Мұрағат: 10.04.2018


ҚАЙДА БАРЫП ОҢАДЫ? садақада карта ойнаған бұл қазақ…

Күні: , 183 рет оқылды

Жанайқай!

«Мұндай көргенсіздікті көргенше көзім шықсын» дейтін қазағым бүгінде жүгенсіз кеткен сорақылыққа да, шектен шыққан дарақылыққа да  әбден көзі үйреніп болған секілді. Жанға жара, санаға салмақ салар келеңсіздіктерді күнделікті көрген сайын ұяттан өлер боласың, дәрменсіздігіңе күйініп, бейшара күйге түсесің.

Айтпасқа амалың, жазбасқа шараң қалмайды. Қоғамды дендеген жүгенсіздікті бүгін ауыздықтамасақ, ертең кеш боларын айтпай-ақ түсінесің. Оны бәріміз де білеміз, біле тұра «бұл тек маған ғана керек пе?» деп басымызды шекпеніміздің ішіне тығамыз. Азаматтан ар кетіп, ақ жаулықтан абырой кетер күннің аз-ақ алдында жүрсек те, «көппен көрген ұлы той» деп бейқамдық танытудамыз. Бізге дейін бұл тақырып сан рет жазылып, мың рет айтылды да. Бірақ соның нәтижесі қане? Жазғанды кімдер оқып,  сабақ алды, айтқанды кімдер тыңдап,  ақылға тоқыды? Баяғы жартас сол жартас, жол көрсеткенді жөн демейміз, білмейтінімізді білсем демейміз. Сонда біз қайда бара жатырмыз, қандай қоғам құрудамыз. Әлқисса. Ойымызды сабақтап, санамызды толғантқан мәселелерге көшейік. «Тірінің ажалдан құтылары жоқ, өлгеннің ол жақтан оралғаны жоқ» деп тереңнен ой қозғайтын дана халқымыз бұл дүниенің бағамын әлдеқашан бағамдап, орын-орнына қойып қойған.

Бақи мен жалғанның, жақсы мен жаманның, адамгершілік пен арсыздықтың аражігін айырып, өз ұрпағына осының бәрін өсиет қылып кеткен. Осындай кемеңгер, дана халқымыздан туылған ұрпақтардың бүгінгі тірлігіне қынжыла қарап, іштей күйінесің. Жол көрсеткеннің соңына ермей, жүгенсіздікке бой алдырған ағайынды қалай түсінуге болады. Ата сақалы аузына түскен ақсақалдарымыздың артынан ерген ел-жұртына ақыл айты, өнеге болып отырудың орнына, садақаларда ақша салып,  карта (құмар ойын) ойнап отырулары қалай?!  Бұл бойға сіңген жаман әдет пе, әлде жақынын жоғалтып, қара жамылып отырған ағайындарды сыйламаушылық па? Адам деген садақа беріп жатқан үйге артының қайырын тілеп, садақаның қабыл болуын Алладан көп болып тілеу үшін келмейтінбе еді?

Туған күйеу баласының «жетісінде» жетпістен асқан қайын атасының ақша салып,  карта ойнағанын кім көрген? Қайтқан баласының «жылын» бере отырып, үй толы қонақтармен қосылып, карта ойнап отырған ата-ананы қалай түсінуге болады? Бүгінде садақаға қатысып, аруаққа дұға бағыштап отырған молданың ескертпесіне құлақ асып, Алла жолындағы амалдарды тыңдауға асыққан жамағатты көрмейсіз. Керісінше, ақша толы әмиандарын қолына ұстап, оңаша бөлмеге тығылуға асыққан құмар ойнаушыларды жиі байқайсыз. Бұл бүгінде жаппай үрдіске айналып бара жатқан жаман індет. Қарқылдай күліп, ұтқан-ұтылғанын айтып, даурыққан жұртқа жанындағы басқа адамдардың қандай күйде отырғандары тіпті қызық та емес. Сонда бұлар садақаға нендей мақсатпен келіп отыр? Тоя тамақ ішіп, көптен көріспегендері әңгіме-дүкен құрып, карта ойнағандары ақша ұту үшін келген бе? Мұның садақаға қандай қатысы бар? Бүйтіп берілген садақа қалайша қабыл болмақ?

Шала той жасап, садақа беру дәстүрімізді аяққа таптатқанша, оның орнына марқұм рухына бағыштап аят оқытып, жетім-жесір, жарлы-жақыбайларға неге садақа таратпасқа. Қазір қарап отырсам, кешегі өзім қатысқан марқұмның «жылын» беру садақасына 70-ке жуық адам қатысыпты. Садақа өткізілетін орын мен азық-түлікке жұмсалған жалпы қаражатты есептесеңіз, 200 мың теңгенің үстінде қаражат жұмсалыпты. Осы қомақты қаржыны 10-15 мың теңгеден бөліп, мұқтаж жандарға таратып берсе, бұл садақаның сауабы мың есе артқан болар еді.

 Ізгілік пен жамандықты біз қалайша айыра алмаудамыз. Қамшының сабындай қысқа ғұмырда Алланың ақ жолымен жүріп, иман жинаудын орнына, ақша салып, карта ойнап жүрген ақсақалды аталарымыз бен ақ жаулықты аналарымызға айтарымыз, бұларыңыз өте ұятты іс. Ағайынның садақасына келдіңіз бе, пендешілігіңізді тыйып, айналасы 2-3 сағаттық шарада сабыр сақтаңыздар. Ертеңгі күні сіздің де шаңырағыңызға қаралы күн жеткенде, төріңізде карта ойнап, қарық-қарық күліп отырған жұртты қалар ма едіңіз?!  Жоқ. Қаламайсыз. Ендеше, сіз де басқалардың қайғы-мұңын түсініп, жылы сөзіңізбен жұбатыңыз, қамқор ісіңізбен қайғыны жеңілдетуге тырысыңыз. Бұл — иман жолы және сауапты іс.

Мұрат    Жұмағали,

Теректі ауданы


Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасында бизнес-ассоциацияларды аккредитациялау басталды

Күні: , 574 рет оқылды

Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасы (Кәсіпкерлер палатасы) Ұлттық палаты төрағасының 13.05.2016 жылғы №11 шешімімен бекітілген Ұлттық палата жүйесінде ассоциацияларды (одақтарды) аккредитациялау Ережелерімен және біліктілік талаптарымен сәйкес БҚО палатада ассоциация (одақ) формасында жеке кәсіпкерлер мен (немесе) заңды тұлғалардың бірлестігіне аккредитациялау жүргізу басталғаны хабарлайды.

         Кәсіпкерлер палатасында аккредитациялау мыналар тұрғысынан жүзеге асырылады:

         а) аймақтық салааралық, аймақтық салалық ассоциацялары (одақтар), сондай-ақ шағын, орта және (немесе) ірі кәсіпкерлік аймақтық ассоциациялары (одақтары);

         б) облыстық және облыстық маңызы бар қалалар ассоциациялары (одақтары);

         в) аудандық, аудандық маңызы бар қалалар ассоциациялары (одақтар).

         Құжаттарды қабылдау мерзімі – 2018 ж. 1 сәуір ден 30 сәуірге дейін   жүргізіледі.

         Аккредитациядан өту үшін құжаттар пакеті қағаз тасымалында және (немесе) электронды формада жіберіледі.

         Ережемен қарастырылған құжаттар пакетін ассоциация (одақ) мына мекенжай бойынша Палата дирекциясына береді:

         Пошталық мекенжай: ҚР, индекс: 090006, Орал қаласы, Т.Масин көшесі, 67, 2 қабат, 5 бөлме, e-mail: uralsk@palata.kz , тел.: 8(7112) 24-28-96.

         Ұлттық палатада аккредитация алу үшін Палата дирекциясына ұсынылатын құжаттар тізімі:

         1) сенімхатсыз оның мүддесін ұстануға өкілетті ассоциация (одақ) жетекшісі немесе сенімхат бойынша өкілі (сенімхат көшірмесімен бірге) қол қойған, осы Ережеге 1 қосымшамен белгіленген форма бойынша өтініш;

         2) ассоциация (одақ) қызметі туралы есеп және белгіленген біліктілік талаптарына ассоциацияның (одақтың) сәйкестігін растайтын құжаттар;

         3) ассоциация (одақ) мүшелерінің тізімі;

         4) аты-жөні және атқаратын лауазымын көрсетумен ассоциацияның (одақ) штаттық қызметкерлерінің тізімі.

         Біліктілік талаптары және аккредитациядан өту процедурасы Ережелермен бекітілген.

         Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасында аккредитациядан өтуге Ереженің толық мәтіні мен өтініш формасын www.palata.kz сайтында «Кәсіпкерлердің ұлттық палатасы құжаттары» қосымшасынан қарауға болады.


Жұмыр-Қылыш батыр туралы деректі бұрмаламайық!

Күні: , 195 рет оқылды

Қазталов ауданының тұрғыны, журналист С.Жұмағалиевтің «Жайық Пресс» сайтында  29.03.2018 жылы  жарияланған   БҚО-дағы «Шағала аралы» мақаласындағы «Жұмыр-Қылыш» туралы қойылған сауалына жауап

   ҚР Президенті Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Біз халқымыздың, аса бай тарихын, сол тарихымызда өшпес із қалдырған батыр бабаларымыздың өмір жолдарын оқып білуге әрі борыштымыз, әрі міндеттіміз» деген болатын.  Жасұрпақтың  шынайы патриоттық сезімін арттыру, өлкеміздің тарихын келешек ұрпаққа жеткізу мақсатымен құт қонған қасиетті Қаратөбе өңірінде өмір сүрген Жұмыр-Қылыш батыр туралы сөз етпекпін. Соңғы кезде танымал тарихшылар мен белгілі өлкетанушылар  және мемлекет және қоғам қайраткері (этика сақтап аты-жөндерін жазбауды жөн санадым) Жұмыр мен Қылыш батырлардың  шыққан жерлері мен тектері туралы еш шындыққа жанаспайтын, тарихи деректерге сәйкес келмейтін қисынсыз мақалалар жазып, дәйексіз ойларын айтып жүр. Атыраулық өлкетанушы Жұмыр батыр Атырау өңірінде өмір сүріп, сол жақта жерленген,  руы — Адай деп жазса, енді біреуі оның руы — Алаша деп келтіріп, бейіті Казталов ауданының  Тереңкөл ауылдық округіне қарасты Нұрсай ауылында дейді. Тіпті  ол  жерге  «Жұмыр-Қылыш»  жерленген деп белгі  қойыпты. «Алтын Орда» газетіне шыққан  «Жұмыр, Қылыш деген кім?» атты мақаласында автор аңшылық кәсіппен айналысқан жездесінің сөзіне ғана сүйене Жұмыр батыр туралы былай жазады: «… Түлкіні атып жаралап, енді жаяу қуалай бергенде, ол жақын жердегі молаға қарай қашады. Молаға жақындаған түлкіні  тағы бір рет атады. Түлкі ақсаңдап барып бейіттің бас жағына құлайды. Батып бара жатқан күн сәулесіне екі көзі шағылысып от болып жанып тұрады. Қолындағы мылтығы жерге түсіп кетеді. Сол жерде жездем бұл Жұмыр атаның моласы екенін біледі…» Қайдан, қалайша білгені, қандай тарихи деректемеге сүйенгені туралы еш мәлімет келтірілмейді. Бұл айтып отырғаны Атырау аумағы. Қазақ шежірелерін ақтара отырып, Адай және Алаша руы ішінен Жұмыр атауын іздеп таба алмадым. Ал, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты «Батырлардың әскери айласы» мақаласында: «Жұмыр батыр жауға шапқанда  қылышты сілтеуі басқалардан мүлде өзгеше болған  және мойынан қылыш түспеген, тіпті төсекке  жатқанда да қылышын асынып  жатады екен. Осындай қасиеттері үшін  Жұмырдың атына қылыш атауы тіркелген» деп өз болжамын жазған.  Ғылыми негіздерге, мұрағат құжаттарына және  тарихи деректерге еш сүйенбестен, аңдар барып тығылған  молаларды, «ана батырдікі, мына хандікі» деп,  жаза берсек және шежіреге сүйенбей «лауазымым жоғары, қалтам қалың» деп, белгілі адамдарды өз руына қарай бұрып, тегін өзгерте салсақ, онда тарих пен шежірені бұрмалап, оқырманды алдап және болашақ ұрпақты қатты адастырамыз, ата-баба аруақтарын қорлаймыз. Саяси сауатты, тарихи дәлелді  мәлімет беру – оқырмандар мен жасұрпақтың саяси-қоғамдық  санасын дұрыс қалыптастырады, өз тарихына деген сүйіспеншілігін арттырады.                           Жұмыр және Қылыш батырдың шыққан тектері Махамбеттанушы — жазушылар Б.Аманшиннің, И.Кенжалиевтің, Н.Әбуталиевтің, Ә.Әлімжанов,Ә.Сарайдың «Махамбет батыр» туралы туралы еңбектері мен  зерттеулерін, сонымен қатар  «КСРО оқу ағарту ісінің  үздігі» белгісін таққан тарих пәнінің озат ұстазы Тұрсынғали Қатауовтың және  Жұмыр батырдың  тікелей ұрпағы болып келетін  Мақсот Хайдаровтың  әкесінен жазып қалдырған жазбасын, сондай-ақ, ескі құлпытастардағы жазуларын тұжырымдай отырып Жұмыр және  Қылыш батырдың шыққан тектерін айтып өтейін. Қаратөбе аудандық  тарихи-өлкетану мұражайдың директоры  Н.Меңдешов әкем Т.Қатауов пен М.Қайдаровтың  Жұмыр-Қылыш  туралы өз қолымен жазып қалдырған жазбалары музейде  сақтаулы екенін айтып, көшірмесін жібергенді.  Мақсот ағаның әкесі — Қайдар ақсақал Жұмыр батырдың тікелей шөбересі болып келеді.  1911 жылы дүниеге келіп, 1982 ж. қайтыс болған қария Ұлы Отан соғысына қатысқан, шежіреші болған. Кіші жүздің он екі ата Байұлының Байбақты руынан тараған  атақты Шолан батырдан: Түкіш, Дат, Байторы және Есенбай тарайды. Бұл жерде Дат —  би, шешен, әйгілі  батыр Сырымның (шын аты — Сырлыбай) әкесі. Шоланның төрт баласының нағашылары Алаша руынан екен.  Ақын нағашысы жиендеріне  арнап: «Жайқалған қызғалдақтай Түкіш пен Дат. Байторы болған екен мінезі жат. Дүниеде еш нәрсенің парқын түсінбес, Апарып Есенбайды базарға сат», — деп әзіл өлеңін шығарыпты. Патша заманында сұлтандар мен старшындардың әділетсіздіктерін, халыққа жасап отырған озбырлықтарын тура айтып, тік мінезімен жақпаған Байторыдан:  Көшербай, Жайлау,  Жазық, Саттық, Қонысбай және Жаңабайбақты өрбиді. Жұмыр батыр  Байторы атаның  Жайлау бөлімінен тараған.  Жұмырдан тараған ұрпақтары Мақсот аға қайтыс болса,  кенже ұлы  Хасан Қайдаров Қаратөбе ауданында тұрады. Жұмыр батыр — олардың жеті атасына (төртінші аталары) кіреді.  Жеті атасы былай тарайды.  Әкелері Қайдар, аталары — Ерлепес — Шырман — Жұмыр — Жайлау — Байторы. Ал Қылыш батыр  Байбақты руының Саттық  бөлімінен тараған.                                                        Жұмыр — Қылыш батырдың мазарлары Жұмыр мен Қылыш батырдың мазарлары Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданы Қалдығайты ауылдық округіне қарасты Төлен елді мекенінен (Байторы руынан шыққан бидің есімімен аталатын Төлен ауылы — Байторы руының байырғы жері) 15 км жерде орналасқан. Белгілі жазушы, махамбеттанушы, «Махамбеттің тағдыры» романының авторы Берқайыр Аманшин (Алаша руының Кенжеғара бөлімі) әкемнің замандасы, әрі жерлесі болып келеді.  Кеңес тұсында Б.Аманшин өз туған жеріне келгенде, әкемді осы екі үлкен мазарға ертіп апарып, өзінің ғылыми пайымдауынша бұл бейіттер  Махамбет батырдың үзеңгілес адал достары, сенімді серігі, төресін айтар би болған  Жұмыр және Қылыш батырдікі екенін және  екеуі екі адам екенін  айтады.  Мұны  Қайдар қария  және Төлен ауылының көнекөз ақсақалы, шежіреші Әбу Оразбаев  Жұмыр мен Қылыш батырдың зираты екенін нақтылаған. Бұл мазарлар айналасында ешқандай құлпытастар  немесе өзге де белгілерді қалмапты.  Алайда,  осы мазарға жақын жердегі ескі қауымдарда ескіше арабшамен жазылған 3 метрлік үлкен құлпытастарды кездестіруге болады. Ондағы жазуларды суретке түсіріп Орал қаласына әкеліп, белгілі дінтанушыға оқыттым. Құлпытаста: «Байбақты руы, Шолан тайпасы, Байторы бөлімі, Жайлау аймағы Жұмыр батыр немересі Кенжебек қажы 58 жасында опат болды» деген жазу бар екенін айтып берді. Ескі тарихи құлпытастағы жазылған жазуларға, Б.Аманшиннің айтып кеткен сөзіне және әкем мен  М.Қайдаровтың қалдырған жазбаларына сүйене отырып,  Жұмыр батырдың тегі Адай және Алаша руынан емес екенін және бейіті Атырау  өңірінде немесе Казталов ауданында  еместігін сенімді түрде айта аламын.  

Түйін.

Тарих — жеке дара ғылым саласы. Оның да өзіндік ұстанымдары, талаптары мен зерттеу әдістері мен теориялары бар. Кім де кім тарихи мәселені жазғысы келсе тарих ғылымының талаптарын орындаулары парыз.  Автор өзі зерттеп қозғаған мәселені бұрмаламай, адал жазуы (добросовестность автора) еңбектің «ғылыми аппараты» болуы, яғни әр мәлімет кімнен, қайдан алынғанын көрсете жазуы тиіс. Тарихшылар мен өлкетанушылар Жұмыр-Қылыш батыр туралы мақалаларын  сылдыр сөзбен жаза салса, мемлекет және қоғам қайраткері ешбір тарихи деректемеге, шежіреге сүйенбестен белгіні қоя салған.  «Өткен тарихыңды білмей, болашаққа көз жүгірту мүмкін емес» демекші, тарихымыз бен шежіремізді бұрмаламай, деректемелерге сүйеніп жазайық.  

                                                                       Талғат Қатауов, өлкетанушы


«БҚО ТЖД – адамдардың қауіпсіздігі үшін»

Күні: , 554 рет оқылды

????????????????????????????????????

5 сәуір күні Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастамасымен М. Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде өрт орын алған жағдайдағы білім беру мекемесінің дайындығын тексеру мақсатында теориялық және практикалық түрдегі оқу-жаттығуы өткізілді. Аталған іс-шараға БҚО ТЖД Өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының, БҚО ТЖД Азаматтық қорғаныс бөлімінің, ҚР ІІМ ТЖК-нің БҚО бойынша «Апаттар медициналық орталығы» ММФ, БҚО ТЖД «ӨС және АҚЖҚ» ММ қызметкерлері және жоғары оқу орнының ұстаздары мен студенттері қатыстырылды.

Оқу-жаттығу М. Өтемісұлы атындағы БҚМУ бас корпусында және географилық факультет ғимаратында өткізілді.

Оқу-жаттығудың алдында БҚО ТЖД ӨҚСБ және ПҚБ ӨМБТ бас маманы, азаматтық қорғау аға лейтенанты Мирас Алекешев аудиториядағы студенттердің назарына өрттердің негізгі себептері және өрт орын алған кездегі іс-әрекет жайлы айтып өтті.

— Кез келген тұрғын үй немесе ғимараттарда өрт орын алған жағдайда оның ауқымы таралып кетпес үшін жанып жатқан бөлменің есігін нығыз жабуды ұмытпаңыздар. Түтін басқа бөлмелерге таралып кетпес үшін есіктің саңылауларын дымқыл шүберекпен бітеңіздер. Түтін ауқымы қалың таралған жағдайда жер бауырлап қозғалу қажет деді, — өз сөзінде М. Алекешев.

Сонымен қатар, Мирас Нұрмұханбетұлы өрт орын алған жағдайда өрттерді тез сөндіруге ықпал ететін өрт сөндіргіштерді қолданудың жалпы ережелерін түсіндірді.   Мысалы, ең алдымен жұмысқа арналған құрылғыны дайындап – содан кейін пломбаны суырып алып, тартқышын жұлу қажет. Өрт сөндіргіштің тұтқасын басқанда ол іске қосылады, өрт сөндіруші адамға от тимес үшін жел соғып тұрған жағынан сөндірген жөн. Осылайша орналасу, өртсөндіргіштің құрамындағы зиянды заттардың ағзаға тарамауына көмектеседі.

— Ағыншаны алаудың өзіне емес, негізгі жанып жатқан жазықтыққа бағыттау керек. Бұл ереже жанулар қуыс-тесіктерде орын алған жағдайға қолдануға келмейді – бұл жағдайда ағыншаны жоғарыдан төменге бағыттаған дұрыс. Тік жазықтықтағы жануды төменнен жоғарыға қарай сөндіру керек. Егер бірнеше өрт сөндіргіш болса, онда бәрін бірден қолданған жөн. Бұл үшін жақын маңдағы адамдарды тарту керек. Сөндіріп болғаннан соң алаудың түгелдей сөнгеніне және басқа жанулардың жоқтығына көз жеткізіңіз. Өрт сөндіргіш құрылғыларды пайдаланғаннан кейін бірден қайта қуаттау керек, — деді М.Алекешев.

Сонымен қатар, оқу-жаттығу барысында БҚО ТЖД Азаматтық қорғаныс бөлімінің офицері Райымбек Тумангалиев противогазды дұрыс пайдалану ережесін түсіндірді. Содан соң, противогазды (газтұтқышты) уақытқа кию бойынша студенттер арасында шағын жарыс өткізілді. Айта кететін жайт, противогазды (газтұтқышты) уақытқа кию нормасының «өте жақсысы» — 7 секунд, «жақсысы» — 8 секунд және «қанағаттанарлығы» — 9 секунд.

Өз кезегінде Апаттар медициналық орталығының өкілі тұрмыстық жарақаттар мен алғашқы медициналық көмек көрсету тәсілдерін, сонымен қатар тәжірибе түрінде аяқ және қол сынғандағы, басқа да жарақаттарға алғашқы медициналық көмек көрсету тәсілдерін көрсетті. Сонымен бірге, жүрекке тікелей массаж жасау дағдылары және оқу тренажер-манекеніне жүрек өкпе реанимациясы  жасалып көрсетілді.

Кейін теориядан соң тәжірибе жүзіндегі іс-әрекетке көшті. Оқу-жаттығудың сценариі бойынша ғимараттың 1-қабатында орналасқан киім ілетін жерде өрт орын алды. «Назар аударыз Өрт» дабылы бойынша ғимараттағы барлық қатысушылар эвакуациялық шығу жолдары арқылы көшіріліп, қауіпсіз жерге шығарылды. Барлығы көшкеннен кейін, өрт сөндірушілер іске кірісіп, аз ғана уақыт ішінде өртті тежеп, содан соң өртті толық ауыздықтады.

Оқу-жаттығуға барлығы 1200-ден астам адам қатысты. Ағымдағы ай ішінде басқа да жоғары оқу орындары мен мектептерде аталған іс-шараларды өткізу жоспарлануда.

БҚО ТЖДӨҚСБ және ПҚБ

ХО және АТ бас маманы

азаматтық қорғау лейтенанты

Амиржан Кадыров

 

ҚР ІІМ ТЖК

Көкшетау техникалық институтының

КОФ 4-курс курсанты

азаматтық қорғау сержанты

Еламан Кенжеғали


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика