Мұрағат: 13.04.2018


Қазақ өркениетінің жаңа дәуірі

Күні: , 27 рет оқылды

12-13 сәуір  күндері «ҚазИИТУ»  ғылыми-білім  кешенінде  облыс  әкімдігі  мен  аталмыш  университет  басшылығының  ұйымдастыруымен  Елбасының «Болашаққа  бағдар:  рухани  жаңғыру»  бағдарламалық  мақаласы, «Төртінші  өнеркәсіптік  революция  жағдайындағы  дамудың  жаңа  мүмкіндіктері»  атты  Жолдауы  және  «Президенттің  бес  әлеуметтік  бастамасын»  іске  асыру  аясында  «Андас»  оқу  орталығына  25 жыл, ҚР  ғылыми  қызметкерлері және ғарышкерлер  күндеріне  арналған  «Еуразия өзен  аралығы: білімнің  салтанат  құруы,  прагматизм  және  бәсекеге  қабілеттілік» атты  VIII  халықаралық  ғылыми-тәжірибелік  конференция  өтті.

Екі күнге созылған конференцияның басты мақсаты – ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының негізгі бағыттарын жүзеге асыру, қоғамдық сананы жаңғырту және инновациялық технологияларды экономикаға кеңінен енгізу  мәселелерін  талқылау.

Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында өткен конференцияның ашылу салтанатына ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының өкілдері, Қазақстан мен Ресейдің жоғары оқу орындарының ректорлары, шетелдік ғалымдар, өңірдегі өнеркәсіп кәсіпорындарының  басшылары  қатысты.

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыста өткен жылы 250 мыңнан астам адамды қамтыған 150-ге жуық шара өткізілсе, ағымдағы жылы 414 шара өткізу жоспарланып отыр. Ұлттық дәстүрді сақтау, қайта жаңғырту бойынша кешенді жұмыстар атқарылып келеді. Ұлтымыздың ұлы мұрасы домбыра үнін жастардың бойына сіңіру мақсатында облыстың барлық мектебінде үзіліс кезінде күйші-композиторлардың шығармаларын ойнатуды қолға алдық. Мектептер жанынан өлкетану музейлері ашылуда. Оған қоса тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында елімізде алғашқы болып «Рухани жаңғыру» музейі ашылғаны белгілі. Бүгінгі күні он мыңға жуық адам келген. Оның ішінде алыс-жақын шетел мемлекеттерінің азаматтары да бар. Облыстан «Қасиетті орындар тізіміне» жеті ірі нысанның енгені де баршаңызға мәлім. Соның ішінде Бөкей ордасы  тарихи-мұражай кешеніне елімізден және алыс-жақын шетелдерден келетін туристердің қызығушылығы айрықша. Тізімге енген  ортағасырлық Жайық қалашығы да жұртшылықтың назарында. Көне шаһардың орнын аспан асты тарихи-мәдени табиғи ландшафтық мұражай-қорыққа айналдыруды жоспарлап отырмыз. Былтыр Сырым ауданында Алаш қозғалысының 100 жылдығы қарсаңында Алашорда музейіне күрделі жөндеу жүргізіліп, экспозициялар жаңартылды. Осындай қарқынмен облысымызда бағдарламаны жүзеге асыру бойынша жұмыстар мақсатты түрде жалғасуда. Қазіргі жаһандану дәуірінде алпауыт мемлекеттердің мәдениеті кішігірім басқа мемлекеттердің мәдениетін жойып кетуде. Сондықтан біз өзіміздің ұлттық кодымызды сақтауымыз керек. Ұлттық мұрамыз – ата-бабамыздан қалған салт-дәстүрімізді келесі ұрпаққа аманат етіп жеткізу – біздің парызымыз, – деді шарада  сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов.

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының жарық көргеніне бір жыл толғанын атап өткен ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының әлеуметтік-экономикалық зерттеулер бөлімінің басшысы, әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА мүше-корреспонденті Ләззат Нұрқатова бағдарламаның еліміздің барлық саласына жаңаша леп, соны ізденіс әкелгендігіне және қазақ өркениетінің даму үрдісіне ауқымды үлес қосып отырғанына айрықша  тоқталды.

– ҚСЗИ сарапшылары жүргізген сараптамалық талдаулар мен ивент-талдауларының нәтижесі көрсеткендей, Қазақстан халқы  «Рухани жаңғыру» бағдарламасының басым бағыттарымен жақсы таныс және оларды жүзеге асыруға белсенді атсалысуда. Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне ауыстыру, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық», «Туған жер», «Қазақстанның қасиетті жерлері», «Қазақстанның 100 жаңа  есімі» жобалары жұртшылықтың үлкен қолдауына ие. Елбасының қоғамдық сананы жаңғыртуға қатысты ұсынған жобаларының маңыздылығын қазақстандықтар жақсы түсінеді, – дейді  Ләззат  Төлегенқызы.

Басқосуда сөз алған М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті мен Хьюстон университетінің профессоры, ресейлік ғалым Юрий Афониннің пайымдауынша, ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасындағы маңызды бағыттар екі ел әріптестігін одан әрі тереңдетуге үлкен мүмкіндік ашады.

ҚР Ұлттық инженерлік академиясының облыстық филиалының төрағасы, «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің президенті Ақсерік Әйтімов елімізде Үкімет ұсынып отырған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына сәйкес алдыңғы қатарлы өндірістік бағыттарға ақпараттық технологияларды енгізу арқылы өнімді арттыру жолдары көзделіп отырғанына тоқталып, осы орайда Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялар жүйесі университеті цифрлы экономикамен тығыз байланыста жаңа бизнес модельдерін табысты енгізіп, лайықты бәсекеге түсе алатын білікті мамандар даярлауды басты назарда ұстайтынын атап өтті.

Конференция барысында Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялар жүйесі университетінің ректоры Әліби Баяхов пен Поволжье телекоммуникациялық және ақпараттық мемлекеттік университетінің өкілі  Ильдар Хасаншин әріптестік туралы  меморандумға  қол қойды.

– Бүгінгі таңда ҚазИИТУ ғылыми-білім кешені 37 жоғары оқу орнымен әріптестік байланыс орнатқан. Поволжье телекоммуникациялық және ақпараттық мемлекеттік университетімен бірге бәсекеге қабілетті маман даярлаумен қоса, жасанды интеллект, экономика саласындағы информатика, ІТ технология салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыруды көздеп отырмыз. Бағдарламалық мақаладан туындайтын негізгі қағидаттар: бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, сананың ашықтығы, білімнің салтанат құруы сияқты үлкен мәселелерді жан-жақты талқылап, өз бағаларын берді. Ресей елінің онға жуық жоғары оқу орнының белгілі оқытушы-ғалымдары, магистранттары мен студенттері қатысуда, – дейді Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялар жүйесі университетінің ректоры Әліби Баяхов.

– Қос университеттің ғылыми мектептерін интеграциялау арқылы жерді қашықтықтан зондтау, метоматериалдар, кездейсоқ антенналар сынды серпінді бағыттар бойынша ортақ ғылыми жобаларды қолға алмақпыз. Әріптестік аясында цифрлық қоғамды қалыптастыру және дамыту мәселелеріне баса мән бермекпіз. Өйткені Қазақстанда ақпараттық қоғам қалыптастыру бағытында қыруар іс атқарылды. Қазақ өркениетінің жаңа дәуіріндегі істер өзге де мемлекеттерге үлгі болары сөзсіз, – дейді Поволжье телекоммуникациялық және ақпараттық мемлекеттік университетінің сандық экономика кафедрасы меңгерушісінің міндетін атқарушы  Ильдар Хасаншин.

Секциялық отырыстарда түрлі тақырыптар бойынша барлығы 120-ға жуық баяндама тыңдалып, талқыланды.

Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»


Алғашқы зияткерлік транш

Күні: , 35 рет оқылды

Нұрсұлтан  Назарбаев  «Жаңа  гуманитарлық  білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында шығарылған кітаптарды таныстыру рәсіміне қатысты.

Іс-шарада Мемлекет басшысына рухани жаңғыру бағдарламасын іске асыру аясында аударылып, басып шығарылған 18 оқулық таныстырылды.

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақала қазақстандықтар тарапынан кең қолдауға ие болғанын айтып, оның жекелеген бағыттары бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижелеріне тоқталды.

– Барлық өңір «Туған жер», «Киелі жерлердің географиясы» және «100 жаңа есім» жобаларына атсалысып жатыр. Бір жыл ішінде меценаттар қаражаты есебінен әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға ондаған миллиард теңге бөлінді. 700-ден астам мәдениет ескерткіштері жөнделіп, қайта қалпына келтірілді. Жүздеген ғылыми экспедициялар ұйымдастырылды, – деді Қазақстан Республикасының Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілінің жаңа әліпбиін талқылау үдерісі біртұтас қоғамымыздың кемелденгенін танытатын тарихи қадамға айналғанын атап өтті. Мемлекет басшысы рухани жаңғыру аясындағы жұмыстардың маңыздылығына тоқталып, «100 жаңа оқулық» жобасының жас ұрпаққа білім беру ісіндегі рөлі зор екенін айтты.

– Жастарымыз жоғары ғылыми стандарттарға сәйкес білім алуға тиіс. Сондықтан біз 800 кітаптан тұратын үздік оқулықтардың ауқымды тізімін әзірледік. Ұлттық аударма бюросы құрылып, жұмысына кірісті. Біз бүгін алғашқы 18 кітаптың таныстырылымына жиналып отырмыз, – деді Елбасы. Қазақстан Республикасының Президенті бұл шараның бүкіл әлеуметтік-гуманитарлық сала үшін маңызды екенін айтып, оның бірқатар ерекшеліктерін атап өтті.

– Бүгінгі алғашқы зияткерлік транш АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Франция және Швейцария сияқты алдыңғы қатарлы елдердің ең үздік ғылыми еңбектерін қамтиды. Бұл кітаптармен танысуға мүмкіндік алған жастарымыз көп емес, – деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы ұсынылған кітаптар қазақ тіліне түпнұсқадан аударылғанын айтты. Елбасы бүгінгі іс-шара рухани жаңғыру бағдарламасының жаңа кезеңін бастайтынын атап өтті.

– Бұл – ауқымды энциклопедиялық ізденіс арқылы адамзат дамуының көкжиегіне жол ашатын кезең. Бүгінде зияткерлік даму үдерісінен туындаған тың серпіннің арқасында рухани революция бастау алып келеді, – деді Қазақстан Республикасының Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі жағдайда әлемнің дамуы көбіне инженерлік ғылымның әлеуетімен анықталатынына назар аударып, озық технологияларды пайдаланудың мақсаттарын ұғыну маңызды екенін айтты.

– Ғылыми таным – заманауи ұлттың бәсекеге қабілетті болуының басты шарты. Жаңа оқулықтар білімнің нағыз энциклопедиясы болып саналады. Бүгінде оқу әдісі ғана емес, сондай-ақ оның мазмұны да маңызды. Осыған орай «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бес жылға арналған жалпыұлттық білім беру ісін жүзеге асыруға мүмкіндік береді, – деді Мемлекет басшысы. Елбасы әлемдік тәжірибеде мұндай кешенді бағдарламаның іске асырылуы сирек кездесетінін атап өтті.

– Жаңа оқулықтар – эксклюзивті гуманитарлық кітапхана. Бұл оқулықтар көпшілік үшін кітап түрінде, электрондық онлайн нұсқасында және үздік лекторлардың ашық дәрістерінің видеотекасы сияқты үш форматта қолжетімді болмақ. Кітаптар латын қарпінде басып шығарылғаннан кейін, оларды шетелде тұратын жастарымыз да оқи алатын болады, – деді Қазақстан Республикасының  Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев жобаны іске асырудың арқасында Қазақстанда аударма ісінің жаңа мәдениеті қалыптасқанын атап өтті. Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасның Президенті еліміз бен қоғамымыздың бәсекеге қабілеттілігін арттыру факторының маңыздылығы жөнінде айтты.

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жастарымыздың болашағы үшін іске асырылуда. Осы орайда өскелең ұрпақтың оны жүзеге асыруға белсенді түрде атсалысқаны аса маңызды. Біз бүгін тәуелсіздік жылдары қалыптасқан ғылыми-кадрлық әлеуметіміздің зор екеніне тағы да көз жеткіздік, – деді Мемлекет басшысы.

Елбасы үштілділік қағидатын сақтаудың маңыздылығына тоқталып, биыл бірнеше шетелдік оқулықты орыс тіліне де аудару мәселесін қарастыруды тапсырды. Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Үкіметі мен Ұлттық аударма бюросына бірқатар нақты тапсырма берді.

– Біріншіден, 2018 жылға жоспарланған 30 кітаптың әрі қарай сапалы аударылуын және басылып шығуын қамтамасыз ету керек. Қаржыландыру уақтылы әрі толық бөлінуге тиіс. Келесі жылы аударылады деп жоспарланған оқулықтар өз уақытында іріктеліп, талдаудан өткізілуі керек. Екіншіден, бұл оқулықтарды білім беру үдерісіне тиімді түрде енгізу – маңызды міндеттердің бірі. Осы оқулықтар бойынша оқытылатын пәндер жаңа оқу жылының білім беру бағдарламаларына енгізілуі қажет. Үшіншіден, ғылыми тәжірибеде қолданылатын барлық терминдерді жүйелендіріп, гуманитарлық және экономикалық лексиканың жаңа түсіндірме сөздігін шығаруды тапсырамын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сонымен қатар  ҚР Президенті уәкілетті мемлекеттік орган мен Қазақстан Үкіметі тарапынан жобаның сапалы жүзеге асырылуына тиісті бақылау жасауды тапсырды.

– Төртіншіден, оқулықтар кәдімгі кітаптар сияқты басылып шығуы керек. Сонымен қатар онлайн білім беру ісін дамыту қажет. Қазір дамыған елдерде виртуалды университеттер бар. «Қазақстанның ашық университеті» жан-жақты қолдау табуы керек. Ашық лекциялар видеотекаларының және солардың негізінде дайындалатын оқулықтардың сапасын қадағалауға ерекше назар аудару қажет. Бесіншіден, «100 жаңа оқулық» жобасы ғылыми аударма мектептерін дамыту ісінде маңызды рөл атқарады. Сондықтан аударма саласында тәжірибенің, білімнің және кәсіби дағдының жүйелі дамуын қамтамасыз ету керек, – деді Мемлекет басшысы.

www.akorda.kz

 

«Ұрпақ  әлі  талай алғыс  айтатын  болады»

Дариға  МҰШТАНОВА,

ҚР  Білім  беру  саласының  құрметті қызметкері,  ақын:

– Елбасының «Болашаққа бағдар: руxа­ни жаңғыру» атты бағдарла­малық мақа­ла­сының жарияланғанына бір жылдың жү­зі болды. Бұл бағдар­ламадағы «Жаңа гу­манитар­лық білім. Қазақ тілінде­­гі 100 жа­­ңа оқу­лық» жобасы бойынша фило­со­фия, дінтану, антропология және журна­листика бойынша 18 кітап пен оқу құ­ралы жарыққа шықты. Мемлекет басшы­сының қатысуымен осы кітап­тар­дың таныстырылымы өткенін теледидардан  көріп,  бір  мар­қайып  қалдық.

100 түрлі кітап – 100 саты деңгей… Әлем таныған, дүние жүзі тамсанып оқыған 100 кітапты қазақ тіліне аударып, студенттерге оқу­ға міндеттеу – меніңше, өте бір келелі іс. Осы жобаны естігенде бір қуанып қалып едік, енді, міне, сол жүздің 18 түрі қолға тиді деп жа­тыр. Жағымды жаңалық. «Сен неткен бақытты едің!..» деп студент жастарға қызыға қарап отырмыз. «Граф Монте Кристоны» (А. Дю­ма), «Американская трагедияны» (Т. Драйзер), «Анна Каренинаны» (Л. Толстой), И. Бунинді орыс тілінде болса да оқып, соған да мәз болған біздің жастық шағымыздың бүгінгіге таңғалмасқа жағ­дайы жоқ. Рухани рақат қой шынында. Оқыған, тоқығанның зияны бол­майды, ол айтпай-ақ түсінікті. Сапалы аударма, шынайы таңдау бол­са, 100 әлемдік қазынадан сыбаға тарту – үлкен қамқорлық. Қарт болсақ та, біздің де оқығымыз келіп отыр, шынымызды айтсақ. Ел­басының осы құнды ұсыныс-жобасы сәтті жүзеге асса, ұрпақ әлі талай алғыс айтатын болады. Бұл – әлемдік танымға 100 саты көте­рілу деген сөз.

*  *  *

Нұрғали  ЖОЛДАСҚАЛИЕВ,

 «Жас Отан» ЖҚ  облыстық филиалының  төрағасы:

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Бо­ла­шаққа бағдар: руxа­ни жаңғыру» ат­ты бағдарламалық мақаласында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын қолға алуды тап­сырған болатын. Бейсенбіде Астанада осы жоба аясында аударылған 18 кітап Мемлекет басшысының қатысуымен өткен жиын­да жұртшылыққа таныстырылды. Әри­­не, біз бала кезімізден «Кітап – білім бұлағы» деген нақыл сөз­дің мән-мазмұнын ұғынып өстік. Бүгінде біздің кітапхана­лары­мыздың кітап қоры өте бай. Енді олардың қатары ең таңдаулы кі­тап­тармен толықтырылуы – үлкен қуаныш. Жалпы,  білім  іздеген  адамға  бір  орында  тұрып  қалуға  болмайды.

Бір жыл бұрын Елбасы осы бастаманы көтерген кезде, жастар­ды қандай кітаптар қызықтырады деген сауал туындаған болатын. Мінекей, осы аралықта қажетті кітаптар аударылып, қалың жұртшы­лыққа жол тартты. Кітаптар тізімімен таныстым. Олардың қатарын­­да қызығып оқитын әдебиеттер бар. Философия, психология, әлеу­меттану, кәсіпкерлік, менеджмент, экономика секілді ауқымды та­қырыптар қозғалып отыр. Әлемге әйгілі мықты деген универси­­теттердің білім алушылары пайдаланатын кітаптар қазақ тіліне аударылған.

Білім іздеп, өзін жан-жақты білікті адам ретінде көргісі келетін жандар үшін бұл кітаптардың маңызы бар. Адамның тұлға ретінде қалыптасуына  ықпалы  зор  деп  білемін.


«Ақжайыққа» сенім зор

Күні: , 35 рет оқылды

Облыс әкімі Алтай Көлгінов «Ақжайық» футбол клубының ойыншылары мен жаттықтырушылар құрамымен кездесті. Кездесуде осы маусымдағы жоспарлар талқыланды.

Облыс әкімі жергілікті футболшыларды даярлау және өңірдегі балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту мәселелеріне тоқталды. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаеваның айтуынша, «Ақжайық» футбол клубы 2018-2022 жылдарға арналған балалар мен жасөспірімдер арасында футболды дамыту бағдарламасын бекітті. Қазіргі таңда «Ақжайық» футбол орталығындағы 23 топта 5-18 жас аралығындағы 700 бала жаттығады.

Кездесу барысында «Ақжайық» футбол клубының бас жаттықтырушысы Владимир Maзяр клубқа ерекше назар аударғаны үшін облыс әкіміне алғысын білдірді. Ол құрамында 23 ойыншы, яғни 15 қазақстандық, оның ішінде жетеуі жергілікті тәрбиеленуші және 8 легионер бар «Ақжайық» биыл Түркияда екі оқу-жаттығу жиынын өткізгенін жеткізді.

– Батысқазақстандықтар қашан да сіздерді қолдайды. Биылғы маусымда жақсы да нәтижелі ойын көрсетіп, жанкүйерлердің үмітін ақтайды деп сенеміз, – деді Алтай Көлгінов.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі


«Қарға адым жерге жету мұң»

Күні: , 104 рет оқылды

Орал қаласының әкімі М. Мұқаевтың назарына!

Өткен жылы қаламыздың біраз көшелеріндегі жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Әрине, жол жөндеу жұмыстары негізінен қаланың күретамыр көшелерінде жүрді. Соған қарамастан, талай жылдан бері жөндеу көрмей, әбден тозған көше жолдары қаланың да қақ ортасында әлі де аз емес. Солардың бірі – орыс жазушысы, журналист әрі публицист – В. Короленко атындағы көше. Жуырда сол көшенің жолына байланысты сол маңда тұратын тұрғындар өкпелерін айтып, редакцияға қоңырау шалды. Тұрғындардың шағымы бойынша аталған көшеге барғанымызда, жанымызға бір азамат келді. Игорь есімді такси жүргізушісі екен.

– Мен біраз жылдан бері кісі тасымалдаумен айналысамын. Жолаушылардың тапсырысы бойынша осы көшеге келген кезде көңіліміз түсіп кетеді. Судың астында не жатқанын кім білген?! Егер абайсызда көлігімнің астын соғып алсам, мені біраз әбігерге түсіріп, әжептәуір шығынға батыратыны сөзсіз. Оралдың ең басты көшесі Достық даңғылынан бұрылып, Короленко көшесімен жүргенде №1 мектепке дейін көп болса, 300 метрдей жер. Былай қарағанда, онша қашық емес. Бірақ жөнделіп жатқан жолды көрмедім, – дейді «Сити» такси қызметкері Игорь Кравченко.

Есігінің алдын тазалап, өзінше сенбілік жасап жүрген көшенің тағы бір тұрғынына жолықтық. Өзін Серік деп таныстырған зейнет жасындағы ағамыздың да айтары бар екен.

– Осы көшенің бойында он жылдан бері тұрамын. 3-4 жыл бұрын екі рет осы жолдың бойын қазып, су құбырын ауыстырды. Бірақ кейін бетін тегістемеді. Сол күйінде қалды. Қар ерігенде немесе жаңбыр жауғанда көшеміздің берекеті қашады. Жылда көретініміз осы бейнет, әсіресе, көктем мен күз мезгілінде өте қиын, – дейді Короленко көшесіндегі №35 үйдің тұрғыны Серік Мұсағалиев.

Жоғарыда аталған №1 жалпы білім беретін орта мектептің тап іргесіндегі үйлердің бірінен бой көрсеткен Серкай Сариев (суретте) бұл көшеде ХХ ғасырдың сексенінші жылдарынан бері тұратынын айтты. – Содан бері бұл жолдың бірде-бір рет жөнделгенін көрген жоқпын. Балаларымыз да осы көшенің бойында ойнап өсті. Өздеріңіз көріп тұрғандай, қасымызда мектеп орналасқан. Үлкені бар, кішісі бар ата-аналарға қоса, мұғалімдер мен балалар бар, әрлі-берлі жүрушілер жетіп артылады. Жолдың үстіндегі балшық пен шалшық су біразға дейін құрғамай, аяққа жабысып үйге дейін келеді. Есігімнің алдына ағаш еккенмін. Оған жолдың жоқтығынан үйлерді жағалап жүретін жаяу жүргіншілердің кесірі тиіп, әне, өспей тұр. Мұндай шағын көшенің жолы жөнделіп жатқан көшелердің тізіміне неге енбейтінін түсінбей-ақ қойдым? – дейді №26 үйдің тұрғыны Серкай Сариев.

Короленко көшесінің әбден тозған жолының қазіргі жағдайы осы. Әсіресе, түнгі уақыттарда жүйткіген көліктер жолдың ой-шұңқырынан қашамын деп талай оқыс оқиғаларға түрткі болуда. «Жеңіс алаңы» тұсынан №1 мектепке қарай бұрылатын Мәжит Жүнісов көшесінің жағдайы да Короленко көшесімен тағдырлас. «Апама жездем сай» дегендей, бұл жолдың бойындағы люктердің қақпақтары да жиі ұрланып, ашық-шашық жатады екен. Мұндай жағдай жаяуға да, көлікке де қауіп. Қаланың қақ ортасындағы Короленко көшесінің тұрғындары жолдары жұтынған даңғылдардың бойында тұратындарға әрі қызыға, әрі қызғана қарап: – Короленко көшесінің жолы неге ұмытыла береді?.. Бізге жыл-он екі ай бойы «Қарға адым жерге жету мұң» деп ренжулі.

Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ,

«Орал  өңірі»

Орынғали  ЖОЛДАСҚАЛИҰЛЫ,

№1  мектеп  оқушыларының  ата-аналары  атынан:

– Ұлым мектептен жай шыққан кезде өзіміз алып кетеміз. Достық даңғылынан мектепке дейінгі аралықта сақтықпен жүреміз. Жолдың нашарлығында сөз жоқ. Екі көлік қатар келген кезде бір-біріне жол бермесе, өте алмайды. Ой-шұңқыры көп, өте қауіпті. Мектеп пен даңғылды байланыстыратын жолдың нашарлығы ұяттау мәселе. Қайта біздің аутокөлігіміз бар. Мектепке баласын алуға жаяулап келетін адамдар балшық кезінде қатты қиналады.


«Сананы өзгертетін ойлар»

Күні: , 25 рет оқылды

Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен «City center» ойын-сауда орталығындағы «Weekend» мейрамханасында жастармен зияткерлік бағыттағы кездесу өтті.

«Сананы өзгертетін ойлар» деп аталған бейресми жиынға облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов қатысты.

– Қазір білімдінің заманы. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген міндеттердің барлығы дерлік жастармен байланысты. Бозбалалар мен бойжеткендердің сауатты әрі рухани бай болып жетілуіне барлық мүмкіндік жасалуда. Бүгінгі кездесуді ресми мекемеде өткізсек, жеткіншектер ойларымен еркін бөлісе алмай, ыңғайсызданар еді. Сондықтан жастардың ортасына өзіміз келіп, демалыс орнында еркін форматта кездесуді ұйғардық.  Жиын соңында белсенді жастардың ұсыныс-пікірлерін жинақтап, олардың арасындағы тиімділерін іске асыратын боламыз. Расында, жастардың талабы болса, алдарынан барлық есік айқара ашылады. Мен де қарапайым отбасынан шықтым. Әкем – өмір бойы ауыл дәрігері, ал анам – мейірбике болып қызмет істеді. Әке-шешемнің төрт баланы оқытатын жағдайы болмады. Мемлекеттің грантын ұтып алу үшін сабақты жақсы оқыдым. Тіпті «Болашақ» бағдарламасы арқылы Ұлыбританияда білімімді шыңдадым. Бүгінде үкіметке адал қызмет етіп келемін. Алдыңғы шепте қызмет ету үшін байдың баласы болу міндетті емес, талапты болу мінде, – деді Ғабидолла  Абдоллаұлы.

Шара барысында М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың профессоры, экономика ғылымдарының докторы Лилия Мерғалиева, «Urban style» би студиясының жетекшісі Асан Са-матов, «Uniserve» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің IT маманы, кәсіби фотосуретші Гордей Трищенков, «Fiesta» дүкендер желісінің директоры Асхат Рамазанов, «Didi records» дыбыс жазу студиясының директоры Данияр Рахметжанов сынды жас мамандар жетістікке жетудің жолдарымен бөлісті.

Ал Нью-Йорк киноакадемиясының түлегі, жас режиссер Бақыт Қадер бірнеше тартымды жоба  түсіріп  үлгергенін  айтты.

– Жәнібек ауданында қарапайым отбасында дүниеге келдім. Мектепті жақсы бағамен бітіріп, музыка мамандығы бойынша жоғары білім алдым. Кейін Астана қаласына барып, өзімнің дыбыс жазатын студиямды аштым. Бірақ бір жерде тоқтап тұрғым келмеді.

Сөйтіп, «Болашақ» бағдарламасымен Америкаға оқуға аттандым. Әлемдегі ең ірі кино-мектептердің бірі Нью-Йорк киноакадемиясында білім алғаным үшін қуанамын. Ақпан айында оқуым аяқталып, міне, туған қалама оралдым. Алдағы уақытта отандық телеарналардан шығармашылығыммен таныса аласыздар. Жас өрен алдына мақсат қоя білуі тиіс. Сол мақсатқа жету жолында аянбай еңбектеніп, білімді толықтыру керек. Абайша айтқанда, еңбек пен білім екі жақтап алып шығады, – деді  жас  режиссер.

Студенттер әр баяндамашыға сұрақтарын қойып, қызығушылық  танытып  отырды.

– Бүгін мен үшін танымды ақпараттар күні болды. Кеш қонақтарының әңгімелері бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Алайда олардың барлығын біріктіріп тұрған – арман. Еш кедергіден қорықпай, алға ұмтылған аға-әпкелерді көріп, шабыттанбау мүмкін емес, – дейді М. Өтемісов атындағы БҚМУ студенті Сымбат  Айбатқызы.

Айым  ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал  өңірі»


Темірден түйін түюге оқиды

Күні: , 27 рет оқылды

Металды дәнекерлеу жұмысы сырт көзге оңай көрінгенмен, оған суретшінің қолының ептілігі, асқан қажырлылығы, сабырлылығы қажет. Онсыз дәнекерлеушілер өзара әзілдесіп жиі айтатындай, металл элементтерін «бір түкіргеннен» бір-біріне  жабыстыру қиын.

Қоғамда сұранысқа ие электргазбен дәнекерлеуші мамандығына жастарды Оралдағы бірқатар колледжде, соның бірі Орал политехникалық колледжінде оқытады. Аталмыш колледж директорының кәсіби білім беру жөніндегі орынбасары Жанат Нұрахметованың айтуынша, соңғы үш жылдың ішінде дәнекерлеуші мамандығына оқып жатқан студенттер «WorldSkills Kazakhstan» өңірлік біріншілігінен жүлдесіз қайтқан емес. Студенттер Астанада өтетін ұлттық чемпионаттан жиі жүлдемен  оралады. 2016 жылы республикалық жарыста студент Максим Сумкин 2-орын алды. Бүгінде ол колледжді бітіріп, Шынарлы кен орнында шетел компаниясында жұмыс істейді. Оның өндірістік тәлімгері Валерий Лакеевтің еңбек өтіліне 35 жылдан асқан. Ал оның шәкірттері дәнекерлеушілердің кәсіби байқауында ылғи да көзге түсіп, топ жарады.  Колледждегі арнаулы пән оқытушысы Абат Нұржановтың дәнекерлеу ісінің сарапшылық халықаралық сертификаты бар. Жоғары санатты оқытушыдан тәлім-тәрбие алған студенттердің ішінде осы қалайы жоқ. Жалпы, дәнекерлеушілерді кәсіби тұрғыдан даярлауға бұл колледждің материалдық базасы айтарлықтай  жоғары.

– 2011 жылдан бастап кәсіптік білім беру саласына нақты көңіл бөліне бастады. Биыл 32 млн. теңге қаржыға дәнекерлеушілерді оқытуға қажетті заманауи жабдықтар сатып алынды. Бес мамандықтың, 29 біліктіліктің ішінен электргазбен дәнекерлеуші мамандығына жабдықтар алдық. Өйткені бұл мамандыққа сұраныс жоғары. Жыл сайын дәнекерлеуші мамандығын игерген түлектеріміз 100 пайыз жұмыспен қамтылады. Биыл да солай болады деп күтілуде, – деді Жанат Серғазықызы. Оның сөзіне сүйенсек, колледжде лазерлік аппараттан басқа электр доғалық, жартылай аутомат, аргондық, швециялық «МІG c200G c200і» бір фазалық және «WARIOK 500 I cc/cv» көп функциялы дәнекерлеу аппараттары студенттерді дәнекерлеу ісінің қыр-сырына үйретуде таптырмас көмекші. Негізі аталмыш колледж құрылысшы мамандығы бойынша базалық оқу орны саналады. Оған қоса биылға дейін дәнекерлеу мамандығы бойынша да базалық оқу  орны  болып  келді.

Болашақ дәнекерлеушілер кәсіпорын-ұйымдарда жаппай машықтанудан өткен кезде өздерін жақсы қырынан көрсетіп жатса, жұмыс берушілер сол студенттерге  арнайы жұмысқа шақырту береді. Мысалға, сондай шақырту алған студент Андрей Федорушкин  бүгінде «Зенит» зауытында жұмыс істейді. 2016 жылы колледж түлектерінің 26-сы өндіріс орындарына жолдама алды. 2017 жылы түлектердің 19-ы арнайы шақырту алып, кәсіпорындарда жұмысқа қалды. Сол 19-дың ішінен алты дәнекерлеушіні жеке кәсіпкерлік нысандары аттай қалап, жұмысқа алып тынды. Мысалға, Андрей Носков «Лоцман» ЖК-ға, Алексей Степаненко деген студент «Перепелкин»  ЖК-ға  жұмысқа  қабылданды.

«Жаңа жатақханамыз болады»

Жанат Нұрахметова дуальдық оқыту жүйесінің 60 пайызы машықтанудан, 40 пайызы теориялық білім беруден тұратынын айтады. Алайда мұның іс жүзінде орындала бермейтінін жасырмайды. Өйткені өзге өңірлердегі сияқты біздің кәсіпорын-зауыттарда тапсырыстар тұрақты болмағандықтан, машықтан өту мүмкіндігі бола бермейді. Студент теориядан өткен тақырыпты өндіріс орнына барып, іс жүзінде жасап, тәжірибе жинақтауы тиіс. Сондықтан дуальдық оқу ірі қалаларға, экономикасы мықты өңірлерге  арналған.

– Елбасының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуін құптаймыз. Ондағы үшінші бастамада жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту мәселелері қозғалғаны қуантты. Колледждің бұрынғы жатақханасын төтенше жағдайлар саласы қауіпті деп жауып тастады. Қазір жаңа жатақхананың жобалық-сметалық құжаттамасы дайын, енді жатақхана құрылысына қаржы бөлінуі тиіс. Жаңа жатақханамыз болады. Бізде оқитын студенттердің 78 пайызы жағдайы төмен отбасылардан. Колледж асханасында түскі ас тегін. Бірінші курста 1-семестр аяқталғанша студенттерге 16 мың 700 теңге шәкіртақы төленеді. Ал одан кейін тек жақсы оқыған жастарға ғана шәкіртақы беріле-ді,  –  деді  Жанат  Серғазықызы.

Колледждегі арнаулы пән оқытушысы Абат Нұржановтың айтуынша, мұндағы студенттердің басым көпшілігі оқи жүріп, табыс табады. «Әсіресе, 3-курс студенттері дәнекерлеу жұмыстарымен айналысып, отбасыларына көмектеседі. Өндірістік шеберлер оларға бағыт-бағдар береді. Жинаған қаржыларына дәнекерлеу аппараттарын сатып алып, жұмыс істеп жүрген жастарымыз баршылық», – деді Абат Нұржанов.

Әлеуметтік серіктестері мықты

Дәнекерлеуші мамандығына Батыс Қазақстан индустриалды колледжі де оқытады. Қазір алты топ студенті осы мамандыққа оқуда. Олардың 60 пайызы – ауыл-аймақтан келген жастар. Колледж басшылығы студенттерді өндіріс-тік және дипломалды практикадан өткізуге, жұмысқа орналастыруға, арнайы пән оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлерін кәсіпорын базаларында тағылымдамадан өткізуге қаладағы бірқатар зауыт-кәсіпорындармен келісімшарттар жасаған. Соның ішінде «Зенит», «Орал трансформатор зауыты», «Қазтелеком», «Орал құю-механикалық зауыты» сықылды өндіріс ошақтары бар. Осындай әлеуметтік серіктестер көбінесе дәнекерлеуші мамандығын игерген жастарды  жұмысқа  қабылдайды.

– Дәнекерлеушіге оқып жатқан ұлдардың барлығы бірдей мықты дәнекерлеуші болады деуге келмес. Ол баланың қабылдауына, жеке қасиеттеріне байланысты.

Оқу орнында болашақ дәнекерлеушілердің теорияны тәжірибемен ұштастыра оқытуға барлық жағдай жасалған. Біздегі қолданыстағы кейбір заманауи аппараттарына әлі күнге дейін көптеген өндіріс орындары қол жеткізе алмай отыр. Мысалға, немістің және ресейлік өндірісшілердің «3 в 1» деген электр, аргон, аутомат сықылды үш дәнекерлеу жұмыстарын бір өзі атқаратын жабдық бар. Колледжде оқу кабинеттерімен қатар  дәнекерлеу, газбен дәнекерлеу, аргон-доғалы дәнекерлеу шеберханалары жұмыс істейді, – деді аталмыш колледж директорының оқу-өндірістік мәселелері бойынша орын-басары  Тілектес  Ахмадиев.

Директор орынбасарының сөзіне сүйенсек, 2016 жылы жергілікті бюджеттен колледж базасын нығайтуға 30 млн. теңгеден астам қаржы бөлінген болса, өткен жылы құрал-жабдық үшін 36 млн. теңге қаржы қаралып, үш интерактивті-виртуалды жаттығу құрылғысы мен сандық-бағдарламалық тәсілмен басқарылатын қондырғылар  сатып  алынған.

Студенттерді өндіріске баулитын өндірістік оқыту шеберлері Талап Темірғалиев, Талғат Есенғалиев, Жанғабыл Жұлымбаев, Балым Ғұбайдуллина, арнаулы пәндер оқытушысы Рәйләш Шүйіншәлиевалар – өз істерінің майталмандары. 2016 жылы колледж базасында «Үздік дәнекерлеу ісінің өндірістік оқыту шебері» атты өндірістік оқыту шеберлерінің облыстық байқауы өткен. Онда электргазбен дәнекерлеуші біліктілігі бойынша өндірістік оқыту шеберлері арасынан осы колледждің оқытушысы Талап Темірғалиев үздік деп танылды. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері арасындағы «Кәсіби маман – 2015» атты электргазбен дәнекерлеуші мамандығы бойынша халықаралық кәсіби шеберлік байқауында аталмыш колледж студенті Еламан Мырзағалиев ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. 2016 жылы «WorldSkills Kazakhstan» аймақтық біріншілігіне осы колледждің студенті Заманбек Жазықбай жүлделі орынға ие болды.

Колледжде студенттердің дәнекерлеуші мамандығына терең игеруіне толық жағдай жасалған. Тек жатақханасы болмағандықтан, шәкірттер тума-туыстарының үйлерінде жатып оқиды. Өткен жылы жаңғыртудан өткен жайлы асханадан студенттер түскі асты тегін ішеді. Колледж басшылығы биыл 500 орындық жатақхана салынатынын жеткізді. Несі бар, жағымды  жаңалық.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»

Мейірбек ЕДІРЕСОВ,

Батыс Қазақстан индустриалды колледжі  студенті:

– Өзімнің туған жерім Бөкей ордасы ауданындағы Саралжын ауылына газ құбырын тарту, үйлерге газ кіргізу жұмыстары басталуда. Оқуымды жылдамырақ бітіріп, дәнекерлеуші мамандығым бойынша жұмысқа тұрып, өз ауылымды көркейтуге үлес қоссам деймін. Қазір ауыл-аймақтағылар тұрғын үйлерін жаңартып, аулаға темір қақпа орнатып жатыр. Алдағы уақытта сондай темір қақпа және өзге де темір бұйымдарын жасайтын цех ашу жоспарымда бар. Тек кәсіпкерлікті ашу, несие алу жөнінде кеңес беретін мамандар колледжге,  бізге  келсе  дейміз.

Дидар РАПАШЕВ,

Батыс Қазақстан индустриалды колледжінің студенті:

– Теректі ауданына қарасты Рыбцех тауылының тумасымын. Жазға салым колледжден электр дәнекерлеуші мамандығын алып шығамын. Бізде оқуға барлық жағдай жасалған әрі түскі ас тегін беріледі. Топ болып Оралдағы музейлерге, театрларға барамыз. Өндірістік машықтан өндіріс орындарынан өтіп жүрміз. Кәсібіміздің қыр-сырын барымызша меңгеріп қалдық.

Мамандығымыз  бойынша  жұмыс  табатынымызға  сенімдімін.

Қуаныш БЕКТАСОВ,

Орал политехникалық колледжінің 3-курс студенті:

– Ақжайық ауданындағы Қызылжар елді мекеніненмін. Өндірістік оқыту шебері Нұрлан Нұрышев ағайдың жөн сілтеуімен мамандығымыздың қыр-сырына қанығудамыз. Қазір жеке кәсіпкерлердің тапсырыстарын орындаудамыз. Негізінен турниктер, боксерлік ринг, балалардың ойын алаңдарын жасаймыз.  Оқи жүріп, табыс тауып жүрмін. Мамандығым  өзіме  ұнайды.

Дулат МАҒЖАНОВ,

Орал политехникалық колледжінің  3-курс студенті:

– Қаратөбе ауданындағы Егіндікөл ауылынанмын. 2-курста оқып жүріп, жұмыс істедім. Жинаған ақшама электр дәнекерлеуші аппаратын сатып алдым. Бүгінде оны сатып алуға жұмсаған шығынымды жаптым. Өткен жылдың қыркүйек айынан бастап жеке тапсырыстарды орындап жүрмін. Темір қақпаларға ою-өрнек салғанды ұнатамын. 4-разрядым да бар. Дәнекерлеуші мамандығына  ауылда  да,  қалада  да  жұмыс  көп.


Оралда өрт сөндірушілер 90 адамды эвакуациялады

Күні: , 793 рет оқылды

2018 жылдың  11 сәуірі күні 11 сағат 16 минутте БҚО ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің өрт байланысының орталық пунктіне Орал қаласы Тайманова көшесі 221 мекенжайында 9 қабатты жатақхананың түтіндей бастағаны туралы хабарлама келіп түсті.

Шақырту орнына жедел құрамында 4 бірлік техника және жеке құрамның 15 адамы бар БҚО ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің күштері мен құралдары жіберілді. ӨРт сөндірушілір келіп жеткенде тоғыз қабатты жатақхананың лифт шахтасында 3 шаршы метр аумағында қоқыс жанып жатқаны анықталды. Өрт сөндірушілер жедел адамдарды эвакуациялау мен құтқаруға, жануды сөндіруге жедел кірісті.

Қатты түтін салдарынан өрт сөндірушілер тұрғын үйдің жоғары қабаттарынан эвакуациялауды жүзеге асырды. Барлығы 70 адам қауіпсіз жерге эвакуацияланды, оның ішінде екі бала болған.

Сондай-ақ, 2018 жылдың 12 сәуірі күні 05 сағат 08 минутте БҚО ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің өрт байланысының орталық пунктіне Орал қ. 6-шағынаудан  5-үй   №3 подъездің жертөлесінде  10 шаршы метр аумағында  құрылыс материалдарының жанып жатқаны туралы хабарлама түсті. Барлығы 20 адам қауіпсіз жерге эвакуацияланды, оның ішінде 8 бала болған.

Жану оқиғасы сағат 05:34 минутта оқшауланып, сағат 05.58 минутте 5 бірлік техника және 16 жеке құраммен   толықтай сөндірілді.

БҚО ТЖД Мемлекеттік тіл және ақпарат тобы


Жәңгір хан Бөкейханұлы

Күні: , 36 рет оқылды

Қасиетті Құран Кәрімнің Рахман сүресінің 26-27 аяттарынан басталады.

  1. Күллү мән аләйhәә фәән уә иәбіқоо уәжіhү.

  2. Раббикә зүлжәләәли уәл икраам. Дешті

  3. қыпшақ ханы хан Әбулхаир ұғлы

  4. Нұралы ханның нибересі хан

  5. Жиhангир Бөкей ханның нұрдиде.

  6. фрзендесі дар фанаден дар бақоие

  7. рихләт илады. Қаалууу иннәә лилләәhи уә иннәә

  8. иләйhи раажиғууун. 42 йәшнде

8.1260–шы мухаммадиеде, 1845–ші масихиаде

  1. нәжм сүмбіленің 11–інші иумнде рухына фатиха.

Мағынасы:

1.«Күллі жаратылыс уақытша, қалатын Алла Тағала ғана. Раббымыз ұлы әрі жомарт. (уәжһу – тура мағынада бет, жүз болып аударылғанымен, Алла Тағалаға ағза таңуға болмайтындықтан, зәһири (сыртқы) емес мәжәзи (астарлы) мағынамен «Алланың өзі ғана қалады» деп аударылады).

  1. Дешті қыпшақ ханы Әбілхайыр ханның ұлы
  2. Нұралы ханның немересі
  3. Бөкейханның перзенті Жәңгір хан
  4. уақытша өмірден мәңгі өмірге көшеді. 6. Құраннан бақара сүресінің 156-аяты. «Мұсылмандар айтады, Біз Алла үшін жаратылдық және Аллаға кері қайтарыламыз»
  5. «42 жасында Мұхаммед күнтізбесімен
  6. 1260 жылы Иса масих күнтізбесімен 1845 жылы»
  7. сүмбіле айының 11-нші күнінде. Рухына «Фатиха» (оқылсын)

Ең астында төре руының таңбасы ретінде арқардың мүйізін салған.

Хан құлпытасының екі қырына: Минан-нирани хафрил-мәут кә-с кулли нәәс шәрибәһу, әл қабр бәәб кулли нәәс дахаләһу. Кәфә бил-мәут уағизан әл-хукму лилләһ. Аллаһуммәғфир ләһу уәрхамһу уә кәффир ғанһу сәйиәтиһи уәмһу хатийәтиһи уәжғал қабраһу раудатән мин риадил жәннәт.

Мағынасы: От – өлген адамға қазған шұңқырдан-ақ шығады. Өлім – кесе, күллі адам одан ішеді, қабір – есік, күллі адам одан кіреді. Бәрі де Алланың үкіміне мұқтаж. Аллаһым оны жарылқа, оны рахметіңе бөле, күнәларын кешір, қателіктерін кеш, қабірін жұмақтың бақшасынан қыла гөр.

Ханның құлпытасының артқы беті:

Иікірме ил суруп ханлық жаһанда,

Өтіпті өмірі оның бұл хәмәндә,

Калан әуледлеріне хақ тағала:

Бұ дүниеде һеш бір адам қалмаз ерміш,

Гаран хан, гаран сұлтан, дәруиш.

Жәңгір хан (1801-1845) – Бөкей ордасының соңғы ханы, Әбілхайыр ханның шөбересі, Нұралы ханның немересі, Бөкей ханның ұлы.


Қылмыс анықталу үстінде

Күні: , 46 рет оқылды

Қайын атасы келінін пышақтап өлтіргені туралы суық ақпарат біраздан бері әлеуметтік желіні шарлап жүр. Орал қаласында орын алған бұл оқиға туралы жергілікті баспасөз құралдарында келтірілген мәлімет бойынша, қайынатасы немересін ұлынан ажырасқан келініне бергісі келмей, осындай жантүршіктірерлік қадамға барған.

Редакциямызға облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінен келіп түскен мәліметке қарағанда, пышақ жарақатынан көз жұмған К. есімді азаматшаға қатысты Орал қаласындағы Абай полиция бөлімінде сотқа дейінгі тергеу жүруде. 8 сәуір күні аталған қылмысты жасады деген күдікпен У. есімді азамат ұсталған. Орал қалалық сотының шешімімен істің мән-жайы анықталғанша күдікті екі ай мерзімге қамауға алынған. Жедел іздестіру тобы құрылып, қылмыс анықталу үстінде.

Өз тілшіміз


Парашютпен секіруді армандайтын әнші

Күні: , 27 рет оқылды

Ол бала кезінен әнші болуды армандады. «Өскенде кім боласың?» деп сұрағандарға «Әнші болам, әнші болмасам доғдыр болам, доғдыр бола алмасам, милится боламын» деп тақылдап жауап береді екен. Бала кезінен «бақырауық, жылауық қыз» атанған біздің кейіпкеріміз Күләш Қуанышқалиева бүгіндері облысымызға кеңінен танымал әншілердің қатарында.

– Ес білгелі ән салып жүрмін. Оқушы кезімде аудандық, облыстық, республикалық ән байқауларына қатысып, жүлделі орын алып келетінмін. Ең бірінші «Әдемі қыз» әнін орындағаным есімде. Кейіннен «Замандас» әнін Қапаш Құлышеваның орындауында тыңдап, әнге де, әншіге де ғашық болдым. Ең алғаш үлкен сахнаға «Бозжорға» әнімен шықтым. Ақтауда өткен сол бір гастрольдік сапарға марқұм Табыл Досымов жетекшілік жасап еді, – деп  әңгімесін бастады әнші.

Кейіпкерімізге домбыра үйретіп, ән салуды үйреткен  алғашқы ұстазы өзінің туған әпкесі екен. 1991 жылы ол Алматыдағы эстрадалық колледжге Ғ. Құрманғалиевтің сыныбына қабылданады. Кейіннен ол Хатимолла Бердіғалиевпен танысып, сол кісіден білім алу үшін Оралдағы музыкалық училищеге ауысады.

– Ұстазым Хатимолла ағай бізге «Жан-жақты болыңдар» деп жиі айтатын. Осы оқу орнынан бес ән мектебінің (Арқа, Жетісу, Сыр бойы, Батыс, Маңғыстау) иірімдерін қамтып, үйреніп шықтым. Тек дәстүрлі әндерді емес, эстрадалық әндерді шырқап жүргенім осы оқу орнынан алған білімімнің арқасы. Вокалдан дәріс берген Таиса Мәулетова атты ұстазымыздан көп тәлім алдым, – деп сол кездерді еске алды Күләш әнші.

Жиырма жеті жылдан бері өнерде жүрген әнші Күләш Қуанышқалиева өткен жылдан бері екі рет жеке шығармашылық концертін өткізді. Екі концертіне де әнсүйер көрермен көп жиналып, құшағын гүлге толтырып, ыстық ықыласқа толы шапалақтарымен әнші мерейін көтерді.

– Жеке ән кешін өткізу үлкен жауапкершілік жүктейді. Басқа шараларда бірде фольклормен, бірде ансамбльмен екі-үш әніңді шырқап, жүре бересің. Ал шығармашылық кеш бойы тек бір өзің ән шырқау оңай емес. Бірақ, Аллаға шүкір, екі концертім де ойдағыдай өтті. Ән кешімінің өтуіне қолдау білдірген өзімінің өнердегі достарыма, өзім еңбек етіп жүрген Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның ұжымына ризашылығым шексіз. Екі концертте де «Көрермен аз жиналып, концертім дұрыс өтпей қала ма?» деген ойлар мазалап, қатты қобалжыдым. Алайда, бәрі мен ойлағаннан да жақсы өткенде қатты қуандым, – дейді риясыз жымиған әнші.

Сахнадағы өмір түрлі қызықтарға толы. Кейіпкеріміз кейде айтатын әнінің  сөздерін ұмытып қалатын әдеті барын да  жасырмайды. Ондай сәтте тығырықтан шығудың жолын іздейді. Халық әндері болса, басқа әнмен ұйқастырып, әйтеуір сол кемшілікті көрерменге байқатпай алып шығуға тырысады. Бір концерт барысында халық әнін айтып болған әнші енді эстрадалық ән орындау үшін киімін ауыстырып алып, сахнаға шығуға дайындалып тұрады. Бірақ аяғындағы бір туфлиі аласа болып, мазасы кетеді. «Өкшесі сынып қалды ма?» деп қараса, аяғына екі түрлі туфли киіп алғанын көреді. Жүгіріп, киім ауыстыратын бөлмеге барып, сахнаға әрең үлгеріп келгені есінде. «Шақырған жерден қалма» деген қағиданы ұстанатын әнші тойларға да шығып, ән салады. «Біз ондай қомақты қаржы сұрамаймыз. Ең бастысы, шын ниетімізбен әнімізді шырқап, той иесінің бергенін аламыз. Өзіме құдалықтарда баянмен, домбырамен ән салған ұнайды. Той иесі хабарласып: «Келіп тойымды көтеріп, ән салшы» деп жатса, міндетті түрде барып, бұйырған несібемді алып қайтамын», – дейді әнші.

  Ән өнерінде біраз биіктерді бағындырған, тыңдаушысы көп әнші Күләш Қуанышқалиева отбасында үш ұл, бір қыздың анасы. Отағасы Әлібек Қуанышқалиев әншінің өнерін әрі қарай өрістетуіне бар жағдайын жасап келеді екен.

– Өзім атыраулықпын, ал жұбайым Ақжайық ауданы, Есенсай ауылының тумасы. Биыл біздің шаңырақ көтергенімізге ширек ғасыр болады. Үлкен  ұлым үйленіп,  одан кейінгі қызым тұрмысқа шықты. Екі ұлым мектеп оқушысы. Келінім қолымда тұрады. Әзірге бір немерем, екі жиенім бар. Келінім адал сүт емген, өте тәрбиелі жан. Менің бар жағдайымды жасап, өнеріме қолдау көрсетіп келеді. Балаларыма қатал болғаныммен, келініме жұмсақ қараймын. Дегенмен, «Қызым саған айтам, келінім сен тыңда!» демекші, кейбір дүниелерді қызыма ескерту арқылы, келініме де астарлап жеткіземін, – дейді ол.

  Отбасылық өмірі туралы сыр қозғаған әншіден «Өзіңіз қандай келін болдыңыз?» деп сұрадық. Рахаттанып бір күліп алған кейіпкеріміз «Мен орташа келін болдым» деп жауап берді.

– Ешкімде аспаннан аяқ-қолы салбырап түспейді. Әр адамда кемшілік  болады, бірақ сол кемшілікті орнымен өз уақытында түзете білу керек. Менде де кемшіліктер көп болды. Ұйқыны қатты жақсы көремін, кейде ұйықтап қалатынмын. Тамағымды уақытында дайындап үлгермей, жылап алатынмын. Бірақ жылағанымды білдірмеуге тырысамын. Сиыр сауа алмадым, нан ашыту білмедім. Осындай бір басыма жетерлік қателігім болды. Бірақ ата-енем, жұбайым маған түсіністікпен қарады. Бағыма орай қайын жұртым өте жақсы адамдар болып шықты. Жұбайым мені әлі күнге еркелетеді. Осының өзі бақыт емес пе? – дейді  әнші.

  Біз әншімен сөйлескен бір-екі сағаттың ішінде ол кісінің ақкөңіл, ақжарқын, кез келген адаммен тіл табыса кететін ашық адам екендігін байқадық. Ең бастысы, өз кемшілігін мойындай білетін ерекше қасиеті қатты ұнады. Өйткені бұл қасиет көп адамда кездесе бермейді. Әңгіме арасында әнші ас пен палау, қуырылған балықты дәмді дайындайтынын айтып қалды. Ал құймақты қанша тырысқанымен, мүлдем пісіре алмапты. Біле білген адамға кемшілігін мойындаудың өзі ерлікпен пара-пар. Риясыз көңілмен бар ойын жасырмай айтқан кейіпкеріміздің арманы да ешкімге ұқсамайды.

– Қазір менің екі арманым бар. Біріншісі, театрда рөлде  ойнағым келеді. Әрине, оңай емес екенін түсінемін. Бірақ, қолымнан келетініне сенемін. Екіншісі, парашютпен биіктен секіргім келеді. Одан бөлек, туған елім – Атырауда концертімді берсем деймін,  – дейді әнші.

  Айтпақшы, бір кездері «Өскесін әнші болам, әнші болмасам доғдыр болам, доғдыр бола алмасам милится боламын» дейтін кейіпкеріміздің өзі әнші болса, жұбайы милиция, келіні дәрігер болып жолығыпты. «Бала кезімде армандаған мамандардың бәрі үйде бар, Аллаға мың да бір шүкір!» – дейді ол. Бар арманы орындалып келе жатқан кейіпкеріміздің ендігі ойға алған істерінің оңынан болуына біз де тілекшіміз.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика