Мұрағат: 25.04.2018


Құшағы гүлге толған қаламгер

Күні: , 146 рет оқылды

Сейсенбі  күні  Х. Бөкеева  атындағы  облыстық  қазақ  драма  театрында  жазушы-журналист, Қазақстан  Жазушылар  одағының  мүшесі, халықаралық «Шабыт»  фестивалінің  лауреаты  Мира  Шүйіншәлиеваның «Тұмадай  тұнық, таулардай  заңғар»  атты  шығармашылық  кеші  өтті.

Ең алдымен театр фойесінде қаламгердің бесінші кітабы – «Ар азабы» жинағының тұсаукесері өтті. Оған Алматыдан арнайы келген қаламгерлерге қоса, облыс әкімі Алтай Көлгінов те қатысты. Әдеби кеш Мира Хамзақызының «Шүберек қуыршақ», «Үш төмпешік», «Қауырсын гүл», «Өкініш», «Тұяқ», «Тақсырет» және «Ар азабы» атты туындыларынан алынған шағын театрландырылған  көрініспен  басталды.

Жазушының шығармаларына арқау болған өмірдегі қилы тағдырлар, кеудені торлаған мұң, орындалмаған арман, сызат түскен сенім, жүректі тербеген сағыныш, қимастық сезімдері сахнада өрілді. Әсіресе, Нұргүл Жұбатованың орындауындағы «Қауырсын гүл» монологы әсерлі шықты. Үйленіп жатқан көкесінің тойында тәтай апасының алдынан жүгіріп шығып, аппақ тілекпен қауырсын гүл сыйлаған бала көңіл, шайқалған шаңырақ, әп-әдемі өмір бастап, араққа салынып кеткен көкесі, ақылды жеңгесін  өмір сындарынан ақтап алғысы келген бір кездегі бала кейіпкер.

«Бәлкім, сол кезде қаусап қалыңдар» дегендей қауырсын гүл сыйламағанымда олар бақытты болар ма еді? деген өзекті өртеген өкініш бар еді ол әңгімеде. Кейіпкердің жан дүниесіндегі әр түрлі сезім иірімдерін шебер алып шыққан актрисаға көрермен ұзақ қол соқты.

Мерейлі кеш иесіне шығармашылық табыстар тілеп, сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов кеш иесіне ҚР Парламенті депутаттарының құттықтаухатын табыстады.

Қаламдас қарындасын  белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Дулат Исабеков, жазушы-баспагер, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мереке Құлкенов, ақын Ақұштап Бақтыгереева, М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызмет-кері, филология ғылымдарының докторы, профессор Гүлжиһан Орда, Қазақстан Жазушылар одағы Атырау облыстық бөлімшесінің басшысы Қой-шығұл  Жылқышиев  құттықтады.

– Үш сағат ұшып, қаршадай қыздың қуанышын бөлісейін деп келдік. Мираны жастайынан білетіндіктен, алғашқы әңгімелерін оқығандықтан, «Ар азабы» кітабын толық оқып шыққан соң арнайы келдім. Проза жазу, соның ішінде драма жазу өте қиын. Жалпы, әдебиет дегеніміздің өзі –  адамтану, жантану. Облыс әкімімен болған кездесуде де әдебиетке көңіл бөлу керектігі айтылды. Біз рухани жаңғыруды жалаң сөзге айналдырып алмауымыз керек. Қазақта драматургия аз. Мираның екі пьесасы спектакль қоюға сұранып тұр. Жалпы, бұл қаламгер адам жанының қалтарыстарын шебер жеткізе алады, – деді жазушы-драматург  Дулат  Исабеков.

Баспагер-жазушы Мереке Құлкенов: «Орыс жазушысы Юрий Трифоновтың «Жас жазушыға  ақыл айтпа, оның шығармаларының шығып кетуіне көмектес» деген сөзі бар. Сол сөзді үлгі ете отырып, кезінде әдебиетіміздің ақсақалы Әбдіжәміл Нұрпейісов, классик жазушымыз Дулат Исабеков үшеуміз Мираның тырнақ-алды туындысын республикалық журналға жариялағанбыз. Сол кезде қателеспеген екенбіз. Мира қазір ел танитын қаламгерге айналды» деген лебізін білдіріп, кеш иесіне Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулетовтің атынан құттықтаухат табыстап, қамзол кигізді.

Сахнаға көтерілген белгілі ақын Ақұштап Бақтыгереева қалам бақыты мен ана бақытын қатар алып жүрген қаламгер сіңлісіне толағай  табыстар  тіледі.

– Шын мәнінде қалам ұстау – әрі қиын, әрі жауапты. Өйткені әр сөзіңе жауап бересің.  Қалам – Мираның тағдыры. Ол келін ретінде атасының атын қалдырып отыр әдебиетке. Өз әкесінің емес, атасының есімін таспен қашап жазып,  қалдырып отырғаны да – тағдыр. Бұл тек қазақ қыздарының қолынан келетін ерекшелік. Мираның шығармалары ауыр, мұңды. Өйткені өмірдің тәттісінен ащысы көп. Оның шығармаларынан бүгінгі қазақ тағдырын, қазақ  мұңын көруге болады. Сондықтан да ауыр жүк көтерген сіңліме табыс, бақыт тілеймін, – деді Ақұштап  ақын.

Шығармашылық кеште жазушы өз өлеңдеріне де кезек берді. Өңіріміздің белгілі әншілері Еркін Өтегенов, Майра Қайдарова, Атыраудан арнайы келген дәстүрлі әнші Қайрат Кәкімов әннен шашу шашып, кеш шырайын келтірді.

– «Талапты болу қиын-ақ талапсыздардың ішінде» деп Фариза апамыз айтқандай, «бүгінгідей кітап оқылмайды» деген ұғым санаға мықтап сіңген заманда халық алдында есеп беріп жатқан жайым бар.  Маған осындай кеш өткізуге қолдау көрсеткен облыс басшылығына, Алматы, Атыраудан арнайы келген қабырғалы қаламгер аға-апаларыма айтар алғысым шексіз, – деді құшағы гүлге толған  қаламгер.

 Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»

Суреттерді  түсірген  Айбатыр  НҰРАШ, Рафхат  ХАЛЕЛОВ


«Кітапфест – 2018»

Күні: , 64 рет оқылды

23 сәуір – Халықаралық кітап күніне орай және «Жаңарған дәуір – жаңғырған оқу» жобасының аясында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, облыстық  Ж. Молдағалиев атындағы  ғылыми-әмбебап кітапханасы ұйымдастырған «Кітапфест – 2018» шарасы болып өтті. Оған Орал қаласындағы кітап дүкендерінің ұжымдары,  мектептен тыс тәрбие орталықтарының өкілдері, жас оқырмандар, студенттер қатысты.

Шараға келушілер А. Островский атындағы облыстық драма театрының алдында кітап көрмелерімен, ойыншықтар алаңымен, суреттермен және атаулы күнге арналған басқа да бұйымдармен танысты. Сонымен қатар жастар ән тыңдап, би биледі.

Жиналғандарды облыстық мәдениет, архивтер мен құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Вячеслав Иночкин құттықтады: – Қазір ғылым мен техниканың қаншалықты қарыштап алға басуына қарамастан, кітаптың рухани өмірде алар орны ерекше. Қазір өңірімізде шамамен 380 мың оқырман бар. Мұның өзі оқырман қауымының жыл өткен сайын көбеймесе, азаймайтынына айқын дәлел. Кітап оқыңдар, оны сүйіңдер! – деді ол.

Өлкетанушы Жайсаң Ақбай, еңбек ардагері Сағидолла Жалмурзин, жазушы-журналист Амангелді Шахин, жұбантанушы, ақын әрі ұстаз Үзілдік Елубайқызы жиналғандарды атаулы күнмен құттықтап, жастарды осы рухани қазынаны аялап, құрметтеуге шақырды. Әрі қарай «Кітапхана – өмірлік серігім» аталымдары бойынша С. Жалмурзинге, Ж. Ақбайға, ақын Айтқали Нәріковке  және өзгелерге сый-сияпаттар табыс етілді. «Бізде қонақта» бөлімінде А. Нәріков, Ү. Елубайқызы кітап және әдебиет жөніндегі ой-пікірлерімен бөлісті.

Серпін  САЯҚ

Суретті  түсірген  Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ  


Перзенттік парызға адалдық

Күні: , 75 рет оқылды

«Тайпағым  менің, Тайпағым,  Көліңнің  кештім   жайпағын»   деп  Жұбан  ақын  жырлаған  Тайпақ  өңірінде  таяуда  бір  тамаша  шара өтті.  Ол  тайпақтық  жерлестер  форумы еді.  Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаевтың  «Болашаққа  бағдар:  рухани  жаңғыру»  атты ғылыми  мақаласына  сай  «Туған  жер»  бағдарламасы  аясында  өткен  басқосудың  ауыл  тынысына  әкелген  маңызы  зор  болды  десек, еш  артық  айтқандық  болмас.

Еліміздің рухани түлеуге беттеуі халықтан зор қолдауға ие болып, туған жеріне жақсылық жасағысы келген азаматтар тарапынан жер-жерде игі бастамалар іске асқаны мәлім. Тайпақта да уақыт талабына сай нақты істер қолға алынды.

Былтыр осы ауылдан түлеп ұшқан, облыс орталығында, көршілес Атырауда медицина саласында қызмет жасап жүрген 32 маман келіп, тайпақтықтардың саулығын байқастап, кеңестер берді. Осындай бастама үшін ауылдық округ әкімі Болат Шәленовтің, басқа да мүдделі азаматтардың атына алғыс шексіз болды. Рухани серпіліске байланысты басқа да шаралар орындалды. Міне, мұндай қозғалыс биыл да жалғасын табуда. Облыс орталығынан, аудандарымыздан, Ақтөбеден, Атыраудан 130-дан астам, яғни тайпақтық түлектер, ардагерлер туған жерге асығып жетті. Олар алдымен Ұлы Отан соғысы боздақтарына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, батырлар  рухына  тағзым  етті.

Форумның ашылу салтанатында аудан әкімі Әділ Жоламанов  сөз  сөйледі.

– Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор серпіліс әкелген Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бағдарламалық мақаласына сай елімізде ауқымды істер атқарылуда. Туған жеріне жаны ашыған жомарт жандар шын ниеттен жақсылықтар жасап жатыр. Қоғамның ілгерілеуіне қолғабыс берген әрбір азамат құрметке лайық. Атажұртқа деген зор махаббатты біз өзіміз арқылы жас ұрпақтың бойына дарыта білуіміз керек, – деді Ә. Жоламанов. Ол «Рухани жаңғыру» аясында аудан көлемінде атқарылған істерге  тоқталып  өтті.

«Туған жерге тарту» деген шақырумен Тайпаққа көмек қолын созып келе жатқан түлектер, жерлестер аз емес. Мысалы, Есенаман Жарылғасов пен Жандос Айтмағамбетов Тайпақ ауылынан Орал – Атырау тасжолына дейінгі жолдың жиегіне электр желісін тарту жобасына жетекшілік ететін болады. Жанат Таскентов пен Бейімбет Шойыновтың қолдауымен ауылдың кіреберісіне арка орнату, Жасұлан Кәуенов пен Дәурен Молдашевтің бас-көз болуымен Гагарин, Чапаев көшелеріне егілетін тал-терек алаңдарын  қоршау жұмысы, Талғат Мұхамедияровтың бастауымен Шабдаржап ауылына техникалық су құбырын жүргізу жұмыстары жақын уақытта жүйелі түрде жүзеге асатын болады. Форумда осы азаматтар сахнаға шақырылып, жоспарларымен бөлісті. Олардың әрқайсысынан туған жерге деген ыстық ықыласты, ерекше сезімді байқадық. Өз қолы өз аузына жеткен әрбір азамат атамекеніне деген перзенттік парызын қолдан келгенше түгендеп  жүрсе,  қандай  ғанибет!

Ауылбасы Болат Шәленов, еңбек ардагері Ғазиз Хаймулдин, форумға қатысушылар Нұрлан Бекқайыров, Алтын Орынғалиқызы да осындай ойларын ортаға салды. Ақжайық ауданының құрметті азаматы Әленғали Керейтегі әр тұрғынның туған ауыл-аймағына, атамекеніне жақсылық жасау  қажеттігін  айтты.

Елдегі жақсылықтарға елең  ете жүретін белгілі палуан, самбодан әлемнің төрт дүркін чемпионы Ерболат Байбатыров та осы жиыннан қалыс қалмады. Құр қол келмей, ауыл қорына 2002-2003 жылғы мектеп түлектерінің атынан 1 млн. теңге табыстады. Ақтөбе қаласынан келген Хамит Жұмағазиев келешекте ауылдағы ескі ғимараттың біріне күрделі жөндеу жүргізіп, балабақша ашқысы келетінін, сондай-ақ қорға қаржы аударып тұратынын айтты. Басқа да қатысушылар бірінен кейін бірі сөз алып, хал-қадірлерінше кіндік қан тамған жерге көмектесетінін жеткізіп, қолма-қол қаражат аударып жатты. Атап айтса, қадірменді қариялардың бірі Хайрекен Кенжеәлиев өз қалтасынан туған жердің кәдесіне жаратуға 200 мың теңге қосты.

Форум мінберіне көтерілген ақын Сағынтай Бисенғалиев зор шабытпен  сиясы кеппеген  өлеңін  оқыды.

Ақжайықтың  қос  жағасы ну  аймақ,

Мәңгі  өлмейтін  бермесе  де құдай  бақ.

Бар  әлемге  «Мен  қазақ!» – деп  жар  салған,

Жыр-ақберен Жұбан туған бұл аймақ!», – деп жырлағанда, сары дала төсінде асқақ рухтың лебі есіп, бүкіл атырап түлей түскендей ерек бір ахуал орнады. Биыл Сағат ақынның туғанына 70 жыл толмақ. Сағынтай ақынның соған орай «Ағаны еске алу шарасын өткізіп, оған ескерткіш белгі орнатса» деген ұсынысын көпшілік бірдей  қолдады.

Ауданның мақтанышына айналғандар – ҚР Мәдениет саласының үздігі, дәстүрлі әнші Зияш Аманғалиева, әнші, республикалық байқаулардың жеңімпазы Рүстем Кереев әннен шашу арнады. «Айгөлек» балабақшасының бүлдіршіндері жиналғандарға тақпақпен сәлем жолдады. Есенгелді Тапалов жетекшілік ететін халықтық «Жайық сазы» фольклорлық ансамблі, әнші Дәурен Ғилманов, «Дала сазы», «Толқын» бишілер  тобы  өнер көрсетті. Содан кейін форумға қатысушылар 1982 жылы туған ауылдастарының ұйымдастыруымен, Бекет  Мұстафиев пен Қадыр Бақмановтың жетекшілігімен тұрғызылған «Жүрегімдесің менің Тайпағым» атты мемориалдық тақтаның ашылу салтанатына қатысты.

Осы шарада БҚО «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша өңірлік жобалық кеңсесінің жетекшісі Гүлсім Усағалиева сөз сөйлеп, тайпақтықтардың бастамасы басқа жерлерге үлгі екенін айтты. Одан әрі форум меймандары  1983-1984 жылғы туған азаматтардың қолға алуымен жүзеге  асып жатқан көшет отырғызуға  қатысты. Айта кетелік, осы көктемде Тайпақта 1000 тал қарағаш, көктерек егіледі деп күтілуде. Сондай-ақ алдағы уақытта орман-тоғайды тазалау жұмыстары жоспарда тұр.

Айтпақшы, форумда ақсақалдар осынау шара өткен 21 сәуір бұдан былай «Тайпақ ауылдық округінің күні» болып белгіленсін деген ұсыныс айтты. Сөйтіп енді жыл сайын осы 21 сәуір күні облыс қана емес, байтақ еліміздің, тіпті  шет жерде де жүрген тайпақтықтардың басын қосатын күн болмақ.

Бекболат  ҚАЛЕНОВ,

Ақжайық  ауданы


«Алтын қолды» хирург еді…

Күні: , 61 рет оқылды

Мақсот  Исалиев  дегенде тек  ақ  желеңді  абзал  жандар  емес, біраз  жерлестеріміз,  әсіресе, аға буын өкілдері  елең  ете  түсері анық.  Өңірімізден  шыққан  алғашқы  қандас  хирург  талай  батысқазақстандықтың  өміріне  араша  түсті. Ол  облысымыздағы  санавиацияға  жетекшілік  етіп,  шалғай  ауылдардағы  медпункттерде  ота  жасап,  көпшіліктің  алғысына  бөленген  еді.  Біраз  жыл  облысымыздың  бас  хирургі  қызметін қалтқысыз  атқарып, халықтың  алғысына  бөленген  Мақсот  Хайрошұлының  арамыздан  кеткеніне  қырық  күн  де  болып  қалыпты…

Ол Қаратөбе ауданының Аққозы ауылында жарық дүние есігін ашты. Соғыс жылдары оның балалық шағымен қатар келді. Әкесі майданнан оралған жоқ, анасы бел жазбастан тылда еңбек етіп, жеңістің жақындауына үлес қосты. 1951 жылы мектеп бітірер сәтте анасы «Балам, алысқа бармай-ақ қойсаңшы, Оралдың веттехникумына түссең қалай? Әрі қарай өмір өзі көрсетер…» деген. Бала Мақсот келісті. Бұл жайтты естіген ұстазы Бақытжан Қаратайұлы «Негізі соғыстан кейінгі жадап-жүдеп қалған елге, соның ішінде ауылға бірінші кезекте адам дәрігері керек. Сенен жақсы дәрігер шығады. Алматының мединститутына барсаң қалай?! Сәкең  (атасы Сары) мен Жәкеңе (анасы Жәмила) өзім айтармын» дейді.

Айтқандай, атасы мен анасы рұқсатын берді. Анасы қарызданып жүріп, жолына азын-шоғын қаржы тауып, қалтасына салды. Кетерде ұстазы қолына конверт ұстатып, «Мына хатты вокзалдың басшысына берерсің» деді. Артынан өзі куә болғандай, бұл хаттың үлкен көмегі тиді. Яғни Орал вокзалында кісі көп, билет жоқ екен. Хатты оқыған кассир билет тауып берді. Міне, осылайша Қаратөбенің қайсар ұлы тырмысып жүріп, Алматы мединститутынан бір-ақ  шықты.

Орысшаға шорқақтау ауыл баласына медицина әліппесін, латынша атауларды жаттау оңайға соққан жоқ. Дегенмен де білім қуған жас барлық қиындықты жеңе білді.

Студенттік өмірдің алты жылы алты күндей өте шықты. Жолдамамен Ақтөбе облысының Алға ауданына барып, еңбек жолын бастады. Екі жылдан соң, яғни 1959 жылы Оралға келді. Жас маманды қуана қабыл алған облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығы оны облыстық ауруханаға жолдады. Аурухананың сол кездегі бас дәрігері Семен Темкин «Қарағым, сені хирургия бөліміне бөлейін деп отырмыз. Азаматсың ғой, ірің, күйік, тік ішек ауруларын емдеуге атсалысатын боласың. Тікелей басшың тәжірибелі хирург Зайда Латыповадан білмейтініңді ұялмай сұра. Әрбір ісіңе тиянақты бол, сонда сенен мықты хирург шығады»,  – деді.

Ол кезде ауруханада дәрігер аздау. Айына 10-12 рет түнгі ауысымда жұмыс жасауға тура келеді. Үйде демалуға да уақыт бола бермейтін. Түн ортасында «Жедел ота жасау керек!» деген шақыртулар жиі түсетін. Соған қарамастан, ол ізденісін тоқтатқан жоқ. Институттағы дәрістеріне, медициналық бағыттағы газет-журналдарға, жаңадан шыққан кітаптарға қолы қалт етсе, үңіліп отырды. Міне, осылардың бәрі оның білімі мен біліктілігінің шыңдалуына үлкен септігін тигізді. Жас маманның талпынысын байқаған бас дәрігер оны Харьков қаласына жіберді. Онда ол әскери хирургиялық госпиталь мен орталық ауруханасында болып, тәжірибесін шыңдады. Артынан Мәскеудегі Вишневский атындағы күйік емдеу орталығына барды. Жалпы Мақсот Хайрошұлы Мәскеудегі біраз емдеу орындарында болып, тік ішекке ота жасауды академик Борисовтан, күйік емдеуді профессор Киселевтан, ісікке қарсы ем-дом қолдануды академик Егоровтан үйренді. Елге оралған соң өзінің көріп-білгенін әріптестеріне айтып, тіпті Жымпиты, Қаратөбе, Шыңғырлау сықылды өзі қамқоршылық ететін  аудандарға  арнайы  барып,  тәжірибесімен  бөлісті.

Мақсот ағамыздан тәлім алған сол кездегі жас мамандардың көпшілігі кейін елге білімді дәрігер, білікті маман ретінде танылды. Олардың ішінде медицина ғылымдарының докторлары мен кандидаттары Т. Сатыбалдиев, С. Аманбаев, А. Мұхамбетқалиев,  Х. Жұмашев,  Қ. Жаркеев  сынды  азаматтар  бар.

Саналы ғұмырын денсаулық сақтау саласына арнаған Мақсот Исалиевтің еңбегі ескерусіз қалған жоқ. ҚазКСР Жоғары кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталып, ҚР «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісін, «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері»  медалдарын  өңіріне  тақты.

Айта кетейік, Исалиевтер отбасы Гиппократ антына адал дәрігерлер әулеті болып саналады. Марқұм Мақсот ағамыздың жары Роза Есполқызы да кезінде Алматы мединститутын терапевт мамандығы бойынша тәмамдап, ғұмырының қырық жылға жуық уақытын өзінің сүйікті кәсібіне арнады. Кеңес заманында «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды, артынан  ҚР «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» деп  танылды.

Адам тағдырына немқұрайлы  қарамайтын, антына  берік, сертіне  адал  жандардың істерін бүгінде ұрпақтары жалғауда. Мәселен, ұлы Асқар – Атырау облыстық ауруханасында хирург, ал қыздарының бірі Айгүл кардиолог болып қызмет етуде. Немерелерінің арасынан ата жолын қуған Айдар да «алтын қолды хирург» атануды мақсат тұтады. «Біз әкеміз бен анамыз салған сара жолға түскенімізге қуаныштымыз. Ал отбасымыздың  басты  қағидасы – халыққа  қалтқысыз  қызмет  ету» дейді олар.

Мәди  ЫҚЫЛАС,

Орал  қаласы

Амангелді  КАЮПОВ,

«Талап»  АҚ-ның  дәрігері:

– Мақсот Хайрошұлын 1970 жылдан бастап білемін. Сол жылы Алматы медициналық институтының стоматология факультетін бітіріп, жолдамамен Оралға келдім. Менің тікелей басшым болып,  көп  нәрсеге  үйретті.

Өзім Қызылорда облысының тумасымын. Ауылда өстік. Сөздің шыны керек, көріп-білгеніміз көп емес. Орысша жөнді білмейміз. Оралға келгенде бірінші болып алдымыздан шығып, тәлім-тәрбиесін берген жан – осы кісі. Ол кездері дәрігерлердің ішінде қандастарымыз аз ғой. Егер бір қазақ хирург болып келсе, ағамыз міндетті түрде оны үйіне қонақ етеді. Үйіне бізді, яғни әріптестерін де шақырып, бір-бірімізбен барынша жақын танысуымызға,  достасуымызға  ұйытқы  болып  жүретін.

Мақсот Хайрошұлына қарап бой түзедік. Маған оның аурулармен, олардың туысқандарымен сөйлесуі ерекше ұнайтын.  Өзімнің  алғашқы  тәлімгерім  санаймын.

 Ол – хирургияны өте жақсы меңгерген адамның бірі. Отаның техникасы деген бар. Мақсот ағамыз оны қатты ұстанатын. Соның нәтижесінде отаны барынша тез әрі сапалы жасайтын. Сөйтіп қаншама адамның ғұмыр жасының ұзаруына септігі тиді. Халықтың алғысына бөленген  Мақсот  Хайрошұлының  қазір  орны  ойсырап  тұр…

Иван  АФАНАСЕНКО,

хирург-проктолог:

– Мәскеуде проктология ғылыми-зерттеу институты бар. Кезінде Ұлыбритания патшайымы осында емделген екен. Осынау институтқа Мақсот Хайрошұлы екі мәрте барып, кәсіби біліктілігін жетілдіріп келді. Содан көп кешікпей облыстық ауруханада проктология бөлімінің, артынан күйікті емдеу орталығының ашылуына негіз салды. 1976 жылдан бастап күрделі проктологиялық  оталарды жасау қолға алынды. Бұл бағыттағы оталар алты сағатқа дейін созылатын. Мақсот Хайрошұлы  көбіне  оталарды  өзі  жасайтын.

Оның жаңалыққа жаны құмар еді. Мәскеуден келген соң эпидуральді-сакральді анестезияны, яғни жұлынға дәрі жіберу арқылы белден төмен мүшелердің жанын  кетіру әдісін алғаш рет қолданып, өзге мамандарға үйретті.

Мақсот Хайрошұлы  сабырлы, әдемі әрі әрдайым таза киініп жүретін. Бір сөзбен айтқанда, жан-тәнімен таза жан еді.

Серік  ҚАЙРЕКЕШЕВ,

Орал  қалалық  көпбейінді аурухананың  хирургі:

– 1973 жылы Ақтөбенің мединститутын бітіріп, облыстық ауруханада еңбек жолымды бастадым. Мақсот ағаймен сол кезде таныстым. Біздің мамандығымыздың ерекшелігіне сәйкес білім алып, теориялық тұрғыдан білу бір бөлек те, ал оқып-білгеніңді қолымен істеу бір бөлек болып табылады. Біздің хирург ретінде қалыптасуымызға Мақсот ағамыз көп еңбек сіңірді. Яғни ол жас мамандардың бұл кәсіптің қыр-сырын тез меңгеруіне іріңді хирургия бөлімшесінің басшысы ретінде қажет жағдайдың бәрін ұйымдастыра білді. Бұл бөлімше хирургия бөлімінің ішіндегі ең ауыр бөлімше болып табылады. Себебі, ірің, күйік, сынық сынды аурулардың бәрін осында емдейтін.

Басқа аурулардың асқынған түрлерімен ауырған науқастарды да әкелетін. Мұнда емдеу шаралары ұзақ жүреді. Сондықтан бұл жерде көпбейінді маман болып қалыптасып шығасың. Жалпы, ол білікті маман ғана емес, тамаша адам еді. Кішіпейіл, көпшіл, қарапайым. Әріптестерімен де, науқастармен де жақсы қарым-қатынаста бола  білді. Бұл  қасиеттерін  әлі  күнге  дейін  үлгі  тұтамыз.


Әулеттің ары (Әңгіме)

Күні: , 62 рет оқылды

Қабырғалы қаламгер, бірнеше прозалық жинақтардың авторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қайыр Бектұрғановтың келместің кемесіне мініп, бұл фәниден бақиға аттанғанына да үш жылдың жүзі болып қалған екен. Осыған орай жазушының жарқын бейнесі мен әдеби мұрасын ел-жұрттың жадында жаңғыртпақ ниетпен бүгін бір әңгімесін жариялап отырмыз.

Редакция алқасы

Малым – жанымның садағасы,

Жаным – арымның садағасы.

(Қазақтың әр түрлі қилы кезеңдерде қырылып кеткен бекзаттарының антынан).

Сүрініп кетті… Төбесі көрініп, бұны бірер жылдан кейін құшағына алғалы күтіп тұрған тоқсан деген асу – осал жас та, осал жау да емес, әрине.

Өз қатарларының талғамында қонымды да сырбаз киінген, кесек ірі денелі, бет әлпеті де көзі түскен жанды елең еткізердей бедерлі, салмақты да сұсты, ықшам етіп сақал-мұрт қойған қария бір сәт тиянақтан айырыла жаздаған денесін тіктеп алды. Өзінің қас қағымдық дәрменсіздігін, қанша дегенмен де бұны жеңе жаздап жүрген үлкейгендіктің анық белгісін әлдекім байқап қалмады ма екен деді ме, көшенің екі бетін енжар шолды. Енді, міне, аяғын бұрынғысынан сиректеу алғанымен нық басып, өзінің бет алған бағдарында тағы да асықпай  жылжып  келе  жатыр.

Ж-о-қ, бұл мына мың сан адам ерсілі-қарсылы сабылып, аяусыз таптаған, ортасымен сансыз көлік сәт сайын біріне бірі соғыла жаздап, азынай жүйткіген берекесіз көшеде шаң мен лайға былғанып, ит өлімімен өле алмайды. Өлсе де, не таза жерде шалқайып тұрып кескен томарша күрт кетеді, не өзінің «өлең төсегінде» айылын жимай шалжиып жатып, тіршілікке қатысты өкініш-наласыз көз жұмады. Бұның бабалары да шеттерінен ылғи арлы адамдар болған, кеуделерін ешкімге бастырмаған. Бірақ сонымен бірге өздері де өзгені, айналасындағы қалың жұрт пен алыс-жақын жұрағатты сыйлай білген. Және жеті атадан бермен қарай ешқашан жілік майы ортаймаған ауқатты жандар бола тұра, жалқаулыққа да бой алдырмаған. Іштерінен неше түрлі оқымыстылар, мешіт, медреселер салдырып, шәкірт ұстаған діндар ғұламалар шыға берсін, асып-таспаған, адамгершіліктен аспаған. Асын адалдап ішіп, ешкімнің еңбегін жемесе, иншалла, олар әлдекімнің қарғысынан да қалмаған шығар?!

Сөйткен әулеттің ұрпағы – бұл шіп-шикі бөлтірік, сонау аумалы-төкпелі қатерге толы заманда не ішерге ас жоқ, не киерге киім жоқ состиып жетім қалды. Сонда да тіршілік деп аталатын тұрлаусыз тарпаңнан жалына қос қолдай жабысып айырылмай, біртіндеп бойына қуат, ойына сана жиып, ержетті. Табиғат сыйлаған зердесінің арқасында өз тұрғыластарының көбінен көш бойы озып, қазақша да, орысша да әжептәуір білім алды. Кейінірек үлкен соғыста, төрт жыл алдыңғы шепте болып, сансыз рет жарақаттанды, бірақ, әйтеуір татар дәмі таусылмады. Оның бергі жағында аудандарда және қалада әр түрлі шағын мекемелерге басшылық етті. Жар сүйді, бірнеше қайтара әке атанды. Алайда өкініштісі сол, әлгі нәресте-сәбилердің біреуінен өзгесі құтаймайды. Сол соңғы ұлы да қазір о дүниелік, содан қалған жан дегенде жалғыз қарасыны, көзінің нұры – немересі ғана жер басып жүр.

Қармыс ақсақал тағдырдың осылар сияқты сансыз талқысына да төзіп, шүкіршілік етіп еді. Алайда, бұны енді әлгі немересі, Еркеші (Еркебұлан) тығырыққа тіреп, әбден қинап тұр.

– Ол – нарықтық қатынас заманының адамы. Заты әйел демесеңіз, шын күрескер, қайраткер, сирек кездесетін қабілет пен жігер иесі, бүгінгі тақтадағы өмірдің анық қожасы!.. –  деп еді немересі бұған.

Қайдағы нарықтық қатынас? Бұл бірдеңе түсінсе, әзірше кәдімгі анайы алыпсатарлықтың тамырына балта шабылмайынша, шын мәніндегі нарықтық қатынас, яғни адал бәсекелестік нәтижесінде өнімнің сапасының үздіксіз жақсаруы мен оның құнының біртіндеп тағы да үздіксіз төмендеуінің үйреншікті қалыпқа  айналуы  мүмкін  емес.

Бүгінгі нарықтық қатынас делініп жүрген нәрсе – алаяқтық, біреулердің тойымсыз көздігі мен екінші біреулердің, қолында билігі барлардың, соларға жақтасып қорғауы, жемін айыруы, алдыңғылардың сұрқиялығына, тосқауыл қоятын заңдарға жол бермеуі ғана. Шынайы нарықтық қатынастың негізгі белгілері мен олардың іске асыру жолдары Алла Тағаланың уахи дінінде әу бастаақ  ап-айқын  көрсетіліп  қойылған.

«Тауарды сат және оған нарықты өз қалауыңша белгіле. Бірақ сатып тұрған нәрсенің немесе малыңның жасырын кемшілігі, көзге көрінбейтін ішкі ақауы болмасын. Содан соң, сататын нәрсеңді немесе малыңды шектен тыс мақтама. Біреудің қолындағыны шын, ақиқат құнынан көп түсіріп, арзанға алуға тырыспа. Шеккіні (немесе басқа өлшеу құралын) пайдаланып, біреудің ақысын жеме. Алдама, арбама, айналаңдағыны көзіңнің қарашығындай сақта, бүлдірме, қолыңнан келсе, бүтіндей жүр, не нәрсені де қажетіңнен артық алып, көзін жойып ысыраптама, төгіп-шашып пайдаланба. Ешкімді қорлама, әділетсіздік жасама, жетім-жесірге, жоқ-жітікке қамқор бола жүр.

Өзгенің еңбегін жеме, біреу сенің әлдебір шаруаңды тындырса, оның еңбегін маңдайының тері кепкенше  беріп  бол…»

Тіпті бүгінгі «нарықтық қатынастың» жақсы жақтарының өзін бозда қалдырмай ма Жаратушы Иенің бұл талаптары?! Ал қазір осының бәрін (дұрысы – бір бөлігі), жерден жеті қоян тапқаннан бетер, жаңалық етіп ашып және оны ерекше ұлуғылап «нарықтық қатынас» деп атап жүрміз. Адамзат тарихы дегеннің өзі бір өткен кезеңін әу баста дұрыс зердемей, қайта-қайта шиырлай берумен ерекшелене ме, қалай өзі?!

*  *  *

Немересінің жан дүниесі жұмсақ та жомарт, арманшыл да асқақ болып қалыптасты. Жігіттің ілім мен білімнің сан саласынан еркін хабардар, жігерлі, өнерге де барынша құштар болып өсуіне бар хадарынша алдымен күш салған осы кісі, кәрі әкесі. Сөйтіп жайсаң жүрген Еркеш кенет жүріс-тұрысы, көңіл күйі, не нәрсеге де ықылас-ынтасы бұзылып, жүнжіп кетті. Әлі өте жас, жиырманы жаңа ғана орталады. Бет-әлпеті де келісті, әрлі бұрынғылардың «бойы сырықтай, мойны құрықтай» деп сипаттайтын өндірінің нақ өзі еді. «Қарағыма қандай әйел затын тап қылар екенсің, Жаратқан? Бір адал сүт емген, көркіне ақыл-парасаты сай етектіні, тең құрбысын кезіктіре гөр!» деп іштей үлкен үмітпен түйткіл арқалап жүруші еді Қарекең. Қырсыққанда жігітке сөз жоқ, өте шырайлы да сындарлы, алайда жасы бұдан көп үлкен екенін, былай қойғанда тым айлакер де жырынды әйел, өз көмейінен өтер шабақ-сылаларды талмамай жұтатын «жайыны» тап келді.

Есімі де қазақ әйелдерінің ішінде өте сирек кездесетін «алтын» шашты жалқын сұлуды, бет-жүзі, дене бітісі ғажап тартымды, сурет дерлік бола тұра, жанары салқын да қатал. Омырауын есіктей, балтыры бесіктей делінетін ұрғашы «қабыланның» ішкі жан сарайын Қарекең аздап білетін. Қартыңыз осыдан бірнеше жыл бұрын осы әйелмен кездейсоқ болған екеу-ара қысқа сөз алмасудан көп жайтты ұғып үлгерген. «Әр адам өз табиғаты мен қабілет-қасиетіне сәйкес өмір сүруге тиіс. Сондықтан еркек пен әйелдің арасындағы жас айырмашылығы дегеніңіз де, оған мән беру де – не табиғаты, не рухы осал адамдардың сандырағы!» деген болатын өрт сұлу Флора сол жолы. Ерінен ерте ірге ажыратқан (тіпті онымен жарытып тұрмаған да делінеді) бедеу әйел осы шалыңыздан, Қарекеңнен де дәмелі болмады ма екен?

Ол малғұнның сол жолы шебер тылсыммен қиғашталған жанарын қайта-қайта сиқырландыра жалт-жұлт еткізіп, бұған жиі қарағыштай бергенінің нені меңзейтіні жайлы кезінде тіпті ойламапты да ғой бұл.

Алыпсатарлықпен айналысатын өте бай келіншек еді. Және бұныкі өзге көпшіліктікіндей ұсақтүйек алданыш емес, үлкен ауқымдағы, әлдеқалай сәтсіздіктерден қорықпайтын, әлдеқашан сара жолға қойылған белді кәсіп болатын. Осы қаланың бір өзінде ол әйелдің әлденеше сауда орны мен дүкені бар, басқа қалалардың да кейбіріне ту тігіп үлгерген деп қауесет етеді ол жайлы ел.

Енді сол сайқал, егер бұның, Қармыстың ішкі сезімі алдамаса, әлгі қыруар дүние-мүлкіне қарауылшы шал іздестіру ниетінен айнып, қандай мұқтажы сай, бұларға қоса кез келген бақталастың көңілінен қызғаныш отын тұтататын қосшыбала (дұрысы – қолбала) табу жоспарын шыңдап қолға алғанға ұқсайды. Қарттың өз немересімен асықпай әңгімелесіп, сырласуға тырысқан әлденеше талпынысы еш нәтиже бермеді, қайта әр жолғы осындай кеңес жігіттің «сырқатының» бұрынғысынан да тереңдеп, шындығында да айықпас дертке айнала басталғанына бұның көзін жеткізіп, жанын жегідей жеді. Көкірегі шарасыздықтың отына өртеніп, бебеу қақты.

– Сіз тек кәсіпкер болғаны үшін ғана Флораны өлердей жек көресіз. Ол тек сонысы – мына заманда, әсіресе, қажет, бірақ бәрібір бұрынғыша өте сирек кездесетін қабілеті үшін сүйкімсіз болуға, тек сол «айыбының» кесірінен сүйген адамына қосыла алмай бақытсыз күйде қалуға, жалғыздықтың тақсіретін бұдан былай да тарта беруге тиіс пе, айтыңызшы?! Өзіңіз менің санама кішкентай кезімнен бастап ылғи құюға тырысқан әділеттілік, өзгеге деген жанашырлық, басқа да абзал сезімдерді тек қана құрметтеумен шектелмейді, мәпелеу керек дейтін кеңесіңіз тіршілікті, мына ғаламды сұлулық пен махаббат қана күйреуден аман алып қалады дейтін өсиетіңіз қайда кетті бұл жолы?! – деп, өз көзқарасын өзіне қарсы қойып құртты немересі бұның миын. (Шындығында, Қармыс бұл нақылдарды ешқашан дәл осы Еркештің аузынан шыққандай етіп әдемілеп айтқан емес. Бірақ бәрібір өжет те алғыр, тіпті оралымды жас жігіт өзінің қанына атасы сіңіруге тырысқан ұстанымдарды өз мәнерінде өте айқын, дәл сипаттап тұр еді).

– Мұның бәрі дұрыс. Сенің «Солай етіп тәрбиеледің» дегеніңнен мен бұл жолы да жалтармаймын. Бірақ… бүкіл гәп сонда – ол әйелде саған деген күйіп-жанған сезім, шынайы махаббат жоқ. Аты-мен жоқ, түсінесің бе сен осыны?! Оған тек әрі өзіне шын берілген, әрі тындырымды қолбала, содан соң еріккен кезде өзінің көп ермектерінің бірі ететін әдемі қуыршақ керек. Егер ұқпасаң ойлап, байыбына баруға тырыспай, жеңіл көбелек сезімнің жетегіне кетсең, өзіңді де, мені де шын бақытсыз етесің! – деді бұл сол жолы ақыр соңында Еркешке.

– Жоқ, ата, бұл сөздеріңіз мені бәрібір ештеңеге сендірмейді. Егер менің көзім ол әйелдің ант-су іше отырып, мойындаған өзіме деген ыстық сезімінің жалған екеніне анық жетсе ғана… Мен де өзіңіз сияқты жасандылықты, өтірік көлгірсуді, айлакер, сұм адамдарды жирене жек көремін. Кезінде сіз де жас болдыңыз ғой, ата, түсінетін шығарсыз. Ал менің қазірге бағалауымда Флора – адалдық пен нәзіктіктің, мейірімділік пен өте биік арманның шән мәніндегі иесі, періштесі!..

*  *  *

Арада және аз күн өткен соң, Қарекең Еркешті тағы да алдына шақырып, онымен аз-кем әңгімелескеннен кейін екеуі қала орталығына бет алды. Ішіндегі бұйымдарының әрдайым өте асыл, қымбаттығына байланысты көпшілік маңайына да жуымайтын, маңдайшасында «Зергерлік бұйымдар мен асыл тастар» деген айшығы бар ломбардтың есігін қағып, табалдырығынан аттады.

– Амансың ба, қымбатты Авитос! – деп қос қолын созып амандасты Қарекең аласа бойлы, қою ақбурыл шашты өзі тұрғылас азаматпен. – Ескі сыйластығымызды пайдаланып, қасымда мына немерем Еркеш бар, саған ерекше бір бұйымтаймен келіп қалдым.

Дүкен иесі екі алақанын жазып, иығының тұсына көтеріп, бас изеді. Сол қас-қағымда есендік-саулығын да сұрап үлгеріп жатыр келушілердің.

Қармыс әлгіден артық сөзге бармай, бешпетінің ішкі қалтасынан әлденені шығарып, орауын жазған соң Авитостың алдына, шыны үстел үстіне қойды.

– Ғажап! Керемет нәрсе ғой мынауың! – деді анау, бұйымды қолына алып, айналдыра қарап.

Содан соң алтын жиекті үлкейткіш әйнегін шығартып, осыдан кейінгі он-он бес минут бойына бұларды, келушілерді мүлде ұмытты. Бұл қарт жуық өреде атышулы, өзі мен ата кәсібінің атақ-абыройына барынша мұқият зергер, ювелир еді. – Бірнеше әрі ірі, әрі қапысыз таза жақұтпен безендірілген алтын алқа… Маған сатасың ба мынауыңды, Қареке? Әлде кепілдікке қояйын деп әкелдің бе? Шынымды айтсам, түз тұрғыны қарапайым қазақтың қолында мұншалықты аса бағалы  дүние жүреді деп мен ешуақытта ойламаппын. Сен менің ісіме өте адал кәсіпкер екенімді білесің. Және сонау бір алмағайып, қоңылтаяң кезде сенің азаматтығыңды, қалтқысыз көмегіңді көрдім, Қареке. Сондықтан жасырмайын, мынау қолға түспейтін өте қымбат нәрсе! Сирек кездесетін, қазіргі кезде көзі жойылып, тасаға кеткен жәдігерлердің бірі. Мәселе, тіпті тасы мен алтынында да емес, мәселе – мұның көне Дымшықтың ба екен, Мысырдың ба екен, әйтеуір бір айтулы жердің үлкен шеберінің қолынан шыққандығында. Міне, кел, қара лупамен, қылдан да жіңішке алтын тінімен өрнек зер салу деп осыны айтады!.. Қайдан жүр бұл сенде?!

– Тіпті ертеден бері біздің әулетте «енеден-келінге» жоралғысымен мұра болып келе жатқан бұйым еді. Енді қайдан жүр дегенде… Біздің бабаларымыз өте ауқатты адамдар болған, қажыға барған, өзің айтып отырған Дымшақты да, Шамды да, таяу Шығыстың басқа көне қалаларын да талай рет аралаған.

– Сатасың ба жәдігеріңді?

– Жоқ, сатпаймын. Тек қана сен маған осының қазіргі кезде қанша тұратынын және қандай сомаға өткізуге болатынын айт.

– Мұның қазіргі құны шамамен (осындай), ал бірақ дәл осы біздің жерде сатуда болатын нарық мөлшері (мынадай), – деп Авитос екі жолы да өте қомақты, Қармыстың өңі түгіл түсіне кіруі мүмкін  емес  қыруар ақшаны  атады.

– Олай болса, Авитос, осы бұйымды саған басқа біреу алып келіп көрсетіп, мен сияқты ақыл-кеңес сұраса, маған айтқандарыңды бұлжытпай, осы күйі түп-түгел, оған да айт және ол кездесу жайлы маған телефон шалып хабарла. Жалғыз-ақ бізбен мына жүздесуің жайлы жақ ашушы болма. Уәде ете аласың ба солай етем деп?

– Түу, Қареке, сен екеуміз талай рет дәм-тұз бөліскен сырмінез жандар емеспіз бе?! – деп күлді анау. – Әрине, уәде! Енді бұған қоса, жүде, армян және жәһид құдайларының аттарын атап, ант-су іш деп қыстамайтын шығарсың ескі досыңды?

– Әрине, Авитос, ол не дегенің. Кешіргейсің!..

*  *  *

Сол күннің ертеңіне Еркеш Қарекеңнің айтқандарын мүлтіксіз орындап, «Әлдебір мұқтажымызға қаражат қажет болып қалып еді. Біз ештеңенің жөнін білмейміз ғой, қажет кісілерді салып саттырып бер», – деп алқаны Флораға апарып тастады да, келесі күні осы саудадан түскен қаржыны атасына алып келді. (Содан сәл бұрын Авитос та Қарекеңе телефон шалған болатын).

– Енді ақшаны өз қолыңмен мұқият есептеп, қанша екенін маған айт, – деді Қарекең немересіне.

– Мүмкін емес! Бұлай болуы тіпті де мүмкін емес!..» – деді Еркеш атасының тапсырмасын орындауға біраз уақыт сарп еткен соң. Дағдарған қалыпта қолындағы соманы қайтадан есептеп, тағы әлгісін қайталады. Жігіттің қос жанары өлшеусіз қасіретке толып, өңі ақ шүберектей болып кетіп еді.

– Иә?.. – деді Қарекең айылын жимастан, өте жайбарақат қалыпта.

– Ата! Флора алқаны өткенде Исаакян қария айтқан төменгі деңгейден де әлденеше есе ар-занға сатыпты! – деді  Еркеш.

– «Сатыпты» емес, «Сатылды деп сен екеумізді алдап, өзі иемденіпті», – деп түзетті Қарекең немересінің  соңғы  сөзін.

Ол кейінгі бірнеше жетіден бері алғаш рет тереңнен тыныстап, еркін  дем  алды…

Қайыр  БЕКТҰРҒАНОВ


Өз еркімен қызметінен кетті

Күні: , 10 344 рет оқылды

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің  БҚО бойынша департаментінің басшысы Мұрат Оспанов қызметінен өз еркімен босатылды.

Биылғы жылғы 12 сәуірде Youtube бейнехостингінде «Начальник областного департамента АРЕМ по ЗКО Мурат Оспанов отрывается в клубе на все 100%» деген тақырыппен аталмыш департаменттің басшысы Мұрат Оспановтың қатысуымен бейнеролик жарияланғаны белгілі. Бұл факті бойынша мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасының бұйрығымен департамент басшысы М. Оспановқа қатысты тәртіптік іс қозғалып, қызметтік тексеру тағайындалды.

Алайда мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департа-ментінің атына ҚР Ұлттық экономика министрлігінен келіп түскен хатта аталмыш министрліктің жауапты хатшысының 2018 жылдың 18 сәуірдегі №211-ж бұйрығымен Мұрат Оспанов атқарып отырған лауазымынан өз еркімен босатылғандығы көрсетілген. Сонымен қатар «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңына сәйкес, әдеп нормаларын бұзу фактісі бойынша мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін қарау, мемлекеттік қызметтен өз өтініші бойынша қызметінен босатылуына кедергі болып табылмайтындығы  мәлім.

Гүлнәр ШӘҢГЕРЕЙ


Қаламгерлерді қабылдады

Күні: , 55 рет оқылды

Сейсенбі  күні  облыс әкімі  Алтай  Көлгінов  ҚР Жазушылар  және  Журналистер  одағының   мүшесі, халықаралық  «Шабыт» фестивалінің  лауреаты  Мира Шүйіншәлиеваны  қабылдады.

Сол күні өткен Мира Хамзақызының «Тұмадай тұнық, таулардай заңғар» атты шығармашылық кешіне арнайы келген қонақтар, ҚР Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов, жазушы-драматург Дулат Исабеков, ақын Ақұштап Бақтыгереева және М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Гүлжиһан Орда  да  әкім  қабылдауында болды.

– Бүгінде қаламы қарымды қаламгерлердің қатарында Ақұштап апамыз, Мира Хамзақызы бар, олардың ізінен жастар еріп келеді. Тарихымызды, мәдениетімізді, өнерімізді кеңінен насихаттап жүрген сіздерсіздер. Бізді құрметтеп келіп жатқандарыңызға қуаныштымыз. Ақ Жайық өңіріне қош келдіңіздер, – деп қонақтарға ілтипат білдірген Алтай Сейдірұлы ақын-жазушылармен емен-жарқын  пікірлесті.

– Мира Шүйіншәлиеваны қазіргі қазақ әдебиетінің белгілі өкілдерінің бірі деп айтуға болады. Себебі  оның шығармашылығы көпшілікке танымал. Қазіргі әдебиетте проза жанрында жүрген нәзік жандылар көп емес. Шәрбану Құмарова мен Шәрбану Бисенованың соңынан еріп келе жатқан жазушы қыздардың бірі  осы – Мира Шүйіншәлиева. Мираның шығармалары қазіргі заман тақырыбын қаузауымен ерекшеленеді. Біздің әдебиетте негізінен өмірдің күнгей жақтарын беруге тырысады да, көлеңкелі жақтары көп кездеспейді. Ал Мираның шығармаларынан қазіргі өзіміз өмір сүріп жатқан тәуелсіздік тұсындағы замандастарымыздың қиын тағдырын көруге болады. Әдебиетте қалыптасқан ар  ілімі – қаламгер шығармаларының негізгі өзегі. Оның шығармаларындағы кез келген кейіпкерін алып қарасаңыз да,  тұсауы кесілгелі отырған «Ар азабы» жинағына енген шығармаларының басты кейіпкерлері де ар азабынан өткен, ар сотында өзінің жауапкершілігін  көтере білген жандар, – деді Гүлжиһан Орда.

Өз кезегінде Мира Хамзақызы руханиятқа, өнерге, мәдениетке ықыласын білдіріп, қолдап жүрген Алтай Сейдірұлына, алыстан ат арытып келген қонақтарға ризашылығын білдіріп, тәуелсіздігімізді баянды етуге қаламмен қызмет  ететінін  айтты.

Ясипа  РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»

Суретті  түсірген  Айбатыр  НҰРАШ


Алда атқарар істерді пысықтамақ

Күні: , 130 рет оқылды

«Бес әлеуметтік бастама – қоғамның әлеуметтік бірлігінің тұғыры» тақырыбында  28 сәуір күні Астана қаласында өтетін Қазақстан халқы ассамблеясының XXVI сессиясына облысымыздан 32 адам қатысатын болды. Бұл туралы сейсенбі күні Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында болған брифингте БҚО әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Жамал Иxсанова мәлімдеді.

«БҚО Қазақстан халқы ассамблеясының жұмысы және ассамблеяның XXVI сессиясына қатысу» тақырыбында өткен баспасөз мәслихатына сондай-ақ «Орыс мәдени орталығы» БҚО қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сергей Погодин, Бөрлі аудандық кәріс этномәдени бірлестігінің төрағасы Виталий Ан қатысты.

– Мемлекет басшысы, ассамблея төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев наурыз айының соңында ҚХА-ның кезекті сессиясын шақыру туралы өкімге қол қойған болатын. Сол уақыттан бастап тиісті шаралар ұйымдастырылып, сессияға баратын делегация құрамын анықтау жұмыстары жүргізілді. Облыс әкімі Алтай Көлгіновтің 16 сәуірдегі №76 өкіміне сәйкес делегаттар құрамы жасақталды. Соған орай БҚО ҚХА төрағасы, облыс әкімі Алтай Көлгінов бастаған 16 облыстық этномәдени бірлестіктің төрағалары, ассамблеяның құрылымдық бөлімшелері өкілдері, белсенді кәсіпкерлер мен жастардан құрылған 32 адам 27 сәуір күні Астанаға аттанды. Сонымен қатар біздің өңір атынан сессияда сөз сөйлейтін, концерттік бағдарламада өнер көрсететін өнерпаздар таңдалды. Біздің өңірден баратын өнерпаздарының құрамында ел тәуелсіздігінің 20 құрдасы да бар. Олар да Астана сахнасында өз өнерлерін көрсететін болады, – деді Жамал Сағынғалиқызы.

«Орыс мәдени орталығы» БҚО қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сергей Погодиннің айтуынша, жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін сессия ел өміріндегі аса маңызды мәселелерді талқыға салатын алқалы жиын. Сессияда қалыптасудың даңғыл жолынан өтіп, достықтың тірегіне, халықтың жүрегіне айналған ассамблеяның одан әрі дамуы, Елбасының бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру бағытындағы атқарылар істер жайы талқыланбақ.

Бұдан соң Жамал Сағынғалиқызы облыс ассамблеясы тарапынан қолға алынып жатқан бірқатар игі істер, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнін облыс көлемінде атап өту туралы айтып өтті.

– Қазақстан халқының бірлігі күніне дайындық жұмыстары өз дәрежесінде ұйымдастырылуда. Достық алаңында өтетін мерекелік шарада өңірдегі мемлекеттік құрылымдардың, мекеме-кәсіпорындардың, қоғамдық бірлестіктердің, жекелеген ұжымдардың қызметкерлерінен құралған шеруі мен мерекелік концерт ұйымдастырылмақ. Бұл шараға облыс орталығының 10 мыңнан астам тұрғыны қатысады деп күтілуде, – деді Жамал Ихсанова.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»


Қазақстаннан ешқайда кетпейміз

Күні: , 43 рет оқылды

Ата-бабам Атырау облысындағы Лебедок ауылын мекендеген. Балық цехының меңгерушісі болып қызмет еткен әкемді 1939 жылы Батыс Қазақстан облысындағы Чапаев ауданының Коловертный ауылына жұмыс бабымен ауыстырған. Әкем соғысқа аттанып, анам балық цехының меңгерушісі болып қалған. Ол ауылдағы қыз-келіншектерден бригада құрып, Жайық өзенінен балық аулаған. Осылайша соғысқа  балық және балық өнімдерін жіберіп тұрған.

Соғыс аяқталған соң 1946 жылы мен дүниеге келіппін. Балалық, бойжеткен шағым Коловертный ауылында өтті. Мектеп бітірген соң бастауыш сынып мұғалімі мамандығына оқуға түстім. Жұбайым Александр Питерсков екеуміз 1965 жылдан бері Бударин ауылында тұрамыз. Бударин орта мектебінде отыз жылдан астам бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет атқардым.

«КСРО-ның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағын иелендім. Бес бала тәрбиелеп, олардан он немере, бір шөбере сүйіп отырмыз. Балаларымыздың барлығы қазақ тілін жетік меңгерген. Бір қызым қазақ жігітіне тұрмысқа шығып, қазақпен құда болдық.

Қазақстанның әлем алдындағы ең мықты көзірі не десе, мен бейбіт өмірсүйгіштігі дер едім. Бұл қазақтың қанындағы ең бірінші жақсы қасиет деп ойлаймын. Мереке күндері ет асып, ұлттық тағам дайындаймын. Наурызда ауыл ақсақалдарына көрісіп, олардың баталарын аламыз. Ал Пасха мейрамында қазақ балалары орыс ұлтының  мерекелік  дәмін  тату  үшін бізге  келеді. Біз енді Қазақстаннан ешқайда кетпейміз. Себебі жағдайымыз жайлы, көңіліміз тоқ. Мен үшін «Мәңгілік заң» қағидасы бар. Бұл заңның мәні, адамның жан дүниесі оның денесінен 100 есе ауыр келетіндігінде. Зіл батпандығы сонша, кісінің жалғыз өзі оны алып жүруіне күші жетпейді. Сондықтан да біз, адамдар, тірі кезімізде бір-бірімізге көмектесуге тиіспіз, бір-біріміздің жан дүниемізді мәңгі етуге тырысуымыз керек: сіз – менің, мен – басқаның, басқа – тағы біреудің. Осылайша шексіздікке дейін… Ал бұл арада христиандық емес, мұсылмандық емес, көк тудың астындағы қазақстандық ретінде ойлауымыз керек. Ұлттың құдіреті бірліктен басталады.

Галина   ПИТЕРСКОВА,

Ақжайық   ауданы


«Кенже бағыттың» көкжиегін кеңейтсек…

Күні: , 62 рет оқылды

Ауыл  шаруашылығы тауарын өндірушілерді нақты қолдау мақсатымен ауылдық тұтыну кооперативтерін құру осыдан тура үш жыл бұрын қолға алынған болатын. Ал бір жылдан соң оның аты мен заты аз-кем өзгеріп, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтеріне айналғанын білеміз. Өткен жылы «Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» шықты. Мақсаты – жем-шөп базасын кеңейту негізінде мал шаруашылығының, басымдыққа ие дақылдар өндірісін ұлғайту арқылы өсімдік шаруашылығының тиімділігін арттыру. Бағдарлама арқылы 2021 жылға дейін 25 мың несие алушыға тең дәрежеде 300 млрд. теңге қаражат бөлінбек. Аталған мембағдарлама шеңберінде ұсақ шаруашылықтарды ірілендіру арқылы ел экономикасын арттыру көзделген.

Тұтыну кооперативтерін құру жөніндегі бастамаға әу бастан қолдау білдірген сырымдықтар 2015 жылы 13 АТК (ауылдық тұтыну кооперативі) құрып алған екен. Сол жылы кооперативтердің бағымында 1596 аналық мал, 55 асыл тұқымды бұқа болыпты. Аталған кооперативтер 28 728 000 теңге субсидияға қол жеткізген.

2016 жылы мал  тұқымын  асылдандыру  бағытындағы  ұжымдардың қатары тағы алты кооперативке ұлғайтылған. Оларға да тиесілі 10 152 000 теңге субсидия бөлініпті. Ал  өткен жылы  мемлекет  тарапынан  көрсетілетін  демеуқаржының  мал  бордақылау  бағытына  бөлінуіне  байланысты  ауданда төрт кооператив  құрылған. Аудан  орталығы Жымпиты  селосындағы  «Береке – Болашақ»,  «Атамекен – Сырым», «Отан», «Мақсат» – С»  кооперативтерінде  1097  бас  мал  бордақылануда.

– Кооперативтік  құрылымның тиімділігін өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Мал бағымы тиісті деңгейде ұйымдастырылғандықтан, мал өнімдерінің сапасы да арта түсуде. Ауыл шаруашылығындағы аталмыш құрылымдар мемлекет тарапынан қолдау қаражаттарға да кенде емес. Ішкі нарықты отандық өнімдермен толтыру үшін ауыл шаруашылығы кооперативтерінің жұмысын әбден ширата түсу керек, – дейді Сырым аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Руслан Ұсағалиев.

Ауыл-аймақтардағы кооперативтер мал тұқымын асылдандыру және бордақылау бағытында жұмыстануда. Жасыратыны жоқ, өз иеліктеріндегі аналық малдарды асылдандыру бағытында кооперативке қосуға ниет білдіргісі келмейтін тұрғындар да бар екен. Арнайы бөлінген аумақта жаз бойы малын бақташы бағып берсе, оның үстіне иелігіндегі мал тұқымы асылданса, одан неге тартынады?.. Бұл тұрғыда сала мамандарының әлі де біраз тер төгулеріне тура келетін шығар.

Бұрын бақташы табу мұң болатын. Жымпитылықтар бұл мәселені мұқият ойластырып, шешіп қойғандай. Биылдан бастап ауыл кооперативтерінің бақташылары тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Келісімшарт негізіндегі бақташылар жыл – он екі ай жұмыста болады. Яғни, алты ай мал бақса, алты ай жылыту қазандықтарында операторлық қызмет атқармақ. Жұмысы тұрақты жанның ел қатарлы табыс салығын төлеп, зейнетақы қорын жасақтауға да мүмкіндігі бар.

Иә, ауыл шаруашылығына кештеу қосылған «кенже бағыттың» кейбір кемшіл тұстарын сала мамандары айтқандай «ширата түссе», кооперацияның да көкжиегі кеңие түсер. Сырымдық кооперативтер биыл 216 бас асыл тұқымды мал сатып алуды жоспарлаған. Күні бүгін 78 бас мал сатып алынып, оның 62-сіне 9 млн. теңге субсидия төленген. Қарапайым арифметикаға жүгінсек, әр бас мал үшін 150 мың теңге шамасында. Ал бұл қаржы тегін берілген мемлекеттік қолдау. Ендеше, мұндай қолдауды дер кезінде пайдаланып қалатындардың ұтылмасы анық.

Сәндібек ЖОМАРТҰЛЫ,

Сырым ауданы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика