Мұрағат: 09.04.2018


Дені саудың жаны сау

Күні: , 130 рет оқылды

Дүниежүзілік денсаулық күні аясында «Сау болу – сәнді!» атты ауқымды шара сенбі күні Орал қаласындағы «Атриум» сауда үйінің алаңында өтті. Оған медицина саласының қызметкерлері қатысты.

Аталмыш шара барысында флеш­­мобтар көрсетіліп, әннен шашу шашылды. Спорттық гим­нас­тикамен айналысушы өрендер жиналған жұртшылықтың алдында өз өнерлерін көрсетіп, қоше­метіне бөленді. – Шара барысында халыққа ме­дициналық тегін көмек көр­се­ту бағытындағы қалашықтар жұ­мыс жасады. Қан қысымын және көз қысымын өлшеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ тұрғындарға дә­рігерлік тегін кеңестер берілді. «Атриум» сауда үйінің ішінде адам­ға алғашқы медициналық кө­мек қалай көрсетілетіндігі жө­нін­де шеберлік сыныбы өткі­зілді, – дейді облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орта­лығының ма­маны Венера Мер­ғалиева. «Орал» спорт клубының ұйым­дастыруымен ұлттық спорт түр­лерінен, яғни арқан тартыс, асық ату және ләңгі тебу сияқты ойындар шараның көркін қыздыра түсті. Әсіресе, арқан тартыс ке­зін­де ақтық сынға шыққан №3 ем­ха­на ұжымы, облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орта­лы­ғының мамандары мен Орал медициналық колледжі студент­те­рі арасындағы бәсеке қызықты болды. Білектің күші сыналатын сайыста медициналық колледж студенттері бірінші орынды же­ңіп алды. Шарада қоғамдық жұ­мыс­тарға белсене араласып жүрген медицина саласының қыз­меткерлері алғысхатпен марапат­талды.

Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ, «Орал өңірі»


Бақалыкөлдің балығын молайтпақ

Күні: , 97 рет оқылды

Тасқала ауданында кәсіпкер Ақан Көшәлиев «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында екі жобаны іске асыруға кірісті.

Тасқала ауданындағы Мерей ауылының іргесінде шағын Бақалыкөл бар. Оның аты айтып тұрғандай, бір кездері «бақасы қойдай шулаған» көрікті көл болатын. Балығы да көп еді. Соңғы жылдары «тайдай тулаған» балығы азайып, «қойдай шулаған» бақасының үні сап тыйылғандай болды. Өзінің ғана емес, туған жерінің де өсіп-өркендеуін ойлайтын жасқа жеткен кәсіпкер Ақан Көшәлиевті осы көлдің тағдыры қатты алаңдатты. Ойлана келе ол көлдің дәуренін қайта қалпына келтіруге бел байлады.

Мерей ауылы Тасқала ауданының орталығынан 28 шақырым жерде. Ақанның кіндік қаны тамған жер Аманкелді ауылы болса да, Мерей ауылына 1980 жылы көшіп келіп, отбасымен тіршіліктің түтінін түтетіп жүр. Бұл өзі – жері егін өсіруге шұрайлы, жайылымы мал жаюға құйқалы мекен. Жаздыгүні жылыстай ағатын бұлақтардың мөлдір суына күн сәулесі түсіп, жылт-жылт етіп, айнала ерекше нұрланып кетеді. Ақан Темірғалиұлы осы ауылға келген соң шаруа қожалығын ашты. Жайқалтып егін егумен ғана айналыспай, төрт түлік өсіріп, мал шаруашылығын да қатар алып жүр. 2002 жылдан бері өсірген малы жыл санап көбейіп келеді. Қазір оның қыстағында 200-дей қой-ешкі, 50-дей ірі қара, 200-ге тарта жылқы бағылуда.

Соңғы жылдары кәсіпкер жылқы шаруашылығын дамытуды қолға алды. Өткен жылы ол Ақтөбе облысынан зейнеткер ағасы Нариман Мусиннің көмегімен Мұғалжар тұқымды жылқысын әкелді. Бұрын қазақы жылқы өсірді. Ал 2008 жылы Ресейдің Ростов қаласынан орыс-тың ауыр жүк тартатын асыл тұқымды айғырын әкеп үйірге салды және орыс жылқысын бордақылаумен айналысты. Алайда Ақан Темірғалиұлын Мұғалжар жылқысының етінің сапасы қызықтырды. Сөйтіп ол қоғамдағы рухани жаңғыру лебімен қазақ жылқысын өсіруге бет бұрды.

– Атам қазақ жылқыны төрт түлік малдың төресі деп бекерге санамайды. Шөпті таңдап жеп, судың тұнығын ішеді. Мұғалжар жылқысының еті нәрлі, тірсектен бастап май келеді, жабағыларының өзі 140-150 келі тартады, қазысы жоқ дегенде екі елідей болады. Негізі мұндай асыл тұқымды жылқы қазақтың кәдімгі жабы жылқысы мен көшім жылқысын будандасуынан туған. Мұғалжар жылқысы ірі, төзімді, небір қытымыр қыста аяқтай жайылады әрі тебінге болдыра қоймайды.

Етті бағыттағы мұндай жылқы малының басы артығын соғымға береміз, – деді Ақан Темірғалиұлы.

Кәсіпкердің иелігінде 1,5 мың гектардай жері бар, оның бір мың гектары жайылымдық жер. Жер телімі аздау болған соң, несиеге иек арта қоймайды. Шаруа адамы төрт ауылдасын жұмыспен қамтып отыр. Маусымдық жұмыстар кезінде жұмыс жасайтын адамдарды қаладан да алдырады. Ауылдан комбайншы, тракторшы мамандығы бар тұрғындарды уақытша жұмысқа тартады.

Ақан Темірғалиұлы жылқы малының өсімтал екенін, оған көп шөп дайындап әуре болмайтынын, тек аяқты малды бағудың қиындығын айтады. Әдетте жылқының сырын білетін қазақ «Жылқыны жылқыдай адам бағады» немесе «Жылқыны жылқының тұяғынан қатты адам бағады» деп текке айтпаса керек. «Біз жылқышыларға мұқтажбыз. Ауылда жылқы бағатын адам жоқ. Басқа жақтан жылқы бағам дейтін адамды отбасымен қабылдар едік. Аулада бөлек үй-жай бар. Алдағы уақытта бие байлап, сауу жоспарда бар. Ауылды қымызбен қамтысам деймін», – деді алдағы жоспарымен бөліскен кәсіпкер.

Қожалық құс шаруашылығымен де айналысады. Қолдағы 200-дей тауықтың жұмыртқасын Оралға, Тасқалаға апарып өткізеді. Өткен жылы Ақан Көшәлиев «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ БҚФ арқылы 3 млн. теңге несие алып, құс өсіруді бастады. Зайыбы Фиагүл Төлепқалиқызы «Гүлден» жеке кәсіпкерлігін құрып, құс өсірумен өзі шұғылдана бастады. Мектептегі мұғалімдік жұмысын тастап, жұбайының көмегімен кәсіпкерлікке ден қойды.

Ауыл іргесіндегі Бақалыкөлдің суы әбден ластанған, түбі тайызданып, жазғытұрым сасыған иісі жүректі айнытады. Суының тереңдігі тізеден аспайтын көлге жаны ашыған Ақан Темірғалиұлы 2017 жылы күзде көл түбіне тазарту жұмыстарын жүргізді. «Биыл күн жылына көлдің жағалауын қазып, суды жайылмаға шығарамыз. Содан кейін арнасын тазалаймыз. Көлдің нақ орта тұсын тазалауға экскаваторды емес, сырып итеретін «Комацу», яғни бульдозер техникасын пайдаланбақпыз. Содан кейін көктемгі ағын сумен көлдің арнасы жаңадан толығады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша туған жерге осылайша тағзым етіп, өскен өңірімді көркейтуге үлес қосудамын», – деді кәсіпкер.

Айтып отырса, Ақан Темірғалиұлы 2017 жылдың егін орағынан түскен пайдасынан 2 миллион теңге қаржыны көлді қайта қалпына келтіру жұмыстарына салды. Биыл оған қоса 5 миллион теңге салуды жоспарлап отыр. «Жеті – қазақта киелі сан. Сондықтан Бақалыкөлдің дәуренін қалпына келтіруге 7 миллион салуды ұйғардым. Көлді қалпына келтірген соң, балық жіберу жағын да ойластырудамыз. Ресейден шабақ әкелуге келісім жасалды. Бұйыртса, маусым айының басында тұқы балығын жібереміз», – деді мерейлік кәсіпкер.

Ауылдың жігіттері Ақанның бастауымен қыста да көлдегі мұзды ойып, ондағы балық қырылмас үшін ауа жіберу жұмыстарын ұйымдастырды. Көлде тұқы, табан балықтар өседі. Тек соңғы жылдары көлдің экологиясы нашарлап, балық азайған. Тасқала аудандық «Рухани жаңғыру» бойынша кеңсесінің бағдарлама әкімгері Меңдібек Лұқпановтың айтуынша, «Бақалыкөлді қалпына келтіру» жобасы – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылып жатқан жобалардың бірі. Жалпы бұл бағдарлама аясында ауданда өткен жылы жеті жобаны, биыл 14 жобаны іске асыру қарастырылған.

Сондай-ақ Ақан жеке кәсіпкер Амангелді Ахмекеевпен бірге Мерей ауылындағы мектеп оқушыларына футбол алаңы құрылысын салуды бастаған. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған бұл жобаны биыл Ұлы Жеңіс күніне аяқтау жоспарланған. Стадионға қойылатын көрермен орындықтарын жасатуға Оралдағы зауыттардың біріне 2,5 млн. теңгеге тапсырыс берілді. Футбол алаңына опока төселіп, тығыздалып, геодезистер көмегімен тегістелді. Өткен жылы алаңға көгал (газон) егілді, биыл көктеп шығады. Оған су бүріккіштер, шөпті тегістеп қиятын құрылғы сатып алынды. Бұл жобаның құны 6 миллион теңге тұрады.

– Мен атақ алайын немесе байлықтан асып-тасып жүргенім жоқ. «Туған жерге туың тік» демекші, ауылды көркейту – перзенттік парызым, – деді ағынан жарыла сөйлеген Ақан Көшәлиев. Ол бұдан бұрын да Бақалыкөл жағасына ауылдың жігіттері болып екі мың түп тал екті. Қазақ хандығының 550 жылдығының құрметіне егіс алқабының жиегіне, үй жанына барлығы 550 түп тал отырғызғаны да көптің ауызында жүр. Ауыл-аймақты көркейту, абаттандыру бағытында жоспар-жобасы баршылық. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген. Ол өзінің ісімен тек өзінің үш қызы мен ұлына ғана емес, осы өңірдің барлық жасына өнеге болып жүр. Ауылды көркейтемін дейтін қазақтың осындай нарқасқа жігіттері аман жүрсе, туған жеріміз түлеп, гүлдене беретіні кәміл.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»


Жұмысшы мамандықтар арасындағы чемпионат

Күні: , 74 рет оқылды

Оралда облыстық білім беру басқармасының ұйымдастыруымен жұмысшы мамандықтарды насихаттауды мақсат еткен «WorldSkills Kazakhstan» өңірлік чемпионаты өтті.

Жұмысшы мамандықтарды дәріптеуді, кәсіби даярлық пен біліктілік стандарттары мен беделін көтеруді көздейтін бұл байқау 2015 жылдан бері өтіп келеді. Биылғы чемпионатқа облысымыздағы техникалық, кәсіптік бағытта білім беретін 38 колледждің арасынан 26 білім ошағы қатысты. Чемпионаттың өткен жылғыдан ерекшелігі биыл құзыреттіліктер саны артып, студенттер сандық бағдарламамен басқару станогындағы токарьлық жұмыстар, дәнекерлеу технологиялары, электр монтаждау, кірпішті қалау, құрғақ құрылыс пен сылақ жұмыстары сынды 14  мамандық бойынша сынға түсті.

– Елбасы халыққа Жолдауында кәсіби-техникалық мамандықтарды тегін оқыту жөнінде айтқан болатын. Мұның өзі еліміздегі жұмысшы мамандықтарға деген сұраныстың күрт өсуімен тығыз байланысты. Сондықтан да жастар бұл байқауда таңдаған мамандықтары бойынша біліктіліктерін шыңдайды. Өздері ұнатқан кәсіптің қыр-сырын меңгереді, – деді  өңірлік чемпионаттың жабылу салтанатына қатысқан ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нариман Төреғалиев.

Салтанатты жиында өздері оқып жатқан мамандықтары бойынша практикалық сынақтардан сүрінбей өткен студенттер Аэлита Аманқосова, Роман Самигуллин (Сервис және жаңа технологиялар колледжі), Евгений Славиогло (Ақсай техникалық колледжі), Айдар Орынбай (Шыңғырлау колледжі), Темірлан Орынов, Асланбек Мырзағалиев (Батыс Қазақстан индустриалды техникалық колледжі), Ернар Ысмағұлов, Ернар Биғалиев және Бақтияр Қаженов (Орал политехникалық колледжі), Алексей Фралов, Вадим Богданов (Орал ақпараттық технологиялар колледжі), Юрий Гапонов, Сержан Құспанов және Альфия Намазова (Орал «Сервис» технологиялар колледжі) алтын медальға ие болып, сыйлыққа смартфондар алды. Олар енді республикалық бай-қауға қатысатын болады.

Ясипа  РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»


Ерлігі есте мәңгілік

Күні: , 63 рет оқылды

А. Островский атындағы орыс драма театрында Ұлы Отан соғысының ардагері, жерлесіміз Иван Погодаевтың туғанына 90 жыл толуына орай еске алу кеші өтті.

Зеленов ауданының тумасы Иван Погодаев небары 16 жасында майданға шақырту алған. Ол Саратов облысы, Энгельс қаласындағы әскери теңіз училищесін аяқтап, Балтық теңізіне аттандырылған. 1943 жылы кезекті ұрыс кезінде майдандағы жолдастарымен бірге тұтқынға түсіп, бес сағаттан соң құтқарылған. Соғыс біткен соң, Кенигсберг қаласындағы шайқаста көрсеткен ерлігі үшін аға лейтенант Погодаев төсбелгімен марапатталған. Алайда тұтқында болғаны үшін барлық атақ, марапаттары кері алынып, он жылға абақтыға қамалған. Туған ауылы Балаганға 1953 жылы ғана оралады. Кейін Саратов институтынан механизатор-электрик мамандығы бойынша білім алып шығады. Новосибирск қаласында қызмет атқарып жүрген Иван Погодаев Байқоңыр ғарыш айлағына зымыран қондырғыларды орнату бөлімінің басшысы қызметіне ауысады. 1962 жылы күзде КСРО мен АҚШ арасында Кубаға байланысты «Кариб дағдарысы» деп аталған жанжал туындағаны белгілі. Кеңес үкіметі қазан айында Куба жерінде ядролық зымырандарды орналастырғысы келген. «Кариб дағдарысына» қатысты КСРО тарапынан құрылған топтың құрамында тек жоғары санатты мамандар ғана қызмет етті, олардың арасында Иван Погодаев та бар. Жалпы, ол зымыран қондырғыларды орнатуда өте жауапты істер атқарған. Кейінгі өмірінде зайыбы Галина Игановамен 38 жыл бақытты ғұмыр кешкен. Еске алу кешінде Галина Иганова марқұм жұбайы туралы естеліктерімен бөлісіп, көзіне жас алды.

– Иван өте салмақты, байыпты азамат болды. Әр істі бастамас бұрын ақылға салып, ойланатын. «Кариб дағдарысы» кезіндегі жауапты қызметі барысында шашы ағарып кетті. Оның аузынан соғыс туралы адам айтса сенгісіз әңгімелер еститінмін. Мұндай жантүршігерлік оқиғалар ешбір елде болмаса екен. Әлемде бейбіт өмір орнасын, – дейді Галина Васильевна.

Шара барысында Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі «Адай» күйін орындады. Содан кейін ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері Мұрат Әмірханов қалалық орыс халық аспаптары оркестрінің сүйемелдеуімен «Только раз бывает в жизни встреча» әнін әуелетті. Кеште Қанатқали Қожақов, Ақсұлу Жұмалиева, Жұмағаным Рахымова сықылды өзге де танымал әншілердің орындауында лирикалық әндер шырқалды. Сондай-ақ  «Назерке», «Ақжайық» халықтық би ансамбльдерінің өнері сахнаға көрік берді. Ал батырдың зайыбы Галина Иганова «Синий платочек», «Случайность» әндерін орындады.

Кеш соңында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Вячеслав Иночкин Ұлы Отан соғысы ардагерінің өшпес ерлігі туралы айтып, жылы лебізімен бөлісті.

Айым  ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал  өңірі»


Бөгенді мердігер қалпына келтіреді

Күні: , 54 рет оқылды

Зеленов  ауданы  орталығы Переметный  ауылы  тұсындағы  бөгенді  қатты  еріген  қар  суы бұзып  кетті.

БҚО әкімінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, бөген өткен жылы күзде салынған болатын. Оны кепілдемелік міндеттемелеріне сәйкес мердігер мекеме өз қаражатына қалпына келтіреді.

Сонымен қатар облыс әкімі Алтай Көлгінов жобалаушы мекемелерді жауапқа тарту жөнінде тапсырма берді.

Айта кететін жайт, бөген бұзылғанымен, ауданға қажетті жиналған су қоры сақталады.

«Су бөгенді жексенбі күні бұзып кетті. Қазіргі кезде құрылысты қалпына келтіру бағытында шаралар алынуда. Жалпы, мұнда 700-800 мың текше метр су қорын сақтауға болады», – деді Зеленов ауданының  әкімі  Асхат  Шахаров.

Елжан  ЕРАЛЫ


Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы ассамблеясының Қоғамдық келісім кеңесінің барлық деңгейдегі Кеңестерге арналған ҮНДЕУІ

Күні: , 61 рет оқылды

Біз, облыстық Қоғамдық келісім кеңес мүшелері, облысымыздағы елді мекендерді абаттандыру мақсатында, барлық деңгейдегі Қоғамдық келісім кеңестерін 2018 жылдың 21 сәуір күні облыстың елді мекендерін көгалдандыру жұмыстарын өткізу үшін белсенді  түрде сенбілікке  қатысуға  шақырамыз.

Бүгінгі  күні тұрғын  үй, кеңсе, бизнес нысандары аумағындағы тәртіпті сақтау арқылы «Туған жер» жобасын жүзеге асыруға үлес қосу әрбір қазақстандықтың міндеті  болып  табылады.

Біздің ойымызша, осындай акциялар қаламызды немесе туған ауылымызды одан әрі жақсартып, әдемі және экологиялық таза болуына өз септігін тигізеді. Біздің табиғатқа  деген ұстанымымыз бен көзқарасымыз өскелең ұрпаққа жарқын үлгі болуына, туған өлкеге деген құрмет пен борыштық сезімін  қалыптастыруға  үлес қосары кәміл.

Егер әрбір азамат, әсіресе,  соның ішінде жастар, елді мекендерді, ауыл аймақтарды абаттандыруға және ағаштарды отырғызуға қатысса, әрбір ауыл, аудан, қала, сонымен бірге еліміз көркейе түсетіні  сөзсіз.

Біз жапырақты ағаш түрлерін таңдауды  ұсынамыз. Өйткені осы ағаш түрлері біздің табиғи жағдайларымызда жақсы өсіп, қарапайым  сұлулығымен  де  әдемі  көрінбек.


Зауыттың екінші тынысы

Күні: , 69 рет оқылды

Өткен  сенбіде  облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов  Теректі  ауданында  жаңғыртудан  кейін  іске  қосылған  «Теректі  май  комбинаты» ЖШС-ында  болып,  өсімдік  майын  өндіретін  кәсіпорынның  тыныс-тіршілігімен  танысты.

Айта кету керек, Пойма ауылында күнбағыс майын өндіретін кәсіпорынның іргетасы алғаш 2009 жылы қаланған болатын. Аталған кәсіпорынды оның бұрынғы иелері әбден тұралатып, титықтатып тынғаны белгілі. 2014 жылы жаңа инвестор табылып, кәсіпорынның миллиардтаған қарызын өтеу және өндірісті техникалық жаңғырту жұмыстары қолға алына бастаған еді. Зауытқа екінші тыныс сыйлаған инвестор «БелесАгро» компаниялар тобының жетекшісі  Мұрат Жәкібаевтың айтуынша, жобаның жалпы құны 2 млрд. 300 млн. теңге, ал жаңғырту жұмыстарына 1 млрд. 200 млн. теңге қаржы жұмсалған.

– Жаңадан орнатылған еуропалық құрал-жабдықтар мен заманауи технология өндіріс көлемін екі есеге арттыруға мүмкіндік береді. Бұрын жылына 20 мың тонна шикізат өндірілсе, қазір 45 мың тоннаны құрайды. Зауытта бұрын майлы дақылдардан тек 30 пайыз ғана май алынатын. Жаңа  желілер 44 пайызға дейін май алуға мүмкіндік береді. Бұрынғы төрт өндірістік цех желісі жаңа төрт цехпен толықты. Оның ішінде шикізатты дайындайтын, дәнді сығымдап тазартатын, экстракциялайтын заманауи желілер бар. Дәнінен ажыратылған күнбағыс қабығын жағып, одан бу өндіреміз. Яғни, майлы дақылдан май  алу барысында газ немесе көмір отыны  қолданылмайды. Қазір алып бу қазандығы қуатының тек отыз пайызын ғана қолданып отырмыз. Болашақта бу қорын жылыжай шаруашылығы мен құрама жем дайындауда  пайдалануға болады, – дейді  Мұрат  Орынбайұлы.

Облыс әкімі зауыттың жаңадан іске қосылған өндірістік цехтарында болып, майды тығыздау, тазарту  және құю желілерінің жұмысымен танысты. Кәсіпорын басшысымен, технолог мамандармен, жұмысшылармен пікірлесіп, мамандарды дайындау, қызметкерлердің біліктілігін арттыру, жалақының уақтылы төленуі және шикізат алуда жергілікті тауар өндірушілерге басымдық беру мәселелерін талқылады.

– Зауытты өз көзімізбен көріп, таныстық. Мемлекеттің қамқорлығымен екі жыл бойы қыруар жұмыстар атқарылды. Жаңа технологиялар тартылып, көп қаражат құйылды. Жаңа жұмыс орындарын ашу, өзімізге қажет өнімді шығару, оған қоса экспортқа  жөнелту кезек күттірмейтін маңызды мәселелер. Алдағы уақытта кәсіпорын жүйелі жұмыс жасайды деген сеніміміз мол. Біздің шаруа қожалықтарымыз еккен өнімінің бәрін осы жерге алып келеді. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін, – деді зауыт ұжымымен кездескен Алтай  Сейдірұлы.

Қазіргі таңда зауытта 105 адам тұрақты жұмыспен қамтылған, басым бөлігі Теректі ауданының Ақсуат, Пойма ауылдарының тұрғындары.

– Зауытта 2009 жылдан бері жұмыс жасаймын. Қосымша цехтар салынып, өндіріс көлемі артуда. Өнімге сұраныс бар, тапсырыс көптеп түсіп жатыр. 60 мың теңге жалақы аламын. Жұмысым өзіме ұнайды, – дейді осында қаптаушы болып жұмыс жасайтын Айкүміс Оразақова.

– Бұрынғы  жылдары шикізаттан қиындықтар болған. Былтыр жергілікті тауар өндірушілерден 13 мың тонна күнбағыс дақылын алдық. Қазір шикізат қоры жеткілікті. Кәсіпорынның басты артықшылығы – қуат үнемдегіш бу қазандығы, еуропалық сапа, кеңейтілген ассортимент, сонымен қатар сығылған күнбағыстың қалдық өнімі күнжараны ерітіп, түгелдей майға айналдыру арқасында қалдықсыз өндіріске қол жеткіздік, – дейді «Теректі май комбинаты» ЖШС басқарушы директоры  Қасым  Ысқақов.

Зауытта өсімдік майының «Белес» күнбағыс майы деп аталатын екі түрі, яғни тазартылған, иіссіздендірілген, мұздатылған, сонымен қатар  рафинадталмаған түрлері шығарылады. Алынған өнім Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Атырау облыстарының сауда орындарына көтерме бағамен бір литрі 260-265 теңгеге сатылуда. Жуырда «Белес» күнбағыс майының алғашқы 50 тоннасы Өзбекстан Республикасына жөнелтілген.

«Теректі май комбинаты» ЖШС-ның бас технологы Ақылбек Сармалаевтың айтуынша, алынған өнім сапасы халықаралық талаптарға толық сәйкес келеді. Салқындатып тығыздау технологиясы зауытта күнбағысқа  қоса рапс, зығыр, мақсары, соя, қыша сияқты майлы дақылдарды өңдеуге және маргарин өнімдерін дайындауға мүмкіндік береді.

Динара   ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал   өңірі»


Жасампаз істер алға жетелейді

Күні: , 55 рет оқылды

Елбасының  «Болашаққа  бағдар:  рухани  жаңғыру»  мақаласы –  кемел  келешегіміздің кепілі. Қазақ  елі  кең  тыныспен  қабылдаған бұл  бағдарлама  бөрліліктерге  де  үлкен  серпіліс  берді.  Ауданда  тың  бастамалар  қолға  алынып,  жобалардың  мақсат-міндеттері айқындалды.

Жалпы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы Бөрлі ауданында да үлкен серпіліс әкелді. Азат елдің ертеңі үшін жарияланған мақала көпшіліктің қолдауын тапты.  Расында, сөзден іске көшетін уақыт туды. Елім, жерім деген азаматтардың қатары көбейіп, жасампаз істер қолға алынды. Мәселен, рухани керуен жобасы ауылдарды аралап, тұрғындарға тегін құқықтық көмек беріп, олардың мұң-мұқтажын тыңдады. Сонымен қатар кездесулерде латын қарпіне көшу, теріс діни ағымнан сақтану мәселесі кеңінен талқыланды. Ұлттық мәдениетімізді дамыту мен туған өлке тарихын танып-білудің маңыздылығы айтылды. Қазіргі ғаламтор билеген заманда жастарымызды, өскелең ұрпақты елін-жерін сүйетін, өз мәдениеті мен әдебиетімен мақтанып, тарихын ұлықтайтын отаншыл етіп тәрбиелеуіміз қажет, – дейді аудан әкімі Алдияр Халелов.

Мектеп бағдарламасына домбыра үйірмесін енгізу мәселесін қолға алу үшін аудан мектептерін домбырамен қамтамасыз ету бойынша кәсіпкерлер тартылуда.

Бастамаға қолдау көрсеткен кәсіпкер Нұрсұлтан Дарханов аудандық балалар саз мектебіне 50 домбыра сыйға тартты. «Туған жер» жобасы аясында рухани жаңғыруға үлес қосу, өткен күнді бүгінге ұлықтап сабақтастыру, аудан тарихының сырына қанығу мақсатында белсенді жастардың ұйымдастыруымен «Туған жерге тағзым» атты штабы құрылған болатын. Штаб мүшелерінің атқарған жұмысы орасан зор. Өйткені жастар танымал тарихшы, өлкетанушы азаматтармен ақылдасып, аудан тарихында қалатын тың дүние жасақтады. Соның ішінде  Успен ауылынан Айшуақ хан ұрпағы Асфендияр сұлтан туралы мәлімет жинақталды.  Аталмыш штабтың  жұмыс қорытындысы бойынша «Туған жер – тірегім» атты жастар форумы ұйымдастырылып, «Аманат» деректі бейнефильмі түсіріліп, әлеуметтік желілерде таратылды. Жастар республика көлемінде киелі жерлерге  саяхат ұйымдастыруды қолға алды. Оқушылардың туған ел тарихына құрметпен қарауын, отансүйгіштік сезімдерін нығайту мақсатында  Ақсай қаласындағы №6 орта мектептің 27 оқушысы мен 3 педагогы «Ұлы дала елінің орта ғасырлық шаһары – Түркістанға саяхат» атты жеті күндік өлкетану зерттеу экспедициясына шықты. Наурыз айындағы демалыста ауданның 129 оқушысы 18 мұғаліммен Түркістан жеріне барып, киелі жерлерді аралап келді. Жастардың бұл ісі жалғасын табары сөзсіз. Ауданда «Жаһандық заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында Орынбор облысымен мәдени қарым-қатынас орнатты. Өткен жылы желтоқсанда ауданның көркемөнерпаздар ұжымдары Елек ауданында өнер көрсеткен болатын. Биыл сәуір айында Орынбор қаласында «Ақжайық елі – мәдениет маржаны» атты мәдениет апталығын өткізу жоспарланған. «Экологиялық проблемаларды зерттеу және альтернативті энергия көздерін пайдалану» ғылыми жобалар байқауы мен «Болашаққа бағдар алған туған жерім» аймақтық конференция  өткізу жоспарланып тұр.

Бағдарламалық мақаладағы «Атамекен» шағын бағдарламасы да Бөрлі ауданына тың серпін берді. Осы бағдарлама шеңберінде меценаттардың бірқатар жобасы жүзеге асырылды. Мәселен, жеке кәсіпкер Қайрат Қапашев аудандық орталық ауруханасындағы «Қайырлы үміт» оңалту орталығына құны 1,5 млн. теңге болатын сегіз жаңа үлгідегі  вертикализатор, яғни тірек-қимыл жүйесін түзейтін құрылғыны тарту еткен еді. Бұл аппараттар балалардың қимыл қозғалысын оңалтып, қан айналым жүйесін жақсаруына сеп болмақ. Ал Ақсай шаһарында «Азия Глобал Сервис» ЖШС-ның және белсенді тұрғындардың қолдауымен салынған балаларға арналған спорт және ойын алаңында бүгінде  балақайлардың шат күлкісі үнемі естіледі. «Жомарт жүрек» базалық жобасы аясында ұйымдастырылған қайырымдылық аукционында мүмкіндігі шектеулі балалардың қолөнер бұйымдары сатылымға шығарылған болатын. Аукционнан түскен 1 млн. теңгеден аса қаражат сегіз мүмкіндігі шектеулі баланың емделуіне жұмсалды. Ауызбірлігі жарасқан ағайынды Омаровтар Ақсай мешітінің ауласына асхана салып беріп, көпшіліктің ризашылығына бөленгенін айта кеткен жөн. Кезінде Бөрлі ауылындағы мектепті көп жыл басқарған Абзал Оқасовтың әулеті мектепке екі проектор мен мультимедиялық тақта, мұражайға қажетті алты сөре мен музыкалық аппарат тарту етті. Тың жобаларды қолға алып, қайырымдылық істерімен көпке үлгі болып, жүрген тағы бір бөрлілік кәсіпкер Виталий Ан «Жомарт жүрек» жобасы аясында шаһардағы елу жылдық тарихы бар №2 орта мектеп ұжымына интерактивті тақта сыйлады. Құны 420 мың  теңге болатын құрылғы инклюзивті оқыту сыныптарына берілді. Бұл саналы ұрпақ тәрбиелеп, сапалы білім беру үрдісіне қажетті қолдау болары сөзсіз. Бөрлілік жомарт жандардың игі істері туған жерге деген шынайы құрметтің айқын дәлелі. Ауданда алдағы күндерде де бизнес-құрылым өкілдерін, ҮЕҰ және еріктілерді туған жерін дамытуға қатыстыру, ынталандыру және құлшынысын арттыру мақсатында «Жомарт жүрек» шарасын өткізу жоспарланған. Ауданда «Әлеуметтік бастамалар картасы» жобасы бойынша биыл жалпы құны 302 476 мың теңге болатын 10 жоба ұсынылып отыр. Олардың дені аудан орталығында іске аспақшы. Жыл өткен сайын Ақсай қаласындағы орталық алаң, көшелер мен саябақтар жаңарып, жаңа кейіпке еніп келеді. Сәні мен салтанаты келіскен тұрғын үйлер бой көтеруде. Оңды өзгерістерге жергілікті кәсіпкерлердің қосқан үлесі зор екенін айта кеткен жөн. Мәселен, кәсіпкерлердің көмегімен 280 млн. теңгеге «Наурыз» саябағы ерекше мекенге айналады. Бұл бизнес өкілдерінің әлеуметтік жауапкершілігінің бір көрінісі іспетті. Алдағы уақытта Александров ауылы аумағындағы алма бағын қайта қалпына келтіру, Бумакөл ауылында шағын саябақ орналастыру, Бөрлі ауылындағы Жеңіс саябағын абаттандыру, суармалы плантациялар салу және жайластыру сынды тағы да басқа жарқын жобалар  іске  асатын  болады.

Еліміздегі оң өзгерістердің бірі әліпбиіміздің латын қарпіне көшіру болып табылады. Уақыт талабына сай латын әліпбиіне көшу арқылы біз ең алдымен мемлекетіміздің ілгері дамуына жол ашамыз.

Туған тіліміздің бүгінгі ахуалын реттеп, кірме, аударма сөздерден құтыламыз. Тіл тазалығы реттеліп, жат дыбысты таңбалайтын әріптер қысқарады. Ана тіліміздің табиғи таза қалпын сақтап қалуға зор ықпал ететін бұл әліпби бізге ақпарат кеңістігіне қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Ауданда маңызды да мәнді латын әліпбиіне көшу мәселесі бойынша зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен әр түрлі  форматтағы шаралар өтуде.

Бағдарламадағы «100 жаңа есім» жобасы да қалың жұртшылық тарапынан кең қолдау тапты. Еліміздің әрбір өңірінен үздік жүздікке кіретін тұлғалар іріктеліп шықты. Ауданда осы жобада жеңімпаз атанған 100 есімнің қатарына енген жерлестеріміз Ақсерік Әйтімов пен Саида Калықова және Елена Шушлебинамен кездесу ұйымдастыру жоспарланып  отыр.

Айым  НҰРҒАЛИЕВА,

Бөрлі  ауданы


94-тің ызғарлы көктемі

Күні: , 153 рет оқылды

Отбасымыз үшін көп қиындық әкелген 1994 жылдың сол бір көктемі ылғи есіме оралады. Әсіресе, жыл сайын көктемде, қар еріп, су таситын кезде мазаң күй кешіп, дегбірім кетеді. Міне, сәуір айы да күшіне еніп келеді. Онда да осындай сәуірдің кезі еді.

Сонымен, 1994 жылдың көктемі, 14 сәуір сағат таңғы бес. Ауылымыз қалың ұйқыдан ояна қоймаған. Біз де жанұямызбен ұйқыда едік. Еділден бастау алатын Сарыөзен мен Қараөзен арнасынан асып, мал су ішетін Қарасу  одан әрмен «жынданып» ұйқыдағы ауылға лап қойыпты. Үйіміздің табалдырығынан сарқырап, сарылдап  құйылған судың даусынан шошып ояндық.  Бұрын-соңды мұндайды көрмеген бізді қатты қорқыныш, үрей билеп, не істерімізді білмей қалдық.  Себебі, тасқын судан хабарсыз едік…

Ортамызда 80-дегі анамыз бар, оқу жасындағы үш баламыз бен жұбайым, алтауымыз жанталасып сыртқа ұмтылдық. Аяқтарымызға киген керзі, резеңкі етіктердің қонышынан асқан су ішіне құйылып жатты. Өзіміздің маңдай терімізбен бейнеттеніп жүріп салған төрт бөлмелі үйімізге осымен төрт қыстап шыққан едік. Жалпы, аумағы 75 шаршы метр, өзіміз үшін алтын сарайдай сол төрт бөлмелі үйіміздің іші ән сағатта қарғын суға толып, тізеден асып, қара санға  таялып бара жатты.  Жұбайымыз екеуміз жылдар бойы тірнектеп жинаған малымыз да баршылық еді. Жеті  бас жылқы, үш  бұзаулы сиыр, 20 шақты қойымыз  бәрі-бәрі судың ортасында қалды. Қарсы тұрған ескі үйіміздің төбесіне қолымызға тиген жеңіл мүліктерді шығара бастадық.  Ескі үйіміз деп отырғаным, Жайықтың алғашқы дәрігері Сұңғат Алиповтың қара шаңырағы еді. Атамыз 1886 жылы Қазталов ауданында дүниеге келіп, 1908 жылы Астрахан қаласындағы фельдшерлік мектеп-гимназиясын үздік бітірген. Кейін арнайы жолдамамен Алматы облысының Еңбекші қазақ ауданына қызметке жолданады. 1930-1942 жылдары Алматы қалалық денсаулық сақтау бөлімін басқарып, Алматы Наркомздравтағы жемісті еңбегімен үлкен беделге ие болған. Халық оны «Доктор Алипов» десе, туған бауырлары мен туысқандары «Айна   ата» деп құрметтепті.

Ал сол атамыздың соңындағы ұрпақтары – біздер қара шаңырағының  орны ортаймасын деп, ескі  үй жөндеуге келмейтін  болған  соң қасынан жаңа үй көтергенбіз.  Сол үйіміздің іші  бір апта бойы бір метр суда тұрды.  Айналғанда үйдің ішіндегі су жеген екі пеш, бөлмелерді бөлген қабырғалар  құлап, төрт қабырғасына  ғана ілініп қалған қайран баспанамыз қалқиып құлағалы тұрды. Анау екі пеш талай жыл жинаған жиһаздарымыздың үстіне құлап, барлығы да жарамсыз болып қалды.

Үйдегі  80-дегі анамыз  бен балаларды атқа отырғызып, әрең алып шықтық. Көмекке негізінен әскерилер жұмылдырылыпты. Орыстың, қазақтың өрімдей жас жігіттері солдаттар  келіп малымызды судан алып шығу үшін жанұшырып жатты. Ауылдың төбесінде аспанды тітіретіп тікұшақтар ұшып жүргенін көрдім.  Жұбайым Ербол екеуміз екі атқа жайдақ мініп, аз-маз кілем, паласымызды алдымызға өңгеріп алып, бір көшеде тұратын сол кездегі аудан әкімі Нәсіпқали Иманғалиевтің  ауласына апарып лақтырып жаттық (оның үйі биіктеу жерде және алды бөгеліп, су кірмеген болатын). Сол кезде біздің басымызға түскен жағдайдан газет, теледидар, радио арқылы оқып, көріп, естіп білген барлық тума-туыс,  дос-жарандар, сонау Ақжайық ауданындағы құдамыз, Ақтаудағы інілерім, Жалпақталдағы ағайындар қолынан келген көмектерін аямады. Азық-түлік  пен малға жем, ақшалай көмектерін беріп жатты. Сол кезде жалғыз маған емес, тасқыннан зардап шеккен барлық қазталовтықтарға облыс халқы қатты көмектесті ғой. Республикадан да қолұшын созғандар көп болды.  Барлығына «Жақсылықтарыңыз Алладан қайтсын, аман жүріңіздер! Бала-шағаларыңыздың қызықтарын көруге Алла жазсын!» деймін.

Отбасымызға уақытша мекендей тұруға аудан орталығындағы мектептен (директоры  Г. Табылдиева) бір класты соламайымен босатып берді.  Күнделікті азық-түлік, қант-шайымызды әкеліп, беріп жатты. Мектеп жасындағы үш баламды IV тоқсандарын аяқтап шықсын деп Жалпақтал ауылындағы мектепке орналастырдым.

Сонымен сонау 90-шы жылдарда үш мың сом  несие алып, өз күшімізбен салған төрт бөлмелі үйіміз, 30 шақты малымыз бәрі суда қалып, қатты жапа шектік.

Бүгінде содан бері 24 жыл өте шығыпты. «Алажағым кетсе де,  айтажағым кетпесін»  дейтін халықпыз ғой. Айтажағым да жоқ емес, сондықтан оны жасырмайын. Әкімдер қазіргі Жакупов көшесінен суға кеткен отбасыларға үй тұрғызып беріп жатты. Ал біздің жанұяға «үйлеріңіз жөндеуге келеді» деп  ешқандай баспана бермеді. Ең аяғы жөндеуге де көмектеспеді. Бір апта суда тұрған үйіміздің есік-терезелерін, еденді  алып тастап кептіріп, екі пешті қайта салып, төрт бөлмелі үйді май айынан қарашаға дейін ақ тер, көк тер болып  өзіміз жөндедік. Денсаулығымыз нашарлап, қара уайымнан шаршадық.

Қарашаңырағынан қапыда айырылып қалған адамдардың арасында қатты уайымнан талай жан бақилық болғанын да жасыруға болмайды.

Арада екі жыл өткенде,  денсаулығы сыр берген жұбайым небәрі 42 жасында өмірден озды. Не дейін мына өмірге? Тілсіз жау ма, әлде әуелден тағдыры солай жазылды ма?!

Жұбайым партия қатарында болған, Қапай, Құмкөл, Беспішен елді мекендерінде мал баққан, кейін электрмен қамту  жүйесінде жұмыс істеп,  еңбегімен ауыл ішінде сыйлы, ақкөңіл, қайырымды, өнерлі азамат еді. Мейрам кездерінде клубта өтетін концерттерде ешқандай микрофонсыз өзінің Құдай берген табиғи қоңыр даусымен «Менің Қазақстаным!», «Саржайлау» әндерін, ал тойға барса, «Алтайдың ар жағынан келген ару», «Балқадиша», «Маралдым», «Әдемі қыз», «Айнамкөз» және т. б. әндерін тамылжыта шырқайтын. Достары оны әзілдеп «Саржайлау» деп атайтын. Ол күндер енді қайтып оралмайды. Шіркін-ай!..

Қатал тағдыр мені қанша сынаққа алса да сынбадым. Бүгінде   бір әулеттің  көшін әрі қарай жалғап, үш баламды аяғына нық тұрғызған, өмірдің талай сынына төзе білген зейнеткер анамын. Азаматымнан ерте айырылдым, денсаулығымды жойып, мүгедек те атандым,  сонда да шыдап келемін.

Аталарымыз «Өмір – сынақ, адам – қонақ» деген сөзді бекер айтпаған. Өмірдің мәнін түсінетін де бар, түсінбейтін де бар. Алланың берген жасын жасап, «қамшының  сабындай» өлшеулі ғұмырдың қадірін біліп, мәнді өмір кешкен жөн демекпін жастарға.

Гүлниса  ӘБІЛХАЙЫР,

Қазталов  ауылының тұрғыны 


Үздік сардарлар ұлықталды

Күні: , 60 рет оқылды

   

Жуырда Орал қаласындағы №5517 әскери бөлімінің клубында «Батыс» өңірлік  қолбасшылығының  офицерлерін  ұлықтау  кеші  өтті.

Салтанатты шараға ҚР Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасары, генерал-майор Мұхаметқали Сатов, «Батыс» ӨҚ қолбасшысы, генерал-майор Әлібек Сералиев, 5517 әскери бөлім командирі, подполковник Мақсат Бөлтіріков, «Батыс» ӨҚ ардагерлер кеңесінің төрағасы, запастағы подполковник Бақытжан Бердиев, әскери қызметшілер, ардагерлер және сарбаздар қатысты.

Шарада әскери қызметшілер арасында жауынгерлік дайындықта және оқуда, үлгілі қызметімен оқ бойы озық көрінген «Батыс» ӨҚ жауынгерлік дайындық басқармасының дене даярлығы және спорт бөлімінің басшысы, майор Руслан Жақыпбеков, №5517 әскери бөлімінің кинология қызметінің басшысы, капитан Руслан Наженов және осы бөлімнің топ бөлімшесінің басшысы, капитан Нұртуған Сайлыбаев үздік деп танылып, оларға ерекше ілтипат көрсетілді. Отбасымен бірге сахна төріне көтерілген офицерлерге әріптестері де тілектерін айтып, естелік сыйлықтар  табыс  етті.

– Біздің әріптестеріміз өмірлік және қызметтік тәжірибелерімен нағыз майталман мамандар екендіктерін көрсетті. Антқа адал, өзгелерге үлгі болған олардың жауынгерлік қызметі мемлекет тарапынан лайықты бағаланды. Офицер – уақытпен санаспайтын адам.

Біз үшін ең басты байлық – Отанымыздың тыныштығы, балаларымыздың бейбіт өмір сүруі.

Офицер болу оңай емес. Ол басқаларға өзінің әскери қызметімен ғана емес, күнделікті өмірдегі тыныс-тіршілігімен де үлгі бола білуі керек. Біз әскери борышын өтеп жүрген сарбаздардың ата-анасымен аман-есен қауышуына тілекшіміз. Бірнеше уақыттан соң сол сарбаздар көшеден танып, «сіз менің командирім болған едіңіз» дейтін болса, бұл біз үшін құрмет, кеудемізге тағылған орден деп білемін. Генералдан бастап қатардағы сарбазға дейін өз Отанымыздың әскеріміз. Біз, Ұлттық ұлан, біртұтас әскери отбасымыз. Баршаңызға отбасылық береке-бірлік тілеймін, Отан үшін қызмет ету жолында жетістіктерге жете беріңіздер, – деді үздік офицерлерге ізгі тілегін арнаған генерал-майор Мұхаметқали Сатов. Сонымен қатар офицерлердің жұбайларына үлкен ризашылығын білдіріп, естелік сыйлықтар табыстады. Шара  барысында Руслан Жақыпбеков бірінші дәрежелі «Ұлттық ұлан қызметінің үздігі» және Руслан Наженов «Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде үздік шық-қаны үшін» төсбелгісімен, ал Нұртуған Сайлыбаев бағалы сыйлықпен  марапатталды.

Ұлттық ұланның үздігі атанған Руслан Жақыпбеков әскери өмірінде куә болған ерекше оқиғаны әлі ұмытпайды. Оқиға 2010 жылдың 22 маусымында орын алған еді. Дәл сол күні Ақтау қаласындағы қатаң режімдегі түзету мекемесінен атыс қаруымен қаруланған  сотталушылар топ болып қашып шыққан болатын.

– Мен 2004 жылы Петропавлдағы ҚР ІІМ Ішкі әскері әскери институтын аяқтаған соң, Ақтау қаласындағы  6656 әскер бөліміне жолдамамен келіп, взвод командирі болып тағайындалдым. Сол күні қарауыл бойынша кезекшілікке шыққан болатынмын. Қарауылдағы сарбаздардан құрылған іздестіру тобын басқарып, жауынгерлік ережеге сәйкес тапсырылған міндетті мүмкіндігінше орындадық. Бір сотталушының көзі жойылып, төртеуін оқшаулаған болатынбыз. 2014 жылдан бері «Батыс» өңірлік қолбасшылығында қызметтемін, – дейді «Батыс» ӨҚ жауынгерлік дайындық басқарма-сының дене даярлығы және спорт бөлімнің басшысы, майор Руслан Жақыпбеков. №6 бекетте тұрған қатардағы сарбаз Ербол Отарбаевтың батыл да шебер іс-қимылының арқасында олардың жолы кесілді.

Ақтаудағы осы оқиғаның желісімен «Алтыншы бекет» атты көркем фильм түсірілген болатын. Онда Ұлттық ұланның №6656 әскери бөлімінің жедел қызметінің сарбазы 19 жасар Ербол Отарбаевтың ерлігі көрсетіледі. Аталмыш фильм ағымдағы жылдың  15 наурызынан бері көрерменге жол  тартты.

Өзгелерге үлгі бола білген жауынгерлерге құрмет көрсеткен кеште облыстық Ғ. Құрманғалиев атындағы филармония әншілерімен қатар, 5517 әскери бөлімнің шығармашылық ұжымы да өнер көрсетті.

Ясипа  РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика