Мұрағат: 21.05.2018


«Жабайы» сауда қашан тоқтайды?!.

Күні: , 44 рет оқылды

Оралдың орталық базарының маңынан естілетін «Тары-талқан аламыз, тары-талқан!» деген дауыс құлаққа жағымды-ақ. Бала кезімізде анамыздың есік алдындағы қазандықта иісін бұрқыратып бидай қуырып, темір келіні тоңқылдатып тары түйетін ерекше бір көрініс көз алдымызға келеді. Сондай бір жылы әсермен дауыс шыққан жаққа қарасақ, тізіп қойып шелекпен тары-талқан сатып отырған әже-апаларымызды көреміз. Манағы балалық шаққа саяхаттың ізі де қалмайды. Тарыға бір, сатушыға екі қарап, бас шайқап, бармақ тістеп кете барамыз. Мәселе сатуда емес, олардың қандай жерде сатылуында болып отыр.

Иә, бұл да сауданың бір түрі. Бірақ заңды емес, «жабайы сауда». Сондықтан да олар көрген көзге оғаш көрінеді. «Мирлан» базарының қасында әрі-бері өтіп жатқан адамдардың жолында сауда жасайтындардың қарасы біраз. Ол жерден тары-талқанды айтпағанның өзінде, балықты да, шикі еттің түр-түрін де көруге болады. Тіпті айран мен сүттің қасында аутокөлік моторының да майы тұр. «Сатып отырған тамақтарға майдың зияны жоқ па?» деген сауалға бір әжей бетімізге бажайлай қарап алып, «Жоқ, оның аузы жабық. Гараждан құйып алып шығады ғой» деп жауап бергені бар. Ал ашық-шашық көшеде, әрі-бері жүрген адамдардың аяғы астында айран-сүттің не тағы басқа тағамдардың самсап тұруын қалай түсіндіруге болады?.. Мұндай көше базарының тыйылмауы олардың өз «клиенттері» бар екенін көрсетсе керек. Ал тұтынушылар бұл тауарлардың санитарлық талаптарға қаншалықты сай екенін ойлай ма екен?

– Қазір қала ішінде жабайы сауда нүктелері азайып келеді. Бірақ әлі де «жұмыс жасап тұрған» көше базарлары бар екені жасырын емес. Мұның бәрі халықтың талғамы мен түсінігіне байланысты. Халық олардан сауда жасамаса, көше саудасы да болмас еді. Алайда, керісінше, ешқандай санитарлық талапқа сәйкес емес ашық-шашық жерде сатылып жатқан сүт өнімдерін, ет пен көкөністі де қызу саудалайды. Қарап тұрсақ, бағалары да дүкендердегіден арзан емес. Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы кәсіпкерлікке қолдау білдіру мақсатында, «жабайы базарды» ғана емес, сауда-саттықпен айналысатын шағын мекемелерді де тексере алмайды. Заң талаптары солай. Бүгінде біз тексеретін нысандар саны төрт есе азайды. Олардың қатарында елу орындықтан жоғары мейрамхана, наубайхана, шұжық және кондитерлік тағамдар жасайтын цех, сонымен қатар балабақша мен мектеп асханалары бар. Әрине, шағын дүкендердің үстінен  арыз-шағым түссе, міндетті түрде тексеріледі. Заң бойынша шағымданған кезде денсаулыққа зиян келгенін дәлелдейтін құжат болу керек. Теміржол бекеті алдында да заңсыз сауда жасайтындар бар. Ал вокзал – қалаға келімді-кетімді кісінің көзіне бірінші түсетін жер. Қала қонақтарына бұл көрініс қалай көрінетінін сатушылар ойлай ма екен деген ой келеді. Ең бірінші, халықтың түсінігі болу керек. Сауда жасап тұрғандар да, тұтынушылар да ойланса, «жабайы» кәсіп тоқтар ма еді?! – дейді Орал қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәдениет Танауов.

«Жабайы» сауданың жай-жапсарын білуге қалалық әкімдіктің бастамасымен құрамында кәсіпкерлік бөлімі, жергілікті полиция қызметі секілді тиісті құзырлы мекемелер өкілдерінен құрылған комиссия рейдтерге шығып тұрады. Шара барысында олар көшеде тұрған сатушыларға бұл тірліктерінің заңсыз екенін айтып, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Әрине, бүгінгі нарықтық заманда нәпақасын саудадан табатындардың тірлігі құптарлық іс. Бірақ бәрін реттейтін заң бар. Заң талаптары бәріне ортақ.

Орал қалалық кәсіпкерлік бөлімі секторының меңгерушісі Мейрам Хайровтың мәліметінше, Әбілқайыр хан даңғылы бойындағы «Жайық» базары мен орталықтағы «Мирлан» базары аудандары, сонымен қатар «Сұлтан» базары мен «Школьник» дүкені маңы, теміржол вокзалының алды «жабайы сауданың» ең көп шоғырланған жерлері болып табылады.

– Базарда тұрғысы келмейтін сатушылар «Базар бізге тиімді емес», «Тұрған жерімізге үйрендік» деген секілді сылтау айтады. Бәлкім, базарда тұрғанда төлейтін салықтан қашатын шығар?! «Жабайы» саудамен айналысатындарды рейд барысында қуып, таратып жібергенімізбен, қайтадан келіп отыратындар бар. Әрине, олар – заңсыз кәсіппен айналысатындар. «Сауда қызметін реттеу туралы» заңының 27-бабына сәйкес, көшпелі сауда жергілікті атқарушы құрылым белгілеген арнайы бөлінген орындарда жүзеге асырылады. Ал бұл баптағы талаптарды бұзған жандарды жергілікті полиция қызметкерлері жауапкершілікке тартады. Біз тұрғындардан көшелерде сауда жасамауларын сұраймыз, – дейді  Мейрам Хайров. Сондай-ақ оның айтуынша, кәсіпкерлік бө-лімі базарлардың басшылығымен сөйлесіп, сатушылардың сауда жасайтын арнайы орын алып тұруларына ықпал жасайды. Жалпы базарлар мен сауда үйлерінде бос орындар жоқ емес. Мәселен, «Мирлан» базарындағы №13 сауда қатарында және ет павильонында  10 бос орын бар. Біріне айына 9 мың, екіншісіне 25 мың теңге жалдау бағасы белгіленген. «Ел ырысы» базарында жалдау үшін шаршы метріне 1200 теңге төлейтін жәрмеңке павильонында 20 орын бос тұр. Ал «Караван» базарындағы сауда лашықтарында (бутиктерде)  шаршы метрі 1000  теңгеге бағаланған 30 бос орын бар екен. Тек бұлар емес, «Проспект» сауда үйі мен он базарда сауда түріне қарай бос орындар саны санамалап көрсетілген. Жалдау құны да белгілі.

Орал қалалық жергілікті полиция қызметінің берген мәліметіне қарағанда, өткен жылы ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 204-бабында көзделген, яғни белгiленбеген орындарда сауда жасауға қатысты 1 мың 902 құқықбұзушылық тіркелді. Оның ішінде 199 құқықбұзушыға 3 млн. 068 мың 823 теңге көлемінде айыппұл салынып, 1 млн. 247 мың 978 теңге өндірілген. Жыл басынан бері аталмыш бапқа сәйкес, 413 құқықбұзушылықтың жолы кесіліп, 67 құқықбұзушыға 919 мың 912 теңге  айыппұл төлеу жөнінде қаулы шығарылған. Бүгінде оның 505 мың 050 теңге өндіріліп алынған. Айта кету керек, аталмыш бапқа сәйкес жергiлiктi атқарушы құрылым белгiленгенен тыс орындарда сауда жасау ескерту жасауға немесе бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. Ал осы құқықбұзушылықты әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасаған тұлғаға он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынады.

Нарық заманы «есектің құйрығын жуса да мал табу» қажеттігін көрсетті. Алайда тиыннан теңге құрайтын сатушылардың ақша табудың жолы осы екен деп санитарлық талаптарды ескермейтіні жөн емес…

Ясипа РАБАЕВА,

«Орал өңірі»


Татуласу кабинеті ашылды

Күні: , 261 рет оқылды

????????????????????????????????????

Жуырда  Орал  қаласындағы  №2  сот  ғимаратында  екі  тарапты  татуластыру  рәсімдерін  жүргізуге  арналған  татуласу  кабинеті ашылды.  Бұл  шараға  облыстық  сот  төрағасы  Бек  Әметов, БҚО  ҚХА  төрағасының  орынбасары,  хатшылық  меңгерушісі  Ғайса  Қапақов,  облыстық  адвокаттар  алқасының  төрағасы  Ержан Қалиев,  судьялар  мен  медиаторлар,  мүдделі  құрылым  өкілдері қатысты.

– Бүгінде еліміздегі сот жүйесіндегі реформалардың бірденбір көрінісі медиация рәсімдерінің жүргізілуі болып табылады. Даулардың медиация арқылы шешілуінің мәні мен маңызын арттыру барысында татуласу кабинеті ашылып отыр. Бұл кабинетте татуласуға жататын талап-арыздар бойынша дауласушы екі жақты бес күн ішінде келісімге келтіруге барлық мүмкіндік қарастырылады. №2 сот облыстағы жалпы азаматтық істердің 75 пайызын қарайды. Яғни төрт істің үшеуі осында қаралады. Қалған төрт істің біреуі аудандық соттардың еншісінде. Олардың барлығы дерлік, яғни 50 пайыздан астамы медиациялық келісім, бітімгершілік келісім арқылы және сот медиациямен шешіліп жатыр, – деген Бек Әметұлы кез келген дауды, кикілжіңді медиация арқылы шешуге үндеу керектігін айтты.

Бек Әметұлы өз сөзінде татуласу кабинетіне татуластырушы судья ретінде Алтын Айтуарова тағайындалғанын мәлімдеді. Яғни кәсіби деңгейде медиация мүмкіндіктерін түсіндіріп, тараптарға өзара тиімді шарттарға келуге көмек көрсететін бітімгер-судья бекітілген. Бұл кабинетте ажырасуға, мүлікті бөлісуге, тұрмыстық және еңбек дауларын шешуге арналған азаматтық істерге қатысты екі тараптың талап-арыздары қаралатын болады. Екі айға дейін созылатын сот талқылауына қарағанда, сотқа дейінгі татуласу тараптарға сотта әуре-сарсаңға түспеуге, уақытты және сотқа жүгінуге байланысты шығындарды үнемдеуге мүмкіндік береді. Әсіресе, өзара келісу арқылы екі тараптың тату қарым-қатынасы сақталатын болады.

– Жоғары сот төрағасының өкімімен татуластыру рәсімі бойынша пилоттық жоба қолға алынған еді. Бұл татулас кабинеті өз жұмысын ағымдағы жылдың 10 мамыры күні бастаған болатын. Осы аралықта менің қарауыма   68 азаматтық іс түсіп,  13 іс медиация арқылы шешілді. Мен №2 қалалық сотқа түскен азаматтық істерді қараймын. Сотқа түскен арызды сот өндірісіне қабылданбастан бұрын бес жұмыс күні ішінде тез әрі екі тараптың өзара келісімімен шешуім қажет. Жоғарыда қаралған істерді санаттарға бөліп айтсақ, сегізі ажырасу жөніндегі талап-арыз, екеуі жол-көлік оқиғасы бойынша келтірілген зиянды өндіріп алу, біреуі арнамысты қорғау және екеуі қарызды қайтарып алу жөніндегі істер болды, – дейді №2 Орал қалалық сотының судья-медиаторы Алтын  Айтуарова.

Шара барысында Ғайса Қапақов қоғамдық медиаторларды көбейту, кәсіби емес медиаторларды оқыту қажеттігі жөнінде өз ойын айтса, Ержан Қалиев татуласу кабинеті соттағы реформаның жандана түсуіне септігін тигізетініне  сенім  білдірді.

Татуласу кабинеті облысымыздағы медиаторлардың өзара тәжірибе алмасып, ой бөлісетін әдістемелік орталық ретінде де қызмет ететін  болады.

Ясипа  РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»


Жаңа ректор

Күні: , 36 рет оқылды

Кеше  облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов Махамбет  Өтемісов  атындағы  Батыс Қазақстан  мемлекеттік  университетінің ұжымына  жаңа  ректор  Нұрлан Серғалиевті  таныстырды.

– 85 жылдық тарихы бар бұл ұжымның еңбегі арқасында, ұстаздардың күнделікті жұмыстарының нәтижесінде мыңдаған жас маман осы оқу орнынан қанат қағып, әр өңірде  жемісті қызмет атқарып жүр. Осы білім ордасын жеті жыл бойы басқарған Асхат Иманғалиевтің орасан зор еңбегін атап өткім келеді. Жоғары оқу орнының дәрежесін биікке көтеріп, өңіріміздің дамуына, жастарды тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін жүзден астам ғылыми еңбегі бар тәжірибелі маманға алғысымды білдіремін, – деген Алтай Сейдірұлы ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің Асхат Сәлімұлына және оқытушылық қауымға жолдаған ризашылығын жеткізді. Сонымен қатар Асхат Иманғалиевке Елбасы  Н. Ә. Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабын тарту етті.

Бұдан соң Алтай Сейдірұлы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 18 мамырдағы бұйрығымен аталмыш университеттің ректоры болып тағайындалған Нұрлан Серғалиевті таныстырып өтті. Ол 1969 жылы Тасқала ауданында дүниеге келіп, К. Тимирязев атындағы Мәскеу ауыл шаруашылығы академиясын және Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-ды тәмамдаған. Мамандығы – агроном-экономист. Биология ғылымдарының кандидаты, профессор, облыстық мәслихат депутаты. 1998 жылдан бері  ғылыми қызметкерден Жәңгір хан атындағы БҚАТУ деканы, ректоры лауазымдарына қызмет бабында жоғарлаған.

– Біздің алдымызда бірнеше міндет тұр. Ең алдымен ғылым саласын өңірімізде жан-жақты дамыту қажет. Балабақшадан бастап, жоғары оқу орнына дейінгі аралықта білім мен тәрбие берудегі жауапкершіліктің жүгі ауыр. Өйткені білімсіз даму жоқ. Сонымен қатар «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында да бірқатар ауқымды жұмыстар атқаратын боламыз. Бұдан басқа Елбасы биыл бес әлеуметтік бастаманы атап өткен болатын. Ондағы басты бағыттардың бірі – қосымша гранттар бөлу және жатақханалар салу мәселесінің оң шешімін тез арада табуымыз керек. Бұл университетке жатақхана қажет екені белгілі.

Бұл бағытта жергілікті атқарушы құрылымдар тарапынан қажетті қолдау көрсетілетін болады, – деген Алтай Сейдірұлы Нұрлан Хабиболлаұлының жаңа қызметіне сәттілік тіледі.

Өз кезегінде Асхат Сәлімұлы облыс басшылығы мен әріптестеріне алғысын айтса, жаңа ректор ұжыммен бірге жаңа жетістікке жететіндеріне сенім білдірді. Сондай-ақ ардагер-ұстаз Меруерт Жолдықайырова мен филология ғылымдарының докторы Ғабит Хасанов бұрынғы ректорға ризашылықтарын білдіріп, жаңа басшының еңбегіне табыс  тіледі.

Ясипа  РАБАЕВА,

 «Орал  өңірі»

Суретті  түсірген  Рафхат  ХАЛЕЛОВ


Астана мен БҚО арасындағы меморандум

Күні: , 30 рет оқылды

Елорданың  20  жылдығына  орай  Астананың  БҚО-дағы  күндері  аясында  Астана  қаласы  әкімдігінің  делегациясы  мен  Батыс Қазақстан  облысы  бизнес-қауымдастығының  өкілдері  кездесті.

Өткен аптаның жұма күні облыс әкімдігінде өткен жиынды ашқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Игорь Стексов мұндай байланыстың маңызы зор екеніне тоқталды. Астана мен БҚО арасында осыған дейін де тиімді қарым-қатынас жолға қойылғаны белгілі.

Мәселен, «ЭКСПО – 2017» көрмесі павильонын салуға батысқазақстандық «Стекло Сервис» ЖШС қатысты. Сондай-ақ Астанада көптеген кәсіпорындардың филиалдары құрылып, жұмыс жасауда.

Елбасы тапсырмасына сай өңіраралық кооперация аясында былтыр батысқазақстандық делегация бес өңірде болды. Осы бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасуда. Соның ішінде ақпан айында облыс әкімі Алтай Көлгінов бастаған делегация Астанада болып, меморандумдарға қол қойылды.

Кездесу кезінде Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев еліміздің бас қаласының 20 жылдығына орай Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес кешенді іс-шаралар жоспары жасалып, көптеген істер жүзеге асып жатқанын айтты. Соның ішінде астаналық делегация өңірлерде болып, экономика және басқа да салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту бағытында келісімдер жасалып жатқанын  атап  өтті.

Жиын барысында меймандар  тарапынан кәсіпкерлікке дем беретін өңірлік бағдарламалар, «Ақылды қала» тұжырымдамасы және экономиканы цифрландырудың Астана қаласы бойынша инновациялық шешімдері, сондай-ақ Елорданың туристік потенциалы, ПИК жұмысын электронды форматта жүргізудің тиімді жолдары туралы таныстырылымдар жасалды. Бұл орайда Астана қаласында жүзеге асырылып жатқан нақты жобалар таныстырылды. Кездесуде айтылған әңгіменің басты өзегі – тұрмыстың барлық саласына заман талабына сай смарт технологияны енгізу туралы болды. Әлемдегі адамдардың басым бөлігі қай жерде өмір сүруге қолайлы жағдай туғызылған болса, сол жерде өмір сүргенді дұрыс деп санайтын түсінікке келе жатырғаны, «Ақылды қала» жобасын жүзеге асыруға басты қозғаушы күш болып отырған Елбасының бағдарламалары екені айтылды. Сондай-ақ болашақта дамуы бойынша ел мен ел емес, қала мен қала көбірек бәсекелестікке түседі деген пікір ортаға салынды. Сондықтан қалалардың жан-жақты дамығаны керек. Әсіресе, туризм саласын, шаһардағы өзге де қызмет көрсету орталықтарының жұмысын цифрландыру маңызды. Өйткені туристер мен тұрғындар қала бойынша көрсетілетін қызметтердің толық дерегін смартфон арқылы алу мүмкіндігіне ие болады. Меймандардың айтуынша, мұндай жұмыстар Астана қаласын Еуразия кеңістігі бойынша заманға сай, жан-жақты дамыған, жетекші қалалар қатарына қосу бағытында қолға алынып отыр.

Кездесу соңында Астана қаласы мен Батыс Қазақстан облысының ынтымақтастығы, кәсіпкерлікті дамыту, «Ақылды қала» тұжырымдамасын жүзеге асыру, инвестициялар және мемлекеттік-жекешелік әріптестік, ішкі және халықаралық туризмді дамыту бағытындағы бірнеше меморандумға  қол  қойылды.

Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»

Суретті  түсірген  Т. ТОҚМАМБЕТОВ


Қылқалам шеберіне ескерткіш

Күні: , 51 рет оқылды

Жалпақтал мәдениет үйінің алаңында белгілі суретші Сәкен Ғұмаровтың ескерткіші ашылды.

Сәкен жас кезінен өнерге жақын болып өскен.

Әкесі, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Мұхамбетжан Ғұмаров жетекшілік еткен Жалпақтал халық театрында қызмет еткен. Кейін Батыс Қазақстан облыстық орыс драма театрында әртіс, облыстық телестудияда бас режиссер болып қызмет еткенімен, суретшілігімен кеңінен танылды. Негізінен кескіндеме саласында қызмет еткен ол шығармаларын абстракциялық бағытта (поставангардизм) жазды. Суреттеріне бағзы заман түркілерінен бастап әскери полигондар зардабын тартқан Бөкей ордасының тыныс-тіршілігін арқау етті. Туындыларын түсіну қиын болғандықтан, ол кеңестік дәуірде көпке дейін мойындалмады. Тек 1985-1995 жылдары Алматы, Орал, Киев, Мәскеу және басқа қалаларда жеке көрмелері қойылып, суретшіге үлкен табыс әкелді.

Әйгілі суретші ескерткішінің ашылуына орай Жалпақталда өткен салтанатты шарада  Қазталов ауданының әкімі Абат Шыныбеков, өлкетанушы Жайсаң Ақбай, «Казкоммерцбанк» АҚ, Орал филиалының төрағасы, С. Ғұмаров атындағы қордың тең төрағасы Мерғат Ахметов, техника ғылымдарының докторы, академик Талан Оразғалиев, ҚР мәдениет қайраткері, мәдениет саласының ардагері Нұрлан Шақанаев суретші туындылары кейінгі ұр-паққа рухани мұра болып қала  беретіндігін  атап өтті.

Ескерткіш Мерғат Сисенғалиұлының бастамасымен және Талан Қабдрашитұлының қолдауымен жүзеге асып отыр. Шара барысында қылқалам шебері туралы «Ғарыш мінезді адам» атты қысқа метражды фильм көрсетіліп, «С. Ғұмаровтың жұлдызды ырғағы» атты ғылыми-тәжірибелік  конференция  өтті.

– Әсемдік әлеміне дара тынысымен келген Сәкен ағаның ғұмыры онша ұзақ болмағанымен, өнердегі қолтаңбасы біздің мәңгі жүрегімізде. Ғаламат сурет салатын және сол суреттермен адамды емдейтін тума таланттың өмірде болғанын айтып қана қоймай, оны еске алып, кейінгі ұрпаққа таныстырып отыру әр адамның қасиетті парызы деп есептеймін. Бүгінгі ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысы Сәкен Ғұмаровтың ғұмырын әрі қарай насихаттап, жалғастыру, – деген аудан басшысы Абат Абайұлы конференция жұмысына сәттілік тіледі. Конференцияда өлкетанушы Жайсаң Ақбай, Қазақстан Суретшілер және Еуразия дизайнерлері одағының мүшесі Қуандық Мәдір, С. Ғұмаров атындағы облыстық музейдің меңгерушісі Ермек Айдарханов, Жалпақтал өнер мектебінің ұстазы Бейбіт Мұқанов сөз алып, Сәкен Ғұмаровтың өмір жолы мен еңбектеріне тоқталып, ой-пікірлерін, ұсыныстарын ортаға салды.

Тұрарбек   АҚМУРЗИН,

Қазталов   ауданы


Таза су мен сапалы жолдың игілігін көрмек

Күні: , 947 рет оқылды

Сенбі күні облыс әкімі Алтай Көлгінов жұмыс сапарымен Тасқала, Зеленов аудандарында болып, құрылысы  жүргізіліп жатқан нысандарды аралады.

Алдымен Амангелді ауылдық округінде болған облыс әкімі тұрғындарды таза ауыз сумен қамту бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың қарқынымен танысты. Былтырғы жылы мұнда су құбырын қайта жаңғырту мақсатында көшпелі тәсілмен ауқымды жұмыс қолға алынған еді. Айта кетейік, «ҚұрылысГаз» ЖШС жүргізіп жатқан аталмыш жобаға республикалық бюджеттен қаржы бөлінген болатын. Су құбырының жалпы ұзындығы 13 шақырымнан астам. Жұмыс толықтай аяқталған жағдайда 1401 тұрғын ауыз сумен қамтылмақ. Жұмыс қарқынын көрген облыс басшысы ауыл  тұрғындарымен  де  кездесті.

– Елбасы өз Жолдауында елді мекендерге орталықтандырылған таза ауыз суды жеткізу керек деген тапсырма берген болатын. Осыған орай биыл облыста елу елді мекенге ауыз су беретін боламыз. Соның ішінде Тасқала ауданы бойынша төрт елді мекен «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында таза сумен қамтамасыз етіледі. Біздің мақсат – ең алдымен халықты сапалы сумен қамтамасыз ету. Өткен жылы да елуден астам елді мекендерге су бердік. Өздеріңіз білесіздер, Жәнібек, Бөкей ордасы, Жаңақала аудандарының орталығында су болған жоқ. Қазіргі таңда Елбасының тапсырмасына орай үкіметтен қаражат бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Енді тек сіздерге соның қызығын көру ғана қалды, – деді  Алтай  Сейдірұлы  өз  сөзінде. Бұдан соң облыс әкімі республикалық маңызы бар «Орал – Саратов» тас жолының Тасқала – Саратов бағытындағы жөндеу  жұмыстарының  барысын  көрді.

– Бүгінгі таңда барлығы 100 шақырымды құрайтын жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде. Ұзындығы 27 шақырым болатын бірінші учаске былтырғы жылы толықтай тапсырылды. Биыл қалған 73 шақырымды  бастадық. Негізінде жұмысты қараша айында аяқтау жоспарланған. Бірақ біз оны қазан айында толықтай бітіреміз деп отырмыз. Қазір нысанда 250-ден астам техника мен 500-ден астам адам тұрақты жұмыс істеуде. Құрылыс жұмыстарына қажетті шикізат мөлшері жеткілікті. Шебіннің 50 пайызы, қиыршық құмның 74 пайызы тасымалданды. Жұмысты ауа райының қолайсыздығына байланысты мамыр айында  кешеуілдеп бастадық. Десек  те уақытпен санаспай жұмыс істеп, бүгінгі таңда белгіленген кестеге қуып жеттік. Жұмыс сапасы жаман емес, – дейді «Юнисерв» ЖШС бас директорының міндетін атқарушы  Дінмұхамбет  Сәтбаев.

Нысандарда болған облыс әкімі атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына назар аудару қажеттігін ескертіп, уақыттың тығыздығына байланысты әр минутты мұқият пайдалану керектігін тілге тиек етті. Аталған жұмыстар бойынша нақты тапсырмалар берді.

Бұдан соң Зеленов ауданына барған облыс әкімі Алтай Көлгінов күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатырған Үлкен Шаған – Переметный – Вечный тас жолының құрылысымен танысты. «Түркістан Жол Сервис» ЖШС қолға алған жөндеу жұмыстары өткен жылы басталған болатын. Жалпы ұзындығы 32 шақырымды құрайтын жолдың қазіргі таңда жеті шақырымы жөнделуде. Жыл аяғына дейін мердігер компания жолдың  20  шақырымын  аяқтамақшы.

Құрылыс жұмысын жүргізіп жатқан серіктестіктің бас инженері Жандәулет Хамзаұлының айтуынша, жол жөндеуге 27 техника, 40-қа жуық адам жұмылдырылған. Қажетті  материалдар  да  жеткілікті  көрінеді.

Жол құрылысы сәтті аяқталса, Ресей Федерациясының Сарытау (Саратов) қаласы мен еліміздің Атырау қаласына барар жол әлдеқайда қысқарып, облыс орталығындағы  жолға  түсер  жүк  те  азаяр  еді.

Құрылыстың қарқынын бағамдап, жұмысшылармен де тілдескен облыс әкімі аудан басшылығына жұмыс барысын бақылауда  ұстау  керектігін  тапсырды.

Назгүл   ЖӘРДЕМОВА,

Түгелбай   БИСЕН,

Тасқала,  Зеленов  аудандары

Суреттерді түсірген Александр КУПРИЕНКО


Бақ-бақ сезім

Күні: , 259 рет оқылды

Оливер ГЕНРИ, американ жазушысы

“Бұл  наурыз  айының тамаша  бір  күні  еді…”  Әңгіме жазарда хикаяны ешқашан бұлай бастамаңыз. Бұл – қаламгерлік қиял мен жаңашылдықтан жұрдай, таптаурын әрі құрғақ кіріспе. Бұдан құнсызырақ кіріспе болуы мүмкін емес. Бірақ бас кейіпкер құсалы болғандықтан, әңгімеленгелі отырған хикаяны осылай бастаймыз. Өйткені, оқырманның сана-сезімін әзірлеп алмасақ, жаны түршігуі мүмкін.

Қолында ас мәзірі бар Сара жылап отыр еді. Сіз пияз аршығандықтан немесе жан тебірентер әсерлі кино көргендіктен оның жанары жасқа шыланды деп ойлауыңыз мүмкін. Алайда бұл жорамалдарыңыз қате. Сол себепті әңгімені одан әрі жалғастырайық.

Сара «Шуленбергтер үйі» мейрамханасына жұмысқа тұрды. Мейрамхана қызметкері күн сайын кешқұрым Сараға ертеңгі күні дайындалатын тағамдар тізімін алып келеді. Ол машинкамен теріп, 21 үстелге ас мәзірін әзірлейді. Ақысына күніне үш мезгіл тамақтанады, сондай-ақ мейрамхананың қызыл кірпішті ғимаратынан қожайын бір бөлмені баспана етіп берген. Бұл келісімшартқа Сара да, мейрамхана иесі де дән риза. Бірі – ішер ас, тұратын жайдан тарықпайтынына, бірі – тұтынушылардың мәзірде қандай ас бар екенін  біліп  отыратынына  разы.

Биыл көктем кешікті. Наурыз айы келсе де, жердегі қар ери қойған жоқ. Көктем мезгілі болғанмен, қала әлі қыс ызғарының құрсауында. Көшеде музыкалық аспаптарымен «Сол бір ғажап жаз күнінде» әуенін орындайтын жігіттер желтоқсан айындағы көңіл күйден әлі арыла қоймапты.

Көңілі мұңға толы Сара терезеден далаға қарап отыр. Бүкіл әлем оған: «Көктем келді, Сара, таңғажайып көктем келді! Сен неге мұңаясың?» деп тұрғандай. Ғимараттың артқы бөлігінде орналасқан бөлме терезесінен Сара келесі көшедегі фабриканың тас қабырғаларын көреді. Көзі сонда болғанымен, көңілі де, ойы да, ну орманды, жұпар аңқыған гүлдері бар көк шалғынды далада.

Сара өткен жазда ауылға барғанда, бір шаруаға ғашық болған еді.

(Хикаяны ешқашан бұлай жалғастырмаңыз. Әбден жауыр болған әдеби әдіс болғандықтан, оқырманды жалықтырып аласыз. Әңгімемізді одан әрі жалғастырайық).

Саннибрук шаруа қожалығында екі апта болған Сара шаруа қария Франклиннің Уолтер есімді ұлына ғашық болған-ды. Ғашығы Сараға көк шалғынды дала кілемінде сезімін білдірді. Сол жолы бақ-бақ гүлдерінен жасалған тәжді кигізіп, Сараның қоңыр шашымен сары гүлдердің үйлесім тапқанына балаша қуанып, сүйсініп еді. Екеуі көктем шығысымен шаңырақ көтеріп, отау құрмақ боп уағдаласты. Шаттық пен қуанышқа толы, бақыттан бас айналған күндер еді ғой, шіркін! Сара жұмысын жалғастырмақ боп қалаға қайтты да, уәделескен көктем мезгілін асыға күтіп жүрген-ді.

Кенет әлдекім есікті қақты да, бақытты күндерді аңсап, арман әлемін шарлап кеткен тәп-тәтті қиялы быт-шыт болды. Қызметкер ертең дайындалатын тағамдар тізімін әкелген екен. Сара ас мәзірін машинкамен тере бастады. Бүгін әдеттегіден өзгеше тағамдар тізімге еніпті. Жаздағы айдын бетінде жүзіп жүрген су жәндігіндей, Сараның саусақтары машинка пернелері үстінде еркін қозғалады. Ол сорпалы тағамдарды, құрғақ тағамдарды, тәттілерді рет-ретімен жазып шықты. Салаттар тізімін көргенде, өзіне ие бола алмай, жылап жіберді. Жанарынан мөлт-мөлт тамған жас жүзінен сорғалап, машинкаға ағып жатты.

Иә, Уолтерден екі аптадан бері хат алмаған Сара салаттар тізімін көргенде, жылайтын жөні бар еді. Өйткені, онда «Бақбақ гүлдері мен қайнаған жұмыртқа» деп жазылыпты. Жұмыртқаға емес, бақ-бақ гүліне көңіл аударыңыз.

Уолтер тәж жасап кигізген алтыннан да бағалы бақ-бақ гүлдер!

Махаббат ұғымының хабаршысы, өткен ғажап күндерден естелік – бақ-бақ гүлдер! Сараның бақ-бақ гүл сезімі оның жан-жүрегін ғашығымен қыдырып жүрген көк шалғынды далаға алып кетті. Алайда, көп ұзамай Сара зорлана ойын жинақтап, көз жасын тыйды. Ас мәзірін теру керек болғандықтан, Манхеттеннің көңіл құлазытар тас көшелеріне қайта оралуға мәжбүр болды.

Сағат алтыда қызметкер кешкі асты әкелді де, дайын тұрған ас мәзірін алып кетті. Тамақтануға кіріскен Сара бір күрсініп алды да, ыдыстағы бақ-бақ гүлдерін бір шетке ысырып қойды. Махаббаттың киесіндей болған бақ-бақ гүлдерді аузына салып, тісімен шайнап, мылжалауға жүрегі дауаламады.

Жеті жарымда көрші бөлмедегі екі адам жанжалдаса бастады. Көмір қызуы бәсеңдегендіктен, жарық қуаты да әлсіреді. Ғимараттың артқы ауласынан мысықтардың мияулағаны естіледі. Осындай белгілерден кітап оқитын уақыт болғанын ұққан Сара екі тізесін кеудесіне тигізіп отырып, оқи бастады. Кенет сыртқы есіктің қоңырауы шалынды. Сара кітабын қойып, елең ете қалды. Қызметші әйел есікті ашқанда, самбырлай сөйлеп ішке кірген бір жігіттің даусы естілді. Сара қолындағы кітабын тастай сала ұшып тұрып, есікке қарай ұмтылды.

Иә, сіздің жорамалыңыз дұрыс.Бұл келген Уолтер еді. Сара есікті ашқанда, асыға басқан Уолтер ентігіп баспалдақтан көтеріліп келе жатқан-ды. Бірін-бірі көргенде, екеуі қандай қуанышты сезімде болды десеңізші!

– Неге хат-хабарсыз кеттің?! – деді Сара өксігін баса алмай.

– Нью-Йорк – алып шаһар. Мен мұнда бір апта бұрын келіп, сенің бұрынғы мекенжайыңа іздеп бардым. Алайда, өткен сәрсенбі күні көшіп кетіпсің. Полициямен қосылып, іздемеген жерім қалмады!

– Мен саған хат жазып едім ғой.

– Ешқандай да хат алған жоқпын.

– Сонда мені қалай таптың?

Жас жігіт көктемдей таза, риясыз пейілмен жымиды да:

– Бұл кеште «Шуленбергтер үйі»

мейрамханасына тамақтануға келдім. Жүрегім әлденені сезді ме, салат жегім келді. Салаттар тізіміне көз жүгірткен кезде орнымнан ұшып түрегеліп, мейрамхана қожайынын шақырдым. Ол маған сенің қайда екеніңді көрсетті.

– Қайдан білдің сонда?

Уолтер қоржынынан бір парақ ас мәзірін шығарып, Сараға көрсетті. Ол сол күні машинкамен бірінші терген мәзірді бірден таныды. Көз жасы тамған үстіңгі оң жақ бұрышында әлі де дақ бар екен. Бақ-бақ гүлдерден тәж киген ғажап шақтарды еске алып отырып, салаттар тізіміне былай деп жазып қойыпты: «Сүйікті Уолтер мен қайнатылған жұмыртқа…»

 Ағылшын тілінен тәржімалаған Алпамыс ФАЙЗОЛЛА,

Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің магистранты,

Астана  қаласы


«Ақжайық» — «Жетісу» 2:0

Күні: , 41 рет оқылды

Футболдан ел чемпионатының он бірінші турында Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында «Жетісу» командасын қабылдап, 2:0 есебімен ұтты.

Бұл жеңіс оралдықтарға оңайлықпен келген жоқ. Осының алдында Ақтөбеде 3:5 есебімен ұтылып, Владимир Мазяр кеткеннен кейін командаға бас бапкердің міндетін атқарушы, жергілікті маман Артур Авакянцтың басшылық етуіне тура келді.

Бірінші таймда алаң иелерінің адымы ашыла қойған жоқ. Қазақстандық белгілі жаттықтырушы Дмитрий Огай баптайтын талдықорғандықтар көбірек шабуылдады. «Ақжайықтың» ойыны жүрмеді десе де болады.

Ойынның екінші кезеңінде  ғана алаң иелерінің екінші тынысы ашылғандай болды. Көп ұзамай Иван Антипов пен украиналық легионер Адеринсола Хабиб Эсеола қақпашыға екеуі бірдей шыққанымен, дәлдік жетіспеді. Дегенмен 67-минутта оң қапталдағы қорғаушы Руслан Қайыровтың пасынан кейін Эсеола өз мүмкіндігін мүлт жібермей, баспен допты қақпада тулата алды.

Екінші таймда Артур Авакянц тағы бір украиналық легионер Игорь Худобяк пен сенегалдық Малик Манені ойынға қосты. Әсіресе, М.Маненің допты ұстаудағы шеберлігі анық көрінді. 80-минутта дәл сол М.Маненің пасынан кейін Эсеола есепті 2:0-ге жеткізді. Бұл оның осы чемпионаттағы жетінші голы еді. Сөйтіп ол мергендер көшін бастады.

Кездесу барысында «Ақжайықтың» қақпашысы Сергей Ткачук барынша сәтті ойнап, бірнеше рет қауіпті соққыларды қайтара білді.Ал талдықорғандық жартылай қорғаушы Рауль Джалилов қақпашымен жекедара шыққанымен, оның тепкен добы қиыс кетті. Матч соңына таман доп қақпа жақтауынан кері қайтты. Кей ұрымтал сәттерде қорғаушылар да көмекке келді. Мысалы, Р.Қайыров Давид Мавутордың соққысынан кейін қақпаға еніп бара жатқан допқа тосқауыл бола алды. Р.Қайыров пен Эсеола республикалық sports.kz интернет-порталы жариялаған үздік 11 ойыншының қатарына енді.

Осылайша «Ақжайық» бірінші айналымды алтыншы орынмен қорытындылады. 23 мамыр күні оралдықтар біріншілікте 31 ұпаймен жекедара көш бастап келе жатқан «Астана» командасын қабылдайды. Бұл ХХІІ турдың кездесуі болғанымен, қос команданың келісуіне байланысты осы күнге алға ысырылған болатын.

Айта кетейік, өткен турда елордалықтар «Ақтөбені» 3:1 есебімен тізе бүктірсе, «Қайрат» Алматыда Қарағандының «Шахтерін» (2:0) жеңді. Астаналықтардан бір ойыны кем алматылықтар 26 ұпаймен екінші орында келеді. Шымкентте «Ордабасыны» 1:0 есебімен қапы қалдырған Қостанайдың «Тобылы» 22 ұпаймен үшінші сатыға нық беки түсті. Шымкенттіктер 16 ұпаймен төртінші орында қалды. Ең ірі есеп Павлодарда тіркелді. «Қызылжарды» 5:0 есебімен ойсырата ұтқан «Ертіс» бесінші орынға көтерілді.

Екінші айналым ойындары 27 мамыр күні басталады. Бұл күні ХІІ турда «Астана» — «Жетісу», «Ақжайық» — «Қайсар», «Ақтөбе» — «Ертіс», «Атырау» — «Қайрат», «Қызылжар» — «Ордабасы», «Шахтер» — «Тобыл» кездесулері өтеді.

Ғайса БӘЙМЕН

Суретті түсірген Айбатыр НҰРАШ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика