Мұрағат: Июнь, 2018


«Нұрлы жердің» игілігі

Күні: , 7 рет оқылды

Бейсенбі күні облыс әкімдігінде ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетовтің қатысуымен «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру және өзектендіру мәселелеріне арналған кеңес өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев, Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев, Жаңақала ауданының әкімі Наурызбай Қарағойшин, салалық басқармалар басшылары мен өңірдегі құрылыс компанияларының жетекшілері қатысты.

Өткен жылы елімізде «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 11,200 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, ағымдағы жылдың алғашқы бес айында 4 607,8 мың шаршы метр, яғни 40 326 тұрғын үй ел-жұрттың игілігіне ұсынылған. Бұл мақсатқа 391,0 млрд. теңге инвестиция құйылған екен. Соның ішінде жеке тұрғын үйлер 2 199,0 мың шаршы метр немесе 15 334 жеке тұрғын үй, сонымен қатар 2 408,8 мың шаршы метр немесе 24 992 көп пәтерлі тұрғын үй салынған. ҚР Инвестициялар және сауда министрлігінің құрылыс және тұрғын үй шаруашылығы комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетовтің айтуынша, биылғы меже – 12,1 млн. шаршы метр тұрғын үй. Жыл соңына дейін салынып, пайдалануға берілетін баспананың 5,1 млн. шаршы метрі жеке секторда орналасса, қалған 7,0 млн. шаршы метрі көп пәтерлі тұрғын үйлер болмақ.

– «Нұрлы жер» бағдарламасы аясындағы тұрғын үй құрылысына биыл республикалық бюджеттен 148,6 млрд. теңге қарастырылған. Бүгінде қаржының 70,8 млрд. теңгесі аударылды. Соның ішінде инженерлік коммуникациялық инфрақұрылымдарға 9,8 млрд., сатып алуға жатпайтын жалдамалы тұрғын үй құрылысына 26,9 млрд., «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ салымшыларын несиелендіруге 24 млрд., ипотека мен құрылыс салушылардың (застройщиков) қарызын субсидиялауға 7,9 млрд. және 20 млрд. теңге Астана қаласындағы апатты үйлерді сүру пилоттық жобасын жүзеге асыруға бағытталмақ. Жалпы, «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Астана мен Алматы қалалары көш бастап тұр. Батыс Қазақстан облысы да үлкен құрылыс алаңына айналған. Жаңадан «Ақжайық» шағынауданы бой көтермек, өңірде жылу жүйелерін жаңғырту, су желілерін тарту жұмыстары да қарқынды жүруде. Сатып алынбайтын жалдамалы тұрғын үй бағыты бойынша 1,82 млрд., кредиттік тұрғын үй құрылысына 1,5 млрд. бөлінді. Облыс басшылығы қаражат көлемін ұлғайтуды сұрап отыр, біз бұл ұсынысты қарастырамыз. Жеке тұрғын үй құрылысын дамытуға еліміз бойынша 40 мыңға жуық жер телімі берілетін болса, сіздің облыста 778. Жеке компаниялар 2020 жылға дейін 600 мың шаршы метр тұрғын үй салуды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда 33 жоба бекітіліп, 31,9 млрд. теңге қаржы бөлінді, – деді Мархабат Жайымбетов.

Министрлік өкілінің мәлімдеуінше, Елбасының бес әлеуметтік бастамасына сәйкес әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін ұсынатын «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы биылғы жылдың екінші жартыжылдығынан бастап іске қосылды. Тұрғын үйді халыққа барынша қолжетімді ету үшін бірқатар өзгерістер енгізілді. Ұлттық банк жанынан «Баспана» ипотекалық компаниясы» АҚ құрылып, 3 трлн. теңге бес жыл ішінде ипотекалық несиелеуге бөлінбек. Бағдарламада тұрғын үйдің шекті бағасы көрсетілген. Атап айтар болсақ, Астана, Алматы, Атырау және Ақтау қалаларында 25 млн. теңгеден, ал өңірлерде 15 млн. теңгеден аспауы тиіс.

«Нұрлы жерге» енгізілген маңызды өзгерістердің бірі – жұмыс берушінің өз қызметкерінің баспанасы үшін алғашқы жарнаны құю тетігі.

– Баспаналы болғысы келетіндердің басым бөлігі алғашқы жарнаны төлеуде қатты қиналады. Бұдан былай мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдар өз қызметкерлерінің  баспаналы болуына жәрдемдесе алады. Яғни 20 пайызды құрайтын  алғашқы жарнаны қызметкерге тұрғын үй ссудасы ретінде бере алады. Ал нақты тетіктерді жұмыс беруші айқындайды. Қазір Алматы қаласының әкімдігі алғашқылардың бірі болып, 10 жас отбасыға 1 млн. теңге көлемінде тұрғын үй ссудасын берді. Қызылорда облысы үйсіз жүрген жас отбасыларды қолдауға 2 млрд. теңге бөлмек. Бұл игі бастама сіздің облыста да нәтижелі жүзеге асады деген ойдамын.

Бағдарламадағы келесі өзгеріс жеке құрылыс компанияларына қатысты. Әкімдіктер ендігі жерде тендер ойнатып, уақыт созбай, жеке құрылыс компанияларынан дайын үйді сатып ала алады.  Бұған дейін әкімдіктер салған тұрғын үйлер тек «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшыларына ғана берілсе, бұдан былай екінші деңгейлі банктер арқылы барлық азаматтарға беріле бастайды. Аталған бағыт бойынша өңірлерде бір шаршы метрдің бағасы 140 мыңнан аспауы тиіс. Жалдамалы тұрғын үй бойынша 72 шаршы метрге, ал кредиттік үйлер бойынша 80 шаршы метрге дейін шектеу қойылады. Бұл талаптар әкімдіктер салып жатқан үйлердің қолжетімділігін арттырып, «7-20-25» ипотекалық бағдарламасының дамуына серпін бермек. Тағы бір өзгеріс, бағдарлама талаптарына сәйкес қатысушы банктердің қарыздар беру және қызмет көрсету үшін қарыз алушылардан комиссия алуға құқығы жоқ. Азаматтың алған пәтері мен жеке басын сақтандыру талаптары да жойылды, – дейді Мархабат Жайымбетұлы.

Сондай-ақ комитет төрағасы биылдан бастап жеке тұрғын үй секторында құрылыс көлемін арттыру үшін құрылыс алаңдарын инженерлік желілермен қамтамасыз етуге бөлінетін қаржы 80 млрд. теңгеден 100 млрд. теңгеге дейін ұлғайғанын айтты. Халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлжуаз бөлігін баспанамен қамтуға бөлінетін қаржы көлемі 25 млрд. теңгеден 35 млрд. теңгеге өскен.

Жалпы, биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында елімізде аумағы 12 млн. шаршы метрден астам тұрғын үйді пайдалануға беру көзделіп отыр. Алдағы 15 жыл ішінде 1,5 млн. баспана салынып, бір адамға шаққандағы тұрғын үймен қамту көрсеткішін 26 шаршы метрге дейін жеткізу жоспарлануда.

«7-20-25» бағдарламасының Елбасы атап көрсеткендей, басында еш баспанасы жоқ үйсіз отбасыларға арналғанын және алыпсатарлыққа жол берілмеуі тиіс екендігін айтқан Мархабат Жайымбетұлы ел аумағындағы 67 мыңнан астам әскери қызметкерлер үшін «5-20-25» жеке бағдарламасының жүзеге асқалы жатқанын да тілге тиек етті. Оның айтуынша, жуырда «5-20-25» бағдарламасы мұғалімдер мен дәрігерлер үшін де қолжетімді болуы мүмкін.

Облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаевтың мәліметіне қарағанда,  биыл Ақ Жайық атырабында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 415,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Соның ішінде жалдамалы тұрғын үй 46,83 мың шаршы метр, несиелік (кредиттік) тұрғын үй 45,4 мың шаршы метр, «Бәйтерек Девелопмент» АҚ желісі бойынша 13,6 мың шаршы метр және апатты үйлердің тұрғындарына арналған 22,8 мың шаршы метр тұрғын үй бой көтермек.

Ағымдағы жылдың 5 айында облыста жалпы құны 9,4 млрд. теңгені құрайтын 201,3 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, 1912 отбасы баспаналы болған.  Қазіргі таңда 24,2 мың адам үй кезегінде тұрса, соның 9,5 мыңы әлеуметтік әлжуаз санаттағы азаматтар.

– Жыл сайын Орал қаласында екі көпқабатты үйден тапсырамыз. Сұраныс өте көп. Сондықтан республикалық бюджеттен қаржы бөлінсе, жылына 5 үйден салғымыз келеді. Жоспарланған 12 үйдің тек төртеуінің құрылысын бастадық. Облигациялық займ есебінен 7 млрд. теңге көлемінде қосымша қаржыландыруды сұраймыз. Инженерлік желілерге 3,4 млрд. теңге бөлінді, биыл 25 нысанның құрылысы басталды, – деген Бағдат Оразалдыұлы жеке тұрғын үй салуға 3 716 жер телімі дайындалатынын айтып өтті. Оған қоса жыл соңына дейін облыс орталығында 688, аудандарда 144 пәтер пайдалануға берілмек.

Жиын барысында ауылдық елді мекендерді таза ауыз сумен қамту мәселесі де талқыланды. «2020 жылға дейінгі өңірлерді дамыту» бағдарламасының «Ақбұлақ» бағыты бойынша жыл соңына дейін 49 елді мекеннің 56 мыңнан астам тұрғыны сапалы ауыз судың игілігін көрмек. Бұл мақсатқа 4,0 млрд. теңге қарастырылған.

«Ақбұлақтың» арқасында ұзақ жыл ауыз судан таршылық көріп келген Жаңақала ауданы да қиындықтан құтылмақ. Аудан әкімі Наурызбай Қарағойшиннің мәлімдеуінше, өткен жылы аталмыш аудандағы елді мекендердің ауыз сумен қамтылуы 51,7 пайызды құраса, биылғы жылдың соңына дейін бұл көрсеткіш 82 пайызға жетпек. «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстардың қатарында Жаңақазан, Жуалыой, Мәстексай, Мұқыр ауылдарындағы су құбырын жаңалап-жаңғырту, Жаңажол, Сарыкөл ауылындағы су құбыры құрылысы, Жаңақала ауылындағы тұрғын үйлерді сумен жабдықтау жұмыстары бар.

Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»


«Ақылды таксиге» арналған мобильді технологиялар

Күні: , 21 рет оқылды

IT- шешімдері мен телекоммуникация қазіргі заманғы бизнестің ажырамас бөлігі болып табылады. Бірнеше жыл бұрын көпшілігіміз үшін «жоғары технологиялық кәсіпорын» деген сөз тіркесі негізінен шикізат секторында жұмыс істейтін трансұлттық корпорациялармен байланысты болса, соңғы жылдары IT- компаниялар мен телекоммуникациялық операторлар ШОБ ойыншылары арасында сандық қызметтерді барынша ілгерілетіп келеді деп хабарлайды «Курсивъ» газеті.

Ақтау қаласындағы «Такси Стар» компаниясы өз тәжірибесінде мобильді байланыс операторлары ұсынатын заманауи телекоммуникациялық қызметтері шағын бизнестің жұмысын оңтайландырып, оның тиімділігін және клиенттерге қызмет көрсету сапасын жоғарылататындығына көз жеткізді. Ол өзінің қызметін 2004 жылы бастаған, бүгінгі күні «Такси стар» компаниясының жетекшісі Мехди Ниязовтың айтуынша, жергілікті жолаушылар тасымалы нарығының көшбасшысы болып табылады, оған бәсекелестік өте жоғары. «Ресми такси қызметтері үнемі сұранысқа ие. Қазақстанның басқа қалалары сияқты Ақтауда да жолдың жиегінде тұрып көлікті ұстауға болады, бірақ жолаушылар түрлі себептермен «заңсыз» тасымалдаушылар көрсететін қызметтердің сапасына көңілдері толмағандықтан олар бізге хабарласады. Сондықтан біздің 200-400-ге жуық көліктеріміз күнделікті жолға шығуына қарамастан, қарбалас сәтте көліктің жетіспеушілігі сезіледі және осы жағдайларда клиенттердің сұрауын барынша қанағаттандыру үшін тапсырыстарды бөлу қиындайтын. Көп жылдар бойы жергілікті жолаушылар тасымалы нарығында көшбасшымыз және бізге орнымызды сақтауға көмектесетін шешімдер қажет болды», – дейді Мехди Ниязов.

«Такси Стар» компаниясы нарыққа енді кіргенде, мобильді байланыс операторларының өнімдеріне деген қажеттілік туындамағанын есіне алады: Ақтау қаласының тұрғындары қалалық телефоннан таксиге қоңырау шалуды жөн көрді, ал жүргізушілер мен диспетчер арасындағы байланыс рациялар арқылы жүзеге асырылды. Уақыт өте келе мобильді байланыстың ену деңгейі өсті, адамдар стационарлық емес, мобильді телефоннан жиі қоңырау шала бастады, рациялар өзектілігін жоғалтты және бизнес үшін мобильді шешімдерді енгізбей сапалы қызметтер көрсету туралы сөз болу мүмкін емес еді.

Мехди Ниязовтың айтуынша, компания 2014 жылы автоматтандырылған мобильді шешімдерді пайдалануға көшкен және әртүрлі операторлар ұсыныстарын тексеріп көріп, ақыр соңында «Кселл» компаниясының бизнес-шешімдеріне тоқталды. Мұндай таңдаудың пайдасының негізгі дәлелдерінің бірі ұсынылған шешімдердің бағасы мен сапасының оңтайлы үйлесімі болды, – деп атап көрсетті тасымалдаушы компанияның басшысы. Сонымен қатар оның айтуынша, «Кселл» менеджерлері кез-келген уақытта кеңес беруге, клиенттің қызмет ерекшелігін ескеретін өнімдерді ұсынуға дайын болғанын да атап өтт. Бүгінгі күні «Такси Стар» корпоративтік сектордағы ойыншылар үшін «Кселл» ұсынған бірнеше қызметтерді пайдаланады, олар мобильді байланыстың шығындарын оңтайландыруға, sms-хабарламалар жіберуге, қысқа нөмірге қоңырау шалуға (3355) мүмкіндік береді.

«Кселл» компаниясының қызметтері көп арналы байланыспен қамтамасыз етілген, бұл көптеген қоңырауларды бір мезгілде қабылдауға және компанияның барлық клиенттеріне белгілі бір нөмірден 25 қоңырау шалуға мүмкіндік береді. Бұрынғы қоңыраулар әртүрлі нөмірлерден келетін және адамдар экрандағы белгісіз нөмірді көріп, тұтқаны көтермеген жағдайлар жиі орын алған болатын. Бір кездері такси қызметінің клиенттері мобильді телефоннан қала нөмірлеріне қоңырау шалуына байланысты қиындықтар туындаған еді. Бірақ «Кселл» шешімдерінің арқасында тасымалдаушы бұл мәселені сәтті шешті және бүгінгі күні мобильді телефоннан мобильді телефонға қоңыраулардың үлесі өте тез өсіп келеді, ал 3355 қысқа нөмірін есте сақтау оңай және өте ыңғайлы. «Такси Стар» қызметіне ай сайын 100 мыңнан астам қоңырау түседі, олардың әрқайсысына әдетте екі SMS-хабарламадан келеді. «Кселл» SMS-хабарламалар қызметінің арқасында «Такси Стар» клиенттері тапсырыс бойынша қандай көлік тағайындалғанын және таксидің келгені туралы уақтылы біліп отырады.

«Біз «Кселл» ұсынатын клиенттер үшін тегін қоңырау шалу мүмкіндігі бар автошақыру қызметін де қолданамыз. Қызметтің функционалдылығы мен сапасы біздің шығынды толықтай ақтайды», — деп «Такси Стар» директоры сенімді түрде айтады. Жаңа бағдарламалық жасақтаманы енгізу қазақстандық тасымалдаушының бәсекеге қабілеттілігін айтарлықтай арттырды, бұл Ақтау нарығында халықаралық компаниялар, атап айтқанда «Яндекс.Такси» және Indriver пайда болған кезде аса маңызды болып шықты дейді Мехди Ниязов. «Жаңа шешімдер бізге агрегаторлармен теңдестіп қана қоймай, технологиялық тұрғысынан олардан артық жерлеріміз бар», – деп санайды Ниязов. Мысалы, «Такси Стар» өзінің артықшылықтарының бірі колл-орталықтың болуы деп санайды, бұл орталықта 50 адам ауысыммен жұмыс істейді. Статистика көрсеткендей, қосымша арқылы тапсырыстар үлесінің өсуіне қарамастан, көптеген клиенттер үшін колл-орталыққа қоңырау шалу арқылы тапсырысты рәсімдеу бұрынғыдай қолайлы. Бүгінгі таңда, мысалы, «Такси Стар» клиенттерінің тек 20% ғана қосымшамен тапсырысты рәсімдейді, 30% қалалық телефон арқылы, ал 50% мобильді телефон арқылы такси шақырады.

«Жолаушылар тасымалы нарығында бәсекелестіктің өсуіне қарамастан, біз клиенттерімізді жоғалтпадық және қызмет көрсету көлемі төмендемеді. Мұнда «Кселл» автоматтандырылған бизнес шешімдерін өз уақытында енгізу маңызды рөл атқарды, онсыз бүгін компаниямыздың жұмысын елестету мүмкін емес. Мобильді оператордың бинес желісінде біз үшін жаңа қолайлы өнімдер пайда болуы мүмкін. Біз өзіміздің қызметімізді тиімдірек ету үшін ынтымақтастықты жалғастыруға дайынбыз», – деп атап өтті «Такси Стар» басшысы.


«Кселл» Бұқтырма су қоймасындағы барлық демалыс орындарын мобильді интернетпен қамтамасыз етті

Күні: , 28 рет оқылды

«Кселл» компаниясы Бұқтырма су қоймасының маңында 3G және 4G / LTE қолдайтын  базалық станциялар орнатты. Ғаламтормен барлық негізгі демалыс орны қамтылды. Енді  компания абоненттері жазда жоғары жылдамдықты мобильді интернетті пайдалана алады.

Барлығы 6 жаңа станция орнатылды. Төртінші буын Интернеті«Голубой залив» және «Айна» демалыс орындарының маңында қол жетімді болды. Үшінші буын Интернеті «Мохнатка», «Аюда» және Жаңа Бұқтырма ауылдарында пайдалануға болады.

«Осы аймақта мобильді интернетті қамту процесінің өз ерекшелігі бар. Жолсыз және соқпақсыз  таулы өлке жұмысымызды біраз қиындатты. Бір базалық станцияны орнату үшін, мамандарымызға барлық қажетті материалды тауға жаяу көтеріп шығаруларына тура келді. Мысалы, станцияға арналған бір аккумулятордың салмағы 40 кг, ал мұндай батареяның сегізі орнатылуы керек. Станция тетіктерінен басқа, тұғыр дайындауға қажетті – су, цемент, құм, қиыршық тас тәрізді  құрылыс материалын да қолмен тасуға туралы келді»  — деді Өскемен қаласындағы «Кселл» АҚ филиалының жетекшісі Динара Байскакова.

Бұқтырма Қазақстанда ең ірі су қоймасы болып саналады және әлемдегі ең ірі жасанды су қоймасының бірі. Бұл Шығыс Қазақстан облысындағы Алакөлден кейінгі екінші ең танымал курорт.

2017 жылы Бұқтырма су қоймасына туристер ағымы 64 мың адамнан* асты, бұл 2016 жылға қарағанда 41% артық. Су қоймасы мен ондағыдемалысорталығы Қазақстан азаматтарыарасында да, ресейліктердіңарасында да танымал.

«Біз 4G / LTEбасымдық бере отырып мобильді интернетпенкеңірек қамтужұмыстарынжалғастырудамыз. Төртінші буын желі іске қосылғаннан бері біздің компания 50%-дан астамқазақстандық тұрып жатқан 24 қала мен елді-мекенге ғаламтор жеткізді. Өткен жылы, ШҚО-да 4G жоғары жылдамдықты Интернетке Риддер, Зырян және Шемонаиха тұрғындары қол жеткізді. Биылғы жылы компания Аягөзде 4G іске қосуды жоспарлап отыр. Біз осы жылы туристік маусым кезінде, қазақстандықтар мен еліміздің қонақтары арасында ең танымал және белгілі демалыс орнының бірін мобильді интернетпен қамтамасыз ету мүмкіндігіне ие болғанымыз үшін қуаныштымыз. Бұқтырма су қоймасына келетін туристер ағымы жыл сайын өсіп келеді, бұл таңқаларлық емес, өйткені Шығыс Қазақстан өзінің табиғи сұлу жерлерімен танымал. Біз абоненттерімізге Қазақстанның басқа өңірлерінен және басқа елдерден туристерді тарту үшін әлеуметтік желі және мессенджер арқылы осы тамаша өлкеден бейне және сурет жіберіп, өз әсерлерімен және эмоцияларымен бөлісулерін қалаймыз», — деді «Кселл» АҚ коммуникация департаментінің жетекшісі Наталья Еськова.

*  ҚР статистика комитетініңдерегі бойынша (өздігінен ұйымдастырылған туризмді есепке алмағанда)


Аргентина «ауылға» қайта ма немесе Месси трагедиясы

Күні: , 25 рет оқылды

Ресейдегі биылғы доп додасы сенсацияның «көкесін» көрсетуде. Озық дегендер тозып, жүйрік дегендер жел қауып, жанкүйердің онсыз да осал жүйкесін жеп бітуге жақын қалды. Өткенде Бразилия мен Германия «таяқ» жесе, тап қазір әлем көз тіккен Аргентина, төрткүл түгел дүние мойындаған Месси масқара болудың аз-ақ алдында тұр!

Түсінікті болуы үшін басынан бастасақ. Соқыр жеребе «D» тобына Хорватия, Исландия, Нигериямен қатар Аргентинаны анықтаған уақытта бұл топтың жеңімпазы кім болатындығы күмән келтірмеген-тұғын. Енді ше, сапында «Барселонаның» аңызы бар ұжым мұхиттың арғы жағынан ат тоздырып келгенде басқа мақсат болмасы анық-ты. Алайда, Аргентинаның алғашқы аптығын гейзерлер (ыстық су бұрқақтары) елі – Исландия құрамасы сөздің тура мағынасында су сепкендей басты. Жердің шетінде, желдің өтінде жатқан, Атлант мұхитының алып құшағындағы ноқаттай ғана аралдың өкілдері шеттерінен намысты екен. Бұл аралда бар-жоғы 330 мың адам тұрады. Сондықтан ойыншылардың барлығы бір-бірімен аталас ағайын деген дұрыс. Мәселен, құрамада үш Сигурдссон, екі Гудманссон бар. Халық санының аздығына қарамастан, алақандай мемлекеттің 11 ұланы осы чемпионатта ұлттық рухтың қандай болатындығын нақты іспен дәлелдеп берді. Серхио Агуэроның добына Альфред Финбагассонның добымен жауап беріп, 90 минутты тең аяқтады.

Әрине, Исландияның «тосын» сыйынан кейін Аргентина бапкері Хорхе Сампаоли мықтап ойлануы керек еді. Маскерано, Ди Мария, Агуэро, Игуаин, Дибала және ең жарық жұлдыз Мессиі бар команда шырт «ұйқыдан» оянуы шарт еді. Төрт құрлықтың футбол тойында қалпақпен ұрып алатын қарсылас болмайтындығын түйсінуі тиіс еді. Оның үстіне келесі қарсылас – Хорватияның қарқыны қауіп тудыруы тиіс болатын (Хорватия соның алдында Нигерияны 2 : 0 есебімен ұтқан). Бірақ, жасыл алаңдағы жағдай тағы да Аргентинаның бүгінгі бейшара күйін айқын көрсетті.

Бірінші тайм аздаған аңдысудан кейін ашық майданға ұласты. Екі жақ та есеп ашатын бірнеше мүмкіндікті мүлт жіберді. Аргентинадан Перес, Хорватиядан Манджукич, Ребич, Перишичтер ұрымтал тұстан қақпаға допты қиыс тепті.

Ойынның екінші бөлігі Балкан батырларының қай-қай жағынан да басымдығын байқата бастады. Әсіресе, орталық шеп мен шабуылдың арасын шаршамай жалғаған команданың «моторы», желаяқ Лука Модричтің қимылы ерекше сүйсінтті. Мұндай қысым түптің түбінде өз нәтижесін беретіндігі тек уақыттың еншісіндегі шаруа болатын. Аргентина ақыры сыр берді. Қақпашы Кабальеро қолындағы допты асығып алға тебемін деп, сол маңда қарауылдап жүрген Ребичтің аяғына тура салып берді. Хорват 10 метрден шірене тартып, есеп ашты. Матч соңына таман Модрич пен Ракитич тағы екі гол соғып, есепті 3:0-ге жеткізді. Сөйтіп, бүгінгі футбол «құдайы» Месси бастаған Аргентина бұрынғы фубол «құдайы» Марадоннаның көз алдында (стадионда тамашалап отырған) масқара болды. Стадиондағы ызаға булыққан жанкүйерлер Сампаолиге бөтелке лақтырып, қарғап-сілеп алаңнан қуды.

Ойыннан кейінгі баспасөз мәслихатына басы салбырап келген Хорхе бапкер бар кінәні өз мойнына алды. «Бүгінгі жеңіліске бір ғана Кабальероны айыптау дұрыс емес. Барлық кінә менен кетті. Мен жасыл алаңда ойыншылардың өзара «тіл табысып» ойнауына, соның ішінде, Мессидің мүмкіндігін толық көрсетуіне қол жеткізе алмадым. Тылды жалаңаштап, тек үш қорғаушыны қалдыру да қателік болды. Үміттерін ақтамағаным үшін жерлестерімнен кешірім сұраймын»  депті ол.

Енді Аргентинаның топтан шығуы өте қиын, тіпті, ондай мүмкіндік жоққа жақын деуге болады. Ол үшін математикалық болжам жасауға асықпай, Нигерияға қарсы соңғы ойынын тамашалағанымыз дұрыс.

Ал, хорваттардың көңілдері жеті қат көкте. Қос ойында 6 ұпайды қоржынға салған олар топтан шығып, алақандарын ысқылап отыр. Матчтың үздік ойыншыларының бірі Лука Модрич екінші таймда қарқындарына қарқын қосылғанын айтыпты. «Бірінші таймдағы алма-кезек шабуылдардан кейін ойынның екінші бөлігінде тынысымыз одан әрі ашылды. Қақпашының қателігі дейсіз бе? Рас, оның көмегі болды. Дегенмен, тағы да екі доп соғып, мықтылығымызды дәлелдедік. Біз әлемдегі азулы командалардың бірі – Аргентинаны ұттық!» – деп қуанышын жасыра алмаған Модрич жетістіктің басты сыры ынтымағы жарасқан ұжымдық ойын екендігін алға тартқан екен.

Өзге топтардағы жағдай, әзірге күтілген, болжанған үдеден шығуда. «B» тобының фавориті, Криштиану Роналду бастаған Португалия 1:0 есебімен Марокконы тізе бүктірсе, осы топтағы Испания Ираннан дәл осы есеппен басым түсті. «А» тобындағы Суарестей сұрмергені бар Уругвай да Сауд Арабиясын 1 : 0-мен жеңді. «С» тобынан Австралия Даниямен тең түсті (1 : 1), Франция Преуді бір-ақ доп айырмашылығымен жеңді (1 : 0).

Алдағы демалыста жанкүйерлерді өте тартысты бірнеше кездесулер күтіп тұр. Олар: Бразилия – Коста – Рика, Нигерия – Исландия, Сербия – Швейцария, Бельгия – Тунис, Оңтүстік Корея – Мексика, Германия – Швеция, Англия – Панама, Жапония – Сенегал және Польша – Колумбия матчтары. Бұл жан алып, жан берісер «шайқастардың» қай-қайсысында, өрнекті ойын өрістеп, көрермен қауымның айызы қанса дейміз.

Жамал  ҒАЛИ    


Даңқты диқан Оралда оқыған екен

Күні: , 21 рет оқылды

Осы  аптаның басында Ақтөбе және Павлодар облыстарының тарихи-өлкетану музейлерінің көрмесі ашылған болатын.

Көрермен қауым облыстық Батыс  Қазақстан облыстық  тарихи-өлкетану музейінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аталмыш қос өңірдің тарихи жәдігерлерімен танысты. Ертістің бойынан жүк артып келген географ-этнограф Григорий Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінің көрмесі екі бөлімнен жасақталған екен. Біріншісінде «Тамыры терең туған жер» атты көрмеде сол өңірдің шежіресінен сыр шертетін музей қорындағы көне жәдігерлер, фотосуреттер мен ағаш, киіз және тері- терсектен жасалған туындылар қойылған. Ал екінші бөлігінде ұлы тұлғалар тұтынған заттар мен Кереку өңіріне танымал фотосуретші, өлкетанушы Дмитрий Багаевтың шығармалары көпшілік назарына ұсынылды.

«Ақтөбе жері — қаһармандық дастаны» атты Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің қоры да өзіндік ерекшелігімен айшықталды. Арынғазы хан мен Есет батыр Көкіұлының сауыты, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова туралы деректер, атақты тарышы, 1943 жылы  тарының  әр  гектарынан  201 центнерден өнім алып, әлемдік  рекорд жасаған Шығанақ Берсиев пен халық ақыны Нұрпейіс Байғаниннің жеке заттарын тамашалағандардың  қатары қалың  болды. Айтпақшы, уикипедиялық  мәліметтерге  қарағанда, 1881 жылы Ақтөбе облысының Ойыл  ауданына  қарасты    Ащыойыл ауылында жарық  дүниеге көрінген  даңқты  диқан Шығанақ  Берсиев  жеті  жасында  Орал  қаласындағы  екі жылдық мектепке  түсіп, оны  бітіргесін Көкжар жәрмеңкесіндегі шайханада  есепші (учетчик)  болып  еңбек  жолын  бастаған екен.

Оралдың төріндегі музейге келушілер танымал суретші- иллюстратор Аңсаған Мұстафаның сурет көрмесін де тамашалады. Үшбу  көрмеге он бес жасынан бастап суретшілік қарым-қабілетімен танылып жүрген өнер иесінің 44 суреті ілінген. Екі-ақ түспен салынған суреттер қазіргі қоғамға тән өзекті мәселелерді бейнелейді. Суретші А. Мұстафаның көрмесін оралдықтар мен қала қонақтары екі апта бойы тамашалай алады. Музейдегі көрме кешкісін «Рух дауысы» атты шараға жалғасты. Бұл шара аясында ұлттық салт-дәстүрлерді бейнелейтін көріністер, қолөнершілер жәрмеңкесі, сән көрсетілімі және мерекелік концерт ұйымдастырылды. «Музей түніне» жиналған жұртшылықтың да қарасы қалың болды.

— Бұрыннан да Оралдың тарихи шаһар екендігін естіп жүргенбіз. Кең  байтақ  Қазақстанның  өзге  өңірлерінен  келген  отандастарымызға тарихи ғимараттарға толы Ақ Жайық өңірі әдемі әсер қалдыратындығына сенімдімін. Біздің Кереку өңірі де атақты кинорежиссер Шәкен Айманов, ғалым-геолог Қаныш Сәтбаев, ғылыми этнография мектебінің негізін қалаушы ғалым Әлкей Марғұлан сынды ұлы тұлғаларымен танымал. Елуден аса жәдігерлерімізді оралдықтардың назарына ұсындық. Жайық қалашығы сияқты тарихи орындармен таныстық. Оралдағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің көне жәдігерлерге бай екендігі және мұндағы музей қызметкерлерінің өз істеріне  деген шынайы  ынта-ықыласы бізді тәнті  қылды, — дейді Павлодар облыстық Г. Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі Шолпан Әбікешева.

Темірболат  ӘНУАРҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


Ескерту: өрт қаупі күшейді

Күні: , 43 рет оқылды

Батыс Қазақстан облысында өрт қаупінің күшейгені жөнінде ескерту жарияланды.

«Қазгидромет» РМК-ның мәліметіне сәйкес 21 маусымнан бастап Орал қаласында, Қазталов, Теректі, Зеленов және Жәнібек аудандарында ІV дәрежелі өрт қаупі күтіледі.

Мұндай жағдайда өрт шағын от көздерінен шығып, тез жайылады.

Сонымен қатар Қаратөбе, Бөрлі, Ақжайық, Сырым, Бөкей ордасы аудандарында V дәрежелі өрт қаупі орнатылады. Мұндайда өрт кез келген от көздері мен жоғары температураның әсерінен пайда болып, өте қарқынды жанады.

Облыс аумағында ауа райының жауын-шашынсын болуына әрі күннің ысуына байланысты өрт қаупі күшейіп отыр.

Осыған байланысты БҚО ТЖ департаменті төтенше жағдайларға жол бермеу мақсатында тиісті шараларды алуда.

Департаменттен түскен дерекке қарағанда, өңірде табиғи өрттердің алдын алу және сөндіру бағытында 150 ерікті өртке қарсы құрылым (2966 адам) жұмыс жасайды. Олар 9 автоцистерна, 448 басқа бейімделген техника, 1701 аспалы өрт сөндіру құралы және 105 мотопомпамен қамтылған. Оған қоса жергілікті атқарушы органдардың күш-құралдары дайын.

Айта кетейік, өткен жылы өңірде дала өрті жиі орын алып, соның салдарынан екі адам қаза тапқан болатын.

Арман БОЛАТҰЛЫ


Алкоголизмге шалдыққан аурулардың психологиялық ерекшеліктері

Күні: , 14 рет оқылды

Маскүнемдік (алкоголизм) — спиртті ішімдіктерге салынушылық. Бұл адамның денсаулығына, тұрмысына, еңбек қабілетіне және қоғам өміріне зиян келтіретіні бәрімізге белгілі. Арақ-шараптан адамға келетін зиянды есептеп шығарудың өзі қиын. Араққа үйір адамның өзі ғана емес, отбасы да бақытсыз болады. Қызметте абыройсыз, ағайынға, көрші-қолаңға беделсіз болатыны анық. Алкоголь «нерв уы» деп бекер айтылмаған. Ішкілік организмнің қуыс-қуысына өте тез жайылады да, содан соң орталық нерв жүйесін улап, оның қоректену процесін бұзады. Маскүнемдік мінез-құлықты бұзумен қоса, қылмысқа да итермелейді. Араққұмарлар отбасының, жақындарының  берекесін кетіреді. Мас адам бағыт-бағдарынан айырылады, тәлтіректеп жүре алмайды, соның салдарынан бақытсыз жағдайға ұшырайды, жұмыс қабілетінен айырылады.

Алкоголь кез келген тұлғаға бірдей әсер етеді. Пихологияда бөлінетін 4 типаждың (меланхолик, сангвиник, холерик және флегматик), сауаты жоғары не сауатсыз, дарынды адамдардың  кез келгені шалдығуы мүмкін, яғни  қандай да бір белгілі типаж шалдығады деген қате ұғым.

Ішкіш адамдарға тән психологиялық ерекшеліктерге тоқтала кетейік:

  1. Өз ауруын қабылдамау немесе теріске шығару.

Медицинада анозогнозия  деген ұғым бар, яғни өз ауруын теріске шығару. Науқас өз ауруын қабылдамайды, ақыл айтқан жанашырларға және дәрігерлерге алкогольмен мәселе жоқ деп қайталай береді. Мұндай жағдайда науқас алкоголизммен қоса анозогнозияғашалдыққан.

  1. Эгоцентризм.

Ішкіш адам кейде ерке бала секілді мінез көрсетеді. Жақындарының ақылын тыңдағысы келмейді, оны ешкім түсінбейтінін айтады. Кез келген жайсыздықты жек көреді және оның барлығын стақан көмегімен шешуге тырысады.

  1. Жауапсыздық және екіжүзділік.

Атақты психолог-жазушы Сомерсет Моэм айтқандай жауапсыздық ішкіш адамдардың бәріне тән мінез. Кеше ғана ішімдік ішпеймін деп сөз берген адам, бүгін басқаша сөйлеуі мүмкін. Алкоголь тұтынатын адамның эмоционалды ерік аумағында қарама — қарсы «Дені сау» және «Наркоман»атты екі күш пайда болады: біреуі оны ішуге итермелеп, екіншісі «Ішпе!» деп тоқтатып отырады.

  1. Салғырттық (селқостық).

Ішкіш адам ағыммен өмір сүре береді, алға ұмтылу, мақсат қою дегенді ұмытады. Алкоголь тұтынатын адамдардың ең қате пікірі — арақ-шарапты  кез келген уақытта тастай алатыны.

Маскүнемдіктен сақтандыру, оның алдын алу мәселесі бұл күндері кімді болса да бейқам қалдыра алмайды. Өйткені алкоголизм мен маскүнемдіктің артында жеке адам, отбасы тағдыры тұр. Физикалық тұрғыда ішкіш адам жанында адамдар болса да, психологиялық тұрғыда науқас жалғызсырайды. Жақын адамдармен ымыраға келіп, оларды тыңдау жәнетүсіну – алкоголизмнен құтылудың алғашқы қадамдарының бірі.

Теректі аудандық ауруханасы

психологы Бекболатова М.С.


Ұлттық киім отаншылдыққа үндейді

Күні: , 22 рет оқылды

«Мария  ханым»  сән  үйі  қазақтың  тарихымен,  мәдениетімен байланыстырып,  жаңаша  үлгідегі қайталанбас  мәнерде  киім  ұсынып келеді.  Жиырма  шақты  жылдан бері  киім  тігумен  айналысып  келе жатқан  бұл  сән  үйінде  дизайнерлер,  конструкторлар,  киім пішушілер,  тігіншілер  мен  кесте тігушілер  бар.

— Біз әлі күнге дейін қазақтың ұлттық ою-өрнектерінің әр түрлілігі мен әдемілігіне таңғалумен келеміз. Ұлттық өрнектердің көптеген техникасы  мен мазмұны бар. Тіпті ертеректегі ою-өрнекті алғаш шыққан күйінде қолдансақ та, олар өздерінің маңыздылығын жойған емес. Ою-өрнектер өздерінің әр түрлілігімен ғана қызық емес, сондай-ақ бір суреттің өзін түрлі техникамен, түстердің гаммасымен де пайдалануға болады. Ұлттық, этникалық киімдер осынысымен де қызық. Бүгінде жастарды отаншылдыққа тәрбиелеу өзекті болып  отыр. Ұлттық нақыштағы киімдерді заманауи сұранысқа сай  етіп тігу арқылы ұлттық рухты оятамыз деп білемін.

«ЭКСПО – 2017» көрмесінде біз этностильдің көптеген топтамасын көрсеттік. Ондағы киімдер табиғи материалдардан тігілді, – дейді сән үйінің  директоры Жұлдыз   Құспанова  (жоғарғы  суретте).

Мұнда  бір костюмді тігуге орта  есеппен бір айдан астам уақыт кетеді екен. Оны тігуге аз дегенде 5-6 адам  атсалысады. Шеберлер түрлі тарихи үлгілерді пайдаланады. Олардың қатарында тенгриандық өрнектер, петроглифтер, ежелгі символдар, бір стильдегі ою-өрнек те бар. Сондай-ақ киім тігерде тапсырыс берушілердің кескінкелбетіне, қалауына да қарайды.

–  Шетелдерде қазақстандық этникалық киімдерді сүйсіне қабылдайды. Мәселен, Біріккен араб әмірлігінде біздің киімдерді әйелдер жағы жақсы көреді. Олар киімдерімізді көркемдік жағынан алып қарағанда, кестелеріне алтын және күміс жіптерді пайдаланатын марокколық этникалық киімдерден де жоғары бағалайды. Негізінде табиғи матаның өзі этникалық бояу беріп, ұлттық стильді танытып тұрады. Екінші жағынан, біз өзіміздің киімдерімізге теріні тітіркендірмеуі, киімнің қыртыстанбауы және кигенде ыңғайлы болуы үшін қазіргі заманғы материалдарды да пайдаланамыз. Алайда бүгінде елімізде маталар нарығында, оларға қол жеткізуде қиындықтар бар. Біз барлық әлемдік мата өндіруші фабрикалармен байланыста болғымыз келеді. Егер де біз матаны шетелден әкелетін болсақ, салынатын салық пен кедендік төлемдерді есептегенде, бағасы бірнеше есе қымбатқа шығады. Сондықтан да адамдарға дайын киімді сатып алған тиімді. Шындығында, тігу қашанда эксклюзив болып саналады. Тағы бір қиындық тұтынушылардың төлем қабілеттігіне байланысты дер едім. Себебі, қалаған киімнің бағасы тұтынушының жалақысымен бірдей болуы мүмкін. Сондықтан да шамасы келгендер киімді шетелден сатып алады. Өйткені шетелде шикізатты өздері өндіреді. Алайда біз еліміздегі мұндай қиындықтарға қарамастан, қол жұмысының өнімдерін көпшілікке таратып, қазақстандық этникалық стильді тартымды, ең бастысы, қолжетімді етіп жасауға тырысамыз. Қазақ халқында «Инемен құдық қазғандай»  деген сөз бар ғой. Тігін тігу бизнесі де сондай, жақсы нәтижеге жету үшін үлкен еңбекті қажет етеді. Әрі бұл жұмыс рухани байлық,  шығармашылық  шабыт  сыйлайды, –  дейді  сәнгер.

Жұлдыз Құспанова ұлттық нақышта тігілген киімдерді  жастардың  кигенін қалайды. Ұлттық киімді насихаттау арқылы жас ұрпақтың тарихымызға, қазақ халқына тән салт-санаға, әдет-ғұрыпқа деген құрмет сезімін оятуды көздейді. Бүгінде «Мария ханым» сән үйінде  әмиян, шағын сөмкелер, қоржын секілді кәдесыйлар да тігіледі. Жыл сайын бұл сән үйі тауар өндірушілердің «Алтын сапа» көрмесіне қатысып келді. Бұл олардың көпшілікке кеңінен танылуына мүмкіндік  береді.

Галина   САМОЙЛОВА


Табиғат пен тарих терең зерттеуді қажет етеді

Күні: , 35 рет оқылды

«Рухани  жаңғыру»  бағдарламасы  аясында  Жәңгір  хан  атындағы  БҚАТУ  ұйымдастырған  «Индер  –  Орал  өңірінің  келешек  геопаркі»  атты  экспедициясы  мәреге  жетті.

Аталмыш университеттің 55 жылдығына орайластырылған жорыққа Ресейден арнайы шақыртылған палеонтолог, РҒА жанындағы палеонтологиялық қоғамы Ульянов бөлімшесінің төрағасы Владимир Ефимов, РҒА  Еділ бассейні экологиясы институтының герпетология және токсинология  зертханасының аға ғылыми қызметкері Андрей Бакиев және зоолог, «Самара зоологиялық саябағы» мекемесі директорының зооветеринарлық  бағыты  бойынша орынбасары Александр Кузовенко қатысты. Сондай-ақ Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың биотехнология және табиғатты пайдалану ғылыми-зерттеу институтының директоры, география ғылымдарының қандидаты,  «QazaqGeography» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі, қауымдастырылған профессор Қажымұрат Ахмеденов пен тарих ғылымдарының кандидаты Есқайрат Хайдаров және аталмыш білім ордасының  магистранттары болды.

Орал қаласынан аттанған экспедиция алдымен Тасқала ауданына барды. Делегацияны аудан әкімінің орынбасары Люция Жұбанышқалиева қарсылап,  Тасқала ауылының кіреберісінде орналасқан «Ана мен бала» монументін таныстырды. Бұл өлкеде Отан үшін от кешкен Садық Жақсығұлов, Анатолий Скоробогатов, Алексей Чурилин секілді Кеңес Одағының Батырлары, жауынгерлік Даңқ орденінің толық иегері Михаил Шамов дүниеге келген.

Ерлікке тағзым еткен делегация мүшелері сапарын Тасқала ауылынан 12 шақырым жерде орналасқан Үлкен Ешкітауда жалғастырды.

Бұл аймақтағы өсімдіктерді соңғы жылдары М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың  профессоры, танымал ботаник Талшын Дарбаева мен оның шәкірттері жүйелі зерттеуде. Олардың мәліметінше, биіктігі 259 метр болатын бұл тауда өсімдіктің 219 түрі өседі екен.

Мұнда сирек кездесетін және жойылып бара жатқан өсімдіктер де бар. Үлкен Ешкітау туралы алғашқы деректі бұл жерге 1769 жылы Санкт-Петербург қаласынан арнайы келген академик Петр Паллас жазған. Ауыл ақсақалы Ғалым Хисаметдиновтың айтуынша, бұрын осы жерде дала ешкілері көп жайылған екен. Таудың атауы да соған байланысты қойылған.

Мұнда соңғы төрт-бес жылда құрғақшылық орнап, таудың басындағы өсімдіктер қурап, бұлақ көзі бітеле бастаған. 2002 жылдан бастап Үлкен Ешкітау мемлекеттік табиғат ескерткіші санатына кіргізіліп, республика бойынша  қорғауға  алынған.

Люция Жұбанышқалиеваның сөзіне қарағанда, өткен айда аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың ұйымдастыруымен тау аумағынан 300 келідей балшық пен 40 текше метр қураған ағаш шығарылған. Қураған ағаштар ауылдағы аз қамтылған отбасыларға отын ретінде үлестірілген. Сондай-ақ бұлақ көзі аршылып, айналасына бір тонна көлемінде қиыршық тас төселген.

Таудың ұшар шыңына шыққан сала мамандары зерттеу жұмыстарын жүргізді. Ресейлік ғалым, палеонтолог Владимир Ефимов бастаған топ таудағы тастарды бағамдаса, герпетолог Андрей Бакиев жылан іздерін аңди бастады. Ал Астрахан мемлекеттік университетінің магистранты, орнитолог Михаил Шпигельман Ешкітаудың орман алқабындағы құстарын суретке түсірді. Географ Қажымұрат Ахмеденов шәкірттерімен бірге тау етегіндегі көктеректі орман шоғын және бұлақты  зерттеуге  кірісті.

Ресейлік ғалымдарды Ешкітаудың ұшар басындағы шілік ағашына байланған шүберектер мен орамалдар таңқалдырды.

– Ешкітауды ауыл тұрғындары қасиетті орындар қатарына жатқызады. Таудың баурайындағы тоғайдан асып, таудың шыңына көтерілген кезде адамның өзіне деген сенімі артып, бойында күш-жігері артатын көрінеді. Әсіресе, таудың шыңына шығып, тілек тілеп, шүберек байласа, арман-мақсаттарының орындалатынына сенеді. Мұнда перзентті болмай жүрген жас отбасылар көп келеді, – деді аудан әкімінің орынбасары  Люция  Әсетқызы.

Келесі күні  БҚАТУ-дың  тарих және әлеуметтік пәндер кафедрасының аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Есқайрат Хайдаров бастаған топ Тасқала ауданының бірқатар ауылдарына барып, көне қорымдары мен тарихи орындарды аралады. Тарихшыларға  жолсерік болған ауыл ақсақалы Ғалым Хисаметдинов Тасқала ауданының Ақтау ауылының маңындағы бұлаққа алып барды. Бұлақтың суы мөлдір, дәмі тіл үйіретіндей екен. Айта кетерлігі, университет ғалымдары Ешкітау басындағы және Ақтау ауылы маңындағы бұлақтардың суын бірнеше жыл бойы зерттеуде. Зерттеу нәтижесі бойынша су таза және ішуге жарамды.

Содан соң Тасқала ауданының I Шежін ауылының оңтүстік-шығысында 7-8 шақырым жерде орналасқан көне қорымдарды аралап, болашақта зерттеу жұмысын жүргізу үшін суретке  түсірді.

– 2004 жылы бұл обаларды зерттеуге Ә. Марғұлан атындағы археология институтының ғалымдары келді. Қолдарындағы арнайы жол карталарында Шежін ауылы көрсетілген. Сонда олар бұл  жерде үлкен жеті оба бар екенін айтты. Обаларда сол кезде марқұм болған адамдардың құралсаймандары, ыдыс-аяқтары, ат әбзелдері мен жалшылары көмілген екен. Алайда, обалардың алтауы суық қолдың құрбаны болып тоналған. Қалған бір обаны олар  2020 жылы келіп зерттейтінін  айтты,  –  деді  Ғалым  Ғайниұлы.

Көне қорымдардағы жазуларға үңілген тарихшы Есқайрат Ерболатұлы мұндағы құлпытастардың  XVIII-XIX ғасырларға тән екенін жеткізді.

Зерттеуші ғалымдар екі күн бойы Тасқала ауданындағы мәдени-тарихи ескерткіштерді аралап, экологиялық, ботаникалық, зоологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізді.

Содан соң экспедицияның негізгі бағыты бойынша Атырау облысының Индер ауданына аттанды.

Дендер тауы, Дендер тұзды көлі, Дендер бекінісі. Бұл атаулар XV-XIX ғасырларда өмір сүрген ақын-жыраулардың бізге жеткен шығармаларынан белгілі.  Еділ бойында туған қарға бойлы Қазтуған жырау «Мен кеткенмін, кеткенмін, Нарын менен Дендерден, Сағыз бенен Жемдерден» десе, Жиембет жырау Есім ханның қудалауы бойынша елмен қоштасқандағы «Қол аяғым бұғауда…» жырында «Қияда қолды көрсеткен, Төбеңе шығар күн бар ма, Жотасы биік Дендерім?!» дегені бар. Экспедиция мүшелері өткен ғасырлардағы елдің мұңын жоқтаған сол жыраулардың басып өткен  ізімен  Индер ауданына барды.

Индердің орнына жергілікті тұрғындар арасында Дендер атауы да кеңінен таралған. Дендер қалмақ, моңғол тілдерінің «төбе, биіктік, қарауылтөбе» сөзінен шыққан екен. Бұл аудан  Атырау облысының солтүстігінде, Каспий маңы ойпатының орта тұсында, Жайық өзенінің екі жағалауын бойлай орналасқан.  Шығысы мен оңтүстігінде Атыраудың Қызылқоға, Махамбет аудандарымен, батысы мен солтүстігінде біздің облыстың Жаңақала, Ақжайық аудандарымен шектеседі. Ауданның жер көлемі 1 087 596 га. Ауданды екіге бөліп жатырған Жайық өзенінің батыс жағы негізінен жазық құмды шөл болса, ал шығыс жағы үстіртті. Орталығы – Индербор кенті. Құрамында бір кент, алты ауыл, 18 елді мекен  бар. Округ аймағы тұщы суға тапшы аймақтардың қатарына жатады. Жалпы, Атырау облысында екі мыңнан астам көл болса, соның ішіндегі ірілерінің бірі Индер  тұзды  көлі  екен.

Бұл көл Жайық өзенінің сол жағында Индербор кентінен 15 шақырымдай жерде орналасқан. Тұзды көлдің ауданы 110 шаршы шақырым болса, ұзындығы 13,5, ені 11 шақырымды, тереңдігі 0,7 метрді құрайды. Көлге жылына 1,5 тоннаға дейін тұз шөгеді екен. Индер көлінің шөгінді тұзы – табиғи тұздардың ішіндегі ең бағалысы. Құрамында бор, бром, йод секілді микроэлементтердің көп болуына байланысты бұл тұздың консервілеуші қасиеті де өте жоғары. Тұзды көлдің жағалауында үш ірі бұлақ бар, олар Тілепбұлақ, Ащытұзбұлақ және Тұздыбұлақ. Жергілікті тұрғындар осы жердің қара балшығына, тұзды суына түсіп, тау арасынан шығып жатқан күкіртті суға жуынып, ауру-сырқауларынан, әсіресе, тері ауруларынан емделеді екен. Сонымен қоса бұл маңда  «Қыз әулие» деп аталатын қорым да бар.

Күні бүгінге дейін жергілікті тұрғындар ол жерге тәу етіп, қорым басына түнеп келген. Ауыл ақсақалдарының айтуынша, «Қыз әулие» туралы бірнеше нұсқа айтылады. Тұзды көл сүйгеніне қосыла алмай, арманда кеткен көріпкел қыздың көз жасынан пайда болған деген де аңыз бар. Келесі нұсқасында мұнда  Қаламқас атты көріпкел қыз жерленіпті. Қариялардың айтуынша, ерте заманда алты құлаш шұбар ат мінген Мәлім қожа қажылыққа барған. Арафат тауын аралап, енді жаяу қайтқалы тұрғанда, бейтаныс жігіт жолығып «Мені бірге ала кетіңізші» дейді. Мәлім қожа «Қарағым, мен сені танымаймын, әрі айтқан шартымды орындайтыныңа сенбеймін» дейді. Сонда ол «Барлық шартыңызды орындаймын. Тек еліме жеткізсеңіз болды» деп өтінеді. Мәлім қожа Шұбар атының қасына келіп: «Осы атқа мінген соң екі көзіңді тас қып жұмасың, мен аш деп айтқанша ашпайсың. Өздігіңнен ашып қойсаң, екеуміз де құримыз», – дейді. Бұл шартқа бейтаныс жігіт көнеді. Сөйтіп екеуі атқа отырған соң Мәлім қожа: «Ал, қарағым, көзіңді жұм» дейді. Сөйтіп Мәлім «Әйт шу, жануар!» дегенде шұбар ат көкке көтеріліп ұшады. Алдарынан жел гулейді. Бейтаныс жігіт «Бұл қалай? Біз шұбар атпен шауып келе жатқан сияқты емес,  ұшып келе жатқан сияқтымыз, қызық екен» деп таң-тамаша ойға қалады. Бұл қызықты көзімен көргісі келген ол көзін ашып жібереді. Сол бойда-ақ қанатын жазып келе жатырған шұбар ат оқ тигендей құлдилап барып жерге құлайды. Бейтаныс жігіт пен шұбар ат бірден өліп кетеді. Ал Мәлім қожаның жаны қиналып жатады. Осы кезде бұлардың құлап келе жатқанын көрген сол жердің тұрғындары қаумалап жиналып қалады. Мәлім қожа қиналып жатса да, өзін таныстырып барлық болған жағдайды айтып береді де, көзін мәңгілікке жұмады. Олар сол құлаған жеріне, тұзды көлдің жағасына қойылады. Кейін беріш руының бір адамы Қаламқас есімді кішкене қызын алып келіп, Мәлім қожаның бейітіне дұға етіп, түнейді. Сол қыз өсе келе ауырған адамды өзі тауып емдейтін болған. Дендер тауының 41 санды ала тасын шашып жіберіп сөйлегенде, тас аштырушының барлық құпия сырын көзімен көріп, бірге жүргендей айтып беретін болған. Сөйтіп ел оны «Қыз әулие» атаған. Қаламқас тұрмысқа шықпастан  өмірден озған. Қыздың өтініші бойынша бейіті Мәлім қожаның  жанына  қойылған  екен.

Экспедиция мүшелері тұзды көл аймағында зерттеу жұмыстарын жүргізіп, өлкенің тарихына, географиясына қанығу үшін аудандық тарихи-өлкетану музейіне барды.

Музейде аудан тарихының деректері, қазақ халқының даңқты ұлы Махамбет Өтемісұлының,  ақын, жырау Мұрат Мөңкеұлының, діни ғұлама Әйіп қажы Бекенұлының экспозициялық көрмелері, сондай-ақ мамонт, бизон  сүйектері және халқымыздың ұлттық киімдері мен қолөнер бұйымдары бар. Мұнда  5000-нан  астам  жәдігер  сақталған.

Жорық барысында зерттеуші ғалымдар Ақжайық ауданынан арнайы іздеп келген  аудандық балалар-жасөспірімдер туризм орталығының жас экологтарымен кездесіп, оларға туған жерді зерттеудің  маңыздылығын  түсіндірді.

Кеш батуға айналған шақта палеонтолог Владимир Ефимов  қазба жұмыстарының нәтижесінде Индербордағы тұзды көл маңынан лабиринтодонттың сүйектерін тапқанын айтып, сүйіншілеп оралды. Біз де әлгі жыртқыш жануардың сүйегін ұстап көрдік. Қолтырауынның сүйегі секілді екен. Дәл тауыппыз. Триас дәуіріндегі жануарлардың энциклопедиялық  кітабын ашып қараған Владимир Михайлович  аталмыш жануарды лабиринтодонт, яғни сыртқы пішіні қолтырауынға ұқсас жыртқыш су жануарының  қабырғалары мен жақ сүйегі екенін айтты.

Лабиринтодонттар – қос мекенділер отрядына жататын триас дәуірінде тіршілік еткен жыртқыш жануарлар. Дене тұрқы 5 метр шамасында болған. Олардың  көпшілігі өзен-көлде, кейбірі құрлықта өмір сүрген. 30 тұқымдасқа бірігетін 100-ден астам туысы болған. Осыған дейін Еуропа, Азия, Солтүстік Америкада жоғарғы палеозой мен триас шөгінділерінен табылған.

– 1968 жылы ұстазым Виталий Очев осы аймақта зерттеу жұмысын жүргізгенде, лабиринтодонттың сүйектерін тапқан еді. Бір қызығы, біз де осы сапарымызда олжалы болып, тұзды көл маңынан триастық өзгеріске ұшыраған аумақтан лабиринтодонттың қабырғалары мен жақ сүйектерін таптық. Болашақта оны зерттейтін боламыз. Жалпы, палеонтология ғылымы біздің заманымызға дейін болған өмірді, яғни тасқа айналған жан-жануарды, өсімдіктерді, жәндіктерді зерттейді. Мен былтырдан бері Батыс Қазақстан облысына келіп, зерттеу жұмыстарын жүргізіп келемін. Өйткені 2016 жылы Батыс  Қазақстан облыстық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының жас зерттеушілері  Зеленов ауданының  Краснов ауылдық округі аумағынан мезозой дәуіріне жататын ихтиозаврдың қаңқасын тапқан болатын. Зерттеу барысында бұл ихтиозаврдың жаңа түрі екені анықталды.  Тіпті бұл түрін ресейлік ғалымдар түгілі, әлемдік ғалымдар  да зерттеп сипаттамаған. Бұл қаңқа   қазақ елінде мезозой дәуіріне жататын ихтиозавр секілді өзге де жануарлардың табылатынын  дәлелдеп отыр. Сол ихтиозаврды «Қазақстанзавр», яғни «Қазақстаннан табылған завр» деп атадық. Ал бұл сапар барысында кең байтақ Қазақстанда зерттеу жұмыстарын қажет ететін орындар әлі де көп екеніне куә  болдық.  Индер тұзды көл аумағы бірнеше ғасыр өтсе де, өзгеріске ұшырамай сақталады деп ойлаймын. Өйткені судағы тұздың қоры өте мол. Жалпы патриоттық тәрбиені дамытудағы қазақстандықтардың бұл бағыттағы бастамалары  көпке үлгі деп айтар едім, – деді Владимир  Михайлович.

Экспедиция жұмысы Бөкей ордасы ауданындағы Аралсор көлі мен Қайыңды орманында жалғасты. Делегацияны аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева қарсылап, Бөкей ордасы ауданында зерттеулер жүргізуге қолдау  көрсетті.

Аралсор маңына екі түн түнеген соң делегация мүшелері Орда ауылындағы Хан зиратына тағзым етіп, ауыл маңындағы қорымдарды суретке түсірді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауылдағы жастармен кездесіп, Орда орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің жұмысымен танысты. Сондай-ақ «Жасыл ел» еңбек жасағының ашылу салтанатына қатысты. Ғалымдар екі  күн бойы Орда қарағай орманының қазіргі экологиялық жағдайын бағалап, оның жануарлар дүниесін зерттеді.

Экспедицияның басы-қасында жүрген Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың биотехнология және табиғат пайдалану ғылыми-зерттеу институтының директоры, география ғылымдарының кандидаты Қажымұрат Ахмеденовтің айтуынша, экспедицияда тапқан олжа аз емес. Олардың ішінде Тасқала ауданындағы Үлкен Ешкітауға алғаш рет табылған қара грифтердің, яғни тазқара құсының ұшып келгендері тіркеліп отыр.  Тазқара – қаршыға тұқымдас ең үлкен жыртқыш құстың түрі, қанатын жайғанда үш метрге дейін жетеді. Негізінен бұл құс түрі оңтүстік таулы аймақтарды мекендейтін құс. Содан кейін лабиринтодонттың сүйектерін айтуға болады. Оның бұдан 300 млн. жыл бұрын мекендегенін дәлелдейді. Үшінші олжа ол – Бөкей ордасы ауданының Хан ордасы ауылының маңынан табылған сарыбауыр қарашұбар жылан. Бұл жыланның тіршілігі аз зерттелген, сирек кездеседі. Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. Ол улы емес, ұзындығы 1,5 метрге, қалындығы  5 см-ге  дейін  жетеді.

Он күнге созылған экспедиция барысында ғалымдар Жайық бойының табиғаты мен тарихын зерттеуде аз еңбектенген жоқ.

Соған орай болашақта бұл бағытта  ғылыми зерттеу мақалалары мен монографиялар, бейнефильмдер жарияланып, фотокөрме ұйымдастырылмақ.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»


Бір дерегін білсем деймін

Күні: , 404 рет оқылды

Менің әкем Малай Ержігітов 1928 жылы дүниеге келген. Әкемнің ағасы Төлепберген Бисенғалиев 1923 жылы дүниеге келіп, 1942 жылы соғысқа алынып, 1943 жылдың қазан айында хабарсыз кеткен.

Ағамыз соғыста жүрген кезде үйдегі Сәлима есімді апамызға хат жазып тұрған. Сол хаттар әлі күнге дейін сақталған. Майданнан келген соңғы хатқа Украина елі, Харьков облысы, Чучуев ауданы, Чкалов поселкелік кеңесінің мөрі  соғылған. Сол хаттан кейін хабар-ошар болмады. Артынан қара қағаз да келген жоқ. Әкем 1974 жылы өмірден өткенше ағасын іздеумен болды. Бармаған жері, баспаған тауы қалмады. Өмірден өтер шағында әкем өз бауырының жерленген жерін тауып, туған жерден бір уыс топырақ пен Құран кітап апаруымды маған тапсырған  болатын.

Соңғы жылдары әкемнің ағасы секілді соғыста із-түзсіз жоғалғандардың бір деректері табылып жатқандығын көріп, оқып отырамын. Сол игі істермен айналысып жүрген жандар менің ағам туралы да бір дерек тауып берсе екен деймін. Бір дерегі болып жатса, Орал қаласы, Әбілқайыр хан көшесі, №11 мекенжайға немесе 87051261522, 8775121 9567 ұялы телефонына  хабарласуы  сұралады.

Қайрат   ЕРЖІГІТОВ,

Орал   қаласы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика