Мұрағат: 11.05.2018


«Рухани серпін береді»

Күні: , 55 рет оқылды

М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде Қазақстан халқы ассамблея­сы  кафедрасының бірыңғай күні аясында «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын талқылау мақсатында студенттермен кездесу кеші өтті.

Аталмыш жобаға жастардың қызығушылығын арттыруды мақ­сат еткен басқосуға аталмыш бі­­­­­­­лім ордасындағы ҚХА кафедра­сы­ның мүшелері, этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен өкілдері, «Достық» клубының жә­не «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының мүшелері мен сту­денттер қатысты. Іс-шара­да М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың «Қазақстан халқы ассам­блея­сы» кафедрасының мең­ге­ру­шісі Тұрар Шайхиев «Жаңа гу­­манитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы­ның маңыздылығына тоқталды.

«Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінің бөлім басшысы Әсия Жұмина әлемнің гуманитарлық саладағы ең озық деп танылған  кітаптардың  қа­зақ тіліне тәржімалануы жас­та­ры­мыз­ға рухани серпін береді деген пікір білдірді.

Кездесуге қатысқан философ, социолог, теолог мамандар студенттерге қазақ тіліне ау­да­рыл­ған жаңа оқулықтар туралы кеңінен мәлімет берді.

Өз тілшіміз


Ерсары батыр Бегетайұлы

Күні: , 76 рет оқылды

1.Байбақты Ерсары

2.Биктай ұғлы Шолан тайфасы

3.офат болды 1812

4.йылда 55 йашында. Бұны

5.Қылдырды баласы Мұқас мырза

Мағынасы:

1.Байбақты Ерсары

2.Бегетай ұлы Шолан тайпасы

3.опат болды 1812

4.жылы 55 жасында. Бұны

5.қойған баласы Мұқас мырза

Сырым ауданы Тоғанас ауылдық округіне қарасты әулие Жұмағазы қазірет қорымындағы №7 құлпытас. Қорым қоршауының сыртында, қақпадан оңтүстік-батысқа қарай 50 метрдей жерде сақталған жалғыз құлпытас. Құлпытас түбінен сынған, биіктігі 60 сантиметрдей, басы доғал келген, бес қатарлы бедерлі жазу жазылған.

Ерсары атақты найзагер, мерген, батыр болған.


Көктем әуендері шырқалды

Күні: , 32 рет оқылды

А. Островский атындағы облыстық орыс драма театрында облыстық камералық және эстрадалық-симфониялық оркестрдің ұйымдастыруымен «Көктем әуендері» атты мерекелік шара өтті.

Аталмыш кеш ел ордасы Астананың 20 жылдығы, КСРО халық әртісі, Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор Ғазиза Жұбанованың 90 жылдығы, сондай-ақ КСРО халық әртісі, театр және кино режиссері Әзірбайжан Мәмбетовтың 80 жылдығына орай ұйымдастырылды. Кешке өңірімізге арнайы шығармашылық сапармен келген ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Бағдат Әбілханов, Дина Хамзина, сондай-ақ халықаралық конкурстың лауреаттары Ержан Саипов, Жандос Мұхамеди қатысып, облыстық камералық және эстрадалық-сим-фониялық оркестрдің сүйемелдеуімен Ахмет Жұбановтың «Ариясын», Ақұштап Бақтыгерееваның сөзіне жазылған «Туған жерді», Антонио Вивальдидің «Времена года – Весна», Жорж Бизенің «Ария Хабанеры из оперы Кармен», Кирилл Молчановтың «А зори здесь тихие», Ян Френкельдің «Журавли», Анатолий Новиковтың «Эх, дороги», Давид Тухмановтың «День победы» әндерін әуелете шырқады. Сондай-ақ облыстық камералық оркестрдің дирижері Асхат Хасановтың орындауындағы Антонио Вивальдидің «Симфония соль мажор», Ян Сибелиустің «Анданте» романстары да көрермендер тарапынан ерекше қошеметке ие болды.

Мерекелік көңіл күй сыйлаған өнер ұжымына облыс әкімінің атынан ықылас гүлін табыстаған облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов батысқазақстандықтарды Ұлы Жеңістің 73 жылдығымен құттықтап, шараны қорытындылады.

Гүлсезім БИЯШЕВА,

«Орал өңірі»

Суретті түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ


Бір Мәншүкпен арпалысқан мың Мәншүк

Күні: , 54 рет оқылды

Осыдан  біразырақ  күн  бұрын Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында ҚР Мемлекеттік  сыйлықтың лауреаты Сәбит Досановтың «Мәншүк» драмасының премьерасы өтті. Қойылымның режиссерлары — Асхат Маемиров пен Әлия Баймахан.

Соғыс талай жанның өмірін қиып, бізге тек есімдерін қалдырды. Сол ұлы есімнің бірі – Мәншүк. Ол 1942 жылы өз еркімен әскер қатарына алынып, ұрысқа қатысты. Өрімдей жас, өжет  Мәншүктің сахнадағы бейнесін Айжан Қайырова мен Әйгерім Сағаденова сомдады.

Мен бұл жерде туғанмын,

Талай сағым қуғанмын.

Құмаршықты ұн қылып,

Содан тірі қалғанмын.

Аман болсам келермін,

Ақ сүтіңді емермін — деп  елімен, жерімен қоштасқан Мәншүктің соғысқа аттанар тұсын режиссерлар жақсы бейнелеген.  Отты жылдарда ер- азаматтармен иық теңестіріп, қолына қару алып, майданға аттанған Мәншүктің жан-дүниесіндегі арпалысты  актрисалар барынша алып шығуға тырысты. Әке-шешесінің  мейіріміне бөленіп, ерке өскен Мәншүкті соғыс өзгертеді. «Халық жауының» қызы атанып, оқудан шығып кеткен қаршадай  қыз соғысқа  әділдік іздеп барғандай әсер қалдырады.   Ата-анасын, елін сағынған бас кейіпкер «Майданға келген адам баяғыдай болмайды екен» деп анасына  хат жазады. Ер-азаматтардың арасындағы  жалындаған жас қыздың көңілін табуға қасындағы жігіттердің бәрі пейілді. Бойындағы еркелік пен нәзіктігін қазақтың кең даласына қалдырып, қатайып кеткен Мәншүктің  өзімен-өзі арпалысқан сәттері де шынайы шықты. Сүйген жарына қосылып, ана болуды армандайтын өмірге ғашық Мәншүк…  Шайқаста фашистердің көзін құртып, жеңісті жақындатуға асыққан  Мәншүк… Елі үшін, жері үшін жанын құрбан етуге дайын  Мәншүк…  Бір Мәншүкпен арпалысқан мың  Мәншүк…

Аға сержант, пулеметші Мәншүк ұрыстарда өзінің мергендігімен және батылдығымен көзге түсті. Невель қаласы үшін болған кескілескен шешуші ұрыста Мәншүк ақтық демі біткенше пулеметтен оқ боратып, қаһармандықпен қаза тапты. Осының бәрі қойылымда көрініс тапқан. Мәншүк бойжеткеннің бойындағы қорқынышы, үміті, қайтпас қайсарлығы, сертіне адалдығы, арманы бейнеленген қойылымның  қоюшы суретшілері –  Қайыр Оразғалиев, Мұрат Мәмбетов. Ал Мәншүктің аналарының ролін  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлжиян Шынтемір, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері Әсел Мәмбетова, әкелерінің ролін Айдар Жарылғапов пен Талиғат Жігеров сомдады.  Ал жауынгер Нұркеннің ролін Жылқыбай Жұбатов ойнады.

Небары 20 жастамын,

Жазылған жоқ өмірбаян-дастаным.

Айтылған жоқ жақсы әнім,

Небары 20 жастамын… —  дейді қазақ даласының өжет мінез өр қызы өз монологінде… Мәншүктің  өмірі атың өшкір соғыстың кесірінен ерте солған  гүл, қыршынынан  қиылған  ғұмыр. Асылы, есті  адам,  саналы  кісі бүгінгі  ашық  аспан,  бейбіт  күннің  қаншалықты  қымбатқа  түскендігін  әсте жадынан шығармаса керек-ті…

Гүлжамал   ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал   өңірі»


Жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты ауыздықтау жолында

Күні: , 61 рет оқылды

Еліміздің  2015-2025  жылдарға  арналған  сыбайлас  жемқорлыққа  қарсы  стратегиясының  іске  асырылуын  сыртқы  талдау   және  бағалау  жөніндегі республикалық  арнайы мониторингтік  топ   өкілдері  облыста  болды. Жуырда  республикалық  мониторингтік  топ  мүшелері –  ҚР  Президенті  жанындағы  адам  құқықтары  жөніндегі  комиссияның  мүшесі  Айгүл  Соловьева,  ҚР Мемлекеттік  қызмет  істері  және  сыбайлас  жемқорлыққа қарсы іс-қимыл  агенттігінің  жұртшылықпен  байланыс департаментінің  директоры

Арман  Бердалин  және  «Санж»  зерттеу  орталығының  директоры  Жанар  Жандосова  өңірлік  коммуникациялыр  қызметі  алаңында  өткен  брифингте  республикалық  және  жергілікті  БАҚ  өкілдерімен  кездесті.

Республикалық мониторингтік топ жетекшісі Айгүл Соловьеваның айтуынша, Батыс Қазақстан облысына дейін арнайы топ мүшелері еліміздің 11 облысында болған. Сапардың басты мақсаты – қоғамды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға кеңінен тарту, қоғамдық бақылау саласындағы өзекті мәселелерді талқылау.

– Батыс Қазақстан облысында облыстық, қалалық, аудандық және ауылдық деңгейде арнайы мониторингтік топтар құрылған. Оның құрамына азаматтық қоғам институттары, танымал қайраткерлер мен белсенді азаматтар енген. Аталмыш мониторингтік топтар мемлекеттік пен қоғамды байланыстырушы көпір ретінде мемлекеттік қызметтің барлық салаларында азаматтық бақылауды жүзеге асырады. Екі күндік сапар барысында Орал қаласы мен Теректі және Бөрлі аудандарында болып, әлеуметтік нысандар мен халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысымен таныстық. «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б. в.», «Конденсат» және «АқсайГазСервис» АҚ еңбек ұжымдарымен кездестік. Мемлекеттік қызмет көрсету сапасына мониторинг жасап, жұртшылықтың шағымдарын тыңдадық, – деді Айгүл Сағадибекқызы.

– Қазақстанның барлық өңірін аралаудағы басты мақсатымыз – халыққа мемлекеттік қызмет көрсететін мекемелер тарапынан кеткен кемшіліктерді анықтай отырып, түзету бойынша жұмыстану. Тиісті мекемелердің басшыларына ұсыныс-пікірлерімізді айту. Сонымен қатар қарапайым тұрғындармен кездесе отырып, олардың басты мәселелерін құзырлы органдарға жеткізу. Егер тұрғындар тарапынан қандай да бір ұсыныстар мен шағымдар болып жатса, агенттік төрағасының «Facebook» және «Telegram» желілеріндегі  жеке парақшалары арқылы тікелей байланыс орната алады, – дейді Арман Бердалин.

Агенттік өкілінің айтуынша, жемқорлықтың алдын алудың тағы бір амалы – барынша электрондық үлгіде қызмет көрсету. Яғни адам мен адамның арасындағы тікелей қарым-қатынасты болдырмау. Қазіргі таңда 746 мем-лекеттік қызметтің 447-сі электронды үлгіде қолжетімді. Яғни кез келген адам бұрынғыша қаржысын немесе уақытын шығындап жатпай, өз үйінде отырып-ақ қажетті  құжаттарын  ала  алады.

– Бұрын жемқорлыққа қарсы күрестің 72 пайызы жазалаудан тұратын болса, қазір біз одан ауытқыдық. Жемқорлықтың алдын алу жұмыстарына көбірек көңіл бөліп жатырмыз. 2016 жылмен салыстырғанда елімізде жемқорлық деңгейі 18 пайызға төмендеді. Өткен жылы Transparency International үкіметтік емес халықаралық ұйымының рейтингісінде Қазақстан Республикасы жемқорлықпен күрес жүргізуде тоғыз сатыға дейін көтеріліп, бүгінде әлем бойынша 122-ші орынды иеленіп отыр, – дейді Арман  Тілектесұлы.

«Санж» зерттеу орталығының директоры Жанар Жандосованың мәлімдеуінше, Батыс Қазақстан облысы сыбайлас жемқорлық деңгейі бойынша республикада  жетінші  орынға  тұрақтаған.

– Мұны немен байланыстыруға болатынын білмеймін, бірақ сіздің өңірде мәселені таныс арқылы шешу кең етек алған. Яғни мемлекеттік қызметтерді алу барысында таныс көмегіне жүгіну үйреншікті жағдайға айналған. Әсіресе, тұрғындар тарапынан еңбекақыға, медициналық қызмет алуға, сот жүйесіне қатысты арыз-шағымдар көп айтылды. Жемқорлықтың жолын кесу үшін халықтың белсенді араласуына жағдай жасау өте маңызды. Қоғамдағы белсенді азаматтық ұстанымы бар азаматтарды сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысқа жұмылдыру жұмыстың нәтижелілігін және тиімділігін арттырады, – деді Жанар Санжарқызы.

Мониторингтік топ өкілдері  жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты ауыздықтау мақсатында биылғы жылдың ақпан айынан бастап «Қоғамдық бақылау картасы» жобасы іске қосылғанын айтып өтті. Кез келген азамат  1424 жедел желісі бойынша call-орталыққа немесе «Қамқор» мобильді қосымшасы арқылы құзырлы органдарға  хабарласа  алады.

Сондай-ақ өңірге жұмыс сапары барысында республикалық мониторингтік топ мүшелері облыс активімен кездесіп, өздерінің жұмыс нәтижелері туралы баяндады.

Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»


Әуезов театры өңірімізде

Күні: , 84 рет оқылды

Бейсенбі  күні  Өңірлік  коммуникациялар  қызметі  алаңында М. Әуезов  атындағы  Қазақ  мемлекеттік  академиялық  драма театрының  директоры  Асхат  Маемировтың  қатысуымен  брифинг  өтті.  Брифингте  аталмыш  театрдың  тыныс-тіршілігі  мен  Ақ  Жайық  өңіріндегі  гастрольдік  сапары  туралы  айтылды.

– Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының  Орал қаласындағы гастрольдік сапары 8 мамырдан басталған болатын.  Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасына орай 92 жылдық тарихы бар театрдың шығармашылық тыныс-тіршілігін, көркемдік көкжиегін, репертуарларын қалың көрерменге ұсынбақпыз. «Рухани жаңғыру» дегеніміз, ең алдымен, туып-өскен тамырыңа үңілу. Сондықтан рухани кеңістіктегі тұлғалардың болмысын, бейнесін арқау еткен қойылымдарды Ақ Жайық жұртшылығына таныстыруды жөн көрдік. «Әкем театр» гастрольдік сапармен Орал қаласына осыдан 10 жыл бұрын келген екен. Бұл сапарымыздың ерекшелігі, қойылымды тек Орал қаласының тұрғындарына ғана емес, аудан орталықтарында да сахналаймыз. Сырым, Теректі, Зеленов аудандарында болдық.

Театр ұжымы оралдықтарға Шәмші Қалдаяқовтың  тағдырына арналған «Сыған серенадасы» музыкалық қойылымын ұсынды.

«Сыған серенадасы» 20 жылдан астам уақыт қазақ өнерінің қара шаңырағы М. Әуезов атындағы Қазақ мем-лекеттік академиялық драма театрда сахналанып келеді. Сондай-ақ Ұлы Жеңіс күні «Ақтастағы Ахико» драмасы ұсынылды. Спектакльге арқау болған оқиға – жапондық Ахико Тецуроның тағдыры болатын. Ол 15 жасында Қарлаг түрмесіне түсіп, жан төзгісіз азапты торда 10 жылын өткізген. Лагерьден өлімші халде босап шығып, қазақ анасының қамқорлығының арқасында аман қалады. Заман оңалғанда өз Отанына шақыру алып барғанымен, онда тұрақтай алмай, Қазақстанға қайта оралған. Ахико Тецуроның тағдыры арқылы зұлмат жылдарда айдалып, жазықсыз сотталған мыңдаған адамдардың, түрлі ұлт өкілдерінің өмірі көрсетілді.  Енді Александр Володиннің «Қоштасқым келмейді», Ғ. Есімнің «Таңсұлу», Рахымжан Отарбаевтың «Бейбарыс сұлтан» тарихи драмасын тамашалайтын боласыздар. Гастрольдік сапармен  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Әбділманов, Қазақстанның халық әртісі Гүлнәр Жақыпова, Бауыржан Қаптағай, Бекжан Тұрыс, Данагүл Темірсұлтанова, Шынар Жанысбекова, Шынар Асқарова, Гүлжан Тутова бастаған аға буын өкілдері және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Сатыбалды, Назгүл Қарабалина, Еркебұлан Дайыров секілді  орта буын жастары  келді, – деді Асхат  Максимұлы.

Аталмыш театр биыл Францияда өтетін дүниежүзілік «Авенью» театр фестиваліне қатыспақ. Айта кетсек, қазақ театры тарихында бірінші рет осы фестивальге қатысуға мүмкіндік туып отыр. Әлемдік  театрлар байқауына театр ұжымы ақын, драматург Иран Ғайыптың «Қорқыт» қойылымын дайындауда.

Сондай-ақ Мұхтар Әуезов театрының жанынан ашылған музейге биыл 50 жыл толып отыр. Театр директорының айтуынша, музейде 300 мыңнан астам жәдігер бар екен. Онда ұлттық театр өнерінің негізін қалаған актерлер Елубай  Өмірзақов, Серік Қожамбетов, Шәкен Айманов, Сәбира Майқанова, Хадиша Бөкеева, Фарида Шәріпова, Әнуар Молдабеков секілді театр саңлақтарының киген-киімдері, тұтынған бұйымдары  қойылған. Бүгінде көшпелі музей Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ  драма театрының фойесінде тұр.

Мемлекеттік академиялық драма театрдың біздің өңірдегі гастрольдік сапары мамырдың 13-не дейін жалғасады. Содан соң театр ұжымы  Арқалыққа  аттанбақ.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»


Жүгіріп келіп, шахмат ойнады

Күні: , 94 рет оқылды

Орал  қаласында  Отан  қорғаушылар  және  Жеңіс  күні  мерекелеріне  арналған  көпшілік  жүгіру  шарасы  өтті.

Спорттық шараға облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов, Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов, Ұлы Отан соғысының ардагері Қалам Сүйіншәлиев, шахматшы, халықаралық гроссмейстер Мұртас Қажғалиев, каноэ мен байдаркада есуден жазғы Азия ойындарының чемпионы, Қазақстан Республикасының еңбегі сіңірген спорт шебері Алексей Дергунов, допты хоккейден әлем чемпионатының төрт дүркін қола жүлдегері, халықаралық деңгейдегі спорт шебері Руслан Исалиев, самбодан төрт дүркін әлем чемпионы,  Қазақстан Республикасының еңбегі сіңірген спорт шебері Ерболат Байбатыров қатысты. Сөреде «Street Workout» спортшылары шеберлік класын өткізді. Қазіргі таңда қазақстандық «Street Workout» көше жаттығулары алаңдары еліміздің барлық өңірінде көптеп салынуда. Ашық аспан астындағы белтемірде жаттығу соңғы жылдары қарқын алып келеді. Өткен жылдан бастап біздің өңірде де жастардың бұл спорт түріне деген қызығушылығы ескеріліп, алаңдар салына бастады. Воркаут – көше жаттығулары спорты. Қазір қарқын алып келе жатқан спорттың осы түрімен елімізде мыңдаған жас айналысады. Осы спорт түрінің дамуына барынша қолдау білдіріп келе жатқан ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының жолдаған эстафетасын оралдық воркаутшылар қабылдады. 1500-ден астам қатысушылар Абай даңғылынан Жеңіс алаңына дейінгі қашықтықты жүгіріп өтті. Мәреге жеткен жүгірушілерді халықаралық гроссмейстер Мұртас Қажғалиевпен бір уақытта ойнайтын шахмат ойыны күтіп тұрған болатын. Шахмат ойнаушылардың қатарында облыс әкімінің орынбасары Ғ. Оспанқұлов пен қала әкімінің орынбасары  М. Нұржанов та болды.

Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ,

«Орал  өңірі»


Жеңімпаздарға құрмет көрсетілді

Күні: , 36 рет оқылды

Мереке  қарсаңында  Орал  қаласындағы  Салтанат  сарайында  облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов  Ұлы  Отан  соғысы және  тыл  ардагерлерін  қабылдап,  Ұлы  Жеңістің  73  жылдығымен  құттықтады.

Облыс басшысы мерекелік жиынға келген залдағы ардагерлердің әрқайсымен амандасып, қал-жағдайларын сұрады. Одан кейін басқосуды ашып, биыл Ұлы Жеңістің 73 жылдығы тойланып отырғанын, соған орай ұйымдастырылған шараға келгендеріне ризашылығын білдірді.

– Ұлы мереке, тарихи мереке – Ұлы Жеңіс күні қарсаңында кездесіп отырмыз. Бүгінде жеңімпаз аға буынның өнегесімен тәуелсіз еліміздің жас ұрпағы өсіп келеді. Ол, ең біріншіден, сіздердің еңбектеріңіз. Оны біз ешқашан ұмытпаймыз. Қазір біз тәуелсіз Қазақстанда, ашық аспан астында өмір сүріп жатқанымыз, мемлекеттің дамуы сіздердің жеңістеріңіздің арқасында. Ел басына күн туған қиын кезде, сын сағаты соққанда ерлікпен, батырлықпен соғысып, үлгі көрсеттіңіздер. Ұлы Отан соғысына 76 мыңнан астам батысқазақстандық қатысты. Солардың тең жартысы зұлмат соғыста шейіт болды.

Алдыңғы жылы Оралда үш батыр қыз – Мәншүк Мәметоваға, Әлия Молдағұловаға және Хиуаз Доспановаға ескерткіш орнаттық. Биыл Астананың 20 жылдығына орай Астананың Жеңіс даңғылының бойындағы саябаққа Кеңес Одағының Батыры, жерлесіміз Мәншүк Мәметованың ескерткішін апарып қоямыз. Сұм соғыста көрсеткен ерліктеріңізге басымызды иеміз. Біз сіздермен мақтанамыз. Ұлы Жеңістің 75 жылдығын бірге қарсылауға жазсын. Дендеріңіз сау болып, ортамызда аман-есен жүріңіздер. Күні кеше Волгоград қаласында Сталинград шайқасына қатысып, ерлікпен шайқасқан қазақстандық жауынгерлерге ескерткіш ашылды. Елбасы, Жоғарғы Бас қолбасшы Жамбыл облысындағы Гвардейский полигонында Отан қорғаушылар күніне орай өткен әскери шеруде барлық соғыс ардагерін, жеңісті жақындату үшін тылда бел шешпей еңбек көрігін қыздырған тыл еңбеккерлерін қасиетті Ұлы Жеңіс күнімен құттықтады. Елбасының сол құттықтауын   сіздерге жеткізуге рұқсат етіңіздер. Мереке құтты болсын! – деді облыс әкімі жиында.

Басқосуда соғыс ардагерлері атынан И. Гапич, Х. Сафин, Қ. Сүйіншәлиев, М. Әбдірахманов, А. Митрохина және өзгелері жиналғандарды мерекемен құттықтап, ардагерлердің басын қосқан өңір басшысына алғыс айтты. «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – үлгі» демекші, Отан үшін кеудесін оққа тосып, бейбіт өмір сыйлаған қарт жауынгерлерге облыстық мәслихаттың хатшысы М. Құлшар, облыстық және қалалық ардагерлер ұйымдары кеңестерінің төрағалары М. Мұхамбетов, К. Нығметов, генералдар атынан Сансызбай Үмбетәлиевтер алғыс айтып, игі тілектерін білдірді.

Жеңімпаз ұрпақтың өкілдері мерекелік дастарқаннан дәм ауыз тиіп, бір-бірімен емен-жарқын шүйіркелесіп, бір жасап қалды. Олардың әрқайсына өздерінің есімдері жазылған естелік кәдесый мен гүл шоқтарын облыс басшысы Алтай Көлгінов салтанатты түрде табыс етті. Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның өнерпаздары дайындаған бағдарлама да мерекелік көңіл күйді тасытып, жиналғандардың  рухын  көтерді.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»


«Жергілікті жылқы тұқымдарының генофондын жетілдірсек…»

Күні: , 84 рет оқылды

SONY DSC

Қазіргі таңда елімізде етті-сүтті бағыттағы  жылқы шаруашылығын дамыту мәселесі өте өзекті. Жылқы етінің дәмі тіл үйірер қазы-қартасы мен жал-жаясын айтпағанның өзінде, оның адам саулығына ұлан-асыр пайдасы бар екені әмбеге аян. Жылқы өсірудің жоғары тиімділігі, оның етінің диеталық құндылығы, әсіресе, жыл-он екі ай сұранысқа ие болуы – атакәсіптің жыл артқан сайын мән-маңызы арта түспесе, еш кемімегенінің айғағы. Жылқы өсіру үшін айтарлықтай қаражат көзі, еңбек ресурстары және арнайы дайындалатын құнарлы мал азығы аса қажет емес. Дейтұрғанмен, өнімді жылқы шаруашылығын шығын аз жұмсалатын сала ретінде де қарауға болмайды.

Жылқы шаруашылығын сөз еткенде «әттеген-ай» дейтін тұста-рымыз аз емес. Қазақстанда  заманауи жылқы шаруашылығын дамытуға жеткілікті көңіл бөлінбей отыр. Генетикалық ресурстары мен  ауыл шаруашылығы малдарының түрлерін жою тенденцияларына тән, сондықтан малдардың сипаттамалары мен әлеуеттері белгісіз. Осыған орай белгілі экономикалық және климаттық жағдайға жақсы бейімделген жылқылардың жергілікті түрлерін, асыл тұқымды жылқылардың ішінде кеңінен таралған – қазақ, мұғалжар және көшім жылқыларын сақтап қалу, көбейту және оларды жетілдіру әдістерін дайындау мәселесі өткір күйінде қалып отыр.

Жылқының етті-сүтті тұқымы арасындағы саны бойынша ең көп таралғаны көшім тұқымы болып табылады. Бұл жыл бойы жайылымды-тебінді бағылымға жақсы бейімделген, етті-сүтті өнімділігі жоғары тұқымның жақсартылған түрі. Жылқының көшім тұқымы тез жетілуімен, тұқымдылығымен және өсу тиімділігімен ерекшеленеді. Ал мұғалжар тұқымды жылқылар тұқымдылығымен, күй талғамаушылығымен ерекшеленеді және салыстырмалы түрде жыл бойы жайылымдық-тебінді бағылудың қатаң жағдайларын жеңіл көтереді және алыс жолдарға төзімді келеді. Сондай-ақ «жабы» түріндегі жылқылармен асыл тұқымды жұмыстағы негізгі селекциялық белгілер – ірілік (тірілей салмақ), сырт бітімінің ерекше жаратылысы, жыл бойғы жайылымда бағылуға бейімділігі, тұқымдылығы  жоғары.

Ет және сүт өнімі бағытындағы жергілікті жылқы тұқымдарының республикалық палатасы жылқының қазақ, мұғалжар, көшім тұқымдарын жетілдіру мен өсіру бойынша нәтижелі жұмыстар атқаруда.  Палатаның селекциялық-асылдандыру жұмысы ет және сүт өнімі бағытындағы жергілікті жылқы тұқымдарын сақтау мен көбейтуге және ауыл шаруашылығын интенсивті дамыту талаптарына жауап беретін тұқым түрлері мен жаңа өнімділігі жоғары зауыттық желілерді құруға бағытталған.

Республика бойынша жылқы басы жыл сайын тұрақты түрде өсуде. ҚР Статистика комитетінің мәліметі бойынша 2017 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша республикада 2259,2 мың жылқы болса, 2018 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша олардың саны 2395 мыңды көрсетіп отыр. 2017 жылдың қорытындысы бойынша жылқы саны 135,8 мыңға немесе 6%-ға өскен. Тұқымды жылқы соңғы үш жыл ішінде 10 000 басқа артып, 2017 жылы олардың саны 172 625  басты  құраған.

Еліміздегі жылқы шаруашылығы өнімдерінің өндірісі осы мақ-сатта қолданылатын тұқымдардың өнімділік деңгейімен анықталады. 2017 жылы бір бастың  орта тәуліктік салмағы – 356 кг құрады, 100 аналық басқа шаққанда  мал өсімі соңғы үш жылда 68-ден 74 басқа дейін өсімді құрады. Республика бойынша жылқы етінің сатылымы өткен жылы 2015 жылмен салыстырғанда 14%-ға  артқан.

Жергілікті жылқы тұқымдарының өнімділік қасиеттерін жетілдіру үшін өнімділігі жоғары тұқымдардың әлеуеттерін ұтымды пайдалануымыз қажет. Бұл орайда басты назар тұқымды жылқы өсірумен айналысатын шаруашылықтарға ауады. 2017 жылғы мәлімет бойынша шаруашылық нысандары бойынша мал басының ең көбі ЖҚШ (жеке қосалқы шаруашылықта) – 50%, ШҚ (шаруа қожалықтарында) – 43,86%, ал АШК (ауыл шаруашылығы кооперативтерінде) – 6%.

Барлық деңгейде осы ауыл шаруашылығы кәсіпорындары аналық тұқымдастар, ұяшықтар мен желілер бойынша мал өсіру әдісін қолдана отырып, жылқыдағы пайдалы тұқым қуалаушы-лықты дамыту мен нығайтуды қамтамасыз ететін мәдени-табынды бағу әдістерінің элементтерін енгізумен қатар жас жануарларды өсіріп, таңдап және іріктеу жүргізулері тиіс.

Алайда мемлекет тарапынан өнімділікті бағыттағы жылқы ша-руашылығын дамытуға,  асыл тұқымды аналық басты ұстауға (бағуға), селекциялық-асылдандыру жұмысын жүргізу үшін де де-меуқаржы берілмейді. Сол себепті асыл тұқымды жылқыларды өсірумен айналысатын ауыл шаруашылығы кәсіпорындары селекциялық-асылдандыру жұмыстарын  өте  баяу  жүргізуде.

Сол себепті ауыл шаруашылы-ғы кәсіпорындары селекциялық-асылдандыру жұмыстарына шығу тегі мен сапасы белгісіз айғырларды қолдануға немесе әр түрлі тұқымдағы айғырларды сатып алуға мәжбүр.  Кейбір шаруашылықтар жылқылардың зауыттық түрлерін бақылаусыз әкелумен айналысады және оларды жергілікті аналық малмен будандастырады.

Осылардың барлығы жылқы ауруларының таралуына, төлдеуінің төмендеуіне, төлдер індетіне, әлсіз де өнімділігі төмен құлындардың туылуына әкелді және ол өз кезегінде өндірілетін ет-тің көлеміне әсер етіп, сәйкесінше осы жылқыларды баптау үшін бағаның артуына алып келді. Сондай-ақ малды ұстау бағасының артуы айғырлардың зауыттық тұқымдарын пайдалану (желісті жылқы, ауыр жүк таситын және т. б.), қоспа тұқымдардың екінші және үшінші ұрпақтарының тебінде бағылу қабілеттерін жоғалтады, ал бордақылауда қазы мен қарта алу үшін 4-5 айға дейін құнарлы жеммен азықтануы тиіс. Сонымен қоса жайылымдық тебінді жылқы шаруашылығына қаражат бөлінбегендіктен, қазіргі таңда зооветмамандары мен тәжірибелі табыншылардың тапшылығы байқалып отыр. Селекциялық-асылдандыру жұмыстарын жүргізу үшін де қаражат бөлінбеуі асыл тұқымды жылқыларды өсірумен айналысатын кейбір ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының ғылыми қолдаусыз қалуына әкеліп соқты.

Жоғарыда аталған барлық мәселелер 5-7 жылдан кейін республикада жылқы саны  мен өнімділігінің төмендеуіне алып келуі әбден мүмкін екендігін көрсетеді. Егер мемлекет тарапынан нақты қолдау болмаса, Қазақстан жағдайында жыл бойғы жайылымдық-тебінді бағылымға  жақсы бейімделген жылқылардың отандық тұқымдарының өнімділігі жоғары асыл тұқымды тектік қоры жойылып кетуі мүмкін. Мемлекеттің қолдауынсыз ет және сүт өнімі бағытындағы жергілікті жылқы тұқымдарын асылдандыруды аз уақыт ішінде жолға қою мүмкін емес.  Осы тұрғыда қазақ жылқыларының «жабы», мұғалжар және көшім тұқымдарының аса құнды селекциялық топтарын өсіру арқылы жергілікті табынды жылқылардың сапасын арттыруға қол жеткізе аламыз. Оның үстіне, аталмыш жергілікті тұқымдар мал басын шығынға ұшырататын пироплазмоз және некробациллез сияқты ауруларға төзімділігімен ерекшеленеді. Аталған мәселелерді шешудің ұтымды жолы – ет және сүт  өнімі бағытындағы асыл тұқымды жылқы шаруашылығын дамыту  үшін  субсидия  енгізу.

Селекциялық-асылдандыру жұмысын субсидиялау кезінде ғылыми сүйемелдеу мақсатты және ғылымға негізделіп жүргізіледі. Шаруашылықтардағы зоотехникалық және тұқымдық есеп реттеледі. Бұл өз кезегінде өнімді бағыттағы жылқы өсірумен айналысатын шаруашылықтарды мал басының тұқымдық және өнімділік сапасын арттыруға бағытталған жұмыстарды жасауға ынталандырады.

Қазіргі таңда Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Алматы, Павлодар және Қарағанды облыстарындағы жекелеген жылқы шаруашылықта-рының арқасында тұқымдық жануарлар сақталған. Тіпті ет және сүт өнімі бағытындағы жергілікті жылқы тұқымдарын  субсидиялау түріндегі мемлекеттің қолдауынсыз-ақ,  асыл тұқымды жылқылар-ды өсірумен айналысатын ауыл шаруашылығы кәсіпорындары-мен селекционер ғалымдар бірлесіп, селекциялық жұмыста белгілі жетістіктерге жетуде.  Мысалы, 2013 жылы «Қазақ мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ҒЗИ» ЖШС ғалымдары жүргізген «жабы» типті қазақы жылқыны  селекциялық-асылдандыру жұмыстарының нәтижесінде Павлодар облысында «Памир», «Браслет», «Задор», қазақтың жабы жылқысының селеті зауыттық тұрпатындағы айғырлардың жаңа зауыттық желілері құралды. Сондай-ақ 2015 жылы Павлодар облысында айғырлардың жаңа зауыттық желілері – «Әсем», «Зонтик», «Зов», жабы типті қазақы жылқының  «Бестау» зауыттық тұрпаты құрылды. «Ақтөбе ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасының» жылқы шаруашылығы бөлімімен Ақтөбе облысындағы «Әсем-Наз» ПК-да қазақтың жабы жылқысының зауыттық түрін құру бойынша жұмыстар жүргізіліп, 2017 жылы қазақтың жабы жылқысының «Әсем-Наз-Ақтөбе»  зауыттық типін алу үшін патентке өтінім берілді. Осылайша Ақтөбе по-пуляциясындағы қазақтың жабы жылқысы республикадағы қазақ жылқыларының ішіндегі құндылығы жоғары генофонд болып  табылады.

Мұғалжар тұқымы бойынша үлкен жылқылардың ет өнімділігі  270-290 келіні (тұтас еттің салмағы) құрайтын, сойыс шығымы 58-60% болатын, мұғалжар тұқымының шаруашылық-пайдалы және биологиялық тегін беру қабілеттілігімен ерекшеленетін мұғалжар тұқымының өнімділігі жоғары «Мұғалжар-Ақтөбе» ішкітұқымдық түрінің тектік қорын құру бойынша ғылыми-зерттеу жұмысы жүргізілді. 2017 жылы жылқының мұғалжар тұқымдық айғырлардың «Палуанторы», «Бау» және «Бекзат» зауыттық желілеріне, сондай-ақ мұғалжар тұқымының өнімділігі жоғары «Мұғалжар-Ақтөбе» ішкі түріне патент алу үшін өтінім берілді. Зерттеулер нәтижелерін енгізу Қазақстан Республикасының аймақтары мен жақын шетелдерге тұқымдық төлді сату жолымен жүзеге асырылады. Тұқымдық төлдің негізгі репродукторлары «Көктас» АҚ,

Ақтөбе қаласындағы «Мұғалжар-жылқысы» ЖШС, Ақтөбе облысы Алға ауданының «Жансая» шаруа қожалығы және Темір ауданының «Жан-Қанат-С» шаруа қожалығы болып табылады. Осы шаруашылықтарда «Ақтөбе ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасы» жылқы шаруашылығы бөлімінің селекционер ғалымдары алдағы он жылға құрылған селекциялық-асылдандыру жұмыстарының келешек жоспарларына сәйкес тұқымдарды жетілдірумен айналысады. Мұғалжар тұқымының іріктеп алынған тұқымдық төлдерінің  150-170 басы жыл сайын Батыс Қазақстан, Алматы, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Атырау, және Қарағанды  облыстарына  сатылады.

Көпжылдық ғылымға негізделген жылқының көшім тұқымымен селекциялық-асылдандыру жұмысын жүргізу  нәтижесінде «Қазақ мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ҒЗИ» ЖШС Батыс Қазақстан облысында көшім жылқы тұқымының «Жаңақала» зауыттық түрі шығарылды  (патент №600, 2016 ж.). 2014 жылы Қостанай облысында Ақтөбе популяиясының көшім тұқымының жаңа зауыттық желілерінің айғырларын қолдану негізінде асыл тұқымды көшім жылқысын өсіру бойынша шаруашылықтар құрылды. Жоғарыда аталған зауыттық желілер мен типтерді құру тұқымның өнімдік және тұқымдық сапасын арттыруға мүмкіндік берді. Генетикалық жақсарған қазіргі айғырлардың мал басы тірі масса бойынша 91, 8 кг (18,4%) құраса, биелерде сәйкесінше — 44,3 кг (9,4 %), айғырлардың көлемділік индексі 12,6 %-ға артып отыр.

Өнімділігі жоғары селекциялық топтардан шығарылған айғырларлардың жаңа зауыттық желілері «Крепыш», «Гром», «Самоцвет» негізінде  көшім тұқымының «Мамыр-Ақтөбе» жаңа іш-кітұқымдық типі құрылды. Ол дене бітімінің үлкендігімен, жыл бойғы жайылымдық-тебінде бағылуға қабілеттілігімен және етті-сүтті өнімділігінің жоғарылығымен (тұтас етінің салмағы – 280300 кг, сойыс шығымы – 58-60%, тәуліктік сүттілігі – 16-17 л), сондай-ақ көшім тұқымының биологиялық және шаруашылықты-пайдалы сапаларын сақтап, тұқым қуалаушылық қабілетінің жоғары-лығымен ерекшеленеді. 2017 жылы «Ақтөбе ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасы» жылқы шаруашылығы бөлімімен көшім тұ-қымының «Мамыр-Ақтөбе» жаңа ішкітұқымдық типіне патент алуға  өтінім  берілді.

Генетика мен биологияның заманауи жетістіктерін қолдану негізінде қолда бар тұқымдардың тектік қорын сақтау, жылқының тұқымдық төлін өсіруге бағытталған перспективалық технологиялар құру, өнімді табынды жылқы шаруашылығын жүргізудің селекциялық-технологиялық тәсілдерін жетілдіру, ет пен сүттің жоғары сапасымен, қабілеттілігі-мен, өміршеңдігімен ерекшеленетін ет және сүт өнімі бағытындағы өнімділігі жоғары ген түрлерін құру арқылы жергілікті жылқы тұқымдарының генофондын жетілдіруге баса мән берілуі қажет. Бұл тұрғыда, тұқым үшін  сатып алынған тұқымдық төлді субсидиялау мен төлдейтін малмен жүргізілетін селекциялық және тұқымдық жұмысты субсидиялау  аса  маңызды.

Қазыбай  БОЗЫМОВ,

Жәңгір  хан  атындағы  БҚАТУ-дың  профессоры,

ауыл  шаруашылығы  ғылымдарының  докторы


«20 қайырымды іс» акциясы бастау алды

Күні: , 48 рет оқылды

Жуырда облыс әкімінің аппаратының қызметкерлері «20 қайырымды іс» акциясы аясында қан тапсырды.

– Елордамыздың 20 жылдығына орай қолға алынған шара, біріншіден, адамгершілік қағидатқа негізделген. Өмірде әр түрлі жағдайлар орын алып жататындықтан, қоғамда қан тапшылығы деген мәселе бар. Екіншіден, денсаулықтары жақсы, қан  тапсыруға жарамды жандар осындай игі істерге қатысқаны дұрыс деп есептейміз, – деді облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов.

Бұл шараны әрі қарай облыстық прокуратура қызметкерлері  жалғастырады.

*  *  *

ҚР  Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен мемлекеттік қызмет істері құрылымдарының 20 жылдығына орай «20 қайырымды іс» акциясы жүруде.

Таяуда агенттіктің БҚО бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Б. Исақов бастаған департамент қызметкерлері акцияны қолдап, қан беру арқылы қайырымды іске мұрындық  болды.

Облыстық қан орталығының ғимаратында департамент қызметкерлері мен ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының облыстық  филиалының қызметкерлері  денсаулығы нашар балаларға көмектесу және аймақтық қан банкісін толтыру  үшін  жиналды.

Департамент қызметкерлері бұдан бұрын да донор болып,  өзгелерге қолұшын берген еді. Олар «Қан беру – әрқайсымыздың азаматтық борышымыз»  деп біледі және өзгелерге үлгі бола отырып, барлық азаматты адамдардың өмірін құтқаруға белсенді қолдауға шақырады.

Ясипа РАБАЕВА,

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

Орал  қаласы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика