Мұрағат: 23.04.2018


«Әлеуметтік желілердегі «артық әңгімелерге» негіз жоқ»

Күні: , 45 рет оқылды

Облысымызда  меритократия  қағидаттары  қалай жүзеге асып  жатыр,  тамыр-таныстықпен  әкiмшiлiк  мемлекеттiк лауазымдарға  келуге  бола  ма, жастарымыздың  мемлекеттік  қызметке  келуі  қалай?  Міне,  осындай  сауалдармен  облыс  әкімі  аппараты  басшысының  орынбасары Асылұлан Досжановқа  жолыққан  едік.

Елбасымыз «Бұдан былай мемлекеттік қызметші лауазымдық сатымен кезең-кезеңмен, билік иерархиясының бір сатысынан келесісіне өзінің машығын жетілдіре және кәсіби деңгейін арттыра отырып көтерілетін болады» деп атап көрсеткен еді. 100 нақты қадам – Ұлт жоспарында кәсіби аппарат құру туралы нақты айтылған. Соған сәйкес облысымызда да меритократия қағидатын жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүруде. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметшілер облысішілік және деңгейаралық («орталық-өңір», «өңір-орталық») жүйе бойынша ротациялануда. Мәселен, облыс ішінде жоғары тұрған лауазымдарға ауысу тәртібіне келсек, таяуда облыс әкімінің орынбасары болып тағайындалған Миржан Сатқановты айтуға болады.

Ол қызметін маманнан бастап басқарма басшысына дейін көтерілді. Он жыл Сырым ауданы әкімінің орынбасары болған Төлеген Төреғалиев қазір аудан басқарып отыр. Сегіз жылдан астам уақыт  Шыңғырлау ауданы әкімінің орынбасары болған Қалияр Айтмұхамбетов қазір облыстық жұмыспен қамту басқармасына  жетекшілік етуде. Бірнеше басқармада орынбасар болып қызмет еткен Берік Есенғалиев (ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы), Дулат Имашев (қаржы басқармасының басшысы) қазір басшылық қызметтерге тағайындалды. Сонымен қатар бірнеше жыл облыс әкімі аппаратында инспектор болып қызмет атқарған кадрлар қазір аудандарда басшылық қызметтерді атқаруда. Мәселен, Жаңақала ауданы әкімінің екі бірдей орынбасары, Бөрлі, Шыңғырлау, Қаратөбе ауданы әкімдерінің аппарат басшылары облыс әкімі аппаратынан жолданған жандар. Бір сөзбен айтқанда, білімді, білікті жастарға облыс әкімінің қолдауы ерекше, жастарға жол ашылуда. Орал қаласы әкімдігінде бөлім басқарған Еркебұлан Ихсанов (Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары), Ринат Шәуенов (Зеленов ауданы әкімінің орынбасары), Виталий Кушнер (Теректі ауданы әкімінің орынбасары) сияқты жас мамандар халықтың арасында жүріп тәжірибе жинауда.

Менің өзім де мемқызметтегі еңбек жолымды ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департаментінде 2004 жылы бас маман лауазымынан бастадым. Кейін консультант, бөлім басшысы болып, департамент басшысының орынбасарына дейін өстім. 2014 жылы Зеленов ауданы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалдым, өткен жылдың желтоқсанынан бастап осы лауазымда еңбек етудемін.

«Өңір – орталық» жүйесіне тоқталсам, облыс әкімінің бірінші орынбасары болған Арман Өтеғұлов өңірде әр түрлі деңгейдегі басшылық қызметтерді атқарғанымен, орталықта жұмыс істемеген. Жуырда осы ротацияға сәйкес, ҚР Президенті жанындағы ұлттық комиссиясының шешімімен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы қызметін атқарған Бақытжан Нарымбетов ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары болып ауысты. Облыс әкімі аппаратының орынбасары Расул Медетов ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департамент басшысының орынбасары лауазымына барып, жақында аталмыш

агенттіктің Ақтөбе облысы бойынша департамент басшысы болып бекітілді. «Орталық – өңір» жүйесі негізінде орталық мемлекеттік құрылымдардан облысымызға келген облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұловты, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қанат Төсекбаевтарды айтуға болады.

Бүгінгі таңда мемлекеттік әкімшілік қызмет персоналын дамыту жөніндегі жұмыс шеңберінде тағылымдамадан (стажировка) өткізу нысанына ерекше маңыз беріледі. Өңірлердегі мемлекеттік қызметшілер орталыққа, яғни ҚР Президентінің әкімшілігіне, Үкімет кеңсесіне, министрліктерге барып тағылымдамадан табысты өтсе, олардың мансаптық өсу перспективаларына жол ашылады. Сондай-ақ «Болашақ» бағдарламасымен шетелде, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясында оқуы да лауазымның жоғарылауына мүмкіндік берді. Жалпы алғанда, облыста Мемлекет басшысының 100 нақты қадам – Ұлт жоспарында айтылған талаптарға сай жұмыстар атқарылуда.

– Асылұлан Тұрсынұлы, қазір заңға сәйкес бірде-бір басшы өзіне жақын адамдарды айналасына топтастыра алмайды ғой…

– Әрине. ҚР «Мемлекеттік қызмет туралы» заңымен мұндай әрекеттер көзделмеген. Бұрынғыдай ауысу тәртібі де жоқ. Бос әкiмшiлiк мемлекеттiк лауазымдарға тек конкурс арқылы орналасады. Өздерінің білімі мен біліктілік деңгейлерін жақсы көрсеткендер ғана конкурстан өте алады. Ал үміткерлерді бағалайтын комиссия құрамында сол мекеме қызметкерлерімен қатар, байқаушылар, сарапшылар қатысады. Бұл конкурстың ашықтығын қамтамасыз етеді.

– Жергілікті жердегі бос әкiмшiлiк мемлекеттiк лауазымдарға өзге жердің азаматтары тағайындалса, кейде түрлі әңгіме тарап жататыны бар…

– Сұрағыңызды түсіндім. Өзім бос әкiмшiлiк мемлекеттiк лауазымдарға конкурстан өтіп келген азаматтарды жергілікті, жергілікті емес деп бөлуді дұрыс деп санамаймын. Жоғарыда айтып өткенімдей, конкурста білімі мен біліктіктілігі жағынан бәсекеге қабілетті екендерін дәлелдегендер сол лауазымға тағайындалады.

Осы жерге айта кетейін, бірқатар басшылық қызметтерде болған кезде байқағаным, жастарымыздың мемқызметке деген талпынысы төмендеу. Конкурсқа түскендердің арасында да білім деңгейімен ерекшеленіп тұратындар да аз. Қызмет барысында  талпынып, кәсіби біліктілігін арттыруға ұмтылып жүретін, өзін көрсете білетіндер де көп емес. Оның өзіндік себептері де бар шығар. Біреулері мемқызметкердің жалақысының төмендігін айтса, екіншілері жұмыс ауқымының көптігін сөз етеді. Бірақ бұл сылтау емес деп ойлаймын. Егер әрбір азамат өз жұмысын жоспарлап, белгілі бір деңгейге қойып, соны орындай білсе, уақтылы үйіне кетуіне болады. Тіпті қазір мемлекет қызмет саласына осындай талап қойылып отыр. Мемқызметкердің еңбекақысы дүркіретіп той жасауға жетпес, дегенмен отбасын асырауға, көштен қалмауға болады. Тағы бір айта кететін жайт, биылдан бастап Астана қаласы мен Маңғыстау облысында және екі министрлікте пилоттық жоба ретінде бонустық жүйе енгізілуде. Бұл жүйе бойынша төменгі лауазымдағы мемқызметкерлердің табысы үш, одан лауазымы жоғарылардың табысы екі есеге дейін көбеймек. Жалпы, өзім мемқызметті ең тұрақты қызметтің бірі деп есептеймін. Себебі, уақтылы жұмысыңа барасың, еңбекақыңды аласың, демаласың дегендей.

Сөздің шыны керек, әлі де біраз жастарымыз ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүргісі келеді. Мәселен, біреулері 4-5  сағат дәмхана-мейрамханаларда даяшы болып қызмет етіп, тапқан ақшасын алып, екі-үш күн қыдыруды көздейді. Ал айналасындағы жандар олардың бұл әрекеттеріне қарап жұмыс жоқтықтан осылай істеп жүр деп ойлайды. Сонымен қатар әлеуметтік желілердегі «бос лауазымға өздерінің адамдарын қояды» деген негізсіз сөздер де жастарымыздың мемқызметке жөнді келмеуіне себепші болуда деп ойлаймын. Соңғы жүргізген талдау нәтижелері көрсеткеніндей, облыстық мемлекеттік мекемелерде 42, қала мен аудандарда 92 бос орын бар. Осы сәтті пайдаланып, азаматтар мен азаматшаларды бос әкiмшiлiк мемлекеттiк лауазымдардың конкурстарына қатысуға шақырғым келеді. Сөйтіп,  болашақтарын мемлекеттік қызметпен байланыстырса екен деймін.

Егер жергілікті дегенге келетін болсақ, бүгінгі таңда облыстық басқармалардың басшылары да, қала мен аудандардың әкімдері  де негізінен батысқазақстандық азаматтар мен азаматшалар. Сөзіме дәлел болсын 24 облыстық басқарманың 20-сын батысқазақстандық мамандар басқарып отыр.

Ал қалған төртеуінің басшысы үш-төрт жыл көлемінде осы өңірде еңбек етіп жатқан еліміздің азаматтары. Сондықтан әлеуметтік желілерде жазып жатқан кейбір «артық әңгімелерге» негіз жоқ деп ойлаймын.

Сұхбаттасқан    Сәкен   ӘБІЛХАЛЫҚОВ


221 адам қабылдауға келді

Күні: , 22 рет оқылды

Сенбі күні  Х. Бөкеева  атындағы  облыстық  қазақ  драма театрының  фойесінде  кезекті  «Ашық  әкімдік»  шарасы өтті. Облыс  және  қала  тұрғындары  өздерін  толғандырған  сауалдарын  облыс әкімі  Алтай  Көлгіновке, Орал  қаласының  әкімі Мұрат Мұқаевқа,  облыс  әкімінің  орынбасарлары  мен  облыстық  департамент, басқарма  басшыларына  қойып, сол  мезетте  тұшымды жауап  алды.

Билік пен бұқара арасында кедергісіз тікелей байланыс орнатуға бағытталған «Ашық әкімдік» шарасына келушілердің қарасы бұл жолы да әдеттегідей мол болды. Айта кету керек, аталмыш шара жыл басынан бері екінші рет ұйымдастырылып отыр. Көпшіліктің көкейіндегі түйткілдің дені тұрғын үй мен жер кезегі, коммуналдық қызмет сапасын жақсарту, әлеуметтік қолдау, қоғамдық қауіпсіздік  мәселелеріне  қатысты.

Ерік Баданов «Ашық әкімдік» шарасына Бөкей ордасы ауданының Ұялы ауылынан арнайы келген екен. Шағын шаруа қожалығының иесі облыс әкімі Алтай Көлгіновке Жаңақала және Бөкей ордасы аудандарының шекарасында орналасқан бөгетті тазалап беруге ықпал етуін сұрады.

– Бөгет 1967 жылы салынған, қазір тіпті теп-тегіс болып кетті. Су жинап алу үшін бөгетті тазалап беруін өтініп, былтыр аудан әкіміне бардым, ол Жаңақала ауданының жері деді. Биыл тағы аяқсыз қалар деп алаңдап, сіздің қабылдауыңызға келіп отырмын. Су жетпегендіктен, былтыр 500 бас қойымды, біраз ірі қарамды саттым. 200-ге тарта мал қалды, қазір судан тарығып отырмын.

Екінші мәселем, облыс орталығынан ет сататын орын болса, – дейді  шаруа.

Алтай Сейдірұлы бөгет мәселесі бойынша Бөкей ордасы мен Жаңақала аудандарының әкімдеріне тиісті тапсырма беретінін, ал сауда орнына қатысты сәрсенбі күні Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев жеке қабылдайтынын айтты.

Облыс әкімінің қабылдауында болған ҚР Мәдениет саласының үздігі, Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының әртісі Нұрлыгүл Жұбатова облыс әкіміне өнер шаңырағының 25 жылдығына орай, оған қоса өнер саңлағы Хадиша Бөкееваның аты берілгенін кең көлемде насихаттау мақсатында, Мәскеу, Самара, Македония, Түркия театрларымен арадағы шығармашылық байланысты нығайта түсу үшін халықаралық театрлар фестивалін ұйымдастыру туралы ұсыныс айтты. Алтай Көлгінов ұсынысты қолдайтынын айтып, ақылдасып, кеңесе отырып атқарылатын жауапты  іс  екендігін  жеткізді.

«Ашық әкімдік» шарасына алғаш келушілердің бірі – оралдық Қалес Рахметов. Бірінші топ мүгедегі Қалес Темірұлы Орал қаласының әкіміне тұрғын үй мәселесі бойынша жолықса, облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мамандарынан екінші және үшінші топтағы мүгедек ұлдарына мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек түрлері, шипажайларға жолдама алу, жұмысқа орналасу жайлы нақты кеңестер алды.

Облыс, қала әкімдері мен басқарма басшыларының қабылдауында жалпы саны 221 адам болды. Әрине, барлық мәселені бір күнде шешіп тастау мүмкін емес.

Әйтсе де, «Ашық әкімдік» азаматтарға өздерін толғандырған түрлі түйткілді ашық талқылауға, қордаланған мәселелерді құзырлы мекеме мамандарымен бірлесе шешуге мүмкіндік беретін алаңға айналып  келеді.

Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»

Суретті  түсірген  Айбатыр  НҰРАШ


«Цифрландыру: баршаға қолжетімді сапалы білім»

Күні: , 118 рет оқылды

Кеше «Нұр Отан» партиясы ғимаратының үлкен залында «БатысБілімТаlks» лекторий жобасының І сессиясы «Цифрландыру: баршаға қолжетімді сапалы білім» тақырыбымен өтті. Оның жұмысына облыс әкімі Алтай Көлгінов, «Қазақтелеком» АҚ-ның басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев, «BilimmediaGroup» ЖШС-ның директоры Рауан Кенжеханұлы, «Knowledge Egineering» ЖШС-ның директоры Нартай Әшім қатысты.

Облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен педагог қызметкерлерді кәсіби тұрғыдан дамытуды, педагог мамандығының мәртебесін көтеруді, білім беру ортасында цифрлық технологияларды қолдануды көздеген «БатысБілімТаlks» лекторийінің жобасы құрылды. Басты мақсат – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында оқыту мен тәрбиелеудің ұлттық жүйесін дамыту. Соған орай өткен сессияға аудандық, қалалық білім беру бөлімдерінің басшылары, әдіскерлер, білім беру ұйымдарының директорлары, мұғалімдер, студенттер қатысты. Сессия жұмысына облыстық білім беру басқармасының басшысы Шолпан Қадырова модераторлық етті.

Сессияға қатысушылар жиын барысында сандық режимде тіркеліп, спикерлермен онлайн режимінде кері байланыс орнатуға мүмкіндік алды. Қатысушылар смартфон арқылы спикерге сұрақтар қойып, тиісті жауаптар алды.

Облыс әкімі жиынға қатысушыларға «қош келдіңіздер» айтып, Елбасымен қабылданған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында қолға алынған жұмыстарға, білім беру саласын цифрландырудың үлкен жетістіктерге бастайтынын, Елбасының биылғы Жолдауын да «ақылды қалалар» жөнінде, «Рухани жаңғыру» бағдарламасында да цифрлық білімнің салтанат құруына мән-маңыз берілгеніне, мұғалімдерді цифрландыруға даярлаудың маңыздылығына тоқталды.

– Қазіргі уақытта өңірде 152 елді мекен интернетке қосылмаған. Бұл 35 пайызды құрайды. Шалғайдағы ауылдарда шағын комплектілі мектептер бар. Сол мектептерден сессияға директорлар, мұғалімдер келіп отыр. Аталған мектептер қала мектептерінен кем болмауы үшін биыл 220 білім ошағына «Білім book» электронды жүйесін жеткізуге қаражат бөлінді, қазір конкурс жүруде, 1 қыркүйекте, жаңа оқу жылында жаңа компьютерлермен, бағдарламасымен онлайн контентпен қамтамасыз етіледі. Аудан орталықтарындағы мектептерде оқушылар электрондық бағдарламаларды, жаңа технологияларды толық қолданатын болады. Бұл жұмысты жыл сайын жаңғыртып отыруымыз керек. Бүгін мұғалімдерімізді жаңалықтармен таныстыратын боламыз, – деген облыс әкімі облыста қолға алынған цифрландыру жобаларына, соның ішінде «Смарт Сити», «Қауіпсіз қала» жобаларына  тоқталды.

– Біз «Қазақтелеком» АҚ-ның басқарма басшысы Бақытбек Есекеевпен «Жол картасына» қол қоямыз. Онда денсаулық сақтау саласын цифрландыру бағыты қаралған. Жақында ҚР Денсаулық сақтау министрі өңірімізге іссапармен келіп кетті. Аудандағы медициналық нысандарда, медпункттерде, ауылдық дәрігерлік амбулаторияларда, облыстық клиникалық ауруханада болды. Интернетке кіру жылдамдығына, интернетке қолжетімділік мәселелері бойынша түйткілдер баршылық. Міне, таяудағы үш жыл ішінде осы түйткілдерді шешеміз. Бізде бұған қатысты ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігімен бірге жасалған жоспар бар. Бұл жоспар бойынша 100 елді мекен кең жолақты интернетке қосылады. Мұның барлығы цифрландыруды кеңейтуге мүмкіндік береді және шәкірттерді цифрландыруға оқытуға жол ашады. Биыл Оралда «Қа-зақтелекоммен» бірге «Қауіпсіз аула» бойынша қосымша 2 мың бейнекамера орнатылады. Бұл жоба 200 көпқабатты тұрғын үйді қамтиды. Яғни 30 мың адам тұратын бір мың подъездге бейнекамера қойылады, – деді Алтай Сейдірұлы. Облыс әкімінің айтуынша, мұндай кездесулер тұрақты өтетін болады, өйткені алдымен балаларды оқытатын мұғалімдерді цифрландыруға даярлап, кәсіби біліктілігін көтеру керек.

Жиында сөз алған Бақытбек Есекеев «Қазтелекомның» интернеттің, жаңа технологиялардың дамуына инвестиция құятынын айта келе, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын белсенді іске асыру кезеңі басталғанын тілге тиек етті. «Алдағы екі жылда БҚО-дағы бес ауданның орталығын  оптикалық-талшықты байланыс желісіне қосу жоспарланды. Ондай желіге қосылудың арқасында интернетке қосылған мектептердің саны және интернетке қосылу жылдамдығы артады. Осыған орай білім сапасының да жоғарылайтыны анық. Бүгінде елімізде смартфондар арқылы интернеттен ақпарат алушылар қатары өсті. Компания балалардың тыйым салынған ақпаратты алмауы үшін мектептерге фильтрация, сүзу жұмыстарын жасайды. Екінші үлкен шаруа – физикалық тұрғыдағы қауіпсіздік, үйлердің кіреберістеріне бейнекамера қою жұмыстары жүргізілмек. Қорыта айтсақ, біздің компания ауыл және қала мектептері арасындағы цифрлық теңсіздікті жою бағытындағы жұмыстарға қатысуға және әлеуметтік жауапкершілікті мойнына алуға ниетті», – деді Бақытбек Есекеев. Облыс әкімі алдағы жаңа оқу жылында барлық аудан орталығы сапалы интернетпен қамтылатынын жеткізіп, мұғалімдерді қуантты.

Сессияда «BilimmediaGroup» ЖШС-ның директоры Рауан Кенжеханұлы, «Knowledge Egineering» ЖШС-ның директоры Нартай Әшім «Білім берудегі заманауи трендтер» және «Мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыруға арналған сандық ресурстар» тақырыптарында сөз сөйледі. Алдымен Рауан Кенжеханұлы Ұлттық аударма бюросының басшысы ретінде «Рухани жаңғыру»  бағдарламасы бойынша аударылып, басып шығарылған 18 оқулықтың таныстырылымын өңірлер арасынан БҚО-да жасады. Оның айтуынша, алты негізгі бағыттан тұратын бағдарламаның бір бағыты «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша студенттер әлемнің маңдайалды университеттері  ғалымдарының еңбектерін мемлекеттік тілде оқитын болады. Сол 100 кітаптың алғашқы 18-і жөнінде ролик көрсетілді. Ондай оқулықтардың қатарында «Көпке ұмтылған жалғыз. Әлеуметтік психологияға кіріспе», «Әлеуметтану негіздері», «Менеджмент», «Тіл біліміне кіріспе», «Тіл және мәдениетаралық коммуникация», «Кәсіпкерлік» оқулықтары және өзгелері бар.

Р. Кенжеханұлының айтуынша, алдағы оқу жылында оқулықтар кітапханаларға және ЖОО-ларға  түседі.

Сессияда шәкірттерге жаңа технологиялы білім беру ресурстарымен, заманауи трендтер, мұғалімдердің білім-білігін көтеруге арналған сандық ресурстар («Bilim land», «Bilim book», «Аkademia.kz» т.б.) жайында кеңінен әңгімеленді.

–  «Білім book» жобасы шағын комплектілі мектептерге қолайлы. Онда компьютер жадына қажетті білім ресурсы салынған. Интернеттің қажеті жоқ. Бір сыныпта әр сыныптан 15 бала оқитын болса, мұғалім олардың әрқайсысына әр түрлі электрондық тапсырма бере алады. Бала сабақты игермейінше бағдарламамен алға жылжи алмайды. Мұны біз еліміздің үш шағын мектебінде байқап көрдік. Нәтижесі жаман емес. Биыл облыс әкімінің қолдауымен БҚО-дағы шағын мектептерде осы платформа бойынша жұмыстанбақпыз. Бұған қатысатын мектептердің мұғалімдеріне әдістемелік оқулықтар дайындаймыз. Техникалық, әдістемелік көмек көрсетеміз. Шалғайдағы ауыл мектептеріндегі білім сапасын жаңа деңгейге көтеру міндетін қойып отырмыз. Дүние жүзінде мектептер шағын болса, білім сапасы жоғары болады деген түсінік бар. Ал бізде әзірге олай емес. Жаңа технологиялар арқылы соған жетеміз, – деді Рауан Кенжеханұлы.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»


Тарих қойнауына саяхат

Күні: , 20 рет оқылды

Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының бір жылдығына орай Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлының туғанына 200 жыл толуына арналған «Ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні» жобасы аясындағы халықаралық ғылыми экспедиция мүшелерін облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов Қаратөбе ауданына бастап келді.

Экспедиция бастауын ХІХ ғасырда Бөкей хандығына аты жайылған, күй жарысында аса дарынды күйші ретінде жүлдені өзгеге бермеген, қара домбыраның шанағынан күй саулатқан Құрманғазының өнердегі ұстазы Ұзақ күйшінің мәңгілік тыныс тапқан жері Қаратөбе ауданынан бастау алуы да өнердің өміршеңдігін көрсетсе керек.

Экспедиция құрамында БҚО тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері, ғылыми экспедицияның жетекшілері, ардагер журналист, ақын-жазушылар, өлкетанушылар, күйші, домбыра жасау шебері, «Орал сазы» ансамблінің жетекшісі, Дина Нұрпейісова атындағы саз мектебінің мұғалімдері, Қаратөбе, Жаңақала, Қазталов, Бөкей ордасы ауданы әкімдігінің өкілдері, өлкетанушылар, мәдениет саласы қызметкерлері бар.

Экспедиция мақсаты «Күй атасы» атанған, ұлы қүйші-композитор, дәулескер домбырашы, өнерінен өнеге дарыған Құрманғазы Сағырбайұлының ғұмырнамасының ақиқатын, күйлерінің шығу тарихын, шығармашылық-қайраткерлік болмысын сипаттау бағытында зерттеп-зерделеу, қазақ музыка мәдениетінде өшпес із қалдырған Ақ Жайық өңірінің айтулы, атақты күйшілерінің өмірдеректері, олардың күйлерін зерттеу және құнды мұраларды қасиеттеп қастерлеу болып табылады.

Ғылыми-экспедицияның маршруты Қаратөбе ауданы – Жаңақала ауданы – Қазталов ауданы Көктерек ауылы – Бөкей ордасы ауданы – Ресей мемлекетінің Астрахан облысының Володар ауданындағы Алтынжар ауылдарын қамтиды.

Өнердің құты дарыған Қаратөбе ауданынан бастау алған экспедиция мүшелері алдымен Аққозы ауылдық округінің Ақтұлым жерінде бой көтерген күй атасы Құрманғазы бабамыздың ұстазы Ұзақ Мырзабайұлының кесенесіне тағзым етіп, аруақты бабаның рухына Құран бағыштады.

— Бүгін Орал қаласынан таңмен ерте жолға шыққан халықаралық ғылыми экспедицияның алғаш аялдаған жері – күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлының ұстазы Ұзақ бабаның кесенесі. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жарияланғанына бір жыл толу аясында өңірде көптеген шаралар, жұмыстар атқарылды. Соның ішінде «Рухани қазына» кіші бағдарламасы аясында көнеден келе жатқан ел тарихына жете мән беріп, рухани қазынамызды жаңғыртып, жұмыстануда халықаралық экспедиция мүшелері көтерген жүк жеңіл емес.

Рухани қазынамызды жинау ісінде экспедиция мүшелеріне зор табыс тілейміз. Тарихымызды, мәдениетімізді жаңғыртуға бәріміз де атсалысайық! – деді «Ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні» жобасының басты мақсат-міндеттерін жұртшылыққа баян еткен облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов.

Одан соң ардагер журналист Тихон Әліпқали, ақын Дариға Мұштанова, Ұзақ бабаның ұрпағы Айжан Қазбаева сөз алып, бабалар мұрасын кейінгі ұрпаққа насихаттау, қасиетті домбыраны қадір тұту турасында ой өрбітті. Шараға қатысушы меймандар кесене маңына  20 түп   көшет отырғызды.

Аудан орталығына келген меймандар  әкімдіктің мәжіліс залында «Қос ішектегі құдірет» атты дөңгелек үстелге қатысты. Басқосуда  сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов экспедиция жұмысына сәттілік тіледі.

Дөңгелек үстелде танымал ардагер журналист Тихон Әліпқали бабалар мұрасы, күй құдіреті хақында тереңнен ой қозғаса, ақын Дариға Мұштанова Ұзақ бабамызға арналған сиясы кеппеген төл туындысын оқып берді.

Ал Құрманғазы домбырасының көшірмесін жасаған танымал күйші, республикалық «Үкілі домбыра» байқауының екі мәрте жүлдегері Едіге Нәбиев пен белгілі домбырашы, ұстаз Асқар Кенжеғалиев Құрманғазы бабамыздың шығармаларын орындады.

Аудан басшысы Жанат Асантаев  жүргізген дөңгелек үстелде Қаратөбе аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынғали Ермекқалиев, еңбек ардагері Мәулен Қожахметов сөз сөйлеп, Қаратөбе өңірінен бастау алған тағылымды шара жанашырларына оң сапар тілесті. Тағылымды басқосуда қаратөбелік жас күйші Қайрат Байғұтты жиналғандар құрметіне күй тартып берді.

Дөңгелек үстелге БҚО мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев, БҚО тарихи-өлкетану музейінің директоры, ғылыми экспедицияның жетекшісі Мирболат Ерсаев, ардагер журналист, өлкетанушы Тихон Әліпқали, ақын Дариға Мұштанова, күйші, домбыра жасаушы шебер Едіге Нәбиев, «Орал сазы» ансамблінің жетекшісі, Дина Нұрпейісова атындағы саз мектебінің мұғалімі Асқар Кенжеғалиев, облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Рысты Кажушева, Жәңгір хан атындағы тарихи-этнографиялық музейінің меңгерушісі Нұржан Төлепов, облыстық музейдің экспозиция және көрмені жабдықтау бөлімінің маманы Мөлдір Төлегенова, программист-дизайнер Сәндігүл Тілепбергенова, жергілікті әкімшілік өкілдері  және  өнерпаздар,  аудан орталығындағы музыкалық мектептің оқушылары қатысып отырды.

Дөңгелек үстел соңында аудандық мешіттің бас имамы Әділжан Бекқазиев бата берді.

Ертай   БИМҰХАНОВ,

Қаратөбе   ауданы


Еңбек бақыты

Күні: , 33 рет оқылды

Жалындаған  жиырма  жасынан  бастап комсомол, партия, кеңес  органдарында, ауыл  шаруашылығы  саласында  жауапты  қызметтер  атқарып, «Халықтар  достығы»  ордені  және бірнеше  медальмен  марапатталған  Гүлжу  Мәжитованың  есімі  Ақ  Жайық  өңіріне жақсы таныс. Бөкей  ордасы  ауданының  Жиекқұм  ауылында  дүниеге  келген  Гүлжу  Мәжитқызы Ордадағы  М. Горький  атындағы  орта мектепті  бітірісімен,  Орал  қаласындағы ауыл  шаруашылығы  техникумына оқуға  түседі.  Еңбек  жолын  Бөкей  ордасы  ауданында  зоотехник  болып  бастап, кейін Жәнібек,  Жымпиты  және  Тасқала  аудандарында  жауапты қызметтер  атқарған.   Әсіресе,  Тасқала  ауданында 14 жылға  жуық  абыройлы  қызмет  атқарып,  аудан  экономикасының дамуына  зор  үлес  қосып еді. Өткен  наурыз айының  18-і  күні   80  жасқа  толған  шағында  Гүлжу  Мәжитқызы  өмірден  озды.  Аяулы  жанның  көзі  тірісінде  жарық  көрген «Әр  өмір – ортақ шежіре  бұлағы»  атты  кітабында  халықаралық  «Алаш»  сыйлығының  иегері,  ақын  Ақұштап  Бақтыгерееваның  да  естелігі  жарияланған  болатын.  Гүлжу апайдың  бақилыққа аттанғанына  40  күн  болар  қарсаңында  осы  естелікті  оқырмандар  назарына  ұсынуды  жөн  көрдік.

Еспе құмдар қанша көшсе де, тарихтың талай іздерін жасыра алмаған Жәңгір хан ордасына жақын орналасқан шағын ауылдың бірі – Жиекқұм. Қырық жыл полигонның гүрсілін естіген бұл ауыл бүгінде бесік тербеп, түйе сауып, түтін түтетіп отыр. Өмір бар жерде өлім бар, әрине, ауыл шеті көне қорым. Сондағы үш құлпытастағы жазуға үңілдім. О, ғажап! Үшеуі де ескі таныстарым сияқты. Өйткені, үшеуінің де ұрпағымен мен мына өмірде қоян-қолтық қатар жүріп келеді екенмін. Бірі – Кәлембаев Қабікен. Ол кісі – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Құрманғазы атындағы консерваторияның деканы болған қобызшы Меруерт Кәлембаеваның әкесі. Екіншісі – Смағұлов Абдолла. Ол кісі – Атырау облысында ұзақ жылдар жауапты қызметтер атқарған, күні кеше Атырау облысы мәслихатына хатшы болған Абдолова Нұржиянның әкесі. Үшіншісі – Сарының Мәжиті. Кешегі күндерде ауыл, аудан басқарған, Қазақ КСР Жоғарғы кеңесіне депутаттыққа сайланған, бұл күнде дәмдес болып, жанымда жүрген Гүлжу Мәжитқызының әкесі екен. Әке атын ардақтаған, есімдерін өшірмеген үш қызға риза болған үш рухтың басындағы құлпытастардың да еңсесі биік болып көрінді маған. Өйткені, адам жер бетінде өмір сүріп, өзіне абырой жинаса, өлгенде соңында қалған ұрпақ сүйегіме таңба салмаса екен деп тілейді емес пе? Сол әке арманын арқалап, аманатын ардақтап жүрген қаракөз қазақ қыздарының бірі – Гүлжу Мәжитқызы.

Менің Гүлжу Мәжитқызымен таныстығым ертеректе Ақ Жайыққа келген бір сапарымда басталған болатын.

Алдымнан шықшы, ақ боран,

Шабытың болар сақтаған,

Менің де жаным мазасыз

Бұрқанбай тыным таппаған,

Алдымнан шықшы, ақ боран, – деп  елге  келдім.

Бұл 1985 жылдың сақылдаған қаңтар айы еді. Ол кезде қаламгер келсе, облыстық партия комитетінің идеология бөліміне соғуға міндетті. Бар шаруа солар арқылы шешілетін еді. Естіген елдің жаңалығының ішінде Қазақ КСР Жоғарғы кеңесіне депутаттыққа Оралдан қазақ әйелі ұсынылуы көңілімді елең еткізді. Мен осы сапарымда Гүлжу Мәжитқызымен кездескім келетінін айттым. Келесі күні онымен жолығу мүмкіндігі  барын да білдім.

Қазіргі Тасқала, ол кезгі Камен ауданы қаладан онша қашық емес, жолы да жайлы болып шықты. Сөйтіп, Гүлжу Мәжитқызы басқарып отырған «Красный маяк» кеңшарына келіп жеттік. Мен ой жетегінде келемін. Анау егіс даласын кезіп, мал қорасын аралап, тракторшылармен айқайласып, құрылысшылармен қиқылдасып жүрген партия қызметіне жегілген директор әйелдің мінезін барлаймын. Аудан тұрғындарының  да қазақы салттан алыстап кеткенін сезем, ол жылдар бұл ауданда бір ғана қазақ мектебі қалғанын да естігем-ді. Елді мекен Тасқаланы ұмытып, картаға аты Камен болып түскен, кеңшар атауы – «Красный маяк». Оның директоры маған қара матадан келте етіп тіккен етекшеге ақ жейде киген, шашын кесіп тастаған, өзінше пысық, шайға сүт әкел деп, реті келсе, күйеуін жұмсай салатын еркекшора  сияқты болып елестейді, сонда мен ол жайында не жазбақпын?! Қателесіппін. Кенет менің алдымнан көзі күлімдеген, қара бұрымын ұқыпты жинап желкеге түйген, байсалды да мейірімді  дала  келіншегі  шықты.

… Оның әңгімесінен балалық шағы соғыс жылдарымен қабат келгенін, көрген қиындығы ерте есейткенін сездім. Сол бір қиынқыстау заманда атқа мініп, ауыл басқарған атасы да, кейіннен баба жолын жалғаған әкесі де еңбекке құштар, елім деп есейген, өз қара басы емес, өзгелерге қамқор көпшіл азаматтар болған екен. Солардан тәлім көрген Гүлжу сызылып шай құюға ғана жарайтын, билігі бір қазаннан аспайтын келін болып қана қоюды мақсат тұтпағанға ұқсайды. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің»  демей ме қазақ?! Жас қыз бірден-ақ алаңсыз ауыл шаруашылығы мамандығын қалапты. Облыс орталығындағы ауыл шаруашылығы техникумын бітірісімен Мәншүк Мәметова атындағы кеңшарға зоотехник болып орналасады. Содан белді бекем буып, өзі өскен ортаға оралып, қайнап жатқан еңбекке араласып кетеді. Гүлжудың бағына кеңшар директоры Мұрат Насимуллин әкесіндей қамқоршы, жол көрсетер мейірбан басшы болған көрінеді. Сол кісі жас маманға жақсы ұстаз бола білді. Гүлжу осы бір білікті басшыдан ел сүюді, ең бастысы, адам сыйлауды үйренді. «Дүниедегі ұлы ұғымның бірі – кісіні сыйлай білу, қадіріңді жоғалтпау, өзгеге өзіңді сыйлата білу», – деп үйретті кеудесіне қос-қостан орден таққан ұстаз аға. Қыз баланың ұстамды да сабырлы, мейірман болуы қажеттігін қадап айтты. Бөкей орданың Мәншүк атындағы кеңшарына ол кезде келуші жұрт көп болатын. Қонақтарды қарсы алу, еңбек адамдарымен сөйлесу, кісі күту мәдениетін  сол жерден  үйренді.

Зердесінде сәулесі бар Гүлжу Мәжитқызының  ұйымдастырғыш қабілеті көзге ілінбей қалған жоқ, ол жұмысшы жастар бригадасын құрды. Сол кезгі саясатқа орай құмды өңірге жайқалтып жүгері екті. Бүкілодақтық көрмелерде талайды тамсантқан еділбай қойының мекеніне  қоян да өсірді олар.

Бәріне де абыроймен жетекшілік ете білген қажырлы қыз Алматыдағы Жоғары партия мектебіне жолдама алды. Ол сол кезде үлкен сенімге ие болу деген сөз еді. Жар да сүйді, бесік те тербетті.

Оқуын аяқтаған соң, басқару орындарына қызметке тағайындалды. Жымпиты ауданында жауапты жұмыстан Каменге жіберілді. Сол кезде аудандық партия комитетін басқарған Әли Сабыровтан көп нәрсе үйренгенін айтады Гүлжу. Әсіресе, 1977 жыл-дың қуаңшылығын ұмытар емес. Жаз бойына тамшы тамбай, бүкіл шөп қурап кеткен. Малды қыстан алып шығу мүмкін емесін сезген ол аудан механизаторларын жинап, Қостанай облысына аттанады.

– Жаз бойы үйден жырақта бала-шағасын тастап, шөпшілер қосынында жүру нәзік жаратылыс иесі үшін аз қиындық емес еді, – дейді  ол.

Оның өзіне тапсырылған жауапкершіліктен бас тартқан не жасқаншақтық танытқан кезі болған емес. Сол еңбекқорлық, сол қайсар мінез оны жыл өткен сайын есейтті. Ол Камен ауданы партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне дейін көтерілді. Оның кезінде Камен ауданы тұрғындары газ тұтынды, көгілдір отын жақты.

Сол кездері облыстық партия комитетін басқарған білікті басшы Мұстахым Ықсановтың сенімінен шығу кез келгеннің қолынан келе бермейтін. Ол аудан басшыларын да өзі тәрбиелейтін. Өзіне етене таныс құрылыс саласын көтеруге оған сенім артып отырғанын, «Красный маяк» кеңшарын көркейтуге дәл Гүлжудей жанның қолы керегін айтады. Ол қателеспеді. Үш жылдың ішінде кеңшарда жаңа мектеп, бөлімшелерде дәрігерлік пункттер мен кітапханалар, сауда нүктелері салынды, су құбырлары тартылды. Республикалық жарыста бұл елді мекен үлгілі ауыл атағына ие болды.

Ал бүгін Гүлжу әңгімесін былай  жалғастырады:

– «Красный маякқа» барғанымда, 60 мың гектар жер болса, соның 21 мың гектарына егін салынатын еді. Бір ғана шаруашылықта 2 мың сиыр, 17 мың қой болған. Кешегі жекешелендіру тұсында қаншама қателікке ұрындық. Қыруар малдан айырылып қалдық. Малшы жұмыссыз қалды, қарапайым халық кедейлік зардабын тартты.  Мәдениет ошақтарын жаппай ойын-сауық залына айналдыру жас ұрпақтың тәрбиесіне кері әсерін тигізді. Бүгінде имандылықтың азаюына, рухани жүдеулікке ұшырауға бірден-бір себеп болған мұндай қырсыздықтың тамырын қию енді қиынға соғуда.

Балалық шағы құм кезіп, жастығы қысы-жазы егіс даласы мен малшылар бригадасында өткен  Гүлжу Мәжитқызының еңбегі  кезінде лайықты бағасын алып,  бейнетіне сай зейнетін көруде  ме, жоқ па, білмеймін.  Бірақ, мейірімділік пен ізгілікке толы қазақтың дархан даласындай мінезі бар оның бүгінде тағдыр қосқан қосағы – Шафхат Төремұратұлымен бірге ұлын ұяға қондырған, немере-шөбере сүйген аяулы ана екені әмбеге аян.

…Бөкей ордасының Жиекқұмында сап түзеген үш құлпытас есіме түседі. Үш есімді мәңгілікпен тілдестірген үш ару жүр көз алдымда. «Жер – Ана» деп, құнарлы топырақты құндаққа, даланың құшағына теңеу болып сіңген ұғым санаға самала нұр құяды. Сол жердің құдіретін сезінген еңбеккер аналар сол жердің киесі сынды  көрінеді  маған…

Ақұштап  БАҚТЫГЕРЕЕВА,

Қазақстан  Республикасының

еңбек  сіңірген  қайраткері


Қағазсыз медицина жүйесі іске қосылды

Күні: , 35 рет оқылды

Облысқа жұмыс сапарымен келген ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов апта соңында қалалық көпбейінді аурухана ұжымымен кездесті. Ашық пікір алмасу форматында өткен жиында денсаулық сақтау саласын цифрландыру, медициналық қызмет сапасын арттыру, кадр тапшылығын жою, дәрігерлердің біліктілігін жетілдіру сияқты өзекті мәселелер талқыланып, өңірде атқарылып жатқан жұмыстар пысықталды. Министр саладағы қордаланған мәселелерді де назардан тыс қалдырмады. Басқосуға облыс әкімі Алтай Көлгінов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қанат Төсекбаев қатысты.

– Қазіргі кезде ең маңызды мәселе – халыққа елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың мақсатын, ең алдымен медициналық сақтандыруды енгізу туралы түсіндіру. Бұл реформаның негізгі мақсаты – қолжетімді және сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ететін қаржыландырудың жаңа үлгісіне көшу. Еліміздегі мемлекеттік медициналық ұйымдардың 85 пайызы шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорындар, бұл орайда шешім шығаруда басшылыққа дербестік беріледі. Басқарудың бұл тәсілі ресурстарды мейлінше тиімді пайдалануға, мамандардың жалақысын жүктемеге лайық тағайындауға және тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсетуге жол ашады. Медицина саласында жан басына шаққандағы нормативті арттыруды жоспарлап отырмыз. Амбулаторлық көмек бағалау негізінде болады, ал стационарлық қызмет көрсетуде тиімділігі төмен ресурстар әлі де бар. Сондықтан, бұл бағытта жаңа норматив бекітілді, кезең-кезеңімен оңтайландыру жұмыстары жүргізілетін болады. Облыс әкімдері жергілікті басқару органы ретінде оңтайландыру барысында үнемделген қаржының медицина қызметкерлерінің жалақысын арттыруға бағытталуын қадағалап отыруы  тиіс.

Қазір денсаулық сақтау жүйесі экономиканың нақты секторына айналды. Биылдан бастап елімізде медицина саласындағы жеке секторды қаржыландыру көлемі артты. Бұған дейін мемлекеттік медициналық ұйымдар автоматты түрде алып келген қаражат бәсекелестік ортаға түскен кезде жеке клиникаларға бөлініп кетті. Бұл нарық талабы. Екінші мәселе, жеке секторға мүмкіндік беру арқылы біз жеке инвестициялар көлемін екі есеге дейін арттырдық. Яғни, медицина саласына құйылған қаражаттың тең жартысын жеке инвестициялар құрап отыр, – дей келе Елжан Біртанов дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесіне тоқталып өтті. Министрдің айтуынша, биылдан бастап дәрі-дәрмекті сатып алудың тендерлік рәсімдері толықтай онлайн тәртіпте өтеді және отандық дәрі-дәрмек түрлеріне  басымдық  беріледі.

– Дәрі-дәрмек қорын жасақтау барысында жоспарлауға қатысты мәселелер анықталды. Қыс айларында сіздің облыста тегін берілетін дәрілердің тапшылығына байланысты қиындықтар туындағаны белгілі. Фармация комитеті  мен «СК фармация» компаниясы мамандарының түбегейлі тексеруі нәтижесінде дәрі-дәрмек қорының жасақталмауы, науқастарға уақтылы жеткізілмеуі сияқты олқылықтар анықталды. Оған қоса заңнаманың кеш қабылдануы да кедергі тудырды. Биыл осы жағдай қайталанбас үшін тегін препараттар алатын науқастар санын алдын ала нақтылап, қажетті дәрі-дәрмек қорын жасақтауға баса көңіл бөлінуі тиіс. Қан айналым жүйесі және қатерлі ісік ауруларын ерте диагностикалау үшін скринингтік тексерулерді уақтылы әрі сапалы жүргізу қажет, – деді ведомство басшысы.

Міндетті медициналық сақтандыруды енгізу, бәсекелестікті дамытуды реттеу, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік бойынша инвестициялар тарту, дәрі нарығын, медициналық туризм мен қоғамдық денсаулық сақтауды дамыту сияқты басым бағыттар аясындағы мақсат-міндеттерді де саралап айтып берді. Елімізде  медицина шығындарын қайта қарайтын және негізгі қаражатты салауатты өмір салты индустриясына жұмсайтын уақыт келгендігі туралы  пікірімен  де  бөлісті.

Биылдан бастап қағазсыз денсаулық сақтау жүйесі еліміз бойынша төрт өңірде, яғни Қарағанды, Қостанай, Ақмола және Батыс Қазақстан облыстарында пилоттық режимде іске қосылғаны белгілі. Министрдің айтуынша, денсаулық сақтау саласын цифрландыру медицина қызметкерлерінің еңбек өнімділігін ұлғайтып, қызмет сапасын жақсартып, халықтың медициналық қызметтерге қанағаттану деңгейін арттырмақ. Облыстың ден-саулық сақтау мекемелерінде болып, триаж жүйесімен, қағазсыз құжат айналым, кезексіз емхана, науқастың электронды денсаулық төлқұжаты, «K-vrach.k» мобильді қосымша сияқты жаңа өнімдердің жұмысымен танысып, оң бағасын берген министр өңірдің цифрландыру бағдарламасын жүзеге асыруда нақты нәтижелерге қол жеткізіп, республикада көш бастап келе жатқанын айтты.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қанат Төсекбаевтың мәлімдеуінше, өткен жылы облыста жалпы өлім көрсеткіші 5,1 пайызға, бала өлімі 14,1 пайызға, туберкулез ауруынан өлім 3,7 пайызға, қатерлі дерт салдарынан болатын өлім көрсеткіші 4,7 пайызға кеміген. Қан айналым жүйесі ауруларынан болатын өлім 2,1 пайызға артқан, бір ана өлімі тіркелген. Алдын алу және скринингтік шаралар барысында 128 802 адам тексеруден өткен. Жедел жәрдем қызметі жаңартылып, ребрендинг жасалған. Шақыруларды өңдеу уақыты азайып, жедел қызмет көрсету сапасы артқан.

Өңірде дәрігер мамандар тапшылығы әлі күнге күн тәртібінен түспей келеді. Қанат Дүй-сенбайұлының айтуынша, былтыр облысқа 86 дәрігер келген, олардың 42-сі аудан-ауылдарға жолданған. Дейтұрғанмен, әлі 207 дәрігерге сұраныс бар, соның ішінде 51 жалпы тәжірибедегі дәрігер, 25 акушер-гинеколог, анестезиология және реаниматология саласында  19, кардиологияда 10 дәрігер қажет.

Былтыр облыстың 160 мектеп түлегіне жергілікті бюджет қаржысына жоғары оқу орындарында тегін білім алуға мүмкіндік берілген еді. Мемлекеттік грантқа ие болғандардың 24-і дәрігер мамандығын таңдаған. Жиында сөз алған облыс әкімі Алтай Көлгінов бұл үрдіс биыл да жалғасын табатынын, соның ішінде медицина мамандықтарына 24 грант бөлінетінін жеткізді.

– Облыстық бюджет есебінен тегін оқып, мамандыққа ие болған соң түлектер басқа мамандықта жұмыс жасай алмайды. Басты талап – оқуларын аяқтағаннан кейін Батыс Қазақстан облысына келіп, кемі бес жыл келісімшарт бойынша еңбек етуге міндетті. Оған қоса, дәрігерлерді шет мемлекеттерге тағылымдамаға жіберу, танымал медицина мамандарын облысқа шақырып, шеберлік сағаттарын өткізу жоспарда бар. Министрдің өзі келіп, мемлекеттік бағдарламалардың тетіктерін айтып бергенінің өзі шеберлік сағаты біз үшін. Облыстағы 40 медицина ұйымының 19-ы толықтай қағазсыз құжат айналым жүйесіне көшті. Жыл соңына дейін қалған 21 ұйым да қосылады. Цифрландырудың тиімділігін дәрігерлермен қатар емделушілер де сезініп отыр. «K-vrach.k» мобильді қосымшаны дамыту арқылы медициналық қызметтің қолжетімділігін және ашықтығын қамтамасыз етеміз. Жетістіктеріміз мол, кемшін тұстарымыз да жоқ емес. Ескертулер мен кеңестерді ескереміз, – деді облыс әкімі.

Жиын барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасының мамандары, сала ардагерлері, дәрігерлер ведомство басшысына көкейдегі сауалдарын қойып, нақты жауап алды. Қысқасы, бұл министр мен медицина қызметкерлері, билік пен бұқара арасында ашық диалог орнаған екіжақты тиімді кездесу болды.

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»


«Мен кінәлі емеспін ғой, ағатайлар!»

Күні: , 584 рет оқылды

Су жаңа «Land Cruiser» қаланың тұйық көшесіне қарай бұрылды. Рульде өзі отырған. Қалта телефоны шыр ете түсті. «Қазір барамын», – деді де көлігін тоқтатып, айналасына қарады. Тұйық көше тым-тырыс. Қарсы беттегі үй маңында 7-8 жасар бала доп теуіп, өзімен-өзі ойнап жүр. Сол сәтте жеңіл көлік қасына келіп тоқтай қалғаны. Көлік ішінен шыққан жас жігіт қойнынан алған конвертті мұның қолына ұстата берді. Кенет ысқырып келіп, тағы бір жеңіл көлік тоқтай қалды. Не болғаны түсініксіз. Қолына сарт етіп кісен салынды. Көзі қарауытып кетті. Жүрегі дүрс-дүрс. Есін жиғанында екі жігіттің ортасында көлікте отыр екен.

Жеңіл көлік зулап келіп, өзіне таныс ғимараттың алдына тоқтады. Бөлмеде оны қарсы  алған 30-40 жас шамасындағы түсі суық жігіт ағасы:

– Азамат Досан Манатов, сіз пара алу үстінде ұсталдыңыз. Қызметтік бабыңызды пайдалана отырып, ірі мөлшердегі пара алғаныңыз үшін сізді прокуратураның санкциясымен уақытша қамау абақтысында ұстай тұратын боламыз, – дегені.

Басы айналғандай болды. Мең-зең күйде айдауылдың жетегінде келеді. Ауыр темір есік ашылып, лезде тарс жабылды. Нардың үстіне  отыра  кетті.

*   *   *

Ата-анасы облыс орталығынан шалғай ауылда тұратын. Отбасылары қарапайым қызметтегі жандар еді. Үйдегі төрт бала өсіп, ер жетті. Өзі де құрбыларындай мектеп бітіріп, оқуға барды. Бірақ жолы болмай, қайтып келді. Содан ауылда әр түрлі жұмыстың басын қайырып жүргенде, Отан алдындағы борышын өтеуге шақырды. Әскери борышын үлгілі атқарып, елге оралды. Келгеннен кейін бір кездегі достарын іздеді. Көбі басқа жерлерде түрлі қызметтерде болса, енді біреулері ауылда әр түрлі кәсіппен шұғылданып жүр екен.

Бір күні ойда жоқта, аудан орталығындағы кафеде бала күнгі досы Қайраттың кездесе қалғаны. Сол жолы екеуі ортаға салқын сыраны алып отырып, өткен шақтың қызықты жайттарының біразының басын қайырғанды. Сыра әсер етті ме, Қайрат желпініп сөйлеуге кірісті. – Дөке, болашақты ойлау керек. Жұмыстың түрі табылар, бірақ сол жұмыстан пайда бар ма? Мен саған бір ой айтайын. Мына МАИ мекемесінде бір жолдасым бар. Сені соған жолықтырып, қызметке алуға ұсыныс жасайын.

МАИ – майлы ботқа екенін білесің ғой. Шаруаң да түзеледі,  – деп ойландырып тастады. Бұл келісімін беріп, көп ұзамай-ақ МАИ қызметкері болып шыға келді. Алғашқы кездері қиналып жүрді. Ала таяқты ұстап, азын-шоғын жол ережесін бұзған тамыр-таныстарды тоқтатып, ескерту жасағанда, өзі де қысылатын еді. Кезекшілікте жүрген кезінде сылқия тойған бір «еркені» тоқтатты. Ережеге сәйкес көлік жүргізу куәлігін алып, жеңіл көлікті арнайы орынға өзі айдап апарып қойғаны сол еді, қалта телефоны шыр ете қалғаны. Бейтаныс нөмір. – Қарағым, бүкіл ел болып түзей алмай жатқан тәртіпті сен түзеп ештеңе шығара алмайсың! Құжатыңды толтырмай тұрғанда куәлікті де, көлікті де қайтар. Бір қателік кетті. Жабарсың!  Еңбегіңді ескереміз.

Байланыс кілт үзілді.

Сөйтсе, әлгі «ерке» аудандағы бір дөкейдің баласы екен, қолына бір конвертті ұстатты. Барлық құжатын беріп болғаннан кейін конвертті алып қараса, 100 мың теңге. Бір айлық қызметінің еңбекақысы бір сағатқа жетпей, қалтаға  өзі  келіп  түсті.

Осылайша, адамды қиналтқызбайтын, шаршатқызбайтын қызметтің түріне  ілесе берді. Ала таяқ сермелген сайын ақша құйыла берді, құйыла берді. Досан мінбеген шетелдік көліктер қалмады.

Ауланың ішінен үш қабатты зәулім үй бой көтерді. Жаңа қонысты жолдастарымен бірге тойлап, қызып отырғанда кенет көз алдына 13 жасар баланың бейкүнә жүзі мен құлағына жылаған әйелдің дауысы жетті. Селт ете түсті. Елес екен. Достары бай дастарқандағы ішіп-жеудің қызығынан мұның селк ете түскенін байқамаған сияқты. Есіне түсті. Қатты келе жатқан жеңіл көлік аялдамада тұрған 13 жасар баланы қағып кетті. Жас бала тілге келместен мерт болды. Айыпкерлер тағы да Досанның қызметіне сүйенді. Досан құтқарып шықты. Кінәлі бала болды. Сот үкімін естіп  отырған  орта  жастағы  әйел:

– Айналайындар-ай, неге көздеріңді ашып қарамайсыңдар? Құдай бар ма, жоқ па?! Бір зауалын тартқызар, – деп айқайлаған. Бірақ қызыл ақшамен бітеліп қалған «құлақтар» ана зарын естіген жоқ. Сол жолы Досанның қалтасы толып  шықты,  томпайып  шықты.

*   *   *

«Сот келеді, орындарыңыздан тұрыңыздар!» – деген дауыс естілді. Үкім оқылып жатыр. Бірін естісе, бірін естімейді. Бес жылға  бас  бостандығынан  айырылып,  жазасын  қатаң  режімде  өтесін! Дүние-мүлкі тәркіленсін! – деген үкімнің соңғы сөйлемі құлағына еміс-еміс жетті. Сот залындағы тордан қолына кісен салып алып бара жатқанда, құлағына алыстан бір үн келгендей болды: «Айналайындар, неге көздеріңді ашып қарамайсыңдар? Құдай бар ма, жоқ па?! Бір зауалын тартқызар!..» деген осыдан үш жыл бұрынғы жылаған әйелдің дауысы. Көз алдына бейкүнә баланың бейнесі елестеді. Оның жүзінде «Мен кі-нәлі емеспін ғой, ағатайлар!» деген бір  жалыныш  тұрғандай…

Мөлдір  ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ,

Қазталов  ауданы


«Тобылмен» тең ойнады

Күні: , 22 рет оқылды

Футболдан ел біріншілігінің алтыншы турында Оралдың «Ақжайығы» сырт алаңда Қостанайдың «Тобылымен» күш сынасты.

Қостанайлықтар көш бастаушы командалардың бірі болса, «Ақжайық» турнир кестесінде бел ортада келеді. Соған қарамастан, Владимир Мазярдың шәкірттері жақсы ойын өрнегін көрсете білді. Соның дәлеліндей қарымта шабуыл кезінде оралдықтар 12-минутта-ақ есеп ашып үлгерді. Украиналық легионер Андрей Ткачук алыстан Азат Ерсәлімовке дәл пас берді. Оң қапталдан суырылып шыққан Азат тағы бір украиналық ойыншы Адеринсола Хабиб Эсеоланы тапты. Эсеола мүлт кеткен жоқ. Сөйтіп, ол биылғы чемпионаттағы үшінші голын соқты.

Алаң иелері алға ұмтылып баққанымен, көпке дейін ештеңе шығара алмады. 33-минутта астаналық төреші  Тимур Құмашев оралдық Еркебұлан Нұрғалиевті симуляция жасады деп, екінші ескерту беріп, алаңнан қуды.

Бұл жерде керісінше қостанайлық футболшының Еркебұланның өкшесін басып қал-ғаны көрініп тұрды. Сөйтіп, төрешінің «көмегінен» кейін он ойыншымен «Ақжайық» қиын жағдайда қалды. Енді оларға тек қорғануға тура келді.

Екінші таймда  «Тобылдың» бас бапкері Владимир Никитенко басқа амалы таусылған соң, 58-минутта Таңат Нөсербаевты шығарды. Көп ұзамай бұл әдіс өз жемісін берді.

Команда капитаны Азат Нұрғалиевтің пасынан кейін Т. Нөсербаев  70-минутта таразы  басын  теңестірді.

Бұдан кейін қостанайлықтардың жеңісті жұлып алатындай мүмкіндіктері болды. Дегенмен кейде оларға дәлдік жетіспеді. Оған қоса «Ақжайықтың» қақпашысы, украиналық Евгений Боровик сәтті ойнап, екі мәрте өз қақпасын аман сақтап қалды.

Осылайша қос команда 1:1 есебімен тең  тарқасты.

Қазіргі кезде қостанайлықтар ел біріншілігінде үздік үштікті түйіндеп тұрса, оралдықтар 8 ұпаймен бұрынғысынша алтыншы орында келеді. «Ақжайық» келесі кез-десуін 28 сәуір күні өз алаңында турнир кестесінде бесінші сатыда тұрған Қарағанды-ның  «Шахтерімен»  өткізеді.

Ғайса  БӘЙМЕН


«Сити Центр» бір айға жабылмақ

Күні: , 25 рет оқылды

Айта кететін жайт, 25 наурызда Кемерово қаласындағы (Ресей) «Зимняя вишня» ойын-сауық орталығында ірі өрт оқиғасы орын алып, 64 адамның өмірін қиды. Себебі көп, зардабы қайғылы.

Осыған байланысты Қазақстан Республи-касы Бас прокуратурасының тапсырмасы негізінде тәуекелділігі жоғары сауда нысандарының, сонымен қатар жеке кәсіпкерлік білім беру нысандарының өртке қарсы жай-күйіне тексеріс жүргізу тапсырылды.

Батыс Қазақстан облысында тәуекелділігі жоғары 55 сауда нысаны бар. Бүгінгі күнге дейін соның 29-ына тексеріс жүргізіліп, нәтижесінде 668 құқықбұзушылық анықталып, 634 830 теңге көлемінде 23 әкімшілік хаттама толтырылды.

Орта есеппен алғанда күніне 10 мың адамға дейін келетін облыстағы ірі сауда орталықтарының бірі –  «Сити Центр» ОСО болып табылады.

Өрт қауіпсіздігін қадағалау және адам өмірін сақтап қалу мақсатында БҚО ТЖД өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасы 2017 жылғы 27 желтоқсанда ерекше тәртіп бойынша «Сити Центр» ОСО-ға тексеріс жүргізген болатын. Тексеріс қорытындысы бойынша 97 құқықбұзушылық анықталған еді. 2018 жылдың 6 сәуірінде жүргізілген бақылаулық тексеріс нәтижесінде 36 құқықбұзушылық қалпына келтірілмегендігі анықталды. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 462-бабы 3-тармағы бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, БҚО әкімшілік сотына жолданды.

19 сәуір күні соңғы сот отырысы өткізіліп, сот төрағасы анықталған олқылықтарды қалпына келтірмегені үшін «ПСП Серик» ЖШС айыппұл түрінде 200 АЕК көлемінде әкімшілік жауапкершілікке тартып, бір айға қызметін тоқтату туралы қаулы етті. Сонымен қатар соттың шешімімен БҚО МСҚБ басқармасының мекенжайына тиісті шараларды қабылдау туралы жеке қаулы шығарылды. Сот отырысы ашық режимде өткізіліп, БАҚ өкілдері қатыстырылды.

– Істі қарай келе, цокольды қабатта сауда бөлімдері және алты қабатта кеңселер орналасқандығы анықталды. Алайда жоба бойынша цокольды қабатта аутоколік тұ-рағы орналасу қажет. Жобалық-сметалық құжаттамада цокольды және алты қабаттар «ПСП Серик» ЖШС-на тиісті емес. Бұл МСҚБ басқармасына тексеріс жүргізуіне сеп болады, – деп хабарлады сот төрағасы.

Айта кететін жайт, қаулы  10 күннен кейін заңды күшіне енеді, сонымен қатар соттың шешіміне шағымдану оны қараған күннен кейін күшіне енеді.

Е. ТУРЕГЕЛДИЕВ,

БҚО ТЖД ӨҚСБ және ПҚБ бастығы,

азаматтық қорғау подполковнигі


Бөрліде 302 млн. теңгенің 10 жобасы жүзеге аспақ

Күні: , 30 рет оқылды

Биыл  «Бөрлі  ауданының энциклопедиясын»  дайындау қолға  алынбақшы.  Сондай-ақ  Ақсай қаласындағы  қызмет көрсету  орындары, сауда  үйлері,  аурухана  тәрізді  алты  жерге  «Кітап алмасу»  шарасы ұйымдастырылады.  Яғни, кез  келген  адамға  кітапты тегін  алып  оқу үшін  арнайы  бұрыш  жасақталады.

Бұл туралы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының жарияланғанына бір жыл толуына орай Ақсай  қаласында  өткен баспасөз мәслихатында айтылды. Жалпы, жиын барысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауданда атқарылып жатқан істер туралы сөз болды.

«Рухани қазына» кіші бағдарламасының аудандағы үйлестірушісі болып табылатын аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Алпамыс Көшкінбаевтың сөзіне қарағанда, бұл бағытта бір жыл ішінде атқарылған жұмыстар туралы ауыз толтырып айтуға болады. Туған өлкенің тарихына үңіліп, кейінгі ұрпақтың ата-баба тарихын біліп, өткенді бүгінге жеткізу мақсатында ауданда штаб құрылды. «Туған жерге – тағзым» деп аталатын штаб ауданның қасиетті де киелі жерлерін аралады. Осы шара барысында Успен ауылында Айшуақ ханның ұрпағы Асфандияр сұлтанның қорымы табылды. Бұл ел тарихы үшін де маңызды екені сөзсіз. Артынан бейіттегі құлпытас жаңартылып, қоршалды. Аудандағы құлпытастарды зерттеу жұмыстары биыл да жалғасын табатын болады. Штаб жұмысының өткен жылғы атқарған жұмыстары бойынша «Аманат» атты деректі фильм түсіріліп, тұрғындарға әлеуметтік желі  арқылы таныстырылды. Сонымен қатар бағдарламаның «Қасиетті Қазақстан» бағыты бойынша аудан оқушылары каникул кезінде қасиетті жерлерге саяхат жасады. Білім беру саласында да өлкетану жұмыстарын жүргізіп, тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру  қолға  алынбақшы.

– Этномәдени бірлестіктермен бірлесе, көршілес Ресейдің Орынбор қаласымен Елек ауданына барып, қазақ мәдениетінің бүгінгі қол жеткізген жетістігін көрсету мақсатында өткізілетін мәдени шараларды да ерекше атап  өтуге болады. Жақында аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Ихсанов бастаған топ Орынбор қаласына барып, қазақ диаспорасы өкілдері және қала әкімшілігімен  кездесіп,  мәдени шараларды өткізу жайында келіс-сөздер жүргізіп қайтты. Осыдан төрт жыл бұрын белгілі ақын Дариға Нұрашеваның жетекшілігімен ақындар мектебі ашылған болатын. Мектеп жұмысының нәтижесі ретінде аудандағы бір топ ақындардың өлеңдері жинақталып, «Жыр жазамын жүрегімнен» атты жаңа кітаптың тұсаукесері өтті, – деді  Алпамыс  Көшкінбаев.

«Тәрбие және білім» кіші бағдарламасының негізгі мақсаттарының бірі – өскелең ұрпақты патриотизмге тәрбиелеу, ұлттық сананы қалыптастыру, қазақ халқының салт-дәстүрлерін кеңінен насихаттау. Аудандық білім беру бөліміндегі әдістемелік кабинеттің меңгерушісі Ләззат Жолбатырованың сөзіне қарағанда, кіші бағдарламаны жүзеге асыру бойынша жұмыс үш бағытта: оқушылармен, ата-аналармен, ұстаздармен жүргізіледі. Қазіргі таңда Назарбаев зияткерлік мектебінің «100 кітап», «100 ән», «28 ілмек» жобалары барлық мектепке енгізілді. Білім ұяларында үзіліс кезінде күй ойналады.

– Облысымызда алғаш болып ЖТС жанынан мұражайтану бөлімі ашылды, мектеп мұражайы жұмысының тәжірибесі қаңтар айында республика көлемінде таратылды. Мамыр айында Қазан қаласында өтетін халықаралық конференцияға қатысу жоспарлануда. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруда мектеп мұражайлары да зор үлес қосуда, қазақ тілі, Қазақстан тарихы, география пәндері бойынша мұражайдағы сабақ бағдарламасы бойынша 150 ашық сабақ өткізілді. Былтыр және биыл аудан оқушылары арасында ғылыми жобалар байқауы оздырылды. Осы байқаудың бір бағыты «Кіші отаным: білімділік-өлкетану жобасы» аясында оқушылар өзінің туған өлкесін, кіші отанының тарихи дамуын зерттеуден ғылыми жобалар қорғады. Байқау қорытындысы бойынша «Менің өлкем әйгілі» атты Бөрлі ауданының 3Д картасын жасау жоспарлануда. 130 оқушы ата-аналарының көмегімен «Қазақстанның киелі жерлеріне саяхат» акциясы бойынша Түркістан қаласына барып келді. Мектептерде «Әжелер клубы» ашылуда, қазіргі таңда Ақсай қаласының №7, Бөрлі ауылының №1, Григорьев мектептеріндегі «Әжелер клубтарының» тәжірибелері аудан, облыс көлемінде таратылды. Ал Ақсай қаласының №5 мектебінде «Әкелер клубы» тұрақты түрде жұмыс жасауда жыл сайын әкелер форумы өтеді. Сонымен қатар қыздарымызға ұлттық тәрбие беру мақсатында 2015 жылдан бері барлық мектепте қыздар клубтары ашылып жұмыс жасауда. «Ұстаз – өзгерістер елшісі» жобасы аясында ұстаздардың мәртебесін көтеру және кәсіби шеберлігін арттыру бойынша көптеген кәсіби шығармашылық байқау өтуде. Тәжірибелі ұстаздарымыздың еңбегін кеңінен тарату, насихаттау мақсатында «Бөрлі ауданының 100 үлгілі ұстазы» телебағдарламасының түсірілімі басталды, – деді  Ләззат  Жолбатырова.

«Атамекен» кіші бағдарламасы әркімді өзінің туған өлкесіне немесе қызмет жасап жатқан жеріне жақсылық игі іс жасауға шақыратыны белгілі. Сол себепті бағдарлама жарияланғаннан бері Бөрлі ауданында біраз іс-шаралар жоспары жасақталып, бірнеше ауқымды істер атқарылуда. Сонымен қатар аудан кәсіпкерлерімен мүмкіндігі шектеулі жандардың үйіне газ өткізу, протез жабдықтарын алып беру, киім-кешектермен және күнделікті тұрмысқа қажетті азық-түліктермен қамтамасыз ету тәрізді көмектер көрсетілді.

– Туған өлкенің тарихы мен мәдениеті, салт-дәстүріне құрметін қалыптастыру және дамытуға бағытталған «Жастар – Отанға» жастардың саяси лагері, «Әкелер даңқы жолымен» туристік слеті, өлкентану жұмыстары, «Сұңқар» әскери-партриоттық лагерьлері, «Туған жерге – тағзым» атты жастар штабының жұмысы қорытындыланып, «Туған жер – тірегім» атты жастар форумы ұйымдастырылды. «Әлеуметтік бастамалар картасына» жалпы құны 302 476 500 теңге болатын 10 жоба облысқа ұсынылды.

Оның алғашқысы – Ақсай қаласындағы «Наурыз» саябағын абаттандыру және жаңарту. Осы мақсатта ауданның кәсіпкерлері бірлесіп, саябақта архитектуралық пішіндер орнату, жүгіру жолын төсеу, жарықтандыру, бақылау камераларын қою сынды абаттандыру жұмыстарын жүргізеді. Бұл жобаның құны 280 млн. теңге. Екінші  жоба — Ақсай қаласының кәсіпкерлерін жұмылдыра отырып, қаланың солтүстік бөлігінде «Streetworkout» спорт алаңын салу. Сонымен қатар Александров ауылы аумағындағы алма бағын қалпына келтіру мақсатында «Салеман» шаруа қожалығы алма ағаштарын отырғызу, күтіп-баптау жұмыстарын ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Төртіншісі, Бумакөл ауылында шағын саябақ салу (2,5 млн. теңге). Ауылдың белсенді азаматы Э. Исеналиев шағын саябақтың құрылысын жүргізу мен оған ағаштар отырғызу жұмыстары жоспарланып,  бағаланып отыр. Тағы бір жоба бойынша Бөрлі ауылындағы «Жеңіс» саябағы абаттандырылмақшы. Ауыл кәсіпкерлері саябақта субұрқақ және шағын архитектуралық пішіндер орнату үшін 6 млн. теңге жұмсамақ ниетте. Бөрлі ауылында суармалы плантациялар салу және жайластыру бойынша кәсіпкер А. Агаев арнайы техникалар бөліп, жер дайындап, ауыл тұрғындарының көкөністер егуіне көмек көрсетеді. Ал Киров ауылында белсенді тұрғындарының көмегімен волейбол алаңы салынбақшы. Приурал ауылында кәсіпкерлер ауыл тұрғындары үшін Жайық өзені бойында арнайы жағажайды жайластырып, демалатын орын, ойын алаңдары және т. б. жұмыстар жүргізбекші. Пугачев ауылының кәсіпкерлерінің көмегімен саябақ салу жұмыстары қолға алынады және ауыл маңындағы бұрынғы қорым қоршалып, ағаштар отырғызылатын болады. Жаңаталап ауылындағы кітапхана мен дәрігерлік пунктінің ғимараттарын қоршау жұмыстары жүргізіледі. Бұл жобалар ауданымыздың әлеуетін арттырып, көшелерді көріктендіруге үлкен мүмкіндік берері сөзсіз, – деген «Атамекен» кіші бағдарламасының жетекшісі, аудандық  жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Толқын Ахметова.

Ал «Ақпарат толқыны» кіші бағдарламасына жауапты аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ақмарал Исмағұлова еліміздің дамуы үшін қоғамның рухани бай болуы маңызды екенін айтып, атқарылған іс-шараларды жыл бойы тұрғындарға кеңінен насихаттаған БАҚ өкілдеріне алғысын білдірді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде бір жыл ішінде баспасөз беттерінде 97 мақала жарияланса, соңғы үш айдың өзінде 93 мақала  жарық  көрген.

Айым   НҰРҒАЛИЕВА,

Бөрлі  ауданы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика