Мұрағат: 14.05.2018


Францияны тамсантқан қазақ баласы

Күні: , 74 рет оқылды

Жуырда оралдық Нұрәлі Өтеғалиев Францияда жасөспірімдер арасында өткен «Канның жас жұлдыздары» халықаралық фестивалінен вокал жанры бойынша бірінші орынға ие болды. Сөйтіп, ол қазан айында Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өтетін соңғы сынға жолдама алды.

Орал қаласындағы №20 мектептің 4-сыныбында оқитын балақай бүгінге дейін бірнеше байқаудың жүлдегері болып үлгерген. Айта кетсек, өткен жылы РФ Абхазия автономиялы республикасының Пицунда шипажайы аймағында ұйымдастырылған балалар мен жасөспірімдердің «Черноморские легенды» халықаралық фестивалінен I орын алса, Қазан қаласында ұйымдастырылған халықаралық «Слияние культур» байқауынан II орын иеленген-ді. Республикалық «Ақ көгершін» және «Ұлы дала дарыны» фестивальдерінің жеңімпазы атанған. Ол сондай-ақ Қали Жантілеуовтің туғанына 115 жыл толуына орай жасөспірім домбырашылар арасында ұйымдастырылған «Күмбірле күй» атты облыстық байқауға да қатысып, бас жүлдені қанжығасына байлаған.

Нұрәлінің әжесі Гүлшат Жандәулетованың айтуынша, ол «Канның жас жұлдыздары» фестиваліне барарда қатты қобалжыған.

– Францияға барғанда «Әже, маған оралдықтар үміт артып жіберді. Егер орын алмай қалсам ұят секілді» деді. Сонда «Балам, сен түгілі, еліміздің үмітін арқалап кеткен спортшылар олимпиададан жүлдесіз оралып жатады. Сен ең  бастысы, әніңді еркін шырқа. Уайымдама, бәрі жақсы болады» деп жігерлендірдім. Байқауда жазушы Мира Шүйіншәлиеваның сөзіне жазылған Әділбек Сүлейменовтің «Қазақстан – Жас ұлан!» әнін шырқады. Нұрәлі ән айтып болған соң, көрермендердің барлығы тұрып қол шапалақтады. Сол кезде көзіме еріксіз жас келді. Анасы да сол байқауға арнайы қазақы нақышпен костюм тігіп берген еді. Фестивальдегі қазылар алқасының төрағасы «Ән жасына сай таңдалған. Костюмі де ерекше тігілген. Сахнадағы жүріс-тұрысынан актерлік шеберлік курсынан өткенін байқап тұрмын. Бұл балаға жоғары балды қоя отырып, болашақта осы саланы меңгергенін қалаймын» деді. Жалпы, Нұрәлі алты жасынан бастап түрлі байқауларға қатысып келеді. Бірде теледидар қарап отырсам, Мәскеу қаласында 5-7 жастағы балаларға арналған «Таланттар әлемі» атты байқау өтетіндігі туралы хабарландыруды көріп қалдым. Дереу телефон нөмірлерін жазып алып, хабарластым. Немеремді сол ән додасына қатыстыру үшін Мәскеуге алып бардым. Байқаудан II орын алып, қуа-нышымыз қойнымызға сыймай оралғанбыз, – дейді Гүлшат Есқалиқызы.

Нұрәлі сабақтан босағанда метептен тыс жұмыстар орталығына барып, Светлана Гончаровадан актерлік шеберлік бойынша дәріс алса, вокал жанры бойынша өңірге танымал өнер иесі Ақмарал Ахметованы ұстаз санайды. Бүгінде ол Беларус еліндегі Брест қамалының мерейтойлық концертінде өнер көрсету үшін дайындық үстінде.

Әкесі Арыстан мен анасы Мария әскери қызметкер болғандықтан, кейіпкеріміз болашақта патриоттық әндерді шырқайтын әскери әнші болуды армандайды.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»


Оразаның қарсаңында «Алланың гүлі» ашылды

Күні: , 358 рет оқылды

Қасиетті Рамазан айы қарсаңында Астанада жаңа үлгідегі мешіт ашылды.

Ол Елордадағы бұған дейінгі мешіттерге еш ұқсамайды. Сәулетшілер авангард стилі негізінде мешіттің қазақстандық ерекше үлгісін жасап шыққан. Биіктен қарағанда жаңа мешіт ашылып тұрған гүлге ұқсайды екен. Содан болар xалық арасында оны «Алланың гүлі» деп атап кетті. Ал мешітке Ырыскелді қажының аты беріліп отыр.

Мешіттің тағы бір ерекшелігі – іші қарапайым. Қабырғалары аппақ, көп жазулар жоқ. Күмбездің айналасында ғана Алла Тағаланың тоқсан тоғыз аты жазылған. Басқа жерінде адамның ойын алып кететін ешқандай әшекей де, ою-өрнек те жоқ. Мешіттің миxрабы да өзгеше салынды. Жаңа нысанға толығымен отандық материалдар пайдаланылған.

Айналасында орнатылған күн панельдері мешітті қуат көзімен қамтып тұр. Жаңа мешіттің бас имамы Жақия қажы Исмаиловтың айтуынша, мұнда күн қуатын артығымен өндіруге мүмкіндік бар. Сөйтіп, оны қалалық желілерге беріп, жылу және тағы басқа коммуналдық қызметтер бойынша жеңілдік алуға болады. Жалпы алғанда, толығымен күн энергиясынан қуат алатын осындай мешіт әлемде жоқ.

Бірінші мамырда осы нысанда болған Елбасымыз мешітте жаңа технологиялардың кеңінен қолданыс тапқанына риза болып, Астанада осындай үш-төрт мешіт салу қажеттігін айтқан еді.


Ағаш көмір дайындайтын келіншек

Күні: , 35 рет оқылды

«Адамдарды нәтижелі жұмысқа тарту үшін көбірек мүмкіндік беріп, олардың жеке кәсібін бастауына немесе жаңа мамандық алып, жұмысқа орналасуына жағдай жасау керек» Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты  Жолдауынан

Көпшілік сүйсініп жейтін жеңсік астың бірі кәуап екені жасырын емес. Бүгінде кафе-мейрамханаларда осы тағамды дайындау үшін отын ретінде ағаш көмір кең қолданыла бастаған. Құрамында көп мөлшерде көміртек бар микрокеуекті бұл өнімді өндірумен облысымызда «Абдурахманова» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Жанар Абдурахманова айналысып келеді.

Негізінен бұл кәсіппен қазақтар ертеректе айналысқан екен. Ағаштан көмір жасауды арнайы кәсіп еткендерді көміршілер деп атаған. Олар ұра қазып, оның ішіне ірілі-ұсақты етіп жарылған ағаш бөренелерді қалаған соң, лаулатып от жағады. От әбден қызып жанған кезде жалынның сыртқа шықпауы мұқият қадағаланып, үстін жас бұтақ, жапырақтармен жапқан. Ауасыз кеңістікте бықсып жанған ағаш көмірге айналып шыға келеді. Түсі қара, өзі жеңіл ағаш көмір көрікпен үрлеп жаққанда тез тұтануымен қатар, қатты қызатын қасиеті бар. Ағаш көмірді көрік жағуға, от қыздыру үшін пайдаланылған. Сонымен қатар оны көзін ақ түскен малдың көзіне ұнтақтап сепкен. Әрі адамның ауыратын көзіне ағаш көмірінің ұнтағын суға немесе сүтке араластырып, бүркіп емдеген.

Ағашты көмірге айналдырумен ХІХ ғасырдың екінші жартысында таулы және орманды өңірлерді мекендеген қазақтар кәсіпке айналдырған деген дерек бар. Олар ағашты көмірге айналдыру арқылы ағаш майын алған. Көбінесе қайың ағашы қолданылатындықтан, оны қайың майы деп атаған.

Бүгінде Ақжайық ауданының Бударин ауылы маңындағы Вольково көлінің қасындағы Красный яр деген жерде жеке кәсібін дөңгелетіп отырған Жанар Берікқызы өз кәсібін өткен жылдың жазғытұры бастаған. Мемлекеттің қолдауына арқа сүйеген кәсіпкер «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде мемлекеттік-инновациялық грант иегері атанады. Соның нәтижесінде 2 800 000 теңге қайтарымсыз қаржыға қол жеткізген. Осы қаражатқа Украинадан кәсібіне қажетті пиролизді пеш сатып алған екен.

– Украинаға қонаққа барғанымда сондағы туыстарымнан Валентин Казьмиренко деген кәсіпкердің ағаш көмір шығаратынын естідім. Шыны керек, бұл жаңалық менің қызығушылығымды оятты. «Ол қандай зат екен?» деген сұрақ та көкейімнен кетпей қойды. Кәсіпкермен кездесіп, жұмысымен танысқаннан кейін біздің облыста осындай кәсіпті неге ашпасқа деген ой келген еді. Сол кісіден тәжірибе алып, ағаш көмір жасаудың қыр-сырына қанықтым. Кәсіпкерден өндіріске қажетті пеш сатып алдым, – дейді Жанар Берікқызы.

Қазір кейіпкеріміздің қолында UP-EKO ныспылы пиролизді пеште ағаш көмірін өндірудегі технологиялық-регламенттік жұмыстарды орындау және ұйымдастыру бойынша оқығанын дәлелдейтін анықтама да бар. Ағаш көмірді дайындау үдерісі (процесі) қол жұмысын қажет етеді. Пештің рөлін атқаратын пішіні үлкен металл бөшке секілді ыдысқа ағаш сүрегі (древесина) толтырылып, қыздырылады. Бұл пештің өнімді өндіруде маңызы зор бірнеше бөліктері бар. Оттегінің болмауына байланысты сүректің ыдырауынан ағаш көмір пайда болады. Ал пиролиз дегеннің өзі ауа жоқ жерде ыстықтың әсерінен органикалық қоспалардың ыдырауынан туындайды. Осы пиролиз арқылы  сұйықтықтар бөлініп, соңында ағаш көмір алынады. Айта кету керек, ағаш көмір қазіргі уақытта өнеркәсіпте, энергетика және медицина саласында, аспаздыққа қолданылады. Оны графит, дәрілік таблеткалар (белсендірілген көмір), отын, тіпті гауһар тас пен тамақ өніміне қажетті E153 бояғышын дайындауға пайдаланады екен. Бұл өнімге Жапония мен Еуропа елдерінде сұраныс жоғары.

– Біздің ең басты шикізатымыз – қураған, өрт шалған ағаштар. Осы кәсібіміз арқылы орманды қураған ағаштардан тазартамыз. Өніміміздің сапасы жақсы болғандықтан, Орал қаласындағы мейрамхана-кафелерден сұраныс көп түседі. Мәселен, «Ай-Луна» кафесі апта сайын бір тонна ағаш көмірге тапсырыс береді. Сонымен қатар «Баку», «Девичья башня», «Айкар», «Восточная сказка», «У Манасьяна», «Сим-Сим», «Ниолить» мейрамхана-кафелері ағаш көмірді түрлі кәуаптар мен стейктер дайындау үшін сатып алады. Менің қарауымда ауылдың он тұрғыны жұмыс жасайды. Қазір өз күшіммен үшінші пешті қосудың қамындамын. Бізге Атырау, Маңғыстау облыстарының тұрғындары да тапсырыс береді, – дейді кәсіпкер.

Мұнда аптасына 2 тонна ағаш көмір дайындалады. Бұл өнім 10 келілік қапшықпен сатылуда. Кәсіпкердің айтуынша, көтерме бағамен алса,  келісі 120 теңге, ал 5-10 қапшықтап алса, келісі 140 теңгеден сатылады.

Сырым ауданының тумасы Жанар Абдурахманова – екі баланың анасы. «Балаларымызға ата-анам қамқор болып, біздің жұмыс жасауымызға жағдай жасап отыр. Әрине, кәсіп ашуыма отағасы Мүсілім зор қолдау білдірді. Енді осындағы 10 сотық жерімде бау-бақшамен айналысуды да ойлап жүрмін», – дейді кәсіп иесі.

Ясипа РАБАЕВА,

«Орал өңірі»


Қаһарман партизан

Күні: , 42 рет оқылды

Қазақстанның халық қаһарманы  Қасым Қайсеновтың туғанына 100 жыл

Адамзат  тарихындағы  сұрапыл соғыстың  аяқталғанына  70 жылдан  асса  да,  ұрпақ майдангерлердің  ерлігін  ұмытпақ емес.  Олардың  қайсарлығы  мәңгі жұрт  жадында.  Ұлы  Отан  соғысында, әсіресе,  қазақ  жауынгерлері  өзінің батылдығымен,  қайсарлығымен ерекше  көзге  түсіп,  жеңіске  жетуге  елеулі  үлес  қосты.  Сондай  даңқты  батырлардың  бірі –  қазақтың  қайсар  ұлы  Қасым  Қайсенов.

Ол  Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданының Асубұлақ ауылында, кедей шаруаның отбасында дүниеге келген. 1934 жылы мектеп бітіргеннен кейін 1935 жылы он жеті жасында Өскеменге келіп, саяси-ағарту техникумын жұбайы Асыл екеуі бірге бітіріп, 1937 жылы отбасын құрады. Асыл әжеміз сол жылы небары 16 жаста болған. Қасым ағамыз 1938 жылы Павлодар облыстық оқу бөлімінде инспектор болып қызмет істеген. 1939-1940 жылдары Мәскеудегі әскери диверсиялық-барлау мектебінде оқыды. Соғыс басталғанда Оңтүстік-Батыс майданының штабына жөнелтіліп, сол жерден арнайы тапсырма алып, Украинаның  басқыншылар қолында қалған жерінде партизан отрядын құру үшін жау тылына түсіріледі. Қасым Қайсеновтың Украина жерінде «Вася» деп аталу тарихы да қызық. Ол кезде әрбір партизанның қару-жарақ, гранат, оқ-дәрілері 80 келіге  жуық болатын. Әрине, мұндай ауыр жүкпен ұшақпен жау тылына сәтті жету қиынның-қиыны болатын. Осындай сапарлардың  бірінде  Қасым Қайсенов те аттандырылады. Жау тылына сапарға шыққан ұшақ түн қараңғысында орманды алқапқа жетіп, партизандарға ұшақтан секіру бұйрығы беріледі. Қасым барлық қару-жарағын сақадай сай етіп, бас айналар биіктен төмен қарай секіріп кетеді. Алайда Қасым қараңғылықта  жазық даланың орнына қала шетіндегі үлкен шіркеудің кресіне парашютімен қоса ілініп қалады. Мұндай шарасыз күйге түскен Қасым беліндегі қанжарымен парашюттің шырмалған жіптерін кессе, биіктен құлап, аман қалмайтынын түсінеді. Қаруын сайлап, таң атуын күтеді. Абырой болғанда, бұл қалада неміс әскерлері жоқ екен. Ауыл тұрғындары шіркеудің кресінде ілініп қалған Қасымды тамашалауға түгел жиналады. Соғыс кезінде мұндай күтпеген көрініске  тап болған украиндықтар мұны құдайдың бір кереметіне балап, Қасымды көктен түскен әулиедей көріп, «Вася» атап кеткен екен. Қаһарман партизан Қайсенов Закарпатье, Молдавия, Румыния, Чехословакия жерін неміс басқыншыларынан азат етуге қатысып, көптеген күрделі операцияларды жүзеге асырды. Қасым  Қайсенов өзін өжет, тапқыр және ұйымдастыру қабілеті зор командир ретінде көрсетті. Соғыс біткесін ақын Жұмағали Саин екеуі елге оралады. Партизандық өмір жолын, қарулас жолдастарының батырлығын бейнелейтін Қасым ағаның «Жас партизандар» (1954), «Ажал аузында», «Жау тылындағы бала», «Партизан соқпақтары», «Днепрде», «Переяслав партизандары» және тағы басқа кітаптары оқырмандардың іздеп жүріп оқитын шығармаларына айналды. Партизан жазушы кітабының тамаша бір тарауын Украин партизандарының ардақ тұтар ақсақалы, халық соғысының қаһарман басшысы әрі ақылды, әрі қатал генерал-майор Сидор Артемьевич Ковпакқа арнайды. Кітаптар орыс, украин, қырғыз және вьетнам тілдеріне аударылды. Қасым Қайсенов – ерлік аңсаған жас ұрпақтың ең сүйікті кейіпкері, ерлікті аңсаған жас оқырманның ең сүйікті жазушысы. Қасым ағамыз Богдан Хмельницкий, Отан соғысы, «Чехословакия партизандары», Украинаның «За заслуги» ордендерімен, Кеңес одағының көптеген орден-медальдарымен марапатталған. Ол – Қазақстан Жазушылар одағының Бауыржан Момышұлы атындағы әдеби сыйлығының, халықаралық Фадеев атындағы сыйлықтың лауреаты. Қасым Қайсенов 1995 жылдың 24 сәуірінде тәуелсіз Қазақстанның ең алғашқы  «Халық  Қаһарманы» атағына ие болды. Әскери шені – полковник. Өскемен қаласының құрметті азаматы, сол қалада бюст орнатылды. Алматыда партизан жазушы Қасым Қайсеновке арналған ескерткіш тақта орнатылған.

Халық қаһарманы 30 жыл бойы тұрған Фурманов пен Абай даңғылдарының қиылысындағы үйге  ілінді. Оның да өзіндік тарихы бар. 1964 жылы Қазақ ҚСР Жоғарғы кеңесі Фурманов көшесі, №181 үйдегі 27-ші пәтерді Қасым Қайсеновке беру жөнінде шешім шығарған болатын. Дәл осы үйде Халық қаһарманының үздік туындылары дүниеге келді. Ол немере сүйіп, қанқұйлы соғыстан кейінгі мамыражай өмірдің қызығын осы үйде көрді. 2000 жылдары Үкімет Қасым Қайсеновке Көктөбе баурайынан өз алдына үй салып беріп, сонда көшірген болатын. Бірақ даңқты жазушының замандастары ескерткіш тақтаны Алматының орталығындағы үйге орнату дұрыс деп  шешіпті.

Марат  КӨПБАЕВ,

дарынды балаларға  арналған мамандандырылған С. Сейфуллин  атындағы №11  облыстық  қазақ мектеп-интернат   кешенінің АӘД   пәнін  оқытушы-ұйымдастырушы 


Аңыз ұстаз

Күні: , 206 рет оқылды

Қазақ  тілі  –  Қазақстан  халқын  біріктіруші  фактор

Шәкірт  кезімізде  лингвист  ғалымдар  сапынан  күніне  бір  парақ  қағаз  жазбаса, «күнім  мағынасыз  өтті»  деп  қынжылатын  сирек  адамдардың  қатарынан  профессор  Нұржамал  Оралбайқызын  ұзынқұлақтан естуші  едік.  Таңғалушы  едік.  Кейін  тағдыр  жазып, сол  ұстаздың  шәкірті  атанып,  әлгі  уәждің  растығына  көзіміз  жетті.  Мақтаныш  еттік.  Әрине,  негізсіз  ештеңе  жоқ  қой. Бұл  секілді  тынымсыз  да  құлашты  еңбекқорлық  ғалым  апамызға  ұстазынан,  ғылыми  жетекшісі  Сәрсен  Аманжолұлынан  дарыған  болар  деп  түйдік.  Өз  кезегінде  тіл  өнерінің  майталман  жүйрігі,  қазақтың  атақты лингвист ғалымы  С. Аманжолұлы  туралы  «Орал  өңірі»  газетіне  жазғанбыз (№136, 19. 12. 1996 ж.).

Қазақ тіл білімі ғылымында филология ғылымдарының докторы, профессор Нұржамал Оралбайқызының сіңірген еңбегі, өз алдына қалыптастырған тағылымды мектебінен қазіргі буын ғана емес, келешек ұрпақ та ғибрат алары даусыз. Бар ғұмырын қазақ тілінің грамматика, сөзжасам, қазақ тілін оқыту әдістемесі салаларын зерттеуге арнаған халқымыздың біртуар қызы бүгінде мерейлі 90 жаста. Осы тұста оның ғылымдағы өзіндік қолтаңбасы мен қалыптастырған мектебі, тіл білімі ғылымын жетілдірудегі, жаңалық әкелудегі жетістіктеріне тоқталу орынды. Әрине, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері, академик Нұржамал Оралбаеваның ғылыми шығармашылығының ауқымы аса кең. Ол 1971 жылы «Қазақ тіліндегі етістіктің аналитикалық форманттары» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғап, қазақ тіл біліміне мол жаңалық енгізген-ді.

Аталған ғылыми зерттеуде ғалым Нұржамал Оралбайқызы грамматикалық даму заңдылықтарының нәтижесінде етістіктің лексикалық мағынасынан айырылып, грамматикалық қызметке көшкен көмекші етістіктер табиғаты, көмекші етістіктердің өте жоғары дәрежеде абстракциялануы, олардың грамматикалық мағыналарының кеңеюі, түрлі категория мағыналарының көрсеткіштеріне айналуы, тұрақталуы танылып, көмекші етістіктердің грамматикалық категориялар көрсеткіштері қызметтеріндегі мағыналық ерекшеліктері сараланды. Бұл орайда айтарымыз, академик Н. Оралбаева – сөздердің аналитикалық формасы туралы теорияны қазақ  тіл біліміне тұңғыш рет енгізіп, осы саланың іргетасын қалаушы. Ал оның қазақ тілі грамматикасындағы аналитикалық құрылым мәселесіне арналған монографиялық еңбектері («Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің аналитикалық формалары» 1975 жыл, «Қазіргі қазақ тіліндегі аналитикалық   форманттардың құрылысы мен мағынасы» 1979 жыл) түркология ғылымында кең танымал болып, тіл  білімінің теориясына қосылған қомақты үлес ретінде жоғары бағалануы оған дәлел. Осы еңбектер негізінде Нұржамал Оралбайқызы түркі тілдерінде, оның ішінде қазақ тілінде осы уақытқа дейін дұрыс шешімін таппай келген тілдік құбылысты қимылдың өту сипаты категориясы тұрғысында танып, оны қимылдың жасалуы мен қимылдың даму сатысынан тұратындығы қалпында айқын дәлелдеп, олардың берілу жолдары мен көрсеткіштерін толық сипаттаған. Ал аталмыш еңбектер қазақ тілінің грамматикалық құрылысының синтетика-аналитикалық сипатын дәлелдеген ғылымда мүлдем жаңа бағыт болды. Демек, ғалым – қазақ тіл білімінде тұңғыш рет қимылдың өту сипаты категориясының ғылыми негізін қалап, оны ғылыми айналымға түсіруші. Ғалым апамыздың зерделеуінің нәтижесінде бұл категория жоғары оқу орындарына арналған А. Ысқақовтың авторлығымен шыққан «Қазіргі қазақ тілі» (морфология) оқулығына 1974 жылы енгізіліп, кейінгі басылымдарда да орын алуда. Мәселен, Нұржамал Оралбайқызының аналитикалық форма идеясы, теориясы қазақ тілі  морфологиясында қалыптасқанына, орныққанына толық дәлел ретінде 2002 жылғы жарық көрген «Қазақ грамматикасында» да берілуін айтуға болады. Ғылыми идеяның оқулықтар арқылы қолданысқа түскені, монографиялар арқылы жарыққа шығып, көпшілікке таныс болуы, таралуы – зерттеу нәтижелерінің ғылыми жаңалық  ретінде  жоғары  бағалануы.

Н. Оралбаеваның ғылымдағы  ірі жаңалықтарының бірі – нөлдік морфема мен нөлдік форма мәселесі. Бұл ғылымдағы жаңа идеяны өзі алғаш 1975 жылы халықаралық түркологиялық конференцияда баяндап, күллі түркологтардың назарына ұсынып, олардың бұл теорияны қолдауына, қостауына ие болды. Ғалымның ғылымдағы тағы бір жаңалығы – көмекші сөздер мәселесі. Қазақ тіл білімінде қай заманнан көмекші сөздердің үш түрі (көмекші есімдер, көмекші етістіктер, шылаулар) көрсетіліп келгені аян. Профессор Н. Оралбаева бұларға күшейткіш көмекшілерді (өте, тым, ең, аса, т. б.) және күшейткіш буынды (қып-қызыл, жап-жасыл, т. б.) қосты. Күшейткіш көмекшілер сыңар жасағанның өзінде, күшейткіш үстеу ғана лексикалық мағыналы сөз деп аталып келген-ді.

Ал күшейткіш буынды сөз грамматикалық категорияның формасындағы сөз екендігі ескерілмей, лексикалық мағыналы қос сөздер тобында қаралып жүрген-ді. Сондай-ақ ол ұзақ уақыт шырай жұрнағы тұрғысында танылып келген -ғылт, -шіл, -шілтім, т. б. сол сияқты жұрнақтардың сөзжасамдық жұрнақ екенін дәлелдеп, шырай көрсеткішінен шығарды. Әрине, олар шырай көрсеткіші болса, сапа, сын, түр-түс сын есімдеріне жалғанар еді. Өйткені ол – грамматикалық көрсеткіштердің негізгі белгісі. Дау жоқ, грамматика теориясына жоғарыда біз санамалаған мұншама жаңалық қосу – ғалымның ізденісі мен еңбегінің нәтижесі.

Кейіпкеріміздің  қазақ тіл білімінің зерттелуіне, дамуына қосқан қомақты үлесінің бірі – қазақ тілі сөзжасамының дербес сала ретінде танылып дәлелденуімен байланысты. 1989 жылы А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары М. Балақаев, А. Қалыбаева, Қ. Есенов, Е. Жанпейісов, С. Нұрхатов, Н. Оралбаевалардың қатысуымен «Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі» атты монография жарыққа шықты.

Аталған еңбекте алғаш рет қазақ тілі сөзжасамының теориялық негізі қаланды. Оған дейін сөзжасам мәселелері морфологияда сөз таптарының құрамында туынды зат есім, туынды сын есім, оларды жасаушы жұрнақтар аясында сипаттама түрінде ғана айтылып келген-ді. Монографияда сөзжасамның тіл білімінің басқа салаларымен байланысы көрсетіліп, оның өзіндік зерттеу нысаны, өзіндік даму жолы, заңдылықтары мен ерекшеліктері дәлелденді. Қазақ тілінің сөзжасам жүйесі, сөзжасамдық талдау, сөзжасамдық тәсілдер, сөзжасам бірліктері, сөзжасамдық мағына, сөзжасамдық ұя, тізбек, саты, тип, үлгі сияқты қазақ тілінде бұрын зерттелмеген мәселелер айтылды. 1988 жылы «Қазіргі қазақ тіліндегі сан есімнің сөзжасамы» атты Нұржамал Оралбайқызының монографиясы жарық көрді. Осындай еңбектер негізінде қазақ тілінің сөзжасамы бүгінде қазақ тіл білімінің бір саласы ретінде ғылыми-теориялық негізі қаланып, қағидат-қағидалары айқындалды. Қазақ тілінің сөзжасамы бойынша Нұржамал Оралбайқызының жетекшілігімен бірнеше ғылыми-зерттеу жұмыстары жазылды. Демек, Н. Оралбайқызы – қазақ тіл білімінің сөзжасам саласының жеке сала ретінде танылуы мен қалыптасуының алғаш негізін қалаушы да. Ал «Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі» атты монографияда ғалым сөзжасамның жалпы теориялық мәселелерін тұңғыш рет жазып, осы саланың теориялық негізін белгілеген-ді. Академик аталған еңбекте туынды  сөз жасаудың аналитикалық тәсілі, күрделі етістіктер мәселесін қозғап, осы тілдік категорияның жасалуы жөніндегі ғылымда қалыптасқан түрлі қате түйіндерден оны арылтып, күрделі етістік мәселесін жаңа бағытта саралаған. Ғалым сөзжасам мәселесін зерттеуді жалғастыра келе, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының 1997-1999 жылдардағы жоспары бойынша «Қазіргі қазақ тілінің сөзжасамы» атты бір томдық еңбектің жетекшісі және негізгі орындаушыларының бірі болды. Сондай-ақ ғалым қазақ тіліндегі сан атауларының жасалу жолын, үлгілерін арнайы зерттеп, ол туралы жазылған алғашқы монография авторы да. Нәтижеде мол тер төгу барысында ұстазымыз қазақ тіл білімінің грамматикалық теориялары мәселесі  бойынша түрлі зерттеулер жүргізе келіп, қазақ тіліндегі грамматикалық бірліктерді анықтау, оның жүйелік сипатын белгілеуде ірі табыстарға қол жеткізді. Бұл бағыттағы зерделеу жұмыстарының тұжырымы ретінде «Қазіргі қазақ тілінің морфемалар жүйесі» (А. Қалыбаевамен авторлық бірлестікте) атты монографиясын ұсынды. Ал 1980 жылы баспа бетін көрген «Қазақ тіліндегі етістіктің категориялары» атты еңбегі де – грамматика теориясына қатысты зерттеу. Онда сөз құрамында грамматикалық  көрсеткіштерінің сыйысу мәселесі көтерілген. Сондай-ақ ғалым Н. Оралбаева – тіл тарихы, графика, орфография  мәселелері жөніндегі алғашқы еңбектердің бірегейі «Қазақ графикасы мен орфографиясы» (1968) зерттеуінің авторы. Ғалымның ғылыми тың табыстары, соны тұжырымдары дүниежүзілік түркологиялық конференцияларда баяндалып, ғылыми лингвистикалық мақалалары Анкарада, Новосибирскіде, Ташкентте, Бакуде, Қазанда басылым көрді. Әлем түркологтарына танымал лингвист ғалым Түркияның Анкара университетінің шақыруымен онда екі жыл қызмет етіп қайтты.

Профессор апамыздың ғылыми шығармашылығындағы ерекше орын алатын мәселе – қазақ тілін оқыту әдістемесі болса, ғалымәдіскер – қазақ тілін оқыту әдістемесінің де шебер маманы. Ғалым қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілін оқыту әдістемесі ілімінің мәселелерін жан-жақты қарастыра келіп, осы бағытта мамандар даярлайтын университет студенттеріне арналған «Орыс тіліндегі мектепте қазақ тілін оқыту әдістемесі» (1996) атты тұңғыш оқулықты баспадан шығарып, қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілін оқыту әдістемесі ілімінің негізін қалады.

Жоғары білімді мамандардың сапасын арттыру ісінде студенттерді оқулықтармен, оқу құралдарымен және оқу бағдарламаларымен қамтамасыз ету ісінің маңызы ерекше. Бұл ретте қазақ тілі мамандарын дайындау ісінде, қазақ тілінен білім беруде, өзге этнос өкілдеріне қазақ тілін оқыту ісінде орасан зор қызмет атқарған қаламы қарымды, көрнекті ғалым 300-ден астам ғылыми мақаласымен қатар, 60-қа жуық  оқулық, оқу-әдістемелік құрал, бағдарлама мен монографиялық еңбектердің авторы екенін айтсақ та жеткілікті болар. Мемлекеттік тілдің өз қызметін толық атқаруы үшін Қазақстанда мекендейтін  халықтардың ол тілді білуі парыз десек, өзге этнос өкілдерінің қазақ тілін меңгеруі үшін қазақ тілінің арнайы мамандары қазақ тілін шебер оқытуы қажет. Бұл міндетті абыроймен орындау үшін жоғары оқу орындарының мамандары, оқулықтары, оқу құралдары, техникалық құралдары жеткілікті болуы қажеттігін баса айтатын академик Н. Оралбаева осы пікірлерді айтып қана қоймай, осы мақсатта оқу бағдарламаларын әзірлеп, «Қазақ тілін үйренеміз», «Практикалық қазақ тілі» оқулықтарын жазды.

Ана тілін құрметтеуді ұлтқа сын тұрғысында түсінетін ғалым тіліміздің қазіргі жай-күйі, келешегі туралы көкірегі қарс айырыла толғанады. Мәдениеті ертеден қалыптасқан, қазіргі дамыған елдер сапындағы мемлекеттердің бәрінде де ана тілін оқытуға ерек-ше мән беретіндігіне көпшілік назарын аудартады. Техникасы ерекше өрлеген осы ірі мемлекеттер неліктен ана тілін оқытуға көп көңіл аударып отыратындығына ой жүгіртуге шақырады. «Тілді жақсы білу – халықтың бүкіл  тарихы бойынша жиған бай  рухани қазынасын меңгеруде. Тілді жақсы білмеген адам халықтың рухани байлығынан мақұрым қалады. Ондай адамда халқын құрметтеу, сүю, мақтаныш ету сезімінің болуы – күмәнді нәрсе», – дейді ғалым. «Ана тілін – оқу орнының барлық сатысына кіргізу керек. Мектепте, лицейлерде, колледждерде, институт пен университеттерде ана тілі барлық курстарда оқытылуы тиіс. Оқытуды мамандықтарға байланыстыру қажет», — деген ұсыныс та білдіреді.

Ғалым Н. Оралбайқызының: «Сапалы маман болмай, қазақ тілі өзінің мемлекеттік дәрежедегі қызметін жүзеге асыра алмайды. Оқу орындарында ана тілін оқыту дұрыс шешілсе ғана тіл мәртебесін көтере аламыз. Осы мақсатқа жету үшін, шетел тәжірибелерінің ұтымды жағын қабылдап, әр нәрсені бір сылтау етпей, нақты іске көшіп, өзіміздегі жетістіктермен ұштастырсақ, құба-құп болар еді», – деуі ортақ іске қозғау салар құнды түйін.

Академик Н. Оралбаева жас ғалымдарды даярлау ісінде ұлан-ғайыр табыстарға қол жеткізді. Ғалым тікелей ғылыми жетекшілігімен тіл білімі теориясы, шешендіктану мен қазақ тілін оқыту әдістемесі ілімі бойынша көптеген ғылым кандидаты мен ғылым докторларын даярлады. Бұл орайда ғылымда академик Нұржамал Оралбайқызы  мектебі  қалыптасты.

Абат   ҚЫДЫРШАЕВ,

М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың  мәдениет  және  өнер  факультетінің деканы,  педагогика  ғылымдарының докторы, профессор,

Айгүл    РАМАНОВА,

филология  ғылымдарының  кандидаты, доцент


Өңірлік штаб отырысы өтті

Күні: , 36 рет оқылды

Жуырда  «Даму»  кәсіпкерлікті  қолдау  қорының  аймақтық филиалының  ғимаратында  техникалық реттеу  мәселелері  және  метрология  жөніндегі  өңірлік  штабтың  кезекті  отырысы  өтті.

Облыс әкімінің орынбасары, аталмыш штабтың төрағасы Миржан Сатқанов қатысқан отырысқа мемлекеттік құрылымдардың, БҚО кәсіпкерлер палатасының, сәйкестікті растау ұйымдары мен сынақ зертханаларының өкілдері қатысты. Алдымен ҚР ИДМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің БҚО бойынша департаментінің басшысы Салават Вахитов «ЕАЭО кедендік аумағында сәйкестігін міндетті бағалауға жататын өнімдерді ЕАЭО кедендік аумағына әкелу тәртібі туралы» Еуразиялық экономикалық комиссия шешімінің жобасы  жөнінде  баяндады.

Бұдан әрі Еуразиялық экономикалық одақ тарапынан ұсынылған стандарттар тізімі талқыланды. «Қазақстан стандарттау және сертификаттау институты» РМК БҚО филиалының директоры Айман Удишева айтып өткендей, бұл бағытта 3712 нормативтік құжат қаралған. Шара  барысында ҚР ИДМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің облыс бойынша департаменті мен БҚО қоғамдық денсаулық сақтау департаменті арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл меморандум техникалық реттеу, қоғамдық денсаулық сақтау, тұтынушылардың құқығын қорғау салаларында халықты қауіпсіз және жоғары сапалы тауарлармен (жұмыстармен, қызметтермен) қамтамасыз ету бойынша бірлескен және келісілген іс-шараларды жүзеге асыруды мақсат етеді.

Жиын  соңында «ҚазСтИн» РМК Батыс Қазақстан филиалы Еуразиялық экономикалық одағының «Өрт қауіпсіздігін және өрт сөндіруді қамтамасыз ету құралдарына қойылатын талаптар туралы (EАЭО ТҰ 043/2017) техникалық регламентімен өзара байланысты стандарттар тізімінің жобасына ҚР СТ «Өрт техникасы. Насосты өрт станциялары. Техникалық ережелер» қосу туралы «Оралагрореммаш» АҚ ұсынысын 2018 жылдың  14 мамырына дейін «ҚазСтИн» РМК-ға жолдау жөнінде шешім шығарылды.

Ясипа  РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»


«Ақтөбе» — «Ақжайық» — 5:3

Күні: , 46 рет оқылды

Футболдан  Қазақстан  чемпионатының  оныншы  турында «Ақжайық» Ақтөбеде  жергілікті  командамен  кездесіп,  3:5 есебімен  жеңіліп  қалды.

ФИФА тәртіптік комитетінің шешімімен алты бірдей ұпайынан айырылған «Ақтөбе» клубы биылғы чемпионат барысында қиын жағдайда қалған болатын. Небәрі 4 ұпаймен көш соңында келе жатқан ақтөбеліктердің алға ұмтылатыны анық еді. Солай болды да. 27-минутта Бағдад Қайыров қақпа кілтін тапса, 41-минутта Маркос Пиззелли, 45-минутта Рейналдо есепті 3:0-ге жеткізді.

Өз қақпасына үш гол өткізіп алған Украина елінің өкілі Евгений Боровикті екінші таймда қазақстандық Сергей Ткачук алмастырды. Бірақ ол да қақпасын аман сақтай алмады. 56-минутта Рейналдо, 67-минутта Пиззелли мергендігімен танылды. Матч барысында өте сылбыр ойнаған қонақтардың тек содан кейін ғана есі кіргендей болды. 73-минутта украиналық қорғаушы Сергей Басов, екі минуттан кейін оның отандасы, шабуылшы Адеринсола Хабиб Эсеола есепті қысқарта алды. 83-минутта сенегалдық шабуылшы Малик Мане «Ақжайық» сапындағы алғашқы голын соқты. Бұдан әріге меймандардың шамасы жетпеді.

Осылайша бір матчта сегіз гол соғылды. Бұл – биылғы чемпионаттағы қос қақпаға ең көп гол тоғытылған кездесу.  Бұл, екінші жағынан, қос команданың, әсіресе, «Ақжайықтың» қорғаныс шебінің жиі сыр бергенін көрсетеді. Оның үстіне украиналық маман Владимир Мазяр жаттықтыратын оралдық клуб биылғы маусымда өз қақпасына ең көп гол (18) өткізіп алған команда болып отыр. Осыдан бапкерлер де, ойыншылар да тиісті қорытынды шығаратын болар.

Мұны матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында В. Мазярдың өзі де мойындады. «Қорғаныстағы мұндай қателіктер премьер-лига командасына тән емес. Егер команда бапкерді түсінбейтін болса, онда ол өзінің бұдан былайғы тағдыры туралы басшылықпен сөйлесуі тиіс. Мен де басшылармен кездесіп, бір шешімге келетін боламын», деді ол.

Айта кетейік, оныншы турда Атырауда жергілікті команданы 2:0 есебімен сүріндірген «Астана» 28 ұпай жинап, екінші орындағы қоржынында 23 ұпайы бар «Қайраттан» ұзай түсті. Елордалықтардан бір ойыны кем алматылықтар Қостанайда «Тобылдан» 0:1 есебімен ұтылды. Бұл «Қайраттың» биылғы біріншіліктегі алғашқы жеңілісі еді. Қостанайлықтар 19 ұпаймен  үшінші  орында  келеді.

Алдағы сенбі, 19 мамыр күні «Ақжайық» өз алаңында Талдықорғанның «Жетісу» командасын қабылдайды. Талдықорғандықтар кеше көшбасшылардың бірі «Ордабасы» (Шымкент) командасын қабылдап, 4:2 есебімен тізе бүктірді.

Ғайса  БӘЙМЕН


Емен-жарқын жүздесу

Күні: , 51 рет оқылды

Сенбі күні  облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов  өңірімізге  гастрольдік сапармен  келген  Қазақстанның  халық әртісі,  актер,  режиссер Асанәлі  Әшімовпен  және  Қазақстанның  еңбек  сіңірген қайраткері, М. Әуезов  атындағы  Қазақ  мемлекеттік  академиялық  драма  театрының  директоры  Асхат  Маемировпен  кездесті.

Сахна саңлақтарымен өткен емен-жарқын кездесу барысында облыс әкімі қонақтарға қош келдіңіздер  айтып,  жылы  лебізін  білдірді.

– Құрметті Асанәлі аға, күні кеше әлемдік деңгейдегі Канн фестиваліне қатысып, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында елдегі өнерді дүниежүзіне паш етіп жүрсіздер. Қазақ халқының мәртебесін асырған, туған елінің сүйікті актері атанған сіз секілді ағаларымыз бастаған өнер иелерінің өңірімізге келгеніне қуаныштымыз. Сонымен қатар облысымызға гастрольдік сапармен М. Әуезов атындағы қазақтың мемлекеттік  академиялық драма театрының келуі – біз үшін үлкен мәртебе. Бұл сапар өңірдің мәдениетіне, өнер саласына деген үлкен қолдау деп білеміз. Театр ұжымы бір апта бойы облыстың бірқатар ауданында болып, ауыл халқын бір қуантып тастадыңыздар. Біздің облыстың тұрғындары өнерді шынайы бағалай біледі. Сондықтан өнерлеріңіздің өрге  жүзуіне  тілекшімін, – деді Алтай  Көлгінов.

Кездесуде сөз алған Асанәлі Әшімов құшақ жая қарсы алған батысқазақстандықтарға, шырайлы басқосу өткізген облыс әкіміне  өз  ризашылығын  білдірді.

Сондай-ақ кездесуге біздің жерлестеріміз, елге танымал театр  және кино актерлары Гүлнәр Жақыпова, Данагүл Темірсұлтанова және Назгүл Қарабалина да қатысты.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»


Рухани жұтаңдық аздырады

Күні: , 63 рет оқылды

Президентіміз Н. Ә. Назарбаевтың  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы еліміз үшін дер кезінде жарияланған маңызы мол құжат болды.

Біз, бүгінгі аға буын өкілдері ата-анамыздың аузынан аштық пен жоқтықтың әңгімесін естіп, шет жағасын көріп өстік.  Ол кезде баланы Алланың бергені деп қарайтын қай үйде де қара домалақтар қарындары жалтырап өріп жүретінді. Біз де солардың біріміз. Соған шүкірлік етіп отыратын әжеміз «үйге кісі келеді» десе, қуанышты рең танытып, ескі текеметін қағып, тозығы жете бастаған көрпелерін сілкіп салатын. Үйдің тазарғаны бізге де ұнап, ақылды бола қалатынбыз.

Еліміз қоғам өзгерген өлара кезеңнен өтіп, жаңа үй болған жалшының баласындай күй кешіп, одан әлемдік қаржы дағдарысына килігіп, қат-қабат қиын кезеңдерге тап болды. Сол тұста көлігімізді сайламай, көшіміз түзелмейтінін ұққан Елбасымыз елдің экономикасын дамытуды бірінші кезекке қойды. Нарық заманының қағидасы сол – әркім қандай жолмен болса да жағдайын дұрыстауға тырысты. Адами тәрбиеміздің сәл тоқырағаны да осы тұс. Елбасы саясаты өз нәтижесін берді. Ел дамыды, кәсіпкерлік дамыды. Әр шаңыраққа шыр бітті. Бірақ кісілігіміз кенжелеу қалған еді. Осы кезеңде Президентіміздің көрегендігінен туған мақаласы көрпесін қағып салған әжеміздің  ісіндей болып, сансыраған санамызды сілкіп берді. Адами қасиеттеріміздің, рухани құндылықтарымыздың  көзін ашты.

Рас, қазақ халқы бұрын да рухани жұтаң ұлт болған жоқ. Көпті бастар көсемдігі де, сөз бастар шешендігі де, мәйекті мәдениеті де, салауатты салт-дәстүрі мен ғұрпы да әлемдегі ешбір елден кем болмаған. Оны көне тарих, шежірелеріміз дәлелдеп келеді. Ұлылық та, ұлтымызда о бастан бар қасиет. Оны марқұм әжем маған дәлелдеп кеткен екен.

«Қалай?» дейсіз бе? Көк жәшігі (теледидар), ұялы телефоны, интернеті жоқ сол кезде біздің ойыннан шаршағанда жиналатын жеріміз әжеміздің қасы, тыңдайтынымыз соның әңгімесі еді.

Қазір ойлап отырсам, бүгін біз данышпандар деп бас иетін Конфуций, Эпиктет, Талмуд, Джон Рескин, Влас Паскаль, Марк Аврелий басқа да мықтылардың әулиелік сөздерін мен алғаш сол әжемнің аузынан естіппін. Өзі өлгенше әкемнің өгей анасы екенін де білдірмеген, әріп танымайтын, мейірімі мол әжем жоғарыда аталған данышпандарды оқыған жоқ, ешкімнен естімегені де ақиқат. Демек, ұлтымыздың ұлылығын танытатын әжем айтқан есті әңгімелер ата-бабамыздан қалған сөз екені даусыз.

Ойын үстінде бір-бірімізге өк-пелеп, алакөзденіп, кектеніп, өш алуды ойлап келсек, басымыздан сыйпаған әжеміз:

– «Таспен атқанды аспен ат» деген, «Жақсылыққа  жақсылық – әр адамның ісі, жамандыққа жақсылық – ер адамның ісі». «Өсер елдің баласы бірін-бірі батыр дейді, – деп татуластырып, бауырластырып отыратын.

Әжем айтқан осы сөздердің «Чем отомстить своему врагу? Стараться делать ему как можно больше добра» деген  Эпиктеттің, «Плати добром за зло» деген Талмудтың  сөзінен қай жері кем? Дәлме-дәл аудармасы сияқты емес пе?! Осыдан кейін қазақты надан деп көрші!

Әжем бізге таңертең сәлемде-судің дұрыстығын ұқтырып өсірді. Осы тәрбиені ұстануды ұсынған маған қолымдағы келінім:

– Әке, бір үйден өрмейміз бе? – дейді күліп.

– Дұрыс, балам. Көршілермен де кешке дейін көріп, әңгімелесіп жүресің. Таңертең сәлем бересің ғой. Сол сияқты екі бөлмеде ұйықтап өрген бізге де сәлемдесу артық етпейді. «Сізге Алланың нұры жаусын» деп күлімдеп сәлемдесу арқылы сен бізге жан жылуын сыйлайсың. Ол бізді қуанышқа бөлейді, көңілімізді өсіреді.

Содан бері келінім мен немерем ұйқыдан тұрғанда сәлем беріп тұрады. Дұрыс емес пе?!

Зайыбым екеуміз таңертең жұмысқа шыққанда үнемі бір жас келіншек қарсы ұшырасады. Сәлемдесу орнына бетімізге бажырайып бір қарап өте береді.  Бұл біздің көңіл күйімізді бұзады, ренжітеді. Себебі, таныспыз, мектепте алдымыздан өтті, үйі көрші болса, қазір бір жиеннің әйелі. Сәлем беруді білмеуі санасыздығы емес пе?!

Қайран әжем, қандай есті адам еді. Болмашы ісімізге мақтау есту-ге құмартсақ:

– Балам, мадақ пен атақ іздеме, сұрап алған атақ абырой әпермейді. Атақ сені іздесе, ол құрмет, – деп отыратын. Осы сөздің дұрыстығына қанша рет куә болып келемін. Ал, оған мән  бермей, жақсы ат әпермейтін атақ қуғандар  қаншама?!

Орынсыз тәкапарлық та әкеңнің ескі шапанындай қолпылдап, адам бойына жараспай тұрады. Ол да абырой әпермейді. Бірақ төңірегіндегілерді көзге ілмей, өзінің көркін, оқығанын, байлығын малданып жүретіндер көп-ақ.

Ұлтымыздың «Қанағат қарын тойдырады…» деген сөзінде қандай мағыналы астар жатыр. Қанағатты, шүкірді білмей, құнық-қандардың байлықтан қандай опа табарын да өмірдің өзі көрсетіп жүр емес пе?!

«Семіздікті қой көтереді» деген, жоғарыда айтқан атақты алып жүру де екінің бірінің қолынан келмейтін оңай шаруа емес-ау деймін. Өйткені, кәсіпкер бір ініміздің арқасында ауылымызға қазақтың маңдайына біткен небір өнер саңлақтары жиі келіп тұрады. Әрине, тегін келмейді, жалданып келеді ғой. Біз «жұлдыз» санаған солардың адамдық келбеті еріксіз қынжылтады. Араққа тойып алып, аузына келген сөзді айтып отырған оларды көргенде көңіліміз құлазиды.

Қазақ – қызық құмар халық. Қызық болғанда аталарымыз сияқты ат шаптырып, көкпар тартып, палуан күрестіріп, жамбы атып, ақындар айтыстырып, ұлттық өнерімізді ұлықтап жүрсек орынды ғой. Қазіргілер құмар ойынға тым құлықты. Кәсіпкерлердің картаға қомақтылап қаржы салып ойнайтынын жиі естиміз. Маңдай терімен тапқан қаржы картаға кетсе, қабақ шытпайтын солар аз қамтылғандар мен мүгедектерге қайырымдылық жасауға келгенде аттондарын ала қашады. Неге? Қайырымдылық ісінің сауабы мол емес пе? Немесе сол қомақты қаржыны туған жерін түлетуге жұмсаса, ел игілігін көрмес пе еді? Елбасымыз есімізге салған орынсыз ысырап, шашпашылдықтан да арыла алмай жүрміз. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге де әлі белсеніп кірісуге құлық таныта  алмай  жүрміз.

Қорытып айтқанда, қазіргі жерлестеріміздің бойынан табылатын осындай жат қылықтар бертін келе тұрмыс қалыптастырған са-намыздың рухани жұтаңдығынан туған қылықтар екеніне ешкімнің таласы болмаса керек.

Бабаларымыз ешкімнен кем болмаған. Бүгінгі қандастарымыздың да ешкімнен кем болмауын көңіл тілейді.

Ия, тәрбиемізде сәл селкеулік болған шығар. Оны түзеу, кеткен олқылықтың орнын толтыру, еліміздің ертеңін жарқын етер салауатты ұрпақ тәрбиелеу біздің міндетіміз. Ел Президенті есімізге салып, міндет еткен осы мәселеге енжарлық танытпағанымыз абзал. Рухани жұтаңдық аздырады.

Ел боламыз, өркениетті елдер-мен иық түйістіреміз десек, осыны ескерейік, ағайын! Бұл біздің ұрпақ  алдындағы  парызымыз.

Өмірзақ АҚБАСОВ,

Жаңақала  ауданы  


Кiтапты насихаттаудың ең тиiмдi жолы

Күні: , 34 рет оқылды

«Бүгiн кiтап оқитын балалар ертең компьютерде ойнайтын балаларды басқарады»

Н. Ә. НАЗАРБАЕВ

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Бөрлі аудандық кiтапханасы «Буккросинг» кiтап алмасу іс-шарасын қолға алды. Облысымызда алғаш рет ұйымдастырылған бұл жоба аясында Ақсай қаласының алты жеріне кітап алмасу бұрыштары қойылмақшы.

Таяуда осындай бұрыштың алғашқысы Ақсай қаласындағы ХҚО-да ашылды. Оған Ж. Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Шолпан Оразаева мен Бөрлі ауданының әкімі Алдияр Халелов арнайы қатысқан.

«Буккросинг» қазақшаға аударғанда «кiтап сыйлау» немесе «кiтаптың айналыста жүруi» деген мағынаны бiлдiредi екен. Алғаш рет бұл идеяны Рон Хернбекер деген американдық бағдарлама-шы ұсыныпты. 2001 жылы ол қонақүйдің төменгі қабатына жиырма шақты кітап қойып, оның жанына «Бұл жоғалып кеткен кiтаптар емес, көпшілікке арналған әдебиеттер. Оқып болғаннан кейін оларды әрi қарай «саяхаттауға» жiберуiңiз сұралады» деген жазу қалдырған. Бұл жоба қонақ-үйге келушілердің қызығушылығын тудырған. Көп кешікпей 300 адам оның бұл ісін жалғастырып жатқандығы туралы жеке сайтына хабар келген. «Буккросинг», әсіресе, Еуропа елдерiнде қолдау тапты. Көбінесе оны жаңа кiтапқа жарнама жасау құралы ретiнде пайдаланған. Кітапты айналысқа қосу ісі Қазақстанға  2005 жылы келді.

–  «Буккросинг» жобасын Астана мен Алматыға барған сайын көріп жүрміз. Мәдени-демалыс парктеріне, аялдамаларға арнайы кітап сөресін қойып, оған түрлі бағыттағы кітаптар орналасты-рылады. Біз де солай сыртта ұйымдастырғымыз келді. Бірақ жерге рұқсат сұрау керек болды, ертең жауын-шашын, күн салқында не істейміз деген мәселелер туындаған соң, ХҚО, емхана, сауда орындары сынды халық көп келетін ғимараттардың ішіне қоюды жөн деп шештік.

Иә, қазір заман басқа ғой, еш қараусыз тұрған тегін кітаптарды біреу-міреу алып кетпей ме деген ой да болмай қалған жоқ. Дегенмен де тұрғынның бәрі бірдей ондай іске бара қоймас, кітап алып, оқып болғасын қайта орнына қойып жатқан жандарды көрген соң, одан өзгелер де үлгі алар деген ниетпен бұл істі қолға алдық. Сол сеніміміз біртіндеп ақталып жатқандай, яғни жобамыз көпшіліктің сана-сезіміне оң әсерін беруде. Алғашында 30 кітап қойған едік. Аз ғана уақыттың ішінде оннан астам кітап алыныпты.

«Буккросингтің» ережесі бойынша алынған кітап оқылғаннан соң, қайта орнына қойылуы керек немесе басқасын әкелуге болады. Бұл жердегі кітаптардың айналымын біліп отыру мақсатында, оларға «Буккросинг» деген жазу бар арнайы мөр соқтық. Сөрелерді тек кітапты емес, мерзімді баспасөзді де орналастыруға болатындай етіп дайындаттық. Сөйтіп газет-журналдарды да кеңірек насихаттайтын боламыз, – дейді Бөрлі аудандық орталықтандырылған кітапханасының директоры  Дариға  Нұрашева.

Бөрлі ауданына сапарымыз кезінде ХҚО-ға кіргенімізде мемлекеттік қызмет алушылар көп болғанымен, аталмыш кітап сөресінің жанында кісілердің аздығын байқадық. Кітап қарап жүрген жандардың бірі – Қызылтал ауылының тұрғындары Бақтығали мен Гүлбазар Балмашевтар. Бақтығали «Буккросинг» шарасы жөнінде жақында, яғни осы орталыққа келген кезде білген. Кезек күтіп отырған кезде қазақ ақын-жазушыларының екі-үш кітабын алып оқыған. Ал мамандығы педагог болып табылатын Гүлбазар болса, сөреде тұрған кітаптармен бұрыннан таныс. Дегенмен қайта көз жүгіртуде. Өзінің ұсынысы ретінде бұл жерде соңғы жылдары шыққан кітаптардың да тұрғанын қалайтынын жеткізді.

– Кітап асыл қазына ғой. Кітапты ең жақсы сыйлық ретінде қабылдаймыз. Француз ғұламасы Дени Дидро «Дүниедегi ең бақытты адам – неғұрлым көп адамға бақыт сыйлаған жан» деген екен.

Кiшкентай нәрсемен-ақ өзгелерге  үлкен бақыт сыйлауға болатынын көрсетіп жатқан кітапхана-шыларымызға ризашылығымды білдіремін, – дейді Гүлбазар Ғабиденқызы.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

Бөрлі ауданы

Ғалымжан ҚАСЫМБАЕВ,

Бөрлі аудандық ХҚО-ның басшысы:

– Біз өзімізше шкаф-дүкені деп атап кеткен кітап сөресінің алғашқысы біздің ғимаратымызда орналасқанына қуаныштымыз. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асуына осы бағытта да септігіміз тисе екен дейміз. Бұл жаңадан басталып жатқан жоба ғой. Уақыт өте келе бұл кітаптарды көпшіліктің қызыға оқитынына үмітім зор. Қазір негізінен мұндағы шығармаларды біздің қызметкерлеріміз алуда. ХҚО-ға келіп жатқандарға бұл жоба жөнінде айтып, кітап алуға, оқуға шақырып тұрамыз. Жалпы алғанда, интернеттiң дәуiрi жүрiп тұрған қазiргi уақытта «Буккросинг» кiтапты насихаттаудың ең тиiмдi жолы деп бiлемiн.

Айша ЕСЕНЖАНОВА, Ақсай қалалық №3 кітапхана қызметкері:

– «Буккросинг» жобасына бiз бақылау жүргiзбеймiз. Онда оқырман билетi толтырылмайды. Мұны ашық кiтапхана деуге болады. Мақсаты – кiтаптарға екiншi өмiр сыйлау, олардың пайда әкелуiне жол ашу. Яғни, кiтаптар сөрелерде бекерге шаң  басып жатпауы керек. Ол «Өзiң оқы  да, басқаға бер» қағидасына негiзделген қарапайым iс-әрекеттен тұрады.

Ләззат БЕРДІҒАЛИЕВА, Ақсай қалалық №3 орта мектебінің 8-сынып оқушысы:

– Өзім тұрақты түрде кітапханаға барып тұрамын. Негізінен ертегі және фантастикалық әдебиеттерді оқығанды жақсы көремін. Жыл өткен сайын оқитын кітаптарымның саны артып келеді. «Нағыз тұлға болып қалыптасу үшiн адам жылына 100 кiтап оқу керек» деген қанатты сөзді есімде ұстап жүремін. Кезінде біздің әке-шешелеріміз, аға-әпкелерiмiз кітап оқып жарысқан ғой. Қазір ол «модадан» қалып бара жатқан тұста Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жариялады. Соған орай «100  жаңа оқулық», мына «Буккросинг» жобалары қолға алынып жатыр. Енді ақсайлық  жастар  да  кітаппен  дос  болады  деп  ойлаймын.


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика