Мұрағат: 04.05.2018


Құрметті Ұлы Отан соғысы мен тыл ардагерлері, Отан қорғаушылар, қадірменді батысқазақстандықтар!

Күні: , 59 рет оқылды

Сіздерді  Отан  қорғаушылар  күні  және  Ұлы  Жеңістің  73  жылдығы  мерекелерімен  шын  жүректен  құттықтаймын!

Бұл  мейрамдар –  ерлік  пен  елдіктің  рухы  қатар  өрілген,  Отанға  адал  қызмет  етудің  үлгісіне  айналған  айтулы  күндер.

Отан қорғау – қасиетті ұғым. Аспанымыздың ашықтығын, мемлекетіміздің қауіпсіздігін сақтауға ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарынан бастап баса назар аударылғаны  белгілі.  Егемендік  жылдары  ішінде  әрдайым  еліміздің  қорғаныс  қабілетін  нығайтуға,  заманауи  және  кәсіби  армия  кұруға  ерекше  көңіл  бөлінді.

Ал 2012 жылы ҚР Президенті, ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бұйрығымен 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнін Қазақстан Республикасының мемлекеттік мерекесі деп белгіленуі антына адал, сертіне берік әскери қызметкерлердің мерейін бұрынғыдан  да   асқақтата   түскені  сөзсіз.

Ұлы  Жеңіс  –  аға  ұрпақтың  ерлігін  мәңгілік  ел  есінде  сақтауға  арналған  ең  қастерлі  мереке.  Баршамыз  үшін  бұл  күннің  орны  бөлек.

Ардагерлеріміз сұрапыл соғыстың соқпағынан өтіп, Отан деп от пен суға түсіп, кең байтақ жерді қорғап, ерліктің ерен үлгісін танытты. Бұл күн – соғысқа қатысқандар  мен  тыл  еңбеккерлерінің  қажымас  қайраты  мен  қайсар  рухының  жеңісі.  Елбасымыз  айтқандай,  Ұлы  Жеңістің  қадір-қасиеті  жыл  өткен  сайын  арта  түседі.  Егемен  елі  барда  ерлер  есімі  ешқашан  да  өшпейді.

 Отанымызды  қорғаудағы  аға  ұрпақтың  өшпес  ерлігін  әрқашан  мақтан  тұтамыз.  Бүгінде  елімізде  олардың  батырлық  және  жауынгерлік  дәстүрлеріне  негізделген  патриотизмнің  жоғары  адамгершілік  мектебі  қалыптасып  отыр.

Қадірлі  жерлестер!  Сіздерді  атаулы  мерекелермен  құттықтап,  дендеріңізге  саулық,  отбасыларыңызға  амандық,  құт-береке,  елімізді  дамытуға  қосып келе  жатқан   еңбектеріңізге   толағай   табыстар  тілеймін!  Бейбіт  өміріміз  берекеге  толып,  еліміз  аман,  жұртымыз  тыныш,  аспанымыз  ашық  болсын!

Облыс әкімі  Алтай КӨЛГІНОВ                                  


Кеңестік танкіні жетілдірген қазақ

Күні: , 363 рет оқылды

Теректі  ауданындағы  Подстепный ауылының  қарт тұрғыны Тұрсынбек Бисеновтың өмірі  өнегеге  толы. Ол  1931 жылы  12 сәуірде  Еңбекші ауданына (қазіргі Теректі) қарасты Шалқар ауылында  Молдамұраттың  шаңырағында  дүниеге  келді.

Кейін Шалқар  ауылдық  мектебінде  төрт  сыныптық  білім  алып,  колхоз  жұмысына  ерте  араласады.  Есейген  шағында  тағдыр  тауқыметіне  байланысты  Жымпиты  ауданындағы Жамбыл ауылына  қоныс  аударады. Тұрсынбек  аға  1950  жылы  Қалима  апай  екеуі шаңырақ  көтереді. Перзент  сүйіп, отбасылық өмірдің қызығына енді  ғана  кенелгенде, 1952 жылы  маусым айында Германияға  әскерге  алынады. Бреслау қаласында орналасқан Кимпленский  гарнизонының 162-полкінде кеңес  әскерлерінің құрамында Отан алдындағы  борышын  өтейді.

Әскерге қабылданған уақыттан бастап Тұрсынбек аға «черный» деген лақап атпен танымал болады. Бастауыш сыныптан әрі қарай оқи алмай қалған Тұрсынбек ағаны алғашында көштің соңында қалған надан, жазу-сызу білмейтін сауатсыздар қатарына жатқызып, әскерлік өмірде шеттету көп болған. Орысша сөйлей алмаса да, көп ұзамай орыс тілін  түсініп, өзінің еңбекқорлығымен, он саусағынан іс келетін шеберлігімен таныла бастайды. Әскерлердің арасында  шаштараз,  фотограф  болған.

Қабілеті мол Тұрсынбек ағаның ізденісін байқаған офицерлер алғашында оны ұшқыш оқуына жібермекші болып, кейіннен оған қысқа мерзімді «Армейский мастерской» курсына жолдама береді. Германияда жүріп, өз арманы болған мамандығы механизаторлық қабілетін көрсетеді. Орыс танкісінің ату зеңбірегіне ауа мен сұйықтық айдауға арналған насос құрылғысын ойлап шығарады.

Қазақша бесік үлгісінде жасалған құрылғысы ойдағыдай шығып, өнертапқыш ретінде офицерлердің ықыласына бөленеді. Техникадағы жаңалығы үшін ефрейтор шенін иеленіп, өнертапқыштық анықтамасы  беріледі.

1955 жылы Тұрсынбек аға оқуды аяқтап, әскердегі мерзімі де таяған тұста үш жылдан кейін ауылына қайта оралады. Еңбектің ақ жолында жүрген аға аяқ асты қатты науқастанып, 1973 жылы «Сарыағаш» сауықтыру орталығына жолдама алады. «Бұл мен үшін ұмытылмас сапар болды», – деп  еске  алады Тұрсынбек  аға.

«Сарыағаш» санаториясында халық қаһарманы Бауыржан Момышұлымен жүздесу сәті бұйырған. Қаумалаған қалың жұрт сол кезде Баукеңнің жанынан кеткісі жоқ. Екі қолың бірдей алып амандасқан жас жігітке бірден назары ауған Бауыржан Момышұлы кейіннен Тұрсынбек ағаға «Асанбек» есімін берген. Естелік суретке Бауыржан Момышұлы «Қазақстанның халық батыры» деп жазуды міндеттеген. Батырдың құрметіне қария бір немересінің есімін Бауыржан қояды, сол немересі қазіргі күні жергілікті әскери гарнизонда қызмет етуде.

Өнегелі ғұмыр иесі бүгінде сексеннің жетеуіне толып отыр. Жұбайы Қалима ана екеуі ұл-қыз өсіріп, тәрбиелеп, мәуелі бәйтеректей жайқалып тұр. Төрт ұл, алты қыз өсірген кейуана батыр ана атанды, Тұрсынбек аға да ерен еңбегі үшін талай марапатталған.

Қартайған шақтарында көз шырақтарынан айырылып, бір-біріне серік боп келе жатқан қария мен кейуанаға перзенттік жанашырлықты қызы Гаухар көрсетіп отыр. Жиырма алты жыл банк саласында қызмет еткен білікті маман ата-анасын қартайған шағында бағу үшін қызметтен босаған. Саналы ұрпақ тәрбиелеудің де өзі бір ерлік емес пе?!

Арайлым  ҒАНИ,

Сандуғаш  САҒИДУЛЛИЕВА,

М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың 4-курс студенттері


Алғыс арқалаған майор

Күні: , 53 рет оқылды

Отан қорғап қана қоймай, орын алған оқыс оқиға кезінде қауіпсіздік шараларын қолға алып, ерік-жігерін танытатын атпал азаматтар да бар. Осындай жанның бірі – ҚР Ұлттық  ұланының офицері,  майор Мамай  Ғұбашев.

Мамай Өтепбергенұлы өткен жылы  қызметте жүргенде жұбайы Айнабат өз-дері тұратын Орал қаласындағы Қ. Аманжолов көшесіндегі №141 үйдің төменгі қабатында пәтер жанып жатқанын айтып, хабарласады. Майор дереу үйіне  жетеді. Өрт сөндірушілер келгенше найзағай  қайтарғыш қондырғысы арқылы жанып жатқан пәтерге кіреді. Ол пәтерде құлағы нашар еститін үлкен кісі тұратын. Сол үйінде ұйықтап қалған шығар деп, жанұшыра жеткен еді. Құдай сақтап, ол кісі үйде болмай шықты. Мұндай жағдайда жедел іске кірісіп, құтқаруға ұмтылу кез келген ер-азаматтың борышы деп санайды кейіпкеріміз.

Әскери қызметкердің сын сағатта тосылмай, көмекке ұмтылғанына ризашылықтарын білдірген осы үйдің бірнеше тұрғыны ҚР Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшысы, генерал-майор Әлібек Серәлиевке алғыс айтып, хат  жолдаған екен.  Хатта «Мамай Ғұбашев секілді әскери қызметкерді  тәрбиелегеніңіз үшін шын жүректен алғыс айтамыз» делінген  сөз  бар.

Айта кетейік, Мамай Өтепбер-генұлы Ресейдің Волгоград қаласында дүниеге келді. 2005 жылы Петропавл қаласындағы жоғары әскери институтты бітірген. Ата-анасы бүгінде Жәнібек ауданының Талов ауылында тұрып жатыр. Отбасында әскери адам болмаса да, Мамай Өтепбергенұлы Отан қорғаушы мамандығын меңгеруді бала кезден армандаған екен. Бүгінде майор Мамай Ғұбашев «Батыс» өңірлік қолбасшылығының аутокөлік қызметінің басшысы. Ұлттық  ұланның Оралдағы, Ақтаудағы, Атырау-дағы, Ақтөбедегі әскери бөлімшелерінде түрлі басшылық қызметтер атқарған ол Отан алдындағы борышын өтеу жөніндегі жастардың ой-пікірі әр түрлі екенін айтады.

– 2014-2016 жылдары Ақтау қаласында 6656-әскери бөлімде бөлім командирінің орынбасары болдым. Сонда байқағаным, кейбір жастар әскери комиссариатқа келгенге дейін армияға барам деп құлшынып келеді де, соңынан қорқа бастай ма, әйтеуір айнып қалады.  Мәселен, Ақтауда жаздыгүні күн ерекше ыстық болады.  Сонысымен де өзге облыстардан ерекшеленеді. Әскери комиссариатқа келген жастардың бәріне өңірлердегі  осындай  табиғат  ерекшеліктері  жөнінде  алдын ала айтылады. Себебі бөлімге келгеннен кейін ыстыққа не суыққа шыдамаймын дейтін сарбаздар кездеседі.  Осындайды естігеннен кейін қорқақтап, әскерден теріс айналатындар кездесіп қалады. Керісінше, кейде әскери борышын өтеуге барғысы келіп тұрса да, бойы талапқа сай болмайтындар кездеседі. Денсаулығы жарамды болуымен қатар, өзіміздің ішкі ережеміз бойынша, бойдың 165 сантиметрден жоғары болуы да қадағаланады. Әрине, әскерге өзі сұранып, барғысы келетіндер де бар. Сондықтан да бозбалалардың әскерге баруына бар жағдайды қарастырамыз. Қазіргі жастардың кейбірі әскерге барудан қашады. «Уақытты босқа өткіземін, одан да оқу оқиын» деп ойлай ма екен деп топшылаймын. Тағы бір айта кететін жайт, кейбір жастар әскерге бара жатқанда, өздерінің бойындағы кейбір ауруларды айтпайды. Мысалы, қан қысымының ойнамалы екенін, есінен талып қалатындарын немесе бала кезде ота жасатқандарын жасырып қалады. Кейін әскерде жүрген кезде олар сыр бере бастайды, –  дейді  Мамай  Өтепбергенұлы.

Сымдай тартылған бойымен, сыртқы бейнесімен ерекше көзге түсетін әскерилердің қызметіне қызығатындар да аз емес. Алайда бұл қызметтің жауапкершілігі  екі  есе  жоғары.

– Отан-ана алдында ант беріп, әскери қызметке кірген адам қайратты, принципшіл болуымен қатар, жеке басымен де өзгелерге үлгі бола білуі қажет. Қатардағы сарбаздар командирінің білімі мен білігіне қарайды. Әскери өмірде адам мінезінің өзгеруінің бірнеше себебі  бар. Біріншіден, әскери мамандықты меңгеру оңай емес. Екіншіден, жауапкершілігі мол.

Ал адам бойындағы қасиеттер негізінен бала кезден алған тәрбиеге, отбасы жағдайына байланысты деп ойлаймын. Отағасы  әскери адам болса, зайыбы  оған қашан да қолдау білдіріп, жұмысына кедергі болмауы керек. Менің жарым Айнабат Әлібекқызы әу бастан-ақ менің қызмет  бабыма, көшіп-қонып жүретіндігімізге түсіністікпен қарады.  Ержеткен соң, балаларым әскери адам боламын десе қарсы болмаймын, егер бұл мамандықты қаламаса, онда әскерге міндетті түрде барады. Ер  бала тәрбиесінде әкенің рөлі зор. Сол себепті отағасы бала тәрбиесіне көп көңіл бөлгені  жөн, –  дейді  Мамай  Ғұбашев.

Ясипа  РАБАЕВА


Елдің рухын ер көтереді

Күні: , 62 рет оқылды

Биылғы наурыз-маусым айларында ҚР Қорғаныс министрлігі 1991-2000 жылдары аралығында туған 17 мыңнан астам азаматты әскерге шақыруды жоспарлаған. Біздің облыстан әскерге шақырудың алғашқы кезеңінде 800-ге жуық әскери міндетті азаматтық борышын өтеуге аттанады. Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастығының орынбасары, келісімшарт бойынша жинақтау және шақыру басқармасының бастығы, подполковник Ардақ Құмаровтың мәліметінше, бүгінге дейін 200-ге жуық адам еліміздегі әскери құрылымдарға жіберілген.

Облыс бойынша 18 бен 27 жас аралығында 5 мыңнан астам жігіт әскерге шақыруға жататындар есебінде тұр. Аудандарда әскери тіркеуге алынғандар медициналық куәландыратын комиссия қорытынды-сын алған соң, облыстық жинақтау пунктіне келеді. Әскерге шақырылушылардың денсаулығы тағы тексеріледі және толықтай психологиялық  тестілеуден  өтеді.

– Әскерге шақырылушылардың арасында салмақтың жетіспеушілігі, қан қысымы, майтабан, жүрек-қан тамыры ауруы, көру қабілетінің нашарлығы жиі кездеседі. Жастардың көбі дене шынықтырумен айналыспайды. Смартфонға әуес.  Қазіргі кезде әскерге барудан жалтару жайы ішінара кездесіп жатады. Ондай кезде ерте ескертеміз. Себебі заң қатал. ҚР Қылмыстық кодексінің 387-бабына сәйкес, әскери қызметтен заңды босатуға негіздер болмаған жағдайда, шақырту учаскелеріне келмегендерге 1 мың айлық есептік көрсеткіш, ал денсаулығына қасақана зиян келтіріп, жалған құжат жасап, көзбояушылыққа барғандарға 3 мың АЕК көлеміндегі айыппұл салынудан бас бостандығына айыруға дейінгі жаза түрлері тағайындалған. Айта кетейін, биылғы бір АЕК құны – 2405 теңге.   Облыста  бұл бапқа қатысты дерек тіркелмеді. Соңғы жылдары 40 күн ақылы негізде әскери резервке дайындалатындар саны азайған. Себебі оған қабылданатындардың жасы 24-тен асуы тиіс, – деді подполковник Ардақ Құмаров.

Оның сөзінше, аудандардағы медициналық комиссияның құрамына арнайы білімі бар дәрігер мамандар енген. Дегенмен Бөкей ордасы, Зеленов, Шыңғырлау аудандары орталықтарында әскерге шақырту пунктіне ғимарат салу мәселесі өзекті күйінде тұр. Бөрліде ғимарат салуға жергілікті бюджеттен қаражат бөлу қарастырылуда. Көктемгі әскери қызмет шақыру науқанында Бөкей ордасы, Теректі, Шыңғырлау аудандарындағы тіркеу комиссиялары ерекше белсенді. Құмаровтың дерегіне сүйенсек, Орал қаласындағы әскерге шақырылушылар облыстан армияға аттанғандардың 30-дан астам пайызын құрайды.

Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының тәрбие және идеология жөніндегі орынбасары, подполковник Мұратбек Сәрсенғалиевтың айтуынша, Отан қорғау ісіне балаларды оқушы күнінен тәрбиелеу аса маңызды. Сондықтан департамент қызметкерлері мектептер мен колледждердегі және жоғары оқу орындарындағы кездесулерге жиі қатысады. Подполковник, әсіресе, әскери-патриоттық клубтардың жұмысын жүйелеу керектігін айтады. Оралда әскери клубтар баршылық. Бірақ қоғамдық негізде қызмет ететіндіктен, клуб жетекшілігіне баратын мамандардың тұрақтауы қиынға соғуда. Сондықтан мектептердегі алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімдеріне арнайы сағат бөлінсе, әскери-патриоттық тәрбие беру жандана түсер еді деп есептейді.

– Батыр бабаларымыздың ерлік дәстүрі ұрпақтар сабақтастығының өзегіне айналуы тиіс. Біздің тарихымыз кемел. Ғасырлар қойнауында аңыз болып қалған таңғажайып оқиғалар, аламан ұрыстар туралы дерек жеткілікті. Жерімізге көз алартқан дұшпан әскері келгенде қазақ жауынгерлері «Сен тұр, мен атайын»  деп ерлік ісіне бел буып, жекпе-жекке шығу үшін қасқайып даяр тұратын. Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен ел қорғаған батырларымыздың жорықты жолы, даңқты ізі өшпеді. «Белдескеннің белін сындыр, тірескеннің тізесін бүктір. Қайратыңа әдісіңді жолдас ет, әдісіңе ақылыңды жолдас ет» деген Бауыржан Момышұлы секілді аптал азаматтар ерлік дәстүрін жалғады. Олардың рухы әлі күнге өр кейіпте үн қатқандай. Жастарымыздың жігерін ширатып, еңсесін биік ұстау үшін әскери саланың сын-тезінен өткізген дұрыс. Бала тәрбиесі отбасынан басталады. «Ұл әкеге қарап оқ жонады». Ата-ана балаларына ел қорғауды, тәуелсіздік туын қастерлеуді ерте үйреткендері жөн. Бір жағынан, мектептегі тәрбиелік шаралар қайнап жатуы тиіс. Қорғаныс саласының мамандары да әскери-патриоттық тәрбие беру ісіне атсалысуға әр кез даяр. Сала ардагерлерімен кездесу, қаладағы әскери құрылымдар базаларында өтетін «Ашық есік» күніне қатыстыру, музей жәдігерлерін көрсету, мәдени ескерткіштер тарихын баяндау балалардың ой-санасын шыңдайды. Ел тірегі болатын ердің рухын ояту осыдан басталады. Рухани жаңғыру деген асыл ұғым осындай қастерлі істермен ұштасады, – деді Мұратбек Сәрсенғалиев.

Подполковник алдағы уақытта «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиыны аясында өтетін халықаралық деңгейдегі әскери-қолданбалы сайыс түрлеріне дайындық жүргізіліп жатқанын хабарлады. Былтыр 17 команда арасынан батысқазақстандық құрама арқан тартудан екінші орын алған. Жекелей сында Зеленов ауданы Белес ауылындағы мектептің оқушысы Ерген Кенжеғали әскерилендірілген кростан І орын иеленген. Әскери жиында зияткерлік ойындар мен робот техникасынан да байқау өткен. «Айбынның» аясы жыл сайын кеңеюде. Оған көршілес мемлекеттерден де командаларды кеңінен қатыстыру көзделуде.

Соңғы жылдары жергілікті әскери құрылым өкілдері тарапынан Оралдағы мектептің біреуінен әскери сынып ашу идеясы қозғалғанын естіп едік. Мұратбек Сәрсенғалиев хабардар. Орал қаласындағы №25 мектепте әскери сынып ашу жайы талқыланғанын, әзірше оған тиісті қаражат бөлу жағы қарастырылып жатқанын айтты.

Мектептерде әскери оқу орындарына түсуге үгіт-насихат жұмысы жүргізілуде. Еліміздегі әскери оқу орындарына түлектеріміз жиі түсіп, әскери салада еңбек етіп жүргендер жетерлік. Әскери қызмет дененің мығым болуын, айбындылықты ғана қажет етпейді. Білімге құштар болудың да мәні зор. «Талапты ерге нұр жауар» деп қазақ халқы бекер айтпаған. Биылғы сәуір айында Алматы қаласындағы радиоэлек-троника және байланыс әскери-инженерлік институтының базасында ТМД мемлекеттері ЖОО-ларының курсанттары арасында математика пәнінен IV халықаралық сайыс өтті. ТМД мемлекеттері қорғаныс министрлері кеңесінің жетекшілігімен өткен олимпиаданың мақсаты – әскери мамандарды сапалы даярлау, ғылыми-шығармашылық қабілетін арттыру, әскери оқу орындары арасындағы бәсекелестікті арттыру. Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты командасы атынан курсант Райбек Жасұланов сайыстың шешуші кезеңінде сынға түсіп, қазақстандық курсанттардың IV халықаралық олимпиадада  екінші орынға қол жеткізуіне серпін берді. «Команда капитаны Райбек Биманұлы – Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданындағы Абай атындағы мектеп-гимназияның түлегі. Білімге құштар ұланды тәрбиелеген гимназия ұжымы мен  ата-анасына алғыс айтамыз. Курсант әскери тәртіпке берік, оқуда озат, өнерде белсенді, қатарластарына үлгі. Әскери институт ұжымы Райбектің антына адал, Қазақстан  армиясының абыройын асқақтатар офицер болатынына сенімді», – деп жазылған институт басшылығы атынан облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментке жолдаған алғысхатта.

Білімді де білекті ұлдарды тәрбиелеу – заман талабы. Қазіргі уақытта облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент Ақтау қаласындағы ҚР әскери-теңіз күштері құрылымына сарбаздар жинауға қызу кіріскен. Жақында отызға тарта батысқазақстандық ұлан Каспий жағалауында әскери міндетін өтеп келген. Ақтаудағы әскери-теңіз күштері 29011-әскери бөлімінің аға офицері, майор Жанар Сейтпеева әскерге шақырылушыларды іріктеуге бір жұмаға келіпті.

– Әскери-теңіз күштері қатарына техникалық білім алған жастарды аламыз. Себебі әскери кемені басқаратындықтан, штаб базасында үш ай бойына түрлі мамандыққа оқытып аламыз және әскери жаттығудан өтеді. Олардың казармадағы жағдайы біздің бақылауда. Олардың құқықтары қорғауын қадағалаймыз. Тіпті кейде анасындай қамқорлаймыз. БҚО қорғаныс істері жөніндегі департаментпен тығыз байланыстамыз. Биыл Оралдан 35 ұланды іріктеп алмақпыз. Қазіргі уақытта ата-аналарымен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізудемін. Каспийде Оралдағы «Зенит» зауытынан шыққан әскери кемелер ел қауіпсіздігін қорғауға үлкен себі тиюде екенін білгенде ертең олар мақтан тұтатын болады, – деді Ақтаудан келген Жанар Сейтпеева.

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ


Жауынгер еді ұстазым…

Күні: , 64 рет оқылды

Әлеуметтік  желідегі  поштама  түскен  xаттардың  ішінде  «Апа, мен  Разиолла  Қажығалиевтің  қызымын,  қалай  xабарласуға  болады?» деген  жазбаға  көзім  түсті  де,  дереу  жауап  бердім.  Хабарласқанда «Әкем  туралы  мақала  жаздырайын  деп  едім, 9 мамыр  жақын  қалды   ғой…»  деді  мұңды  үнмен.  Кездесуге  келістік.

Уақыт жете ме дүнияда, сөйлесуге мұрша жоқ, қолыма қомақты қоржынды (пакет қой) ұстатты. Сол сәтте жүзінен бір марқа мақтаныш ізі жүгіріп өткендей болды. Қалған сұрақтарды сосын телефонмен сұрап алармын деп келістім. Үйге келген соң қоржын да, ұйқы да шайдай ашылды. Тағдыр тұр бір ғана сөмкеге сыйып. Бізге география сабағын оқытқан Разиолла мұғалімнің біз білмейтін, өзі ешқашан әңгімелемеген тағдыры…

Әскери билет бастаған бір буда құжаттардан соғыс иісі, дұрысы оқ-дәрінің иісі әлі шығып тұрғандай. Сырын ішке бүккен тағдыр әр жерден бір шаңытып, қылаң беріп өтеді. Ол 1925 жылдың 16 тамыз күні Ресейдің Александр Гай ауданында дүниеге келіпті.

Әкесі 1927 жылы  қайтыс болған. Алтыншы кластан соң Фурманов педучилищесінің әзірлік курсының тыңдаушысы болған. Одан кейін Қарағандының Балқашынан бір-ақ шығып, мыс қорыту заводында слесарь болып жұмыс жасаған. Шамасы, ФЗО-ға ілігіп кеткен болуы керек. Кейін 1941 жылы Орал педагогикалық институтына оқуға түскенде соғыс басталады. Жасы он сегізге толуға дәл үш ай қалғанда, яғни 1943 жылдың мамыр айында Қарағанды облысы, Балқаш ауданының әскери комиссариатынан соғысқа аттанады. 1944 жылы, Разиолла аға соғыста  жүргенде анасы  қайтыс  болады.

…Мұғалімнің осал жауынгер болмағанын сарғайған құжаттар жарыса баяндайды. Пулеметші, барлаушы, барлаушылар отрядының командирі, взвод командирі, батальон командирі… Жиырмаға да толмаған балаң жігітті соғыстың қалай ысқаны көрініп-ақ  тұр. Үш рет жараланған, 1944 жылы ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденін,

1945 жылы соғыс бітуге екі ай қалғанда «Қызыл Жұлдыз» орденін алған. Медальдар тізбегі жазып  кетсең,  тіпті  көпке  жетеді…

Әскерден 1950 жылы бір-ақ босаған. Еңбек жолдары да қызық болған сияқты. Бірден Фурманов аудандық білім бөлімінде екі жыл инспектор болады. Содан кейін Орал пединститутында бес жыл оқып, диплом алып шығады да, екі жыл Жамбыл облыстық білім бөлімінде инспекторлық қызмет атқарады (ол кезде жолдамамен жіберетін «отработка» деген бар ғой). Одан да елге қайтып келеді. Сол келгеннен зейнетке шыққанша Көктерек орта мектебінде еңбек етті. Әскери дайындық пен географиядан сабақ беретін. «ҚР халық ағарту ісінің озық қызметкері» атағын 1973 жылы алған.

Ал  партияға 1962 жылы ғана кірген. Ол кезде соғыста шайқас алдында топ-тобымен партияға өткізген емес пе жауынгерлерді? Осыған қарап, «ұстазым тумай жатып теперіш көрген емес пе екен» деген ой келеді. Қарасам, аты-жөні де ептеп сыр шертетіндей.  Қажығалиев Разиолла! Тегін ат емес қой. Ресейге жер аударылды ма екен, әлде өздері ауа көшті ме екен… Және бір қызығы, жолдасы  Қара Мөңкенің (Мұрат Мөңкеұлының) ұрпағы болып шықты…

…Ол кісі өзі туралы да, соғыс туралы да ештеңе айтпайтын. Жеңіс күнінде де орден-медальдарын кеудесіне топырлатып тағып шыққанын мүлде көргенім жоқ. Тек қана орден-медальдарының планкілерін ғана тағатын, қатарқатар қылып. Өте жылы, біртүрлі жылы адам болатын. Соғыс туралы сұрасаң, жауап бермей, түсі бұзылып, жылағысы келіп кететін.

«Сендер ондайды көрмеңдер!» дейтін тек қана. Географияның майын тамызатын. Украина, Польшаны айтқанда, картаны шұқып тұрып, аумағын көрсетіп, «мына жерлерді біз табанымызбен басып өттік» дейтін. Оның географиясы ылғи тариxпен байланысып жататын. Германияның саясаты, соғыс жоспары, қай жерге дейін келгені, қалай шегініп, қалай күйрегені туралы жұдырығын түйіп, құлашын жайып құшырлана түсіндіретін. Сосын «Берлинде соғыс солай аяқталды!»  дейтін. Мейірімді көздері сұстанып кететін ондайда. Бірақ өзінің бастан кешкендері туралы, сол Берлинді алушылардың бірі өзі болғаны, сол шайқаста соңғы жарақатын алғаны туралы, тіпті ең болмаса, әскерде жеті жыл жүргені туралы да бәрібір тіс жармайтын. Жүрегінің тұсын сипалап жіберетін сұрақ қоя бастасақ. Қабағы еріксіз жиырылып кететін сосын. «Контузия алған» деп ұлдар қатты сыйлап та, «қолы қатты» деп ығысып та жүретін. Кім біледі, ішінде қандай құпиялар

кеткенін… Олай да бұлай лақтырған тарпаң тағдырдан аман қалғанына тәубе етіп, енді еске ал-мауға тырысқан ішкі қорғанысы ма…, әлде бір өкініш-нала ма, әйтеуір жанарының ар жағында бір тамшы жас іркіліп тұратындай сезілетін. Жан жарасы деген сол ма екен әлде? Қан көргеннен шошынған, ыршыған бозбала-көңіл сол күйі жылады да жүрді ме  екен өмір  бойы.

Биік екенсіз-ау, Ұстаз! Пенделіктен ада, мақтаннан аман, даңғойлықтан тыс, жәй ғана бейбіт күннің бағасын білетін азамат болатынсыз.

…Соғыстан қайтқан солдаттардай қарауытқан орден-медальдарыңызды көргенде жылап жібердім. Мүмкін, жанарыңыздан ақыры төгілмей кеткен Сіздің көз жасыңыз шығар бұл.

Болар-болмас «сылдырмақтарымызды» кеудемізге тағып, «батыр да біз, ер де біз» бола қалатынымыз есіме түсіп, ұялып кеттім. Сондайды алуға құмартып, таласып, қырылып жататынымыз тағы бар-ау…

Маяктар – Сіздер екенсіздер  ғой, қарап тұрсам, мына лағып  бара жатқан біздерге тағы бір сабақ  беріп кетіңіздерші, Мұғалім… 9  мамыр  келе  жатыр.

Дариға   МҰШТАНОВА,

Көктерек   ауылы,

Қазталов   ауданы


Жас мамандарға сұраныс бар

Күні: , 67 рет оқылды

Жуырда Орал қалалық халықты жұмыспен қамту орталығы мен облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының бірлесіп  ұйымдастыруымен «Жастарға жұмыс!»  бос орындар жәрмеңкесі өтті.

Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында өткен жәрмеңке жоғары және арнаулы орта оқу орындарын бітіруші түлектерге, жұмыссыз жастарға және өзге де санаттағы жастарға арналды.

Шара барысында «Дипломмен ауылға», «Жастар тәжірибесі» бағдарламалары, кәсіп ашу, тұрғын үйге қол жеткізу мүмкіндіктері, электрондық еңбек биржасы жөнінде тегін кеңес беру бұрыштары  да  жұмыс  жасады.

– Жәрмеңкеге қала бойынша шақырылған 45-ке жуық жұмыс беруші 300-ге тарта бос жұмыс орнын ұсынды. Сонымен қатар аудандардан да 200-ге жуық вакансия бар. Жәрмеңке қорытындысы екі-үш аптадан кейін белгілі болады. Жалпы, жәрмеңке арқылы жұмыссыздардың шамамен 30-40 пайызы жұмысқа орналасады. Тұрғындардың кейбірі жалақы мөлшеріне мән береді, кейбірі жұмыстың өзіне ыңғайлы уақыты болғанын қарастырады. Әр адамның талғамы әр түрлі. Жалпы айта кетсек,  біздің орталыққа жыл басынан бері  2764 адам жұмыс мәселесі бойынша жолықты. Соның 1686-сы мемлекеттік қолдау  шараларына қатысты. Нәтижесінде 287 адам жастар практикасына, ал 783 адам тұрақты жұмысқа орналасты. 506 адам қоғамдық жұмысқа алынып, 48 адам кәсіптік оқытуға жолданып, 62 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілді, – деді Орал қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының сектор меңгерушісі Нұржан Аткешов. Оның айтуынша, бұдан басқа да жоғары және арнаулы орта оқу орындарының бітірушілеріне, «Шаңырақ» жасөспірімдер үйінің тәрбиеленушілеріне арналған жәрмеңкелер өтіп келеді. Бос жұмыс орнын ұсынған мекемелер арасында «IT Group Kazakhstan» компаниясы  да  болды.

– Сауда-саттық менеджері қызметіне жұмыс өтілі жоқ дипломды жастар да қабылданады. Экономист, қаржыгер мамандықтарында оқығандар, ең бастысы, оның бойында жұмыс жасауға деген ынта-жігер болу керек. Кеңсе менеджеріне де сондай жігерлі маман қажет. Маманның біліктілігін шыңдауға компания тарапынан барынша жағдай жасалады. Біздің мекеме мұндай жәрмеңкеге жиі қатысады. Компания кеңейіп келеді, сондықтан көптеген маман қажет, – дейді компанияның сауда-саттық бөлімінің жетекшісі Маргарита  Пахирева.

«Шапағат» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына невропатолог, психиатр, ортопед, педиатр дәрігерлер, массажист қажет екен.

– Біздің мекемеде көбінесе дәрігерлер тапшы. Мұндай жәрмеңкенің жиі болғаны дұрыс деп есептеймін. Орталықта осындай жәрмеңке арқылы тұрақты жұмысқа орналасқандар бар. «Шапағатта» ерекше балаларға қызмет көрсетілетіндіктен, негізінен жұмыс өтілі бар мамандар қажет. Көбінесе мамандар  келгенмен, мұндағы  жұмыстың ауырлығына шыдамай, кетіп қалып жатады, – дейді орталықтың кадр бөлімінің инспекторы міндетін атқарушы Әсел  Габдуллина.

Бұл биыл жоспарланған алты жәрмеңкенің екіншісі. Бос жұмыс орындарын ұсынатын келесі жәрмеңке кеңейтілген түрде маусым айында өтпек.

Ясипа  РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»


Зердені жаңғыртқан конференция

Күні: , 59 рет оқылды

Биылғы  Ұлы  Жеңіс  күнін  Ақжайық ауданының  жұрты  әдеттегіден  аса бай,  мәнді  іс-шаралармен  қарсылауда.  1945-тің  9  мамыры  бізден  алыстаған  сайын,  оның   шұғыласы әлдеқайда жарқырай  түскендіктен шығар  бұл. Осы  топырақтан  түлеп ұшқан, қазіргі  Жамбыл  ауылдық округінде дүниеге келген  Кеңес  Одағының  Батыры  Михаил  (Бимағанбет)  Абдоловтың 100  жылдығының  дүбірі  тіпті  алысқа жаңғырып,  үлкен  ауданның  тынысына  айрықша  ажар  әкелуде. Мереке қарсаңында  аудан  орталығы  Чапаевта  хас  батырдың  мерейтойына  байланысты өткен облыстық  «Ерлік – елге  мұра,  ұрпаққа ұран!»  атты  конференция  Ұлы  Жеңіс  Отанымыз  үшін  қуатты құндылық  екенін  әбден  әйгіледі.

Бүгінде әлемде қиыншылық, жаңа сын-қатер аз емес. Демек, тәуелсіз жас мемлекетіміздің тұғырын нығайта түсуге тиіспіз. Осы орайда бізге әйгілі барлаушы болған М. Абдоловтай баһадүрлердің ерлік жолы, еңбек жолы нағыз өнеге мектебі болып табылады. Аталған конференцияға облыстың жер-жерінен келген ардагерлер кеңестерінің, басқа да ұйым, еңбек ұжымдары өкілдерінің алдында сөз сөйлеген аудан әкімі Әділ Жоламанов осы хақында баяндады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы елжандылық, патриоттық дәстүрге, тәрбиеге тың талаптарды көлденең тартты. Ендеше, абыздарымыздың, аңыздарымыздың, асылдарымыздың өр рухын бойға дарытып, талай зұлматты бастан кешсе де, елдік мұраттан жаңылмаған ата-бабаларымыз аманатына адалдық танытуға тиіспіз», – деді  әкім.

Батырдың өлген күні бола ма?

Экраннан осыдан бірнеше жыл бұрын түсірілген бейнебаян Бимағанбет баһадүрмен қауыштырды. Ол тап қазір де арамызда жүргендей-ау… «Соғыста мен намысты бастан-аяқ естен шығармадым. Барлаушы ретінде барлық тапсырманы орындадым. Орындамаған кезім жоқ», – деп қаршығадай қомдана түсіп, шегелеп сөз саптайды.

Айтулы басқосуда 1938 жылдан Қызыл Армия қатарында және Ұлы Отан соғысында бастан-аяқ болған, әлденеше жарақат алса да мұқалдамай, тіршілікті жалмағысы келген зұлымдыққа арыстандай ақырып қарсы тұрған қаһарманның қуатты рухы есті. Бұл күшті ол Ұлы даласынан, дана бабаларынан алды. Брянск ормандары арқылы 78-атқыштар дивизиясы сапындағы жорықтар, Можайск тасжолы бойындағы әйгілі шайқастар, ІІІ Украин майданында, Орлов маңындағы жан алып, жан берісу… Кейін 74-атқыштар дивизиясы барлаушылар ротасы барлаушылар бөлімшесінің командирі Абдоловтың ерлігі тіпті алысқа естілді. 1944-тің 7 қарашасына қараған түні Дунай өзенінің оң жағалауындағы жау плацдармын барлап және басып алу жөнінде шұғыл тапсырма таптұйнақтай орындалды. Дұшпанның 12 сарбазы мен унтер-офицерін тұтқындайды. Бағалы «тіл» болып табылатын бұларды және құжаттарды сол жағалауға жеткізіп, одан әрі тағы арғы бетте екінші тапсырманы орындады. Яғни, біздікілер оң жағалауға толық өткенше жауды кідірте тұрып, әлденеше мықты қаруын құртты. Командирдің өзі сүйікті «ППШ-сымен» 11 фашисті жайратып, тағы төртеуін қолға түсірді.

Конференцияда сөз алғандар М. Абдоловтың жаудың төрт ұшағын, қару-жарақ қоймасын жоюдағы ерліктерін де әсерлі әңгімелеп, отаншылдық туралы ой-толғамдарын ортаға салды. БҚО ҚХА төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов бұл үлкен шараға облыс әкімі Алтай Көлгіновтің сәлемін, тілегін жеткізе тұрып, Қазақстан халқы ассамблеясы жүргізіп отырған Ұлы Отан соғысындағы халық ерлігіне қатысты ізденісті, яғни осы күнге дейін белгісіз болып келген қаһармандарды, боздақтарды анықтау жөнінде жұмыстар аз емесін айтты. Ол жастар тәрбиесіне зор ықпалы тиер істерді әлде де жандандыру қажеттігіне де тоқталды. Мысалы, мектептерде патриоттық тәрбие клубтарының жұмысын биік деңгейге көтерген абзал. Жастарды әскер қатарына салтанатты түрде шығарып салып, қарсылауды да неге әсерлі, тебіреністі ұйымдастырмасқа?

Атажұртты сағынып, Ұлы Жеңіспен жеткен батыр ауылдық кеңестің төрағалығында, кейін тұтыну кооперациясында жауапты қызметте жасады. Жоқ-жітікке барынша пана болды. Өрімдей кезінен қыр төсінде мал баққан әке-шешесіне көмектесіп өскен ол бірер жылдан соң кеңседен гөрі сайын даланы қалап, малшылыққа бет бұрды. Өзіне аудан, облыс орталықтарында тұруға ұсыныстан да бас тартты. Неге? Өйткені, атамекеннен, оның ерке самалынан аулақтауды ойына да алмады. Конференция мінберінен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзағали Мұхамбетов, БҚО қорғаныс істері жөніндегі департамент басқармасының басшысы Мақсат Мұқанов, Ақжайық ауданының құрметті азаматы Ғилаж Лұқпанов, еңбек ардагерлері Дәулетжан Жақсыбаев, Станислав Ложкин, Меңсұлу Жұматова және Чапаевтағы Абай атындағы мектеп-гимназияның ұстазы Биман Өтебаевтың естеліктерінен, М. Әуезов атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Әсемгүл Жұмаеваның шығармасынан жиналғандар  осыған  көз  жеткізді.

Ауданда осыған дейін ауыл-ауылдың шежіресіне, айтулы тұлғаларға, Ұлы Отан соғысына қатысушыларға арналып әлденеше басылым шығарылды. Ұл-қыздарды майдан мен тылдағы қаһармандық тақырыбындағы шығармаларды оқып-үйренуге баулу назардан ешқашан түспейді. Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің осындай басылымдарды кеңінен насихаттайтын кино-бук жобасы ауылдарға танымал болуда. Бұл жоба бойынша деректі жинақтамада айталық, белгілі ақын Айтқали Нәріковтің (Орал) М. Абдоловтың жорық жолдары туралы көлемді очеркі де енген «Жайықтың жарық жұлдыздары» атты кітабы бар. Автор Ұлы Жеңіс сарбаздарына арналған келесі кітабымен жұмыстанып жүргенін конференцияда әңгімелеп берді.

Аудан Алаш қозғалысының 100 жылдығына «Ақжайықтағы Алаш іздері», «Ақжайықтық Алаш арыстары» атты кітаптарды да шығарды. Осының бәрі жас ұрпақ тәлім-тәрбиесінің әлеуетін еселеді.

Осындай істі қанаттандыру жөнінде жоспар да, мақсат та айқын. Жерлес ақын, ғалым, майдангер Сағынғали Сейітовтің 100 жылдығы да өткен күзде мән-мазмұнды өткізіліп, халықтың көңілін  бір  серпілтті.

Тарихшы-журналист, Жәнібек аудандық «Шұғыла» газетінің редакторы Ахмедияр Батырхановтың ІІ дүниежүзілік соғысқа байланысты індете зерттейтін жайттар жетіп жатқанын жанды мысалдармен әңгімелеуі конференцияға қатысушыларды ерекше толқытты. Иә, кезінде ізделмей, іздесе де титтей дерегі табылмай кеткендер қаншама… Батырханов 2010 жылы шыққан «Жаралы жылдар жаңғырығы» атты кітабында, сондай-ақ баспасөздегі мақалаларында көптеген жайтты қамтып, соғыста хабарсыз кеткендерді, боздақтарды Ресей Қорғаныс министрлігінің орталық архиві арқылы анықтауынан еліміздің біраз жеріндегі әулеттердің күрсінісін сейілтті. Ол зерттеуін үзбей жалғастырып келеді. Бұрын-соңды айтылмаған 17 қазақ ұшқышы немесе Кеңес Одағының Батыры атағына, үлкен наградаларға ұсынылып, бірақ соны ала алмай қалғандар туралы оның қолында мәліметтер аз емес. Иә болмаса, тек осы Ақжайық ауданынан майданға аттанып, дұшпан тұтқынында болған, сүйектері жат жерде қалған 26 сарбаз жайында дерек жинастырған. Тек төрт жылмен шектелмейтін Ұлы Отан соғысының ашылмаған аралдары, құпиясы аз ба деңіз.

Шара Жайықтың жағасында, жасыл желек қойнауында жалғасты. Мұнда ақжайықтық көркемөнерпаздардың сахналық қойылымдары, ән-жыры өрлікпен өрілген сонау отты кезеңді жаңғыртты. М. Абдоловтың 100 жылдығына арналған ерлік сабақтары, зерде сағаттары ауданда жалғасу  үстінде.

Болат  ЕСҚАЛИЕВ,

Ақжайық  ауданы


Диқандар көктемгі егісті жақсы көңіл күймен бастауда

Күні: , 51 рет оқылды

Бейсенбі  күні  облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов  жұмыс  сапарымен  Зеленов  ауданында  болып,  аудандағы  мал  және  егін  шаруашылығымен  айналысатын  бірқатар  шаруа  қожалықтарының  өкілдерімен  кездесіп,  саланың  өзекті  мәселелерін  талқылады.

Атап айтқанда, басқосуда мал өсіру үшін жағдайды жақсарту, жайылымдардың тұрақты басқаруын қамтамасыз ету, малды түрлі ауруларға қарсы егетін дәрі-дәрмекпен уақтылы қамтамасыз ету, өңірде асыл тұқымды мал шаруашылығы орталығын құру секілді мәселелер талқыланды.

Шаруалармен өткен жиында бес жылға арналған өңірдегі мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын әзірлеу туралы ұсыныс айтылды. Облыс әкімі ауыл шаруашылығы саласының даму деңгейі өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігі мен агроөнеркәсіп өнімдерінің әлемдік экспорт нарығына шығуына байланысты екенін атап өтті.

–  «Өңірдегі ауыл шаруашылығы саласы тұрақты өсім көрсетуде. Бұл облыс экономикасының  негізгі драйверлерінің біріне айналды. Біз нарықтағы жергілікті өнім көлемін және оның сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүдделіміз. Бұл бағытта мемлекет тарапынан осы салаға жан-жақты қолдау жалғасын табады, – деді Алтай  Сейдірұлы.

Сапар барысында облыс әкімі «Перспектива КАН» ЖШС-на барып, компанияның өндірістік базасымен, «Раздолье» ЖШС-ның егіс алқаптарының көктемгі егіс жұмыстарының барысымен танысты.

Айта кетейік, көп жыл бойы құрылыс жұмыстарымен шұғылданатын «Перспектива КАН» ЖШС 2016 жылы асыл тұқымды мал өсіруге бет бұрған болатын. Екі жыл ішінде қожалық игілігіндегі ен далада 500 бас ірі қара малын бордақылауға арналған кешен, көгілдір отын, электр жарығы, ауыз сумен қамтылған жұмысшыларға арналған екі пәтерлі тұрғын үй бой көтерді. Бордақылау кешені келер жылы толық қуатта жұмыс жасамақшы. Барлық құрылыс жұмысы серіктестіктің өз қаржысы есебінен салынуда. Бүгінгі таңда кешенде 200 бас қазақтың ақбас тұқымды аналық малы бапталуда. Серіктестік басшысы Нұрлан Карин жыл соңына дейін асыл тұқымды мал басын тағы да 150-200 басқа арттыруды жоспарлап отыр. Қожалыққа  асыл малды көбейткені үшін мемлекет тарапынан 31 миллион теңгеге  жуық  демеуқаржы  төленген.

Жұмыс сапары барысында облыс әкімі жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесіп, облыстың аграрлық секторын дамыту мәселелерін талқылады. Алқапта басқосқан шаруалар жанар-жағармаймен толық қамтылғандығын, көктемгі егіс жұмыстарын құлшына жақсы көңіл күймен бастап жатқандықтарын айтты.

М. НИКОЛАЕВ,

Зеленов  ауданы


«Мұңаймаңыз, Мақсот аға…»

Күні: , 179 рет оқылды

Редакциядағы  бөлмемізге  егде  жастағы  қария  кіріп  келді. Орта бойлы,  қаршыға  денелі,  қара  торы.  Жасына  қарамастан, қимыл-қозғалысы  ширақ. Амандық-саулықтан  соң  жақынырақ таныстық.

«Жұбан  еліненмін,  Өлеңтіденмін!» «Өлеңтіден»  деген сөзді  ерекше  әуезбен  айтты. Мақтанышы  да  сезілмей  қалған жоқ.  Сөйлесіп  отырып,  адамға  шүйіле  қарап  алатыны  қызық көрінді. Кеңес халқының ішінде  қазағымыз  да  бар  ғой,  тілмен айтып  жеткізе  алмас  традегиясы – Ұлы  Отан  соғысынан  11 жыл бұрын,  яғни  1930  жылы дүниеге  келіпті.  Былайша  айтқанда, Мақсот  Шәкімов  бала  күнінен бастап  соғыс  кезіндегі  барлық қиямет-қайымды  сол  кездің  жеткіншектері  сияқты  үлкендермен бірдей  бөлісіпті.  Есейгесін  трактор  тізгіндепті,  машина айдапты. Машина  дегеннен  шығады,  кейін  «Өлеңті» совхозының  директоры  Тәтібай  Сұлтанғалиевтің  ат  қосшысы  (шопыры)  болып,  біраз  жыл  қасында  жүрген. Директор  Тәкең  Жұбан  ақынның  жанына  жақын  көрген  достарының  бірі  ғой.  Мақсот  ағамыздың:  «Жұбан  елінен,  Өлеңтіден»  деп  әуездетуі  сондықтан.  Жұбан  ағамызды  қарсылап алып, шығарып  салып дегендей, ақынмен талай  кездескен.  Тіпті,  1962 жылы Жұбан  ақын  жанұясымен туған ауылына келіп  жатқанда екі  ай  қасында  жүріпті. Аңыз  ақын  туралы  әр кездескенінде  көрген-білгенін, естігенін  ұзақ  таңға  қиналмай айтуға  бар. Бірақ  бұл  жолында  редакцияға  мүлдем  басқа  шаруамен  келіпті.

Кешегі қанды қырғынға бір үйден үш ағасы бірдей қатысыпты. Солар жайлы әңгімелеп, реті келсе, газетке жариялағанды қош көреді. Сол ағаларының ішінде Бақытжан Ғатауов жайлы бір дерек шығып қала ма деп әлі күнге елеңдейді .

– Мен бәрін ретімен баяндайын, – деді мақсот ағамыз асықпай орындыққа жайғасып жатып. – Айтарымды мына дәптерге де түсіріп әкелгенмін. Бірақ жазуымды түсінбей қалуың әбден мүмкін, өз аузымнан айтайын, тыңдайтын уақытың болса. «Сізге уақыт таппағанда… Айтыңыз, айтыңыз…» дедік.

Иә, бұл сонау сұм  соғыстың мақсот ағамыздың жүрегіне соғыс  салып кеткен, мәңгі жазылмайтын  жарасы.

– 1940 жылы бір үйде 11 жан ғұмыр кешіп жатқанбыз. Өз әкем 1938 жылы қайтыс болып кеткен еді. Анамыз, екі аға-жеңгем, үлкен ағаның үш баласы, мен және апам мен інім бар. Бәріміз бір отбасы едік. Бәріміздің басшымыз ең үлкен аға – Ғатауолла (Ғатау), 1897 жылы туған. Екінші ағамыз Шәкімов Бектемір, ол 1920 жылы туған. Сосын Бақытжан, яғни үлкен ағамыз Ғатауолланың баласы 1924 жылғы еді. Осы қарайған 11 жан сиыр фермасын басқаратын Ғатау ағаммен, мұғалім Бектемір ағамыздың табысымен күн көріп жаттық. Мен мектепте оқимын. Шекеміз шылқып тұрмаса да біз өзімізше бақытты едік. Аштан өліп, көштен қалған жоқпыз. Бірақ біздің сол бақытты күндеріміз ұзаққа бармады ғой… Мен бастауыш мектепті бітірген, 1941 жылы дүние төңкеріліп, соғыс басталды. Осыдан бір жыл бұрын Бектемір ағай борышын өтеуге әскерге аттанған еді. Оны сол жақтан соғысқа алып кетті. Оқуымыз жайына қалды. 1942 жылы үлкен ағай Ғатауды баласы Бақытжанмен бірге майданға алып кетті. Бақытжан тәтем 7-класс бітіріп, колхозда жұмыс жасап жүрген еді ғой. Содан арада бір жыл өтті ме, өтпеді ме, 1943 жылы қазан айында тәтемнен қара қағаз келді. Онда «Ваш сын младший сержант Гатауов Бакиджан убит 12.Х.43 г. похоронен сев. окр. дер. Жеребная, Н. Белицкого района, Гомельской области.» делінген. Одан басқа Бақытжан ағамыз туралы ешқандай мәліметіміз болмады. Біз, ауылдың адамдары ағамызды қайдан, қалай іздейміз, қайда жазамыз, тіпті дұрыс білмей тұрмыз ба, әлде қанымызға сіңген жайбарақаттығымыз ба, әйтеуір кейінге қала берген ғой. Бірақ бағымызға қарай сонау Гомель жағында да Құдайға қараған жандар бар екен. Ағамызды іздеген жандар сол жақтан шықты. Сөйтіп, 1987-1990 жылдары Гомель қаласының облыстық мұражайынан Ақжайық аудандық әскери комиссариатына кіші сержант Бақытжан Ғатауов туралы мәліметтер сұрап, қайта-қайта хаттар келіпті. Ол хаттарда мұражай қызметкерлері Бақытжан ағаның толық өмірбаянын,  фотосуретін, туысқандарының  аты-жөндері мен тұрғылықты жерлерінің адрестерін сұратыпты. Мұндай мәліметтер ерлікпен қаза тапқан жауынгердің есімін мәңгі есте қалдыру үшін және туысқандарын сол Гомель жеріне келіп қайтуға шақыру үшін қажет болыпты. Шіркін-ай, Бақытжан ағамыздың бір суреті сақталмапты. Айтпақшы, комсомол билетіне түскен суреті болушы еді, оны да таба алмай қалдық. Ол кезде, соғыстың алдында деймін, колхозда фотограф қайдан бол-сын?! Ағамыз суретке түсе алмаған қалпында соғысқа кете барыпты. Аудандық әскери комиссариат Бақытжан ағамыздың өмірбаянын, соңында қалған туысқандары жөніндегі барлық мәліметтерді бізден алып, сонау Гомельдің мұражайына жіберді. Беріректе,  2015 жылы аудандық әскери комиссариат арқылы «Ағамыз қандай ерлік жасады, қандай наградасы бар?» деп жаңағы мұражайға 2015 жылдың 9 ақпанында сұрау хат жібердік. Ол жақтағылар мұндай шаруаға өте мұқият болып тұр ғой, көп ұзамай, дәлірек айтсам, сол 2015 жылдың 2 наурызында «Гомельский дворцово-парковый ансамбль» мемлекеттік тарихи-мәдениет мекемесінің бас директоры А. Гостевтің қолы қойылған хат келді. Оған қоса ағамыздың ерлігі туралы «Комсомольская правда» газетіне жазылған мақаланы және ағамыздың командирлерінің бірі полковник В. Гречконың  соғыс туралы жазған естелік кітабынан Бақытжан ағамның қалай қаза тапқандығы жөнінде, соңғы сәтіндегі ерлігіне дейін тәптіштеп  баяндаған беттерінің көшірмесін қоса салыпты. Бұл жауапқа Бақытжан ағамның өзі тіріліп келгендей қуандық. Мұражайдың мың болғыр қызметкерлеріне рақметімізді жаудырдық.

*  *  *

Иә, Қазақстанның бір қиырындағы шағын ауылда тұратын Шәкімовтер өздерінің бауырларының соғыста қалай қаза тапқандығынан 70 жыл бойы бейхабар болыпты. Тіпті, жасырып қайтеміз, боздақтың майдандағы жөнжосығын, қалай, қайдан іздестірудің жолдарын білмеген. Сөйтсе,  Гомель қаласындағы мұражай қыз-меткерлері бұл шаруамен әлдеқашаннан бері айналысып келеді екен.  Олар өздерінің хаттарында  Гомель қаласын жаудан азат ету кезінде 1943 жылы қазан айында қаза тапқан Орал облысы, Тайпақ ауданы, Кеңсуат ауылдық кеңесінің тумасы, 194-атқыштар дивизиясы 616-атқыштар полкінің кіші сержанты Ғатауов Бақытжан туралы іздестіру жұмыстарын көптен бері жүргізіп келе жатқандарын, ол үшін мұрағатта 605-нөмірлі іс түзілгенін  баяндапты. Онда негізінен мұрағаттың жауынгер туралы жер-жерге сұрау салып жолдаған құжаттары тіркеліпті. Сондай-ақ ол туралы жазылған материалдар да бар болып шықты. Солардың бірқатарын Шәкімовтерге арнайы жолдапты. Мысалы,  «Комсомольская правда» газетінің 1943 жылғы 27 қарашадағы «Он отдал жизнь за родину» атты мақалада пулемет расчетінің командирі Бақытжан Ғатауовтың Гомель қаласын жаудан азат ету кезіндегі қаһарман ерлігі егжей-тегжей баяндалған. Сол күнгі ұрыста қайран ер өзінің пулемет расчетімен бекініп алған позициясынан бір қадамда шегінбей шайқасқан. Немістерді күні бойы аттатпай, төрт дүркін шабуылын тойтарады. Қасындағы көмекшісі қаза табады. Жалғыз өзі қалғанына қарамастан, бесінші рет қарсы шабуылға көтерілген жауды дәл көздеп атып, талайын жер жастандырады. Сол күнгі ұрыста Бақытжан Ғатауовтың оғынан 50 шақты фашист ажал құшқан. Немістердің жаяу әскері Ғатауов бекінген позицияны ала алмағасын, оған минометтері мен өздігінен жүретін зеңбірегінен  мина мен снарядты аямай төгеді. Сол жерде Бақытжан ағамыз қаза табады. «Комсомольская правда» газетіндегі мақаланың мағынасы қысқартып баяндағандай осындай.

Ал, Бақытжан Ғатауов құрамында болған 616-атқыштар полкі командирінің саяси жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник В. П. Гречконың 1979 жылы шыққан «Единственная привилегия» атты кітабында да 19 жасар жігіттің қаһарман ерлігі жазылыпты. Музей қызметкерлері сол кітаптың Бақытжан жайында жазылған беттерінің фотокөшірмесін жіберіпті. Сол хатта жерлесіміздің сүйегі Гомель облысы, Гомель ауданы, Чёнки деревнясындағы бауырластар зиратына қайта жерленгенін де хабарлапты. Мәрмәр тасқа есімі қашалып жазылған суретті де қоса жолдаған,  мың болғырлар!

Мақсот ағай әңгімесін қайта жалғады: – Үлкен ағамыз Ғатауолла 1943 жылы соғыстан мүгедек болып оралды. Бір көзіне снаряд жарқыншағы тиіп, ағып түскен. Екінші көзіне де зардабын тигізген. Жарасы жазыла қоймаған  бір солдат үлкен ағамызды үйге жетектеп әкелді. Менің кейін қайран қалғаным, ағамыз мүгедекпін деп отырып қалмады. Көзі көрмесе де, ыңғайын көрсетіп берген барлық жұмысты істей беретін еді. Кемпірі екеуі колхоздың тауығын бақты. Шөп шапты, қи ойды. Ол кезде қи дегеніңіз – таптырмас отын. Оны ойып, кептіріп, колхоздан еңбекақы алды. Атқа мініп жүре беретін. Өмірден өткенше бәріміздің ақылшымыз, қамқоршымыз болды. Сол кісінің ақыл-кеңесімен біз өсіп-өндік. Өзінің кіндігінен өрген Орынша мен Сайын бауырларым бүгінде аманесен ортамызда. Олардың да 20-30-ға тарта немере-жиендері, шөберелері бар, шүкір!

Бектемір ағамыз соғыстан  аман-есен 1946 жылы келді. Оны Сағира жеңгемізге үйленгеніне жыл толмай жатып, 1940 жылы әскерге алып кеткен еді ғой. Онжылдық мектеп бітірген Сағира жеңгеміз арасында мектепте жұмыс жасап, ағамызды алты жыл тапжылмастан күтті. Ақыры арманына жетіп, ағайды күтіп алды. Ғаббас, Ғалия деген перзенттері дүниеге келді. Олардан бүгінде  он шақты немере, шөбере бар. Әттең, алты жыл әскерден аман-есен келген Бектемір ағайым  1950 жылы аяқ астынан соқырішектен көз жұмды. Ол кезде ауылдық жерде жөнді доғдыр  болмады ғой…

*  *  *

– «Сол жаққа барып қайтуға қолдың қысқалығынан (қаражат деп түсініңіз) бір ыңғайы шықпай-ақ қойды-ау…», –  деді Мақсот ағамыз бізбен қоштасарда мұңайып. Біз болсақ, «Мұңаймаңыз, Мақсот аға, Ақжайық ауданынан бір азамат шығар, Беларусь елінде жатқан бауырларыңыздың басына барып қайтуға қажетті қаражаттан көмектесетін..» деп жұбатқаннан басқа  ештеңе  айта  алмадық…

Есенжол  ҚЫСТАУБАЕВ,

Өлеңті  ауылы,

Ақжайық  ауданы


Еңбек ардагерін құттықтады

Күні: , 52 рет оқылды

Бейсенбі  күні  облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов  еңбек  ардагері  Істілеу  Сапаровты  90  жасқа  толуына  орай  қабылдап,  мерейтойымен құттықтады.

Айта кетейік, Істілеу Сүндетұлы 1928 жылдың 3 мамырында Ресейдегі Саратов облысының Красный Кут ауылында дүниеге келген. Алғашқы еңбек жолын облыстық білім беру басқармасында нұсқаушылық  қызметтен бастаған. Кейін Тайпақ ауданындағы Калмыков жалпы орта білім беретін мектебінің директоры, облыстық партия және атқару комитетінде лауазымды қызметтерде болған. 1963-1983 жылдары облыстық халықтық білім беру бөлімінің меңгерушісі, 1983-1989 жылдары облыстық атқару комитетінің хатшысы қызметтерін абыроймен атқарған. Саналы ғұмырының 40 жылдан астам уақытын еңбекке арнаған ардагер «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы» ордендерімен, «КСРО білім беру үздігі», «Еңбек ардагері» медальдарымен  марапатталған.

– Сіз өзіңіздің туған жеріңіздің өміріне белсене араласып, өңірдің дамуына үлес қосып келесіз.

Сіздің өмірлік жолыңыз – Отанға адал қызмет етудің, жоғары жауапкершілік пен еселі еңбектің үлгісі. Жас буынды тәрбиелеуде бізге әлі де сіздің тәжірибеңіз ауадай қажет. Осы мүмкіндікті пайдаланып, сізді облыс тұрғындары атынан туған күніңізбен  құттықтаймын! Өзіңізге мықты денсаулық тілеймін, – деп атап өтті облыс  әкімі.

Өз кезегінде, білім саласының ардагері облыс әкіміне құрмет көрсеткені үшін ризашылығын білдірді.

Облыс  әкімінің  баспасөз  қызметі


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика