Мұрағат: 06.06.2018


«Алыс аудандарда бизнеске жағдай туғызуымыз керек»

Күні: , 66 рет оқылды

Облыс   әкімі   Алтай   Көлгінов   тікелей   эфирде   өңір   тұрғындарының   сауалдарына   жауап   берді

Сейсенбіде  «Қазақстан»  республикалық  телерадио корпорациясы» АҚ-ның  «Әкім сағаты»  жобасы  аясында  облыс әкімі Алтай Көлгінов  өңірдің  әлеуметтік-экономикалық  дамуы  және  алдағы уақытта  атқарылатын  жұмыстар жайында  әңгімелеп, «AQJAIYQ» телеарнасы  журналистерінің,  батысқазақстандықтардың  сұрақтарына  жауап  берді.  Бір жарым  сағаттық  тікелей  эфирде  тұрғындардан  барлығы  287  сұрақ  түсті. Енді  бұл сұрақтарға облыс  әкімінің  баспасөз  қызметі  арқылы  жауап  беріледі.

Елбасының өңірімізге жұмыс сапары барысында көптеген мәселе талқыланды. Алдымен Елбасы қабылдаған мемлекеттік бағдарламалардың облыста іске асырылу барысын баяндадық. Мысалға, индустриалды-инновациялық даму, инновациялық және ауыл шаруашылығы саласындағы бағдарламалардың іске асырылуы, өндіріс ошақтарының жұмыс барысы, жаңа жұмыс орындары немесе кәсіпорындардың экспорттық ұстанымы жайында есеп бердік. Жаңадан ашылған кәсіпорындарды Елбасыға көрсеттік. Сонымен бірге индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасының жаңа жобаларын да таныстырдық.  Елбасы өңірдің дамуына оң бағасын берді және облысқа қолдау көрсетті, – деп жауап берді Елбасының өңірге жұмыс сапары жайындағы сұраққа облыс әкімі.

Тікелей эфирде Елбасы тапсырмасы бойынша Премьер-министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин өткізген жиналыстың қорытындысы туралы да айтылды.

– Елбасы өңірімізге іссапардан кейін облыс тұрғындарын мазалайтын көкейкесті мәселелер бойынша тиісті тапсырмалар берді. Олар – жол, жолдың сапасы, жүйе құраушы ірі кәсіпорындардың жүктемесі мәселелері. Сондықтан Үкіметте өңіріміздің түйткілді мәселелеріне қатысты бірнеше кеңес өтті. Үкімет басшысы  министрліктерге, орталық мемқұрылымдарға және біздерге тиісті тапсырмалар берді. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин оралдық «Зенит», «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы», «Гидроприбор», «Омега», «Конденсат» зауыттары директорларының қатысуымен екі мәрте жиналыс өткізді. Бұл зауыттар облыстың экономикасына, өңдеу саласына және тұрғындардың әлеуметтік көңіл күйіне әсер етеді. Мысалға, «Зенит» зауыты қорғаныс саласына қосымша катер және өзге де құрал-жабдық өндірісіне мемтапсырыс алады. Зауытты диверсификациялау бағытында «Қазинжинирингпен», тиісті министрлікпен  жұмыстанудамыз. Қарашығанақ кен орны жобасын кеңейтудің 2-кезеңі басталады. Қашағанда, Теңіз кенішінде үлкен жұмыс ауқымы бар. Оларға қажетті азаматтық өнімдерді «Зенитте» шығаруға болады. Кәсіпорында шығарылатын өнімдер түрін мо-лайтуға мүмкіндік бар. Себебі онда білікті мамандар, кәсіби инженерлік құрам жұмыс істейді.

«БҚМК» АҚ-да да қорғаныс саласының тапсырыстары бар. Онда газ жабдығы өндіріледі. Оған да қатысты жұмыс жобасы жасақталды. «Гидроприбор» ҒЗИ-да да  жақсы кадрлық құрам қалыптасқан, оны жоғалтпауымыз керек. «Омега» зауыты бұрынғыдай өнім шығармайды, бұрынғы қуаты жоқ. Оның базасында жеке инвестицияға мемлекеттің қолдау-көмегімен трансформатор зауыты ашылды. Зауыт өткен  жылы алты мың дана өнім өндірді, биыл 10 мың дана экспортқа бағытталған трансформатор шығарады. 1997 жылдан бері «Омега» зауытына қатысты 35 мың шаршы метр ғимарат бос тұр. Енді онда жеке инвестиция есебінен жаңа өндіріс орны ашылады. Қазіргі зауыт майлы трансформатор шығарса, жаңа зауытта нарықта сұранысқа ие құрғақ трансформатор өндірілмек. Бұл инвестиция тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға берілетін мүмкіндік және салық түсімдері көбейеді. «Конденсат» компаниясы өндірісін кеңейтіп, қуаттылығы 850 мың тонна болатын еуро-5 бензинін өндіретін жаңа зауыт салды. Жақын күндері 200 мың тонна дизель отынын өндіретін қондырғыны іске қосады деп күтілуде. Зауыт толықтай іске қосылғанда өңірді өнімдерімен 100 пайыз қамтиды, – деді облыс әкімі.

– Шалғай аудандарға асфальт жол жеткізу мәселесінің шешімін тапқанына ел-жұрт қуанып жатыр. Қазір нақты қандай  жұмыстар  жасалуда?

Алтай  КӨЛГІНОВ:

– Облыста үш ауданға жол салу мәселесі жөнінде Елбасыға  баяндадым. Мемлекет басшысы үлкен қолдау көрсетті. Елбасы Бөкей ордасы ауданында тарихи және қасиетті орындар барын біледі. Жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан мәселені қолға алуды  тапсырды.  Өңірге жол мәселесіне байланысты министрліктен, «Қазавтожол» компаниясынан екі жұмыс тобы келді. Жалпақталға дейін жол жетті, әрі қарай Бөкей ордасы ауданының орталығы – Сайқын ауылына жету үшін 310 шақырым жол салу керек. Қазталовқа дейінгі 35 шақырым жолдың құрылысы биыл басталды, барынша Қазталовқа дейін жеткізуге  тырысамыз. Қазталов ауданы орталығынан Жәнібекке, одан әрі  Сайқынға жол құрылысының жобасы жоқ. Толық 275 шақырым  жолдың жобалық-сметалық құжаттамасы жасалып, биыл сараптамадан өтеді. 2019 жылы жол құрылысы басталады және 2-3 жыл ішінде аяқтауымыз  қажет. Ауқымды құрылыс жұмысын бір компания атқара алмайды. Құрылыс материалдарын тасуға жер шалғай.  Жолды үш-төрт компания  жасауы  керек.

Стратегиялық маңызы бар республикалық бұл жолдар салынса, көрші елмен қарым-қатынас жанданады, бизнес дамиды. Саратовтан, Волгоградтан келетін көліктер Жәнібек арқылы жүретін болса, Жайық өзенінің үстіне көпір салу мәселесі «піседі».  Сол жолды жақсартпай, көпір құрылысына кірісе алмай жатырмыз, көпірді салу 3-4 жылдың мәселесі. Одан соң Жымпитыдан бері Ақжайық ауданының орталығы – Чапаевқа қарай Атырау, Ақтөбенің күре жолдарын қосу жоспарымызда бар. Көпір арқылы Ресейге шығатын боламыз. Бөкей ордасы, Жәнібек, Қазталов аудан-дарының жолдарын алдағы 2-3 жылда бітірер болсақ, одан кейін көпір құрылысына кірісеміз. Көпір халықтың өмір сапасын жақсартуға әсер етеді. Елбасы қолдауымен республикадан қомақты  қаражат  бөлінеді.

Келесі сұрақ шалғай аудандарда кәсіпкерлікті дамыту мәселесін  қамтыды.

Алтай  КӨЛГІНОВ:

– Елбасы өңірлік жалпы өнімдегі шағын және орта кәсіпкерліктің (ШОК) үлесін 50 пайызға жеткізу туралы тапсырма берді. Қазір ол 40 пайыздан сәл асты. Мемлекет кәсіпкерлікті дамытуға жағдай жасауда. Кәсіпкер мемлекеттік қолдауды пайдаланып, ісін жүргізуі керек. Қазіргі жетістігіміз жаман емес. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы белсенді жұмыс істеуде. «Атамекен» алаңында «бір терезе» қағидаты бойынша кәсіпкерлердің барлық мәселесі шешіледі. Кәсіпкерлік саласында 113 мың адам жұмыс істейді. Соңғы жыл жарым ішінде олардың саны 5 мың адамға көбейді, яғни 5 мың адам өз ісін ашты. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің басым үлесі Оралдың, облыс орталығына таяу аудандардың еншісінде болуы нарықтың, урбанизацияның заңдылығы шығар. Өзге аудандардың да үлесі бар, бірақ аздау.  Алыс аудандарда бизнеске жағдай туғызуымыз керек. Шалғай үш ауданға жол салынса, кәсіпкерлік те дамиды. Биыл Елбасының тапсырмасымен «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» бойынша ауылға бөлінетін шағын несие көлемі екі еселенеді. Өткен  жылы 2 млрд. теңге болса, биыл 4 млрд. теңге ауылдағы шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бөлінеді. АШМ-мен бірге өңірді мал шаруашылығы белдеуі ретінде дамытудың нақты жоспары жасалды. Өңірде етті экспорттаудың әлеуеті зор. Ішкі нарықты етпен қамтимыз әрі сыртқа шығарамыз. Өткен  жылы 2200 тонна ірі қара еті экспортталды. Иранға жол ашылды. Екі жылда бір миллион гектар пайдаланылмаған жерді кері мемлекетке қайтардық. «Жер кодексі» бойынша 500 мың гектарды қайтаруға жұмыстанудамыз. Келешекте ірі қара санын бір миллионға жеткізуіміз керек. Оған барлық жағдай жасалған. Мысалға, «Даму» қоры арқылы «Ақжайық» бағдарламасымен 50 млн. теңгеге дейін 8,5 пайызбен несие беріледі. Оған мал бордақылау кешенін салуға болады. Мың бастың болуы міндетті емес, 200-300 бас ұстауға болады. Шағын шаруа қожалықтары мемқолдауға сүйеніп, дами алады. Шалғай аудандарда мал және  сүт, құс шаруашылықтарын, ет өңдеуді, сервистік қызмет көрсетуді дамыту керек. 3 млн. теңгеге дейін шағын несие алып,  құс өсіруге болады. Әр аудан өзіне қажетті өнімдерді өзі шығарса, жол шығыны рәсуа болмас еді. «Атамекен» кәсіпкерлік палатасымен бірге әр ауданының сұранысы мен ұсынысына зерттеу жүргізудеміз.

Жалпы, жағдайды білеміз, бірақ әрбір ауылды, елді мекенді қарастырудамыз. Қазір Қытайдағы серіктестерге ет өткізу жөнінде келісімдер жасалып жатыр.  Біздің нарығымыз – Ресей, Қытай.  Қаладағы индустрияны экспортқа бағыттаудамыз.

– Шалқар көлінің жағасына Түркиядағыдай демалыс орындары салына ма? – деп сұрады қаланың  бір  тұрғыны.

– Шалқар көлі – емдік қасиеті бар табиғат байлығы. Көлге тұрғындар көп барады. Шалқарға екі-үш жыл бұрын жол салынды. Ендігі шаруа мемлекеттік-жеке  меншік серіктестік аясында жасалуы керек. Әрине, Түркиямен салыстыруға келмес, онда жаз мезгілі ұзақ-ау. Бірақ өз дәрежемізде демалыс орындарын салуға болады. Шалқарға көрші облыстардан, Ресейден келушілер көп. Кәсіпкерлерден ұсыныс болса, қолдаймыз. Көбісі көлге бір күнге келеді де, шомылып алып, қоқысын тастап кетеді. Мәдениетімізді көтеруіміз керек. Шағын бизнеске көмектесеміз. Мемлекет инфрақұрылымды жеткізіп берді. Бес жұлдызды қонақүй салудың қажеті жоқ. Ол жерде жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлер бар. Халыққа көрсететін қызметті жақсарту керек. Дұрыс тамақтанатын, спортпен шұғылданатын, демалатын орындар талапқа  сай  болса  дейміз.

– «Ақжайық» футбол клубының ойыншыларының жалақысы аз. Сондықтан көбісі кетіп қалуы мүмкін. Бұл мәселеге қатысты не айтар едіңіз? –  деді  қала  тұрғыны.

– «Ақжайық» футбол клубы – республикадағы бюджеті ең аз клуб. Айлықтарын да мемлекеттік тапсырыс бойынша бюджеттен береміз. Жігіттерге рақмет айту керек – жақсы нәтиже көрсетті, мықты командаларды жеңді. Бірақ бюджетке қарап отырмай, инвестиция тарту керек. «Ақжайық» клубы Үкіметтің қаулысымен жекешелендіру тізіміне енді. Сондықтан инвестор табылса дейміз. Қазір қаражат бөліп отырғанымызбен, алдағы уақытта сол қаржыны спорт инфрақұрылымына бағыттағанымыз жөн. Әсіресе, жасөспірімдер спортын қолдасақ деген ойымыз бар. Жастарды тәрбиелемесек, футболды, хоккейді кім ойнайды? Жастар спортпен жүйелі айналысса, олардың арасынан чемпиондар шығады. Жасөспірімдерді спортқа баулу үшін инфрақұрылымды дамытуымыз қажет. Өткен жылы 50 аулада спорт алаңқайы салынды. Биыл 30 алаңды абаттандырып отырмыз. Мұның бәрі бұқаралық спортты дамытудағы жүйелі жұмыс. «Ақжайық» клубының әлеуеті бар. Оны қолдаймыз. Бірақ инвестор тартуымыз керек, — деді Алтай  Көлгінов.

Облыс әкімі қала тұрғындарының ыстық сусыз қалуына «Жайықжылуқуаттың» қызметіне байланысты  сұраққа да  жауап берді.

– «Жайықжылуқуат» кәсіпорнына тұрғындардың дебиторлық берешегі 700 млн. теңгенің үстінде. Үйіміздің жылы болғанын қаласақ, ақысын төлеуге міндеттіміз. Бережағы барлардың кесірінен неге төлемақысын төлейтін, заңды сыйлайтын азаматтар зардап шегуі керек?  Құрылтайшы болып табылатын қала әкімдігі кәсіпорынмен, өзге  мемқұрылымдармен бірге тұрғындар арасында түсінік жұмыстарын жүргізуде. Заңға сәйкес тиісті шаралар алынуда. Қысқы маусымға дайындалу үшін де төлемақыны төлеу керек. Биыл №2, 4, 7, 8 жылу магистральдары күрделі жөндеуден өтуде. Өткен  қыс  мезгілінде  ешқандай апат болмады. Қызметкерлер жылудың үзілмеуі үшін күнітүні жұмыс істеді. Күрделі жөндеу жүріп жатқан аудандардағы үйлерде ыстық су болмайды. «Жайықжылуқуат» кәсіпорны базасы ескі, жыл сайын турбиналарды жаңғыртамыз. «Жайықжылуқуаттың» газ үшін «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ға бережағы — 680 млн. теңге. Осы аптада газ үшін 400 млн. теңге төленеді. «ҚазТрансГазАймақ» компаниясы басшылығымен газды «Жайықжылуқуатқа» беру жөнінде келістік, енді ыстық су беріледі. Бұл мәселені жүйелі шешу үшін төлемақыны уақтылы  төлеу керек, – деді Алтай Көлгінов.

Тікелей эфирде Орал қаласының тұрғыны Бауыржан есімді азамат Теректі ауданындағы мұнай-химия кешенінің құрылысы және жер телімін беру жөнінде сұрақтарын қойды.

Бірінші сұраққа облыс әкімі зауытты аудан орталығынан қашық жерде шетелдік инвестор қазақстандық әріптестермен бірге салатынын, жобаның дайын екендігін айтты. «Біз жергілікті кадрларды оқытып, жұмысқа алуды тапсырдық. Бұған келістік. Биыл құрылыс басталып, екі жылда аяқталуы керек», – деді Алтай Көлгінов. Облыс әкімінің айтуынша, жер телімі соңғы рет 2011 жылы берілді. ПДП-1, ПДП-2 қазіргі «Сарыарқа», «Көкжиек» шағынаудандарына инфрақұрылым тартылды. Біреуіне жол салынды, енді екіншісіне жол салу керек. Әлеуметтік нысандар салынды. Қазір жер теліміне қатысты инвентаризация жұмыстары жүруде. Былтыр бір шаруашылықтан 200 га жер кері қайтарылды. Соған инфрақұрылым тартылады. Жер содан кейін берілмек.

Облыс әкімі балабақшаға қатысты кезекке, сондай-ақ «Балауса» шағынауданында жол  салу мәселесіне қатысты тұрғындар сұрақтарына да жауап берді.

«Балабақшаға электрондық кезекке тұрған екенсіз, кезегіңіз жоғалмайды. Ертең қала әкімдігіне келіңіз, түсіндіріп береді»,  – деді интернетке кіріп, кезегін қарай алмаған тұрғынға қарата Алтай Көлгінов. Ал «Балауса» шағынауданының тұрғынына жол құрылысының құжаттамасы биыл жасалатынын, келесі жылы жолдың құрылысы басталатынын, сонымен қатар «Балауса»,  «Болашақ» шағынаудандарына мектеп құрылысының жобасы жасалып жатқанын  айтты.

Тікелей желі барысында Зашаған кентінің тұрғыны кірпіш зауыты ауданындағы Әзірбайжан көшесінің асфальтталғанын, Жәңгір хан даңғылына баратын жолдың жөнделгенін айтып, облыс әкіміне рақмет айтып, елге еткен қызметіңіз жемісті болсын деген тілегін  білдірді.

– Оралдағы Тұңғыш Президент алаңынан үлкен мәдениет үйі  салынады. Ол жерде Қадыр орталығы, Салтанат сарайы, Достық үйі бар. Жаңа мәдениет сарайының құрылыс жобалық құжаттамасы сараптамадан өтуде,  биыл күзде басталып, екі жыл салынады. Заман талабына сай, жоғары дәрежедегі мәдени шараны өткізетін орталық болады. Оған қаражат бар. Енді батырларымыз Исатай мен Махамбетке халықтың сұрауы бойынша ескерткіш қойылады. Оған кәсіпкерлеріміз де көмектеседі. Ол жерде тек ескерткіш қана емес, алдында саябақ болады. Өз басым  бір ескерткішті бұзып, соның орнына жаңасын қоюға қарсымын.

Себебі әр ескерткіштің өзіндік тарихы бар. Ескерткіштің орны жайында  зиялы қауыммен, тұрғындармен ақылдасамыз. Байқау жарияладық, жергілікті және республиканың да мүсіншілері қатысуда. Эскиздерді алған соң Мәдениет министрлігімен келісеміз, халыққа көрсетеміз, – деді Алтай Сейдірұлы  тікелей  эфирде.

Гүлбаршын    ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал   өңірі»


Қаратөбеде игілікті іс көп

Күні: , 54 рет оқылды

Облыс  әкімі  Алтай  Көлгіновтің  Қаратөбе  ауданына  сапары Орал – Ақтөбе  тас  жолы  бойындағы  Қоскөл  ауылдық  округінің аумағында  орналасқан  автокемпингтің  құрылыс  жұмыстарымен танысудан  басталды.

Автокемпингті жергілікті кәсіпкер Серікқали Жолымбетов өз қаражаты есебінен салуда. Осыдан дәл бір жыл бұрын бастаған нысан құрылысын ағымдағы жылдың шілде айында аяқтамақ. Жобалық құны 120 млн. теңге болатын автокемпинг іске қосылса, 50 орындық асхана, қонақүй, дүкен, наубайхана жолаушыларға қызмет көрсететін болады. Алдағы уақытта бұл нысан жанынан жанармай, газ құю бекеттерін, ақылы автотұрақ салу туралы жоспарын айтқан жеке кәсіпкерге облыс  әкімі  сәттілік  тіледі. Содан соң Алтай Сейдірұлы Қоскөл ауылдық округіндегі «Жолымбет» шаруа қожалығына аялдап, шаруашылықтың тыныс-тіршілігімен танысты. 2014 жылы Аққобан Жолымбеттің жетекшілігімен құрылған қожалық былтыр асыл тұқымды ірі қара малын сатып алып, етті бағытты мал өсіруде.

Қазіргі таңда мұндағы 265 бас ірі қараның 128-і герефорд, 80 басы қазақтың ақбас сиыры. «Арпаш» қыстағына қоныс тепкен қожалық жұмысшылар үшін жаңадан тұрғын үй салған, сондай-ақ күн сәулесінен қуат алатын құрылғымен, шолан, монша және ұңғымалы құдықпен қамтылған. Он адамды жұмыспен қамтып отырған қожалық басшыларының еңбегін облыс әкімі жоғары бағалады.

Өңір басшысы аялдаған келесі нысан – «Қоржын» мал сою кешені. Ауысымына 30 бас ірі қара союға қауқарлы бұл жерде арнайы қосын мен 500 басқа арналған мал бордақылау алаңы бар. Былтыр пайдалануға берілген нысанның жобалық құны 118,0 млн. теңгені құрайды.

Заманауи талаптарға сай салынған кешен қазіргі таңда он адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Тұрғындарды сапалы мал өнімі – етпен қамтамасыз етіп отырған кешен тиісті талаптарға сай зертхана, ет сақтайтын мұздатқыш бөлмелермен, тоңазытқышпен жабдықталған.

– Қосында бордақылауда тұрған жылқы, ірі қара, қой малдарын сойып, етін халыққа ұсынамыз. Күніне орта есеппен 30 бас мал сойылып, 7-8 тонна ет өндіріледі. Мал еті негізінен Атырау, Ақтөбеге жіберіледі, Қаратөбедегі дүкендерге де жеткізілуде, – деді «Қоржын» шаруа қожалығының жетекшісі  Құсайын  Мұқанов.

Алтай Сейдірұлы бастаған топ Қаратөбе ауылына келіп, ауданды сумен жабдықтау жүйесінің құрылысымен танысты. Өңірлерді дамыту бағдарламасының «Ақбұлақ» бағыты аясында атқарылып жатқан бұл жобаға бюджеттен 915041961,92 теңге қаралған.

Жалпы ұзындығы 133 шақырымды құрайтын жоба Шөптікөл, Үшағаш, Соналы, Сулыкөл және Үшана ауылдарын таза әрі сапалы ауыз сумен қамтымақ. Бас мердігер «KazConstructionGroup» ЖШС-ның бас директоры Мұратбек Мұхамбедиевтің айтуынша, Үшана, Сулыкөл, Соналы ауылдарындағы құрылыс жұмыстары біткен, Үшағаш пен Шөптікөлде ауылішілік жұмыстары ғана қалған, олардың бәрі тамыз айында толық аяқталмақшы. Сөйтіп бес елді мекенде тұратын 4158 адам таза  ауыз  сумен  қамтылады.

«Қаратөбе» спорт клубы жанынан ашылған фитнес орталығында болған облыс әкімі ондағы спорттық құрылғылармен танысты. Ағымдағы жылдың ақпан айында ашылған фитнес клуб аптасына бес күн жұмыс жасайды. Алтай Сейдірұлы Елбасы салауатты өмір салтын ұстануға үндеп қана қоймай, барлық жағдай жасап отырғандығына, бұқаралық спорт – ұрпақ саулығының кепілі екендігіне тоқталып, аудан тұрғындарын спортпен жүйелі түрде  шұғылдануға  шақырды.

Аудан орталығында құрылысы жүріп жатырған әмбебап дүкенге барған кезде жеке кәсіпкер Гүлнәр Мұсаева сауда орны қолданысқа берілген кезде 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылатынын айтты. Дүкен жанынан көкөніс дақылдарын өсіруге арналған жылыжай мен құрылыс материалдарын сақтауға арналған қойма  да салынбақ  екен.

Сапар барысында облыс басшысы аудан ақсақалдарымен, мәслихат депутаттарымен кездесіп, емен-жарқын әңгімелесті.

– Қаратөбе ауданында атқарылып жатырған игілікті іс көп екеніне бүгін тағы да куә болдық. Жаңадан салынып жатқан құрылыс нысандарын көрдік. Кәсіпкерлік саласының да жақсы дамып келе жатқандығына көз жеткіздік. Еліміздегі тыныштық, тұрақтылық пен бірлік бізді әлі де көптеген толайым табысқа жеткізетіні сөзсіз. Елжанды, жанашыр азаматтардың ауылға көмек қолын созуы да қуантады. Мәселен, осы елдің азаматы Мұратбек Мұхамбедиевтің Үшана ауылына медициналық пункт салып беруін елге деген құрмет деп білу керек. Игі істерге бастамашы болып жүрген азаматтар абырой биігінен көріне берсін! – деді  Алтай  Сейдірұлы.

Осы жерде аудан әкімі Жанат Асантаев биыл Қаратөбеде атқарылатын жұмыстар жөнінде баяндады. Олардың ішінде 14 бір пәтерлі  коммуналдық тұрғын үйдің құрылысы, 11 көшенің жолдарының жөнделуі, Жусандыой ауылына су құбырын тартуға ЖСҚ дайындалуы, әлеуметтік нысандарға газ тарту сынды жұмыстар бар. Ал аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынғали Ермекқалиев пен ауыл ақсақалы Мақсот Ермеғалиев «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылған игі істер мен ауқымды шараларға тоқталып, Елбасымыздың сындарлы саясатының арқасында еліміздің өзге өңірлері секілді облысымыздың да дамудың жаңа сатысына көтерілуіне тілектестіктерін  білдірді.

Серікбай  ХАСАНОВ,

Қаратөбе  ауданы

Суреттерді  түсірген  Райымбек  АБАЕВ


Алғайдағы ауызашар

Күні: , 53 рет оқылды

Таяуда  көршілес  Саратов  губерниясының  Алғай  ауданына Қазақстан  мұсылмандары  діни   басқармасының  төрағасы,  Бас муфти  Серікбай  қажы  Ораз  бастаған  еліміздің  делегациясы  барды.

Құрамында БҚО бойынша өкіл имам Еркебұлан Қарақұлов және өзге дін өкілдері бар қазақстандық меймандарды аталмыш ауданның  басшысы Сергей Федечкин мен Поволжье мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Мұқадес хазірет Бибарсов, жергілікті мешіт имамы Серікбай Еркінәлиев қарсы  алды.

Аудандық мәдениет саябағында өткен кездесуге алғайлықтар ғана емес, Сарытау өңіріндегі көптеген аудан тұрғындары да арнайы келді. Жалпы саны 4 мың адам қатысқан шара жоғары деңгейде өтті.

– Биыл ауданымыздың құрылғанына 45 жыл толып отыр. Осынау мерейтойлық жылдың қасиетті Рамазан айында ауданымызға Қазақстанның Бас муфти бастаған делегацияның келгеніне қуаныштымыз. Құран түскен бұл айда ауданымыздың тұрғындары да ораза ұстап, ағайын-туыс, көршікөлемге, жалпы жұртшылыққа мейірімділік танытып, аз қамтылған жандарға қайырымдылық жасайтындары қуантады. Біздегі ұлтаралық, дінаралық келісімнің салтанат құруы, достықтың өркендеуі көп ұлтты ауданымыздың ырыс-берекесінің молаюына, әлеуетінің артуына себепші болып келеді, – деді жиынды ашқан аудан басшысы Сергей Федечкин.

Өз кезегінде сөз алған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз бүгінгі кездесу екі елдің қарым-қатынасының нығая түскенінің жарқын көрінісі екендігін айтып, осынау шараға қолдау көрсеткен губерния, аудан басшылығына ризашылығын білдірді.

«Рамазан – бірлік пен жақсылықтың айы, – деді Бас муфти. – Осы айда жақсылықты, ізгі амалдарды көбірек жасаған жөн. Оразада адамның сабыры да сыналады. Алланың разылығы үшін төзе білген пенде мол сауапқа кенеледі. Раббымыз баршамыздың ұстаған оразамызды қабыл етіп, рақымына  бөлегей!».

БҚО бойынша өкіл имам Еркебұлан Қарақұлов Рамазан айының ерекшелігі туралы уағыз айтқаннан соң, Алғай әкімшілігімен көпшілікке арнап ауызашар дастарқаны жайылды. Балаларға балмұздақ пен тәттілер беріліп, саябақтағы аттракциондар тегін қызмет көрсетті.

Мәди  ЫҚЫЛАС


Оралда «Жайық күні» өтеді

Күні: , 863 рет оқылды

Бұл   жайында  дүниежүзілік  қоршаған  ортаны  қорғау  және  экологтар  күніне  байланысты  өткен  жиында облыс  әкімінің  бірінші  орынбасары  Игорь  Стексов  хабарлады.

– Мамыр айында қаламызда «Uralsk Green Forum» ІІ халықаралық форумы өткені мәлім. Форумда экологияға қатысты мәселелер және қалдықтың өңдеу жайы талқыланды. Шілде айында «Жайық күнін» өткізу жоспарлануда. Онда Жайық өзенінің экожүйесін сақтау мәселесі қаралады. Облыс жұртшылығы үшін оның маңызы жоғары. Іссапармен Ақ Жайық өңіріне келгенде Елбасымыз Оралды «ең таза қала» деп атады. Сондықтан экологиялық ахуалды және табиғи ресурстарды тұрақты сақтау – негізгі міндет.  Қазіргі кезде облыстағы су нысандарын бақылауда ұстау, оңтүстік аудандардың суландыру аумағын кеңейту, елді мекендерді көгалдандыру мәселесі ұдайы назарда ұсталады. 2020 жылға дейін Орал мен Ақсай қалаларында жаңа қатты қалдықтар полигонының құрылысы басталуы керек. Қоршаған ортаны қорғауға қатысты тұрғындар арасында үгіт-насихат шаралары жүргізілуде. Табиғатқа жаны ашыған әрбір адам экологқа айналуы  тиіс, – деді Игорь Стексов.

Жиында облыстық экология департаментінің басшысы Ербол Қуанов елімізде экология қызметінің жанданғанына 30 жыл толғанын айтып өтті. 1988 жылы Қазақ КСР Министрлер кеңесінің бұйрығымен табиғатты қорғау бойынша мемлекеттік комитет құрылған.

Содан бері бұл бағытта заңнамалық актілерді қалыптастырудың бірнеше кезеңі өтті. 2002 жылы ҚР Экологиялық кодексі қабылданды. Қазіргі уақытта сала бойынша заңнамалық актілерді дамыған елдер үлгісімен қайтадан жаңғырту қолға  алынуда.

Мерекелік шарада өңіріміздің экологтары, табиғатты қорғауға үлес қосып жүрген сала мамандары мен ардагерлері, сондай-ақ ҮЕҰ өкілдері облыс әкімінің алғысхатымен, «ҚР Экология саласына 30 жыл» медалімен марапатталды. Облыстық экология департаментінің бөлім басшысы Сырым Тілегенов пен  бас маман Марат Кариев «ҚР Экология саласының үздігі» төсбелгісін өңірлеріне тақты. Кейін «Туған жер» бағдарламасы ауқымында дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай жасөспірімдер арасында ұйымдастырылған облыстық байқау аталымдарының жеңімпаздары  марапатталды.

Нұртай   АЛТАЙҰЛЫ


Қособада мәдениет үйінің құрылысы басталды

Күні: , 32 рет оқылды

Кеше облыс әкімі Алтай Көлгінов жұмыс сапарымен Сырым ауданында болды. Облыс әкімі алдымен өткен жылы жөндеуден өтіп, іске қосылған Шолақаңқаты су қоймасының жұмысын көрді.

Бұл су қоймасын жаңғырту жергілікті шаруалар үшін игі бастаманың бірі болды. Мәселен, қойманың суы арқылы округтегі 850 гектар суармалы алқапты қалыпқа келтіруге мүмкіндік тууда. Көп ұзамай Тоғанас, Аңқаты ауылдарына техникалық су тарту мәселесі де шешілмек. Техникалық судың мал суару және бау-бақша шаруашылығы үшін керек екені белгілі. Облыс әкімі өзінің сөзінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ирригациялық құрылыстарды қалпына келтіру туралы тапсырмасы осындай нақты нәтижелерге бағытталғанын айтты.

Шолақаңқаты – аудандағы мал басын бордақылаумен айналысатын санаулы округтердің бірі. Бордақылау жұмыстары бұл ауылда тек шаруашылықтарда емес, жеке қора-қопсыларда да жүргізіледі. Облыс әкімі бұл тәжірибе алдағы уақытта ауыл үшін дәстүрлі іске, нақтылап айтқанда, кәсіпке айналуы керек екендігін атап өтті. Алтай Көлгінов шолақаңқатылық шаруалармен кездесуі барысында ауыл шаруашылығының дамуына жасалған жайлы жағдайларды баяндап, іскер азаматтардың ауылға тұрақтануына себеп болып жатқанын көріп, риза болды. Екі жылдан бері Сегізүй елді мекенінде балық өсірумен айналысып жатқан Асылбек Тасболатов сөзімізге дәлел бола алады.

Осы аптада Қособа ауылдық округінің орталығында құны 90,896 млн. теңгені құрайтын 200 орындық ауылдық мәдениет ошағының құрылысы басталды. Қазір мердігер «Лидер» ЖШС ғимараттың іргетасын құюға кіріскен. Құрылыс жұмыстарымен танысқан облыс әкімі қособалықтарды ауылдың басты мәселесінің оң шешілуімен құттықтады. Облыс басшысымен жүздескен ауылдың аға буын өкілдері әкімге ауыл мәдениетіне жасаған қолдауы үшін алғыстарын айтты. Қособалықтар енді ауылдан мемлекеттік бағдарламамен тұрғын үйлер салынса деген ұсыныстарын жеткізді.

Биыл аудан орталығының іргесіндегі Өлеңті ауылында да негізгі мәселенің бірі шешімін тапқалы тұр. Шілде айының ортасына дейін Өлеңті ауылының кіреберісіндегі бір шақырым жолдың орташа жөндеу жұмыстары толық аяқталмақ. Мердігер «АнушҚұрылыс» серіктестігі директорының орынбасары Оганес Минасян облыс әкімі Алтай Көлгіновке осылай деді.

Осы маусым айында Сырым ауданындағы Бұлдырты ауылдық округінде де жаңа су желісінің құрылысы басталды. Өңірлерді дамыту бағдарламасының «Ақбұлақ» бағыты аясында жүзеге асырылып жатқан жобаның құны 324 млн. теңгені құрайды. Бүгінде құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Жобаның орындалуына жауапты мердігер «Жиенбай» ЖШС-ның директоры Александр Қарағойшиннің айтуынша, бүгінгі күні су нүктелеріне электр желісі тартылып, тиісті 31,3 шақырым су құбырының төрт шақырымы салыныпты. Жаңа су желісінің құрылысына тек өңірдегі зауыттардың өнімдері қолданылуда. Жаңа су желісі арқылы Бұлдырты ауылдық округіндегі 2500 тұрғын орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылатын болады.

Сырым ауданындағы жұмыс сапары барысында облыс әкімі Алтай Көлгінов жергілікті билік пен мердігерлерге құрылыс жұмыстарын сапалы әрі уақытылы атқарылуын, мүмкіндігінше жергілікті тұрғындардың жұмыспен қамтылуын қатаң тапсырды.

Бауыржан  ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым  ауданы


Қаланың үздік отбасылары анықталды

Күні: , 33 рет оқылды

Жуырда Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының амфитеатрында Орал қалалық ішкі саясат бөлімінің тапсырысымен, «Жайық таңы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Мерейлі отбасы 2018» ұлттық байқауының қалалық кезеңі өтті.

– Жыл сайын бұл байқауға қызығушылық танытып, қатысуға ниет білдіріп жатқан отбасылардың саны артып келеді. Өткен жылы 12 жанұя қатысса, биыл 18 отбасы бақ сынауда. Бұл байқаудың ең басты мақсаты – жанұя институтын насихаттау, отбасындағы бала тәрбиесінің мәні мен мазмұнын, қоғамдағы отбасы рөлін нығайту болып табылады. Байқаудың жеңімпаздары облыстық кезеңде қаланың намысын абыроймен қорғап, қыркүйек айында өтетін республикалық кезеңде өнер көрсетеді деп сенеміз, – деген Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов жеңімпаз және жүлдегер отбасыларды марапаттады.

Байқаудың үшінші орнының жүлдесіне Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың аға оқытушысы, техника ғылымдарының кандидаты Қанат Нәріковтың отбасы ие болды. Оларға «Турист» сауда үйі велосипед табыс етті. Ал жүлделі екінші орынмен БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының бас маманы Әскербек Нұрмұхановтың жанұясы марапатталды. Бұл отбасыға да велосипед сыйға беріліп, облыстық балалар және жасөспірімдердің туризм және экология орталығы атынан «Самал» туристік лагеріне он күнге жолдама табыс етілді. «Қазақтелеком» АҚ БҚО филиалының инженері Асылболат Балуановтың шаңырағы бірінші орыннан көрінді. Оларға жоғарыда аталған екі демеушіден тігін машинасын сыйға алып, «Еуразия» туристік-сауықтыру кешеніне он екі күндік жолдамаға ие болды.

Он сегіздің ішінен топ жарып, бас жүлдеге ие болған – Алмағамбетовтер отбасы. Отағасы Әділбек Алмағамбетов «Бауырым» ЖШС-ның жетекшісі, қазақтың ақ бас тұқымы республикалық палатасының мүшесі болып табылады. Ал зайыбы Наталья Александрқызы М. Өтемісов атындағы БҚМУ қазақ филологиясы кафедрасының оқытушысы болса, үлкен ұлы Әлібек танымал спортшы, кіші ұлы Мырзағұл әншілігімен белгілі, ал кенжелері Томирис – балабақша тәрбиеленушісі. Бұл отбасыға қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының облыстық ұйымы атынан Бурабай шипажайына жолдама табысталды. Байқауға демеуші болған мекемелер «Паприколли» мейрамханасы, «CLAS» оқу орталығы, Kinoplexx кинотеатры, «Мария ханым» студиясы секілді бірнеше мекеме бұл отбасыларға түрлі сый-сияпаттарын табыс етті. Өзге қатысушы отбасылар да сыйлықтармен марапатталып, демеушілерге алғысхаттар табысталды. Байқауға қатысқан әр отбасының ұл-қыздары да білімі және өнерімен, спорттағы жетістіктерімен, ерекше қабілеттерімен түрлі додаларда топ жарып жүрген өрендер екенін айта кету қажет. Сонымен Балуановтар мен Алмағамбетовтар отбасы облыстық байқауда сынға түспекші.

Әділбек АЛМАҒАМБЕТОВ,

«Мерейлі отбасы 2018» ұлттық байқауының қалалық кезеңінің жеңімпазы:

– Алдымен осы байқауды ұйымдастырушыларға, демеушілерге алғысымды білдіремін. Сондай-ақ бас жүлдеге лайық деп таныған әділқазыларға да ризашылығымды айтқым келеді. Қоғамда үлгілі отбасының рөлі зор. Меніңше, әр отбасында өнегелі тәрбие, темірдей тәртіп болуы керек.  Үлкенді сыйлап, кішіге ізет көрсететін кішіпейілділік сынды қасиеттер негізінен жанұяда қалыптасады. Осыған біз де жете мән береміз. Алдағы уақытта осындай мәні зор шаралар көп болсын деп тілеймін.

Ясипа  РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»


БҚО-да менингококк жұқпасы тіркелген жоқ

Күні: , 86 рет оқылды

Сейсенбі күні өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында БҚО-дағы менингококк  ауруының деңгейі туралы  баспасөз мәслихаты өтті. Брифингке БҚО  қоғамдық  денсаулық сақтау департаментінің басшысы Жайдар  Құрманов пен облыстық жұқпалы аурулар  ауруханасының директоры Надия Ахметова қатысты.

Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жайдар Құрмановтың айтуынша, менингококк жұқпасы – аурудың симптомсыз түрінен бастап мұрын-жұтқыншақ кілегей қабатының зақымда-луымен, жұмсақ ми қабығының қабынуымен, іріңді менингококкты сепсиске дейінгі клиникалық түрлерімен сипатталатын жұқпалы дерт. Инфекция ауа, тамшы арқылы, яғни менингитпен ауырған адамдар жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлегенде таралады екен.

– Биыл облыс бойынша менингококк жұқпасымен науқастанғандар тіркелген жоқ. Былтыр үш адам ауырған болатын. Олар қажетті ем-домын алып, құлантаза сауығып кетті. Жуырда еліміздің бас мемлекеттік санитар дәрігерінің арнайы қаулысы қабылданған болатын. Соған орай облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп, медицина қызметкерлеріне менингококк жұқ-пасының алдын алу, дертті дер кезінде анықтау және емдеу шаралары бойынша семинарлар өткізудеміз. Менингит жұқпасы көп жағдайда қыста және ерте көктемде қозады. Ауру әдеттегі суық тию секілді жасырын өтуі мүмкін. Инфекцияның көзі науқас адамдар және «дені сау тасымалдаушылар», яғни қандай да бір клиникалық белгілері жоқ, бірақ менингококк тасымалдаушы болуы мүмкін. Менингиттің алдын алу үшін адамдар көп жиналатын жерлерге, сауда ойын-сауық кешендеріне, мәдени-көпшілік іс-шараларға баруды шектеген жөн. Суықтап қалудан сақ болыңыз. Ауру жұқтыруды болдырмау үшін қолды мұқият жуған өте ма-ңызды. Менингитке күдік пайда болған жағдайда пациент жұқпалы аурулар ауруханасына шұғыл емдеуге жатқызылады, – деді Жайдар Бисенбайұлы.

Жиында сөз алған облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының директоры Надия Ахметова менингит дертінің алғашқы белгілерін әр ата-ана біліп жүруі қажеттігін айтты.

– Менингит кенеттен басталады. Күтпеген жерден адамның басы қатты ауырады, құсады.

6-15 сағаттан кейін денесінде бөртпе пайда болады. Температурасы 39-40 градусқа дейін жетіп, адам қалтырайды. Тері бозарады. Арқаның, аяқ-қолдың сырқырауы байқалады. Науқас шөлдейді, тәбеті нашарлайды. Дерт тұмау, баспа, суық тию, тонзиллит секілді ауруларға ұқсас болады. Тоңу, ауыру, қатты шаршаудан ағзаның қорғаныш күштері әлсіреп, менингококк қоздырғышы бас миының қабығына тез өтеді және қабынуды тудырады, – дейді Надия Абрикқызы.

Мамандардың айтуынша, менингококк жұқпасын емдеуде оң нәтижелі қорытынды алу үшін емдеуді уақтылы бастау маңызды. Сондықтан медициналық көмек үшін ауру белгілері байқалған алғашқы тәуліктен, тіпті алғашқы сағатында жүгіну қажет. Менингококк жұқпасына қарсы екпе иммундық-профилактикалық екпелердің ұлттық күнтізбесіне кірмейді. Сондықтан елімізден қажылыққа баратын адамдарға ғана ақылы түрде екпе жасалады. Одан басқа екпе эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша республикалық аурушаңдық көрсеткіші жоғарылаған жағдайда жүргізіледі.

Гүлсезім БИЯШЕВА,

«Орал өңірі»


Электр желілері жаңғыруда

Күні: , 41 рет оқылды

Сейсенбі күні өңірлік коммуникация қызметі алаңында «Тұтынушыларды электрмен жабдықтау мәселесі туралы» баспасөз мәслихаты өтті.

Брифингке «Батыс Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы» АҚ басқарма төрағасы-директоры Қуат Мусин мен аталмыш кәсіпорынның бас инженері, шұғыл диспетчерлік қызметтің бастығы Валерий Диминтевский қатысты.

Қуат Наурызұлының айтуынша, облыс бойынша электр энергияны тасымалдау мен таратуды жүзеге асыратын компания құрамына 16 аудандық электр торабы мен Орал қаласы тораптарына қызмет көрсететін қалалық филиал және материалдық-техникалық қамту базасы мен бас басқарма кіреді.

Кәсіпорын теңгерімінде ұзындығы 20 379 шақырым болатын кернеулігі 220-дан 0,4 кВ-ға дейінгі желілер, жалпы қуаттылығы 1137,211 МВА болатын 35-220кВ-дағы 152 қосалқы станция мен қуаттылығы 326,3977 МВА  болатын 2719 жиынтық трансформаторлық пункт бар. Бүгінгі күні тозығы жеткен желілер 78,9 пайызды құрап отыр. Кәсіпорын негізгі құралдарды жаңғырту мен жаңарту шараларын қамтитын 2016-2020 жылдарға арналған жалпы сомасы 1 605,1 млн. теңге құрайтын инвестициялық бағдарлама жасақтаған, оның 312,916 млн. теңгесі өткен жылы жұмсалған. Бекітілген инвестициялық бағдарламаға сәйкес ол қаржының 76,1 млн. теңгесіне кернеулігі 35кВ болатын «Шалқар-Шағатай», «Лубен-Новопетров» әуе желілері қайта құрылған. Бұл электр энергиясын техникалық ысырап пен пайдалану шығындарын азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ 117,8 млн. теңгеге кернеулігі 110/35/10 кВ болатын «Омега», «Жәнібек», «Жаңақала», «Қазталов», «Чапаев», «Бударин», «КС-3», «Переметный», «Шыңғырлау», «Талдыапан», «Қаратөбе», «Камен», «Ақжайық», «Тоғанас», «Жымпиты» және кернеулігі 35/10кВ-тық «Ростоша», «КС-4», «Чижа-2», «С. Мар», «АБЗ», «Пригородный», «Деркөл»,  «Мәстексай» қосалқы станциялары жаңғыртылған. Сонымен қоса 15,7 млн. теңгеге Федоров, Қазталов, Переметный, Жаңақала аудандарындағы  0,4 кВ-тық әуе желілері мен 54,6 млн. теңгеге Орал қаласындағы 10 және 0,4 кВ-тық желілер қайта құрылған.

– Өздігінен тасымалданатын оқшауланған сымдарды ауыстыру арқылы әуе желілерін қайта құрылымдау  электр энергиясының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бұл сымдардың басты артықшылығы – сымдардың шатысуынан, мұздақ пен желдің жүктемесінен болатын апатты ажыратуларды азайтады. Сонымен бірге бұл сымдар электр энергиясының ысырабын төмендетеді. Жүктемесі аз нысандарда, яғни шағын елді мекендер мен мал шаруашылығы нүктелеріндегі қуаттылығы үлкен трансформаторларды алмастыру үшін қуаттылығы аз трансформаторлар сатып алынды. Биыл электр шаруашылығы жабдықтары мен желілерін қайта құру мен жаңғырту бойынша 301 340,91 мың теңгеге ұзындығы 13,574 шақырым 35 кВ-тық «Қазақстан-Жарсуат» әуе желісі, Орал қаласындағы кабельдік желілер және «Омега»  қосалқы станциясының ажыратқышын, сондай-ақ «Юбелейный» станциясының 10кВ-тық секциясындағы шиндері мен КРУН-10-3-тің 10кВ вакуумдық ажыратқыштарын  ауыстыру көзделуде, – деді  Қуат Мусин.

Шұғыл диспетчерлік қызметінің бастығы Валерий Петрович биылға жоспарланған жұмыстар бойынша, яғни жабдықтарды жеткізу мен құрылыс монтаж жұмыстарын орындау үшін мердігерлермен келісімшарт жасалғанын жеткізді. Келісімшарт бойынша қосалқы станцияларды жаңғырту мен әуе электр желілерін қайта құру қараша айына дейін аяқталмақ.

Гүлсезім БИЯШЕВА,

«Орал өңірі»


«Индер – Орал өңірінің келешек геопаркі»

Күні: , 52 рет оқылды

Кеше Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында табиғи және тарихи нысандар жөнінде нақты ғылыми мәліметтер жинақтау үшін құрылған «Индер – Орал өңірінің келешек геопаркі» атты экспедиция  Орал қаласынан аттанды. Бұл туралы сейсенбі күні өңірлік коммуникциялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлім етілді.

Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың 55 жылдығына орайластырылған экспедиция құрамында батысқа-зақстандықтармен қоса бірнеше ресейлік ғалым да бар. Айта кетсек, палеонтолог, геология-минерология ғылымдарының кандидаты, РҒА жанындағы палеонтология қоғамы Ульяновск бөлімшесінің төрағасы Владимир Ефимов, герпетолог, РҒА Еділ бойы бассейні экологиясы институты герпетология және токсинология  зертханасының аға ғылыми қызметкері Андрей Бакиев және зоолог, «Самарский зоопарк» мекемесі директорының зооветеринарлық бағыты бойынша орынбасары Александр Кузовенко қатысуда.

Жорық барысында Тасқала ауданының Үлкен Ешкітауы, Атырау облысының  Индер көлі мен тауы және Бөкей ордасы ауданындағы Аралсор көлі мен хан тоғайы  кешенді түрде зерттелмек. Сондай-ақ жергілікті тұрғындармен кездесіп, сол аймақтарға қатысты аңыздарды, құлпытастардың тарихы туралы деректер жинау көзделуде.

Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың биотехнология және табиғат пайдалану ғылыми-зерттеу институтының директоры, география ғылымдарының кандидаты, профессор Қажымұрат Ахмеденовтің айтуынша, Индер мен Бөкей ордасы – көне шежірені тарих қойнауына түйген қазыналы мекен ретінде бүкіл республикаға және алыс-жақын шет елдерге танымал аудандар. Қасиетті мекендерді зерттеу, оның тарихын білу – әр перзенттің парызы. Аталмыш экспедиция 6-15 маусым аралығында өтіп, он күнге созылмақ.

Брифингте сөз алған ресейлік палеонтолог-ғалым Владимир Ефимов Индер мен Бөкей ордасын зерттеу арқылы  оларды туристер баратын геопаркке айналдыруға болатынын жеткізді.

Гүлсезім БИЯШЕВА,

«Орал өңірі»


«Анамды бақытты еткім келеді»

Күні: , 376 рет оқылды

Менің бүгінгі кейіпкерім бала кезінде үндемейтін, қойылған сұраққа жауап бере алмайтын, біртоға, тұйық бала болыпты. Адамның көзіне тура қарай алмайтын жуас бала 9-сыныптан бастап өзгеріп, ашыла бастайды. Ол қазір ҚР тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қоры атындағы шәкіртақының иегері атанып отырған еліміздегі ең үздік 80 студенттің бірі. Ол «ҚазИИТУ» білім-ғылым кешенінің студенттік ректоры. Оған қоса ректоратта студенттерге қосымша бағдар беру бойынша маман ретінде қызмет істеп жүр.

Біздің кейіпкеріміз жас көшбасшы Нұрзада Сақтағанов аталмыш білім ордасының «Автоматтандыру және басқару» факультетінің IV курс студенті. Университет қабырғасына келген сәттен қоғамдық шараларға белсене қатысып, білім-білігімен көзге түскен ізденімпаз студенттің сөз саптауы бөлек. Редакциямызға арнайы келген жас көшбасшы студенттік ізденістері, болашақ жоспарлары, қазіргі қоғам туралы өз ойларымен бөлісті.

– Мен өзім Атырау облысындағы Құлсары қаласының тумасымын. Сол жердегі М. Сатыбалдиев атындағы №18 мектепте білім алдым. Кішкентай кезімнен анамның тәрбиесін көрдім. Алдымда ағам және қарындасым бар. Маған жалын-жігер беріп, күш-қуат сыйлайтын анамның сөздері. Әр қадамымда, жетістікке жеткен сәттерімде ең бірінші анамның телефон нөмірін теремін. Оның қуанған дауысы: «Жарайсың, балам! Сенің қолыңнан бәрі келеді!» деген сөздері мені жаңа жетістіктерге жетелейді. Шынын айтқанда, техникалық бағыттағы мамандығымды таңдауға да анам ықпал етті. Оған еш өкінбеймін. Қазір осы бағытта білімімді жетілдіріп жүрмін, – дейді ҚазИИТУ-дың студенттік ректоры.

Нұрзада жақында Астана қаласында өткен «Жаңғыру жолы – жастар жолы» атты республикалық конференцияға қатысып қайтты. Еліміздің әр аймағынан құрбы-құрдастарының көшбасшылары жиналған жиында олар Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы, бес әлеуметтік игі бастама  туралы өз ойларын ортаға салды.

– Конференцияда Қазақстан халқы ассамблеясы жанынан құрылған «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының жоспарларымен танысып, оны елге алып қайттық. Жастар қозғалысының негізгі мақсаты – Қазақстан халқы ассамблеясының қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту бағытындағы жасап жатқан жұмыстарына қолдау білдіру және жастарды бір жерге шоғырландыру. Жалпы рухани жаңғыру дегеніміз – бұл отбасынан бастау алатын қазақы тәрбие, ұлттық тәлім деп ойлаймын. Бұрынғы кезде ата-әжелеріміз көп нәрсеге шектеу қойып, тыйым жасап отырған. Қазір көпті көрген, салт-дәстүрімізді, өткен тарихымызды жақсы білетін  соғыс және  еңбек ардагерлері азайып барады. Біз олардан ұлттық құндылықтарымыз туралы көп сұрай бермейміз. Өйткені қызығушылығымыз жоқ. Қазір жасөспірімдер 18 жасқа толмаса да, түнгі клубтарға барады, кейбір қыздар шашын жайып, ашық-шашық жүреді. Бұл отбасында шектеу қойылмағандықтан, жеткілікті айтылмағандықтан. Әрбір жас қазақтың ұлы тұлғалары жөнінде білуі тиіс деп ойлаймын, – дейді «Рухани жаңғыру» туралы ойын айтқан кейіпкеріміз.

Нұрзаданың әр күні жауапкершілікке толы. Түске дейін университеттің студенттік ректоры жұмысын атқарады. Университетте 4000-дай студент бар. Олармен әр түрлі шаралар, жиындар өткізеді. Түстен кейін сабаққа, кешкілік спортзалға барады. Нұрзада «аралас жекпе-жек» атты  спорт түрімен айналысады. Бұған қоса ол «Жас Отан» жастар қанаты, студенттік альянста да белсенді. Өзі сияқты жас көшбасшылармен бірге облыс, республика көлемінде жастар арасында өтетін әр түрлі шаралардың бел ортасында жүреді. ҚР Білім және ғылым министрлігінің, ҚР тұңғыш Президенті Н. Назарбаев атындағы қордың шәкіртақының иегері өзінің оқу ақысы мен пәтерақысын өзі төлейді. Сатушы болып жұмыс жасайтын анасына салмақ салғысы келмейді. Сондай-ақ ол республика көлемінде өткен ғылыми конференция, форумдарға қатысып жүр. Н. Сақтағанов «Жел қондырғылар» атты ғылыми жобасын жетілдіріп, патенттеп, университеттегі  жас ғалым атанған жалғыз студент.  Кейіпкерімізден: «Жастар  құлаққап киіп алып өз әлемінде жүреді, айналамен хабары жоқ деп, үлкендер сынап жатады, бұған не айтасыз?» деп сұрадық.

– Студенттер көбіне құлаққаппен жүретіні рас. Бұл денсаулыққа зиян. Алайда олар сол құлаққаптың ар жағындағы музыка арқылы өз-өздерін жұбатып жүретін секілді. Музыка тыңдау арқылы бөлек әлемге енгендей, жаны тыныштанғандай күй кешетін сияқты. Жастардың өз проблемасы бар. Одан бөлек, оларға үлкендер тарапынан жылылық жетіспегесін, сол тыныштықты, жанын жұбататын нәрсені музыкадан іздейді-ау деп ойлаймын. Қазір ата-аналардың көбі жұмысбасты. Бір айлық жалақымен күн көру мүмкін болмағандықтан, екі-үш жерде жұмыс жасап жүргендер бар. БАҚ беттерінде орта есеппен Қазақстанда айлық жалақы 140 мың теңгені құрайды деген статистикалық мәлімет бар. Бірақ мен бұл мәліметпен келіспеймін. Одан үш есе төмен алатындар бар. Ата-ананың баласына көңіл бөлетін уақыты жоқ. Сондықтан да жастар гаджеттермен көп уақытын өткізеді. Елімізде көп нәрсе есеп беруге құрылғандай әсер қалдырады. Қарапайым емханаға барсаң да, дәрігер ауруға көңіл бөлмей, ол туралы берілетін есепке ерекше мән беріп отырғаны байқалады. Бірақ мұның бәрі болашақта өз шешімін тауып, реттеледі деп сенемін, – дейді ол.

  Нұрзаданың өмірге келуі де қызық. Бірде анасы аяқасты қолын сындырып алып, ауылдағы емшіге барады. Сол кезде емші: «Көп ұзамай құрсағыңа ер  бала бітеді. Оның атын Нұрзада деп қой» деп айтады. Емшінің айтқаны айдай келіп, маңдайы жарқыраған ұлды дүниеге әкелген ана, бақсының сөзіне мән бермей,  перзентіне Дәурен деп ат қояды. Алайда сәби аурудан көз ашпай, өлім қалінен қалады. Осы жерде беймәлім бір тылсым барын сезген ана ұлын көтеріп емшіге қайта келеді. «Есімін неге басқаша қойдың?» деген емші Нұрзада деп өзгертіп, азан шақырып ат қойып береді. Содан кейін ғана сәбидің беті қарап, тәуір бола бастапты.

Біз кейіпкерімізден «Кітап оқисың ба?» деп сұрадық.

– Ең алғаш әдеби кітаптарды мектеп қабырғасында жүргенімде оқи бастадым. Әжемнің үйінде сөре толы кітап еді.  Бірінші ертегілер, сосын әңгімелер оқи бастадым. Кітап оқи отырып, автормен сөйлесіп отырғандай күй кешіп, әңгіме ішіндегі кейіпкерлермен біте қайнасып кететінмін. Қазіргі күнде психологиялық бағыттағы маған мотивация беретін кітаптарды жиі қолыма аламын. Мәселен Джозеф Мерфи, Роберт Кийосаки т.б. өзге  де авторлардың кітабын оқып жүрмін, – деді ол.

«Балам дейтін ел болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шығады?» деген Ахмет Байтұрсыновтың қанатты сөзін алға тартқан ол өз жолында  білікті ұстаздар, жақсы адамдар жиі жолығатынына қуанады. Мектеп қабырғасынан көшбасшылыққа баулыған ұстазы Анаргүл Хасановаға, әр қадамына қолдау білдіріп жүретін «ҚазИИТУ» білім-ғылым кешенінің құрылтайшысы Ақсерік Әйтімовке, техникалық бағытта білімін жетілдірген педагогтарға дән риза. Санаулы күндерден соң бұйырса, қызыл дипломын қолға алатын жас көшбасшы өз білімін Ресейдің Дубна қаласында магистратурада жалғастырмақ. Ол өзінің бар қарым-қабілетін, білім-білігін елімізді өркендету жолына бағыштамақ. Білім-білігіне қоса, пайым-парасатымен тең құрбысының алды болып жүрген түр-тұлғасы келісті келешек магистранттың болашақ жарына қояр өз талабы да бар.

– Әзірге жүріп жүрген қызым жоқ. Қызға  қарайтын уақытым да болып жатқан жоқ. Бірақ болашақ жарым білімді, сыпайы, қарапайым болса екен деймін. Ең бастысы, анамды сыйлайтын, анамды ренжітпейтін жан болуы шарт. Өйткені, мен анамды бақытты еткім келеді, – дейді жас көшбасшы.

  Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»

 

Түйін

Кейіпкерімізбен әңгімелесіп отырып байқағанымыз, кішкентай кезінен булығып, ширығып өскен. Көзін ашқаннан көргені әке де, шеше де бола білген жан – анасы. Анасы кейіпкеріміз үшін идеал. Ол алдына тастай қаланған  мақсат қойып, оған жету үшін тынымсыз ізденіп, ерінбей еңбектенеді. Ол, әсіресе, өзін психологиялық-моральдық тұрғыдан жетілдіруден жалықпайды. Ізденімпаз, еңбек-қор. Көзінде от, бойында жастық жалын-жігер бар. Өз ойын ірікпей, сабырлы қалыпта байсалды жеткізеді. Біз анасын аузынан тастамай-тын, алға қойған мақсатына жетпей тынбайтын жас көшбасшыға тек сәттіліктер  тілейміз!


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика