Мұрағат: 08.05.2018


Жарнамалар өз тілімізде сайрап тұрса…

Күні: , 13 рет оқылды

Қала көшелеріндегі ішкі және сыртқы жарнамалардың дұрыс жазылуына аса мән бермей кейде олардың тек әсемдігіне көз салып қана өте шығатынымыз жасырын емес. Осы орайда облыстық тілдерді дамыту басқармасы ірі және шағын кәсіпкерлік нысандарының сыртқы жарнамаларындағы қателіктерге үнемі ескерту жасап, олардың тарапынан түзету жұмыстарын жүргізгенге дейін қадағалайтындығы қуантады. Оны біз аталған құзырлы мекемемен бірлескен рейд барысында байқадық. 

Шаһарымыздың «City centеr» маңындағы «У Ивана», «Жалюзи», «Second Hand» дүкендеріндегі сыртқы және ішкі жарнамалардан қазақ тілінде жазылған жазуларды көре алмадық. Барлығы дерлік орыс тілінде самсап тұр. Мұхит көшесіндегі «Паприколи» мейрамханасы да келушілерге мінсіз қызмет атқаруда. Бірақ, олардың ана тілімізге деген құрметі көңілге кірбің ұялатқандай. Облысымыздағы тіл басқармасынан барған өкілге аталған мейрамхананың қожайыны (ұлты қазақ) біраз қарсылық кейіп танытты. Оның айтқысы келгені әуелі жұртты түзетіп алыңыз, сосын барып маған келерсіз дегенге саяды. Осы орайда кейбір адамдардың өзіндегі қателікті көрмей, мінді даладан іздейтіндеріне таң қаласың. Сол мейрамханамен қабырғалас орналасқан «Дуслык» деген сауда орнынан да тіл мәселесіне қатысты олқылыққа рейд барысында көз жеткіздік.

-Жыл басынан бері күні бүгінге дейін кәсіпкерлік субьектісіне маниторинг жасап тексеріс жүргізілген 127 нысанның жартысынан астамы түзету жұмыстарын жүргізді. Ірі және шағын кәсіпкерлік нысандарын аралап жүріп, жазбаша ескерту жасағанымызды құп алып, кейін ұялы телефонымызға қателіктерін түзеткендігі жөнінде фотосуреті мен ақпаратын жіберіп жатады. Қателік кімде болмайды? Өзінің қызметіне адал жандардың осындай жауапкершілігін көріп, қуанышқа кенелесің. Ана тілімізге деген құрметті жоғалтпаса екен, -дейді реидті бастап барған облыстық тілдерді дамыту басқармасының ономастикалық жұмыстар және көрнекі ақпаратты бақылау бөлімінің басшысы Гүлнар Әлжанова.

Көк байрағымыз желбіреп тұрған тәуелсіз елде өмір сүріп жатқаннан кейін ата заңымыздың бәрімізге ортақ екендігін естен шығармаған жөн. Сондықтан жоғары да аталған сауда нысандарының жақын арада өз қателіктерін түсініп, олқылықтардың орны толатындығына сенім артамыз.

Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ    


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика