Мұрағат: 22.05.2018


Дауларды баламалы шешудің ағылшындық үлгісі тиімді

Күні: , 218 рет оқылды

Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы Исатай Сматов өткен жылғы 10 сәуір – 22 қыркүйек аралығында Астана халықаралық қаржы орталығын (АХҚО) іске қосу жоспарының аясында Ұлыбританияның Лондон қаласында тағылымдамадан өтіп қайтқан болатын. Курс аясында алынған білім негіздерінің Арбитраж қызметіне және дауларды реттеудің баламалы әдістеріне пайдалы жақтары көп. Халықаралық степендиант Исатай Сматовтың даударды баламалы шешудің ағылшындық әдістері мен жолдарына қатысты әңгімесін оқырмандар назарына ұсынамыз.

  • Исатай Маратұлы, дауларды шешудің сотқа дейінгі әдістері туралы хабардармыз, ал оның баламалы жолдарының халықаралық тәжірибеде қолданылу жағдайы жөнінде айтып берсеңіз?
  • Әрине, қандай өркениет болмасын сот дауды заңдық тұрғыдан реттеудің негізгі әдісі ретінде қарастырылады. Дейтұрғанмен соңғы жылдары жұртшылықтың сот төрелігіне қолжетімділікті жеңілдетуге ұмтылыстары сот талқысының басқа да жолдарын қарастыруды қажет етуде. Іскерлік қауымдастықтар соттардың өмірлік маңызын мойындай отырып, соттың бюрократтық кедергілерінен арылтатын «Дауларды баламалы шешу» (қысқаша ДБШ) секілді «баламалы» жолдарының да болғандығын қалайды.
Бұл механизмді сипаттайтын көптеген тұжырымдар болғанымен, ДБШ терминін айқындаудың ешбір нормативтік немесе жалпыға ортақ тұжырымы жоқ. Мұны дауласқан тараптардың өзара келісімге қол жеткізу үшін дауды сот талқысына салмастан үшінші бейтарап тараптың көмегіне жүгінісі деуге болады. Атап айтқанда, бейтарап жақ дауласушы тараптардың талаптарының мәні мен маңызына қарай талап-тілектері мен қажеттіліктерін қанағаттандыратын келісім жасасуларына ықпал етеді.  Сонымен қатар, мұндай жағдайда дауласушы тараптар соттан тыс рәсімдер арқылы өз істерін үлкен шығындарсыз, келісіммен  шеше алады. Дауларды баламалы шешу – әдетте келіссөздер, бітімге келу, медиация немесе арбитраж сияқты дауларды шешудің баламалы жолдарын қамтиды.
  • Дауларды баламалы шешу түсінігі қашан, қайдан шықты және қандай қажеттіліктен туындаған? Батыс өркениетінде ол қаншалықты қолдау тауып отыр?
  • Дауларды баламалы шешу жолдарының осы заманғы қозғалысы 1960 жылдардың соңына таман Құрама Штаттарда азаматтық құқық саласындағы медиация мен құқықтық қозғалыс арқылы қоғамдық дауларды шешетін әлеуметтік қозғалыс түрінде пайда болды. Кейін 1980 жылдардың орта шенінде Ұлыбританияда пайда болды. Бұл елде 1998 жылдан бастап Азаматтық іс жүргізу тәртібіне (CPR) дауды баламалы шешуді көтермелеуге бағытталған бірқатар шараның енгізілгендігі айғақ. Мәселен, азаматтық іс жүргізу тәртібі бойынша сот талқысының сотқа дейінгі және сот талқысы кезіндегі түрлі деңгейлерінде ДБШ-ті қолданудың қажеттілігі жөніндегі мәселе қойылып отырады. Егер тараптар ДБШ-ті қолдану екі жаққа да тиімді деп есептесе, онда сот осы үрдіс өтіп болғанша әдетте сот талқысын тоқтатады. Мемлекеттік ведомстволарға қатысты барлық қолайлы жағдайларда Үкімет те ДБШ-ті қолдануды міндеттенген.
  • Дауды баламалы шешудің дәстүрлі сот процестерінен айырмашылықтары неде?
  • Басқалай артықшылықтарын айтпағанның өзінде дауды баламалы шешу икемді және жеке -дара дербес болып келеді, сонымен қатар уақыт пен қаражатты үнемдей алады. Оның кейбір неғұрлым маңызды ерекшеліктеріне тоқтала кетейік. Бірінші ерекшелгі — процестің келісімге негізделетіндігінде. Тараптар өздерінің дауларын баламалы шешудің кейбір формаларына жатқызбастан бұрын келісімге келеді. Сот оларды мәжбүрлей алмайды. Бірақ, олар баламалы шешуден негізсіз бас тартса, сот сот шығындарын өндіріп алу түрінде айып сала алады.
Екіншіден, «зиянсыздығы». Балмалы шешуге жүгінудің нәтижесі оның міндетті түрде орындалуы жөніндегі келісімге қол жеткізгеннен кейін ғана барып, тараптарға міндетті болады. Оған дейін кез-келген жақ ДБШ процесінен шығып, сотта, немесе арбитраждық комиссияда дау талқысын бастайды немесе жалғастыра алады. Егер ДБШ-ге жүгініс дауды реттей алмаса, сот процесі немесе арбитраж қайта басталады, болмаса жалғастырылады. Сонымен қатар бір де бір тарап ДБШ процесі кезінде туындаған барлық жағдайды өз мүдделеріне пайдалана немесе соған ғана сілтеме жасай алмайды. Үшіншіден, коммерциялық дауларды шешу мүмкіндігіне ие. Дауларды баламалы шешу сот талқысы немесе арбитраж барысында қол жетпейтін, тараптардың коммерциялық қажеттіліктері мен мүдделерін ескере отырып, олардың өзара тіл табысуларына мүмкіндік береді. Мысалы, ақша өндіру туралы талап болашақта көрсетілетін қызметтерге жеңілдіктер жасау жолымен шешіліп, олардың іскерлік байланыстарын сақтап қана қоймай, тіпті жақсарта түсуі мүмкін. Төртіншіден, икемділігінде. Тараптардың қажеттіліктеріне қарай іс-әрекеттің ахуалы өзгертіледі. ДБШ процесс басталғанға дейін де, сот немесе арбитраждық талқы барысында жүзеге асырылуы мүмкін. Тараптар ДБШ процесі барысында сот талқысын жалғастыра беруге, немесе тоқтата тұруға келісе алады. Бесіншіден, аз шығын жұмсалатындығында және тездігінде. Ол көптеген жағдайларда жылдам бекітіліп, жүзеге асырылады. Мысалы, медиация бір күннен артық уақыт алмайды.
  • Ағылшын құқығында дауды баламалы шешудің қандай түрлері бар?
  • Екі түрі бар. Бірі – дауларды шешудің соттан тыс түрі де, екіншісі соттық үлгісі. Соттан тыс түріне келіссөздер мен дөңгелек үстелдер, медиация, келісімге келу, атқарушылық трибунал кішігірім сот, ертерек бейтарап бағалау.
Соттық үлгілері: Арбитраж; дауды сарапшылардың қарауы, соттық, немесе сарапшылық ұйғарым.  
  • Ол жақтың азаматтық іс жүргізу тәртібінде дауды шешудің баламалы әдістерін қолдануға қаншалықты мән берілген?
  • Ең батысы, оларда ДБШ-ге қолайлы мүмкіндіктер туғызылып қана қоймай, азаматтық іс жүргізу тәртібінде соттық көтермелеу де кеңінен таралған. Егер барлық тараптар істі қарауды тоқтата тұруды сұраса немесе сот өз бастамашылығы бойынша бұлайша тоқтата тұру дұрыс болады деп есептесе, сот талқысы кем дегенде бір ай мерзімге тоқтатылады. Егер бір тарап ДБШ мақсатында істі тоқтата тұруды сұрап, ал екінші жақ қарсы болып, бірақ ДБШ қолданудың тиімді болмайтындығына бұлтартпас дәлел ұсына алмаса да, сот істі тоқтата тұрғанды жөн санайды.
Кейде ДБШ процесіне қатысудан бас тартқан тараптар істі қарау жалғастырылып, табысты нәтижелерге қол жеткізілген күннің өзінде, сот шығындары түріндегі айыпқа тап болуы әбден ықтимал. Шығындар түріндегі санкциялар медиацияның мүмкіндіктерін байқап көруден бас тартқан тараптарға ғана емес, істен (немесе апелляциядан) жеңіліп қалған жақтардың тарапына да жиі қолданылады.  Ондай «бас тартушыға»  стандартты шығындар түріндегі емес, орынын толтыру принципі бойынша басқа тараптың шығындары төлеткізілуі мүмкін.
  • Исатай Маратұлы, енді осы тәжірибенің пайдалы жақтарын Қазақстандық сот дәстүріне енгізу жөнінде ұсыныстарыңыз бар ма?
  • Англия мен Уэльстің тәжірибесін зерттеудің қорытындысы бойынша мынадай әрекеттер біздегі азаматтық істер бойынша дауларды шешудің баламалы әдістерінің қолданылуын арттыруы мүмкін деп есептеймін. Ең әуелі, ДБШ-дің тиімділігін түсіндіру мақсатында семинарлар, дөңгелек үстелдер өткізіп, БАҚ-тарда жарияланымдар жасау арқылы азаматтық сот өндірісіне қатысушылардың құқықтық сауаттылығын одан әрі арттыра түсу керек.
Сот талқысының басталуының, немесе өткізілуінің міндетті шарты ретінде жекелеген істердің санаттары бойынша ағылшын құқығындағыдай ДБШ-дің міндеті қолданылуы қарастырылғаны дұрыс. Істі мәні бойынша қарауға кіріскен кезде сот шығындарының ұлғайтылуы, жекелеген санаттар бойынша азаматтық істерді қараудың мерзімі ұзартылғаны жөн. Медиациядан негізсіз бас тартқан тараптарға сот шығындары түріндегі айып санкциясын қолданудың мүмкіндіктерін қарастыру керек. Өзара кездесіп, ДБШ мүмкіндігін талқылауы жөнінде нұсқау берудің, дауды баламалы шешуден бас тартқан тараптардың бас тарту себептері мен негіздерін түсіндіруді  талап ету әдістерінің пайдалы жақтары бар деп есептеймін. -Әңгімеңізге рахмет!  

Сұхбаттасқан Аманкелді ШАХИН


Кене шағу фактілері тіркеліп жатыр

Күні: , 635 рет оқылды

Кенелер белсенділігінің өршу уақыты жақындап келеді. Бұған қоса, осы жәндіктердің шағуынан жапа шеккендер саны артып жатыр. «Сантитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ҒПО» мәліметінше, бүгінде Қазақстанда кене 4831адамды шаққан!

Кене шағуынан кене инфекциясына шалдығу қаупі туындайды. Мысалы, орталық жүйке жүйесін зақымдайтын ауыр инфекциялық кесел — кене энцефалиті адамның мүгедектігіне немесе өліміне апарып соғуы мүмкін. Дегенмен, бұл кенелер тарата алатын жалғыз ғана жұқпалы дерт емес. Кене энцефалиті мен кене боррелиозы жөлек кенелерден жұғады. Кене энцефалиті туралы естіген болсақ, ал боррелиоз немесе өзге де кене инфекциялары туралы аз білеміз.

Кене боррелиозы немесе Лайм ауруы

Кене боррелиозы   — бұл қауіпті бактериалдық жұқпалы дерт. Бастапқы сатыда науқасты дене қызуының  38 градусқа дейін жоғарылауы, әлсіздік пен шаршау тәрізді ауру белгілері мазалауы мүмкін. Яғни,  ЖРВИ-мен шатастырып алуға болады. Сол себепті көбінесе ол назардан тыс қалуы мүмкін. Дұрыс емдеу шаралары тағайындалмаса, жүйке және жүрек-қантамырлар ауруы мен тері және қимыл-тірек аппаратының зақымдалуының созылмалы түріне ұласу қаупі бар.

Ауруға шалдығудың белгісі — шағып алған жердің ортасында солғын түсті, ал шетінде ашық түсті сақина тәрізді эритеманың пайда болуы. Әдетте, дәл осы белгі адамдардың үрейін тудырып, дәрігерге қаралуға итермелейді. Мұнда ең бастысы — ауруды анықтай алатын және зертханалық тексерусіз клиникалық-эпидемиологиялық тәсілмен диагноз қоя білетінжұқпалы аурулар дәрігерінен кеңес алу. Дерт бастапқы кезеңінде қан талдауы арқылы анықталмайды және қарсы денелер тек бірнеше аптадан кейін пайда болады.

“Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ҒПО” паразитолог- маманы, б.ғ.д. Жанна Шапиева былай дейді: “Кене боррелиозы Қазақстан аумағында Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында, Алматы қаласында кездеседі. Кейінгі жылдары бұл ауруға шалдығудың бірлі-жарым фактілері Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай облыстарында тіркеліп отыр. Кене боррелиозын қазақстандық мамандар осы кесел бойынша нормативті құжаттамаға сай тек 2012-ші жылдан бастап есепке және тіркеуге алып жүр. Бұл статистикаға сай, кене боррелиозын жұқтыру кене энцефалитіне шалдығу оқиғаларынан аз. Мысалы, былтыр кене энцефалитіне жұқтыру оқиғасы 35, ал кене боррелиозына  шалдығу бойынша12 оқиға тіркелді. Алайда, бұл боррелиоз сирек кездеседі дегенді білдірмейді. Біздің пайымдауымызша, оған шалдығу оқиғалары әркез анықтала бермейді”.

“Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ҒПО” мәліметінше, бүгінде боррелиозды жұқтырудың 6 фактісі тіркелген: 5 адам Шығыс Қазақстан облысының Зырянов ауданынан, 1-еуі — Алматы қаласынан. Кене энцефалиті Алматы қаласының 1 тұрғынынан анықталды. Кене шабуылы  4 өңірден тіркеліп отыр: Алматыда 1230 адам, Алматы облысында 2121адам, Шығыс Қазақстанда 1389 адам, Ақмола облысында 91адам тіркелген. Сандар көп болғанымен, жапа шеккендердің көбіне қауіпті емес жәндіктер кездескен.

Дәрігерге сен, бірақ сақ бол!

Жоғарыда аталған кеселдіңуақтылы анықталмауының бірнеше себебі бар. Біріншіден, кене шаққан адамның өзіне төнген қауіпті байқамауы немесе болған оқиғаға салмақты түрде қарамауынан медициналық көмекке бірден жүгінбеуін атауға болады. Екіншіден, медициналық мекемеде қате диагноз қойылуы болуы мүмкін. Себебі кейде профильді емес мамандар сақина тәрізді эритема сияқты анық белгіні кене шағуына аллергиялық реакция деп бағалауы мүмкін. Бұған қоса, жәндік шаққан жерде ешқандай өзгеріс болмайтын эритемасыз түрі де жиі кездеседі. Оның нәтижесінде аурудың бастапқы кезеңі дер кезінде анықталмай қалады.

Уақтылы диагностика және емдеу тәсілінің дұрыс таңдалуы науқастардың толықтай айығуын қамтамасыз етеді. С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің жұқпалы және тропикалық аурулар кафедрасының профессоры Равиля Егембердиеваның айтуынша, “кене шаққан кезде адамның кене энцефалиті мен кене боррелиозын қоздырушыларын жұқтырып алуы қаупі жоғары болады. Бірінші инфекция вирустық, екіншісі бактериалдық сипатқа ие. Осылайша, кене шаққан адам кене энцефалитіне қарсы иммуноглобулин ғана емес, сонымен бірге боррелиозға қарсы профилактикалық ем де қабылдауы қажет. Емдік сарысумен аурудан сақтандыру пунктіне барумен ғана шектелмей, инфекционист-дәрігердің кеңесін алған жөн. Қосымша ретінде кене энцефалитін ерте анықтау үшін келесі үш апта бойы күн сайын дене температурасын өлшеген дұрыс. Егер қызу көтерілсе, шұғыл дәрігерге қаралу қажет. Ауру белгілері байқалмаған жағдайда 21 күннен кейін ғана алаңдамауға болады. Бұған қоса, кене шаққаннан кейін 2-3 аптадан соң кене боррелиозына қан тапсыру керек”.

Мамандардың сөзінше, барлық кенелер инфекция таратушы болып есептелмейді, сол себепті олар шабуыл жасағанда бірден үрейге бой алдырмау қажет. Ең дұрысы — табылған кенені зертханаға тапсырып, онда кене энцефалитін қоздырушының бар-жоғын анықтау. Егер сараптама кененің “сау” екенін көрсетсе, онда шұғыл түрде алдын алу шараларын қабылдау қажет емес. Яғни, ағзаны дәрі-дәрмек салмағынан сақтаймыз, өйткені иммуноглобулиннің өзі қауіпсіз емес. Паразит жұқпалы болса, шұғыл медициналық шаралардың қажеттігі күмән тудырмауы тиіс. Кене энцефалитіне қарсы егілгендерге иммуноглобулин енгізу керек емес.

Ауыру қанша тұрады?

Қауіп-қатер тобы мен эндемиялық аумақтар тұрғындары үшін кене энцефалитіне қарсы екпе, кенеге қарсы иммуноглобулинмен шұғыл түрде профилактикалық ем көрсету, сонымен бірге кене инфекциясына шалдыққан кезде емдеу тегін көрсетіледі. Кене боррелиозына қарсы екпе жоқ.

Алматыдағы Альбедо және MSHelp вакциналау бойынша жеке клиникаларында екпенің 1 дозасы 5 мың айналасында, сәйкесінше, толық курс 15 мың тұрады. Кенеге қарсы иммуноглобулин жекелеген дәріханаларда ғана бар және оның құны шамамен 50 мың тенге (жарақат пункттерінде тегін екенін еске саламыз).

Кенені инфекцияға тексеру үшін  3 мың теңге төлейсіз. Ал, “Кенеге қарсы” бағдарламасы бойынша сақтандыруды сатып алуға болады, дегенмен, ол тек “Номад Иншуранс” компаниясында ғана бар және құны бір адамға  200 теңге, ал отбасылық сақтандыру бір отбасы мүшесі үшін 125 теңге тұрады. Кене шаққан адамға сақтандыру бойынша 500 мың теңге төленеді. “Сақтандырудың бұл түрі Алматы және Шығыс Қазақстан облыстары үшін маңызды”, — дейді “Номад Иншуранс” АҚ СКБасқарма Төрағасы Иманжанов Дәурен Қасымханұлы – Кене шағу қаупі бар жерлерде қорғану және сақтық шараларын қадағалау өкінішке орай 100 пайыз қауіпсіздік кепілін бермейді.

Шұғыл иммундық профилактика да кеселдің асқыну мүмкіндігін жоққа шығармайды. Сақтандырудың болуы оқиғаның жағымсыз тұстарында сақтандыру тізіміндегі аурулардың бірі анықталғанда қосымша қаржылай қорғаныс бола алады. Бұл жағдайда зардап шегуші сақтандыру төлемінің арқасында өз денсаулығына үнемдемеуге, мысалы, қосымша диагностикадан өтуге немесе емделудің сапасын ақылы медициналық қызмет көрсетулер есебінен жақсартуға мүмкіндік алады”.

Жалпы алғанда, кене шаққанда қайта сақтандыру мен сақтандыру ешқашан артық етпейді.

Коммуникационное агенство «Manifestum» press@mnf.kz


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика