Мұрағат: 15.06.2018


Ақжайықтың «Астанаға сәлемі»

Күні: , 31 рет оқылды

Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының амфитеатрында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен Астана қаласының 20 жылдығына арналған «Астанаға сәлем!» атты ауданаралық өнер фестивалінің алғашқы концерті өтті.

Облыстық халық шығармашылығы орталығының қолдауымен өткен шараның мақсаты «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында елорда мәртебесін биіктету болып табылады. Ақжайық ауданы аталмыш фестивальді алғаш болып бастады.

– Биыл еліміздің бас қаласы – Астанамызға 20 жыл толады. Осынау мерекемен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруда аудандарымыз зор үлес қосып келеді. Астана бәрімізге ортақ. Жайықты жағалай орна-ласқан, көп жылдық тарихы бар көне Орал шаһары да бас қаламызбен бірге көркейе берсін. «Ел іші – өнер кеніші» демекші, дарындылардың көбі ауылдан шығады. Ұсынысымызды қолдап, аудан өнерпаздарының Орал қаласында өнер көрсетуіне мүмкіндік тудырғаны үшін Ақжайық ауданының әкімі Әділ Жоламановқа үлкен алғысымызды білдіреміз. Дәстүрлі жоба барысында осы орталықта апта сайын мерекелік кеш ұйымдастырылады, – деді шараның ашылуында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев.

Ашық аспан астында өткен мерекелік кеш «Арайлы Астана» әнімен басталды. «Әдемі» триосы «Туған жер», «Ризамын» әндерін орындап, көрермен көзайымына айналды. «Саз» этнофольклорлық ансамблінің орындауында «Қос керуен», «Жекпе-жек» күйлері орындалды. Республикалық «Дала сазы» байқауының лауреаты үлгілі «Сымбат» бишілер тобы «Өрнек», «Ұйғыр» билерімен сахна көркін асырды. Сондай-ақ аталған би тобы Астана қаласындағы сәулетті ғимараттарды салу барысындағы жас құрылысшылардың қызметін би қимылдарымен көрсетті.

Биыл Ақжайық ауданы майдандағы ерлік істерін бейбіт еңбекпен ұштастырған Кеңес Одағының Батыры Михаил Абдоловтың 100 жылдығын тойлауда. Осыған орай әнші Н. Каракулов ерлігі ұрпаққа үлгі батыр атамыздың рухына арнап «Журавли» әнін орындады.

«Сударушки» вокалдық тобы «Утушка луговая» әнімен сахна көрігін қыздырды. Ал халықаралық би байқауының лауреаты «Айдарын» бишілер тобы орыс биін орындады. Әжелерден құралған «Жайдарман» халықтық ансамблі «Астана, Бәйтерек» әнін айтса, 2014 жылы өткен облыстық «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы Сәндібековтер отбасы «Астана» әнін әуелетті. Көрермен көңілінен шыққан кеш Ғ. Хибашевтың «Ақжайық өлкем» атты әнімен қорытындыланды.

– Астанаға сәлем ретінде өтіп жатқан мерекелік кеш өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Концерттен бұрын Ақжайық ауданының әкімі Әділ Жоламанов ауданда түрлі салада қызмет еткен еңбек ардагерлерімен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады.

Өз тарапымыздан аудан әкіміне ұсыныс-пікірлерімізді айтып, кейбір жасалатын жұмыстар жөнінде ой қозғадық. Астананың тойы елдің тойы екені осы шара барысында анық аңғарылды, – деді еңбек ардагері Ғиззат Құжатұлы.

Айым  ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал  өңірі»


Шуақты шаңырақтар

Күні: , 19 рет оқылды

Кеше Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында «Мерейлі отбасы – 2018» ұлттық байқауының облыстық кезеңінің жеңімпаздары анықталды. Салтанатты шараға арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов отбасылық құндылықтарды дәріптейтін байқаудың маңыздылығын атап өтті.

– Отбасы – шағын мемлекет. Кез келген қоғамның іргетасы отбасы екендігі белгілі. Сондықтан отбасылық құндылықтарды жастардың санасына сіңіру – мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі. Статистикалық мәліметтерге қарасақ, соңғы кездері ажырасу көбейіп барады. Қазақтың ұлттық дәстүрінде бұрын мұндай жағдайда үлкендер басу айтатын еді. Біз осы үрдісті жоғалтпауымыз керек. Ең бақытты бала – толық отбасында өскен бала. Елбасымыз «Рухани жаңғыру» бағдарламасында салт-дәстүрімізді жаңғырту қажеттігіне айрықша көңіл бөлген. Ал қазақ халқының отбасы діңгегі әр кез мықты болған. Сондықтан ел ішіндегі үлгілі, өнегелі отбасыларды өзгелерге үлгі етіп насихаттау – біздің басты міндеттеріміздің бірі, – деп сөзін сабақтаған  Ғабидолла Абдоллаұлы байқау жеңімпаздарына дипломдар мен сыйлықтар табыстады.

Облыстық байқаудың қорытындысы бойынша үшінші орын жәнібектік Бисенғалиевтер, екінші орын зеленовтық Имашевтар, бірінші орын қазталовтық Ерекешовтер  отбасына бұйырса, бас жүлдені оралдық Алмағамбетовтар отбасы иеленді. Жеңімпаз отбасы қыркүйек айында Астана қаласында өтетін байқаудың гранд-балына қатысады.

Шараны ұйымдастыруға ұйытқы болған «Ақ отау» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Алтынай Есқалиеваның айтуынша, байқаудың облыстық кезеңіне 26 отбасы  қатысты. Жеңімпаз, жүлделі орындарға қоса, әр отбасыға түрлі аталымдар мен бағалы сыйлықтар берілді.

– Жыл сайын байқауға қатысуға ниет білдірушілердің қатары көбейіп келетіндігі қуантады. Бұл жолы байқаудың бас жүлдесін жеңіп алған оралдық Алмағамбетовтер отбасы бір-біріне деген ерекше құрметімен, толеранттылығымен, еңбексүйгіштігімен, үш тіл білетіндігімен ерекшеленеді, – дейді ол.

Шарада түрлі аталымдармен марапатталғандардың қатарында «Еліне еңбегі сіңген» атағына ие болған қаратөбелік Қазиевтер отбасы, «Жас ұрпаққа үлгі етер отбасы» деп танылған зеленовтық Табылдиевтер отбасы, «Өнерлі отбасы» аталымымен марапатталған ақжайықтық Бейіловтер отбасы бар.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»


Он отбасының ортақ қуанышы

Күні: , 22 рет оқылды

Осыдан  бірер  күн  бұрын Бөкей  ордасы  ауданының орталығында  тұратын  он  отбасы  жаңа  баспаналы  болды.  Олар қоныс аударған  екі пәтерлі  бес  үй «Нұрлы  жер»  бағдарламасы  бойынша  бөлінген  107  миллион  теңгеге  салынды.

– Бұл үйлер  – Астана қаласының 20 жылдығына орай ауылдастарға тарту. Осы   су жаңа баспаналарға мемлекеттік қызметшілер мен әлеуметтік тұрғыдан  қолдауды қажетсінетін отбасылар, ата-ана қамқорлығынсыз  өскен жастар қоныстануда. Жақында ауданымызға келіп кеткен облыс әкімі Алтай Көлгінов баспананың көбеюіне қаржылай қолдау болатынын айтты. Биыл екі  пәтерлі 16 үйдің жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өтті. Одан кейін екі пәтерлі 26 үйді салу жоспарлануда. Ауданда бұдан басқа елді мекендерді абаттандыру, су және газ құбырын тарту мәселелері шешімін табуда, – деген аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов қуаныш құшағындағы тұрғындарға  жаңа үйлерінің  кілтін  табыс  етті.

Аудан орталығы Сайқын ауылындағы С. Сейфуллин көшесінің бойында құрылысы жүріп жатқан баспаналар тұсында жаңа футбол алаңы салынуда. Бұл нысан үшін «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы аясында 7 млн. 800 мың теңгеден астам қаражат бөлінген. Алаңға жасанды көгал төселіп, сым тормен қоршалады. Ал «Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде Нарын құмы ата-бабасына құтты қоныс болған, өзінің бал  дәурен балалық шағы Бөкей ордасы ауданында өткен, біраз жылдан бері Орал қаласында тұратын Қуаныш Бірманов ауылдастарына демеушілік жасауды ұйғарған екен. Ел-жұртқа танымал азамат Нұрлыбек Бірмановтың тұңғыш перзенті Қуаныш бауырымыз 1,5 млн. теңге жеке қаражатына балалардың ойын алаңын әр түрлі әткеншектерге қоса, турник, белтемір (брусья) сықылды спорттық керек-жарақпен жабдықтап  бермек.

– Ауылдық округті абаттандыру, шырша егіп, гүлзар жасақтау, көгалдандыру жұмысына бюджеттен биыл 1 миллион теңге бөлінді. Ауданның бас жоспарына сәйкес болашақта Сайқын ауылының жаңа баспаналар салынып жатқан бетінде сауда нысаны және көп қабатты үйлер бой көтермек, – деді Сайқын ауылының әкімі Мейрамбек Аққалиев.

Бөкей ордасы аудандық сәулет және құрылыс бөлімінің басшысы Қобылан Жанғалиевтің айтуынша, бүгінге дейін мемлекеттік бағдарламалар негізінде 23 пәтер пайдалануға берілген. Сондай-ақ жер кезегінде тұрғандар үшін биыл 34 учаскеге инженерлік-коммуникациялық  желілер  тартылмақ.

Нұртай   АЛТАЙҰЛЫ,

Бөкей  ордасы  ауданы

Айзада  ТІЛЕПОВА,

Бөкей  ордасы  аудандық  балалар  саз  мектебі   директорының  орынбасары:

– «Нұрлы жер» бағдарламасы ауқымында баспананың берілуі – біз үшін мереке. Жаңа қонысқа ие болғандардың шаңырағына шаттық, бақ-береке тілеймін. Осындай игі іске ұйытқы болған ат үстіндегі азаматтарға және қуанышымызды бөлісіп жатқан  ауылдастарға  алғыс  айтамын.

Берік  БИСЕНҒАЛИЕВ,

Сайқын  ауылының   тұрғыны:

– Осыдан он жыл бұрын ағам өмірден  озып,  сол  себепті  оның қызы Нұрбикені қамқорлығыма алып едім. Нұрбике – бүгінде М. Өтемісов атындағы университеттің 1-курс студенті. Ол мемлекеттік бағдарлама негізінде баспаналы болғанын естігенде, Оралда жүріп қатты қуанды. Бүгін үйдің  кілті менің қолыма тиді. Жазғы демалысқа шығып, ауылға келгенде енді  қарындасымды  жаңа қоныста қар сы аламыз.


Жемқорлыққа бейімі бар алтау қызметімен қоштасқан

Күні: , 59 рет оқылды

Жақында  «Нұр Отан»  партиясы  облыстық  филиалы  жанындағы  сыбайлас  жемқорлыққа  қарсы  іс-қимыл  жөніндегі  қоғамдық  кеңестің  мәжілісі  өтті.

Жиында облысымыздағы қаржы саласының құрылымдарында 2016-2017 жылдары және 2018 жылдың І тоқсанында жемқорлыққа қарсы әрекет ету жұмыстарының  жай-күйі  талқыланды.

БҚО бойынша мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Меңдіхан Лұқпановтың айтуынша,  2016 жылы – 21,  өткен жылы – 11, биылғы жылдың І тоқсанында үш қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Департаментте сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында қызметкерлерге  жылына бір рет сауалнама жүргізіліп, түсіндіру жұмыстары, семинар-кеңестер  өтіп  тұрады.

БҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Алмас Әбжаппаровтың мәлімдеуінше, өткен жылы төрт қызметкер ұсталған. Мекемеде сыбайлас жемқорлықты болдырмау мақсатында әр түрлі жұмыстар жүргізіп келеді. Алдағы уақытта бұл бағыттағы бағдарламалық жұмыстар жалғаса бермек.  Осындай алдын алу жұмыстарының нәтижесінде сыбайлас жемқорлыққа бейімі байқалған алты қызметкер өз еркімен жұмыстан шығып кеткен.

Жиында «Нұр Отан» партиясы БҚО филиалының жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы  іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің қатысушылары жемқорлыққа қарсы әрекет ету жұмыстары жүргізіліп жатқанымен, мемлекеттік қызметкерлер тарапынан құқықбұзушылықтың тыйылмай тұрғандығына алаңдаушылық танытты.

БҚО бойынша қазынашылық  департаментінің басшысы  Д. Қуанышев қазынашылық құрылымдарында сыбайлас жемқорлық және өзге де құқықбұзушылық бағытындағы жұмыстардың күшейтілгендігін атап өтті. Мемлекеттік құрылымдар  және мекемелер арасында  сыбайлас  жемқорлық  сипатында  құқықбұзушылық  анықталмаған үлгілі департамент өткен жылы  «Нұр Отан» ХДП  облыстық филиалы төрағасының орынбасары С. Сүлейменнің, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің   БҚО бойынша департаментінің басшысы Б. Исақовтың алғысхатымен марапатталғанын  айта  кеткен  жөн.

Гүлжамал   ЖОЛДЫҒАЛИ


ҰБТ-ны ұйымдастыруға 7 582,0 мың теңге бөлінген

Күні: , 109 рет оқылды

Бейсенбі күні өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізуге қатысты дайындық шаралары туралы айтылды. Брифингке облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ жанындағы ұлттық тестілеу филиалының басшысы Әлібек Есімов қатысты.

Облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырованың айтуынша, өңіріміз бойынша 5 192 түлек мектеп бітіріп, соның 3 748-і ҰБТ-ға қатысады деп жоспарлануда. 2016-2017 оқу жылында 11-сыныпты аяқтаған  4422 оқушының 3036-сы ҰБТ-ға қатысыпты. Түлектер 29 мамыр мен 9 маусым аралығында мектеп қабырғасында қорытынды аттестаттау емтихандарын тапсырды. Жоғары оқу орнына түсуге арналған емтихан – ҰБТ облыс бойынша Ақжайық, Бөрлі, Жаңақала, Жәнібек, Қазталов, Қаратөбе, Сырым аудандары орталығында және М. Өтемісов атындағы БҚМУ, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ университеттерінде орналасқан тоғыз тестілеу пунктінде өтеді.

ҰБТ  20 маусымда басталады. 20 маусымда Ақжайық, Бөрлі, Бөкей ордасы, Жәнібек, Казталов, Қаратөбе, Сырым, Тасқала, Шыңғырлау аудандарының оқу-шылары, 21 маусымда Жаңақала, 20-22 маусымда екі кезеңде Зеленов, Теректі аудандары және Орал қаласының оқушылары тапсырады. Тест тапсырмалары 120 сұрақтан тұрады. Максималды балл – 140, шекті балл – 50.

Талапкер ұлттық университеттерге – 65,  білім беру, ауыл шаруашылығы ғылымдары және ветеринария мамандықтарының топтары бойынша – 60, (бұл Ұлттық университетке), ал жалпы  медицина мамандығы бойынша  кемінде  65 балл  жинауы  керек.

Биылғы жылдың ҰБТ өткізу және ұйымдастыру барысындағы ерекшелігі – талапкерлерге мамандықтар тізбесі, бөлінген  гранттар, сонымен қатар өткен жылдағы конкурстың қорытындысы туралы ақпараттық қағаз және ҰБТ мен КТ-ға себепті жағдайлармен қатыса алмаған жағдайда келесі ауысыммен тапсыру мүмкіндігі беріледі. Сондай-ақ ерекше оқытуда қажеттілігі бар балалар жеке көмекші және  ымдау тілі маманымен қамтамасыз етіледі,  мектепте алған  оқыту тіліне  (қазақша, орысша, ағылшынша) қарамастан, оқушы қалауына сай тілде тестілеуді тапсыруға  мүмкіндік алады. Бірыңғай саII-орта-лығын  іске қосу (Қазақстан бойынша 88000807177 нөміріне қоңыраулар  тегін).

Облыстық әдістемелік кабинетінің ұйымдастыруымен ҰБТға дайындық барысында онлайн режімінде сабақтар өткізілді. Сонымен қатар облыстық, аудандық бұқаралық ақпарат құралдарында ҰБТ жөнінде мақалалар жарияланып, жергілікті телеарналарда тікелей эфирде сұхбат беру ұйымдастырылған.

Аудан, қала мектептері «Достық», «USTUDY» білім орталығы, Ұлттық тестілеу орталығы кітапшаларымен және онлайн байқау сынақтарын ұйымдастырып, өткізуде. Аудандық (қалалық) білім беру бөлімдері онлайн түрінде – 2553, қағаз түрінде 8873 рет  байқау  сынақтарын  өткізді.

Ұлттық тестілеу филиалының басшысы Әлібек Есімовтің мәлімдеуінше, облыстық білім басқармасы, қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің қызметкерлерімен бірге барлық ҰБТ пункттері және оқушылардың тұру, тамақтану, қону орындарын алдын ала тексеріп мониторинг жүргізеді. Барлық пункттерде тестілеудің өту барысында ҰБТ-ны өткізу технологиясы толық сақталады.

Тестілеуді айқын және объективті өткізу мақсатында қажетті құралдармен қосымша қамтамасыз ету үшін аудандық білім беру бөлімдері жұмыстар жүргізген. Ұялы байланыс сигналын тұншықтырғыш құралмен және онлайн трансляциялауды қамтамасыз ету үшін жабдықтауға бейнекамералар  сатып  алынған.

ҰБТ-ны ұйымдастыруға бар-лығы 7 582,0 мың теңге қаражат бөлініп, соның ішінде тамақтануға – 4 080,0 мың теңге, қонуға –  1 067,0 мың теңге, тасымалдауға 2 433,0 мың теңге бағытталып отыр. Брифинг соңында Шолпан Маратқызы журналистердің сұрақтарына  жауап  берді.

Гүлжамал   ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал   өңірі»


«Халықтық бақылау» жобасын тұрғындар белсенді пайдалануда»

Күні: , 43 рет оқылды

Бейсенбіде  «Қазақстан»  республикалық  телерадиокорпорациясы»  АҚ-ның  «Әкім  сағаты»  жобасы  аясында  Орал  қаласының  әкімі  Мұрат  Мұқаев «AQJAIYQ»  телеарнасында  тікелей  желіде  қаланың  әлеуметтік-экономикалық  дамуы  және  алдағы уақытта атқарылатын  жұмыстар  жайында  әңгімелеп,  шаһар тұрғындарының  сұрақтарына  жауап  берді.

Қала басшысы алдымен жақында облыс әкімі Алтай Көлгіновтің қатысуымен өткен тікелей желідегі хабар барысында Орал қаласына қатысты 209 сұрақ түскенін, соның барлығына әкімдіктің ресми сайтында жауап қайтарылғанын айтты. Одан әрі қаланың даму жағдайына тоқталды.

– Биылғы жылдың өткен мерзімінде қала бюджеті 42,6 млрд. теңгені құрады. Бұл өткен жылғы сәйкес мерзімдегі көрсеткіштен 59%-ға артық. Биыл қаланың даму бюджеті екі есеге ұлғайды, – деді  Мұрат Мұқаев.

Шаһар басшысының айтуынша, биыл қаладағы құрылыс жұмыстарына 13 млрд. теңге бөлінген. Бұл өткен жылғы қаржыдан екі есе көп. Оның 10,3 млрд.  теңгесі тұрғын үй құрылысына, 1 820,0 млн. теңге инженерлік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған. Биылғы жыл басынан бері Зашаған кентінен 380 пәтерлік екі үй пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін «Нұрлы жер» бағдарламасы мен мемлекеттік-жеке меншік серіктестігі аясында төрт тұрғын үйдің құрылысын аяқтау жоспарланған. Бұл Зашаған кентіндегі 210 пәтерлік екі тұрғын үй «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшыларына, екі үй әлеуметтік осал топтағы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға беріледі. Бұдан бөлек Зашаған кентінен тоғыз тұрғын үй құрылысы басталады, бесеуінің құрылысы қолға алынды.

Қаланың солтүстік-шығыс бөлігінде жеті тұрғын үй құрылысы басталады. Жалпы, 2300 пәтер болатын 15 үйдің құрылысы басталмақ. Биыл үш мыңның үстіндегі пәтер болатын 21 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіледі.

Оралда 43 апатты жағдайдағы және 200 ескі үй бар. Өткен жылы жеті, биыл екі апатты үй сүрілді.  Биыл үш жоба бойынша 2-километр, Гагарин көшесі 1, Құрманғазы көшесі, 198 мекенжайында 396 пәтерді құрайтын үш үй пайдалануға беріледі. Сонымен ағымдағы жылы 1288 пәтерлік тоғыз тұрғын үйде қоныстой болады.

– Облыс орталығының іргесінен «Ақжайық» жаңа шағынауданының құрылысы басталды. Онда 150 көп қабатты үй салынады. Қазіргі уақытта инженерлік желілер тартылуда. Жаңа ауданда 70 мыңға жуық адам тұратын болады, – деді қала әкімі.

Өткен жылы қаладағы 70 шақырым жол жөнделген. Соның ішінде Жәңгір хан, Гагарин, Әбілхайыр хан, Чагано-набережный секілді басты жолдары жөндеуден өтті. Биыл кварталішілік жолдар жөнделуде. Қаладағы 50 көшенің жолы жөнделеді, бұған 7,5 млрд. теңге бөлінген. Одан басқа 300 млн. теңге жолдарды ағымдағы жөндеуге бағытталған. Биыл жөндеу зауыты, ет комбинаты, 2-жұмысшы поселкесі ауданындағы жолдарды жөндеу қолға алынды. Ет комбинаты ауданындағы Алматы көшесінің жолы жөнделді, қазір Әбдіров, Январцев, Чапаев атындағы Затон, 2-жұмысшы поселкесіндегі Көкшетау, Гастелло, Чуйков, Штыб және қаланың ескі бөлігіндегі көшелерінің жолдары жөнделуде. Сарыарқа шағынауданына кірме жол, Балауса шағынауданы жолдарын жөндеу басталады. Қала әкімі Тайманов көшесіндегі және №44 мектеп қасындағы заңсыз салынған (38 гараж) гараждардың бұзылғанын, заңсыз құрылыстардың орындарынан алынуы қажеттігін қала тұрғындарына құлаққағыс етті.

Қалада қуат үнемдегіш жарық диодты шамдармен жарықтандыру жобалары басталды. 2017 жылы  әуежайдан ескі көпірге дейінгі аралықтағы көше шамдары ауыстырылды. Биыл Чаган-Набережный, Шолохов, Есенжанов көшелері жаңа шаммен жарықтандырылды. Өзге көшелерге  барлығы 80,5 мың дана жарық диодты «ақылды жарықтандыру» шамдары  қойылады.

Мұрат Рахметұлы аулаларды абаттандыру мәселесіне тоқталды. Қалада 386 аула болса, он жыл ішінде соның 297-сі абаттандырылды. Биыл 30 аула жайландырылады. Қазір 23 ауланы абаттандыруға жобалық құжаттама дайындалуда, келесі жылы 37 аулаға құжаттама әзірленеді. Екі жыл ішінде барлық аула күрделі жөндеуден өтіп болады. Қаланы көгалдандыру жұмыстары да қарқынды. Гүлзарлардың көлемі өткен жылғыға қарағанда 42%-ға артты.

Оралда «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Әбубәкір Кердері, Чурин, Мәметова көшелеріндегі 2,6 шақырымдық екі жылу магистралі (ТМ-2, ТМ-7) қайта құрылуда. Бұдан кейін ТМ-4, 8 магистральдары (Чкалов, Громова, Әбілхайыр хан көшелері) жөндеу басталады. Жылу магистральды тұрбаларын жөндеу барысында 240 үй ыстық судан айырылған.

«Осы нысандардағы жөндеуді аяқтау арқылы қаладағы негізгі жылу трассаларын жөндеуді аяқтаймыз. Қалалықтарды қыста жылумен, ыстық сумен үздіксіз қамтамасыз етудегі түйткілдер шешіледі», – деді қала әкімі.

Өткен жылдан бастап қалада коммерциялық жер телімдері  аукцион арқылы беріледі. Төрт аукционда 27 жер телімі жалдау құқығымен сатылды. Маусым айының аяғында 5-аукцион өтеді.  Оған 17 жер телімі шығарылады.  Ал жеке үй құрылысына жер телімін алуға кезекте 71 601 адам тұр. «Өткен жылдан бастап Круглоозерный кенттік округі аумағынан 1141 жер телімін бөлуге жобалық құжаттама жасалуда. Бүгінде инженерлік желілерді тартуға жоба жасақталуда. Желілер тартылған соң, жер телімдері кезек бойынша беріледі», – деді Мұрат Мұқаев.

Мұрат Рахметұлының баяндауынша, цифрландыру бағдарламасымен 15 жоба  қолайлы қала, мемқызметтерді цифрландыру, қауіпсіз қала, тұрғындармен кері байланыс сынды төрт бағытта жүзеге асырылуда. «Елімізде алғаш рет қанатқақты режимде кәсіпкерлерге жер телімін таңдау актісін беру үрдісі аутоматтандырылды.  Бұрын кәсіпкер құжатты үйлестіру үшін 2-3 ай уақытын жұмсап, 20 ұйым-мекемені аралайтын, қазір оған 5-10 күн кетеді», – деді Мұрат Мұқаев. Сонымен қатар жыл соңына дейін «Орал қаласының электрондық сәулеті интернет ресурсы» іске қосылмақ. Бұл жұмыстың нәтижесінде  әкімдік бөлімдері мен коммуналдық қызмет көрсетушілер  эскиздік жобалар мен сәулеттік-жоспарлау жұмыстарын үйлестіруде қағаздық құжаттардан арылады. Сонымен қатар тұрғындармен кері байланыс орнату бағытында қала әкімдігі белсенді жұмыстануда. Қазір төрт аккаунты (Instagram, telegram әлеуметтік желілерінде, Serbiso мобильдік қосымшасы и uralskcontrol.kz сайты) бар.

–  «Халықтық бақылау» жобасын тұрғындар белсенді пайдалануда. Фото, бейне материалдар жиі қолданылады. Қызметкерлер күніне 30-40 хабарлама алады.  Соған орай коммуналдық және жергілікті полиция, өзге де қызметтер коммуналдық, тазалық, құқықбұзушылық мәселелеріндегі түйткілдерге орай шаралар алады, – деді Мұрат Рахметұлы.

Қаладағы Ғұмар Қараш көшесіндегі 33-үйдің бір топ тұрғыны үйдің 1883 жылы салынғанын, оның қашан сүрілетінін, орнына жаңа үй қашан салынатынын қала әкімінен сұрап білді. «Мемлекеттік-жеке меншік серіктестік аясында «Альтаир» компаниясы бұл үйдің орнына жаңа үй салу үшін қаржылық есеп-қисабын шығаруда. Осы айда компания басшылығы өз жауабын береді. Келісім бар», – деді М. Мұқаев.

«Арба» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Гүлмира Батпақұлованың пікірінше, қаладағы ғимараттардың 40%-ы мүмкіндігі шектеулі жандардың кіріп-шығуына қолайсыз. «Бұл мәселе – бақылауымызда. 2015 жылдан бастап құрылыс жұмыстары барысында мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасау талаптары енгізілді. Алайда бизнес, банктер нысандарының көпшілігі осы талап үдесінен шықпайды. Олар ғимараттарын талапқа сай етуге асығар емес. Олар әкімшілік жауапкершілікке тартылуда. Қаладағы 275 ғимараттың жартысы ғана талапқа сай.  Коммерциялық ғимараттардың иелеріне ғимараттарды талапқа сай етулерін еске саламыз», – деді Мұрат Рахметұлы.

Аулаларды абаттандыруға қатысты сұраққа жауап берген әкім кәсіпкерлердің өз бастамаларымен «Туған жер», «Рухани жаңғыру» бағдарламалары аясында қаланы көркейтуге үлестерін қосып жатқандарын айтты. Мысалға, Еуразия көшесіндегі №36 мектептің қасынан кәсіпкер Валерий Голоухов құны 40 млн. теңгелік тынымбақ салып жатыр. Кәсіпкер Жасұлан Жақыпов Темір Масин көшесіндегі тынымбақты көркейтуге 40 млн. теңге жұмсамақ. Ет комбинаты ауданы аумағындағы тынымбақты облыстық денсаулық сақтау басқармасы жеке емханалармен бірге жайландырып, «Денсаулық» деп атау бермек.

Депо көшесінің тұрғыны бұл көшедегі 2-монша мен көлік жуу аялдамалары арасының алшақтығын, соған орай екі араға жаңа аялдама жасауды ұсынды. Сонымен қатар қоғамдық көліктердің барлығы Еуразия көшесімен жүретіндіктен, Депо көшесіне аутобус маршрутын шығаруды сұрады. «Депо көпірінің құрылысы аяқталған соң, бұл көшеге бір-екі маршрутты шығару жағын қарастырамыз»,  – деді М. Мұқаев.

Тұрғындардың салынып жатқан жол сапасына қатысты сауалдарына жауап берген қала әкімі жолшылардың жол сапасына кепілдік мерзімі бұрынғы үш жылдан жеті жылға дейін ұзартылғанын айтты. – Соңғы үш жылда соттың шешімімен 7-8 компания жосықсыз деп танылды. Олардың ішінде «Марасант», «Айна», «Нұржолинвест» бар. Жақында «СВ плюс» компаниясына нысандарды уақытында бітірмегені үшін шектеу қойылды. Тұрғындар жол салуға қатысты келеңсіздіктерді «Халықтық бақылау» арқылы хабарлай алады, – деді Мұрат Рахметұлы.

Алмагүл ҚАЛИЕВА,

Ескі  әуежай шағынауданындағы Самал көшесінің  тұрғыны:

– 2015 жылы көше жолы жөнделді, бірақ жарық жоқ. Балаларға спортпен айналысуға  алаң  салына  ма?

Мұрат  МҰҚАЕВ:

– Биыл мемлекеттік-жеке меншік серіктестік аясында жарық диодты шамдарды орталық, көлік ағыны көп көшелерге қоюды бастаймыз. Самал көшесін жарықтандыру жоспарда тұр. Қаладағы 500 ауланың барлығын бір мезетте ойын не спорт алаңдарымен қамти алмаймыз. Сондықтан кезең-кезеңмен  қамту жоспарда бар.

Қала  тұрғыны:

– «7-20-25» бағдарламасы бойынша 10 млн. теңгеге үй аламын десем, бастапқы жарнасын қоса алғанда үйдің құны 22 млн. теңгеге шығады. 25 жыл бойы айына 75 мың теңгеден қалай төлеймін?

Мұрат   МҰҚАЕВ:

– Менің есебімше пәтерді 6 млн. теңгеге алуға болады. Сөйтсеңіз, жаңағы есептегеніңіз екі есеге азаяды. Әуелі бір бөлмелі пәтер алуға болады ғой. Бағдарлама шағын кәсіпкерлікте, мемқызметте жасайтын жалақысы 70 мыңға дейінгі азаматтарға арналған.

5 млн. теңгеге несие алып, бастапқы жарнасы 1 млн. теңгені төлеп, қалған 4 млн. теңгені 7%-бен несиеге алса, өте тиімді.  Айына 30-35 мың теңгеге шығады. Ақшаны өз пәтеріне төлейді, артынан өз баспанасы болып қалады.

Қала тұрғындарынан қоғамдық көлікті жаңалау мәселесіне қатысты сұрақтар түсті. М. Мұқаевтың жауабына сүйенсек, қаладағы жеке аутобус парктерінің 60 пайызы тозған. Әкімдікпен арадағы келісім бойынша тасымалдаушылар «ГАЗель» көліктерін үлкен аутобустарға алмастыруы тиіс. Екі ай бұрын әкімдіктің тиісті бөлім басшылары тасымалдаушы компаниялардың басшыларымен бірге аутобус шығаратын кәсіпорындарды аралаған. Қазір тасымалдаушылар банктермен келісімшарт жасады. Енді күзге дейін жаңа 50 жәйлі аутобус сатып алынады. Жеделсаты шаруашылығына қатысты сұрақтар болды. – Тұрғын үй шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы аясында 2011 жылдан бері 96 үйдің жеделсатысы жаңартылған. Өткен жылы 7 жеделсаты жөнделді. Биыл 11-і жөнделеді. Бір жеделсатының ауыстыру қымбат, 9-10 млн. теңге тұрады. Жеделсатыны жаңартуға тұрғындардың 70%-ның келісімі керек. Жеделсаты мәселесін біртіндеп шешеміз, –  деді қала әкімі.

Қаладағы жаңа үйлердің қасбетін жамап-жасқау, түрлі бояумен бояу қала келбетіне нұқсан келтіруде. Бұл сұраққа қатысты қала әкімі былай деді: – Сәулет бөлімі арқылы үй иелеріне ескертпелер беріліп жатқанын, үйлердің қасбетін сақтап, ұстау ережелеріне өзгерістер енгізіліп жатыр. Сол кезде оларды жауапкершілікке тартатын  боламыз.

Сондай-ақ қалада аутобазар ұйымдастыру туралы тұрғын сұрағына: – Зеленов ауданындағы Асан ауылындағы аутобазар орналасқан аумақ асфальтталмаған, тазалығы көңілден шықпайды. Енді аудан әкімдігімен бірлесіп, оны қалыпқа келтіру жағын ойластырудамыз. «Ел ырысы» базары аумағында талапқа сай «Ақжол» көлік базары бар. Сол базар басшылығымен сөйлесіп, аутобазарды сонда көшіретін шығармыз, – деп жауап берді.

Гүлбаршын   ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал   өңірі»


Әмбебап өнерпаздар іріктелді

Күні: , 35 рет оқылды

Бейсенбі күні «Men qazaqpyn!» халықаралық телевизиялық мегажобасының облыстық кезеңі аяқталды.

– Биыл екінші рет қолға алынған «Men qazaqpyn!» жобасы аудан-ауылда танылмай жүрген жас таланттарды іріктеп, солардың өнерін насихаттауды мақсат еткен еді. Байқаудың өтуіне себепкер болған, оны жоғары деңгейде ұйымдастырған «Ақжайық» телеарнасы, халық шығармашылығы орталығы ұжымдарына алғысымызды білдіреміз, – деді байқауда  сөз алған облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бас-шысы Қадырболат Мұсағалиев.

Айта кетейік, өнерпаздың қатарында кәсіби әншілермен бірге өзге саланың мамандары да сахнаға шықты. Байқауға қатысқан өнерпаздың 14-і соңғы айналымға өтіп, өзара сынға түсті. Қазылар шешімімен дәстүрлі ән бойынша тасқалалық Бейбіт Қажығалиев, терме орындаудан оралдық Тілек Базаров, күйден оралдық Жасұлан Зинеденов үздік деп танылды. Бұл үш өнерпаз енді республикалық байқауда өнер көрсетеді. Қазылар алқасының төрағасы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші-термеші Қатимолла Бердіғалиев пен «Қазақстан» РТРК АҚ БҚО филиалының директоры Асыланбек Ғұбашев қатысушыларды дипломдармен марапаттап, бас жүлде алғандарға мегажобаның халықаралық кезеңіне жолдама табыс етті.

– Бұл байқау барысында қолына домбыра ұстап, халықтық өнерді насихаттаймын деген адамға барлық жағдай жасалды. Сондай-ақ таланттыларды тану, табу және халық алдына шығару да басты мақсат болды. Финалдық кезеңде  іріктеп алынған жанның барлығы да өздерінің алдындағы міндетті түсінді деп ойлаймын. Өйткені байқаудың шешуші кезеңі – халықаралық жарыста тек төкпе күйді емес, дәстүрлі Мұхит ән мектебін ғана емес, қазақтың ән-күйлерінің барлық озық үлгісін бойына сыйғыза білу керек. Сондықтан да бүгінгі байқауда әр мектептің шығармаларын орындай алатын әмбебап өнерлілер таңдап алынып отыр. Өнер тұйықталып қалмауы керек. Тек бір өңірге тән ән деп есептемеу керек. Біртұтас ұлт болғаннан кейін, барлық ән мектебін бойына сыйғызу керек, сіңіру керек. Сонда ғана өнер адамы жаңа деңгейге көтеріледі деп ойлаймын. «Рухани жаңғыру» бағдарламасында Елбасы айтқандай, ұлттық кодты ұлттық өнермен сақтап қала аламыз. Мына бәсекелестік заманда біздің  ұлттық салт-санамыз, өзіміздің дәстүріміз озық тұруы керек. Әрине, ғылым да, инновация да қажет. Бірақ рухани ішкі қажеттілік толық болмай, қарынның тойғаны кімге керек?! Сондықтан жарасымды ұлт болу үшін, бәсекеге қабілетті мықты халық болу үшін бізге, әрине, рухани жаңғыру қажет, – деді Асыланбек Зиннатұлы.

Ал бір-бірінен оза шапқан әнші-күйшілердің өнерін бағалау оңай болмағанын айтқан қазылар алқасының төрағасы Қатимолла Бердіғалиев байқауда олардың репертуарындағы ән мен күй қорына да мән берілді деді. Өйткені олар байқаудың шешуші кезеңінде өздеріне қандай ән бұйыратынын білмейді әрі әр мектептің әнін орындаулары қажет. Елорда төрінде өтетін халықаралық жарыста өнер көрсететін жігіттердің қасына өздерінің тәлімгерлері бірге барсын деген ұсыныс қарастырылуда. Екі айға жуық уақыт қалған халықаралық додада жерлестерімізге сәттілік тілейміз.

Ясипа  РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»


Велоорындар неге аз?

Күні: , 50 рет оқылды

Салауатты өмір салтын қалыптастыруда және экологиялық тазалық жағынан алдына қара салмайтын көліктің бірі – велосипед. Қазіргі таңда өңірімізде көпшілік велошеру шаралары жиі ұйымдастырылады. Мұндай шаралар денсаулыққа мән беріп, жұртшылықты жаппай спортпен шұғылдануға жетелейтіні сөзсіз. Саябақтар мен қала көшелерінде велосипедті ызғытып бара жатқандарды көргенде, кім-кімнің де делебесі қозатыны анық.

Артық салмақтан арылу үшін де велосипед тебудің көмегі зор. Тек физикалық ауыртпалықтар мен тамақтану режімін ағзаңыз көтере алатын болсын. Қос дөңгелекті велосипедте дайындалу, ең алдымен, шыдамдылықты, содан соң, күшті талап етеді. Велосипед тебу кезінде жүрек пен буын қызметін және қан айналу процесі жүйелі түрде жақсарады. Дене ширап, сергектік артып, иммунитет жоғарылайды. Дененің ерекше қимылы әсерінен жамбас, бел маңайында қан айналымы артады. Ал бұл дегеніңіз, әрине, көптеген дерттердің алдын алады. Бұл енді «темір тұлпарды» серік еткісі келетін жандарға арналған шағын ақпарат. Мақаладағы басты айтпағымыз, қала көшелеріне қойылған велосипед орындары. Ондай тұрақтарды Достық даңғылы бойынан, қалалық және облыстық әкімшілік маңынан, қала берді, кейбір мекемелердің алдынан көптеп кездестіреміз. Велосипедтер шаһарымыздағы кейбір жалпы білім беретін орта мектептер мен оқушылар сарайының ауласынан байқалады. Тіпті қос дөңгелекті көліктерді арнайы қоятын орындардың аздығынан велосипедтер мектептердің ауласына қаңтарылып қойылғанын көрдік. Осы орайда бұл істі қолға алған жауапты мекемелер велосипед орындарының қай жерге мол керек екенін бақылап, сол орындарға көбірек қоюды қолға алған жөн сияқты. Өркениетті дамыған елдерден тәжірибе алу, қашанда нәтиже берері анық. Осыдан сегіз жыл бұрын Лондонда 400-ге жуық велосипед орны ашылыпты. Оны «Борис велосипедтері» деп атайды екен. Күні-түні кез келген уақытта 6000 велосипед халыққа қызмет көрсетеді екен. Ондағы велосипедтердің де өзіндік ерекшеліктері бар. Барлығының белгісі бірдей, тежегіш құралдары күшейтілген, шағын жүк салғыш және жарықшаммен қамтамасыз етілген. Мұның өзі велосипед тепкен адамға қолайлы жағдай туғызады. Көше бойындағы велосипедтерді пайдалану карталық жүйемен жүргізіледі. Күні бойына серуендеуге жалға алу құны 50 фунтты құрайды. Егер ойлаған жеріңе барған кезде велосипед қоятын орындар бос болмаған жағдайда, келесі бос орындарды тапқанша 15 минут уақыты компьютерлік жүйеде тегін жүргізіледі. Мұның өзі экологиялық таза әрі күні бойы кеңседе отыратын адамдардың денсаулығына пайдасы зор. Бұл күнде Астана қаласында тұрып жатқан оралдық Сергей Болтановта қос дөңгелекті көлік жөніндегі ойын бізбен былайша бөлісті. «Велосипед тебу кезінде денеңіз шынығады. Оның үстіне, уақытты үнемдейсің. Жеңіл көлік өте алмайтын жерлерден өтіп, үйлердің арасымен көздеген жеріңізге тез жетесіз. Бізде (Астанада) қала көшелерінің кез келген аймағынан велосипедті алып, шаруаңа пайдалана аласың. Ол үшін арнайы төлем картасы бар. Велосипед жолағы жоқтығынан, әзірге жаяу жүргіншілер жолымен жүруге тура келеді. Біреулер баласын жетектеп немесе сөмке арқалап келе жатады. Сол кезде оларға кедергі жасауың әбден мүмкін. Қала көшелеріне арнайы велосипед жолағы салынса, нұр үстіне нұр болар еді», – дейді ол.

Ал біздің өңірде әзірге ондай мүмкіндік қаралмаған. Тек уақытша ғана (жарты сағаты – 500 тг) жалға алып велосипедпен серуендеуге болады. Қаламыздың күннен-күнге көркейіп келе жатқандығына қуанамыз. Дегенмен, велосипед тебу мәселесі дұрыс жолға қойылуы өмір талабы екені даусыз.

Темірболат  ӘНУАРҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Құс өсіру де – кәсіп

Күні: , 40 рет оқылды

Шыңғырлау ауданына сапары барысында Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов Ащысай ауылдық округіндегі «Ғай­ни» шаруа қожалығының да тыныс-тіршілігімен танысты. Бұл қо­жалықтың құс фермасында қа­зір 2500 қаз, 2000-дай үй­рек, 2000-дай брой­лер өсірілу­де. Қожа­­­лық басшысы Жасқайрат Айсиев бо­ла­шақ­­та құс санын 8 мыңға жет­кізуді жоспарлап отыр­ғанын ай­тады.

– Мың балапан сатып алуға 1 млн. теңге қаражат жұмсалды. Екі айдан астам уақыт бағып, саттық­қа шығарамын. Үйрек-қаздың ба­ла­панының бағасы 1000 теңге, үлкені 4-5 мың теңге. Жұмыртқа­ға да сұраныс бар. Таза суы, дәрумендермен байытылған жемі бол­­са, ветеринарлық талаптар қа­­таң сақталса, өсімі де жақсы болады. Құс өсіру аса көп шығын­ды қажет етпейді, – дейді кәсіп­кер.

Облыс әкімі кәсіпкердің жел және күн сәулесінен қуат алатын заманауи қондырғысын арнайы барып қарады. Қуаты 7 киловатт гибридтік қондырғы қыстақтағы үй-жай мен қораны электр жары­ғымен қуаттандырып отыр. «Тоңа­зытқыш пен теледидарды, күн­де­лікті тұрмысқа қажет электр құрылғының бәріне қуаты толық же­теді», – дейді Жасқайрат Ғайни­ұлы.

Шаруашылық басында облыс әкімі несібесін атакәсіптен тауып отырған бір топ жергілікті кәсіп­кермен кездесті. Аудан әкімі Аль­берт Есәлиев сөздің реті келген­де кәсіпкерлердің «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасының «Туған жер» кіші бағдарламасын жүзеге асыруға жұмыла үн қосып, ме­це­наттықпен айналысып, ауыл-ел­ге жанашырлық танытып жүр­ген­дігін  айта  кетті.

– Шыңғырлау ауданының етті ірі қараны өсіруге әлеуеті өте жо­ғары. Жері құнарлы, суы балдай, шөбі бітік. Шаруашылықта жыл­­қы өсіріп, бордақылаймыз. 550 орындық бордақылау алаңы, үл­кен мұздатқышпен жабдықтал­ған мал сою бекеті бар. Біз үшін Ресейдің нарығы қызық емес, өйткені еттің бағасы бірдей. Біздің облысқа көршілес Атырау, Ақтө­бе, Маңғыстау облыстарының нарығы өте тиімді әрі қолайлы. Қы­мыз, шұбат өндірісін қолға алу­ды да көздеп отырмыз, – дейді «Ақан» шаруа қожалығының басшысы  Болат  Жүгінісов.

– Ең шалғай Ақсуат ауылында мал шаруашылығымен айналы­самын. 30 шақты үй бар ауылы­мызға табиғи газ кірді, су құбыры тартылды. Енді ауылдан тас жолға дейінгі аралыққа қатқыл табан­ды жол салынса деген тілегіміз бар. «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы несие алып, ағайынның басын қо­сып, екі шаруа қожалығын құр­дық. Қазақтың ақ бас тұқымды ірі қарасын өсіреміз. Қазір 400 бас­қа жеткіздік. Аналық басқа бері­летін субсидияны алуға құжат тапсырып қойдық, – деген «Бауы­рым» шаруа қожалығының басшысы Әділбек Алмағанбетов жер­лесінің өз кәсібін дөңгелентіп отыр­ғанын көргеннен кейін құс өсіруге деген қызығушылық пай­да болғанын айтты. «Шыңғыр­лау­дың табиғаты бай, шөбі шүйгін, іргемізде бұлақ ағып жатыр. Құс өсіру көп шығынды қажет етпей­ді екен. Оның үстіне құс етіне сұ­раныс та мол екен», – дейді таңда­нысын  жасыра  алмаған  кәсіпкер.

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика