Мұрағат: 23.05.2018


Шегірткеге шабуыл қарқын алмақ

Күні: , 43 рет оқылды

Сейсенбі  күні  шегіртке  тұқымдас  зиянкестермен  күрес  бойынша  шараларды  үйлестіру  жөніндегі  облыстық  штабтың  кезекті  жұмысы  Зашаған  кенті  Саратов  тас  жолы  бойында  орналасқан  «Қайрат»  ЖШС-ның  егістік  алқабында  өтті.  Облыс  әкімінің  бірінші  орынбасары  Игорь  Стексов  қатысқан  шарада  қауіпті  зиянкестерге  қарсы  химиялық  өңдеу жұмыстарын  жүргізетін  мекемелердің  арнайы  техникаларының әзірлігі  мен  сапасы  қаралды.

Республикалық фитосанитарлық диагностика  және болжамдар әдістемелік орталығының мамандары аумақтарды зерттеп, жыл сайын зиянкестерге қатысты болжам жасап, қай аймақтарда және қанша алқапты өңдеу керектігін есептейді. Аталмыш  мекеме жүргізген бақылау нәтижесі бойынша биыл облыста үйірлі шегіртке тектес зиянкестерге қарсы химиялық күрес шаралары 168,71 мың гектар алқапта жүргізілмек. Оның ішінде итальяндық прус шегірткесіне қарсы 166,71 мың гектарда, азиялық шегірткеге қарсы 2,0 мың гектарда химиялық өңдеу шаралары  ұйымдастырылады.

– Штаб жұмысы барысында біз арнайы техникалардың жұмыс жасауға дайындығын тексердік.

Қазір қажетті химиялық препараттардың қоры 35 пайызды құрайды. Әзірше он күнге жететін препараттың қалған мөлшері мамырдың соңында жеткізіледі. Мәселен, алматылық «АгроСла» компаниясы өңдеу жұмыстарын әуеден жүргізетін болады. Олардың аса жеңіл делталет әуе көлігіне GPS-навигатор қойылған. Бұл құрылғы өңдеуді қажет ететін жерлерді нақты көруге мүмкіндік береді. Уақыт тығыз болғандықтан, бұл науқанға тек жұмыс штабы мен компаниялар ғана емес, аудандық әкімдіктер де жұмылдырылады. Қажетті техника артығымен қамтамасыз етілген. Облысымыз химиялық өңдеу жұмыстарын басқа өңірлерге қарағанда кешірек бастайды. Бұл біз үшін пайдалы десек те болады. Өйткені қолданатын препараттардың тиімдісін анықтауға мүмкіндік береді, – деді  Игорь  Стексов.

ҚР АШМ агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің БҚО аймақтық инспекциясының басшысы Лавр Хайретдиновтың айтуынша, өңдеу жүргізілетін алқаптардың жартысынан көбі Бөкей ордасы және Қаратөбе аудандарына тиесілі.

Мәселен, Бөкей ордасы ауданында жеті ауылдық округ аумағын қосқанда 69,78 мың гектар жерде химиялық өңдеу жоспарланған.

Қаратөбе ауданында жалпы көлемі 61,05 мың гектар аумақта шегірткеге қарсы өңдеу жұмыстары жүргізілмек. Сондай-ақ Жаңақала және Сырым аудандарында да жұмыс көлемі ауқымды. Ал азиялық шегірткеге қарсы өңдеу жұмыстары Жаңақала ауданында қолға алынбақ. Тендерде жеңімпаз атанған төрт мекеме зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын  жүргізетін   болады.

– Бұрын түрлі ауруларға, зиянкестерге қарсы мемлекеттен қаржы бөлініп, егін салатын аудандарда өңдеу жұмыстары жүретін еді. Бүгінде Ауыл шаруашылығы министрлігінің тапсырмасы бойынша егіннің қожайыны осы жұмыстардың барлығын өз есебінен жүргізеді де, мемлекеттен демеуқаржы алады. Енді өсімдік қорғау саласындағы шегірткеге қарсы химиялық өңдеу шаралары ғана мемлекет тарапынан жүргізіледі, – дейді Лавр Рашидұлы.

Итальяндық прус тұқымдас шегіртке таяуда, яғни 10 мамыр күні Бөкей ордасы мен Жаңақала аудандарында тіркеліп отыр. Бұл шегіртке дернәсілдерінің жаппай көрінуі болады деп 23-27 мамыры аралығында күтілуде. Сол себепті, химиялық өңдеу жұмыстары 27 мамырдан  бастап  жүргізіледі.

Ясипа  РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»

Cуреттерді  түсірген  Айбатыр  НҰРАШ


«Бюрократтыққа салынбай, кәсіпкерлерге көмектесу керек»

Күні: , 414 рет оқылды

Облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов  облыстық  кәсіпкерлер  палатасында  кәсіпкерлерді  қабылдады.

Облыс әкімімен көзбе-көз әңгімелесіп, түйткілді мәселелерін шешуге 14 кәсіпкер келді. Олардың үшеуі жерге қатысты сұрақтарына тиісті жауап алды. Тілек Иманғалиев Зашаған кентінде көлік жөндеу және көлік жуу пунктінің құрылысын бастаған. Бірақ жер телімінің жалға алу мерзімін ұзарту қиынға соғуда. Бұл мәселеге қатысты облыс әкімі қала басшысына кәсіпкерге көмектесуді және жеке өзінің бақылауына алуды тапсырды.

Кәсіпкер Николай Ванюковке инвестициялық жобаны іске асыруға 5 га суландырылатын жер телімі керек. Экошаруашылық Теректі ауданында ашылмақшы, сондықтан аудан басшылығына тиісті тапсырма берілді. Ал ағайынды Антон мен Александр Пузаковтар облыс әкімінің қабылдауына қайтадан келді. БҚО жердi пайдалануды бақылау және қорғау жөнiндегi басқармасы Александрды «Урал» гараж кооперативіндегі мемлекеттік жер теліміне заңсыз орналасқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартып, айыппұл салған. «Біз бұл шешіммен келіспейміз, кәсіпкердің құқығын сотта қолдаймыз», – деді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Сәкен Карин.

Кәсіпкер Алла Оразбаева қаржыландыру мәселесі бойынша қабылдауға келді. Ол балалардың жылы киімін тігумен айналысады. Өндірісі жаз айларында тұралап қалмас үшін мектеп оқушыларының формасын тігуді қолға алмақ. Мемлекеттік грантқа өтініш берді, бірақ нәтижесі әлі шыққан жоқ. Оған кем дегенде 3 млн. теңге қаражат қажет. Кепілдікке салатын мүлкі болмағандықтан, банктерден несие ала алмайды. Сергей Русаков пен Владимир Богдашкин екінші мәрте грантқа өтінім берген. Олардың инновациялық жобасы жол саласына қатысты. Қалалықтардың түйткілді мәселесі бойынша келген кәсіпкер Александр Шуберт Атоян атындағы стадион ауданына қоғамдық әжетхана орнатқан. Ал екіншісін жаңа алаңға қоймақ. Кәсіпкердің айтуынша, коммуникация тарту қымбатқа шығатындықтан грант оған аса  қажет.

Облыс әкімінің айтуынша, жобалардың маңыздылығы бар, әрине. Бірақ ол гранттық комиссия мүшелерінің шешіміне әсер ете алмайды. Сондықтан кәсіпкерлерге мүмкіндіктерді саралай отырып, нақты көмек көрсетуді облыс әкімінің орынбасары М. Сатқановқа, қала әкімі М. Мұқаевқа  тапсырды.

Жеке балабақшаны субсидиялау мәселесі бойынша үш кәсіпкер қабылдауда болды. Бір кәсіпкердің қаладан басқа Зеленов ауданында да мектепке дейінгі мекемесі бар. Мәселе сол бойда шешілді. Мемлекеттік бағдарлама бойынша субсидиялауға қаржы жеткіліксіз. БҚО бойынша 1 млрд. теңге игерілген, әлі 1,5 млрд. теңге қажет. Алтай Көлгінов бұл мәселені шешу жұмыстары жалғасып  жатқанын  айтты.

Қабылдауда мемлекеттік-жеке меншік әріптестік жобалары талқыланды. Елена Уланова осы негізде қаланы көгалдандырумен айналысқысы келеді. Тек орын жағын шешу керек. Эльдар Өтегенов мемлекеттік мекеме-ұйымдарда электр қуатын үнемдеуді ұсынды. Елімізде күн панельдері шығарылады, сондықтан отандық өнімге  мән  беру  шарт.

Өңір басшысымен кездесу барысында түйткілді несиелер, қалада және ауылдық жерлерде сауда орындарын бөлу, әлеуметтік кәсіпкерлік бойынша нақты шешімдер әзірленді.

«Бізге көмек сұрап келеді. Сол себепті мемлекеттік құрылымдар бюрократтыққа салынбай, кәсіпкерлерге көмектесулері керек», – деді облыс әкімі. Сондай-ақ Алтай Көлгінов кәсіпкерлерді қабылдау барысында берілген тапсырмалардың орындалуын қадағалайтынын, орындалмаған жағдайда  шара  алатынын  жеткізді.

Айгүл  ЛОГАШКИНА


«Айналайынның» айналайындары

Күні: , 41 рет оқылды

Сейсенбі күні «Жайық Пресс» ЖШС-ның кеңсесінде облыстық «Орал өңірі» газетінің 100 жылдығына орай былтыр жарияланған балалар шығармашылығының  байқауы  қорытындыланып, жеңімпаздар марапатталды.

«Орал өңірі» газеті редакциясының басшылығы балалар шығармашылығына арналған байқауды газет-журнал оқитын  балғын оқырмандардың қарасын көбейтіп, олардың шығармашылық қарым-қабілетін шыңдай түсу мақсатында біраз жылдан бері ұйымдастырып келеді. Балдырған авторлардың редакцияға жолдаған дүниелері балаларға арналған «Айналайын» бетінің аясында жарияланып тұрады.

Салтанатты шарада сөз алған ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Ақұштап Бақтыгереева «Орал өңірінің» балдырған оқырмандарына ақжарма тілегін  арнады.

– Мен бүгінгі шараға қатысып отырғаныма қуаныштымын. Біз сөзді ұғып, әдеби шығарманың мән-маңызын зердесіне тоқып, ұғынатын балдырғандарға зәруміз. «Көргенсізге бұл қазақ зәру болса,  Қыздарының барлығы ару болса..» деп жазған жыр жолдарымдай қыздарымыздың барлығы ару, ибалы, ұлдарымыз батыр, рухты, тұлғалы болса екен деп тілейміз. Бірақ барлығы сондай бола бермейді. Сендердей саналы, батыл, білімді ұрпақтың арқасында ел тәуелсіздігі нығаяды, қоғам өркендейді. Әдебиетке бей-жай қарамай, кітап, газет оқуға ынталы балаларды көргеніме қуанып отырмын. Мен де сендер секілді ауылда туып-өстім. Алғашқы өлеңдерім де ауылға арналды. Сендердің кішкентай ауылдарың – кең байтақ Қазақстанның, туған жердің бөлшегі. Туып-өскен жерлеріңді сүйіңдер. Ана тілдеріңді қадірлеңдер, өзге тілді меңгеріп, әлемді шарлаңдар. Өйткені, сендер – егемен елдің бақытты ұрпағысыңдар! – деді Ақұштап ақын.

Аталмыш байқауға біздің өңірдің Мақсот Берген, Марат Оңғарбеков, Нұрлыбек Хайруллин секілді азаматтары балалардың шығармашылығын қолдап,  демеушілік танытты. «Мақсат» медициналық колледжінің директоры Мақсот Берген балғындарға еңбек пен білімнің арқасында ғана өмірдегі үлкен белестерді бағындыруға болатындығын алға тартты.

–  «Мың шақырым жолдың өзі бірінші қадамнан басталады» дегендей, айналайын сендердің журналистика мен әдебиет әлеміне деген алғашқы қадамдарыңа қолдау-демеу көрсетіп келе жатқан «Орал өңірі» газетінің редакциясына алғысым зор. Бала кезімізде ауылға келетін «Балдырған» журналын асыға күтетін едік. Сонда Қадыр Мырзалиевтің өлеңдері жарияланып тұратын. Сол өлеңдермен сусындап өстік. Біз бақытты адамбыз. Өйткені біздің өңірімізде Махамбет Өтемісұлы, Жұбан Молдағалиев, Қадыр Мырза Әли, Қайрат Жұмағалиев, Ақұштап Бақтыгереевадай әдебиет алыптары дүниеге келген. Сендерді мектеп тәрбиелеуде. Болашақта өз-өздеріңді тәрбиелейсіңдер. Мен жеті перзент дүниеге келген  отбасында тәрбиелендім. Өз күшіммен Алматыдағы медициналық білім беретін жоғарғы оқу орнына оқуға түсіп, ұзақ жыл Батыс Қазақстан медицина колледжін басқардым. Бүгінде Оралдағы «Мақсот» жеке  медициналық колледжінің директорымын. Жеткен жетістігім тынбай іздену мен тынымсыз еңбектің арқасында деп айтар едім. Сіздер де армандарыңызға қол жеткізгілеріңіз келсе, білім жолында табандылық танытып, тынбай еңбектене беріңіздер, – деді Мақсот Берген.

Сондай-ақ «Орал өңірінің» жас оқырмандарына тілегін арнағандар қатарында танымал ақын Ғайсағали Сейтақ, белгілі журналист Есенжол Қыстаубаев және «Егемен Қазақстан» газетінің Батыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Қазбек Құттымұратұлы сынды қаламгерлер болды.

Байқау нәтижесінде Бөрлі ауданындағы Григорьев мектеп-балабақша кешенінің оқушылары Гүлайхан Ғаниева «Періште тілек», Еркебұлан Шарибданов «Балғын бояу», Айкөркем Қанапия «Балауса оқырман» аталымымен және Зеленов ауданындағы  Өркен  мектеп-балабақша кешенінің оқушысы Раукен Зайдуллин «Бақытты балалық шақ»,  Шыңғырлау ауданының Ақтау ауылындағы мектебінен келген Райхан Тасемен «Мейірім», Шерхан Қайдарғали «Асқақ арман» аталымдары бойынша марапатталды. Оларға Махамбет Өтемісұлының, Жұбан Молдағалиевтің, Қадыр Мырза Әлидің, Ақұштап Бақтыгереева мен Қайрат Жұмағалиевтің кітаптарына қоса, ақшалай сыйлық, сонымен қатар қазақстандық “Рахат” кондитерлік фабрикасының шоколадтары және ұл балаларға футбол, ал қыз балаларға волейбол добы табыс етілді.

Өз кезегінде «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин байқау қорытындысын шығарарда балалар шығармашылығының шынайылығына, табиғилығына баса мән берілгендігін атап өтті.

Шараны қорытындылаған «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин  балаларға  газет-журнал мен әдеби кітап оқудың  маңыздылығын айтып өтті.

– «Орал өңірі» газетінің 100 жылдығына арналған байқауға белсенді қатысқандарыңыз үшін алғыс айтамын. Кез келген байқау ынталандыру сыйлығымен ерекшеленеді. Осы шараға қолдау білдіріп, демеушілік танытқан  азаматтарға да дән ризамын. Бүгінгі байқаудың жеңімпаздары сый-сияпатты елімізге танымал ақын Ақұштап Бақтыгерееваның қолынан алып отыр. Бұл балалардың өміріндегі ұмытылмас сәт болып сақталып, шығармашылықтарын  ақ жолға бастайды деп сенемін.

Жүз жылдық тарихы бар «Орал өңірі» газетінде Хамза Есенжановтың, Жұбан Молдағалиевтің, Қадыр Мырза Әлидің тырнақалды туындылары жарияланды. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын ағамыз Қайрат Жұмағалиев осы «Жайық Престе» қызмет істеді.  Ақұштап апаның өзі еңбек жолын «Орал өңірі» газетінің редакциясында бастады. Байтақ елге танымал көптеген журналистердің алғашқы ұстаханасы осы өзіміздің «Орал өңірі» газеті болды. Сендерге газет-журнал оқуға, кітап оқуға бағыт-бағдар беріп отырған ұстаздарыңызға, ата-аналарыңызға алғыс айтамыз. Елбасы бір сөзінде «Күні бойы компьютерде отыратын баланы күні ертең-ақ кітап оқитын бала басқарады» деген болатын. Сіздер газет-журнал, кітап оқып, өлең шығарып, әңгіме жазып, сурет сала бастадыңыздар. Ата-аналарыңыздың үмітін ақтап, елге адал қызмет атқаратындарыңызға біз сенеміз, – деді Жантас Набиоллаұлы.

Жиын соңында жасөспірім-көкөрім авторлар естелік суретке түсіп, «Орал өңірі» газеті редакциясының тыныс-тіршілігімен танысты.

Гүлсезім БИЯШЕВА,

«Орал өңірі»

Гүлайхан  ҒАНИЕВА,

байқау  жеңімпазы:

– Байқауға қатысқаныма өте қуаныштымын. «Орал өңірі» газетіндегі «Айналайын» бетін үзбей оқимын.  Газетке өлең жіберу ұстазым Тұрсынай Үмбеталиеваның  ұсынысы  болатын.  Сосын 100 жыл толған  «Орал өңіріне»  тілегімді арнап өлең жаздым. Нәтижесінде өзім секілді балауса оқырмандар арасында жеңімпаз атанып отырмын. Сыйлықтар өте ұнады.  Әсіресе, кітаптар. Анам «Кітаптан артық сыйлық жоқ» деп айтып отырады. «Орал өңірі» газетінің оқырмандары  көп  болсын!

Еркебұлан  ШАРИБДАНОВ,

байқау  жеңімпазы:

–  «Орал өңірі» газетінің редакциясынан хабарласып, жеңімпаз болғанымды айтқанда қатты қуандым. Сурет салғанды кішкентай кезімнен қатты жақсы көремін. Болашақта  Әбілхан Қастеев секілді атақты суретші болғым келеді. Балаларды ынталандыратын осындай  байқаулар жалғаса берсе  екен.


Саптыаяқ

Күні: , 71 рет оқылды

Ерекше  жәдігер

Ақжайық ауданындағы  Көнеккеткен ауылының  О. Исаев атындағы орта жалпы білім беретін мектебіндегі «Шежіре тұнған құт мекен» тарихи-өлкетану  музейі  көне  жәдігерлерге бай.

Солардың бірі 1902 жылы өмірге келіп, ғұмырының көп жылын КСРО Қарулы күштеріне арнаған, майдангер сардар (офицер) «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері, Ұлы Жеңіске өз үлесін қосқандардың бірі, халық арасында «капитан Қаби» атанған, ардагер Қаби Нұғманов атамыздың сусын ішуге арналған саптыаяғы. Аталмыш саптыаяқ Қаби атамызға 1853 жылы дүниеге келген атасы Нұғманнан қалған екен.

Саптыаяқ – қазақтың күнделікті тұрмыста қастерлеп қолданатын ыдысының бірі. Шеберлерге арнайы шаруа ғып айтып жасатады екен. Сырланбайды. Тұтқа тұсынан басқа жағы безендірілмейді. Ағаштың табиғи түсі сақталады. Сондықтан саптыаяқ шапқанда ағаштың сол табиғи түсін шебер пайдалану – ұсталардың тапқырлығын танытады. Гүлсім Қабиқызының айтуынша, саптаяқты атасы Нұғман сол замандағы бір шеберден (өкінішке орай, есімі белгісіз) аттай қалап алған. Содан немересі Қаби атамызға көненің көзіндей сақта деп аманаттаған. Бұл ыдыстың Қаби атамыз үшін құндылығы сондай, ат жалында отырып, ұжымшар жылқысын бағып жүрген кезінде, сусын ішуге жанынан тастамаған. Қаби атамыз 1998 жылы 92 жасқа келіп, дүниеден өткеннен кейін, қызы Гүлсім Қабиқызы саптыаяқты атамыздың соғыста киген кителімен бірге музейге табыстаған болатын.

Кем дегенде үш ғасырдың куәсі болған ерекше жәдігерді қайыңның безінен жасалған деп топшыладық. Жұмырланған қалыпта жонылып, іші ойылған. Қолға ұстауға ыңғайлы болу үшін сырт жағын шапқан кезде ағаштың діңінен арнайы тұтқа шебер жонылған. Тұтқаның тұрқы қошқар мүйіз өрнегіне сәйкестендірілген. Саптыаяқтың сыртқы тұтқасының төменгі жағында арабша ойылған жазу бар. Қазақша аудармасы «Баршаға Алладан нығмет болсын» делінген. Саптыаяқтың бірнеше түрі бар. Ең үлкені бесті саптыаяқ деп аталса, одан былайғысы бірінен-бірі кішірейе береді де, дөнен, құнан, тай, құлын саптыаяқ деп аталады. Бізге жеткен жәдігердің көлеміне қарасақ  «Дөнен» деген атауға келеді.

Ұрпағы үшін құнды жәдігер қалдырған атамыздың өзі туралы да білгеніміз жөн-ақ. Қаби Нұғманов 1923 жылы Қызыл әскер қатарына алынып, 1928-1930 жылдар аралығында қазақ атты әскер дивизионының курсанты болған. Сонда жүріп, Орта Азиядағы басмашыларды талқандау ұрысына қатысқан.

1931 жылы Ташкент қаласындағы В. Ленин атындағы әскери мектепті бітіріп, Алматы қаласындағы қазақ атты әскер полкінде қызмет етеді.

— Бұл полктің командирі Әліби Жангелдин, комиссары Семен Қаратаев, эскадрон командирі Жақсығали Жоламанов болды деп айтып отыратын әкем, — дейді қызы Гүлсім Қабиқызы.

Кейін ол Киевтің айрықша әскери округіне ауыстырылған. 1939 жылы Батыс Украинаны Кеңес үкіметінің жауларынан азат ету жолындағы қиян-кескі шайқастарға қатысқан. Денесіне снарядтың 21 жарқыншағы қадалып, 14 тісі опырылып ауыр жарақат алған. Полтава облысының Орлице далалық ұрысында тұтқынға түскен екен. Кейіннен қашып шығып, халық кекшілдерінен құрылған «КОТ» партизан отрядына (сол кездегі КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты Олексенко басқарады екен) келіп қосылған.

Неміс фашистерін толық талқандап (бұл кезде капитан шенін алған), соғыс аяқталғаннан кейін де елге оралуға мүмкіндік болмай, Қиыр Шығысқа аттанып, жапондардың Квантун армиясы талқандалған кескілескен шайқастарға қатысқан. Содан кейін, яғни 1947 жылы ғана табаны туған жерге тиген.

Гүлбаршын  СҮЛЕЙМЕНОВА,

«Шежіре  тұнған  құт  мекен»  тарихи-өлкетану  музейінің  жетекшісі,

Ақжайық   ауданы


«Дені сау дәрігер – дені сау пациент!»

Күні: , 67 рет оқылды

«Дені  сау  дәрігер –  дені  сау  пациент!»  ұранымен  медицина қызметкерлерінің  қалалық  спартакиадасы  өтті.

Атоян стадионында өткен шараға денсаулық сақтау басқармасының, қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшылары, еңбек және спорт ардагерлері, үкіметтік емес ұйымдар мүшелері, медицина  қызметкерлері  қатысты.

Денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің салауатты өмір салтын өздері бастап сақтауы көпке үлгі боларлықтай-ақ. Олар үйреншікті ақ халатты спорттық киімге, аурухана қабырғасын спорттық алаңға ауыстырып, спартакиадаға  белсене  қатысты.

Қалалық медицина ұйымдарынан 600-ден астам медицина қызметкерінің қатысуымен өткен спартакиада жеңіл атлетика, шағын футбол, волейбол, арқан тарту, асық ату, үстел теннисі секілді спорт  түрлерінен  өтті.

Нәтижесінде шағын футболдан қалалық көп бейінді аурухана, жағажай волейболынан облыстық көп бейінді балалар ауруханасы, жеңіл атлетикадан облыстық жедел жәрдем станциясы, арқан тартудан облыстық кардиологиялық орталық, үстел теннисінен медициналық орталық,  асық атудан №3 қалалық емхана үздік болды. Жалпы командалық есеп бойынша қалалық жедел медициналық жәрдем станциясы І орын, қалалық көп бейінді аурухана ІІ орын, облыстық кардиологиялық орталық ІІІ орынға қол жеткізді. Спартакиада жеңімпаздарына дипломдар, кубоктар, медальдар және естелік сыйлықтар табыс  етілді.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИҚЫЗЫ


Цифрландыру мәселесі талқыланды

Күні: , 37 рет оқылды

Шыңғырлау ауданында «Цифрлық Қазақстан және мемлекеттік қызметтер көрсету» тақырыбында семинар-кеңес өткізілді.

Семинар-кеңеске ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО департаментінің басшысы Б. Исақов, БҚО бойынша құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі басқарма басшысы Ж. Нұрмағамбетова, БҚО әкімі аппараты басшысының орынбасары М. Қалығұлова, «Қазақстан Халық банкі» АҚ БҚО филиалының өкілі Р. Дүйсенғалиева қатысты.

— Шыңғырлау ауданы бойынша барлық елді мекен ғаламтор желісіне қосылған. Алайда бүгінгі күнге ол кейбір ауыл тұрғындарының қажеттіліктерін қанағаттандырмайды. Қазіргі таңда аудан бойынша интернет желісіне тұрғындардың 86,4 пайызы 4 мбит/сек-ке қол жеткізуде, ал 13,6 пайызы 1 мбит/сек қамтылған. Біздер цифрлық теңсіздікті төмендету мақсатында тұрғындарды 100 пайыз қамтамасыз ету мүмкіндігін қарастырудамыз. Басты міндет — ауылдық округтерде ғаламтор желісіне қолжетімділігін жақсарту арқылы мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру болып табылады. Мысалға, осы жылдың бірінші тоқсанына аудан бойынша 6263 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Соның ішінде қағаз түрінде 202 қызметтер көрсетілген. Бұл өткен жылдың І тоқсанынан 30%-ға аз. Мемлекеттік корпорация арқылы 4589 қызмет көрсетілді, бұл 2017 жылдың алғашқы тоқсанымен салыстырғанда 11%-ға азайды. Электрондық нысанда 1472 қызмет көрсетілді, бұл былтырғы І тоқсанымен салыстырғанда 7%-ға өсті. Сонымен қоса барлық сегіз ауылдық округте өз-өзіне қызмет көрсету орындары арқылы 153 адам қызмет алды.

Осыған орай ауылдық округтерде электронды түрдегі мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін жоғары жылдамдықтағы ғаламтор желісімен қамтамасыз ету қажет.

Осыған дейін аудан бойынша төрт ауылдық округ ұялы байланыспен қамтылған болатын. Өткен жылдың соңында спутниктік байланыс сияқты сымсыз технологиялармен (3G) қамтамасыз ету мақсатында, Ақбұлақ ауылы ұялы байланысқа қол жеткізді. Қазіргі таңда аудан бойынша бес ауылдық округ, 13446 адам (89,3%) ұялы байланыспен қамтылып отыр.

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында арнайы аудандық іс-шаралар жоспары бекітілді. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының міндеттерінің бірі – қаржы технологияларын және қолма-қол ақшасыз төлемдерді дамыту мәселесі. Осыған орай коммуналдық қызметтердің сенімділігімен ыңғайлылығын арттыру мақсатында, барлық коммуналдық төлемді тұрғындардың қалауларына қарай баламалы түрде «Қазақстан Халық банкі», «Қазпошта» АҚ-лармен, терминалдар арқылы және электронды түрде төлеу жүргізілуде. Атап айтқанда, «БатысЭнергоРесурсы» ЖШС абоненттері төрт ай ішінде, «Қазақстан Халық банкі» АҚ арқылы 190, «Қазпошта» АҚ-мен 260, қалғандары касса арқылы төлеуде. Аудандық «КазТрансГазАймақ» АҚ учаскесі бойынша аудан тұрғындарының 70 пайызы «Қазпошта» АҚ, 20 пайызы кассалар арқылы, ал 10 пайызы «Халық банк» АҚ-ның мобильді банкинг қосымшасы арқылы есеп айырысуда.

Соның ішінде «Шыңғырлаукомтехсервис» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны ауыз суға төлемдерді қолма-қол ақшасыз жүргізу мақсатында «Қазақстан Халық банкі» акционерлік қоғамымен екі тарапты келісімге отырып, аудан тұрғындарына интернет және мобильді банкинг қосымшасы арқылы қызмет көрсету жұмыстарын бастады. Сонымен қатар аудан аумағындағы ауыл шаруашылығы құрылымдарға арналған бос жерлер туралы көрсететін электрондық стационарлық карта, дәрігерге электронды жазылу және т. б. шаралар бастау алды, — деді жиында аудан әкімі Альберт Есалиев.

Бұдан әрі ауданда атқарылып жатқан істер жөнінде әр сала бойынша хабарлама жасау үшін баяндаушылар сөз алды.

Әр сөйлеуші өз мекемелерінде қолға  алынған  істерді толығымен түсіндіріп, алдағы жоспарларымен де бөлісті.

Коммуналдық төлемдерді төлеудегі оңтайландыру, жеңілдіктер туралы «Қазақстан Халық банкі» АҚ бөлімшесінің басшысы Э. Чабан баяндаса, осы жұмыстың «Қазпошта» АҚ мекемесінде қалай жүзеге асатынын Б. Ғабдуллиева айтып өтті. Электрондық қызметтің дәрігерлер мен мұғалімдердің жұмыстарын жеңілдетіп, уақытын үнемдеуге беретін мүмкіндіктер туралы, сәйкесінше науқастарды қабылдауға, оқушылармен жұмыс жүргізуге тиімді жол ашатыны туралы аудандық білім бөлімі басшысы А. Сапаров, аудандық орталықтандырылған ауруханасы директорының орынбасары М. Хамзиев түсіндірді.

Egov электрондық үкімет арқылы үшінші тұлғамен анықтама алу туралы Шыңғырлау аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Э. Ығылманова айтып өтті. Аудан аумағында электронды картаның болуы да аса маңызды. Қай округте, қандай жерлер барлығы жөнінде мәліметтердің алдағы уақытта көпшілікке қаншалықты белгілі болып тұратыны туралы аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы С. Қазиев мәлімдеді. Жалпы, ау-дан бойынша интернет жүйесімен қамтылу жайы, оның жылдамдығы туралы алдағы жоспарларымен «Қазақтелеком» АҚ аудандық бөлімшесінің басшысы О. Лисун ойларын ортаға салды.

Аудандағы атқарылып жатқан жұмыстарымен танысқан ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігі БҚО бойынша департаментінің басшысы Болат Исақов өз сөзінде ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға ризалық білдіріп, жаңа істер жал-ғасын тауып, жүйелі жұмыс жүруі керектігіне тоқталды. Одан әрі БҚО  бойынша құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі басқарма басшысы Ж. Нұрмағамбетова, облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары М. Қалығұлованың баяндамалары тыңдалды.

Адақ   ШОТПАНОВ,

Шыңғырлау  ауданы


Қажы қаздырған канал

Күні: , 63 рет оқылды

Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс.

(Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынан)

Төлен – Қалдығайты өзені құятын Төлен көлінің жағасында, Қаратөбе ауданының орталығынан оңтүстік-батысқа қарай алпыс шақырымдай жерде орналасқан шағын ауыл.

Бұл жерден аудан орталығына баратын сан тарау қара жолдың қайсына түссеңіз де, Қалдығайтының бір саласы Бердәліден Ебей көліне дейін ұзыннан ұзақ созылып жатқан, бүгінгі таңда жүлгеге айналған көне ордың ізін кесіп өтесіз. Ол – Айту оры деп аталады.

Байбақты Шолан батырдың төрт баласының бірі Байторы болса, Айту – сол Байторымен бірге Төлен көлінің маңайын ежелден бері тел еміп келе жатқан Жаңабайбақтының бір ұрпағы. Шежіре деректеріне сүйенсек, Жаңабайбақтылардың Төлен көлінен қоныс тебуіне тарихтағы әйгілі Сырым Датұлының тікелей ықпалы болған екен. Ордың атын иеленген Айтумен бір туған Күнтудың тікелей ұрпағы, бүгінде Алматы қаласында тұратын зейнеткер Мақсот Күнтуевтің айтуынша, Күнтуден Рабай, одан Елеусін, Қабдығалым дейтін екі бала туады. Елеусін 1895 жылы, ал Қабдығалым 1900 жылы дүниеге келген кісілер екен.

— Өзім қолдарында өскен Елеусін, Қабдығалым аталарымыздың айтуынша, біздің тұқымда оқымыстылық қасиет болған көрінеді. Күнту мен Айту қажыға барған. Күнту атамыздың салған мешітінде мешітті ұстайтын молдалар бірінен соң бірі тұрақтамай, өле беріпті. Содан Күнту атамыз мешітке молдалыққа жалғыз баласы Рабайды қояды. Рабай атамыз сол мешітті 40 жыл ұстапты. Күнтудың өзі бір жұқпалы ауруға шалдығып дүние салады. Қайтыс боларының алдында «Ауруымның түрі жаман, жалғыз інім Айтудың амандығы керек, оны маған жақындатпаңдар» деп өзін інісінен аулақ ұстаған екен. Қарттардың айтуынша, арғы аталарымыздан Сағырша деген батыр Сырым батырмен бірге жүрген. Сағырша төрт ағайынды. Бірі – Бөгенбай, қалған екеуін ұмыттым. Бұлар  Жұлдыз деген атамыздың балалары. Заманында Жұлдыз атамыз атастырған қалыңдығын жаратпай, қожаның қызын алып, осы күнгі Шымкент облысы маңына қарай қашып кетулі. Сырым атамыз осы төрт баланы ұрпақтарымен Төлен көлінің маңына, Байторылармен еншілес етіп көшіріп алған делінеді. Әуелден Байбақты едік, елге келгеннен кейін бұлар жаңадан келген байбақтылар деп, Жаңабайбақты атаныппыз, — дейді Мақсот Қобыландыұлы.

Ал К. Ахметов құрастырған Кіші жүз Асқар (Байбақты, Жанбақты, Тынбақты) және Тана руларының шежіресінде оқиға желісі ұқсас болғанымен, ондағы адам аттары өзгеше өріледі. «Тоқсобаның Жақсымбет деген баласы өзінің қалыңдық ойнап жүрген адамын жаратпай, сол маңдағы төренің қызын алып, түнді жамылып Жағалбайлы жаққа қарай қашады. Онда ол Құтбанбай деген атаға бала болады. Арғы аталары қандай күй кешкені белгісіз, бергілері қанша жылдан бері қаңғылар деген атақ тағылып, зәбір көруден көздері ашылмайды. Өрістен малы қуылады, құдықтан, суаттан тыйылады. Осылардың ауылына Сырым ойда-жоқта тап болады» деп келтіреді аталмыш шежіре жинақта. Өкінішке орай, кітапта осы деректі жеткізуші туралы ешқандай мәлімет жоқ.

Редакциямызға Төлен ауылының байырғы тұрғыны, шежіреші деп жазылған Жолдығали Мерғалиев деген кісінің атынан «Халқына қызмет еткен Айту би» атты мақала түсті. Біздің осы материалды даярлауымызға түрткі болған да сол хат еді. Тарихы атақты Сырым батырмен байланысты Жаңабайбақты руы туралы білетін жергілікті шежіреші қарттар болса, молырақ мағлұмат алайық, осы күндері кез келген зерттеуші ат ізін сала бермейтін Қаратөбенің бір қиырында жатқан елді мекеннің тарихына, белгілі адамдарына қатысты өзге де қызықты деректер бар шығар деген оймен Төлен ауылына іссапарлатып арнайы бардық. Осы сапарда бізді Жаңабайбақтының бір ұрпағы, Төлен ауылының тумасы Мұхтар Жомартов есімді кәсіпкер азамат өз көлігімен алып жүрді. Мұхтар Жортабайұлының өзінің жеке кәсібі — мал шаруашылығын өрістетіп, бірқатар ауылдастарын да жұмыспен қамтып отырған іргелі шаруашылық иесі, аса еңбекқор азамат екенін аңғардық. Ол сондай-ақ шежіре, тарих, өнер, салт-дәстүр дегенде ішкен асын жерге қоятын, руханиятқа жақын адам болып шықты. Газетімізге жазылу науқаны жүріп жатқанын естіген кезде, өз белсенділігімен «Ауылдастарымның «Орал өңірі» газетінің 20 данасына жазылуына демеушілік жасаймын» деп мәрттік танытты.

Осы жолы Құдай берген ерекше қасиетімен тұтас Қаратөбе өңіріне танылған Бекес ишан баласы Құли қарт, Төлен ауылы маңындағы қорымға жерленген, халық құрметтейтін дін адамдары, әкелі-балалы Әзімұлы Шеруен, Шеруенұлы Ізімғали аталар туралы деректерге кезігіп, Төлен ауылында тұратын жауырыншы Жамал апайдың, қасқыршы Қайыржан ағайдың қызықты әңгімелерін тыңдадық. Бұл тақырыптарды газетіміздің алдағы сандарында жариялайтын боламыз.

Ал жоғарыда баяндағанымыздай, редакциямызға Жолдығали Мерғалиев деген кісінің атынан келіп түскен хатта осы мақаланың жазылуына арқау болған, ізденісіміздің барысында ХІХ ғасырда өмір сүргендігіне көзіміз жеткен Айту Ізбасарұлы туралы былай делінеді.

Жағалбайлы елінен келген Жаңабайбақты ұрпақтары Төлен ауылының осы күнгі Ебей, Еркебай, Жырақұдық деген жерлеріне жайғасады. Бұл жерлер қыр бетте орналасқандықтан, су тапшылығы Айту ақсақалды мазалаған. Төлен көліне құятын Бердәлі деген өзен көктем айында су тасығанда арнасынан шығып кетеді екен. Ұзақ ойланған Айту би осы судың таситынын пайдаланып, қыр жаққа ор (канал) қазу арқылы малға судың тапшылығын жоюды жоспарлапты. Кейін халықты жұмылдырып, өзінің жаңашыл жоспарын іс жүзінде орындауға кіріседі. Ақыры Бердәліден тоғыз шақырымдай қырлықта орналасқан Ебей көліне суды жеткізген. Ордың тереңдігі де, ені де екі метрдей болған. Ордың әрбір бір метрін қазған адамға бір қойдан беріп отырған. Малына су жеткен соң, жұрт мәре-сәре болып, судың тапшылығынан құтқарған Айту бидің тапқырлығына, жаңашылдығына риза болып, алғыстарын білдірген. Екі-үш жылдан кейін ордың қабырғалары құлап, тайыздаған. Сонда Айту би «Әттең, ордың қабырғаларын қарағайлатпаған екенмін» деп өкініпті. Қазіргі уақытта ол ордың ізі бар, ел арасында «Айту оры» атанып кеткен. Айту би сонымен қатар діни сауаты терең, жомарт адам болыпты. Халқына садақа-зекетін беріп, жетімдер мен әлсіз адамдарға қарасып, мешітке қаржылай көмек беріп отырған. Естеліктердегі деректер Айту ақсақалдың әділ би, аузы дуалы шешен, халқының қамын ойлаған өз кезеңінің қайраткері, жұртының бірлікте өмір сүруін ойлаған қамқоршы, заманының беделді адамы болғанын дәлелдейді. Ол Төлен ауылынан екі шақырым жердегі үлкен қауымда жерленген. Бүгінде оның шөпшегі, облысымызға сыйлы азамат, жеке кәсіпкер Жұмабай Айтуевтің өз қаржысымен Орал қаласындағы Серебряков ауылында Айту бабасының атына мешіт салдыруын текті аталарының игі дәстүрін жаңғыртуы дер едік.

Сонымен қатар мамыр айының аяғында Жұмабай Есқабылұлы бастаған Айту ұрпақтары әуелгі қойылған белгілер жойылып кетуіне байланысты Айту бабасының, сондай-ақ оның ұлы Муса Айтуұлының жерленген жерлеріне жаңадан белгі орнатпақшы.

Нуртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Мұғалімдер заман көшінен қалмауы тиіс

Күні: , 52 рет оқылды

Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында  заман көшінен қалмау қажеттігін айтқаны мәлім. Бұл бағытта білім саласында да жаңа реформалар қолға алынуда. Таяуда «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ-ның филиалы – Батыс Қазақстан облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында «Педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру жүйесіндегі смарт технологиялар» тақырыбында облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шара мақсаты – білім беруде педагогтардың смарт техникаларды қолдану сауаттылығын арттыру және кәсіби қарым-қатынасты нығайту.

Конференция алдында институт басшылығы Орал қаласындағы 40-тан астам білім беру ұйымының өкілдерімен меморандумға қол қойды. Оқу орындарындағы білім берушілердің үздік бейнедәрістерін интернетте қолжетімді контент ретінде орналастыру Елбасы Жолдауында айтылды. Соған сәйкес педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты «Өрлеу» ютуб арнасын дамытуда. Енді осы бағытта институт әріптестік аясында облыстағы білім беру ұйымдарымен тығыз кәсіби байланыста жұмыс жасайтын болады.

Конференцияда институт директоры Софья Ізмұханбетова  2012 жылы «Өрлеу БАҰО» АҚ облыстық филиалының ғылыми-әдістемелік тақырыбы ретінде «SMART education үдерісін енгізу жағдайындағы педагог қызметкерлердің біліктілігін артты-рудың педагогикалық және технологиялық негіздері» болып бекітілгеннен бері әр түрлі деңгейде іс-шаралар қолға алынғанын айтты. Ұлттық орталықтың бес жылдығына байланысты «SMART-педагог Өрлеу: кәсіби табысқа апарар жол» атты республикалық байқаудың барлық кезеңінде қатысушылар саны жөнінде батысқазақстандық педагогтар алдыңғы қатарда болды. Біздің облыстан жолдама алған бес педагогтың ішінен Орал ақпараттық технологиялар колледжінің арнайы пән оқытушысы Гүлнәр Ищанова республикалық байқауда 2-орын алды.

– Қазіргідей ақпарат тасқыны дәуірінде смарт-технологиялар арқылы мұғалімдер уақытын ұтымды пайдаланып, оқушыларға терең білім бере алады. Мемлекеттік бағдарламалар мен білім беру стандартына сәйкес мұғалімдер функционалдық сауаттылықты меңгеруі тиіс. Яғни, мұғалім белгілі бір пәнді меңгеріп қоймай, жан-жақты болуы керек. Білім саласының қызметкерлері өздеріне нақты талап қоятын уақыт жетті. Мазмұны жаңартылған білім курстары баланы санасына сіңірген білімін өмірде нақты пайдалана білетін деңгейде тәрбиелеуді міндеттейді. Институт жүргізетін курстар бағдарламасында қашықтан оқытудың тиімділігі жөнінде айтып, жаңа технологияларды қолдану жайын қамтимыз. Біздің филиалда 100-ге тарта қызметкер бар. Оның 75 пайыздайы – оқытушы-тренерлер. Жылына 3 мыңнан астам мұғалімді жаңа білім беру стандартына сай оқытамыз. Одан тыс ақылы курстар да бар. Оқыту технологиясын ұдайы жетілдіріп, курстар мазмұнына өзгерістер енгізіп отырамыз. Республика бойынша «Өрлеу» БАҰО» АҚ-ға қарасты 17 институт ішінде деңгейлік курстарды оқыту жөнінен біліктілік арттыру емтиханын тапсырғанда, біздің мамандар алдыңғы қатарлы көрсеткішке қол  жеткізді, – деді «Өрлеу» БАҰО» АҚ-ның филиалы – БҚО бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының директоры Софья Салахиденқызы.

Конференцияда институт директорының оқу-әдістемелік жөніндегі орынбасары Елдос Сафуллин соңғы жылдары институт ұжымы цифрлық технологияларға негізделген «Сабақ жоспары», «Математика оқулығы», «Қашықтық курстары», «Бірге оқимыз» атты инновациялық жобаларды жүзеге асырып жатқаны жөнінде баяндады. Оның сөзінше, «Математика оқулығы» жобасы бойынша 1940-2015 жылдары елімізде басылған барлық математика оқулығы жинақталып, сандық (цифрлық) форматқа көшіріледі. Оқулықтардың электронды нұсқалары арқылы бұрынғы және қазіргі білім беру жүйесіндегі артықшылықтарды салыстырып, сабақтастыруға мүмкіндік туады. Қазіргі уақытта 130 математика оқулығы институт сайтына жүктелген. Жоба нәтижесі кейін ҚР Білім және ғылым министрлігіне ұсынылады. Институт кітапханашылары И. Бадақова және А. Нұрланбаеваның бастамаларымен «Бірге оқиық!» жобасы аясында қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын ұжымдық оқу, талдау және қоғамға насихаттау қолға алынған.

Мәжілісте инновациялық жобалар таныстырылғаннан кейін әр секцияда жобалар симуляторы ұйымдастырылды. Конференцияға облыс орталығындағы білім беру мекемелерінен келген 120-дан астам  педагог  маман  қатысты.

Нұртай ТЕКЕБАЙ,

«Орал өңірі»


Кеңсеге келіп жазылған арзан

Күні: , 42 рет оқылды

Бүгіндері биылғы жылдың екінші жартысы үшін «Орал өңірі» газетіне жазылу науқаны қызып тұр. Үлкен-кіші төл басылымынан  бұл жолы да қол үзбес деген үміттеміз. Сөйте тұра, мына маңызды мәселені ел-жұрттың назарына ұсынғанды жөн санадық.

Егер сіз «Орал өңірі» газетін облыстық газеттердің меншік иесі болып саналатын «Жайық Пресс» ЖШС-ның кеңсесіне келіп, осы жерден алып тұратындай болып жазылсаңыз, алты айға 1000 теңгеге арзанға түседі. Олай болатын себебі, «Қазпошта», «Қаз-пресса» секілді мекемелердің мерзімді баспасөз өнімдерін (газет-журналдарды) жеткізу қызметіне ақша төлемейсіз. Қалалық  оқырмандарымызға қоса, бүгіндері аудан-ауылдарда тұратын кейбір оқырмандарымыз да «Орал өңірін» тұрақты алып тұрудың осы жүйесі тиімді деп есептеп, кеңсеге келіп жазылуда. Ол үшін «Жайық Пресс» ЖШС кеңсесінің (Мұхит көшесі, 57/1) бірінші қабатындағы есеп-қисап (бухгалтерия) бөліміне жолықсаңыз болғаны. Аталмыш ғимарат Оралдың орталық базарынан қашық болмағаннан кейін ауданауылдардағы базбір оқырмандарымыз әрі базардағы шаруасын бітіріп, әрі «Орал өңірінің» жаңа санын тура газетіміз шыққан күні алып, «екі жеп, биге шығуда». Бәлкім, сіз  де  байқап көрерсіз…

Редакция  алқасы   


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика