Мұрағат: Май, 2018


Ержүрек Мәншүктің еңселі ескерткіші Астана төрінде асқақтамақ

Күні: , 864 рет оқылды

Биыл  Астананың  20  жылдығына  орай  кең  байтақ Қазақстанның  әр  өңірі  Елордаға тарту  жасауда. Мәселен,  Батыс  Қазақстан  облысы Астанада тынымбақ  жасақтап, соның  төріне  Кеңес  Одағының  Батыры, кіндік  қаны Нарын құмына  тамған  Мәншүк  Мәметованың ескерткішін орнатпақ. Шығыстың  қос  шынарының  бірі, Кеңес  Одағының  Батыры Әлия Молдағұлованың  ескерткіші  бұдан  біраз  жыл  бұрын еліміздің бас қаласында  орнатылған  болатын.  Қазақтың  қос қаһарман  қызының  ескерткіштері  сәулетті  Астанамыздың  сән-салтанатына  онан  сайын  шұрай-көрік  қосатыны  шүбәсіз.

Хамза  САФИН,

соғыс  және  еңбек  ардагері:

– Астанада ер Мәншүктің еңселі ескерткіші бой көтеретініне қуаныштымын. Қаршадай қыздың қан майданда көрсеткен ерлігіне қанықпыз. Ол өр намыстың, өжет рухтың, болмысы нәзік болса да, шарболаттай шыңдалған қайсарлықтың нақ үлгісі болды. Халқымыздың мақтанышына айналған қазақ қарлығашының мүсіні Астана төріне  қонатынын естігенде, ардагер қауымы «Бәрекелді!» дестік. Ұрпағымыз оның ерлігіне тәнті болып, ұлықтап жүреді. Жасындай жарқ еткен қазақтың қайсар қызының от пен оқтан міз бақпай, ержүрек ерлермен бірге қанды шепте жауды жайратқанын Елордамызға келген меймандар мен шетелдік туристер де естіп-біліп, аңыз қылып айтады, даңқын шартарапқа жаяды. Мәншүк Мәметова – бізге әлемдік дәрежеде жарқыратып көрсетуге болатын тұлға. Әке намысын қуып, алапат қан майданға өзі сұранып барған қазақ қарагөзінің тәуекел қадамы – тарихи сабақ әрі тәрбие көзі, түптеп келгенде, бірлік пен бейбітшіліктің, татулықтың айрықша символы. Оның өмірбаяны мен ерлік жолын зерттей отырып, қанды репрессия мен сұрапыл соғыстың зардабын жас ұрпақ та санасына тоқиды. Сондықтан Мәншүк Мәметова ескерткішінің Астанада орнатылуының идеологиялық маңызы жоғары және Ақ  Жайық өңірінің дара перзенттерді дүниеге әкелгенін паш етеді. Сондықтан оған бөлінген қомақты қаражат рухани игілік жолына жұмсалып жатқанын  есте  ұстаған  ләзім.

Нина  ПАВЛЫЧЕВА,

«Aqjaiyq»  телеарнасының  редакторы:

– Астананың 20 жылдығына орай Елордаға Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың ескерткіші орнатылатынын естігенде қатты қуандым.  Астаналықтарға  Жайық жұртшылығының сыйы ерекше әсер қалдырады деген сенімдемін. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында ұлт мақтанышы болған батыр бабаларымызды, данагөй билеріміз бен жырауларымызды, сондай-ақ еліміздің дамуына үлес қосып жүрген замандастарымыздың жетістігін насихаттау қажеттігін айтқан болатын. Ұланғайыр даланы көзінің қарашығындай сақтап, туған өлкенің бір уыс топырағы үшін жанын қиған жандар тарихымызда аз емес. Шығыстың қос шынарының бірі – Мәншүк Мәметова да Отан үшін от кешті.  Алыстан менмұндалап көрініп тұратын Мәншүктің еңселі ескерткіші Елордада тұрса, батысқазақстандықтар үшін де, батыр қыздың туыстары үшін де зор абырой  деп  есептеймін.

Флюра  МИЛИКЕЕВА,

татар  этно-мәдени  бірлестігінің жетекшісі:

– Астананың 20 жылдық мерейтойына Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың еңселі ескерткішін батысқазақстандықтардың атынан сыйға тартатынына өз басым қуаныштымын. Бұл бастаманы қолдаймын. Батыр қызымыздың еңселі ескерткіші Елордамыздың төрінен орын алып, жас қала жұртшылығына рух беріп тұрады деген сенімдемін. Бұл, әсіресе, жас ұрпақ үшін аса қажет. Жеңіс даңғылындағы тынымбаққа келген жас балалар батыр қыздың рухына бас иіп, Мәншүк Мәметованың кім екенін біліп, құрметпен қарап өсетін болады. Отан үшін от кешіп, отты жылдарда ерлікпен қаза тапқан батыр қыз – тек батыс өңірдің ғана қызы емес, бүкіл елдің қызы. Сондықтан өрлік пен ерліктің белгісіндей болған батыр қызымыздың асқақ ескерткіші астаналықтарға, барша отандастарымызға жалын-жігер,  асқақ   рух сыйлары   анық.

Алтынбек   ЕРМЕКҚАЛИЕВ,

Жаңақала   аудандық «Жаңарған  өңір» газетінің   тілшісі:

– Қазақ халқында батыр қыздар аз болмаған. Сонау сақ ханшайымы Тұмар, Бопай ханымдардан жалғасқан қазақ қыздарының қайсарлығы, пайым-парасаты, жанкешті ерлігі есімдерін дүйім елге мәшһүр етті. Қаршадай болса да,  қатыгез жауға қасқайып қарсы тұрған Әлия мен Мәншүк секілді аяулы апаларымыздың ерен ерлігін дәріптеу – бүгінгі  ұрпақтың  парызы.

Батыс Қазақстан облысы Астана қаласының 20 жылдығына орай Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың еңселі ескерткішін сыйға тартпақшы екен. Бұл жағымды жаңалықты естігенімде, қуанғанымды жасырмаймын. Батыстан шықса да, бүкіл ел үшін жанын пида еткен, баһадүр батыр апамыз М. Мәметованың ескерткіші Астана қаласында  орын  алатындығы  біз  үшін  үлкен  мақтаныш!

Светлана  БЕКТЕНОВА,

Орал  қаласындағы  М.  Мәметова  мемориалдық  музейінің  директоры,

ҚР  мәдениет  қайраткері:

– Биыл еліміздің бас қаласы Астананың 20 жылдығы кең көлемде аталып өтуде. Осы айтулы күнге орай батысқазақстандықтар Елорда тұрғындары мен қонақтарына тынымбақ жасақтамақ. Бұл демалыс орнының төрінде Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың ескерткіші орнатылатын болады. Бұл біз үшін, әсіресе, музей қызметкерлері мен Ақ Жайық өңірінің ардагерлері, «Фронтовичка» клубы мүшелері үшін мерей-мақтаныш деп білемін.

Мәншүк Мәметова – 1944 жылы 1 наурызда Кеңес Одағының Батыры атағын алған тұңғыш қазақ қызы.

Астананың төрінде тұрған батыр Мәншүктің ескерткішін астаналықтармен қатар, еліміздің әр түкпірінен келген қонақтар тамашалап, рухына тағзым ететін болады. Бұл жерде бүгінгі жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеп, батырларымыздың ерлігін бағалап, есімдерін мәңгілік есте сақтауға баулитын танымдық іс-шаралар өткізілмек.

Мәншүк Мәметова орыс жерінде жерленген. Мен әр жылдары «Әкелер даңқы жолымен» слеті кезінде автошерумен барған сайын псковтықтар мен невельдіктердің оны осы күнге дейін қатты құрметтейтініне куә болып келемін. Невель қаласын айтпағанның өзінде сол айналадағы елді мекендердің баласынан бастап кәрісі де батыр Мәншүктің есімін мақтанышпен айтады. Бұл – біз үшін үлкен мәртебе, зор қуаныш. Мәншүкпен қарулас болған жігіттер, бүгінгі ардагерлердің көзі әлі тірі. 100-қазақ атқыштар бригадасында майдан даласында бірге болған Сұлтан Жиенбаев бүгінде 96 жаста, Алматыда тұрады. Ардагерге біздің облыстың Астанаға арнаған тартуы жайлы айтқанымда, қатты қуанған болатын.

Биыл Мәншүк Мәметованың ерлік жасап, қаза тапқанына 75 жыл толады.  Көп кешікпей  Астананың  төрінде асқақтамақ қазақтың қаһарман қы-зының ескерткіші оның ерлігіне Отанының  және  бір  тағзымы  болмақ.


«Регатаның олимпиададан қандай айырмашылығы бар?»

Күні: , 61 рет оқылды

Көктемде  өңірімізде  математика  пәні  мұғалімдерінің  арасында  республикалық  математикалық  регата  өткізілгені  оқырман жадында  болар.  Осы  бағытта  «Математикалық  регатаның олимпиададан  қандай  айырмашылығы  бар?  Жалпы, регата  дегеніміз  не?  Бұл сайыс  оқушылар  мен  мұғалімдерге не  береді?»  деген  сұрақтармен  «Өрлеу»  біліктілікті  арттыру  ұлттық  орталығы» АҚ  филиалы  Батыс  Қазақстан  облысы  бойынша  педагогикалық қызметкерлердің  біліктілігін  арттыру  институты  директорының  орынбасары  Елдос  Сафуллинге  жолыққан  едік.

«Регата» – итальян сөзі, бір уақыт аралығындағы желкенді, ескекті және моторлы кемелер арасындағы жарыс деген ұғымды білдіреді. «Желкенді кемелер» жарысында  әр кеме топ болып жарысады екен. Математикалық регатаның өзге математикалық байқаулардан мәселен, математика бойынша  пәндік олимпиададан ерекшелігі де сол,  бұл байқауда топтар жарысады. Әр топта төрт оқушыдан болады. Регата төрт турдан тұрады. Төрт турдың  белгіленген  өз  уақыты бар.

Елдос Нәбиоллаұлының айтуынша, математикалық регата облысымызда көп жылдардан бері өткізіліп келеді. Бұл жарыс Мәскеу қаласында 1997 жылдан бері өтеді екен. Осы бір математикалық жарыстың қарапайым әрі қызықты өтетіндігін байқаған сол кездердегі «Дарын» қосымша білім беру орталығының директоры Ғали Ғұбашев «Облысқа қалай енгіземіз?» деп ойланып жүреді. Сөйтіп ол  белгілі математик Өтебай Құспановпен  бірлесіп, шамамен 2003 жылдан бастап өңіріміздегі мектеп оқушыларына математикалық регата өткізе бастайды.

– Мен математикалық регата өткізуге 2008-2009 жылдары сол кездегі «Дарын» қосымша білім беру орталығы директорының орынбасары Нұрлы Ғазезқызының шақыруымен қосылдым. Қазір ол кісі Назарбаев зияткерлік мектебінде қызмет жасайды.  Сол жылдардан бастап  математикалық регатаға қазылық жасап жүрдім. Бірақ регата барысында көңіліме ұнамайтын жайттар да ұшырасты. Біріншіден, берілген есептің қазақша шартында өрескел қателіктер көп болды. Өйткені, есеп құрастыратын математиктер орыстілді еді.

Екіншіден, тапсырма бала мүмкіншілігінен  тыс күрделі берілетін.  Үшіншіден, есептердің шарты құпия сақталмай, қатысушылар арасында таралу ықтималдығы да бар еді.  Бірақ бұл үрдіске бірнеше адам қатысатындықтан, ағаттық кімнен кеткенін анықтау қиын еді. Алайда шарты қате жазылған есептің жауабын оқушы сартылдатып тез шығарып әкелгенде бұл ағаттық бірден байқалып қалатын еді. Кейіннен осы мәселені Ғали Ғұбашевке айтқанымда ол кісі:  «Регата есептерін өзің құрастырсаң» деген ұсыныс айтты.  Содан бері мен есептерді өзім құрамын, өзім теремін, өзім конверттерге саламын. Менің бір әдетім, туған балама да есептің жауабын бермеймін. Өйткені жарыс әділ өтуі керек деп есептеймін. Жасыратыны жоқ, алғашында таныстарым байланысқа шығып, есептің шартын, жауабын сұрап жүрді. Бірақ менің бермейтінімді білгеннен кейін күдерін үзе бастады. Содан бері үздіксіз регатада жүрмін, – дейді Елдос Нәбиоллаұлы.

2013  жылдан бастап математикалық регата тек оқушылар арасында ғана емес, мұғалімдер арасында да аймақтық деңгейде өткізіліп келеді.

– Сол кезде де тапсырма құру маған жүктелді. Мен ұйымдастырушыларға: «Есепті мен құрастыратынымды ешкім білмесін» деген шарт қойдым. Сол жылдардан бері  математикалық регатаны мұғалімдер арасында өткізе бастадық, – деп сөзін сабақтаған Елдос Нәбиоллаұлы компьютерін ашып, регата есептерін көрсете  бастады.

Компьютердегі арнайы папкада қазақ, орыс тілдеріндегі есептер, қатысқан командалардың сканерленген жауабы, оған қойылған ұпайларына дейін мұқият сақталыпты. Әр облыстың мықты математик мұғалімдері қатысатын математикалық регатада қызықты сәттер жиі кездеседі екен.

Бірде 8-сынып оқулығында шешуімен берілген санның иррационалдығын дәлелдеу туралы қарапайым есепті 16 командадағы 64 мұғалімнің бірде бірі шығара алмапты. Мұндай жағдайда кейіпкеріміз біліктілік арттыру курстарына келетін математика пәні мұғалімдеріне сол есепті тапсырма қылып беруді әдетке айналдырған.  Осылайша жылдар бойы жинақталған еңбекте, күні кеше өткен республикалық регатаға дейін өткізілген жұмыстардың бәрі тиянақты, үлкен жауапкершілікпен сақталған.

– Математикалық регата математика пәні бойынша озық оқушы мен мұғалімді анықтауға мүмкіндік береді. Одан бөлек, жарысқа қатысам деп мақсат қойғанда  адам өзі жүйелі дайындалатыны айтпаса да түсінікті. Регатаның ерекшелігі – топтық жарыс. Біткен бойда шешімі көрсетіліп, орындар бөлінеді. Оқушылар арасында өтетін математикалық регатада дарынды  оқушылар анықталып, мұғалімі де қоса мадақталады. Оқушыны дайындаған математика мұғалімін бірге мадақтау идеясын іске асырып жүрген өңірімізге белгілі математик Өтебай Құспанұлы екендігін атап өту керек. Бұл мұғалімге санатын көтерген кезде көп көмек көрсетеді. Негізінен біздің мұғалімдер анда-мұнда алаңдап, көп уақыт жоғалтып алады. Шын мәнінде бүкіл білім мектептің  математика оқулығында жатыр, – дейді кейіпкеріміз.

Жайық бойынан бастау алған математикалық регата қазір республикалық  деңгейде де өткізіле бастады. Аталмыш білім бәйгесінде талай шәкірт пен ұстаз өз білімін шыңдады. Қызықты әрі қарапайым жарыстың ең бастысы, әділ өтетіндігіне мұғалімдер мен оқушылар дән риза. Биылғы көктемде өңірімізде  талай мықты математиктің басын қосқан республикалық математикалық регата жоғары деңгейде өтті.

– Бір қуанарлығы – біздің облыстың математик мұғалімдері Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау өңірлерінің мұғалімдерімен салыстырғанда ең алда тұр. Ал оқушыларымызбен әлі де көп жұмыстануымыз қажет, – дейді Елдос Сафуллин.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»


Жайсаң Ақбай атындағы сынып ашылды

Күні: , 81 рет оқылды

Сарой  ауылдық  округінің орталығындағы  Абай  орта  мектебінде  «Алтын  ұя –  мектебім, сенен  ұшып  көктедім!»  атты  салтанатты  жиын  өтті.  Шараға  Сырым  ауданының  әкімі  Төлеген  Төреғалиев,  өлкетанушы  Жайсаң  Ақбай, облыстық  балалар  мен  жасөспірімдер  туризмі  және  экология орталығының  директоры  Виктор  Фомин  қатысты.

Биыл Абай орта мектебі 50-ші мәрте өз түлектерін ұшырып отыр. Салтанатты шара мектептің 11-сыныбын аяқтаған жас түлектер мен олардың сынып жетекшісі Г. Жауарбекованы құрметпен қарсы алудан басталды. Осы сияқты мектептің әр жылдардағы түлектері, тіпті Абай орта мектебін алғашқы болып бітірген 1968 жылдың түлектері де құрмет алаңынан өтті.

– Оқу мен білім алу талабы – бүгінгі күні тек мектептің емес, заманның адамзатқа қойған негізгі талабына айналды. Білімнің сапасы мектептен қалыптасады. Абай орта мектебі осы уақытқа дейін сапалы білім беруді басты ұстаным етіп келді. Осымен 50-ші түлегіне сәт сапар тілеген мектепті мерейлі қуанышымен құттықтаймын! Білімді ұрпақ көбейсін! – деді оқушыларды 2017-2018 оқу жылының сәтті аяқталуымен құттықтаған аудан әкімі Төлеген Төреғалиев.

Салтанатты шарада мектеп педагогтары Бауыржан Асенеев, Серік Досқали және Кәкима Өтешова аудан әкімі Төлеген Төреғалиевтің алғысхатымен марапатталды. Облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығының директоры Виктор Фомин Гүлбарам Ахметқалиева, Тамара Бержанова, Ләззат Төленбекова және Алмагүл Қайырбаеваға облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасын тапсырды. Олардың әріптестері Азамат Өтешов, Ерес Бисенғалиев, Айгүл Сәрсенғалиева аудандық білім беру бөлімінің Құрмет грамотасына ие болды. Грамотаны аудандық білім беру бөлімінің басшысы Зәмзәгүл Ерғазиева табыстады. Мектеп әкімшілігі 2017-2018 оқу жылында оқуда озат болған оқушыларды, сонымен бірге мектепішілік «Үздік сынып», «Спортшы сынып» және «Үздік оқушы» байқауының жеңімпаздарын марапаттады.

Осы күні Абай орта мектебінде өлкетанушы Жайсаң Ақбай атындағы сынып ашылды. Сыныпты салтанатты ашу құрметі ғалымның өзі мен аудан әкіміне ұсынылды. Сынып ашудың бір мақсаты жерлес ғалымға құрмет болса, екінші мақсаты  ұрпақ тәрбиесі, – дейді мектеп директоры Тұрсын Төреғалиева. Сыныпта Жайсаң Ақбайдың еңбектері, жеке кітапханасындағы ғылыми әдебиеттер, ғалымның жеке  дүниелері  қойылған.

Бауыржан  ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым  ауданы


«Жығылғанға жұдырық» жұмсаған кім?

Күні: , 393 рет оқылды

Оқырманның  есінде  болса, «Орал өңірі» газетінің  биылғы  жылдың  қаңтар  айындағы  №7 санында  «Далаға  тастар  балам  жоқ» атты  мақала  жарияланған  еді.  Бұл  мақалада  отбасын тастап,  өзгенің  қолынан  ұстап  кеткен  әйел,  бес баласын  қанатының  астына алып,  жалғыз қалған Сержан  Мұқанов  есімді  әкенің  тірлігі  турасында  редакция  тілшісі Серік Ихсанғали  жазған болатын.  Жақында  Сержан  ағамыз  редакцияға қоңырау  шалып,  алаяқтарға  оңбай  алданғанын  айтты.

«Жығылғанға жұдырық» демекші, алды 15-ке, кенжесі үш жасқа толатын балаларын қайтсем жетілдірем деп жарғақ құлағы жастыққа тимей, шырылдап жүрген әкенің мұң-мұқтажын біліп, түйткілдің түйінін шешу мақсатында кейіпкеріміздің жұмыс орнына бардық.

– 2016 жылы отбасын асыраймын деп Ресейдің Самара қаласында тұратын ағаммен бірлесіп жұмыс жасадым. Тапқан қаражатымды әлсін-әлсін жанұяма әкеліп беріп тұратынмын. Бір келгенімде әйелімнің менен суына бастағанын байқадым. Ішім бір жамандықты сезгендей, он күннен соң қайта оралдым. Келсем әйелім үш қызымды Сырым ауданында тұратын сіңлісіне апарып, қалғанын үйдегі кәрі әкемнің қасына тастап, өзі тайып тұрыпты. Содан аурулы әкеммен, бес баламен жалғыз қалдым. Бұл әңгімені теледидардан да айттым, газет бетіне де шықты. Сондықтан бүге-шүгесіне тоқталмай-ақ қояйын. Басыма түскен ауыртпалықты естіп, облысымыздағы «Ақжайық», «ТДК-42» телеканалдары арнайы хабар түсіріп, «Орал өңірі» газеті мақала жариялады. Сол кезден бастап жағдайыма қаныққан өңір халқынан көмектер келе бастады. Бірі есепшотыма қаржы аударса, енді бірі азық-түлік, балаларыма киім-кешек, тұрмысқа қажетті заттарды алып берді.

Сол көмектердің арқасында өткен қыстан қиналмай шықтым.

Қолұшын созған барлық жерлестеріме айтар алғысым шексіз, – дейді Сержан. Сөйтіп барға қанағат етіп, ел қатарлы күнін көріп жатқан әкенің тыныштығын бір ғана телефон қоңырауы бұзған екен.

– Бір күні Астанадағы Еуразия бірінші телеарнасының, «Пендеміз ғой» бағдарламасынан хабарласты. Жол шығынын өздері өтейтіндерін айтып, ток шоуға қатысуға шақырды. Бес баламды алып, пойызбен Астанаға бардым. Бағдарламаға қатыстық. Басымызға түскен жағдайды айттық. Ток шоуға Жеңіс Ысқақова, Бауыржан Исаев сынды өнер жұлдыздары қатысып, өз пікірлерін ортаға салды. Бағдарламаны эфирден мамыр айының 7-сі күні көрсетті. Артынша 14-і күні қайталады. Бар пәле осы күннен басталды. Сол күні бағдарлама көрсетілімі аяқталған соң, ұялы телефоныма бі-реу қоңырау шалды. Өзін Гүлмира Оспановамын деп таныстырған әйел «Ана мен бала» қорынан екендігін айтты. «Сіздің қиын жағдайыңызды теледидардан көрдік. Біздің қор сізге 750 мың теңге қаражат аударуды ұйғарды. Сіздің атыңызға есепшот ашуымыз керек. Оны ашу үшін сіз бізге  80 000 теңге қаржы аударуыңыз керек» деді. Ертесіне, яғни 15 мамыр күні таңертең қайта қоңырау шалып, «Бізге бір кәсіпкер тағы 200 мың ақша алып келді.

Сіз 125 мың теңге аударсаңыз, сіздің есепшотыңызға 950 мың теңге қаражат аударамыз» деп өздерінің есепшот нөмірлерін берді. Мұндай қомақты көмектен кім бас тартқан деп ойладым. Үйде бір қысылыс кіргенде керек  болар деп жинап жүрген 25 мың теңгем болатын. Жан ұшырып  жұмыс орныма келіп, бастығымнан 100 мың теңге қарыз сұрадым. Өзім «Камал Ойл» құрылыс компаниясында күзетші болып қызмет етемін ғой. Басшым сөзге келместен сұраған қаржымды қолыма ұстатты. Сөйтіп 15 мамыр күні 125 мың теңгені Баймолданова Райхан Жұмахановна деген әйелдің есепшотына аудардым да жібердім. Кейін аталған адам күнде таңертең хабарласатын болды. «Аударған ақшаңыз біздің есепшотқа түспей жатыр. Жақында «Нұр Отан» партиясының адамдары және Зағипа Балиева арнайы барып, жағдайыңызды білетін болды. Сізге Жеңіс Ысқақова мен Бауыржан Исаев 400 мың теңге аударып отыр. Ол үшін сіз бізге 53 мың теңге қаражат салуыңыз керек» деді бір күні. Барып бастығыммен ақылдастым. Ол кісі  бұлар дұрыс адамдар еместігін айтып, ешқандай ақша аудармау керектігін ескертті. Сөйтіп арада үш-төрт күн өтті. Аударылатын ақшадан еш хабар жоқ. Сосын 18 мамыр күні облыстық ішкі істер департаментіне барып арыз жаздым. Көп ұзамай қалалық ішкі істер бөлімінен хабарласып, менің арызымның соларға жолданғанын айтып, келуімді өтінді. Полиция бөлімшесіне барып, фамилиясы есімде жоқ, аты Қайырбек деген тергеушіге жолығып, қайта арыз жаздым. Олар бір жағдай анықталса, өздері хабарласатындықтарын айтты. Шыдай алмай 24 мамыр қайта бардым. Әзірге нәтиже жоқтығын айтып, шығарып салды. Кеше хабарласып, нәтиже болмаса БАҚ өкілдеріне хабарласатынымды айттым. Олар әлі де болса күтуімді, журналистерді шақырмауымды өтінді, –  дейді  кейіпкеріміз.

Жанұясын, көздері мөлдіреген төрт қызы мен жалғыз ұлын тастап кете барған «көкек анадан да» еш қайыр болмай тұр. Кейіпкеріміздің жағдайы дүйім теледидар, газет арқылы жұртқа жария болған соң балалардың анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Одан соң осы жылдың қаңтар, ақпан айларында бар болғаны 5000 теңгеден алимент төлепті. Наурыз, сәуір айларында тағы төлемей, мамырда үш айға  14 000  теңге  ғана  аударыпты.

– Бес балаға айына бес мың теңге аударады. Сонда бала басына шаққанда айына мың теңгеден келеді. Маған хабарласып, «Бір балаға айына 1000 теңгені жеткіз» дейді. Ол ақша менің қай жыртығыма жамау болмақ? Ішінен шыққан бауыр еті балаларын тастап кетсе де, «Күміс алқа» иегері ретінде жәрдемақы алады. Ол не үшін беріледі сонда? Ешкім оны үйден қуған жоқ, өз аяғымен кетті. Олай болса, мемлекет неге алиментті күштеп төлетпейді? Заңдылық жағын дұрыс білмегендіктен, бұл жайттарды түсіну мен үшін қиын. Ендігі мақсатым – бұрынғы әйелімді заңды түрде аналық құқығынан айырса екен деймін. Денім сау болса, осы балаларды оның көмегінсіз өзім-ақ жетілдіремін, – дейді  Сержан.

Күзетші болып жұмыс жасап, қолына алатын 40 мың теңгесі  мен халықтан түскен азын-ауық көмекті місе тұтып, балапандарын асырап отырған отағасы осылайша оңбай алданған. Ол алаяқтарға аударған 125 мың теңгені адал термен табуы үшін кемі төрт ай жұмыс жасау керек. Жалғызбасты әке ретінде де ешбір жеңілдік қарастырылмаған. Балалар әзірге каникулда. Күні ертең үш ай демалыс артта қалып, балаларды сабаққа дайындау керек болады.

– 125 мың теңге мен үшін көп ақша. Мінезім ашық, адамға сенгіш жанмын. Сол себепті де алданып отырмын ғой. Қасиетті Рамазан айында адамдардың осындай алаяқтыққа баратынын кім ойлаған? Ендігі жерде жергілікті полиция қызметінен көмек күтемін. Мені алдап соққан жандарды тауып, ақшамды қайтарып берсе екен деймін. Полицияға шағымданғанда алаяқтардың телефон номерін, аударған қаражатымның түбіртегін, аты-жөндерін толық көрсеттім. Сол деректер бойынша қылмыскерлерді тез анықтайтын болар деп есептегем. Шағымданғаныма 12 күндей уақыт өтті, еш нәтиже болмай тұр, – дейді Сержан.

Кейіпкеріміздің қолындағы ұялы телефоннан тергеушінің номерін алып, біз де хабарласып көргенбіз.

– Сержан Мұқанов есімді азаматтың арызы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қылмыстық іске қатысы болуы мүмкін деген адамдарды анықтау үшін басқа облыстарға сұраныстар жолданды. Бүгінгі таңдағы қолда бар мәліметтерді жария ете алмаймыз. Тергеу аяқталған соң толық ақпарат беретін боламыз, – дейді қалалық ішкі істер басқармасындағы анықтау бөлімінің қызметкері, полиция лейтенанты Қайырбек  Құбаев.

Онсыз да балаларымды қалай жетілдірем деп шақшадай басы шарадай болып жүрген Сержанның бүгінгі халі осындай. Балапандарының амандығын тілеп, Рамазан айында ауыз бекіткен кейіпкеріміздің өкініштен өзегі өртеніп, көзіне жас үйірілгенін көрудің өзі қиын екен. Жергілікті полиция бұл іске оң көз танытып, алданған жанның ақшасын тезірек қайтарып беруге мүдделі болса  екен  дейміз.

«Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған елміз» деп мақтанып жатамыз. Бұл оқиға екі аяқты адам баласының азғындығында шек жоқтығын тағы бір мәрте  дәлелдегендей ме,  қалай  өзі?..

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»


503,7 миллион теңге игерілмей қалған

Күні: , 77 рет оқылды

Бұл  жөнінде  БҚО  қоғамдық кеңесінің  кеңейтілген  отырысында былтырғы  облыстық  бюджеттің орындалуы  жөнінде  есеп  берген облыстық  қаржы  басқармасының  басшысы  Дулат  Имашев  хабарлады.

– 2017 жылға арналған облыстық бюджеттің түсімдер жоспары 119,0 млрд. теңгеге бекітілгенімен, нақтылау мен түзетулер нәтижесінде 26,2 млрд. теңгеге ұлғайтылып, облыстық бюджет 145,3 млрд. теңгеге толықты. Облыстық бюджеттің негізгі кіріс көздерін республикалық бюджеттен бөлінетін трансферттер мен субвенциялар және салықтық түсімдер құрады.

Республикалық бюджеттен ағымдағы нысаналы трансферттер және даму трансферттері 36,6 млрд. теңге сомасында қарастырылып, толықтай бюджетке түсті.  Субвенциялар 47,5 млрд. теңгеге алынды. Сонымен қатар облыстық бюджетке төмен тұрған бюджеттерден 916,3 млн. теңге  көлемінде нысаналы трансферттер қайтарылды. 2017 жылы жергілікті бюджеттен бөлінген бюджеттік кредиттердің 3,6 млрд. теңге сомасы немесе 100 пайызы өтелді. Жыл бойына облыстық бюджетке төрт нақтылау мен жеті түзету  жүргізілді.

Облыстық бюджеттің шығыс бөлігі 144,7 млрд. теңгеге немесе 99,7 пайызға орындалды. 503,7 млн. теңге игерілмей қалды. Оның ішінде 54,3 млн. теңге үнемделді. Орал қаласындағы үш мектептің құрылысынан 236,7 млн. теңге, Орал қаласының жылу электр орталығына тартылған магистральді газ құбырын тартудан 195 млн., жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы аутокөлік сатып алу бойынша конкурстық рәсімдерінің ұзақ өткізілуі және тауарлардың уақтылы жеткізілмеуінен 13,6 млн. теңге қаржы игерілмеді. Жалпы, игерілмеген қаржының ішінде нысаналы трансферттер 213,3 млн. теңгені немесе 42,3 пайызды құрады. 11 ауданға әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге толықтай 33,9 млрд. теңге көлемінде субвенция  аударылды, – деді  Дулат  Имашев.

Басқарма басшысының мәліметінше, қорғаныс саласына 0,7 млрд., қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 6,1 млрд. теңге жұмсалды. Облыстық ішкі істер департаментіне 4,03 млрд. теңге бөлінді. Оның ішінде 101 көлік құралын сатып алуға, Орал қалалық жедел басқару орталығына 100 бейнекамера және 147 санды IP-камера  сатып алынды. Төтенше жағдай құрылымдарының материалдық-техникалық базасын қамтамасыз  етуге 512,8 млн. теңге жұмсалды.  Сондай-ақ білім саласына бөлінген 20,1 млрд. теңге облыстық бюджет шығысының 14 пайызын құрады. Бұл бағытта арнайы білім беретін оқу бағдарламалары бойынша жалпы білім беруге 1,1 млрд. теңге бағытталды. Білім беру нысандарының құрылысына 6 млрд. теңге бөлінді. Денсаулық сақтау саласына 15 млрд. теңге бөлінсе, оның ішінде 1 млрд. теңгеге 19 нысан күрделі жөнделді. Медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға 2,5 млрд.  теңгеге  аударылды.

Жиында Дулат Имашев мәдени және әлеуметтік салалар, су, орман және ауыл шаруашылығына бағытталған қаражаттың игерілуі жөнінде баяндады. Ұлттық қор мен республикалық бюджет есебінен қаржыландырылған мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуы жөнінде айтты. Былтыр «Нұрлы жер» ауқымында 2,9 млрд. теңгеге 10 жоба толық жүзеге асқан. «Нұрлы жол» бойынша 7,2 млрд. теңгенің 13 жобасы 99,9 пайызға орындалды. Кеңейтілген отырыста облыстық қоғамдық кеңес мүшелері әлеуметтік нысандар құрылысы жүргізілер алдында қоғамдық бақылауды күшейту, туризм саласы бойынша бөлінген қаражаттың есебін нақтылауды  ұсынды.

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ,

«Орал  өңірі»


БҚО-дағы «Жаңғыру жолы»

Күні: , 85 рет оқылды

Қадыр  Мырза  Әли атындағы  мәдениет  және  өнер  орталығының  амфитеатрында  БҚО  Қазақстан  халқы  ассамблеясының  «Жаңғыру жолы»   жастар  қозғалысының  бастау алуына  арналған  салтанатты  шара  өтті.

Жиынға БҚО Қазақстан халқы ассамблеясының жастар қанаты, ауданауылдардағы белсенді жастар, студенттер, жастар ұйымдарының өкілдері және еріктілер қатысты.

– Қадірменді жастар! Тұтас еліміз бойынша құрылған «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының алғашқы қадамы құтты болсын! Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында елімізде 130-дан астам ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Келесі ұрпаққа дамыған, бүкіл дүние жүзінде беделі бар тәуелсіз мемлекетімізді тапсыру деген үлкен жауапкершілігіміз бар. Осы міндетті атқаруда, жастар, сіздердің рөлдеріңіз ерекше.

Әлемде қазақтың дәстүрі мен мәдениеті, тілі, тарихы ұмытылмайтындай дәрежеге жеткізу «Рухани  жаңғыру» бағдарламасының негізгі мақсаты болып есептеледі. Бүгін бүкіл жастарды біріктіретін жастар қозғалысының негізгі мақсатын айқындау, түсіндіру үшін жиылып отырмыз. Өздеріңізді осы жастар қозғалысына белсенді түрде қатысады деген үмітіміз зор. Елбасымыз жуырда ғана сіздерге «Өзге қырыңды тап» деген үлкен бейнеүндеу жолдады. Мұның негізгі мақсаты – денсаулығымызды сақтау үшін әрқашанда қимылда болып, денемізді шынықтырып тұруымыз  керек екенін насихаттау. Осы бастаманы белгілі қоғам қайраткерлері, талай жастарымыз қолдап әкетуде, біздің жастарымыз да құр қалмауы керек. Жолдарыңыз ашық, жарқын болсын, еліміз дами берсін! Әрдайым осындай жақсы іс, игі бастамалардың басынан жүздесейік! – деді облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов жастарды құттықтау сөзінде.

Амфитеатрға жиылған жастар «Біздің күшіміз бірлікте!», «Болашаққа бірлікпен!», «Жастар қуатты Қазақстан үшін!» деп қосыла ұрандатты.

– «Жаңғыру жолы» не себептен ассамблея жанынан құрылуда? Себебі Қазақстан халқы ассамблеясы — Елбасымыздың елдің басын біріктіру үшін ойлап тапқан әлемде жоқ институты. Елордада өткен республикалық жастар конференциясына Батыс Қазақстан облысы жастарының атынан қатысып, тың идеялармен жігерленіп, жауапкершілік арқалап келгендеймін. Республикалық дәрежеде өткен конференцияда жастар белсенділік танытты. Өйткені Елбасымыз «Ел болашағы – жастардың қолында» деп жастарға сеніп, қолдау танытып отыр. Барлық жастарды «Рухани жаңғыру» бағдарламасын бірге жүзеге асыруға шақырамын. Жаңғыру жолы – біздің жолымыз, жаңғыру жолы – жастар жолы! – деді Астанада өткен «Жаңғыру жолы» республикалық жастар конференциясына қатысып келген «ҚАЗИИТУ» ғылыми-білім кешенінің студенттік ректоры Нұрзада  Сақтағанов.

Жүргізушілер жиылған жастар үшін «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы платформасының мәтінін оқып шықты. Мұнан кейін сахна төріне Игорь Спиридонов бастаған 16 этномәдени бірлестіктің  жас өкілдері, БҚО Қазақстан халқы ассамблеясы «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының жұмысшы штабының мүшелері көтерілді. Штаб жетекшісі Игорь Спиридонов аталмыш жастар қозғалысының жұмысшы тобын әр аудан, ауылдарда құру туралы бастама көтерді. Ол сондай-ақ облыстағы жастар қозғалысының 2018 жылы атқаратын шараларының бірқатарын атап өтті. Олардың қатарында  жастар қозғалысының жұмысшы штабтарын құру, саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арнап «Тағзым» акциясын өткізу, жастарды жігерлендіретін өзге де түрлі кездесулер, байқаулар ұйымдастыру  жоспарлары  бар.

БҚО Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов штаб жетекшісі Игорь Спиридоновқа «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының жалауын табыстау үстінде қозғалыстың алғашқы қадамына сәттілік тілеп, жастарға зор сенім білдірді. Енді БҚО жастары аталмыш жалауды әрі қарай әлеуметтік желі арқылы виртуалды түрде Қызылорда облысының жастарына табыстайды.

Сөйтіп, Қызылорда жастары «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының алғашқы салтанатты жиынын өткізу эстафетасын қабылдап алады.

Салтанатты шара барысында әнші, биші жастар өнер көрсетіп, патриоттық  әндер шырқалды.

Нұртас   НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал   өңірі»


Батырға құрмет

Күні: , 87 рет оқылды

Сейсенбі  күні  Орал  қаласындағы  Михаил  Абдолов  көшесінде Кеңес  Одағының  Батыры  Михаил  (Бимағамбет) Абдоловты  еске алуға  арналған  шара  өтті.  Батырдың  100  жылдығына  арналған бұл  басқосу   Елбасының  «Рухани  жаңғыру»  бағдарламасы  аясында  ұйымдастырылды.

Салтанатты шарада сөз алған Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов батырдың есімін ұлықтауға арналған аталмыш шараның тәрбиелік мәніне тоқталды.

– Қайырлы  кеш, құрметті қала қонақтары мен Михаил Абдолов көшесінің тұрғындары! Қалада түрлі мәдениет орындары мен үлкен алаңқайлар жеткілікті болса да, біз бұл кешті Кеңес Одағы Батырының есімімен аталған көшеде өткізуді жөн көрдік. Өскелең ұрпақ оның ерлігін, өжеттілігін, Отанды қорғаудағы қайтпас қайсарлығын бойларына сіңірсе дейміз. Бұл бағыттағы патриоттық  шаралар легі батыр атамыздың туған жері Ақжайық ауданында бастау алды. Жуырда осы көшеге Михаил Абдоловтың есімін, ерлігін насихаттау мақсатында үлкен билборд орналастырылады. Сонда жас ұрпақ туған елінің тарихын жете біліп, Отан үшін от кешкен батырлардың есімін ұмытпайтын болады, – деді Мирболат Сағынғалиұлы.

Осы орайда айта кетсек, Михаил Абдолов 1918 жылы Ақжайық ауданының Бітік ауылында дүниеге келген болатын. 1941 жылдың маусым айында соғысқа аттанып, 3-Украин майданының 74-атқыштар дивизиясының құрамында болған. Ол 1938 жылы Қызыл армия қатарында әскери борышын өтеп, жауынгерлік дайындықтан өткен соң қанды шайқастың алғашқы күнінен-ақ өжеттіліктің үлгісін көрсеткен. Майдан даласында жеті рет жараланса да, жауға деген өшпенділігі мұқалмаған. Әсіресе, 74-атқыштар дивизиясының құрамында Дунай өзенінен өтерде көрсеткен ерлігі оның есімін тарихта мәңгі қалдырған еді.

1944 жылдың 7 қарашасына қараған түнде Михаил Абдолов бастаған барлаушылар тобы екі балықшы қайығымен Дунайды кесіп өтіп, жау тылына тұтқиылдан соққы берген. Сол түнде барлаушылар немістердің қару-жарақ қоймасын жарып, жау офицерін тұтқындайды. Қайтар жолда қар-сыластарының төрт самолетін жойып жіберді. Осы ерлігі үшін аға сержант Михаил Абдоловқа 1945 жылы 24 наурызда Кеңес Одағының Батыры атағы берілген еді. Сөйтіп оның бұрынғы жауынгерлік наградалары – Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз ордендерінің қатарына Ленин ордені мен Алтын Жұлдыз тағылды. 1946 жылы елге оралып, еңбекке араласты. Ақжайық ауданының Жамбыл ауылдық округіне қарасты Бұлан ауылында тұрды. Содан ол 2006 жылдың мамыр айында дүниеден өткен болатын. Кеңес одағы кезінде Венгрияның Секешфехервар қаласында батырдың мүсіні орнатылып, мәдениет үйі мен мектепке оның аты берілген.

– Облыстық ардагерлер кеңесінің ұсынысымен батыр бабамыздың 100 жылдығы республика көлемінде тойлануда. Осыған орай биыл ауданымызда «Абдолов жылы»  жарияланып, көптеген іс-шаралар қолға алынды. Сәуір айында облыстық конференция ұйымдастырылып, республикалық турнирлер өтті. Кеңес Одағының Батырын еске алуға арналған бұл бағыттағы шаралар жыл бойына жалғасатын болады. Қыркүйекте Ақжайық ауданының Жамбыл ауылында киіз үйлер тігіліп, ат жарыс ұйымдастырылып, дүбірлі той өтеді. Бұл шаралардың басты мақсаты – отты жылдарда ерліктің үлгісін көрсеткен жерлесіміз Михаил Абдоловтың есімін ұлықтап, ерлігін насихаттау, – деді жиында сөз алған Ақжайық ауданы әкімінің орынбасары  Тілекқабыл  Ғабдушев.

Кеңес Одағының Батыры атағы Отан үшін от кешіп, ерекше ерлік көрсеткен жандарға ғана берілгенін облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзағали Мұхамбетов  бірқатар мысалдар арқылы  былайша  жеткізді.

– 2005 жылы ҰОС тақырыбында Алматы қаласында өткен халықаралық конференцияда мәскеулік академик Просин «Мен ҰОС қатысқан ұлттар туралы бірнеше жылдан бері зерттеп жүрмін. Мұрағаттық құжаттардан сұрапыл жылдары қазақтан шыққан бір сатқынның есімін  кездестірмедім.

Сол кезде қазақ жауынгер халық екеніне көз жеткіздім» деді. Жуырда «Казахстанская правда» газетінде 110 қазақстандық жауынгерге Кеңес Одағының Батыры атағын беру туралы ұсыныс Мәскеуге жіберілгенімен, барлығына бірдей бұйырмағаны жазылған. Ұсынылғандардың 81-і қазақ екен. Қазақ деген қайсар халық екені баршаға аян. Қасық қаны қалғанша Отанын қорғаған жауынгерлерімізді осылай насихаттау арқылы өскелең ұрпақтың бойына патриоттық тәрбиені сіңіре аламыз, – деді Мырзағали Әбілқасымұлы.

Сондай-ақ жиында Ақжайық ауданының бірқатар азаматтары Михаил Абдолов туралы естеліктерімен бөлісті.  Содан соң Ақжайық ауданынан келген өнерпаздар көше тұрғындарына арнаған концерттік бағдарламасын ұсынды.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»


Сегіз қоғамдық көлік иесіне ескерту берілді

Күні: , 103 рет оқылды

Таяуда облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы облыстық экология департаменті мен ішкі істер құрылымдарымен бірлесіп «Таза ауа» рейдін өткізді.

– Рейд барысында аутокөліктерден шығатын түтіннің құрамынан улы заттың шектеулі көлемі нормаға сай екенін тексердік. Қазақстан Республикасының «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдамасына сәйкес 2013-2020 жылдары қалалардағы қоғамдық көліктерді газ отынына көшіру қарастырылуда. Себебі оның құрамында ауаны ластаушы заттар көлемі аз. Мұның табиғатта сақтаудағы маңызы зор. Бұған дейінгі өткізілген акцияларда автобус парктеріне жалға берген жеке иеліктегі көліктер түтінінде улы заттар шекті мөлшерден тыс екені анықталды, – деді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы Фариза Сұлташева.

Рейд аталған басқарма ғимараты жанындағы аялдамасынан басталды. «Ураган» көлігімен келген полицейлер де шараға қатысты. Облыстық экология департаментінің бас маманы Гүлфара Айсағали соңғы аялдамаға тоқтаған №35 және 39 маршрут көліктерінің жүргізушілеріне жолығып, құжаттарын сұрады. Оның нұсқауымен көліктер құбырынан шыққан түтін арнайы құрылғымен тексерілді. Мөлшерден тыс зиянды заттарды ауаға тарататын автобустардың жүргізушілеріне ескерту парағы толтырылып, үнпарақ-жадынама таратылды.

– Көлік иелері ескертуімізге құлақ аспаса, келесіде екі айлық есептік көрсеткіш көлемінде әкімшілік айыппұл салынуды. Мәселен, «№1 жолаушылар аутокөлік мекемесі» ЖШС-на қарасты МАЗ маркалы №826 автобус түтінде улы зат мөлшері 60 пайыздан астам екені белгілі болды. Негізінен, 40 пайыздан аспауы тиіс, – деді Гүлфара Айсағали.

Рейд кейін Зашаған кенті аумағындағы №7 маршруттың соңғы аялдамасында жалғасты. Аталған бағытта жүретін көлік жүргізушілерінің бірі дизель отынын қала маңындағы «Бүркіт» стансасынан құйып алғанын, отын сапасы нашар болған соң, түтін құрамы өзгергенін айтып дау шығарды.

Экологиялық рейд барысында түрлі бағытта жүретін 16 қоғамдық көліктің 8-інің жүргізушісі ескерту алды.

Елімізде жүргізілген экологиялық мониторинг бойынша Орал мен Ақсай қалаларындағы атмосфера қабатының ластану көрсеткіші республика бойынша орташа деңгейден төмен. Қазіргі кезде облыстағы «Қазгидромет» РМК-ға қарасты автоматты алты стационарлық бекет ауаның ластану индексін бақылайды. Әуе бассейнінің сапасының төмендеуіне облыстағы мұнай-газ кешендері, өнеркәсіп кәсіпорындарымен қатар аутокөліктер де зор әсер етеді. Бір аутокөлік түтінімен ауаға 200-ден астам улы зат тарайды.

Сала мамандары газ отынын пайдаланғанда ғана аутокөліктерден шығатын ингредиенттер мөлшері мүлдем азаяды деп санайды. Облыстық ішкі істер департаментінің есебінше, 9469 аутокөлік газ құятын құты орнатқан. Яғни көліктердің жалпы санының бес пайызға жуығын құрайды. Орал қаласында жолаушы тасымалымен айналысатын алты компания қарауында 600 қоғамдық көлік бар. Соның 180-і ғана сұйытылған газды қолданады.

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ,

«Орал  өңірі»


Бөкей губерниясындағы ашаршылық

Күні: , 248 рет оқылды

31 мамыр – саяси қуғын-сүргін мен аштық  құрбандарын еске алу күні

Азамат соғысы аяқталғаннан кейін кеңес халқына ашаршылық нәубеті жетті. 1921 жылдың күзіне қарай одақ бойынша 20 миллионнан астам адам аштыққа ұшырады. 1920-1922 жылдары Бөкей губерниясының халқы да  ашаршылық қасіретін басынан өткізгенін Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архив қорында сақталған тарихи деректер дәлелдейді. Мәселен, осы кезеңде Бөкей губерниясындағы жылқы саны 146  мыңнан 49 мыңға, ал қой басы 1,3 миллионнан 0,4 миллионға  кемиді. Сөйтіп, 1921 жылы Бөкей өлкесінде соғысқа дейінгі мал санының  20%-ы ғана қалады.

Ашаршылыққа ұшыраған елдегі халықтың ауыр жағдайын сол кезеңде Тарғын уездік кеңесі атқару комитетінің төрағасы болған Х. Чурин: «1921 жыл өте ауыр болды. Волга және Бөкей губерниясында болған қуаңшылық салдарынан халық ашаршылыққа ұшырады. Аштықпен қабаттасып, сүзек, тырысқақ аурулары етек алды. Бөкей губерниясының оңтүстік шағыл құмды бөлігінің жағдайы өзгелерден біршама тәуір болды. Олар құмда өскен құмаршықпен күнелтіс жасады. Бұл аймақта мал жайылымы жақсарды. Ал облыстың құрғақ далалы Тарғын, Таловка, Жаңақала уездерінің тұрғындары ашаршылықтан мықтап жапа шекті. Ол қолындағы бар малын сойып алды. Бірақ астықсыз қиын еді. Мал еті жөнді азық болмады. 1921 жылдың аяқ кезінде көптеген отбасы әбден ашығып өле бастады. Жұт жеті ағайынды дегендей, осындайда жау жағадан алып, ақ гвардияшыл бандалар да жауыздықты өршітті. Олар онсыз да ашығып отырған халықтың ақтық астығын, малын тартып алып, талан-таражға салды» деп баяндайды.

РК(б)П Орталық комитеті 1921 жылы 17 шілдедегі арнайы үндеуінде елдегі ашаршылық себебін аграрлық сектордың артта қалуы мен ауыл шаруашылық білімі деңгейінің төмендігінен, сондай-ақ помещиктер мен капиталистердің қарсы күресінің бәсеңсімей отырғанымен байланыстырды. Алайда, Кеңес өкіметі қатаң жүргізген «Әскери коммунизм» саясатының нәтижесі халық  шаруашылығына, әсіресе, ауыл шаруашылығы саласына соққы болып тиді. Соғыс жағдайында қабылданған «Әскери коммунизм» саясатының негізгі мақсаты – азық-түлік салғырты болды. Қызыл армияның мұқтажын өтеу үшін шаруалардан ауыл шаруашылық өнімдері жинап алынды. Репрессияға ұшырамау үшін шаруа байғұс азық-түлік салғыртына қолдарындағы тұқым қорын да  тапсыруға мәжбүр болған. Бұл шаруашылықтардағы тұқымдық астықтың жойылуына әкеліп соқтырды. Оның үстіне салғырт мал шаруашылығымен айналысып отырған қазақ ауылдарына да салынды. Егін салмайтын қазақ малын сатып, ақшасына бидай алып мемлекетке өткізуге мәжбүр болды.

1920 жылғы салғырт бойынша Орал губерниясынан 1, 5 млн. пұт астық тартып алынды. Бұған ет және тағы басқа қосымша салықтар қосылды. Осындай саясаттың нәтижесінде 1921 жылы Қазақстанның көптеген аудандарын аштық жайлады. Астық шықпаған Орынбор, Қостанай, Ақтөбе, Бөкей губернияларында 1921 жылы бар болғаны 4 719 391 пұт астық жиналды. Ал күнкөріс үшін 22 105 864 пұт астық қажет болатын. Осылайша 17, 5 млн. пұт астық күнкөріске және тұқымға жетпей қалды.

1921 жылдың тамыз айында Қазақстанның Орынбор, Ақтөбе, Орал және Қостанай губернияларымен бірге Бөкей губерниясы да аштықтан зардап шеккен аймақтар тізіміне ресми түрде енгізілді. Бөкей губерниясындағы ашыққан 176 500 адам есепке алынды. Сол жылдан бастап Бөкей губерниясында, әсіресе, Тарғын, Талов уезінің жерлеріндегі ашаршылық қасіреті туралы Х. Чурин «Дауылды жылдарда» атты еңбегінде: «1921-1922 жылдардың қысында адамдар аштан көп өлді. Уезд орталығы болған кенттің көшелерінде біз таңғы сағат 5-6-ларда кейде ондаған адам өлігін жинайтынбыз. Мынандай бір оқиға менің есімде қалыпты. 1922 жылы май айында бір күні Жәнібек поселкесіне жақын жердегі танысымның үйіне бардым. Сол кезде әлдеқайдан жаяулап бір аш адам келді. Ол баяғы жалшы Нәби Тұралиев екен. 1921 жылы алыстағы бір дәулетті адамға жалшылыққа тұрыпты. Сол жылы мал қырылып, жалдаған қожалары жұтап, аштан өліпті де, Тұралиев талай жер жүріп, уезд орталығына әрең жетіпті. Бейшара күптей болып ісіп кеткен, көздері мүлдем көрінбейді. Мен үй иелеріне алдын ала ескертіп, оған тамақты бірден көп бермеу керек дедім. Ал ол үй иесінің берген тамағын місе тұтпай, қайта-қайта тамақ сұрап жалына бастады. Бірден тамақ көп жесе, өліп кететінін ескерткеннен кейін ғана ол біраз тынышталды. Үй иесі әйел қалған тамақты тығып қойыпты. Мен ол ауылдан кетіп қалдым.  Ал әлгі адам әйелдің қалған тамақты қайда қойғанын байқап қалса керек, үйдегілер сыртқа шығысымен қалған тамақты алып жейді де үйден кетеді. Екі жүз қадамдай жерге барғанда ауырып, ойбайлап, домалап, жылап-еңіреп, ажалдан құтқара көріңдер деп жалбарынады. Бірақ ол сорлының өміріне араша тұруға мүмкіндік болмаған. Бейшара тамаққа тойғаннан кейін үш сағаттан соң ауыр азаптан өлді», – деп  жазды.

Бүкілроссиялық орталық атқару комитетінің (БОАК) декреті бойынша 1921 жылдың 8 шілдесінде ашыққан адамдарға жәрдем беру үшін арнайы комиссия (ЦК Помгол) құрылады. Республиканың губерниялық және уездік атқару комитет жандарынан  ашыққандарға көмек көрсету жөнінде арнаулы комиссия құрылды. Ашыққандарға көмек көрсету жөніндегі Орталық комиссияның №18995 санды жеделхатының негізінде 1921 жылы 8 тамызда Бөкей губерниясында ашыққандарға көмек көрсету жөніндегі комиссия құрылып, ол жедел түрде жергілікті бөлімшелердің ашыққандарға көмек көрсету жұмысын ұйымдастырып, басқаруға кіріседі. Бұл комиссия уездік және болыстық комиссия мүшелерінің атқаратын нақты тапсырмаларын көрсетіп, он тармақтан тұратын арнайы нұсқау (инструкция) дайындайды. Нұсқауда уездік және болыстық жерлерде комиссия бөлімшелерін құру  қажеттігі, ауқатты адамдардан қарызға алған малды сойып, ашыққандарды тамақтандыру, ата-анасы жоқ қараусыз қалған балалар үшін жатақханалар ашу, жұқпалы ауруларға қарсы күрес шараларын ұйымдастыру жұмыстары көрсетіліп, ашаршылыққа қарсы атқарылған істер туралы губерниялық комиссияға екі аптада бір рет есеп беру міндеттелді.

Қамыс-Самар қисымындағы аштықпен күрес комиссиясының жүргізген жұмысы туралы облыстық атқару комитетіне жасаған мәлімдемесінде болыстық комиссиялар құрылып, тамақтандыру пункттерінің ашылғаны, союға мал таппаған ауылдарда балық аулау топтарын құрып, аш адамдарға балық үлестірілгені, Жаңақала ауылында жетімдер үшін 50 кісілік асхана ашылғаны,  аш және  ауру адамдар үшін 50 пұт астық берілгені көрсетілген. Алайда  қысым аумағында іш сүзегі ауруы азайғанымен, ең қатерлі дерт – оба пайда болды. Медицина штатының қызметін күшейтуге тапсырма берілді.  Губернияның Тарғын уезіндегі ашаршылыққа қарсы күрес жөніндегі төтенше комиссия Жәнібек кентіне орналасты. Кеңес аппаратының және партияның уездік органдарының барлық қызметкері дерлік ашаршылық-пен күресті ұйымдастыру үшін шалғай ауылдарға жіберілді. Уезд орталығында ашыққандарға арналған сегіз тамақтандыру пункті жұмыс істеді. Ата-анасыз қалған балалар үшін жатақхана ұйымдастырылды.

1922 жылдан бастап аштық Бөкей губерниясында, әсіресе, Тарғын, Талов және Жаңақала аудандарында өрши түседі. Бөкей губерниялық денсаулық сақтау бөлім  меңгерушісінің 1922 жылы 30 қазан күні губерниялық аштық салдарымен күрес комиссиясына: «6 ай бойынша, яғни  1 қаңтар – 1 шілде аралығында іш сүзегінен 118 адам ауырып, 8-і қайтыс болды, бөртпе сүзегінен 232 адам ауырып, 35-і  қайтыс болды, аштық салдарынан 1272 адам ауырып, 255-і қайтыс болды. 423 адам тырысқақпен ауырып, 227-і өлді» деп есеп берді.  Аштықтың етек алғаны соншалық, үкімет ашығып жатқан халыққа азық-түлік жөнінен дереу жәрдем беруге мәжбүр болды. Бұл нәубеттен Бөкей өңірінің демографиялық құлдырауы күшейді. 1925 жылы Орал және Бөкей губерниясы кеңестерінің біріккен съезінде баяндама жасаған губерниялық жер басқармасының меңгерушісі Т. Қожанов Бөкей аймағында өте көп адам шығынға ұшырағанын атап көрсеткен. Егер Бөкей губерниясы тұрғындарының саны 1917 жылы 251,1 мың болса, 1920 жылы 181,7 мың адам өмір сүрген, яғни 3 жылдың ішінде тұрғындар саны 6514 мың адамға азайған.

Түйіндеп айтқанда, Бөкей губерниясындағы  1920-1922 жылдардағы ашаршылық елге зұлмат әкеліп, аймақтағы шаруашылықтарды күйзелтіп қана қоймады, халықтың демографиялық өсуіне де өз зардабын тигізді. Демек, өлкедегі халық санының төмендеуі аймақтағы экономиканың дамуын тежеді. Нәтижесінде Бөкей даласы елді мекендер сирек қоныстанған аймаққа айналды.

Бақтылы БОРАНБАЕВА,

Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің  доценті,

 тарих ғылымдарының кандидаты


Зұлмат жылдар зардабы

Күні: , 40 рет оқылды

31 мамыр – саяси қуғын-сүргін мен аштық құрбандарын еске алу күні

Жәнібек аудандық мемлекеттік мұрағатында «Талов» совхозының 1944-1997 жылдар аралығындағы жеке құрам жөніндегі құжаттары сақтаулы тұр. Құжаттардағы деректерге сүйенсек, Ұлы Отан соғысы жылдары, дәлірек айтқанда, 1944 жылы №452 «Талов» ет совхозы деп аталған советтік шаруашылық негізінен мал шаруашылығымен айналысқан. Сонымен бірге егін шаруашылығын да қатар жүргізген. Совхоз орталығы Талов селосы болса, Зерновая, Августовка, Молочная, Құнаншапқан, Комсомол деген  бес  бөлімшесі болған. Соғыс кезеңінде Штэпа деген азамат аталмыш совхоздың директоры болып қызмет атқарса керек.  Сталин елді билеген тар кезеңнің қыспағы әрі соғыс уақытындағы темірдей тәртіп қарапайым еңбек адамдарының күнделікті тұрмысына, өмір сүру жағдайына орасан зор қиындықтар алып келгеніне мұрағаттағы құжаттарды оқи отырып көз жеткізуге болады.

Қатал заманның қыспағы сол жеке құрам жөніндегі бұйрықтар жазылған сұрқай, қоңыр дәптерді қолға алғанда бірден байқалады. Заманақыр деген тар кезең осы емес пе, совхоз директоры Штэпаның сия  қаламсаппен жазған бұйрықтарының дәптер бетіне сыймай қалған қосымшалары кәдімгі бір парақ ақ қағаз табылмағандықтан, журнал, газет беттерінде, тіпті контур картада жүр. Қағаз бетіне түсіруге бір парақ бет қат болғасын шығар, 1939 жылы Сталиннің ағылшын жазушысы Г. Уэллспен сұхбаты жарияланған журналдың мұқабасына да  бұйрық жазылған. Мұны сол кездегі жандайшаптар неғып байқамай қалды, байқап, аңғарса совхоз директорының өзін де сорын қайнатып «итжеккенге» айдатып жіберер  ме  еді,  кім  білсін?

Аталған совхоздың 1944 жылғы жеке құрам жөніндегі бұйрық кітаптарында көрініп тұрғандай, орын алған шамалы олқылықтарға бола сөгіс алып, жұмыстан қуылған, ісі сотқа берілген қарапайым ауыл еңбеккерлерінің ауыр жағдайы адам аяғандай. Мәселен, №452 «Талов» ет совхозы бойынша 1944 жылғы 26 қаңтарда жазылған бұйрыққа көз жүгіртсек, совхоздың астық сақтайтын қоймасының күзетшілері Машкунов пен Арефьев жұмыстарына атүсті қарап, қызмет орнынан азғантай уақытқа кетіп қалған. Нәтижесінде  қамбадан түнде аздаған картоп пен тұқымдық бидай ұрланған. Сол үшін бір үйлі жанды асырап отырған қос азамат жұмыстан шығарылған. Сол сияқты Августовка бөлімшесінің жұмысшысы В. Бузин түн ортасы ауған шақта 52 келі далада жатқан бос шөпті жымқырғаны үшін жұмысынан қуылып, ісі ауылдық милиция өкіліне тапсырылған. Мал ұрлағандар ол кезеңде қатаң жазаланыпты. Мысалы, совхоздың мүйізді ірі қарасын ұрлап, қолға түскен, Жәнібек аудандық халық сотының пәрменімен жазаға кесілген Зерновая бөлімшесінің табыншысы Мұрат Имашев, Августовка бөлімшесінің жанармай тасушысы К. Баянғалиева және осы бөлімшенің шөп дайындаушысы Н. Темірова жұмысынан аластатылып, совхозда жұмыс істейтіндердің тізімінен шығарылған. Сондай-ақ бидай қалдығын жымқырып, сотталған Августовка бөлімшесінің меңгерушісі міндетін уақытша атқарушы Кезиков те жұмысынан босатылып, совхоз есебінен аластатылған. Зұлмат заман зобалаңы әйелдерді де аямаған. Совхоз қоймасынан 20-30 келі бидай ұрлаған Комсомол бөлімшесінің жұмысшылары Асия Тоғызбаева,  Қанипа Дүйсенова және Ғазиза Тағаеваның материалдары тергеу орындарына жолданса, Зерновая бөлімшесінің жұмысшысы Кенже Аюпова денсаулығы жарамсыздығынан совхоздың ауыр жұмысынан бас тартқаны үшін оның бұл әрекеті жұмыстан кешігу деп есептелініп, жауапкершілікке тартылып, ісі сотта қаралған. Ал Комсомол бөлімшесінің жұмысшысы Ж. Маштаков та жұмыстан бас тартқанына байланысты жұмыстан қуылғаны өз алдына, оны бөлімшеден көшіруге дейін жаза қолданылған. Соғыс жылдарында совхозда жұмыстан кешіккендерге қатаң жаза қолданылып отырған. Мысалы, совхоз машина трактор станциясы  цехының үйренушісі Т. Петушковқа 15 минут жұмыстан кешіккеніне байланысты сөгіс жарияланып, қайталанған жағдайда жауапкершілікке тартылатыны ескертілсе, Августовка бөлімшесінің тракторшысы С. Судаковқа да дәл осындай уақыт кідіріп қалғаны үшін сөгіс берілген. Совхоз шеберханасында үйренуші болып істейтін А. Бондаренко деген жас жігітке жұмыс кезінде ұйықтап қалғаны үшін ескерту және сөгіс беріліп, осы жайт тағы да қайыра істелетін болса ол үйренуші жұмысынан босатылып, фермадағы далалық бригадаға жолданатыны айтылған. Сол күні шөп жинау науқаны үстінде өз еркімен жұмысты тастап кетіп қалғаны үшін Молочная фермасының Камардулла Ишуков, Канум Джандыбаев есімді жұмыс-шыларының бұл әрекеті жұмыстан қалушылыққа жатқызылып, олардың үстінен қылмыстық іс қозғалған.

Жалпы алғанда, №452 «Талов» ет совхозының 1944 жылғы жеке құрам жөніндегі бұйрықтарының әр бетінде  жоғарыда айтылғандарға ұқсас жазалар өте көп кездеседі. Дегенмен аталмыш құжат тек бірөңкей жазаға толы десек, шындықтан алшақ кеткеніміз. Бұйрық жазылған парақтарда науқандық жұмыстар кезінде еңбектің үлгісін көрсеткен жұмысшыларға алғыс жарияланып, оларға сый ретінде 200 грамм пісірілген нан, 50-100 грамм мөлшерінде май беріліп отырған. Бұйрықтардағы жазбалардан бөлімше меңгерушілері де жазадан құр қалмағаны байқалады. Жұмыста жіберген кемшіліктері үшін оларды, мәселен, Августовкадан Молочная, Комсомолдан Құнаншапқан бөлімшелеріне ауыстырып отырған. Шаруашылықтағы жұмысты ақсатқанына байланысты кейбір бөлімше меңгерушілерінің лауазымы төмендетіліп, қатардағы есепшілік қызметке  жіберілген.

Нұрымбек  ЖАПАҚОВ,

Жәнібек   ауданы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика