Мұрағат: 13.06.2018


Бруцеллезге 10 адам шалдықты

Күні: , 75 рет оқылды

Ақжайық ауданында бруцеллез кеселінің адамға жұғуы жөнінде күрделі жағдай қалыптасып отыр. Бұл туралы аудан әкімі Әділ Жоламановтың төрағалығымен өткен ветеринария саласы мамандарының жиналысында айтылды.

Ауданда биылғы жылдың бес айына түліктердің пастереллез, түйнеме, қарасан, қойдың шешегіне қарсы егу, туберкулез ауруына зерттеу жоспары ойдағыдай орындалды. Сондай-ақ аталған кезеңде бруцеллез ауруына ірі қараны диагностикалық зерттеу 103%-ға орындалды (жоспарды 44 909 орнына 46 335 бас зерттелді). 601 бас ірі қарадан кесел анықталды (былтыр осы уақытта 457 бас оң нәтиже берді). Тұтас аудан бойынша жоспар орындалғанымен, өкінішке қарай, Ақжол, Алғабас, Жаңабұлақ, Қарауылтөбе, Мерген ауылдық округтері бұл межеден шықпай отыр. Аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Мақтауғали Нұрәлиевтің айтуынша, өткен бес айда барлығы 64 570 қой-ешкі малы зерттелуге тиіс болса, 62 919 бас зерттеліп, жоспар 97%-ға орындалды. Мұнда да көрсеткіштері төмен ауылдық округтер аз емес. Ал жоспарлы диагностикалық зерттеуден 105 бас уақ жандық ауруға шалдыққаны анықталды.

Нақ осы бруцеллез дертімен күресте біраз шалағайлық көптен бері жалғасып келе жатқаны айтылды. Аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Қанатбаевтың хабарламасында бұл кесел 2016 жылы 15, өткен жылы 41, биыл 10 тұрғынға жұққаны баяндалды. Осы уақыт ішінде облыс бойынша 20 адам бруцеллезге шалдыққан. Жай-күйді осыдан байқауға болады, яғни аталмыш ауруды жұқтырған тұрғындардың тең жартысы Ақжайық ауданында болып шықты. Е. Қанатбаев ауру малды төлдету, жүн қырқу, малдан қан алу немесе егу кездерінде, сондай-ақ түлік өнімдерін тұтыну кезінде жабысқанын сөз етті.

– Ақжайық ауданындағы ветеринария саласында бірқатар түйінді мәселе туындап отыр. Төрт түлікті егу, қан алу жұмыстары, бұқырлау мен бірдейлендіруде кемшіліктер бар. Осындай жұмыстарды күн өткізбей ретке келтіру керек. Жоспарсыз, нәтижесіз жұмыс жасау ешкімге де пайда әкелмейді. Ол үшін мамандар ауызбіршілікте болып, түрлі түлік дертінің алдын алу, тұрғындардың денсаулығына нұқсан келмеу үшін барымызды салуымыз керек, – деді БҚО ветеринария басқармасының басшысы Серік Нұрмағамбетов жиында.

Алмалы ауылдық округі бойынша ветеринариялық пункттің меңгерушісі Орынша Сүлейменованың айтуынша, ветпункттерге берілген көліктердің бұзылуы жиілеп кеткен. Оны жөндеу үшін өз қалталарынан қаражат шығарады. Сонымен қатар жанармай да жетіспей жатады. ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті аудандық аумақтық инспекциясының басшысы Азамат Алхамбетов аудан орталығынан типті мал моласын салу туралы ұсынысын ортаға салды. Жиын барысында «Ветеринария туралы» заңның 35-бабы, 2-тармағы, 4-тармақшасына сай, бұқырлау жұмыстары мал иелерінің есебінен жүргізілуі тиіс екені мамандардың қаперіне салынды.

Бұқырлаудың сапасы қатаң қадағаланбақ. Әйтпесе, жағдай ушығатын болады. Қабыршақты ауылдық округінде бір шаруа қожалығында – 51, Жамбыл ауылдық округінде – 24, Есенсай ауылдық округінде – 31, Көнеккеткен ауылдық округінде 23 бас бруцеллез ауруы тіркеліп отыр. Мал иелері арасында америкалық «РБ-51» вакцинасымен ірі қара малын егу жөнінде түсінік жұмыстарын тереңдету қажет. Бұл кеселдің таралу деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді. Аталған вакцина республикамыздағы ветеринария саласындағы уәкілетті құрылымда тіркелген, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одаққа тіркелген вакциналармен жануарларды бруцеллезге қарсы иммунизациялауға жол беріледі. «РБ-51» вакцинасының артықшылығы – еккеннен кейін қан алуға болатындығы, РСК және ИФА реакцияларын көрсетпейтіндігі. Онымен бұзауды төрт айдан бастап, сонымен қатар барлық ұрғашы малды, соның ішінде буаздылығына төрт ай болғандарды да егуге болады.

Аудан көлемінде 31 бейімделген мал моласы бар. Өкінішке қарай, көпшілігінің тозығы жеткен және қазіргі таңдағы қолданыстағы ветеринариялық-санитариялық қағида талаптарына сай келмейді. Қаражат тапшылығына байланысты жаңа мола құрылыстары салынбай отыр. Санитариялық союды өз деңгейінде ұйымдастыруды да қаперден шығаруға болмайтыны жиналыста баса айтылып, жуыр арадағы ауқымды істер айқындалды.

Бекем  БЕКҰЛЫ,

Ақжайық  ауданы


Шегірткемен шайқас басталмақ

Күні: , 45 рет оқылды

Сырым ауданындағы Бұлдырты ауылдық округіне қарасты Қарақұдық елді мекені маңындағы 2000 гектар аумақтан итальяндық прус шегірткесі анықталды. Жуырда жағдайды зерделеу үшін БҚО аумақтық инспекциясының басшысы Лавр Хайретдинов, Сырым ауданы әкімінің орынбасары Ерболат Ахметов және осы салаға жауапты мамандар шегіртке анықталған аймақта болды.

Сырым аудандық аумақтық инспекциясының бас маманы, өсімдіктерді қорғау жөніндегі мемлекеттік инспектор Темірлан Ғаббасовтың айтуынша, анықталған шегірткелердің жас шамасы 1-2 жасты құрайды. Шегірткелік деңгейге жету үшін олар 4-5 жас шамасында болуы керек.

«Енді улау жұмыстары қашан жүргізіледі?» деген сұрағымызға мемлекеттік инспектор былай деп жауап берді:

– Анықталған шегірткенің жасы қазір 1-2 жас шамасында. Улау жұмыстары 2-3 жас болған кезде жүргізіледі.

Улау жұмыстарын жүргізудің белгіленген талаптары бар. Мысалы, желдің бағыты секундына 2-3 м/с аспауы керек. Соңғы аптадағы желдің жағдайы белгілі. Сондықтан қолайлы уақытты күтуге мәжбүрміз. Күннің ыстығы 25 градустан асса, жұмыс тағы жүргізілмейді. Улау таңғы салқынмен және кеші уақыттарда жүзеге асырылады. Негізінен, инспекция жұмысқа кірісуге дайын. Улауға қажетті химикаттар Сырым аудандық ауыл шаруашылығы бөлім иелігіне тиесілі уақытша сақтау қоймасында сақтаулы тұр. Тиісті техникалар келді.

Бүгінгі күні Бұлдырты ауылдық округінен бөлек, Сарыой ауылдық округіндегі 1000 гектар аймақта шегіртке анықталып отыр. Аумақтық инспекция Бұлдырты ауылдық округі бойынша 3,6 мың гектар, Жетікөл ауылдық округі бойынша 3,0 мың гектар, ал Сарыой ауылдық округі бойынша 3,4 мың гектар аймаққа химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. Аталған округтердегі ауыл тұрғындары мен шаруашылық құрылымдарына өңдеу жұ-мыстары кезінде сақтық шараларын қолдану, өңдеу жасалған жайылымдық жерлерге 30-35 күндей мал жаймау жөнінде алдын  ала хабарландырылды.

Шегірткетұқымдас зиянкестермен күрес шараларын үйлестіру мәселелері осыған дейін Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиевтің төрағалығымен өткен шұғыл әрекет штабының отырысында қаралған болатын. Штаб мүшелері туындаған жағдай ушықпайды, тиісті жұмыстар нәтижесін береді деп сендіріп отыр.

Бауыржан  ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы


«Ғұмардың жазып кеткен хаты өлмейді»

Күні: , 175 рет оқылды

Ақын, ағартушы, Алаш  қайраткері  Ғұмар  Қараштың  шығармалары мен  өмір  жолы  туралы  деректерді  қамтыған  үш  томдық жинақтың  тұсауы  кесілді.

Жинақтың таныстырылымына ардагер журналистер, ғалымдар, өзге де зиялы қауым өкілдері қатысты.

– Ғұмар Қараш үш томдығының жарық көруі үшін ұзақ жұмыстандық. «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің 95 жылдығына орай газеттердің алғашқы сандарын түгендеу барысында аталмыш басылымдардың бастауында көптеген тарихи тұлғалардың тұрғанына көзіміз жетті. Сондай тұлғалардың бірі Ғұмар Қараш еді. Оның қазақ жерінде газеттердің алғаш рет және жүйелі түрде жарық көріп тұруына тікелей еңбек сіңіруі біздің осы тұлғаға деген қызығушылығымызды одан сайын арттыра түсті. Сөйтіп газеттерімізбен бірге Ғұмар шығармаларын түгендеуді де қолға алдық. Осы орайда Ғұмар Қараштың Мәскеуде тұратын немересі Надежда Қарашева бізге атасының көптеген мұрасын табыс етті және олардың көпшілігі бұрын жарияланбаған тың дүниелер болып шықты. Еңбектің жинақталу барысында жобамызды Алматыдағы зиялылардың ортасында таныстырғанымызда, ғалым Светлана Смағұлова өзінің қолындағы «Айқап» газетінің аудармаларын тұтастай беріп жіберді. Сондай-ақ Ғұмар Қарашқа шәкірт болған Ақмәди Есқалиевтің ұрпақтары аталарынан мұра болып сақталған қолжазбаларды әкеліп берді. Бірнеше адаммен сұхбаттастық. Осылайша үш томдықтың толықтырылуына көптеген адам еңбек сіңірді, – деді аталмыш еңбектің жарық көруіне жетекшілік жасаған «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры  Жантас  Сафуллин.

Жинақты құрастырушылар оның іші-сыртының бірдей мағыналы болып шығуына мән берген. Кітап мұқабасына өрнек ретінде араб қарпінде «Ғұмар Қараш» деген жазулар, сондай-ақ «Қазақстан» газетінде қолданылған терең мазмұнды оюлар салынған. Бір шетіне аталмыш жинақты электронды нұсқада оқуға және Ғұмар өлеңдерін аудионұсқада тыңдауға мүмкіндік беретін gumar.kz сайтының QR-коды орналастырылса, мұқабаның келесі бетіне әдебиетші-ғалым Есмағамбет Ысмайыловтың «Ғұмар Қараш – Абайдан кейінгі дәуірдегі XX ғасыр басындағы қазақ әдебиетінде іргелі орын алатын ірі классик ақын…» деген пікірі жазылған.

Жинақтың бірінші томында ағартушы ақынның поэзиялық шығармалары, екінші томында ой-толғамдар мен мақалалары, ал үшінші кітабында Ғұмардың көзін көрген замандастарының естеліктері, сондай-ақ зерттеу еңбектер  топтастырылған.

Қазбек  ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

журналист, баспасөз  тарихын  зерттеуші:

– Бүгінгі үш томдықтың тұсаукесері тұтас халқымыз үшін қуанышты оқиға деп ойлаймын. Бұл – алты жылға созылған жұмыстың нәтижесі. Осы бір ұжымдық еңбегіміздің нәтижелі болып, бүгінгі күнге жеткеніне қуаныштымын. Бұл кітаптың негізгі жүгі Ғұмар Қараштың немересі Надия апайдың өзі тапсырған 17 бумадан тұратын материалдары. Біздің мақсатымыз Ғұмар Қараштың осы кезге дейін жан-жақта шашылып жүрген барлық мұрасын барынша бір жерге жинақтап, зерттеушілерге, ғалымдарға ұсыну болды. Жалпы, Ғұмартануда ашылмаған бет әлі көп. Оның мысалын осы кітап шығып кеткеннен кейін де көріп жатырмыз. Мен жақында ғана Уфа архивінен келдім. Онда Орынбор мұсылмандар діни басқармасының 1860 жылдан бері қарайғы құжаттары жинақталған. Бөкей ордасындағы мешіт-медреселердің метрикалық кітаптарын қараған кезде Ғұмар Қараштың өз қолымен толтырған метрикалық кітаптары қолымызға түсті. Ол жерде 1903 жылдан бастап Тарғын қисымының бірінші ауылында имам, хатиб, мударис қызметін атқарғандығы, өз қолымен жазылған шағын өмірбаяны сақталған екен. Бұл мәліметтер әзірге ғылыми айналымға еніп үлгермеген. Ғұмар Қараштың туған жылы жайында әр түрлі пікірлер болды. Ғалымдар соңында 1875 жылы туған деген ұйғарымға келген еді. Ал біз Уфадан көрген құжатта өз қолымен 1874 жылы дүниеге келгенін жазған екен. Және Ғұмардың діни бастауыш білімді ауыл молдасынан, одан кейін Жалпақталдағы Ғұбайдолла Ғалікеев қазіреттен алғандығы айтылатын. Бірақ жоғары діни білімді қайдан алғандығы  белгісіз еді. Біреулер Қазанда оқыды десе, енді біреулері Стамбулда оқыған болуы мүмкін деді. Алайда нақты құжат жоқ еді. Енді Ғұмардың Уфада, Қазанда оқығандығы жөнінде, қандай қазіреттерден білім алғандығы жөнінде  өз қолымен жазылған құжат табылды. Мұның бәрі Ғұмардың тұлғасын анықтауда, оның еңбектерін зерттеуде әлі де көп тер төгу керек екенін көрсетіп тұр. Ғұмар Қараш аз ғұмыр кешсе де, өте белсенді қызмет еткен, көп жазған. Төңкеріске дейін-ақ он шақты кітап шығарған жан-жақты адам. Сондықтан ол кісінің өмір жолын, еңбегін, қазаққа қылған қызметін санаулы адамдар ғана емес, университеттер, ғалымдар зерттеуі керек деп ойлаймыз. Үлкен жұмыстар алда тұр. Бүгінгі жұмыстардың барлығы Жантас Набиоллаұлының ұйымдастыруымен, өте бір еңбек сіңіруімен жүзеге асқанын айта кету керек. Шынына келгенде, біздің «Жайық Пресс» тек қана газет шығарумен айналысады ғой. Бізге ғылыми жұмыстармен айналысуға арнайы қаржы бөлініп, ешқандай қолдау жасалмаса да, жекелеген азаматтардың бастамасымен, еңбегімен осындай нәтижелі істер шығып жатыр. Ғұмардың жазып кеткен хаты өлмейді. Оның көптеген пікірлері күні бүгін жазылғандай,  әлі  күнге  дейін өзекті.

 

Дариға  МҰШТАНОВА,

ақын,  ардагер  ұстаз:

– Жоғалған қазынамызды қолымызға соқырға таяқ ұстатқандай етіп жинап бергендеріңізге қатты қуанған қазақтың бірімін. Бұл руханиятқа қосылған үлкен үлес. Кітапты парақтап келіп қалғанда, тарам-тарам қазынаның бір жерге жинақталғанын бірден байқайсың. Құндылығы да осында. Өзім ұстаз болғандықтан, Ғұмар Қараштың «Дұрыс бер, дәріс берсең, теріс берме» деген сөзі көзіме оттай басылды. Ғұмардың бұл сөзі әр мектепте, тіпті министрлікте жазылып тұруы тиіс деп есептеймін. Ғұмар Қараш аумалы-төкпелі заманда басын қатерге тіге жүріп, қоғамдағы кемшіліктерді ашық айтқан, сөйтіп жүріп өзіне жау тапқан. Әйтсе де, мұқалмаған. Келеңсіздіктерді түзету жолында батыл түрде әрекет қылған қайраткер тұлға. Еңбекті оқып отырғанда бүгінгі білім саласына енгізетін тың тақырыптардың өте көп екені ұстаз көзіне айқын аңғарылады. Сөз қолдану мәнері, жоғалған сөздер, ауыз әдебиеті, дәстүрлер – бәрі қылаң беріп өтеді. Жекелеген ғылыми жобаларға сұранып тұрған тұстары аса мол. Өзі қастандықпен өлтірілген соң, мұрасының өзі бұғауда болған асыл тұлғаның еңбектерін жинақтап, қолымызға ұстатқан құрастырушыларға айтар алғысымыз шексіз. Барша қазаққа құтты болсын! Әрі қарай алып кету сіз бен бізге міндет!

 

Нұрлан  СӘДІР,  блогер:

– Ғұмар Қараш атамыздың шығармашылығымен осы ұлы ойшыл, қоғам қайраткерінің туғанына 125 жыл толу құрметіне ұйымдастырылған ақындар мүшәйрасына қатысқан кезімнен бастап таныса бастадым. Тұп-тура бүгінгі менің жасымда дүниеден өтіп кеткен Ғұмар Қараштың жанжақтылығы адамды еріксіз таңдай қақтырады. Қоғамға прогрессив дін өкілі керек болған кезде – молда болды, ақпарат құралына мұқтаж болғанда – газет шығарды, ел тағдыры қыл үстінде тұрғанда – саясаткерге айналды, бір сөзбен айтқанда, оны елге қызмет етудің ғажап үлгісі ретінде ұсынуға болады. Қазір БҚО ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен, алты киелі орынның қатарында Ғұмар Қараштың өмірін, шығырмашылығын насихаттау жұмыстары қолға алынып жатыр. Мектеп оқушылары үшін Ғұмар Қарашқа арналған өлеңдер топтамасын әзірлеу, театрландырылған көрініс сценарийін жазу, шығарма тақырыбын және мазмұндама мен диктант мәтіндерін әзірлеу кіретін бұл жұмыстарға белгілі бір дәрежеде мұрындық болғанымды мақтан тұтамын. Өз басым Ғұмар Қараштай ғұламаға арналған театрландырылған көрініс сценарийіне атсалысуға әзірмін.

Бақтылы  БОРАНБАЕВА, тарихшы:

– Бұл еңбек – қазақ ұлтының тарихына қосылған жаңа үлес, ақтаңдақтардың анықталғаны. Жалпы сананы серпілту, ұлттық рухты ояту заманымен тұспа-тұс шығып отыр. Бұл – қазақтың құлдық санадан арылуына қажет дүние. Рухани жаңғыру дегеннің өзі – тарихи мұраларды жаңғырту. Сол арқылы жаңа мәдениетке көтерілу. Дүние жүзіндегі рухани жаңғырулардың бәрі осылай дамыған. Ендеше, шағын ғана ұжымның атқарған осынау еңбегі баға жетпес  құндылық  дер  едім.

Жәнібек  ИСМУРЗИН, тарихшы:

– Бүгін Батыс Қазақстан өлкесінің мәдени-рухани өміріне байланысты үлкен іс-шара өтіп отыр.

Мұны тарихымызды кейінгі ұрпаққа жеткізу үшін жасалып отырған игі іс деп білеміз. Ғұмар Қараш – тектілердің тұяғы. Тарихшы ретінде XVIII-ХIХ ғасыр маманы болғандықтан, Ғұмардың аталары, Бөкейлікте өмір сүрген Оразақай, Нияз би деген тарихи тұлғалар туралы архивтік құжаттармен жақсы таныспын. Ғұмар Қараш өзінің мақалаларында Оразақай деген бүркеншік атты қолданады. Бөкей ханның тұсында болған Нияз би кейбір билер сияқты сол дәуірдегі көлеңкелі жақтары қалған адам емес. Атақты тұлға болған. Бөкейдің хан кеңесіне ұсынған тұлғаларының бірі. Ғұмар – азаттық қозғалыстың ХХ ғасыр басындағы жаңа толқынының белді мүшесі. Жалпы, осы топырақта өмір сүріп, тұлғалық деңгейге жеткен қайраткерлердің өмірлері қым-қуыт қайшылықтарға және өзара ұқсастықтарға толы. XVIII ғасырдағы азаттық қозғалыстың басшысы – Сырым Датұлы. Сырымның сүйегі Хиуада қалған дейді, бірақ нақты анықталмай отыр. Сондай-ақ XIX ғасырдың 30-жылдарындағы атақты Исатай Тайманұлының жерленген жері әлі табылған жоқ. Қастандықпен шауып өлтірілген Ғұмар Қараштың да мүрдесінің қайда қалғаны белгісіз. Ғұмар Қарашты зерттеуге алғаш түрен салғандардың бірі, еңбектері жарыққа шықпай кеткен Мұстафа Ысмағұлов еді. Тәуелсіздік жылдары ішінде Ғұмар Қараш тақырыбына қалам тербеген әдебиетші, тарихшылардың Ысмағұловтың жазбасына соқпай кеткендері жоқ. Олардың еңбектеріндегі кейбір деректердің Мұстафа Ысмағұлов жазбаларынан алынғанын кәсіби зерттеуші анық көре алады. Бүгінгі жарыққа шығып отырған жинаққа Ысмағұлов еңбектерінің енуі – тарихқа қосылған үлкен үлес. Ғұмар Қараш ұлтының дамуына ықпал еткен энциклопедист ғалым, яғни жан-жақты тұлға. Ұлтқа қызмет еткен Әлихан Бөкейхановтың, Міржақып Дулатовтың, қазақтың маңдайына біткен тағы басқа таланттардың шығармалары жан-жақты жинақталып, жарық көрді. «Неге біздің өңірімізден сондай еңбек шықпайды екен?» деп ойлайтынбыз. Бүгінгідей жинақтың жарыққа шығуы тек біздің облыс көлемінде емес, мемлекет көлеміндегі өте қуанышты жағдай. Жалпы, ғылымның өзі шексіз. Ғұмар еңбектері үш томдық жинақпен таусылып қалды деп айта алмаймыз. Керісінше бұл жинақтар кейінгі ізденістерге, Ғұмарға қатысты шет мемлекетте шашылып жатқан архивтік мұралардың түгенделуіне жол ашады деп есептейміз. Өз басым өткен жылы жазылған Елбасы мақаласынан бері осы уақытқа дейін «Рухани жаңғыру» аясында өңірімізде атқарылған істердің ең құндысы – осы үш томдықтың жарыққа шығуы деп айтар едім. Менің жеке көзқарасым бойынша, бұл таныстырылым «Жайық Пресс» деңгейінде ғана емес, үлкен масштабта жасалуы тиіс. Жинақтың саны көбейтіліп, кітапханаларға, мектептерге таратылуы керек. Өйткені Ғұмар тек қана дінтанушы немесе философ емес, оның еңбектері телегей теңіз.

Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


«Ақжайықтың» құрылысы басталуда

Күні: , 84 рет оқылды

Келер  жылы  облыс  орталығында  жер  көлемі  425  гектарды құрайтын  «Ақжайық»  жаңа  шағынауданының  құрылысы  басталады.  Аталған  ауданда  150  көпқабатты  тұрғын  үй  бой  көтеріп, 9600  оқушыға  арналған  сегіз  жалпы  білім  беретін  мектеп  пен тоғыз  балабақша,  сонымен  қатар  денсаулық  сақтау  нысандары мен  78  балалар  ойын  алаңы  да  салынатын  болады.

Қазіргі таңда Орал – Саратов күрежолы бойында пайда болатын  болашақ шағынауданға инфрақұрылым желілерін тарту жұмыстары қызу қолға алынды. Инженерлік желілердің жалпы ұзындығы – 124,8 шақырым. Ал оған жұмсалатын қаржының жалпы сомасы – 3,92 млрд. теңгені құрайды.

Кеше облыс әкімі Алтай Көлгінов құрылыс алаңында болып, мердігерлермен кездесті. Су, электр желісі, табиғи газ сияқты инженерлік желілерді жеткізуші құрылыс компанияларының басшыларымен жеке-жеке тілдесіп, мән-жайға толық қаныққан облыс әкімі жоспарланған жұмыстардың уақтылы және сапалы орындалуын тапсырды.

– Құрылыс жұмыстарын жауыншашын маусымы басталғанға дейін аяқтау қажет. Жаңбыр мен еріген қар суы ағатын арықтардың салынуын басты назарда ұстаған жөн. Электр желілері толықтай жердің астымен жүргізіледі. Бұл жерде заманауи стандарттар мен талаптарға жауап беретін шағынаудан пайда болады. Электр желілерін тарту кезінде цифрландыру аясындағы жұмыстарды да бірден қолға алу керек, – деді Алтай Сейдірұлы.

Жалпы ұзындығы 25,6 шақырымды құрайтын сумен қамту желісінің (жалпы сомасы – 370,025 млн. теңге) құрылысына жауапты бас мердігер «ПМК-117» ЖШС-ның директоры Ольга Попованың айтуынша, жұмыс кестеге сай ырғақты жүргізілуде.

– 20-дан астам адам мамыр айынан бері жұмыс істеп жатыр. Жердің үстіңгі қабаты аршылып, арықтар қазылуда. Бүгінге дейін  4,5 шақырым полиэтилен құбырлар орнатылды. Нысанды бекітілген жоспарға сай қараша айында тапсыруымыз керек. Алайда, жұмысты мерзімінен бұрын қазан айында аяқтауды жоспарлап отырмыз. Жаңа шағынаудан қала-ның орталық сумен қамту желісіне қосылатын болады, – дейді ол.

Жалпы ұзындығы 10,9 шақырымды қамтитын газ құбырының (жалпы сомасы – 329,225 млн. теңге)  құрылысына кірісіп кеткен «Лайгэ» ЖШС өкілінің айтуынша, «Ақжайық» шағынауданындағы әлеуметтік нысандар мен көпқабатты тұрғын үйлердің дербес, автономды жылу жүйесі болады.

Шағын аудандағы әр квартал, шамамен 10-12 көпқабатты тұрғын үйге жылу қазандығы орнатылмақ. Қазір 26 қосалқы стансаның құрылысы жүруде. 10 киловатт желінің ұзындығы 33 шақырым, кабельдің ұзындығы 57 шақырым. Жер асты кабельді желі тартылған соң, келесі кезекте көше жарығының тіректері орнатыла бастайды.

Газбен қамту жұмыстары тамыз айының соңы мен қыркүйек айының басында, электр желілерін тарту қыркүйек айында, ал су құбырларының құрылысы қазан айында аяқталмақ. Келер жылы алдымен көпқабатты тұрғын үйлердің, одан кейін әлеуметтік нысандардың құрылысы басталады.

Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаевтың айтуынша, жаңа шағынаудан мен қала аралығын байланыстыратын жаңа көпір де салынады.

– Шаған өзенінің арғы бетінен Сдықов және Мәметова көшелеріне дейін жалғайтын көпір құрылысының жобалық жұмыстарын келер жылы аяқтап, 2020-2021 жылдары жаңа көпірдің құрылысы жүргізіледі, – дейді шаһар басшысы.

Облыс әкімі Алтай Көлгінов, сондай-ақ Орал қаласындағы Құрманғазы көшесіндегі 196 мекенжайында орналасқан апатты үйдің тұрғындарымен де кездесті. 1937 жылы пайдалануға берілген жалпы ауданы 491 шаршы метрді құрайтын қос қабатты ескі үй сүріліп, орнына су жаңа тоғыз қабатты тұрғын үй салынбақ. Апатты үйді бір ғасырға жуық мекендеп келген сегіз отбасы уақытша пәтерлерге орналастырылған. Жаңа баспана құрылысын «Қазхол» ЖШС қолға алған.

– Өзі де құлағалы тұрған үйіміз бүгін сүрілді. Салынғанына 81 жыл болған ескі үй еді. Сегіз отбасы тұрып келдік. Іргемізден бой көтерген тоғыз қабатты үйден жанға жайлы жаңа пәтер алатын болдық. Қуанышымызда шек жоқ, біздің жағдайымызды түсініп, баспанамен қамтамасыз етіп жатқан облыс, қала басшылығына алғысымыз шексіз, – дейді апатты үйдің байырғы тұрғыны Александр Кошт.

– Мемлекеттік-жеке меншік серіктестік аясында былтыр тамыз айында 64 пәтерлік жаңа тұрғын үйдің құрылысы басталды. Қазір елуге тарта құрылысшы еңбек етуде, жұмыстың 70 пайызы аяқталды. Күзге дейін құрылыс толық аяқталып, апатты үйдің тұрғындары көшіріледі. Қалған пәтерлерді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшылары алады. Ал төменгі қабаттағы пәтерлер бұрын апатты үйде орналасқан сауда нысандарының иелеріне беріледі. Жалпы, осы маңнан 74 пәтерлік тоғыз қабатты үй мен 200 пәтерлік 11 қабатты тұрғын үй салынады, – дейді құрылыс  басшысы  Заман  Қуанов.

Жыл басынан бері қала бойынша екі тұрғын үй қолданысқа берілді. Сонымен қатар жыл соңына дейін «Нұрлы жер» бағдарламасы мен мемлекеттік-жеке меншік серіктестігі аясында жеті тұрғын үйді аяқтау жоспарланып отыр.

Олар:  «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшылары үшін (облигациялық қарыз есебінен) 14 041 шарты метрді құрайтын 210 пәтерлі екі тұрғын үй (№1 дақ,  №43 дақ); Халықтың әлеуметтік мұқтаж топтары үшін 20 079 шарты метрді құрайтын 396 пәтерлі екі тұрғын үй (№39 дақ, №41 дақ); Мемлекеттік-жеке меншік серіктестік аясында – 336 пәтерлі үш тұрғын үй (Гагарин көшесі №1, 2-шақырым көшесі №20, 21, 22, Құрманғазы көшесі №198.) Сондай-ақ осы жылы аталған мемлекеттік бағдарлама төңірегінде Зашаған кентінен тоғыз тұрғын үй – (1350 пәтер, жалпы ауданы 79 696 м2)  және жеті тұрғын үй  – (996 пәтер, жалпы ауданы 57 338 м2) қаланың солтүстік-шығыс бөлігінде  орналасатын  болады.

Мемлекеттік-жеке меншік серіктестік бойынша  апатты деп танылған 17 тұрғын үй сүріліп, орнына  жаңа  үйлер  салынбақ.

Динара   ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал   өңірі»


Ән өнерінің майталманы

Күні: , 52 рет оқылды

Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығында Бүкілодақтық телевизиялық әншілер байқауының лауреаты, Мұхит Мерәліұлы атындағы республикалық әншілер байқауының бас жүлде иегері, дәстүрлі әнші, термеші Аманкелді

Ғұбайдуллинді еске алуға арналған «Сал-серілердің сарқыты» атты кеш өтті.

Кешке жиылған көпшілік алдымен Амангелді Ғұбайдуллиннің өмірі мен шығармашылығы туралы жарық көрген мақала-материалдар, сондай-ақ көзі тірісінде тұтынған заттары қойылған көрмені тамашалады. Өнер иесі туралы бейне-слайд көрсетілді.

Шараға арнайы қатысқан облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бас шысы Қадырболат Мұсағалиев өнерсүйер қауымға құтты болсын айтып, кештің мән-маңызына тоқталып өтті. Аманкелді Ғұбайдуллиннің жерлестері атынан сөз алған Сырым аудандық мәслихатының хатшысы Шынар Дүйсенғалиева әншінің жұбайы Балсекер апайға қазақы дәстүрмен шарқат сыйлап, иығына камзол жапты.

Өнер иесінің інісі, Марабай Құлжабайұлы атындағы аймақтық-республикалық әнші-термешілер байқауының лауреаты, Ғарифолла Құрманғалиев атындағы медальдің иегері, әнші-термеші Мұхамбет Мамықов, шәкірті, елімізге белгілі дәстүрлі әнші, ҚР Мәдениет қайраткері Қайрат Кәкімов Аманкелді Ғұбайдуллиннің репертуарында болған дәстүрлі әндерді орындады.

Ардагер-журналист Тихон Әліпқали, ақын Сағынтай Бисенғалиев, әншінің жиен ағасы Махамбет Ерниязов, шәкірті, ҚР мәдениет саласының үздігі, әнші-термеші Мұсағали Бектенов Аманкелді Ғұбайдуллин туралы естеліктерімен бөлісті.

– Мен Амангелдімен жұмыс барысында танысып, білістім. Шамамен ол жетпісінші жылдардың кезі еді. Ол кезде біздің Оралда кәсіби мәдениет мекемелері аздау болды. Қазақ драма театры болған жоқ, филармония ғана бар еді. Қазақ өнерінің негізі ауылда өсіп, қаулап, гүлденіп келе жатты. Сол кезде біздер ауылдағы әнші, күйші, өнерпаздардың бәрін жадымызға түйіп, соны газет бетінде көбірек жазып отыруға, солардың мерейін өсіруге барынша атсалыстық. Амангелді алғашқы көргенімнен-ақ назарыма ілікті. Өнерпаз көп қой, солардың ішінде Амангелді кездесе қалғанда, топтың ішінен соған барып амандасатын едім. Ол көптеген байқауда үздік шығып жүрді. Мәдени үгіт бригадаларының құрамында эстрадалық бағыттағы әндер айтқанда да оған ешкім теңесе алмады. Эстраданың керемет жұлдыздарымыз деп жүргендердің бәрі оның алдында бәсең түсіп жататын. Ол өзі әзілқой да болатын. Сосын керемет ізденгіш, көп оқитын адам еді. Әншілігі өз алдына, қолынан кітап, журнал түспейді. Әсіресе, «Жұлдызды» құшақтайды да жүреді. Ішіндегі пікірлерін жасырмай, ашық айтады. Оған көп нәрсе ұнамай да жатады. «Мынаның жазғаны оңды дүние емес, осы қалай жазушы болып жүр, қалай ақын болып жүр?» деп айтып-айтып тастайтыны да бар. Ғарифолла Құрманғалиевтің туғанына 80 жыл толуына орай облыстық филармонияда концерт ұйымдастырдық. Сол концертке Мекес Төрешев, қыстың көзі қырауда сонау Қазталовтан Хатимолла Бердіғалиев келді.

Аманкелді Ғұбайдуллин, Мұхит  Бірәнов секілді әнші-термешілер де болды. Өзім сол концертті жүргіздім. Кеш аяқталуға жақындағанда әншілер ұбап-шұбап әлі келіп жатыр. Әйтеуір жақсы кон-церт болды, кеш мазмұнды өтті, жұрт сүйсінді. Концерттен соң, Мекес, Аманкелді, Хатимолла – бәріміз біздің үйге бардық. Түнімен отырып ән салдық. Сонда Мекес өнер жағына келгенде Аманкелдіден өзін төмендеу санап, кәдімгідей қысылып отыратынына куә болдым. Амангелдіні ешкім ұмыта алмайды. Ол бірегей талант еді ғой. Ән әлеміндегі Мұхит, Ғарифолла мектебінің белді ту ұстаушысы болды. Сондықтан да оны әлі ұмыта алмай, бүгінде қаншама халық жиналып, зал толып отыр. Аманкелді талайдың жүрегін жылытты, жанын жадыратты, санасына шуақ сәуле құйды. Ол таза талант әрі пенде ретінде де бір таза адам. Ешкімге қастық ойлаған жоқ, ешкімнің жолын кескен жоқ. Ол туралы қаншама өлеңдер жазылды. Алдағы уақытта да Әбекеңнің рухы асқақтай берсін! – деді Тихон Әліпқали.

Кеш барысында экраннан Аманкелді Ғұбайдуллиннің өз орындауындағы «Жадыңда болсын, ерлерім» термесі тыңдалды. Сонадайдан сорғалата құйылтып келіп, ерекше екпінмен нақпа-нақтап төкпектете жөнелетін өнеріне куә болған жұртшылық, сүйікті әншісінен сандаған жыл бойы көз жазып қалған тыңдарманы өнер иесімен қайта қауышқандай күйде, айрықша ықыласпен қошемет танытты.

– Әбекеңнің бір әдеті – домбыраны тұрғызбайтын еді. Кейде қаншама әнші отырса да, пенделік әңгімеге кіріп кетіп, әзіл-қалжыңға ойысып, домбыраның жарға сүйеніп қалатын кезеңдері болады ғой. Әбекең кіріп келеді де, «Ана домбыра нағып тұр? Әкел бері қарай» дейтін. Сосын шырқап жөнеледі. Ол ән салған кезде «Терезелеріңді ашып қойыңдар. Жардың сылағы түсіп қалмасын. Дұрыстап майлап па едіңдер?» деп әзілдеп қоятынмын. Әбекең жұмбақ жан еді. Жұмбақ күйінде кетті. …96-ның қаңтарында Әбекеңнің дүние салғанын естідік. Естіген күні аудандық «Тайпақ таңы» газетіне «Өзіңді жоқтап жылады ма екен..?» деген жыр-жоқтау жаздым. Бұл өлең аудандық газетке басылғанымен, облыстық газетке жетіп үлгерген жоқ. Бүгінгі рухани жаңғыру кезеңінде Әбекеңдей талантты тұлғаның туған елінде оның есімін еске салып тұрарлықтай бір іс атқарылуы тиіс. Саз мектебіне аты берілсе немесе Амангелді сыныбы ашылса деген жүрекжарды тілегіміз бар, – деген ақын Сағынтай Бисенғалиев жоғарыда аталған, өзінің саңлақ әншіге арнап жазған  жырын  оқып  берді.

Маң-маң да басқан марғасқам едің,

Ажалға қайтіп алдырдың, аға?

Жалына ерте жармасқан едің,

Әніңді кімге қалдырдың, аға?

Астана – ауылға ғажап әніңді

Жүруші ең жиі тыңдатып, аға,

Ақ жеңешем мен балаларыңды

Кеткенің бе шын шулатып, аға?

Заман еді бұл қандай назалы,

Өзіңді жоқтап өкінеді елің.

Маңдайда соры, таңдайда зары,

Бұл өнер неткен жетімек еді.

Сағынып сені жас тамған кезде,

Түсер-ау еске мол мұраң бірақ.

Ғарекең мәңгі аттанған кезде,

Түсті деуші еді домбыраң құлап.

Жасаурап көзі қырда шынардың

Өзіңді жоқтап жылады ма екен?

Сен кеткен күні бір жас ұланның

Ақ домбырасы құлады ма екен?

Ғарифолланың дара тұяғы,

Тағдыр да өстіп мұңайтады екен.

Қайран, Әбекем, «Қанапияны»

Дәл сендей енді кім айтар екен?

Не шара, бізге жанның қалауын,

Кім берер, қош бол, жан ағам енді.

Көтеріп биік әннің жалауын,

Рухың жүрсін жағалап елді.

ХІ республикалық халық аспаптарында орындаушылар конкурсының І жүлде иегері, Аманкелді ағамыздың кіндік қызы Мөлдір Жалмұханбетова Ықыластың күйі «Жезкиікті» қылқобызда орындаса, кішкене немересі Нұрым Аманкелді атасына арнап шығарған өлеңін оқып берді. Әншінің зайыбы Балсекер апай шараны ұйымдастырушыларға алғыс айтып,  ризашылығын  жеткізді.

Еске алу кеші әншінің немересі Нұршат Ғұбайдуллиннің орындауындағы Фариза Оңғарсынованың сөзіне жазылған Қалдыбек Құрманәлінің әні «Жайықтың толқындарымен»  қорытындыланды.

Нұртас   НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал   өңірі»


«zhaikpress.kz» сайтынан газеттерге онлайн жазылыңыз

Күні: , 141 рет оқылды

Сейсенбіде  «Жайық Пресс»  медиахолдингінің  мәжіліс  залында  зиялы  қауым  өкілдеріне  облыстық  «Орал өңірі»,  «Приуралье»  және  12  аудандық газетке  электронды  жазылу  жобасы таныстырылды.

Басқосуды ашып, қатысушыларға жаңа жобаны таныстырған «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин Елбасының биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауының негізгі басымдығы цифрландыру мәселесі екенін, елімізде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы қабылданып, тиісті іс-шаралар қолға алынғанын айтты және онлайн жазылудың кейбір артықшылығына тоқталды.

– Онлайн жазылуда облыстық және аудандық газеттердің жаңа шығарылымы оқырманның электронды поштасына түседі. Бұл оқырманға ыңғайлы. Әрі онлайн нұсқаға жазылу газеттің қағаз түріндегісіне жазылудан екі есе арзанға түседі. Екіншіден, қағаз газет тұрғындардың қолына түскенше, жарияланған ақпараттар ескіріп, олардың мәні жойылуы мүмкін. Үшіншіден, экономикалық жағынан тиімді. Газеттерді шығару үшін қағаз бен бояуды қомақты қаржыға Ресейден, Қытайдан алдыртамыз. Елімізде цифрландыруға мән-маңыз берілуде. Сондықтан оқырмандарға газеттерге жазылуда таңдау мүмкіншілігін беріп отырмыз. Облыстық «Орал өңірі», «Приуралье» және 12 аудандық газетке онлайн жазылу алдағы шілде айынан басталады, – деді Жантас Набиоллаұлы.

Одан кейін «Жайық Пресс» ақпарат орталығының жетекшісі Нұрлыбек Рахманов облыстық және аудандық басылымдарға онлайн түрде қалай жазылуға болатынын түсіндірді. Оның айтуынша,  жазылу үшін «zhaikpress.kz» сайтының онлайн жазылу бөліміне кіріп, өзіңізге қажетті газетті және жазылу мерзімін таңдап, аты-жөніңізді, электронды поштаңызды жазып енгізесіз. Жазылу бағдарламасы арқылы сіздің төлем картаңыздың мәліметтері түседі, парақ ашылады, оған қажетті ақпараттарды енгізген соң, ұялы телефоныңыздың нөмірін, электронды поштаңызды қалдырасыз.  Ескеретіні, картаңыз интернет төлем жасай алатын болуы тиіс. Мәліметтерді жолдаған соң, ұялы телефоныңызға смс-пен пароль келіп түседі. Оны енгізген соң тапсырыс қабылданғаны,  тапсырыс нөмірі және төлем көлемі жөнінде ақпарат шығады. Қайтадан онлайн парағы ашылып, поштаңызды теру арқылы газетке жазылғаныңызға көз жеткізесіз. Банк картасынан басқа «24 касса» терминалдарынан да басылымдарға жазылуға төлем жасауға болады.

Жиын соңында қатысушылар облыстық газеттердің онлайн нұсқасына тегін жазылу  мүмкіндігіне ие болды.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»


Құрметті атақ табысталды

Күні: , 97 рет оқылды

Таяуда  облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов  бастаған  делегация ҚР  Парламенті  Сенатының  депутаты  Бірғаным  Әйтімоваға  «Батыс Қазақстан  облысының  құрметті  азаматы»  атағын  ресми  түрде табыстады.

– Құрметті Бірғаным Сарықызы! Батыс Қазақстан облысының гүлденуіне үлес қосып, жергілікті әкімдік пен облыстық мәслихаттың қолдауының нәтижесінде өңіріміздің «Құрметті азаматы» атанған тұлғалар аз емес. Күні бүгінге дейін 17 адам осы атаққа лайық деп танылса, солардың бірі де, бірегейі – өзіңіз.

Қиын-қыстау кезеңде еліміздің Білім және ғылым министрі болып, экономиканың әлсіздігіне қарамастан, тәуекелге толы реформаларды  жүргізуге  атсалыстыңыз.

Тәуелсіздігін алғанына аз уақыт қана болған Қазақстанның атынан Біріккен Ұлттар Ұйымында елшілік қызмет атқардыңыз. Бүгінде өзіңіздің ұшан-теңіз біліміңіз бен мол тәжірибеңізді ел дамуы жолында депутаттық қызметте атқарып келесіз.

Уақытыңыздың тығыздығына қарамастан, өзіңіз түлеп ұшқан Ақ Жайық өңіріне жиі келіп, кездесулер өткізіп тұрасыз. Бұл батысқазақстандық жастар үшін күшті мотивация, – деп атап өтті Алтай  Көлгінов.

Өз  кезегінде Бірғаным Әйтімова облыс әкіміне, облыстық мәслихат депутаттарына және барлық жерлестеріне өз ризашылығын  жеткізді.

Облыс  әкімінің   баспасөз  қызметі


«Ауданымның ажары асқақ, мерейі үстем болғанын тілеп отырамын»

Күні: , 91 рет оқылды

«Шенеунік», «мемлекеттік қызметкер», «ақ жағалылар» деп жатамыз. Олар туралы қарапайым еңбек адамдарына қарағанда көп жазыла бермейді. Дегенмен, жыл өткен сайын еңселене түскен еліміздің жетістігіне бұл жандар да өзіндік үлес қосып келе жатқаны даусыз. Олар да сол еңбек етіп жүрген ауданының, ауылының, ұжымының қамын ойлап, жетістігіне қуанады, кем түскен сәттеріне қайғырады. Сондықтан бүгінгі әңгімеміз сол «ақ жағалылардың» бірі – өз өмірінің 42 жылдан астам уақытын мемлекеттік қызметке арнап келе жатқан, сөйтіп жүріп, Пайғамбар жасына жеткенін «байқамай» қалған Ақжайық ауданы әкімдігінің аппарат басшысы Серік Мұхтарұлы Бахманов туралы. Ақсақалдар ауылына қоңсы қонғалы жатқан азаматпен жайма шуақ әңгімеміз былай өрбіді.

– Сәке, серке жігіттіктің соңы, қарттықтың алды дегендей, 63-тің ауылына жеткен сәтте қандай көңіл күйде жүрсіз? Біреулерде бұл жасқа жеткенде уайым көбейсе, екінші біреулер «Шүкір, жеттім!» деп қуанатын көрінеді. Сізде солардың қайсысы басым?

 – Мен – барлық саналы ғұмырымды тек қана мемлекеттік қызметке арнаған жанмын. Еңбек жолымды содан бастап, зейнетке де сол қызметтен шыққалы жатырмын. Әрине, пенде болғасын әр жасына сай әр түрлі ойлар қамауы заңдылық қой. Сонда да болса, зейнеткер жасына аман-есен жеткеніме, оған «Шүкір, жеттім!» деген мар-қайған сезімнің құшағында жүргенім рас. Әйтпесе, бұл жасқа жете алмай кеткен тұстастарым қаншама?

 – Бір мезет бүгінгі азамат Серіктің кешегі балалық, оқушылық сәттеріне саяхаттап қайтайықшы…

– 1962 жылы Есім бастауыш мектебінің, Базаршолан ауылына қарайды ғой, 1-сыныбына бардым. Алғашқы ұстазым – Гүлжан Ихсанова деген мұғалім апайым болды. 1966 жылы қазіргі Ғ. Махамбетов атындағы мектептің негізгі сыныбына қабылдандым. Ол сол кезде Қызылжар мектебі деп аталатын. Тарихы терең, осы өңірдегі алғаш ашылған мектептің негізін салған Ғ. Махамбетов болатын. Ұстаздардың ішінде тұңғыш рет Ленин орденімен де марапатталған осы адам еді. Кейін сол ұстаздарының ісін жалғаған Жәрдем Әлжанов, жұбайы Сағира Жұмағазиева, Сәлім Ешімов, оның жұбайы Салиха Әбдрахманова, Махмет Айсиев, Таңатар Харесов пен оның жұбайы Ұлболсын Томанова, Тыныштық, Рабиға Қаженовтер, Ғұбайдолла Жайжанов т.б. ұстаздардың тәлім-тәрбиесін көрдік. Интернатта жатып оқыдым. Ондағы тәрбиешілер ҰОС ардагерлері Ибрайым Шарипов, Балмұхан Мұстағалиевтардың өнегесі мен үлгісін бойымызға сіңіріп өстік. Үлкендерден үйрене жүріп, кейінгілерге де сол көрген-білгендерімізді беруге тырыстық. Жалпы, интернат деген ата-анаңды, үйіңді кереметтей сағынатының болмаса, шәкіртті жастайынан ұжымдыққа, ортақ жауапкершілікке, үлкен өмір жолына бейімдейтін мықты тәрбие мекені екен.

 – Ата-анаңыздан қандай қасиеттерді бойыңызға көбірек сіңірдім деп ойлайсыз?

 – Әкем ала жіпті аттамаған, өр мінезді, тек тура жүргенді қалайтын, адамға болмасын деп ойламайтын адам еді. Ал анам өте қарапайым, жібек мінезді жан еді. Білімі жоғары болмаса да, көкірегі ояу болатын, ештеңеге де апшымайтын, тарылмайтын. Екеуінің де осы асыл қасиеттерін бойыма сіңірдім деп айта аламын.

 – Мемлекеттік қызметке алғашқы қадам қашан және қалай басталды?

 – 1975 жылы Отан алдындағы борышымды өтеп келгеннен кейін жанымдағы жолдас жігітпен ішкі істер органына қызметке кіріп қалған жерімнен, сол кездегі аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Сара Әшімғалиева және аудандық партия комитеті жалпы бөлімінің меңгерушісі Төлеп Омаровтардың ұсынысы-мен, Тайпақ аудандық партия комитетінің І хатшысы Төлеген Жұмақаев ағамызға көмекші болуға тура келді. Сол бір кезең менің өмірімнің қалыптасуына зор әсерін тигізді.

Төлеген Жұмақаев сияқты белгілі тұлғаның алдын көру, қарауында қызмет жасау менің өміріме үлкен сабақ болды. Төкең өмірдің небір өткелектерінен өткен тарлан, Ұлы Отан соғысында қол бастаған сардар болған жан еді. Жұмысқа келгенде бұлтақ-сылтағыңа қарамайтын, ортақ мақсатқа жету жолында алған бетінен қайтпайтын қасиетімен ерекшеленетін. Әкеммен құрдас Төлеген ағамыз сонымен қатар өте қарапайым, үлкен-кішінің қадір-қасиетін танығыш адам болатын. Мен де өз баласындай қамқорлығына бөленгенімді айта кеткенім жөн. Қызмет барысында Амангелді Абдуғалиев, Мүти Жұмашев, Әленғали Кереев, Ғазез Хаймолдин, Жұмазия Байғалиева, Бақыт Қажбанова т.б. аға-апаларымызды алғашқы ұстаздарым санаймын. Өмірде адал, қызметтеріне аса жауапты, талапшыл, сонымен қатар жүрегі ізгі де, мейірімді жандар ретіне есімде олар.

Сондай-ақ, әр түрлі қызмет саласында Қабиболла Үмбетов, Жарқынбай Шынғазиев, Қайырғали Уалиев сынды абзал ағаларымызды да ерекше үлгі тұттым. Олардан алған тәжірибем мол. Әр кезде де ел басқарған Т. Жұмақаев, М. Тәжмұқанов, М. Қожамұратов, Ә. Сатбаев, А. Иманғалиев, Ш. Өтемісов, Н. Төреғалиев, Б. Хайруллин, Ә. Жоламанов сияқты азаматтардың әрбірі мен үшін бір-бір университеттен кем емес деп айтар едім. Ал осындай абзал ағаларымыз кезінде менің қолтығымнан демесе, бүгінде кейінгі толқын іні-қарындастар да қатар жүріп, ортақ істі мүдделілікпен бірге атқаруға үлес қосып келеді. Мұндай азаматтардың қатарына Нұрлан Бекқайыр, Нұрлан Рахымжанов, Нұрлан Шабдаров, Асқар Абуғалиев, Батырбек Даулетияров (марқұм), Меңзипа Жұматова, Айгүл Есекенова, Назым Қуанышева, Гүлжамал Қуанышалиева, Дәмелі Бекенді қосар едім.

 – Секеңді аман-есен ақсақал жасына жеткізген сүйген жары кім екен деген сұрақтың тілге оралып тұрғаны… Ол кісі сізге «әке» деген атақты неше дүркін сыйлады? «Ата» атанып та үлгерген шығарсыз.

 – Тап бір мәужіреген ақсақал жасына жеттім деп айта алмаймын, бірақ Пайғамбар жасында белгілі бір жауапкершіліктер мен міндеттер жүктелді екен. Ал отбасымдағы міндеттер мен жауапкершілікті қосағым Бақыт екеуміз бірге атқарып келе жатқанымызға 40 жылдың үстіне шықты. Қазақ бала санын айтпайтын ырымы бар ғой. Құдайға шүкір, ұлдарымнан көрінген немерелердің қызығына тоя алмаймыз. Бақыт – ұзақ жыл абыройлы ұстаздық еткен құрметті мұғалім. Бүгінде немерелерімнің сүйікті әжесі. Үлкен ұлым Нұржан кәсіпкерлікпен айналысады. Ержан – салық саласының маманы. Өмір болғасын қайғының да дәмін татып жатады екенсің, Алмас атты ұлым кәмелет жасына жеткенде мезгілсіз қазаға ұшырағаны өкінішті. Ал кіші ұлым Елдос – қара шаңырақтың иесі, кітапхана саласында жұмыс жасайды. Келіндерім де түрлі саланы игерген, өз ісінің мамандары.

 – Ақжайық ауданының қуанышына қуанып, кем түскен тұстарына өкініп отыратын азаматтардың, қызметкерлердің бірісіз. Осыдан он жыл бұрынғы Ақжайықтан қазіргі Ақжайықтың ажары қандай?

– Әрине, аудан, туған жер, өскен өлкемнің өркендеуі, өсуі менің көз алдымда. Мүмкіндігінше, өз қолтаңбамды да қалдырып отыруға тырысамын. Бүгінгі Ақжайықтың осыдан жиырма, он жыл турасындағы Ақжайықтан ажары мүлдем бөлек. Тәуелсіз қазақ елінде бүгінде жаңғыру, жасару, гүлдеу басым. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы өлкемізде тың серпін, жаңа бастамаларға жол ашты.

Күні кеше ғана ауданда өткен «Жерлестер форумы» жерлестеріміздің бойындағы рухты, патриоттықты, туған жерге деген сүйіспеншілікті қайта оятқандай әсер қалдырды. Елдегі елеулі, жаңа, соны серпіліс болды.

Зейнеттемін деп қарап отырмай, алда да елімнің, туған жерімнің игілігі үшін мен де өз қолымнан келгенін жасайтыным анық. Ақжайықтық ақын інім Мәлік Берді Әлі «Ақжайық өлкем» әнінде:

Көңілдің қылын қозғаған,

Жанымның ары – боз далам.

Өңірім туған, бесігім алтын,

Ақжайықтан ел озбаған, – деп жырласа, мен де сол Ақжайығымның алдына ел түспей, ажары асқақ, мерейі үстем болғанын тілеп отырамын.

Әңгіме-дүкен құрған  Есенжол ҚЫСТАУБАЕВ,

«Орал өңірі»


Ардақтың төскейіне ангус келді

Күні: , 62 рет оқылды

Тауарлы емес, асыл тұқымды мал ұстаған ұтады. Шыңғырлаулық шаруалар да мұны жете ұғынып, осы іске ден қоя бастады. Олардың арасында Ардақ (Полтава) ауылдық округіндегі «Жайдар» шаруа қожалығы да бар.

2014 жылы құрылған бұл қожалық 30 бас ірі қарамен жұмысын бастаған еді. Бірақ тауарлы бағыттағы малдың нарықтағы бәсінің төмендігі шаруашылық жетекшісі Нұржан Лесовті жиі мазалайтын. Елбасының асыл тұқымды мал өсіріп, ет экспортын дамыту бағытындағы тапсырмасына өз үлесін қосу мақсатында ол биыл малын тапсырып, Қостанай облысынан 60 бас абердин-ангус сиырын алып келді. Артынан Жаңақаладан осы тұқымның үш аталығын жеткізді.

– Кеңес заманында әкем осы жерде мал бақты. Сол әке таяғын ұстап, ауылда атакәсіпті жандандыру үшін қожалық құрдым. Заман көшінен қалмауды ойлап, асыл тұқымды ірі қараны өсіріп жатырмын. Осы ангустарды алуға Қостанай өңіріне, Жаңақалаға барғанда асыл малдың табыс көзі екендігіне көзім жете түсті, – дейді жас фермер.

Ғалымдардың сараптауынша, салмақ қосу, ет сапасы мен дене пішінінің жұмырлығы бойынша әлемде бірінші орында тұрған абердин-ангус ұсақталып кеткен өзге тұқымды малды асылдандыруға да тиімді. Сол себепті Нұржан ауылдағы малды тұқымдық түрлендіруге үлесін қоспақшы. Төлінің тез өсетінімен ерекшеленетін ангус қақаған аяз бен аптап ыстыққа шыдамды, әрі ауруға төзімді болып келеді екен. Міне, осындай ерекшеліктерін ескере келе, Нұржан Лесов 30 млн. теңгеге жуық өз қаржысына шотландиялық сиырларды алды. Алдағы уақытта Ардақтың төскейін асыл малға толтыру жоспарында бар.

Айта кетейік, Нұржан шаруашылықты ғана жүргізіп қоймай, ауылдағы игі істерге де ұйытқы болуда. Мәселен, кеше өткен Ұлы Жеңіс күні Ардақта дала қызықтарын ұйымдастыруға атсалысты. Ол ауылдағы абаттандыру, қайырымдылық істерінен де тыс қалып жатқан жоқ. Осылайша бұл азамат ауылын өрге сүйреуге ұмтылып жүр.

– Нұржан қасына бес-алты жасар ұлын ертіп жүруі тегін емес.

Өзі де бала кезден әкесінің қасында жүріп, малшылықтың қыр-сырын үйренді ғой. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген осы. Ертең-ақ мына кішкентай Лесовтің әке ісін жалғастырып, одан әрі дамытатыны сөзсіз, – дейді сапарымыз барысында біздің қасымызда жүрген аудандық «Серпін» газетінің бас редакторы Адақ Шотпанов.

Сәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

Шыңғырлау  ауданы


Судың да сұрауы бар, ал адамның ше?

Күні: , 62 рет оқылды

Иінағашты  мойынға  асып  алып,  елді   мекеннен  жырақта орналасқан  құдық, бұлақтардан  су тасу  –  бүгінгі  күннің  адамдарына жат шаруа саналады. Себебі, мынау  ғылым мен техника  дамыған кезеңде ауылдық  жерлерде де су үйге дейін келетіндей құбыр тартылған. Қалалықтар секілді ауылдықтар да  үйде отырып-ақ,  мұздай және ыстық  судың игілігін көруге қол жеткізді. Әрине, мұның бәрі – адамның игілігі үшін жасалынған дүниелер.

Дейтұрғанымен, ауыз су мәселесін көтергенде аудан тұрғындарының кібіртіктеп қалатыны жасырын емес. Теректіліктер, соның ішінде аудан орталығындағы тұрғындар мемлекеттік бағдарламамен таза ауыз суға қолдары жетті. Алайда бәрі жақсы деуге тағы келмейді. Жаз басталысымен, Жайық бойын мекендеген аудан тұрғындары ауыз суға зар болып, қазіргі таңда суды арнайы уақытпен пайдаланып отыр.

Осы орайда біз, «Теректі – Таза су» ЖШС директорының міндетін уақытша атқарушы Мәлік Пазыловқа жолығып, қазіргі жағдайды түсіндіруін сұрадық.

— Таза ауыз судың жетіспеушілігін жасыра алмаймын. Бүгінгі таңда бес ұңғыманың үшеуі ғана жұмыс істеп тұр. Жайық өзені деңгейінің төмендігіне байланысты қалған екеуінің ішіне су толмауда. Соған орай жаз бойына су арнайы уақытпен ғана қосылатынын ескерткім келеді. Егер халық ауыз суды бақша, егін суаруға, яки басқа да қажеттіліктеріне пайдаланбағанда бұл мәселе болмас еді. Судың сапасы туралы да айтып өткім келеді. Суды белгілі уақытпен ғана қосқан соң резервуар түбінде жатқан тат жоғары көтеріліп, сапасы төмендейді. Қыс кезінде аса қиналмаушы едік. Жазда суды пайдалану деңгейі екі есе өсті. Аудандық мәслихаттың отырысында қаржы бөлінеді деп жоспарлануда. Қаржы бөлінгесін ұңғымалар қазылып, аталмыш мәселе күн тәртібінен түседі деген сенім бар, — деді Мәлік Пазылов.

Аудандағы «таза» ауыз судың жағдайы осы. Тұрғындар кейде қоңыр, кейде күлгін, кейде ақ түсті суды ішіп, денсаулықтарына зиян келтіруде. Бірақ аталмыш проблеманы түзу үшін, жанұшырып  жүрген  жандар  байқалмайды. Аудандық орталық аурухананың эпидемиологы Динара Бақтыгерееваның айтуынша, ауыз судың ластығы көптеген аурулардың бастамасы болуы мүмкін.

— Іш өту, тырысқақ, жұқпалы іш ауруы, бауырдың қабынуы, жұлын қабынуы, іш сүзегі  секілді аурулар ауыз судың таза болмауынан  туындайды. Мысалы, жыл сайын әлем бойынша 240 миллион адам шистосомоз атты созылмалы дертке шалдығады. Бұл паразиттік құрттардың адам ағзасына ауыз су арқылы тарап, соңы аты жаман ауруға әкеліп соғатынының дәлелі. Сол себепті әр тұрғын өзі тұтынып отырған суының құрамын арнайы мамандарға тексерткендері абзал.

Ескертуді дұрыс қабылдаған жөн. Алайда «Теректі – Таза су» мамандары тұрғындар ішіп отырған судың құрамы тексерілгенін айтып, безек қағады.

Мақала жазылмас бұрын аудан тұрғындарына әлеуметтік желі арқылы сауал тастаған болатынбыз. Ашығын айту керек, желіде желпінгендердің көбі пікірлерін газетке жариялай-мыз деген сәтте ат-тондарын ала қашты. Аудан тұрғыны ретінде төл басылым арқылы күн тәртібіндегі өте-мөте маңызды мәселе бойынша ой білдірмей, тек әлеуметтік желі арқылы «әкімдік қайда қарап отыр?» деп жұлқынған жандардың іс-әрекеті түсініксіз.

Жасырып қайтеміз, сауалымызға субъективті ой білдірген жандар да табылды. Олар ауыз су мәселесі турасында ойларын ашық айтты.

Нұрғазы  АХМЕТОВ,

Ақжайық  ауылдық  округінің  тұрғыны:

—   2017 жылы «Ақбұлақ» бағдарламасы арқылы Ақжайық  ауылына су жүргізілді. Халық бұл жаңалықты қуанып қабылдады.

Бірақ бәрі күткеніміздей болмады. Судың сапасы тек аудан орталығында емес, Ақжайық ауылында да төмен. Жайық өзенінің бойында тұрып, таза ауыз су мәселесін көтергеніміз ұят секілді.

Рахымғали  ЖҰМАЖАНҰЛЫ,

Федоров  ауылының  тұрғыны:

— Әрине, ауыз судың арнайы уақытпен ғана қосылғаны тұрғындарға қиындық келтіруде. Қазір суды жинап алып, соны тұтынып отырмыз. Себебі, қай уақытта сусыз қаларымызды білмейміз. Арнайы уақытпен қосылған судың сапасы туралы тек жағымсыз пікір айта аламын. Мөлдір суды көруші едік, қоңыр түсті суды алғаш көруім. Бұл кішкентай сәбилеріміздің денсаулығына аса  зиян ғой. Осы мәселемен айналысатын адамдар тым болмаса, судың сапасына көңіл бөлсе екен.

Міне, тұрғындар наразылығын дәл осылай білдіріп жатыр. Қазақ «Судың да сұрауы бар» депті. Ал адам денсаулығы ше? Оның сұрауы қайда қалмақ? Дүйім аудан халқы сөз етіп жүрген мәселені естімегендей, яки көрмегендей кейіп таныта алмадық. Жазғанымыз жай жазба болып қалмай, қозғалмауды құп көретін жандарға қозғау салар деген үміттеміз. Уақыт – төреші.

Әділет  ОРЫНБАСАРОВ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика