Мұрағат: 18.05.2018


Университетке жаңа 17 оқулық жетті

Күні: , 121 рет оқылды

Бейсенбі  күні  Махамбет  Өтемісов  атындағы  БҚМУ-да  «Жаңа гуманитарлық  білім.  Қазақ тіліндегі  100  жаңа  оқулық»  жобасы бойынша  жарық  көрген  жаңа  кітаптардың  таныстырылымы  өтті.

– Кеше университетіміздің кітапханасына «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында жарық көрген 17 оқулық, әрқайсысы бірнеше данадан барлығы 1504 дана кітап жеткізілді. Бұл жаңа оқулықтармен студенттерді 100 пайыз қамти аламыз деген сөз. Ғылыми кітапхананың қоры қазақ тіліндегі кітаптармен толығып отырғаны көңіл қуантады. Біздің кітапхананың оқу залы жазғы демалыста да жұмыс жасайтыны жаңа оқулықтармен танысқысы келген оқырманға қолайлы мүмкіндік, – дейді Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетіндегі ғылыми кітапхана директоры Тотықұс  Әлімбекерова.

Жиынға қатысушы оқытушылар мен ғалымдар өз пікірлерінде жаңа оқулықтардың жоғары сапасы мен мазмұн байлығына айрықша тоқталды.

– Қазақ тіліне түпнұсқадан аударылған жаңа оқулықтардың таныстырылымы студенттер, профессор-оқытушылар қауымы арасында өткізіліп отыр. Таныстырылымға университетімізге жеткізілген жаңа кітаптардың мазмұнына сай әр саланың мамандары шақырылды. Олар – өз салаларында көптен бері қызмет етіп келе жатырған мамандар. Және ол оқытушылар студенттерге дәріс беру үрдісінде бұл оқулықтарды осыған дейін де пайдаланып келген еді. Олар бұл оқулықтармен түпнұсқа арқылы немесе орыс тіліндегі аудармасы арқылы та-ныс болатын. Енді қазақ тіліне аударылған жаңа оқулықтардың осыған дейінгі дәстүрлі оқулықтардан қандай айырмашылықтары, артықшылықтары бар, студенттердің оқу сапасын көтеруге қалай әсер етеді, жас ұрпақ бойына қандай құндылықтарды қалыптастыра алады деген сұрақтар бағытында өз ойларымен бөлісуде, – деді аталмыш оқу орнындағы ҚХА кафедрасының меңгерушісі Тұрар  Шайхиев.

Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»

Еркін   ЕРҒАЛИЕВ,

«Аспандау»  ғылыми  білім  беру  қоры   Батыс  аймақтық  филиалының  атқарушы   директоры:

– Гуманитарлық бағыттағы 100 оқулықтың қазақ тіліне аударылуын екі ірі себеппен, шынымен де, маңызды қадам деп есептеймін. Біріншіден, аударманың ағылшын тілінен тікелей ана тілімізге жасалғаны өте дұрыс болды. Бүгінгі ең көкейкесті мәселе – отаршылдық санадан құтылу екенін ашық мойындау керек. Біздің күнделікті тірлігіміз бен ғылыми ізденісімізде әлі күнге дейін орыс тілі үстемдік етіп тұрар болса, бұрынғы империялық сана-сезімнен арылу, әрине, оңайға соқпайды. Аударылған 18 жаңа оқулықтың арасында жаныма жақыны «Антропология тарихы мен теориясы» екен. Бұл кітап біздін қазақтану, өз-өзімізді түсіну мәселесін шешеді деп сенемін. Екіншіден, заманауи кітапхана жасақтаудың өте қажет іс екендігін келесі мәселелерге қарап аңғаруға болады. Мысалы, бүгінгі сарапшылар өткен ширек ғасырда жеткен табысымыз ретінде Назарбаев зияткерлік мектептері, «Болашақ» халықаралық бағдарламасы және латын графикасына көшу шешімі секілді саусақпен санарлық жетістіктерді ғана атайды. Осы жетістіктердің ішінде экономика табыстары, өндіріс неге жоқ деп сұрақ қойсақ, оған жауап ретінде бүгінгі сана шикіліктеріне тірелеміз. Мұны объективті фактор деп санайық. Ал психологтар жеке адам да, қоғам да өте қатты күйзелістен өтсе, қорқақтық сезім оның қанына өтіп, генетикасы бүлінетінін айтады. Сол қорқақтық немесе жалтақтық әсер кейін тұқымға беріліп, адам санасында 75 жылдай сақталады екен. Біздін тарихымызда бұл гиперстресті ашаршылық пен саяси репрессия деп санасақ, қанына сол нәубеттің салқыны тимеген ұрпақ 2008 жылдан бастап дүниеге келген бүгінгі бүлдіршіндер екен. Егер осы «жаңа ел» қазір бастауыш сыныпта жүрсе, олар өскенше біз тек қана 100 оқулықпен шектелмей, ұрпағымызды сапалы біліммен қамтуға барымызша ат салысуымыз керек. Осы маңызды ағартушылық қызмет жолында құрылған біздің «Аспандау» ғылыми білім беру қорының ашылғанына да биылғы қазан айында 10 жыл толмақ.

Өзім аталмыш қордың өңірдегі өкілі ретінде әлеуметтік желіде, фейсбукте сананы жаңғырту бағытындағы ағартушылық істермен үздіксіз   айналысып   келемін.


Тынымбақ құрылысымен танысты

Күні: , 1 322 рет оқылды

Бүгін облыс әкімі Алтай Көлгінов пен Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев Елорданың 20 жылдығына орай салынып жатқан тынымбақ құрылысын қарады.

1,4 гектар жерге салынатын нысан құрылысы қарқынды жүруде. Айта кетейік, Мәншүк Мәметованың ескерткіші де осы жерге қойылады.    

«Ақ тілекпен, Астана»

Күні: , 52 рет оқылды

Өңірлік коммуникациялар  қызметі  алаңында  өткен брифингте  «Астананың  20  жылдығына  орай  Батыс  Қазақстан  облысында  Астана  күндерін өткізу»  тақырыбы  қозғалды.  Баспасөз мәслихатына  облыстық  мәдениет, архивтер  және  құжаттама басқармасының  басшысы  Қадырболат  Мұсағалиев  пен  Астана қаласы  мәдениет  және  спорт  басқармасы  басшысының  орынбасары  Нарима  Мұхамбеталина  қатысты.

Айта кетейік, Астана қаласының 20 жылдығын мерекелеу жоспарына сәйкес еліміздің барлық өңірінде бас қаланың мәдени турлары ұйымдастырылуда. Осы мерейтой аясында 17-19 мамыр аралығында облыста Астана қаласының мәдениет және өнер күндері өтуде. Қадырболат Мұсағалиев айтып өткендей, аталмыш шара барысында Астана қаласының мемлекеттік академиялық филармониясының ұжымы, Ғ. Жұбанова атындағы мемлекеттік ішекті аспаптар квартеті, М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры әртістері өз өнер көрсетеді.

– Астананың 20 жылдығы – барлығымызға ортақ мереке. Елбасы қаулысымен бекітілген тұжырымдамаға сәйкес бас қаланың мерейтойы кең көлемде аталып өтілуде. Ел аумағында 600-ден астам шара өтетін болады. Еліміздің әр өңіріне жол тартқан Астана қаласының мәдени-шығармашылық ұжымдары ел ордасының жетістіктерін паш етуде.

Біздің бірінші сапарымыз Ақтөбе облысынан басталды. Халық жақсы қабылдады. Батысқазақстандықтарға да астаналық өнер ұжымдарының тартуы бар. Х. Бөкеева атындағы қазақ драма театрында отандық суретшілердің және мүсіншілердің туындылары қойылған «Ақ тілекпен, Астана» атты көрме өтуде. Айта кету керек, шаралардың барлығына да кіру тегін, – деді Астана қаласының мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нарима Мұхамбеталина.

Ясипа  РАБАЕВА,

 «Орал  өңірі»

 

Биыл  Алаштың  асқақ  айбары,  тәуелсіздіктің тұғыры,  ел  жүрегі – ару  Астанаға  жиырма  жыл. Осы  айтулы  мерейтойға  орай  17-19 мамырда Батыс  Қазақстан  облысындағы  Астана  күндері  өтуде. Елорданың  өңірдегі  мәдениет  күндері  аясында бейсенбі күні  Х. Бөкеева  атындағы облыстық қазақ  драма  театрында «Ақ  тілекпен, Астана» атты  көркемсурет  көрмесі  өз  жұмысын  бастады.

Астана қаласының әкімдігі мен «Тәуелсіздік сарайының» ұйытқы болуымен Ақжайық төрінен орын алған көрмеге Р. Күлбатыров, С. Смағұлов, А. Смағұлова, М. Бекеев, А. Аллабергенов, Н. Қаржасов, Р. Слекенов және т.б. қазақстандық суретшілердің елуден астам өнер туындысы қойылды. Сондай-ақ танымал қазақстандық сәулетші-дизайнер Жанна Спунердің жеке жинағы мен Мұхтар Байбосынов, Өмірбек Тілеулиев, Дәурен Макин, Динара Нүгері сынды суретшілердің және Тоқтар Ермеков пен Сембіғали Смағұлов сынды белгілі мүсіншілердің жұмыстары да келушілердің назарына ұсынылды.

– Астананың жиырма жылдық  мерейтойына орай мамыр-қыркүйек айлары аралығында еліміздің барлық өңірлерін аралаймыз. Астаналық өнер ұжымдарының мәдени сапары Ақтөбе облысынан бастау алып, Батыс Қазақстан облысында жалғасты. «Ақ тілекпен, Астана» көрмесіне тек астаналық суретшілердің ғана емес, қазақстандық қылқалам шеберлері мен мүсіншілердің туындылары да қойылды. Экспозициялардың арасында жерлестеріңіз Сәкен Ғұмаровтың картинасы да бар, – дейді Астана қаласының мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нарима Мұхамбеталина.

– Ақжайық жұртына Астананың ыстық сәлемін алып келген өнер ұжымдарына қош келдіңіздер дегім келеді. Көрмеге қойылған туындылар түрлі жанрды қамтыған, сондықтан келушілердің көңілінен шығары сөзсіз. Облыстағы Астана күндері аясында өнер ұжымдары қала және облыс тұрғындарына арнап, бірнеше концерт, спектакльдер қойып, мерекелік көңіл күй сыйлады, – деді Батыс Қазақстан облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы  Қадырболат  Мұсағалиев.

Отандық сурет және сәулет өнеріне қызығушылық танытқан облыс жұртшылығы үш күн бойы көрмені тегін тамашалау мүмкіндігіне ие болды.

– Көрме көңілімнен шықты. Әсіресе, белгілі қылқалам шебері, үлкен дарын иесі, жерлесіміз Сәкен Ғұмаровтың суреті көзіме оттай басылды. Облыстық тарихи-өлкетану музейінде суретшінің 24 картинасы бар, ал көрмеге қойылған туындысы жеке коллекциядан алынған екен. Барлығының бірдей Астана, Алматы қалаларына баруға жағдайы бола бермейді, «Тәуелсіздік сарайының» қорындағы рухани мұраны облысқа әкеліп, үлкен мереке сыйлаған астаналық азаматтарға алғыс айтамын, – дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің бас қор сақтаушысы Марина Мырзағалиева.

Облысқа мәдени сапары барысында астаналық делегация Орал қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде болып, көненің көзі болып табылатын құнды жәдігерлермен танысты. Туған жердің тарихы мен мәдениетін насихаттау жолында жемісті қызмет етіп жүрген музей ұжымына ризашылықтарын  білдірді.

Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»

Бейсенбі күні  Ғ. Құрманғалиев  атындағы  облыстық  филармониясының  концерт  залында  Ғазиза  Жұбанова  атындағы  мемлекеттік  ішекті  аспаптар  квартетінің  «Ұлы  дала әуендері»  атты  концерті  өтті.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында және Астананың 20 жылдығына  орай Ақ Жайық өңіріне арнайы гастролдік сапармен келген өнер ұжымының концертіне музыканы шынайы түсінетін көрермен жиналды.

Аталмыш квартет 1988 жылы Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық музыкалық мектеп-интернат оқушыларынан құрылған. Ұжымға белгілі композитор Ғазиза Жұбанова қамқорлық жасаған. Қазіргі кезде квартет композитордың есімімен аталады.

Бүгінгі таңда квартет Қазақстанның атақты камералық оркестрлерінің бірі саналады. Оркестр жоғары орындаушылық шеберлігімен, рухани эстетикалық және дыбыс тазалығымен танымал.

Оркестрдің репертуарында әлемдік классикалық, батыс-еуропалық шығармалар мен қазақ және орыс композиторларының туындылары бар. Ұжымның көркемдік жетекшісі, республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаты, шебер виолончелші Ернар Мыңтаев. Квартет республика қалаларында, таяу және алыс шетелдерде, соның ішінде Франция, Англия, Австрия, Испания, Италия, Египет, Түркия және басқа да елдердің үздік концерт залдарында өнер көрсетіп жүр.

Концертке жиналған көрермендер  Ф. Шуберт, Й. Гайдн,  А. Бородин,  А. Жұбанов,  А. Жайымов, сондай-ақ Тәттімбет пен Құрманғазының шығармаларын сілтідей ұйып тыңдады. Өнер ұжымының жоғары орындаушылық деңгейі, виртуоздық техникасы, дыбыс сұлулығы, стильді тылсым сезінуі және биік ансамбльдік мәдениеті музыкасүйер көрерменді өзіне баурап алды. Астананың Оралдағы мәдениет күндері аясында  өткен бұл рухани кеш ақжайықтықтарға тың серпін сыйлағаны анық.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»


Астанамен әріптестік қатынас нығая түспек

Күні: , 35 рет оқылды

Кеше  Астана  қаласы әкімінің  орынбасары  Ермек Аманшаев  бастаған  делегация  мүшелері  облыстағы бірқатар  өндіріс  орындарын аралап,  кәсіпорындардың тыныс-тіршілігімен  танысты. Өңіріміздегі  Астана  күндері аясында  өткізілген  пресс  турда елордалық  қонақтарды  облыс әкімінің  бірінші  орынбасары Игорь  Стексов  бастап  жүрді.

Делегация алдымен қаладағы «Стекло-Сервис» ЖШС-да болды. Айта кетейік, шыны өңдеуге және жоғары сапалы әйнек пакеттерін өндіруге маманданған «Стекло-Сервис» ЖШС өңіріміздегі ірі өндіріс ошағы болып саналады. 1999 жылдан бергі уақыт ішінде шағын шеберханадан ірі әйнек өңдеуші орталыққа айналған бұл кәсіпорын бүгінде құрылыс компаниялары мен кәсіпорындары арасында айтарлықтай беделге ие. Сонымен қатар компания үдемелі индустриалды-инновациялық бағдарлама шеңберінде «Термо мықтылығы күшейтілген әйнек өндірісі» жобасын іске асыруда.

Бүгінде компания финдік «TamGlass» фирмасының құрал-жабдығын орнатып, шыдамдылығы мықты әйнек өндіреді. 700 градус шама-сындағы оттың қызуына шыңдалған әйнек әдеттегі қалыпты жағдайынан 5-7 есеге мықты болады. Әрі құрылысқа пайдаланылатын мұндай әйнек сынған кезде де қауіпсіз, яғни өткір болмайды, түйіршік түрінде ыдырайды. Сондай-ақ серіктестікте жарық диодты көпқабатты, флоат, термооқшаулағыш және өзге де әйнек  түрлері  өндіріледі.

Бұдан соң астаналық делега-ция «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы» ЖШС-ның жұмысымен танысты. Аталған серіктестіктің жоғары өндірістік әлеуеті бар, заман көшіне ілесе алатын кәсіпорын ретінде танылғанына 15 жылдан астам уақыт өтті. Қазіргі уақытта компания жайма табақ, металл жабын, металл құрастырма, полиэтилен құбырлары, пластмассадан халық тұтынатын тауар түрлері, қабырғалық сэндвич-панель, техника қауіпсіздігі бойынша және жол белгілері өндірісіне маманданып алды.

Елордалық қонақтар оралдық «Батыс-Продукт» серіктестігінде де болды. Бүгінде бұл кәсіпорын кондитер өнімдерін ішкі нарық қана емес, сонымен бірге Ресейге де шығарып отыр. Бұл туралы кәсіпорынның қаржылық директоры  Евгений Попков  мәлім  етті.

Оның айтуынша, басты мақсат – қазақстандық тұтынушыларды сапалы өніммен қамтып, импорттық көлемді төмендету. Бұл ретте мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау-көмек өндірісті жаңғыртуға  септігін  тигізді.

– Бұл кәсіпорынның іске қосылғанына жеті жылдай уақыт болды. Осы уақыт ішінде кәсіпорынның өндіріс ауқымы өсіп, серіктестік аясы кеңейді. Соңғы жылдары заманауи, жаңа құрал-жабдықтар қойылып, солардың тілін меңгерген жас мамандар жұмысқа алдынды. Бүгінгі таңда өнімдеріміз өз облысымыздан өзге еліміздің Семей, Өскемен қалаларына, Ресей елінің Самара, Тольятти, Челябинск, Казань, Нижний Новгород шаһарларына жөнелтіледі. Кәсіпорын тәулігіне 2,5 тонна тәтті тоқаштар мен вафли өндіруге қауқарлы. Біз өз өніміміздің сапасына көп көңіл бөлеміз. Сондықтан да біздің тауарымызға деген сұраныс мол, – дейді Евгений Попков.

Сондай-ақ астаналық делегация өңірдегі «Агран» ЖШС, «Желаев нан өнімдері комбинаты» АҚ сынды тағы басқа ірі өндіріс  орындарын  аралап  көрді.

– Біз Астана қаласының 20 жылдығына орай сәрсенбіде Батыс Қазақстан облысына келдік. Мереке аясында ұйымдастырылған бірқатар шаралардың куәсі болудамыз. Бұл жұмыс сапарымыздың басты мақсаты – 20 жыл уақыттың ішіндегі Астананың жеткен жетістіктерін паш етіп, басқа өңірлердегі атқарылған игі істерді көріп, тәжірибе алмасу болатын. Бүгін Орал қаласындағы бірқатар өндіріс орындарын араладық. Өзіме шыны өндірісі, пластикалық құбырлар өндірісі өте қатты ұнады. Болашақта Астана мен Батыс Қазақстан арасындағы әріптестік қарым-қатынас одан сайын нығайып, қоян-қолтық жұмыс жасайтын боламыз, – деді Астана қалалық инвестициялар және даму басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Бекмырзаев.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»

Суреттерді  түсірген  Динара   КЕНДІРБАЕВА


Кешен қалпына келмек

Күні: , 681 рет оқылды

Астана  экономикалық форумының  алаңында  Батыс Қазақстан  облысындағы  мал бордақылайтын  орын  және ет  комбинатын  жандандыру бойынша  меморандумға  қол қойылды.

Қол қою рәсіміне облыс әкімі Алтай Көлгінов «Dunbia» компаниясының негізін қалаушысы Роберт Джон Добсон (Ұлыбритания), «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы Нұрлыбек Малелов мен «Қазақстан ет одағының» ЖКЗТБ-ның бас директоры Мақсұт Бақтыбаев қатысты.

Облыс әкімі ауыл шаруашылығы, әсіресе, мал шаруашылығы дамуындағы аймақтың әлеуеті өте жоғары екенін атап өтті.

«Біз «CrownBatys» мал бордақылау кешенін қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізетін боламыз. Инвестор аймаққа қаржы құяды, біз ет және ет өнімдер нарығын дамыту мен экспортқа шығару үшін барлық жағдай жасаймыз», – деді Алтай Көлгінов.

Аталған шара ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен өтті.

Айта кетсек, «Dunbia» қызыл ет өнімдерін қайта өңдеу бойынша жетекші компаниялардың бірі, оның ішінде бөлшек және көтерме саудада сиыр еті, қой еті мен шошқа етін өндіру, жергілікті, ұлттық және халықаралық деңгейде тамақтандырумен айналысады. Аталған компанияға Ұлыбритания мен Ирландия елдерінен 25 кәсіпорын кіреді, онда 1 миллионнан астам ірі қара мал және 3 миллионнан астам қой бар. Өндірісте 30 мыңнан астам фермер және 7 мың адам жұмыспен қамтылған. Компанияның әлемнің әр түрлі елдерінде 50-ден астам өкілдіктері бар. Кәсіпорын тұрақты экономикалық өсімді көрсете отырып, олардың айналым қаражаты 2 млрд. евроны құрайды. Dunbia еуропалық нарыққа жоғары сапалы өнім жеткізуші болып табылады, оның ішінде «McDonalds», «Tesko», «Spar», «M&S» ірі сауда желілерімен жұмыс жасайды. Сондай-ақ компания агроөнеркәсіптік кешенде мамандар дайындайтын еуропалық университеттермен, соның ішінде компания үшін гранттармен жұмыс істейді. «Dunbia» компаниясы өз өнімдерін жақсарту үшін ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерді арттыру жұмыстарын белсенді түрде инвестициялайды. Негізгі бағыты тұқымдарды асылдандыру, тұрақтандыру режимі мен рационға арналады.

Облыс  әкімінің  баспасөз қызметі

Суретті  түсірген  Ғани  ӨМІРБЕКОВ


Ауқымды жұмыстар жазда жалғаспақ

Күні: , 45 рет оқылды

Сәрсенбі  күні  облыс әкімі  Алтай  Көлгінов  Орал  қаласындағы  бірқатар  құрылыс  нысанының  жұмыс  барысымен  танысты.

Облыс басшысы алдымен күрделі жөндеуден өтіп жатырған Ақтөбе көшесінің Ружейников және Кузнечный көшелері аралығындағы  жол учаскесінде болды. Мұндағы күрделі жөндеу жұмыстары «Түркістан Жол Сервис» ЖШС-ның мердігерлігімен  жүзеге   асуда.

– Ақтөбе көшесіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жеті ай мерзімге қарастырылған болатын. Біз  жұмысымызды 12 сәуірде бастадық. Жолдың жалпы ұзындығы – 740 метр. 900 метр жаяу жүргінші жолы салынды.  Құрылыс жуырда пайдалануға беріледі. Қазіргі таңда жол белгілері  мен таңбаларын  орналастыру жұмысы ғана қалды. Жергілікті тұрғындардың өтініші бойынша жолды уақытша ашып қойдық, – дейді «Түркістан  Жол Сервис» ЖШС-ның бас  инженері  Нұрлыбай  Жандәулет.

Аталмыш көшенің тұрғындары да күрделі  жөндеу жұмыстарына дән риза.

– Бұл ауданға 1960 жылдың төртінші сәуірінде көшіп келдім. Содан бері бұл жол мұндай күрделі жөндеуді көрген жоқ. Көктем мезгілінде жаяу жүргінші жолы  су, балшық болып жүруге келмейтін. Үйім жолдың жиегінде  орналасқандықтан, жолдағы еріген қардың суы үйдің кіреберіс есігіне дейін келетін. Қаланың орталығына  бару үшін екі аяқ киім таситын едік. Қазір қуанышымызда шек жоқ. Күрделі жөндеумен айналысып жатырған балалар таң ала кеуімде келіп, қараңғы түскенше жұмыстанды. Еңбекқор жандар екен. Нәтижесіне қуанып отырмыз, – дейді Ақтөбе көшесінің тұрғыны Мария Иванченко.

Облыс әкімі жүктелген міндетті сапалы әрі мерзімінен бұрын орындаған «Түркістан Жол Сервис» ұжымына алғысын білдірді. Мұнан кейін Алтай Сейдірұлы қайта салынып жатырған Депо көпіріндегі жұмыс барысымен танысты.

Құрылыс жұмыстары «КА – Строй ЛТД» ЖШС-ның мердігерлігімен жүзеге асып жатқан аталмыш көпір биыл күзге дейін  пайдалануға берілмек.

– Қазір көпірдің монолитті бөлігі бойынша жұмыстардың 95 пайызы орындалды. Бүгінгі таңда үстеме плита төселуде. Мамыр айының аяғына дейін монолитті бөлігін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Көпірге үстеме плита салған соң гидролизациялық материалмен  жабамыз. Содан соң асфальт төселеді. Жұмыстар  қарқынды жүруде. Жобаға сәйкес көпірдің ені төрт бағыттағы аутокөлік қозғалысына лайықталып, сегіз метрден 19,5 метрге дейін кеңейеді. Екі жағына жаяу жүргінші жолы тартылады, – деді учаске бастығы  Бақыт  Бектұрғанов.

Осы орайда айта кетсек, шаһардағы М. Мәметова атындағы көше бойымен осы Депо көпіріне дейінгі аралықтағы жол күрделі жөнделуде. «Nursat» ЖШС-ның мердігерлігімен жүзеге асып жатырған құрылыс жұмыстарының басым бөлігі атқарылған. Учаске бастығы Бақтияр Қарабасовтың айтуынша, жөндеу жұмыстары бір ай  көлемінде  аяқталмақ.

Облыс әкімі мердігер мекеме өкілдеріне жұмыс барысында мүмкіндігінше жергілікті құрылыс материалдарын пайдаланып, құрылыс нысандарын мерзімінде әрі сапалы тапсыру қажеттігін жеткізді. Ол содан соң Әбубәкір Кердері мен Мәншүк Мәметова атындағы көшелердегі жылу жүйелерін қайта құру жұмыстарымен танысты. Құрылыс жұмыстары «Уральскводстрой» ЖШС-ның мердігерлігімен   жүзеге  асуда.

Қазіргі кезде құрылыс жұмысының 45% орындалды. Ыстық су шаһар орталығындағы көпқабатты үйлерге шілде айында берілмек.

– Биыл Орал қаласындағы 50 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Қазіргі уақытта 26 көшеде жол құрылыс жұмыстары басталды. Жалпы қала бойынша 50 шақырым жол жөнделеді деп күтілуде. Берілген қаражат толық игерілуде. Өздеріңіз куә болғандай, Ақтөбе көшесіндегі жол 60 жылдан бері жөндеу көрмеген.  Алты-жеті айға жоспарланған құрылыс мердігер компания қызметкерлерінің белсенділігінің арқасында бір айдың ішінде аяқталып отыр. Жөндеу жұмыстары жүргізілген жолдарды болашақта да қадағалайтын боламыз. Жол құрылысының сапасы тексерілуде.  Сондай-ақ бүгін стратегиялық маңызы бар Депо көпірінің құрылыс жұмысымен таныстық. Құрылыс жұмыстары былтыр наурыз айында басталған көпір күзге таман оралдықтардың игілігіне берілмек. Мердігерлермен бірлесіп жұмыс жасаудамыз. Жіберген қателіктерін түзетудеміз. Сондай-ақ қаланың Әбубәкір Кердері көшесіндегі  жылу құбырлары  ауыстырылуда.  Бұл ТМ-2, ТМ-7 магистральдары болатын. Екі бағыттағы жылу құбырларын ауыстыруға республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, игерілуде. Мердігер «Уральскводстрой» ЖШС-ның осы салада бірнеше жылдық тәжірибесі бар. Жылу құбырларының  екі шақырымдай бөлігі ауыстырылған. Жаз айларында құрылыс жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр. Сонда  Орал қаласы бойынша тас жолдардағы  жылу магистралдарын жөндеу аяқталып, кезең-кезеңімен жүзеге асатын кварталішілік жылыту тұрбаларын ауыстыру жұмыстары  қалмақ. Жұмыстың ауқымды бөлігі жазда жалғаспақ, – дейді Орал қаласының  әкімі  Мұрат  Мұқаев.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»

Суреттерді  түсірген  Айбатыр  НҰРАШ


Қазақшасына орын жетпеді ме?

Күні: , 175 рет оқылды

Қазақ тілі – Қазақстан халқын біріктіруші фактор

Бұған дейін де айтылып жүрген қала көшелеріндегі жарнамалар мәселесі әлі күнге ақсап келеді. Тіл саясатын жүзеге асырып, оны қадағалап отыратын мекеме болмаса, әрқайсысы өз бетімен кететіні белгілі. Осындай жәйттерді ескеріп, жуырда облыстық тілдерді дамыту басқармасының мамандары атқа қонған болатын.

Тексеру барысында аталған мекеменің бөлім басшысы Гүлнар Әлжанова БАҚ өкілдерімен бірге шаһарымыздың Шолохов көшесі бойындағы халыққа қызмет көрсетіп тұрған нысандарды аралады. Әр түрлі қаріптермен безендіріліп жазылған сыртқы және ішкі жарнамалар алыстан көз тартады. Тіпті кейбірі түнгі мезгілде жарқ-жұрқ етіп, «менмұндалап» тұрады. Бірақ осындай жарнамалар екі тілде қатар жазылған ба? Байқағанымыздай, аталған нысандардың атауы дені ағылшын қаріптерімен жазылған. Ал ішкі және сыртқы жарнамалар орыс тілінде. Ана тілімізде жазылған көрнекі ақпараттар жоқтың қасы. Тіпті кейбір автосалондарда қазақ тіліндегі жазулар болмай шықты. Келушілерге есігі айқара ашық тұрған нысандардың тазалығы, әсемдігі мен жайлылығы мықтап ескерілген, бірақ мемлекеттік тіл мәселесіне келгенде аталған орындар жұрдай болып шықты. Бұл сонда нені меңзейді? Ана тілімізге деген немқұрайлылық па, әлде әдейі мән бермегенсіп отыр ма?

– Жалпы, көрнекі ақпарат мәселесі – бүгінгі қоғамдағы қазіргі тіл саясатындағы реттеуді қажет ететін өзекті жайттың бірі. Елбасымыздың кәсіпкерлікке мән беріп, оларға жағдай туғызып отырғандығы қуантады. Қазіргі таңда өз кәсібін дөңгелетіп жүргендер көп. Көрнекі ақпараттың тілін реттеу жөнінде біраз жылдан бері айналысып келеміз. Бүгін  ірі кәсіпкерлік нысандарды аралап көргенімізде, ондағы жіберілген қателіктерді байқадық. «WESTAVTO» автобөлшектер дүкені, «Nissan» автосалоны, «w.SPECTR.tv» электронды заттар дүкені және «Перчини» мейрамханасында сыртқы және ішкі жарнамалар екі тілде қатар жүргізілмеген. Бұл жерлерде халыққа ұсынылатын ақпараттар тек ресми тілде рәсімделген. Аталған кәсіпкерлік нысандардың өкілдерімен кездескенде байқағанымыздай, Ресейдегі сауда нысандар желісінің біздің қаламыздағы бір филиалы екендігіне көзіміз жетті. Қазақстанда тұрып, осы жерден пайдасын тауып жүргеннен кейін жергілікті жердің заңына бағынуларын және жіберілген қателіктерді таяу уақытта жою керектігін рейд барысында түсіндірдік. ҚР «Тіл туралы заңының» 21-бабына сәйкес келмейтін ақпараттардың түзетілуі жөнінде оларға жазбаша түрде ескерту жасалды. Біздің тараптан жазбаша түрде ескерту қағазы берілген күннен бастап, олар екі аптаның ішінде талапты орындауы қажет. Қазіргі таңда кейбір кәсіпкерлер жіберілген қателіктерден нәтиже шығарып жатқандарын да айта  кету керек. Ағымдағы жылдың басынан бастап 82 кәсіпкерлік нысанына мониторинг жүргізілсе, қазіргі күнде солардың жартысы түзетті, – дейді Гүлнар  Жәрдемқызы.

Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ,

«Орал  өңірі»


«Men qazaqpyn» байқауы басталады

Күні: , 85 рет оқылды

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен кезекті брифингте «Men qazaqpyn» дәстүрлі әнші, күйші, термешілердің телевизиялық байқауы туралы айтылды. Басқосуға «Qazaqstan» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ облыстық филиалының директоры Асыланбек Ғұбашев және облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Мәулет Жұбатов қатысты.

– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы шын мәнінде жалпыұлттық идеяға айналды деуге болады. Өйткені біздің қазіргі басты мақсатымыз – ұлттық кодымызды сақтап қалу. Тек сақтап қана қоймай, оны жаңғырту, қазіргі ұрпаққа жаңаша мазмұнда жеткізу. Осы мақсатта былтыр «Qazaqstan» РТРК АҚ «Men qazaqpyn» мега жобасын қолға алған болатын. Өткен жылы республика бойынша 1500-ге жуық адам осы жобаға қатысуға тілек білдірді. Республиканың әр аймағында іріктеу кезеңдері өтті.

 Халықаралық жоба болғандықтан, оған Ресей, Моңғолия, Қытай елдеріндегі қандастарымыз қатысты. Біздің облыстағы іріктеуде 32 талапкер сынға түскен еді.

Биыл бұл жобаның екінші маусымы 26 мамырда басталады. Байқауға 18 бен 40 жас аралығындағы өнерлі жандар қатысады. Олар халық композиторларының және халық әндерін домбыра, қобыз, сырнай аспаптарының сүйемелдеуінде орындайтын болады, – деді Асыланбек Зиннатұлы. Аудандарда өтетін байқауларда қатысушылардың өнерін телерадиокешеннің облыстық филиалы директоры бастаған қызметкерлер мен халық шығармашылығы орталығының мамандары бағалайды. Сондай-ақ әділ-қазылар алқасы құрамында аудан басшылары  да  болады.

– Атадан балаға мирас болған ұлттық өнерімізді насихаттау мақсатында бұл байқау облыс әкімдігінің қолдауымен, облыстық  мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, «Qazaq-stan» РТРК» АҚ БҚО филиалы және облыстық халық шығармашылығы орталығының бірлесе ұйымдастыруымен өткелі отыр.

Аудандардағы іріктеу байқаулары мамыр айының 26 күні Ақжайық және Бөрлі аудандарында басталады. Ұлттық ән мен күйдің көрігін 27 мамырда Шыңғырлау мен Жаңақала аудандары қыздырады. 28 мамырда Бөкей ордасы және Қаратөбе, 29 мамырда Жәнібек пен Сырым аудандарының үміткерлері бақтарын сынайды. 30 мамырда Қазталов ауданы мен Теректі ауданы, 1 маусымда Тасқалада өтетін байқау өңірдің ең биік нүстесі Ешкітаудың басынан басталады.

2 маусымда Зеленов ауданында өтеді. Финалдық бәсеке 14 мау-сымда Орал қаласында ұйымдастырылады, – деді облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Мәулет Жұбатов.  Байқау барысында үміткерлер әр өңірдің дәстүрлі халық әндері және халық композиторларының әндерін орындайды. Жеңімпаздарды анықтау барысында әр өңірдің байқауды ұйымдастырудағы шеберлігі, ұлттық өнерді дәріптеуге қосқан еңбегі ескеріліп, өнерпазбен бірге облыстық мәдениет басқармалары  де  марапатталатын  болады.

Ясипа РАБАЕВА,

«Орал өңірі»


«Ел мен елді теңестіретін де, бәсекелестіретін де білім»

Күні: , 61 рет оқылды

Елбасы  Нұрсұлтан  Назарбаев  «Бес  әлеуметтік  бастамасында»  жоғары  білім  алудың  қолжетімділігі  мен  сапасын  арттыру мәселесін  айрықша атап өтіп, отандық  жоғары мектептің алдына әлемдік  стандарттарға  сай  білім  беру  жүйесін  қалыптастыру міндетін  қойғаны  белгілі.  Осы  орайда  өңіріміздегі  ең  байырғы білім  ордасы,  аймақтағы  ұстаздар  ұстаханасы  М. Өтемісов атындағы  Батыс  Қазақстан  мемлекеттік  университеті кезекті  оқу  жылын  айтулы  жетістіктермен аяқтағалы  отыр.  Университет  ректоры,  педагогика  ғылымдарының  докторы,  профессор Асхат  Иманғалиевпен  сұхбаттасып, оқу  үрдісін  халықаралық стандарттарға сәйкестендіру, маман  даярлаудағы  жаңа  талаптар, түлектерді  жұмыспен қамту  жайын  сұраған  едік.

– Асхат Сәлімұлы, жуырда Еуропа елдерінде болып қайттыңыз. Осы сапарыңыз жөнінде кеңірек тоқталып өтсеңіз.

– Өткен айдың соңында Варшава қаласында Қазақстан мен Польша университеттері ректорларының форумы өтті. Екі мемлекеттің ректорлары ортақ білім беру бағдарламасын  кеңейту, біріккен зерттеу жобаларын жүргізу және гранттар  санын арттыру мәселелерін талқылап, университеттер арасындағы ынтымақтастық туралы келіссөздер жүргізді. Сондай-ақ дипломдарды өзара мойындау жайы да жан-жақты  сөз  болды.

Сапар барысында Италия мен Қазақстан мемлекеттерінің ха-лықаралық байланысы аясында М. Өтемісов Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті мен Италияның Неаполь Шығыс университеті арасында білім беру мен академиялық әріптестік саласындағы меморандумға қол қойылды. Меморандум негізінде ортақ  бағдарламалар жасақтау мүмкіндіктеріне, студенттер мен оқытушылардың академиялық алмасуларына, өзара біліктілікті арттыруға, ғылыми симпозиумдар мен мәдени шараларды бірлесе ұйымдастыруға уағдаластық. Сонымен қатар Польшаның Быдгощь қаласындағы Ұлы Казимир университетінде болып, Erasmus Plus  халықаралық бағдарламасы аясында әріптестік серіктестік аясын арттыру бағытында келіссөздер жүргіздік, болашақ бірлескен жоспарларды жүзеге асыру жайын  нақтыладық.

Біздің университет өткен жылдан бастап танымал еуропалық Erasmus Plus бағдарламасын  жүзеге асыруға белсенді қатысып келеді. Еуропалық кеңестің 20142020 жылдарға арналған бағдарламасы түрлі жобаларды бірлесіп атқаруға, серіктестікті нығайтуға, академиялық алмасу бойынша білім алуға, спорт саласын және жастар саясатын қолдауға бағытталған. М. Өтемісов атындағы БҚМУ Erasmus Plus бағдарламасының серіктесі ретінде жеке идентификацияық рұқсат кодына ие және жыл сайын Erasmus Plus еуропалық комиссиясы ұйымдастыратын халықаралық семинарларға, форумдарға,  сессияларға  қатысады.

Қазіргі таңда М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті 16 халықаралық қауымдастық пен жобалардың серіктесі болып табылады. Олардың қатарында Еуропалық ғылыми қоғам (Ганновер, Германия), REGENA жоғары оқу орындарының қауымдастығы, Аме-рика заңгерлер қауымдастығы (АҚШ), Erasmus Plus пен Еуропалық университеттер қауымдастығы (EUA, Бельгия) және тағы  басқалар  бар.

– М. Өтемісов атындағы БҚМУ қандай шетелдік оқу орындарымен бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асырады?

– Бүгінде ел мен елді теңестіретін де, бәсекелестіретін де білім. Мына жаһандану кезеңі мен өзгермелі өмірде бәсекеге төтеп беріп, өркениет көшінен қалмау үшін білім мен ғылымды дамыту керек. Елбасы Н. Ә. Назарбаев 2020 жылға дейін Қазақстанның жоғары білім беру сапасы әлемдік білім беру саласындағы үздік тәжірибелерге сәйкес болуы тиіс екендігін айтқан болатын. Соған сәйкес орта білім беруді де, жоғары білім беруді де жаңа сапаға көтеру – мемлекетіміздің басым бағыттарының бірі.

Қазіргі таңда жоғары білімді интернационалдандыру – білім беру қызметінің сапасын арттырудың және Қазақстандағы жоғары оқу орындарының халықаралық деңгейде дамуының маңызды құралы болып табылады.

Батыс өңіріндегі 85 жылдық тарихы бар ұстаздар ұстаханасы – М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде оқу үрдісін ұйымдастыруда жоғары білімді интернационалдандыру тетіктерін, яғни академиялық ұтқырлық пен бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруға және халықаралық тәжірибе алмасуға басымдық беріледі.

Қазіргі таңда университетте физика және математика бағыты бойынша бірлескен білім беру бағдарламалары енгізілді. Бұл бірлескен бағдарламалар Германияның Отто фон Герике атындағы, Польшаның Ұлы Казимир атындағы университеттерінің, ал қос дипломды білім беру АҚШ-тың Миссисипи университетінің қатысуымен жүзеге асуда. Сонымен қатар Мәскеу қаласындағы Ресей халықтар достығы университетімен жоғары оқу орнынан кейінгі білім бойынша бірлескен бағдарламалар жүргізілуде. Біздің магистранттарымыз М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың дипломына қоса жетекші серіктес уни-верситеттердің де дипломын алу мүмкіндігіне  ие.

Президент еліміздің жоғары мектебінің алдына  Қазақстанның білікті мамандары әлемнің әрбір түкпірінде сұранысқа ие болу қажет деген талап қойған болатын. Өткен оқу жылында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық  орталығында университеттің 50-ден астам оқытушысы біліктілік арттырса, бірнеше оқытушы-ғалымымыз Испанияның жоғары оқу орындарында шетелдік тағылымдамадан өтті. Төрт оқытушымыз  Португалияның Порто қаласындағы Жоғары техникалық институтқа және Оңтүстік Кореяның Ханкук университетінде шетелдік тағылымдамадан өтуге жолданды. 100-ге тарта оқытушы Алматы мен Қарағанды қалаларының орталық оқу орындарында екі айлық мерзімде «Педагогикалық пәндерді ағылшын тілінде оқыту» семинарларына қатысып, біліктілік арттырды. Үздіксіз білім беру орталығының базасында ағылшын тілі курстары, сонымен қатар «Оқыту жүйесінде  ақпараттық технологияларды қолдану», «Жоғары мектеп педагогикасы – оқытудың жаңа технологиялары» курстары ұйымдастырылып, 90-нан астам оқытушы білімдерін жетілдірсе, жаңадан тағайындалған бөлім жетекшілері үшін «Білім берудегі менеджмент» курсы ұйымдастырылды. Биыл «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық  орталығының мамандары Орал қаласына келіп, шеберлік сыныптарын өткізді. Бүгінде төрт оқытушымыз Португалияның Порто қаласындағы Жоғары техникалық институтта шетелдік  тағылымдамадан  өтуде.

Білім ордасында электронды және қашықтан оқытуды қамтамасыз ететін жаңа компьютерлермен және мультимедиялық  құрылғылармен  жабдықталған «Махамбет» ақпараттық  технологиялар орталығы жұмыс жасауда. Университетіміз қазірдің өзінде білім беру жүйесін оңтайландыруда инновациялық авторлық бағдарламаларға ие. Ағылшын тілінде білім беру бағдарламалары жасақталып, білім беру модульдерінің құрамы кеңеюде.

Осы тұста университеттің ресми сайтының Білім беру сапасын қамтамасыздандыру тәуелсіз қазақстандық агенттігі (IQAA) жүргізген ЖОО интернет-ресурстарының рейтингінде үздік  жиырмалыққа енуі үлкен жетістік екенін  айтқым  келеді.

– Әлемдік білім беру кеңістігіндегі интеграцияны жетілдіру мақсатында пайда болған «академиялық ұтқырлық» бағдарламасы туралы айтып өтсеңіз?

– М. Өтемісов атындағы БҚМУ таяу және алыс шетелдің 100-ге жуық жоғары оқу орнымен академиялық ұтқырлық аясында ынтымақтастық туралы келісімшарт жасаған. Қазіргі уақытта біздің студенттеріміз Польшаның Быдгощ қаласындағы Ұлы Казимир атындағы университетте шет тілі: екі шет тілі мамандығы бойынша, Германияның Гутенберг атындағы университетінде дизайн, шет тілі, халықаралық қатынастар  мамандықтары бойынша, АҚШ-тың мемлекеттік Миссисипи университетінде есеп және аудит, халықаралық қатынастар мамандықтары бойынша білім алмасуда. М. Акмулла атындағы Башқұрт мемлекеттік педагогикалық университетімен, Белгород мемлекеттік өнер және мәдениет университетімен,  Астрахань мемлекеттік университетімен, Орынбор, Пермь, Қалмақ мемлекеттік университеттерімен, Саратов мемлекеттік заң академиясымен, Ульянов мемлекеттік педагогикалық университетімен тығыз байланыс орнатудың нәтижесінде география, химия, биология, информатика, менеджмент, мемлекеттік және жергілікті басқару, туризм, қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті және өнер мамандықтары бойынша студенттердің академиялық алмасуы сәтті жүзеге асуда. Аталған бағдарламаға бакалавриат студенттерімен қоса, магистранттарымыз да қатыса алады.

Сондай-ақ профессор-оқытушылар құрамының академиялық алмасуында да нәтижелі жұмыстар атқарылуда. Атап айтар болсам, Оңтүстік Кореяның Сангконгхое университетінің профессоры Чжон Хюн Ли, Үндістанның Курукшетра университетінің профессоры Рам Виранджан, Хорватияның Загреба университетінің профессоры Мартин Арндт және ресейлік ғалымдар И. Карпенко, О. Акимова, Ю.  Королева, О. Кощеевалар университетімізде дәріс оқып, шеберлік сағаттарын өткізсе, біздің оқытушыларымыз да аталған оқу орындарында болып, тәжірибе алмасуда.

Оқу ордасының университеттердің еуропалық қауымдастығына толық мүше болуы еуропалық білім мен ғылым кеңістігінде отандық білім мен ғылымды танытуға өз үлесін қосары анық. Өткен оқу жылынан бастап Қазақстан Республикасының 2016-2019 жылдарға арналған Білім беру мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жү-зеге асыру  аясында жоғары оқу орнының топ-менеджерлігіне шетелдік мамандар тартылып отыр. Университетіміздегі көп тілді білім беру орталығының басшылығына оңтүстік кореялық маман Ли Джонг Хюннің шақыртылуын аталған сала бойынша шетелдік тәжірибе алмасудың тағы бір мүмкіндігі деп білеміз. 2018 жылдан бастап Польша елінен Ұлы  Казимир университетінің профессоры Анна Бочковска келіп, қызметін бастауда. Университетімізде 100-ге жуық шетелдік студенттердің де білім алуына жағдай  жасалған. Олардың арасында АҚШ-тан, Германиядан,  Қытайдан, Ресейден келген студенттер бар.

– 2014 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Серпін – 2050» бағдарламасы аясында қанша студент білім алуда? Олардың ішінде біздің өңірге «бауыр басып» біржола тұрақтап қалғандары бар ма?

– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев  жалпыға ортақ еңбек қоғамы идеясын ұсынып, «Елімізде жұмыс орындарын құрудамыз, жаңа өндірістер салудамыз. Сон-дықтан жұмыс бар жерге бару керек» деп жастарға үндеу тастаған болатын.  «Серпін – 2050». Мәңгілік ел жастары – индустрияға»  мемлекеттік бағдарламасының басты мақсаты – халқы тығыз орналасқан еліміздің оңтүстік аймақтарындағы жастарды индустриалды-инновациялық бағдарламаның ірі жобалары жүзеге асырылып жатқан Қазақстанның шығыс, солтүстік және батыс өңірлерінде оқы-тып, осы өңірде жұмысқа орналастыру. Жоба алғаш қолға алынған 2014-2015 оқу жылынан бастап университет қабырғасында  аталған бағдарлама  аясында Алматы, Қызылорда, Маңғыстау, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облысынан келген 500-ге жуық студент 15 мамандық бойынша білім алуда. Серпіндіктердің алды биыл жоғары оқу орнын бітіреді. Серпіндік  түлектерді  жұмысқа орналастыру мәселесін басты назарда ұстап, жұмыстанудамыз.

– Елбасы Н. Ә. Назарбаев биылғы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуінде 2022 жылға дейін елімізде студенттердің жатақхана тапшылығы мәселесін жоюды тапсырды. Бұл бағытта қандай жұмыстар   атқарылуда?

– Жас ұрпақты сапалы біліммен қаруландыру үшін ең алдымен оларға әлеуметтік-тұрмыстық, материалдық жағынан да барынша қолайлы жағдайлар жасалу қажет. Осыдан алты жыл бұрын студенттерге арналған тоғыз қабатты, жас мамандарға арналған бес қабатты жаңа жатақханалар салынып, пайдалануға берілсе, кейінгі жылдары оқу корпусының қайта жасақталып, тағы бір жатақхананың пайдалануға берілуі білім алушыларды жатақханамен қамтамасыз етуге айтарлықтай мүмкіндік туғызып отыр. Қазіргі күні үш жатақханамыз бар, студенттерді жатақханамен қамту  деңгейі 80%-ды құрайды. Алдағы уақытта әлі де бұл көрсеткішті арттыру мақсатында  жұмыстар жалғасуда. Жатақхана құрылысына қатысты құжаттар бекітіліп, құзырлы құрылымдарға жолданды. 500 орындық жаңа жатақхана болашақта пайдалануға берілсе, біздің оқу орнымыз студенттерді жатақханамен қамтуда 100 пайыз  көрсеткішке  ие  болар  еді.

Жас буынның рухы биік, арманы асқақ, білімі сапалы, ойы саналы болса, ел болашағы жарқын болары анық. Ал жастардың биік белеске жетуі үшін мемлекеттің қолдауы қажет.  Алаш арысы Ахмет Байтұрсыновтың «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер болмас» деген қанатты сөзі Елбасының «Мен өркендеген Қазақстан – ең алдымен мемлекеті өзін қорғап, қолдайтынын, қамқорлық жасайтынын сезінетін, тиісінше елін жан жүрегімен сүйетін, өздеріне сенімді адамдар деп санаймын» деген  сөздерімен  үндесіп  жатыр.

– Жергілікті бюджет есебінен білім алып жатқан студенттер жайында  айтсаңыз?

– 2017-2018 оқу жылында облыстық бюджеттен 160 білім гранты бөлінгені белгілі. Гранттар саны өңірге қажетті, сұранысқа ие мамандықтар негізінде анықталған болатын.  Біздің студенттеріміз 160 гранттың 71-іне ие болды. Соның ішінде дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша –  13, биология мамандығына – 7, физика мамандығына – 4, химия мамандығы бойынша – 11, орыс тілінде оқытпайтын мектептердегі орыс тілі мен әдебиеті – 14, математика – 17, өнер бағытында бес  білім гранты бөлінді. Сонымен қатар Атырау облысы әкімдігі 20 білім грантын тағайындаған болатын. Аталмыш білім гранттары жергілікті биліктің өңірдегі кадр тапшылығын азайту мәсе-лесін, білікті мамандарды даярлаудың маңыздылығын басты назарда ұстап отырғандығының және білім қуған жалынды жастарды  қолдаудың  айғағы  деп  білемін.

– Түлектерді жұмыспен қамту мәселесі қалай шешіледі? Жыл сайын «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында қанша  түлек  жұмысқа  орналасады?

– Студенттердің кәсіби білімдерін кәсіпорындарда тәжірибелік негізде шыңдауы жолға қойылды. Жұмыс берушілер кеңесінің қатысуымен еңбек нарығының талаптарына сәйкес студенттердің таңдаулары негізінде 185 модульді білім беру бағдарламасы  жасақталды. Қосымша білім беру бағдарламаларын жасақтауда шағын жинақталған мектептердің талаптарын ескеру басты назарымызда және бұл түлектеріміздің тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндік беруде.

Мамандар дайындау, түлектерді жұмысқа орналастыру мәселесіне келетін болсақ, бұл – біздің білім беру саласындағы орындайтын нақты міндетіміз. Бұл бағытта оқу орнында кәсіби бағдар жұмысы жүргізіліп келеді.

Университет аймақтық еңбек нарығын зерттеумен жүйелі айналысады.  Ақпараттық-талдау орталығының әлеуметтік зерттеулер зертханасы жалпы білім беретін мектептердің түлектерін тренділік маркетингілік зерттеу бағдарламасын дайындады. Жыл сайын олар тұтынушы сұранысын анықтау мақсатымен әлеуметтік сауалнамалар жүргізеді. Сонымен қатар мансап орталығы тек біздің өңірімізде емес, Атырау және Маңғыстау облыстарында сұранысқа ие мамандықтарды анық-тау мақсатында аймақтың жұмыс берушілерімен кездесіп, сауалнама жүргізеді. Аймақтық жұмыспен қамту орталықтары мен облыстық және аудандық білім беру құрылымдары да жұмыс берушілердің сұраныстарын жүйелі түрде университетке жолдап отырады. Соңғы бес жыл ішінде аймақтағы ең үлкен қажеттілік білім дайындау бағытындағы (түлектердің жалпы санынан орташа 94,3%), екінші орында техникалық ғылымдар мен технологиялар  дайындау бағытындағы (93,7%), қызмет көрсету (92%), одан кейін өнер (88%), әлеуметтік ғылымдар және бизнес (65%)  мамандықтарының үлесіне тиіп отыр. Бұдан өзге гуманитарлық ғылымдар дайындау бағытындағы (59%), жаратылыстану ғылым-дары (56%) және құқық (52%) мамандықтары да сұранысқа ие.

Университет түлектерінің «Дипломмен ауылға» бағдарламасына қатысуы Батыс Қазақстан облысының экономика және бюджетті жоспарлау басқармасымен және аудандық өкілдіктерімен бірлесіп жүзеге асырылады. Түлектерді арнайы жұмысқа жолдаудың нәтижесінде педагогикалық және өнертанушы мамандықтарын алған жас мамандардың  50%-ы  ауылдық жерлерге жіберіліп отыр. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасуда 2014 жылы – 65,  2015 жылы – 89,  2016 жылы – 96, 2017 жылы 100-ден аса студент жұмысқа орналасты. Биылғы жылы да бұл көрсеткіш саны артады деп сенеміз. Соңғы бес жылдың ішінде педагогикалық және өнертанушы мамандықтарының түлектеріне жергілікті жерлерде әлеуметтік қолдау көрсетіліп отыр. М. Өтемісов атындағы БҚМУ ауылдық жерлерге білікті мамандарды жібере отырып, Қазақстанның стратегиялық бағдарламасының жүзеге  асуына өз үлесін қосып отырғанын айтуға болады. Педагог мамандарды жұмыспен қамту мақсатында  «Жоғары оқу орны – жұмыс беруші – түлек» үш жақты келісімшарты  жасалды. Оқу орнының түлектермен және жұмыс берушілермен ынтымақтастық байланысын нығайту мақсатында жүзеге асырылып отыр. Орал қаласы мен барлық аудандық әкімдіктермен ынтымақтастық жөнінде меморандумдарға қол қойылғанын да атап өткім  келеді.

Сұхбаттасқан  Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»


Кедейлік шегі белгіленді

Күні: , 52 рет оқылды

Батыс Қазақстан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2017 жылдың 27 қыркүйегінде мемлекеттік тіркеудің тізіліміне №15766 болып енгізілген «Кедейлік шегінің мөлшерін айқындау туралы» Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2017 жылғы 31 тамыздағы №290 бұйрығына сәйкес төмендегі  мәліметті  хабарлайды.

2018 жылдың бірінші тоқсанына күнкөрістің ең төменгі деңгейінің шамасы орташа есеппен жан басына шаққанда 23912 теңгені құрады. Соған байланысты 2018 жылдың екінші тоқсанына белгіленген кедейлік шегі 11956 теңгені құрайды.


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика