Мұрағат: 18.04.2018


Қараторғайларға «пәтер» дайын

Күні: , 848 рет оқылды

«Орал өңірі» газеті редакциясының қызметкерлері жыл-он екі ай бойы табиғатқа  жанашырлық танытудан жаңылған емес. Өйткені, біздің түсінігімізше, туған өлкеңнің, тұтастай алғанда туған еліңнің табиғатына аялы көзбен қарау әрі елжандылық, әрі ұлтжандылық. Түсінген кісіге туған еліңнің табиғатын қорғау – Отан-анаңды қорғаумен пара-пар шаруа. Өйткені, жалпы алғанда күллі адамзатқа да, жеке-дара алғанда әр адам баласына да табиғат аясынан өзге тіршілік етер кеңістік жоқ. Біз жер бетінде ғана тіршілік ету үшін жаратылған періште мен хайуанның  арасындағы  жан  иесіміз.

Біздің редакцияның ер-азаматтары 10 жылдан астам уақыттан бері өзен-көлдерге мұз қатып, оның бетін қалың қар жапқан қыс айларында суда еріген оттегі жетпей, балық біткен қырылмау үшін мұз ойып, су астына оттегін жіберу шарасына белсенді атсалысып келеді. Өткен қыста да біз сауабы тиер үшбу істі жадымыздан шығарғанымыз жоқ. Қырық күн шілдеде сай-саладағы сулар күрт тартылып, көлшіктерде шабақтар шүпірлеп қалған шақтарда оларды өзен-көлдерге жіберуге атсалысқан кездеріміз баршылық. Сонымен қатар біз жыл сайын көктем шыға жыл құстары туған жерге оралардың қарсаңында қараторғайларды ұя жасап қарсылаймыз. Биыл да осы дәстүріміз жалғасын тауып, әр отағасы бір-бір ұядан жасап, олардың төртеуін кеңсемізге жапсарлас салынған баспахананың төбесіне орнаттық. Енді қараторғайлардың құтты ұяларына қоныстанып, құйқылжыта сайрағандарын асыға күтіп жүрген жайымыз бар. Айтпақшы, бірер ұяны біз Орал қаласындағы №36 мектептің бастауыш  сынып оқушыларына тарту еттік. Ерекше атап  өтер бір жайт, құстарға ұя жасау барысында  әке-аталарына ұл балалар ұдайы қолғабыс  жасайды. Демек, бұл – «Әке көрген оқ жонар…» дегендей, біздің әрқайсысымыздың отбасымызда табиғаттың жанашырлары тәрбиеленуде деген сөз. Жақында облыс аумағында екі айлық сенбілік жарияланғаны мәлім. Редакция ұжымы жылдағыдай бұл науқанға да белсенді атсалысатын  болады.

Осыдан үш ай бұрын біз «Орал өңірі» газетінде «Қызыл кітап» деген арнайы бет аштық. Бұл  жобаны қолға алғандағы басты мақсат, кең ауқымда барша облыс халқына қоса, әр елді мекеннің үлкен-кішісі жер бетінен жойылып кету қаупі төнген әр өсімдік пен жәндікті, аң мен құс атаулыны білсе деген ізгі ниет. Алайда құрып кетудің аз-ақ алдындағы табиғат перзенттері туралы ақпарат беретін «Қызыл кітаптың» өзі қасқалдақтың қанындай қолға түспейтін қат дүние екен. Аталмыш жобаны қолға аларда парақтап көрейік деп, «Қызыл кітапты» іздеп, Орал қаласындағы кітапхана мен кітап дүкендерін түгел шарлап шықтық. Өкінішке орай, осы нысандардан үшбу кітаптың бірде-бір данасын таппай  дал болдық. Сосын табиғатты қорғау тікелей  міндет-миссиясы болып табылатын  облыс орталығындағы барлық мекемеге хабарластық. Іздегенімізді тек Батыс Қазақстан облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасынан  ғана  таптық.

Рухани жаңғыруға қатысты облыстық деңгейде өткен бір жиында біз әр ауыл, әр мектепке қатысты музейден «Қызыл кітап» мүйісі ашылса деген ұсыныс айттық. Бұл мүйісте сол аудан, сол ауыл-аймақтың аумағындағы құрып біткен немесе жойылып кету қаупі төнген табиғат перзенттері қақында мәлімет-жәдігерлер орналастырылса,  құба-құп  болар  еді.

Ендігі кезекте тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келер болсақ, ел ішінде, әсіресе, қазақ арасында экологиялық мәдениетті біржола берік қалыптастыру үшін табиғатқа жанашырлық жаппай өрістеуі шарт. Осы ұлы істің көкжиегінің кеңейе түсуіне кәрі-жасымыз, даладағы-қаладағымыз  бірдей  мүдделілік  танытайық,  әлеумет!


Озған ел тарихын таспен жазады

Күні: , 853 рет оқылды

«Көл  жағасыз,  ел  ағасыз  болмайды», –  дейді  ескіден  қалған есті сөз. Иә,  ел  ағасы дегенде, әркімге  аға  болатын жасы  үлкенді ғана емес, елге  сыйлы,  аузы  дуалы,  ел үшін  еңбек  еткен көсемдерді  айтамыз.  «Аға»  сөзі  орта  ғасырларда жоғары  дәрежелі титул болған.  Біз  де «аға» сөзіне осындай  мағына  үстеп,  қазіргі  қазақ  қоғамында аға  бар  ма  деген  сұрақ  туындатсақ,  сөз  жоқ, жауап  табамыз.

Алысқа бармай-ақ Ақ Жайық өңіріне еңбегі сіңген, бүгінде ел ағасы болып отырған, абыз ақсақалға айналып, 70 жастан асса да, үзеңгіден аяғы түспеген ағамыз – Қуанышбай Төлебайұлы. Қуанышбай ағамыз – саяси қайраткер, тұлға. Ал тұлға деген кім? Әлеуметтік жағдаяттардың ықпалымен және жеке басының ерекше сапаларымен тарих тұғырына көтерілгендер ғана тарихи тұлғаға айналады. Олар тек іс-әрекеттің және саясаттың қайраткерлері ғана емес, сонымен қатар ойы ұшқыр, сөзі уәлі жандар, не қажет, не істеу керек екенін жұрттан бұрын біліп, өзгелерді бір бағытқа ұйымдастыра білетін, соңынан бұқараны ерте алатын рухани басшылар. Бүгіндері байтақ елге танымал азамат, белгілі қоғам қайраткері, ардагер, ел ағасы Қуанышбай Төлебайұлы Төлебаевтың өмірі – екі енені –  Сыр мен Жайыққа жарасып, тел  емген құлынға ұқсас. Кіндік қаны сұлу Сырдың бойында тамып, оның ақ-қараны айыру, оң мен солын тану деген сықылды дүниетанымдық көзқарасының іргетасы оқумен, айтулы еңбектен қалыптасты. Бұған біздің кейіпкеріміздің өзінің туған өлкесінде, Қазалы және Қармақшы аудандарында орта мектеп бітіргеннен кейін, Шымкентте құрылыс инженері, Жамбылда құрылыс гидромелиоративтік оқу орындарында мамандық алып, Сыр бойында және Ресейде арнаулы маман ретінде еңбекке етене араласуы куә. Ал 1975 жылы мамыр айында жоғарғы партия және мемлекеттік басшылықтың ұйғарымымен сол кездегі Орал облысының бірінші басшысы Ықсанов Мұстақым Біләлұлының қабылдауымен Казминмелиовадхоздың министрі Тыныбаев Әбубәкір Әлиұлының бекітуімен, 30 жастағы Қуанышбай Төлебайұлы Орал облыстық мелиорация және су шаруашылығы басқармасының бастығы болып тағайындалып, Ақ Жайық өңіріне келді. «Жақсыда жаттық жоқ» дегендей, содан бері ол бұл жақтың халқымен, бейнелеп айтқанда: «Оралдың орыс-қазағымен біте қайнасып кетті». Орал өңірінде Қуанышбай Төлебаев, өзінің біліктілігі мен іскерлік жігерін көрсетіп, елеулі әлеуметтік жаңғырулар мен күрделі құрылыс-суландыру жобалары бойынша талай игі істердің басы-қасында болды. Бертін келе, Мәскеу қаласындағы Қоғамдық ғылымдар академиясының «Ұйымдастыру және басқару» саласы бойынша білімін жоғарылатты. Қуанышбай Төлебайұлы Орал қалалық партия комитетінің II хатшысы, қалалық депутаттар кеңесінің төрағасы болумен қатар атқару комитетін басқарды. Еліміздің егемендікте болуына аянбай атсалысып, Бөрлі ауданының бірінші әкімі болып тер төкті, шетелдік бірлестіктерде талай лауазымды қызметті қамшы салдырмай абыроймен атқарды. Біздің осы пікіріміздің айғағындай, «…где бы ни находился  Куанышбай Толебаевич, какую бы миссию не выполнял, делал он это с полной отдачей, открытой душой, призывая при этом жить в дружбе и согласии. И всячески способствовал укреплению дружбы и взаимопонимания», – деп жазады «Досуг» газеті. (№7 16. 02. 2006). Айтса айтқандай, ойға кенен, сөзге шешен Қуанышбай Төлебайұлы біраз жылдан бері Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары ретінде Батыс Қазақстан облысында ұлтаралық жарасым мен дінаралық татулықтың жетілуіне ұйытқы болды. Өз басым Қуанышбай ағамызбен осы ассамблеяның аясындағы қым-қуыт жұмыс барысында таныс болдым. Ағамыздың ұшқыр ойы, шешен сөз саптауы, тез әрекетке көше алатын алғырлығы, мол тәжірибесі бәрімізге үлгі болды. Ағамыздың шын қайраткер, тұлға екеніне ден қойдық. Әрбір қоғамдық жүйе өз тұлғаларын қалыптастырады. Кешегі өткен кеңестік қоғамда, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі өтпелі кезеңде, сөз жоқ, Қуанышбай ағамыз тұлға ретінде қалыптасты. Қуанышбай қай қоғамдық формацияда қызмет етпесін, еліне, қалың қазақтың қамы үшін тер төкті.

Елдік пен достықтың тірегі – Қазақстан халқы ассамблеясы аясында бірлік пен түсіністік арқасында жылдан-жылға толағай табыстарға жетудеміз. Осы еліміздің жетістіктерінде біздің Қуанышбай ағамыздың да еңбегі мол.

Өзінің қарым-қабілеті, білім-білігі һәм ұйымдастырушылық дарынының және өмірлік тәжірибесінің арқасында қызмет бабында талай бел-белеске көтерілген Қуанышбай Төлебайұлы мемлекет пен қоғамның белсенді қайраткер азаматы, «Құрмет» орденіне қоса, көптеген отандық және шетелдік марапаттардың иесі. Елу жылдай уақыт бойы ол зайыбы Рзагүл екеуі ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немере сүйіп, шөбере күтіп отырған бақытты ата-ана, дос-жаранның ұйытқысы болып келген-ді. Әттең, осыдан бір жыл бұрын Қуақаңның үйіндегі Рзагүл апамыз дүние салды…

«Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек», – дейді ұлы Абай атамыз. Қайратпен, ақылмен жол тауып, ерен еңбек еткен ағамыз, кемеліне жеткен кісі. Осы бір кітап ағамыздың өмір жолы, саралап, өнегесін еліне көрсетуге арналды.

Тозған ел тарихын жаспен жазады, озған ел тарихын таспен жазады. Ағамыздың тағы бір жақсы қасиеті – жидашылдығы. “Зерде-Память” қорын құрып, 15 жылдан бері өткен тарихымыздан мәлімет жинап, ауласына үй-мұражай ашуы. Мұнда Қазақстанның, сондай-ақ туған өлкеміз Ақ Жайық атырабының кешегісі мен бүгінгісінен сыр шертетін біраз жәдігер жинақталған. Отбасылық мұражай болғанымен, бұл музейде құнды жәдігер көп. Дүниетанымды кеңейтіп, ұлтжандылыққа тәрбиелейтін  мәдени  ошақ.

Отан отбасынан басталады. «Ұлым дейтін ел болмаса, елім дейтін ерлер қайдан туады», – деп ұлы Ақаң (А. Байтұрсынов) айтқандай, осындай өнегелі ағаның, ардақты ақсақалдың өмір жолы келешек жастарға үлгі. Алдыңғы жақсы артқы жасқа ақыл айтып, өнегелі өмір сүру үлгісін көрсету – ғибратты іс.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, «интеллектуалды ұлт» қалыптастыруға асылдарымызды құрметтеп, игі жақсымызды танып, қадірлей білсек, кейінгіге үлгі ете алсақ, жаһандануға төтеп бере алатын мәңгілік ұлт, мәңгілік  ел болатынымыз  сөзсіз.

Мұрат  САБЫР,

филология  ғылымдарының  докторы,  профессор

 

Отбасылық  шежіреден   Отанның мүддесіне  дейін

Көк  байрақ  туы  берік,  бақытпен  мәңгі  серік,

Егемен  еліміз  бар,  кең  байтақ  жеріміз  бар.

Жаратқан  тәңірімнен  қазағым –  қасиетім,

Жасаған,  жарылқай  көр,  адамзат  ақ  ниетін.

Қуанышбай  ТӨЛЕБАЕВ

11 қаңтар  2003 жыл

Құлағымыздың  үйреніп  кеткені  соншалық   «Отан  отбасынан  басталады»  деген  мәтелдің  астарына  үңіліп,  мағынасына  мән  беріп  жарытпаймыз. Егер осы мәтелдің пайымына  ой  жүгіртсеңіз,  туған  жер, туған елдің алдындағы перзенттік  парыз,  Отанға қалтқысыз қызмет ету шын мәнінде  отбасында  берілетін  тәлім-тәрбиеден  бастау  алады емес пе?!  Ал енді  бұл  мақаладағы  «ауладағы  музей» деген  сөз  тіркесіне қарап,  сіз  мектептің  немесе әлдебір  кеңсенің  ауласындағы мекемелік  музей  екен  деп  қалуыңыз  әбден  мүмкін.  Әсте  олай емес,  бұл  кәдімгі  тұрғын  үйдің  ауласындағы  музей.  Бірақ  құнды  жәдігерлерге  бай  болғандықтан, анау-мынау ресми  музейлерден  бір  мысқал  кемдігі  жоқ.

Өз үйінің ауласында музей жасақтаған адам, бәлкім, біз көрмеген-бармаған өркениетті шетелдерде бар болса, бар шығар, ал кең байтақ Қазақстанда әзірше Орал қаласының тұрғыны, қоғам қайраткері, еңбек ардагері Қуанышбай Төлебайұлы Төлебаев болса ғана керек. Қазақ арасында  «Жеті атасын білмеген – жетесіз» немесе «Жеті атасын білген ер, Жеті жұрттың қамын жер» деген бұрынғылардан қалған қағида бар.

Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, жеті атасын жете тану отбасылық шежіреден басталып, Отандық мүддеге ұласуы шарт! Міне, осындай ниетпен ашылған тұрғын үйдің ауласындағы мұражайды күні бүгінге дейін көптеген танымал тұлға тамашалап  үлгерді.

Иван  ГАПИЧ,  соғыс  және  еңбек  ардагері:

– Бұл мұражайда кешегі кеңес заманы мен бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның тыныс-тіршілігінен сыр шертетін құнды дүние көп. Енді педагогтар мен мектеп оқушыларын, студенттерді мұнда жиі әкеліп тұрса, құба-құп.

Сара  ТАНАБАЕВА,  ҚР Мәдениет қайраткері, музей қызметінің ардагері:

– Мұндағы кейбір кітап пен жәдігерлер үлкен кітапхана мен музейлерде де жоқ. Осындай отбасылық мұражайды көрген балалар үйлеріндегі тарихи мәні бар заттарға ұқыпты қарап, оларды жинақтауды үйренері сөзсіз. Әу баста біздің облыстық тарихи-өлкетану музейі де мектептің бір бөлмесінде ашылған еді, қазір ол Отанымызға қоса, алысты-жақынды біраз елге танымал. Төлебаевтар әулетінің мұражайы ел-жұрттың ықыласына бөленері анық.

Сергей  ПОГОДИН,

Қазақстан  халқы  ассамблеясының  мүшесі,

Батыс Қазақстан облыстық орыс мәдени орталығының  төрағасы:

– Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында ұлттық құндылықтарға жіті мән берілген. Иә, әр адам өзінің түп-тамырын, төл тарихын жақсы біліп, ұлттық әдебиеті мен мәдениетін, халқының озық салт-дәстүрін санасына сіңіріп, әрі туған өлкесі мен туған елінің табиғатына жаны ашитындай тұлға болып қалыптасса, бұл халық пен билік үшін ортақ жетістік, ортақ игілік екендігі сөзсіз. Жаңа ғана тілге тиек болған рухани құндылықтар – бұл қазақстандық патриотизмнің қайнар көзі. Ұзақ жылдар көптеген жауапты қызметтерді абыроймен атқарған Қуанышбай Төлебаевтың өзі жасақтаған мұражай жас санада қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға ықпал ететін жәдігерлерге жомарттығымен ерекшеленеді. Бұл музейден сіз қайда жасалғаны беймәлім, қайдан келгені белгісіз кездейсоқ абстрактылы нәрсені таппайсыз. Бәрі де еліміздің өткені мен бүгінгісінен сыр шертетін құнды дүниелер. Мемлекеттік қазынадан бір теңге түгілі, бір тиын алмай, мұндай музейді жылдар бойы қажырлылықпен қалыптастыруы Қуанышбай Төлебайұлының еліміздің тарихына деген үлкен құрметі мен Қазақстанның жарқын болашағына деген нық сенімін айшықтайды. Еліміздің өткені мен бүгініне қатысты көптеген жәдігерлер жинақталған мұндай мұражай енді ел-жұртқа, әсіресе, өскелең ұрпаққа танымдық-тағылымдық тәлім-тәрбие, патриоттық бағыт-бағдар берер  бұқаралық  нысанға  айналса,  жүдә  керім!

Ғайса  ҚАПАҚОВ,

Батыс  Қазақстан  облысы Қазақстан  халқы  ассамблеясы төрағасының  орынбасары, хатшылық  меңгерушісі:

– Қуанышбай Төлебайұлының өзі жасақтаған музейі шынымен де ерекше бастама. Тіпті, мұны халықтың ішінен қайнап шыққан тың жоба деген жөн болар. Қуақаңның әулетінен басталатын тарихи тін бірте-бірте байтақ елдің кешегісі мен бүгінгісіне ұласады. Мұның өзі ағамыздың өмірдегі құбылыстарға, үлкенді-кішілі оқиғаларға, қоғамдық-саяси үрдістерге жастайынан байыппен қарап дағдыланғандығын аңғартады. Мұражайда қол жеткізген жетістіктерге қоса, ел-жұрт басынан өткерген қиын кезеңдерден мағлұмат беретін дерек-құжаттар мен экспонаттар баршылық.

Елбасы Қазақстандағы ұлтаралық жарасым мен дінаралық татулық еліміздің үздіксіз ілгерілеп, қарыштап дами түсуінің өзегі екендігін Отанымыз тәуелсіздікке ие болғалы үнемі айтып келеді. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, ұзақ жылғы еңбек жолында біраз жауапты қызметтердің тізгінін ұстаған Қ. Төлебаев бұқаралық ынтымақ пен жасампаз еңбек қана адамзат қоғамын өркениетке апаратындығына түбегейлі көз жеткізген азамат. Сол себепті де оның өзі жасақтаған мұражай жаңағындай ұлы мұрат-мақсатқа үндейтін жәдігерлердің көптігімен құнды. Тағы бір айтарым, Қазақстан халқы ассамблеясының белсенді мүшесі және кезінде облыстық ассамблеяға жетекшілік жасаған азаматтардың бірі ретінде Қуанышбай Төлебайұлы төл музейінде ассамблеяның тыныс-тіршілігін шынайы, жан-жақты  көрсете  білген.


Олимпиада жеңімпаздарымен жүздесу

Күні: , 50 рет оқылды

Орал  қаласындағы  Оқушылар  және  жастар  сарайында  облыс  әкімінің  орынбасары  Ғабидолла  Оспанқұлов  республикалық  пәндік  олимпиада  жеңімпаздарымен кездесті.  Салтанатты  шараға дарынды  оқушылармен  бірге оларды  зияткерлік  сайысқа дайындаған  мұғалімдері  де қатысты.

«Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлар» бақ сынаған республикалық олимпиада 15-20 наурыз аралығында Атырау қаласында жаратылыстану-математика бағытындағы пәндерден, 25-30 наурыз аралығында Қостанай қаласында қоғамдық-гуманитарлық пәндер  бойынша өткен болатын.

Жаратылыстану-математика бағытындағы пәндерден республикалық кезеңге 33 оқушы жолдама алып, 12 оқушы жүлделі орынды иеленді. Екі оқушы Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің грант иегері атанды. Ал қоғамдық-гуманитарлық пәндер бойынша 22 оқушы қатысып, 13-і жүлделі орындардан  көрінді.

Республикалық зияткерлік олимпиаданың қорытындысы бойынша Батыс Қазақстан облысының командасы 25 жүлде (2 алтын, 10 күміс, 13 қола) иеленіп, жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша үшінші, ал қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша екінші орын иеленіп, «Ең үздік олимпиада командасы – 2018» атанды.

Жиында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов бүгінгі заман бірді жығатын білектінің емес, мыңды жығатын білімдінің заманы болғандықтан, қазіргі ғасыр талабына өскелең ұрпақтың сай болуы  қажет  екендігін  жеткізді.

– Елімізде сіздердің бәсекеге қабілетті, сапалы білім алуларыңыз үшін барлық жағдай жасалған. Қазақстандағы білім беру жүйесі Англия сияқты дамыған елдерден еш қалыспайды. Бұған  мен «Болашақ» бағдарламасы бойынша сол елде оқығанымда көз жеткіздім, балаларым британ мектептерінде білім алды. Әрине, онда Қазақстандағы сияқты кең сарайдай, зәулім мектеп ғимараттары жоқ. Британ мектептері шағын ғимараттарда орналасқан, білім беру әдістемесі Еуропадағы ең беделді болып саналады. Ал британдық жоғары оқу орындары әлемдегі ең байырғы және ең  үздік университеттер қатарында. Қазір Қазақстанда білімқұмар, талапты, талантты жастар үшін барлық  жол  ашық.

Елбасы Н. Ә. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Табысты болудың ең іргелі,  басты факторы – білім. Білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт» деп атап көрсетті. Елбасы айқындаған жаңғырудың алты бағытының алғашқы төртеуінің, яғни прагматизм, бәсекеге қабілеттілік, білімнің салтанат құруы, сананың ашықтығы бағыттарының жастарға тікелей қатысы бар. Сендер білімді, тәрбиелі болсаңдар, еліміздің ертеңі биік болады. Қазір сіздерге үлкен өмірдің алғашқы баспалдағын қалау үшін таптырмас уақыт. Өз білімдерің мен қабілеттеріңді шыңдай отырып, тек пайдалы істерге жұмсай біліңдер, – дей келе, Ғабидолла Абдоллаұлы жас көшбасшыларды қол жеткізген нәтижемен шектелмей, бұдан әрі алға басуға шақырды.

Талаптың тұлпарын мініп, тас қияға өрлеген талантты шәкірттер ойларын ортаға еркін тастап, Қазақстанның болашағы, өздерінің арман-мақсаттары туралы ойларымен бөлісті. Әрдайым жастардың бастамасына қолдау көрсетіп отыратын облыс басшылығына, облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадыроваға және жеңіске жетелеген ұстаздары мен әрдайым қолдапқуаттап отыратын ата-аналарына  алғыстарын  жеткізді.

«Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» дегендей, жиынға қатысқан шәкірттердің барлығы – түрлі сайыстарда сыналып-шыңдалған, қатарластарынан оқбойы оза шапқан дарындылар. Ілім байқауларында облыс мерейін үстем еткен оқушылардың бірі – жымпитылық  Альбина  Зәкина.

– Қостанай қаласында өткен республикалық олимпиадада «Қазақстан тарихы» пәні бойынша бірінші орынды иеленіп, жеңімпаз атандым. Бүгінгі кездесуден  көп ой түйдім, ерекше әсер алдым. Жеткен жетістікпен тоқталып қалмай, «Құқық», «Дүниежүзі тарихы», «Ағылшын тілі» пәндері бойынша бағымды сынап көргім келеді, неміс және француз тілдерін үйренсем деген мақсатым бар. Болашақта сот маманы болғым келеді. Ауыл мектебінде білім деңгейі төмен деген пікірлер бар, мүлдем олай емес. Барлығы оқушының өзіне байланысты, – дейді Қ. Мырзалиев атындағы ЖОББМ 10-сынып оқушысы А. Зәкина.

Жиын соңында Ғабидолла Оспанқұлов барша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге және олардың жетекшілеріне дипломдар мен алғысхаттар табыстап, естелік суретке  түсті.

Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»

Суретті  түсірген  Динара  Кендірбаева


Сталинградты қорғағандарға ескерткіш ашылмақ

Күні: , 32 рет оқылды

Таяуда Оралдағы Жеңіс алаңынан топырақ алынып, арнайы капсулаға салу рәсімі өтті.

Аталған капсуланы «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігінің басшылығы 27 сәуірде Волгоград қаласында Сталинградты қорғаған қазақстандықтарға арналған ескерткіштің ашылуына орай өткізілетін іс-шараға алып бармақ. Капсула сол қалада орналасқан «Мамай қорғаны» мемориалындағы ескерткіштің түбіне, арнайы әзірленген орынға апарылып қойылады.

Салтанатты рәсімге БҚО ІІД басшылығы, жеке құрамы, ішкі істер құрылымдарының ардагерлері қатысты. Шарада Сталинград шайқасында қаза болған жерлестерге құран  бағышталды.

БҚО ІІД  баспасөз  қызметі


Туған күнге тосынсый

Күні: , 41 рет оқылды

Еркін  күрестен  әлемдік  додада  олжа  салған  тұңғыш қазақ  палуаны – біздің  жерлесіміз.  Сырым  ауданына  іссапар  кезінде  палуан  жігітпен  аз-кем  уақыт  дидарласудың  сәті  түсті.

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, әлем және Азия чемпионаттарының күміс жүлдегері Нұрлан Бекжанов – Бұлдырты ауылының тумасы. Алғашқы ұстазы Асқар Саукелиннің күрес үйірмесіне үшінші кластан бастап қатысқан. 2002-2004 жылдары Алматыдағы  Қ. Мұңайтпасов атындағы мамандандырылған спортинтернатында оқып, 2008 жылы Л. Гумилев атындағы Еуразия университетінің дене шынықтыру  және спорт факультетін тәмамдаған.  Астанада тұратын Нұрлан Бақытұлы бүгінде белгілі бапкер Асқар Әбдірәшевтің қол астында жаттығып  жүр.

– Қазақстан құрамасының сапында болғандықтан, үнемі оқужаттығу жиындары мен халықаралық жарыстарда жүреміз. Ағаларым мен дос-жарандарым туған күніңнің қарсаңында бір-екі күнге болса да, ауылға келсеңші деген. Өзім де сағынып жүр едім, екі күнге ғана рұқсат алдым. Келсем, тосынсый күтіп тұр екен, – дейді палуан.

Расымен де, белгілі палуанға сырымдықтар тосынсый жасады. Екі күн бойы Жымпитыдағы спорт кешенінде  дүбірлі  жарыс  өтті.

Турнирдің ашылу салтанатына Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаева арнайы қатысып, даңқты  палуан мен оның  ізбасарларына сәттілік тіледі.

Нұрлан Бекжановтың жүлдесіне арналған еркін күрестен аймақтық ашық турнирге он үш команда сапындағы 153 спортшы қатысты. Ақтөбедегі спорт мектебінен,  Алға мен Қобда ауданынан, Атыраудың Индер ауданынан жас палуандардың келуі жарыс  көрігін  қыздыра  түскені  сөзсіз.

2004-2006 және 2007-2008 жылдарда  туған  жасөспірімдер  мен 2004-2006 жылдары туған қыздар  арасындағы  облыстық  ашық  турнирде 12 салмақ дәрежесі бойынша  жүлделер  сарапқа  салынды.

2016 жылы Будапешт қаласында өткен әлем чемпионатында күміспен күптелген жерлесіміздің жүлдесі үшін ұйымдастырылған турнирдің ашылу салтанатынан соң, «тосынсый иесі» әуежайға аттанды. Палуанды алда үлкен жарыстар тосуда.

Сәндібек  ЖОМАРТҰЛЫ,

Сырым  ауданы


Жаңа үлгідегі қабылдау бөлімшесінде жаңалық көп

Күні: , 35 рет оқылды

Облыстық клиникалық аурухананың қабылдау бөлімшесі триаж жүйесі бойынша жұмыстануда. Кеше ауруханада болған облыс әкімі Алтай Көлгінов триаж жүйесі және цифрландыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар барысымен танысты.

Негізі қабылдау бөлімшесі келген науқастарды қабылдап, аурухананың бөлімшелеріне рәсімдейді. Мұнда маңызды емдеу-диагностика жасалады, тәуліктің 24 сағатында және мереке, демалыс күндері де келушілерге жедел дәрігерлік көмек көрсетеді. Облыс әкімі бөлімшенің жұмысымен танысуды кіреберістегі науқастарды рәсімдеу бөлігінен бастады. Шеткі компьютерде отырған мейірбике журналистердің жеке куәліктерін беріп, оның қайда тіркелгенін қарап, жұмыстың қалай жүргізілетінін сұрап білді. Аурухана директоры Арман Байдеуовтың түсіндіруінше, келген адамның жеке куәлігі арқылы базадағы мәліметтерден оның бұрын қайда қаралғаны, қандай ем алғаны, ота жасалғаны көрініп тұрады. Бұрын осының бәрі қағазға түсірілетін.

– Елбасының тапсырмасына сәйкес облыстағы 23 мемлекеттік меднысан қағазсыз жұмыс істеуге көшті.  Цифрландыру арқылы тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмек сапасы жақсарады, дәрігерлердің есеп жазудан қолы босап, науқасқа көбірек көңіл бөледі.  Ақпараттық жүйеге кірігу үрдісі жалғасады, бірінші жартыжылдықтың соңына қарай меднысандарды толықтай цифрландыруды аяқтаймыз. БҚО-ның медицина саласы – цифрландыру жобасы бойынша республикада көшбасшы. Мобильдік қосымшаны іске қосу жұмыстары аяқталады. Бұл қосымша арқылы тұрғындар дәрігерге онлайн жазыла алады, қажетті жағдайда үйге дәрігер шақыртады, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы  Қанат  Төсекбаев.

Ғимаратқа кіреберістен-ақ еденге жасыл, қызыл, сары жолақтар жүргізілген. Аурухана басшысы бұл жолақтардың сырын ашты. Мейірбикелер бөлімшеге келген науқастарды қабылдап, жалпы жағдайын бағалайды. Триаж бойынша келушілер үш ағын түріне бөлінеді. Қызыл ағынға ауыр дәрежедегі науқастар жатады. Оларға шұғыл көмек көрсетіледі және қажет болса ота жасауға, жан сақтау бөлмесіне қызыл жолақпен әкетеді. Сары ағынға орта дәрежедегі аурулар, олар шұғыл көмекке мұқтаж емес, бірақ  тексеріледі, тиісті көмек көрсетіледі. Жасыл ағынға жататын ауруларға тексеріледі, көмек көрсетіледі, содан кейін үйлеріне жіберіледі.  Бөлімшеге күніне 160-170 адам келеді, жарақат алып келушілер саны 60-70 шамасында. Мұнда күндіз түрлі 12 дәрігер маман дәрігерлік көмек көрсетеді. Триаж бойынша науқасқа шұғыл түрде бірнеше дәрігер  қызмет  көрсетеді.

Одан кейін облыс әкімі қабылдау бөлімшесіндегі пердемен бөлінген кереуетте отырған науқастармен қал-жағдай сұрасты. Өзін Василий Катиба деп таныстырған украин ұлтының өкілі уролог-маманға тексеріліп жүргенін айтты. «Қабылдау бөлімшесінде бәрі жақсы. Дәрігерлердің көмегі шексіз», – деді 70 жастағы қария.

Өңір басшысы қабылдау бөлімшесіне қарасты нейрохирургия, травматология бөлімшелеріндегі дәрігерлермен тілдесті. Олардың барлығы да цифрландырудың арқасында жұмыстарының жеңілдегенін жеткізді. «Қазір науқастар бір құшақ етіп қағаз құшақтап жүрмейді. Ескеретін бір нәрсе тек емханаларды емес, бұл жүйеге өзге диспансерлерді, барлық ауруханаларды кіріктірсе», – деген өтініш айтты травматолог Ғалымжан Рамазанов. Бұған облыстың бас дәрігері Қанат Төсекбаев өкпе, психиатриялық, наркологиялық ауруханалардың контингенті басқа болғандықтан, қосылуға рұқсат жоқтығын айтты. Сондай-ақ облыс әкімі сәулелік диагностика бөлімшесінде болып, магниттік-резонанстық томографияның жұмысын көрді. Бөлімше меңгерушісі Асылбек Бақаевтың айтуынша, қолданыстағы МРТ аппараты 2007 жылы алынған. Қазір мұндай аппараттың түрі шығарылмайтындықтан, сынып қалса қосалқы бөлшек табу қиын. Облыс басшысы мемлекеттік-жеке меншік әріптестік негізінде жаңа МРТ аппараты алынатынын жеткізді. Аурухана директоры Арман Байдеуовтың айтуынша, маусым айының аяғы шілде айының басында «Дженерал электрик» фирмасынан жаңа МРТ жеткізіледі. Сондай-ақ лизингке  офтальмологиялық УЗИ, литотриптер (урологиялық аурулар)  аппараттары  алынады.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»,

Суретті  түсірген Александр  КУПРИЕНКО


Қатаң сөгіс беpілді

Күні: , 90 рет оқылды

«Орал өңірі»  газе­тінің  №14  санында  жарық  көрген  тілші  Е. Еле­кенов­тың  «Ажал  айтып келмейді,  бірақ…» атты  мақаласына орай  Тасқала  аурухана  басшысынан  төмендегідей  жа­уап  келді.

Қазір ау­дан­дық ау­ру­­­ханада акушер-гинеколог, педиатр, кардиолог, анестезиолог-реа­ниматолог, ЛОР-дәрігері жетіспейтіні рас. Қа­жет ма­мандардың тізімі облыстық денсаулық сақтау басқар­ма­сына берілді. Бүгінде Орал қаласындағы акушер-гинеко­лог және кардиологпен келі­сімшарт жасалды. Алматыдағы, Ақтөбедегі ЖОО-лар­ға сұраныс жіберіп, керек мамандарды  шақырамыз.

Рентгенолог біліктілігін арт­­тыру курсынан өтіп, сер­тификатын алды. Оған дейін рентгенографиялық қорытын­­дыларын талдауды келісімшарт бойынша Орал қа­ла­сының рентгенологы іске асы­руда. УЗИ диагностикасы бойынша дәрігер біліктілігін арттыруда. Кардиолог маманы баласының жасқа толмауына байланысты тек сенбі күні жұмыс жасайды.

Қайтыс болған шекарашы Жәнібек Телжановқа ауру­хана мамандары алгоритм бойынша көмек көрсет­ке­німен, науқасты аман алып қалу мүмкін болмады. №837 сот-медициналық қорытын­дысы бойынша Ж. Телжа­нов­тың өлімінің себебі: «Острая коронарная недостаточность. Коронарокардиосклероз. Хроническая ишемическая болезнь сердца».

Ал, ауруханаға ауыр хал­де жеткізілген бір жарым айлық нәресте Иманғали Алан Роланұлын аман алып қалу үшін облыстан  са­нитарлық авиация шақырылды. Алайда көрсетілген шұғыл медициналық көмекке қа­ра­мастан, сәби о дүниелік болды. Өліміне себеп болған: «Двухсторонняя бронхо­пневмония, острое течение ДН 2-3 ст. ППЦНС, гипоксическо-ишемического генеза, Отек головного мозга, судорожный синдром».

Нәрестенің жағдайын то­лық деңгейде бақыламағаны үшін Достық ауылдық округіне қарасты Ынтымақ елді ме­кенінің фельдшері А. М. Ма­ханға тәртіптік жаза ретінде қатаң сөгіс берілді.

Тасқала ауданында халық санының аздығына байла­нысты (Тасқала ауданы бо­йынша адам саны – 16 948, Тас­қала ауылы бойынша 8037 адам) электронды табло орнату орынсыз деп танылды.

Аудандық аурухананың барлық құрылымдық бөлім­шелеріне бес жасқа дейінгі балаларды бақылау және рес­пираторлық инфекция­лар­­дың алдын алу туралы тү­сіндіру жұмыстарды жүргі­зу мақсатында дәрігерлер ко­мандасының шығуы ұйымдастырылды.

2018 жылдың 9 ақпан күні облыстан эндокринолог, кар­диолог, гастроэнтеролог ма­мандары арнайы келіп, ба­лаларға консультативтік кө­мек көрсетті.

Г. КЕНЖЕШЕВА,

Тасқала аудандық ауруханасының басшысы


Миллион «жеген» диpектоp

Күні: , 278 рет оқылды

Теректі   ауданы  әкімдігінде  Сыбайлас  жемқорлыққа  қарсы  іс-қимыл   ұлттық   бюросының  БҚО  бойынша департаментінің  қылмыстық  құқықбұзушылықтар  және  басқа  да  заңбұзушылықтар  жасауға  ықпал  еткен  мән-жайларды  жою жөніндегі  ұсынысты  қарауға  арналған   жиналыс  өткізілді.

Аудан активі жиналған отырысқа аудан әкімі аппаратының басшысы Армат  Байғазиев төрағалық етті. Жиынға ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі  БҚО департаментінің мемлекеттік қызмет саласын бақылау басқармасының басшысы Жақсат Мұратов  қатысып отырды. Сонымен қатар  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) БҚО бойынша департаменті Бөрлі аймағы бойынша ауданаралық басқармасының басшысы Талғат Бекмағамбетов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) БҚО бойынша департаменті тергеу басқармасының бөлім басшысы Талғат Нұржанов қатысты.

Күн тәртібіндегі мәселе – қылмыстық құқықбұзушылықтар және басқа да заңбұзушылықтар жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою жөніндегі  ұсынысты   қарау.

Аудан әкімі аппаратының персоналды басқару бірыңғай қызметі және мемлекеттік-құқықтар жұмыстар бөлімінің басшысы Сәкен Идресқалиев таныстырған ұсыныстың тобықтай түйіні – аудандағы ауыз су жеткізуді атқарып отырған мекеме басшысы, яғни «Теректі таза су» ЖШС директоры Жақып Кәрімов қызметінде қаржы жымқыруға  жол берген. Нақтылай айтсақ, 1 633 753,16 теңге ақшаны әр түрлі жолдармен талан-таражға салған. Осыншама қомақты  ақша бір күн ішінде емес, өткен жыл бойы жымқырылып отырған. Ақшаны «жұмсау» әдісі әр түрлі болғанымен, барған жері  біреу – ол  Ж. Кәрімовтың жеке қалтасы. Сөйтіп, ЖШС директоры лауазымында, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттілік берілген адамға теңестірілген тұлға бола тұра, қызметін пайдалана отырып, жемқорлыққа  жататын  қылмыс  жасаған. Сотқа дейінгі тергеу барысында  Ж. Кәрімов өз кінәсін мойындапты. Келтірген зиянды ол санап тұрып,  ЖШС шотына салған. Іс бүгінде  соттың  қарауына  жолданған.

Былайша  айтқанда, кінәлі анықталды. Десе де, осы мекеменің құрылтайшысы – Теректі ауданының әкімдігі мен уәкілетті құрылым «Теректі ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы  жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесі қайда қарапты? Неге бақылау болмаған? Мұның да себебі бар екен. ЖШС жарғысына сай құрылтайшы да, уәкілетті орган да ЖШС қаржы шаруашылық  қызметін  бақылауға, не талдауға, ішкі аудит жүргізуге міндетті деп көрсетілмеген. Сондықтан  құрылтайшы мен уәкілетті құрылым бұл жұмыстарды  жүргізбеген. Ендігі жерде осындай бұзушылық болмау үшін мықты бақылау керек. Ол үшін әділет органы арқылы қабылданған жарғыға толықтыру мен өзгеріс енгізу қажет.

Бұл жөнінде Талғат Боранбайұлы айтып  өтті.

Келесі болып сөз алған Жақсат Мұратов мемлекеттік қызметкерлерге сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу және алдын алу шараларын тәптіштеп түсіндірді.

– Неше рет осындай жиындарда айтылса да, жемқорлық деген «бәлекет» жойылмай тұр. Онымен күресуде мемлекеттік қызметкер алғы шепте болуы тиіс. Өйткені  ол – мемлекет адамы. Осыны әр қызметкер түйсігімен, бар санасымен түсінуі керек. Әсіресе, мемлекеттік қызметке жүгінуге келген не болмаса шаруасы түскен адамға ілтипатпен қарау, мүмкіндігінше, заң шеңберінде ісін шешіп беру – мемлекеттік қызметкердің міндеті. Қызметті атқарған кезде бәлсініп, созбалауға салмайық. Сапалы, сыпайы, уақтылы, ашық орындалған қызмет – сыбайлас жемқорлықты болдырмаудың бірден-бір жолы, – деді Жақсат  Мұратұлы.

Бұдан соң  сыбайлас жемқорлықпен, пара алумен ұсталған шенділердің қылмыс  үстінде ұсталғандығын баяндайтын   бейнекөріністер  көрсетілді.

Енді  отырыстың басты тақырыбына келер болсақ, айтып кеткеніміздей, іс сотқа жолданды. Қаржы орны толды.

– Бұл жиынды мемлекеттік қызметкерлер, оларға теңестірілген тұлғалар жұмысында осындай «жұтып қоюға» жол бермесін, сабақ  алсын деген мақсатта өткізіп отырмыз. Сұрау бар, бақылау бар екенін есте ұстаңыздар. Өзіңізге сеніп тапсырылған қызметті «мемлекеттік  қызметкер» лауазымына кір келтірмей, адал атқарыңыз, – деп қорытындылады аудан әкімі аппаратының басшысы Армат Байғазиев.

Нұрзия   СИСЕНБАЕВА,

Теректі   ауданы


Шекарадағы тұрғындарға қырағылық керек

Күні: , 45 рет оқылды

Жуырда Тәжікстан Республикасының азаматы Зеленов ауданы аумағынан  мемлекеттік шекараны бұзып, Ресей Федерациясына өтіп кеткен. Орал қаласынан аудан орталығы Переметныйға келген тәжік азаматы жаяулай Карпов ауылына дейін жеткен. Екі мемлекет шекарасында орналасқан ауылда еш қымсынбай жергілікті тұрғындардың бірінің үйіне түнеп, Ресейден бір-ақ шыққан. Көрші ел шекарашыларының қолына түсіп қалған Василий Мамонтов  осы күні  тергеуде жатыр. Анықтау барысында белгілі боғанындай, тәжік азаматы Карпов  ауылына дейін жетуіне жергілікті тұрғындар да атсалысқан. Әрине, әдейілеп ешкім оның заңбұзушылығын іске асыруға қолұшын бермесе де,  бір тұрғын көздеген жеріне жетуі үшін көлігімен алып кеткен, енді бірі үйіне қондырған. Мамонтовтың заң бұзу туралы әрекетінің бар-жоғын ешкім білмесе керек. Өйткені ол Карповта алаңсыз жүріп тұрған. Дүкеннен керекті заттарын да сатып алған. Бұл туралы аудан орталығында болған арнайы басқосуда ҚР ҰҚК шекара қызметінің «Тасқала» шекара комендатурасы комендантының орынбасары Бауыржан Куликов мәлімдеді. Ауыл тұрғындары мен шекара маңындағы елді мекендерде шаруашылық жүргізіп отырған қо-жалық иелері, такси жүргізушілері қатысқан шарада ҚР ҰҚК БҚО бойынша департаменті Зеленов аудандық бөлімінің жедел өкілі Нұрсұлтан  Құрманиязов  та  болды.

Бауыржан Болатұлының айтуынша, өткен жылдан бері жүргізілген жұмыстар нәтижесінде  шекара бұзуға негіз болған үш арық анықталып, Орталық Азия елдерінің азаматтарын Ресейге заңсыз өткізіп жүрген 12 адам қолға түскен. Олар былтыр 17 еңбек  мигрантын ел шекарасынан заңсыз өткізбек болған. Аталған қылмыстық топ ішінде қорықшылар, такси жүргізушілері бар болып шыққан. Қазір оңай ақша тапқысы келген 12 адамның үшеуі қылмыстық жазаға тартылыпты. Әрқайсысына 1,5 жыл бас бостандығын  шектеу  жазасы  кесілген.

Жиын барысында сөз алған Нұрсұлтан Талапұлы да Шалғай, Карпов ауылдарының тұрғындары өзбек азаматшасын шекарадан өтуіне көмек көрсетпек болғаны анықталғанын жеткізді. Сондай-ақ қажетті құжатсыз ел аумағында жұмыс істеп жүрген Өзбекстан, Тәжікстан елдерінің азаматтары да көптеп кездесіп жатқанын тілге  тиек  етті.

Соңғы кездері футболдан өтетін  әлем біріншілігіне дайындықты пысықтап жатқан ресейліктер РФ аумағында заңсыз жүрген жұмысшыларды кері аттандыруда. Олардың біразы елдеріне бармай, ҚР аумағында қалып, Ресейге өтудің заңды да заңсыз әрекеттерін қарастырады екен. Біреулері арнайы орындарға тіркеуге тұрып, жұмысын атқарса, кейбір жат жұрттық ағайын  ол  жағына  бас  ауыртпайды.

Бұдан бөлек, жиын барысында шекаралық аймақта шаруашылық құрылымдарда еңбек етіп жүрген азаматтардың жеке басын куәландыратын құжаттарының түгелдігіне мән беру де  сөз болды. Шекарашылар сондай-ақ такси жүргізушілері мен тұрғындарға бейтаныс, сезік тудыратын адамдарды көрген жағдайда жергілікті атқарушы құрылым мен полиция қызметкерлеріне  жедел  хабарласуды  да  сұрады.

Түгелбай   БИСЕН,

Зеленов   ауданы


Аялдамалардың аянышты күйі немесе желге ұшқан миллиондар

Күні: , 83 рет оқылды

Бүгінде 40 мыңға жуық халқы бар Зашаған кентіндегі шағынаудандарының басым бөлігінде қоғамдық көлік тоқтайтын аялдама жоқ. Әсіресе, № 6, 7 автобустар жүретін бағыт биылға дейін аялдамадан жұрдай болатын. Ауа райының қолайсыз күндері өкпек желдің, жауған қар мен жаңбырдың астында тұрып, қоғамдық көлік күткен тұрғындар, әсіресе, мектеп оқушыларын көргенде, жаның ашитын. Қала орталығындағы сәні келіскен смарт аялдамаларға зашағандықтар  қызыға  да  қызғана  қарайтын.

Бұл мәселе жылда өтетін шаһар және кент әкімінің есеп беру жиынында тұрғындар тарапынан жиі көтерілетін. Өткен жылдың соңында бірқатар аялдамалардың қадасы қағылып, қаңқасы тұрғызылғанда,  тұрғындар шынайы қуанған еді. Бірақ бұл қуаныш көпке ұзамады. Себебі бас-аяғы бір-екі айда тұрғызылған аялдамалардың кейбірі бір-екі күнде күл-талқаны шықты. Тіпті тәулік бойына балалар көлік күтетін №30 мектеп

аялдамасына Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасын насихаттайтын жапсырма қойылып, көркі алыстан көз тартатын. Амал не?! Аялдаманың сәні келіскенімен, сапасы лезде сыр берді. Жаңағы айтқан «әдемі» жапсырма әуелі ақ қардың үстіне шашылса, кейін жол жиегіндегі судың түбінде қалды. Бақсақ, аялдама қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, «биттің қабығына» сәл-пәл қалыңдау әйнекшемен қапталған екен. Сөйтіп, осы бағытқа қойылған аялдаманың басым бөлігінің қалқаны қирап, құр қаңқасы қалды. Түйткілдің себеп-салдарын Зашаған кенттік әкімі аппаратының абаттандыру бөлімінің басшысы Медеу Баймурзиннен  сұрадық.

– Қаламыздағы аялдамалар қоюмен айналысатын мекемелердің техникалық сипаттамасына қарай жариялаған тізімінен осы аялдама түрін таңдап алған болатынбыз. Себебі бұл  аялдама түрінің құны арзандау болды. Ондағы мақсатымыз – қаралған азғантай қаржыға көбірек аялдамалар орнату еді. Желтоқсан айының басында «Буянов» жеке кәсіпкерлігімен келісімшарт жасалды. Нәтижесінде 11 аялдама орнатуға тапсырыс беріліп, оған 5 600 000  теңге қаражат бөлінді. Орнатылған аялдамалардың бәрі бірдей сынған жоқ. Тұрғындар аялдамалар желдің әсерінен  қирады деп ойлайды. Бірақ жағдай мүлдем олай емес. Ауа райының салдарынан сынатын болса, желдің өтінде тұрған Бортау шағынауданындағы аялдамалар қирау керек қой. Яғни  аталған аялдамалар адам факторының әсерінен сынуда. Нақтылап айтқанда, тұрғындар мемлекеттің мүлкін өз қолдарымен теуіп, соғып сындырды. Жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес сол аялдамаларға күндіз күн сәулесінен қуат алатын диотты  жарықтандырғыштар да қойылды. Тұрғындар бір күн болмай, аялдама төбесіне орнатылған құрылғыны қолмен сындырып әкетті. Бүлдірушілерді іздестіруге жергілікті полиция қызметкерлеріне шағымдандық. Олардан еш жаңалық жоқ. Қысқасы, бар пәле тұрғындарда болып тұр, – дейді бөлім  басшысы.

Маманның айтар дәйегі осындай. Дегенмен біреуінің құны жарты миллион теңгеден асатын аялдамалардың тым әлсіз екені көзге анық көрініп-ақ тұр. Тіпті аялдаманы қаптаған пластикалық әйнектің сапасының сын көтермейтіндігі құрылыстан еш хабары жоқ адамға да анық білінеді. Қыруар қаржы бөлінген соң дұрыс сапалы аялдама орнату керек еді деген ой кім-кімді болмасын мазалайтыны анық. Қаусыраған аялдаманы қирату үшін тебудің немесе ұрудың қажеті  де жоқ, жай ғана сүйенсең болғаны. Бүгінгі таңда Гринко және Бөген би көшелеріне орнатылған №30 мектеп, «Автомобилист», «2-Трансформатор» аялдамаларының құр қаңқасы ғана қалған. Қалғандарының  да  қалі мүшкіл.

Сонымен тұрғындар сапасыз аялдама орнатқан әкімдік пен кәсіпкерге ренжісе, жергілікті билік халықты кінәлайды. Қалай болғанда да,  6 миллионға жуық қаржы жұмсалған аялдамалардың қазіргі жайы аянышты. Көпшілік мемлекет қаржысына салынған әр құрылыстың сапалы жүргізілгенін, халыққа пайдасы тигенін қалайды. Сондықтан кепілдемелік міндеттемелері болса, аялдама орнатқан мердігер мекеме олқылықты жөндеуі  керек. Ал кент әкімдігі құзырлы құрылым  ретінде сол міндеттің  орындалуына  мүдделі  болуы  шарт.

Нұрбек   ОРАЗАЕВ,

«Орал   өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика