Мұрағат: 16.05.2018


ҚР Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: «Бөкей ордасы мен Жәнібекке жол салынады»

Күні: , 199 рет оқылды

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында өңірдегі іргелі кәсіпорындарда болып, сондай-ақ жұртшылық өкілдерімен кездесті.

 

Жаңа  технология – табыс  кепілі

Президент алдымен «Квант» ЖШС-ның цехында жиынтық жиһаз жасаудың технологиялық үдерістерімен танысты. Мұнда кәсіпорынның қазіргі қаржы-шаруашылық жағдайы туралы мәлімделіп, өндіріс ауқымын ұлғайту және дайын өнім тізбесін кеңейту жоспары жөнінде айтылды.

Индустрияландыру картасына енгізілген жиһаз фабрикасын ашу үшін (жоба құны – 1,1 млрд. теңге) кәсіпорынға кезінде «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында мемлекеттен қолдау көрсетілген болатын. Мұнда германиялық Nomag фирмасының жабдықтары орнатылған. Жиһаз фабрикасында жатын, ас үй және балалар гарнитурлары, басқа да түрлі жиһаздар шығарылады. Жұмсақ және жиынтық жиһаз үшін пенополиуретан мен матрастар да өндіріледі.

Фабриканы аралау кезінде Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов Нұрсұлтан Назарбаевқа өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысы, соның ішінде өнеркәсіп секторының, шағын және орта бизнестің қазіргі ахуалы мен болашағы жөнінде баяндап берді.

Бұдан бөлек кәсіпорын аумағында Елбасына индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобалар таныстырылды. Атап айтқанда, фин технологиясы бойынша тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу жүйесін жаңғырту, ірі қара мен ұсақ малдың терісін өңдеу, нан және макарон өнімдерін өндіру, химия өндірісі, дизель отынының компоненттерін сумен тазалауға арналған  жобалар  бар.

Елбасы одан кейін Зеленов ауданы Щапов ауылында орналасқан «Жайық Агро LTD» ЖШС-ның құс фабрикасына ат басын бұрды. Жылына 7200 тонна құс етін өндіретін фабрика өткен жылы Президенттің қатысуымен болған телекөпір барысында іске қосылған. Өнімнің 90 проценті ішкі нарыққа жіберілсе, 10 проценті сыртқы  нарыққа  шығарылады.

Қабырғаға және шатырға арналған материалдарды, шыны және металл бұйымдарын шығаратын «Агран» зауытында кәсіпорынның қазіргі дамуы және мемлекеттік инвестициялық бағдарламаларға қатысу арқылы оның өндірістік қуатын арттыру жайы сөз болды. Президент кәсіпорынның өндірістік үдерісімен танысып, дайын өнім үлгілерін көрді.

Сонымен қатар «Мясодел» және «Кублей» брендтерінің ет өнімдерін дайындаумен және өндірумен айналысатын жергілікті кәсіпорындардың жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ.

Елбасы «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ-да көмірсутегі шикізатын өндіру және тасымалдау саласында пайдаланылатын құрылғылар мен жабдықтар жасау үдерісімен танысты. Президентке кәсіпорынның технологиялық қуаты, сондай-ақ зауытта жасалған қорғаныс өнімдері – атыс қаруы мен оқ-дәрі үлгілері  көрсетілді.

«Орал – Қазақстан бойынша  экологиялық  жағынан ең  таза  қала»

Өндіріс нысандарын аралап болғаннан кейін Мемлекет басшысы Орал қаласындағы жаңа алаңға келді. Мұнда облысымыздағы Қазақстан халқы ассамблеясы мүшелерімен және зиялы қауым  өкілдерімен  жүздесті.

2016 жылы пайдалануға берілген аталмыш алаң құрылысының жобалық құны 1,4 млрд. теңгені құрайды. Қала тұрғындарының демалуына, мәдени-көпшілік шаралар өткізуге арналған алаңның жалпы ауданы 7,0222 га. Алаңның қыдыруға арналған аумағы мен отыратын орындары жалпы алғанда 8-10 мыңдай адамды сыйғыза алады.

Ел Президенті осы жерде мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының іске асырылуы, сондай-ақ Орал қаласын одан әрі дамыту жоспарымен танысты.

Мемлекет басшысына ескі үйлерді бұзып, орнына жаңа үй тұрғызу, сондай-ақ әлеуметтік сала нысандарының құрылысына инвестиция тарту барысы жөнінде мәлімдеме жасалды. Сонымен қатар облыс әкімі Алтай Көлгінов «Ақылды қала» тұжырымдамасы аясындағы жобалардың іске асырылуы туралы да баяндады.

Жаңа алаңдағы сәулетті құрылыстарға көңілі толатындығын жеткізген Елбасы көпшілік тарапынан қойылар сұрақ, көтерілер мәселелер болса, тыңдауға әзір екенін айтты.

– Аса қымбатты Нұрсұлтан Әбішұлы! Бізді, әсіресе, қуантатыны – наурыз айында Парламентте мәлімдеген бастамаларыңыз. Әрбір отбасын баспанамен қамтамасыз ету мүмкіндігі ашылып жатыр. Бұл, әрине, үлкен әлеуметтік мәселе екені даусыз. Сіз жастардың болашағына көп мән бересіз. Оларға сапалы білім беру, қала берді өзінің кәсібін ашу, студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету секілді бастамаларыңыз да көкейге қуаныш ұялатады. Сондықтан да ақсақалдардың атынан сізге үлкен рақметімді айтып, ризашылығымды білдіргім келеді. Батысқазақстандықтар сіздің барлық игі бастамаңызды қолдайтынына сеніміміз кәміл, – деді Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы ассамблеясының ақсақалдар кеңесінің төрағасы Рахметолла Сүйербаев.

Кездесу барысында сөз алған Қазақстан Жазушылар одағы БҚО филиалының төрайымы, ақын Ақұштап Бақтыгереева бастаған зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ этномәдени бірлестік жетекшілері Елбасы саясатына қатысты ризашылықтарын білдірді.

– Ақ Жайық өңіріне әдейі ат басын бұрып келіп тұрмын. Еліміздің қиыр батысында жатқан ағайынсыздар. Сондықтан мен ылғи көңіл бөліп отырамын. Шекарада тұрған елдің жағдайы жақсы болуы керек. Қалаларымыз жылдан жылға дамып, еліміз өркендеп келеді. Өндіріс ілгерілеп келеді. Жаңа ғана шағын, орта деңгейдегі кәсіпорындардың тыныс-тіршілігімен таныстым. Қазіргі таңдағы керегі де осындай жұмыс орындары. Өйткені аса ірі кәсіпорындардың заманы өткен. Өңірлеріңізге «Болашақ» бағдарламасымен білім алған жас әкімді тағайындағаныма да біраз уақыт өт-ті. Ағылшын тілін білу арқылы инвестиция тартып, түрлі жобаларды жүзеге асыруға тырысып келеді. Жаңа алаңның көрінісі тамаша. Бұл жерге сенбіліктерде молырақ тал егіп, әлі де көгалдандыруға мән берген жөн. Орал – Қазақстан бойынша экологиялық жағынан ең таза қала. Ұзақ өмір сүру үшін қажетті негізгі ұстанымдардың бірі – қай жерде қолайлы болса, сол жерде өмір сүру. Экология таза, қалғаны өзімізге байланысты. Адам денсаулығы жақсы болуының 90 проценті өзіне, ал қалған 10 проценті дәрігерлерге байланысты. Мен көп жылдан бері ел басқарып келемін. Жайық өңірі – шаруашылыққа қолайлы мекен. Батыс Қазақстан облысы – бұрыннан бері ірі қара етін өндіруші аймақ. Жаңа ғана ет өңдеуші зауытта болдым. Онда малдың сүйегіне дейін пайдаға асырып жатыр. Менің бес әлеуметтік бастамамның бірі – тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамту. Пәтері бар тұрғындар бұл бағдарламаға ілікпейді. Бұл бастама жұмыс жасайтын, алайда пәтерге қолы жетпей жүрген жанұяларды баспанамен қамтуға бағытталған, – деген Елбасы бес әлеуметтік бастаманың және еліміздегі жастарға, шағын кәсіпкерлікке туғызылып отырған жағдайдың қолайлы тұстары  туралы  кеңірек  әңгімеледі.

– Ал Достық үйлерінің жұмысы – біздің саясатымыздың маңызды бағыты. Қазақстан – халқының татулығымен барлық елге үлгі. Бұл – біздің ең ұлы жетістігіміз. Бақыт дегеніміз – ынтымағы жарасқан елде өмір сүру, балаларды соғысқа жібермеу. Біздің аталарымыз бірінші дүниежүзілік соғысты, төңкерісті, азамат соғысын бастан өткерді. Әкелеріміз болса, екінші дүниежүзілік соғысқа тап келді. Аштық пен саяси қуғындаудың да теперішін көрді. Ал біздің буын бақытты ұрпақ, 74 жылдан бері бейбіт өмір кешіп келе жатқанымыздың ұлы бақыт екенін ұмытпауымыз керек.

Шекарадағы елдермен бейбіт қарым-қатынас ұстанып отырмыз. Сыртқы және ішкі тыныштық дамуға қолайлы мүмкіндік туғызады. Елімізде мұнай мен газдың қоры болуына байланысты индустриалды саясатты да жүргізіп келеміз. Алайда бұлардың бағасының қалай өзгеретінін көріп отырғандықтан, өндірістің өзге түрін де дамытуымыз керек. Инфрақұрылымға келетін болсақ, Саратов бағытына жол салынуда. Бөкей ордаға қатынайтын ішкі жолдардың құрылысын жеделдету үшін Үкіметке тапсырма берілді, – деді  Мемлекет  басшысы.

Жаңашыл  жастарға – жол  ашық

Оқушылар сарайына барған Президент алдымен балғын боксшылармен емен-жарқын әңгімелесті. Жас былғары қолғап шеберлері болашақта осы Батыс Қазақстан облысынан шыққан Рио олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов сияқты әлемдік жарыстарда топ жаруға  уәде берді.

Сондай-ақ осы сарайда БҚО әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов өңірде денсаулық сақтау және білім беру саласында жүзеге асырылып жатқан цифрландыру жобаларымен таныстырды. Елбасы бұл жөнінен Батыс Қазақстан облысының алда екендігін, осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыру керектігін  атап  өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев сонымен қатар жаңашыл жастармен де кездесті. Жас кәсіпкер, «Fiesta» дүкендер желісінің директоры Асхат Рамазанов «Бастау» коворкинг орталығында жаңа жобалар мен идеяларға жол ашылып жатқанын мәлім етсе, «Qayir» қайырымдылық қорының жетекшісі Алпамыс Шәрімов ұлттық өнер мен мәдениетті әлемдік деңгейге шығару бағытындағы ойларымен бөлісті. «AQJAYIQ» телеарнасының редакторы Нина Павлычева «100 жаңа оқулық» жобасы бойынша қазақ тіліне аударылған «Медиа этика» кітабын оқып, көкейге түйгендігін айтса, 1991 жылы Президент есімін қойған Нұрсұлтан Сақпаев ұшқыш болуды бала кезден армандағанын, қазір соның орындалып жатқанын жеткізді. Сол секілді М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Зарина Ықсанова Президенттің  «Бес әлеуметтік бастамасы» аясында облыста жаңадан жатақханалар салынып жатқаны жастар үшін үлкен қуаныш екендігін жеткізді. Осы орайда облыс әкімі Алтай Көлгінов өңірде жеті, соның ішінде Оралда алты жатақхана салынып жатқанын атап өтті.

Елбасы жастарға қазіргі уақытта мемлекет тарапынан мол мүмкіндіктер жасалып отырғанын айтып, оларға жаңашылдық жолында табыс тіледі.

«Мектептер мен университеттер ғылыммен айналысуға бағдарланып отыр. Қазіргі жағдайда адам өмір бойы білім алуы тиіс. Бес-алты жылдан кейін бүгінгі көптеген мамандық жойылып, орнына жаңа мамандықтар пайда болады. Біздің бар үмітіміз – жастарда. Қарқынды дамып келе жатқан әлемнен қалып қоймауымыз үшін не істеу керектігін сіздер әрдайым ойлап жүресіздер деп сенемін», – деп түйіндеді  сөзін  Мемлекет  басшысы.

Өңір  көрсеткіштері  өсіп  келеді

Сапарының соңында Елбасы Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Жиында облыс әкімі Алтай Көлгіновтің 2017 жылдың және биылғы бірінші тоқсанның қорытындылары бойынша өңірдің даму барысы жөніндегі есебі тыңдалды.

Сонымен қатар облыс әкімі Қазақстан Президентінің мемлекеттік және салалық бағдарламалар аясында берген тапсырмаларының орындалуы туралы баяндады.

Басқосуда Нұрсұлтан Назарбаев өңірде дайын өнім шығару ісінің жолға қойылғанын айтып, мемлекеттік әлеуметтік бағдарламалардың іске асырылу барысына оң  баға  берді.

«Бүгін облыстағы нысандарды аралап көрудегі мақсатымыз – мемлекеттік бағдарламалардың, соның ішінде жақында қабылданған «Бес әлеуметтік бастаманың» іске асырылу барысымен танысу. Оларды жүзеге асыру қоғам өміріне оң әсерін тигізеді», – деді Қазақстан Президенті.

Елбасы «Қазақстан – 2050» стратегиясының мақсаттарына қол жеткізу ісінде барлық облыстың атқарып жатқан жұмыстарының маңызды екенін айтты.

Мемлекет басшысы Батыс Қазақстан облысының экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері өсіп келе жатқанына тоқталып, өңір тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған жұмыстарды жалғастыру қажеттігін атап өтті.

Азаматтардың әл-ауқаты тұрғын үй құрылысына да байланысты болады. Соңғы бес жылда облыста бір жарым миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгені қуантарлық жайт. «Бес әлеуметтік бастаманы» іске асыру арқылы біз құрылыс қарқынын арттыратын боламыз», – деді Нұрсұлтан  Назарбаев.

Қазақстан Президенті шағын және орта бизнеске қолдау көрсету, ауыл шаруашылығын дамыту мен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мәселелеріне, сондай-ақ өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың проблемасына тоқталды.

Елбасы облыс басшылығына экономиканың жаңа секторларында заманауи өндіріс орындарын ашу жөніндегі жұмыстарды жандандыруды және өңірде жұмыс істеп жатқан кәсіпорындарды одан әрі дамытуды тапсырды.

«Ірі инвесторларды тартуға бағытталған жұмыстарды жалғастырудың да маңызы зор. Мәселен, менің АҚШ-қа сапарымнан кейін америкалық ірі бизнесмендер тобы Қазақстанға келіп, келіссөздер жүргізіп жатыр. Біз үшін олардың инвестициясы, технологиялары және нарығы маңызды», – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев жаңа технологияларды пайдалану арқылы облыста «жасыл» экономиканы дамытудың қажеттігін атап өтті.

Мемлекет басшысы ауыл жастарын жұмыспен қамту мәселесіне тоқталып, оларды мемлекет қабылдаған бағдарламаларды жүзеге асыру үдерісіне тартуды тапсырды.

Қазақстан Президенті шағын және орта бизнес секторындағы диспропорцияға назар аударды.

«Орал қаласы мен Бөрлі ауданы шағын және орта бизнес өндіретін бүкіл өнімнің 90 процентін өндіріп отыр. Қалған 11 ауданға 10 процент тиесілі. Адамдарға бизнеспен айналысуды үйретіп, кәсіпкерлерді қолдауға арналған қандай мемлекеттік бағдарламалар бар екенін көрсету керек. Бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдай жасау қажет», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы, сондай-ақ экспорт көлемін арттыру үшін өңірдің шекара маңы әлеуетін белсенді пайдалануды тапсырып, облыс ішінде көлік инфрақұрылымын дамытудың маңызды екенін атап өтті.

Жиында Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандарына қатқыл табанды жол салу мәселесі де сөз болды. Орал қаласынан бұл аудан орталықтарына дейінгі 500 шақырым жолдың бүгінде 200 шақырымы жаңа кейіпке енді. Елбасы жолдың қалған бөлігін асфальттауға қаржы бөлу жөнінде Үкіметке тапсырма бергенін атап өтті.

– Бөкей ордасына туристерді апарамыз, көрсетеміз деп отырмыз. Ал жөнді жол болмаса, оларды қалай жүзеге асырамыз? Сондықтан осы мәселені қолға алып, бәріміз бірге шешетін боламыз, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Айта кету керек, жол бірден салынбайтыны анық. Оған қаржы бөлуге, жобалық-сметалық құжаттамаларды дайындауға біраз уақыт кетеді.  Дегенмен де көптен бері көтеріліп келе жатқан мәселенің шешімін таба бастағаны қуантады.

Жиын соңында Қазақстан Президенті өңірдің даму қарқынын сақтауды және жұмыс сапары барысында берілген тапсырмалардың жүзеге асырылуын бақылауға алып, қамтамасыз етуді тапсырды.

Ғайсағали  СЕЙТАҚ,

Нұртас  САФУЛЛИН,

Сәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ

Суреттер  www.akorda.kz   сайтынан алынды


Басқарманың жаңа басшысы

Күні: , 70 рет оқылды

Кеше облыс әкімінің бірінші орынбасары Игорь Стексов облыстық ішкі саясат басқармасының ұжымына жаңа басшыны таныстырды.

Конкурстық комиссияның шешіміне сәйкес Батыс Қазақстан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы лауазымына Нұрлыбек Даумов тағайындалды.

Нұрлыбек Жасқайратұлы Даумов 1981 жылы туған. Білімі жоғары. 2002 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін тәмамдаған.

Ол әр жылдары:

– облыстық ішкі саясат басқармасында жетекші, бас маман, бөлім басшысы;

– облыс әкімі аппаратында әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі инспектор;

– ҚР Мәдениет министрлігінің қоғамдық-саяси жұмыс департаментінде сарапшы (Астана қаласы);

– облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасында бас маман, бөлім басшысы;

– облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарды. Осыған дейін Орал қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы болып істеді.

Облыс  әкімінің баспасөз  қызметі


«Таңсұлу» – қазақ әйелінің ұлттық болмысы

Күні: , 50 рет оқылды

Облысымызға  гастрольдік  сапармен келген М. Әуезов атындағы  қазақ  мемлекеттік академиялық драма театры әртістері  қойған  соңғы пьесалардың   бірі  «Таңсұлу»  драмасы болды.

Х. Бөкеева  атындағы облыстық  қазақ  драма  театрында болған  бұл  қойылымды  облыс әкімінің  орынбасары  Ғабидолла Оспанқұлов,  Қазақстанның  халық әртісі,  актер,  режиссер  Асанәлі Әшімов,  Қазақстанның  халық әртісі, профессор  Есмұқан   Обаев, біздің  өңірден  шыққан  өнер иелері  Қазақстанның еңбек  сіңірген  қайраткері Данагүл  Темірсұлтанова, «Құрмет»  орденінің  иегері  Назгүл Қарабалина   да  тамашалады.

Алатау бөктерінен келген «Әкемтеатрдың» әртістері бұған дейін Сырым, Теректі және Зеленов аудандарында өнер көрсеткен еді. Кейін қала тұрғындары мен қонақтарына да тағылымды қойылымдар ұсынып үлгерген-тұғын. Бұл жолғы қойылым алдында Қазақстанның халық әртісі, «Қазақстанның Еңбек Ері» Асанәлі Әшімов сахна төріне көтеріліп, батысқазақстандықтарға жылы лебізін білдірді. Залға лық толған көрермен де актерға  зор  қошемет  көрсетті.

– Ей,  тәкаппар  дүние,

Маған  да  бір  қарашы.

Танимысың  сен  мені?!

Мен – қазақтың баласы! – деп тебіреніске толы сезімін өлеңмен бастаған актер сөзін былайша сабақтады. – Бүгін – мен үшін тағы бір қуанышты күн. Өзінің көрермендерімен кездесу – актер үшін, мен үшін үлкен бақыт. Елге сағынып, іздеп келеміз. Бұл театр – ұлылар шыққан шаңырақ. Мен халық әртісімін, әрдайым халықпен біргемін. Халық айтса, қалт айтпайды, дұрысын айтады. Ха-лық – түзеуші, бағыт-бағдар сілтеуші. Актердың екі өмірі бар. Біреуі күнделікті сіздердің алдары-ңызда өтіп жатса, екіншісі – сахна. Сахнадағы өмірім менің жасыма жас қосады, өмірімді ұзартады. Бүгін сіздердің алдарыңызға келіп тұрмын. Сіздермен әлі талай кездесеміз деп ойлаймын. Кездесуге жазсын!

Алматылық актерларға ыстық ықыласын білдірген облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов театр ұжымына облыс әкімі Алтай Көлгіновтің алғысхатын  табыс  етті.

– Бұл сапарымыз «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асып отыр. Туған жерге тағзым ету мақсатында өңірлерді аралап жүрміз. Осы сапарымыздың барысында біз Назарбаев зияткерлік мектебінде, М. Өтемісұлы атындағы облыстық сауықтыру мектеп-интернатында, М. Өтемісов атындағы БҚМУ-да, Құрманғазы атындағы саз колледжінде болдық. Оқушылармен, студенттермен, оқытушылармен кездесіп, ой бөлісіп, пікір алмастық. Мұның бәрі елге рухани сілкініс әкеледі деп ойлаймын, – деген аталмыш өнер ұжымының директоры Асхат Маемиров бұл сапарға қолдау көрсеткен облыс басшылығына  алғысын  жеткізді.

Сахна шымылдығы түрілген сәтте бабаларымыздың тыныс-тіршілігін бейнелеген көрініс көз тартты. Кең байтақ дала төсін мекендеген халқымыздың өмірі тамаша табиғатпен астасып жатқаны лед-экран арқылы ЗD форматта сәтті бейнеленді. Бүгінгі жаңа технология бабалардың өмірін шынайы көрсетуге мүмкіндік туғызды. Сахнаның ұлттық нақышта безендірілуі де көрермен қауымды сол заманға бір табан  жақындата  түсті.

«Таңсұлу» драмасы белгілі мемлекет қайраткері, академик Ғарифолла Есімнің «Таңсұлу» атты новелласының желісімен қойылды.

Қоюшы-режиссеры – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алма Кәкішева. Болған оқиғаға негізделіп жазылған философиялық туынды қыз тағдырынан, болашақ ана тағдырынан сыр шертеді. Ақылына көркі сай Таңсұлудың тағдыры арқылы сол кездегі қазақ халқының жағдайы, рухани болмыс-бітімі бейнеленеді. Таңсұлудың болашағын болжаған балгер кемпір оның анасына «Қызыңды сүйгеніне қос, әйтпесе, өкініштен өлесің» дейді. Тап осы бірауыз сөзбен қойылым оқиғасы өріліп, сұлулықтың бақытпен қоса қасірет әкелетіні шынайы суреттеледі. Сұлу да инабатты, ақылды да батыл қыз ел намысын, ұлттық рухты өзінің асыл сезімінен биік қояды. Сөйтіп өзін ұнатқан, өзі де іштей сүйген қалмақ бегіне емес, бала кезден атастырылған Жойқын есімді жігітке ұзатылады. Ал сүйгенінің бұл тірлігінен хабардар болған қалмақ бегі қазақ еліне шапқыншылық жасап, Таңсұлуды өзіне жар ететінін айтады. Алайда намысын ту еткен қайсар қазақ қызы мұрнын кесіп, сұлулығын тәрк етеді. Қалмақ жеріне кеткенде құрсағында болған қазақтың баласын өмірге әкеліп, дана халқымыздың тәлімі мен тәрбиесін беріп өсіреді. Бірнеше жылдан соң еліне оралған Таңсұлу ұлы мен жары Жойқынның табысқанын сырттай көрген соң, суға кетіп мерт болады.

Көрермен Ажарлым Бақытжанова (Таңсұлу), Ғалым Оспанов (қалмақ бегі), Қазақстанның халық әртісі, жерлесіміз Гүлнәр Жақыпова (балгер кемпір) сынды басқа да актерлардың кәсіби шеберлігіне тәнті болып, ерекше ықылас көрсетті.

Бір апта бойы Ақ Жайық өңірінің өнерсүйер қауымына тамаша қойылымдарымен рухани азық сыйлаған М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры гастрольдік сапарын Р. Отарбаевтың «Бейбарыс Сұлтан» тарихи драмасымен қорытындылады.

Гүлнәр  ЖАҚЫПОВА,

Қазақстанның  халық  әртісі:

– Бұл пьеса болған оқиғаға негізделіп жазылды. Қандай ғашық болса да, қиындық көрсе де, өзінің намысын, жүрегіндегі рухын ешкімге таптатпаған Таңсұлу қазақ қызының, қазақ әйелінің асқақ рухын көрсетеді. Мен екі дүниенің ортасында жүрген бақсы, көріпкелдің рөлін сомдадым. Әрине, бұл рөлді алып шығу оңай болған жоқ. Кейіпкерді сомдау үшін үлкен дайындықтан өттім. Егер де көрерменнің көңілінен шығып, жақсы бір әсер қалдырсам, ризамын. Қошеметін аямаған оралдық көрермендерге алғысымды білдіремін.

Ғалым  ОСПАНОВ,  театр  актеры:

– Біз сахналаған пьеса ұлттық рухты оятар күші, тәрбиелік мәні бар туынды. Ақерке Жайық өңірі – небір атпал азаматтар шыққан, ұлы ақындар мен батырларды дүниеге әкелген мекен. Батыс өңірінің тұрғындарын өнер десе, ішкен асын жерге қоятын халық деп есептеймін. Соның бір дәлеліндей, көрерменнің қошеметі өте керемет

болды. Алғысымыз шексіз. Өнер адамы үшін қошеметтен артық құрмет жоқ. Бізді арқаландырып, шабытымызға қанат бітірген Орал халқына үлкен ризашылығымды  білдіремін.

Ырысқал АЙМАНҚЫЗЫ,  қала  тұрғыны:

– Өнер майталманы Асанәлі ағамызға алғысымды білдіремін. Бұрыннан бері киноларын көріп, сахнадағы өнеріне тәнті болып келеміз. Өзінің ізін басқан жастарға жөн сілтеп, өнерімен өрге жүзген актерға деген құрметіміз зор. Бұл қойылымнан өте жақсы әсер алдым. Драманың мазмұны мен мәнін актерлар асқан шеберлікпен жеткізе білді. Осындай атақты өнер ұжымдары жиі келіп тұрса екен деймін.

Шаһизада САҒЫНДЫҚОВА,

Құрманғазы атындағы саз колледжінің 1-курс студенті:

– Театрға жиі келіп тұрамын. «Таңсұлудан»   керемет әсер алдым. Актерлар сомдаған әр образ әдемі шықты. Халықтың жүрегінен орын алды деп ойлаймын. Бұған дейін екі қойылымға келген болатынмын. Әрбір қойылымда бір ерекшелік бар. Лед-экранмен бейнеленген табиғат көріністері, сахнаның көркем безендірілуі де көңілден  шықты.  Театр  ұжымына  тек  сәттілік  тілеймін.

Ясипа  РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»


«Қоғамдық қадағалау картасы» деген не?

Күні: , 34 рет оқылды

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында қоғам болып күресудің маңызы жоғары. Осы жайында Достық үйі ғимаратында ұйымдастырылған дөңгелек үстел отырысында айтылды. Шараға ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің өкілдері, БҚО ҚХА құрылымдық бөлімшелерінің төрағалары мен этномәдени бірлестіктерінің мүшелері қатысты.

– Былтыр аталған департаментпен бірге ассамблея өкілдері сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында бірқатар іс-шараны бірге атқардық. Іс-шаралар жоспары бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Облыстық ассамблеяның жастар қанаты қоғамдық орындар мен мекемелерде жемқорлыққа қарсы үгіт материалдарын таратты. Облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ қала тұрғындары арасында «Жемқорлық деген не?», «Мүлдем төзбеушілік» тақырыбында сауалнамалар ұйымдастырды.  Бұл бағытта іс-шаралар биыл да жалғасын табады, – деді облыстық ҚХА төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов.

Шарада ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының басшысы Біржан Хайруллин ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының жай-жапсарын түсіндірді. Оның айтуынша, ҚР «Жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңының 23-бабында жұртшылықтың қоғамның қатерлі дертімен күресуге үлес қоса алатыны көрсетілген. Биыл жаңадан қолға алынған «Қоғамдық қадағалау картасы» жобасы бойынша әлеуметтік желілер арқылы кез келген тұрғын немесе үкіметтік емес ұйымдар өкілі сыбайлас жемқорлық көрінісі жайында хабарлай алады. Сонымен қатар «QAMQOR» мобильді қосымшасы арқылы жеке куәлігіндегі ЖСН-ді енгізе отырып, шағым түсіруге мүмкіндік жасалған. Сонымен қатар колл-орталық нөміріне және облыс орталығындағы немесе арнайы мобилді топ жетекшілеріне хабарласуға болады.

– Биылғы І тоқсанда «Болашаққа парасыз. Бірге!» жобасы бойынша жемқорлыққа қарсы мобильді топтар облыс бойынша 71 кездесу ұйымдастырды. Айта кетейін, республика бойынша teleqram желісі арқылы «ЮрСоветник» бот жүйесі автоматты түрде құқықтық кеңес береді. Соның көмегіне жүгіне аласыздар, – деген Біржан Хайруллин мемлекеттік қызметкерлер жұмыс кезінде өздеріне тапсырылған сыйлықтарды мемлекеттік қорға тапсыруы тиіс екенін айтты. Былтыр біздің облыстан қорға тапсырылған сыйлықтардың құны 227 мың теңгені құрады.

Шарада сыбайлас жемқорлық деректерімен қолға түскен мемлекеттік қызметкер жайында шағын фильм көрсетілді. Дөңгелек үстелде ассамблея мүшелері де өздерінің ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Нұртай ТЕКЕБАЙ,

«Орал өңірі»


Тұрғын үй алғысы келетін салымшылар НАЗАРЫНА!!!

Күні: , 843 рет оқылды

2018  жылы «Нұрлы  жер» бағдарламасы  аясында  Батыс  Қазақстан облысындағы   Тұрғын үй  құрылыс  жинақ  банкі салымшыларына 248 пәтер беріледі.

Бүгінде тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларына  арналған тұрғын үйлер қаланың жаңа ауданында, Орал-Атырау және Орал-Саратов тас жолдарының аралығында және Құрманғазы көшесінің бойында салынып жатыр. Таза әрлеудегі пәтерлердің 1 шаршы метрінің бағасы 140 000-170 000 теңге аралығында. Бұл үйлердің құрылысы жазда аяқталады деп жоспарланып отыр.

Жаңа пәтерлерді тұрғын үй, аралық және алдын ала заемдардың көмегімен сатып алуға болады.

Салымшы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі шотына үй құнының 50%-на тең қаражат жинаса, тұрғын үй заемын ала алады. Бұдан бөлек депозиттің ашылғанына кемі 3 жыл, ал бағалау көрсеткіші 16-дан жоғары болуы қажет. Бұл жағдайда жетпейтін соманы 6 жылдан 25 жылға дейінгі мерзімге несие түрінде ресімдеуге болады. Заем бойынша жылдық сыйақы мөлшерлемесі 3,5%-5% аралығында болады.

Аралық заем 50% қаражат 3 жылдан аз уақытта жиналып қойылса немесе клиент бұл соманы бірден салса беріледі. Бұл несие түрі бойынша мемлекеттік бағдарлама аясында жылдық сыйақы мөлшерлемесі жеңілдетілген, яғни 5% болады. Заемды пайдалану мерзімі 25 жылға дейінгі мерзімді қарастырады.

Алдын ала тұрғын үй заемы баспана бағасының кем дегенде 30%-ы бар болса, ұсынылады. Бұл заем бойынша да жылдық сыйақы мөлшерлемесі жеңілдетілген, яғни 5%-бен беріледі.

«Нұрлы жер» бағдарламасының аясында салынып жатқан нысандар туралы ақпаратты baspana.kz сайтынан білуге болады. Бұл портал тұрғын үйлерді таңдау ыңғайлы, ал үлестіру ашық, айқын болсын деп арнайы жасалған. Мұнда қолжетімді үйден үміткер азамат өзі пәтер алғысы келетін қаланы таңдап, аймақта қандай нысандар салынып жатқанын біліп, өтініш қабылданып жатқан-жатпағанын анықтап, ұнаған пәтерді таңдап, тұрғын үй сатып алушылар пулына қатысу үшін өтінім бере алады. Нысан бойынша өтінімдер қабылдау құрылыс аяқталғанға дейін бірнеше ай қалғанда басталады. Пулға барлық ТҮҚЖБ клиенттері қатыса алады, алайда мемлекеттік бағдарлама талаптарына толық сай келетін және ең көп балл жинаған салымшылар ғана баспаналы болу мүмкіндігіне ие. Балл саны депозиттің қаншалықты тұрақты толықтырылып отырғандығы және шоттың әрекет ету мерзіміне байланысты. Осылайша депозит неғұрлым ерте ашылса және оған дер кезінде ақша салынып отырса, балл соғұрлым жоғары болмақ. Балды арнайы бағдарлама есептейді, адам араласа алмайды, яғни процесс ашық автоматты түрде жүреді.

2017 жылдың қорытындысы бойынша «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында 985 пәтерден тұратын 7 үй салынып, пайдалануға берілді. Баспаналы болған жандардың арасында Тайпақ ауылындағы Қ. Байсықов атындағы орта мектеп мұғалімі Анна Даниярқызы Садықова да бар. 2010 жылы студент болып жүрген кезінде банктен салым ашқан Анна осы уақыт ішінде айына 10 000-20 000 теңгеден салып отырып, бастапқы жарна ретінде үй бағасының 30%-ын жинаған. Жалпы алғанда, 7 жыл ішінде банк сыйақысын, мемлекет сыйақысын және бағам айырмашылығы бойынша төлемдерді қоса алғанда аймақ тұрғыны 1 623 930 теңгені жинаған.

– Тұрғын үй сатып алушылар пулына өтініш қабылданып жатқанын естіп, құжат тапсырдым және бірден өтіп кеттім. Бұған қоса анамның атына да депозит ашып қойдым. Кеңірек үй алу үшін ары қарай да ақша жинай беремін, — дейді банк салымшысы.

Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі туралы толық ақпаратты алу үшін төмендегі мекенжайда орналасқан банк филиалына хабарласуға болады: Орал қаласы, М. Мәметова к-сі, № 111 үй. Сонымен қатар Оралда 10 кеңес беру орталығы жұмыс істейді:

  1. БҚО, Орал қ., «Керуен» СҮ, Құрманғазы к-сі 80
  2. БҚО, Орал қ., «АРС» БО, Аманжолов к-сі 98
  3. БҚО, Орал қ., «Жеңіc» СҮ, «Жеңіc» ықш. ауд. 13
  4. БҚО, Орал қ., «Форум» СКО, Молдағалиев к-сі 18
  5. БҚО, Орал қ., «Нұрполис» СК кеңсесі, Мәметова к-сі 103
  6. БҚО, Орал қ., Салық комитетінің ғимараты, Некрасов к-сі 30/1
  7. БҚО, Орал қ., Нотариус ғимараты, Құрманғазы к-сі 158
  8. БҚО, Орал қ., «Астана» СҮ, Солтүстік-Шығыс ықш. ауд. 47/1
  9. БҚО, Орал қ., «Жәңгір хан» СҮ, Жәңгір хан к-сі 52
  10. БҚО, Орал қ., «Бәйтерек» СҮ, «Астана» ықш. ауд. 3/1

Онкодиспансер тегін тексеруден өтуге шақырады

Күні: , 46 рет оқылды

14-18 мамыр аралығында Батыс Қазақстан облыстық онкологиялық диспансерінде онколог, медицина ғылымдарының докторы, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің онкологиялық қызметті бағалау және мониторинг жүргізу тобының жетекшісі Нұрлан Балтабековтің қатысуымен медицина қызметкерлеріне арналған оқыту семинары өтуде. «Бастапқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде қатерлі ісікті ерте сатысында анықтау алгоритмі» тақырыбын арқау еткен бес күндік оқыту семинарына қалалық, аудандық ауруханалар мен емханалардың және ауылдық амбулаториялардың 150-ден астам медицина  қызметкері  қатысуда.

Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының онколог-дәрігері Нұрлан Балтабековтың айтуынша, аталмыш шара еліміздің барлық өңірлерінде ұйымдастырылып отыр. Қатерлі ісікті ерте сатысында анықтау және емдеу көрсеткіші бойынша Батыс Қазақстан облысы республикада алдыңғы қатарда. Әйткенмен, аудан-ауылдардағы медицина қызметкерлерінің білімін арттыру арқылы онкологиялық ауруларды ерте кезеңде анықтауға, сәйкесінше науқастың кеселді жеңіп шығуына  жәрдемдесуге  болады.

– Қатерлі ісік алғашқы сатысында еш белгілерсіз өтетіндіктен, скринингтік тексерулерсіз анықтау мүмкін емес. Обырдың қауіптілігі де осында. Көп адамдар ағзадағы түрлі ауытқуларға мән бермей, ауру әбден асқынғанда ғана дәрігерге қаралады. Оқыту семинарында дәрігерлер мен фельдшерлерге, мейірбикелерге қатерлі ісіктің алғашқы белгілері, аурудың себеп-салдары, обыр алғаш анықталған науқастар үшін моральдық-психологиялық көмектің маңызы туралы нақты кеңестер беріледі. Қатерлі ісік – үкім емес. Ауру ерте сатысында анықталса, науқас толық жазылып шығады, – дейді онколог-дәрігер.

Қатерлі ісік ауруының алдын алу мақсатында ертең Орал қаласындағы облыстық онкологиялық диспансерде «Ашық есік» күні өтеді. Қабылдау 18 мамырда Алматы көшесі 58 мекенжайында орналасқан облыстық онкологиялық диспансердің 127-бөлмесінде сағат 10.00-16.00 аралығында өтеді. Облыстың кез келген тұрғынының алдын ала жазылусыз тегін тексеруден өтіп, онколог-дәрігерлерден кеңес алуға  мүмкіндігі  бар.

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»


Жеделсаты шахтасы өртенді

Күні: , 441 рет оқылды

Осы жылдың 15 мамыр күні сағат 17.33-те БҚО ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмысы қызметінің орталық пультіне қаладағы Достық-Дружба даңғылы 226-мекенжайындағы 9 қабатты жатақханада өрт шықты деген хабарлама келіп түсті.

Шақырту орнына тез арада Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмысы қызметінен 3 бірлік техника және 10 адамнан құралған топ жіберілді. Оқиға орнында 9 қабатты жатақхананың лифтілік шахтасының бірінші қабатында қоқыс жанып жатқаны анықталды. Өрт сөндірушілер ең алдымен адамдарды құтқаруды және оларды қауіпсіз жерге шұғыл көшіруді қолға алды.  Жоғарғы қабаттарға қалың түтін жинала бастағандықтан, ол жерлерден адамдар автосатының көмегімен құтқарылды. Өрт сөндіру барысында 5 адам құтқарылды, оның 4-і бала және 50 тұрғын қауіпсіз  жерге  көшірілді.

Осынау өрттен екі әйел түтіннен уланып, біреуі Орал қалалық көпбейінді ауруханасына жеткізілді.

Көп кешікпей апат ауыздықталып, өрт толық сөндірілді.

БҚО ТЖД мемлекеттік тіл және ақпарат тобы


«Бағдаршам – 2018» жас инспекторлар жасақтары қозғалысының облыстық слеті

Күні: , 430 рет оқылды

2018 жылдың 20-29 тамызы аралығында Қызылорда облысында (бүгінгі күннің батыры) Ғазиз Байтасов атындағы жас инспекторлары қозғалысының 18-ші слетін өткізу жоспарлануда. Осыған орай қаламызда Батыс Қазақстан облысы білім басқармасы және «Дарын» қосымша білім орталығының ұйымдастыруымен «Бағдаршам – 2018» қозғалыстың жас инспекторлары жасақтарының облыстық слеті өтті.

     Слетке 12-14 жастағы жалпы білім беретін мектеп, лицей, гимназия оқушылары, осы аталған слеттің аудандық, қалалық кезеңдерінің жеңімпаз топтары қатысты. Осы слетте ерекше көзге түскен, белсене қатысып, топ жарып шыққан таңдаулы оқушылар қатарынан құрама топ құрылып, ол республикалық кезеңге жолдама алатын болады.

    Қозғалыстың жас инспекторлары слетінің негізгі мақсаты: балалар мен жасөспірімдердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын-алу және оларды болдырмау.

     Слет бағдарламасы 7 кезеңнен тұрды:

1) саптық байқау;

2) жол қозғалысы ережесінің білгірі;

3) велосипедті мәнерлеп жүргізу;

4) жас реттеуші;

5) жас тазалықшы;

6) үгіт бригада байқауы;

7) эрудиттер турнирі.

     Слет қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталды:

1 — орынды Теректі ауданының ЖОББМ командасы,

2 — орынды Орал қаласының №44 ЖОББМ командасы,

3 — орынды Ақжайық ауданының ЖОББМ командасы иеленді.

Жеңімпаз командалар білім басқармасының сыйлығымен және дипломдарымен марапатталды. Сондай-ақ, «Шэлл» компаниясы оқушыларға жарық шағылыстырғыш ілгектер, наушниктер, 3D қаламдар, спорттық жайма және турниктер сыйлады.

БҚО ІІД баспасөз қызметі


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика