Мұрағат: 01.06.2018


«Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы

Күні: , 25 рет оқылды

Ел Президенті Н. Ә. Назарбаев төрағалық еткен жиынға Саяси кеңестің мүшелері – Үкімет, Парламент және Президент Әкімшілігі басшылары, Мемлекеттік хатшы, «Нұр Отан» партиясының Мәжілістегі фракциясының депутаттары, орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары, бейнеконференция байланысы режімінде еліміздің барлық өңірінің өкілдері – облыс әкімдері, облыстық мәслихаттардың хатшылары, партияның облыстық филиалдары төрағаларының бірінші орынбасарлары қатысты.

Саяси кеңестің отыры­сында партияны жүйе­лі жаңғырту және «Пре­зи­денттің бес әлеуметтік бас­та­ма­сы­ның» жүзеге асырылуы­на қо­ғамдық бақылау жасау ісін ұйымдастыру мәселелері қарас­ты­рыл­ды. Пікір алмасу кезінде Нұрсұлтан Назарбаев жастарды кәсіби дайындау және бейімдеу, сондай-ақ «Бес әлеуметтік бастаманы» орындаудың детальдары мен механизмдеріне және оның іске асырылуына қоғамдық бақылау жасауды қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды.

Басқосудың күн тәртібіндегі мәселелерге байланысты баян­да­маларды тыңдаған Елбасы мем­лекеттік бағдарламаларды жү­зеге асыру және олардың орында­луына бақылау жасау ісіндегі «Нұр Отан» партиясының маңыз­ды рөлін атап өтті.

Қазақстан Президенті әлемдік дамудың және экономикалық үдерістердің жоғары қарқынына тоқталып, жаңа сын-қатерлерге бейімделу қажеттігін айтты.

– Біз жүзеге асыруды жоспарлап отырған жұмыстардың бәрі бәсекеге қабілетті болуымыз үшін қажет. Экономиканың үшінші жаң­ғыруы, «100 нақты қадам – Ұлт жоспары» біздің тарапымыздан атқарылуға тиіс нәрсенің бәрін толық айқындап берді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын және партияның цифрландыру сала­сын­дағы жобаларын орын­даудың маңыздылығына назар аударды.

Қазақстан Президенті Астана экономикалық форумының қоры­тындысы бойынша шығарылған шешімдер жөнінде кеңінен әң­гі­меледі.

– Жаһандық дамудан қалып қоймау үшін басқарудың сапа­лы болуы талап етіледі. Бұл – мем­лекеттік қызметті жетілдіру деген сөз. Біз мемлекеттік қыз­­метке қабылдау үдерісінің ашық­тығын қамтамасыз ету және ме­­ри­тократия қағидатын ілгері­ле­ту мәселелерін шештік. Бұл қа­дам­­­ның орындалуын партия қа­да­ға­лауы керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сонымен қатар Мемлекет басшысы инвестиция тарту және бә­­секеге қабілетті елді қалып­тас­ты­ру қажеттігін атап өтті.

– Инвестициялар заң үстем­дігі қамтамасыз етілген, келісім­шарттары сақталатын, білімді мем­лекеттік қызметшілер жұмыс істейтін елге ғана келеді. Ал қазіргі жағдайдағы бәсекеге қа­бі­летті­лік – цифрландыруды да­мы­ту, – деді Қазақстан Президен­ті. Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев сыбайлас жемқорлық­тың алдын алу және оған қарсы күрес жүргізу ісінде цифрлан­ды­рудың тиімді екенін айтты.

Мемлекет басшысы агро­өнер­кәсіп кешенін дамыту, өнімділік­тің өсімін қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығы экспортын арттыру мәселелеріне тоқталды.

Сондай-ақ Қазақстан Прези­денті жаңа жобаларды тиімді жү­зеге асырудың және Үкімет пен «Нұр Отан» партиясының алдына қо­­йыл­ған міндеттердің маңыз­­ды­лығы жөнінде айтты.

– Ел ішінде қолайлы әлеуметтік жағдай болғанда ғана мемлекет табысты жұмыс істейді. Бұл – Үкі­меттің басты міндеті. Мемлекет тарапынан атқарылып жатқан жұ­мыстың бәрі халыққа арналған, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

www.akorda.kz


Жол қауіпсіздігі шаралары күшейеді

Күні: , 30 рет оқылды

Кеше облыс әкімдігі, «Шелл Қазақстан» компаниясының және «Ортақ  жол» жол қозғалысы қауіпсіздігі қауымдастығының бастамасымен «Жол қауіпсіздігінің алтын ережелері» компаниясы ресми бастау алды. Аталмыш шараға орай өткен жиынға облыс әкімі Алтай Көлгінов қатысты.

– Біз талқылайтын негізгі тақырып – жол қауіпсіздігі. Аудан, облыс және республикалық бағыттардағы жолдарға шығатын жүк көліктері немесе жолаушы тасымалдаушылар, қаланың ішіндегі аутокөлік жүргізушісінің барлығы ережені дұрыс сақтайтын болса, азаматтарымыздың өміріне ешқандай қауіп туындамайды. «Шелл Қазақстан» компаниясы жол қауіпсіздігіне көңіл бөлсек деген ұсыныс айтқан болатын. Осы бастамаға «ҚПО б. в.» компаниясы қолдау білдірді. Сол үшін компанияның бас директоры Эдвин Блом мырзаға алғыс айтқым келеді. Біз де бұл бастаманы толық қолдаймыз. Облысымыз шекара аймағында және көліктік дәлізде орналасқан. Сонымен қатар тасымалдау қызметін пайдаланатын ірі өндіріс компаниялары жұмыс жасайды әрі жүк тасымалдаушылар транзиті өтеді. Қарашығанақ кен орнының өзінде жеті мыңдай адам жұмыс істейтін болса, соның айналасында қанша адам бар?! Біз, әсіресе, балаларды қоғамдық көлікпен тасымалдаушыларға ерекше назар аударуымыз керек. Жай ғана қауіпсіздік белдігін тағу, бағдаршамның қызыл жарығы жанғанда жүрмеу, тыйым салынған қарсы жолаққа шықпау, жылдамдықты асырмау секілді басқа да ережелерді сақтау –  жол полициясы қызметкерлері үшін емес, ең алдымен әр адамның жеке өзінің қауіпсіздігіне қажет. Қала берді,  жолдағы өзге адамдардың да өміріне қауіп төндірмеуі шарт, – деген Алтай Сейдірұлы облыс тұрғындарын «алтын ережелерді» бұзбауға шақырды.

«ҚПО б. в.» компаниясының бас директоры Эдвин Бломның айтуынша, жол қауіпсіздігі компания қызметінің басты басымдықтарының бірі болып табылады. Компания жергілікті қауымдастықтарға арналған көптеген қауіпсіздік бастамасын үнемі жүзеге асырып келеді. Сол бастамалардың бірі «Шелл» компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан «Жол қауіпсіздігінің алтын ережелері» болып отыр. Жол қауіпсіздігі облыстағы ең өзекті мәселелердің бірі болғандықтан, компания Ақсай және Орал қалалары тұрғындарының жол қауіпсіздігі туралы білім деңгейін көтеруге және жолдарда қауіпсіз жүру мәдениетін арттыруға бағытталған маңызды бастаманы толықтай қолдап отыр. Эдвин Блом да өз кезегінде бастаманы қолдаған облыс басшылығына ризашылығын білдірді.

«Шелл Қазақстан» компаниясының сыртқы байланыстар және үкіметтік құрылымдармен өзара әрекеттестік департаменті директоры Зарина Бакенованың айтуынша, аталмыш компания үшін біздің облыстың стратегиялық маңызы зор. Өйткені компания Қарашығанақ кен орнының бірлескен операторы болып табылады.

– «Шелл Қазақстан» компаниясының облыс әкімдігімен ынтымақтастығының арқасында мектеп оқушыларына бағытталған бірқатар шаралар іске асырылуда. Біз орта білім беретін мектептің 6-сынып оқушыларына арнаған үш тілде дайындалған жол қозғалысы ережелерін оқытатын жұмыс дәптерін жасақтап, оның 5 мың данасын Орал қалалық білім бөліміне табыстадық. Аталған оқу құралын Білім және ғылым министрлігі білім жүйесіне енгізетін болады, – деді Зарина Абайқызы. Сонымен қатар аталмыш компания балалардың жол үстінде жақсы көрінуін қамтамасыз ететін 10 мың дана сәуле шағылдырғыш таратып, өңірдегі бірнеше  мектепке жол қозғалысы ережелері туралы көріністер қойған.

Жол қауіпсіздігіне арнаған компаниясын ресми түрде бастаған біздің облыс «Жол қауіпсіздігінің алтын ережелері» атты әлемдік қозғалысқа қосылған еліміздегі алғашқы аймақ болып отыр. Шара соңында облыс тұрғындарының қауіпсіздігін мақсат еткен «алтын ережелерге» облыс әкімі Алтай Көлгінов пен  «ҚПО б.в.» компаниясының бас директоры Эдвин Блом, сондай-ақ тиісті уәкілетті мекеме басшылары қол қойды.

Алтай Сейдірұлы жергілікті полиция қызметі басшылығына бұл «алтын ережелерге» барлық тасымалдаушы компания жетекшілері де қол қоюын тапсырды.

Ясипа  РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»


Аутизмге шалдыққан балаларға арналған орталық

Күні: , 51 рет оқылды

Орал қаласында «Асыл мирас» жеке қоғамдық қорының қолдауымен аутизм дертіне шалдыққан балаларға жәрдем беруге арналған көпбейінді орталық ашылды. «Бәйтерек» БҚО ҚБ» басқармасының ғимаратында орналасқан орталықтың ашылуына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов БҚО-да аутизмге ұшыраған 140 бала бар екенін айтты.

– «Асыл мирас» аутизм орталығы 2015 жылы алғаш Алматыда ашылды. Содан кейін Өскемен, Қызылорда, Астана қалаларында қызметін бастады. Орталық 15 жасқа дейінгі аутистік спектр дертіне шалдыққан балаларды қабылдайды. Қазақстан бойынша арнаулы диагностикадан 2600-ден астам бала өтті. «Аутизм. Баршаға бір әлем» бағдарламасы ауқымында 2151 балаға тегін көмек көрсетілді. Орталық әдістемесі халықаралық зерттеулерге негізделген. Ғылыми кеңесшілер ата-аналарға ақпараттық және психологиялық қолдау көрсетеді, – деді қоғамдық қордың директоры Марат Аймағамбетов. «Бәйтерек» БҚО ҚБ» басқармасының төрайымы Меруерт Санкаеваның айтуынша, Болат Өтемұратов қорының «Аутизм. Баршаға бір әлем» авторлық бағдарламасы лицензиясының құны 8 млн. 240 мың доллар тұрады. Компания бағдарлама негізінде оралдық сегіз маманды оқытқан. Оралда аутизм орталығының ашылатынын естіген күні 47 ата-ана хабарласқан. Оның ішінде өзге облыстардан да қоңырау шалып үлгерген. Әзірше орталық көмегі тегін. Меруерт Санкаева сұраныстың көптігіне байланысты алдағы уақытта орталықтың ақылы бөлімдері ашылуы мүмкін екенін айтты. Аутизмге 7-10 және 11-15 жастағы балалар көп шалдығады. Халықаралық сарапшылар Қазақстанда АSD дертіне шалдыққан балалардың саны 60 мыңға жуық екенін хабарлады. Оралда да аутизмге ұшыраған балалар саны алдағы уақытта нақты анықталады. Мамандардың айтуынша, аутизм – ми жүйесінің ауытқуы. Бала сыртқы құбылыстарды қабылдай алмайды. Генетикалық жолмен берілуі мүмкін аутизм белгілері дер кезінде байқалмағандықтан, қоғамға бейімделуі жай жүреді. Сондықтан ерте диагностикадан өткізіп, медициналық қана емес, бала мен оның ата-анасына психологиялық және педагогикалық қолдау қажет-ақ. Орталықта мамандар баланың сөйлеу дағдысын дамытуға, күнделікті өмірге бейімделуге, өзара және отбасымен қарым-қатынасын жетілдіруге көмектеседі. Ата-аналар балалардың  жүріс-тұрысын реттеуді үйренеді, мінез-құлық ерекшелігін қабылдайды, өзін кінәлі сезінуді қойып, ішкі сенімі нығаяды. Диагноздың анықталуына орай емдеу уақыты үш немесе одан да көп айға жалғасады. «Асыл мирас» жеке қоғамдық қорының негізін қалаған меценат Болат Өтемұратов – «Верный капитал» компаниялар тобының негізгі акционері. Кәсіпкер «Forbes» рейтингінде қазақстандық үздіктердің қатарында.

Нұртай  АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал  өңірі»

Суреттерді түсерген Д. КЕНДІРБАЕВА


«Шаңырақ» шаттыққа бөленді

Күні: , 21 рет оқылды

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні «Шаңырақ» жасөспірімдер үйі ауласында балалар ойын алаңы пайдалануға берілді. Мерекелік шараға БҚО Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі, төраға орынбасары Ғайса Қапақов, Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов және үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты.

Жаңа алаң құрылысын демеушілер 1 млн. 300 мың теңгеге  қаржыландырған. Бұл бастаманы жеке кәсіпкер Алмира Сәрсенова көтерді. Құрылысты жүргізуге «Шаңырақ» үйінің тұрақты демеушісі «Нұр» балалар үйі және мектеп түлектерінің одағы қоғамдық бірлестігі атсалысыпты.

Мерекелік шара кезінде «Шаңырақты» қамқорлайтын басқа да демеушілер балаларға велосипед және түрлі сыйлық таратты. Жасөспірімдер үйінің басшысы Өмірбай Қалымбетовтің айтуынша, «Шаңырақ»  жатақханасында 35 отбасы және 15 жалғызбасты ана тұрады. Олардың қамқорлығында 76 ұл-қыз бар. Балалардың тең жартысынан астамы  қалалық  мектептерде  оқиды.

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ,

«Орал  өңірі»


Балалар шеруі

Күні: , 75 рет оқылды

Кеше Орал қаласындағы ҚР Тұңғыш Президенті алаңында халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «Сәлем саған, Астана!» атты балалар мен жастардың музыкалық ансамбльдері мен оркестрлерінің  шеруі өтті.

Шара Елбасының «Мәңгілік ел»  жалпыұлттық идеясы аясында балалар мен жастардың музыкалық мәдениетінің деңгейін арттыру мақсатында ұйымдастырылды. Шерушілер Әбілқайыр хан  даңғылы бойымен С. Датов көшесінің қиылысынан бастап ҚР Тұңғыш Президенті  алаңына дейін жүріп өтті. Шеруге 3000-ға жуық мектеп оқушылары мен студенттер қатысты. Олар «Шексіз балалық шақ», «Ұлы дала саздары», «Рухани жаңғыру», «Аялаған Астана», «Жаса, Қазақстан!»  секілді колонналарға бөлінген. Шеру құрамындағы жастар жиналған қауымға үрлемелі, ішекті, соқпалы халық аспаптарымен өнер көрсетсе, ұлттық костюм киген бүлдіршіндердің мың бұралған биі мерекенің көркін  қыздырды.

– Баршаңызды бүгінгі мейраммен құттықтаймын. Халықаралық балалар күніне арналған шерулер  республика бойынша өтуде. Бұл – біздің мәңгілік ел болу  мақсатындағы рухани бірлігіміздің  куәсі деп айтар едім. Адам өміріндегі ең үлкен бақыт ол – перзент сүю. Баланы өсіріп, оны саналы азамат етіп тәрбиелеу – ата-ананың басты парызы. Білімді, озат ойлы баланың болашағы жарқын болатыны белгілі. Биыл өңірімізде жаңадан бір мектеп  бой көтерсе, бірнеше мектеп күрделі жөндеуден өтуде. Мектеп оқушыларының жазғы демалысын тиімді ұйымдастыратын  лагерьлер  де сақадай-сай.  Сондықтан жазғы демалыстарыңызды сәтті өткізіп, жаңа оқу жылын тың леппен бастауларыңызға тілекшімін, – деді  облыс әкімінің орынбасары Миржан Сатқанов.

Шара аясында облыстық экологиялық-биологиялық орталығының шағын зообағы таныстырылды. Онда  балаларға қоян, тасбақа, әтеш және кеміргіштердің түрлері  көрсетілді.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»

Суреттерді түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


Оралда мамандандырылған ХҚО ашылды

Күні: , 92 рет оқылды

Бейсенбі күні   Орал қаласында  аутокөлік  жүргізушілеріне  арналған  мамандандырылған  халыққа  қызмет  көрсету  орталығы (ХҚО)  ашылды. Орталықтың  ашылу  салтанатына  «Азаматтарға арналған  үкімет»  мемлекеттік  корпорациясының  басқарма төрағасы  Абылайхан  Оспанов  және  облыс  әкімі  Алтай Көлгінов  қатысты.

Айта кетейік, бұл еліміз бойынша ашылған 15-мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы болып табылады. Ағымдағы жылдың алғашқы төрт  айында еліміздегі мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында 161 780 жүргізуші куәлігі беріліп, 592 346 аутокөлік тіркелген. Облыс аумағында 194 940 көлік құралдары есепке алынған болса, оның 102 560 бірлігі Орал қаласында тіркелген. Өткен жылы 22 143 жүргізуші куәлігі берілген болса, биылғы бес айда 10 645 куәлік табыс етілген. Жаңадан іске қосылған орталық күніне 250 қызметке дейін, ал айына 6000 қызмет көрсетуді жоспарлап отыр.

«Енді азаматтар небары 90 минуттың ішінде көліктерін тіркеп, жүргізуші куәлігін екі сағаттың ішінде ала алады. Құжаттардың осындай қысқа мерзімде жасалуы бизнес-процестердің автоматтандырылып, бір кешен аумағындағы қызметтердің ұсынылуының арқасында мүмкін болып отыр. Комиссия тексерісінен де осы ғимараттан шықпай-ақ өтуге болады, психиатр, нарколог сияқты мамандардың арнайы кабинеттері де қарастырылған», – деді орталықтың ашылу салтанатында сөз  алған  Абылайхан  Оспанов.

Мамандандырылған ХҚО Орал қаласы  Жәңгір хан көшесіндегі, 160-үй мекенжайы бойынша орналасқан. Жаңа ғимараттың ауданы 2500 шаршы метрді құрайды. Мұнда азаматтардың құжаттарын қабылдауға арналған 15 терезе  бар. Сонымен қатар көлік салығын және жол жүру ережелерін бұзған аутокөлік иелері айыппұлдарын «Connection point» өзіне өзі қызмет көрсету секторында  онлайн  төлей  алады.

Теориялық емтиханды тапсыру сыныбында бір уақытта 15 адам тестілеуден өтетін болады. Жүргізуші куәлігін алуға арналған практикалық сынақты үміткерлер арнайы автоматтандырылған автодромда тапсырады. Жүргізуші қашықтықты өздігінше өтеді, ал электрондық жүйе автоматты түрде бағалайды. Бұл емтихан тапсыру кезіндегі «адами факторды» және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінен  толығымен  арылтады.

Облыс  әкімінің баспасөз  қызметі


Мемлекеттік рәміздерді қолдануда ағаттық болмауы керек

Күні: , 21 рет оқылды

4 маусым – Қазақстан  Республикасының  Мемлекеттік  рәміздері  күні

Таяуда  облыс  әкімдігі  жанындағы  ҚР  мемлекеттік  рәміздері  жөніндегі  комиссияның  отырысы  өтті.

Облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұловтың төрағалығымен болған  басқосуда Ақжайық, Бөкей ордасы, Жәнібек және Қазталов аудандарында мемлекеттік рәміздерді насихаттау мен қолдану саласындағы жұмыстардың жай-күйі талқыланды. Әр ауданда мемлекеттік рәміздерді насихаттау және оларды заңға сәйкес қолданылуына бақылауды қамтамасыз етуде нақты жұмыстар жүргізілуде. Білім беру мекемелері мен мәдениет ошақтарында мемлекеттік рәміздерге арналған түрлі шаралар өткізіліп келеді. Алайда кемшіліктер де жоқ емес.

Онлайн байланысқа шыққан аудан басшылары мен орынбасарларының айтуынша, кейбір мемлекеттік мекемелерде, әсіресе, аудандық сот пен прокуратураларда мемлекеттік рәміздерді орналастыруда және олардың стандарттарында кемшіліктер анықталған. Есеп берген төрт ауданның басшылығы  облыстық ішкі саясат басқармасы және ҚР ИДМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің БҚО бойынша департаментінің мамандары жүргізген тексеріс нәтижесінде анықтаған кемшіліктердің алды жойылып, тиісті шаралар қолға алынғанын айтты. Ал Қазталов ауданындағы осы бағыттағы комиссия мемлекеттік рәміздердің қолданылуы мен насихатталуына қатысты аптасына екі рет рейд өткізетіні белгілі болды. Мұндай шараның жиі өтуі сол өңірдегі мемлекеттік рәміздерге қатысты кемшіліктерді болдырмауға бірден-бір себеп болса керек. Жалпы, егемен елдігіміздің басты нышаны, қасиетті де қастерлі рәміздерді насихаттау жұмыстарын жүргізумен қатар, оларды қолдануда  да  ағаттық  болмауы  шарт.

– Аудандардағы әріптестер айтып өткендей, атқарылған істермен қатар кемшіліктер жоқ емес.

Бірақ комиссия анықтаған кемшіліктерді жоюмен ғана жұмыстанбауымыз керек. Біз мұндай олқылықтардың алдын алып, оларды болдырмау жолын іздеуіміз қажет. Бұл жерде де аудандардағы әріптестерге қатысты «Сіздер өздеріңіз қайда қарап отырсыздар?» деген сауал туындайды. Өйткені аудандарда да осындай комиссия бар, ішкі саясат бөлімі жұмыс жасайды. Жылына екі рет тексеріс жүргізуге  болады емес пе. Тоқсан сайын тексеріс жүргізсеңіздер де ешкім кедергі келтірмейді. Сондықтан да біз анықталған кемшіліктерді жоюмен емес, олардың алдын алу үшін жұмыстануымыз қажет, – деді  Ғабидолла  Абдоллаұлы.

Комиссия отырысында ҰҚК Шекара қызметінің 2036-әскери  бөлімі бойынша Жәнібек шекара бекетінің туы дұрыс орналастырылмағаны да баяндалды. Аталмыш әскери бөлімнің командиріне ескерту жасалып, олқылықтың орнын толтыру қажеттігі айтылды. «AQJAIYQ» телеарнасының директоры Асыланбек Ғұбашев бұл шекара бекетіндегі мемлекеттік туға деген көзқарасқа қатысты облыстық комиссияда  бұған дейін де бірнеше рет мәселе көтерілгенін айтып, шекаралардағы мемлекеттік рәміздердің қолданылуына қатысты мониторинг жүргізу қажет деген ұсынысын  білдірді.

Шара барысында сондай-ақ ҚР ИДМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің БҚО бойынша департаментінің басшысы Салават Вахитов «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» заңының сақталуы және мемлекеттік Елтаңбаның ұлттық стандартының жаңа талаптары  туралы баяндады. Оның айтуынша, лицензия алушы компаниялар дайындаушылар Елтаңбаны ҚР СТ 989-2014  жаңа стандартының талаптарына сәйкес жасап шығаруға міндетті. Сондай-ақ порталдан сатып алынған мемлекеттік рәміздерді қолданбастан бұрын ұлттық стандартқа сәйкестігін тексеріп алу қажет. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 418-бабына сәйкес, ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келмейтін ҚР Мемлекеттік Туы мен Елтаңбасын дайындаушыларға  айыппұл  салынады.

Комиссия отырысында айтылған мәселелер хаттамаға енгізіліп, құзырлы мекемелерге кемшіліктерді жоюға тапсырмалар берілді.

Ясипа  РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»


Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алды

Күні: , 48 рет оқылды

31 мамыр күні  батысқазақстандықтар  саяси  қуғын-сүргін және  ашаршылық  құрбандарын  еске  алып,  жазықсыз  жапа шеккендердің  рухына  тағзым  етті.

Қалалық жаңа зираттағы «Қуғын-сүргін құрбандарына арналған» ескерткіш жанында өткен еске алу шарасына облыс әкімі Алтай Көлгінов, Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев, ардагерлер, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорын басшылары, дін өкілдері, қоғамдық бірлестіктер мен жастар ұйымдарының өкілдері, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ ұжымы мен білім алушылары қатысып, солақай саясаттың құрбаны болған аға ұрпақтың аруағына Құран бағыштады.

Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың Жарлығымен 1997 жылдан бастап, яғни 21 жыл бойы мамыр айының соңғы күні «Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күнін» атап өтіп келеміз. Бұл мереке емес, десек те, қатардағы қалыпты күн де емес.

Бұл күн төл тарихымыздың беймәлім беттерін тереңірек зерттеп, болашақта бұл зұлматтың қайталануына жол бермеуіміз үшін аса қажет.

Саяси репрессия қарқынды жүрген жылдары солақай билік «қауіпті» деп тапқан азаматтарды шұғыл түрде тұтқындап, ешқандай сот үкімінсіз абақтыға қамап немесе ату жазасына кесіп отырды. Тәуелсіздік жолында Алаштың арда ұлдары аяусыз зорлық-зомбылық көрді. Тарихшылардың бағалауынша, 1927-1953 жылдары Қазақстанда 103 мың адам  саяси қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мыңнан астам адам жазықсыз атылды. Нақ осы жылдары қазақстандық ғы-лым, мәдениет және саясат саласының зиялы қауым  өкілдері  атылған.

1930-1950 жылдар аралығында Батыс Қазақстан облысы бойынша бес мың адам «үштіктің» шешімімен жазаланған. Бір ғана 1937 жылдың өзінде 853 батысқазақстандық қуғынға ұшырап, 335-і атылып кете барған. Сол бір зұлмат заманда біздің елімізге де мыңдаған өзге ұлт өкілдері жер аударылды. Кеңпейіл қазақ халқы поляк, Еділ немістері, Қырым татарлары, Кавказ халықтары және басқа да ұлт өкілдерін жатсынбай бауырына басып, бір үзім нанын бөліп жеді.

Бүгінгі ұрпақ саяси қуғын-сүргінге ұшыраған ардақты азаматтарымыздың есімдерін қастерлеп, рухын қадірлеуді перзенттік парызы, аға ұрпақ алдындағы  борышы деп санайды.  31 мамыр күні шаһардағы Мұнайшылар гүлбағындағы саяси құрбандар аллеясындағы ескерткішке, сондай-ақ саяси қуғын-сүргін құрбандары Н. Тоқсанов, М. Амосов.

Ж. Досмұхамедов. Ш. Қаратаеваға орнатылған ескерткіш тақталарға  гүл  шоғын  қою  рәсімдері  өтті.

Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»

Суреттерді  түсірген  Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ


«Батысқазақстандықтарға басымды иіп, рақметімді айтамын»

Күні: , 308 рет оқылды

Кеше  Қызылорда  облысына  арнайы  барған  облыс  әкімінің орынбасары  Ғабидолла  Оспанқұлов  бастаған  Батыс  Қазақстан облысының  делегациясы  Қырымбек  Көшербаевқа  «БҚО-ның  құрметті азаматы»  атағын  табыстап,  облыс  әкімі  Алтай Көлгіновтің  құттықтауын  жеткізді.

«Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өңірлерді дамыту туралы бағдарламаларын орындау мақсатында Ақ Жайық өңірінде атқарған адал еңбегіңізді батысқазақстандықтар әрдайым жоғары бағалайды. «Батыс Қазақстан облысының құрметті азаматы» атануыңыз – өңірімізде қалған «Көшербаев қолтаңбасының» қоғамдық мойындалуы. Жаңа мыңжылдықтың бас кезінде Орал өңірінің гүлденуіне қосқан үлесіңіз үшін сізге өңір тұрғындарының атынан алғыс білдіремін» делінген Алтай Көлгіновтің  құттықтауында.

Өз кезегінде өңірімізді 2000-2003 жылдары басқарып, тұрғындардың оң бағасын алған Қырымбек Елеуұлы да батысқазақстандықтарға өз ризашылығын жеткізді.

– Сыр – Алаштың анасы, Сыр – Алаштың панасы» деп атайды қазақта. Осындай киелі де қасиетті  Қорқыт бабамыздың жерінен жолдаған сәлемімді батысқазақстандықтарға жеткізіңіздер. Ақ Жайық өңірі жасарып жаңаруда, қарқынды дамуда. Елбасының сарабдал саясатын іске асыру мақсатында Батыс Қазақстанның мәртебесі биік болсын! Осындай шешім қабылдаған облыс әкімдігіне, әріптесім Алтай Сейдірұлына, облыстық мәслихаттың депутаттарына, Орал өңірінің барлық азаматына басымды иіп, рақметімді айтамын, – деді  Қырымбек  Көшербаев.

Облыс  әкімінің  баспасөз  қызметі


Жаңалыққа жомарт сессия

Күні: , 38 рет оқылды

Бейсенбіде  облыстық  мәслихаттың  кезекті  XVII  сессиясы  өтті.  Оның  жұмысына  облыс  әкімі Алтай  Көлгінов,  республикалық  бюджеттің  атқарылуын  бақылау  жөніндегі  есеп  комитетінің  мүшесі  Әділғазы  Бергенов  қатысты.

Сессияда халық қалаулылары алдымен облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаеваның Орал қаласының кейбір бөлігіне атау беру және елді мекендердің атауын өзгерту жөніндегі баяндамасын тыңдап, мақұлдады. Оралдағы «Жұлдыз» шағынауданы бойынша 25, ТЖЖ-1 шағынауданы бойынша 20-ға  жуық, ТЖЖ-2 шағынауданы бойынша 50 көшеге  атау  және ТЖЖ-1 ауданына «Көкжиек», ТЖЖ-2 ауданына «Сарыарқа» атауларын беруді қолдады. Қаладағы 5-шағынауданға ақын, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қадыр Мырза Әлидің есімі берілді. Ал осы аудандағы жаңа алаң Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті алаңы, ремзауыт ауданындағы тынымбақ Чернобыль апатының салдарын жоюшылар тынымбағы деген атауды иеленді. Өңірдегі кейбір елді мекендер жаңа атауға ие болды. Ақжайық ауданы бойынша Первомай ауылы – Қабыршақты, Сырым ауданындағы Бірінші май  ауылы Саралжын ауылы деп аталатын болды. Бұл жаңа атаулар тиісті қаулы мен шешім әділет құрылымдарында мемлекеттік тіркеуден өткеннен соң және ресми жарияланғаннан кейін қолданысқа  енеді.

Депутаттар орыс тіліндегі «Чингирлауский район» атауының транскрипциясын «Шынгырлауский» деп нақтылады. Мұндай нақтылау республикалық ономастикалық комиссияның қарауына жіберілді.

Сессияда мемлекет және қоғам қайраткерлеріне Қырымбек Көшербаевқа және Бірғаным Әйтімоваға «БҚО-ның құрметті азаматы» атағын  беру туралы  ұсыныс оң шешімін тапты. Бұл ұсыныс зиялы қауым, аға буын өкілдерінің, білім саласы қызметкерлерінен  түскен.

– Еліміздің тарихында Тұңғыш Президенттің рөлі ерекше. Тәуелсіздіктің 27 жылы ішінде Қазақстан жетістіктерге жетіп, әлемдік қауымдастық арасынан өз орнын алды. Тәуелсіздік алғалы бері алға даму қадамымыздың қарқыны жыл сайын артып, халықтың әл-ауқаты көтеріліп келеді. Соның ішінде «Өңірлердің дамуы – еліміздің дамуы» деген Елбасының қанатты сөзіне орай өңіріміз де жылдан-жылға алға қарай дамып, экономикасы ілгерілей түсті. Бұл – ортақ атқарылған жұмыс.  Елбасымен қабылданған бағдарламалардың іске асырылуының нәтижесін халықпен бірге көріп отырмыз. Облыс орталығы дамып келеді. Бұл – үлкен еңбектің, мемлекетіміздегі тұрақтылықтың, көпұлтты мемлекеттің бірге, аянбай атқарған жұмысының нәтижесі. Сондықтан халықтың ұсынысымен жаңа алаңға Тұңғыш Президенттің атын  беру заңдылық, тарихи шешім деп санаймыз. Осы ұсыныстарға қолдау көрсеткендеріңізге рақмет.

Енді қазақтың өнерінің, тілі  мен мәдениетінің дамуына үлкен үлес қосқан абыз ақын, өңіріміз-дің тумасы Қадыр Мырза Әлидің атын 5-шағынауданға беруді заңдылық  деп санаймыз.  Ол да келер ұрпаққа өнеге болмақ. Екі танымал тұлғаға «Құрметті азамат» атағын беру – бізге келіп түскен ұсыныс. Қырымбек Елеуұлы 20002003 жылдары БҚО-ға басшылық етіп, өңірдің әлеуметік-экономикалық дамуына еңбек сіңірді. Бірғаным Сарықызы Ақ Жайық өңірінің топырағында туып-өскен қайраткер, республикада басшылық қызметтерді атқарған, Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі болды, қазір ҚР Парламенті Сенатының депутаты. Халықтан түскен ұсынысты біз қабыл алдық. Қолдағандарыңыз үшін баршаңызға рақмет. Алдағы уақытта атқарылар жұмыс көп. Өңірдің өркендеуіне, агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға, инвестициялар тартуға, индустриалды зауыттарымызды әрі қарай дамытуға байланысты мәселелер тұр, – деді сессияда сөз алған облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Одан әрі қарай облыс әкімі Елбасының өңірімізге келген жұмыс сапарының қорытындыларына тоқтала келе, Мемлекет басшысы өңіріміздің дамуына үлкен қолдау көрсеткенін  айтты.

– Жылдар бойы халық сұрап, шешілмей келе жатқан күрделі мәселелер оң шешімін тапқалы тұр. Бұған қатысты Елбасы Бөкей ордасы, Жәнібек, Қазталовқа баратын жолдарды жасау керек деп тиісті тапсырмалар берді. Күні кеше Президент тапсырмасы бойынша Премьер-министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин жиналыс өткізіп, соған қатыстым. Жәнібек, Бөкей ордасы бағытындағы 275 шақырымдық күре жолдың жобалық-сметалық құжаттамасы жасалмақшы. Оған республикалық бюджеттен қаражат бөлінді. Жол құрылысын келесі жылы бастап,  бас-аяғы 2-3 жылда бітіруіміз қажет. Жоспар бойынша 2019-2020 жылы Сайқынға жолды жеткізуіміз керек. Жалпы аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму жолындағы барлық мәселенің толық шешілуіне Үкімет басшысы қолдау білдіріп отыр, – деп Алтай Сейдірұлы жақсы  жаңалығымен  бөлісті.

Сонымен қатар әкім күні кеше Үкіметте өткен жиналыста жергілікті ірі зауыттардың мәселесі көтерілгенін, бірқатар түйткілді мәселелердің шешілгенін жеткізді. «Конденсатқа» мұнай ішкі бағамен берілетін болды. Сонда зауыт жанар-жағармаймен, дизель отынымен облысты толық қамтиды және өнімдерін экспортқа шығарады. «Зенит», «Гидроприбор», «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» зауыттарына қосымша мем-лекеттік тапсырыс берілмек. «Омега» зауытының бос тұрған ғимараттарында жаңа зауыт салынады.

Сессияда 2017 жылғы облыс бюджетінің орындалуы жөнінде  облыстық қаржы басқармасының басшысы Дулат Имашев баяндады. Өткен жылға арналған облыстық бюджеттің түсімдер жоспары нақтылау мен түзетулердің нәтижесінде 145,3 млрд. теңге болған. Ал бюджеттің шығыс бөлігі 144,7 млрд. теңгеге, яғни 99,7 пайызға орындалған. Соның ішінде 54,3 млн. теңге үнемделіп, жалпы 503,7 млн. теңге игерілмей қалды. Сессия есепті қаперге алды. Сондай-ақ халық қалаулылары облыстың әкімшілік-аумақтық бірлігі басқару сызбасын бекітті. Облыстық сыртқы байланыс және туризм басқармасы облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасына біріктірілді, облыстық мәдениет және мұрағаттар басқармасынан мұрағат функциялары бөлініп, Елбасының «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы құрылды. Сөйтіп басқару сызбасы  жаңа басқармамен толықты.

Сессияда Әділғазы Бергенов ҚР Президенті әкімшілігінің басшылығының келісімімен республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрайымы Н. Годунованың  БҚО бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Амангелді Нұғмановты атқарып отырған қызметінен босату және оның орнына төрағалыққа Әлібек Қадырбековты  тағайындау жөніндегі ұсынысын жеткізді. Әлібек Чапайұлы – өңіріміздің тумасы, 28 жылдан астам уақыт мемлекеттік қызмет саласында, ұзақ жыл бойы алты облыста салық құрылымдарында жұмыс істеген, соңғы қызмет орны Ақтөбе облысының салық департаментінде басшы болған. Ұсынысты депутаттар корпусы  мақұлдады.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Игорь Стексов Астанаға ішкі аудит қызметіне ауысқан  А. Нұғмановқа өңірді дамытуға қосқан еңбегі үшін алғыс айтып,  облыс әкімі атынан алғысхат табыс етті. Сондай-ақ облыстық мәслихаттың хатшысы Мәлік Құлшар да мәслихат атынан алғысхат табыс етіп, жаңа жұмысына сәттілік тіледі.

Депутаттар облыс әкімдігі жанынан жеке кәсіпкерлік мәселелері бойынша сарапшылық кеңес құру және өзге де мәселелерді қарап, оң  шешім қабылдады.

Облыстық мәслихаттың кезекті сессиясының төрағасы болып депутат Ескендір Елемесов сайланды.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика