Мұрағат: 05.06.2018


Сексенге сергек жеткен ғалым

Күні: , 53 рет оқылды

Білім  мен  ғылым  нәтижесі

Рахымжан есімін иеленген жандардың қай-қайсысы да осал емес екені белгілі. Сондай танымал тұлғаның бірі – Қаратөбе өңірінің бір перзенті, бүгінде әлем таныған академик Рахымжан Елешев. Иә, бұл асыра мақтағандық емес, кеудемізді кере тұра осылай деуімізге толық негіз бар.

 Балалығы сұм соғыстың сұрапыл жылдарымен шамалас келгендер ерте есейіп, тағдырдың қиындығына қарсы тұра білді. Үлкендерге қолғанат, кішілерге қамқор болды. Ағамыздың сол қамқорлығын көріп, біліп өскен мен Рахымжан ағаны туған бауырымдай көремін. Оның әрбір ісі бізге ғана емес, ғылым жолында жүргендер үшін үлкен өнеге.

Қаратөбенің Саралжын ауылында туып-өскен жас жігіт білімге құштар болды. Мұхит атындағы орта мектептің орыс сыныбын Алтын медальмен бітірген ол арман қанатымен әсем Алматыға аттанды. Білімге ұмтылған жеткіншек сол жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік педагогика институтының биология және химия факультетіне оқуға түсті. Студенттік жылдардың алғашқы күндерінен-ақ ғылым-білімге деген ерекше ынтасымен топ арасынан дара көрінген Рахымжан Елешев Мәскеу, Қазан қалаларында өткен студенттердің Бүкілодақтық ғылыми конференцияларында баяндама жасап, жүлдемен оралып жүрді. 1959 жылы Мәскеуде өткен Жастар мен студенттердің дүниежүзілік фестиваліне қатысты. Институттағы Лениндік стипендияның иегері де болды.

1961 жылы оқу орнын үздік бітіріп, үлкен өмірге жолдама алды. Кезінде Қазақ ауыл шаруашылығы институты болған, бүгінде Қазақ ұлттық аграрлық университеті Рахымжан Елешұлының ассистент болып бастаған алғашқы еңбек жолындағы сәтті баспалдағы ғана емес, аға оқытушы, доцент, профессор ретінде биіктерге өрлеуіне, өмірлік ұстанымына даңғыл жол ашты. Топырақтану-агрохимия кафедрасының құрметті профессоры атануы Рахаңның  институттағы  факультет деканының орынбасары, декан, ғылыми жұмыстар жөніндегі проректор, бірінші проректор, «Топырақтану-агрохимия» ғылыми-оқу өндірістік кешенінің жетекшісі сынды жауапты қызметтерді жауапкершілікпен атқарудағы жетістігінің бірі ғана.

Бір ерекше айта кетерлігі, профессор, академик Рахымжан Елешев Кеңестік дәуірдің өзінде, яғни 1984 жылы К. Тимирязев атындағы Мәскеу ауыл шаруашылығы академиясында докторлық жұмысын сәтті қорғады. Ал тақырып мазмұнына келсек, ол әр түрлі топырақ типтеріндегі фосфаттардың өзгеру химизмі мен мамандандырылған ауыспалы егістіктерге (мал азықтық, көкөніс-мал азықтық, қант қызылшасы және басқалар) тыңайтқыштардың тиімділігін бағалауға қатысты болып келеді. Ол Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс агроценоздарында қоректік элементтердің балансы бойынша мәліметтер банкін жасаумен аяқталады. Міне, атағы дардай ғалымдарының оң бағасын алған мұндай тақырыпты зерттеп, зерттелеу кез келгеннің қолынан келмесі анық.

Ғалым мұндай биікке ерінбей еңбектену мен ғылым жолындағы жанкештілік арқылы ғана жетуге болатынын кейінгі жастарға айтудан жалықпайды. Р. Елешевтің жетекшілігімен 38 ғылым кандидаты, 12 ғылым докторы, 6 PһD даярланды. Академиктер А. Иванов (РҒА академигі), ғылыми-зерттеу институттарының директорлары А. Сапаров, Т. Айтбаев, И. Үмбетаев және А. Күрішбаев, С. Елюбаев сынды ректорлар, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі Б. Насиев, тағы басқа да ғылымдар өздерінің Рахаңдай ғалымнан дәріс алып, бүгінде өздері сол ілім-білімді алға апарып жүргендерін мақтан етеді.

Жарты ғасырдан астам бір орында еңбек еткен ғалым студенттер мен жас ғалымдарға білім беріп ғана қоймай, өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, жиырмадан астам ғылыми оқулық жазды. Оның ішінде «Тыңайтқыш қолдану жүйесі», «Өсімдіктердің химиялық құрамы мен минералдық қоректенуі», «Агрохимия практикумы» басқа да көптеген оқулықтары студенттер үшін баға жетпес құрал болуда. Ал өткен жылы ТМД елдерінің ғалымдарымен бірлесіп шығарған  «Агрохимия» оқулығы жоғары оқу орындарында негізгі оқулық ретінде пайдаланылуда.

Р. Елешев агрохимия ғылымының көшбасшысы және елімізде осы мамандық бойынша кадр даярлау мектебін құрды. Ол ұзақ жылғы ғылыми зерттеулерінің  нәтижесіндей 350-ден астам ғылыми еңбегін жарыққа шығарды.

Елімізде «Нұрлы жер» бағдарламасы кең қанат жайған бүгінгі таңда жер мәселесінің аса маңызды екені рас. Жер-ананың бауырында өскен әр адам оны бала жастан сүйіп, қадірлей білуі керек. «Баптай білсең, жер жомарт» дегендей, ғалым ағамыз туған жердің құнарлығын арттыру, тыңайтқыштарды қолдану тәсілдерін игеру, егін және мал жайылымы үшін қолайлы жағдай жасау, жерге қатысты басқа да мәселелермен  күнделікті айналысуда.

Адал   еңбектің  жемісі

Еңбегі еленген ғалым 1989 жылы КСРО-ның ғылыми сыйлығын иеленді. 1991 жылы Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы ғылымдар академиясының корреспондент  мүшесі, 1993 жылы толық мүшесі болып сайланды. 1995 жылы – Халықаралық аграрлық білім, 2004 жылы – Қазақстан жоғары мектебі академияларының академигі. Сонымен қатар Р. Елешев К. Тимирязев атындағы Мәскеу және Брянск мемлекеттік ауыл шаруашылығы  академияларының және еліміздегі бірнеше университеттің құрметті профессоры.

Ол екі рет «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері атанды, А. Байтұрсынов атындағы төсбелгіні  өңіріне тақты.

Ұзақ жыл ҚР ҰҒА Президиумының мүшесі, Қазақ ҰАУ жанындағы докторлық диссертациялар Кеңесінің төрағасы болды. Агрохимия және агроэкология бойынша Достастық елдері Мемлекетаралық кеңесінің вице-президенті. Мәскеудің Эксперттік кеңесінің мүшесіне Қазақстаннан екі-ақ ғалым – Жабайхан Әбділдин мен Рахымжан Елешев кірген екен. Лениндік Мемлекеттік сыйлықтың қазақтан шыққан тұңғыш лауреаты да біздің жерлес ағамыз.

Рахымжан аға ғылым жолында талай әріптес тауып, пікірлес болды. Көптеген шетелде болып, үлкен мінбелерде сөз алды. Көршілес Ресейдің атақты академиктері Рахаңмен ой бөлісіп, оның ақыл-кеңесіне талай мәрте тәнті болды.

Ғылым мен ғылыми-педагогикалық қызметтерде сіңірген еңбегі үшін академик Р. Елешевке 1998 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді. 2005 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  қолынан  «Құрмет» орденін алды. 2010 жылы «Парасат» орденімен марапатталды.  «Тарлан» сыйлығына да ие болды.

Ақ Жайық елі – академикті әрдайым құшағын жайып қарсы алады. Жерлестерінің шын ықыласымен Батыс Қазақстан облысының құрметті азаматы атанды. Туып-өскен Сал Мұхиттың елі бала болып елден кетіп, дана болып, әлемге танылған ғалымға Қаратөбенің құрметті азаматы атағын беріп, бір көшені ғалымның атымен атады. Бұл жақсылардың жолын берсін, тәуелсіз еліміздің жарқын болашағы – жастар  ғалым ағаларындай ғылымның көгінде жарқырасын деген игі тілектің нышаны.

 Рахаң соның бір мысалын өзінің «Адам болып келген соң…» деген кітабында былай деп келтіреді: «Әкеміз жағынан тараған Бауыржан Жантеміров пен әйелі Күнтай екеуі балалы-шағалы, немерелі боп өркен жайып отыр. …Алғаш кішкентайлы болған кезде, қуанышын жасыра алмай хабарласқаны есімде.

Аға, рұқсат етесіз бе? – дейді.

Уа, не боп қалды? – деймін білгім келіп.

 Кішкентайлы болдым. Соған өзіңіздің есіміңізді қалап отырмын, аға. Сіздей боп өссін, еліне сыйлы азамат, ғалым болсын деген ниетім бар. Атын Рахымжан қояйын, — дейді». Иә, бүгінде Рахымжан Бауыржанұлы — Астана қаласында жауапты қызметін атқарып, бір отбасының тірегі болып жүрген азамат. Мұндай мысалдар жетерлік.

Жаны   жайсаң   жан

Рахымжан Елешев жыл сайын Ақ ерке Жайығына келіп, одан әрі туған ауылындағы қорымда мәңгілік ұйқыда жатқан ата-анасының бейіті басына барып тағзым етеді. Бұл жылдағы қағидасы. Әттең, енді жанына  бірге еріп келетін жалғыз ұлы Мұратжаны жоқ. Жаны күйзеліп, жабырқаған жақсы аға тағдырдың бұл сынын қайыспай көтергенімен, жаны езіліп, жүрегі сыздап жүргені рас.

Рахаң ғылым жолында жүргенімен, оның қуанышта да, қиындықта да қасынан табылатын, жанына демеу болатын шынайы достары аз емес. «Жақсымен дос болсаң, қадірің өседі. Білімдімен дос болсаң, ақылың өседі» деп өзі айтатындай, олардың қатарында елімізге танымал тұлғалар – Сауытбек Абдрахманов, Бердібек Сапарбаев, асық ойнап, балалық, жастық шақтың базарын бірге өткізген Ескендір Хасанғалиевпен қатар көптеген ғалым, өнер адамдары бар.

Рахаң аттестаты мен алтын медалі қолына дер кезінде түспей, елден кештеу келіп, институтқа құжаттарын тапсыра алмай қиналған кезде, жылы мейірімін төгіп, студент атануына, жатақханаға орналасуына, тіпті қалтасы жұқа жас жігітке күнкөріске 30 сом ақша беріп, әкесіндей қамқор болған Кеңес Одағының Батыры, ғалым Мәлік Ғабдуллинге өмір бойы ризашылығын білдіріп келеді.

Кезінде Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Қанабек Байсейітов, Сағынғали Сейітов, Хамит Ерғалиев, Ғафу Қайырбеков сынды қазақтың сүт бетіндегі қаймағындай болған айтулы тұлғалармен қатар отырып, дәмдес болды, қызмет көрсетті, батасын алды. Студенттерге «СХИ – самый хороший институт» деген сөз деп, ұйымдастырылатын әдеби кештерге еліміздің талай өнер саңлақтарымен қатар майдангер ағалар шақырылып, болашақ мамандарды біліммен қатар өнерге баулыды.

Желтоқсанның ызғарында жастарды қызғыштай қорғаған Жұбан Молдағалиевті аға тұтты, көрші тұрды. Қазақтың Қадыры атанған абзал ақынмен өмірлік дос болды. Оралға келген әр сапарында алдымен майдангер ағасы Бисен Жұмағалиевке сәлем беріп шығатын. Туған жерге деген сағынышын бөлісетін. Қайран уақыт…

Рухани жаңғыруға ісімен, өнегесімен үлгі болып жүрген, елім, жерім деп маңдай терін төгіп жүрген парасатты Рахымжан Елешұлы Елешевтей нар тұлғалы ұлын Ақ Жайығы ешқашан жатсынбайды. Сексен жасты жігерлі қарсы алған ғалым ағамызға әр кез «Қош келдіңіз» дейміз.

Алтай   АЛДАБЕРГЕНОВ,

ҚР АШМ АӨК МИК «Республикалық фитосанитарлық

диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» РММ

Батыс Қазақстан облыстық филиалының басшысы         


«Мемлекетік кызмет — елдің мүддесіне адал еңбек» конкурсының жеңімпазы анықталды

Күні: , 266 рет оқылды

2018 жылдың 22-25 мамыры аралығында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің бастамашылығымен Батыс Қазақстан облысы бойынша Департаменті Батыс Қазақстан облысының білім басқармасымен бірлесіп 7-8 сынып мектеп оқушылары арасында «Мемлекетік кызмет — елдің мүддесіне адал еңбек» эссе конкурсынжариялады.

Іс-шараның басты мақсаты – жас ұрпақ арасында елдің даму мақсаты мен басымдықтарын іске асыру, мүдделерге адал қызмет атқару және әр азаматтың күн сайынғы қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін танылған, маңызды институт ретінде мемлекеттік қызмет туралы ұғымды тарату.

Конкурсқа облыс бойынша 10 үміткер қатысып, әділқазылар байқау қорытындысы бойынша жүлдегерлерді анықтады.

I орын– Кадиржанов Данияр, Орал қаласы, №5 ЖОББМ-нің 7-сынып оқушысы;

II орын – Сапар Айша, Тасқала ауданы «Сәулет» МЛ-нің 8-сынып оқушысы; Мағзомова Аружан, Тасқала ауданы, Оян ЖОББМ-нің 7-сынып оқушысы;

III орын – Зайберлих Полина, Орал қаласы, №23 ЖОББМ-нің 8-сынып оқушысы; Ерғожина Гулмайра, Қаратөбе ауданы, Саралжын ЖОББМ-нің 7-сынып оқушыларының эсселері жас ерекшеліктеріне сай жазылып, үздік деп бағаланды.


БҚО ТЖД-ның аудандық бөлімшелері ашық есік күндерін өткізді

Күні: , 492 рет оқылды

Қазіргі уақытта құтқарушы мамандығы  адам мен жануарлардың денсаулығын сақтау мәселелерін шешумен айналысатын батырлық жұмыс. Құтқарушы — басқа да қоғамға қажетті көптеген мамандықтар бойынша мәселен, дәрігер, жүргізуші, өрт сөндіруші, альпинист және сүңгуір дағдыларын меңгеруі тиіс. Құтқарушының бойындағы ең маңызды қасиеттерінің бірі — тәртіптілік, батылдық, табандылық болуы қажет. Сонымен қатар құтқарушы адамдарға көмектесуге деген шынайы, ыстық ықылассыз ешкімді құтқара алмайды.

Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті және оның ведомстволық бағынысты бөлімшелерінің ең басты міндетінің бірі құтқарушы және өрт сөндіруші мамандығының оң имиджін қалыптастыру.Осыған байланысты ҚР ІІМ ТЖК қатарына жаңа кадрларды жинау, жастарды ынталандыру және кәсіби бағдар беру мақсатында, ағымдағы жылдың мамыр айында БҚО ТЖД аудандық бөлімшелері үшін құтқарушы және өрт сөндіруші мамандығының оң имиджін қалыптастыру үшін мектеп оқушыларымен ашық есік күндерін өткізді. Ашық есік күнінде мыңнан астам оқушы қатысты.            Құтқарушылар балаларға арналып дайындалған танымдық бағдарламаға аудандық мектептер оқушыларын да шақырған болатын.        Аудандық ТЖБ және өрт сөндіру бөлімшелері бастықтары балаларға өрттің пайда болу себептері, олардың пайда болғандағы іс-әрекеттері туралы, өрт сөндіру машиналарын, қолда бар өрт және техникалық қаруды тағайындау, өрт сөндірушілердің өртке қалай аттанадығы туралы айтып берді.            Ашық күндеріне қатысушылар өрт сөндіргішке машинаға қанша су сиятындығын және өртте бұл қордың қанша уақытқа жететіндігін қызығушылықпен тыңдады. Өрт сөндіру машинасына отыруға ниеттенген оқушылар қызығушылықпен техника ішін тамашалап, кейіннен естелік суреттерге түсті. Құтқарушылар балаларға тез арада өрт сөндіру киімін қалай дұрыс кию қажеттігі және киімнің ерекшелігі туралы туралы көрсетті. Балалардың ынта-жігері шектеусіз болды, және киімді өздерікиіп көруге мүмкіндік алды.            Сондай-ақ балалар өрт сөндіру бөлімдерінің қызметтік бөлмелеріне сабақ өткізу сыныптарына, демалыс бөлмелеріне, қоңыраулар қабылдайтын телефонистер кабиналарына экскурсия жасады және т.б.Айта кетерлігі оқу сыныптарында балаларға өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша нұсқаулықтар жүргізілді.            Соңында оқушыларға қызметкерлер лекция оқып, видеороликтер көрсетіп, үгіт-насихат материалдарын таратты. Әсіресе 10және 11 сынып оқушыларына КТИ оқуға түсу бойынша үгіт-насихат жұмысына көп көңіл бөлінді.

Оқушылар құтқарушыларға қызықты кездесу үшін алғыстарын білдіріп, ата-аналарына және достарына мамандық туралы айта жүретіндерін және тағы да қуана келетіндіктерін жеткізді.

                          Мемлекеттік тіл және ақпарат тобы БҚО ТЖД


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика