. Тіпті, апельсин өсіруді қолға алған. Осы аталған шаруашылықтар өзінің өнімдерін өздері делдалдарсыз тікелей Атырау қаласында орналасқан коммуналдық базарға шығарып, өндірілген өнімдерін саудалауға  жағдай  жасаған. Бұдан басқа, түйенің, қойдың жүндерін өңдейтін зауыт іске қосылған. Жүндерді аяғына дейін терең өңдеп, кілем, алаша шығаруда және ауыларалық жолдарға тас төселген, ауылдар толығымен газға қосылған. Аталған жобалардың барлығы 3-4 жылдың ішінде  жүзеге  асырылған.

Осындай үрдіс Батыс Қазақстан облысында да байқалады. Әсіресе, мал шаруашылығында дей келіп, Мәжіліс депутаты өңіріміздегі қазақтың ақ бас тұқымды сиырын көбейту және одан алынатын өнімді арттыруға бағытталған жұмыстардың қарқынды жүріп жатқандығына тоқталады.  – Дегенмен, – дейді депутат. – Осы отандық асыл тұқымды малды ауыл шаруашылығы министрлігі биыл субсидиядан тыс қалдырып отыр. Әрине, түсініксіз жағдай. Сөйте тұра, министрлік бұл жөнінде оң шешімін шығаратын шығар деп ойлаймын… Бұдан әрі депутат ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған бағдарламалар мен жоспарларға тоқталды. Айта кету керек, халық қалаулысы өз сөзінде шаруа баққан ағайынның қабырғасына батып жүрген мәселелерді бүкпей көтерді. Былай деді: – Елімізде агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша көптеген бағдарламалар, жоспарлар баршылық. Мәселен, ауыл шаруашылығына бюджеттік қолдау көрсетудің жалпы стратегиясы арқылы агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша 2013-2020 жылдарға арналған «Агробизнес – 2020» бағдарламасы, кейін оның орнын 2017-2021 жылдарға арналған аг-роөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасы басты.

Оған қоса, «Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту» жобасын іске асыру жөніндегі іс-шаралардың 2011-2015 жылдарға арналған кешенді жоспары да бар. Осы аталған жобалардың көпшілігі аяғына дейін жетпей жұмысын тоқтатқан. Неге десеңіз, жыл сайын өзгерістер мен толықтырулар енгізіп қабылдаймыз, содан кейін тағы да өзгертеміз, аяғында орта жолда қалдырамыз. Осындай тұрақсыздыққа байланысты, қарапайым ауыл тұрғындарының және ауыл шаруашылық тауар өндірушілерінің арасында бағдарламалардың, жобалардың жұмыс істеуіне, тиімділігіне сенімсіздік пайда болады. Мысалға, 2011-2015 жылдарға арналған жоба, 60 мың тонна етті экспортқа шығару аяғына дейін жеткізілмеді.

«Агробизнес – 2020» бағдарламасын алып қарасақ та, осындай жағдай орын алған. Қазіргі қаралып отырған тұжырымдамада өсімдік шаруашылығындағы қолданыстағы міндетті сақтандыру жүйесін еркін сақтандыру нысанына көшіру ұсынылып отыр. Тереңінек қарасақ, орысша айтқанда «добровольно принудительное страхование» болайын деп  тұр. Олай дейтінім, егер де сіз сақтандыруға қатыспасаңыз, сіз Үкіметтің  жеңілдігінен  айырыласыз.

Бағдарламалар іс-жүзінде, әрине, керек. Дегенмен, осындай келеңсіз жағдайларға неге жиі кездесеміз?

Оның басты себептері, бағдарламаларды немесе жобаларды әзірлеу барысында біздер көбінесе асығыстық жасаймыз, көп жағдайда теорияға басымдылық беріп, тәжірибені ескермейміз, аймақтардың ерекшеліктерімен байланыстырмаймыз, олардың нақты іске асыру жолдарын, схемаларын, механизмдерін анықтамаймыз, содан барып тығырыққа тірелеміз. Бүгінгі қаралып отырған бағдарлама да көбінесе теорияға бейімделген. Тіпті, Кеңес үкіметі кезіндегідей лозунгқа ұқсайтын бағыттарға да жол берілгенін көреміз.

Қорыта айтқанда, ендігі мақсат, ауыл шаруашылығы министрлігі қолданыстағы заңнамалық актілерді дер кезінде игеріп, бағдарламалар мен жобаларды қағаз жүзінде ғана қарастырмай, іс-жүзінде іске асырып, ең бастысы, ел игілігіне жаратып, олардың орындалу барысын күн тәртібінен түсірмей, аяғына дейін жеткізуді жіті қадағалауы қажет деп ойлаймын…

Біз депутаттың осынау көтерген мәселелерінің ішінен анау жоғарыда айтқан отандық асыл тұқымды малды ауыл шаруашылығы министрлігі биыл субсидиясыз қалдырғалы отырғандығына өз алдына бөлек алып, тоқталайық. Сол субсидияға байланысты қазақтың ақ бас тұқымы республикалық палатасына біздің облыстан мүше болған шаруашылықтардың басшылары не дейді? Олар: М. Зейнуллин («Айсұлу» ШҚ),  Е. Құрманғалиев («Сәбит» ШҚ), С. Шонайбеков («Шонайбеков» ШҚ), Л. Гурсаев («Гурсаев» ШҚ), Г. Махорин («Махорин» ШҚ) және өздері де осы қазақтың ақ бас тұқымын өсірумен айналысатын шаруашылықтарды басқарып келе жатқан облыстық мәслихаттың депутаттары Қ. Ашығалиев, Е. Елемесов, Қ. Мұқанов.

Қазақтың асыл тұқымды ақ бас ірі қарасының басын көбейтуді қолға  алып, оның ыстық-суығын жылдар бойы көріп келе жатқан бұл азаматтар былай дейді: «Елімізде Елбасының қолдауымен мал шаруашылығын дамытуда көптеген оң өзгерістер қолға алынуда. Несие мен лизинг жүйесі жасақталып, етті бағыттағы асыл тұқымды мал өсіруші ірілі-ұсақты шаруашылықтар өз жұмыстарын бастап, сәтті дамытуда. Ол шаруаның әрі қарай өз жалғасын табуына кедергі болайын деп тұрған мәселе – асыл тұқымды отандық аналық мал сатып алуға бөлініп келген қолдау қаржының биылдан бастап мүлдем тоқтатылуы.

Мемлекеттік қолдаудың пайдасын түсінген шаруашылықтар үстеме пайыздың көптігіне қарамастан, асыл тұқымды ірі қара малының аналықтарын сатып алуда осыған дейін зор құлшыныс білдіріп келген болса, отандық етті бағыттағы аналық мал сатып  алуға субсидия төленбейтін болды деген хабарды естігеннен кейін, жаңа келісімшарт жасауды айтпағанда, бұрын алдын ала жасалып қойған шарттарды бұзуда. Асыл тұқымды малға деген сұраныс тоқтады. Субсидия төленбейтін болса, өнім өтпегендіктен, кейін алған несиесін өтеу үшін шаруашылықтар сатып алған асыл тұқымды аналық малдарын ішіндегі және сыртындағы төлдерімен бірге етке өткізуге мәжбүр болады. Бұл жағдай отандық бренд саналатын елімізде шығарылған мал тұқымдарының санының күрт кеміп, сөзсіз құлдырауына соқтырады. Турасын айтқанда, отандық мал шаруашылығының кері кету дәуірі басталады. Мұны тиісті органдар мен Ауыл шаруашылығы министрлігі малшылардың жанайқайы деп  түсініп, әлі де мәселенің оң шешілуіне барлық мүмкіндікті іске қоспаса, ертең мүлдем кеш болады…»

Облысымыздағы асыл мал өсіретін шаруа қожалықтарының басшылары осы тақілеттес уәждерін Ауыл шаруашылығы министрлігіне бұған дейін де жолдапты. Олардан келген жауап малшылардың жіңішкеріп бара жатқан үміттерін мүлдем үзіп жібергендей. Сенбесеңіз, оқып көріңізші: «Етті бағыттағы асыл тұқымды аналық мал басын сатып алу үшін берілетін субсидияны, асыл тұқымды шаруашылықтар арасында аналық мал басын бір-бірінен алып-сату бойынша тіркелген фактілерге байланысты, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігі мен өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидалар жобасынан алынып тасталды. Орташа есеппен республика бойынша 31 мың басқа жуық асыл тұқымды аналық мал сатылатын. Бұл ретте өткізілген мал басының 90%-ы бұрыннан бар асыл тұқымды шаруашылықтар арасында сатылды. Сонымен бірге жыл сайын осы мақсаттарға 3,5 млрд. теңгеге жуық қаржы жұмсалды. Демек, асыл тұқымды мал басы бар шаруашылықтардың өсуіне аталған субсидиялар қажетті деңгейде үлесін қоспады. Асыл тұқымды репродукторлардың саны импортталған мал басының есебінен ғана өсті. Асыл тұқымды аналық мал басы олардың субсидиялануына қарамастан сатылатын болады. Оған қоса, ол үшін 15 жылға 4%-бен жеңілдетілген несиелік бағдарлама қарастырылған. Қағидалар жобасында отандық шаруашылықтардан етті бағыттағы асыл тұқымды бұқаларды сатып алу үшін субсидиялау бағыты қарастырылған, нормативі бір басқа 150 мың теңге, себебі, асыл тұқымды бұқалар аналық мал табындарының өсіп-өнуіне және селекциялық жұмыстарды жүргізуге қажетті саналады. Сондай-ақ, қағидалар жобасында асыл аналық мал басы мен асыл тұқымдық және селекциялық жұмыс жүргізу үшін белгіленген 20 мың теңге субсидиялау нормативін жергілікті бюджеттен қосымша бюджеттік қаражат бөлінген кезде 50%-ға дейін ұлғайту қарастырылған. Осылайша мал репродукторлар санын арттыру тиімді болып табылады.»

Малшылардың үмітінің басына су құйған бұл жауапқа мал мамандары не дейді? Әңгімеге Мақсот Кенжеұлы Балқыбаевты тарттық. Айтпақшы, Мақсот ағамыз – өзінің 50 жылға жуық ғұмырын қазақтың осынау ақ бас тұқымына арнап келе жатқан ардагерлеріміздің бірі. Бүгінде ол – осы түліктің республикалық палатасының Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстары бойынша аймақтық өкілі. Қазақтың ақ бас тұқымының бес аталық желісінің (Вьюн 712, Ветеран 7880, Восток 632, Айкал 442, Копертон 150 J;) және екі зауыттық түрінің ( Шағатай тоқал түрінің, Батыс Қазақстан іріленген түрінің) авторы.

– Жауапта «Шаруашылықтар аналық мал басын бірінен-бірі алып-сату бойынша тіркелген фактілерге байланысты субсидия алынып тасталды»  делінген. Мұндай сату, сатып алуда заңбұзушылықтар кездессе, оны қадағалайтын, алдын алатын тиісті органдар бар емес пе? Олар қайда қараған? Мұндай жағдайлар текті мал шаруашылығын дамытуға кеселін келтірмеуі керек. Табындағы малдың өнімділігі мен тұқымдық қасиеттерін жақсарту мақсатында шаруашылықтар бір-бірінен сатып алу, сату үрдісін қолданулары селекциялық тәсілдердің түріне жатады. Орысшалағанда «обмен генефондами разных природно-климатических  зон» дейді. Жауапта: «…Асыл тұқымды мал басы бар шаруашылықтардың санының өсуіне аталған субсидиялар қажетті деңгейде үлесін қоспады…» делінген. Соңғы үш жылда тек біздің облысымызда ғана 140 асыл тұқымды ірі қара өсіретін шаруашылықтар (репродукторлар) өз жұмыстарын бастап кетті. Текті түліктің басы 20 мың 818-ге немесе  147,6%-ға өсті. Бұған ең алдымен субсидияның зор көмегі болғаны даусыз. Ресми жауап: «Асыл тұқымды малдардың саны импортталған мал басы есебінен өсті» дейді. Бұл да қате, өйткені 2014-2017 жылдар арасында біздің облысымызға әкелінген мал 1078 басты құрайды немесе 5,2%.

«Асыл мал басы олардың  субсидиялауына қарамастан сатылатын болады» делінген жауапта. Мұнымен де  келісуге болмайды. Субсидия төленбесе, отандық  асыл малдың аналығын сатып алушылар саны күрт кемиді. Себебі, субсидия төленбегендіктен, малды сатып алу құны  сатып алушыға қымбатқа түседі. Бұрыннан қалыптасқан шаруашылықтарды айтпағанда, осыдан 1-2 жыл бұрын мал сатып алған шаруашылықтар текті қашарларын ешкім сатып алмағандықтан, қарыздарынан құтылу үшін сол малдарын төмен бағамен етке өткізуге мәжбүр болады. Соңынан қарызынан құтыла алмаса, кепілдікке қойылған мүліктерінен айырылып, әбден құрдымға кетуі мүмкін. Мұндай келеңсіздік мал басының өз төлі есебінен өсуі тиіс табиғи заңдылыққа мүлдем қарсы келетін жағдай.

Енді не істеу керек? Мамандар да, шаруа қожалықтарының жетекшілері де жоғарыда айтылған мәселелерді мұқият, егжей-тегжей ескере отырып, отандық мал сатып алушыларға төленіп келген субсидияны сол күйінде қалдыруға болатын барлық мүмкіншіліктерді қарастыруды сұрайды. Бұл айтылғандар тіпті, мүмкін болмаған жағдайда, субсидия төлеуді алдағы 2-3 жылға сақтай отырып, 2020 жылдан бастап субсидия төлеу тоқталады деп күні бұрын ескертсе деген ұсыныстарын айтады. Өйткені, субсидиялау туралы ережелер жыл сайын өзгеріп отыратындықтан, мал өсіру бизнесімен айналысу болашақта мүлдем қиындап кетеді дейді тағы да сол мамандар.

Есенжол  ҚЫСТАУБАЕВ,

«Орал  өңірі»


Қатты қалдықтарға жаңа тариф бекітілді

Күні: , 99 рет оқылды

Жақында Орал қаласы қоғамдық кеңесінің отырысында тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауға, шығаруға және көмуге арналған жаңа тарифті бекіту жөніндегі ұсынысты мақұлдады.

Басқосуда сөз алған Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Миржан Нұртазиевтің айтуынша, Елбасының өнеркәсіпті және экономиканы жаңғырту жөніндегі соңғы Жолдауына сәйкес қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілер қазіргі уақыттың үдесінен шықпайды. Еліміздегі облыстық маңызы бар қалалары, олардың орталықтары, республикалық бағыныштағы шаһарлар нормативтік заңды талаптарға сай тарифтерін қайта қарауда. Мысалға, 15 қаланың жетеуі тарифті жоғарылатты. Мысалға, Шымкентте жайлы үйлердегі бір тұрғын 171 теңге, жеке тұрғын үйдегі тұрғын 200 теңге, Астанада сәйкесінше 259 теңге және 276 теңге, Қарағандыда жайлы пәтердің тұрғыны 221 теңге, жеке үйдің тұрғынына 284 теңге қоқыс қалдықтары үшін айлық төлем төлейді. Қазақстан бойынша орташа тариф көрсеткіші – 240,78 теңге.

– Заңды әдістемеге сай есептеулер жүргізгенімізде тариф айына бір адамға 380 теңгені құрады. Мәселенің әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, мамандармен талқылау, терең сараптама жасаудың нәтижесінде тариф 320-дан 260-қа, одан 215 теңгеге төмендеді. Сөйтіп біз пайда, рентабельділік, амортизациялық шығын деген баптардан бас тарта отырып, тек шығынсыз жұмыс істеуді таңдап, тарифті бұрынғы 115,33 теңгенің орнына 215 теңге (жеке тұрғын үй тұрғынына 219,05 теңге) етіп ұсынып отырмыз, – деді М. Нұртазиев. Оның айтуынша, соңғы он жылда қатты қалдықтар тарифінің өспеген, ал жанар-жағармай бағасы екі есеге, қосалқы бөлшектердің, соның ішінде ауторезина бағасы 76%-ға, коммуналдық шығындар 45%-дан 361%-ға, жалпы түсінікті тілмен айтқанда баға 1,5-нан төрт есеге қымбаттаған. Солай бола тұра қаланың тазалығы үшін күні-түні еңбек ететін сала жұмысшыларының жалақысы бес жыл ішінде 27%-ға ғана өскен.

Қалалық қоғамдық кеңес мүшелері ұсынылған тарифті мақұлдады, артынан ол  қалалық мәслихаттың сессиясында қаралып, бекітілді.

Кеңес отырысында 2016 жылғы 23 желтоқсандағы «2017-2019 жылдарға арналған қалалық бюджет туралы» мәслихаттың шешіміне өзгерістер енгізу» туралы мәселе қаралып, мақұлданды. Қала бюджетін болжамды түсімдер есебінен ұлғайтып, нақтылау нәтижесінде қала бюджеті 41 млрд. 466 млн. 267 мың теңгені құрады.

Кеңес мүшелері қаладағы ата-анасынан кәмелетке жасқа толғанға дейін айырылған немесе ата-ананың қамқорлығынсыз қалған білім беру ұйымдарының түлектері болып табылатын азаматтарды, сондай-ақ бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды, пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарды жұмысқа орналастыру үшін квота белгілеу туралы мәселені қарады. Бұл мәселе бойынша қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Әсия Құрманқұлованың баяндауынша, қала бойынша пробация есебінде 858 адам тұр. Олардың 200-і темір тордан биыл босағанды. Бұрын квота көлемі ірі және орта кәсіпорындардағы адам санының үш пайызын құраған, енді сол көрсеткішті бес пайызға жеткізу ұсынылды. Мұндай ұсыныспен кеңес мүшелері келісе қоймады, олар ірі кәсіпорындарға бес пайыздың көптік ететінін, ірі кәсіпорындар қатарына шағын кәсіпкерлікті қосуды, пайызды төмендету қажеттігін айтты. Кәсіпорындардың басшылары ретінде кейбір кеңес мүшелерінің уәжі «Біз түрмеден шыққан адамды жұмысқа алсақ, оларды оқытамыз, жұмысшы куәлігін, киімін алып береміз. Бірақ олар күні ертең жұмысқа шықпай қалса, қаржымыз желге ұшады» дегенге сайды. Сондықтан бұл мәселе қайта зерттеліп, кейінгі отырыстардың бірінде қаралмақ.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

 «Орал  өңірі»


Білім бақылау департаментінде жаңа басшы

Күні: , 354 рет оқылды

ҚР Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен Нұрлан Сабыров БҚО білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы болып тағайындалды.

Департаменттің жаңа басшысын ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Жұмашев таныстырып, жұмысына сәттілік тіледі.

– Бүгінде Ақ Жайық өңіріндегі білім жүйесі жақсы жолға қойылған. Білім және ғылым министрлігі қабылдаған барлық нормативтік актіні орындау, соның ішінде жаңа білім бағдарламаларын жүзеге асыру бойынша нәтижелер жаман емес. Алдағы Ұлттық бірыңғай тестілеуден де жоғары баға аламыз деген үміттеміз. Бұлардың барлығы қарапайым мұғалімнен бастап, сала басшылығында жасап отырған жандарға дейінгі әріптестеріміздің атқарып жүрген еңбектерінің арқасы деп есептейміз. Нұрлан Меңешұлы – аудан басқарған, облыстық білім басқармасында жауапты жұмыс жасаған,  яғни бұл жүйені жақсы меңгерген маман. Оның білімі мен тәжірибесі осы саланы әрі қарай дамытуға септігін тигізеді деген үміттеміз, – деді шара барысында облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов.

Өз кезегінде Нұрлан Сабыров жаңа қызметті адал атқаруға  тырысатынын жеткізіп, сенім білдірген жандарға ризашылығын айтты.

Ясипа  РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»


«Алтын ханшайымға» кесене салынуда

Күні: , 84 рет оқылды

Теректі ауданының Долин ауылдық округіне қарасты жерде «Алтын ханшайым» кесенесінің құрылысы басталды. Ауданға жасаған сапары барысында облыс басшысы Алтай Көлгінов кесененің құрылысымен танысты.

Кесене «Подстепный – Федоров – РФ» тасжолынан оң жаққа қарай 250 метр жерде орналасатын болады. Ат басын арнайы бұрған Алтай Сейдірұлы кесененің цемент ерітіндісін (құймасын) құйып, жәдігердің елдің игілігіне жарайтын құтты орын болуын тіледі. Сондай-ақ кесене өткен-кеткен көз тігіп қарайтын, туристер үшін тың дүние болатынын айтты. Өйткені жол бойында биіктеу төбенің үстіне салынып жатқан кесененің іргетасының өзі алыстан «мен мұндалап» тұр. Биіктігі жеті, ені төрт метр болатын кесене 20 сотық жерді алмақ.

–  Облыстық тарих және археология орталығы 2012 жылы Теректі ауданы аумағындағы Долин ауылының Тақсай қорған кешеніне жүргізген археологиялық қазба жұмыстары кезінде «Алтын ханшайым» табылған еді. Ағаш бөренемен жабылған жерлеу орнынан аса қымбат әшекей бұйымдарына көмкерілген әйел адамның мүрдесі шықты. Басында шошақ төбелі алтын бас киім болған. Жерленген орнынан сексеннен аса алтын бұйым табылды. Бұл  ескерткіштің түпнұсқасы қазір Ұлттық музейде сақтаулы тұр. Бұл біздің ел үшін құнды, маңызды жаңалық екені даусыз. Бұл жәдігерді қалпына келтіру ісімен  қазақстандық ғалым-реставратор Қырым Алтынбек бастаған мамандар айналысқан болатын. Мамандардың айтуынша, ол біздің дәуірімізге дейінгі 6-5 ғасырлардағы археологиялық ескерткіштерге жатады. Бүгінде Тақсай қорған кешеніне шамамен 2,5 мың жыл болған.

Кесененің құрылыс жұмыстары «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Рухани қазына» кіші бағдарламасы аясында меценаттар есебінен жүргізілуде. «Заңғар» жеке кәсіпкерлігі қолға алған бұл жобаның жалпы құны 8 млн. теңге. Кесене құрылысын бір ай ішінде аяқтауды жоспарлап отырмыз, – дейді аудан әкімінің орынбасары Алтай  Тоқжанов.

Тақсай қорған кешені  Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі жанынан құрылған «Қасиетті Қазақстан» ғылыми зерттеу орталығы жариялаған киелі орындар тізіміне кіретін 100 нысанның қатарына кіргені белгілі.

Ясипа  РАБАЕВА,

Теректі  ауданы


Сабантой мерекесі тойланды

Күні: , 57 рет оқылды

Жексенбі күні қалалық мәдениет және демалыс саябағында елордамыз Астананың 20 жылдық мерейтойына арналған татар халқының Сабантой дәстүрлі мерекесі өтті. Биыл 18-мәрте ұйымдастырылған мерекеде татар халқының ұлттық әндері шырқалып, ұлттық ойындар ойналып, келген ағайын ұлттық тағамдардан дәм татты.

Сабантой – татар халқының мәдениетін, салт-дәстүрін айшықтайтын, елдің бірлігін, халық достығын арттыратын  мереке деп сөзін сабақтаған БҚО ҚХА төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов жиылғандарды еңбек мерекесімен құттықтады.

Татар ұлтының дәмі тіл үйірген тәтті тағамдары, ұлттық бұйымдары, әнші, биші баяншылары сабантой сәнін қыздыра түсті. Облыс әкімдігі жанындағы «Қоғамдық келісім» мекемесі мен «Татар мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған шараға Башқұртстан Республикасынан «Асыльияр» этнофольклор ансамблі келіп, өнерлерін паш етті.

Сабантой – татар тілінен аударғанда «Жер өңдеу» деген ұғымды білдіреді екен. Дәстүр бойынша бұл мереке жиын-терім көп болсын деген ырыммен тойланады. Саябақты ән мен биге бөлеген,  береке мен бірлікке бастайтын Сабантой мерекесі демалушы жұртшылыққа да әдемі көңіл күй сыйлады.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»


«Болашақ – білімді жастардың қолында»

Күні: , 67 рет оқылды

Орал қаласындағы Абай атындағы алаңда биылғы мектеп бітіруші түлектердің шеруі өтті. Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов, ардагер ұстаздар, мектеп директорлары және ата-аналар қатысты.

Түлектердің салтанатты шеруін облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Білім-инновация» мектеп-лицей-интернатының түлектері бастады. Аталған мектепті 39 оқушы аяқтаса, олардың арасында бір алтын белгі, тоғыз үздік аттестат, төрт Назарбаев университеті грантының иегерлері және халықаралық, республикалық олимпиада мен ғылыми жобалардың жеңімпаздары бар. Облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған ақпараттық технологиялар мектеп-лицей-интернат түлектері шеруді жалғастырды. Аталған мектепті бітіруші 21 түлектің 16-сы – алтын белгі иегері. Мектеп республика бойынша бірінші орында келеді. 53 мектептен құралған шерушілер тізімін «Алтын белгі» иегерлері түйіндеді. Он бір жыл бойы үздік нәтиже көрсетіп, мыңнан тұлпар атанған 95 «Алтын белгі» иегері облыс әкімдігінің алдына тізілді.

– Бүгін облыс бойынша бес мыңнан астам оқушы алтын ұя мектептерінен түлеп ұшып, үлкен өмірге жолдама алуда. Білім жүйесіне келетін болсақ, былтыр 17 білім беру нысаны салынып, оннан астам мектепте күрделі жөндеу жүргізілуде. Биыл бір жаңа мектептің құрылысы аяқталып, тағы жеті мектеп салынуда. Цифрландыру дәуірінде мұғалімдердің біліктілігін арттырып, мектептерді толықтай компьютермен қамтамасыз ету арқылы еліміздегі білім сапасын дамиды.

Құрметті мектеп бітіруші түлектер, сіздерді үлкен өмір жолы күтіп тұр. Он бір жыл бойы алған білімдеріңіз бен тәрбиелеріңізді пайдаға асырып, болашақтардың жарқын боларына сенім мол. Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында барлық сала қарқынды даму үстінде. «Рухани жаңғыру» бағдарламасында «Білімнің салтанат құруы» деген қағида бар. Бұл – дүниежүзіндегі барлық дамыған мемлекетінің ұстанатын бірден-бір жолы. Сондықтан тек білімдеріңізді молайтып, еліміздің жаңа қарқында дамуына  үлес қосуларыңызға тілектеспіз, – деді құттықтау сөзінде Ғабидолла Абдоллаұлы.

2017-2018 оқу жылындағы халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалардың жеңімпаздары сахна төріне шақырылып марапатталды.

Мектеп түлектерінің атынан облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Білім-инновация» мектеп-лицей-интернат түлегі Адам Петри, жалпы орта білім беретін эстетикалық бағыттағы мектеп-гимназиясының түлегі, «Алтын белгі» иегері Алина Садықова және «Flex» бағдарламасы бойынша ағылшын тілінен халықаралық конкурстың жеңімпазы атанған Виталий Конюхов сөз сөйледі.

– Міне, білім мен тәрбиенің тал бесігінде тербеткен қасиетті шаңырақпен қоштасқалы тұрмыз. Мәпелеп өсірген ата-ана мен білімге баулыған ұстаздарға алғыс айта отырып, олардың үмітін ақтауға тырысамыз. Бүгін алған аттестатымыз – балдәурен балалығымыздың артта қалып, жауапкершілігі мол жаңа өмірге қадам басқанымыздың белгісі деп білемін, – деді Адам Петри.

Марапаттау рәсімі аяқталған соң «Рухани жаңғыру» бағдарламасының символы – қыран құс аспанға ұшырылды. Өңірімізге танымал әнші, ҚР Композиторлар одағының мүшесі Жаскелең Ғайсағалиев пен №45 мектеп түлегі Юлия Верстинаның орындауындағы «Мектеп вальсі» әніне барлық түлек алаңда вальс биледі. «Жұлдыз» би студиясы сахна төрінде «Аялаған Астана» атты флешмоб ұйымдастырды. Шара соңында ашық аспан астында би кеші мен мерекелік отшашу ұйымдастырылды.

Аиша КЕНЖАЛИЕВА,

№1 орта мектептің түлегі, «Алтын белгі» иегері:

– Бүгін түлектер үшін ең әдемі, ең ерекше күн. Шара жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Болашақта экономист болғым келеді. Соған орай  Назарбаев университетіне түсіп, үздік студент атанамын деген сенімдемін.

Айым  ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал  өңірі»


Мемқызметкерлер қайырымдылық жасады

Күні: , 70 рет оқылды

Өткен сенбіде Орал қаласында ҚР Мемлекеттік қызмет жүйесінің 20 жылдығына және Мемлекеттік қызметкерлер күніне орай «Алға басу движение вперед» атты қайырымдылық жүгіру өтті.

Шараның мақсаты – Елбасының Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес бұқаралық спортты дамыту, мемлекеттік қызметшілер арасында салауатты өмір салтын насихаттау және спортқа баулу. Ел дамуындағы аса маңызды, жауапты қызметте халықтың зор құрметіне бөленіп, ел алғысын арқалап жүрген мемлекетік қызметкерлер осы жолы да игі істің ұйытқысы бола білді.

– Биыл еліміздегі мемлекеттік қызмет туралы заңның қабылданғанына 20 жыл. Біз қазір мемлекеттік қызметтің меритократия қағидаттарына бағытталып, жаңа жүйеге көшіп келе жатқанын айқын аңғарып отырмыз. Жұмыстан үйге уақтылы жіберу, жалақыны өсіру, дене шынықтырумен айналысуға көбірек көңіл бөлу сияқты өзгерістер енгізіліп, мемлекеттік қызметті ең беделді қызметке айналдыру жолында үлкен қадамдар жасалуда, – деген облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов қайырымдылық жүгіруге қатысқан барлық мемлекеттік қызметкерлерді кәсіби мерекемен құттықтады.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің  БҚО бойынша департаментінің басшысы Болат Исақовтың айтуынша, қайырымдылық жүгіруге 800-ге жуық мемлекеттік қызметкер қатысқан. Әр қызметкер қайырымдылық акциясына қатысу үшін жарна төлеп, нәтижесінде 500 мың теңгеден астам қаражат жиналған. Бұл қаржы түгелімен Аружан Саинның «ДОМ» қоғамдық қорына аударылып, еліміздің түкпір-түкпіріндегі науқас балалардың ем-домына жұмсалатын болады.

 Абай алаңынан бастау алған қайырымдылық жүгіру Жеңіс алаңында мәреге жетті. Үш шақырым қашықтықты ерлер арасында ең бірінші болып Сергей Курдин бағындырса, әйелдер арасында Айсұлу Дияшева жеңімпаз атанды. Оралдық Куликовтар отбасы «Спорттық отбасы» аталымы бойынша марапатталса, әкесімен бірге акцияға үлес қосқан 6 жасар Хансұлтан Құрмаш жарыстың ең жас қатысушысы атанды. Ал 62 жастағы Жаңылсын Кәрімова ең жасы үлкен қатысушы ретінде арнайы сыйлыққа ие болды.

Айта кету керек, «Алға басу – движение вперед» қайырымдылық жүгіру Астана, Алматы қалалары мен барлық облыс орталықтарында бір күнде, бір уақытта, бір стартпен өткізіліп, насихатталды.

Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика