Мұрағат: 25.05.2018


Білімнің дәуірі, білімдінің заманы

Күні: , 1 355 рет оқылды

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында бәсекеге қабілеттілікте назардан тыс қалмаған. Негізі бәсекеге қабілеттілік – білімнен. Демек әлемнің ең іргелі 30 мемлекетінің қатарынан көрінуді мақсат тұтқан қазақстандықтардың ең басты капиталы – білім болуы шарт. Студент жастардың білім-білігін жетілдіретін озық тәсілдің бірі – академиялық ұтқырлық. Осы жүйе біздің Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде жақсы жолға қойылған. Нақтырақ айтар болсақ, Уфа шаһарындағы М. Ақмолла атындағы Башқұрт мемлекеттік педагогикалық университеті, Пермь мемлекеттік ғылыми зерттеу университеті, Қалмақ мемлекеттік университеті, Орынбор мемлекеттік педагогикалық университеті, Ульяновск мемлекеттік университеті секілді Ресей Федерациясындағы бірқатар іргелі жоғары оқу орындарымен, сонымен қатар Германияның Отто фон Герике атындағы, Польшаның ұлы Казимир атындағы университеттерімен және АҚШ-тың Миссисипи университетімен біраз жылдан бері екіжақты тиімді тұрақты қарым-қатынаста. Бұған қоса, өткен сәуір айының соңында БҚМУ-дың басшылығы Италияның Неаполь Шығыс университеті ректоратымен білім беру мен академиялық әріптестік бағытындағы меморандумға қол қойды. Жалпы, 85 жылдан астам тарихы бар біздің университет алысты-жақынды шетелдердің 100-ге жуық білім ордаларымен академиялық ұтқырлық бойынша ынтымақтастық туралы келісімшарт жасасқан. Бұл БҚМУ-да білім алатын жастарға, сондай-ақ оқытушылар мен ғалымдарға дүниежүзілік деңгейдегі ілім-білім әлемінің есігі кеңінен ашылды деген сөз. Міне, осындай игілікті өзім қызмет істейтін жаратылыстану-география факультетінің студенттері де көруде.

Мысалы, тек ағымдағы 2017-2018 оқу жылы Пермь мемлекеттік университетінен география мамандығы бо-йынша төрт студент келсе, біздің үш студент Ресейдің аталмыш университетінен, ал төрт студентіміз Ульяновск мемлекеттік педагогикалық университетінен білім алып қайтты. Ал жақында Пермь ұлттық мемлекеттік университетіне білім-білігін жетілдіру ниетімен 10 магистрант аттанбақ. Ал Елбасының өзі ұйытқы болған «Серпін» бағдарламасына сәйкес біздің факультетте география мамандығы бойынша еліміздің Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облыстарынан келген 25 студент білім алуда.

Рухани жаңғырудың күретамыр бір бағыты – кең байтақ Қазақстанның географиялық-экологиялық ерекшелігін толыққанды танып-білу. Бұл тұрғыда біздің география кафедрасының мән-маңызы ерекше. Студент жастар туған еліміз бен жерімізді географиялық тұрғыдан тани түсу үшін біздің кафедра аясында біраз жылдан бері «Геология және өлкетану» үйірмесі жұмыс істейді. Кафедра оқытушылары А. Тұрғымбаев пен Г. Қайырлиеваның өлкетанушылық мазмұндағы оқулықтарына географиялық бағыттағы білім-ғылымға ден қойған жастардың ықыласы ерекше. Туған өлкемізді барынша тани түсу мақсатында компьютерлік технологияны жетік меңгерген «География» кафедрасының аға оқытушысы Д. Есқалиев «Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарының өнеркәсіптік кластері» деген тақырыпта атлас карта жасақтады. Осы әріптесіміздің жетекшілігімен төртінші курстың қос студенті Еуразия, Африка, Солтүстік және Оңтүстік Америка, Аустралия, Антарктида құрлықтарының физикалық картасын қазақшаға аударып, студенттердің күнделікті сабақ барысындағы қолданысына және ғылыми айналысқа  енгізді.

Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты еңбегінде «туған ел, туған жер» тақырыбына ерекше екпін түсіріп, айрықша мән берген. Себебі, «туған жер, туған ел» деген түсініктер «Отан-ана» ұғымына ұласады. Туған жері мен туған елін сүйетін адам ғана жасампаз еңбегімен Отанын өркендетіп, гүлдендіреді. Ол үшін жас адам ұлтжанды, елжанды болып қалыптасуы тиіс. Міне, осы бағыттағы тәлім-тәрбие жұмыстарында «Қазақстанның киелі жерлерінің картасы» жобасының маңызы айтулы. Осы бағытта география мамандығы бойынша жыл сайын Қазақстанның әр қиырына кешенді сараман ұйымдастырылады. Мәселен, биыл біздің үшінші курста оқитын шәкірттеріміз көрікті Көкшетау өңіріне жол тартпақ. Бұл сапар да студенттеріміздің жылдағыдай әрі географиялық таным-түсінігін молайтып, әрі олардың санасында, жан дүниесінде қазақстандық патриотизмді нығайта түсері шүбәсіз.

Қаламқас АТАҒАЗИЕВА,

БҚМУ-дың география мамандығы бойынша ІІІ курс студенті:

– Мен біздің университеттің академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша биылғы наурыз-сәуір айларында И. Ульянова атындағы Ульянов мемлекеттік педагогикалық университетінде (Ресей) оқып қайттым. Бұл сапар мен үшін өте пайдалы болды. Ел көріп, жер көріп қайттым және көптеген шетелдік достар таптым. Египет, Үндістан, Нигерия, АҚШ, Франция, Болгария, Эквадор тағы да басқа мемлекеттерден келген достарыммен ай жарым бойы күн сайын ағылшынша сөйлесіп, ағылшын тілін меңгеру деңгейім көтерілді. Жер ғаламшарының әр түкпірінен келген түрі мен тілі, діні мен ділі, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы сан алуан құрбы-құрдастарыммен араласып, таным көкжиегім кеңейді. Бұл география саласының маманы үшін өте-мөте маңызды жайт.

Ульянов мемлекеттік педагогикалық университетінің аумағы өте үлкен екен. Ең бастысы, бұл білім ордасында сапалы білім алуға барлық жағдай жасалған.  Жаңа технология атаулыға иек артқан университеттің кітапханаларында қажетті оқулықтар қоры жеткілікті, компьютер, ноутбук секілді студент үшін күн сайын қажетті керек-жарақтар қолжетімді, ғаламтор желісі тұрақты жұмыс істейді. Университеттің арнайы оқу бөлмелері бар жатақханалары да заман талабына сай жабдықталған, ғаламтор жүйесіне қосылған.

Ульяновск – Еділ (Волга) өзенінің жағасында орналасқан үлкен әрі көрікті қала екен. Бұл шаһардағы В. И. Ленин атындағы мемлекеттік тарих музейінде, жазушы және әдебиет сыншысы И. А. Гончаров музейінде болып, мен алып Ресейдің өзім болған өлкесі жөнінде біраз мағлұматқа қанықтым. Ульяновск қаласындағы «Халықтар достығы» мен «Жеңіс» саябақтары және ән салатын фонтан өзіме ерекше ұнады.

Маған білім-білігімді шыңдап, таным көкжиегімді кеңейткен сапар-саяхат жасап қайтуға мүмкіндік беріп, жағдай жасаған Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің басшылығы мен барша ұстаздарыма көп рақмет!

Балдай ХОДЖАНОВА,

М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың аға оқытушысы


Күре жолдың бойында жұмыс қызар күн жақын

Күні: , 54 рет оқылды

Таяуда облысымызға жұмыс сапарымен келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандарына асфальт жол салу қажеттігін қадап айтқан болатын. Осыған орай таяуда өңірімізге ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Сайранбек Бармақов, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Берік Желдікбаев пен осы ұлттық компанияға қарасты сапаны бақылау департаментінің директоры Дмитрий Бессонов, сондай-ақ «Қазжол»  ҒЗИ» АҚ вице-президенті Ербол Айтбаев келді. Олар Қазталов, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарында болып, ел-жұртпен жүздесті.

Биыл жобалық-сметалық  құжаттама дайындалады

Құзырлы құрылым өкілдерімен кездескен Қазталов ауданының әкімі Абат Шыныбеков жол салу жобасына аудан аумағынан өтетін жол бойында қонақүй, кемпинг, жанармай құю, техникалық қызмет көрсету нысандары, тамақтану және сауда нүктелерін орналастыру үшін алаңдар жасауды енгізуді ұсынды. Сонымен қатар Қазталов Ресейдің Александров-Гай ауданымен шектесетіні белгілі. Қазіргі таңда бұл екі арада «Фомин» өткізу бекеті қысқартылған режімде жұмыс жасауда. Дегенмен бұл бекетті болашақта ашу жұмыстары екі ел үкіметі арасында келісілуде. Сол себепті Абат Абайұлы осы шекара бекетіне дейінгі 14 шақырым жолды асфальттау жөнінде де ұсыныс айтты.

Сондай-ақ Астанадан келген лауазым иелері Нұрсай ауылының тұрғындарымен жүздесіп, жоспарларымен бөлісті.

– Өздеріңізге белгілі, Елбасы Батыс Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары кезінде Үкіметке Жәнібек, Бөкей ордасы аудандарына қатқыл табанды жол салуды тапсырған болатын. Осы мәселеге байланысты арнайы топ құрылып, жолға шықтық. Бүгінде осы аудандар бағытындағы 500 шақырымдай жолдың 250 шақырымы тасжол. Жол негізі екі бағытта, яғни Қазталов – Жәнібек және Өнеге – Бисен – Сайқын бағытында салынатын болады. Бұл сапарымыздың басты мақсаты – жол жағдайымен танысу. Нақтылап айтқанда, жолға орта не күрделі жөндеу қажеттілігін және құрылыс материалдардың қай түрлерін жергілікті жерден табуға болатынын анықтау.  Биыл, бұйыртса, жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, келесі жылы жұмысты бастайтын боламыз, – деді ҚР ИДМ Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Сайранбек  Бармақов.

Құрылыс  материалдары  теміржолмен тасымалдануы мүмкін

Жол саласының бір топ лауазымды тұлғалары Жәнібек ауданында да болды. Оларды аудан әкімі Азамат Сафималиев пен жергілікті ақсақалдар Ұзынкөл ауылының тұсынан күтіп алды.

Аудан басшысы меймандарға аудан мен облыс орталығына  дейін қатынайтын жол мәселесін баяндап берді. Кездесу кезінде аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Бекет Әліпқалиев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Уәлиев Жәнібек пен Орал қаласы аралығындағы жолдың түйткілдерін айта келіп, Президенттің тапсырмасынан кейін сеңнің қозғалғанына аудан жұртшылығының шексіз қуанышта екенін, Оралмен екі ортаға қатқыл табанды жол салынған жағдайда көптеген түйінді мәселенің шешілетінін, Волгоград облысы арқылы көршілес Ресейдің басқа да өңірлеріне дейін жол ашылып, барыс-келістің  жақсаратынын  баяндады.

Мұнан соң құзырлы құрылым өкілдері көршілес Ресейге өтетін Жәнібектегі шекаралық өткізу пунктіне табан тіреді. Бұл жерге келгесін аудан әкімі меймандарға осы аралықтан Ұзынкөл ауылына шығатын асфальт жолға дейін жеті шақырым қашықтыққа қатқыл табанды жол төсеу туралы ұсынысын жеткізді. Келген жол мамандарының сұрауы бойынша шекарашылар өткізу пунктінен күніне 30-50 аралығында жүк және 200-250 жеңіл автокөлік өтетінін мәлімдеді. Жол саласының басшылары, сондай-ақ өткізу пунктінің жанынан сегіз жолақты көлік ағынын реттеуіш құрылғылар орнату жайындағы жоспарларын ортаға салды. Меймандар бұдан соң аудан орталығындағы теміржол тұйығында болып, болашақта қатқыл табанды жолға тасымалданатын материалдарды теміржол тұйығы арқылы жеткізу мүмкіндігі жөніндегі  пікір-ұсыныстарын  айтты.

Жамантаудың қиыршық тасы  кәдеге жарай ма?

Бөкей ордасына ат басын бұрған жол мамандарын бөкейлік атқамінерлер Жәнібек ауданының Өнеге ауылының маңынан қарсы алды. Аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов жолай қонақтарды аудан тарихымен, қазіргі тыныс-тіршілігімен таныстырып, Бисен мен Хан ордасы ауылдары бағытындағы бұрылыстар мен Сайқынның кіреберісіне аялдатып, осы жерлерге алаңқайлар салуды жобаға енгізуді сұрады. Бұдан кейін меймандар аудандық мәдениет үйі маңынан орын тепкен Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың ескерткіші жанында өздерін күтіп тұрған бір топ ауыл үлкендерімен кездесіп, онда ҚР ИДМ Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Сайранбек Бармақов іссапарларының мақсатын баяндап, жанындағы әріптестерін таныстырды.

– Біздің компаниядағы осы өңірдің жігіттері «Жерлестеріміздің  жол жөніндегі жанайқайы Елбасына жетіп, енді нақты іс бастала тын болды ғой» деп қуанғандарының мәнісін енді ұғындым, –  деп сөз бастаған «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Берік Желдікбаев әскери полигон аумағынан босаған Жамантау төбешігі маңындағы қиыршық тас кәдеге жараса, ол атқарылар жұмыстың құнын арзандатып, салу мерзімін қысқартуға әсер ететінін жеткізді. Жобалау, тендер өткізу, ашылатын жұмыс орындары жайы да  сөз  болды.

Ауыл ақсақалдары Ноқаш Қадымов, Чарльз Қойшыбаев, Елдос Кенжеғалиев және «Нарын шуағы» әйелдер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлжан Бисекенова елжұрттың тілегін Мемлекет басшысына жеткізген аудан, облыс басшыларына, Парламент депутаттарына, халықтың өтінішіне құлақ асып, Үкіметке тапсырма берген Елбасыға ризашылықтарын  жаудырды.

Ұсыныс-пікірлердің, тұрғындар өтініштерінің ескерілетінін айтқан жол саласының мамандары Жамантауға да барып, ол жердегі қиыршық тастарды көрді. Енді оның кәдеге асуын құзырлы мекемелер анықтап, қорытындысын шығаруы тиіс. Егер тастың сапасы жақсы болып, тиісті талаптарға сәйкес келсе, онда жол салу жұмыстары Сайқыннан басталмақ.

Жұртшылықтың жүйкесін жұқартып жүрген күре жолдың өн бойына  қан жүгіретін күннің қашық еместігін осылайша көпшілік  анық сезінгендей  болды.

Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ,

Қазталов ауданы,

Нұрымбек ЖАПАҚОВ,

Жәнібек ауданы,

Каримолла ҒАЙСИН,

Бөкей ордасы ауданы


Саралжындағы қазақ шешендер

Күні: , 59 рет оқылды

Қазақ  тілі  –  Қазақстан  халқын  біріктіруші  фактор

«Ұлтым  шешен  болса  да,  жаным – қазақ»  деуден  жаңылмайтын  отандастарымыздың  бірі – саралжындық  Осман  Зинаев.

Ол көршілес Ресейдегі Волгоград қаласында шешендер отбасында туған. 1979 жылы қазақтың қаймағы бұзылмаған құтты қонысы Бөкей ордасы ауданындағы Саралжын ауылына ата-ана, бауырларымен бірге көшіп келген. Алғашқыда сегіз жастағы Осман ауылдың қазақ тілді жүгірмектерімен түсінісе алмай, олардың ойындарын сырттай бақылап жүрді. Өйткені ол шешен, орыс тілінде ғана сөйлейтін. Бірақ көп ұзамай ауыл балаларымен достасып, қазақы ортада тілді тез меңгеріп алды. Кейін Сайқын ауылындағы М. Мәметова атындағы орыс мектебінің табалдырығын аттап, он жылдық білім алды. Бірақ қазақ тілін қазақтардан кем білмейді.

Османның әкесі  Супьян мен анасы  Зайна төрт ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірді. Ұлдарының барлығы да шетінен еңбекқор, мақтаулы азамат болып ер жетті. Қыздары тәрбиелі, инабатты болып бой жетті. Бүгінде әрқайсысының өз алдына құрған шаңырақтары бар. Әке-шешесі өмір бақи мал бақты. Осман туған ағаларының ізімен, әкесінің ақ таяғын ұстады. Қазіргі кезде ағайынды Зинаевтар Сығой қыстағында  мыңғыртып төрт түлік мал өсіруде. Олардың  «Макка» атты шаруашылығы табыстың тайқазанын тасытып жүр.

Осман 1996 жылы Гүлсара Ермекқұлова есімді қазақ аруымен  шаңырақ көтерді. Шешендер отбасына келін боп түсті демесеңіз, бұл шаңырақта да барлығы қазақ тілін жетік білетін әрі жергілікті қазақтармен әбден сіңісіп, салт-дәстүрін де ұстанатын. 1997 жылы жас жұбайлардың тұңғышы Аслан дүниеге келді. Ол қазіргі таңда Оралдағы М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың дене тәрбиесі пәні мұғалімі мамандығына оқуда. Ал кенжесі Дени  Саралжындағы  Қ. Сағырбаев атындағы орта мектептің  5-сыныбында. Ол бос уақытында домбыра үйірмесіне қатысып, мұғалімінен қазақтың ән-күйлерін үйреніп жүр. Екі баласы да шешен тілі мен қазақ тілін қатар меңгерген. Осман өзінің әкесі сықылды  ұлдарына екі ұлттың да салт-дәстүрін үйретіп, адамгершілік пен қайырымдылық қасиеттерін саналарына сіңіруде.

Зинаевтар отбасы жылына бір рет, әсіресе, жазғы  демалыс уақыттарында ата-бабасының   жері – Шешенстандағы  Урус Мартан ауданындағы  тума-туыстарына қыдырып барады.

– Урус Мартан – биік таулы өлке. Онда жергілікті халық өз күндерін өздері көреді. Шағын қала болғандықтан, әркім түрлі кәсіппен шұғылданады. Мал өсіретіндер де бар.  Атамекендегі қандастар ұлттық салт-дәстүрді  қатаң сақтайды. Ол жақта  жастар мен үлкендер жиын-тойда әлі күнге бірге отырмайды. Әйел адамдар мен қарт адамдарға ерекше сый-құрмет көрсетуге бала кезден тәрбиелейді. Қазақ пен шешен ұлттарының салт-дәстүрінде өзгешелік аз, керісінше екі мұсылман халқында ұқсас құндылықтар көп.

Қазақтар – ешқашан түр мен тілге, діл мен дінге қарап бөлінбеген қонақжай халық. Шешен халқы да – сондай қонақжай. Мен өзімнің шешен екенімді ұмытқан емеспін, бірақ жаным қазақ болған соң жұртқа қазақ шешенмін деп танысамын. Тілім басқа болса да, қазақтармен тілегім, жүрегім – бір. Өйткені менің Отаным – Қазақстан. Сондықтан да оның тілін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын білуім – міндет. Мұны мен өз балаларымның құлағына құюдан кенде емеспін, – дейді  Осман  Зинаев.

Айжұлдыз   ЕРМҰХАН,

Әйгерім  НҰРЛАН,

Ж. Досмұхамедов  атындағы  педагогикалық  колледждің  студенттері


Ономастика – рухани кодымыз

Күні: , 55 рет оқылды

Қазақ  тілі  –  Қазақстан  халқын  біріктіруші  фактор

Мемлекет  басшысы  «Болашаққа  бағдар:  рухани жаңғыру» атты  мақаласында  «Әжептәуір  жаңғырған  қоғамның өзінің тамыры  тарихтың  тереңінен  бастау  алатын  рухани  коды  болады» деген  болатын.  Ендеше,  біздің  рухани  кодымыздың бірі  –  ономастика  саласы,  яки  қазақ  жеріндегі  байырғы  атауларды  қайта қалпына  келтіру.

Тәуелсіз мемлекетіміздің іргетасы қаланып, қабырғасы бекіп, ел еңсесі көтеріліп жатқанда, бірінші кезектегі аса зор саяси, рухани маңызы бар мәселе, төл тарихымыздың тамырына терең бойлап, кең жайылған саланың бірі де – ономастика.

Жүгірген аңның аяғы, ұшқан құстың қанаты талатын осынау сайын даланы мекендеген қазақ халқы бір кездері өзінің географиялық ерекшеліктеріне қарап, атау берген. Өйткені әрбір жер атауының төркіні туралы талайталай аңыздар мен әңгімелер бар.

Сонымен қатар кейбір өлке халқына суықта пана, ыстықта сая  болған, есімдері елге белгілі біртуар перзенттерімен ел есінде сақталған. Дегенмен, кешегі солақай саясат ел-жұртты салт-санасынан айырып, рухани тамырынан ажырату үшін алдымен жер-су атауларын өзгертті. Жергілікті халықтың пікірімен санасу деген болған жоқ.

Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де, бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы іспеттес. Бүгінде ел егемендігін алып, еңсесін тіктегеннен бері көптеген жер-су және елді мекен атаулары байырғы атауларына қайта ие бола бастады. Өйткені туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, жоны мен жотасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Осының барлығын бүгінгі  жас  ұрпақ  біліп  өсуі  тиіс.

Бүгінгі күні тәуелсіз елдің келбетіне сәйкес келмейтін атаулар Зеленов ауданына қарасты елді мекендерде көптеп кездеседі. Мәселен, аталған аудандағы көше атауларын айтпағанда, елді мекендердің өзі Переметный, Трекин, Мичурин, Янайкин, Раздольный, тағы басқа әлі күнге идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулармен аталып келеді. Облыс орталығы Орал қаласындағы көшелерде де мұндай атаулар жетерлік. Пролетарская, Советская деп тізбектеліп кете беретін көшелер бүгінгі уақыт талабымен үндеспейді.

Ахмет Байтұрсыновтың «Қазақ – жоқ іздеген халық» деген сөзі бар. Алаш ардақтысының бұл сөзі еліміздің ономастика саласына  да қарата айтылғандай. Президенттің құндылықтарымызды құрметтеуге шақырған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы осы саладағы «жоғымызды» түгендеуге, барымызды түлетуге мүмкіндік  беріп  отыр.

Әрине, жоғарыда аталған идеологиялық тұрғыдан ескірген көшелер мен елді мекендер атауынан жұрт болып жұмылғанда ғана арыла аламыз. Ол үшін халық пікірі, ел-жұрттың қолдауы және аудандардағы осы саланы жүзеге асыратын тіл бөлімдерінің қарқынды  жұмыстары  қажет. Мысалы, облыстық ономастика комиссиясының қарауына 2017 жылы тамыз және қараша айларында өткізіліп, 127 көшеге атау беріліп немесе қайта аталды. Оның 57-сі идеологиялық тұрғыдан ескірген, 44-і жаңа көше, 18-і транскрипциясын нақтылау, 8-і қайта атау. Сондай-ақ өткен жылы Шыңғырлау ауданындағы төрт елді мекенге қайта атау берілді. Атап айтар болсақ, Белогор – Ақтау, Полтава – Ардақ, Лубен – Ақшат, Тасмола ауылы – Ақбұлақ ауылы деп  қайта  аталды.

Жуырда ғана 20 сәуір күні өткен ономастикалық комиссияның отырысында Бөрлі, Сырым, Тасқала, Теректі, Шыңғырлау аудандарынан 61 көшені, Теректі ауданы бойынша 9 шағынауданды және Ақжайық, Сырым аудандары бойынша 2 елді мекенді қайта атау немесе атау беру бойынша ұсыныстар қаралды. Ономастикалық комиссия қорытындысы бойынша 58 көшеге, 9 шағынауданға және 2 елді мекенге атау беру немесе қайта атау бойынша ұсыныстар қолдау тапты.

Бұл бағыттағы жұмыстар халықтан түскен ұсыныстар бойынша жалғаса бермек, өйткені барлық мәселе жергілікті жұртшылықтың қолдауы арқылы шешіледі.

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Сынаптай сырғыған уақыт ешкімді күтіп тұрмайды, жаңғыру да тарихтың өзі сияқты жалғаса беретін процесс» деп атап көрсеткен болатын. Ендеше, ономастика мәселесі еліміздің тәуелсіздігін рухани идеялық тұрғыдан қамтамасыз ететін факторлардың бел ортасында тұрғанын әрқашан есте ұстауымыз  керек.

Нұрлыбек  МҰХАМБЕТИЯРОВ,

БҚО  тілдерді  дамыту басқармасының  бас  маманы


Бала шақтан – болашаққа!

Күні: , 49 рет оқылды

25 мамыр.  Назарбаев зияткерлік мектебі.  Барлық  мектептегідей  бұл  білім  ошағында  да  «Жетістікке жетелеген мектебім» атты  соңғы  қоңырау  шарасы  өтіп  жатыр.  Қолдарына  гүл, шар  ұстаған  оқушылардың  жүздерінде  қуаныш. Тек  кеудесіне  жасыл  лента  іліп,  гүлін  құшақтаған  түлектердің  жүзінен  сәл-пәл  қимастық  аңғарылатын  секілді.

Салтанатты шара өтіп жатқан алаңдағы ақ жолмен мектеп түлектері жүріп келеді. Назарбаев зияткерлік мектебінен  биылғы оқу жылында 85 түлек түлеп ұшпақ. Олардың арасында АҚШ, Германия, Қытай, Түркия, Финляндия, Ресейдегі университеттердің 14 грант  иегері бар. Жалпы, түлектер Кембридж университеті кеңесінің халықаралық емтихандарын сәтті  тапсырып,  нәтижесін  күтуде.

Соңғы қоңырау мерекесіне арнайы келген облыс әкімі Алтай Көлгінов мектеп түлектеріне сәттілік тіледі.

– Бүгін — тарихи күн. Осыдан алты жыл бұрын өңірімізде Назарбаев зияткерлік мектебі бой көтеріп, бүгінгі мектеп түлектері 7-сыныпқа қабылданған еді. Биыл Назарбаев зияткерлік мектептерінің құрылғанына – 10 жыл. Қазіргі таңда Елбасының қолдауымен ашылған Назарбаев зияткерлік мектептерін әлем таниды.  Біз – тарихы терең, жас мемлекетпіз. Ал сіздер ең бақытты ұрпақсыздар! Мектеп салынған кезде айналада осы ғимараттан басқа нысан жоқ еді. Қазір жаңа зәулім үйлер, мәдениет ошағы, денсаулық нысаны бой көтерді. Бұл – еліміздің дамуының айқын көрінісі. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында табысты болудың басты кілті – білім екендігі айтылды. Жас ұрпақтың озық білім алуы үшін елімізде бар жағдай жасалуда. Сіздер мемлекетіміздің туын көкке көтеретін нағыз патриот, өз маманының иегері болатын білікті азаматсыздар. Біз сіздерге сенеміз. Білім жолында қанаттарыңыз талмасын! Ақ жол, түлектер! – деді облыс  басшысы  Алтай  Сейдірұлы.

Мектеп директоры Тимур Нұркешовтің айтуынша, биылғы оқу жылын 560 оқушы аяқтаған. Соның ішінде биылғы түлектер 12 жылдық білім беру жүйесі бағдарламасын толық бітіріп отыр.

85 түлектің 14-і алыс-жақын шетелдік университеттердің грантын иеленуі де мектеп үшін абырой. Олардың арасында бірден екі университеттен шақырту алған шәкірттер де бар екен. Мақтаулы білім ошағы оқушыларының білім-ғылым бәсекесінде жеткен табыстары да аз емес. Олардың қатарында 11-сынып оқушысы Әзиз Талапов осымен екінші рет Мәскеуде өткен «Архимед» өнертабыстар мен инновациялық технологиялар салонына қатысып, жүлделі екінші орынды иеленді, сондай-ақ «Архимед» медалімен марапатталды. Күні кеше мектепке келген 8-сынып оқушылары Бекбол Болатов мен Дастан Тыныштық Қарағанды қаласында өткен «Роболанд – 2018» халықаралық байқауынан 3-орын, Эламир Кадыргалиев Алматыда өткен «Инфоматрикс» халықаралық  сайысынан  2-орын  иеленген.

Салтанатты шара облыс басшысының биылғы оқу жылында мектептің «Үздік оқушысы» атанған республикалық «Nurintech» инновациялық жобалар байқауының, халықаралық «Архимед» өнертабыстар мен инновациялық технологиялар салонының жүлдегері 11-сынып оқушысы Әзиз Талаповқа арнайы сертификат пен сыйлықты табыстауымен жалғасты. Сонымен қатар «Жылдың үздік шаңырағы», «Үздік оқырман», «Үздік уикипедияшы», «Үздік TEDx спикері» марапатталды. Айта кетейік, үздік шаңырақ оқушылары Назарбаев зияткерлік мектептері дербес білім

беру ұйымының дәстүрлі «Туған елге тағзым» өлкетану-зерттеу экспедициясының жолдамасымен Шымкент  қаласына  барады.

«Ғажайып» би ансамблінің  «Бала шақтан – болашаққа!..» композициялық қойылымы арқылы зияткерлердің өсу жолын бимен көркемдеп көрсетуі де  жиылғандарға  әдемі  әсер  сыйлады.

Мектеп вальсі. Сыңғырлаған соңғы қоңырау.  Түлектердің аппақ армандарын арқалап көкке  самғаған ақ көгершіндер, аппақ шарлар.  Сәт  сапар,  түлектер!

*  *  *

Дарынды  балаларға  арналған  мамандандырылған  Сәкен  Сейфуллин  атындағы  №11  облыстық  мектепті   биыл  77  түлек тәмамдайды.  Оның 13-і – «Алтын  белгіге» үміткер. Бұл  жөнінде соңғы  қоңырау  салтанатында  мектеп  директоры  Алмас  Мұқанов  хабарлады.  Шарада 11-сынып  оқушылары  сап  түзеп, жас  ұландар туды әкелген  соң,  мемлекеттік  Әнұран  шырқалды.  Жиналған қауымға  мектеп  түлектерінің  жетістіктері  таныстырылды.

– Облыс бойынша мектепті тәмамдаған 5203 оқушының 70 пайыздан астамы тест тапсырмақ.

Жаңа өмір жолына қадам басып жатқан түлектердің ҰБТ-дан жоғары нәтиже көрсетуіне тілектеспін. Еліміз халықаралық стандартқа сәйкес жаңартылған білім жүйесіне көшуде. Жаңа жүйемен оқытып жатқан мұғалімдердің жалақысы көбейтілуде. Былтыр облысымызда 27 білім беру нысаны пайдалануға берілді. Биылғы мамыр айында бір нысан салынды. Қазіргі кезде сегіз мектептің құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ шағын жинақы мектептерді қала мектептерімен теңестіру бағытында жаңа технология енгізілуде. Интернет желісі жетпеген елді мекендердегі мектептердің компьютерлерінде «Білім бук» бағдарламасы қолданылады. Білім саласын жетілдіруге жағдай жасалуда, – деді шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары, мектептің қамқоршылық кеңесінің мүшесі Ғабидолла Оспанқұлов.

Соңғы қоңырау салтанатында «Үздік ұстаз» аталымымен мектеп мұғалімі Қадыржан Лұқпанов марапатталды. 11-сынып оқушысы Айнұр Наукенова «Үздік оқушы» атанды. Үздіктерге жылдағы дәстүр бойынша «Конденсат» компаниясы  атынан сыйлық тапсырылды. Мерекелік шарада түлектер өлең  оқып, шар ұшырды. Оларға ардагер-ұстаздар ақ жол тіледі. Өнерпаз оқушылар ән әуелетіп, би қойылымдарын назарға ұсынды. Айта кетейік, оқу жылын 883 оқушының  234-і  үздік  бағамен  аяқтады.

Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасарлары Бағдат Азбаев №6, Мержан Сатқанов №33 мектептерде, ал Бибігүл Қонысбаева Шыңғырлау ауданындағы А. Тихоненко атындағы білім ұясындағы өткен соңғы қоңырау  салтанатына  қатысты.

Бет  материалдарын  дайындағандар  Гүлжамал   ЖОЛДЫҒАЛИҚЫЗЫ,  

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ


«Жасыл экономиканың» болашағы жарқын

Күні: , 71 рет оқылды

Бейсенбі  күні  Орал  қаласындағы  Х. Бөкеева  атындағы облыстық  қазақ  драма  театрында  «ҚПО б. в.»  компаниясының ұйымдастыруымен  және  Батыс  Қазақстан  облысы  әкімдігі  мен  ҚР  Энергетика  министрлігінің  қолдауымен  «Uralsk  Green  Forum» (UGF)  ІІ  халықаралық  экологиялық  форумы өтті.

«Экологиялық мегатрендтер:  Жасыл  экономика  және  қоршаған  ортаны қорғау»  тақырыбын арқау  еткен  форумға  облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов,  «ҚПО б. в.»  компаниясының  бас  директоры  Эдвин  Блом,  Жасыл  технологиялар  мен  инвестициялық  жобалардың  халықаралық  орталығы  басқармасы  төрағасының  орынбасары Арман  Қашқынбеков,  ҚР  Парламенті  депутаттары,  «ҚР экологиялық  ұйымдары бірлестігінің», «Қазақстандық  «KazWaste» қалдықтарды  басқару  қауымдастығының  өкілдері,  сонымен қатар  қоршаған  ортаны  қорғау,  жасыл  технологиялар  және энергия тиімділігі,  қалдықтарды өңдеу  саласы  бойынша  танымал сарапшылар,  ірі мұнай-газ  компанияларының  басшылары, барлығы  200-ден  астам  делегат  қатысты.

Дүниежүзілік сарапшылар мен оқымысты-ғалымдардың пікіріне қарағанда, 2040 жылға қарай электр қуатына деген сұраныс 70 пайызға артады деген болжам бар. Осындай қатерді алдын ала  болжаған Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың ұсынысымен 2013 жылы «Жасыл экономикаға көшу» тұжырымдамасы қабылданды. Ал үстіміздегі жылы 15 ақпанда Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі  стратегиялық даму жоспары бекітілді. Бұл құжаттың басым бағыттарының бірі – экологиялық  мегатрендтерді айқындай отырып, таза өндірістен жаңартылатын  қуат көздеріне көшу. Қазақстан жаңартылатын қуат көздерін дамытуға үнемі ерекше мән беріп келеді. Халықаралық «EXPO — 2017» көрмесінің басты тақырыбы да жасыл болашақтың энергиясына арналғаны белгілі.

Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында биыл өңірімізде екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған форумның басты мақсаты – қоршаған ортаны қорғау саласындағы  ең өзекті мәселелерді анықтау, бизнес өкілдері мен биліктің қуат үнемдеу мен энергия тиімділігін арттыруға қатысты өзара пікір алмасуына ыңғайлы орта қалыптастыру, мұнай-газ өнеркәсібінің экологиялық саласының дамуына ықпал ету.

– Табиғаты ерекше, көкмайса мекен Ақ Жайық өңірінде экология тақырыбының қозғалуы тегін емес деп ойлаймын. Себебі, өткен аптада өңірімізге келген Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Орал қаласын экологиялық тұрғыда ең таза қала деп атап өтті. Біз үшін бұл жоғары баға және бұл дәрежені сақтап, оған лайықты болуға атсалысамыз. Біз жыл сайын табиғатты қорғау жұмыстарын күшейтіп, тал-терек отырғызу жұмыстарын белсенді жүргізіп келеміз. Биылдың өзінде жыл соңына дейін облысымыз бойынша жетпіс мыңға жуық тал-терек отырғызу жоспарланған. Оның он мыңы осы Орал қаласында егіледі. Бүгінде біз жоспарланған бұл ағаштардың жартысынан көбін отырғыздық. Осындай шаралар кезінде үлкен кісілер де, балалар да шығып, атсалысатындары бізді қуантады. Табиғатты аялау – үлкен мәдениеттіліктің көрінісі екенін бүгінде қоғам сезініп келеді. Бұл Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасында көрсетілген сананы жаңғырту туралы бастамасына сай келеді. Облыста атмосфералық ауаның ластану индексі республика бойынша орташа деңгейден әлдеқайда төмен екендігін  атап  өткім  келеді.

«Жасыл экономикаға көшу» тұжырымдамасының ережелерін қолдай отырып, облыс кәсіпорындары энергия үнемдейтін технологиялардың заманауи әдістерін қолдануға белсенді түрде араласып, зиянды ластағыштардың атмосфераға шығарылуын азайтады. Мәселен, «ҚПO б. в.» компаниясы 2017 жылдан бастап ұңғымаларды игеру кезінде атмосфераға шығарындылар деңгейін төмендетуге мүмкіндік беретін жабдықтар мен материалдарды қолданып келеді. Экологиялық орталық іске қосылды – бұл сұйық және қатты бұрғылау қалдықтарын қауіпсіз өңдеуді және жоюды қамтамасыз ететін жаңа қондырғы. Бүгінгі күні облыста ауаның ластануына мониторинг жүргізу үшін СКАТ жүйесінің алты автоматтандырылған стационарлық бекеті бар. Бекеттер онлайн режимде жұмыс істейді. Олардың көмегімен қоршаған ортадағы ластаушы заттардың концентрациясы өлшенеді, метеорологиялық көрсеткіштер бақыланады және газ іріктеу жүргізіледі. «Жасыл экономикаға көшу» тұ-жырымдамасының негізгі бағыттарының бірі қалдықтарды басқару болып табылады. Біздің облысымыз үшін осы бағытта Астана қаласында өткен «EXPO — 2017» халықаралық көрмесі тиімді қолдау көрсетті. Финдік серіктестерімізбен қатты қалдықтар жүйесін басқаруды жүзеге асыратын финдік-қазақстандық консорциуммен бірлескен жобаны қолға алдық.

Қатты қалдықтар полигоны консорциумның сенімді басқаруына берілді. Қазір қатты қалдықтарды жинауға және экспорттауға арналған заманауи технологиялар енгізілуде. Биыл қалдықтарды сұрыптау кешенін және биогаз комбинатын салу бойынша бірқатар шаралар жоспарланып отыр, — деді Алтай Сейдірұлы.

Сөз алған «ҚПО б. в.» компаниясының бас директоры Эдвин Блом шараны ұйымдастыруға қолдау көрсеткен облыс әкімдігіне алғысын жеткізді.

– Форумның негізгі идеясы – «Жасыл экономика» тұжырымдамасын және Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын іске асыру шеңберінде бірлескен ынтымақтастықты одан әрі нығайту. Біз қоршаған ортаны қорғаудың өзекті мәселелері бойынша бизнес пен мемлекет арасындағы ашық диалогты, сондай-ақ қуат үнемдеу, қуат тиімділігі және қалдықтарды басқару саласындағы заманауи тәсілдер мен шешімдерді қолдаймыз, — деді компания басшысы.

Аталмыш компанияның қоршаған ортаны қорғау бөлімінің басшысы Руслан Мұқанғалиевтің айтуынша, «ҚПО б. в.» өз қызметінің барлық аспектісінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы тұрақты даму қағидаттары мен жоғары стандарттарға сүйенеді. Өткен  жылдың қорытындысы бойынша «ҚПО б. в.» Қазақстанның мұнай-газ компанияларының экологиялық жауапкершілік рейтингінде екінші орынға ие болған. Компания қоршаған ортаны қорғау саласында басқару жүйесін үнемі жетілдіруге тырысады, экологиялық мәселелер бойынша барлық мүдделі тараппен белсенді қарым-қатынас жасайды, сондай-ақ жыл сайын барлық экологиялық аспекті туралы ақпаратты жариялайды. Осылайша қоғам алдында өзінің ашықтық пен жауапкершілікті ұстанатындығын тұрақты түрде растайды. Жалпы алғанда, 1998 жылдан бастап «ҚПО б. в.» қоршаған ортаны қорғау шараларын іске асыруға шамамен 363 млн. АҚШ долларын инвестициялаған.

– Қазіргі таңда елімізде жасыл технологияны дамытатын халықаралық орталық құру жұмыстары жүргізілуде. Ағымдағы жылдың 17-19 мамыр аралығында өткен ХХІ Астана экономикалық форумының өзекті бесінші бағыты таза қуат және жасыл технологиялық табиғи байлықтарды сақтау,  балама қуат көздерін пайдалану арқылы экономика салаларын жаңғыртуға арналды.

Осындай ауқымды жұмыстардың жалғасы ретінде өткізіліп отырған ІІ халықаралық экологиялық форум – табиғи ресурстарды сақтауға, экологиялық қауіпсіздікті нығайтуға және халықтың тұрмыс-тіршілігінің сапасын жақсартуға игі ықпал ететін үлкен іс-шаралардың бірі. Бұл форумның 5 маусым – қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында өткізілуін  бейнелік сабақтастық ретінде қабылдауға болады. Жалпы,  ҚР Парламенті қабырғасында талқыланып, қабылданып жатқан заңдардың бірқатары қоршаған ортаны қорғау туралы заңнамалық актілерге қатысты болып келеді. Сондықтан Парламент мүшелері жаңартылатын қуат көздеріне көшу және қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне жиі-жиі қайта айналып соғып отырады. Мәселен, елімізде жылына 5 млн. тоннадан астам тұрмыстық қатты қалдықтар пайда болады екен. Ресми деректерге қарағанда, тек 9 пайызы ғана қайта өңделеді. Сондықтан тұрмыстық қалдықтарды заман талабына сай утилизациялау және қайта өңдеу шараларын алу жөнінде ҚР Премьер-министріне депутаттық сауал жолданды. 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын қамтамасыз ету үшін қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңнамалық актілерді әлі де жетілдіру қажет деп есептеймін, – дейді ҚР Парламенті Сенатының депутаты, аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшесі Мұхтар Жұмағазиев.

Форумда сөз алған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, экология және табиғатты пайдалану мәселелері комитетінің мүшесі Шавхат Өтемісов болжам бойынша 2020 жылға қарай әлемдегі жаңартылған қуат көздерінің  үлесі 26 пайыз көрсеткіштен асатынын, жаңартылатын қуат көздеріне құйылған халықаралық инвестициялар көлемі 2001 жылы 61 млрд. АҚШ долларын құраса, 2017 жылы 303 млрд. АҚШ долларынан асқандығын, жаһандық мегатренд көшінен қалмау үшін Қазақстанда ауқымды іс-шаралар қолға алынуда  екендігін айта келе, келесі жылы Парламенттің қарауына түсетін «ҚР Экологиялық кодексі», қайтымды энергетика саласындағы мемлекеттік саясат, қуат өндіру саласындағы мегатрендтер туралы ұсыныс-пікірлерімен бөлісті.

ІІ халықаралық экологиялық форум шеңберінде «Экология және қуат үнемдеу мәселелері бойынша мүдделі тараптардың перспективалары мен тиімді өзара әрекеттестігі» тақырыбындағы интерактивті пікірталас «сұрақ-жауап» түрінде өтті. Сонымен қатар форумға қатысушылар қоршаған ортаны қорғау және қуат үнемдеу саласындағы даму жоспарлары мен экологиялық заңнаманы одан әрі жетілдіру жайын талқылап, «жасыл» экономиканың қағидаттарын енгізу бойынша тың ұсыныстар мен бастамаларды ортаға салды. Мұнай-газ саласына, соның ішінде қалдықтарды қайта өңдеуде инновациялық технологияларды енгізу мәселесіне ерекше назар аударылды.

«Uralsk Green Forum» аясында облыс әкімдігі, «ҚПО б. в.» компаниясы және жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалар халықаралық орталығы арасында ынтымақтастық пен серіктестік туралы үшжақты келісімге қол қойылды.

– Орал қаласы Қазақстанның ірі индустриалды аймағы болып табылады. Қарашығанақ кен орны осында орналасқан. Жасыл технологиялар мен жобаларды бірлесіп жүзеге асырудың жолдарын талқыладық. Елбасының тікелей тапсырмасымен құрылған жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалар халықаралық орталығының өкілі ретінде үздік технологияларды облысқа әкелу, енгізу, жүзеге асыру бағытында жұмыстанатын боламыз. Өзге өңірлерде әлі шешімін күткен тұрмыстық қалдықтарды өңдеу мәселесі Батыс Қазақстан облысында фин технологиясын қолдану арқылы нәтижелі жүзеге асып жатқандығы қуантады, – деді орталықтың басқарма төрағасының орынбасары, Қазақстанның қайтымды энергетикасы қауымдастығының бас директоры Арман  Қашқынбеков.

– Жасыл экономикаға көшу – уақыт талабы. Оған өту арқылы жаңа мүмкіндіктерге жол ашамыз. Еуропада қалдықсыз экономика басталып кетті. Әлемдік тәжірибені қолдана отырып, Қазақстан да олардан қалмауы тиіс. Біздің жаңа жобаларымыз экономиканың дамуына өз үлесін тигізетіні сөзсіз. Үшжақты келісім аясында жаңа технологиялар мен инвестицияларды тарту, айналмалы экономика, Қарашығанақ өндірісінде жаңа тазартқыштарды орнату қолға алынбақ, — деді форум жұмысын түйіндеген облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Форум шеңберінде ұйымдастырылған көрмеде «Конденсат» АҚ, «Ожерелье зеленых практик» АБ, «KAZINTRUST», «Топан», «GOLDEN AGE», «QHSE-Akbarys», «Кама-центр» ЖШС-лары қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жобаларын  таныстырды.

Динара   ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал   өңірі»


Ажарыңызды түзеу үшін пышаққа түсу шарт па?

Күні: , 50 рет оқылды

Қиғаш қас, қыр мұрын, аймаңдай ажар, үлбіреген ерін кім-кімді де еліктірері сөзсіз. Керемет келбетін сақтап қалу үшін бірі дәрі-дәрмекке, сықпа майларға тәуелденсе, енді бірі сұлулықтың кілтін хирургтің скальпелінен іздейді. Пластикалық хирургиядан соң  кейбіреуінің «жарасы жазылып» көңілі көншігендей болса,  енді бірінің жаны жараланып, жапа шегіп жүргенін өмірден көріп, ғаламтордан оқып-біліп жүрміз. Соңғы кезде пластикалық хирургияның жаңа саласы эстетикалық хирургияның дамуы қарқын алғаны белгілі. Осы орайда сұлулық үшін   жасалатын бұл оталардың  пайдалы және зиянды тұстарын сала мамандарынан білген едік.

Пластикалық ота алғаш Мысыр, Үндістан, Қытайда  жасала бастаған. Ал пластикалық хирургия терминін ресми түрде 1798 жылы Дезольт есімді француз ғалымы енгізген. Кейін 1893 жылы Германияда «Пластикалық хирургия анықтамалығы» атты басылым жарық көрген соң, аталмыш термин кең қолданыла бастаған. Медицинаның аталмыш саласының дамуына ХІХ ғасырда жиі орын алған қырғын қантөгістер себеп болған екен. Жауынгерлердің бетінен соғыстың жойқын «ізін жою» үшін алғашқылардың бірі болып қолына скальпель алған орыс хирургі Николай Пироговтің есімін атауға болады. Ол – “Артерия діңінің хирургиялық анатомиясы”, “Топографиялық анатомия” атты еңбектердің авторы. Алғаш эфирлі наркозды, сүйек сынғанда гипс таңғышты, жара іріңдегенде спирт пен йодты пайдаланған хирург. Ресей медицинасының тарихында алғаш пластикалық ота жасап, сынған мұрынды қайта қалпына келтірген.

Бет терісін тарттыру ХІХ ғасырдан бастап сәнге айналса, сүт безін «семірту» операциялары сонау XVIII ғасырда жасала бастаған. Бурбондар әулетінен шыққан француз королі Людовик XV-нің сүйіктісі мадам Помпадур есімімен белгілі Жанна-Антуанетта де Пуассонның дәуірінде қазіргі селиконның орнына майшамның балауызы қолданылған екен. Бүгінгі  қыз-келіншектер артық майдан арылу үшін «липосакция» жасатып әлек. Липосакция – денедегі май қабаттарын хирургиялық жолмен алып тастау отасы. Ал байлық пен ауқаттылықтың символы іспеттес сән сахнасында семіздік салтанат құрып тұрған шақта арық қыздар бөксесін шығару үшін терісінің астына шошқаның майын салдырған. Сұлулықтың мұндай қауіпті жолында құрбан болып кеткендер де көп болған. Яғни, «сұлулық құрбандықты талап етеді» деген түсінік осыдан шықса керек. Уақыт сүзгісінен өткен жасанды сұлулыққа сұраныс, әсіресе, 1990 жылдары күрт өскен. Ойдан шығарылған «90:60:90» стандартына ұмтылған сәнқой қыз-келіншектер теледидардағы кумирлеріне ұқсауы үшін  пластикалық ота жасатып, операцияны сұлулықтың оңай жолына балаған. Бейресми мәліметтерге сүйенсек, сол жылдары мұрынының қоңқылығын кемістік көрген тау қыздарының көбі ерлерін ынтықтыра түсуі үшін  мұрын үсті сүйегін сындырып, оны түзетіп, қайта салдырған көрінеді.

Өңірде  200-ге  жуық пластикалық  ота  жасалады

«Әсемдік әлемді құтқарады» демекші, қазақ қыздары мен жігіттерінің сұлулыққа деген құштарлығының артқанын Батыс Қазақстан облыстық клиникалық ауруханадағы пластикалық хирургия бөлімінің қызметіне жүгінген жандардың қарасынан-ақ көруге болады. Осы орайда аталмыш бөлімде пластикалық ота жасайтын танымал кәсіби пластикалық хирург, жоғары санатты дәрігер Юрий Хванға жолыққан едік. Ол былтыр 156 адамға пластикалық ота жасаса,  биылғы жылдың бес айында  оның саны 193-ке артқанын айтты. Облыстық клиникалық аурухананың пластикалық хирургия бөлімінде бет кемшіліктерін түзету, қабақ пен маңдай терісін тарту, әжімдерді тегістеу, құлақ қалқандарын түзеу, іштегі майларды кетіру, омырауды көтеру, үлкейту, кішірейту (маммопластика), ерін пішінін өзгерту, күйіктер мен зақымданудан кейінгі жарақат іздерін жою секілді 200-ге жуық пластикалық отаның түрлері  жасалады екен.

– Пластикалық ота адамның толыққанды өмір сүруіне  кедергі келтіретін денедегі кемістіктерді жою үшін немесе сырт келбетіне өзгеріс енгізу мақсатында жасалады. Пластикалық отаның реконструктивті және эстетикалық, яғни косметикалық деп аталатын негізгі екі түрі бар. Реконструктивті операциялар сыртқы пішінінде туабітті кемістігі бар адамдарға немесе абайсызда болған жарақаттардың зардаптары дұрыс жазылуы үшін жасалады. Ал эстетикалық операция жасау арқылы пластикалық хирург өз келбетін өзгерткісі келетіндерге көмектеседі. Қазір көбі қабақ пен мұрынның, қастың формасын өзгертуге, омырауды үлкейтуге құмар. Адамның  терісі егде тартқан сайын бірте-бірте созылып, жұмсақ ұлпалары салбырап қалады. Бұлшық еттерінің тонусы және терінің созылғыштығы төмендейді. Сондықтан бет терісін тарту,  яғни SMAS лифтинг отасы жасалады. Абдоминопластика отасы қарындағы артық майды кетіріп, ішті тарттыру  кезінде  қолданылады. Қабақтың пішінін өзгертіп, көзді үлкейтуге мүмкіндік беретін ота ол – блефаропластика операциясы. Процедура қабақтың айналасындағы әжімдерді кетірумен қоса, жоғарғы және төменгі қабақтың салбырап тұратын артық терісін жоюға бағытталған. Жалпы, пластикалық отаға 12 жастан бастап жүгінеді. Бұл жастағы бүлдіршіндер денесіндегі әр түрлі  деңгейдегі ісікті алдыру үшін, бетіндегі қалды, дақтарды кетіріп, құлақ қалқандарындағы кемшіліктерді жою үшін келеді. Сондай-ақ кәмелеттік жасқа толмаған бойжеткендердің арасында жасанды кеуде «жасату үшін» аналарымен келетіндері де бар. Кезінде бізді оқытқан ұстаздарымыз «Егер  пациентте ота жасамау мүмкіндігі болса, онда оған ота жасатпау қажеттігін түсіндіріңіз» дейтін. Пластикалық ота жасаймын деп келген қазіргі жастарды сөзбен айтып көндіру өте қиын. Айтқан ақылыңды тыңдағысы келмейді. Ата-аналары да олардың дегенін жасайды. Пластикалық отаның зияны жоқ. Ота жасалған дене бөлігіне ерекше күтім жасаса болғаны, – дейді пластикалық хирург Юрий Николаевич.

Емен-жарқын әңгіме барысында ол есте қалған оқиғасымен де бөлісе кетті.

– Бірде үйге кіріп бара жатсам, «Көмектесіңіздер, адамды пойыз басып кетті» деп жанұшыра айқайлаған дауысты естідім. Те-міржол өткеліне жүгіріп барсам, сыған жігіті қансырап жатыр екен. Оң аяғы тізесінен бастап жоқ. Сол аяғының табаны қайырылып қалған. Оң қолы сынған, тек теріге ілініп тұр. Жанына жүгіріп барғанда, өзімнің есім танып қала жаздады.

Ауруханаға алып кеттік. Кеш бата үйге оралдым. Бірақ үйге барсам да, көңілім алабұртып, жүрегім аузыма тығылып бара жатқандай күйде болдым. Содан  ауруханаға қайта бардым. Әлгі жігіт зақымданудан есенгіреп, демі үзілгелі жатыр екен. Көп мөлшерде қан жоғалтқан. Санавиация қан алып келгенше біраз уақыт кетеді. Тәуекел етіп, инемен аяғының артерия тамырына физертінді жібермек болдым. Уайымдап тұрсам да, салған инем артерияға бірден дәл түсті. «Уф!» дедім.  Ағзасына 700 миллилитр физертінді та-ралған соң, тыныс ала бастады. Есенгіруге қарсы келесі ем ол – спирт болатын. «Саша, 100 грамм ішесің бе?» дегем, ол қарсы болмады. Спиртті беріп, санавиацияның келгенін күттік. Әйтеуір ота сәтті өтіп, жігіт аман қалды. Сол кездегі маңдайдан  шып-шып аққан ащы тердің кермек дәмі әлі есімде, – дейді Юрий Хван.

Маманның айтуынша, пластикалық ота кез келген адамға жасала бермейді. Мұндай отаға бірінші денсаулығың, екіншіден, әлеуметтік жағдайың сәйкес келуі керек. Бұл отаның қызметіне жүгінген кез келген адам барлық  хирургиялық ота үшін арнайы бекітілген стандартты медициналық тексерістен өтеді. Сондай-ақ хирургтің жұмысы пациенттің көңілінен шықпай қалып, дау-дамай тумас үшін ота алдында пациент пен хирург арасында екіжақты келісімшарт құрылады. Келісімшарттың талаптарымен келіспеген жағдайда ота жасалмайды. Пластикалық хирургияның барлық түрі ақылы қызмет болып есептелінеді.

Перфекционизм  дерті туралы  не  білеміз?

Кей адамдар өміріндегі сәтсіздіктерін сырт келбетімен байланыстырады екен. Бұл туралы қалалық №5 емхананың психологы Света Кенжеғалиева былайша түсіндірген еді.

– Бүгінгі жастар бет-әлпетінде еш міні жоқ көрікті, яғни идеал адам болуға тырысады. Бет-әлпетті өзгерту ғана емес, жасартуға арналған шаралар да үлкен сұранысқа ие. Енді бұл мәселеге психологиялық тұрғыда зер салайық. Адамның түр-келбетінде туабітті ақаулар болса, оларды түзету оның қоғамдағы рөлін өзгертетіні рас. Себебі, кей адамдар бет-әлпетіндегі кемшіліктердің кесірінен көпшілікпен тіл табысып, қоғамға сіңісіп кете алмайды. Өздерін сенімсіз сезінеді. Сондықтан мұндай кездерде пластикалық отаның әсері зор.

Сондай-ақ өзінің бет-әлпетіне, дене бітіміне, мүсініне қанағаттанбайтын жандар арасында дисморфофобия деп аталатын психологиялық ауытқушылықтың барын да  айта кеткеніміз жөн. Дисморфофобия дертіне жасөпірімдер жиі  шалдығады. Өзіне көңілі толмаған жан бірте-бірте қалыпты өмір сүруден қалады. Соңы қайғылы аяқталуы да мүмкін. Сондықтан бұл дерт – өте қауіпті.

Пластикалық хирургия мен косметология сырт келбетіңізді өзгерткенмен, жан күйзелісіне көмектесе алмайды. Пластикалық хирургтар пациентімен сөйлескенде психологиялық жағынан тексеріп алғаны жөн. Себебі, ол адам отадан кейін де өз-өзіне көңілі толмауы мүмкін. Бұл бала кезде алған стресс, психологиялық жарақаттың әсерінен болады. Кейбір кездері көрікті, сымбатты адамдар да пластикалық ота жасауға талпынады. Бұл – перфекционизм синдромы. Бұл топқа жататындар өміріндегі сәтсіздіктерді тек сыртқы келбетімен байланыстырады. Қарапайым мысал келтірер болсақ, олар көшеге боянбай шықпайды. Бетіне безеу шықса да, жолым болмайды деп  қабылдайды, – дейді психолог.

Әжімнің  алдын  ал

Пластикалық ота жасатуға баратындардың дені қыз-келіншектер екені жасырын емес. Орал қаласындағы сән салонында қызмет ететін Әлия есімді косметолог-маманның айтуынша, әйел адамдарды ерте қартайтып жіберетін үш себеп бар екен. Біріншісі,  ұзақ мерзімді күйзеліс, уайым-қайғы. Яғни әжімнің ең үлкен жауы күйзеліс десе де болады. Сондықтан «сүйгенім тастап кетті, жақынымнан айырылдым, ақша жетпейді» деген жағдайлардың бәрі тек жүрекке ғана салмақ емес, сонымен қатар әйелдің бет терісін де тез тоздыратынын ескерген жөн. Екінші себеп, темекі шегу. Шылымқор  нәзік жандылардың бетіне әжім жиі түседі екен. Қыздар оған жас кезінде мән бермейді. Кейін жастары қырықтан асқанда беті әжімдерден қатпарланып кеткенде барып бір байқайды.  Үшіншіден, әйел адам өзінөзі күтуі керек. Әсіресе, бетін құрғатып жіберетін сыртқы факторлардан сақтану үшін терісіне ылғалдандыратын кремдер жағып, кәсіби косметологтың кеңесін алып тұрғаны жөн. Бет терісін тазалап, аллергиялық реакция бермейтін және кері әсері жоқ косметиканың түрлерін пайдаланғандары абзал. Қыстың аяздары, күздің қара суығы, көктемнің желі бет терісін қабындырып жібермеуі үшін әр әйел күтіну амалдарын жасағаны жөн.

Түйін

Ғаламтордан сәтсіз жасалған пластикалық оталар туралы мысалдарды жиі көруге болады. Мұндай жағдай 2016 жылы өңірімізде де орын алған болатын. Орал қаласының орталығындағы сән салонына ботокс жасатқан шаһар тұрғыны жедел жәрдем көлігі жеткенше қайтыс болған еді. Марқұм келіншектің екі ұртына әжімді жазатын ине салған косметолог Мәскеуден арнайы шақыртылған. Косметолог істі болғанымен, үш перзенттің анасы отбасына қайта оралмайтыны белгілі. Сондықтан таяқтың екі ұшы болатынын ескерсек,  сұлулықты қолдан жасаймын деген жарнамаларға жүгірмей, білікті маманмен ақылдасқаныңыз абзал.

Гүлсезім БИЯШЕВА,

«Орал өңірі»

Суреттер   ғаламтордан   алынды


Елбасының бейнеүндеуіне қолдау

Күні: , 52 рет оқылды

Жақында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Challenge Другой ты!» атты республикалық спорт шарасына қолдау көрсетіп, осы акцияның қатысушыларына бейнеүндеу жолдаған болатын. Бейсенбі күні облыс әкімі Алтай  Көлгінов бастаған оралдықтар қалалық мәдениет және демалыс саябағына жиналып, Елбасының игі бастамасын қолдау мақсатында жаппай жүгіру ұйымдастырды.

Айта кетейік, бұл бастаманың мақсаты – еліміздің тұрғындары арасында дене шынықтыру мен саламатты өмір салтын насихаттау. Акция аясында отандық танымал спортшылардың, еліміздің мәдениет және БАҚ өкілдерінің қатысуымен ашық жаттығулар өткізу жоспарланып отыр. Осылайша олар қазақстандықтарды дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануға ынталандыратын болады.

Оралдық жас кәсіпкер Асхат Рамазанов 11 күн бойы өзінің инстаграм парақшасында қала тұрғындарын орталық саябақта өтетін таңғы жүгіруге қолдау білдіруге шақырған болатын. Бүгінде салауатты өмір салтын ұстанып, таңғы жүгіруге қатысушылардың қатары күн санап көбейіп келеді.

– Әр адам өзінің алдына қойған мақсатқа жетуі үшін ең алдымен темірдей тәртіп қажет. Қанша жерден дарынды болсаң да, тәртіпсіз ештеңеге қол жеткізе алмайсың. Өмір – қысқа қашықтыққа жүгіру емес. Шеті көрінбейтін ұзақ сапарда сен өзіңнің мықты екендігіңді, қойған мақсатқа жете алатыныңды дәлелдеуің қажет. Сондықтан әр бастаған ісіңіздің нәтижесіне жету керек. Егер сіз таңғы жүгіруді өзіңізге мақсат тұтсаңыз, тоқтамаңыз, – деді жиналғандар алдында сөз алған Асхат Рамазанов.

Елбасымыз өз бейнеүндеуінде «Спортпен шұғылдану, жаттығу жасау саламатты өмір салтын қалыптастырудың негізгі кепілі болып саналады. Денсаулығы мықты адам ғана бақытты өмір сүріп, биік мақсатқа қол жеткізе алады.

Бақыт бұл – байлық та емес, мансап та емес. Оның 90 пайызы денсаулықта жатыр. Әрбір азамат «шынықсаң, шымыр боласың» деген қағиданы берік ұстанғаны абзал.

Мемлекет дене тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, спорт саласын дамытуға жағдай жасап келе жатқанын өздеріңіз көріп отырсыздар. Барлық облыста стадиондар жөнге келтірілді, теннистік корттарды салып жатырмыз. Қазір қалаларды аралап көрсеңіздер, әрбір ауданда, әрбір аулада, яғни барлық жерлерде  кішкентай спорт алаңдары жасалып, сол жерде біздің жастарымыз шынығып жүр», – деп атап өткен болатын.

Аталған акция аясында елімізге танымал спортшылар мен өнер қайраткерлері түрлі жаттығулар жасап, көпшілікті спортпен айналысуға шақырған болатын.

Орталық саябақта өткен жаппай жүгіруге өңірдің белгілі спортшылары да қатысты. Көпшілікпен бірге жүгіру жолағынан өтіп, спорт алаңында жаттыққан облыс әкімі бұл игі шара дәстүрлі түрде ұйымдастырылып тұратындығын айтты.

– Өзіңді өзгертіп, басқа қырыңыздан танығыңыз келсе, спортпен шұғылдануыңыз керек. Сондықтан барша жерлестерімді спорттан қол үзбей, салауатты өмір салтын ұстануға шақырамын, – дейді облысымыздың мақтанышы, шорт-тректен ұлттық құрама мүшесі Нұрберген Жұмағазиев.

Динара КИНДЕРБАЕВА


«Ақжайық» — «Астана» 3:0

Күні: , 42 рет оқылды

Футболдан премьер-лига командалары арасында Оралдың «Ақжайығы» П. Атоян атындағы стадионда ел чемпионы «Астананы» қабылдап, 3:0 есебімен жеңіске жетті.

Бұл ХХІІ турдың алға ысырылған ойыны болатын. Ел біріншілігінде жекедара көш бастап келе жатқан астаналықтардың бәсі жоғары екендігі түсінікті еді. Дегенмен жасыл алаңда небір тосын жағдай болатындығын осы кездесу көрсетті.

«Ақжайықтың» бас бапкері міндетін атқарушы Артур Авакянц чемпионаттың сұрмергені, украиналық Адеринсола Хабиб Эсеоланы бірден алаңға шығарған жоқ. Есесіне Украина елінің тағы бір өкілі, талай жыл Львовтың «Карпаты» командасының намысын қорғаған жартылай қорғаушы Игорь Худобяк 4-минутта Руслан Қайыровтың пасынан кейін Александр Мокин қорғаған қақпа бұрышын баспен дәл көздеді.

Елордалықтар шабуылдап баққанымен, «Ақжайықтың» қақпашысы Сергей Ткачук бастаған ойыншылар сәтті қорғана білді. Екінші таймда «Астана» капитаны Дмитрий Шомконың қателігінен кейін сенегалдық шабуылшы Малик Мане есепті 2:0-ге жеткізді.

«Астананың» бас бапкері Григорий Бабаян сербиялық және ганалық шабуылшылар Джордже Деспотович пен Патрик Твумасиді ойынға қосқанымен, одан көп ештеңе өзгерген жоқ. Керісінше Иван Антиповтың орнына Эсеола шыққан бойда Мане екеуі алға ұмтылды. Әйтсе де, Маненің тепкен добы қақпадан қиыс кетті. Дегенмен 86-минутта Эсеола оң қанаттан Абзал Бейсебековті алдап өтіп, биылғы біріншіліктегі өзінің сегізінші голын соқты.

Осылайша «Ақжайық» күтпеген жерден «Астананы» ірі есеппен ұтып кетті. Бұл батысқазақстандықтар үшін елордалықтармен ойындардағы бірінші һәм тарихи жеңіс еді.

Кездесу соңында облыс әкімі Алтай Көлгінов арнайы барып, «Ақжайық» ойыншыларын жеңісімен құттықтады.

Елордалықтар 31 ұпаймен бұрынғыша көш бастап келе жатқанымен, олардан алматылық “Қайраттың” екі ойыны кем. Қазір 26 ұпаймен екінші орында тұрған алматылықтар сол қос кездесуін сәтті өткізсе, астаналықтарды қуып жетеді. Ал 16 ұпай жинаған оралдықтар бесінші орынға көтерілді.

«Ақжайық» алдағы жексенбі, 27 мамыр күні өз алаңында Қызылорданың «Қайсарын» қабылдайды. Бұл да жауапты кездесудің бірі екені анық, сондықтан босаңсуға болмайды.

Ғайса БӘЙМЕН


Жыр мүшәйрасы

Күні: , 47 рет оқылды

Ақжайық ауданында көрнекті ақын Сағат Әбдуғалиевтің 70  жылдығына  арналып  «Кіндік  жұрт  –  Қазақстаным!»  атты аймақтық-республикалық  жыр мүшәйрасы өтеді.

Бұл мүшәйраның ұйымдастырушылары БҚО мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы, БҚО мәдениет және өнер орталығы, Ақжайық ауданының әкімдігі, Ақжайық аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі, аудандық мәдени демалыс орталығы болып табылады.

Қатысушылардың жасына шектеу қойылмайды.

Мүшәйраға екі өлең ұсынылады. Бірі – қазақтың көрнекті ақыны Сағат Әбдуғалиевке арналған, яғни оның шығармашылығын дәріптеуге бағытталуы тиіс, екіншісі, ақын туған Жұбан елі – Ақжайық туралы болу керек.

Бұрын-соңды баспасөз беттерінде жарық көрмеген өлеңдер қабылданады.

Өлеңдердің электронды нұсқасы akj_dos_mo@mail.ru, gulzhamal_k@mail.ru эл. пошталары  арқылы  бүркеншек  атпен  жолданады.

Автор туралы мәлімет, аты-жөні, толық мекенжайы, өлеңдердің жазбаша түпнұсқасы салынған жабық конверт БҚО, Ақжайық ауданы, Чапаев ауылы, Қазақстан  көшесі, №55 үй мекенжайына пошта арқылы бөлек  жолданады, конверттің сыртына бүркеншік  аты көрсетіледі.

Тапсырылатын шығармалар 2018 жылдың 20 маусымына дейін қабылданады.

Жүлдегер ақындар дипломмен, бағалы сыйлықтармен марапатталады. Бас жүлде – 1, І орын – 1, ІІ орын – 1, ІІІ орын – 1. Ынталандыру сыйлықтары болады.

Мүшәйра Ақжайық ауданының Тайпақ ауылында 28 маусым  күні қорытындыланады.

Анықтама алу үшін мына телефондар арқылы байланысқа шығуға болады: тел. /факс: 87113692140; факс: 871136 91241


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика