Мұрағат: 04.06.2018


Қазақстандықтар отандық эстраданы және өзін-өзі жетілдіруді таңдайды

Күні: , 62 рет оқылды

«Кселл» компаниясының  Mobi music пен Bookmate қызметтерінің жазылушылары қазақстандық музыканы және өзінөзі жетілдіру кітаптарын таңдайдыКомпанияның деректеріне сүйенсек, 395 қазақстандық орындаушылардың ішінен ең танымал үштікке Ерке Есмахан, Қайрат Нұртас және Қанат Үмбетов кірді. Дәл осы әртістердің әндерін жазылушылар басқа әншілерден гөрі жиі тыңдайтын болып шықты

Іріктеп алынған дайын музыканың ішінен Mobi music-те ең танымал ол  — «Хиты дня», «Хит-парад казахстанской музыки» және «Домашний уют» қызметтері. Жанрларға тоқталатын болсақ, жазылушылар іздеу жүйесінде pop-музыкасын, рэп, хип-хоп және қазақстандық әуендерді жиі іздейді екен. «Кселл» компаниясының деректері бойынша, орта есеппен алғанда бір пайдаланушы күніне 43 ән тыңдайды – ол қызметте күнделікті екі сағат отырады дегенді білдіреді.

Bookmate электронды кітапханасының жазылушылары арасында психология мен өзін-өзі жетілдіру әдебиеті аса танымал. Алайда соңғы айдың ең танымал кітаптары австралиялық жазушы Грегори Дэвид Робертстің «Шантарам» романы мен израильдік профессор Юваль Ноа Хараридің «Sapiens: Краткая история человечества» жұмысы болды. Орта есеппен алғанда «Кселл» абоненттері «кітапханада» күніне 66 минут өткізеді. Олар кітаптарды көбінесе iPhone 6 смартфонының көмегімен оқиды.

Mobi Kino қызметінің жазылушысы фильмдер мен сериалдарды көруге шамамен айына 180 минут уақытын жұмсайды. Оған оның 3 ГБ-тан астам трафигі кетеді. Бұл қызметтің жазылушыларында ең танымал сериалдар арасында «Игра престолов», «Мир дикого запада» және «Маша и медведь» мультфильмін атауға болады.

Mobi TV қызметінің жазылушылары көбінесе сериалдар, реалити-шоу және жаңалықтарды көргенді қалайды. Отандастарымыздың арасында ең танымал шоу ол  «Қалаулым» және «Кухня» сериалы. Сонымен қатар қазақстандықтар «Еуразия бірінші телеарнасы» мен «31 арнаны» көп көреді.

«Кселл» АҚ-ның басты атқарушы директоры Арти Отстың сөзіне сүйенсек, 2017-ші жылы компанияның мобильді қызметтерге жазылушылар саны 2016-шы жылға қарағанда 4,5 есе өскен. Қазіргі таңда олардың саны 526 мың жазылушыларға тең.

«Сандық контент, деректерді тапсыру және пакетті тарифтерімен бірге біздің компанияның қаржылық кірісінде басты рөлді атқарды. Біз көріп отырғандай, Қазақстанның телеком нарығында ең маңызды әрі өзгерісті кезең келді — дыбысты байланыстан деректерді тапсыруға көштік. Бұл әлемдегі IT-өндірісінің дамуына қолдау көрсетіп отырған қалыпты жағдай. «Кселл» компаниясы осы салада жетекші болып, өзгерістерді дұрыс бағыттап, сандық операторға ауысып, сандық контентті белсенді жетілдіру үстінде. Бұл нарыққа, ең бастысы біздің абоненттерге қазіргі таңда шынымен қажетті дүние», — деп білдірді Арти Отс.


«Өзіне пара берілгендігін хабарлағандар қылмыстық жауапкершіліктен құтылады»

Күні: , 99 рет оқылды

Жақында  «Smart Uralsk»  ғимаратында  «Батыс  Қазақстан  облысындағы  инвестициялық  климат:  бизнес  саласында  сыбайлас  жемқорлықтың  алдын  алу  жолдары»  тақырыбында  дөңгелек  үстел  өтті.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті ұйымдастырған басқосуда бизнес саласында жемқорлық фактілерін тексеру, аймақтағы инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселелері талқыланды. Аталмыш  департаменттің басшысы Болат Исақовтың мәліметінше, «Doing business – 2018» бүкіләлемдік банк рейтінгісінде бизнесті дамытуға жағдай жасаудан Қазақстан 190 мемлекеттің ішінде — 36, «Миноритарлы инвесторлар құқы» көрсеткішінен бірінші, «Инвесторлар құқын қорғау индексінен» үшінші орын алды. Әлемдегі төртінші өнеркәсіптік революцияға бейімделу үшін ҚР-ның 2018-2020 жылдарға арналған ұлттық инвестициялық  стратегиясы қабылданды.  Облысымызда биылғы қаңтар-ақпан айларында негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі 31,2 млрд. теңге, оның ішінде шетелдік инвесторлар үлесі 57 пайызды құрайды.

– Жақында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына қол қойды. Соған сәйкес мемлекеттік қадағалау қызметі 30 пайызға қысқартылады. Прокуратура құрылымынан «жалпы қадағалау» функциясы алынып тасталды. Есесіне, құқықбұзушылықтың алдын алатын профилактикалық қадалағалау институты дамытылады, – деді Болат Исақов.

Дөңгелек үстелде облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Сәкен Карин бизнесті дамытуда мемлекеттік құрылымдар ашықтық қағидатына мейлінше бет бұрып жатқанын баяндады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының облыстық департаментінің басшысы Рүстем Ақмырзаевтың мәліметінше, 2015-2017 жылдары өңірде шағын және орта бизнестің дамуына кедергі келтіруге қатысты 35 дерек анықталып, 19 тұлға жауапкершілікке тартылған. Жыл сайын департамент қызметіне ондаған кәсіпкер шағым түсіреді.

– Жемқорлықтың орын алғаны жөнінде біздің департаментке үнемі мәлім бола бермейді.

Қазіргі уақытта пара алу дерегін хабарлаған тұрғындарға 30-дан 70-ке дейінгі айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаржылай қолдау көрсетіледі. Мысалы, 2016 жылдан бері облыстық департамент есебінен 27 адамға 4 млн. теңге көлемінде сыйақы берілді. Солардың көмегімен қылмыстың жолы кесіліп, лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылды. Айта кетейін, ҚР Қылмыстық кодексіне сәйкес, өзіне пара берілгені жөнінде хабарлап, оны тиісті құрылымға тапсырғандар қылмыстық жауапкершіліктен босайды, – деді  Рүстем  Ақмырзаев.

ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің БҚО бойынша басқармасының  бастығы Жанат Нұрмағамбетованың дерегінше, 2013 жылы мемлекеттік және қадағалау құрылымдары тарапынан облыстағы кәсіпкерлерге 4 мыңнан астам тексеру жүргізілсе, былтыр бұл көрсеткіш екі есеге қысқарған. Биылғы есептік мерзімде  931 тексеру жүргізілді. 2010 жылы тексерудің заңдылығын есепке алатын электронды жүйе қолданысқа енгізілді. 2016 жылы жоспарлы тексеру алынып тасталды. Былтырдан бастап еліміздегі тексеру субъектілері мен объектілерінің бірыңғай тізілімінің жүйесі жетілдірілуде. Ондағы мәліметтер кейін тексеру картасына енгізіледі. Яғни тексерулер саны мен заң, құқықбұзушылықтың орын алуына қатысты кәсіпкерлердің рейтінгісі анықталады. Картада жасыл түспен белгіленгендері кәсіпкердің мүлдем заңбұзушылық жасамағанын, сары – оған қатысты дерек аз да болса анықталғанын, қызыл түс – ірі заңбұзушылыққа жол бергенін аңғартады. Шілде айынан бастап  тексеру жүйесі толық электронды  тіркеуге  көшеді.

– Қадағалау құрылымдары тарапынан заңсыз тексеру жүргізілетіні анықталып жатыр. Соңғы екі жылда көліктік бақылау, ішкі істер және төтенше жағдай құрылымдарының осындай заңсыздыққа жол бергені анықталды. Өкілетті құрылымдардың 19 өкіліне құқықбұзушылықты жою ұсынылды. 49 лауазымды тұлға  жауапкершілікке тартылды. 2017 жылы «Qamqor» мобильді қосымшасы арқылы кәсіпкердің заңсыз тексеру басталғаны жөнінде дер кезінде шағымдана алады.

Бірақ облыстағы 45 мың кәсіпкердің 2500-ге жуығы ғана қосымшаға тіркелген. Прокуратура құрылымдарының кәсіпкерлік саласындағы барлық құқықбұзушылықты анықтауына күші жетпейді. Сондықтан азаматтардың өздері белсенді болуы тиіс. Біздің құрылымда жедел әрекет етуге даяр мобильді топ бар. Бірақ ол топқа әлі ешкім қоңырау шалмады,  – деді Жанат Нұрмағамбетова. Дөңгелек үстел барысында кәсіпкерлер өз ұсыныс-пікірлерін  білдірді.

Нұртай   ТЕКЕБАЕВ,

«Орал   өңірі»


Рухты асқақтатар рәміздер

Күні: , 21 рет оқылды

4  маусым –  Қазақстан  Республика­сының  мемлекеттік  рәміздері  күніне байланысты  ҚР  тұңғыш  Президенті  алаңында «Менің  Қазақстаным»  атты  жастар  шарасы  өтті.

Акцияны  «Нұр Отан» пар­­тиясының «Жас Отан» жастар қана­ты мен об­лыстық жастар саясаты мәселе­лері басқармасы ұйымдастыр­ды. Алаңда сал­танатты шеру ұйым­дастыры­лып, оған қатысу­шы­лар сап түзеген күйі ашық аспан ас­тындағы сахнаға алып мемлекет­тік Туды әкелді.

– Еуразия кіндігінде орналас­қан Қазақстан тә­уелсіздік ал­ған­­нан кейін шекарасын шеген­деп, рә­міздерін бекітті. Мемле­­кет­­­тік Туымыз асқақ түрде жел­бі­реп, әр өрнегінің мән-ма­ңы­зы зор еке­нін аңғартуда. Ән­­ұра­­ны­­мыз әуе­леп, Елтаң­ба­мыз еңселі елді­гімізді паш етуде. Еліміздің рә­міз­дері жастар рухын көтеріп, елін, жерін сүюге, Отанға қыз­мет етуге үн­­дей­ді. Ел­басының са­лиқалы сая­саты ар­қа­сында көр­­­ші мемлекет­тер­мен ше­карамыз­ды бекітіп ал­­­дық. Шека­рамыздың бе­рік болып, Қа­зақстан халқының өзге елдермен бейбіт қарым-қа­­ты­нас жасап, өз­ара тату-тәтті өмір сүруі мерейі­мізді ас­­қақ­та­тады. Жылдан-жыл­ға Қазақ­­­стан­ның Қа­ру­лы күштері ны­­ға­йып, экономикасы дамуда, – деді облыс әкімінің орынбасары Ға­бидолла Оспанқұлов.

Шарада әскери қызмет және спорт саласында елеулі жетістікке жеткен бір топ жас облыс әкі­­мі орынбасарының алғыс­хаты­­мен марапатталды. Сонан соң па­­­триот­­тық әндер шырқалып, жас­тар флеш­моб биледі.

Нұркен   ҒАППАР


Жасыл қаланы жайнату – парызымыз

Күні: , 22 рет оқылды

5  маусым  –  Қоршаған  ортаны  қорғау  күні

Қоршаған ортаны қорғау, табиғат пен қоғамның өзара ерекшеліктері, адамзат баласының қоршаған ортаға деген жанашырлық сезімін ояту, экологиялық мәдениетін арттыру және жеке тұлғаны тәрбиелеу мақсатында 1998 жылы 20 қаңтар күні Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 5 маусым күні экологтар, қоршаған ортаны қорғау саласындағы қызметкерлердің кәсіби мерекесі деп жарияланды.

Елбасы өңірімізге жұмыс сапары барысында Оралдағы жасыл желекті көріп, тал-теректерді көптеп отырғызу, шаһарды абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын жалғастыру керектігін айтып, «Орал – Қазақстанда экология жағынан ең таза қала» деп атап өткен болатын. Осыған байланысты батысқазақстандықтар бірлесіп сүйікті өлкеміздің экологиясын жақсарту үшін екі есе жұмыстануымыз қажет.

 «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесінің қорытындысы бойынша финдік-қазақстандық консорциуммен Орал қаласындағы қатты тұрмыстық қалдықтар жүйесін басқару жобасы қолға алынды. Қазіргі уақытта бұл консорциумға ҚТҚ полигоны басқаруға беріліп, ҚТҚ жинау және шығару бойынша заманауи технологиялар енгізілуде. Финдік зертханамен Қазақстанда алғаш рет полигонда биогаздың бар екендігін анықтау мақсатында іздестіру жұмыстары жүргізілді. Биыл қалдықтарды бөлек жинауды енгізу бойынша және полигонда қалдықтарды санкциялы орналастыру мақсатында сұрыптау кешені және биогаз бекетін салу жоспарлануда.

Облысымыздағы су айдындары мен жағалауларының жағдайын жақсарту, тұрғындардың туған өлке табиғатына ұқыпты қарауға және жауапкершілік сезіміне тәрбиелеу мақсатында 2015 жылдан бері «Таза жағалау» акциясы өткізіліп жүр. Акция шеңберінде тек Жайық өзені жағалауы емес, сонымен қатар облыс аудандары аумағындағы Үлкен және Кіші өзен, Шаған, Деркөл, Елек өзендерінің жағалаулары тұрмыстық қатты қалдықтардан тазартылды. Орал қаласында Жайық өзенінің Чапаев атындағы Затоннан бастап Коминтерн ықшамауданына дейінгі жағалау аймағы тазаланды.

«Туған жер» бағдарламасы аясында жыл сайын облыс бойынша «Таза орман» экологиялық акциясы өткізілуде. Осындай акцияларды өткізудің басты мақсаты – жастарға экологиялық тәлім-тәрбие беріп, өңіріміздің экологиялық ахуалын жақсарту, ормандарымызды таза ұстау. Акция облыс аумағын қамтып, оған Бөкей ордасы, Зеленов, Қазталов және Шыңғырлау аудандары белсене атсалысатынын атап өту қажет.

Қоршаған ортаны қорғау мәселесінде ағаш отырғызу, яғни елді мекендерді көгалдандыру жұмысы үлкен рөл атқарады. Мемлекеттік мекеме (білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт саласындағы), жеке кәсіпорын, жауапкершілігі шектеулі серіктестік басшыларына, жеке кәсіпкерлерге өздеріне бекітілген немесе жеке меншік аумақтарға талдау жасап, көгалдандыруды қажет ететін учаскелерге ағаш отырғызумен айналысуды ұсынамыз. Көшеттерді егіп қана қоймай, олардың жайқалып өсуін қадағалау да керек.  Сондай-ақ мекеме басшылары экологиялық шаралар жоспарын жасақтаған кезде абаттандыру мен көгалдандыру, экологиялық акцияларға қатысу, қаржыландыру секілді шараларды міндетті түрде кірістіру қажет. Әр мемқызметші өзі үлгі бола отырып, тұрғындарды, соның ішінде жастарды көгалдандыру жұмысына тартып, табиғатқа қамқорлық көрсетуге жұмылдырғаны жөн.

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында рухани жаңғырудың басты талаптарының бірі патриотизмнен бастау алатын ұлттық мәдени-генетикалық кодты сақтау деген болатын. Осы орайда патриотизм мемлекеттің ұлттық стратегияларының басты бөлігі ретінде қаралады. Өткізілетін акцияларға қатыса отырып, өлкеміздің көгалдануына, экологиялық ахуалының жақсаруына үлес қосып, туған жерімізге деген патриоттық сезімімізді нығайтуға шақырамыз.

Амангелді  ДӘУЛЕТЖАНОВ,

БҚО  табиғи  ресурстар  және  табиғат  пайдалануды  реттеу  басқармасының  басшысы


Саяси сауатсыздық жауапкершіліктен құтқармайды

Күні: , 143 рет оқылды

– Қазіргі таңда елімізде түрлі саяси ағымдар бой көрсете бастады. Олардың қатарында шетелде жүрген саясаткерсымақтар да бар. Соның бірі – Мұхтар Әблязов.

Ол бүгінгі таңда бір ұйым құрып, өзінің бағдарламаларымен таныстырып, халыққа насихат жүргізе бастады. Әблязов қазаққа не істеді? Мысалы, олимпиада чемпионы, елімізге танымал тұлға Жақсылық Үшкемпіров шаруа қожалығын құрып, өзінің туған жеріне керемет спорт кешенін салды. Сол жердегі өзінің бауырларына, тума-туысқандарына, қазақтың әрбір қаракөздеріне қолынан келгенше көмектесуде. Жақсылық пен Мұхтардың арасындағы айырмашылық қандай? Мұхтардың іскерлігі мен байлығынан халқы қандай қайыр көруде? Бүгінгі таңда жер, діл деген мәселелер ең өзекті жайттардың бірі болып тұр. Мұхтар Әблязов қазақтың тілін қорғауға, жерін қорғауға немесе ұлттың салтын, мәдениетін жоғарғы деңгейге көтеруге өзінің бір үлесін қосты ма? Ондай ойы бар ма екен өзі? Бұл – менің жеке пікірім. Яғни мұндай адамдар қазақтың қаракөздерінің маңдайын жарқыратып, жолын ашады деген түсініктен өз басым аулақпын. Біздің Қазақстанда заң бар. Заң бар жерде тәртіп бар. Тәртіп бар жерде береке бар. Ал Мұхтардың партиясы еліміздің заңына сай тіркелмеген. Олар Үкіметке қанша жерден қарсы шыққанымен, Үкімет өзінің заңына сай амалдар қолданады. Әблязов – үлкен қаржы жинаған азамат. Ресейге, өзге де шетелдерге сол қаржыны жұмсады. Осы әрекеті бойынша шаталып, шетелге кетті.

Енді өзінің келеңсіз істерін бүркемелеу үшін қазір шетелде отырып, «Мен саяси қуғын көрген адаммын» деген бағытта әңгіме айтқысы келеді. Оның осы әрекеттері шын мәнінде жазықсыз жаланың құрбанына айналған Алаш қайраткерлерінің басқан іздеріне тати ма? Шетелде отырып, шала сауатты бауырларымызды алдап, айтақтап отыр. Айналып келгенде аттандап көшеге шығып жатқан да, олардың заңсыз әрекетіне тосқауыл болып жатқан да қандастарымыз. Айналайын қаракөздер, мұқият болыңыздар, көздеріңізді ашыңыздар дегім келеді. Шала сауатсыздық жарға жығады. Шолақ белсенділіктің бәрі осы шала ақпараттан бастау алады. Үкіметіміздің басына алдаумен, арбаумен келген адамдар халыққа жақсылық әкелмейді. Билік басына келетін адам ең бірінші кезекте  елжанды  болуы  керек.

Мынатаубиік  ӘНЕСОВ,

«Ауыл»  халықтық  демократиялық  патриоттар  партиясының 

БҚО  бойынша  филиалы  төрағасының  міндетін   уақытша   атқарушы


Жаңақалалықтарды қандай мәселелер мазалайды?

Күні: , 56 рет оқылды

Осыдан  бірер  апта бұрын  «Орал  өңірі»  газеті редакциясының  басшылығы Жаңақала  ауданына  іссапарға барып,  жергілікті  жұрттың ой-пікіріне   құлақ  түріп қайтты.  Мәстексай  ауылы  мен аудан  орталығында өткен  оқырмандармен  кездесу  барысында  біраз  әңгіме  айтылды.  Бүгін  ол  жақтағы  оқырмандарымызды  мазалайтын  мәселелерді  билік пен  көптің  назарына  ұсынып отырмыз.

Бәуия  ТІЛЕГЕНОВА,

Мәстексай  ауылының   тұрғыны, зейнеткер:

– «Орал өңірі» газетінде халық санын көбейту, демографиялық өсім туралы мақалалар ара-тұра шығып тұрады. Бұл дұрыс қой, бірақ дәрігерлердің жауапкершілігін арттыру туралы жазуды да ұмытпаңыздар. Мен мұны жәйдан-жәй айтып отырғаным жоқ, жақында біздің ауданда аяғы ауыр келіншек көз жұмды. Бірден екі адамнан айырылдық, о дүниелік болған шешесімен бірге іштегі сәби де шетінеді. Бұл оқиға үшін бас-көз жоқ дәрігерлерді кінәлаудан аулақпын. Жауапты мекемелер ақ-қарасын айырып, тексеріп жатыр деседі. Сөйте тұра, екіқабат келіншектердің денсаулық  және тұрмыстық жағдайын тиісті дәрігерлер жіті назарда ұстап, үнемі қадағалап, уақтылы ақылкеңестерін айтып, жүкті әйелдердің құлағына құйып отырса, әлгіндей қайғылы оқиға болмас па еді…

Баян  ҮМБЕТОВА,

Мәстексай  ауылының  тұрғыны,  ардагер-ұстаз:

– Біздің қазақта, әсіресе, ауылдық жерлерде аяғы ауыр келіншегіне отағасының аялы көзқарасы, жанашырлығы әлі де кемшін. Кейбір айы-күні таяп қалған келіндердің екі қолындағы зілдей қос-қос сөмкемен дүкеннен үйіне қарай әрең ілбіп кетіп бара жатқанын көргенде, іштей: «Апырым-ай, бұл байғұстың отағасы қайда жүр екен?» деп еріксіз ойланып қаласың. Жақсы, ер-азаматы жұмыста, түзде жүрсін, інісі, қайын інісі, қайын бике-қайын сіңлісі, әлгі әулеттің қолды-аяққа тұрмай жүгіріп жүретін бала-шағасы, жалпы, үлкен-кішіміз бірдей жүкті әйелге жанашырлықпен қарағанымыз жөн. Сосын мына Ресейде біраз жылдан бері аналық капитал, материнский капитал деген бар. Жарық дүниеге көрінген әр сәбиге қыруар ақша қарастырылған. Егер өз ел, өз жерінде қазақ көбейсін десек, ана мен баланы нақты қаржылай қолдайтын әлгіндей жүйені Қазақстанда қолданысқа неге енгізбеске?!

Сәуле  МҰХАМБЕТЖАНОВА,

Мәстексай  ауылдық  округінің  әкімі:

– Өзім «Орал өңірінің» елді мекендердің тазалығы, экологиялық мәдениет тақырыбын  жиі қаузайтындығын құптаймын. Жыл сайын қар кетіп, жер кепкеннен кейін ауылымыздың іші-сыртын сенбілік жасап, жақсылап тазалап аламыз. Алайда мына целлофан пакет, баклажка дегендер пәле болды. Күре жолдың бойын бір жазда төрт рет жинап шығамыз. Өйткені, целлофан қаптар, пластикалық құтылар (баклажкалар),  тіпті сәбилерге кигізетін памперс, подгузник дегендерің жол бойы шашылып, ыбырсып жатады. Бұлардың қай-қайсысы да тез шіріп, оңайшылықпен топыраққа сіңіп жоғалмайтын пәлекеттер. Керісінше, топырақтың құнарын күрт төмендетеді. Әрі әлгіндей тұрмыстық  қалдықтар қырық күн шілденің ыстығында қатты қызып, дала өртінің өршуіне сеп болады. Әрине, бұл тек біздің ауылға ғана тән олқылық емес. Сөйте тұра,  ауылдық  жерлерде тұратын ағайынға айтарым, әркім өз тұтынған пакет-баклажка атаулыны ошаққа салып, жағып отырса, ауылдың айналасы қоқымас еді, әрі топырақтың құнарын да жоғалтпас едік.

Нәсіпқали  МАҚАНОВ,

Жаңақала  ауданының  құрметті  азаматы, еңбек  ардагері:

– Ел ішінде қымбатшылық дендеп барады. Ең бастысы, жергілікті билік буындары азық-түлік пен дәрі-дәрмек бағасын халыққа қолжетімді қылып, тұрақтандыруды күн тәртібінен түсірмеуі тиіс. Облыстық газет осы шаруаны атқамінер азаматтардың есіне  жиі  салып  отырғаны  дұрыс.

Молдағали  ТӘЖИЕВ,

тыл  ардагері:

– Жаратылыстың заңы ғой, аудан аумағында кезінде соғысқа қатысқан майдангер қарттар түгесіле келді. Ал енді біздің қатарымыз, тыл ардагерлері баршылық. Жас ұлғайғасын ауру-сырқау жиілейтіні белгілі. Осы меніңше, зейнеткерлерді, әсіресе, тыл ардагерлерін емхана-ауруханаларға барғанда кезексіз кіргізетін уақыт жеткен сықылды.

Шыңғыс   СӘРСЕНҒАЛИЕВ,

«Жаңақала  аудандық  ауруханасы»  ММ-ның  бас  дәрігері:

– Біздің мекемеде электрондық кезек жүйесі қолданысқа енгізілді. Денсаулығы сыр берген үлкен-кішінің дәрігердің сырқаттарды қабылдау кестесіне сәйкес қалаған уақытына аяқтай келмей-ақ, ұялы телефон арқылы жазылуына мүмкіндігі бар. Бұған қоса бейнебақылау жүйесі арқылы қариялардың кезекте көп тұрып қалмауын өзім кабинетімнен  қадағалап  отырамын.

Сатыпалды  ЖҰМАШЕВ,

Жаңақала  ауданының  құрметті  азаматы, еңбек  ардагері:

– Мен мына мәселені біраз жылдан бері айтып келемін, бірақ әзір ешкім құлақ асар емес.   Өзім талай жыл ветеринария саласында қызмет істегендіктен, өте жақсы білемін, малдан адамға  жұғатын ауру аз емес. Демек, мал дәрігері мамандығын қауіпті мамандықтардың қатарына қосу керек. Осыны журналистер жоғары жаққа айта түсіңдер. Сосын халықтың арасында ветеринариялық  мәдениет қалыптастыру, яғни жеке малды уақтылы ектіру, қанын тапсыру, ауру малды дер кезінде мал мамандарына көрсетіп емдету, қора-қопсыны ветеринариялық талапқа сәйкес ұстау осы жағын біздің қазекеңнің бәрі бірдей әлі күнге дейін  үнемі ескере бермейді. Осындай маңызды  жайттарды «Орал өңірі» халықтың құлағына құя бергені дұрыс.

Нұрлан   МАҚАТОВ,

«Қазпошта»  АҚ  Жаңақала  аудандық  филиалының  басшысы:

– Кім-кімде, соның ішінде ауыл адамдары да несиені мәжбүрліктен, мұқтаждықтан алады ғой. Біреуі студент перзентінің оқу ақысын төлеуге, екіншісі, ұлын үйлендіруге, үшіншісі, қызын ұзатуға, төртіншісі, салып жатқан үйін бітіруге дегендей. Халық банктен ақшаны алуын  алып, кейін төлеуге келгенде қатты қиналады. Олай болатын себебі, біздің екінші деңгейлі банктер беретін несиенің пайыздық мөлшері тым жоғары. Мәселен, несиені «Евразийский банк» 30-35 пайызбен,  ал «Хоумкредитбанк» дегенің тіпті, 45 пайызбен береді. Бұл сөздің тура мағынасында халықты теспей сорып, сорын қайнату. Аудан-ауылдағы ағайынға қарағанда, журналистердің жоғары жаққа сөзі өтімді, қолы жетімді ғой, осы пайыздық ставкасы тым аспандап кеткен банктерге қатысты үкімет тарапынан тоқтау-шектеу болмас па екен?

Мақсот   ШАПИХОВ,

Жаңақала  аудандық  ардагерлер  кеңесінің  төрағасы:

– Соңғы жылдары қазақстандықтардың, соның ішінде қазақтардың арасында жүрек-қан тамырлары жүйесіне қатысты дерт атаулының дендеп кеткендігінен хабардармын.  Бұл ең әуелі қол еңбегінің, қимыл-қозғалыстың кемдігінен болса керек. Мәселен, қазіргі келіндердің дені нан пісірмейді, сиыр саумайды…

Бауыржан  ҒҰБАЙДУЛЛИН,

«Орал  өңірі»  газетінің  бас  редакторы:

– Өте көкейкесті мәселені қозғап отырсыз, Мақсот аға. Қалың бұқараның қол жұмысынан қол үзіп, қашықтап бара жатқаны жасырын емес. Мысалы, біраз адамның санасына «Бау-бақша егудің немесе сиыр сауудың не қажеті бар? Дүкен мен базарда не керектің бәрі бар, сатып аламын» деген тайыз, қасаң  көзқарас берік ұялап үлгерген. Өзіңнің ақ-адал еңбегіңмен тапқан нан тәтті екендігін ұмытпайық, ағайын. Оның үстіне қол жұмысы бұл кім-кімді де жүрек-қан тамырлары дертінен сақтандыратын қимыл-қозғалыс. Бұған қоса  дүкен мен базардағы шеттен әкелінген тағам атаулы  қауіпсіз екендігіне ешкім үзілді-кесілді кепілдік бере алмайды. Естеріңізде болса, біздің газеттің биылғы 12 сәуір күні шыққан санында Батыс Қазақстан облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бөлім басшысы Гүлбақыт Наурызәлинаның «Добрая буренкада» бактерия бар…» деген мақаласы шықты. Осы материалда Ресейдің Самара қаласындағы «Аметист» ЖШҚ өндіретін «Котлетный» балапан-бройлер жартылай фабрикатының тартылып мұздатылған еті  құрамында  микробиологиялық қауіпсіздік көрсеткіштері бойынша патогенді сальмонелла және ішек таяқшасы бактериясы бар екендігі айтылады. Сондай-ақ мақала авторы «Дәл осындай олқылықтар сүт өнімдерінде де  аз емес.

Мәселен, Ресейдің Саратов қаласындағы «Саратовский молочный комбинат» ЖШҚ өндіретін майлылығы 0,5 % «Добрая буренка» майсыздандырылған сүзбе мен самаралық «Фабрика Лактомелия» ЖШҚ өндіретін ванилин иісі бар тәтті массадан (23%) ішек таяқшасының бактериялары (колиформа)  табылды» деп жазады. Осы бірер мысалдың өзі-ақ алысты-жақынды шетелдерден келетін азық-түліктің бәрі бірдей қауіпсіз емес екендігін айғақтай түседі.

Ал қазіргі келіндердің дені сиыр саумайтындығы бұл енді ел ішін жайлаған індет, эпидемия секілді. Қай аудан-ауылға барсақ та, үлкендер жағы осы мәселені, ал  шаруа  қожалықтарының  басшылары  мал  бағуға,  трактор  айдауға жергілікті ер адамдарды  шығара  алмайтындықтарын  алға тартады. Мен сіздерге мынандай дерек-дәйек айтайын: Негізі, бұл біраз жылдан бері тұрақты көрініс тауып келе жатқан келеңсіздік. Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуі тиіс тепсе темір үзетін жастағы жап-жас жігіттердің біразының денсаулығы бүгіндері әскер қатарына алуға жарамсыз. Неге? Себебі, бір үйдегі  бір әйел ең болмаса, бір сиыр саумаса, ол үйдің үлкен-кішісі түгелдей сүт өнімдерін ішіп-жемейді деген сөз. Яғни, бір үйдегі  бір әйел бір-екі сиыр саумаса, демек, ол үйде шайға сүт қатпайды, көже пісірілмейді, айран ұйытылмайды, дастарқанға қаймақ-май, ірімшік пен торта, құрт-сүзбе мүлдем қойылмайды. Бұл дәм-ырыздықтар қазақы дастарқанға ас атасы наннан кейін бірінші кезекте қойылатын тағамдар. Ендеше, бұл жерде бау-бақша өнімдері, яки, жеміс-жидек, көкөніс түрлерін әңгіме қылудың өзі өрескелдіктей көрінеді. Осыдан кейін қазақ жастарында денсаулық  қайдан  болады, ағайын?

Қадырдай абыз ақынның «Тамаша тамаша емес бірақ, достар, Бір мезгіл қолға күрек ұстамаса…»  деген жыр жолдары бар. Бұл отбасының бірлігін бекемдеп, берекесін еселер, ынтымағын нығайтып, ырыздығын молайтар адал кәсіптен, жасампаз еңбектен қашпайық деген сөз. Өз басым ауылдық жерде тұрып, бау-бақша салмайтын, сиыр саумайтын ерлі-зайыптылардың ұл-қызы өскенде ешкімге телмірмей, ешкімге жалынбай, өз күнін өзі көріп кетеді, жұмыскер, іскер болады дегенге күдік-күмәнмен қараймын. Бүгіндері жалқаулыққа бой алдырған біраз бауырымыз өзінің еңбекке деген енжарлығының, бойкүйездігінің кесірінен өз балаларының болашағына өз қолымен балта шабуда. Өйткені, адамның баласы да құстың балапаны секілді, «Ұяда нені көрсе, ұшқанда соны іледі». Егер бір үйдегі бір келін ең болмаса бір сиыр саумаса, қайын атаның сесі, қайын ененің қажырлы тәлім-тәрбиесі, әлгі әйелдің күйеуінің еркектік айбар-ызбары сықылды ықпал ету тетіктерін жағдайды күрделендіріп, тым ушықтырып алмай, отбасылық дипломатиялық шеберлікпен жүйелі түрде неге іске қоспасқа?! Осы біз бұрынғылардың «Баланы жастан, әйелді бастан» деген өміршең қағидасын неге ұмытып кеттік? Сірә, қазіргі келіндердің сиыр саумайтын жалқаулығына осылай  кешенді  қарау  керек  шығар?

«Ауруын жасырған өледі» дейді ғой, ауыр да болса, айтайын, бұрындары қалалық жердегі белгілі мекен-тұрағы жоқ, азып-тозып, биттеп-құрттап жүретін қаңғыбастар (бич-бомждар) негізінен өзге ұлттың өкілдері болатын. Қазіргі уақытта әлгілердің дені қазақтар, тіпті арасында қазақтың қыз-келіншектері де баршылық.

Ал ел аман, жұрт тынышта олардың басына не күн туды дейсіз ғой? Мұндай әлеуметтік  дерттің негізгі диагнозы – еңбек етпеу, жатып ішер жалқаулық. Қандай  жиіркенішті! Сондықтан ұл-қызымыз, немере-жиеніміз еңбексүйгіш болып өсуі үшін ең алдымен өзіміз  еңбекқор  болуға  тиістіміз!

Қадірлі әлеумет, сіз бен біз келелі кеңес жасап, әңгіме-дүкен құрып отырғанымызға екі сағаттан асып барады. Біраз шаруаның басын шалдық. Сіздерді мазалап жүрген мәселелерді облыстық билікке қоса, өңірімізге келгенде Парламент депутаттарына, Үкімет мүшелеріне міндетті түрде құлаққағыс қыламыз. Байқаймын, залдағы келіншектер тыпырши бастады, шамасы кешкі сауынның уақыты болып қалды-ау (үлкен-кіші бірдей ду күліп жіберді.) Олай болса, жиналысымызды осымен тәмамдағанымыз жөн болар, лайым  жақсылықта  жолығайық!

Оқырман  қауымның талап-тілегін қағазға түсірген:

Бауыржан  ФАЙЗОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


Жерлесімізге жеңіс тілейміз!

Күні: , 79 рет оқылды

2016 жылы Олимп шыңын бағындырып, олимпиада чем­пионы атанған жерлесіміз Данияр Елеусінов кәсіпқой бокс­қа ауысқаны аян. Ол осы бағыт­тағы өзінің алғашқы айқа­сын биылғы 28 сәуір күні аме­рикалық Ноа Киддке қарсы  өткі­зіп, үшінші раундта жеңіске жеткен-ді.

Енді, міне, Данияр үшін кәсіби рингке екінші рет көтерілетін күн де келіп жетті. «Жартылай же­­ңіл салмақтағы (66,7 келі) отандасы­мыздың бұл жолғы қар­сыласы 30 жастағы венгр Габор Горбич» деген ақпарат таратты Sports.kz. Қазақстандық жанкүйерлердің түн ұйқысын төрт бөлетін бұл бә­се­ке бүгін түнде Лондондағы «York Hall» орталығында өтеді. «Vesti.kz.»-тің ақпаратына қарағанда Аста­на уа­қытымен 01:55 бастала­тын бокс бә­секесін «Хабар» те­ле­­ар­­насы ті­­­­ке­лей эфирде көр­сет­­етін көріне­ді. Үшбу бокс кешінің ең бас­ты шай­қасы екеуі де ешкімнен жеңі­ліп көр­­ме­ген жар­­тылай ауыр сал­мақ­тағы са­­йыпқырандар Лоурнес Околи мен Люк Уоткинстің арасында өте­ді. Бұл қос мықты Британия қо­­ғам­­­дас­­тығының және WBA Continen­tal кәсіпқой бокс жүйе­сі­нің чем­пиондық атағы үшін ұрыс сал­­мақ.

Осыдан екі жыл бұрын Рио олим­­пиадасында чемпион атанып, қазақстандықтардың ме­ре­йін үс­­тем қылып, Отан абыройын ас­қақ­­тат­қан Данияр бауыры­мыз­ға бар­­ша жерлестері жеңіс тілей­тіні кәміл.

Редакция алқасы


№14 өрт сөндіру бөлімінде жас құтқарушылар байқауы өткізілді

Күні: , 467 рет оқылды

           Жаңақала ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлерімен және №14 Өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп 10-сынып оқушылары арасында «Жас құтқарушы» жарысы аудандық №14 өрт сөндіру бөлімінде өткізілді.

Жарыстың негізгі мақсаты — мектеп оқушыларын төзімділікке, шыдамдылыққа, ептілікке баулу және де өрт сөндіру қызметінің қыр-сырымен таныстырып, азаматтық қорғау саласына жастардың қызығушылығын ояту. Жалпы аудан бойынша жарысқа 3 топ қатысты, 2 топ орта мектептен 20 оқушы, және 3 топ Жаңақала колледжі10 оқушы қатысты. Әр мектеп құрамасы балаларға жетекшілік ететін Алғашқы әскери дайындық пәнінің  мұғалімі мен оң оқушыдан құралды. Жарыстың нәтижесі бойынша шыдамдылық пен жылдамдықтан үздік нәтиже көрсеткен «Жаңақала жалпы орта білім беретін мектебі» оқушылары — 1 орын , Жаңақала мектеп-гимназясы – 2 орын, Жаңақала жалпы орта білім беретін қазақ мектебі  – 3 орынды иеленді.

         Жүлделі орын алған жеңімпаздарға және жарыста жақсы көрсеткіш көрсеткендерге Жаңақала ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы азаматтық қорғау подполковнигі Б.Калимулдин  атынан құрмет грамоталары тапсырылды.Мектеп оқушылары өздерінің азаматтық қорғау саласына және өрт сөндіруші мен құтқарушы мамандығына қызығушылықтары бар екендіктерін айтып, осы секілді жарыстарға тағы қатысуға ниеттерін білдірді.

 

     БҚО ТЖД Жаңақала ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің

   аға инженері азаматтық қорғау аға лейтенанты\

Е.С.Мамаев


Гендерлік теңдікті қалыптастыру бағытындағы семинар

Күні: , 25 рет оқылды

Ұлтымыздың көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев өз сөзінде: «Біз елімізде әйелдің рөлін арттыру үшін әрі қарай жағдай жасай бермекпіз. Заманауи қазақстандық әйел қызметтік мәртебеге, еңбек мансабына ұмтылуы тиіс. Әйелдерді мемлекеттік және қоғамдық басқару ісіне белсенді түрде баулу керек. Мен үшін әр қазақстандық отбасының берекесі мен қарапайым адамдардың ертеңгі күнге деген сенімі маңызды. Біздің бағдарламаларымыздың барлығы дәл осыған бағытталған»,-деп, еліміздің нысаналы мақсаттарының бірін айқындап берген болатын. Осы орайда бүгінде Қазақстандағы ішкі саясаттың бір құрылымы ретінде «гендерлік саясат» деген ұғым көп мәселелерді көтеріп жүр. Қазіргі қоғамда гендер саласындағы сан қырлы күрделі мәселелерді түсіндіру үшін, ер де, әйел де өзінің құқықтарының тең екендіктерін сезіну үшін арнайы қоғамдық бірлестіктер арқылы түсінік жұмыстары жүргізіліп, жоспарлы іс-шаралар қолға алынуда.

Осыған сәйкес 30 мамыр күні аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Самал Қанапияқызының төрағалық етуімен «Еліміздегі гендерлік теңдіктің қалыптасуы мен ерекшелігі» тақырыбында семинар-тренинг өтті. Семинарда аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы «Қазталов ауданы жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат» жөнінде атқарылған жұмыстарды баяндады.

Сондай-ақ семинарда БҚО «Жайық дауысы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Қадиша Мұқанова, БҚО ішкі істер департаментінің полиция майоры Шынар Қапаева, гендерлік саясат, қоғамдағы зорлық-зомбылық факторларының алдын алу шаралары жөнінде әңгіме өрбітті. Мемлекетіміздің ұлт саулығы жөніндегі бағдарламадан бастап әйел адамдарға қатысты барлық заңды екшеп берген Қадиша Халыққызы отбасы мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, жыл сайын елімізде некелескен отбасылардың дені ажырасып кетеді және жалғыз басты аналар қатары жылдан-жылға көбейіп отыр. Бұл ащы да болса шындық, -деді өз сөзінде.

-2009 жылы ерлер мен әйел адамдардың арасындағы гендерлік тепе-теңдікке мемлекеттік кепілдік жайлы және әйелдерге қатысты жасалынатын тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы екі гендерлік заң қабылданған болатын. Қазіргі қоғамда дұрыс гендерлік ұстаным болу қажет, -деген Орал қаласы әйелдерге арналған әлеуметтік бейімделу және оңалту орталығының директоры Ганди Шамкелова тұрмыстық зорлық-зомбылық түрлері жайлы көптеген мәліметтер айтты. Семинарда жалпы аудан көлеміндегі әйелдің тыныс-тіршілігі жөнінде аудандық аналар кеңесінің төрайымы Нұрия Хабибуллина хабарлама жасады. Семинар барысында қатысушылар сұрақтар қойып, өз-ойларын ортаға салды.

Жұлдыз АСҚАР


Казталов ауданында жазғы кезеңде балалар мен жасөспірімдердің демалысын, сауықтырылуын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру туралы семинар өткізілді

Күні: , 24 рет оқылды

2018 жылдың 21 мамыр күні Казталов аудандық білім беру бөлімінің Казталов орта мектебінің мәжіліс залында «Жазғы кезеңде балалар мен жасөспірімдердің демалысын, сауықтырылуын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру туралы» Казталов ауданындық білім беру бөлімінің басшысы Дүйсеков Нұрлығали Сағынғалиевичтің қатысуымен семинар өткізілді. Семинарға Казталов ауданының ТЖ бөлімінің бас маманы А.Сагитов, Ақжайық ауданаралық жедел-құтқару жасағының бастығы М.Қабақаев, Жергілікті полиция қызметінің кәмелет жасқа толмағандармен жұмыс жүргізу инспекторы полиция капитаны М.Тлеубаев қатысты.

Семинар барысында өрт қауіпсізідігі, судағы қауіпсіздік шаралары, жолда жүру ережелері бойынша сұрақтар қарастырылды.

Өрт қауіпсізідігі ережелерін сақтау туралы Казталов ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы азаматтық қорғау аға лейтенанты А.Сагитов баяндама оқыды. Жаз кезеңінде өрт оқиғаларының басым бөлігі өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталмауынан орын алатыны және кәмелетке жасқа толамаған балалардың отпен ойнауы себебінен үлкен шығындарға тіпті адам өліміне де әкеліп соғатыны туралы атап көрсетілді.

Судағы қауіпсіздік ережелері туралы Ақжайық ауданаралық жедел-құтқару жасағының бастығы М.Қабақаевта  суға түсу кезіндегі қауіпсіздік ережелерін сақтау, белгісіз жерде суға түспеу, батып батқан адамға алғашқы медициналық көмек көрсету тәсілдері жөнінде түсіндіріп өтті.

Сонымен қатар, Жолда жүру ережелері туралы Жергілікті полиция қызметінің кәмелет жасқа толмағандармен жұмыс жүргізу инспекторы полиция капитаны М.Тлеубаев кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдердің жол жүру ережесі, түнгі уақытта көшеде жүру, алкагольдік ішімдік ішу фактілерінің орын алуын болдырмау мақсатында ата-аналарына ескертілді.

 

Казталов ауданының ТЖБ-нің  аға инженері азаматтық қорғау  аға лейтенант  Н.И.Сисенов


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика