Мұрағат: 16.04.2018


Қойма суға толы

Күні: , 893 рет оқылды

Көктемдегі қар суын Шолақаңқаты өзенінің бойындағы арнайы қоймаға ұстап қалу шолақаңқатылықтар үшін жылма-жыл көкейкесті мәселе болып келгені рас. Кеңестік замандағы су бөгеу құрылғылары істен шыққалы да біраз уақыт өткен болатын.

Сырым ауданына қарасты Тоғанас ауылының маңындағы су қоймасының қақпаларын жаңғырту  үшін 2016 жылы облыстық бюджеттен 103,2 миллион теңге қаражат бөлінген. Сол жылы жарияланған тендер нәтижесінде «ПМК-117» ЖШС жеңімпаз танылып, құрылыс жұмыстарын бастап кеткен екен. Мердігер компания өз міндеттерін келісілген мерзімдегідей 2017 жылдың күзінде аяқтапты.

«Балапанды күзде санаса», су қоймасы қақпаларының беріктігі көктемде сыналатыны  белгілі. Иә, қазына қаржысы текке рәсуа болмағандай. Ауыл маңындағы қойма бүгінде суға толы. Дәл осы қойма 6 млн. 500 текше метр су қорын сақтауға қауқарлы. Ауылдық округ иелігінде 850 гектар суармалы алқап бар екенін ескерсек, шаруаларға жұмыс шаш етектен  болатындай.


Ар азабы

Күні: , 133 рет оқылды

Жазушы Мира Шүйіншәлиева кезекті шығармалар жинағын «Ар азабы» деп атапты. Жазушының бұған дейін жарық көрген шығармаларының негізгі лейтмотиві – адамзаттық құндылықтар, мәңгілік мұраттар екені оқырманға белгілі. «Ар азабының» да негізгі персонаждары – өзіміздің қасымызда жүрген замандастар. Бұл тұрғыдан келгенде, ол шығармаларына негізінен бүгінгі күннің өзекті мәселелерін арқау ететіні байқалады.

Мұнда автор прозалық шығармаларында көтеріп жүрген экономикалық, әлеуметтік мәселелерін сахнаға алып келіп, негізгі қаһармандарын іс-әрекет, тартыс үстінде көрсетуге ден қойған. «Ар азабы» пьесасында барын бағалай білмей, ойнақтап жүріп от басқан кейіпкерге тап боламыз. Мұндағы оқиғалар, яғни тартыс желісі репликалар (кейіпкер сөзі) арқылы дамып отырады. Автор кейіпкерлерінің бейнесін өз сөздерімен, іс-әрекеттерімен, монолог, диалогтармен толықтырған. Адамды алдауға болғанмен, Алланы алдауға болмайтынын оқырман кейіпкерлер өмірі арқылы түйсінеді. Әкесінің есепсіз ақшасын шетелде жүріп армансыз шашқан Бота мен оның шешесі Майжанның найза бойламайтын зымияндығының өтеуі де оңай емес. Оны Ботаның бұйра шашты нәсілі бөлек домаланған мүгедек баласы мен Майжанның сал аурына шалдығуы растайды. «Күйелі ағашқа жақындасаң, күйесі жұғады» дегендей, мұндай залымдардың кесірі күнәсіз бейбақтарды зар илетіп жататыны – өмір шындығы. Саналы өмірін бала тәрбиелеумен өткізген мұғалім Науат пен оның баласы Ғаділбектің зымияндардың шырмауына түсіп, тыныш өмірлерінің астан-кестеңі шығуы оқырманды бейжай қалдырмайды. Өмірді теп-тегіс даңғыл жолдардан тұрады деп санайтын Ғаділбектің бала кезінен сүйген сұлуына деген сүйіспеншілігі оны махаббат өртіне орап, өмірден баз кешуге алып барады. Кітаптан оқып жүрген ғашықтардың бүгінгі таңда да арамызда жүргенін Ғаділбектің жазылмас дертке ұшырауынан көрсек, оқиғаға қатысушы кейіпкерлердің пиғылдары мен арман-мақсаттары «адам аласы ішінде» екенін есімізге салады. Пьесаның оқиғасы мен кейіпкерлері өмірден алынған шынайылығымен баурайды. Негізгі оқиғалар мен кейіпкерлер арасындағы тартыс авторлық ремарка арқылы толығып отырады. «Ар азабының» кесірінен бірі құдай қосқан қосағының, бірі туған анасының айықпас дертке шалдыққанын, «Ар азабының» кесірінен жанұя мүшелерін шетінен қырсық шала бастағанын екеуінің де кештеу ұғары анық, әрине!», – деген  эпилог кейіпкерлерімізден хабар берер көркемдік  деталь.

«Ақынның тағдыры» мұңлы драмасының негізгі оқиға желісі бас кейіпкер – ақын Еркінғали Дарабасовтың төңірегінде жүріп жатады. Бүгінгі қоғам өмірінен алынған оқиға оқырманын философиялық ойларға жетелейді. Қолда барын бағалай алмай, сезім жетегінде жүріп адасқан ақын өмірімен «кие», «алғыс», «қарғыс» ұғымына назар аударады. Атадан балаға мирас болып қалатын қара шаңырақтың киесі ұруы, ананың теріс батасының қалыс кетпеуі атағынан ат үркетін ақын өмірінің ойраны шығуымен суреттелген. «Адам аласы ішінде» екені Ақбикенің іс-әрекеті, өмірлік ұстанымынан байқалса,  «Қыз кезінде бәрі жақсы, жаман қатын қайдан шығатынын» оның өмір жолы растайды. Дегенмен, көпке топырақ шашуға болмайды. Тағдыр тауқыметіне ұшыраған ақынын, азаматын сыйлаған Зұлқия кемпірдің адамгершілігі жуастан жуан шығып, балта ала жүгіретін Патиқа мен жанұя жылуын бағаламай, көбелекше ұшып-қонған Ақбикеге қарама-қарсы суреттелген. Автор бір-біріне кереғар жандардың іс-әрекеттері арқылы кейіпкерлердің болмыс-бітіміне назар аударған. Оқиғаға қатысушы әйел-аналардың бәрі бірдей еместігі  олардың осындай күнделікті тұрмыс-тіршілігінен байқалады.

Ар алдында үлкен сынға түскен кейіпкердің бірі – ақынның туысқан інісі Шайқы. «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» деп түсінген ол – қиын-қыстау кезеңдерде ағасының қасынан табыла білген жан. Жасы ұлғайған ағасының шемен болып қатқан шерін тарқату үшін жиі келіп тұратын ол – екі аяқты пенделердің арасындағы  адамгершіліктің жақсы үлгісін бойына жинақтаған азамат.

Шығармалардағы автор-нарратор-кейіпкер мәселесіне көңіл аударатын болсақ, фактілер мен оқиғаларды баяндаудың бірізділігі сақталғанын аңғару оңай. «Сіңлімнің сүйгені» хикаятындағы оқиғалар желісіне қарап отырсаңыз, әңгімелеуші мен баяндаушы формасымен көрінеді. Ләйлә мен оның сүйгені Айқын арасындағы ұзаққа созылған махаббат машақаты негізгі кейіпкерлердің барлығын да үлкен сыннан өткереді. Шығармада мотивацияның кешіру әдісі орын алған. Ол әдіс кейіпкерлердің бір-біріне түсініспеушілікпен, кешіріммен қарауынан көрінеді. Соның нәтижесінде ушығып тұрған істің оң шешім тапқанын: «Иә, адам баласының асқақ армандары, шын ниетімен тілеген тілектері Жаратқан иемізге жетеді екен. Бұған дәлелім көп. Сіңілім ақыры  шын бақытқа кенелді қазір. «Ақ түйенің қарны» аман-есен бір  кеште жарылды! Содан бері… Сіңлімнің төбесіне бақыттың бұлбұл құсы ұя салып, күн сайын, сағат сайын, минут сайын сайрап тұр!», – деген кейіпкер сөзі растайды. Авторлық ұстаным: «Қаншама жылғы жалғыздық, азап пен мазақ, айтыс пен тартыс! Алланың әр сәт сайын берген сынағына шыдап, қатыгез тағдырымен айқасқандай күресіп, төзімділік пен сабырлылық арқылы жеңіске жеткен менің сіңілім, Ләйләм менің осындай!» дегенге саяды.

Ар алдындағы үлкен жауапкершілікті арқалаған Алуа, азаматын ардақтаған Наргиз, махаббатын аялаған Ләйлә – «Еркектер ерке халық. Олардың еркелігін кім көтерсін? Солардың өмірге деген немқұрайлығынан балаларымыз тірі жетім, өзіміз тірі жесір болдық», – деп налитын қыз-қырқындарға қарама-қарсы параллель суреттелген кейіпкерлер. Қыз-келіншектер бойындағы физиологиялық, психологиялық  ерекшеліктер мотивацияның  ішкі және сыртқы түрлерімен айшықталған.

Ал, мета мәтінділік автордың ««Ерке күшік» әңгімесіндегі «Ақұштап Бақтыгерееваға» деген эпиграфы мен осы әңгіменің 2016 жылы «Рахымжан Отарбаевтың мәдениет қоры» ұйымдастырған байқауға қатысқан 197 автордың ішінен жүлделі орынға ие болған 13 шығарманың қатарына іліккені жөніндегі алғысөзінен байқалады. Бұл әңгімеде әңгімеші-баяндаушы – оқиғаның тікелей қатысушысы, яғни оқиғаның бір кейіпкері  болып  кеткен.

Жоғарыдағы мысалдардан көргеніміздей, жазушының «Ар азабы» жинағына енген шығарма кейіпкерлерінің көпшілігі – ар алдында шерменде күй кешкендер. Бейкүнә жандардың өмірін ойрандап, мүгедек болған Майжан («Ар азабы»), Ақбикенің арбауына түсіп, отбасынан айырылып, мүсәпірдің күйін кешкен Еркінғали («Ақынның тағдыры»), тәнін саудалаған бикештер («Сіңлімнің сүйгені»), ішімдікке салынған қаңғыбас: Шойнақ, Пәтөк, Башарлар («Кезбеліктен құтылған күн») – «ар сотының» алдында «ар азабын» тартқан кейіпкерлер. Жазушы шығармаларында психологизммен бірге лиризмнің басым екенін ерекше атауға болады. Кейіпкерлердің жан дүниесіндегі қуаныш пен қайғы, шаттық пен өкініш, бақыт пен қасірет сынды кереғар ұғымдарға тереңірек үңілген автор олардың бойындағы сыршыл сезімдерді аша білген. Сондықтан да бұл туындыларда психолирикалық сипат басым.

Гүлжаһан ОРДА,

М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының  докторы, профессор


«Ақжайық» алтыншы орында

Күні: , 161 рет оқылды

Футболдан ел біріншілігінің бесінші турында Оралдың «Ақжайығы» «Ордабасы» командасын ірі есеппен, ойсырата ұтты.

Шымкенттіктер бұған дейін бірде-бір ұпай жоғалтпаған, «Астанамен» бірге көш бастап келе жатқан клуб болатын.

Ақсай қаласындағы «Қарашығанақ» стадионында өткен матчта алаң иелері ойын тізгінін бірден қолға алды. 13-минутта бұрыштамадан берілген доптан кейін айып алаңындағы қарбалас сәтті пайдалана білген Қазақстан жастар құрамасының мүшесі, жартылай қорғаушы Иван Антипов есеп ашты. 17-минутта өз айып алаңында қонақтар Андрей Ткачукті шалып жыққаннан кейін 11 метрлік пенальти белгіленді. Бұл нүктеден мүлт кетпеген Еркебұлан Нұрғалиев есепті 2:0-ге жеткізді.

«Ақжайықтың» қарқыны бұдан кейін де бәсеңдеген жоқ. 26-минутта тағы да бұрыштамадан берілген доптан кейін хорватиялық қорғаушы Хрвое Спахия тәртіп бұзып, алаңнан қуылды. Бұл жолы 11 метрліктен Е. Нұрғалиевтің тепкен добын «Ордабасының» қақпашысы Жасур Нарзикулов қайтара білді. Есесіне 38-минутта қонақтардың шабуылшысы Тимур Досмағамбетов алыстан тоғыздықты дәл көздеп, есепті қысқартты. Дегенмен 44-минутта қақпаға жекедара шыққан украиналық шабуылшы Адеринсола Хабиб Эсеола «Ақжайық» сапындағы алғашқы добын соқты.

Екінші тайм басталысымен, оралдықтар қонақтардың қақпасына бірнеше рет қауіп төндірді. Тіпті Азат Ерсәлімовтің тепкен добы қақпа жақтауынан қайтты. Шымкенттіктер де есе қайтаруға тырысып бақты. Әйтсе де, 78-минутта қарымта шабуыл кезінде Хабиб Эсеола тағы бір голдың авторы атанды.

Осылайша Владимир Мазярдың шәкірттері күтпеген жерден шымкенттік футболшыларды 4:1 есебімен жеңіп кетті.

«Ойынның алдында «Ақжайық» командасымен облыс әкімі кездесіп, ұжымға сенетіндігін білдірген болатын. Бұл бізге күш-жігер қосты. Алдағы уақытта да осындай қолдау болатынына сенеміз. Ақсайда біз Оралдағыдай сезіндік. Футболшылар тәртіппен, беріле ойнады. Эсеоланың гол соққаны да қуантты. Дегенмен бізде жарақат алғандар баршылық, олар тезірек қатарға қосылса дейміз. Алаңда төрт-ақ легионер болды, жергілікті ойыншыларға үміт артудамыз. Мұндай жеңістен кейін олар өз шеберліктерін үстей түсетін болады», деді кездесуден кейінгі баспасөз мәслихатында В. Мазяр.

Республиканский интернет-портал Sports.kz республикалық интернет-порталы жариялаған бесінші турдың үздіктері қатарына «Ақжайықтан» орталық қорғаушы Сергей Басов, шабуылшы Эсеола енді. Владимир Мазяр үздік жаттықтырушы атанды. «Ертіспен» өткен бәсекеден кейін үшінші тур құрамасына орталық қорғаушы, команда капитаны Мейрам Сапанов пен жартылай қорғаушы И. Антипов кірген болатын. Бұл оралдық футболшылардың мықтылардың қатарынан орын ала бастағанын көрсетеді.

Айта кетейік, оралдықтар келесі ойынын 22 сәуір күні сырт алаңда Қостанайдың «Тобылымен» өткізеді. Осы турда Шымкентте алаң иелері есебіндегі «Ақтөбені» 1:0 есебімен тізе бүктірген қостанайлықтар турнир кестесінде 12 ұпаймен екінші орынға көтерілді. Қоржынында дәл сондай ұпайы бар «Ордабасы» үшінші сатыға ығысса, «Қайратпен» тең ойнаған астаналықтар 13 ұпаймен көш бастап келеді. Алматылықтар 11 ұпаймен төртінші сатыда тұр.

Яғни бұл – көш бастаушы командалар арасында бәсеке қыза түседі деген сөз. Ең соңғы орындағы «Атыраумен» тең ойнаған Қарағандының «Шахтері» (8 ұпай)  бесінші орынға орнықса, «Ақжайық» 7 ұпаймен үздік алтылықты түйіндеп тұр.

22 сәуір күні сондай-ақ «Қызылжар» — «Атырау», «Шахтер» — «Ақтөбе», «Ордабасы» — «Астана», «Қайрат» — «Қайсар», «Жетісу» — «Ертіс» ойындары өтеді. Орталық матчтың Шымкентте болатыны анық. «Ақжайықтан» оңбай ұтылған «Ордабасы» өз алаңында жерге қарамау үшін астаналықтармен кездесуде барын салатыны түсінікті.

Ғайса   БӘЙМЕН


Машина-тракторлық парк үш пайызға жаңарған

Күні: , 92 рет оқылды

Өңірлік  коммуникациялар  қызметі  алаңында  өткен  кезекті  брифинг  облыстағы  көктемгі  далалық  жұмыстарға  дайындық барысына  арналды.  Басқосуға облыстық  ауыл  шаруашылығы басқармасы  басшысының  орынбасары Сатқан  Өмірзақов, «Аграрлық  несие  корпорациясы»  АҚ  БҚО  филиалының  директоры  Ерлан  Нысанғалиев  және  «Ауыл  шаруашылығын  қаржылай қолдау  қоры»  БҚО  филиалының  бөлім  басшысы  Азамат  Ахметов  қатысты.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сатқан Өмірзақов көктемгі далалық жұмыстарды уақтылы және сапалы жүргізу мақсатында тиісті шаралар қабылданып, жұмыстар атқарылып жатқанын айтты. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының алқабы 513,5 мың гектарға жоспарланған. Жоспарға сәйкес барлық дәнді дақылдың алқабы 259,0 мың гектарды құрайды. Көктемгі егістік жұмыстарына 630-ға жуық шаруашылық құрылымы қатысады деген жоспар бар. Облыста дәнді дақылдар егумен 460, картоп өсірумен 105, майлы дәнді дақылдар егумен 64 және бау-бақша өнімдерін өсірумен 67 шаруашылық айналысады. Биыл 71,0 мың гектар жерге күздік дақылдар егілген. Егістік жұмыстарын сәуірдің үшінші онкүндігінде  бастау  жоспарланып  отыр.

– Аграрлық несие корпорациясы облысымыздағы қызметін бастағалы агроөнеркәсіп саласына 20 млрд.  теңгеден астам қаржы салған. Филиалдың кредиттік портфелі бүгінде 12 млрд. теңгені құрайды. Жыл сайын көктемгі егістік жұмыстарына бағытталған несие ресурстары мемлекеттік бағдарламалар және корпорацияның өз қаражаты есебінен бөлініп отырады. Өткен жылы осы мақсатқа 34 ауыл шаруашылығы тауар өндірушіге  612 млн. теңге көлемінде несие берілген еді. Ол толық өтелді. Биылғы көктемгі далалық жұмыстарына «Кең дала» бағдарламасы бойынша 547 млн. теңге көлемінде несие беру жоспарланған болатын. Соған орай бүгінде 17  шаруашылық құрылымынан 474 млн. теңгеге өтініш түсті. Қазіргі таңда 10 шаруашылыққа 265 млн. теңге берілді, – деді «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыстық филиалының директоры Ерлан Нысанғалиев. Сонымен қатар Ерлан Беркінұлы айтып өткендей, егін егу жұмыстарына «Агробизнес» бағдарламасы бойынша 28 шаруашылықтан 460 млн. теңгеге өтінімдер түсіп отыр. Бүгінде ол қаражаттың 232 млн. теңгесі  шаруаларға  берілген.

– Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының облыстық филиалы арқылы алынатын несие көлемі жылдан-жылға артып келеді. Егер де 2016 жылы 1 млрд. теңге несие берілген болса, өткен жылғы несие 3,8 млрд. теңгені құрады. «Егінжай» бағдарламасы арқылы несие 6 млн. теңгеге дейін үш жыл мерзімге алты пайыздық сыйақымен беріледі, – деді филиалдың бөлім басшысы Азамат Ахметов.

Брифингте ауыл шаруашылығы техникаларының паркін жаңарту жұмыстары жөнінде айтылды. Сатқан Ержанұлының сөзіне сүйенсек, мемлекеттік қолдаулар және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қаржылық лизинг арқылы облыс бойынша соңғы үш жылда 4 млрд. 60 млн. теңгенің  935 арнайы техникасын сатып алған. Олардың қатарында 426 трактор, 14 дәнді дақылдар жинайтын комбайн, 73 шөп шабатын және тағы басқа техникалар бар. Соңғы үш жылдағы ауыл шаруашылығы саласындағы машина-тракторлық парктің жаңаруы үш пайызды  құрап  отыр.  Қазір елімізде алқаптарды электрондық форматқа көшіру жұмыстары жүргізілуде. Сатқан Ержанұлының айтуынша, бұл жұмыстар ағымдағы жылдың 1 шілдесіне дейін аяқталуы тиіс. Алқаптарды электронды форматқа көшіру арқылы ауыл шаруашылығы жұмыстарына бөлінетін дизель отынын әділетті бөлу тетіктері айқындалады. Сондай-ақ шаруалар портал арқылы оператормен дизель отынын on-line  саудалай  алады.

Ясипа  РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»


Қыркүйекте барлық мектеп электронды күнделікке көшеді

Күні: , 48 рет оқылды

Жуырда  облыстық  білім  басқармасының  алқа  отырысы  өтіп, аталған  салаға  байланысты  бірқатар мәселе  талқыланды.  Облыс әкімінің  орынбасары  Ғабидолла  Оспанқұлов  төрағалық  еткен алқалы  кеңеске  аудан  әкімдерінің  орынбасарлары,  аудандық, қалалық  білім  беру  бөлімдерінің  басшылары  қатысты.

Жиында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының БҚО бойынша департаментінің басқарма басшысы Арнұр Аxанов сыбайлас жемқорлықтың білім саласында айналып өтпегенін айтты.

– 2016 жылдың басынан бүгінге дейін департаментте білім саласында орын алған 17 жемқорлық әрекеті тіркелді. Нәтижесінде 15 азаматтың үстінен іс қозғалып, оның алтауы бас бостандығынан айырылды. Мысалы дарынды балаларға арналған мамандандырылған С. Сейфуллин атындағы №11 облыстық қазақ мектеп-интернат кешенінде есепші қызметін атқарған Оразбаева мен Әлімова жеке шоттарына заңсыз ақша аударып, 74 млн. теңге жымқырғаны үшін 3,5 жылға абақтыға қамалды. Сонымен қатар №45 орта мектептің бұрынғы директоры Даумоваға тұрмыстық жағдайы төмен отбасы балаларының тамақтануына қатысты жалған құжаттарға қол қойып, пара алғаны үшін 3,6 млн. теңге көлемінде айыппұл салынды. Білім саласы мемлекет тарапынан үлкен қолдау тауып отыр. Өткен жылдың өзінде аталған салаға  65,5 млрд. теңге бөлінді. Қаржының тиісті жерге жұмсалуын қадағалап, екіжақты бірігіп жұмыс істеуіміз керек, – деді Арнұр Қуанышұлы.

Облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында өңірдегі білім саласын ақпараттандыру жұмыстарына тоқталды.

– Оқыту барысында цифрлық жүйені тиімді қолдану үшін облысымыздағы 380 мектеп «Bilimland» білім беру порталына қосылды.

Ал «Күнделік» электронды журналы әзірге 143 мектепте қолданылуда. Қыркүйек айына дейін қаладағы және аудан орталықтарындағы мектептер түгел қосылуы тиіс. Мектеп кабинеттеріндегі 14 073 компьютердің әбден ескірген 7718-і ауыстырылуы қажет. Ал 220 720,0 млн. теңгеге  компьютер, экран, проектор секілді мультимедиялық жабдықтар сатып алынады. Сондай-ақ биыл 567 Bilimbook трансформер-компьютері қолданысқа берілмек. Барлық мектепке кең жолақты ғаламтор енгізу үшін  145 258 мың теңге қарастырылды. Сондай-ақ өзге де бірқатар жаңа жобалар іске асырылмақшы, – деді Шолпан Маратқызы.

Кеңес барысында «Білім мен ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» жүзеге асырылуы туралы өзге де баяндамалар тыңдалды. Сонымен қатар күн тәртібінде оқушыларды тамақтандыру және жетім немесе ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жұмыстары  зерделенді. Жиынды қорытындылаған Ғабидолла Абдоллаұлы алқа отырысында көтерілген мәселелер бойынша аудан басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

Айым  ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал  өңірі»


Биыл Орал шаһарында 10 мың тал-терек егілмек

Күні: , 25 рет оқылды

Жарияланған  тазалық  айлығы  сенбі  күні  Зашаған  кентіндегі «Арман» спорт  кешені  аумағынан  бастау алды. Сенбілік  барысында облыс  пен  қала  әкімдігі  аппараты, мекеме-кәсіпорындар қызметкерлері,  студент  жастардың  қатысуымен  аталған  шағынауданның  аумағы  тазартылып, 120  шырша  егілді.

Терек егу жұмысына облыс әкімі Алтай Көлгінов, қала әкімі Мұрат Мұқаев қатысып, алғашқы шырша көшет-терін өз қолдарымен екті.

Сенбілікке белсене қатысқан жұртшылықпен бірге білек сыбана еңбек еткен облыс басшысы тұрғындарды отырғызылған көшеттерге қамқорлықпен қарауға шақырып, бұл да жас ұрпақ, өсіп келе жатқан балалар үшін тәрбие болып  табылатынын  атап  өтті.

Орал қаласы әкімінің орынбасары Алтынбек Қайсағалиевтің айтуынша, жалпы айлық барысында қала бойынша әкімдік тарапынан 2000, кәсіпорындар мен тұрғындардың атсалысуымен 8000 терек отырғызылады деп күтілуде.

– Орал қаласы еліміз бойынша ең таза әрі жасыл желекке бөленген шаһарлардың қатарына жатады. Сол атаққа сай болуы үшін әр көктем сайын сенбіліктер ұйымдастырып, бірнеше мыңдаған тал-терек егеміз. Бүгінгі сенбілікке мекеме-кәсіпорындардан, оқу орындарынан 10 мыңға жуық адамдар мен жүзден астам техника қатысуда. Осындай сенбіліктер әр апта сайын өткізілетін болады. Сондай-ақ мамыр айында өзендердегі су деңгейі төмендеген соң өзен жағалауларын тазарту жұмыстары жүргізілмек. Шаһардың әр тұрғыны тазалық айлығына немқұрайлы қарамай, өз үлестерін қосады деген сенімдеміз, – деді қала әкімі Мұрат Мұқаев.

Одан кейін тазалық жұмыстары «Жұлдыз» шағынауданындағы 5-автобус маршруттың соңғы аялдамасында және «Құрылысшы» шағынауданындағы 34-үй аумағында  жалғасын  тапты.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»

Манарбек ХАЙРУШЕВ, Зашаған кентінің ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Бір кездегі ен дала бүгінде әсем шағынауданға айналды. Соңғы жылдары Зашаған кентінен ондаған көпқабатты үй, мектеп пен балабақша, аурухана, спорт кешені мен алаңдар бой көтерді. Қала маңындағы ша-ғынаудандардың ішіндегі ең әдемі, ең таза аудан болғанын қалаймыз. Сондықтан бүгінгі сенбілікке атсалысып, өз қолымызбен ағаш көшеттерін отырғыздық. Енді осы тал-теректер дұрыс бапталып, осы аймақты жасыл желекке айналдырса екен дейміз.

Берман ИСАЕВ, БҚАТУ-дың 3-курс студенті:

– Сүйікті қаламызды тазалау, абаттандыру жұмыстарына қуана атсалысудамыз. Шаһарды таза ұстап, тал-терек егу, сол арқылы әрдайым жасыл қала атандыру біздің, яғни жас ұрпақтың міндеті. Бүгінгі терек көшеттерін отырғызуға 50-ден астам студент жастар қатысуда. Өз қолыммен он шақты шарша ектім.


«Құрманғазы домбырасы музей сахнасында»

Күні: , 30 рет оқылды

Жуырда  Алматы  қаласындағы  Ықылас  атындағы  халық музыкалық  аспаптар  музейінде  Елбасымыздың  «Рухани  жаңғыру:  болашаққа  бағдар»  бағдарламасын  жүзеге  асырудың іс-шаралары  тізіміне  алынған  «Құрманғазы  домбырасы  музей сахнасында»  атты  шара  мен  күй  кеші  өтті.

Қазақтың ұлы күйші-композиторы Құрманғазы Сағырбайұлының туып-өскен жері Бөкей хандығы, қазіргі Жаңақала ауданына қарасты Жиделі мекені. Топырақ бұйырған орны – Астрахань (Ресей) облысының бұрынғы «Шайтани батага», қазіргі «Құрманғазы төбе» деп аталатын жер. Шыққан тегі – Кіші жүз, он екі ата Байұлынан өрбіген Сұлтансиықтың Қызылқұрт руынан екен. Құрманғазы он алты жасынан бастап туған ауылынан кетіп, күй тартып, ел аралаған, үнемі ат үстінде жүріп, әйгілі күйшілермен кездесіп, өз өнерін одан әрі жетілдіре түскені мәлім. Осындай күндердің бірінде күй тартуын ұнатқан Ұзақ күйші оған домбыра тарту өнерінен біршама сабақ береді. Құрманғазы өзіне бата берген ұстазы Ұзақ бабамен бірнеше рет кездескен. Онымен бірге ауылдарды аралап, көптеген күй тартыстарға қатыса жүріп, елге атағы шыққан. Сонымен қатар Құрманғазы Сахараның дәулескер күйшісі Соқыр Есжанның алдын көріп, Дәулеткерей сияқты жайсаң күйшімен сырлас болып, Шеркеш, Байжұма, Баламайсаң сияқты күйшілердің өнерінен өнеге алған. Құрманғазының ғұмыр кешкен уақыты Ресей жүргізген отаршыл саясаттың ең бір қарқын алған, әбден құныққан, шектен шыға басынған кезі болатын. Замана зобалаңы Құрманғазыны да от-жалынымен шарпып бағады. Оның «Түрмеден қашқан», «Кісен ашқан», «Ертең кетем», «Бозқаңғыр», «Пәбескі», «Терезеден-есіктен», «Бозшолақ», «Бұқтым-бұқтым», «Не кричи, не шуми», «Арба соққан», «Аман бол, шешем, аман бол!», «Қайран шешем» деген күйлері замана басқа салған зобалаңның бір-бір бекеті сияқты. Ол қатал тағдырдың кез келген талқысына өнерімен жауап берді.

Айтулы шарада Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің домбырашылар құрамы, сондай-ақ жеке орындауда Рахат Сәрсенов, Әсел Әлина, Батыржан Мықтыбаев және Батыс Қазақстан облысынан арнайы барған домбыра жасаушы шебер, күйші Едіге Нәбиев өнер көрсетті.

Күй кеші соңынан оралдық шебер, күйші Едіге Нәбиев жасаған Құрманғазы қолының табы тиген домбыраның көшірмесі ресми түрде Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейіне қабылданды. Аталмыш домбыраның түпнұсқасы РФ Астрахань облысының Володар ауданындағы Алтынжар деген жердегі Құрманғазы музейінде сақтаулы. Өйткені Құрманғазы күйші өмірінің соңғы күндерін осы жерде өткізіп, 1896 жылы дүние салған. Бүгінде күйші басына кесене тұрғызылып, музей ашылған. 1980 жылы Астрахань облысының Корни ауылының тұрғыны Құрманғазының қолы тиген домбыраны күй атасы атындағы музейге сыйға тартқан. Бұл домбырамен Құрманғазы өзімен рулас, Қызылқұрт руының тумасы Ыбыр Досалиевті күй тартуға үйретіпті. Музейге табысталған домбыра түпнұсқадан аумайды. Шебер барлық өлшемін дәл келтіріп жасаған көшірменің тағы біреуі бүгінде облыстық тарихи-өлкетану музейінің экспозициясында тұр.

Сонымен қатар музей залында «Күй атасы Құрманғазы» атты көрме өтті. Көрмеге Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі және облыстық тарихи-өлкетану музейлерінен әкелінген жәдігерлер қойылды. Құрманғазының шәкірті, суырыпсалма сазгер-күйші Дина Нұрпейісованың облысымыздың музей қорында сақталған қамзолын 1980 жылы Динаның жиені, Бақтылы есімді қызының ұлы Ниетқали Өтегеновке табыс еткенін атап кеткен жөн.

Кештің құрметті қонақтары қатарында Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Смағұл Елубай, жазушы, қазақы дәстүрлерді насихаттаушы Зейнеп Ахметова, мәдениет саласының өзге де өкілдері болды.

Мирболат  ЕРСАЕВ,

облыстық тарихи-өлкетану  музейінің директоры


Қаладағы жол құрылысы қатаң бақылауда

Күні: , 23 рет оқылды

Жуырда  Орал қаласының әкімі  Мұрат  Мұқаев   жол құрылысы  саласындағы  мердігер  компаниялардың  басшыларымен  кездесті.

Бұл шаһар басшысының мердігерлермен жол жөндеу жұмыстарына дайындықты пысықтау және өзге де мәселелер бойынша екінші мәрте жүздесуі болатын. «Құрылыс, соның ішінде жол құрылысы, аулаларды абаттандыру, балалар және спорттық алаңдар құрылысы ерекше бақылауда тұр. Мемлекет тарапынан бұл жұмыстарға қомақты қаржы бөлінуде. Мердігерлерді анықтайтын конкурстық үрдістерді өткен жылдың аяғында әдеттегіден ертерек өткіздік. Мердігер компаниялар құрылысқа қажетті материалдар сатып алсын, техниканы дайындасын дедік. Көптеген құрылыс нысаны бойынша жеңімпаздар анықталды. Сондықтан құрылыс жұмыстарын ауа райының қолайлы уақытында жүргізуіміз керек. Алдағы аптада жол құрылысы жұмыстары басталады», – деді Мұрат Мұқаев. Оның айтуынша, жол құрылысы жұмыстарына барлық қаржыландыру көзінен 7 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінген. Сондықтан жолшылардың басты міндеті – өткен жылы және биыл басталып, жалғасатын құрылыс жұмыстарын күзге дейін сапалы әрі уақытында  орындау.

Басқосуда сөз алған қалалық  жолаушы көлігі және аутокөлік жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Мұхамбетқалиев мердігерлердің құрылыс жұмыстарына дайындығы жаман еместігін, техниканың дайындалғанын, құрылыс материалдарының сатып алынғандығын және құрылыс жұмыстарын бастауға әзір екендіктерін баяндады. Қаладағы 69 көше жолдарының шұңқырлары жөнделеді. Жөндеу жұмыстары Шолохов, Сырым Датов көшелері, Әбілқайыр хан даңғылы жолдарынан басталып әрі қарай кестеге  сай  жүргізілмек.

Қала әкімі құрылыс нысандары паспорттарының талапқа сай болуын, онда жұмыс ауқымының, мердігердің дерегінің, телефон нөмірлерінің, өздерінің және қала әкімдігінің электронды мекенжайларының, инстаграмдағы қала әкімдігінің екі аккаунты көрсетілуін талап етті.

– Қала әкімдігінің инстаграмдағы аккаунтын 47 мыңнан астам қала тұрғыны қолданады. Бүгінде олардың тарапынан 700-ге жуық ұсыныс-шағым түсті. Сондықтан мердігерлердің шала-шарпы жасаған жұмыстары қырағы көз тұрғындардың назарында болады. Қала тұрғындарына құрылыс жұмыстарына қатысты сын-ескертпелерді қала әкімдігінің электронды поштасына жолдауды сұраймыз. «Халықтық бақылау» деп аталатын кері байланысты тиімді пайдаланамыз, – деді қала әкімі.

Қалада жылу маусымы аяқталысымен, ТМ-2, ТМ-7 жылу магистралін жөндеу жұмыстары басталады. Одан кейін тағы да екі жылу магистралі жөнделмек. Биыл төрт жылу магистралін қайта құру арқылы басты жылу магистральдарын жаңалау жұмыстары толықтай аяқталмақ. Бұл жұмыстарға облыстық әкімдіктің қолдауымен республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөлінген. Енді ол уақтылы игерілуі тиіс.

Жиында 2017 жылы жөндеуден өткен жолдардың сапасына зерттеу жұмыстары жүргізілгені және оның барысында бірқатар кемшіліктер анықталғаны айтылды.  Мысалға, Линейная, Автомобилистер, Жәңгір хан, Әзірбайжан, Советская, Набережная көшелері жолдарындағы жол жабынының шытынап жарылуы, жол жиегінің дұрыс салынбауы, жиектастардың бұзылуы сықылды олқылықтар орын алған. Қала басшысы мердігерлерге анықталған кемшіліктерді жоюды, жол сапасына 7 жылға кепілдік берілетінін, сондықтан қолға алған істі  бірден  сапалы жасауды тапсырды.

Биыл Оралда 494 238 245 теңге қаржыға 29 ауланы абаттандыру көзделген. Барлық аула бойынша мердігерлер анықталуы тиіс.

Мысалға, «Ануш Құрылыс» ЖШС компаниясы 13 ауланы жайландырыпты. Қала басшысының айтуынша, алдағы 2-3 жылда шаһардағы барлық ауланы абаттандыру жұмыстарын аяқтау жоспарланған. Алдағы аптада аулаларды абаттандыру жұмыстары  басталады.

– Жөндеу жұмыстары басталғанда қала тұрғындарына қолайсыздау болатынын ескертеміз. Былтыр Жәңгір хан, Гагарин көшелеріндегі, Әбілқайыр хан даңғылындағы жылу магистральдары жөнделгенде, көше жолдары жабылғанын білесіздер. Жоба бойынша құрылыс жұмыстары 2-3 айға созылады. Осындай мерзімде жұмыс сапалы жасалуы керек.

Жазда «Депо» көпірі жөнделіп, іске қосылады. Онда төрт жолақты жол қозғалысы болады, яғни көліктер ағыны бұрынғыдан екі есеге ұлғаяды. Бұл көпір іске қосылысымен, «Омега» ауданындағы елу жыл пайдаланылған көпірді жауып, толықтай бұзып, оның орнына жаңа көпір саламыз, – деген Мұрат Мұқаев көпірдің жабылуына байланысты көліктердің, соның ішінде қоғамдық көліктердің қозғалысын реттеуді, маршруттардың қалай өзгеретіні тұрғындарға ертерек жеткізу қажеттігін тиісті бөлім басшыларына тапсырды.

Жиынды қорытындылаған қала әкімі құрылыс жұмыстарына қаржы бөлінгенін, облыс басшысының тапсырмасы бойынша қала әкімдігі тарапынан құрылыс жұмыстарына бақылаудың қатаң болатынын тағы да еске салды.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»


Өзен-көлдерді қорғауға көп болып қолдау көрсетейік!

Күні: , 430 рет оқылды

«Орал өңірі» газетінің биылғы 31 наурыздағы  №35 санында  жарияланған  жаңақалалық  журналист  Өмірзақ Ақбасовтың «Сары  алтындай  сазандар қайда  кетті?»  мақаласы қолыма  еріксіз  қалам  алдырды. Автор жаңақалалықтардың,  әсіресе,  «елім», «туған жерім» деп ауылының  ертеңіне  алаңдайтын  жандардың  ойын  дөп басқан.

Бір кезде сары сазандарымен аты шыққан Жаңақала ауданында балықтың айтарлықтай азайып бара жатқаны шындық. Балық түгілі, көптеген өзен-көл құрғап, топырақтың тұзы бетіне көтеріліп, жерасты суы қашып, ауданның экологиялық жағдайы жыл өткен сайын нашарлап барады. Балығының молдығынан аты шыққан Қамыс-Самар көлдері, Райымбек, Қаңбақты, Қазбай, Салтанат көлдері қазір ақ тақыр. Алдымен осы құрғаған көлдерге су түсіру мәселесі шешілсе дейміз.

Екіншіден, балық қорғау шаралары мықтап қолға алынуы қажет. Жақында ауылға бардым. Қырқопа ауылына бұрылғанда, судың жағымсыз иісі дем алдырмайды. Сол суды ел ішіп отыр ғой. Су неге сасиды? Оның бір себебі, өзендердегі шаянды ақшаға құныққандар аулап бітірді. Шаян – өзен-көлдердің санитары. Балдырды, өлген балықты жеп, тазартып отырады. Шаян қалмағасын, су сасымай неғылсын?!

Айтқандай, жергілікті адамдардың аулаған шаяндарын қымбат бағаға алатын ресейліктер сол шаянды өздеріндегі үлкен су қоймаларына жібереді дейді, рас болса…

Өткен күзде Қараөзен бойымен жүріп өттім. Мұз қатқан кез еді. Өзен бойы шаян аулаушыларға толы. Өзенді жалға алғандар қайда қарап жүр, білмедім. Сондықтан, шаян аулауға қатаң тыйым қойылса дейміз.

Былтыр жазда туған ауылыма барып, өзенге қармақ салғаным бар. Бір сағатта қармағымды шабақ та қаппады. Бала күнімізде осы жерден білектей сазаншаларды қармақпен талай ұстап едік.  Бұл балықтың тым азайғанын көрсетеді.

Қыста барғанымда, мұз үстіне тастаған мал өлексесін көріп: «Мыналарың не?» десем, жігіттер: «Бәленше ғой, өлген қойларын қамыс арасына тастап, түлкі атады» дейді. Сол өлексе мұз ерігенде суға кетті ғой. Бұл не масқара? Қоршаған ортаны өзіміз қорғамағанда кім қорғайды? Ата-бабадан мирас болған табиғи ортаны бүлдіруге кімнің қандай құқы бар? Ертеңгі ұрпақ мұны кешіре ме?

Қадірлі ағайын, журналист өзекті мәселені орынды көтеріп отыр. Көп болып қолдау білдірейік. Өзен-көлдерге су түсіруге, кәсіби тұрғыда заңсыз шаян, балық аулауға тыйым салуға халық болып ықпал етейік. Сонда ғана жерімізді экологиялық апаттан қорғап, ертеңгі ұрпаққа аманат ететін боламыз.

Темірғали  НҰРМҰҚАЕВ,

кәсіпкер,  Жаңақала ауданының  құрметті азаматы,

Қазақстан  Республикасының құрметті  құрылысшысы


70 жыл «шайтанарбамен»

Күні: , 37 рет оқылды

«Жеңіл аутокөлікпен зымырап келе жатқанымызда, қарама-қарсы бағытта кәдімгі велосипедті тізгіндеген қарияға назарымыздың еріксіз ауғаны. Жымпитыдағы кең көшенің жиегімен бойын тік ұстаған қалыпта «шайтанарбасын» зырылдатып барады. Жанымдағы ауыл азаматтарының бірі «Өзіміздің Опекең ғой, күндегі әдеті» дегені. Үлкен кісімен бірер ауыз тілдессек деген оймен, көлікті кері бұрғызуға тура келгені. Велосипед мінген қария қарасын да көрсетпей кетіп қалыпты. Ауыл шетіндегі үйіне бардық. Әлгіндегі қария ауласындағы қазан-ошақты тұтатып отыр.

Бізді көрісімен, шаруасын қоя сала «шәйіңді демде» дегендей бәйбішесіне ишарат жасағаны. Жүрісі ширақ, сөзі де нақты. Асығыстау екенімізді айтып, әрең көндіргендейміз. Қариямен аз-кем дидарластық. Опағали Кенбаев бүгінде 77 жасқа иек артқан жан. Кеңестік дәуірде колхоз малын бағып, трактор тізгіндеген. Ширек ғасыр қой малын баққан еңбекқор жан ауылдастары арасында да құрметті. Зайыбымен жеті ұл-қыз тәрбиелеп өсірген қария   велосипедті күнделікті пайдалануды жеті жасынан бастаған екен. 70 жылға жуық уақыт велосипед тізгіндеу екінің-бірі пешенесіне жазылмаса керек.  «Достығыңыздың 70 жылдығы құтты болсын, аға!» дедік қоштасар сәтте үлкен кісіге әзілдеген болып.

Сәндібек   Жомарт,

Сырым    ауданы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика