Мұрағат: 08.06.2018


«Ауыл-аймаққа жасаған жақсылығы көп»

Күні: , 66 рет оқылды

Дүниеге  келер  бір  рет,

Дария  кеуде,  тау  мүсін.

Құрыштан   құйған  құдірет,

Қарттарым,   аман-саумысың?

Сағи   ЖИЕНБАЕВ

Бүгіндері  ел  ішінде  дәулетті  жандардың  айналасына жанашырлық  танытып,  шуағын  түсіріп,  тіпті  ауыл-аймағына қалың  бұқараға қажетті  медпункт,  көпір,  спорт  қалашығы сықылды  әр  түрлі  нысандар  салып  беріп,  жақсылық  жасауы қанат жайып  келеді.  Бұл, әрине,  қуанарлық   та, құптарлық  та құбылыс. Ал  енді  өткен  ғасырдың  сонау  тоқсаныншы жылдары қоғамдық формацияға  қоса,  меншіктік  қатынастар  күрт  өзгеріп, ол аздай инфляция  асау  арғымақтай  жалынан  сипатпай, күн  сайын көкке  шапшып,  билік  те,  халық  та  сасып, етегін басып қалған кезде  ел-жұртқа  қарайласқан  кісі  нағыз  Атымтай  жомарт болса  керек. Біздің  бүгінгі  кейіпкеріміз,  міне,  сондай  азаматтың сойынан.

…Әлқисса, енді біразырақ күнде 70 жастың жотасына көтерілетін еңбек ардагері, «Құрмет» орденінің иегері, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Мағауия Зайнуллиннің бүкіл саналы өмірі ауыл шаруашылығымен тығыз байланысты. 1948 жылдың маусым айында Ресейдің Волгоград облысына қарасты Палассовка ауданындағы Қайсақ стансасында жарық дүние есігін ашқан ол Орал ауыл шаруашылығы техникумының 1965 жылғы түлегі. Осы арнайы оқу орнының ветеринария факультетін тәмамдаған М. Зайнуллин еңбек жолын Жәнібек ауданындағы Талов кеңшарының №4 бөлімшесінде мал дәрігері болып бастайды. 1975 жылы отбасымен облыс орталығына қоныс аударған Мағауия ағамыз 1980 жылы агроөндірістен қол үзбей, өзіміздің Оралдағы Ауыл шаруашылығы институтын ғалым-зоотехник мамандығы бойынша сырттай бітіреді. Содан кейін Мағауия Ғарифоллаұлы аудандық, облыстық деңгейдегі біраз лауазымды қызметті абыройлы атқара келіп, 1988 жылы «Аңқаты» асыл тұқымды мал зауытына директор болып тағайындалды. Жаңа директор  онсыз да асығы алшысынан түсіп тұрған үшбу кеңшардың (совхоздың) шаруасын бес жыл бойы одан сайын өрге сүйреді. Шаруашылықты басқара жүріп, Аңқатыны Аңқаты қылған кезіндегі совхоз директоры, бертін келе  ҚазКСР-дың Министрлер кеңесі төрағасының орынбасарына дейін өрлеген, кейін біржола ғылымға ден қойған Социалистік Еңбек Ері, академик Алексей Черекаевтың ғылыми жетекшілігімен қазақтың ет бағытындағы асыл тұқымды ақ бас ірі қарасын жетілдіре түсу бағытында кандидаттық диссертация да қорғап үлгерді. Сосын облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары, Орал ет-қалбыр комбинатының бас директоры сықылды қызметтерді қамшы салдырмай атқарды. Ал 1996 жылы Аңқаты ауылдық округі халқының атынан сыйлы қариялар сол кездегі облыс басшылығына арнайы барып, Мағауия Зайнуллинді шаруашылықты басқаруға  өздері  сұрап  алады.

– «Аңқаты» асыл тұқымды мал зауытына директор ретінде алғашқы баруым мен кейінгі баруымның арасы жер мен көктей еді. Бірінші рет басшы болып барғанымда, совхоздың атақ-даңқы кең байтақ Кеңес одағынан әрі асып гүрілдеп тұрған кезі. Ауылға сән берген ақ шаңқан үйлерді айтпағанда, жүйелі жұмыс жасап тұрған мектеп, балабақша, мәдениет үйі, аурухана секілді әлеуметтік нысандар  жергілікті жұртқа мінсіз қызмет етуде еді. Агросектордың бірі бітсе, іле-шала екіншісі басталатын қат-қабат науқандық жұмыстарын уақтылы әрі сапалы атқаруға совхоздың адами әлеуеті де, техникалық мүмкіндігі де толық жеткіліктітін. Ал қайтып келгенімде, көңіл құлазытарлықтай көрініс алдымнан шықты. Менің қайта оралғанымды естіген кеңсенің іші-сырты қарақұрым халық. Еңбеккерлер бірнеше айдан бері жалақы алмаған, тіпті кейбіреулері «Бүгін үйде бала-шағаға нан пісіретін бір уыс ұн жоқ» дегенді айтып қалды. Оған өзгелері қосылды. Шаруашылықтың бұрынғы машина-трактор паркі адам көргісіз. Тұрғындардың алды қалаға көшіп, кезіндегі аршыған жұмыртқадай ауылдың іргесі сөгіліп, ажары қаша бастаған. Содан халықтан азық-түлік дағдарысын шешуге біразырақ күнге мұрсат сұрадым. Сөйтіп, біраз жылдан бері таныс, сол кездері «Бакалейторгты» басқарып  тұрған Өмірбек деген замандасқа барып, қазір есептесуге ақшамның жоқтығын, бірақ ер мойнында қыл арқан шірімейтіндігін алға тартып, шындықты айтып, бар жағдайды жайып салдым. Өмекең азамат екен, екі сөзге келмеді. Ертеңіне 300 қапшық ұн, әлденеше тонна картоп, қапқап макарон-вермишель мен күріш, жүздеген литр өсімдік майы тиелген бірнеше жүк көлігімен ауылға оралып, ел-жұртқа үлестірдім. Осылайша бәрін қайтадан бастауға тура келді, – деп еске алады бүгіндері Мағауия аға.

КСРО күйрегеннен кейін жылдар бойы қалыптасқан экономикалық байланыстар үзіліп, тәуелсіз Қазақстан жоспарлы экономикадан нарықтық қатынастарға ден қойды. Осындай өзгерістердің әсерімен «Аңқаты» асыл тұқымды мал зауытының негізінде 2001 жылы «Айсұлу» шаруа қожалығы құрылды. Бірақ екпін түсіріп, айрықша атап өтер бір жайт, күні кешегі өтпелі кезең, өліара шақта әуелден көштің соңында қалған немесе ортаңқол шаруашылықтарды айтпағанда, көптеген іргелі колхоз-совхоздардың жылдар бойы қарайған адамның құла бейнет, маңдай терімен құралған ортақ дүние-мүлкі сөздің тура мағынасында тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кеткені жасырын емес. Ал Мағауия Ғарифоллаұлы ондайға жол бермеді. Соның айғағындай наубайхана, дүкен, монша, машина-трактор жөндеу шеберханасы, аутогараж, жем-шөп цехы, мал сояр арнайы орын сықылды біраз нысан бүгін де бұрынғыдай қалыпты жұмыс істеп, шаруа қожалығына қоса, ауыл-аймақтың ортақ қажетіне жарап тұр.

«Аңқатының» маманданған саласы ет бағытындағы асыл тұқымды ірі қара малын өсіріп, ет өндіруді ғылыми тұрғыдан жүйелі жалғастырғандығы ескеріліп, 47 954 гектар жері бар «Айсұлу»  ШҚ-ға 2008 жылы «Асыл тұқымды мал шаруашылығы» мәртебесі берілді.  Аталмыш шаруа қожалығында бүгіндері қазақтың  1000-нан астам ақ бас асыл тұқымды ірі қарасы, 1,5 мың бас Еділбай қойы, 100-ден аса жылқы түлігі өсірілуде. Шүкір, жыл санап мал басы артып келеді. Қожалық соңғы үш жылда 976 бас асыл тұқымды мал сатты. Ресми атауы «Айсұлу» асыл тұқымды мал зауыты болғанымен, үшбу шаруашылық 7 мың гектар танапқа егін де салады. Бұл бағытта арпа-бидайға басымдық берілгенімен, соңғы жылдары майлы дақылдарға да ден қойды. Шаруашылықтың құрамында екі егіс бригадасы, үш шөп бригадасы және екі құрылыс бригадасы бар. Құрылыс бригадасының бірі үй-жай, қора-қопсы салу, ал екіншісі, ағымдағы жөндеумен айналысады. Осыншама қарайған шаруа жыл-он екі ай бойы жергілікті 50 тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Ал науқандық жұмыстар кезінде жұмыс қолы 200 адамға дейін жетеді.

– Орташа жалақы 40 мың теңге шамасында болғанымен, науқандық жұмыстар кезінде еңбеккерлер 150-190 мың теңгеге дейін табыс табады. Мысалы, биылғы 15 күнге созылған егін егу науқанында оза шапқан еңбек озаттары 190 мың теңге жалақы алды, – деді бізбен әңгіме барысында Мағауия  Ғарифоллаұлы.

«Айсұлу» ШҚ қазіргі уақытта өзінің техникалық әлеуетін арттырып, негізгі өндіріс қорын жаңартуда. Біз осыдан бірер күн арнайы барғанда шаруа қожалығының егін танабынан жер өңдеп жүрген бұрынғы «К-700»-дерге қоса, осындай дала алыбының су жаңа екеуін көрдік.

– Жақында 170 миллион теңгеге дән себу кешенін (посевной комплекс) алдық.  Озық технологияға негізделген мұндай жаңа техникамен жұмыс істеу үшін ең кемі арнаулы орта оқу орнын, яғни колледж бітіру шарт. Біз машина-трактор паркіне қоса, қора-қопсыны да жаңалаудамыз. Соңғы жылдары өндірістік қажеттілікке орай 4-5 қойма, 3-4 қора салдық. Сонымен қатар бұқалардың күнделікті рационын, жем-шөп пен суға тәбетін, жалпы жағдайын, аталық мал ретіндегі ұрпақ өрбіту күш-қуатын жүйелі бақылап отыратын жаңа сынақ алаңы жасақталуда. Мұндай нысан ғылыми негіздегі селекциялық-өндірістік жұмыстарды сауатты жүргізуге мүмкіндік береді, – дейді дала академигі деуге тұрарлық тұлға  Мағауия  Зайнуллин.

Мағауия ағай зайыбы Зылиха апай екеуі қос перзент тәрбиелеп жеткізді. Бүгіндері қыз-күйеу балаларынан біраз немере-жиен сүйіп отыр. Солардың бірі – Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан агротехникалық университетінің студенті, болашақ қаржыгер Айсұлу қарындасымыз біз барғанда өзі аттас шаруа қожалығында өндірістік практикадан  өтіп  жүр  екен.

– Мен қос қызымды да қаршадайынан айналасындағы адамдарды сыйлауға, төңірегіндегі кісілерге жарқын қабақ танытып, жақсы қарым-қатынас орнатуға, ал өсе келе перзенттерімді адал еңбек арқылы табыс тауып, дер кезінде дұрыс шешім қабылдай білуге баулыдым, – дейді ағамыз.

Айтпақшы, кезінде педиатр, терапевт, гинеколог, хирург секілді қарайған дәрігері болған Аңқатының ауруханасында бүгіндері бірде-бір дәрігер жоқ, фельдшер ғана бар екен. «Ауылымызға жоғары білімді дәрігер келсе, үй салып берер едім» дейді «Айсұлу» шаруа қожалығының басшысы М. Зайнуллин. Айтқан сөзін желге ұшырмайтын, жерге тастамайтын азаматтың әлгі уәжін естір ақ желеңді абзал  жан  табылар  дейміз.

Аманкелді   КЕНЖЕҒАЛИЕВ,

еңбек   ардагері, 1992-2009   жылдардағы  Аңқаты  ауылдық округінің  әкімі, 

Теректі ауданының  құрметті  азаматы:

– Өткен ғасырдың соңын ала КСРО ыдыраған, бір жүйеден екінші жүйеге көшкен өтпелі кезең, өліара шақ халыққа да, билікке де оңай болған жоқ. Қоғамдағы кілт бұрылыс, күрт өзгерістер, әсіресе, әлеуметтік салаға ауыр тиді. Мектеп, мәдениет үйі, аурухана сықылды мекемелерде  штат қысқарды. Елдің ішін  жұмыссыздық жайлады. Әлгіндей әлеуметтік нысандарды қажет кезде үнемі қолдайтын бұрынғыдай гүрілдеп-дүрілдеп тұрған совхоз жоқ. Сонда да Мағауия Ғарифоллаұлы ауыл-аймағына қарасудың ретін тапты. 1000 оқушыға есептелген орта мектептің жылу жүйесі істен шыққанда кеңшардың 150 кісілік жатақханасын мектепке беріп, балаларды үш ауысыммен оқытып амалдадық. Балабақша мен аурухана жабылды. Бірақ бертін келе, ел ес жиып, етек жаба бастаған кезеңде әрі шаруашылық басшысы, әрі Теректі аудандық  мәслихатының депутаты ретінде Мағауия Зайнуллин балабақша мен мектеп-интернаттың, мәдениет үйі мен аурухананың күрделі жөндеуден өтуіне, сондай-ақ 13 шақырым жерден Аңқатыға су құбырының тартылуына  ұйытқы болды. Тіпті сонау қиын жылдары жекенің малын бағатын бақташының мінер аты мен жеке малының жем-шөбіне дейін шешіп берді. Осының өзі ол кезде үлкен көмек еді. Тек бақташы емес, тұрмысы төмен, кіріс-табысы аз жанұялардың отын-суы мен қорадағы малының жем-шөбіне дейін сол жылдары шаруашылық арқылы реттелді. Сол бір қиын жылдары біздің округте тұратын соғыс және тыл ардагерлері Мағауиядай азаматтың аялы қамқорлығын ұдайы көрді, сезінді. Әлеуметтік қолдау-көмекке мұқтаж отбасыларға Мәкең әлі күнге дейін қарайласып келеді. 1997-98 жылдары ұн тартатын диірмен, наубайхана, макарон цехын, шұжық цехын ашып, біздің ауыл-аймақта кәсіпкерліктің іргетасын қалап қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына сеп болды. Совхоздың асханасын Мерген Өтегенов, универмагты Бижан Нұрғалиев деген жергілікті жігіттерге жалдау ақысынсыз тегін беріп, кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтті.

Мағауия Ғарифоллаұлының  және бір азаматтығы, ол шеттен кісі әкелген жоқ. Жанболат Айғалиев, Медеу Ахметов, Сырымбек Өтешев, Сағындық Шошақов, Рахым Арыстанов сынды бас мамандардың бәрі  де  осы  Аңқатының  жігіттері.

Бірін айтып, біріне кетті демеңіз, Мағауия Зайнуллиннің Аңқатының ауыл-аймағына жасаған жақсылығы мол  және  әлі  де  жасап  келеді.

Самат   ШӘРІПОВ,

«Айсұлу»  шаруа  қожалығының  токарі:

– Сыйақыны қоса есептегенде, ай сайын 100 мың теңге табыс табамын. Зайыбым мектепте мұғалім. Екеуміздің де тұрақты жұмысымыз бар, тұрмысымыз жақсы. Жеке малымның  жем-шөбін түсіріп алуға қожалық көмектеседі. Сондай-ақ қожалық басшылығы жалпы ауылға да үнемі қарайласып тұрады. Мысалы, кейбір ауылдарда қыста жол аршылмай, жергілікті халық қатынастың, жолдың азабын шегіп, зардабын тартып жатады ғой. Шүкір, біз ондай  қиындықтан  адамыз.

Бауыржан  САЛЫҚҰЛЫ,

Теректі  ауданы


Мектеп бітіру кеші қанша тұрады?

Күні: , 95 рет оқылды

Әрбір  ата-ана  үшін  күні  кеше  ғана  құлдыраңдап  жүрген құлыншағының  ержетіп,  бойжеткен  сәтін  көрудің  өзі  бір  бақыт. «Ұл-қызым  қатарынан  қалып,  сағы  сынбаса  екен»  дегенді  мұрат  тұтқан  ата-ана   перзенті  үшін  отқа  да,  суға  да  түсуге  даяр.  Соңғы  кездері  сән-салтанатымен  өтетін  мектеп  бітіру кештері  үшін  де  ата-ана баласы  үшін  қарызданып,  қауғаланып болса  да   бар  жиғанын  ортаға  салады.

Біздің жүргізген шағын зерттеулеріміз бойынша мектеп бітіру кештеріне ақша жинау  қаламыздың  мек-тептерінде әр оқушыдан кемі  25-30  мың теңгеден басталса, Алматы қаласындағы кей мектепте 100 мыңнан жинап жатқаны туралы ақпарат алдық. Әрбір сыныпта аз дегенде 25 бала бар. Бір білім ошағынан екі 11-сынып мектеп бітіреді делік. Орташа есеппен әр оқушыдан 30 мың теңгеден қаражат жинағанда 1 500 000 ақша жиналады екен. Бұл қаражат мектеп бітіру кешінің дастарқаны, фото, видео, асаба, мұғалімдерге гүл алуға жұмсалады. Қаламыздың қарапайым орта мектептеріндегі бір сыныпта коттеджде, көп қабатты үйде, жатақханада тұратын немесе пәтер жалдап, болмаса саяжайды пана тұтқан балалар міндетті түрде болады.

Алайда көп жағдайда әлеуметтік әркелкілік ескерілмейді. Соңғы мәліметтер бойынша ватсаптан ата-аналар чаты ашылып, жиналыстар басталады. «Баламның табанына кірген шөңге, маңдайыма қадалсын» дейтін ата-ананың басым бөлігі үнсіз келісіп, кейбірі қарыздана бастайды. Одан бөлек, ұл мен қыздың салтанатты кешке киетін киімі, әшекейлері, сұлулық салондарына жұмсалатын қаражат та қомақты. Өздері үшін ерекше есте қаларлық  кеште әрбір мектеп бітіруші айрықша көрінгісі келеді. Қыздардың басым бөлігі ательеге өз қалауынша әдемі ханшайым көйлегіне тапсырыс берсе, енді бірі үлкен сауда үйлерінен қомақты қаржыға сатып алғанды жөн көреді. Қыздардың көйлегі 25 мыңнан басталып, 150-200 мыңға дейін барады. Жыл сайын Абай алаңында өтетін салтанатты шарада мектеп бітіруші қыздардың 250-300 мыңға көйлек алатындығын естіп жүрміз. Ал ханшайым киетін туфлилердің бағасы  15 мың теңгеден басталады.

Өткен жылы мектеп бітірген студент Дананың айтуынша, мектеп бітіру кешіне қымбат көйлек, қымбат туфли алу, сұлулық салондарына он мыңдаған ақша жұмсау  дұрыс  емес.

– Өйткені мектеп бітіруші бірінші кезекте өз болашағын ойлауы тиіс. Ол мектеп бітірген бойда өзі армандаған оқу орнына түсе алмаған жағдайда, ақылы оқуға түсуге мәжбүр болады. Сондықтан бір-ақ күнде өтіп кететін салтанатты кешке жұмсалатын жүз мыңдаған ақшаны білім алуға бағыттаған жөн деп ойлаймын. Былтырғы мектеп бітіру кешінде бір емес бірнеше көйлек киіп шыққан қыздар болды. Кейбір қыздар алаңдағы шараға бір көйлек, мектептегі отырысқа бір көйлек, таң қарсылауға тағы бір көйлек киіп жатты. Мен бір көйлек кидім. Оның өзі онша қымбат емес. Ең бастысы, өзіме ыңғайлы. Бетімді әрлеуге, шашымды сәндеуге  де барғым келген жоқ. Тек анам: «Бәрі күшті болып тұрғанда….» дегесін, амалсыз бардым. Негізі түлектердің көпшілігі мектеп бітіру кешінен гөрі ҰБТ-ға алаңдайды. Кейде осындай кештер кейбір ата-аналар үшін ғана қажет сияқты көрінеді. Мектеп бітірер сәтте әр түлек кішігірім күйзелісті бастан кешіреді. Бізде жан-жақтан қысым көп. Қарапайым ғана алаңда болатын салтанатты шараға дайындыққа қаншама уақыт кетеді. Өйткені ұйымдастырушы мұғалімдер айтқан жолмен жүру керексің, бір қадам алға немесе артқа артық басуға болмайды. Бейнебір сапта жүрген сарбаз секілдісің. Осындай ұсақ-түйек жайттар, ызғарлы қабақ, зәрлі дауыс өзгелерді қайдам, өзіме қатты әсер еткені есімде. Менің ойымша, миллиондап жиналған ақшаны бір күндік ішіп-жемге жұмсағанша, емделуге қаражат таппай жатқан сәбилердің есепшотына жіберсе, әрбір түлек сауапты іске атсалысқан болар еді, – дейді Дана.

Қала тұрғыны Гүлнұр сіңлісінің көйлегіне 50 мың теңгеге тапсырыс беріп келіпті. Шаш үлгісі мен бет әрлеуге 15 мың шығады деп жоспарлаған. Туфлиі 15-20 мың.

– Сіңлімнің көңіл күйі бірқалыпты. Аздап уайым бар. Қыста тестті көп ойлап, ауырып қалды.

Мектепте қанша теңгеден жинап жатқанын анық білмеймін. Киімдерінің өзі біразға барайын деп тұр. Оған қоса, әрбір тест сайын 500 теңгеден  ақша жинайды. Тест кітаптарын сатып алады. Қысқасы, ата-анасынан аптасына 2500-3000 теңге сұрайды. Өзі тест оқып, шаршағанын да жасырмайды, – дейді Гүлнұр.

Замандасымыз Талғаттың ұлы да қаламыздағы орта мектептердің бірін бітіріп жатыр. Ол ұлының киім-кешегіне 60 мың теңге жұмсағанын айтты. Одан бөлек,  мектепке  35 мың теңге берген.

– Апта сайын өтетін тестке, тестілеу кітаптарына 2000-2500 теңгедей ақша алады. Сонда ер баланың өзінің мектеп бітіруіне орта есеппен 100 мың теңгеден  астам қаражат керек болып тұр ғой,  – дейді ол.

Қазір ата-аналардың басым бөлігі мектеп бітіру кештерінің үйлену тойымен бірдей боп бара жатқанына алаңдаулы. Байқағанымыздай, ер баланың мектеп бітіруіне орта есеппен 100-150 мың, қыз балаға 150-200 мың теңге көлемінде қаражат керек екен. Ал мектеп қабырғасында әр баладан жиналатын 35 мыңның  өзі кейбір ата-ананың бір айлық жалақысы болуы бек мүмкін. Тағы бір көз жеткізгеніміз, осы мезгілде гүл саудасы қыза түседі.  Ал кәсіби  фотограф, асаба,  видеооператорлардың бағасы аспандап кетеді екен.

Облыстық білім басқармасының берген мәліметі бойынша, мектеп бітіру кештерін көңіл көтеретін, ойын-сауық орындарында өткізуге және мектеп әкімшілігі мен педагог қызметкерлерге сыйлық алу үшін білім алушылар мен олардың ата-аналарынан ақша жинауға қатаң түрде тыйым салынады. Алайда қазіргі күнде біз қаласақ та, қаламасақ  та әр мектептің қабырғасында ақша жиналып жатқаны шындық.  Өкініштісі, ата-аналар жинайтын ақша көлемінің жыл сайын ұлғайып бара жатқаны… Біреудің тойып, біреудің тоңып секіретіні жанға батады. Сіз не дейсіз, оқырман?

Гүлжамал   ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал   өңірі»


Экономикамен үндестіре қарауымыз керек

Күні: , 1 303 рет оқылды

«Рухани  жаңғыру»  бағдарламасының  «Жаңа  гуманитарлық бі­лім.  Қазақ  тіліндегі  100  жаңа оқулық»  жобасы  аясында  ауда­рылған  алғашқы  18  кітапты  шыңғырлаулық   жастар  да қуаныш­пен  қабылдады.

Ғылыми таным – қазақ жас­тарының бәсекеге қабі­лет­ті болуының басты шарты. Жаңа оқулықтар білімнің нағыз энциклопедиясы болып са­налады. Олар көпшілік үшін кітап түрінде, электрондық онлайн нұс­қасында және үздік лекторлар­дың ашық дәрістерінің видеоте­касы сияқты үш форматта қол­жетімді  болатыны  қуантады.

Таяуда ауданның белсенді жас­тары басқосып, осы шығарма­ларды талқылады.  Олар тек ағыл­шын және орыс тілдерінде қол­жетімді болып келген Грэгори Мэнкьюдің атақты «Экономикс» оқулығының төртінші басылымы, Томас Гриффиннің «Менеджменті», Дональд Куратконың «Кәсіп­керлік: теория, процесс және прак­тика» оқулығы және Клаус Швабтың «Төртінші индустрия­лық революция» еңбегімен таныса алатындарына риза екенде­рін жеткізді. Мәселен, Шыңғырлау ор­та мектебінің мұғалімі Жансұлу Рабаева бұл жастарға берілген зор мүмкіндік екенін айтып, адами сананы дамытуда аталмыш еңбектердің рөліне тоқталды. Ал ау­дандық кітапхана қызметкері Діл­шат Бикеева мемлекеттік бағдарлама аясында аударылған әлем­­дегі үздік оқулықтармен шың­ғырлаулықтардың танысуы үшін қажетті іс-шаралар ұйымдасты­ры­латынын  жеткізді.

Өз тарапымнан жастар экономика, бизнес жағына көбірек назар аударса екен деймін. Сонда жастарымыз кәсіпкерлікпен ай­на­лысып, сол арқылы аудан, облыс экономикасының дамудың жаңа са­тысына көтерілуіне себепші бо­лар еді. Осылайша рухани жаң­ғырудың негізінде экономика­лық жаңғыруға да үлес қосамыз. Жалпы, рухани жаңғыруды экономикамен үндестіре қарауымыз керек. Сонда біз бәсекеге қабілетті отыз елдің  бірі  болатынымыз  анық.

 Алмат   БАЙБОЛАТ,

Шыңғырлау  аудандық  жастармен  жұмыс  жөніндегі ресурстық  орталығының  директоры


Жамантаудың материалы жол салуға жараса екен

Күні: , 622 рет оқылды

«Ауданымызға облыс әкімінің өзі келіп, Елбасы тапсырмасымен қолға алынып жатқан қатқыл табанды жол салу, құрылыс, тағы басқа жайлармен танысып, Жамантауға да барады екен» дегенді естіген сайқындық ақсақалдар кеңес дәуірінен бергі сеңді жібітіп, облыс орталығына дейін асфальт жол төсеу ісін бастатқандары үшін Мемлекет, облыс басшыларына деген ризашылықтарын жеткізбекке аудан орталығының шығыс жақ бетінде жаңадан бой түзей бастаған көшенің тұсына жиналды. Облыс әкімі Алтай Көлгінов бастаған ат үстіндегі азаматтардың Бөкей ордасындағы жұмысы осы жерден бастау алды.

Жиналғандармен емен-жарқын сәлемдесіп, амандық-саулық сұрасқаннан кейін Алтай Сейдірұлы Мемлекет басшысының облысымызға биылғы сапары өңіріміздің дамуына тың серпін бергеніне тоқталып, Бөкей ордасының тарихына, Жәңгір ханның Нарын құмды ну орманға айналдыру бағытындағы игі істеріне қысқаша шолу жасады. Жетілу, даму өмір заңы екенін, Елбасымыздың Қазақстанды әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосу жоспарын, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» қайыра еске салып:

«Жасалып жатқан мүмкіндіктерді пайдаланып, еліміздің өркендеуіне үлес қосу әр қазақстандықтың міндеті», – деді облыс әкімі. Тапсырмаға орай шағын кәсіпкерлік иелерін несиелендіруге биыл былтырғыдан екі есе көп қосымша қаржы, жоғары оқу орындарына түсушілерге 20 мың грант бөлінгенін, студенттерге арналып 7 жатақхана салынатынын айтты. Содан кейінгі әңгіме жол жайына  ауысты.

Бөкейлік зейнеткерлер бұл бағытта ауылдың үлкен-кішісінің қуанышын жамырай жеткізіп, Елбасына, облыс, аудан басшыларына шексіз алғыс жаудырды. Ауыл қарияларының бірі Ноқаш Қадымов ҚР ИДМ  Автомобиль жолдары комитеті мен «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-дан келгендерге айтқанын облыс әкіміне де жеткізді, яғни аудан орталығы көшелерін асфальттауды да осы жобаға қосқан жөн.

Сайқын ауылының бес көшесін асфальттауға оралдық бір жол мекемесі келіскенін естігенде: «Біздің көше ілігер ме екен?» – деп әзіл-шыны аралас аудан әкіміне қарады ол.

Ал зейнеткер Елдос Кенжеғалиев жол елдің күре тамыры екенін, ол жақсарса, бізге туристермен қатар инвесторлардың да келуі көбейетінін, сондықтан  оның сапасына баса назар аудару, кейінгі ұрпаққа мұра болатындай ету  қажеттігін  тілге  тиек  етті.

– Елбасымыз Ордаға екі рет келді. Биыл жол құрылысына жоба жасалып, оның басталуы мен қарқын алуы күзгі салқынға ілігер. Сондықтан келер жылы Нұрсұлтан Әбішұлын шақырып, ілтипат, құрметімізді білдірсек, – деген ұсыныс тастады ауданның құрметті азаматы Чарльз Қойшыбаев. Сондай-ақ ол Елбасына аудан ардагерлері атынан хат жолдағанын жеткізді.

Облыс әкімі мен жиналғандар-ды ауданымыздағы атқарылған, атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырған аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов елді мекендерге ауыз су, газ құбырларын жеткізу жайларын картадан көрсете баяндап, Алтай Сейдірұлы қойған сұрақ-тарға тиісінше жауап та қайтарды. Облыс әкімі кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры Бибігүл Жұмағұлова бастаған бір топ кәсіпкермен кездесуге де уақыт тауып, жағдайларын сұрап білді. Шағын бизнестің өркен жаюына ұйытқы болуларын сұрады. Қолдан келген көмек көрсетілетінін баяндады.

Президент үндеген бес әлеуметтік бастаманың үшіншісі – жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту. Бұл қалаға қатысты жайт болса, ауылдарда да мектептер мен мектеп жанындағы интернаттардың, балабақшалардың көркін келістіріп, жайлылығын көтеру назардан тыс қалып жатқан жоқ. Соның бір айғағы – Сайқында салынып жатқан жаңа үлгідегі жатақхана құрылысы. Екі орта мектепке ортақ бұл интернаттағы оқушылардың ескі ғимараттың тар бөлмелерінде тығылысып жүргенін ауданымызға алғаш келгенде байқаған Алтай Сейдірұлы білім мен қаржы басындағыларға тәртіп беріп, жоспарға енгізуді шұғыл тапсырған-ды. Өткен жылдың қыркүйек айында басталған құрылыс қарқыны қыста да баяулаған емес. Бұйырса, биылғы жаңа оқу жылы қарсаңында пайдалануға берілмек. Облыс әкімі бұл нысанды да аралап көріп, құрылысшыларға табыс тіледі.

Сайқын ауылына осылайша азмұз аялдаған қонақтар одан кейін бірден Жамантауды бетке алды.

Жолай шаруасын дөңгелентіп отырған сексенге аяқ артқан қадірменді қария Иран Дәуле-новтың «Талап» қожалығына аялдады. Өз кезегінде еңбек етемін деген адамға қазіргі күні барлық мүмкіндік туғызылып жатқандығын баяндаған шаруақор азамат негізінен ірі қара мен жылқы өсіруге бағыт ұстағандығын айтты. Жаңадан тағы бір қысқы орын әзірлеп, өрісін кеңейтуді де жоспарлап қойыпты. «Қандай бұйымтайыңыз бар?» деген облыс басшысының сауалына әзірше еш нәрсеге мұқтаждық жоқтығын жеткізді.

Бөкей ордасы ауданына сапары барысында облыс әкімі Алтай Көлгінов қиыршық тас (шебень) мен шағыл тас (гравий) қоры бар Жамантауға да арнайы ат басын бұрды. Бұл кеніште бүгіндері «БекетСадЖол» ЖШС жаңағы қос құрылыс материалына зерттеу жүргізуде. Мұндай жұмыстарды атқару үшін аталмыш мекеме БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасынан лицензия алған. Бөкей ордасы ауданының әкімі Нұрлан Рахымжановтың сөзіне қарағанда, Жамантаудағы қиыршық тас пен шағыл тастың күні бүгінгі болжаулы қорының өзі 3 млн. текше метрді құрайтын көрінеді. Күн ілгері дерекке қарағанда, жамантаулық қиыршық тастың құрамы осы материалдың  «М-800» түріне келеді деседі. Мұның өзі асфальт жолдың табанына төсеуге жарамды деген сөз. Ал  Жамантаудың қиыршық тасын түбегейлі асфальттың құрамына қосуға келе ме, келмей ме, оны зертханалық сараптама 1-1,5 айда  анықтап  бермек.

Иә, мұндайда атам қазақ «көрінген таудың алыстығы жоқ» деуші еді ғой. Тақтайдай жолдың үстімен жүйткитін күн де жетер. Көгілдір отынды көреміз деп ойлап па едік?! Ендеше, жүйкені жұқартқан жол азабынан құтылар күн де келер.

Каримолла  ҒАЙСИН,

Бөкей  ордасы  ауданы


Мұғалім мәртебесі артса, ел мерейі асқақтайды

Күні: , 23 рет оқылды

«Рухани  жаңғыру»  білімнің  салтанат құруына  да  бағытталған бағдарлама  екені  белгілі. Қазір  республикамыздағы  білім  жүйесі пассионарлық  дүмпудің  жаңа  жолына  түсуде.  Бұл  істе  мұғалімнің  де  иығына  артылар  жүк  ауыр. Соған орай  елімізде, соның ішінде  облысымызда  мұғалімді  әлеуетті  мамандыққа, қоғамның  қадірлі  мүшесіне  айналдыру  үшін қажетті  іс-шаралар біртіндеп  қолға  алынуда. Педагогтарды  қолдау  шарасы  Бөрлі ауданында  да  сәтті  жүзеге  асуда.

«100  ұстаз»

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аудандық білім бөлімі іске асырып жатқан жобаның бірі дәл осылай аталады. Аудандағы мұғалімдердің мәртебесін көтеру мақсатындағы аталмыш жоба бойынша жергілікті «Қарашығанақ» телеарнасы арқылы үздік педагогтар насихатталып жатыр.

– Қоғамда мұғалім беделінің төмендеп кеткені жаныма батып жүретін. Педагогикалық бағыттағы мамандықтарға бұрынғыдай мектептің үздік түлектері емес, сабақты нашарлау оқығандар баратыны да көңіліме кірбің ұялататын. Тіпті физика-математика сынды факультеттерге түскісі келетін жастардың азаюы, соның салдарынан мектептерде пән мұғалімдерінің жетіспеуі де ойландырмай қоймайды. Осынау мәселені жоғары жаққа айтып қана қоймай, біз өз тарапымыздан не істей аламыз деген ой да мазалайтын. Ақылдаса келе, «100 ұстаз» жобасын қолға алдық.

Соған орай аудан әкімдігінің келісімімен білім бөлімі өз бюджетіндегі үнемделген қаржы есебінен 3 млн. теңге бөлетін болып, телеарнамен келісімшартқа отырдық, – дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Орынбасар Төлемісов.

Сәуір айында басталған жобаға шәкірттері, не өздері түрлі жетістікке жеткен 100 мұғалім қатысуда. Үш минуттық эфир уақытында сол жетістікке жетуіне үлестерін қосқан мектеп басшылығы, әдістемелік кабинет мамандары туралы да айтылады. Сөйтіп, жыл соңына дейін 100 мұғалім насихатталады. Жоба аяқталғаннан кейін телеарна арнайы бейнеальбом дайындап береді. Осылайша «Бөрлі ауданының 100 ұстазының тарихы» жасақталмақшы.

Орынбасар Төлегенұлының айтуынша, негізі ауданда 1637 мұғалім бар. Олардың көпшілігі мұндай жобаға қатысуға лайық. Бірақ бәрін бірдей телевидениеге шығаруға мүмкіндік жоқ. Соған орай қалған мұғалімдер басқа жобаларға тартылмақшы. Мәселен, енді «100 ұстаздың» кітап  түріндегі нұсқасын дайындау жоспарлануда. Оған тележобаға ілікпей қалғандар қатысады. Қазір аудандағы әр мектепте соған іріктеу жүріп жатыр. Бұйыртса, бұл жоба келесі  жылы  қолға  алынбақшы.

Педагогтарды  қолдаған ұтылмайды

ҚР Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен елімізде «Үздік педагог» байқауы өткізіліп жүргені белгілі. Шығармашыл педагогтарды анықтау, олардың кәсіби шеберліктерін арттыруға қолдау көрсетуді мақсат тұтатын бұл республикалық байқаудың аудандық кезеңі биыл Бөрліде де ерекше ұйымдастырылды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Ұстаз – өзгерістер елшісі» жобасы аясында өткен сайыстың бас жүлдесіне 100 мың теңге, 1-орынға 50 мың теңге, 2-орынға 30 мың теңге, 3-орынға 20 мың теңге тігілді. Сол себепті бұл білім бәсекесі тартысты болды. Оған республикалық, облыстық олимпиадаларда оқушылары жүлделі орын алып жүрген мұғалімдер, өздерінің шығармашылық еңбектерімен жетістікке жеткен балабақша тәрбиешілері қатысты. Сайыстың алғашқы кезеңінде 23 педагог бақ сынап, оның 12-сі келесі кезеңге өтті.

– Нәтижесінде түрлі жетістіктерге қол жеткізген, жаңа білімді меңгеру қабілетінің жоғары, өзгерістерге үнемі бейім екендігін дәлелдеген, педагогтық ситуациялық сұрақтарға ұтымды жауап берген аудан орталығындағы №5 мектептің физика пәнінің мұғалімі Ләззат Ақашева бас жүлдені алды. Көпшілік оның испандық «Кармен» биін әдемі орындап шыққанына да тәнті болды. Өнер демекші, Ақсай қалалық №5 орта мектептің биология пәнінің мұғалімі Гүлдана Мақсотованы біз актерлік қырынан таныдық. Александр Пушкиннің «Евгений Онегин» өлеңін оқығанда жиналған жұртшылықпен бірге біз де ХІХ ғасырға тап болғандай сезіндік.

Өйткені, сахнаның безіндірілуі, мұғалімнің өлеңдегі бас кейіпкердің образына еніп, өлеңді шын ықыласпен оқуы сол кезге жетелемей қоймайды. Ол 1-орынға лайық деп танылды. Ақсайдағы №4 «Айгөлек» балабақшасының тәрбиешісі Гүлсая Жұмашеваның да өлеңді әдемі оқитынына куә болдық. Мұхтар Шахановтың «Қасымды қабылдамаған адам хақында» өлеңін оқыған кезде бойымызда тас бауыр, даңғой адамдарға деген жиіркеніш сезімі көрініс берді. Жас өнерпаз әріптесімізге 3-орын бұйырды. Ал 2-орын алған №3 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Гүлнар Есмағұлова мұғалім-оқушы-ата-ана байланысын ерекше бейнелеумен есте қалды. Таяуда Оралда өткен аталмыш байқаудың облыстық кезеңінде Ләззат Ақашева ауданымыздың намысын абыроймен қорғап келді. Тамыз айында шығатын байқау қорытындысында жүлделі орындардың бірінен көрінеміз бе деген үмітіміз жоқ емес. Аудандық байқауға қатысқан он шақты педагогымызды түрлі аталымдар бойынша марапаттадық. Жалпы, мұндай байқаулар, мұғалімдерді марапаттау шаралары оларға тың күш, жұмысқа деген талпыныс беретіні белгілі. Сол себепті қолдан келгенше педагогтарымызға қарасып тұрамыз. Мәселен, ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай педагогтарға да, техникалық құрамдағы қызметкерлерге де сыйақы берген облыс көлеміндегі бірден-бір аудан болып табыламыз. Еңбекақылары 30 мың теңгені құрайтын техникалық құрам қызметкерлері үшін сыйақы ретінде берілген 20 мың теңгенің өзі аз да болса көмек екені анық. Қысқа жіп күрмеуге келмей, қиналып жүргендер сапалы жұмыс істей алмайтындары белгілі. Соған орай оларды қолдау шаралары назардан тыс қалып жатқан жоқ.

Жалпы, педагогтардың еңбекақысын өсіріп, әлеуметтік жағдайларын оңалту шараларын алғаннан мемлекет ұтылмайды. Қолдау күшейсе, мұғалімдікке бет алушы буынның қатары артады ғой. Білім саласындағы кадр жетіспеушілігі де тыйылады. Ең бастысы, рухани тұрғыдан жаңғырудың түпкі  мақсатын өзі де  жете біліп, өзгеге де  түсіндіре  алатын әріптестеріміздің қатары көбейер еді. Қорыта  айтқанда, мұғалім мәртебесі артатын күн де қашық емес деп ойлаймын, – дейді Орынбасар  Төлегенұлы.

 

Амангелді БИЖАНОВ,

Ақсай қаласының тұрғыны:

– Биыл – біз үшін ерекше жыл. Мұғалім болып қызмет атқаратын зайыбым Ләззат Ақашева Бөрлі ауданының «Үздік педагогы» атанды. Облыстық байқауға қатысты. Таяуда оны жергілікті телеарнадағы «100 ұстаз» хабарынан көрсеткен соң, туысқандарымыз, достарымыз хабарласып, құттықтап жатты. Біз де қуанып қалдық. Жалпы, ауданымызда ұстаз мәртебесін көтеру үшін атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Мұғалімдерді насихаттау, олардың еңбегін бағалау мақсатындағы іс-шаралар үшін аудандық білім бөліміне отбасымның атынан үлкен алғысымды айтамын. Барша ұстаздар қауымына шығармашылық табыс, отбасыларына  амандық  тілеймін!

Сәкен  МҰРАТҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Үйдің іргесіндегі дүбір

Күні: , 48 рет оқылды

Футболдан Ресейде жалауын көтеретін ХХІ әлем чемпионатының басталуына бар болғаны бес-ақ күн қалды.   Жанкүйер жазғанның түн ұйқысын төрт бөлетін дүниежүзілік доп-дода көрші елде 14 маусым — 15 шілде аралығында өтеді. Төрт жылда бір айналып келетін бұл байрақты бәсеке Ресей Федерациясының Мәскеу, Санкт-Петербург, Волгоград, Екатеринбург, Қазан, Калининград, Нижний Новгород, Ростов, Самара,  Саранск және Сочи сықылды 11 қаласында өтеді. 32 мемлекеттің ұлттық құрамасы қатысатын бұл чемпионат 14 маусым күні Мәскеудің атақты «Лужники» стадионында Ресей мен Сауд Арабиясы құрамаларының арасындағы ойынмен басталады.

Аяқдоптан әлем чемпионатына қатысу бойынша рекорд Бразилияға тиесілі. Бұл елдің құрамасы бұған дейін өткен 20 әлем чемпионатына түгел  қатысқан жалғыз команда. Ал іріктеу кезеңіндегі шешуші ойында Коста-Рика құрамасын жеңіп, соңғы 32-ші жолдамаға ие болған Панама және өз тобында ең көп ұпай жинап, әлем чемпионатына тікелей жолдама алған Исландия құрамалары аяқдоптың аламанына алғаш рет қатыспақ. Айтпақшы, Панама құрамасы ала доптың осы аламанындағы ең сақа команда саналады. Төрткүл дүние түгел көз тігетін мундиальдың топтық кезеңі 28 маусымда тәмамдалып, финалдық ойын 15 шілде күні өтуі тиіс.

Нидерланд, Уэльс, АҚШ, Чили, Словакия, Украина құрамалары әлем чемпионатынан шет қалды. Бұл Арьен Роббен, Гарет Бейл, Клинт Демпси, Алексис Санчес, Андрей Ярмоленко сынды саңлақ футболшылардың өнерін алдағы аламанда көре алмаймыз деген сөз. Есесіне жанкүйерлер Неймар, Месси, Роналду, Азар, Коутиньо, Жезус, Алли, Кейн, Вернер, Хуммельс, Кроос, Чичарито, Лукаку, Решфорд, Стерлинг, Уокер секілді көптеген аяқдоп шеберлерінің өнерін тамашалай алады.

Футболдың бұл жолғы көкпарынан Түркия, яғни түрік бауырларымыз да шет қалды. Мұны азсынсаңыз, бұрын КСРО құрамында болған елдерден Ресейден басқа бірде-бір мемлекеттің құрамасы іріктеу кезеңінен өтпегендіктен орман-орыстың еліндегі бүкіләлемдік бәсекеге қатыспайды.

Қазір Ресей тарапы «Футболшылар жасыл алаңда жан алысып, жан берісетін жаһандық жарысқа тас-түйін дайынбыз!» жер-жиһанға жар салуда. Әлем чемпионатында жеңіске жеткен құрамаға табысталатын ФИФА-ның Алтын кубогы Мәскеуге жеткізілді. Сегіз ай бойы жер жүзін шарлаған таза алтыннан құйылған кубоктың салмағы 6 келіден асады. Бұл аса құнды кубок жеңіске жеткен командаға басыбайлы берілмейді, тек уақытша табысталады. Себебі, ФИФА-ның ережесі бойынша, бұл Кубок үнемі осы ұйымның меншігіндегі дүние.

Ретті жерінде айта кетелік, Ресейде өтетін футболдан Әлем чемпионатының Қазақстан аумағындағы ресми хабар таратушылары – «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары.

Жуырда әйгілі футбол патшасы Пеле әні-міні басталатын әлем чемпионатында өз отандастарын, яки Бразилия құрамасын әлем тәжіне лайық деп санайтындығын мәлімдеді. Алайда футбол королі сүйдеді екен деп, өзге елдің аяқдопшылары Пеленің отандастарының алдында қоғадай жапырылмасы кәміл.

Осы чемпионатқа қатысты іріктеу кезеңін өте сүреңсіз өткізгендіктен Қазақстанның бас командасы әрине, өзімізбен 7 мың шақырымнан астам ортақ шекарасы бар Ресейдегі «қанмайданға» қатыс алмайды. Дүниежүзілік доп-дода бұған дейін бірде-бір рет біздің елмен шекаралас мемлекетте өткен емес. Үйіңнің іргесіндегі өтетін аламан бәйгенің дүбірін естіп тұрып, ат қоса алмайтының қандай жаман! Сөйте тұра Отанымыздың ұлттық құрамасы соңғы кездері өрнекті ойын көрсете бастады. Мәселен, осы аптадағы   жолдастық кездесуде Қазақстанның негізгі командасы Әзербайжанның құрамасын 3:0 есебімен ойсырата жеңіп, айды аспаннан бір-ақ шығарды. Кім білсін, аяқдоптың келесі аламанына біздің жігіттер де қатысып, бәлкім, жасыл алаңда атой салар…

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

 «Орал өңірі»

«ӘЧ-2018» ерекшеліктері:

Ресей – мундиальді қабылдайтын он сегізінші ел. Бұған дейін тек Мексика, Франция, Италия, Бразилия, Германия екі рет әлем чемпионатын қабылдады. 2002 жылы әлем чемпионаты екі елде – Оңтүстік  Корея мен Жапонияда өтті.

Перу – 36 жыл үзілістен кейін (соңғы рет 1982 жылы қатысты), Египет – 28 жылдан кейін (1990), Марокко – 20 жылдан кейін (1998), Сауд Арабиясы 12 жылдан кейін (2006) әлем чемпионатына қатысады.

Биылғы додаға әлем чемпионы атанған құрамалар ішінен Италия ғана қатыса алмайды. Италиялықтар 1958 жылдан кейін араға 60 жыл салып мундиаль жолдамасынан тыс қалды. Басқа чемпиондар – Уругвай, Бразилия, Германия, Англия, Аргентина, Франция, Испания құрамалары дода көрігін қыздырады.

Бразилия – барлық әлем чемпионатына үздіксіз қатысып келе жатқан жалғыз құрама.

Ресейдегі додада тұңғыш рет бейнеқайталау пайдаланылады.

Жаңа талап бойынша, әлем чемпионаты кезінде қарсыласын нәсілдік тұрғыда жәбірлеген немесе шыдамдылық танытпаған оқиға болып жатса, төреші ойынды тоқтата тұруға, тіпті мүлде өткізбеуге де құқылы.

Футболдан 2018 жылы Ресейде өтетін әлем чемпионатының бойтұмары (талисман) «Забивака» атты қасқыр болды. Оны дизайнер студент Екатерина Бочарова жасап шығарды. Бойтұмар бүкілресейлік дауыс беру қорытындысы бойынша анықталды. Төрт жылда бір рет өтетін доданың басты бойтұмарын таңдауға қасқыр, Амур жолбарысы мен мысық ұсынылған еді. Дауыс беру барысында ресейліктер қасқырды таңдады. Дауыс берушілердің 52,8%-ы «Забивака» қасқырын лайықты деп таныған. Амур жолбарысы 26,8 %, мысық 20,4 % дауыс жинаған.

Америкалық әнші Джейсон Дерулоның Colors  атты композициясы  әлем чемпионатының ресми гимні болып танылды.

Биылғы додада Бразилия топ жаратын болса, әлем чемпионы атағын 6-рет иеленеді. Ал Германия чемпион атағын сақтап қалса, Бразилияны қуып жетпек (5 рет).

«A Bola» басылымының мәліметі бойынша, футболдан 2018 жылғы әлем чемпионатының финалдық кезеңіндегі барлық сегіз топта «Барселона» командасының футболшылары бар. Мұндай дерек бұрын-соңды әлем чемпионаты тарихында болмаған. Биыл бірінші рет футбол жанкүйерлері осындай қызықты фактіге куә болып отыр.

Жарыстың басты символының бірі доп екені жасырын емес. Ресейдегі әлем чемпионатының ресми добы «Telstar 2018» деп аталады. Допты «Adidas» фирмасы жасаған. Ерекше үлгідегі доп алты панель мен жапсарсыз үйлесім негізінде жасалған. 1970 жылы Мексикада өткен әлем чемпионатының добы да «Telstar» деп аталған екен. Доптың тестілеу сынақтарына Аргентина, Колумбия және Мексика құрамалары мен «Манчестер Юнайтед», «Ювентус», «Реал» және «Аякс» клубтарының ойыншылары қатысқан. Ал допты Лионель Месси таныстырған болатын.

ФИФА әлем чемпионатының сыйақы қорын молайтты. Енді чемпион құрама 50 млн АҚШ долларын иеленеді. 2014 жылғы чемпион 35 млн доллар алған еді. Биыл чемпионатқа қатысатын 32 құрамаға 582 млн доллар сыйақы бөлінген. Төрт жыл бұрын бұл көрсеткіш 476 млн еді.

Ресейдегі әлем чемпионатын ұйымдастыруға 20 млрд долларға жуық ақша жұмсалды. Бұл 2014 жылы Бразилияда өткен мундиальдің шығынымен шамалас.

Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) мәліметінше, әлем чемпионатының билеттерінің басым бөлігін ресейлік футбол жанкүйерлері (46,9%) сатып алған. Одан кейін АҚШ (80 161), Бразилия (65 863), Колумбия (60 199), Германия (55 136), Мексика (51 736), Аргентина (44 882), Перу (38 544), Қытай (36 841), Австралия (34 628) және Англия (30 711) елдерінің жанкүйерлері тұр. Еске сала кетейік, билет сатып алу бойынша ондыққа кірген АҚШ, Қытай елдері бұл әлем чемпионатына қатыспайды.

2018 жылдың 25 мамыр-25 шілде аралығында Ресейде әлем чемпионатының финалдық кезеңдері өтетін 11 қалада шетел азаматтары, оның ішінде Қазақстан Республикасының азаматтары үшін арнайы тіркеу ережесі енгізілді. Шетел азаматтары көрсетілген қалаларға келген күннен бастап үш күннің ішінде РФ Ішкі істер министрлігінің тиісті аумақтық органдарына немесе Мемлекеттік және муниципалдық қызмет көрсету көпфункционалды орталыққа тіркеуге өтініш беруі қажет. Тіркеу мерзімі Ресей Федерациясына келген күннен бастап емес жоғарыда аталған қалаларға келу күнінен бастап есептеледі. Ресейдің қалған аумағы бұрынғы режим бойынша жұмыс істейді – ҚР азаматтары үшін 30 күнге дейін тіркеусіз бола алады.

Мәліметтер ғаламтордан алынды


Ғұлама Ғұмар

Күні: , 42 рет оқылды

Жақында ғана Астана қаласында ғалымдар мен студенттердің қатысуымен Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Ғұмар Қараштың еңбектері мен зерттеушілердің бұрын жарық көрмеген зерттеулері топтастырылған үш томдығын таныстырдық. Бұл біздің бірнеше жылдық қажырлы еңбегіміздің нәтижесі, сондықтан бұл жинақты шығару мақсатымыз, деректерді қайдан алғанымыз жөнінде осы кітапта жазылған алғысөзді қалың оқырманға ұсынамын.

Бұл жинақты жиыстырудағы асыл мақсатымыз – Ғұмар Қараш заманында шығарған «Шайыр, яки қазақ ақындарының басты жырлары» және «Көксілдер, яки бұрынғы мырза, ұлы һәм ноғайлы батырлары уә ғайри мағыналы жырлар» жинақтарының алғысөзінде жазған ойлармен ұштасып жатыр. «Шайыр» жинағының алғысөзін былай бастайды: «Белгілі білік иесі адамдар айтыпты: «Жыр, өлең һәм билік сөздерін сақтамаған халық жансыз» деп. Бұ сөз бек дұрыс. Неге десеңіз, әр елдің елдігі, мәселен, қазақтың қазақтығы, татардың татарлығы, орыстың орыстығы өздерінің ата-бабаларынан қалған айырым тілдерін жоғалтпай қолданумен сақталады. «Әр ел өз тілін сақтау» ол елдің жыр һәм ескі сөздерін сақтамай мүмкін болмайды. Соның үшін де өнерлі, ілімді халықтарда бұ «тіл сақтау» жайында бек мұқияттық бар…». Ал «Көксілдерде» «Жыр шығарудағы бірінші дәреже мақсат: әр елдің ана тілін һәм ондағы шешендікті жоғалтпай сақтау болады. Екінші дәреже мақсат: ол тәтті жыр арқылы оқушыларға әсер беріп, «батыршылық», «жомарттық», «әлемге қызығу» секілді көркем сипаттарға үндеу болады…» деп ойын жалғаған.

Ғасыр өтіп, азаттығымызды алған соң ғана Ғұмар Қараштың айтқан сөзі, жазған жазбалары, атқарған істері бүгінгі ұрпаққа үлгі екендігіне көзіміз жетіп отыр. Біздің ісіміз «Болмасаң да, ұқсап бақ» демекші, Ғұмар Қараштың халықтың қамы үшін жасаған істерін мүмкіндігімізше жалғастырып, қолдарыңыздағы кітап арқылы ұрпақ үшін құрбан болған бабамызды халқымен қайта қауыштыру. Бұл кітаптар – бірнеше жылдық еңбегіміздің жемісі. Мен үшін ең басты мақсат – болашақ ұрпақ алдындағы борышымызды, Ғұмар Қараштың алдындағы парызымызды өтеумен қатар, Мәскеудегі асылдың сынығы, Ғұмар Қараштың туған немересі, ғалым Надежда Бұрханқызының алдындағы уәдемді орындау.

Ғұмар Қарашты әлі танып болмағанымыз анық. Оны тану үшін әлі талай зерттеу жұмыстары жүргізілуі қажет. Әзірге қолда бар деректер бойынша білетініміз: Ғұмар Қараш – ХХ ғасырдың басын «тар жол, тайғақ кешу» деп сипаттаған, заманының озық ойлы ақыны, философ, ағартушы. Сөзі мен ісі қабысқан ғұлама терең игерген діни білімінің арқасында сол саладағы жоғары қызметтерді атқарған. Кейін дүмше молдалардың надандығын ашық әшкерелеп, ағартушылыққа ден қойған. Еліміздің азаттығын армандап, соған қол жеткізу жолында бар күш-жігерін жұмсаған. Ағартушылық бағытта өз заманында көп іс тындырады. Қазақтың ауыз әдебиеті мен жазба әде-биетін дамытуға да елеулі үлес қосқан. «Ойға келген пікірлерім», «Бәдел-хажы», «Бала тұлпар», «Аға тұлпар», «Қарлығаш», «Өрнек», «Тумыш», «Тұрымтай» өлең жинақтарын шығарып, философиялық ой-толғамдарын жазған. 1910-1912 жылдары «Шайыр, яки қазақ ақындарының басты жырлары» және «Көксілдер, яки бұрынғы мырза ұлы һәм ноғайлы батырлары уә ғайри мағыналы жырлар» деген атаумен қазақтың батырлар жырының жинағын жариялаған. Қазақ даласында елдің мүддесін көздейтін бірде-бір газет жоқ кезде тұңғыш рет «Қазақстан» атауымен халыққа білім мен кәсіп үйретуді мақсат ететін газет шығаруды ұйымдастырды. Алғашқы ағартушылық, білім беру, сауат ашу, тәрбие бағытында «Мұғалім» атты ғылыми журналды шығаруды ұйымдастырып, басқарды. Өз дәуіріндегі халыққа кең тараған «Айқап», «Мұғалім», «Шора» журналдары мен «Қазақстан», «Ұран», «Дұрыстық жолы», тағы басқа татар тілдеріндегі баспасөз бетінде халыққа оң бағыт-бағдар берген, бірлікке, ынтымаққа үндеген, білім, кәсіп игеруге бағытталған ой-пікірлері мен өлеңдері жарық көрді. Сол кезеңде қазақтан осынша жинақ шығарған Ғ. Қараш қана. Халыққа қызмет етуді өмірінің мақсат-мұраты санаған ақын 1918 жылы Ордадағы педтехникумда сабақ беріп, 1919 жылы Ордада қазақ жазушыларын біріктіретін алғашқы одақ негізін салып, «Дұрыстық жолы» газетін шығаруы, өзі туып-өскен өңірден «Қырқұдық» аталатын ауыл шаруашылығы артелін ұйымдастыруы Ғұмардың ел үшін еткен өлшеусіз еңбектерін таныта түседі. 1875 жылы Ішкі Бөкейлікте (қазіргі Жәнібек ауданында) Қырқұдық деген жерде дүниеге келіп, 1921 жылы небәрі 46 жасында Құнаншапқанда қаскөйлердің қолынан қаза тапқан Ғұмар Қараш соңына мол мұра, өшпес із қалдырды. Өз замандастарының бірі, белгілі ғалым Есмағамбет Ысма-йылов Ғұмар Қарашты «Абайдан кейінгі ірі классик ақын…» деп бағалағанымен, 1947 жылы Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің «Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институты жұмысындағы саяси өрескел қателер туралы» қаулысымен Ғұмар Қараш «революцияға дұшпан буржуазиялық-ұлтшылдық Алашорда партиясы қайраткерлерінің бірі» деп көрсетіліп, мектеп оқулықтарынан алынып, болашақта зерттеуге, насихаттауға тыйым салынды. Жүйенің сорақылығы, тағдырының қасіреті сол, Ғұмар Қарашты өлтіргендерді билігі әбден орныққан Совет үкіметі іздемеді, жазаламады. Тіпті ат жалын тартып мінген үлкен ұлы Абдулқадырды да бір жылдан соң қаскөйлер өлтірді. Елдің ертеңі үшін өлшеусіз тер төккен әкені де, оның жолын қуған ұлын да құртып тынды.

2012 жылы Мәскеуде осындай текті тұлғаның тікелей ұрпағы, туған немересі бар дегенді естігенде қуансам, сол жылы арнайы барып сұхбаттасқан соң тіпті шаттанғанмын. Надежда Бұрханқызы Қарашевамен бірнеше сағат әңгімелескенбіз, ол туралы ақпарат құралдарында кеңінен жарияланды. Бірақ сұхбатымыздағы «Ғұмар Қарашқа қатысты құжаттар, материалдар бар ма?» деген сауалымды да, оған берген жауапты да жария етпегенмін. Себебі оның артында үлкен жауапкершілік жатты. Бұл сұрақты қойғанымда ойланбастан, бар екендігін айтып, келесі бөлмеге алып барды. Алдыма он шақты папканы әкеліп берді. Сыртымнан қалай қабылдар екен деп бақылаған да болар. Әр папканы ашып қарап, ішіндегі маңызды жазбаларды көргенімде, аса қызыққаным сырт көзге анық байқалған болуы керек. Түпнұсқаны сұрап алуға дәтім бармай, ішіндегі маңыздыларының көшірмесін алуға рұқсат сұрағанымда, көңілі босап, көзіне жас алып: «Осы жасқа келгенде мені қатты мазалайтын осы папкалардағы жиналған қағаздар еді, түрлі зерттеушілер хабарласқан, бірақ сенбедім бе, бермедім. Көзбе-көз сөйлесіп, атқарған істеріңмен таныс болған соң сенім арттым, бәрін елге ала бар, керегін кәдеңе жаратқан соң, жергілікті музейге тапсырарсың» – деп аманаттады. Дауысында толқумен қатар, ерекше жайбарақаттық байқалды. Сөзін әрі қарай жалғап, «Аллаға ризамын, жасым ұлғайды, енді не болса да, еш өкінішім жоқ, мойнымнан ауыр жүк түсті» – дей келе, аналық алғысы мен тілегін айтты. Осылайша, жас кезінен бастап өзі жинақтаған, Мұстафа Ысмағұлов пен Гүлжау Сұлтанғалиева тапсырған мол мұрасын қолыма алып, елге қайтқанмын. Келген бойда әр папканы ретімен танысып, маңызды-ларын болашақ жинаққа теруге дайындадық. Мысалы, Ғұмар Қараштың «Қырғи» жинағын естігенімізбен, бізге дейінгі зерттеушілер де, біз де еш жерден таба алмағанбыз. Бұл жинақ «Жарияланбаған шығармалар Ғ. Қ.» папкасынан табылды. Басына былай деп жазылған: «Қырғи қ/б-нан, пенсионер Иманбай Жұмағалиев жазып тапсырған дәптерден көшірілді, Ғұмар Қараштың баспасөз бетіне шықпаған «Қырғи» деген шығармасын қолжазбасынан біреуден-біреу көшіріп жазып алып, 1918-20 жылдарда оқып жүрісті. Мен де оқыдым. Содан есімде қалған кейбір қысқа үзінділерін төменде жаздым. Көлемділеу тақырыптарын да ұмытыппын…». Тағы бір папкадан осыдан 106 жыл бұрын жарық көрген «Өрнек» жинағының түпнұсқасының табылуы да үлкен олжа болды. Жаза берсе, мұндай маңыздылар өте көп, әрқайсысын бір-бірлеп таныстырмай, арқалап келген дүниелердің құндылығын көзі қарақты оқырман өзі-ақ түсінеді деген ниетпен осы кітаптың соңында толық тізімін (1-кесте) ұсындық.

Тыңнан түрен салып, зерттеуімізге себепші болған Мәскеудегі бүгінде көзі тірі немересі Надежда Бұрханқызы Қарашеваның текті тұқымнан екендігі өмір жо-лынан анық байқалады. Ол 1930 жылы Орал қаласында дүниеге келген. 1948 жылы Алматыда орыс орта мектебін алтын медальмен, 1953 жылы М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік уни-верситетіндегі  филология факультетінің шығыс бөлімін қызыл дипломмен тәмамдаған. 1953-1962 жылдар аралығында Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтында қызмет еткен және осында «ХХ ғасырдың басындағы қазақ көркемсөзіндегі грамматикалық тіл ерекшеліктері («Айқап» журналындағы материалдар бойынша)» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғаған. 1963 жылдан бүгінге дейін Мәскеу қаласында тұрады. Сексеннен асқан шағына дейін Ресей Білім академиясының филологиялық орталығында ғылыми хатшы қызметін атқарған. Тіл мәселелері, тілді оқыту әдіс-темелері тақырыптарында жарияланған 120-дан аса еңбектің авторы. Ғылымға қосқан үлесінен бөлек, өзінің атасын зерттеп, насихаттауда да өлшеусіз еңбек сіңірген. Ғұмар Қараштың шығармаларын орысшаға аударып, кі-тапша шығаруы, ата-тек шежіресін (2-кесте) жазып, барша ағайындарына таратуы – осының айғағы. Шыққан текті білудің де маңыздылығын ескеріп, осы жинаққа қоса беріп отырмыз.

Надежда Қарашеваның ерекше сенімі мен жылы сөздері аянбай қызмет етуге сеп болды, бірақ асылдың сынығының аманаты мойныма ауыр жүк болғаны да рас. Оны мүмкіндігімше сапалы орындауды басты мақсат еттім. Қолда барды жинақтап, ыждағаттап, жинақ шығара салуға болар еді. Бірақ оған ар жібермеді. ХХ ғасырдың басындағы баспасөз беттерінде Ғұмар Қараштың талай еңбегі жарық көргенін білген соң оларды қарамай, болса, қоспай аттап кетуді жөн санамадық. «Қазақстан» газетінен соң «Ұран», «Дұрыстық жолы», «Қазақ дұрыстығы» газеттері, тағы басқаларын тауып, араб әліпбиінен аудару мақсатымыздың артында осы мәселе де бар еді. Бірақ біз толық жинадық деп айта алмаймыз. Себебі «Қазақ» газеті, «Айқап» журналы толық қаралған жоқ, оған татар тілінде шыққан баспасөздерді қосыңыз. Дегенмен қолда барды жүйелеп, топтастыруға бел будық.

Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жасалып жатқан жұмыстың бірі – Қазақстанның киелі орындарының қатарына Ғұмар Қараштың бейіті енуі тегін емес. Ғұмар Қарашты да, ұлын да өлтіргендер – қазақты бодандықтың құрсауында қапсыра ұстауды мақсат етіп, қарсы келгенді түрлі айламен көзін құртқандар. Заманында өзін де, сөзін де, жазбаларын да құрттық деген болар. Бірақ ғасыр өткен соң аңсаған арман орындалып, азат ел болып, осы жолда шәйіт болған жандар ұрпақпен қайта қауышуда. Ұлттық идеологияның темірқазығына айналып, жатқан жерінің өзі рухына тағзым етіп, зиярат ететін қасиетті жерлердің қатарына қосылуда. Бізге рухына тағзым ету үшін жатқан жері қандай маңызды болса, сәйкесінше, оны танып-білу үшін жазған жазбалары да аса маңызды.

Осы орайда мүмкіндігінше ақын шығармаларын жинақтап, екі томдық еттік. Бірінші томына оның поэзиялық, ал екіншісіне прозалық туындылары топтастырылды. Мәскеуден келген құнды қағаздардағы Ғұмар Қараштың поэзиялық және прозалық шығармаларын сәйкесінше қостық. Ақылдаса келе, үшінші томын шығаруды жөн санадық. Онда Надежда Бұрханқызының өзі орысшаға аударған атасының өмірбаяны мен еңбектерін және Мұстафа Ысмағұлов пен Гүлжау Сұлтанғалиеваның Ғұмар Қараш туралы жазған зерттеу еңбектерін, түрлі маңызды естеліктерді енгізіп отырмыз. Себебі Надежда Бұрханқызы бар құжаттарын маған табыстағанда қалай үміт артса, қос ғалым Мұстафа Ысмағұлов пен Гүлжау Сұлтанғалиева да Кеңес заманында тырнақтап жинағандарын Мәскеуге барып, Надежда Қарашеваға тапсырған. Өздері бар деректі жиып, қалай  да ұрпаққа нар тұлғаны таныстырып кетуге ұмтылған. Тек ол заманда елдің азаттығын аңсаған, сол жолда талмай еңбек еткен тұлға қажет емес еді. Тіпті тыйым салынған-ды. Сондықтан қандай жолмен болса да, танытуға тырысқан. Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романында Абайды халықпен қауыштыру үшін әкесі Құнанбайды жағымсыз етіп көрсеткендей, Ғұмар Қарашты цензурадан өткізу үшін Кеңестік идеологияны қолдаған деп те айтады. Шын мәнінде, бұл екі ғалым біз үшін бар жұмысты тындырып қойған. Тек уақыты келгенде жинақтап жариялауды қалдырған. Үшінші томда олардың атқарған еңбектері өз авторлықтары сақталып, жарық көргенін қош көрдік. Осылайша, жиған-тергеніміз үш том болды. Үш томдықты барынша сапалы етіп шығару үшін алғашқы нұсқасын Алматыдағы ғылым ордасында ғалымдарға таныстырып, алып-қосарлары болса, ұсыныстарын сұрап, алдарынан өттік.

Бұған дейін зерттеуші-ғалым Қабиболла Сыдиықовтың Ғ. Қараш туындыларын құрастырып, «Замана» кітабын бастырғаны белгілі. Біздің ісіміз – қолдан келгенше осы кітаптың ізімен әрі қарай толықтыру. Бұл істі санаулы ғана жанашырлар бас біріктіріп жасап отырмыз, арамызда ғалым атағы бар ешкім жоқ. Сондықтан кемшіліктеріміз болса, аса сөкпеңіздер. Болашақта кем-кетігін түзеп, қосарын қосып, қайта шығаруға болады.

Әр шығарманы нақты қайдан алғанымызды, араб әліпбиінде болса, кім аударғанын көрсетуді жөн санап, соңына арнайы кесте қостық.

Бұл істі ұйымдастыруда уақытпен санаспай еңбек еткен әріптестеріме алғысымды білдіремін. Іздеу, табу, келісу, ақылы болса, ақысын төлеу, алдыру, аудару, жүйелеу – аса жауапты іс. Міне, осындай қажырлы еңбектің арқасында қазақтың біртуар тұлғасы Ғұмар Қараштың шығармалары оқырманға жол тартып отыр.

Осыған дейін баспасөз тарихына, құлпытастарға арналған, басқа да рухани бағытта көптеген кітап шығардық. Бәрін де жүрек қалауымен, өз бастамамызбен атқардық. Бұл да солай, бірақ жауапкершілігі аса зор. Себебі бұл аманат ретінде тапсырылған, атқаруға уәде етілген іс еді. Міне, тектінің ұрпағы үміт еткен, оған сенген қос ғалымның үмітін ақтауға тырысып, уәдені орындап, менің де мойнымнан жүк түскендей хәлдемін.

Оқыңыз, ой түйіңіз, өзгеге таратыңыз!

Жантас  НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Жайық  Пресс» ЖШС-ның  Бас директоры


«Береке бар жерге бақыт ұялайды»

Күні: , 46 рет оқылды

Облыс әкімі Алтай Көлгіновтің аудандарды аралап, жоспарлы жұмыстардың жүргізілу барысымен танысу сапары кеше Жаңақала ауданында жалғасты.

Облыс әкімі алдымен аудан орталығында салынып жатқан көп қабатты тұрғын үй құрылысы алаңына келіп, еңбек ардагерлері, ауыл тұрғындарымен кездесті.

Биылғы жылы да аудан бойынша атқарылып жатқан құрылыс көлемі ауқымды еді. Соның бірі де бірегейі – халық сұранысы бойынша облыс басшылығының қолдауымен жүзеге асып жатқан Жаңақала топтық су құбыры құрылысы болатын. Былтыр тамыз айында басталған құрылыс биыл жыл соңында пайдалануға берілуі тиіс. Облыс басшысының тікелей қадағалауында тұрған құрылыс қарқынды жүргізіліп келеді. Ұзындығы 145,69 шақырым болатын су құбырын, оның қажетті нысандарын салу, әрине, жеңіл жұмыс емес. Осы су құбыры арқылы ауданның сегіз елді мекенін, онда тұратын 17 мыңға жуық адамды таза ауыз сумен қамтуды көздеген құрылыстың бүгінгі жай-күйімен танысқан әкім мердігерлерге жұмыс сапасын кемітпеуді тапсырды.

Сондай-ақ облыс әкімі А. Көлгінов тұрғындармен бірге аудандағы жүргізіліп жатқан инженерлік инфрақұрылым, тұрғын үй құрылыстары, жолдар мен спорт алаңдары, суармалы көлтабандардың арықтары мен су қақпаларын жөндеу жұмыстары туралы мамандардың хабарламаларын тыңдады. Мұнан кейін кездесуге жиналған тұрғындармен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында пікір алысты.

– Ең өзекті мәселе – халықты таза ауыз сумен қамту. Таза ауыз су адамдардың денсаулығын сақтау үшін қажет. Елбасы тапсырмасы бойынша облыста бұл жұмыс жоспарлы жүріп жатыр. Мақсатымыз – адамдардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту, – деген Алтай Сейдірұлы  аудан әкіміне үнемделген қаржыдан жол жөндейтін қуатты техника алуды тапсырып, тұрғындарға мал басын көбейту керектігін айтты.

Мал өнімдерін өткізудегі қиындықтарды айтқан ардагерлер сауалына орай бұл бағытта облыста жүргізіліп жатқан жұмыстарды әңгімелеп берді.

– Кәсіпкерлікті дамыта түсіңіздер. Өз күнімді өзім көремін деген адамға ешкім кедергі жасамайды. Біздің міндетіміз – істеймін деген адамға жағдай жасау, – деп қорытты облыс әкімі бұл жердегі кездесуді.

– Облыста атқарылып жатқан жұмыстарға қанықпыз және ризамыз. Жақында жұмыс сапарымен өңірімізге келген Елбасы біздің облысты экологиялық таза аймақ деп атады. Енді жемқорлықтан таза облыс атануымызға тілекшіміз, – деген аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Шайдолла Абуғали аудан жұртшылығы атынан атқарылған игі істер үшін алғыс білдірді.

Облыс әкімі мұнан кейін аудан орталығында салынып жатқан жобалық құны 220458,58 мың теңге болатын үш қабатты 24 пәтерлік жалдамалы тұрғын үй құрылысын көріп, өз қолымен қабырғасына кірпіш қалап, құрылыстың ел игілігіне айналуына тілек білдірді.

Сондай-ақ облыс әкімі аудан тұрғыны Батырбек Бердіғалиевтің жеке кәсіпкерлік нысанына ат басын тіреп, мұнда аудан кәсіпкерлерімен, жастар өкілдерімен кездесті.

Кәсіпкерлермен әңгіме үстінде облыс әкімі:

– Елбасының бес әлеуметтік бастамасының біреуі – шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту үшін қайтарымсыз демеу қаржыны көбейту. Облыс бойынша субсидия өткен жылғыдан биыл екі есе көбейді, – деп кәсіпкерлікке мемлекеттік қамқорлық жайын сөз етті.

Жастар өкілдерімен өрбіген әңгімеде «Жасыл ел» бағдарламасының аудандағы барысын тыңдап, белсенді жастар ісіне ризашылық білдірді. Жастарға жасалып жатқан қамқорлық жұмыстарына тоқталды.

– Біреу үшін емес, өзіміз үшін істейміз, – деген Алтай Көлгінов салынып жатқан құрылыс нысаны ішіне ұя салған қарлығаштарды да назарынан тыс қалдырмай, жақсылық белгісіне балады.

Сөйтіп, уақытының қауырттығына қарамай халық өкілдерімен кездесіп, жүргізіліп жатқан жұмыс барысымен танысқан облыс әкімі аудан басшыларына нақты тапсырмалар беріп, береке бар жерде бақыт ұялайтынын, аталған үлкен құрылыстар біткенде арнайы келіп, ел қуанышын бірге бөлісетінін айтып, ауданнан аттанып кетті.

Өмірзақ  АҚБАСОВ,

Жаңақала  ауданы


Бес бастама – қоғамның әлеуметтік бірлігінің тұғыры

Күні: , 30 рет оқылды

Бейсенбі күні Х. Бөкеева атындағы облыстық  қазақ драма театрында БҚО Қазақстан халқы ассамблеясының ХХІ сессиясы өтті. Облыс әкімі, БҚО ҚХА төрағасы Алтай Көлгіновтің төрағалық етуімен болған жиынға Қазақстан халқы ассамбеясы төрағасының орынбасары Леонид Прокопенко де арнайы қатысты.

   «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» тақырыбымен өткен алқалы жиынға өңіріміздің түкпір-түкпірінен келген 300-ге тарта делегат қатысты. Олардың қатарында ассамблея мүшелері мен ардагерлері, этномәдени бірлестіктердің төрағалары, облыстық мәслихат депутаттары, мемқұрылым, саяси партиялардың, діни бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың  басшылары және зиялы қауым өкілдері болды.

  Театр фойесінде  өңірдегі этномәдени орталықтар мен қоғамдық бірлестіктердің көрмесі ұйымдастырылды. Сессия  отырысы алдында Астанадан арнайы келген төраға орынбасары Леонид Прокопенко әрбір орталықтар мен  бірлестіктердің атқарған  жұмысымен  жеке-жеке  танысып  өтті.

  Сессия жұмысының күн тәртібіне ҚР Президенті, Қазақстан халқы ассамблеясының Төрағасы Н. Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқы ассамблеясының XXVI сессиясында берген тапсырмалардан туындайтын міндеттер және облыстық ассамблея мүшелерінің ротациясы туралы екі мәселе ұсынылды.

Қазақстан халқы ассамблеясының ХХVI сессиясында Елбасы Н. Ә.  Назарбаев «Ассамблея құрылған күннен бастап еліміздегі мызғымас бірліктің ұйытқысы, сарқылмас берекенің бастауы болып келеді. Қазақстан сан қырлы жаңаруға бет бұрған қазіргі таңда ассамблеяға да тың міндеттер жүктеледі», — деп атап көрсетті. Өзіңізге мәлім, Қазақстан халқы ассамблеясының сессиясында «Бес әлеуметтік бастама – қоғамның әлеуметтік  бірлігінің кепілі» атты күн тәртібі енгізіліп, ассамблеяның  алдында тұрған нақты мақсат-міндеттер белгіленді. Осыған байланысты біздің бүгінгі сессиямызда осы тапсырмаларға сәйкес алдағы жұмысымыздың басты бағыттарын талқылап, нақты іс-қимыл шараларын жүзеге асыруымыз қажет, — деді сессияның ашылу  салтанатында  сөз алған облыс әкімі.

Бұдан соң Алтай Сейдірұлы Елбасының Қазақстан халқы ассамблеясының ХХVI сессиясында сөйлеген сөзіне, жүктеген тапсырмаларына  жеке-жеке тоқталып өтіп, осы бағыттағы біздің өңірде қолға алынып  жатқан игі істер туралы баяндады.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуінде  «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бастамасын бірінші кезекке шығаруы тегін емес. Мысал үшін тек Орал қаласының өзінде жеке тұрғын үй салу мақсатында жер телімін алу мақсатында  кезекте тұрғандардың саны бүгінде 71 мыңға жетті. Ал 24 мыңнан астам өңір тұрғыны пәтер кезегінде тұрған болса, оның 18 мыңы облыс орталығына тиесілі. Бүгіннің өзінде мыңдаған батысқазақстандық бес әлеуметтік бастамада айтылған «7-20-25» бағдарламасына қатысуға ниет білдірді. Бұл бағдарламаға осы жерде жұмыс жасайтын, бірақ баспанасы жоқ барлық тұрғын қатысуға құқылы. Осы бағдарламаның игілігі туралы тұрғындарға дұрыс түсінік беру, құрылыс компанияларына тұрғын үй салуға жағдай жасау және халықтың пәтерге қолжетімділігін арттыру  —  біздің басты міндетіміз.

Сонымен қатар Елбасы өз үндеуінде «Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту» туралы да басама көтерген болатын. Бұл да қарапайым халық үшін зор көмек болмақ. Аула сыпырушы, тазалықшы, еден жуушы, асханашы секілді жұмыстарды атқарып, аз жалақы алатындардың жалақыларын көтерудің бір жолы деп түсінуіміз керек. Біздің өңірдің 72 мың тұрғыны төменгі жалақы алатындар қатарында екен. Яғни, соншама адамның жалақылары  аз да болса  артары сөзсіз.

Елбасы өз үндеуінде «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» туралы да бірқатар тапсырмалар жүктеген болатын. Бүгінгі таңда өңірдегі жоғары оқу орындарында 30 мыңнан астам жастар білім алуда. Облыс бойынша төрт  жоғары білім беретін оқу орындары мен 38 колледж жұмыс жасайды. Соларда білім алатын 1800-дей студент жатақханаға зәру. Олардың негізгісі шалғай  аудан-ауылдардан келген жастар. Осы бағытта өңір бойынша екі жоғары, бес орта білім беретін оқу орындарына барлығы жеті жатақхана салуға сұраныс беріп отырмыз. Оның алтауы Орал шаһарында, біреуі Ақсай қаласынан салынатын болады. Сонымен қатар 2018-2019 оқу жылында қосымша 20 мың грант бөлу, оның 11 мыңы техникалық мамандықтар бойынша бакалаврлық білім беруге тиесілі болатындығы Елбасы үндеуінде айтылған болатын. Бұл бастама да мектеп бітіретін жас түлектер үшін тегін білім алуға зор мүмкіндік болмақ.

Кәсіпкерлікке әрдайым қолдау көрсету, шағын несие беруді көбейту де — Елбасының басты тапсырмаларының бірі. Өткен жылы өңірімізге шағын несиелеу мақсатына 2 миллиард теңге бөлінген болса, ағымдағы жылы 4 миллиард теңге қарастырылып отыр. Бұл қаражаттың басым көпшілігін ауылдық  жерлердегі өз жеке кәсібін ашқысы келетін немесе бастаған ісін дамытқысы  келетін  ағайынға  бағыттауға  ниеттіміз.

Елбасы бастамасының бесінші бағыты елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыруға бағытталғандығын білесіздер. Біздің өңір тұрғындары көгілдір отынның қадірін жақсы біледі. Қыс мезгілінде газ жоқ өңірлердің тұрғындарының көмір іздеп сандалып жүргендігін естіп, көріп отырсыздар. Облыс бойынша тек өткен жылдың өзінде 35 елді мекенге газ тартылды. Яғни, сол ауылдардағы 75 мыңға жуық тұрғын отын жағу машақатынан құтылды деген сөз. Ең шалғай орналасқан Бөкей ордасы ауданының өзінде 11 елді мекенге газ берілді. Бұл бағыттағы  жұмыстар биылғы жылы да жалғасын табуда.

Құрметті сессияға қатысушылар! Мемлекет басшысы жүктеген тапсырмаларлың өңірде орындалуына қысқаша тоқталып өттім. Елбасымыз ҚХА сесиясында «Бес бастама елдің әл-ауқатын жақсартумен  бірге, ұлтты ұйымдастыра түсірудің тағы бір қыры — әлеуметтік  бірлікті нығайтуға бағытталған» деп атап көрсетті. Мұндай, өмірімізге түбегейлі өзгеріс әкелетін әлеуметтік бағдарлама бұрын болған жоқ. Енді мұны іске асыру, халықтың арасында оның мәні мен мазмұнын ұғынықты етіп түсіндіру, оған жұмылдыра білу —  біздің басты мақсатымыз, — деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Сондай-ақ алқалы жиында сөз алған қоғам белсенділері мен эномәдени бірлестіктердің мүшелері күн тәртібіндегі мәселе төңірегіндегі өз ойларын ортаға салды.

Биылғы жыл бөкейліктер үшін қуанышқа толы жыл болды. Елбасымыз өңірімізге сапары барысында Қазталов – Өнеге – Бисен – Сайқын  бағыты бойынша тас жол төсеу жөнінде нақты тапсырма берді. Көп ұзамай арнайы құрылған комиссия келіп, күре жолдың жайын көріп кетті. Кез келген елді мекеннің гүлденуі мен дамуында сапалы  жолдың алар орны ерекше. Жылдың көктем-күз мезгілінде жол азабын тартып келе жатқан бөкейліктер үшін сапалы жол арман болатын. Елбасының сарабдал саясатының арқасында енді, міне, бұл арманға да қол жеткізбекпіз, — деді сессияда сөз алған Бөкей ордасы Орда ауылдық округінің тарихи-мұражай  кешенінің директоры Ғайса  Масимов.

 Сессияда Қазақстан халқы ассамбеясы төрағасының орынбасары Леонид Прокопенко сөз алып, Елбасының тапсырмаларына орай өңірдегі қолға алынған істерге оң баға беріп, облыс басшылығы мен ассамблея мүшелерінің бірлесіп  атқарар істеріне  береке  тіледі.

Жиын соңында күн тәртібіндегі мәселелер бойынша сессияның шешімі таныстырылып, қатысушылардың  қолдауымен енгізілген өзгерістер бекітілді.

Татулық пен бірліктің бірегей моделін қалыптастыруда маңызды рөл атқарып отырған ассамблеяның кезекті сессиясының соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Нұрбек   ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»

Асиям УСЕНОВА,

«Қазақстан ұйғырларының республикалық мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің Орал қаласындағы филиалы жетекшісі:

  — Жылдан-жылға ассамблеяның қоғамдық өмірдегі маңызы мен рөлі артып келеді. Облыс орталығында ұйғыр ұлтының жеті жанұясы тұрады. Үлкен-кішісін қосқанда 40-қа жуық жанбыз. Ұйғырлар қоғамдық бірлестігінің құрылғанына биылғы жылы 15 жыл толды. Облыстық және қалалық шаралардың ешқайсысынан шет қалмаймыз. Ұл-қыздарымыз қазақ мектептерінде оқиды. Өзімнің үш ұлым бар. Екі ұлым қазақ қыздарымен шаңырақ көтерді. Біз өзіміздің салт-дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптарымызды қалай сақтасақ, қазақ халқының құндылықтарын да солай бағалаймыз. Мұның барлығы бірлік пен достықтың арқасы деп білемін.

  Виталий АН,

Бөрлі  аудандық  кәріс этномәдени қоғамының төрағасы,  аудандық  мәслихаттың  депутаты:

Біздің бірлестік 1990 жылы құрылды. Мен Қазақстанды өз туған Отаным деп санаймын. Себебі, осы жерде туып-өсіп, білім алып, тұлға болып қалыптастым. Өңірдегі қайырымдылық шараларынан қалыс қалмаймыз. 2015 жылы «Арба» қоғамдық бірлестігінің жанынан массаж бөлмесін ашып, мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтыдық. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 14 жасар қазақ баласын да өз жанұяма алдым. Бүгінде ұлым ержетіп, өз ісімді жалғап келеді. Қолымнан кегенше көрсеткен қайырымды істерімді қазақ  ұлтына  айтқан  алғысым деп білемін.

  Флюра  МИЛИКЕЕВА,

татар этномәдени орталығының жетекшісі:

Ұлттар мен ұлыстар достастығы – біздің мемлекеттің басты байлығы және мақтанышы деп білеміз. Бұған әлем куә. Халықтар достығы — біздің басты жетістігіміз. Міне, дәл осы қағидаттарды ескере келе, Елбасымыз Қазақстан халқы ассамблеясын құрды. Бүгіндері бұл ұлтарлық бірлік пен қоғамдық келісімді нығайтудың азаматтық институтына айналып отыр. Біздің бірлестіктің де құрылғанына 25 жыл болды. Барлық мәдени орталық пен қоғамдық бірлестіктермен етене араласып, қоян-қолтық жұмыс жасап келеміз. Ұлттар мен ұлыстарды біріктіретін осы ассамблеяның жұмысына тек табыс тілеймін.


Ұл-қызыңызды виртуалды тәуелділіктен сақтаңыз!

Күні: , 118 рет оқылды

Психологиялық кеңес

Міне, кезекті оқу жылы аяқталып, жазғы демалыс басталды. Жазғы демалысты күрделі мектеп бағдарламасынан қажыған оқушы ғана емес, тоғыз ай бойы баламен бірге «сабақ оқып», жүйкесі әбден жұқарған ата-ананың да, мұғалімдер қауымының да тағатсыздана күткені жасырын емес. Үш ай жазды есте қаларлықтай қызықты да әсерлі өткізу – әр баланың арманы. Облыстық білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, биыл 83 мыңнан астам батысқазақстандық оқушы жазғы демалыспен және сауықтыру шараларымен қамтылмақ. Биыл өңірде түрлі бағыттағы 620 лагерь оқушыларды қабылдайды. Олардың басым бөлігін мектеп жанындағы лагерьлер құрайды. Әсем табиғат аясында орналасқан «Еуразия», «Атамекен», «Самал», «Қайсар» туристік-сауықтыру кешендері жас өрендердің жаңа достар тауып, алаңсыз тынығуы және бос уақытын пайдалы іске жұмсап, шығармашылығын шыңдауы үшін таптырмас орын. Бастысы, ата-ананың қалтасы көтерсе болғаны. Өйткені аталмыш лагерьлердегі он күндік демалыстың құны – шамамен 30-42 мың теңге, аудандардағы баға әлдеқайда арзанырақ.

Ауылдағы ағайынды айтпағанның өзінде оралдықтардың біразының баланы ақылы лагерьге беруге жағдайы жоқ. Айлығы шайлығына әзер жетіп, бар тапқанын несие жұтып отырған ортанқол отбасы баласын лагерьге бергісі-ақ келгенімен, «арық атқа, қамшы ауыр» дегендей, «келер жылы бір ыңғайы шығар» деген үмітпен жазғы демалысты ұйымдастыруды кейінге ысыра береді. Осылайша, жаз бойы өз еркі өзіне тиген бала уақытының басым бөлігін теледидар мен гаджеттің алдында өткізеді. Жұмысбасты ата-ананың бауыр еті баласының көгілдір экран мен ғаламтордан не көріп отырғанын қадағалауға мұршасы бола бермейді. Басты қауіп те – осы.  Өйткені жаһандық шырмауық тек ақпараттың көзі мен байланыс құралы ғана емес, қауіп-қатердің де қыз-қыз қайнаған қазаны. Жасөспірімдер порнографиясы, суицид, нашақорлық, ксенофобия, экстремизм мен террорлық әрекеттерді насихаттау – ғаламтор төндіретін қауіптің толық тізімі емес. Ересектерді былай қойғанда, мектеп жасындағы балғындардың арасында ғаламторға тәуелділіктің күн санап белең алып бара жатқаны рас.

Педагог-психолог Назгүл Наурызова күні-түні гаджеттен бір елі ажырамайтын жас баланың қызығушылығы, мінез-құлқы, өмірге көзқарасы біртіндеп өзгере бастайтынын, оның соңы қайғылы жағдайға душар етуі мүмкін екенін айтады.

– Шыны керек, кейде ата-аналар ға­ламтордың баланың өміріне қаншалықты әсер ететінiне, онлайн-оз­­быр­лықтың басым екеніне зер сал­майды. Тіпті бұл кейбір ата-аналар үшін елеуге тұр­майтын ұсақ-түйек мәселе ғана. Бала түгілі, ересек адамдар ғаламторға тә­уелділіктің бар екенін білсе де, одан көз алмайды. Ал балалардың психикасы бәрін сол қалпында қабылдайты­ны белгілі. Теріс ақпарат әп-сәтте бала­ның миын жаулап алады, – дейді психолог-маман.

Соңғы жылдары жүгенсіз желіде атауын «Синий кит», «Тихий дом», «Море китов», «Разбуди меня в 4.20» деп сан құбылтқан виртуалды өлім ойынының жасөспірімдер арасында танымалдыққа ие болып, бірқатарын тіпті суицидке итермелегені белгілі. Мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ. Өткен жылы облыстық прокуратура мамандары әлеуметтік желілерді тексеру барысында қауіпті ойынға шырмалған қос жасөспірімді дер кезінде анықтап, қайғылы жағдайдың алдын алған болатын.  Өлімге итермелейтін сайттар бұғатталып, Ресейде «Синий кит» ойынының «ВКонтакте» желісіндегі авторы және әкімгері Филипп Лис деген никпен танылған Филипп Будейкин сот шешімімен үш жыл төрт айға сотталып, абақтыға жабылды.

Алайда өлім ойындары мұнымен сап тыйыла қойған жоқ. Қылышпен басын алсаң, қайта жаңасы өсіп шығатын үш басты өлмес айдаһар сияқты атауын да, әдісін де өзгертіп, желіде қайта пайда болады. Бұл сөзімізге ресейлік желі қолданушыларының атышулы виртуалды «Синий кит» ойынының «Новый путь» деген жаңа атаумен қайтадан пайда болғанын жарыса жазып, бірін-бірі сақтандырып жатқаны дәлел. Ойынға арбалғандар #тыныш орман және #үкі ешқашан ұйықтамайды хэштегтерімен арқылы бірігіп, үйлестірушілердің (ойынның кураторы) құрбанына айналуда. Немесе «Жүгіріп өт немесе өлім құш» (нақты атауы «Беги или умри») деп аталатын квест жасөспірімдерді қатты жылдамдықпен жүріп келе жатқан аутокөліктің жолын кесіп өтуге үндейді. «Үлгерсең – мықтысың!» деп желіктіре түседі. Бұл жанкешті «ерлікті» телефонға суретке түсіріп, әлеуметтік желіге жүктейді. Осындайда «біз ата-ана ретінде балаға жеткілікті көңіл бөліп жүрміз бе? Ғаламторға шырмалған өскелең ұрпақты бұл «дерттен» қалай арашалап қалуға болады?» деген сан сауалға тұшымды жауап таппай қиналамыз.

Тағы бір мысал. 5-12 жастағы қыздардың біразы ғаламтор арқылы «Клуб Винкс: сиқыршылар мектебі» атты мультсериалды тамашалағанды қатты ұнатады. Сүйікті кейіпкерлері – сиқыршы ханшайымдарға еліктейді. Мультфильмнің басты кейіпкері кішкентай от ханшайымына ұқсағысы келеді. Менің бес жастағы қызым да ара-тұра осы мультфильмді қарайды. Қуыршақтарымен «Мен феямын», «Мен от ханшайымымын» деп ойнап отырғанын да көзім шалған. Жақында таныс келіншек он жасар қызымен әңгімелесіп отырып, «жаға ұстатарлық» жайтты естігенін айтты. Сөйтсе, ғаламторда оң-солын әлі танып үлгермеген кішкентай қыздарды «егер от ханшайымына айналғың келсе, түнде үйдегілердің бәрі ұйықтағанда тамақ пісіретін газды ашып, қайта ұйқыға жат, оянғанда сен де от ханшайымына айналасың» деп тапсырма беретін ойын бар екенін естіп, аңтарылып қалыпты.  «Әрине, бәрі бірдей бұл әрекетті жасамауы мүмкін, алайда балалар өте сенгіш, аңғал және еліктегіш келеді емес пе? Осы күннен бастап қызымның қандай мультфильм көретінін қатаң бақылауға алатын болдым» дейді ол.

– Бесіктен белі шықпаған балаға гаджет ұстатамыз. Оның зиянды тұсы өте көп. Әлі тілі шықпаған екі жасар сәби ата-анасы отбасында қазақша сөйлесе де, тілі орысша шығады. Өйткені ғаламтордан орыс тіліндегі мультфильмдерді көп қарайды. Қазір тіпті 3-5 жастағы кішкентайлардың арасында виртуалды әлемге тәуелділік өте көп. Демек, сәбиге ата-анасының мейірімі, көңілі толыққанды жетіспейді. Егер бала теледидар немесе компьютер алдында тапжылмастан бірнеше сағат отырса, аулаға шығып, өзі құралпылас балалармен ойнауға қызығушылық танытпаса, үнемі өзінің виртуалды әлемінде қалғысы келсе, бұл оның виртуалды тәуелді екенін білдіреді. Мінез-құлқында өзгеріс пайда болады. Мәселен, ғаламторда ойын ойнауына тыйым салсаңыз, агрессия танытады. Қатты ашуланып, өкпелейді. Қалайда виртуалды әлемге енгісі келіп, өтірік айта бастайды. Сабақ оқып отырғансып, жасырын ғаламторда отыруы мүмкін.

Көпшілік ата-ана 2-5 жастағы бүлдіршінге телефон немесе планшет сатып алып береді. Бұл баланың бойында «Ата-анам менің планшеттегі ойын ойнағаныма қарсы емес» және «Өз затымды қанша уақыт қолдансам да өзім білем» деген пікір қалыптастырады. Телефонын әлде планшетін ұмытып кетсе, жанталасып іздеп, қолына алмайынша тыншымайды. «Анам сияқты, телефоным да үнемі қасымда болуы керек» деген қажеттілік пайда болады, – дейді балалар психологы.

Маманның айтуынша, виртуалды тәуелділік жасөспірім шақта бірден пайда болмайды. Оның түп-тамырын бала 3-4-сыныпта оқып жүрген кезден іздеу керек. Себебі дәл осы жаста үлкендер балаға кішкентай кезіндегідей зейін аудармайды. Қазір бастауыш сыныптың оқушылары арасында онлайн ойында жеңіске жету бәсекенің бір түріне айналған.  «Мен ол ойынды баяғыда ойнап тастағам!» деп мақтану арқылы өзінің мықты екенін аңғартқысы келеді.

– Дұрысында балаға ең алғашқы гаджетті оң мен солын айырып, жақсы мен жаманды ажырата алатын жасқа жеткенде ғана беруге болады, шамамен 7-8 жаста. Логикалық ойындар жазып беріңіз. «Сен менің өмірімдегі ең қажет, ең маңызды адамсың» дей отырып, «Ғаламторда жаман нәрселер өте көп, сондықтан сенің не көріп, не ойнайтыныңды менің білуім керек. Сенің жамандыққа ұрынғаныңды қаламаймын» деп түсіндіруді, ең бастысы, баланы аналық-әкелік мейірімге бөлеуді ұмытпағанымыз жөн, – дейді педагог-психолог Назгүл Наурызова.

Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика