Мұрағат: 02.05.2018


Кәріз жүйесіндегі ақау жөнделуде

Күні: , 34 рет оқылды

Орал қаласының Шолохов көшесі бойындағы кәріз құбырының істен шығуына байланысты қаланың бірқатар шағынаудандарына ауыз су беру тоқтатылған болатын. Шаһар тұрғындарына қолайсыз жағдай туғызған мәселенің мән-жайын білмек ниетпен «Батыс су арнасы» ЖШС-ның техникалық директоры Асылбек Әміровке жолыққан едік.

– Бізге Шолохов көшесі бойындағы «Беркут» жанармай бекеті қызметкерлері кәріз иісінің күшейіп кеткендігі туралы 30 сәуір күні түнгі сағат 4-тің шамасында хабарлады. Аталған жерге келген жұмысшылар тобы жанармай бекетінің маңында кәріз құбырының жарылып, топырақтың опырылғандығын байқаған. Дереу қауіпсіздік шаралары қолға алынып, кәріз суын айдағыш насос тоқтатылып, апатты жағдай-дың алдын алу үшін ауыз су жүйесінің қысымы азайтылды.

1 мамыр күні таңмен кәріз жүйесін жөндеуге кірістік. Бүгінгі таңда ақау орын алған жердегі 20 метрдей құбырдың маңы қазылды. Кәріз жүйесі күре жолдың бойына жақын орналасқандықтан, қазылған топырақ пен лас суды шығару барысында көп қиындық туғызып отыр. Жарылған құбыр жер бетінен 7 метр тереңдікте орналасқан. Жалпы ұзындығы 12 шақырымды құрайтын бұл кәріз жүйесі 2008-2009 жылдары толықтай жаңартылған еді. Ақаудың неден пайда болғаны әзірге белгісіз. Қала әкімдігі жанынан апатты жағдайға байланысты арнайы комиссия құрылды. Жөндеу жұмыстары құбырдың зақымданған көлеміне байланысты. Бүгінгі таңда жарылған құбырды қалпына келтіру үшін барлық күш жұмылдырылуда. Ауыз сусыз қалған 4, 5, 6, 7, 9-шағынаудандар мен Солтүстік-Шығыс, Құрылысшы мөлтек аудандары мен қала орталығының кейбір көпқабатты тұрғын үйлеріне су түскі және кешкі мезгілде берілетін болады. Қала тұрғындарын уақытша орын алған қолайсыз жайтқа түсіністікпен қарауға шақырамыз, – дейді Асылбек Әміров.

Нұрбек Оразаев


Шаруаларды несие мәселесі толғандырады

Күні: , 20 рет оқылды

Облыс  әкімінің  бірінші  орынбасары  Игорь Стексов  бастаған жұмыс  тобы  Бөкей  ордасы  ауданына  жұмыс  сапарымен келіп, аудандағы  ауыл шаруашылығы  саласының  жай-күйімен  танысты.

Мұратсай ауылындағы фельдшерлік-малдәрігерлік пунктінде болған кезде аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов пен аудандық ветеринариялық станса басшысы Жаннұр Батырханов жергілікті жердегі малдәрігерлік саласының бүгінгі ахуалы туралы жан-жақты мәлімет  берді.

Бұдан соң Сайқын ауылдық округіндегі симментал тұқымды ірі қара малын өсірумен айналысатын «Ерсайын» шаруа қожалығында және «Жұмағұлова» ЖК-ның сүт өнімдерін өндіретін цехында болды. Кәсіпкерлік субъектісінің жетекшісі әрі кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының төрайымы Бибігүл Жұмағұлова бөкейлік шаруашылықтар кезігіп отырған біраз түйінді мәселені ортаға салды. Соның бірі – несиеге  қатысты.

– «Игілік» бағдарламасы бойынша берілетін 4 млн. теңге көлеміндегі несие ісін жаңа бастаған шаруаларға ғана тиімді. Ал өзгелер үшін бұл сома аз. Сөздің шыны керек, бұл қаржы бір трактор сатып алуға да жетпейді. Жаңа сауылған сүт екі-үш сағаттың ішінде өңдеуге түсуі қажет. Әйтпесе, сапалық құрамы төмендейді. Сол себепті бізге сүтті салқындатқыш танкер, сауу аппараттары керек. Міне, осындай құрал-жабдықтардың жоқтығынан мына цехты іске қоса алмай отырмын. Ал ол құралдарды алуға 10 млн. теңге қаражат қажет. Қазір екінші деңгейлі банктер несиені 19 пайыздық мөлшерлемемен беруде. Бұл шаруаларға тиімсіз, – деген оған Игорь Валерьевич бұл мәселенің шешу жолдарын қарастыратындығын  айтты.

Жұмыс тобы одан соң Бисен ауылдық округіндегі «А. Кәукешев» шаруа қожалығына барды. Қожалық басшысы Арон Кәукешев қазіргі 400 бас ірі қараға арналған мал бордақылау алаңының көлемін алдағы уақытта үштөрт есе үлкейту жоспарымен бөлісті. Облыс әкімінің бірінші орынбасары қожалық жұмысына оң баға  беріп,  кәсіп  иесіне  табыс  тіледі.

Содан соң «Ораз» шаруа қожалығының жаңа кешенінде болды. Шаруа қожалығының жетекшісі Ермек Момынов мал бордақылау алаңымен, жем сақтайтын қоймамен, жем тартатын агрегаттармен, ауыл шаруашылығы техникаларымен таныстырып, асыл тұқымды мал өсіру жоспарлары туралы айтты.

Жалпы, облыстан келген жұмыс тобының мүшелеріне ауданымыздың ауыл шаруашылығы құрылымдарының жетекшілері, мекеме басшылары су мәселесі, мал өсіруге арналған несиелер туралы сұрақтар қойып, оған тиісінше жауаптар мен кеңестер алды.

*   *   *

Облыс  әкімінің бірінші орынбасары Игорь Стексов Жаңақала  ауданына арнайы жұмыс сапарымен келіп, шаруалардың тыныстіршілігімен танысты. Алдымен Игорь Валерьевич бастаған топ аудан орталығындағы ет комбинатының жұмысымен танысты. Одан кейін облысымыз бойынша алғашқы болып асыл тұқымды герефорд  және абердин-ангус сиырларын әкеліп, оны өсірумен айналысып отырған  «Муса» шаруа қожалығында болды.  Қожалықтың Базарқұдық қыстағындағы бүгінгі заманға сай салынған үй-жайларын және ауыл шаруашылығы техникаларын көріп, шаруа қожалығының жетекшісімен ашық-жарқын әңгімелескен Игорь Стексов шаруашылығын дамытып жатқан Тілеген Мусинге өз ризашылығын білдірді.

Бірлік ауылдық округінде асыл тұқымды еділбай қойын өсірумен айналысатын «Бірлік мал зауыты» ЖШС-ның директоры Қанат Ешімовпен кездесіп,  шаруашылықты дамытуда қолбайлау болып тұрған қиындықтар мен алда тұрған міндеттер туралы сұхбаттасты.

Одан соң облыс әкімінің бірінші орынбасары Қызылоба ауылдық округіндегі  «Хафиз» және «Айдар» шаруа қожалықтарына бұрылып, ондағы шаруалармен кездесті. И. Стексов қызылобалық шаруалармен кездесуде демеуқаржы, оны алудағы  өзгерістер мен толықтырулар туралы әңгіме өрбітсе, шаруалар жыл сайын ереженің өзгеріп кетуіне байланысты демеуқаржыны алуда бірқатар қиындықтар туындайтынын мәселе қылып алға тартты. «Көшім» ЖШС-ның директоры Наурыз Бекмашев жылқы малын субсидиялау туралы ұсынысын білдірді. Шаруалармен ашық пікірлескен Игорь Валерьевич  жұмыс сапарын ауданымыздағы су шаруашылығы нысандарының  жұмыс барысын  талқылаумен  қорытындылады.

Ернар  ШӘКЕНОВ,

Нұрғали  ҒАББАС,

Бөкей  ордасы  ауданы,

Жаңақала   ауданы


«Береке басы – бірлік»

Күні: , 24 рет оқылды

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі  Орал қаласында жылдағы дәстүр бойынша ерекше сән-салтанатпен аталып өтті.

Мерекелік шара облысымыздағы  іргелі мекеме-кәсіпорындардың, білім  беру ұйымдарының, саяси партиялардың Достық даңғылының бойымен салтанатты түрде  шерулетіп  өтуімен  басталды.

– Құрметті батысқазақстандықтар! Баршаңызды бүгінгі ұлы мереке – 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгін – тәуелсіз Қазақстанның әрбір азаматы үшін бірлікті, ынтымақты, бауырмалдықты көрсететін жалпыұлттық мереке. 27 жылдың ішінде тәуелсіз Қазақстан үлкен жетістіктерге жетті. Соның ең маңызды кілті – бірлік пен ынтымақ, береке. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев елімізді дамытуға аянбай еңбек етіп, көп ұлтты Қазақстанды алға жетелеп келеді. Елбасы күні кеше Астанада ассамблеяның кезекті сессиясын өткізіп, бірлігі мен ынтымағы жарасқан мемлекеттің ғана табысы, жетістігі мол болатынын тағы да атап өтті. Сондықтан  қадірменді ағайын, әрқайсымыз өңіріміздің, мемлекетіміздің дамуына аянбай еңбек етейік. Барша  жиналған қауымды осы мерекемен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, әр отбасына амандық пен береке тілеймін! Мереке құтты болсын! – деді құттықтау сөзінде облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Салтанатты жиын Абай алаңында қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырған «Береке басы – бірлік» атты театрландырылған мерекелік концертке ұласты. Дина Нұрпейісова көшесінің бойында орналасқан арбатта шағын жәрмеңке ұйымдастырылып, алаңға жиылған көпшілік түрлі ұлт өкілдерінің асханасынан дәм татты. Мерекелік шаралар дәл сол күні жазғы маусымы ашылған қалалық мәдениет және демалыс саябағында  жалғасын  тапты.

Нұртас Набиоллаұлы

Олег ЮРОВ,

Махамбет Өтемісов атындағы БҚМУ-дың халықаралық байланыс және ғылыми  жұмыстар  жөніндегі  проректоры:

– Бүгінгі мереке – Батыс Қазақстан халқының, жалпы еліміздің бірлігінің тамаша көрінісі. Бұл мейрамды Қазақстанды мекендейтін барлық ұлт пен ұлыстың ортақ мерекесі ретінде ерекше көңіл күймен атап өтеміз. Бұл – Қазақстан тәуелсіздігінің, мемлекеттілігінің, достық пен бейбітшіліктің мерекесі.

Ғайса ҚАПАҚОВ,

БҚО Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары:

— Бүгінгі салтанатты мерекеде алаңға  Елбасымызды қолдаймыз, бірлігімізді, еліміздің тыныштығын сақтаймыз деген ниетпен шықтық. Бұл мереке еліміздің әр түкпірінде түрліше тойланады. Ал бүгінгідей шеру Орал қаласында ғана өтеді. Алаңға шыққан жұртшылық көктемнің жақсы күнінде бір-бірімен көрісіп, арқа-жарқа болады. Бұл – халықтың мейрамы. Еліміз дамып, тыныштық, жақсылық, осындай жақсы мерекелер бола берсін! Жуырда Астана қаласында өткен Қазақстан халқы ассамблеясының сессиясына қатысып келдік. Ассамблея туралы жаңа заң қабылданды. Елбасы ассамблеяның рөлін жылдан-жылға арттырып келеді. Өйткені 18 миллион қазақстандықтың барлығын ассамблея мүшесі деп айтуға болады. Ассамблеяның өмірдің барлық тіршілігіне араласуына, қоғам өмірінің жақсаруына өзіндік үлесін қосуына кең мүмкіндік жасалуда. Сондықтан еліміздегі әрбір ұлт өкілі ассамблея арқылы еліміздің дамуына өзіндік үлесін қосады деп ойлаймын.

Устин КОМАРОВ,

А. Островский атындағы драма театрының  қызметкері:

— Өте позитивті, мейірімге толы мерекені тойлау үшін орталық алаңға еңбек ұжымдарының шыққанына куә болып тұрмыз. Батыс Қазақстан облысының халқы ежелден бері барша этнос өкілдері арасындағы достық пен өзара түсіністіктің жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Осы дәстүрдің біздің заманымызда да жалғасып жатқаны көңіл қуантады. Біз, жастар, осынау игі дәстүрдің одан әрмен нығаюына  үлесімізді  қосуымыз  керек.


Смартфон ұстамайтын балалар

Күні: , 31 рет оқылды

Олар  өте  бауырмал.  Танымайтын  үлкен  кісілерге  жол беріп,  танитын  адамдардай  амандасады.  Олар  –  «интернаттың» балалары.  Содан  да  болар,  көпшіл. Олар  бірнеше  тілді  меңгерген.  Олардың  облыстық,  халықаралық  білім  бәйгелерінен алған  медальдары  көп. Олар  смартфон  ұстамайды.  Ата-аналарымен  жай  ғана  ұялы  телефон  арқылы  сөйлесіп  тұрады.  Олар  ешнәрсеге  алаңдамай,  тек  сабақ  оқиды. Көпшілік олардың ізеттіліктерін  мақтан  етеді.  «Білім-инновация»  лицейіне  дарынды  шәкірттермен  тілдесуге  барған  сайын  бұл  мектептегі  тәрбие бөлек  екендігін  байқаймыз.

Маңдайалды мектептің шәкірттері өткен айда Қостанай, Атырау қалаларында өткен республикалық олимпиададан мектеп қоржынына күміс, қола медальдар алып келді. Білімді балғындарды әңгімеге тарттық. Аталмыш білім ошағының шәкірті Мұрат Есбол тарих пәнінен екінші орынға ие болыпты. Өзінің білім додасына дайындалуына  көмектескен ұстазы Айнаш Амантайқызына дән риза.   Мұратқа интернат өмірі ұнайды. Ол 7-сыныпқа алғаш келгенінде үйін сағынып, жатырқап жүргенін жасырмайды.  Бірақ кейіннен өзі сияқты алға ұмтылған,  арман-тілегі бір балалармен тез тіл табысып кетеді.

Республикалық пән олимпиадасында географиядан бақ сынаған 10-сынып оқушысы Ернар Сағындықов та екінші орын алған.

– Дәл осындай республикалық олимпиададан өткен жолы топ жарып едім, биыл екінші орын алдым. Менің дайындығым дәл былтырғыдай болды. Алайда қарсыластарым менен әлдеқайда мықты болғанын мойындаймын.

Халықаралық олимпиаданың резервіне іліккеніме қуанамын. 8-сыныптан бастап осы пән бойынша дайындалып келемін. Лицейде олимпиадалық жүйе жақсы қалыптасқан. Бізде түрлі кітаптар бар. Алаңсыз білім бәйгелеріне дайындалуға көп мүмкіндік  жасалған. Өзім Қазталов ауданы, Қараөзен ауылынанмын. Үйдегі үш баланың ортаншысымын. Алғашында интернатқа үйрене алмай жүрдім. Өйткені үйдегідей бәрін дайындап, қасыңда жүретін мамаң жоқ. Сондықтан бұл жерде өз-өзіңе жауап беруге үйренесің. Қазір интернаттағы достарым көрмесем сағынатын бауырларымдай болып кетті. Болашақта елімнің экономикалық сала бойынша дамуына өз үлесімді қосқым келеді. География пәнінен мені биіктерге жетелеп  жүрген ұстазым Айсәуле Сидароваға ризашылығымды білдіремін, – дейді  ол.

Оқушылар –  мектептің  имиджі

«Оқушылар – біздің имиджіміз» деп сөз бастаған директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлфайруз  Сағитова  тәрбиеге баса мән беретіндіктерін  айтты.

– Баланы 7-сыныпта қабылдап алғанда бейімдеу жұмыстары жүргізіледі. Алты айдан соң бала «Лицейдің баласы» болып шығады. Көп жағдайда ата-аналардың өзі «Балам өзгеріп кеткен» деп таңғалып жатады. Өйткені бұрын мамасына «сен» деп сөйлейтін  бала енді «сіз» деп айта бастайды. Үлкендерсіз дастарқан басына отырмайды. Бұл – қарапайым қазақы тәрбие. Біздің мектепте тек ер балалар оқитындықтан, олардың тәрбиешілері де – ер адамдар. Кешкі алтыдан кейін олармен тәрбиеші жұмыстанады. Олар өз жоспарларына сәйкес отбасылық, адами құндылықтарды баланың бойына сіңіру мақсатында көп шаралар ұйымдастырады. Кешкі алтыдан кейін қайнаған интернат өмірі басталады. Бұл жерде тәрбиешілер бір баланы көзден таса қалдырмай, бәрімен жұмыстанады. Мәселен, көңіл көтеру кештерінде бар бала өз өнерін көрсетіп, ортаға шығады. Кейбір балалар сабақта өзін көрсете алмай, бұйығы қалып қоюы мүмкін. Оқушылармен әр түрлі тәрбие жұмыстарын жүргізудің нәтижесінде бала ашылып, бойындағы комплекстерін жеңіп, ортада өз ойын еркін айта алатын болады. Біздің балалар смартфон ұстамайды, теледидар қарамайды. Барлық жақсы жаңалықты оларға тәрбиешілер мен мұғалімдер жеткізіп отырады. Мектепте интернет желісі жоғары деңгейде жұмыс жасайды. Балалар сабаққа  қажет кезінде кез келген уақытта ғаламторды пайдалана алады. Есесіне, бізде кітап оқу жақсы жолға қойылған.

Балалар таңғы сағат 8.45-те екі апта қазақ, екі апта орыс, екі апта ағылшын тілдерінде кітап оқуға  отырады. Бұл – бізде қалыптасқан үрдіс. Жылына екі рет оқушылар мен ата-аналар арасында үздік кітап оқитындарға арналған жарыс өткізіледі. Оқыған кітаптарынан тест тапсырып, үздік нәтиже көрсеткен жеңімпаздарға арнайы сыйлық береміз. Кітап оқудан жеңімпаз болған оқушыларға екі велосипедіміз де дайын тұр. Балалар күнделікті көріп, мотивация алсын деп, әдейі шығарып қойдық. «Үлкенге қарап, кіші өсер» демекші, жоғары сыныптың оқушылары кіші сыныптың балаларына үлгі болуы керек. Біздің мектепте кішілер үлкенге қарап бой түзейді, – дейді «Білім-инновация» лицейі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлфайруз Болатқызы.

10-сынып оқушысы Әділ Әлбер – Астана қаласында өткен «WORLD SCHOLAR’S CUP»  атты халықаралық олимпиаданың алтын медаль иегері. Қаратөбе ауданының Мұхит мектебінен лицейге келгелі ол ағылшын, түрік тілдерін үйреніп, білімін жетілдіріп жүргенін мақтан етеді. Болашақ мамандығын экономика саласымен байланыстыруды қазірден жоспарлап жүр. Әділдің ата-анасы ауылдан қалаға көшіп келген. Бірақ ол лицей талабы бойынша интернатта жатып оқиды. Оған өзі қуанады. Өйткені интернат өмірі оны көпшілдікке, бауырмалдыққа үйретіпті. Болашақта өзін-өзі одан әрі дамытып, әлемдік деңгейде білім алғысы келеді. «Отбасында екі қыздан кейінгі жалғыз ұл болғандықтан болар,  ата-анам менен үлкен үміт күтіп отыр. Сондықтан қолымнан келгенше  олардың сенімін ақтап, егемен елімнің дамуына үлес қосқым келеді», – дейді үлкен кісілерше  сөз  саптаған  бозбала.

Республикалық олимпиадада химия пәнінен додаға түсіп, ІІ орын алған Нұрхан Сансызбай да 10-сыныпта оқиды. Әр сұраққа байсалды, сабырлы қалыппен жауап беретін Нұрхан «Болашақта химия пәнінің мұғалімі болсам ба, әлде инженер-технолог болсам ба?» деген ой үстінде жүр. «Лицейде жоғары сыныптың оқушылары кіші сыныптың оқушыларын олимпиадаға дайындайтын арнайы жүйе бар. Өзімнен кіші балаларға сабақ түсіндіріп тұрған сәттерде мұғалім болғым келіп кетеді. Түбі осы мұғалім болатын шығармын деп ойлаймын кейде. Балалардың көбі химия қиын деп ойлайды. Шын мәнінде, тырысып көрсең, қиын нәрсе оңайға айналады», – деп жымиды  ол.

Мен балалардан «Смартфонсыз, әлеуметтік желілерсіз қиын емес пе?» деп сұрадым. Олар: «Біз үйреніп кеттік. Мектепте ғаламтордан қажетті мәліметтерді аламыз. Басқа нәрсеге алаңдамайсың. Тек сабақты ғана ойлаймыз»  деп  жауап  берді.

Олардың мектеп-интернаты қала шетінде орналасқан. Айналасы жасыл желекке толы, ауасы таза. Біз барғанда мектеп ауласында балалар футбол ойнап жатты. Олардың салауатты өмір салтын сақтауға да  ерекше мән беретіндігін байқадық. Олар туралы көп жазуға болады. Өйткені олардың күнделікті өмірі жағымды жаңалықтарға толы.  Олар күн сайын жаңа біліммен санасын толықтырып отырады. Олар үлкен-үлкен қалаларға барып, білім додаларында бақ сынайды. Олар қазірден-ақ тек алда болуға ұмтылады.

«Білім-инновация» лицейінде бірнеше тілді меңгеріп, «Елімнің әлемдік бәсекелестікке қабілетті болуына үлес қосқым келеді» деп өсіп келе жатқан қазақ балаларының барына шын қуанасың.  Лайым,  солай  болғай!

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»


Еңбек қауіпсіздігі сақталуы тиіс

Күні: , 19 рет оқылды

Жақында  Орал  қаласы  әкімдігінде  облыс  әкімінің  орынбасары  Бибігүл  Қонысбаеваның  төрағалығымен  еңбек  қауіпсіздігі  мәселелеріне  арналған  мәжіліс өтті.

Былтыр  облыста жұмыс орнында 68 адам жарақат алды және оның ішінде алты адам қайтыс болды.

Бұл 2016 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 10,5%-ға төмен. Құзырлы құрылымдар ұсынған мәліметке сүйенсек, өткен  жылы  жарақат алудың 479 фактісі тіркелген. Соның 47-сі ірі кәсіпкерлік субъектілері қызметкерлерімен, 112-сі орта  және 320-сы шағын кәсіпкерлік саласында орын алған. Көп жағдайда жұмыс үстінде жарақат алу оқиғалары бюджеттік ұйым-мекемелерге (65 факті), құрылыс саласына (35 факті), күзет  және коммуналдық  қызметке (89 факті) тиесілі.

– 2017 жылдың қорытындысы бойынша облыста өндірістік жарақат алудың 52 фактісі тіркелген. 2016 жылы — 59, 2015 жылы  – 53, 2014 жылы – 69, 2013 жылы 56 факті болған. Төрт жыл ішінде өндірістік  жарақат алудың орташа көрсеткіші 59 фактіні құрайды, яғни өндірістік жарақат алу көрсеткіші бір деңгейде қалды. Осы жылдар ішінде өндірістегі кісі өлімі деңгейінің орташа көрсеткіші сегіз адам шамасында, – деді БҚО еңбек инспекциясы бойынша басқармасының басшысы міндетін атқарушы Арман Тұйғынбетов. Оның баяндауынша, қайғылы оқиғалар жиі орын алатын кәсіпорындар қатарында «Қалалық жедел жәрдем стансасы»  МҚКК (төрт  факті), “БҚЭЖТК” АҚ  (үш факті), «Жайықмұнай» ЖШС (екі  факті), “ҚазСтройСервис” АҚ (екі  факті) бар. Өндірісте қайғылы жағдайлардың орын алуына өндірістік  жұмыстардың дұрыс ұйымдастырылмауы, қауіпсіздік талаптарының бұзылуы, еңбек тәртібінің сақталмауы себеп болады.

Есепті мерзімде мемлекеттік еңбек инспекциясы кәсіпорындар және ұйым-мекемелерде 329 тексеріс жүргізген. Сонда 611 құқықбұзушылық анықталып, 309 ұсынба берілген және жалпы 13,636 млн. теңгеге 102 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Құқық қорғау құрылымдарына

71 материал жолданған. Мемлекеттік еңбек инспекцияларымен тұрақты түрде жұмыс берушілер мен жұмысшылар арасында түсінік беру шаралары жүргізіледі. Өткен жылы  2017 қызметкері бар 64 кәсіпорындағы азаматтар еңбек заңдылығы негіздеріне оқытылды.

Басқосуда облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Ербол Салықов 2018-2020 жылдарға арналған облыс әкімдігі, қызметкерлердің облыстық бірлестіктері  және өңірлік жұмыс берушілердің бірлестіктері арасындағы үш жақты облыстық келісім туралы әңгімелеп, еңбекті қорғау және өндірістік қауіпсіздік шараларын алу, ұжымдық шарт жасау мәселелеріне тоқталды. «Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институты» РМҚК-ның облыстық филиалының директоры Нәсіпқали Иманғалиұлы ұйымдардағы еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңес және  техникалық  инспекторлардың қызметін  жетілдіру  тақырыбында  әңгімеледі.

Жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Бибігүл Қонысбаева жұмыс берушілерге еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасын сақтау мәселелеріне баса назар аударуды тапсырды. «Жұмыс орындарындағы еңбек қауіпсіздігін ұйымдастыру шараларының барлығы адам өмірін сақтауға бағытталады», – деп қорытындылады жиынды  облыс  әкімінің  орынбасары.

Гүлбаршын   ӘЖІГЕРЕЕВА,

 «Орал   өңірі»


Финляндияның білім беру жүйесіндегі ерекшеліктер

Күні: , 34 рет оқылды

Биылғы  Жолдауында  Елбасымыз  төртінші  өнеркәсіптік  революция  жағдайындағы  дамудың  жаңа  мүмкіндіктерін  айта отырып, сол  нәтижеге  жету  жолындағы  он  бағыт  бойынша атқарылатын  маңызды  міндеттерді  атап  көрсетті.  «Барлық жастағы  азаматтарды  қамтитын  білім  беру  ісінде  өзіміздің озық жүйемізді  құруды  жеделдету қажеттігін» баса  айтқан  Президентіміз  білім  беру  бағдарламаларының  негізгі  басымдығы өзгерістерге  үнемі  бейім  болу  және  жаңа  білімді  меңгеру қабілетін дамыту тұрғысында нақты міндеттерді белгілеп берді. Дамыған  елдердің  озық  тәжірибелерін  зерттеу, зерделеу және қажетімізге  жарату  мақсатында  техникалық  және  кәсіптік  білім беру  жүйелері  оқытушылары  Ұлыбритания,  Малайзия,  Чехия және  Финляндия  мемлекеттерінде  тағылымдамадан  өтіп,  біліктілік  арттырып  қайтқан  болатын.

Қазіргі таңда фин білім беру жүйесінің жартығасырлық қана тарихы бар екеніне сенудің өзі қиын. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары негізі қаланған Финляндияның жоғары және кәсіптік білімі – бүгінде әлемдегі ең үздік білім беру жүйесінің бірі. Фин оқушылары студенттердің білім беру жетістіктерін халықаралық бағалау (PISA) аясында тамаша нәтижелерге қол жеткізді. Соңғы жылдары Финляндия бұл «бәсекелестікте» бірінші орынды алып қана қоймай, көшбасшылар арасындағы жалғыз еуропалық ел болды. Мұнда білім беру мектепке дейінгі жастан басталады. Ең алдымен мектепке дейінгі білім беру ұйымдары баланы мектепке дайындау керек. Әсіресе, баланың психологиялық дайындығына баса мән беріледі. Бір қызығы, Финляндиядағы орта және жоғары білім тегін, алайда мектепке дейінгі білім ақылы. Балабақшалар үш түрге бөлінеді: муниципалды, жеке меншік және отбасылық, ата-аналар баласын қайсына беретінін өздері таңдайды. Балабақша ақысы отбасының табысына байланысты. Балабақшадағы ең жоғары төлем – 254 евро, ең төменгі – айына 23 евро. Фин балабақшаларында балалар 9 айдан бастап 7-8 жасқа дейін қабылданады. Ал 6 жастан бастап мектепке тегін дайындай бастайды. Балабақшаларда орын жетіспеген жағдайда ата-аналардың біреуі баламен бірге үйде қалуы үшін мемлекет отбасына айына қосымша 500 евро төлейді. Заңға сәйкес бір тәрбиешіге төрт тәрбиеленуші бекітілетіндіктен, әдетте балабақшадағы топтар шағын. Финляндиядағы білім беру жүйесінің екінші кезеңі 7 жастан 16 жасқа дейінгі балаларға арналған негізгі мектеп болып табылады. Жағдай біздің білім беру жүйемізге ұқсас. Бірақ содан кейін айырмашылықтар басталады.

Біріншіден, фин оқушылары  мектепте емтихан тапсырмайды. Тіпті мектеп бітірер кезде де емтихан жоқ. Екіншіден, оқытудың дифференциациясы, белгілі бір пәндерді тереңдетіп оқыту деген түсінік мүлдем қалыптаспаған. Үшінші айырмашылық, біздегідей «элиталы сыныптар» немесе «қарапайым сыныптар» деген бөлежару жоқ.  Жалпы, Финляндиядағы жеке меншік мектептер секторының үлесі өте аз. Финляндия білім министрлігі білім беру жүйесін теңестіру саясатын жүргізеді, яғни білім беру барлық жерде мазмұны жағынан бірдей және әрбір адамға қолжетімді болуы керек. Теңестіру саясатының қолайсыз тұстары да бар. Яғни аталмыш білім беру парадигмасына сәйкес елдегі мектептердің орналасу тығыздығы біркелкі болуы қажет. Сол себепті елдің халық аз қоныстанған бөлігінде, мәселен, Лапландияда белгілі бір қиындықтар орын алған.

Финляндиядағы мектеп ғимараттарын елдегі жетекші сәулетшілердің, оқушылардың (әсіресе, жоғары сынып оқушыларының) және олардың ата-аналарының пікірін ескере отырып әзірлегені қызықты дерек болып табылады.

Сондықтан фин мектептері көптеген өзге мемлекеттегідей казармаларға немесе ауруханаларға  мүлдем  ұқсамайды.

Кез келген еуропалық мектептегідей, сабаққа деген көзқарас жеке сипатқа ие, яғни әр баланың қызығушылығына сәйкес құрылады, баланың тілін табуға баса мән беріледі. Оқушыларға болашақ өмірде қажет болатын нәрселерді ғана үйретеді. Мысалы, пештің құрылысы қажет болмаса, үйретпейді. Оның орнына, фин оқушылары сайт жасау, салықтарын есептеу, шарт жасасу, кірісін есептеу секілді дүниелерді біліп шығады. Шынайы оқығысы келген оқушы оқиды. Егер оқушының ол сабаққа қызығушылығы жоқ болса, «екілікпен» қорқытпайды. Керісінше, оған қызық саланы табуға тырысады. Баға ешқандай рөл атқармайды. Тек оқушыларға мотивация ретінде қолданылады. Нақты үлгермеген болса, келесі сыныпқа көшірілмейді. Фин мектептерінде сыныпқа көшпей қалу ешқандай да ұят емес. Себебі, болашаққа жауапты түрде дайындалу  керек  деп  есептейді.

Бір сыныпта екі мұғалім бір  мезгілде жұмыс істейді: бұл олардың әрқайсысының жүктемесін азайтып, шешім қабылдау үдерісін айтарлықтай жеңілдетеді және тездетеді. Әрбір сабақтан кейін оқушылар тақырып бойынша не ұғынып, не түсінбегенін еркін айта алады. Бұл тұрғыда тақырыпты дұрыс түсінбеу баланың кінәсі деп есептелмейді, керісінше мұғалімнің білім беру жүйесін дұрыс құрастырмағаны ретінде танылады.

Фин оқушылары әлемдегі ең көп кітап оқушы балалар болып саналады. Оқушылар түнімен сабақ оқып, жүйке ауруларына ұшырамайды, емтихандардан құтылып, тезірек есеюді армандамайды.

Сабырлы, бақытты, саналы, кітап оқиды, компьютермен жұмыс жасай алады, спортпен айналысады, музыкалық туындыларды дүниеге әкеледі, әртістік қабілеттерін көрсете алады. Осының бәрін жасай отырып, білім алуға да уақыт табады.

Финляндияда ата-аналардың балаларын үйдің жанындағы мектептерге беру дәстүрі әуел бастан қалыптасқан. Бұрын ата-аналарға өз балалары үшін мектеп таңдауға заң жүзінде тыйым салынған болатын, тек соңғы  жылдары бұл тыйым жойылды. Дегенмен, ата-аналардың дені қазір де балаларын өздерінің тұрғылықты жеріндегі мектептерге бергенді жөн санайды. Финдер білім берудің үшінші кезеңінде ғана қай оқу орнында және қандай мамандыққа оқитынын таңдау құқығына ие болады. Таңдау айтарлықтай көп емес: кәсіби мектеп немесе гимназия.

Қазіргі таңда Финляндияда 441 гимназия (барлығы 130 мың оқушы) және 334 кәсіптік училище (160 мың оқушы) жұмыс істейді. Оқушыларды қамқорлағандай мемлекет студенттердің де толыққанды қамын жасайды: білім алушылар тамақпен, оқулықпен және үйге жеткізіп салатын көлікпен қамтамасыз етіледі. Гимназиялар мен кәсіптік мектептер деген атауға ие болғанымен, құрылымы кәдімгі жоғары мектепке ұқсайды. Фин балалары мектепті 19 жасында толық аяқтап шығады. Бұдан соң кешегі оқушылар өміріндегі алғашқы рет матрикуляциялық емтиханды және ең соңғы ұлттық емтиханды тапсырады. Оның қаншалықты маңызды екенін бағалау қиын, өйткені емтихан қорытындысы университетке түсу барысында ешқандай рөл атқармайды. Университетке түсу үшін қабылдау емтихандары білім ордасының қабырғасында тапсырылады. Ал түсу емтихандарын ұйымдастыруға толығымен университет жауапты. Бұл кезеңде гимназиялар мен кәсіптік мектептер арасындағы айырмашылық айқын байқалады.

Гимназиялардың түлектері, әдетте университеттерге, ал кәсіптік мектептерді бітірушілер қолданбалы ғылымдар университеттеріне барады. Бұл кәсіптік лицейлердің түлектері жоғары оқу орындарына қабылданбайды деген сөз емес. Ешқандай ресми  шектеулер жоқ.

Мектеп бітірушілердің тек үштен бірі жоғары оқу орындарында білімін жалғастырады. Финляндияда жоғары білімнің өзіндік ерекшеліктері бар. Біздің елден ең басты айырмашылығы, Қазақстандағыдай жеке сектор жоқ. Елдегі бірнеше коммерциялық жоғары оқу орындары Финляндия білім министрлігінің толық бақылауында және мемлекеттік субсидиялар алады. Бүгінгі таңда Финляндияда жаңартылатын табиғи ресурстар, машина жасау және көлік, сауда және басқару, туризм, тамақтану және шаруашылық қызметтері, әлеуметтік қызметтер және денсаулық сақтау сияқты ұлттық экономиканың түрлі салаларында, сонымен қатар мәдениет, демалыс және спорт саласына қажетті  75 мамандық бойынша мамандар дайындайтын кәсіптік мектептердің дамыған жүйесі бар. Оқу үш жылға созылады, кәсіптік-техникалық білім беру мектебін бітіргеннен кейін түлектерге тиісті профильді жоғары оқу орындарына түсу құқығы беріледі. Кәсіптік мектеп оқушыларды мектептегі академиялық үлгерімі негізінде қабылдайды. Ең беделді мектептер қабылдау емтихандарын өткізеді. Оқыту бағдарламаларына жалпы білім беретін пәндер: ана тілі, екінші мемлекеттік тіл, шет тілі, математика, физика, химия, дене тәрбиесі, гигиена, әлеуметтік ғылым, бизнес қағидалары, жұмыс істеу ережелері, өнер, мәдениет жатады. Барлық түлек таңдалған мамандық бойынша жазбаша диплом жұмысын дайындайды. Теориялық білімдермен қатар, кәсіптік білім беру үрдісі өндірістік тәжірибелер мен болашақ жұмыс орнындағы тағылымдаманы қамтиды. Оқыту білім беру ұйымы, жұмыс беруші және болашақ қызметкер арасындағы арнайы келісімшарт негізінде жүзеге асырылады. Аталмыш құжатта әр тараптың міндеттері мен құқықтары және оқу мерзімі айқындалады. Финляндияда кәсіптік білім беруді ұйымдастырумен муниципалитеттермен қатар жеке ұйымдар да айналысады. Қазіргі таңда Финляндияда өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары швед профессоры Торстен Хисен жасап шығарған «білім қоғамы» тұжырымдамасы қабылданған. Фин жастары арасында кәсіптік білімге сұраныс та, қызығушылық та  аса жоғары. Тоқсаныншы жылдары фин үкіметінің сауатты саясатының арқасында бір кездері кенжелеп қалған металл өңдеу, машина жасау, құрылыс және т.б. салалардың қазіргі қарқынды дамуы өз кезегінде аталмыш мамандықтарға деген сұраныстың артуына ықпал етті.

Финляндияның білім беру саласындағы озық тәжірибесі Қазақстан үшін аса маңызды, бірақ бұл үздік үлгіден өзіміз үшін тиімді әрі ыңғайлы дүниені алу мәселесі әлі ашық күйінде қалып отыр. Тәжірибеге бағдарланған заманауи оқытуды жүргізу білім беру ұйымдарының заманауи материалдық-техникалық жабдықталуын талап ететіні белгілі. Мәселен, Финляндияда шаштараздар мен косметологтарды заманауи салон ретінде жабдықталған аудиторияда оқытады және оларды барлық қажетті косметикалық құралмен қамтамасыз етеді. Болашақ химиктерді университеттегі су тазарту станциясында, болашақ автослесарлар мен автомеханиктерді қаладағы ең ірі  көлік шеберханасында, болашақ ағаш ұсталарын тақтайдан робототехникаға дейін жабдықталған ұстаханаларда дайындайды. Болашақ өрт сөндірушілердің сабақтары аудиторияда емес, ондаған жедел жәрдем машиналары мен өрт сөндірушілерге арналған гаражы бар арнайы жаттығу алаңында өтеді. Яғни, студенттер теория мен практиканы қатар меңгереді, көп жағдайда соңғысының үлесі басым түсіп жатады. Білім алушылар болашақ кәсібімен нақты айналысып, сұлулық салонында, шеберхана мен ұстаханада келушілерге қызмет көрсетеді немесе өрт сөндіреді және т.б. істер атқарады.

Финляндия Сингапур мемлекеті сияқты мұғалімдерді іріктеудің ең үздік үлгісі қалыптасқан елдер қатарына жатады. Финляндияда мұғалім мамандығы зор құрмет пен беделге ие. Мектептерде тек классикалық жоғары оқу орындарында магистр дәрежесін алған мұғалімдер сабақ бере алады. Есесіне, бірнеше кезеңнен тұратын қатаң іріктеуден соң жұмысқа қабылданған мектеп мұғалімінің кейінгі кәсіби қызметі «тыныш» әрі жайлы өтеді. Мектеп мұғалімдеріне қомақты еңбекақы төленеді және өмір бойғы жалақымен қамтамасыз етіледі. Ұстаздар қауымына аттестация-дан және қайта аттестациялаудан өту, біліктілікті растау, кәсіби жарыстарға қатысу талаптары қойылмайды және тексеріспен шаршатпайды. Мемлекет бағытбағдар ғана береді, әр мұғалім өз әдіс-тәсілімен оқыту мүмкіндігіне ие.

Финляндияның жоғары оқу орындары студенттерді қабылдау барысында, оқу және ғылыми-зерттеу жұмыстарының бағыттары мен оқу жоспарларын құрастыру кезінде автономия мен тәуелсіздікке ие. Қазақстанның ТжКБ жүйесінің оқытушылары біліктілікті арттыру курстары кезінде Финляндиядағы білім беру жүйесін зерттеуге баса көңіл  бөліп, білім беру мекемелерінің  институционалды серіктестерімен тәжірибе алмасты. Осы біліктілікті арттыру курстарының нәтижесінде топтың әрбір қатысушысы Финляндия ұйымдарында оқудан өткендігін растайтын 16 сертификатқа ие болдық. Сапар барысында әлемдегі ең озық білім беру жүйесімен ерекшеленіп, инновациялық технологияның тілін еркін меңгеріп, жасыл экономиканы енгізу жағынан алдыңғы қатардан көрініп жүрген Финляндиядан үйренеріміз мол екеніне көз   жеткіздік.

Құралай  ЫСҚАҚОВА,

Ж.  Досмұхамедов  атындағы  педагогикалық  колледж директорының  орынбасары


Қазіргі жастардың келбеті қандай?

Күні: , 27 рет оқылды

М. Өтемісов  атындағы  Батыс  Қазақстан  мемлекеттік  университетінде  «Рухани жаңғыру»  бағдарламасы  аясында  «Қазіргі жастардың  келбеті:  перспективасы  мен  инновациялық  тұрғысы» атты  республикалық  ғылыми-тәжірибелік  конференция  өтті.

Конференция жұмысына онлайн жүйесінде Алматы, Атырау, Ақтөбе, Семей, Павлодар, Ақтау қалаларының ғалымдары және аталмыш университет оқытушылары мен қаладағы білім беру ұйымдарының  мұғалімдері  қатысты.

Отбасындағы рухани адамгершілік құндылықтарды қалыптастырудың өзекті мәселелерін талқылаған конференцияда ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының  иегері  Ақұштап Бақтыгереева, М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың проректоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Түймеш Дәрішева, облыстық дін істері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азамат Төлепов, қалалық білім беру бөлімінің әдіскері Сындар Дәуешова  өз ойларын ортаға салды.

Конференцияда сөз алған Ақұштап ақын адамзаттың анасы, ұлттың анасы қыз тәрбиесі қоғамды алаңдатып отырғандығын атап өтті.

– Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты бағдарламалық мақаласының жарияланғанына бір жыл толды. Бұл өткенімізді саралап, ертеңге зор үмітпен қарайтын алдағы бағытымызға жол көрсетер айқын да нақты бастау екені белгілі. Ұлттық код, бабалар жолы мен өсиетін еске алып, қайта жаңғыру – елдің ертеңгі ұрпағы үшін ауадай қажет еді. Жаңғыру дегеніміздің өзі – ғасырлар қойнауында қалған салт-дәстүрімізді жаңғырту, ұмытпау, жаңаша дамыту дегенге саяды, – деді ол.

Қыз баланың тәрбиесі туралы тереңнен толғаған ақын өмірге сәби әкеліп, оны тәрбиелеп, өсіріп отырған әр ананың ел дамуына, адамзат дамуына өз үлесін қосып отырғандығын айтты. «Шығыс әйелдері тәрбиесінде жапон халқынан үлгі алуға болады. Жапон әйелі қандай биік лауазымды қызмет атқарса да, ошағының жайын, баланы жетім етпеу жағдайын бірінші орынға қояды. Қазақ халқы да әу бастан қыз тәрбиесіне бейжай қарамаған. «Қызға қырық үйден тыйым» деген мақалдың өзі көп сырды аңғартады. Өзін сыйлайтын қазақ қызы кез келген ортаға бара бермеген. Бұл ұлттық мәдениетіміздің бір ғана көрінісі. Соның ішінде жас ұрпақ тәрбиесі, қыз бала, ана, жар тәрбиесінде ата-бабадан қалған ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу қажет.  Ата-баба мәдениетін жаңғырту – ұлтымызды сақтау, ұлы даламызды сақтау. Сонда ғана  біз жоғалмаймыз», – деп шегеледі ақын ана сөз соңында.

М. Өтемісов атындағы БҚМУ жастарының тыныс-тіршілігі туралы Түймеш Малбағарқызы баяндады. Қалалық білім беру бөлімінің әдіскері Сындар Мұратқызының айтуынша, соңғы кездері ата-ананың бала алдындағы беделі төмендеп барады. Ата-ананың балаға қарайтын уақытының болмауы, толық емес отбасылардың көбеюі – бүгінгі қоғамның өзекті мәселелерінің бірі. Отбасы – болашақ ұрпақтың тұлға болып қалыптасуына негіз болатын, осы жолда оның қанатын қатайтатын алтын ұясы. Бірақ қазіргі таңда отбасы тәрбиесі кейінге ысырылып қалып жүр. Сондықтан да қалалық білім беру бөлімі мектеп мұғалімдерімен ақылдасып, отбасы құндылықтарын жетілдіру жұмыстарын жүргізіп келеді.

– Қала көлемінде 50-ден астам білім беру  ұйымы бар. Барлық білім ошақтарында «Әкелер», «Аналар», «Әжелер» клубы құрылды.

Біз ата-аналармен бірлескен семинарлар, отбасылық сайыстар, экскурсия жұмыстарын жүргізіп келеміз. Қыркүйек айында қала бойынша 112 қыз  мектепке орамалмен келіп, қоғам назарында болғаны белгілі. Осы жағдайда  мемлекеттік құрылымдар «Әжелер», «Әкелер» клубымен көп жұмыс атқарды. Соның нәтижесінде қазіргі күнде орамалын шешпеген бір қыз бала ғана қалды. «Әжелер» клубы арқылы қалалық, облыстық форумдар ұйымдастырдық. Ауыл мен қаланың байланысын нығайту мақсатында қалада өскен балаларды ауылға, тарихи орындарға апарып, ата-анасымен бірге экскурсия ұйымдастырдық. Жалпы, бала ең бірінші отбасылық құндылықтарды бағалап, өз тамырынан нәр алып жетілуі тиіс. Осы мақсатта біз әр түрлі шараларды күнделікті жұмыс жоспарына сай ұйымдастыра бермекпіз, – дейді  Сындар Мұратқызы.

Рухани жаңғыру аясында қазіргі жастардың этникалық өзіндік санасын қалыптастыру мәселелері сөз болған жиында қазіргі жастарға деструктивті діни ағымдардың әсер етуі, ерте ана болу мен жауапты ата-ана келбеті де мұғалімдердің назарынан тыс қалмады.  Қалай болғанда да, «Жүріп өткен бабалар жолындағы ұлттық құндылықтарымызды жас ұрпақ бойына сіңіре алсақ, біз ұлт ретінде сақталып қаламыз» деген оймен түйінделді  бұл  жиын.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»


Ақбөкендердің саны анықталуда

Күні: , 23 рет оқылды

Сәуірдің 24-інен  бастап Қазталов,  Жәнібек,  Жаңақала,  Ақжайық, Тасқала,  Бөкей  ордасы  аудандарында киіктердің  санағы  басталды.  Бұл  туралы  «Охотзоопром»  МҚК» ӨБ  Батыс  өңірі  бойынша филиал  басшысы  Дархан  Саматов  мәлімдеді.

Қазір өңіріміздегі киіктер «АН-2» ұшағымен әуеден саналып жатыр. Ұшақ базасы Қазталов ауылында орналасқан. Мамандар күніне  8-10 сағатқа дейін киіктерді әуеден бақылайды.

Әуеден бақылауға «Охотзоопром» МКҚ» ӨБ қызметкерлерімен қатар «Қазақстан биоалуантүрлілігін сақтау ассоциациясының», «БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының» мамандары қатысуда. Биылғы санақтың қорытындысы киіктер төлдеп болғаннан кейін белгілі болуы тиіс. Ал төлдеу мамыр айында басталады.

Мамандар жылдан-жылға киік санының көбейіп келе жатқанын айтады. Бір қуантарлығы, биыл аймақтарда ақбөкендердің жаппай қырылып қалу дерегі тіркелген жоқ. Мысалы, өткен жылы ақбөкендердің саны Орал аймағы бойынша 96 200-ге жеткен. Есесіне, браконьерлік әрекеттер  де жиілеп тұр. Мәселен, өткен жылы киікті заңсыз аулау бойынша 42 факті тіркелсе, биыл жыл басынан бері киікті заңсыз аулауға қатысты 20 оқиға  орын  алған.

– Киіктің мүйізін сату арқылы оңай олжа тапқысы келетіндер көбейіп тұр. Оларға тосқауыл қою – баршамызға ортақ міндет. Қазіргі күнде 50 инспектор жол талғамайтын көліктермен киіктерді осы қаскөйлерден қорғауда, – дейді «Охотзоопром» МҚК» ӨБ Батыс өңірі бойынша филиал басшысы Дархан Талғатұлы.

Айта кетер жайт, 2002 жылы ақбөкендер халықаралық табиғат қорғау одағының «Қызыл кітабына» енгізілген. Біздің елде де 2020 жылға дейін киікті аулап, атуға тыйым салынған.

Мөлдір  ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ,

Қазталов  ауданы


Облыс аумағына ғарыштық мониторинг жүргізілмек

Күні: , 15 рет оқылды

Жуырда  Өңірлік  коммуникациялар  қызметі  алаңында көктемгі-жазғы  кезеңде  өрт  қауіпсіздігі  шараларын және суға шомылу  ережелерін  сақтау  жөнінде  баспасөз  мәслихаты өтті. Брифингке   БҚО  төтенше  жағдайлар  департаменті басшысының орынбасары,  азаматтық  қорғау  майоры  Нұрлан Таубеков,  БҚО  табиғи  ресурстар  және  табиғат  пайдалануды реттеу  басқармасының  су  ресурстары  бөлімінің  басшысы Марат  Машекенов  қатысты.

Өрт қауіпті кезеңге өртке қарсы қызметі мен орман шаруашылығы мекемелерінің дайындығы жөнінде Нұрлан Таубеков баяндады. Бүгінде облыстағы орман қоры 216,8 мың гектарды құрап, оны күзетуді сегіз мемлекеттік мекеме жүзеге асыруда. Сондай-ақ өңірдегі табиғи өрттің алдын алу және сөндіру үшін құрамында 2966 адам бар 150 ерікті өрт сөндіру құрамасы құрылған. Олардың қолында тоғыз автоцистерна, 448 әр түрлі техника мен 1701 аспалы өрт сөндіру құралы, 105 мотопомпа бар. Ал жергілікті атқарушы құрылымдардың күштері мен құралдары қатарында 3424 адам,  521 түрлі техника, 15 өрт сөндіру көлігі және бір өрт сөндіру пойызы бар. Нұрлан Таубековтың айтуынша, жыл басынан бері облыста көлемі 724 га құрайтын 54 табиғи жану тіркелген. Өрттің шығуына негізінен халықтың отты абайсыз пайдалануы және құрғақ шөптерді рұқсатсыз өртеуі себеп болып отыр. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті  «Ғарыш сапары» ҰҚ»  АҚ-мен облыс аумағында ғарыштық мониторинг жүргізу үшін жалпы сомасы 6,5 млн. теңгені құрайтын келісімшарт жасасқан. Бүгінде төтеншеліктер жергілікті атқарушы құрылымдармен бірлесіп, жеті өрт сөндіру бекетін ашып отыр. Нұрлан Сейдаханұлы суға шомылудағы қауіпсіздік шараларына да тоқталды.

– Қазір облыс бойынша бір қалалық және төрт жеке жағажай бар. Мектеп пен балаларсауықтыру лагерьлері директорларының, сондай-ақ демалу орындары иелерінің өтінімдеріне сәйкес облыс және қала аумағында орналасқан су айдындарында 14 жағажайдың су асты тексерілді, – деген ол  тұрғындардан суға шомылу кезінде сақтық шараларын ұмытпауды  ескертті.

Орман өрттерінің алдын алу шараларына тоқталған Марат Машекеновтың айтуынша, орманды және жануарлар дүниесін қорғаумен айналысатын сегіз мемлекеттік мекемеде орман-өрт стансалары ашылған.  Оларда 13 бірлік өрт сөндіру аутокөлігі, 114 байланыс құралы мен 36 трактор, бес өрт бақылау мұнарасы, 172 бірлік аспалы өрт сөндіргіш және т. б. өрт сөндіру құралдары жабдықталып, жанар-жағармай қоры жасақталған.

– Өткен жылы облыс бойынша 17 орман өрті тіркелді. Олардың жалпы жер көлемі 557,5 гектарды құрап отыр. Бұл өрттердің барлығы дерлік дала өрттерінің кесірінен туындады. Сондай-ақ былтыр 300-ден астам дала өрті мен жануы орын алды. Далалық жерлер мемлекеттік орман қоры аумағына жатпаса да, орман шаруашылығы мекемелерінің өрт сөндіру сарбаздары 111 рет дала өртін сөндіруге ат салысты. Былтыр өрт ережелерін сақтамағаны үшін 20 хаттама толтырылып, 238,2 мың теңге айыппұл өндірілді. Орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында өткен жылы облыс бюджетінен 46,7 млн. теңге бөлінді. Биыл облыс бюджетінің қаражатына  «Беларус-1221.2»  тракторын және «Газ-3309» су тасығыш аутокөлігін сатып алу жоспарланып отыр, — деді  Марат  Машекенов.

Ясипа   РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»


«Көктем балы — 2018» өтті

Күні: , 17 рет оқылды

Мереке қарсаңында Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында Астана қаласының 20 жылдығы және 1 мамыр – Қазақстан халқының  бірлігі күні мерекесіне орай «Көктем балы» шарасы өтті.

Қаладағы С. Сейфуллин атындағы №11 дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернаты кешені аталмыш шараны дәстүрлі түрде сегізінші мәрте ұйымдастыруда.

Би мерекесінің басты мақсаты – би өнері арқылы оқушылардың эстетикалық талғамын кеңейту, әдемілікке, сымбаттылыққа, бір-біріне деген сыйластыққа баулу. Сонымен қатар осы мәдени шарада оқушылар әр түрлі халықтардың ғасырлар бойы қалыптасқан би мұрасы арқылы олардың мәдениетімен танысады.

Мерекеге аталған мектептің 6-16 жас аралығындағы 280 оқушы қатысты. Би мерекесінде үздік өнер көрсеткен жұпқа тәж кигізіліп, «Көктем балы — 2018» жеңімпаздары деген атақ берілді.

Нұрбек   ОРАЗАЕВ,

«Орал   өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика